Яндекс.Метрика
Home » Materials » ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ЦЕНЗУРАНЫҢ 1950-60 ЖЖ. ҒЫЛЫМ МЕН МӘДЕНИЕТКЕ,ӘДЕБИЕТКЕ ТИГІЗГЕН ӘСЕРІ

САНДЫҚБАЕВА Ө.Д, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің,ЖОО-ға дейінгі дайындық кафедрасының аға оқытушысы философия ғылымдырының кандидаты МҰСА

ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ ЦЕНЗУРАНЫҢ 1950-60 ЖЖ. ҒЫЛЫМ МЕН МӘДЕНИЕТКЕ,ӘДЕБИЕТКЕ ТИГІЗГЕН ӘСЕРІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(09)

Tags: :, «коммунистік, идеология», «цензура», «мемлекеттік, құпия», «Баспасөз, жөніндегі, Бас, бақылау», Басқарма», «зиялы, қауым», «алдын, ала, «қадағалау», «тыйым, салу», «жазалау».
Author:
Бұл мақалада кеңестік идеологияның шығармашылық өнімдерді қадағалау және бақылаудың әдістері, сондай-ақ оларды жүзеге асырудың көп түрлі тәсілдері бүкіл әдебиет, өнер, шығармашылық туындыларының цензураға ұшырауы жөнінде баяндалды. Шығармашылық өнімдерін цензурадан өткізу қиямет болған кезеңде, сол рухани азық арқылы халық санасына адамгершілік құндылықтарды сіңіру мүмкіндігі де шектелді. Мақалада сонымен қатар саяси цензураны жүзеге асыру функциясы мен басқару механизмінің жүргізу тәсілдері де анықталды. Әсіресе кеңестік цензураның 1950-60 жж. Қазақ элитасына тигізген зардабын мұрағат деректері арқылы дәлелдеуге тырыстық.
Text:

Кеңестік идеологияның негізгі функциясы - бір таптың мүддесіне қызмет етіп оны қорғау, оның әлеуметтік базасын кеңейту, өздерінің жолын ұстаушыларға билік жүргізетін құрылымдарға жол ашу және солар арқылы билік жүргізуге өкілеттілік жасау болып табылады. Сол құрылымдардың бірі - саяси цензура органдары.

Сол кездегі цензуралық қызметтің нақты заңды негіздерінің болмауы, төрешілдік ортада билік жүргізген партияның үстемдік етуі кез келген шығарманың идеологиялық жағынан зиянды деп  есептеуге мүмкіндік берді. Баспа немесе басқа да шығармашылық өнімдерді қадағалау және бақылаудың әдістері, сондай-ақ оларды жүзеге асырудың тәсілдері көп түрлілігіне байланысты бір-бірінен ерекшеленіп отырылды. Сондықтан тарихи жағынан кеңестік нұсқада қалыптасқан «саяси цензура» термині, мағынасы жағынан өте жақын және белгілі бір дәрежеде мемлекеттік мәдени - саясатты жүзеге асыратын, қоғамдағы саяси жүйенің бір бөлігі болып табылатын идеологиялық билік жүйесі екенін көрсетті.  

Идеологияның осындай үстемдігі халықтың барлық ісіне, оның ішінде ғылым мен мәдениетке, әдебиеттің әрқайсысына қатаң бақылау жасап отырды. Адамдардың ақыл-ойы, рухани жан дүниесі заттар ретінде бағаланды. Еркін ой,  еркін еңбек, сөз бостандығы деген жоғалды. Шындықты іздеушілікке тыйым салынды. Ғылым мен өнер идеологияландырылды.

Цензура адамдардың әлеуметтік, рухани, саяси, қоғамдық өмірінің барлық саласына сұғына ене отырып, халықтың бір қалыпта даму мүмкіндігінен айыратын жағдай туғызды. Хрущевтік билік тұсында бүкіл әдебиет, өнер, шығармашылық туындылары, саясаттандырыла бастады, оларды бір қалыпқа түсіріп, бір бағытпен жүргізді.  Жоғарыдан бұйрық неғұрлым көп болған сайын, төменнен соғұрлым белсенділік азайды. Барлық  салаға тыйым салынғандықтан, халықтың рухани дамуы, бостандығы шектелді. Шығармашылық өнімдерін цензурадан өткізу қиямет болған кезеңде, сол рухани азық арқылы халық санасына адамгершілік құндылықтарды сіңіру мүмкіндігі де шектелді.

1956 жылы 27 қарашада Орталық Комитетінің Хатшылығы мәжілісінде «Баслиттің жұмысы туралы» мәселе қаралып, бұл органның  басшысы  К.К. Омельченко қызметінен алынып оның орнына КОКП Орталық Комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісінің орынбасары П.К. Романов тағайындалды. Осылай жауапты қызметке келген ол бұл мемлекеттік цензура органын 20 жыл  бойы басқарды [1].

Баспасөз жөніндегі Бас Басқарма - ол КСРО Министрлер Кеңесінің баспасөздегі әскери және мемлекеттік құпияларды  қорғау бойынша өкілі және жалпы мәселелер бойынша, шетелдердегі шетелдік тілшілердің ақпараттарын  қадағалау, цензураның жергілікті органдарын  басқаратын  кадр жөніндегі орынбасарларынан құралды.

Кадрлар бөлімі негізінен орталықтағы және шеткі аймақтардағы цензорлық кадрларды  есепке алу, дайындау мен қайта дайындауды жүзеге асырады. Келесі бөлімдері; Құпия бөлім; Жоспарлау-қаржы бөлімі; Істерді басқару; Секретариат болып аталған. Сонымен қатар Бас Басқарма жүйесіне - барлық баспасөз шығармаларын мемлекеттік библиографиялық тіркеуге алатын Бүкілодақтық кітап Палатасы енді. Палатаның өз  баспаханасы мен баспасы болды.

Ал енді осы салада жұмыс істейтіндердің санына тоқталар болсақ, Бас Басқармада Кеңес Одағы бойынша – 233 адам, Бүкілодақтық кітап Палатасында - 350 адам қызмет атқарды. Орталық Бас Басқарманың штаттық құрамы анықталып, қаржылай қамтамасыз етілуіне мүмкіндік жасалды[1, 208 б.].

Ол кезде КСРО құрамындағы барлық республикаларда, оның ішінде Қазақстанда да Одақтық құрылымға ұқсас республикалық дәрежедегі мемлекет құпияларын баспасөзде сақтау жөніндегі  Басқарма жұмыс істеді.

Қазақстанда мемлекет құпияларын баспасөзде сақтау жөніндегі Бас Басқарманың бастығы болып 1949 жылы 23 қарашадағы № 205 бұйрықпен сайланған Абдрашид Назарбайұлы Шалабаев [2] осы аталған мекемеде ширек ғасыр - 25 жыл, яғни 1974 жылдың 25 ақпанына дейін қызмет атқарды. Осы уақыт ішінде 16 облыста  мемлекет құпияларын баспасөзде сақтау жөніндегі Басқармалары құрылып, жұмыс істеді [3]. Облыстық Басқарма - бөлім бастығынан, хатшыдан, әдебиет және саяси бөлім меңгерушісінен, әкімшілік-нұсқаушылардың саяси бөлімінің меңгерушісінен, саяси редактордан, нұсқаушыдан, тексерушіден, іс-жүргізушіден, кітапханашыдан және хатшыдан тұрды  [2, 46 п.]. Әр цензор өзіне жүктелген объектіні тексеретін болған.  Аудандық цензорлардың саны 10 болды.

