Яндекс.Метрика
Home » Materials » Әлемдік державалардың Каспий мәселесі бойынша ұстанымдары

Төлеуғожин А.

Әлемдік державалардың Каспий мәселесі бойынша ұстанымдары

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2

Tags: Еуроодақ, әлемдік державалар, Каспий теңізі, Каспий мәселесі, Ресей , АҚШ
Author:
Бұл мақалада қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі Каспий теңізінің статусы жайлы әлем мемлекеттерінің негізгі ұстанымдары көрсетілген. Әлемдік алпауыттардың қандай мақсатта қызығушылық танытуда, нені көздейді және алда не болуы мүмкін деген сұрақтарға жауап табу. Жалпы Каспий мәселесіне талдау жасауға ұмтылу болды.
Text:

Әлемдік державалардың Каспий мәселесі бойынша ұстанымдары

Энергетика – қазіргі кез келген экономиканың негізі ғана емес, сонымен бірге, адамзаттың тыныш-тіршілігі мен дамуы үшін аса қажетті табиғи ресурстардың жиынтығы болып табылады. Табиғи қуат көздері кез келген мемлекеттің дамуы, өндірісі мен экономикасын ілгерілетудің алғы шарты.

ХХІ-ғасырда энергетикалық қорларға бай мемлекеттер басқа мемлекеттермен салыстырғанда тиімді жағдайға ие. Кез келген елдің экономикалық дамуы өндіріс орындары мен кәсіпорындар болып табылса, солардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін энергетикалық ресурстар.

АҚШ-тың Каспий аймағындағы саясатының басты мақсаты энергетикалық қауіпсіздікке қол жеткізу және Парсы шығанағынан тасымалданатын энергия көздеріне деген тәуелділікті азайту, осы себептерден 1990-жылдардың басынан АҚШ-тың Каспий теңізі аймағындағы іс-әрекеті белсенді бола түсті, сонымен бірге, АҚШ осы аймақтарда жұмыс істейтін өз мұнай компанияларының да мүддесін қорғауы тиіс [1, 23-24-бб.].

АҚШ әлемдегі ең көп мұнай тұтынатын ел, сондықтан ол Каспий аймағы энергиялық ресурстарын әлемдік нарыққа шығаруға белсенді түрде қатысуын өзінің статегиялық мақсаты деп түсіндіреді.

АҚШ-тың Каспий аймағындағы белсенді экономикалық және саяси іс-әркекеттерінің тағы бір себебі, өзінің бұл аймақтағы басты бәсекелестері Ресей және Иран Ислам Республикаларының жүргізіп отырған саяси бағыттарына қарсы тұру.

Қырғыз саясаткері С.И.Ташматованың пікірінше: «Орта Азиядағы АҚШ-тың саяси белсенділігінің негізгі мақсаты – өзінің негізгі бәсекелестері Ресей Федерациясын, Иран Ислам Республикасын, Қытай Халық Республикасын және болашақта Индияны бұл аймақтан ығыстыру немесе олардың басымдылыққа жетуіне жол бермеу» [2,16-б.].

Халықаралық энергетикалық жөніндегі агенттіктің зерттеуі бойынша 2000 жылдары дүнтежүзіндегі мұнай қажеттілігі күніне 75-80 млн. баррель болса, ол 2020 жылдары 92-97 млн. баррельге жетуі мүмкін. 1999 жылы наурызда АҚШ Конгресі Еуразия құрлығындағы саяси үрдістерде АҚШ-тың рөлін арттыру мақсатында «Жібек жолы» стратегиясын қабылдады. Оның мақсаты осы аймақтағы жаңа тәуелсіз мемлекеттерге басқа мемлекеттердің немесе коалициялардың бақылауын болдырмау. Осы мақсаттарға жету үшін АҚШ-тың сыртқы саясатының аталған аймақтағы негізгі бағыттары айқындалды.

1.  Мемлекеттік билік негіздерін және тәуелсіздікті нығайту, адам құқықтарын қорғайтын демократиялық қоғам орнату.

2.  Интеграциялық үрдістерге қолдау көрсету.

