Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2022_1_119

ҚАЗАҚ-ЖОҢҒАР КҮРЕСІ КЕЗЕҢІНДЕГІ ТҰЛҒАЛАРДЫҢ ЗЕРТТЕЛУ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕН (ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ЕҢБЕКТЕРДЕ)

ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2022_1_119

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(29), 2022

Tags: жоңғарлар, Абылай хан, Жалаңтөс батыр, Орбұлақ шайқасы, Қабанбай батыр, қазақ халқы
Author:
О.Б. Қуанбай¹*ID, Н.Н. Құрманалина²ID.  
¹Анкара Университеті, Анкара, Түркия. 
²Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Алматы, Қазақстан. 
*Автор-корреспондент. 
Е-mail: olkube89@gmail.com (Қуанбай), nurgulca@mail.ru (Құрманалина)
Аңдатпа. Мақалада қазақ-жоңғар күресінің тұлғалар тарихында көрініс табуы қазіргі қазақстандық еңбектер негізінде қарастырылған. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінің тұлғалар тарихында көрініс табуын зерттеу ауқымды жұмыс. Оның себебі қарастырылып отырған кезеңде, яғни XVІІ-XVІІІ ғғ. қазақ-жоңғар күресіне атсалысқан, елінің азаттығы үшін еңбегін сіңірген белді қайраткерлердің көп болуымен түсіндіріледі. Сондықтан мақала аясында қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінің тұлғалар тарихындағы сипатының тым өзекті деген мәселелеріне көңіл бөлінді. Бұнда қойылған міндетті орындау үшін Жалаңтөс батырдың, Жәңгір ханның, Әбілхайыр ханның, Бөгенбай батыр сияқты тұлғалардың өмір тарихы мен жоңғар басқыншылығына қарсы күрестегі атқарған істерінің жекелеген мәселелеріне талдау жасалды. Бұл жердегі негізгі міндет - алда зерттеуді қажет ететін өзекті проблемалардың көптігіне назар салу. Сонымен қатар зерттеуге байланысты тарихшылардың ой-қорытындыларын мысал ретінде келтіре отырып, болашақта зерттелінуі тиіс басым бағыттарды екшелеп көрсетуге мән берілді. 
Түйін сөздер: қазақ халқы, жоңғарлар, Абылай хан, Жалаңтөс батыр, Орбұлақ шайқасы, Қабанбай батыр.
Text:

Кіріспе. Ел тарихында белді тұлғалардың, яғни «Абылай заманын» алып қарайтын болсақ, хандардың, сұлтандардың, батырлардың т.б. қазақ қоғамында алатын орны ерекше еді. Олардың елін, жерін қорғауға қосқан үлестерін зерделеудің өзі бір ауқымды жұмыс. Бұл жаугершілік заманда Жалаңтөс батыр, Жәңгір хан, Әбілхайыр хан, Бөгенбай сияқты әрбір тұлға ержүрек жауынгер болып та табылған. Олардың қазақ-жоңғар күресі кезеңіндегі өмірі мен қызметі бойынша жекелеген мәселелерінің зерттелуін қарастыру өзекті. Себебі тұлғатану тұрғысынан қайракерлеріміздің әрқайсысын жеке-жеке дәйекті деректер арқылы зерттей түссек, отандық тарихымыздың көкжиегін кеңітетін едік. Ол үшін алдымен осы бағыттағы жасалған жұмыстарды саралап алу қажет.

Материалдар мен әдістер. Мақалада негізгі материалдар мен деректер ретнде 1991 ж. бері қарайғы уақытта жарыққа шыққан қазақстандық зерттеушілердің еңбектері алынды.

Зерттеу әдістері ретінде жалпы гуманитарлық ғылыми зерттеулерде қолданылатын: қорыту, талдау, салыстыру сияқты әдіс-тәсілдер қолданылды.

Талқылау. ХVІІІ ғасыр – батырлар заманы болғандықтан, бұл ғасырдағы тарихи тұлғалардың бәрі дерлік қол бастаған батыр, қолбасшы боп көрінетінін Б. Кәрібаев орынды түйіндеген. Бұл дәуірдегі батырлардан бөлек хандар, билер, жыршы-жыраулар да батыл ер ретінде жер қорғауға өз үлестерін қосқан. Тарихшы батырлар туралы өз ойын жалғап, оларды бірнеше топқа бөліп қарастырғанды оң санаған. Ол егерде жазба деректермен қатар халық ауыз әдебиетінде жиі айтылатын көптеген батырлардың бәрін саралайтын болсақ, онда оларды шартты түрде үш топқа жіктеуге болатынын айтып, былай көрсеткен: «бірінші топқа – есімдері барша жұртқа әйгілі болған халық батырлары жатса, екінші топқа – есімдері тайпа мен тайпалар арасында танымал болған батырлар енеді. Ал ру мен рулар арасында белгілі болған батырларды үшінші топқа жатқызамыз», – деп көрсеткен (Кәрібаев, 2015: 124). Осы жіктеме бойынша бірінші топқа жататындарды жүзге бөлу, тайпалық принцип ұстау сияқты бейберекетсіз жағдайлар кездескенмен, ұлылар бір тайпаның бір жүздің маңдайына симайтындығын М.Қ. Қозыбаев жазды (Қозыбаев, 2001: 8). Автор олардың қатарында Жалаңтөсті атайды. Жалпы, есімі күллі қазаққа белгілі болған, өмірі ел-жұртымызды сыртқы жаудан қорғаумен өткен хандардың, батырлардың, билердің қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі мәселесі шеңберіндегі өмір тарихының кейбір мәселелерінің зерделенуін жеке қарастыруға лайықты.