Қазақстанда 1954 жылғы мәлімет бойынша Бас Басқарманың орталық аппараты 32  қызметкерден тұрды.   

Сонымен бірге Бас Басқарма Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мына бөлімдеріне: әдебиет және өнер бөлімі, ауыл шаруашылығы бөлімі, ғылым және жоғары оқу орындары бөлімі, мектептер бөлімі, әкімшілік бөліміне барлық баспа өнімдерінің алғашқы даналарын, ал Қазақстан Орталық Комитетінің хатшыларына полиграфиялық өнімнің 5 данасын, ҚазКСР Министрлер Кеңесінің төрағасына барлық шыққан әдебиеттің бір данасын жеткізіп отыру міндеттелді.

Мұрағат мәліметтеріне жүгінер болсақ, Бас Басқарманың қадағалау-бақылау міндеттерінің негізгі бағыттарына партиялық басшылық жасалып, оны жүзеге асыратын құрылымы анықталып отырылған. 1953 жылдың қазан айынан бастап, бұл мекеме Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің құзырына берілді.

1957 жылы маусым айында Қазақ КСР Министрлер  Кеңесі жанынан радиохабарлар және телевидение жөніндегі Комитет құрылып, Бас Басқарманың жұмысы тағы да көбейді. Бір аптада сөйлейтін 66 сағат 51 минуттық материалдарды алдын ала тексеру жұмысына енді арнайы дайындығы бар мамандар қажет болды.

Сонымен Басқарма басшылары алдына жаңа міндеттер қойылды. 1958 жылдың ақпан айында, сондай-ақ, КСРО Баспасөз жөніндегі Бас Басқармасының жаңа Ережесі бекітіліп, онда Бас Басқарманың және оның жергілікті органдарының құқықтары мен міндеттері айқындалды. Осы уақыттан бастап Бас Басқарманың және оның жергілікті органдарының жұмысының мазмұнын, түрлері мен әдістерін айқындайтын цензура құжаттарын қайта қарау және жою жұмысы басталды. Бас Басқарманың Ережесіндегі өзгерістер билік пен қоғам арасындағы өзара қатынастың жалпы стратегиясын жүзеге асырудың нәтижесінде болған еді. Бұл орайда партия «сталиндік модельден» іргесін аулақ салып, мәдениеттегі өзінің басшылық  қызметін жоғалтпай, оны жарақтандыруды ниет етті.  

Кеңестік цензура институты жұмыс істеген ұзақ уақытқа қарамастан оның қызметіндегі құқықтық және нормативтік базаның болмауы ұдайы байқалып отырылды. Цензорлық басшылықтың нақ осы жағдайы кеңестік цензураның іс жүзіндегі қызметі барысында көрініп, нақты өлшемдерін анықтау мәселесінде қиыншылық тудырып отырды. Соғыстан кейінгі кезеңдегі цензураның құрылымын, қызметін реттеу барысында, ізденістердің нәтижесінде Баспасөз жөніндегі Бас Басқарманың басып шығарылатын барлық әдебиеттерді алдынала және одан кейін де тиісті бақылау үшін, партиялық және  жазалау органдарымен өзара бірігіп іс-әрекет жасаудын жүйелі тетігі жасалды.

Қызыл идеологияның пәрменінің күштілігі сол, С. Мұқанов секілді қазақ әдебиетінің атақты өкілдері санатындағы тұлғалардың беделдерін пайдаланып, билік оларға өзінің шашбауын көтертіп кеңестік саясатқа жат деп есептеген, Алаш қайраткерлеріне қарсы шығарса, 50 - жылдары данышпан Абай төңірегіндегі ақындарға қарсы "жорығын" ұйымдастырды. Пролетариат жазушысы деген атқа масаттанған ағамыз 60 – 70 ші жылдары қазақтың жаңадан шығып жатқан ұлттық сананы өсіретін тарихи романдарын тұншықтыру әрекетіне де атсалысты. Қазақ жазушыларының күншілдіктері, бір - бірінің жолын кесуі  цензураға үлкен көмек болды. КОКП Орталық комитетінің ғылым мен мәдениет бөлімінің меңгерушісі Серікбай Бейсембаевқа жазған Сағынаевтың: «Құрметті Сәке, жуырда ғана Базарбаевтан хат алдым, ол  Сұлтанмахмұт Торайғыровтың жинағы 1957 жылдың жоспарына кірген жоқ, - депті. Сұлтанмахмұт шығармаларын халықтан жасырулары жеткен жоқ па? Меніңше, І. Кеңесбаев, С. Мұқанов тағы біраз адамдар оның шығармасын мәңгі шығарғылары келмейді, үнемі жоқ сылтау тауып, етегінен тарта беретіндері Сізге мәлім ғой. Кейбір адамдар, өлген ақындармен бақ күндес болып, әбден өштесіп алды. Жамбыл туралы мәселе өздеріңізге мәлім ғой. Солар сияқты мансапқор, өзімнен басқаның аты шықпасын, еңбегі еш болсын деген тар пейілді адамдардың пікірін қабылдай бересіздер ме?» деген хат келіп түседі [4]. Бұл хаттан сол кездегі ақын-жазушылар арасындағы кикілжіңге талай, атағы дардай адамдардың да араласып, күншілдік шырғалаңына түскенін көруге болады.

Тарихи деректер арқылы аға буынның көреалмаушылық, қызғаныштық қадамдарынан көптеген талантты ақын - жазушылырдың жолы қысқарғанын мұрағат құжаттары дәлелдейді. Сол кездің куәсі ғалым профессор Тұрсынбек Кәкішұлының естелігінде: «Менің әлі күнге дейін қайран қалатыным – осындай документтердің (сталинизм тұсындағы, жаңсақ қаулы-қаралардың-авторлары) алынуына көбіне білімі саяз, айғайы басымдардың ықпал жасауы. Бірді - екілі мысал келтірейік. Не орысшаны, не қазақшаны дұрыс сөйлей алмайтын, білімі бастауыш класс деңгейінен сәл ғана асатын Әмірбек Тәкежанов сынды адамдардың Қ. Сәтбаев сияқты алыптарды «құлатуы» қайран қаларлық жай. Немесе Сәбит Нұрышев сықылдының М. Әуезовке «күн көрсетпеуі», ойына келгенін «Казахстанская правда» газеті арқылы оңды - солды жазуына дәлел таба алмай қиналамыз» [5].  – деуі бүгінгі және болашақ ұрпаққа сабақ ретінде ауадай қажет.

Ал Ғабит Мүсіреповтің, 70-жылдары тұманы сейіле бастаған Кенесары қозғалысын қайта күстаналуы, кейінгі кездердегі өз шығармаларындағы әсіре кеңесшілдігі  ондағы объективті шындықты бұрмалап көрсетуге әуестенуі кеңестік саясаттың әсерінен еді.

