Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 94(47+420).082./083 РЕСЕЙ ЖӘНЕ ҰЛЫБРИТАНИЯ ГЕОСАЯСАТЫНДАҒЫ АУҒАНСТАН (XIX ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫ-XX ҒАСЫРДЫҢ БАСЫ)

Кожанов К.Б.

ӘОЖ 94(47+420).082./083 РЕСЕЙ ЖӘНЕ ҰЛЫБРИТАНИЯ ГЕОСАЯСАТЫНДАҒЫ АУҒАНСТАН (XIX ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫ-XX ҒАСЫРДЫҢ БАСЫ)

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2

Author:
Бұл мақалада XIX ғасырдың соңы - XX ғасырдың басындағы Ауғанстандағы геосаяси оқиғалар қарастырылып, мәселеге талдау және сараптама жасалынады. Әсіресе, осы өңірдегі Ұлыбритания және Ресей империясының геосаяси бәскелестігі салыстырмалы түрде қарастырылады. Мақалада аталған екі державаның көрсетілген кезеңдегі Ауғанстандағы стратегиялық және саяси мүдделері ашып көрсетілген. Түйін сөздер: геосаясат, отарлау, Ауғанстан, Ресей, империя, Ұлы Британия, бәсекелестік, халықаралық, қатынас.
Text:

Ауған мәселесі бүгінгі күнгі ха­лық­аралық қатынастардың күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәсе­лелердің бірі. Әлемнің үлкен бөлігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнығуы да осы мәселеге тікелей қатысы бар деп айта аламыз.  Соның ішінде Орталық Азиядағы мем­ле­кеттер үшін де ауған мәселесі ба­рын­ша өзекті болып табылады. Осы уақытқа дейін халықаралық ынтымақ­тас­тық немесе қауіпсіздік ұйым­дары­ның бір де бірі Ауғанстан мә­селесін аттап өткен емес. Әлем­дік қоғамдастықтың басын қос­қан алқалы жиындар да оны ай­на­лып кете алмайды. Соңғы онжылдықта Орталық Шығыс  аймақтарда болып жатқан тарихи жағдайлар шығыстағы мұсылман мемлекеттерінің әлемдік саясаттағы рөлінің ұлғая түскенін білдіреді. Исламдық фактор – геосаясаттың жаңа құбылысы ретінде мемлекеттік саясатты қалыптастыруда және әлемдік державалардың мемлекеттік идеологиясына  шешуші ықпал етіп отыр. Сондықтан халықаралық ахуалда елеулі рөлге ие. Ресейдің орталық шығыстағы  өзінің геостратегиялық аумағындағы ықпалының төмендеуі, 1989 жылы КСРО-ның  өз әскерін Ауғанстан жерінен шығаруы, 1991 жылы КСРО құлағаннан кейінгі Орта Азиядағы жаңадан құрылған тәуелсіз мемлекеттер, сонымен қоса мемлекеттердің жаппай ядролық қаруды игеруге деген ұмтылысы, объективті тұрғыда ислам әлемін жаhандық шиеленістегі эпицентрге ырықсыз айналдырды. Оңтүстік шығыста қалыптасқан тепе-теңдік әлсіреп, өңірде дестабилизация орын алды. Ауғанстанның аумақтық шектесуі мен орналасуы, сол аймақта орналасқан елдердің арасындағы саяси және мәдени қатынастарында да маңызды рөл атқарады.  Осы жағдайда Ауғанстан ғасырлар бойы жетекші орынға ие болатын отарлаушы мемлекеттер мен көрші мемлекеттердің үлкен назарында болды. 18-19 ғасырларда Ауғанстан территориясында тәуелсіз феодалдық жеке князьдықтар өмір сүрді. Олардың арасында  бір-бірімен үнемі жаулаушылық соғыстар болып тұрды. XIX ғасырдың соңында олар біртіндеп біріге бастады, нәтижесінде біртұтас Ауған мемлекетін құрды. Осы зерттеудегі маңызды дерек болып табылатын, Ресей ғалымы әскери географ А.Е. Снесаров өзінің «Афганские уроки» деген еңбегінде Ауғанстандағы Ресей-Британ геосаяси бәсекелестігі және Ауған соғысына сараптама жасайды [1, 1-б.].

XIX ғасырда Ресей-Британ қарым-қатынасы терең өзгерістерді бастан өткізді. XIX ғасыр негізінен Ресей империясы және Ұлыбританияның шығыстағы отарлау экспансиясының күшейген кезеңі болып табылады. Олардың Орта Азиядағы бәсекелестігі, ауқымды және аса маңызды геосаяси көзқарастары  әлдеқашан тарихтың игілігіне айналды, бірақ орыс-ағылшын теке-тіресінің салдарының күні бүгінге дейін  әсері сезіледі. Тарихтан белгілі қазіргі Ауғанстан шекарасы  және бұрынғы Орта Азиялық – Өзбекістан, Түрікменстан және Тәжікстан (кеңестік орта-азиялық республикалар) республикаларының оңтүстік шекарасы осы XIX ғасырда орнатылған болатын. Орталық Азия әрқашан Ресей мен Ұлыбритания империялары үшін әскери-саяси және экономикалық тұрғыда маңызды стратегиялық аймақ болғандықтан екі империя осы өңірде өз мүддесін орнатуға тырысты.  Ресей империясы және Ұлыбритания, яғни екі саяси күш осы кеңістіктегі географиялық орналасу  артықшылықтарын ескере отырып, Орта Азияда өздерінің стратегиялық міндеттерін орындауға тырысты.  Екі держава,  әсіресе Британия осы аймақты өзінің әлемдік саясаттағы рөлін күшейтудегі қажетті  өмірлік  кеңістік ретінде есептеді. Дегенмен, егер бұл аймақ Британия үшін әлемдік гегемонияға жетудегі белгілі бір өтпелі кезең болатын болса, ал Ресей Орталық Азияны өзінің оңтүстік шекарасын әлеуеті мықты агрессордан қорғау үшін негізгі форпост, яғни алдыңғы шебі, ретінде қарастырды. Үндістанда маңызды саяси және стратегиялық артықшылықтарды пайдалана отырып, Ұлыбритания  белсенді түрде Ауғанстанға, Түркістанға қарай жылжуын жалғастырды. Және алдын ала шаралар қолданып сол аймақ жөнінде қажетті толық әскери-географиялық, топографиялық және басқада құпия мағлұматтар жинауға тырысты [2, 112-б.].

