Яндекс.Метрика
Home » Materials » Түркі қағанаттарының этно-тарихи географиясы (VI ғасырдың ортасы – X ғасыр) бойынша негізгі деректер

Искакова Ғалия Зейділдаевна доктор PhD, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің аға оқытушысы, Байдаулетова Мадина Досбергенқызы доктор PhD, әл-Фараб

Түркі қағанаттарының этно-тарихи географиясы (VI ғасырдың ортасы – X ғасыр) бойынша негізгі деректер

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(09)

Tags: ethnicity., geography, historical, source, Turks, kaganats, география, историческая, источник, тюрки, каганаты, Азия, Центральная, слова:, Ключевые, этнос., тарихи, география, дерек, түркілер, қағанаттар, Азия, Орталық, Теги:, этнос., Key, words:, Central, Asia
Author:
Мақалада автор Түркі қағанаттарының этно-тарихи географиясын ашып көрсететін негізгі деректерге талдау жасайды. Түркі халықтарының, ортағасырлардағы тарихына бойлауда жазба және ауызша деректердің құндылығы ерекше. Автор түркі қағанаттарының тарихи географиясы жөніндегі деректерді жалпы алғанда хронологиялық ретпен түркі жазба (руналық) ескерткіштері, араб-парсы деректері, қытай жылнамалары, ауызша деректер сияқты топтарға бөліп қарастырған. Түркі халықтарының ауызша тарих айту дәстүрін жазба материалдармен салыстыру арқылы олардың тарихи проекцияларын ашуға көңіл аударылды.
Text:

Көшпелі мемлекеттер тарихы, соның ішінде Бірінші түрік қағанаты, Батыс Түрік қағанаты, Түргеш қағанаты және Қарлұқ қағанаттар тарихы көптеген деректерде көрініс тапқан. Ең алдымен бұл әр түрлі кезде Орта Азияға келген саяхатшылардың, саудагерлердің, елшілердің, миссионерлердің жазып қалдырған жазбалары. Демек, түркі қағанаттары туралы негізгі деректер түрік, қытай, грек, парсы және араб тілінде жазылған шығармалар еді. Бүгінде бұлардың басым көпшілігі ағылшын, орыс және қазақ тілдеріне аударылған.

Батыс Түрік қағанаты кезіндегі географиялық атаулар мен қоныстардың аттары Шығыс Түрік қағанаты билеушілері қалдырған жазбаларда жазып қалдырылған. Олар Күлтегін, Білге қаған, Тоныкөк т.б. бітік тастары. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының мәдени мұра бағдарламасы бойынша табылған бітіг жазбалары. Бітік арқылы бұйрық, жарлық шығару, үкім ету, мөр-таңба басу, елші жіберу, хат алмасу және т.б. мемелкеттік маңызды іс құжаттар жүргізіліп отырды. Жазу  Моңғолиядан бастап Алтай, Тува, Хакасия-Енисей, Абақан, Кем өзені, Бурятия – Байкөл, Лена, Саха, Шығыс Түркістан – Тұрпан ойпаты, Дунхуань Миран, одан Қазақстан – Ертіс, Талас, Іле, Сыр, Еділ, Жайық өзендері, Ферғана, одан әрі Солтүстік Кавказ, Шығыс Еуропаны қамтыды [1, б.6]. Бүкіл Еуразияны алып жатқан орасан зор аймақ екені белгілі. Түрік бітіктің көптеген ескерткіштері әлі күнге дейін қандай ғасырларға жататыны толық анықталмай келеді.

Орхон-Енисей-Талас ескерткіштері деп аталатын түрік бітіктің таралған аймағы кең. 2005 жылға дейін Орталық Азия көлемінде түрік бітікпен бәдізделіп таңбаланған 500-ден астам ірілі-кішілі бітіктас, ескерткіштер тіркеліп отыр. Олар қолданыстық таралым аймақтары бойынша Орхон, Енисей, Талас, Алтай, Байкөл-Саха, Шығыс Түркістан, Ферғана, Ертіс, Іле, Тараз, Солтүстік Кавказ, Еділ-Дон, Дунай ескерткіштері атанып ғалымдар тарапынан  қарастырылады [1, б.27].