Ұлы Мұханың өзінің бар атақ абыройға жеткен кезде, мақала сөздері былай тұрсын, әйгілі эпопеясының соңғы кітаптарында қазақ тарихына, қазақ болмысына, дін ислам мен хақ Құранға қатысты әбес қисынға баруы, ең аяғы, ежелгі  мұра, әдебиет тарихы қайтадан, жаңаша бағалануға тиіс деген пікірге келуі тоталитарлық тәртіптің өзіндік заңының қыспағынан еді. 1959 жылы Ғылым академиясында ұйымдастырылған үш күндік конференцияда жасалған, бар шешімнің түйіні болуға тиіс, кең көлемдегі байыптамасында қазақ әдебиетінің ежелгі Түрік кезеңіне қарсылығы өз алдына, басы да, басқасы да аршылып, жарыққа жеткелі тұрған Дулат, Шортанбай, Мұрат, Мәшһүр - Жүсіп, Ғұмар Қараш, тағы басқа да, XIX-XX ғасырдағы ұлттық классиктерге тосқауыл қоюы, керек десеңіз және  бір мақалаларында Мағжанға - көзі тірісінде құдайдай табынып, көлеңкесінен орын алуға тырысқанын ұмытып, енді айдау мен азапты өлімнен соң сүйегінің қайда қалғаны да белгісіз ұлы тұлғаны іліп-шалған, біржола құрдымға сілтеген сөздері  рухани тарихымыздың қасірет тарихына бар бедерімен таңбаланғаны шындық [6]. 

Көпшілік біле бермейтін ұлы тұлғалардың бұлай құбылуы  сол кездегі тоталитарлық тәртіптің  басты құралы болып есептелетін цензуранның  тегеурінен еді. Мұндай саясат осылай қазақ ұлтының рухани дүниесін дағдарысқа ұшыратты. Аталған кезеңдегі тіршілік арнасының рухани - психологиялық ортасында үрей, көңіл - күйдегі мазасыздық, күдікшілдік, болашаққа деген сенімсіздік пайда болды.

1958 жылдан 1964 жылға дейінгі кезеңде негізгі орталық,  мәдениетті іс жүзінде басқару органы және нақты саяси цензор ОК - тің идеологиялық комиссиясы болды. Бірінші Идеологиялық комиссия КОКП Орталық комитетінің Президиумының 1958 жылғы 3 қаңтардағы шешімімен құрылды және ғылым, әдебиет, өнер саласындағы саяси немесе идеологиялық мәні бар істер мен оқиғалардың жағдайы секілді мәселелерді зерттеуі тиіс болды. Комиссия, сонымен бірге, кеңестік мамандардың, шығармашылық интеллигенцияның шетелдерге шығуын және шетел мамандарының келуін ұйымдастыру мәселесімен де айналысты. Осылайша шет елге бару сенімділік пен бойсұнушылықпен тығыз байланысты болды. Комиссия шын мәнінде «мәселелерді зерттеумен» және «теориялық мәселелермен» айналыспады, нақты жағдайлар бойынша дайындап, шешім шығарды. Бұрынғы аппараттық дәстүр бойынша Орталық комитет құрылымы шығаратын шешімдер негізінен құпия немесе өте құпия сипатта болды. Мәселелердің бір бөлігі комиссияның мүшесі болып табылмайтын, бірақ осы мәселеге тікелей қатысы бар адамдарды шақыра отырып, комиссия мәжілісінде талқыланды. Басқа мәселелер бойынша «сұрау» арқылы сырттай шешім қабылданды. Комиссияның қызметі өзінің сипатына қарай КОКП Орталық комитет Төралқасы мен Хатшылығы атқаратын қызметтен еш ерекшеленбеді. Алайда, маңызды мәдени мәселелер, әсіресе, халықаралық жариялыққа ие мәселелер КОКП Орталық комитет Төралқасында қаралды.

КОКП Төралқасының 1962 жылғы 3 қарашадағы шешімімен құрылған идеологиялық комиссияның қызметі біршама басқаша сипат алды. Оның қарауынан халықаралық мәселелер мен спорт мәселесі, нақты мекемелердің жұмысын «бақылау» алынып тасталды, бірақ халыққа білім беру жүйесін (жалпы және арнайы) басқару мен бақылау мәселесі қосылды. Комиссияның мәртебесі де өзгерді: комиссия ешқандай қаулылар қабылдамады, ол тек жобаларды талқылап, Орталық комитеттің Хатшылығында және  Төралақасында бекіту үшін қаулылардың жобасын әзірлеп, ұсыныстар дайындады. Комиссия құрамында да болған айтарлықтай өзгерістер комиссия мәртебесін төмендетті. Оның бірінші төрағасы болып, Орталық партия комитетінің хатшысы, КОКП Орталық комитетінің одақтас республикалар бойынша насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Л.Ф. Ильичев тағайындалды. 1965 жылы оның орнына Орталық комитеттің хатшысы, Орталық комитеттің  Төралқасының (Саяси бюро) мүшелігіне кандидат П.Н. Демичев келді. Комиссияның бірінші құрамына Орталық партия комитетінің бөлімдерінің меңгерушілері, ведомстволардың басшылары, газеттердің бас редакторлары кірді. Әрі қарай комиссияның дербес құрамына өзгерістер енгізіліп, ал комиссияның өзі Саяси бюроның 1966 жылғы қаулысымен таратылды [7]. 

Идеологиялық комиссиялардың басты назар аударатыны ең алдымен, мемлекеттің жалпы мәселелері ғана емес, сондай-ақ оның іргетасы қаланатын негізгі мәселесі: мәдениеттің «жоғарғы партиялық идеалдарға» қызмет етуге дайындығы бар ма деген мәселе болды. Идеологиялық комиссиялардың мәжілістерінде «мәдени және саяси жариялылық жағдайдағы буржуазиялық ортаның жағымсыз әсері» оның ел үшін несі «пайдалы» немесе «зиянды» екендігі туралы мәселе болды.  Қорғау, тыйым салу, айтақтау мен қаралап күйе жағу сияқты тәсілдер күн өткен сайын ескіріп нәтиже бермеді. Ескіні аңсағандар мен жаңа көзқарастағылар арасындағы ұзаққа созылған теке-тірестен соң, догмалық көзқарасты ұстанушылардың жеңісімен аяқталып, ол жеңіс шешімі 1963 жылы маусым пленумында бекітілді. Дағдарыстан шығуға мүмкіндік беретін құрал ретінде қуғын-сүргін органдарының резервтік мүмкіндіктері қарастырылды. Олардың рөлін күшейту мен қызметін кеңейту КОКП ОК  Төралқасының және КСРО МК 1960 жылғы 5 ақпандағы «КСРО МК жанындағы ҰҚК және оның жергілікті органдарының құрылымына өзгерістер енгізу және штат санын қысқарту туралы» қаулысына сәйкес жүзеге асырылды. Жаңа штат кестесіне сәйкес идеология мәселесімен 2 - Бас басқарма (қарсы барлау) айналысты. Ол 1967 жылға дейін, яғни саяси жүйедегі өзгерістерге сәйкес ел басшылығының талабымен «идеологиялық диверсиямен күресу» үшін, кеңестік интеллигенция арасында кеңінен танымал арнайы 5 - басқарма ретінде қайтадан бөлінгенге дейін жұмыс істеді. Нақ осы кезеңде Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті Орталық партия комитетінің тиісті бөлімдері мен комиссияларымен бірлесе отырып, саяси цензураны жүзеге асырды, әдебиет пен өнердегі жекелеген бағыттарға және ондағы жазушыларға, суретшілер мен т.б. қарсы қуғын-сүргін ұйымдастырды. Олардың «жедел» әрекеттері мен жұмыстарын, көптеген қуғын-сүргіндерін мұрағат деректерімен танысу барысында анықтадық. Оның ішінде Баспасөз жөніндегі Бас Басқармасының рөлі өте зор болды. Баспасөз жөніндегі Бас Басқарма Орталық партия комитеті мен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне олардың өкімдерін бұзған немесе цензура барысында белгілі болған антикеңестік әрекеттердің, сөздер туралы хабарлап, үнемі ақпарат беріп отырған. Осылайша бұл қоғамды басқарудың үштік сұлбасы құрылды.

