Яндекс.Метрика
Home » Materials » ЖАНЫ ЖАЙСАҢ, ҚАСИЕТІ КЕМЕЛ КЕҢЕС АҒА

Әбжанов Х.М.

ЖАНЫ ЖАЙСАҢ, ҚАСИЕТІ КЕМЕЛ КЕҢЕС АҒА

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1

Author:
Автор мақалада әйгілі тарихшы К. Нұрпейістің өмірі мен қызметі, ғылыми мұрасы мен ұстаздық еткен жылдарынан жарқын сәттерді еске алу ретінде баяндай келе, академик К. Нұрпейістің тұлғалық және адами болмысын сипаттайды. Түйін сөздер: К. Нұрпейіс, академик, тарихшы, Ғылым Академиясы, Тарих, археология және этнография институты.
Text:

Х.М. ӘБЖАНОВ

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және

этнология институтының директоры,

ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі

ЖАНЫ ЖАЙСАҢ, ҚАСИЕТІ КЕМЕЛ КЕҢЕС АҒА

Аннотация

Автор мақалада әйгілі тарихшы К. Нұрпейістің өмірі мен қызметі, ғылыми мұрасы мен ұстаздық еткен жылдарынан жарқын сәттерді еске алу ретінде баяндай келе, академик К. Нұрпейістің тұлғалық және адами болмысын сипаттайды.

Түйін сөздер: К. Нұрпейіс, академик, тарихшы, Ғылым Академиясы, Тарих, археология және этнография институты.

«Әркім өз заманының перзенті» деген қағидат бар. Негізінен дұрыс сөз. Бірақ заманының ноқтасына басы симайтын, шығармашылық құдіретімен адамдардың санасына, ұстанған құндылықтарына пәрменді әсер еткен ерекше жандар бар екен. Бұлар – нағыз тұлғалар.

Ұлттық тарих ғылымының тамаша тұлғасы Кеңес Нұрпейіс еді. Ол тоталитаризмнің кермек дәмін сәби шағынан татып өсті. 1935 жылғы 15 наурызда Райымбек ауданының Саты ауылында дүниеге келген Кеңес үш жасқа толар-толмастан әкеден айрылды. «Халық жауы» айыптауымен ұсталған Нұрпейіс сол кеткеннен мол кетті. 17 жастан асқанша балалар үйінде, мектеп-интернатта өткен жылдар Кеңестің маңдайынан сипай қоймады.

Қиянат пен әділетсіздікті бастан аз кешпесе де, ол өмірге құлшынысынан, жақсылыққа сенуден бір сәтке көз жазбай есейді. 1952 жылы мектепті бітірісімен Қазақ университетінің тарих факультетіне оқуға түсуі өмірлік кәсібін қапысыз таңдағаны әрі тума талантының көзін ашуға жасаған сәтті қадамы еді.

Еңбек жолын өзі оқыған факультетте ұстаздықпен бастаған К. Нұрпейіс 1958 жылы Қазақстан Ғылым академиясы құрамындағы тарих, археология және этнография институтына жұмысқа ауысып, 2007 жылы 9 желтоқсанда дүниеден озғанша табан аудармай осы ұжымда әлеуметтік-кәсіби кемелденудің бел-белестерінен өтті. Айырмашылығы жер мен көктей екі дәуірдің куәсі болу маңдайына жазылған екен.

Өткен ғасырдың 50-ші жылдары ортасында Қазақстандағы қоғамдық-саяси және мәдени-ғылыми ахуал үлкен өзгерістерге түскені баршаға белгілі. Хрущевтік «жылымық», жеке басқа табынуды сынау, «халық жауларының» ақталуы, қоғам өмірін демократиялауға талпыныс – бәрі қазақ зиялыларына оңтайлы әсер етіп, кәсіби және азаматтық белсенділігін арттырды. Бұл өрлеу студент жастарды да қамтымай қалмады. Азын-аулақ шығармашылық еркіндіктің дәмін татқан олардың біразы кейінде ел таныған тұлғаға айналды, ара-тұра «алпысыншыжылдықтар» деп айдарлайтынымыз және бар. Ұлттық тарих ғылымында «алпысыншыжылдықтардың» алдыңғы легінде Кеңес Нұрпейіс тұрды. Бәрі еңбекпен келді.

1958-1965 жылдары кіші ғылыми қызметкер, 1965-1976 жылдары аға ғылыми қызметкер, 1976 жылдан бөлім меңгерушісі болса, 1989 жылы Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент мүшесі, 2003 жылы толық мүшесі (академик) қатарына сайланды. 1963 жылы тарих ғылымдарының кандидаты атағын иеленді. 1973 жылы 38 жасында тарих ғылымдарының докторы атанды.

