Яндекс.Метрика
Home » Materials » Этникалық және діни сәйкестілік: өзара бірлік және қайшылық мәселелері

Г.О. Ниеталиева

Этникалық және діни сәйкестілік: өзара бірлік және қайшылық мәселелері

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1

Tags: діни сәйкестілік, субэтнос, псевдоисламдық ағымдар, дәстүрлі дін, этномәдени сәйкестілік
Author:
Бұл мақалада этномәдени сәйкестіліктің маңызды құрамдас бөлігі ретіндегі діни сәйкестілікті қалыптастырумен байланысты өзекті мәселелер қарастырылады. Сондай-ақ әлеуметтік өзгерістер жағдайындағы этникалық пен діни сәйкестіліктің бірлігі мен қайшылықтары талданады. Этногенез тұжырымы тұрғысынан псевдодіни көзқарастар негізінде қазақ халқының ішінде субэтностың пайда болу феноменін сипаттауға бастама жасалған.
Text:

УДК 215:39


Сәйкестілік феномені қазіргі жағдайда пәнаралық зерттеудің нысаны ретінде айқындалады. Оның сан қырлы ерекшеліктері философия, әлеуметтік философия, әлеуметтану, әлеуметтік антропология, психология, этнология, т.б. ғылымдардың зерттеу проблематикасы болып табылады.

Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдардың бұл мәселені зерттеудегі мақсаты қоғамның үйлесімді дамуына алғышарт болатын біртұтас әлеуметтік кеңістік қалыптастыру міндетімен байланысты. Яғни, қоғамның әлеуметтік-мәдени сәйкестілігін қалыптастыру міндеті.
Әлем елдерінің басым көпшілігі полиэтносты, поликонфессиялы, көп тілді, көп мәдениетті қоғамдар болғандықтан, кез-келген мемлекеттің алдында тұрған басты міндет — әлеуметтік әртектілігіне қарамастан, қоғам өкілдерінің азаматтық-мемлекеттік сәйкестілігін қалыптастыру. Соның негізінде ішкі бірлігі мықты біртұтас әлеуметті құрылымдау. Себебі ел бірлігі — қуатты мемлекет құрудың басты алғышарты.
Қазіргі тарихи кезеңде әлеуметтік құрылымы әртекті қоғамдарды басқарудың бірқатар үлгілері кездеседі: ассимиляциялық үлгі, «орталық — периферия» үлгісі, мәдени плюрализм, американдық «салат» үлгісі [1].
Аталған үлгілер — түрлі қоғамдардың өз мүшелерінің азаматтық-мемлекеттік сәйкестілігін қалыптастырудың үздік тәсілдерін іздеген сан ғасырлық тәжірибелердің нәтижесі. Әр тәжірибенің артықшылықтары мен кемшіліктері-де жоқ емес.
Дегенмен, жаһан елдерінің ішінде ұлттық мемлекеттердің басымдығы жағдайында өз атақонысында мемлекет құрған қандай да бір этностың басқа этностардың алдында мәдени доминанттық рөлі анықталып, үйлестіруші, жұмылдырушы өзек (ядро) қызметін атқаратындығын байқауға болады. Мәселен, қазақстандық қоғамда да өзінің тарихи атамекенінде мемлекет құрып отырған қазақ халқы ұйыстырушы ұлт ретінде анықталып, жүзден астам этностарды маңына топтастыра білді. Бұл орайда ел бірлігі дегеніміз, ең алдымен, қазақ халқының ішкі бірлігі болмақ.
Яғни, жалпыұлттық азаматтық-сәйкестілікті қалыптастыру формуласында ұйыстырушы этностың этникалық-мәдени сйкестілігін қалыптастыру міндеті негізгі орын алады.
КСРО-ның ыдырауымен посткеңестік кеңістікте даму жолына түскен жаңа тәуелсіз елдердің қоғамдарында сәйкестілікті қалыптастыру саласында күрделі мәселелер анықталды. «Советтік» әмбебап сәйкестілік ендігі аралықта алуан түрлі сәйкестіліктермен алмасты. Егеменді ел болған халықтардың ұлттық сана-сезімдері жаңғырып, тарихи-мәдени тамырын іздеу үрдісі қарқынды жүрді.
Сондай-ақ сыртқы факторлардың ықпалын арттырған жаһандық трансформация жағдайы да сәйкестілікті қалыптастыру мәселесінің өзектілігін еселей түсті. Үздіксіз әрі кең көлемде болып жатқан әлеуметтік-мәдени өзгерістер салдарынан қоғамдық сана құбылмалы әлеуметтік тәжірибелерге тез бейімделе алмай, бірқатар қиындықтарға кездесті.
Жаһандану — ұлттық пен әлемдіктің өзара қайшылығына емес, үйлесіміне негізделген диалектикалық үдеріс. Дегенмен, жаһандық пен ұлттықтың мәдени шекараларының әлсіреуі жағдайында этникалық мәдениеттердің дамуында елеулі өзгерістердің болатыны заңды құбылыс.
Тарихи тамыры терең және мәдени өзегі күшті этностар ғана жаһандық бәсекеде жұтылып кетпей, өзіндік мәдени ерекшелігін сақтап қалады. Сондай-ақ сыртқы қысымның тегеуріні күшейген сайын этникалық қауымдастықтың ішкі бірлігі нығайып, қорғаныс иммунитеті күшейе түседі. «Біз кім болдық?», «Қазір кімбіз?», «Ертең қандай боламыз?» деген әр этнос үшін тағдырлық мәні зор сұрақтардың жауабын іздеу үрдісінің қарқыны артады.
Қалай десек те, азаматтық-мемлекеттік сәйкестіліктің құрамдас бөлігі болып табылатын этникалық сәйкестілік феноменінің маңызы артып келе жатқандығын жоққа шығара алмаймыз.
Әр этнос өзіндік мәдени ерекшелігін анықтап, сәйкестілігін қалыптастыру, сақтау және дамыту міндетіне ерекше мән береді. Этномәдени сәйкестіліктің құрамдас өлшемдерінің қатарында діни сенімнің алатын орны ерекше.
Діни сәйкестілік — өзінің қандай да бір дінге қатыстылығымен анықталатын индивидтік немесе топтық сана-сезімнің түрі. Ол адамзат тәжірибесінде өте ерте қалыптасты және басқа сәйкестіліктердің қалыптасуына ықпал етті.
«Қазіргі әлемде таза күйіндегі генотеизм сирек кездеседі (жапондықтардың синтоизмі, еврейлердің иудаизмі, көне қоғамдардың өркениеттері анклавтарында сақталып қалған бірқатар тайпалар культында). Әлемдік діндер ұлттықтан жоғары және этникалықтан жоғары жағдайға ие болған…
Алайда белгілі бір этнос өкілдері бір дінді ғана ұстануы керек деген ұстанымды таныстыратын діни сенімнің генотеистік формасы құбылмалы түрде этникалық сәйкестіліктің негіздерінің бірі ретінде сақталып келеді» [2].