50 – 60 - жылдардағы айтыс - тартыстардың негізгі бағыты «ұлтшылдықты» ауыздықтау болды. Коммунистік идеология билік құрған кезде, баспасөз таптық күрес құралы, ұжымдық насихатшы, үгітші және ұйымдастырушы болып табылғаны белгілі. Баспасөздегі халықтың ойлы азаматтарына бағытталған саяси ұрандар «Халық жауы, тап дұшпаны», «буржуазияшыл-ұлтшыл», «ұлтшыл - фашистер», «алашорданың сұрқиялары», «пантүркішілер», «Алашорда төбеттері мен күшіктері» дегендерден аяқ алып жүргісіз болды. Партиялық екі бас газет: «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» (редакторлары - Ж. Арыстанбеков пен В.М. Берховых) партияның көзі мен құлағы ретінде Қазақстан Жазушылар Одағының қыр соңына түсіп алды. Олар өз араларынан  «халық жауын» табуға тиіс болды. Таппағандар өзі «халық жауына» айналды.

Баспасөз беттерінде әдебиет пен руханият дүниесіндегі социалистік идея тазалығы үшін майдан ашылды. Алдымен, олардың тізімін жасап, тізімге кірген зиялылардың саны 199 адам болды. Құпия тізімге кірген 199 адамның не аттары, не кітаптары баспасөзде айтылып, не олар туралы қандай да бір пікір айтылуға тыйым салынды. Туындылары мен кітаптарын кітапханалардың арнаулы қорлары (спецхран) бөлмелерінде құлыптап сақтауға жіберілді [8]. 

1956 жылы Қазақ КСР Ғылым Академиясының библиографы Үшкілтай Субханбердина «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті», «Айқап» сынды қазан төңкерісіне дейінгі ағымды баспасөз материалдарына ден қойып, елеулілерін жинап, библиографиялық көрсеткіш түзе бастайды. Көбі ұлтшылдық басылым деп жаламен жабылған қазақ баспасөзінің құжаттарын одақ бойынша кітапханалар мен мұрағаттардан іздестіріп, «Қазақтың революциядан бұрынғы мерзімді баспасөзіндегі материалдар», «Айқап» бетіндегі мақалар мен хат-хабарлар» деп аталатын мазмұнды библиографиялық көрсеткіш кітаптарын жазады. Бұл кітаптарға өте жоғары баға беріледі, редакциясын Е. Ысмаилов пен Ә. Марғұлан басқарады. Білікті де, аса құнды библиографиялық көрсеткіштің шыққанын Орталық партия комитетінің саққұлақтары естіп, екі күннің бірінде автор мен редакторды шақыртып жазалау басталады. «Егер ұсталып кетсем, кішкентай үш балапанымның халі не болар екен?» - деген ойдан, түнгі  ұйқысынан айрылған авторды Б. Кенжебаевтың «Қазақстан мұғаліміне» шыққан «Айқап туралы еңбек» деген сын мақаласы құтқарып қалады  [9]. 

Бұл бағытта мемлекеттік құпияларды баспасөзде сақтау жөніндегі Бас Басқарма қызметі өз міндетін мінсіз атқарды. Жазылған әрбір ғылыми-техникалық мақалалар мен кітаптың қолжазбалары журнал редакциясы мен баспаларға жіберілмес бұрын эксперттік актілермен бірге өткізілуге тиіс болды.  

«Жүгерінің атасы» аталған Н.С. Хрущевтің дәуірі қазақ халқына тигізер шапағатынан көрі қайырымсыздығы басым болды. Хрущев билігі тұсында қазақ ауылдары құлдырап, қазақ мектептері жабылып, жергілікті жерлердегі кадрлардың екінші сортқа айналуы етек алды.  «Қазақ әдебиеті» газеті осы жылдары ұлт мәдениеті мен әдебиетінің өз шешімін таппай, көп уақыт іркіліп қалған мәселелерін батыл көтерді. Қазақ мектептерінің қысқара бастауы, қазақ тілі мен әдебиетінің сағат сандарының күрт азаюы, ауыз әдебиетіндегі ондаған, жүздеген көне, қаһармандық, ғашықтық, нақтылы тарихи дастандардың «Қамбар батырдан» басқасына залалды деген «үкім» шығарылып, қайта басылмай қалуы, жоғары оқу орындарына түсуге талаптанған қазақ талапкерлеріне орысша шығарма жаздырып, жаппай құлатушылық, қысқарған сөздерді орысша нұсқасындай етіп жазуға қаулы қабылдануы, кейбір республикалық газет, журналдардың («Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан коммунисі» т.б.) орысшадан аударылып басылуы, облыстық газеттердің «Көкшетау правдасы», «Семей правдасы» делініп, жартылай орысшалануы, қазақ тілінде іс қағаздың жүргізілмеуі, қазақ жастарын Алматы секілді үлкен қалаларға тіркеуге қатаң шектеу қойылуы, «коммунизмге жету үшін орыс тілін білу керек» деген Хрущев шақыруларының жедел қарқынмен жүзеге аса бастауы, Қазақстанның орталық және солтүстік облыстарында қазақ халқының қалыпты тілдік ортасының бұзылуы, жер атауларының өзгертілуі, жазба әдебиетінің асыл нұсқалары кертартпа идеяларды уағыздайды деген сылтаумен жаппай дерлік қаралануы жұртшылықтың көңілінде шешілмеген түйткіл болып ұялаған еді. «Қазақ әдебиеті» осы және басқа көптеген мәселелерді өзінің беттерінде ашық әңгімелеп, «тұмшаланған» ойлардың тиегін ағытты. Мұншама сорақы бұрмалаушылықтардың әшкереленуінен қауіп көрген Орталық комитет 1956 жылдың күзінде «Қазақ әдебиеті» газетінің «тас-талқанын» шығаратын қаулы қабылдады, «ұлтшылдығы» үшін Т. Кәкішев қызметтен кетірілді, көп ұзамай газет редакторы С. Мәуленов, оның орынбасары Ж. Молдағалиев, жауапты секретары Т. Әбдірахманова «идеялық қателіктері үшін» орнындарынан алынды. Нақақ зәбір көру бұл азаматтарға жеңіл тиген жоқ. Дегенмен, олар қазақ халқының ұлттық тарихына, тіліне, әдебиетіне, дәстүріне ұзақ жылдар бойында қиянат жасалып келген жағдайларды әшкереледі.