Жалпы, 1965-1975 жылдар аралығын Қазақстан тарихы мен тарихшыларының «алтын онжылдығы» десе болғандай. Тап сол аралықта алдыңғы толқын – А. Нүсіпбеков, С. Бейсембаев, Б. Төлепбаев, Г.Ф. Дахшлейгер, Т. Балақаев іргелі монографиясын жазып, докторлық диссертациясын қорғады. Іле-шала бұлардың қатарына болашақ академиктер М. Асылбеков, К. Нұрпейіс, М. Қозыбаев, Р. Сүлейменов қосылды. Қазақстан тарихының бес томдығын даярлау қолға алынды.

Иә, Кеңес Нұрпейіс шын мағынасында қазақ оқығандарының жаңа буын өкілі. Балалық шағында тағдыр тауқыметін аз көрмеген ол әлдекімдер тәрізді өмірге өкпелеуді, жан баласына сенбеуді бойына дарытпай, айналасындағыларға, әсіресе кейінгі жастарға шексіз қамқор ықылас-ниетін сыйлаумен дүниеден өтті. Сөйлеген сөзінен, нұрға толы жүзінен, үлкенге құрметінен ұлтымызга тән қарапайымдылық, нағыз зиялылық лебі есіп тұратын. Қоғамдық-гуманитарлық ғылым салаларынан, әдебиет пен өнерден кемел даярлығы тәнті етуші еді. Кеңкеңнің осынау болмыс-бітімі ғылыми еңбектерінде де жібектей төгіліп түр. Тоталитаризм тұсында большевик В. Куйбышев туралы жазғандарында да, «Қазақстанның шаруалар Советі» монографиясында да, тәуелсіздіктің елең-алаңында жариялаған «Алаш һәм Алаш Орда» кітабында да әйгілі ғалымның кең пейілі, асыра мадақтаудан, жер-жебіріне жете ғайбаттаудан аулақ мінезі, таным тұңғиығына бойлаған еңбекқорлығы тайға таңба басқандай менмұндалап көрінеді.

Ғылым деген шыңның етегінде жүргенде де, асқар биігіне көтерілгенде де К. Нұрпейіс асып-тасуды білген емес. Шығармашылық ізденісті өмірлік болмыс-бітіміне айналдырды. Осы қасиет «Қазақ ССР тарихының» академиялық бестомдығын даярлау және жариялау тұсында айрықша көзге түсті. 1917-1937 жылдарды қамтыған төртінші томның редакциялық алқасына кірді, 100 бетке жуық 2-тарауды бір өзі жазып шықты. Жанкешті еңбек зая кетпеді – 1982 жылы А. Нүсіпбековке, Г.Ф. Дахшлейгерге, Ә. Марғұланға, К. Ақышевке, Б. Әбішеваға, К. Нұрпейіске Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Кеңкеңнің ғылыми таланты тәуелсіздік тұсында мол жемісін берді. Алаш қозғалысы мен оның қайраткерлері, тарихнамасы мен деректері жайлы зерттеулері, орта мектептің 9 және 11 сыныптары үшін жазған «Қазақстан тарихы» оқулықтары тарихи сананы қалыптастыруға, ондағы ақтаңдақтарды жоюға, қазақстандық патриотизмді шыңдауға қосылған мол үлес екені күмәнсіз. Ғалымның қаламынан ұзын-ырғасы 500-ден астам ғылыми және ғылыми-көпшілік еңбектер туды. Осыдан 20 жыл бұрын 1995 жылғы 14 наурызда «Егемен Қазақстан» газеті бетінде академик М. Қозыбаев ағамыз «Кеңес шыққан белес» атты мақаласын жариялап, «Алаш һәм Алаш Орда» монографиясын былайша бағалаған екен: «Автор бұл зерттеуінде қазақ халқының ХХ ғасырдың басындағы тарихын саралай отырып, ұлт азаттық қозғалысының жаңа деңгейін, қазақ халқының зиялы қауым өкілдерінің осы жолдағы қызметін, қазақ мемлекеттігін қалпына келтіру үшін күресін, олардың қилы да қайғылы тағдырын көрсетеді. Кітаптың оқырман жұртшылық үшін маңызы ерекше екенін айтып жату артық болар». Содан беріде еңбектің бағасы арта түспесе, бір мысқал кеміген жоқ.