Зерттеу нәтижелері. Тарихтағы қазақ-жоңғар соғысынан белгілі Жалаңтөс батырдың шығу тегіне байланысты зерттеушілердің көбі оның Алшын-Әлімұлы-Төртқарадан шыққандығын жазады. М.С. Мұқанов: «...знаменитый Жалантос батыр из рода торткара племен алимулы Младшего жуза», - деп жазған (Муканов, 1998: 10). В.З. Галиев те Жалаңтөс батырды алшын деп көрсеткен (Галиев, 2013: 49). Келесі зерттеуде батырдың Алшын-Әлімұлы-Төртқара руынан екендігі көрсетілген (Сабитов, 2016: 110). Ж.М. Сәбитов «Ялангтуш (Жалантос) из рода Алшин» атты Жалаңтөс тұлғасы туралы зерттеу мақаласында оған қатысты бірқатар мәліметтерге талдау жасаған. Ол бір тұлға туралы Ялантуш есімі орыс және ортаазиялық деректерде, ал Жалаңтөс тек қазіргі қазақ шежірелерінде ғана кездесетіндіктен, зерттеуінде бірінші нұсқаны қолданып жазғанын ескертеді (Сабитов, 2016: 100). Ялантуш есімі оған шайқаста сауытсыз күрескені үшін берілуі мүмкін деген ойын автор келтірген. М.Қ. Қозыбаев Жалаңтөстің есімін анасы Ақтұмар көкжал қасқырдың төс етіне жерік болуымен байланыстылығы туралы нұсқаны келтірген (Қозыбаев, 2001: 8). Ж.М. Сәбитовтың ойынша, Жалаңтөстің әкесінің аты Бай-ходжа болғанымен, туысқандары оны Сейітқұл атаған. Онымен қоса автор көрсеткендей, қазақстандық тарихнамада Алшын-Әлімұлы-Төртқарадан шыққан қазақ батыры Жалаңтөс, өзбек тарихнамасында Ялантуш өзбек, ал орыс жылнамаларында ол татар князі ретінде танылған. Зерттеуші ойын қорытындылай келе Ялантуштың қазіргі түсініктегі қазақ та емес, өзбек те емес, өзін алтынордалық Алау әмірдің ұрпағы Алшын деп санағанын, ал оның діни және саяси жағынан сипаты кейін белгіленгенін жазады. Ары қарай автор Жалаңтөстің алғашында өзбек әмірі болғанын, кейін бақылауына қазақтың кейбір көштері (алшын руының) түскеннен соң, оның қазақ батыры ретінде аталғанын алға тартады (Сабитов, 2016: 101). Жалаңтөс батырдың шығу тегіне қатысты зерттеушілер жоғарыдағыдай деректерді келтірген.

Енді батырдың «Орбұлақ шайқасына» қатысуына байланысты мәселелерді қарастыруда Жәңгір ханның 1643 ж. 600 жауынгерімен жоңғарлардың үлкен жасағына (50 мың жауынгер) қарсы шығып, оған Жалаңтөстің 20000 сарбазымен көмекке келгендігі туралы оқиға көпшілікке таныс. Тарихи әдебиеттерде көп айтылып жүрген Батыр қоңтайшының Жәңгір сұлтанмен соғыстары бойынша Н. Мұқаметқанұлы: «іле-шала Жалаңтөс сұлтан екі мың қолмен келіп, көмектесіп, батыр Қоңтайжиді зорлықпен шегіндірді», - деп жазады (Мұқаметқанұлы, 1994: 47). Бұл жердегі ерекшелік, Жалаңтөстің сұлтан аталып көрсетілуімен қатар оның қол астындағы жауынгерлер санының 20 мың емес, екі-ақ мың болғандығы автордың сүйенген дерегінің мағлұматына сай жазылған болуы керек.