Сол жылдары Партия тарихы институтының алты ғылыми қызметкері - Тұрсынбек Кәкішев, Рахметолла Сәрсенбаев, Хамит Қасенов, Төрехан Әлішеров, тарих ғылымының кандидаттары Ағзам Байшин, Әдиет Мұхтаров, «Қазақстан коммунисі» журналының бөлім меңгерушісі Құрманбек Әбілдаев, «Үгітші блокнотының» жауапты хатшысы Қызыр Әлиасқаров қол қойған «Тіл мәдениеті» атты мақала шықты. Басқа жарияланғандардан гөрі бұл мәлімдеменің жөні де, мәні де басқарақ болды. Қазақстан Компартиясы Орталық комитеті жанындағы институттың ғылыми қызметкері қазіргі саясатқа мұндай деңгейде қарсылық көрсетіп жатса, онда бізде үн қосып қалайық деген ниет қазақ азаматтарыда күш болып, редакцияға хат жауып, өткір мақалалар көп түскен. Мәселенің насырға шауып бара жатқанын көрген Орталық комитет газетте материал жариялауды тоқтатып, өзінің 10 - желтоқсанда шығарған қаулысымен (құпия) осы мәселенің ушығуына жол бергендер - Р. Бердібаев, Т. Кәкішев, Ә. Мұхтаровты және т.б. идеялық қателікке ұрындырар, ұлтшылдықты қоздырушылар деп айыпталады [10]. 

Цензура әсіресе, қазақ тарихын зерттеушілерге қатты шүйлікті. Мысалы, ол М. Әуезовтың «Қилы заман» кітабы (1916 жылғы Албан руындағы көтеріліс жайында), Х. Айдарованың «Шоқан Уәлиханов» кітабы, Е. Бекмахановтың «ХІХ ғ. 20 - 40 жж. Қазақстан», «Исторические корни дружбы казахского народа с великим русским народом» кітаптары, А.К. Богачевтың «Алаш - орда» Краткий очерк о национально - буржуазном движении в Казахстане периода 1917 - 1919 гг. атты кітабы, «Едіге» (батырлар эпосы) араб шрифтімен жазылған жинағы, С. Мұқановтың құрастыруымен шыққан «Батырлар жырының» І томы, Б. Кенжебаевтың «Абылай» кітабы, К.И. Мартыненконың «Алаш-Орда» кітабы, М. Манкеевтің «Қарасай - Қазы» кітабы, Б. Сүлейменовтің «Амангелді Иманов - азамат соғысының батыры» кітабы, М. Тынышпаевтың «Ақтабан шұбырынды», «Исторические справки и племенной состав коренного населения Ташкентского уезда,  «Киргиз-казахи в 17-18 веках», «Коксуйские развалины города Баласагун», «Материалы к истории киргиз-казахского народа» кітабы, Т.Ж. Шойынбаевтың «Восстание Сыр - Дарьинских казахов под руководством батыра Жанхожи Нурмухамедова (1856-1857 гг.)», А.Ф. Рязановтың «Восстание Исатая Тайманова (1836-1838 гг.)», «Шоқан Уәлиханов»  атты кітаптары еді [11]. 

Осы аталған авторлардың ішінде ерекше зардап шеккені  ХХ ғасырдың аса көрнекті тарихшысы ғалым Ермахан Бекмаханов болды. 1951 жылдың 10 тамызындағы ҚК(б)П ОК тапсырмасы бойынша, Е. Бекмахановтың барлық кітаптары мен мақалалары шыққан газет-журналдар кітапханалар мен кітап қорларынан алынып тасталды. «ХІХ ғ. 20 - 40 жж. Қазақстан» атты оқулық кітабының 2,5 мың данасы отқа өртеліп, ал оның он мақаласы жарияланған «Известия» газетінің 12 номері, «Вестник АН Каз ССР», «Ученые записки» журналының 499 данасы ұсақтап туратылу жолымен жойылған. И.О. Омаров пен А.М. Панкратованың «История Каз ССР с древнейших времен до наших дней» кітабының Кенесары Қасымов бастаған көтеріліс бөлімін Е. Бекмаханов жазғаны үшін ғана баспаға жіберілмеген. 1955 жылғы 30 маусымдағы №116 бұйрық бойынша: «1955 жылы айналымға жіберуге тыйым салынған басылымдардың жалпы тізімінен келесі адамдардың барлық кітаптары шығарылып, макулатураға жіберілсін: Е. Бекмаханов, Ә. Жиреншин, Б. Сүлейменов» делінді. Жалпы 50 - жылдары Қазақ тарихына байланысты  97.750 кітап жойылған[12]. 

Сонымен цензура республикадағы барлық ғылыми орталықтардың жұмысын толық қадағалауға алды. Осындай қадағалауға түскен ғалым Ебіней Арыстанұлы Бөкетов болды, ол ұстазы Қ.И. Сәтбаев жасаған металлогения ілімін екінші қырынан дамытып, жер қойнынан табылған кен құрамындағы барлық металды түп - түгел айырып, техника қажетіне пайдалану ісімен шұғылданады. 1966 жылы ғалым селен айыру технологиясын жетілдіру жайында Мәскеуде докторлық диссертация қорғап, өзі ашқан жаңа технологияны өндіріске енгізу үшін оншақты жыл әуре - сарсаңға түседі. Ал, Германияның Мансфельд қаласындағы зауыт ғалымның ашқан жаңалығын 1970 жылы өндірісте қолданып, шаш етектен пайда көреді. 1960 - 1983 жылдары Е.А. Бөкетовтың жетекшілігімен 63 адам ғылым кандидаттығын қорғаған, Қарағанды қаласында ғылым, білім ошақтарын құрып, Ғылым академиясының жаңа орталықтарын ашуға арнаған ғалымның еңбегі бағаланбай, қиянаттан бес жылда үш рет инфаркт алып, 1983 жылы қайтыс болады [13].

Хрущевтік «жылымық» кезеңінде рухани көркем шығармалардан кінәраттар іздеп, оларды тек «таптық» тұрғыдан тексеру әдістері музыка әлемін танып бағалауға, қадірлеуге залалын тигізді.

Қазақ тарихы әдебиетімен қатар, маркстік-лениндік идеология тұрғысынан тексергенде музыка саласында да кемшіліктер аз болмай шықты. Сол жылдары халықтың тамылжыған небір сұлу әндері «қара тізімге» алынды. Тәттімбеттің кербез, сылқым күйлері белсенділер мен догматшылдардың тар пиғылына сыймай, цензураға ұшырады. Қазақ музыка аспаптарының жоқтаушысы болған үлкен ғалым, профессор Болат Сарыбаевтың соңына шырақ алып түскен өз әріптестері оның докторлық диссертациясын бекітпей тастады. Ғалымға бұл үлкен соққы болып, өмірден мезгілсіз кетті. Соғыс тақырыбына жазылған Ә. Әбішев пен М. Әуезовтың «Намыс гвардиясы», М. Әуезовтың «Сын сағаты», С. Мұқановтың «Гвардия алға», Ә. Әбішевтың «Қырағылық», Ғ. Мүсірепов пен М. Әуезовтің «Қынаптан қылыш» деген пьесалары мен опералары театр сахналарынан шығарылып тасталды [14]. Ал Ахмет Жұбановтың «Қазақ сазгерлерінің  өмірі мен  шығармашылығы» деген кітабы қатал  сынға ұшырап, 3-13 беттері «орыс халқына деген жеккөрінішті үгіттейді» және Кенесары хан жайында айтылғандықтан» алынып тасталды [15]. 