Ағылшындықтардың басып алушылық жоспарлары жалғыз Ауғанстанда ғана емес, сондай-ақ Иран, Герат және Орталық Азия хандықтарына да жоспарланған еді. Ұлыбританияның Ауғанстан жерінде саяси бақылау орнатуға тырысуы және тіпті жаулап алу ниеті толық айқын болатын. Ауғанстанның Орталық Азия мәселесіндегі саяси маңыздылыққа ие болуы ең алдымен оның географиялық орналасуына тікелей байланысты болғаны тарихи шындық. Себебі, Ауғанстан транзиттік маңызға да ие болатын. Сондай-ақ Үндістан және Түркістанға баратын халықаралық басты транзиттік өткел жолда Ауғанстан арқылы өтетін. Бұл туралы сонау өткен ғасырлардан жеткен, атап айтқанда ХVI ғ.  Ұлы Моғол династиясының үшінші падишахы Акбардың тарихшысы, қызметші серіктес және министрі Абу-Фааль-и-Аллами: «Қандай да бір еуропалық мемлекет Ауғанстандға ие болатын болса, жер шарының барлық бөлігіне өз үстемдігін орнатады». Ресейдің шығыстанушы ғалымы, әскери географ  А.Е.Снесаров осы мәселеге байланысты былай деген: « Ауғанстанның стратегиялық рөльіоның Үндістан – Англияның аса бағалы колониясына  барар маңызды жолда орналасақандығымен анықталады. Және Үндістаннан шығатын қақпа, жаулаушылықты жүргізуге ынғайлы жалғыз плацдарм (стратегиялық әскери операцияға немесе соғыс бастауға лайық жер). Осы жерден Ауғанстанның стратегиялық рөлі – Үндістанның алдыңғы театры болады»,- деп жазады [3, 2-б.].

  Жергілікті садозайв руынан шыққан  Шуджиуль- Мульк басқарып тұрған тұста, 1808 жылы ақпанда Ауғанстанға алғаш рет ағылшын елшілігі келді. Маунтстюарт Эльфинстон миссиясында Ауғанстанды жан-жақты зерттеп білу, Ауғанстан мен Ұлыбритания арасындағы келісімге қол қою тапсырмаларын орындау мен жүзеге асыру болды. Бұл олардың  халықаралық геосаяси ауқымдағы алғашқы қадамы, яғни Ауғанстанды өз жағына тарту арқылы Орта Азиядағы Ресей империясының билигіне қарсы қою әрекеті болатын. Соған байланысты 1809 жылы Пешавар жерінде ағылшын-ауған келісіміне қол қойылды.  Келісім бойынша егер Франция мен Иран мемлекеті Үндістан жеріне шабуыл жасайтын болса Ауғанстан үкіметі Ұлыбритания жағында соғысуға міндетті болды. Ал Иран мемлекеті Ауған жеріне шабуылдаған жағдайда Ұлыбритания  оларға көмек беруге міндетті болмады. Бірақ бұл келісім жүзеге асқан жоқ. Бірақ келісімнен бірнеше  күн өткен соң Шуджиуль-Мульктің өгей бауыры Махмуд-шах билікті құлатып, нәтижесінде Шуджиуль-Мульк Ауғанстаннан кетіп Пенджап шекарасындағы Лудхианеге қоныс аударуға мәжбүр болды. Алайда Садозай династиясының соңғы басшысы Махмуд-шах билігі 1818 жылы құлап, өзі Гератқа шегініп сонда қайтыс болды.  Кейін Гератты оның ұлы  Камран басқарды. Ауған жері бірнеше хандықтарға бөлініп жатты. Мысалы, Дуррани династиясы алғашқы біртұтас ауған мемлекеті болды. Алайда уақыт өте келе оның мұрагерлерінің кезінде, империя бірнеше жеке патшалықтарға (Пешавар, Кабул, Қандағар және Герат патшалықтары) ыдырап кетті. Дуррани династиясы 76 жыл өмір сүріп  1829 жылы құлады [2, 121-б.].

 Кабулда  1826 жылдан бастап барокзаев тайпасынан шыққан Дост-Мухаммед басқарып келді. 1832 жылы үкімет басына баракзай тайпасынан шыққандар билікке келді. Кабул, Газний князьдықтарының басқарушы әмірі Дост-Мухаммед (1790-1863), Баракзай династиясының негізін қалады. 1838 жылғы Иранның Гератқа шабуылы кезеңінде ағылшындықтардың қысымымен орыс дипломатиясы өзінің ауғандық саясатын тез арада өзгерткен еді. Патшалықтың кішіреюі, сол кездегі Таяу Шығыстағы 1839 жылғы Египет дағдарысында Ресейге ағылшын көмегі керектігімен түсіндіріледі. Ресейдің дипломатиялық, ал Иранның әскери шегінуі Ауғанстандағы ағылшын басқыншы жоспарларына пайдасын тигізді. Англия, бірден Ауғанстанға қарсы соғысты бастап, бірден жаулап алмақшы болды. Сол кезде Ауғанстанда ағылшындықтардың үнді иеліктерімен ортақ шекаралары болмаған, оларды Синд және Пенджаб, тәуелсіз мемлекеттері бөліп жатқан еді. Пенджаб басшысы Ранджит Синг ағылшын әскерлерін Пенджаб территориясынан өткізуден бас тартты, бірақ Ост-Үнді компаниясымен Ауғанстанға қарсы әскери одақ құрады [4, 141-б.].