3.  Аймақтық қақтығыстарды шешуге көмек көрсету.

4.  Жаңа тәуелсіз мемлекеттерге либералды экономика құруға көмектесу.

5.  Тәуелсіз мемлекеттерге Еуроатлантикалық кеңестіктегі демократиялық режимдермен қарым-қатынасты дамытуға, Батыс-Шығыс сауда байланыстарын дамытуға, транспорттық коммуникация, білім беру, денсаулық сақтау салаларында жаңа технологияларды енгізуге комектесу [2, 21-б.].

АҚШ стратегиясының негізгі мақсаты, бұл аймақта басқа мемлекеттердің ықпалының күшеюіне жол бермеу.

Ресей бірнеше ғасыр бойы бұл аймақта билік жүргізген мемлекет, АҚШ осы Ресейдің монополиялық билігін әлсіретуді көздейді. Иран өзінің географиялық орналасуымен, мұнай-газ өнеркәсібінің мүмкіндігімен, дамыған транспорттық құрлымымен, аймақ мемлекеттерін өз өнімдерін әлемдік нарыққа шығаратын ең қысқа және арзан бағыттарымен қызықтырады.

1979 жылғы ислам революциясы жеңісінен кейінгі Иран және АҚШ арасындағы келіспеушіліктер бүгінгі күнге дейін жалғасып келе жатқан Иранды оқшаулау саясатының себебі болып табылады.

Каспий бассейініндегі АҚШ-тың басты мақсаты Ресейден басқа бағыттағы мұнай-газ құбырларын салып, Ресей позициясын әлсірету. Сонымен бірге олар Иран территориясы арқылы да мұнай-газ құбырларын салуға қарсы. Себеп, аймақ мемлекеттеріне Иран ықпалының күшеюіне жол бермеу. Каспий аймағындағы мәселелерге АҚШ-тың мұндай көзқарасының болуы экономикалық емес саяси аспектілерден туындауда.

АҚШ-тың сыртқы саясатының тағы бір бағыты аймақтағы жаңа тәуелсіз мемлекеттерге өз энергия қорларын әлемдік нарыққа шығаруға қаржылай көмек көрсету. Мәселенің бұлай қойылуы АҚШ-қа біріншіден, энергия қорларын тасымалдауды бақылауға мүмкіндік берсе, екіншіден бұл мемлекеттердің АҚШ-қа тәуелділігін арттырады. АҚШ-тың мұндай саясаты саяси-экономикалық бәсекелестік ғана емес, аймақ мемлекеттері мен әлемдік державалар арасындағы теке тіреске де алып келуі мүмкін.

1997 жылы «Экономист» журналы ХХІ ғасырда Каспий аймағы «Үлкен ойын» аренасына айналатындығын және ондағы негізгі ойыншылары АҚШ, Ресей, Иран, Қытай болатындығын, олардың әр қайсысы өздерінің ұлттық мүдделеріне жету үшін әрекет ететінін болжаған болатын [3, 99-б.].

АҚШ-тың осындай саясатына қарамастан Ресей Орта Азия және Кавказ энергия қорларын әлемдік нарыққа шығаратын ел болып қалуда. Каспий аймағының әлемдік державалардың шекараларына жақын орналасуы,оның АҚШ үшін маңызын арттыра түседі, АҚШ-тың осы аймақта болуы әлемдік мемлекеттермен қарым-қатынаста тепетеңдікті сақтау үшін оған ауадай қажет.

2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі террористік шабуыл,АҚШ-тың халықаралық терроризмге қарсы жариялаған соғысы және антитеррористік коалициялық күштерінің Ауғанстанға енуі бұл аймақтың геосаяси маңызын арттырды. Өзбекстанда және Қырғызстанда АҚШ әскери базаларының құрылуы АҚШ-тың Орта Азиядағы ықпалын күшейтті.

АҚШ-тың сыртқы саясатының тағы бір стратегиялық бағыты Каспий аймағындағы мұнай қорларын Жерорта теңізіндегі порттармен қосатын мұнай құбырларын салуға қатысу. Каспий энергия қорларын тасымалдау үлкен саяси-экономикалық мәселеге айналуда және оның бірнеше бағыттары бар.