Ж.М. Сәбитов Жәңгір ханның бұхарлық ханнан көмек сұрағанын, ал ол көмекке Бұхарадан Жалаңтөс әскерін, Самарқаннан өзінің ұлы Абдал Әзиздің жасағын және Әндіжаннан Әбдірахман Үйсіннің жауынгерлерін жібергенін көрсеткен. Автордың ұсынған нұсқасында оқиға желісі бойынша қазақ пен жоңғар шайқасының соңына таман тек Жалаңтөс жасағы келіп жеткен. Оның себебі ретінде Жалаңтөстің 1630-жж. соңы мен 1640-жж. Кіші жүз қазақтарына құрамындағы Алшын тайпалық бірлестігінің бейресми көшбасшысы болғандықтан, жоңғарлармен соғысқа басқа бұхарлық әмірлермен салыстырғанда белсене қатысқандығы түсіндірілген (Сабитов, 2016: 106, 111). Ж.М. Сәбитов бұл деректер бойынша Бартонға (Burton) сілтеме жасаған, себебі оның ойынша, Бартон Бахр әл-Асрар Махмұд Бен Уәли деректеріне сүйеніп жазған. Ал Ә. Хасеновтың ойынша, Бұқар әскерінің бұл оқиғаға қатысы болмаған және Жалаңтөс Самарқаннан келмеген, олар қазақ жасақтары болған. Ә. Хасенов сонымен қатар Жәңгір жасағы санының 600 адамнан әлдеқайда көп болғандығы туралы ой-тұжырымын берген (Хасенов, 1994: 32). Бұл жерде автор нақты дерекке сүйенгендігін көрсетпейді. Келесі еңбекте Жалаңтөс Жәңгірдің Самарқандағы досы ретінде беріледі (Кәрібаев, 2016: 137). С. Мадуанов: «во второй половине 40-х первой половины 50-х гг. XVІІ в. наблюдается совместная борьба казахов, кыргызов и узбеков против натиска Джунгарии», - деп көрсетті (Мадуанов, 1995: 35). Автордың 1640-50 жж. Жоңғар хандығының шабуылына қарсы қазақтар қырғыздармен, өзбектермен бірлесіп күрескендігі туралы пікірі қырғыз тарихшылары тарапынан қолдауға ие болған.

В. Галиевтің ойынша, 1643 ж. қазақ-жоңғар соғысы төрт жылға созылған, ол: «началась новая казахско-джунгарская война, длившаяся четыре года. В 1643 г. Батур захватил земли двух больших казахских и киргизских родов», - деп жазған (Галиев, 2001: 55). Б. Кәрібаевтың зерттеу мақаласында Батыр қоңтайшының қазақтарға қарсы жорығы 1643 жылдың қысында басталып, 1644 жылдың жазының ортасына дейін созылғандығы көрсетілген (Кәрібаев, 2016: 137). А. Жұмаділдің пайымдауынша, Орбұлақ шайқасы 1643 ж. бастап 1647 ж. дейін үш жыл бойы созылған (Мұхатова, 2002: 34). Бұл шайқастың мерзіміне қатысты көпшілік авторлар оның 3-4 жылға созылғандығын жазды.

Ендігі кезекте Орбұлақ шайқасының басты тұлғаларының бірі Жәңгір ханның өмірі мен қызметіне байланысты жүргізілген зерттеулерде Жәңгірдің Есім ханның ұлы екендігі айтылады. Оған қатысты тарихшы Б. Кәрібаев «Жәңгір хан және XVІІ ғ. қазақ-жоңғар қатынастары мәселелері» мақаласында Жәңгір ханның шын есімі – Жаһангер (парсыша «әлемді бағындырушы, билеуші») екендігін жазды. Автор тарихнамалық жағынан қарастырып, Жәңгір ханның тұтқынға түсу және оның тұтқыннан босатылуы мәселелеріне талдау жасаған. Ол бұған дейінгі зерттеушілердің Жәңгірді жоңғар тұтқынынан ретін тауып қашып шыққан немесе кездейсоқ сәтті жағдай оның жоңғар тұтқынынан босауына әсер еткендігі туралы тұжырымдар болғанын алға тартқан. Тарихшының пікірінше, Жәңгір ханның бостандыққа шығуына Батыр қоңтайшы мен Жоңғариядағы оған қарсы билік тобы арасындағы қайшылықтар әсерін тигізген. Автор Жәңгір ханның билікке келген нақты жылының 1643-1644 жж. сай келетінін көрсетті (Кәрібаев, 2016: 136, 139). Бұл мәселеде нақты деректерді қолданған өзге зерттеушілердің мағлұматтары кездеспеді.