1838 жылы күзде төрт жылға созылған ағылшын-ауған соғысы басталды. Соғысқа сылтау ретінде ағылшын үкіметі әмір Дост-Мухаммедті  Иран және Ресей империясымен саяси астыртын құпия келісімі үшін айыптады. Әмір Дост-Мухаммед өзінің қарсыласы Ауғанстанда билік еткен Садозай тайпасының көсемі Шуджиуль-Мулькке қарсы күресте  Ресей империясына арқа сүйегісі келді. Орынбор губернаторы  В.А. Перовскийдің адъютанты И.В. Витекевичпен әмір Дост-Мухаммед арасында өзара келісім болды. Ол бойынша  әмір Дост-Мухаммед Ағылшын-Ауған жақындасуына жол бермеу және Иран мен Ресейге қарсы күш біріктірмеу мәселесінде Иран, Кабул және Кандагар князьдықтарымен келісім  жасасты. Келісімде Ресейдің бақылауында толық кепілдік берілді. Соғыс генерал-лейтенант Киннің басшылығымен 22 мың ағылшын әскері Ауғанстанға басып кіруімен басталды. Ауғанстан қорғанысқа 15 мың әскер шығарды. 1839 жылы мамырда ағылшындар Кандагарды жаулап алды, шілдеде Газниді және тамызда Кабулды басып алды.  Нәтижесінде жаңа әмір Шуджиуль-Мульк ағылшындардың күшімен  қайтадан билікке келді де, ағылшындармен келісімге қол қоюға мәжбүр болды. Келісім бойынша Ауғанстан өз тәуелсіздігін жоғалтты. Дост-Мухаммед осы сәтте Иран шахымен және Бұхар хандығының әмірі Насрулламен келіс сөздер жүргізді. Бірақ көмек сұрап келген Дост-Мухаммедті Бұхар әмірі Насрулла тұтқынға алып, тек 1840 жылы сәуірде ғана босатылды. 1840 жылы қараша айында Дост-Мухаммед басшылығымен Ауғанстан әскері Парван жерінде ағылшындарға ойсырата соққы берді. Бірақ Дост-Мухаммед жеңіс алдында тұрған әскерді тастап, Кабулға келіп ағылшындарға тұтқынға өзі берілді.  Әмірдің  не себепті ондай қадамға барғаны, қандай жағдайларға байланысты екені белгісіз қалды. 1841 жылы қарашада Кабулда халық қөтерілісі бұрқ ете қалды. Нәтижесінде ағылшындар Дост-Мухаммедты босату және отанына қайтур туралы келісімге қол қоюға, тұтқындарды босатуға және  Ауғанстанды тастап кетуге мәжбүр болды. 1841 жылы ауғандықтар мен тәжіктер ағылшындарға қарсы бас қосып, террор мен кедейшілікке қарамастан күшті қарсылық көрсетті. Окуппациялық әскердің күйреуі ағылшындықтардың жеңілмес ұранын үзіп, Үндістандағы жағдайын нашарлатты, сондықтан Англия Ауғанстандағы қалған әскерлерін әкетуге міндетті болды. 1842 жылы бес мыңдық ағылшын әскері Кабулды тастап шықты, бірақ Үндістанға барар жолда ауғандық партизандардың қолынан қаза тапты. Ағылшындардың Ауғанстан қалаларындағы барлық дерлік гарнизондары жойылды. 1842 жылы Шуджиуль-Мульк баракзай сардарының қолынан қаза табады. Оның орнына тақ басына баласы Фатх Джанг келеді. 1842 жылы ағылшындар қайта Кабулды алады. Бірақ Кабулды жаулап алғаннан кейін ағылшындарда  қиыншылықтар басталды: барлық жерлерде көтерілістер басталып кетті, ал басып алынған мемлекетте әскер ұстау өте қымбат болғандықтан, әскердің жарты бөлігін Ауғанстаннан қайта кері шығаруға тура келді [4, 150-б.]

  1843 жылдың басында ағылшындар Дост-Мухаммедті босатуға мәжбүр болды. Нәтижесінде екі ел арасындағы соғыс Ұлыбританияның жеңілісімен аяқталды. Ауған әскерінен екі есе көп 30 мың ағылшын әскері өзінің 17 мың адамынан айырылды. 25 млн фунт стерлинг шығын және Орта Азиядағы өзінің мәртебесін төмендетіп алды. Ауғанстанды ағылшын отарына айналдыруға тырысқан соғыс осылайша сәтсіз аяқталды.  Орыстың А.Е. Снесаров және шет елдік әдебиеттерден ағылшын-ауған соғысына байланысты саяси және әскери берілген бағаларды көруге болады: «Тарихта  осы  ағылшын-ауған соғысы сияқты  тіке соғыс бастап, соншалықты мұңды аяқталатын соғыс  мысалдар  барма екен?! [5, 88-б.]  Бұл соғыс Ауғанстан халқының есінде қандай әсер қалдырды? Бұл әрине ағылшындарға пайдасыз болды. Соғыс тек халықтың өз-өзіне деген сенімділігі және мәртебесін көтерді. Альбионның ауған халқының алдындағы күшінің әлсіздігі, әскери дәрменсіздігі және оның Орталық Азиядағы танымал еместігін көрсетіп берді. Өткен  жүз жылдықтың  30-шы және 40-шы жылдарындағы ауған өлеңдерінің жинақтарында  осы ауған-ағылшын соғысына байланысты  естеліктер сақталған. Азияны соғыссыз бағындыру мүмкін емес – ол толық дәлелденген және көп күшті қажет етеді. Соғыс нақты әрі жеңісті болу керек. Бірінші ағылшын-ауған соғысы Ұлыбританяға көп зиян келтірді, олардың беделін түсірді, және тек ауған билігінің  мұқиятсыздығынан Англияға соғыс жолымен емес енді басқа, мемлекет билеушілеріне қолдау білдіру арқылы билегісі келді». Өз міндеттерін шешу жолында ағылшындар жаңа территорияларды тек тікелей әскери жаулаушылықпен емес, сонымен қоса басшыларын сый-құрметпен сатып алу, шантаж, дипломатиялық қысым көрсету сияқты әрекеттерге де барып отырды. 1843 жылы Синдті Ост-Үнді компаниясына бағындырғаннан кейін Ауғанстан ағылшын иеліктерінің тікелей көршісі болды. Біраз уақыт өткен соң Ост-Үнді компаниясы Пенджабты да өзіне бағындырды. Ағылшын өкіметінің астында көптеген ауған тұрғындарымен жерлер қалғандықтан, Ауғанстан басшылары ағылшын экспансиясынан өздерінің тәуелсіздіктеріне тікелей қауіп көрді [4, 158-б.].