Орхон Түркі ескерткіштерінде аса құнды географиялық деректер көрініс тапқан. Мәселен, Күлтегін (685-731 жж.) ескерткішінде отызға жуық топоним, оншақты ел, тайпа аты кездеседі. Осы топоноимдердің басым көпшілігі Білге қаған мен Тоныкөк ескерткіштерінде қайталанып келеді.  Түркі қағандары өз ескерткіштерінде мемлекеттік саясат мүдделеріне байланысты, қол астына қараған халықтардың орналасуы мен әскери жорық маршруттары сипатындағы мәліметті жазып қалдырды. Ескерткіште шығыс, батыс, солтүстік, оңтүстік жағында қоныстанған халықтар жөнінде, қалалар мен елді-мекендер және олардың тұрған орындары жөнінде көп көңіл бөлінді. Бұның барлығы соғдылар мен қытайларға өздерінің географиялық білімін кеңейтуге мүмкіндік туғызды. Ортағасырлық қытай географтары мен саяхатшылары  Орталық Азияның жер-аттары мен этнонимдерін тікелей түріктерден қабылдаған [2, б.257].

Түркі ескерткіштеріндегі топонимдердің көбі қазіргі зерттеушілерге түсініксіз болып отыр, түркі ескерткіштеріндегі топонимдердің сырын ашатын қосалқы кілт көне қытай жазбаларында жатыр.

Қытай мен Орталық Азия халықтары арасындағы қарым-қатынастар нығайған кезеңдерде көптеген қытай миссионерлер, елші дипломаттар, саудагерлер, басқалар Ұлы Жібек жолы арқылы Орталық Азияға саяхат жасаған. Сөйтіп олар өздері басып өткен аймақ туралы көргендерін қағазға түсіріп отырған. Бұл естеліктердің кейбірі қытай патшасына жіберілген мәліметтер ретінде қытайдың сарайлық тарихнамасына енгізіліп, белгілі «Ресми жиырма төрт патшалық тарихындағы» Орталық Азияға қатысты тараулардың негізін құраған болса, тағы біразы бейресми еңбектер ретінде жарық көрген болатын.

Бұл тарихи еңбектер саяхатшылардың өздері көрген немесе сол кездері хатқа түскен мәліметтер жинағы болғандықтан, Орталық Азия жері мен ондағы елдердің тарихы мен мәдениеті туралы қол жетпес құнды дерек көздері болып табылады.

Аталған тақырып аясында қарастырылған «Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелерінде («Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Шығыстану секциясы жоспарлаған бес томның біріншісі) Саяхатнамалар мен тарихи-географиялық еңбектерден таңдамалылар» атты I томында VII-VIII ғасырларда жазылған саяхатнама мен тарихи-географиялық еңбектерде сақталған деректер енгізілген. Яғни, біз қарастырып отырған тақырыпқа қатысты мынадай деректер қамтылған: Сюань Цзанның (VII ғ.) «Да Тан Сиюй цзи» («Ұлы Таң әулеті заманындағы Батыс өлке туралы жазбалар») атты саяхат естелігі; Ду Хуаньның (VII ғ.) «Ду Хуань Си син цзи» («Батысқа саяхат естеліктері») атты естелігі; Дзя Даньның (VIII  ғ.) «Цзя Дань  сы дао цзи» (Цзя Даньның төрт бағыттағы жол туралы естеліктері) атты тарихи-географиялық еңбегі.

Аталған деректердің ортағасырлардағы хатқа түскен саяхатнамаларында Жетісу мен Шу өңірі, Сырдарияның төменгі аңғарындағы кезінде гүлденген қалалар мен қалашықтар жөнінде  мәліметтер береді. Сонымен қатар, қарастырылып отырған уақыт аралығындағы түркі мемлекеттерімен көршілес орналасқан мемлекеттер мен этностар қатынастары сөз болады [3, б. 15-38].

 «Көне заманда Орта Азияны мекендеген халықтар туралы мәлімет» атты белгі еңбегінде И.Я. Бичурин қытай хроникасын жүйеледі. Оның 1850 жылы жарық көрген еңбегі Түркі қағанаттарының тайпаларының шекаралары, географиялық орналасуы туралы мәлімет береді. Бэйши жылнамасының 98, Вэйшу жылнамасының 103 бөлімі, Таншу жылнамасының 215а, 215б тараулары, Чжоушу жылнамасының 50-ші, Суйшу жылнамасының 84 тараулары жұмысты жазу барысында пайдалынған [4, c. 184-220, 278-301].