Кеңес ағамыз ғылымға жаңадан келген жастарды қолдап, қошеметтеп отырғанды ұнататын. Ұзақ жылдар бойы «ҚазССР Ғылым Академиясының хабаршысы. Қоғамдық ғылымдар сериясы» журналының жауапты редакторы қызметін атқарды. Ол уақытта бүкіл республика бойынша жалғыз ғылыми журнал болғандықтан редакция қоржынындағы мақалалар қисапсыз мол екенін айтпай-ақ ұғына беріңіз. Соған да қарамастан, ыңғайын келтіріп, жастардың дүниесін жариялап жатты.

К. Нұрпейістің жетекшілігімен диссертация қорғағандар бір ауылды құраған шығар. Әріптестерінің шәкірттерін де жатырқамайтын. Кандидаттық диссертациясын қорғап, одан әрі ізденісте жүрген талапты жанды «жас пері» деген теңеумен айдарлағанын сан рет естідік. Кезінде Кеңес ағамнан «жас пері» атағын алған Мәмбет Қойгелдиев,Талас Омарбеков, Бүркіт Аяған сынды азаматтар енді Отан тарихы ғылымының басиесіне айналғанының куәсіміз. Ал жаратпаған адамын «Ақымақ жігіт екен» деген бір-ақ ауыз сөзге сыйғызатын.

2007 жылдың қыркүйегінде К. Нұрпейістің жетекшілігімен түркістандық ізденуші Х. Тұрсын докторлық диссертациясын қорғады. Зерттеу тақырыбы Түркістан автономиясындағы ұлттық элитаның тарихы мен тағдыры туралы. Диссертациялық кеңес мені оппоненттікке тағайындаған-тын. Қорғау Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында өтті. Кеңкеңді көптен бері көрмеген едім. Сырқаты қайта мазалап жүр дегенді еститінмін. Рас сөз екен. Жүдеп қалыпты, дауысы да бәсең тартқан. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін, Алматыға келердің алдында ғана шыққан «Қазақстан: тарих, тіл, ұлт» атты кітабымды сыйладым. Әрі-бері ақтарып болган соң, кітаптың мазмұнын көрсетіп:

– Соңғы жылдары жарияланған дүниелеріңді жүйелеген екенсің. Біразын газет-журналдарданжинап, бірпапкагатолтырғанмын. Оны енді ізденушілерімнің біреуіне беремін. Кәдеге жаратсын. Астанаға барғаннан бері екінші тынысың ашылды. Мен де әржылдардағы мақалаларымның басын қосып едім. Бүркіт шығарады ғой, – деді.

Біз көп сөйлесе алмадық. Сырқатының беті қатты екені, жанына бататыны байқалып-ақ тұрды. Кешкі банкетке келмеді. Бұл Кеңес ағаммен ең соңғы жүздесуім екенін мен, әрине, білгем жоқ.

Ғалымның хаты өлмейді. Нағыз ғылыми зерттеу – мәңгілік құндылық. К. Нұрпейіс еңбектері халқымен бірге жасасып келеді. Жақында Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты тұлғалы тарихшының 80 жылдығына орай арнайы конференция өткізді, бір томдық шығармалар жинағын жариялады. Онда 40-тан астам мақалалары топтастырылған. Ұлттық тарихты ұлықтауға олжа салғантұлғаны тану басталды.

Х.М. АБЖАНОВ

директор Института истории и этнологии имени Ч.Ч. Валиханова, д.и.н., профессор, член-корр. НАН РК   

ВЕЛИКОДУШНЫЙ, БЛАГОРОДНЫЙ И ДОБРОДУШНЫЙ

КЕНЕС АГА

Резюме

Статья посвящена ярким страницам жизни и деятельности, научному наследию и преподавательской деятельности выдающегося историка К. Нурпейса. А также автор освещает личностные и человеческие качества академика К. Нурпейса.  

Ключевые слова: К. Нурпеис, академик, историк, Академия Наук, Институт истории, археологии и этнографии.

KH.M. ABZHANOV

Director of the Institute of History and Ethnology named after Ch.Ch. Valikhanov,

Doctor of Historical Sciences, Professor,

Corresponding Member of the NAS RK

THE GENEROUS, NOBLE AND GOOD-NATURED

KENES AGA

Symmary

The article is devoted to the bright moments of life and activity, scientific heritage and teaching activity of the outstanding historian K. Nurpeis. In addition the author highlights the personal and human qualities of the academician K. Nurpeis in historical-journalistic style.

Keywords:K. Nurpeis, Academician, historian, Academy of Science, Institute of History, Archaeology and Ethnography.


No comments

To leave comment you must enter or register