1849 жылы Пенджаб бағындырылғаннан кейін, Дост Мұхаммед осы жерлерді қайтаруға тырыспады, ол кішкентай өзбек хандықтарын жаулаумен айналысты. Дост Мұхаммедтің мұндай саясаты Ост-Үнді компаниясына тиімді болды, сондықтан ол оны қолдап, көмек көрсетіп отырды. Англия Иранға қарсы күші болу үшін, Ауғанстанмен достық қатынастарды керек етті. 1855 жылы Пешаверде, Иран мен Ресейге қарсы бағытталған, ағылшын-ауған достық келісіміне қол қойылды. Осы жылы Дост Мүхаммед Кандагарды қосып алғаннан кейін, ағылшындықтар онымен Иранға қарсы бағытталған әскери одақ келісіміне қол қояды. Ост-Үнді компаниясы өз одақтасын 1857-1858 жылдардағы Үндістандағы халық көтерілісін басу үшін пайдаланды. 1863 жылы Дост Мұхаммед өлімі алдында, тек ауғандық Кандагар мен Кабулды ғана емес, сонымен қатар өзбектік Гератты да бағындырып үлгерді. 1874 жылы Англия билігіне Бенджамин Дизраэл бастаған кабинет келді. Үндістандық Британ үкіметі Ауғанстаннан ағылшын президентін қабылдауды және ауған территориясында ағылшындық  тірек пунтктарын салуға рұқсат беруді талап етті. 1877 жылы әмір Шер Али-ханның елшісімен Англия елшісі арасында келіс сөздер жүргізілген болатын. Ағылшын елшісі Ауғандықтардың сыртқы саясатына бақылау орнатуға және оған әмірдің келісім беруін талап етті, бірақ әмір қарсы болды [5, 94-б.].

1878 жылы тамыздың басында Кабулға генерал Н.Г. Столетов бастаған Ресей дипломатиялық елшілері келеді. Генерал Столетовке берілген тапсырма Ресей империясымен Ауған әмірі арасындағы достық қарым-қатынасты орнату және оны күшейтуге ықпал жасау және соның жолдарын қарастыру, құжаттандыру. Әмірге екі ел арасындағы тиімді жақтарды түсіндіру, егер мүмкіндік болса Ұлыбританиямен әскери қақтығысып қалған жағдайда өз қол ұштарын беретіндігін білдірді. 1878 жылы тамыздың 9 күні орыс-ауған келісімінің жоспары дайындалды. Бұл келісім бойынша Ресей империясы Ауғанстанды тәуелсіз мемлекет деп танып, Ауғанстанмен басқа егемен мемлекеттер сияқты бұрыннан келе жатқан әріптесі ретінде мойындап қарым-қатынасты дамытқысы келетіндігін білдірді. Ресей егер Ауған әмірлігіне көмек керек болған жағдайда,  орыс патшасы кез-келген жағдайда көмек беруге уәде етті. Генерал Н.Г. Столетов  бұл жоспарды Ташкентке жеткізді. Бірақ оған қол қойылмады, сондықтан жоспар жүзеге аспады. Себебі 1878 жылы 1 шілде де Берлин қаласындағы конгрессте жаңа трактатқа қол қойылды.

Ағылшындар мың адамнан тұратын Н.Б. Чемберлен елшілігін Кабулда қабылдауды талап етті. Ағылшындар  Шер Али-ханнан Ресей империясымен барлық қатынасты бұзу және орыс елшілерін елден шығарып жіберуді, керісінше ағылшын офицерлеріне кіруге рұқсат етуді талап етті. Қыркүйекте  Ауғанстан қайғылы уақиғаға тап боды. Әмірдің  мұрагері Абдулладжан қайтыс болып, Хайбер жолында келе жатқан ағылшын елшілерін Кабулға кіргізбей қойды. Әмір оларға кейінірек қабылдайтынын жеткізді. Нәтижесінде орыс елшілігінің әмірге қабылданғандығы олардың Ауған жерінде болуы ұзаққа созылуы ағылшындардың қатты наразылығын келтірді.  Нәтижесінде Ағылшындар Ауған жеріне қарулы күшпен кірісуге шешім қабылдады.  Бірінші кезекте елшілерді әмірдің кіргізбеуі Ұлыбритания басшылығының беделін түсірді сондықтан Англия Шер Али-ханнан кешірім сұрауды талап етіп, оған  ультиматум қойды. Бірақ Ағылшындар әмірдің жауабын күтпей 1878 жылы 21 қарашада екінші ауған-ағылшын соғысын бастап кетті [6, 51-б.].

Зерттеуші А. Снесаровтың еңбегінде былай жазылған: «Бұл соғыс ағылшын-орыс саяси бәскелестігінің бірінші және екінші кезеңінің арасында тұрды, дегенмен екінші кезеңге тура келеді. Соғысты бастаған ағылшын басшыларының Ауғанстан үстінен толық билік жүргізуге, бақылау орнатып, Ресей империясының белсенді әрекетін тоқтатуға толық мүмкіндігі болды». Ұлыбритания 60 мыңдық армиясымен Ауғанстан жеріне басып кірді. Олар Кандагар, Джелалабад және Кабулды жаулап алды. Әмір Шер Али-хан  орыс миссиянерлерімен Ауғанстанның солтүстік бөлігіне кетіп қалды. Өзінің орнына мұрагері ұлы Якуб-ханды Кабулға тастап кетті.  1878 жылы 1 желтоқсан айында Әмір Шер Али-хан  өзінің орыс миссиянерлерімен Петербургке баруға ниетті екендігін және сол жақтан халықаралық конгресске баратындығын жеткізді. Конгрессте Ұлыбританияның әрекетін талқылап шешуге тырысатындығын мәлімдеді. Өкінішке орай әмір Шер Али-хан конгресске бара  алмай 1879 жылы 20 ақпанда қайтыс болады. Нәтижесінде орыс елшілері Ауғанстан жерін тастап кетуге мәжбүр болды.

1879 жылы мамыр айында Гандамак аумағында  Якуб-хан  ауған-ағылшын келісіміне қол қойды. Ол келісім бойынша Ауғанстанның оңтүстік бөлігі Британдық Үндістанға берілді. Мемлекет өзінің еркін егемендігінен айырылып, өз бетінше шешім шығара алатын құқығын жойып, сыртқы саясаттағы қарым-қатынас мәселесін Ұлыбритания бақылап отырды. Кабулда ағылшын резидентурасы ашылып оған Луи Каваньяри басшылыққа тағайындалып, 1879 жылы шілде айында Ауғанстанға келді [4, 180-б.].