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігі Ш.Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты мен ҚХР Шинжияң Ұйғыр Автономиялы районы (ШҰАР) қоғамдық ғылымдар академиясының Тарих институтының қолдауымен «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» деректер жинағында 40-тан астам құжат қарастырылып отырған тақырыбына арналған. Олар: «Оңтүстік чинама» Оңтүстік чи әулетінің тарихын  (420-502 жж.) билік баян, ғұмырнама үлгісінде деректеп беретін жылнама. Авторы Шяу Зышян (489-537 жж.). Кітаптың бұрынғы аты – «Чиннама». Кейін Ли Бәйяудың «Солтүстік чинамасынан» ажырату үшін солай аталған болатын. Жалпы бума саны 60; «Ләңнама» Шяулар билігіндегі оңтүстік әулет Ляң әулетінің тарихын (502-557 жж.) билік баян, ғұмырнама үлгісінде деректеп беретін жылнама. Авторы Яу Сылян (557-637 жж.) жарлық бойынша әкесі Яу Чаның Сүй әулеті тұсында жазған көне нұсқасын өңдеп, жеті жылда (629-636 жж.) қазіргі нұсқасын жазып шықты (56 бума); «Чыннама» оңтүстік әулет Чын әулетінің  тарихын (557-589 жж.) билік баян, ғұмырнама түрінде жазылған жылнама. Аталған жылнама авторы Яу Сылян, әкесі жазып аяқтай алмаған Чыннаманың көне нұсқасын өңдеп, толықтырып (екі рет 622 ж., 629 ж.) 636 жылы аяқтады. Жалпы саны 36  бума;  «Уйнама» Табғаттар құрған солтүстік әулет – Солтүстік уй мен Шығыс уй әулеттерінің тарихын (386-550 жж.) билік баян, ғұмырнама үлгісінде баяндап беретін жылнама. Авторы Солтүстік чи әулеті тұсында өмір сүрген тарихшы Уй Шоу (506-572 жж.). Солтүстік Сұң әулеті тұсында 29-шы бумасы жоғалып кетіп, Лю Шу, Фән Зуюй «Солтүстік әулеттер тарихы» негізінде толықтырып, оның қазіргі нұсқасын дайындады. Жалпы 130 бума;  «Солтүстік чинама» Гаулар билігіндегі  солтүстік әулет чилықтардың тарихын (550-577 жж.) билік баян, ғұмырнама үлгісінде баяндап беретін жылнама. Жылнама авторы Ли Бәйяу (565-648 жж.) әкесі Ли Дылин жазған көне нұсқасы негізінде толықтырып, реттеп 636 жылы жазып бітірген. Жалпы 50 бума.  «Жоунама» – Юйуындар билігіндегі солтүстік әулеттер жоулықтардың тарихын (557-581 жж.) билік баян, ғұмырнама үлгісінде баяндайтын жылнама. Авторы Лиңху Дыфын (583-666 жж.); «Оңтүстік әулеттер тарихы» 420 жылы Лю Юй билік басына келгеннен бастап 589 жылы Чын әулеті жойылғанға дейінгі Сұң, Чи, Ляң, Чын сияқты оңтүстік әулеттердің тарихын билік баян, ғұмырнама үлгісінде баяндайтын жылнама. Аталған шығарма авторы Ли Яншоу өзінің әкесі Ли Дашы жазған Оңтүстік әулеттер тарихы негізінде Сұңнама, Чинама, Ляңнама, Чиннамаларды жинақтап, қазіргі нұсқасы дүниеге келді. Бума саны 80;  «Солтүстік әулеттер тарихы» 100 бумадан тұратын солтүстік әулеттер тарихындағы «Уйнама», «Солтүстік чинама», «Жоунамаларды» жинақтап құрастырылған билік баян, ғұмырнама үлгісіндегі жылнама. Авторы Ли Яншоу; «Сүйнама» 85 бумадан тұрады. Бұл жылнама Сүй әулеті тарихын (581-618 жж.) билік, баян, ғұмырнама үлгісінде деректейді.  «Көне Таңнама» авторлары Лю Шүй, Жаң Жауюан және басқалар Таң әулетінің 618 жылынан 907 жылына дейінгі тарихын  билік баян, ғұмырнама үлгісінде баяндайтын жылнама. Жалпы бума саны 200. Аталған жылнамалар Бірінші түрік қағанаты, Батыс түрік қағанаты, Түргеш қағанаты құрамындағы кейбір тайпалар территориясы көрсетілген. Сол сияқты әр қағанның кезіндегі шамамен шекараның шегі туралы мәлімет беріледі [5, б. 3-5].