Жәңгір ханның өліміне қатысты И.Я. Златкин оның Очирту-Цецен ханның 17 жасар ұлы Галдаммен жекпе-жекте қайтыс болғанын жазды (Златкин, 1964: 132). Н.Ә. Атығаев Жәңгір хан 1652 жылы жоңғарлармен шайқаста қаза болғанын және оны бұл шайқаста өлтірген жоңғардың батырларының бірі 17 жасар Галдамбаның есімі осыдан кейін аңызға айналғанын көрсетеді (Атығаев, 2015: 249). М.Х. Әбусейітова 1651 ж. оқиғалар қамтылған Зая Бандиданың хроникасында жорық кезінде 17 жасар Галдамның Жәңгірді өлтіргендігі көрсетілгенін жазады (Абусеитова, 1998: 206). Бұл жерде оқиғаның болған жылында айырмашылық бар. А. Сейдімбек: «джунгары в 1652 г. нанесли поражение казахским войскам. В этом сражении погиб славный хан Жангир», - деп жазған (Сейдимбек, 2001: 80). К. Аманжолов пен А. Тасболатов: «Ойрат шежірешісі Зая-Пандиттің айтуынша, жорық 1652 ж. ғана басталды. Осы жорықта 17 жасар Қалдан Церен Жәңгірді өлтірді», - деп көрсетеді (Аманжолов, 1999: 125). Сол сияқты М.О. Серкпаев оқу құралында Зая Бандида жазды деп, 1652 ж. жорықта 17 жасар Галдан Церен Жәңгір ханды өлтіргендігін көрсеткен (Жумадил, 2015: 22). Алайда бұл жерде Қалдан Церен емес, Галдамба болғаны деректерде берілген. Авторлардың хронологиялық жағына мән бермей көрсеткені қателік тудырған. Оның үстіне жоғарыдағы зерттеушілердің барлығы бірдей тікелей Зая Бандиданың еңбегімен жұмыс жасамағандықтан, (тек И.Я Златкин өзге тілдегі Зая Бандиданың мәтінімен жұмыс жасағанын байқауымызға болады) олардың берген мәліметтері бір жерден шықпаған. Мәселеге қатысты З. Қинаятұлы «Зая Бандида және қазақ тарихы» атты мақаласында: «Очирт цецен ханның екінші ұлы 17 жасар Галдамба 1652 жылы қазақтармен болған ұрыста қазақтың ханы Жәңгірді өлтірді. 1658 жылы Бұхара қаласының әскер басы Әбшүкірдің 38000 қолымен шайқасып, Көксайда оны өлтірді. Осы кезден бастап оның абырой атағы төрт Ойратқа тарады», - деп Зая Бандида дерегінен алғанын көрсеткен. Автор аталған мәліметтің қазақ тарихи және көркем әдебиетінде мойындалмай келетінін, оған қатысты: 1) хан жекпе-жекке шықпайды; 2) әйгілі салқам Жәңгірдің тәжірибесіз жігіттен өлуі мүмкін емес – деген қисындар алға тартылатынын көрсеткен. Бұларға қарсы З. Қинаятұлы өз тұжырымдарын ұсынған: 1) моңғол жазылымында жекпе-жек туралы сөз болмайды; 2) Жәңгірдің өлген жылы (1652) моңғол деректерімен сайма-сай келеді; 3) Галдамба оңай қарсылас болмаған (Қинаятұлы, 2003: 39). Моңғол тілін жетік меңгерген тарихшы осындай қорытындыларын ұсынған. Бұл еңбек 2003 ж. жарық көрген, содан бері зерттеушілер тарапынан ғалымның жасаған ой-тұжырымдарының мойындалғаны байқалады. Тек бұл мәліметті жеткізу барысында, жоғарыда талдап кеткеніміздей, азды-көпті кемшіліктер жіберілген.

Ал А.С. Сейдімбек өз еңбегінде 1640-жж. қазақ-жоңғар соғысын спартандықтардың шайқасымен салыстырып, ұқсастырған: «в 1644 году во главе 600 отважных воинов Жангир нанес сокрушительное поражение 50-тысячной армии джунгар. (Такие факты имеют аналоги лишь в случае с 300-ми спартанцами, удержавшими войска Дария)» (Сейдимбек, 2001: 80). Қазіргі кезде Орбұлақ шайқасындағы қазақтар жағының ерекше ерлік көрсеткендігі туралы қорытындылар көп кездеседі.

Келесі бір күрделі проблема, Тәуке хан өлімінен кейін қазақтың қай ханының аға хан ретінде сайланғандығы жөніндегі мәселе болып табылады. Бұған қатысты да көптеген зерттеушілердің түрлі пікірлері еңбектерде көрініс тапқан. И.В. Ерофееваның: «…старшим казахским ханам Тауке (1680-1715), Каипу (1715-1718) и Абулхаиру (после 1718-1748) все труднее и труднее было сдерживать сепаратистские устремления других ханов и султанов», - дейді (Масанов, 2001: 168). Оның ой-тұжырымы бойынша Тәуке, Қайып, Әбілхайыр бірінен соң бірі аға хан болған. Тәуке ханнан соң үш жыл мерзім шамасында Қайып аға хан болған, ал одан кейін 1718 ж. бастап өмірінің соңына дейін Әбілхайыр аға хан міндетін атқырған және аталған хандар үшін басқа хандар мен сұлтандардың үдесінен шығу жыл өткен сайын қиын болған. Өзге еңбектерде Әбілхайырдың аға хан болып Қарақұмда сайланғандығы айтылады (Қазақстан тарихы, 2010: 126) (Галиев, 2007: 20). Ал 1726 ж. Ордабасы жерінде кезіндегі Қарақұмдағыдай үш жүздің басы қосылған жиын өткендігін ерекшелеген кейбір авторлар бас қолбасшы болып Кіші жүз билеушісі Әбілхайыр сайланғаны туралы да жеткізді. Басқа жұмыстарда да әскербасы болып Әбілхайыр сайланғаны көрсетілді (Тынышпаев, 1991: 146) (Қазақстан тарихы, 2010: 138). Ж.С. Мажитова хандарды сайлаудың формальді еместігі ХVІІІ ғ. 20-жж. соңында қазақ-жоңғар соғыстарының тиімді нәтижесінде ру ақсүйектерінің жалпықазақтық съезінде әскери жасақты басқарған Әбілхайыр ханды сайлауға шынайы мүмкіндік беруі тарихтағы үлгі болып саналатындығын келітіріп, жоғарыдағы авторлар ойын қолдаған (Мажитова, 2014: 163). Бұл мәселеде негізінен М. Тынышбаевтың қорытындысы қолдауға ие болғаны байқалады. Әбілхайырдың аға хан болып сайлану уақытына қатысты кейбір зерттеушілердің пікірлерінде айырмашылықтар болғанымен, оның Ордабасы кездесуінде бас қолбасшы болып сайланғаны бірауыздан қолдау тапқан.