1.  Батыс бағыт. Бұл үш Каспий мемлекеттерін Грузия-Қара теңіз-Түркия арқылы жалпы Еуропалық нарықпен байланыстыратын бағыт. Бұл бағытты АҚШ, Түркия, Израиль және Әзербайжан қолдауда.

2.  Солтүстік Бағыт. Бұл Ресей, Украйна, Белоруссия мұнай магистралдары мүмкіндіктерін пайдаланып Қазақстан және Әзербайжан мұнайын Еуропалық нарыққа шығару. Батыс сарапшыларының пікірінше бұл бағыт Каспий мемлекеттерінің Ресейге тәуелділігін арттыра түседі.

3.  Шығыс бағыт. Бұл Қазақстан, Түркіменстан және Өзбекстан мұнайы мен газын Қытайға тасымалдау. Бұл жоба толықтай іске асса Қытай экономикасының дамуына, тиісінше Қытайдың аймақтағы ықпалының артуына алып келеді.

4.  Оңтүстік-Шығыс бағыт. Бұл Каспий мұнайы мен газын Түркіменстан және Ауғаныстан арқылы Пакстанға одан ары Үнді мұхиты порттарына және экономикасы үлкен көлемде мұнай мен газды қажет ететін Индияға тасымалдау. Бірақ Ауғанстан мен Пакстан жерлеріндегі саяси-экономикалық жағдайлар бұл бағыттың іске асуына кедергі келтіруде.

5.  Оңтүстік бағыт. Бұл Каспий мұнайы мен газын Иран арқылы Парсы шығанағы порттарына тасымалдау. Бағыттың маңыздылығы – Ол ара қашықтықтың қысқалылығы, жобаның арзандығы және Иран мұнай, газ өнеркәсібінің мүмкіндігі [4,146-б.].

Бұл бағыттардың әрқайсысының өз кемшіліктері бар, олар саяси-экономикалық және қауіпсіздік мәселелеріне байланысты болуда.

Жылдам дамып келе жатқан Түркияның экономикасы сыртқы энергетикалық қорларға мұқтаж. Энергетика – Түркияның аймақты геосаяси ойыншы ретінде қайта күшеюінің негіздерінің бірі. Түркия энергетика мәселесін алдағы жылдарда ұтымды шеше алса әлемнің ең мықты он елінің қатарына кіруі мүмкін. Бұл тұста әр түрлі энергия тасымал жолдарының жетілдірілуі маңызды.

Түркия Еуразияның солтүстігінде геосаяси ықпал жүргізетін күш – Ресейдің Каспий мен Орталық Азиядағы саясатын шектеп, шығыстағы көршісі, аймақтық держава – Иран Ислам Республикасының аймақтық саясатына өзгеріс енгізіп, олармен бәсекелесе алатын салмақты ойыншыға айналуда. Түркия Ресейдің немесе Иран Ислам Республикасының табиғи байлығына тәуелді болудан құтылып, оның орнына өзіне мәдени жақын Кавказ және Орта Азия елдерінің энергетикалық қорларына қол жеткізуді жоспарлауда. Түркия Орта Азияның мұнайы мен газының Ресейді немесе Иран Ислам Республикасын айналып өтіп, Еуропаға жеткізілгенін қалайды. Бұл тұста Түркияның мүдделері Ресейдің және Иран Ислам Республикасының мүдделеріне қайшы келуде. Өйткені Ресей Орта Азия мемлекеттерінің өздігімен Еуропаның энергетикалық нарықтарына шыққанын қаламайды. Егер Анкара қазақ және түркімен көмірсутек қорларын Еуропаға жеткізе алса, Түркия Еуропаның негізгі энергетикалық дәлізіне айналуы мүмкін [5,18-б.].

Қаржы дағдары кезінде Еуропа үшін Орта Азияның энергетикалық нарығы екінші орында тұрғандықтан бұл салада Қытай Халық Республикасы шешімді саясаты арқылы Еуропаны басып озуы немесе біраз ығыстыруы мүмкін.