Түрік қағанаты дәуірінің алғашқы кезеңінде түріктер иран тілдес соғдылармен, үнді-еуропа тілдес тохарлармен және қытайлармен қоян-қолтық араласып, өте тығыз этно-мәдени ықпалдастық жағдайда өмір сүрген. Түріктер өздерінің төл жазуын жасағанға дейін өз ортасында және халықаралық байланыстарда соғды тіл-жазуын пайдаланған. Біз сөз еткелі отырған қазіргі ҚХР жеріндегі көне түріктерге қатысты тарихи-мәдени жәдігерлер арасындағы түрік қағанының тас мүсіні, түріктердің алтын бұйымдары, соғдылық Аньцзиянның моласынан және түрік Юйхунның моласынан табылған жәдігерлер дәл сол орта ғасырлардағы «түрік-соғды және қытайлық мәдени синтез» үрдісінің жарқын айғақтары. Аталған материалдар Түркі қағанаттарының тарихи-географиясы мәселесін жан-жақты қарастыруға мүмкіндік беретіні сөзсіз.

Қазіргі ҚХР аумағында, соның ішінде Шинжияң, Ганьсу, солтүстік Қытай өлкелерінде, Ішкі Моңғолияда көне түркілердің тарихи-мәдени жәдігерлері өте көп сақталған. Олар – көне түркілердің тас мүсіндері, таңбалы тастары, ғұрыптық жерлеу ескерткіштері, қала-бекіністері, теңге-тиындары, бітік жазбалары т.б. [5, б.26].

Сонымен қатар, Орталық Азия мен Қазақстан территориясында өмір сүрген тайпалар туралы көптеген мәліметтер классикалық араб-парсы деректерінде де кездеседі. Мәселен, әл-Балазури (IX ғ.) мен ат-Табари еңбектері Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанда өмір сүрген халықтар туралы мәлімет береді. Тарихшы  әл-Балазуридің еңбегі «Мемлекеттерді жаулап алу кітабы» («Китаб футух әл-бұлдан») осы заманға қысқартылған көшірмелері ғана жеткен. Автор географиялық аймақтарға арналған шығармадағы әрбір тарауда хронологиялық жүйеге сүйенеді. Еңбектің соңғы тарауларының бірі арабтардың Хорасан  мен Мауереннахрға   жасаған шапқыншылығына арналған. Онда Тараз түбіндегі Атлах шайқасы туралы да баяндалған. Сондай-ақ бұл еңбекте түргештердің арабтарға қарсы күресі сияқты  маңызды деректер бар [6, с. 30].

Әл-Джахиз  «Түркілердің қадір-қасиеті» («Манакиб әл-атрак») еңбегінде Араб халифатына   қатысты 915 жылға дейінгі мәліметтер молынан қамтылған. Сол сияқты Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстан туралы деректер бере отырып, түркі тайпаларының ислам   дінінің енуіне, арабтардың жаулап алуына қарсы күресіне, халық көтерілістеріне, соғдылардың Жетісуға қоныс аударуына, Жетісу түркілерінің этнографиясы және олардың қалалары жайындағы мәліметтерге жан-жақты тоқталады [6, с. 56].

Әл-Джахиз «Рисала ила-л Фатх ибн Хакан фи манакиб джунд әл-халифа ва-фада ил ал-атрак» («Халиф әскерінің мақтауға тұрарлық ерекшелігі мен түркілердің жағымды қылықтары туралы әл-Фатх ибн Хаканға мәлімдеме») шығармасын халиф әл-Мутасим кезінде жазылған болатын. Әл-Джахиздің еңбегі өзара байланысты үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде түркілерді араб қолбасшыларының қолдап, әскерге алуын сынға алады. Екінші бөлімінде әскердегі әртүрлілікті, ал үшінші бөлімде түріктерді хорасандықтармен салыстырады.

Әл-Джахиздің шығармасында түркілердің заңдарына баса көңіл бөліп, олардың жеткілікті түрде дамығандығы туралы ақпарат береді. Түркі қағанатында «төре» деген атпен белгілі болған заңның кең қолданыста болғаны атап өтіледі [7, с. 13-14].