1880 жылдың басында Әмір Шер Али-ханнің інісі Абдуррахман хан Самархандтан Ауғанстанға келді. 1880 жылағылшындарға келген қосымша күштер ауған жерінде ойран салып, халықтың тыныштығын бұзды. Аюб хан Гератка жүріп кетті. Абдуррахман хан Ұлыбритания тарапынан мойындалды. Келісімге орай Англия өз әскерін Ауғанстаннан шығарды. Бірақ 1880 жыл 31 шілдедегі келісім бойынша Ұлыбритания Ауғанстанның сыртқы саясатына бақылау орнатуға мүмкіндік алды. Ағылшындар талабы бойынша Ауғанстанның оңтүстік бөлігі Британдық Үндістанның құрамына берілді. 1881 жылдың ортасына қарай Абдуррахман ханның билігі Гераттан басқа бүкіл Ауған жеріне таралды. Герат билеушісі Аюб хан ауған әмірімен Кандагар аумағы үшін бір-біріне қарсы соғыстар жүргізді. 1881 жылы қыркүйек айында болған екі үлкен шайқастан соң Абдуррахман хан әскері Кандагарға иелік етті. 1881 жылы қазан айының басында болса Гератты басып алды. Аюб хан Иранға кетуге мәжбүр болды. Сонда 1914 жылы қайтыс болады. Бүкіл Ауғанстан жері Абдуррахман ханның қол астына өтті. Абдуррахман хан Ауғанстан жерінде мықты мемлекет құрды. Ол мемлекеттік аппаратты өте жоғары деңгейге жеткізді, Мемлекеттік шенеуніктерді, қызметкерлерді сонымен қоса әскери  басшылардың қызметін бақылап отыратын таңдаулы құпия полиция әскерін күшейтті.  Сауда керуен жолдары толығымен қауіпсіз болды. Ауқымды сыртқы және ішкі сауда елеулі өсіп жоғары деңгейге жетті. Сауда арқылы мемлекет қазынасына тұрақты тұрде алым-салық түсіп тұрды. Кабулда күміс және мыстан жасалаған тиын ақша жасайтын орын ашылды. Мемлекетте сауда қарым-қатынасы күшейіп, ішкі рынок қалыптасты. Елде жаңа және ескі үлкен қалалар салынды. Ұлттық элита қалыптасты. XIX ғасырдың соңы және XX ғасыр басында Ауғанстанның  жан-жақты күшейуі дәл осы Абдуррахман ханмен тікелей байланысты. 1880 бастап 1901 жылға дейін Абдуррахман хан басқарған тұста Ауғанстан жерінде бір орталыққа бағынған админстративті аппарат, тұрақты әскер, ортақ ақша жүйесі қалыптаса бастаған болатын.

1893 жылы Англия Ауғанстан әмірін күшпен келісімге қол қойдырды. Ол бойынша көптеген шығыстағы пуштундық тайпалар тұратын «Дюранда сызығы» бойынша бөлінген аумақтағы орналасқан елдімекендер   Британ империясының құрамына кірді. 1893 жылы жасалған әділетсіз бұл келісім пуштун тайпаларының бір орталыққа шоғырлануына айтарлықтай кедергі болды. Сонымен қатар бұл ахуал Ауғанстанның экономикалық, мәдени және саяси дамуына да кедергі келтірді. Дәл осы келісім және ағылшындар тарапынан жаулап алынған Пенджаб (1849), ақыр соңында «Пуштун проблемасының» толқуына себеп болды. Бұл қазіргі күнге дейін өзекті мәселелер қатарына жатады [6, 79-б.].

1899 жылы Үндістанның вице корольдігіне Джордж Натаниэль Керзон келді. Ол билікке келген соң, Үндістан территориясында экономикалық реформаларға және шекаралық әскери бақылауға баса назар аударды. Солардың ішіндегі жасалған ең маңызды қадам –  Парсы мен Ауғанстан территориясынан өтетін Каирдан Шанхайға дейін салынып жатқан темір жол құрылысы болатын. Осы құрылыс жұмыстары арқылы Ұлыбритания өзінің маңызды стратегиялық мақсаттарына жететін еді. Біріншіден, таяу шығыстағы Бағдад темір жолының маңыздылығын бейтараптандыру, екіншіден Ресей империясын Парсы жағалауынан  бөліп, олардың Ауғанстан арқылы жүруіне тосқауыл қойды. Бірақ бұл құрылыс жоспары толық жүзеге асқан жоқ.

XX ғасырдың соңына қарай Ресей империясымен Ұлыбритания үкіметі бір-біріне сенімсіздікпен қарауды жалғастыра берді. 1900 жылы Петербург және Лондон қайтадан келіссөз жүргізе бастады. Олардың басты нысанасы - Ауғанстан болатын. 25 қаңтарда Ұлыбритания премьер-министрі және сыртқы істер министрі лорд Солсбериге Ресей сыртқы істер министрі меморандум жариялады.  Онда  Ресей империясы өзінің «Ауғанстанмен келісімдегі мақсаты саяси емес шекаралық негізде мәселелер» деп қойды.  Меморандумда  Ресей императоры «Ауғанстан мәселесінде шекара мәселесін айналып өте алмаймыз, бірақ бұл мәселенің ешқандай саяси астары жоқ» және Ауғанстан  Ресейдің  саяси ықпалындағы аймаққа жатпайтынын  мәлімдеген. 1884 жылы Мервтің Ресей империясына қосылуы Ресей иеліктерін Ауғанстан мемлекетімен шекараласуға алып келді. 1885 жылы лорд Солсбери Ауғанстан мен Ресей арасындағы шекаралық мәселені ауғандық офицерлер арқылы шешуге тырысты.  Бірақ Ресей жағы бұған келісім берген жоқ. 1897 жылы Бұхараның Ресей сауда жолына араласуы және Ауған территориясындағы сауда-экономикалық қатынастардың дамуы «Ресейдің Ауғанстанмен барынша қарым-қатынас орнату қажеттігін көрсетті». Өте күрделі саяси ахуал белең алып тұрған кезде, сол аумақтың көрші мемлекеттермен болып жатқан әртүрлі жағдайларға мән бермеуге болмайтын еді. 1873 жылғы жасалған келісімге қарамастан 1902 жылы Ресей бірнеше рет Ауғанстанмен байланыс орнатуға тырысты. Ресейдің сол кездегі көрші Ауғанстанмен тікелей байланыс орнатуы, Кабулды қиын жағдайға қалдырды [7, 3-б.].