Кеңестік империя ғалымдары Әбілхайырдың рөлін жоғары бағалағанын К. Данияров көрсеткен. Ал автордың өзінің ойынша, Әбілхайыр сатқын болған. Оның жазғанын сөзбе-сөз көрсетсек: «историческая наука Советской империи, являющаяся, по существу, историей Российской империи возносила Абулхаира, как высоко возносила и предателей других народов и государств». Оған қоса автор Әбілхайырға тұлға ретінде берген бағасында оны теріс жағынан сипаттаған. Ол: «...предатель казахского народа и государства, причинившем большой ущерб казахскому народу в период джунгарского нашествия, сепаратисте Абулхаир-хане», - деп айыптаған (Данияров, 1998: 44). Келесі еңбегінде де автор Аңырақай түбіндегі шайқаста қазақ жауынгерін Әбілхайыр ханның басқарғандығы жөніндегі пікір шындыққа жанаспайтындығын көрсеткен. Сонымен қатар, автордың пікірінше, Әбілхайыр хан жоңғарларға қарсы бар қазақтың бірлескен күресіндегі Кіші жүздің тигізген үлесін ғана кемітіп қоймай, тіптен бұл істе орасан зор зиянын тигізген. Бұл, оның ойынша, ханға берілген объективті баға болмақ. Және де тарихшы Әбілхайыр ханның 1718 ж. Тәуке хан өлімінен соң Қазақ хандығының жүздерге бөлінуіне атсалысқанын, жүздің хандықтан бөлініп, Ресейге ерікті түрде қосылуы туралы шешім қабылдағанын айыптаған (Данияров, 2001: 186). Ол зерттеуін жазу барысында А.И. Левшиннің еңбегін негізге ала отырып, тарихи оқиғаларды өрбіткені көрінеді. Ал Әбілхайырдың тұлғалық қасиеттерінің зерттелуіне мән берген зерттеуш О. Мұхатова өзінің XVІІІ-ХХ ғғ. Қазақстан тарихнамасына арнаған еңбегінде орыс тарихнамасында Әбілхайыр хан жағымсыз жағынан сипатталғандығын, Л. Мейер, М. Красовский, С.В. Жуковский еңбектерінде Әбілқайыр хан біржақты мансапқор, жайдақ, жалған пікірлерге бой ұрған, жеке басын күйіттеген, мәселенің байыбына терең бара алмайтын билеуші ретінде баса көрсетілгендігін зерделеген. Автор мұндай пікірлермен келісу қиын екендігін ескеріп, XVІІІ ғасырдың 30-жылдарындағы қазақ даласында, соның ішінде Кіші жүзде орын алған тарихи-саяси ахуал, сондай-ақ Әбілхайыр ханның іс-әрекеті тың деректер арқылы шынайы бағасын алуға тиіс мәселе екендігін орынды көрсете білген (Мұхатова, 2002: 11). Әбілхайыр тұлғасын зерттеу проблемасына қатысты өзге де дерек түрлерінің баршылық екенін баса айтқымыз келеді. Жалпы, Әбілхайыр ханның тарихи тұрғыда тұлғалық келбеті және қызметі жайлы деректер көптеген еңбектерде кездеседі. Оған арналған арнайы зерттеу монографиясы да бар. Әбілхайырдың тұлғасы біраз еңбектерде екі жақты сипатталған. Әйткенмен оның еліне сіңірген еңбегі зор екені белгілі. Мәселеге қатысты келтірілген тұжырымдардың баршасын қарастырып, саралай отырып, барынша шынайы бағасын беру ісі – алдағы жұмыстардың бір парасы.