Сол сияқты IX ғасырда пайда болған географиялық шығармалардың бірі «Жолдар мен мемлекеттер кітабы» («Китаб әл-масалик вал-мамлик» әкімшілік-географиялық анықтамалық. Авторы  Ибн Хордадбех сауда жолдары, түрлі мекен-жайлар арасындағы қашықтықты, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісуда Жібек жолы бойындағы қалалар мен елді мекендерді сипаттады. Бұл еңбек халифаттың пошта қызметінің мұрағатына негізделген. Ғалымдардың пайымдауынша аталған деректегі мәліметтер шамамен VIII ғасырға жатқызылады. Сонымен қатар, мазмұны жағынан Ибн Хордадбектің еңбегіне жақын болып келетін тарихшы-географ әл-Якубидің шығармасы «Мемлекеттер кітабы» («Китаб әл булдан»). Аталған шығарма авторы барынша нақты ақпарат беруге тырысқан. Мұнда оғыздар, қарлұқтар, қимақтар т.б. мемлекеттігі туралы құнды мәліметтер қалдырған.

Араб халифатының солтүстікте, солтүстік-шығыста территориясының кеңеюі дала көшпелілерімен шекаралас аймақта тоқтап қалды. Араб халифатының әскерінде әскерге машықтанған түркілердің пайда болуы туралы мәліметтер хадистерде кездесе бастады. Аталған факт араб зиялыларының түркілерге деген қызығушылығын туғызды. Сондықта да арабтардың жазбаларында Ұлы дала түкілері туралы мәлімет көптеп кездесе бастады.

Араб саяхатшысы Салам ат-Таржуманның ІХ  ғасырда жазған еңбегінде түркі ортағасырлық түркі тайпаларының орналасуы туралы ақпарат алуымызға болады. Салам ат-Таржуман Кавказ арқылы, хазарлардың жерін басып өтіп, Қазақстанның территориясын батыстан шығысқа қарай басып өтті. Қайтар жолында Шығыс Түркістан, Жетісу, Оңтүстік Қазақстан, Хорасан және Ирак территориялары арқылы өткен болатын.

Салам ат-Таржуман әл-Харабтан шығып түркілердің азғыш тайпа ханының ордасына келіп тоқтады. Ғылыми еңбектер бойынша азғыш тайпасы Алтай таулары мен Балқаш көлі аралығында қоныстанды. Осы азғыш тайпасы ханының ордасының жанында Салам ат-Таржуман іздеп келген «темір қорған» орналасты деп сипаттайды. Арабтардың «темір қорған» дегені Алтай таулары болуы мүмкін деген көзқарас бар, алайда көпшілік ғалымдардың пікірінше Салам ат-Таржуман Қытайдың Ұлы қорғанына барған көрінеді. Себебі, қайтар жолы Шығыс Түркістан арқылы Ұлы Жібек жолымен Барсхан, Тараз, Исфиджаб, Самарқанд, Бұқара, Термаз, Нишапур, Самарраға қарай жүрді [7, с. 10].

Араб географиялық әдебиетінің жаңа кезеңі мұсылман аймақтарының Арабиядан бастап Мәуереннахрға дейінгі территорияны қамтитын шығармалардың пайда болуымен байланысты еді. Соның ішінде түпнұсқа туындылардың айнымас элементі географиялық карталар болды. Осындай классикалық география мектебінің өкілі,көптеген ғылым салалары бойынша еңбектердің авторы Әбу Зайд Ахмад ибн Сахл әл-Балхи (шамамен 850-934 жж). Оның шығармасын кейінгі замандасы әл-Истахри еңбектерінде кеңінен қолданып, ал ол болса, ибн Хаукальдің  (Х ғ.) географиялық еңбегіне негіз болды. Алайда әл-Балхи ұсынған карта этнонимикалық детальдарға қанық болып келеді.

Сол сияқты, Ертіс, Сырдария, Еділ бойындағы ортағасырлық мемлекеттер орталықтарына апаратын сауда жолдары мен тармақтары автор тарапынан аса мұқият сипатталады. Атап өтетіні осы еңбекте Қазақстан тарихи географиясын қалыптастырудың алғы шарты болып келетін топонимдер көптеп кездеседі.

Жалпылай келгенде, әл-Балхидің картографиялық мәліметтері Қазақстан тарихы, Қазақстанның тарихи географиясы, жалпы Орталық Азия тарихы мен тарихи географиясы бойынша құнды мағлұмат береді [7, с. 18-20].