Қаз КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Баслиттің «қырағылығы» нәтижесінде қазақ халқының інжу-маржан, ән-күйлерінің негізінде жасалған «Қыз Жібек» операсы көптеген жылдарға театр кестесінен шығарылып тасталды. «Қыз Жібек» драмасының авторы Ғ. Мүсірепов 1937 - 1939 шы жылдарды басынан кешкен, 1952 -  жылды көзімен көрген сезімтал жан, бүгін болмаса-ертең, ертең болмаса-бүрсүгіні айдалып кетемін деп ойлап, бір-екі пар таза киім, бет орамал, шұлық, ұстара, сабын, тарақ және басқа аса қажет дүниелер салынған жол чемоданын босағаға сүйеп қойып, екі көзі есікте болған дейді білетіндер. Ерте ме кеш пе, ұстала қалған күндерде тергеушілер жармасады-ау деген туындыларынан алдын ала бас тартып, күнделік-жазбаларында өз пайдасына шешетін пікірлер жазып отырған. Мысалы: латын әрпімен басылған «Қыз Жібек» драмасының үшінші бетінде өз қолымен жазылған: «Прошу всех, мужчин и женщин, настоящих и будущих, т.е. ныне здравствующих и будущем рождающихся, если эта глупейшая вещь попадет кому-нибудь в руки, не читайте ее дальше этой страницы. Написаны мерзко, глупо, бездарно, даже бессовестно!» Автор Мусрепов [16], - деген сөздер бар. Бұл жан-далбасалап аман қалудың, қызыл қырғынның қанды шеңгелінен құтылудың бір айла амалы болды. Өз заманымыздың төрінен қарағанда, бұған біз түсіністікпен қарауға тиіспіз.

1956 жылы 26 қыркүйекте Мәдениет министрлігі мен Халық творчествосының үйі Орталық комитетке мынадай ұсыныс жасайды: 1951-1953 жылдары Репертуарлардан көптеген халық әндері мен композиторлардың әндері «ескі, идеологиялық тұрақсыздығына байланысты» деген айыппен алынып тасталған. Осы әндердің кейбіреуін қайта қарап, репертуарларға енгізу үшін комиссия құру  қажеттігіне тоқталады. Сөйтіп әндердің сөзін қайта қарау үшін (ал тыйым салынған әндер саны 102 болатын) 9 адамнан тұрған комиссия құрылып, олар көп әндердің сөзін өзгертуге тапсырма алады. Сонда мәтіндеріндегі сөздер қауіптілігінен көркемдік жағы нашарлығынан, идеясы жоқтықтан тыйым салынған халық  әндері: «Желдірме», «Ахау Нәзік», «Жарым Айдай», «Харарау Қалқаш», «Ай Керім», «Алай Көк», «Кәмшат бөрік». Әкімгерейдің «Сүмбіл шашы», Көкбайдың «Әудем жері», Әлидің «Он алты қызы», А. Лекеровтың «Кестелі ақ жібек орамалы», Қ. Аманжоловтың «Шалқар дариясы» еді. Осындай айыппен К. Қуанышбаевтың «Бет ашары», Қ. Бекхожиннің «Кел шырқайық», «Жерде жанған жұлдыздар», Қ. Мұхамеджановтың «Сағындым ау», І. Есенберлиннің 27 өлеңіне тыйым салынған. 102 мәтіні «дұрыс емес» әндердің 9 - ы пьеса болды, олар: Л. Хамидидың «Песня Лағылы», «Жайлауым бақша сайраған», «Шаттық жыры», «Ержан әні», Е. Брусиловскийдің «Қыз арманы», М. Төлебаевтың «Келші сәулемі, «Қарымбаевтың «Алатау», Әбжановтың «Жар сыры», «Қазақ романсы», т.б. болды[17]. 

А. Жұбанов атына байланысты сын-пікірлерді 1956 жылдың 6-ақпанында өткен КСРО Музыкалық сын комиссиясы мен Кеңестік Композиторлар одағы музыкатанушыларының жиналысының стенограммасынан да танысуға  болады [18]. Көптеген қазақ сазгерлерінің шығармашылығына тұсау болып, талай жылдар бойына көлеңкеде қалуы осылай жүргізілді. 

Тіпті, классикалық шығармалардың өзінен де мін табылды. Мысалы, М. Төлебаевтың «Біржан-Сара», А. Жұбанов пен Л. Хамидидің «Абай» опералары сондай күйге ұшырады. Саяси әшкерелеудің басты құрбаны тұңғыш қазақ музыка зерттеушісі Ахмет Жұбанов болды. Ғалымға жала жабылып, «Біржан-Сарадағы» Біржанның феодалдарға қарсы күресі көрсетілмеген деп кінә тағылды. Сондай - ақ, оның  «Қазақ сазгерлерінің өмірі мен шығармашылығы» атты тұңғыш зерттеу - монографиясы да сыналды. А. Жұбановты әшкерелеуге кім-көрінгеннің тісі бата бермейтіндіктен бұл  іске музыка мамандары кеңінен тартылды. «Казахстанская правда» газеті М. Төлебаевтың «Қазақстан музыка тануындағы бұрыс бағыт туралы» деген сын мақаласын жариялап, А. Жұбановты буржуазияшыл - ұлтшылдығы, панисламист және пантюркистігі үшін айыптады. Сазгердің «Социалистік Қазақстанда» қателіктерін мойындауы оны басқа сыншылардың жабыла шанышқылауынан құтқармады. Республика Сазгерлер одағы қазақ музыкасындағы буржуазияшыл-ұлтшылдық бұрмалаушылық туралы арнайы талқылау жасап, оған Мәскеуден үш өкіл қатынасты. Таңғаларлығы сол, тек А. Жұбановтың ғана мәселесі қаралып, әр шешен өз атынан жаңа эпитеттер табуға тырысты. Баяндамашы П.В. Аравин оған «идеалист, тұрпайы социолог, формалист, буржуазияшыл - ұлтшыл» деген теңеулер тапса, Б.Г. Ерзакович «ұлтшыл, әрі космополит» деп елді таң ғалдырды. Сазгер Иванов - Сокольскийдің А. Жұбановты «музыкатанудағы бекмахановшылдықты дәріптеуші» деп айыптаса,  сыншы В. Мессман мен КСРО Сазгерлер одағының хатшысы М.В. Коваль бірауыздан А. Жұбановты «орыс мәдениетін және орыстарды жек көруші, реакционер» деп кінәлады. Жиналыс қаулысындағы А. Жұбанов Қазақстанның Ресейге өз еркімен және бейбіт жолмен қосылуының прогрестік маңызын жоққа шығарушы, феодалдық-монархиялық қозғалыстардың басшыларын, Абылайды, Кенесарыны тағы басқаларды дәріптеуші деген сөздер айтылды [19].  Дегенмен, 8 - ші наурызда өткен республика сазгерлер одағының басқармасының отырысында А. Жұбановтың 50-жылдығын атап өтуге болмайды, себебі ол партиялық сын-ескертпе алған-делінсе, 1958 жылы Орталық комитеттің идеологтары А. Жұбановтың «КСРО халық артисі» деген атақ алуына қарсы шығып, одақтық атаққа жарамайды деп шешті  [20]. Жалпы 50 - жылдары цензура арқылы жыл сайын 30-дан астам пьеса мен 170 - тен астам ән мәтіндері репертуардан алынып, тыйым салынып отырылды. Осы сәттен бастап Бас репертуар комитетінің немесе оның жергілікті органдарының арнайы рұқсатынсыз бірде - бір шығарма жұртшылық алдында орындалмауы немесе көрсетілмеуі тиіс болды.