«Ақтабан шұбырынды» жылдары ел ішінен есімі ерекшеленіп танылған бірнеше Бөкенбай (Бөгенбай) деген батырлар болғандығына зерттеушілер назар аударған (Қазақ ру-тайпаларының тарихы, 2006: 350). Бұл батырларды бір-бірінен айырып, жасаған қызметтерін ажыратып зерттеудің қажеттілігін көрсетеді. Бөгенбай батырларға С. Қарамендин, С. Боранбаев сияқты авторлар өз жұмыстарын арнаған (Қарамендин, 1991) (Боранбаев, 1992). Ал Н. Жетпісбай Қарақұмда жауға қарсы күрес үшін елді рухтандырып, дәл сол жоңғарларға қарсы бар күшті сарп етіп, тойтарыс беруге үгіттеген табын Бөгенбай батыр болғанын зерттеулерінде көрсетіп жүр (Жетпісбай, 2006). Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі мәселесінде Бөгенбай есімді батырға қатысты мәліметтер көп. Мысалы, жекелеген зерттеушілердің еңбектерінде «мы бегали тогда от калмыков, башкирцев, казаков сибирских и яицких как зайцы от борзых собак» сөздерінің авторы ретінде де осы Бөгенбай көрсетіледі. Бұндай проблемалар әлі де нақтылы түрде зерттей түсуді қажет етеді. Осы Бөгенбай сияқты Қабанбай, Жәнібек, Наурызбай, Олжабай және т.б. батырлардың өмірбаянын ғылыми тұрғыда қарастыру қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі проблемасын ашу барысында өзекті болып табылады. Осы мәселеге қатысты Е. Пірімбетова, тарих ғылымдарының кандидаты Жоңғар шапқыншылығында ерлік көрсеткен арулар туралы мақаласында Қабанбай батырдың қызы Назымның ерлігі туралы деректер келтірген. Сондай-ақ Бұланбай батырдың жары, барлаушы топтың жетекшісі болған Ақбикенің (Назымның – Н.Қ.) Алтай, Ертіс, Тарбағатайдың бөктерінде орналасқан жоңғар әскерлерінің күш-қуаты, орналасу ерекшелігі туралы өзінің ағасына, яғни Қабанбай батырға құпия мағлұматтар жеткізіп тұрғандығы жайлы мәліметтер береді. Автор қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресі кезеңіндегі батыр аруларымыздың қосқан үлесі әлі зерттелмегенін, алда зерттеуді қолға алуды қажетсінетін тақырыптардың бірі екендігіне назар салған (Пірімбетова, 2000: 19-20). Аты аңызға айналған батырлардан Бөгенбай батыр мен Қабанбай батыр XVIII ғ. қазақ халқының басты арқа сүйер тұлғалары болды. Орта жүздің Қанжығалы руынан шыққан батыр жоңғар әскери-көшпелі мемлекетіне қарсы Отан соғысында қаһармандық танытқан: «...Бөгенбай батыр жоңғарларға қарсы күрестегі қазақ халқының біртұтас әскерін ұйымдастырушылардың бірі әрі бірегейі еді (XVIII ғасырдың 20-30 жылдары). Ол туралы қазақтың ауызша халық поэзиясында аңыз-әңгімелерде көп айтылады. Аңыз-әңгімелер мен тарихи дастандар негізінде туындаған «Бөгенбай» тарихи жыры көпшілікке белгілі. Бөгенбайдың ерліктерін мадақтау, сондай-ақ жоңғарлармен күрескен басқа да XVIII ғ. атақты батырлары Қабанбай, Қазбек және т.б. тарихи тұлғалар да тарихи аңыздар мен қаһармандық эпос дәстүріне сай олардың ерлік бейнесі көркем тұрғыда ұлықталады» (История Казахстана, 2007: 432). Сол сияқты осы уақытта батырлық танытқан тек ер-азаматтар ғана емес, арулардың да болғандығы анық. Олардың ғұмырнамасын, жасаған ерлігін жеке қарастырып зерттей түскен абзал.

Белгілі зерттеуші К. Хафизованың қарастырылып отырған кезеңдегі тұлғалардың өмір тарихы мен қызметін зерттеуге ден қойып жүргені байқалады. К. Хафизова Әбілмәмбет ханның соңғы өмір жылдары туралы зерттеуінде ханның нақты өмірден өткен жылдарын бірнеше дереккөздер арқылы сараптай келе, зерттей түсуді қажет ететін мәселелерді айшықтайды. Алайда Әбілмәмбет ханның 1769 ж. қарашасына дейін қайтыс болғандығына күманданбау керектігін түйіндейді (Хафизова, 2015а). Зерттеушінің келесі, яғни «Внешнеполитическая деятельность Толе би» мақаласында Төле бидің дипломатиялық қызметі жайлы зерттелген. Автор бидің халықаралық қатынастарда Қазақ хандығының мемлекеттік мүддесіне сай бейбіт қатынас орнату, сауда байланыстарын жолға қою, қолөнер орталықтары мен қалаларды сақтап қалу, Ташкентті басқаруда ерен еңбек сіңіргенін қорытындылаған (Хафизова, 2013). К. Хафизова қазақ елінің көрнекті тұлғаларымен қатар Жоңғарияның белгілі билеушілеріне мақалаларын арнаған. «Джунгарский хан Даваци» мақаласында Давациді Жоңғарияның соңғы ханы ретінде танып, оның өмірі мен қызметіне қатысты мәселелерді талдаған. Жоңғар хандығы жер бетінен жойылып кетсе де, оның даңқты тарихы мен лайықты ойрат ұлдарының есімдері өшпейтініндігі туралы өз ойын түйген (Хафизова, 2015б).

Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінің салдарынан дала мемлекеттілігінің аға хан, тархан, батыр статустары сияқты құрылымдық элементтері дамығанын, сонымен қатар елдің тарихи санасына, рухани мәдениетіне өз әсерін тигізгенін И.Е. Ерофеева ерекшелеген (Ерофеева, 2006: 65). Бұл жоңғар шапқыншылықтарының ел дамуына тигізген ықпалының бір көрінісі. Сондықтан қандай дәрежеде дамығанына қарамай-ақ жоғарыдағы әлеуметтік санаттардың тарихнамасын арнайы еңбекте жан-жақты зерттеу орынды.

Қорытынды. Қазіргі Қазақстандағы қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресін зерттеуде тарихшыларымыз кеңестік идеологияны және оның тарих ғылымының даму барысына тигізген теріс ықпалын сынайды. Тәуелсіздіктің, әсіресе алғашқы жылдарында қазақ елінің тарихындағы «ақтаңдақ беттерді» зерделеуге назар аударылды. Өйткені, тарихнамашылар көрсеткендей, қазір қазақ елінің Ресей империясының құрамына айналған тұстан бастап халқымыздың тарихи жолын фактологиялық деңгейде қайта түйсіну жүріп жатыр (Абдилдабекова, 2001: 23). Қазақстанда егемендік жылдары тұсында тақырыптың деректік базасы молая түсті. Зерттеу мәселесі бойынша өзге кәсіп иелері қалам тартқандықтан, жарыққа шыққан еңбектердің барлығы тарихшы-мамандарға тиесілі деп айтуға келмес. Десек те қарастырылып отырған кезеңде жазылған еңбектерде жаңаша көзқарас пен пайымдаулар бар. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күресінің ел тарихындағы орны анықталып, оған бүгінгі таңда «Отан соғысы» атауы таңылып жүр. Бұл тұжырым жекелеген зерттеушілердің қолдауына ие болғанмен, отандық тарихнамада әлі толықтай орнықпады. Зерттеу барысында қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күрес тарихының жалпы оқиға желісі қалпына келтірілгенімен, алда да зерттеу жүргізуді күтіп тұрған бағыттар көп екендігіне көз жеткізілді.

Мақала AP08052271 «Қазақ хандарының, сұлтандарының және батырларының өмірі мен қызметінің беймәлім қырлары туралы құпиясыздандырылған Ресей мұрағаттары (XVIII – XIX ғасырдың бірінші жартысы)» гранттық қаржылындыру жобасын жүзеге асыру шеңберінде даярланды. 

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Абдилдабекова А.М. Проблема принятия подданства России казахскими жузами отечественной историографии // Вестник КазНУ. Серия историческая. – 2001. – № 4. – С. 19-24.

Абусеитова М.Х. Казахстан и Центральная Азия в XV-XVII вв. История, политика, дипломатия. – Алматы: Дайк-Пресс, 1998. – 266 с.

Аманжолов К., Тасболатов А. Қазақстанның әскери тарихы. – Алматы: Білім, 1999. – 320 б.

Атығаев Н.Ә. Қазақ хандығы тарих толқынында: очерктер. – Алматы: Елтаным, 2015. – 384 б.

Әбуев Қ. Қазақстан тарихының ақтаңдақ беттерінен. – Алматы: Қазақстан, 1994. – 144 б.

Боранбаев С. Төрт Бөгенбай, үш Бөкенбай туралы // Сарыарқа самалы. – 1992, тамыз 25-27.

Галиев В. Битва при Орбулаке // Армысың, Ата тарих – Аңырақай. – Алматы: Шартарап, 2001. – Б. 52-57.

Галиев В.З. Противостояния казахского и жунгарского ханств во второй половине XVII века // Отан тарихы. – 2007. – №1. – С. 78-94.

Галиев В.З. Усиление борьбы казахского народа против джунгарской агрессии в начале XVIII века // Отан тарихы. – 2013. – № 1. – С. 11-26.

Данияров К. История Казахского государства XV-XX вв. – Алматы: Эдельвейс, 2001. – 528 с.

Данияров К.К. Альтернативная история Казахстана. – Алматы: Жибек жолы, 1998. – 208 с.

Ерофеева И.В. История казахско-джунгарских отношений ХVІІ – середины ХVІІІ в. с позиции междисциплинарного подхода: к постановке проблемы // «Актуальные проблемы Центральной Азии и Китая: история и современность»: сб. науч. статей памяти Б.П. Гуревича. – Барнаул: Азбука, 2006. – С. 53-110.