Ибн Хаукалдың географиялық картасында Мәуереннахр аймағында Шаш (Сырдария) өзенінің алқабында ортағасырлық қалалар бейнеленген. Картаға сәйкес Сырдария өзенінің төменгі ағысында батысында Сүткент, Васидж, Жент, Йаникент, Хавара қалалары, шығысында Фараб, Кедер, Шавгар (Түркістан), Сабран қалалары орналасқан. Ең қызығы ортағасырлық автор Фараб қаласының, аймақтың емес, нақты локализациясын ұсынады.

Дөңгелек географиялық картада әл-Хазар (Каспий теңізіне сәйкес) мен Хорезм (Арал теңізі) бассейіні ерекшеленген. Мәуереннахрдан солтүстікте қарлұқтар, ал Арал теңізінен солтүстікте оғыздар орналасқан [7, с. 21-23].

Ортағасырлық деректерге талдау жасау негізінде ортағасырлық авторлардың кейінгі легі Ибн Хаукал, әл-Идриси, Закарийа әл-Казнави, Ибн әл-Варди еңбектерін пайланғанын көруімізге болады.

Ортағасырлық араб дәуінде ірі географиялық туындылардың бірі Әбу Абдаллах Мұхаммад әл-Идрисидің еңбегі «Нузхат әл-муштак фи-хтирак әл-афак» («Аймақтарға саяхаттаушының ермегі») еді. Мұнда ортағасырларда Қазақстан территориясын мекен еткен қимақтар, қыпшақтар, кумандар, оғыздар, қарлұқтар, түргештер, азғыштардың  территориясы, керуен жолдары мен қалалар орналасуы сипатталады [7, с. 23-25].

Әуелгі ортағасырлық замандағы түркі тайпаларының, отарихи географиясын қарастыруда түркі халықтарына ортақ эпикалық шығармалар мен тарихи аңыз-жырлардың маңызы зор. Оғыз-қыпшақ-қарлұқ ру-тайпалық бірлестіктерінің этникалық  тарихы мәселелері «Қорқыт ата кітабы [8, c. 7]» мен сюжеттері ерекше орын алады. Мысалы, «Қорқыт ата кітабында» ІХ-ХІІ ғасырлардағы оғыз-қарлұқ-қыпшақ тайпалық одағы мен печенег (пешене), башқұрттар арасындағы қатынастарға байланысты тарихи оқиғалар көрініс тапқан. Жалпы «Қорқыт ата кітабы» өзінің тарихилығы, сюжеті, образдарының саралығы, суреттейтін өмір тұрғысы, салт-сана көрінісі жағынан қазақтың батырлық жырларына өте жақын.

Әуелгі ортағасырлық түркі тайпалар бірлестіктерінің Орта Азия мен Шығыс Түркістандағы, Алтай мен Жетісудағы саяси қарым-қатынастары және олардың тарихи-географиялық мәселелері туралы бай материалды «Манас» эпосынан табамыз [9]. Осы уақытқа дейін ол біршама зерттелгенімен, әлі де деректік қоры өте мол эпикалық ескерткіш болып қала береді. Эпостың бір қабаты біз қарастырып отырған кезеңге сәйкес келіп, қырғыздар мен қарлұқтардың (Манас пен Алмамбеттің достасуы) біріге отырып, Ұйғыр қағанатымен күресін баяндайды. «Манастағы» жер-су аттары, этникалық атаулар, материалдық және рухани мәдениеттің үлгілері жалпы сол замандағы түркі тайпаларының бәріне ортақ болып табылады.

Қорыта келгенде түркі қағанаттарының этно-тарихи географиясы жөніндегі деректер жалпы алғанда ортағасырлардағы Орталық Азия аумағындағы этникалық және географиялық объектілерді қамтитын құнды мағлұматтар береді.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1 Қазақстан тарихы туралы түркі деректемелері. Көне түрік бітік тастары мен ескерткіштері (Орхон, Енисей, Талас). – Алматы: Дайк-Пресс, 2005. – Т. 2. – 252 б.

2 Кенжеахмет Н. Ежелгі түркі (Орхон) ескерткіштеріндегі топонимдер // Известия НАН РК. Серия общественных наук. – 2009. – № 1 (268). – Б. 257-267.

3 Қазақстан тарихы туралы қытай деректемелері. Саяхатнамалар мен тарихи-географиялық еңбектерден таңдамалылар.– Алматы: Дайк-Пресс, 2005. – Т. 1. – 396 б.