Түбегейлі  өзгертуден соң ғана «Сұлу» пьесасына республикалық жасөспірімдер театрында қойылуына рұқсат етілді. Кейбір өзгертулерден  соң А. Тәжібаевтың пьесасы қойылды. М. Хасеновтың пьесасында басты рөлдегі жесір әйел  жағымсыз кейіпкер және өзінің бұрыс іс - әрекетін «адам ол періште емес, барлығымыздың да кемшілігіміз бар» деп түсіндіреді [21]. 

1968 жылы белгілі қазақ режиссері Сұлтан Қожықов «Қыз Жібек» көркем фильмін түсірді. Осы кинофильмге арналып жазылған 20 шақты өлеңнің 4-і ғана алынып, Мәскеу фильмді қатты қысқартқандықтан, шығармашылық топтың көп еңбегі далаға кеткен. «Қыз Жібектің» алдында Мәскеу «Құлагер» көркем фильмін біржолата өткізбей тастаған. Ешбір идеологиялық негізі жоқ осындай туындыларға тыйым салу арқылы, басқа туындыларға ескерту жасалды. Әр ұлттың қандай өнерді тамашалау керектігіне дейін Мәскеу шешіп, ұлттық шовинизмнің айқын көрінісі осылай жүргізілді.

1962 жылғы 3 желтоқсан айында А. Шалабаев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Н.Д. Жанділдинге: «Қазақ КСР Баспасөзде мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі Бас Басқармасының ақпаратын  жеткізіп, онда кейінгі уақытта Алматыда телевизия студиясы, студиядан тыс жерлерден мәтінсіз хабарлар бере бастағанын жазған (сот залынан репортаж, зауыт цехынан тікелей хабар). Мәтінсіз хабарлар ұйымдастыру цензура органының тарапынан да, студия қызметкерлерінің тарапынан да бақылаудың болмауына әкеледі. Осылайша әскери және мемлекеттік құпияларды қорғаудың талаптары бұзылды. Тыйым салынған деректердің жариялануына кінәлілер жазалануы тиіс» деген ақпарат жіберді.

«1962 жылғы  8 ақпанда телекөрермендерге «Алматы экономикалық ауданы  жетіжылдықта» атты хабар көрсетілді. Алматы кеңестік халық шаруашылығы мекемесі өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Поздняков жолдастың  Алматы облысының картасының жанында тұрып сөйлеген сөзі телеэкраннан берілді. Цензураның бақылауынсыз және рұқсатынсыз бұл тақырыптағы аталған хабар эфирге шыққан. Осы жөнсіздіктері үшін телевизияның Алматы студиясының қызметкерлері жазалансын» деген  Шалабаевтың Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне есебі жіберілген [22].

Коммунистік идеология жағдайында цензура партиялық және мемлекеттік аппараттың берік  діңгегіне айналды. Оның көмегімен бүкіл қоғамдық өмірдің, мәдениеттің, бірсарынды реттелуі жүзеге асырылып отырылды, кез келген қарсы келушілік басылып тасталды. Ақыр соңында  бүтін КСРО - дағыдай Қазақстанда да сыртқы әлемнің енуіне  тыйым салынған  біржақты ақпараттар жүйесін қалыптастырушы, орталықтандырылған цензуралық  қысым жүйесі құрылды. Кеңес өкіметі жылдарында «қоғамды бақылау дене, моральдық  және саяси лаңкестікке негізделді», ал «азаматтардың саяси мінез-құлықтарының  нормасы болып, санаға енген қорқыныш пен ресми көзқарастан кішкентай болса да ауытқу қаупі табылды», өйткені ойы, көңіл күйі немесе пиғылы олардың репрессияға ұшырауына себеп болды. Идеология мәселелерін зерттеуші Аркадий Майяның айтуынша: «партия өзінің идеологиясын қорғады, цензураның көмегімен адамдардың ақыл-ойына деген өз  ықпалын қамтамасыз етті» [23].

Билік басындағылар өздері  құрған биік қорғандар мен «темір перделерге» қарамастан, ХХІ ғасырдың категорияларымен ойлана бастаған қоғамның интеллектуалдық элитасы арасындағы терең шыңырау секілді алшақтық сезіле бастады.

Өркениетке қарай даму барысы көрсеткендей кеңестік билік өзінің қорғанушылық-жазалау қызметін ең алдымен қоғамның рухани өміріне (оның негізгі өзегі болып табылатын мәдениетіне) қадағалау жасау арқылы жүргізді. Бұл бағытта саяси цензура ең алдымен билік етуші элитаның мүдделерін қандай жолмен болса да (тіпті кейде заңдық ережелерден алшақ тұратын) қорғауға дайын тұратын әрекеттер мен тәсілдерді қолданды. Қалыптасқан саяси тәртіптің ерекшелігіне сәйкес, кеңес дәуірінде партия мен мемлекеттің ара - жігі болмай олар өзара араласып кетті, коммунистік идеология туындысы ретіндегі кеңестік кезеңдегі саяси цензура қызметі, ең алдымен қоғамдық өмірдің барлық саласына басшылық пен қадағалау жасауды және ақпараттық-творчестволық  үрдістерге қысым жасаудың барлық тәсілін қолдана алатын дүлей күшке ие болды.

Цензураның рухани өмірге араласуы атқарушы билікке, ресми бұқаралық ақпарат құралдарына деген көпшіліктің сенімін жоғалтты, осындай жағдайда  халық бұқарасының ұстанымы мен шынайы көңіл күйін білдіретін  ақиқаттарға зәрулік пайда болды.

 

Әдебиет

1. Капаева А. Культура и политика (Государственная политика в области культуры в Казахстане во второй  половине 1940-1991-гг.). – Алматы:«Атамұра», 2004. – С. 219-220.

2. ҚР ОММ 1740 - қ., 1-т., 8 – іс, 46 - п.

3. ҚР ПМ 708 - қ., 67-т., 76 – іс, 1-п.

4. ҚР ПМ 708 - қ., 29-т., 1384 – іс, 150-п.