Посткеңестік елдерде, оның ішінде Орта Азияда болып жатқан саяси экономикалық үрдістерге Қытай Халық Республикасыда белсене араласа бастады.Қытай Халық Республикасы экономикасының қарқынды түрде дамуы, Каспий энергия қорларын тасымалдаудың жеңілдігі бұл елдің қызығушылығын арыттыруда. Қытай мемлекеті сонымен бірге, Каспий аймағында АҚШ, Түркия, Еуродақ сияқты елдердің басымдыққа жетуіне жол бермеуге және Каспий мұнай құбырының үнді мұхит порттарына қарай салынбауына мүдделі.

Еуропалық Одақта Каспий аймағындағы маңызды ойыншылардың бірі. Еуропа елдері экономикасының сырттан әкелінетін мұнай мен газға тәуелділігі арта түсуде. Парсы шығанағы мен Таяу Шығыстағы жағдайлар, Ресей мүнайының Еуропаға жеткізілу мәселесі, қазіргі Украинадағы жағдай Еуропа елдері экономикасының осал тұстары болып табылады. Сарапшылардың болжамдары бойынша Еуропа елдері экономикасының сырттан әкелінеті энергия көздеріне тәуелділігі 60% болуы мүмкін.

Еуропалық Одақ посткеңестік елдерінде өзінің ұстанымдарын нығайту үшін «Энергетикалық Хартия» қабылдады. Оның басты мақсаты, жаңа тәуелсіз мемлекеттермен қарым-қатынасты дамыту және Орта Азия мен Кавказ елдерін Еуропадағы саяся экономикалық процесстерге тарту.

Посткеңестік елдерде болып жатқан саяси үрдістерге ХХ-ғасырдың аяғынан бастап Израиль мемлекеті ерекше көңіл бөле бастады. Израильдың Каспий аймағындғы сыртқы саясатының басты мақсаты АҚШ жүргізіп отырған Иранды оқшаулау саясатына қолдау көрсету. Израиль Иранды өзіне басты қауіп төндіретін мемлекет ретінде көреді.

АҚШ, Израиль, Түркия арасындағы тығыз қарым-қатынастың орнауы, олардың Кавказ және Орта Азия мәселесі бойынша сыртқы саясатындағы ортақ бір ұстанымға алып келді. Олардың негізгі мақсаты Ресей позициясын неғұрлым әлсірету және Иранды толықтай оқшаулауға алу.

Израильдың тағы бір мақсаты Әзербайжан мұнайын Түркия арқылы өз еліне жеткізу. Ол Жерорта теңізінің астымен мұнай құбырларын тарту немесе түрік порттарынан танкерлермен жеткізу арқылы жүзеге асуы мүмкін.

Каспий аймағына кірмейтін мемлекеттердің осы аймақтардағы үрдістерге белсенді араласуы Ресей және Иран мемлекеттерінің мүдделеріне қайшы келуде. Ресей әлемдік деңгейдегі держава болса, Иран аймақтық деңгейдегі күшті мемлекет.

Сарапшылардың пікірінше – Каспий энергия қорларына бақылау жүргізу мақсатындағы АҚШ, Ресей, Еуродақ, Қытай сияқты әлемдік державалардың теке тіресі жалғасады.  

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.  Аршинов Ю.Е. Российско–Американское соперничество в регионе Прикаспия. - Саратов, 2013. - С.76.

2.  Ташматова С.И. Политика США в отношений стран Центральной Азий. - Моска, 2008. - С. 84.

3.  Вахиди М.Р. Военное присутствие США в Центральной Азии и Кавказа: позиция России.  Центральная Азия и Кавказ. - Тегеран, 2002. - №37. - 120 с.

4.  Маджтахетзаде П. Безопасность в Центральной Азии. - Москва, 2003. - 235 б.

5.  Момынқұлов Ж. Түркияның энергетикалық саясаты // Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. ЕҒЗИ баяндамалар жинағы. - Алматы, 2014.  -736 б. 


No comments

To leave comment you must enter or register