Британияға хабар бере отырып, Ресейдің сыртқы істер министрі әмірге хат жолдады. Ол жерде Ресей мен Ауғанстан арасындағы барынша сауда қарым-қатынасын кеңейту мәселесі және саудагерлерге жаңа сауда жолдарын ашу туралы айтқан болатын. Бірақ бұл ұсынысқа Ауғанстан үкіметі яғни Дурбар сарайы бірден өздерінің келіспейтіндігін жариялады. Хабибулла  хан бұл мәселені қарастыруға қарсы еместігін, бірақ ағылшындық Үндістан үкіметімен ақылдасу керектігін алға тартты. Ресей империясының Ауғанстанмен тікелей қарым-қатынас орнатуға тырысуы ағылшындық Үнді басшылығын қатты үрейлендірді. Осы мәселеге байланысты әмір Хабибулла ханды ағылшын-үнді басшысы лорд  Керзон екі рет Үндістанға шақырған болатын. Бірақ әмір бұған өз келісімін берген жоқ. 1904 жылы 27 қарашада  осыған байланысты Пешавардан ағылшын үкіметіне арнайы елшілікке жіберілді. Ресей консулы Клемм 20 қараша айында ағылшын әскерлерінің Ауғанстан шекарасына шоғырланып жатқанын жариялады [7].

Сондай-ақ 1904 жылы Ұлыбританияда жоспар дайындалды. Ол бойынша Ұлыбритания Ресеймен соғысқан жағдайда шешуші аймақ Орта Азия аумағы болатынын, негізгі соғыс әрекеттері сол жерде өтетіндігі айтылған. Ұлыбритания үшін Ауғанстан енді одақтас мемлекет ретінде болмады, керісінше ағылшын-үнді әскерінің негізгі авангардты болды, саяси және әскери қарым-қатынастың негізі театрына айналды. Ауғанстан Ресей империясымен Ұлыбритания мемлекеті арасындағы буферлік зона болудан қалды. 10 қараша айында ағылшын миссиясы Кабулға келді. Ал 14 желтоқсанда Хабибулла хан ағылшындармен әскери одақ құру жөнінде мәселе көтеріп, Ресейге қарсы бірігіп соғыс жариялаудың жоспарын ұсынды. Ағылшын-үнді үкіметі осы жағдайды пайдалана отырып ауған әмірінің  өздерімен қарым-қатынас орнатуға дайындығын, соғысқа қабілетсіз, дайындықсыз ауған әскерін Ресей әскерлеріне қарсы қою арқылы Үндістан мен Кабул арасындағы байланысты нығайтқысы келді. Хабибулла хан  ағылшындар ұсынған ұсынысқа келіспей, өзінің әкесі ұсынып кеткен жоспарды міндетті деп санады. Бірақ Хабибулла хан ұсынған жоспар Британияның Ауғанстан жеріндегі беделіне нұқсан келтіретін және Үндістан мәселесіне қатысты қауіпті ұсыныстар болатын. Хабибулла хан «орыстардан келетін қауіпті» сылтау ете отырып, өз елінің сыртқы саясатын өзі басқару жөнінде де ұсыныстар жасаған болатын. 21 наурыз айында келісім жасалып оған екі жақтан қол қойылды. Ол бойынша әмірге жылдық зейнетақы тағайындалды және Ұлыбритания Ауғанстанның сыртқы қарым-қатынастарында бақылау орнатты. Ауғанстанға Үндістан арқылы әскер кіргізуге мүмкіндік алды. Бірақ Хабибулла ханның «тәуелсіз билеуші» деп мойындалуы тек қағаз жүзінде ғана еді. А. Гамильтон осы мәселенің нәтижелерін талдай отырып: «Мистер Дэннің  Кабулға келгенге дейінгі және одан кейінгі Ауғанстанның жағдайы аса өзгерген жоқ, тек Ауғанстан әміріне маңызды артықшылықтар берілді, ал ағылшындарға орнына ештеңе берілген жоқ». Гамильтонның берген бағасына қарамастан  лорд  Керзонның үкіметі 1905 жылы ауған әмірінің осы миссияның нәтижесіне риза болғандығын және Хабибулла ханмен болған келісімнің маңызды екендігін жазған болатын. Әмірмен болған кездесу нәтижесі 1907 жылы Хабибулла ханды Үндістанға сапар шегуге алып барды. Осы сапардан соң әмір Ауғанстанның бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде бейтараптығын сақтау үшін Ұлыбритания қамтамасыз ететіндігін және  ашық түрде Ұлыбританиямен  саяси достық қарым-қатынас орнатуға ниетті екендігін білдірді [8, 112-б.].

Біраз уақыт аралығында Ұлыбритания өзі жоспарлаған мақсаттарына толық жете қоймады деп айта аламыз. Алайда әмірмен болған келісімдер Ауғанстанның әлі де Ұлыбританияға тәуелділігін сақтады, екінші жағынан Ресей империясымен ашық теке-тіреске барған жоқ. Себебі Ресейді Германияға қарсы күресте одақтасы ретінде қараған болатын. Егер әмірдің сол жылдарда жеткен жетістіктеріне келер болсақ, біріншіден ол өзіне жаңа міндеттер алды, екіншіден Ұлыбританиядан ақшалай субсидия алып отырды, үшіншіден сөз жүзінде болсада Ауғанстан мемлекет ретінде мойындалып тәуелсіздікке қол жеткізді. XX ғасыр басында Ауғанстанда маңызды әлеуметтік-экономикалық үрдістер болды – ауыл шаруашылығына байланысты мамандықтар дами бастады, қала халқының саны өсті, сауда-сатық ұлғайды және жалпы ауған нарығы қалыптасты. Ауғанстан дүниежүзілік шаруашылық жүйесіне бейімделе бастады. Ресейдің Ауғанстанмен тікелей шекара аралық байланыс орнату ниеті және Ұлыбританияның осы елде өз ықпалын күшейтуге тырысуы, Ауғанстанның XX ғасырда әлі де орыс-ағылшын гео-саяси бәскелестігінің негізгі объектісі болып қалғандығын көрсетеді. Сол уақытта параллельді әлемде өзекті проблемалар пайда болған болатын. XX ғасырда әлемдік аренада үстемдік етуші державалар арасындағы қарама-қайшылық  шырқау шегіне жеткен болатын. Жаңа әскери одақтар құрыла бастады (Антанта және үштік одақ), және осыған байланысты әскери блоктар арасында жаңадан жаппай қырып жоятын қару-жарақ жасау жолына кірісті. XX ғасырдың басында халықаралық аренада қарсылас екі алдыңғы империалистік  державалар  анықталды олар – Англия және Германия болды. Олардың әрқайсысы Ресей империясын өз жағына тартқысы келді. Осы сәтті пайдалана отырып Ұлыбритания Ресеймен Орта Азиядағы проблемалардың ортақ шешімін табуға тырысты. Одан бөлек жоғарыда айтып кеткендей Англия державасы Франция, Ресей империяларымен жаңа жерлерді колониальді отарлаудағы бәскелестік және Германия тарапынан қауіп қатер нәтижесінде Ұлыбританияның жағдайы қиындап, өндіріс монополиясы бәсекелестік нәтижесінде қиратылды. Өзіндегі қиын жағдайды түсіне отырып Англия  мемлекеті Ресей империясымен жақындасуға шешім қабылдады. Осы жерде айта кету керек, Ұлыбритания Ауғанстан мәселесіне келгенде көп артықшылықтарды жоғалтты. Ресей мен  Ауғанстан өзара қарым-қатынастар мәселесіне қатысты ұзақ келісімдерге қарамастан, 1907 жылы ағылшын-орыс конвенциясына қол қойылды. Келісім бойынша Ресей Ұлыбританияның Ауғанстанның сыртқы саясатына бақылау орнатуына және ауған әмірімен тікелей байланыс орнатпауға келісім берді [8,122-б.].

Бірінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында және басталған кезінде ауған  басқарушы жоғарғы биліктегілері Германия және Туркия мемлекеттерімен жақындасуға барынша тырысып бақты. Неміс және түрік агенттері  Ауғанстанды өздеріне тартып, Ресей мен Англияға қарсы қоюға әрекет жасады. Бірақ 1914 жылы ауған әмірі Ауғанстанның бірінші дүниежүзілік соғыста бейтараптық саясат ұстанатынын мәлімдеді. Алайда Ұлыбритания дипломатиясы Хабибулланы одақтастарға қарсы Орта Азиядағы интервенцияға қатысуға көндіруге тырысты. Ағылшындар Ауғанстанды әскери қауіпті аймақ деп сылтауратып, Үндістаннан Ауғанстан арқылы Түркістанға ағылшын әскерін кіргізуге тырысты. Ауғанстан әмірі британдық Үндістандағы вице-корольға хат жолдады. Онда ауған әмірі Парижде болатын бейбіт конференцияға Ауғанстан делегациясын жіберуге рұқсат және онда Ауғанстанның тәуелсіздігін қалпына келтіру мен оны мойындау туралы айтқан болатын. Бірақ әмірдің өтінішін орындаудан бас тартты. Ауғанстанда ағылшын тыңшыларының әрекетімен елдегі басқарушы үкіметке қарсы оппозиция пайда болды. 1919 жылы 20 ақпанның түні әмір Хабибулла қайтыс болды. 21 ақпан күні  Кабул гарнизоны және қала тұрғындары сол жерде билік құрған Хабибулланың ұлы Амануллы ханды әмір етіп сайлады. Әмір Аманулла өзінің мақсаты толық Ауғанстанды тәуелсіз мемлекет дәрежесіне көтеруге тырысып, мемлекет ішін қайта қалпына келтіру керектігін түсінді. Кеңес үкіметі бірінші болып Ауғанстанның тәуелсіздігін және толық егемендігін мойындады және оны ауған үкіметі 1919 жылы 27 наурызда жария етті [9, 221-б.]

Кеңес үкіметінің Ауғанстан тәуелсіздігін мойындауы және кеңес-ауған дипломатиялық қарым-қатынасының орнатылуы Ауғанстанның сыртқы саясатын изолациядан шығарды. Алайда ағылшын үкімет Ауғанстанның тәуелсіздігін мойындаудан бас тартып, Ауғанстанмен соғысқа дайындалды. Аманулла хан ағылшындарға қарсы күресті «джихад» деп атады. 

1919 жылы мамырдың басында «Дюранда сызығы» бойында ағылшын және ауған әскерлері арасында қақтығыс болып, ағылшын авиациясы  ауған шекарасындағы аудандарды бомбалады. 1919 жылы 6 мамырда Англия ресми түрде Ауғанстанға соғыс жариялады. Ағылшындар жақсы қаруланған 340 мың әскер, көптеген брономашина, авиациялар және мықты артиллериялар қолданды. Әскери шабуыл үш бағытта жүрді: Хайбер таулы жолында, Хоста ауданы және оңтүстік Кандагар бойымен  шаубыл жасады.  Ауғанстанның 50 мың әскері ағылшындарға төтеп бере алмады. Бірақта Үндістандағы ұлт-азаттық көтерілістер, ағылшын-ауған арасындағы келісімге алып келді. Ағылшын үкіметі Ауғанстанда өз протекторатын орнатуға тырысты. Ауғанстанның сыртқы саясатын бақылауды талап етті. Бірақ ағылшындар бұл артықшылыққа ие бола алмады. 1919 жылы 8 тамызда Равалпиндида ағылшын-ауған уақытша келісіміне қол қойылды. Ағылшын үкімет амалсыздан Ауғанстан тәуелсіздігін мойындауға мәжбүр болды. [9, 220-б.]

1921 жылы  28 ақпанда Мәскеуде екі мемлекет арасында кеңес-ауған достық келісімі жасалды. Ауған-кеңес өзара келісімі жасалғаннан кейін Ауғанстанның тәуелсіздігін басқа мемлекеттер  мойындай бастады. Ауғанстан тек Кеңес үкіметімен ғана байланыс орнатып қойған жоқ, сонымен қоса Англия, Италия, Франция, Германия, Польша, Бельгия, Туркия, Иран және Египетпен байланыс орнатты. Алайда Ұлыбритания империалистері әлі де болса Ауғанстанда билік жүргізуге тырысты.  Бірақ шығыстағы болып жатқан жағдайлар Ұлыбританияның пайдасына шешілген жоқ. Қызыл армия Закавказьені ағылшын әскерінен азат етті. Түркияда кемалдықтар Анатолида жеңіске жетті және Британдық Үндістанға қарсы Иранда үкіметтік жаңа билік келді. Батыстық тарихшылар айтуынша кеңес-ауған арасындағы келісім  ауғандықтардың негізгі аргументі болды.

Ағылшын-ауған келісіміне 1921 жылы желтоқсанда қол қойылды. Ағылшындармен болған соғыстың сәтті нәтижесі, Ауғанстан тәуелсіздігінің қалпына келтірілуі, ауған сыртқы саясатының ағылшын үстемдігінен босатылуы мемлекеттің жаңа реформалар жасауға, үкіметті бір орталыққа шоғырландыруға және экономикалық дамуға мүмкіндік берді. Мемлекет қазіргі замандағы дүниежүзілік аренаға қадам басты. Ауғанстан жүз жылдар бойы әлемдік ірі державалардың  геосаяси бәскелестігінің және аймақтық ойындардың негізгі алаңы болды [10, 78-б.].