5. Кәкішев Т.К. Мерей. Ғылыми-библиографиялық жинақ. - Алматы, 2002. – 1-т. – 260 б.

6. Мағауин М. Ұлт ұраны. Жас Алаш. – 2004. мамыр – 14 б.

7. Идеологическая комиссия ЦК КПСС. 1958 – 1964. Документы. – М., 1998. – с. 2.

8. Бейісқұлов Т. Егемен Қазақстан. – 2003, тамыз. – 3 п.

9. Ергөбек Қ. Арыстар мен ағыстар (әдебиеттану сын әлемі) төртінші кітап.  -  Алматы: «Қазықұрт»,  2003. – 95 б.

10. ҚР ОММ 1778 – қ., 2 – т., 292 – іс, 2 - 3 – пп.

11. ҚР ОММ 1740 – қ., 1 – т., 15 – іс,  246 – п.

12. ҚР ОММ 1740 – қ., 2 – т., 74 – іс, 15 – п.

13. Егемен Қазақстан.  2007, 28 қараша. – 2 – п.

14. Махат Д. Тіл мен діл тағдыры: тарихи деректер, уақыт бедері және ақиқат. – Астана, 2007. - 137 б.

15. ҚР ОММ 1840 - қ., 1 - т., 120 – іс, 11 – п.

16. ҚР ОММ 1778 - қ., 2 - т., 283 – іс, 4 - п.

17. ҚР ПМ 708 - қ., 29 -т., 1377 – іс, 192 - 203 пп

18. ҚР ОММ 1778 - қ., 2 - т., 231 – іс, 14 - п.

19. ҚР ПМ 708 - қ ., 51 - т., 1933 – іс, 5 - 10 - пп.

20. ҚР ПМ 708 - қ., 35 - т., 314 – іс, 31 - п.

21.  ҚР ПМ 708 - қ., 34 - т., 277 – іс, 53 - п.

22. ҚР ПМ 708 - қ., 35 - т., 315 – іс, 70 - п.

23. Маслов Н.И. Тоталитарная система власти и идеология сталинизма // Наше Отечество: опыт политической истории. М., 1991. 246 с.

References

1. Kapaeva A. Culture and Politics (State policy in the sphere of culture in Kazakhstan in the second half-1940-1991 y.). - Almaty "Atamura", 2004. - P. 219-220.
2. QR GMM 1740 - f, 1-t, 8 -.. w, 46 - p.
3. QR PM 708 - f, 67-t, 76 -.. w, 1-p.
4. QR PM 708 - f, 29-t, 1384 -.. w, 150 p
 5. Kakishev.T.Merey. scientific-bibliographic collection. Almaty,  2002. – 1-t. – 260 p.

6. Magauin M. National slogan. Zhas alash.– 2004.may – 14 p.

7. Ideological Commission of the Central Committee of the CPSU. 1958 - 1964. Documents. - M., 1998. - p. 2.

8.Beyiskulov T. Yegemen Kazakhstan. – 2003, August. – 3 p.

9. Ergobek K. Famous and important people ( critics in literature).  -  Almaty: «Kazygurt»,  2003. – 95p. 
10. QR GMM 1778 - f, 2 - m. 292 -. w, 2 - 3 - pp.
11. QR GMM 1740 - f, 1 - m., 15 -. W, 246 - p.
12. QR GMM 1740 - f, 2 - m., 74 -. W,15 - p.

13. Yegemen Kazakhstan.  2007, 28 November. – 2 – p.

14. Makhat D. The fate of the language and tradition: historical facts and truth . – Astana, 2007. - 137 p.
15. QR GMM 1840 -f, 1 - m. 120 -. w, 11 - p.
16. QR GMM 1778 - f, 2 -. T, 283 -. w, 4 - p.
17. QR PM 708 - f, -t 29, 1377 -.. w, 192 - 203 pp.
18. QR GMM 1778 - қ, 2 - t. 231 -. w 14 - p.
19. QR PM 708 - f, 51 - t. 1933 -. w, 5 - 10 - pp.
20. QR PM 708 - f, 35 - t. 314 -. w, 31 - p
21. QR PM 708 - f, 34 - t. 277 -. w, 53 - p
22. QR PM 708 - f, 35 - t. 315 -. w 70 - p
23. Maslov N.I. The totalitarian system of power and the ideology of Stalinism // Our Homeland: Experiences of political history. M., 1991. 246 p.

САНДЫКБАЕВА У.Д.

кандидат философских наук, старший преподаватель факультета Довузовского образования КазНУ им. aль-Фараби

  МУСАГУЛОВА А.Б.

кандидат исторических наук, старший преподаватель факультета

Довузовского образования КазНУ им. aль-Фараби

ВЛИЯНИЕ ИДЕОЛОГИЧЕСКОЙ ЦЕНЗУРЫ 50-60-х гг.

НА НАУКУ, КУЛЬТУРУ И ЛИТЕРАТУРУ

Аннотация

  Цензура привела ограничению и ущемлению гражданских прав, стала началом административного контроля над всей культурной элитой. Подавлялось любая форма сопротивления. Запрет на издание книг, преследование и моральное уничтожение личностей. Изменившийся образ жизни казахов способствовал размыванию культурных традиции и формированию двуличных мировоззрения.Исследован механизм цензуры как самостоятельного социально-политического явления, выяснена сущностно - понятийных характеристик цензуры,определен функции и видовы цензуры, изучен специфика цензуры и ее механизма действия на духовную жизнь страны.Научная новизна статьи заключается в том, что в нейопределены основные черты цензуры, раскрыта противоречивость советской цензуры в Казахстане, представлен детальный анализ механизмов деятельности политической цензуры в период с 1950-1960 гг.

Ключевые слова:  «коммунистическая идеология», «цензура», «тайна государства», «культурная элита», «надзор».

 

SANDYKBAEVA U.D.

al-Farabi KazNU

Faculty of Pre-university Education

Candidate of Philosophical Sciences, SeniorLecturer

MUSSAGULOVA A.B.

al-Farabi KazNU

Faculty of Pre-university Education

Candidate of Historical Sciences, Senior Lecturer

THE INFLUENCE OF IDEOLOGICAL CENSORSHIP OF 50-60IES

ON SCIENCE, CULTURE AND LITERATURE

SUMMARY

   The censorship resulted in limitation and denial of civil rights,  became the beginning of the administrative control over the entire cultural elite. Any form of resistance was subject of suppression. The ban on the publication of books, the persecution and moral destruction of personalities. The changed lifestyle of the Kazakhs contributed to the erosion of cultural traditions and the formation of dual world view. The author studied the mechanism of censorship as a separate socio-political phenomenon, clarified  the essential-conceptual characteristics of censorship, defined functions and types of censorship, studied the specifics of censorship and the mechanism of its effect on the spiritual life of the country. The scientific novelty of the article is in the fact that it defined the basic features of censorship, revealed the inconsistency of Soviet censorship in Kazakhstan, and presented a detailed analysis of the activities mechanism related to political censorship mechanisms in the period from 1950-1960 years.

Keywords: "Communist ideology", "censorship", "state secret", "cultural elite", "supervision".


No comments

To leave comment you must enter or register