4 Бичурин Н.Я. Собрание сведений о народах обитавших в Средней Азии в древние времена. – М.;Л.: АН СССР,1950. – Т. 1. – 381 с.

5 Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері. – Алматы: Өнер, 2006. – Т. 2. – 344 б.

6Материалы по истории туркмен и Туркмении. VII-XV вв. Арабские и персидские источники. М.;Л.: АН СССР, 1939.Т. 1. – 612 с.

7 История Казахстана в арабских источниках. Арабские географы и  путешественники ІХ-ХІІ вв. –Алматы: Дайк-Пресс, 2010. – Т. 2. – 328 с.

8  Книга моего деда Коркута. Китаб-и дедем Коркут. М.;Л.: АН СССР, 1962. –  305 с.

9. Героический эпос народов СССР. – М.: Художественная литература, 1975. – Т. 2. – 576 с.


Мақалада автор Түркі қағанаттарының этно-тарихи географиясын ашып көрсететін негізгі деректерге талдау жасайды. Түркі халықтарының, ортағасырлардағы тарихына бойлауда жазба және ауызша деректердің құндылығы ерекше. 

Автор түркі қағанаттарының тарихи географиясы жөніндегі деректерді жалпы алғанда хронологиялық ретпен түркі жазба (руналық) ескерткіштері, араб-парсы деректері, қытай жылнамалары, ауызша деректер сияқты топтарға бөліп қарастырған. Түркі халықтарының ауызша тарих айту дәстүрін жазба материалдармен салыстыру арқылы олардың тарихи проекцияларын ашуға көңіл аударылды.

Абстракт 

В исследовании истории тюркских народов особую ценность представляют  письменные и устные источники. 

В статье проанализированы основные источники, раскрывающие актуальные и проблемные вопросы этно-исторической географии Тюркских каганатов.   Автор, рассматривает источники в хронологической последовательности, разделив их  на следующие групповые категории:  тюркские письменные памятники (рунические), арабо-персидские источники, китайские хроники, устные источники. Проведение   сравнительного анализа тюркской традиции устного изложения истории и ряда письменных источников,  позволило автору раскрыть историческую  проекцию важных памятников. 

Abstract

In a study of the history of the Turkic peoples are particularly valuable written and oral sources.

The article analyzes the main sources that reveal actual and problematic issues of ethno-historical geography of the Turkic khanate. The author examines the sources in chronological order, dividing them into the following group categories: Turkic written monuments (rune), the Arab-Persian sources, the Chinese chronicles, oral sources. Comparative analysis of Turkish traditions and oral presentation of the history of a number of written sources, allowed the author to reveal the historical projection of important monuments.


No comments

To leave comment you must enter or register

Views: 11941

No reviews

Download files

Искакова Г Байдавлеова М.docx 0.03 MB Искакова Г Байдавлеова М.docx 0.03 MB

Category

Interdisciplinary studies Methodological works Macro- and Microhistory History of the Homeland. New research methods Research works of  young scientists Review. Comment

Related articles

Моңғолдардың Шығыс және Орталық Еуропаға жорықтары (1241-1242) Зар заман ақындары шығармаларындағы Қазақстанның ортазиялық елдермен қарым-қатынастары ФАЛЕРИСТИКА ҒЫЛЫМЫ ТУРАЛЫ О КНИГЕ Б.Г. АЯГАНА «РАССВЕТЫ И СУМЕРКИ КАЗАХСКОЙ СТЕПИ» Византия империясы және ғұндар (IV-V ғғ). Основные этапы развития туризма 94(574) Бөрі батыр: аңыз және дерек (сыни талдау тәжірибесі) УДК 930.26(574) «.../03» СИМВОЛЫ ВЛАСТИ В КУЛЬТУРЕ КОЧЕВНИКОВ ЦЕНТРАЛЬНОЙ АЗИИ ГУННО-САРМАТСКОГО ВРЕМЕНИ УДК 930.2 «1887-1917»+94(574) Отражение истории кочевых народов Центральной Азии в «Трудах» Оренбургской ученой архивной комиссии. Түркі қағанаттарының этно-тарихи географиясы (VI ғасырдың ортасы – X ғасыр) бойынша негізгі деректер CHINA’S GEOPOLITICAL INTERESTS IN THE SOUTH-EAST ASIA

Author's articles

Түркі қағанаттарының этно-тарихи географиясы (VI ғасырдың ортасы – X ғасыр) бойынша негізгі деректер