Діни сенімін ауыстыру ұлтын сатып кеткенмен бірдей қарастырылатын ұстаным көптеген дәстүрлі қоғамдарда әлі-де басымдық алады. Себебі «дін — белгілі бір этникалық қауымдастықтың мәдениетінің бірден-бір маңызды элементі. Тарихи қалыптасқан этномәдени құбылыс ретінде дінді қандай да бір этникалық қауымдастықтың дамуынан тыс қарастыра алмаймыз» [3].
Кез-келген этностың әлеуметтік-тарихи даму барысында қалыптасқан дәстүрлі діни сенімі бар. «Дәстүрлі дін» ұғымының аясында мынадай негіздер жатыр:
— тарихи ұзақ ғұмыры және қоғам тарапынан тарихи рөлінің мойындалуы;
— жергілікті этникалық қауымдастықтың салт-дәстүрімен, дүниетанымымен, менталитетімен қайшылыққа келмей, оның мәдениетіне кіріге отырып, үйлесімді үлгі қалыптастыруы;
— адамның және қоғамның дамуына зиян келтірмеуі;
— қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік институттармен (отбасы, білім мекемелері, билік органдары, т.б.) үйлесімді қызмет етуі.
Сәйкесінше, діни сәйкестілік қандай да бір этностың дәстүрлі діни жолын ұстануын сипаттайтын құбылыс ретінде айқындалады.
«Этникалық қауымдастықтың ежелгі мифологиялық дүниетанымы өркениеттің жетілуімен монотеистік діндерге жол берді. Мифтік түсініктер біржола жоғалып кетпей, оның элементтері қауымдастықтың этномәдени болмысында сақталып қалды. Қоғамда кең таралған монотеистік дін тарихи қалыптасқан этномәдени ерекшеліктермен үйлесім табу үшін оңтайлы қарым-қатынас нүктелерін іздеп, трансформацияланды. Осылайша, буддизмнің жапондық және тибеттік ерекшелігі, исламның араб елдері мен түркі халықтарына сай ерекшелігі, православиенің ресейлік және грузиндік ерекшелігі пайда болды.
Қазіргі жағдайда діндер арасындағы қайшылықтардың басты себебі діни наным-сенімдерде емес. Жаһандану жағдайында бір қоғамнан екінші қоғамға дінмен бірге ілесе келген әртүрлі этникалық қауымдастықтар мәдениетінің (салт-дәстүр, менталитет, дүниетаным, құндылықтар) жергілікті мәдениеттермен үйлесім табу қиындығында» [3].
Дәстүрлі дін — этностың ішкі бірлігін күшейтіп, мәдени сәйкестілігін нығайтатын фактор. Ол — біртұтас, ағза ретінде біріккен этностың мәдениетінде көрініс берген бөтен элементтерге сын көзбен қарап, қорғаныс иммунитетін күшейтетін құрал. Қазіргі даму жағдайында көптеген қауымдастықтардың (мәселен, Түркия, Иран, Швеция, Германия, т.б.) сырттан түрлі мүддемен келген экспансиялардан қорғану мақсатында дәстүрлі діндеріне жүгінулері-де осының айқын дәлелі. Қоғамның түрлі өркениеттердің шабуылынан қорғануда дін әлеуетін пайдалануы, дінді мемлекеттен (биліктен, саясаттан) тыс қарастыратын зайырлы қағиданың ішкі бірлікті нығайту міндеті аясында дінге сенім артуы — бұлар да осы тұжырымымызға дәлел бола алады.
Дегенмен, этностың ішіндегі діни бірліктің бұзылуы қауымдастықтың жіктелуіне-де әкеледі. Бұл мәселеге байланысты Л. Н. Гумилев көптеген этникалық қауымдастықтардың этногенезін талдай келе, тарих сахнасында діни негізде бір этностың бірнеше субэтносқа жіктелген немесе жеке мемлекет ретінде бөлініп шыққан жағдайлары болғандығын айтады [4].
Мәселен, ортағасырлық Францияда гаскондықтар, навварлықтар және альбигойлықтардың мұрагерлері болып табылатын лангедондықтар кальвинизм («гугеноттар» деп те аталады, протестанттық ағым) ағымын қабылдаса, Париж, Лотарингия және орталық Франция тұрғындары рим шіркеуінің сенімінде қалған.
Осылайша, гугеноттар мен католиктер арасындағы діни алшақтық бір этностың ішінде өзіндік мінез-құлық ерекшелігі бар екі субэтносты қалыптастырған. Егер оларға жер бөлініп берілсе, ағылшындардан бөлініп шыққан американдықтар сияқты жаңа этнос шығар еді деген тұжырым жасайды.
Ал IX ғасырдан бастап Бахрейннің бәдәуи тайпасының кейбір өкілдері исмаилиттердің идеологиялық жүйесін қабылдап, Сирияға, Египетке, Иранға тарап кетті.
Сондай-ақ діни, ағым өз сенушілерін біріктіріп, этнос құрған жағдайлар да тарихта кездеседі. Мәселен, Үндістанда ХVI ғ. басында қалыптасқан «Сикх» ағымы (ислам мен индуизм ілімдерінің қоспасындағы синкерттік, ағым) сенушілерінің шығу тегіне қарамастан, өздерін жеке этнос ретінде таныстырған. Алайда мұндай қауымдастықтардың ғұмыры қысқа болып, халифат заманындағы (VІІ-Х ғғ.) мұсылман қауымдастығы сияқты тұрақсыздығы салдарынан бөлініп кетіп жатады.
Қазіргі Қазақстанның діни ахуалы күрделі. Еліміздің этнодемографиялық құрылымы және трансконтиненталдық жағдай Қазақстанды Батыс пен Шығыс өркениеттерінің тартыс алаңы ретінде анықтайды.