XX ғасырдың екінші жартысында Ауғанстандағы ірі державалардың аймақтық геосаяси ойындарының көбейгендігі соншалық, мемлекетті бітпейтін соғыстар алаңына айналдырды. Ауғанстанмен шекаралас және басқа да мемлекеттердің парадоксальды тұрғыда, бір-біріне қарсы келетін мүдделерін шиеленістіріп жіберді. Ауғанстан сөзсіз қазіргі кездегі дүниежүзілік саясаттың негізгі шешілмеген түйткілді мәселесі болып отыр. Қазіргі уақытта АҚШ және Ұлыбританияның әскерлері сонымен қоса НАТО әскери ұйымы өз мүдделеріне сәйкес Ауғанстанда шоғырланған.

Бүкіл әлемдік қоғамдық ұйымдардың әлемде болып жатқан аумақтық әскери қайшылықтарға белсенді аралысып отырған күнде де ауған мәселесі дүниежүзілік саяси аренадағы ең өзекті мәселелердің бірі болып қала бермек.

Егер проблемаға терең үңілетін болсақ, бұл мәселе тек ауған халқына емес сонымен қоса Ресейдің және тіпті бүкіл елдің назарын аударып отыр.

Қазіргі уақытта Ауғанстанда және көршілес мемлекеттерде болып жатқан жағдайлар, өңірдегі экономикалық және саяси тұрақтылықтың сақталуы дүниежүзілік қоғамдастық үшін аса маңызды. Егер Ауғанстанда түбінде тұрақтылық пен қауіпсіздік орнайтын болса, объективті тұрғыда дүниежүзі үшін де, ауған халқы үшін де тиімді болатындығы ақиқат. Бірақ  әлі де болса ауған мәселесі өз шешімін тапқан жоқ. 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.Снесарев А.Е. Афганские уроки // Российский военный сборник. - М.: ВУ, 2003. – С. 54-61

2.  Ганиев Т.А. Анализ и прогнозирование военно-политической обстановки в зарубежных странах. Республика Афганистан. - Часть 1. - М.: ВУ, 2004. –

3.  Снесарев А.Е. Афганистан //  Шумов С.А.,  Андреев А.Р. Афганская хроника. - М.: Русская панорама, 2002. -

4.  История Афганистана с древнейших времён до наших дней/ Отв. ред. Ю. В. Ганковский. — М.: Мысль, 1982. — 368 с.

5.  Ганиев Т.А. Анализ и прогнозирование военно-политической обстановки в зарубежных странах. Республика Афганистан. Часть 2. М.: ВУ, 2008.

6.  Сальникова А.В. Англо-русское соперничество в Центральной Азии в последней трети XIX — начале XX века: Дисс. ... к.и.н. – город,2009. -

7.  Ганиев Т.А., Бондарь Ю.М., Толмачев С.Г. Анализ и прогнозирование военно-политической обстановки в зарубежных странах. Исламская Республика Иран. - М.: ВУ, 2011.

8.  Hamilton A. Problems of the Middle East. - L., 1909. p. 236.

9. Новая история стран Азии и Африки . XVI-XIX вв. Ч. 3.  Учебник для студ. высш. учеб. заведений / [A. M. Родригес и др. ]; под ред. A. M. Родригеса: в 3 ч. – М.: Гуманитар. изд. центр ВЛАДОС, 2004. – Ч.3. – 511 с. 

10.  Внеш­няя по­лити­ка СССР. Сбор­ник до­кумен­тов. - т. I (917-1920 гг.). - М., 1944.

References:

1.Snesarov А.Е. Afghanskie // Rossiskie voenniy sbornik. - M.: VU, 2003.

2.  Ganiev Т.А. Аnalyz i prognozirovanie  voenno-politicheskoi obstanovki v zarubezhniyx stranax. Respublica Afghanistan. - Chast 1. - М.: VU, 2004.

3.  Snesarov А.Е. Аfghanistan //  ShumovС.А.,  АndreevА.R. Afghanskaya chronica. - М.: Russkaya panorama, 2002.

4.  Istorya Afghanistana s drevneyshix vremen do nashix dney/ Оtv. red. U. V. Gankovskii. — М.: Mysl, 1982. — 368 s.

5.  Ganiev Т.А. Аnalyz i prognozirovanie voenno-politicheskoi obstanovki v zarubezhnix stranax. RespublicaAfghanistan. Chast 2. М.: VU, 2008.

6.  Salnikova А.V. Anglo-russkoe sopernichestvo  v Centralniy  Azii v posledney treti XIX — nachale XX veka: Diss. ... kan.istoricheskix nauk. -  2009.

7.  Ganiev Т.А., Bondar U.М., Тоlmachev S.G., Аnalyz i prognozirovanie voenno-politicheskoi obstanovki v zarubezhnix stranax. Islamskaya Respublica Iran. 11.

8.   Hamilton A., Problems of the Middle East, L., 1909, p. 236.

9.  Novaya istorya stran Azii i Afriki XVI-XIX vv. Chast 3. Uchebnik dlya stud. vissh. ucheb. zavedenii / [A. M. Rodriges i dr. ]; pod red. A. M. Rodrigesa: v 3 ch. – М.: Gumanitar. isd. center VLADOS, 2004. – Ch.3 – 511s. 

10.  Vneshniy politika SSSR. Sbornik dokumentov. - t. I (1917-1920 гг.). - М., 1944.

Кожанов Кайрат Бекбергенович

Магистрант ІІ курса по специальности «История» КазНУ имени аль-Фараби

Афганистан в геополитике России и Британии

( конец XIX - начало XX века)

В   статье рассматриваются и анализируются события в Афганистане конца XIX - начала XX вв., в особенности геополитическое соперничество России и Британии в стране. Раскрываются стратегические интересы этих двух стран в исследуемый период на территории Афганистана.

  Ключевые слова: Геополитика, колонизация, Афганистан, Российская империя, Британская империя, соперничество.

Kozhanov Kairat

Master of second course of the specialty «history»

Al-Farabi Kazakh National University

Afghanistan in the geopolitics of Russia and Britain (End of the XIX and early XX century)

  This article discusses and analyzes the events in Afghanistan late XIX and early XX century, especially the geopolitical rivalry between Russia and Britain in that country. Reveals the strategic interests of those countries during that period the territory of Afghanistan.

  Key words: Geopolitics, colonization, Afghanistan, the Russian Empire, the British Empire, rivalry.

         


No comments

To leave comment you must enter or register