Әсіресе, ислам дінінің кең таралуы жағдайында қоғамның діни сәйкестілігін қалыптастыру мәселесінің өзектілігі ерекше байқалады. Халықтың жетпіс пайыздан астамын құрап отырған және мұсылман қауымдастығы болып табылатын түркітілдес этностарды діни сенім тұрғысынан жақындату шаралары жалпыұлттық деңгейде жүргізіліп жатса да, псевдоисламдық радикалды жат идеологиялардың шабуылына қарсы тұру қиындығы сезіледі.
Қоғамды ұйыстырушы негізгі рөлді арқаланған қазақ халқының арасына да діни негізде жік түсіп, ішкі бірлігі бұзылып отыр. Дәстүрлі діни жолын, ата-баба дәстүрін, ұлттық құндылықтарын жоққа шығарып, бөтен, ағымдардың жетегінде кеткен қазақ жастарының қатары азайған жоқ.
«Сәләфилік» псевдоисламдық фундаменталистік, ағымдар қоғамдағы орнын бекітіп келеді. Жоғарыда келтірілген этногенез мысалы аясында қазіргі Қазақстан жағдайында діни негіздегі жаңа субэтностың қалыптасу үрдісін байқауға болады. Өзіндік діни дүниетанымымен, салт-жораларымен, мінез-құлқымен, тілдік лексиконымен және (басқалар үшін жабық сипаттағы) тұрмыстық-шаруашылық ерекшеліктерімен дараланатын діни қауымдастықтың басты идеясы — Ислам Халифатын құру.
Аталған белгілермен қатар «сәләфилік» ағым өкілдерін «қалыптасып келе жатқан (немесе қалыптасқан) субэтнос» деуге басты негіздердің бірі олардың жабықтығымен-де байланысты.
Мамандардың айтуынша, «сәләфилер», көп жағдайда, өз тобының ішінен ғана некелік жұп таңдайтын эндогамды қауымдастық. Бұл жерде байқалатын құбылыс — отбасы мүшелерін, ең алдымен, діни сенімнің байланыстырып тұруы.
Олардың өміртіршілігінде отбасы, дін және еңбек саласы біртұтастықты құрайды. Кәсіптері-де жабық сипатта: отбасылық кірісі, экономикалық-шаруашылық байланысы, қаржы көздері туралы, ақпарат жария етілмейді. Көп жағдайда шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысатын топ мүшелері жұмыс беруші ретінде өзінің діни ортасындағы адамдарды ғана еңбекке тартып, кәсібінің жабықтығын әрі құпиялығын қамтамасыз етеді.
Кәсіп — қаражат көзі болса, қаражат — отбасын асырап, бала санын арттырудың, яғни «көбею» амалының мүмкіндігі. Қазіргі жағдайда еліміздегі билік пен заңнаманы «құрмет тұтатындығын» жиі айтатын «сабырлы сәләфилердің" бар үміті демографиялық жарылыста десе болады. Саны көбейген жағдайда қысымшы топқа айнала отырып, саяси немесе басқа да тәсілдермен билікке ықпалын күшейту мүддесі көрініс береді.
Күнделікті өміртіршілігінде басшылыққа алатын діни негіздегі ережелері мен иерархиялық жүйенің (шейхтардың ерекше мәртебесі, әйелдердің құрал ретіндегі мәртебесі, т.б.) болуы да қауымдастықтың өзіндік ішкі ұйымдық тәртібін, қағидаларын таныстырады.
«Халифат» идеясы аясындағы мүдде жақындығы есебінен еуразиялық кеңістіктегі түрлі лаңкестік және экстремистік ұйым өкілдері трансұлттық жүйе қалыптастыруға да жол ашқан.
Осы мәселе бойынша кешенді зерттеу жүргізген отандық ғалым Ерлан Қарин Орталық Азия кеңістігінде қызмет етіп жатқан, ауған-пәкістан аймағында және Сирия мен Ирак жерінде соғысып жатқан экстремистік және лаңкестік діни ұйымдардың қатарында қазақстандықтардан (соның ішінде қазақтардан) жасақталған арнайы құрылымдардың аз еместігін айтады [5].
Қорыта айтқанда, діни сәйкестілік — этномәдени сәйкестіліктің ажырамас бөлігі. Олардың бірлігі этникалық қауымдастықтың жағымды жай-күйі мен табысты дамуын қамтамасыз етсе, алшақтығы есебінен этностың жіктелуі, тіпті, бір-бірінен бөлек субэтностардың қалыптасуы орын алмақ.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Бирюков С. В. Кризис мультикультурализма и опыт достижения межнационального согласия в Казахстане // Сборник документов и материалов Форума национально-культурных центров народов стран СВМДА в рамках ежегодного республиканского фестиваля дружбы народа Казахстана: «Гражданский Форум по вопросам толерантности стран СВМДА», посвященного 15-летию Астаны. — 28 июня 2013 г., Астана;
2. Шайкемелов М. Религиозная идентификация в структуре казахской идентичности // Мир человека, 1 (51) 2012. — С.61 http://iph.kz/doc/ru/17.pdf;
3. Жақиянов Т. Ж. Қазақстандағы этноконфессиялық қатынастардың ерекшеліктері //Сборник лекций и материалов семинара-тренинга «Реализация государственной этнополитики и регулирование этноконфессиональных отношений в Казахстане» / Под общей ред. Е. Л. Тугжанова, Б. С. Абдрасилова, А. К. Садвокасова. — Астана: Академия государственного управления при Президенте Республики Казахстан, 2012. — Вып.1 — 245 с.;
4. Гумилев Л. Н. Этногенез и биосфера земли. — М.: Айрис-пресс, 2012. — 506 с.;
5. Карин Е. «Солдаты халифата: Мифы и реальность». — Алматы, 2014. — 173 с.

Аннотация

В настоящей статье рассматриваются актуальные проблемы, связанные сформированием религиозной идентичности как одного из основных составляющих этнокультурной идентичности. Также анализируются вопросы единства и противоречия этнической и религиозной идентичности в условиях социальных изменений.

Исходя из теории этногенеза делается попытка описания феномена появления субэтноса внутри казахского народа на основе псевдорелигиозных взглядов.

Ключевые слова: этнокультурная идентичность, религиозная идентичность, субэтнос, традиционная религия, псевдоисламские течения

Abstract

This article analyses actual issues related to the formation of religious identity as one of the main components of ethno-cultural identity.  Also questions of unity and contradictions of ethnic and religious identity under conditions of rapid social changes is considered. Based on the theory of ethnogenesis the author makes an attempt to describe the phenomenon of emergence of subethnos on the basis of pseido-religious views within Kazakh people. 
Keywords: ethno-cultural identity. Religious identity. Subethnos. Traditional religion, Pseudo-Islamism.

Comments
To leave comment you must enter or register

Merei Kanatbekuly17.04.2015, 21:27

Автордың мақаласы өте қызықты тақырып және бүгінгі біздің қоғамдағы өзекті мәселе десе болады. Менің келіспейтінім, автор мысал ретінде сәләфилік ағымды алып көрсетеді және олардың кәсібі жабық сипатта, тек өзара неке құрады деген тұжырымдарды айтады. Біріншіден, сәләфилердің барлығы бірдей емес екенін атап өту қажет. Екіншіден, сәләфилікті қалай түсінеміз, оның түпкі мағынасы қандай деген сұраққа жауап беру. Үшіншіден, қазіргі қоғамдағы жағдайға шынайы анализ жасау сияқты...