Жетпісбай Н.Ы. Бөкенбай батыр жөнінде // Алаш журналы. – 2006. – № 1 (4). – Б. 71-81.

Жумадил А.К. Казахско-джунгарские военно-политические отношения в XVІ – первой трети XVІІІ вв.: учеб. пособие. – Алматы: Қазақ университеті, 2015. – 101 с.

Златкин И.Я. История Джунгарского ханства 1635-1758. – М.: Наука, 1964. – 482 с.

История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. Народные предания об исторических событиях и выдающихся людей Казахской степи (XIX-XX вв.) Т. 9. Часть 2 / Сост. С.Ф. Мажитов, - Алматы: Дайк-Пресс, 2007. – 500 с.

Кәрібаев Б. Жәңгір хан және XVІІ ғ. қазақ-жоңғар қатынастары мәселелері // әл-Фараби ат. ҚазҰУ Хабаршысы. Тарих сериясы. – 2016. – № 3(82). – Б. 134-139.

Кәрібаев Б.Б. Ер Жәнібек және ХVIІІ ғасырдағы қазақ тарихының мәселелері // Қазіргі замандағы жаһандану және ықпалдастық жағдайында әлемдік қауымдастық және Қазақстан: хал. ғыл.-тәж. конф. материалдары. – Алматы: Қазақ университеті, 2015. – Б. 124-129.

Қазақ ру-тайпаларының тарихы. Табын. – Алматы: Алаш тарихи зерттеу орталығы, 2006. – Т. 2, к. 1. – 424 б.

Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін) // Бес томдық. – Алматы: Атамұра, 2010. – Т. 3. – 768 б.

Қарамендин С. Батырдың аты өшпейді: төрт Бөгенбай, үш Бөкенбай хақында // Қазақ батырлары. – 1991, қараша 29.

Қинаятұлы З. Зая Бандида және қазақ тарихы // Қазақ ордасы. – 2003. – № 1-2. – Б. 34-36.

Қозыбаев М. Жалаңтөс баһадүр Тұран өркениетінің ұлы перзенті // Отан тарихы. – 2001. – № 2.– Б. 8-17.

Мадуанов С. Взаимоотношения казахов с другими соседними народами Центральной Азии в начале XVІІІ – начале ХХ вв. (политические и социально-экономические аспекты). – Алматы: Білім, 1995. – 274 с.

Мажитова Ж.С. Хандық билік жүйесіндегі билердің орны мен рөлі Ресейдің ресми тарихнамасы көзқарасымен // Отан тарихы. – 2014. – № 4(68). – Б. 157-165.

Масанов Н.Э., Абылхожин Ж.Б., Ерофеева И.В. и др. История Казахстана: народы и культуры. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. – 601 с.

Муканов М.С. Из исторического прошлого (Родословная племен керей и уак). – Алматы: Қазақстан, 1998. – 160 с.

Мұқаметқанұлы Н. Тарихи зерттеулер: шежірелік деректер / дайындаған А. Қожабеков. – Алматы: Жалын, 1994. – 144 б.

Мұхатова О. ХІХ-ХХ ғасырлардағы Қазақстан тарихнамасы: оқу құралы. – Алматы: Ғылым, 2002. – 152 б.

Пірімбетова Е. Отан үшін от кешкен батыр қыздар // Қазақ тарихы. – 2000. – № 5. – Б. 18-20.

Сабитов Ж.М. Ялангтуш (Жалантос) из рода Алшин // Global Turk. – 2016. – № 1/2.– C. 100-114.

Сейдимбек А. Мир казахов. Этнокультурологическое переосмысление. – Алматы: Рауан, 2001. – 576 с.

Тынышпаев М. Великие бедствия... (Актабан-Шубрынды). – Алма-Ата: Жалын, 1991. – 152 с.

Хасенов Ә. Жоңғарға қарсы жойқын шайқас // Қазақ тарихы. – 1994. – № 5. – Б. 30-32.

Хафизова К.Ш. Внешнеполитическая деятельность Толе би // Мысль. – 2013. – № 10.– С. 63-74.

Хафизова К.Ш. Джунгарский хан Даваци // Мысль. – 2015б. – № 11. – С. 29-45.

Хафизова К.Ш. Последние годы жизни хана Абулмамбета // Мысль. – 2015а. – № 3. – С. 72-80.

References

Abdildabekova A.M. Problema priniatiia poddanstva Rossii kazakhskimi zhuzami otechestvennoi istoriografii [The problem of acceptance of citizenship of Russia by Kazakh Zhuzes of Russian historiography] // Vestnik KazNU. Seriia istoricheskaia. – 2001. – № 4. – P. 19-24 [in Russian]

Abuseitova M.Kh. Kazakhstan i Tsentral'naia Aziia v XV-XVII vv. Istoriia, politika, diplomatiia [Kazakhstan and Central Asia in the XV-XVII centuries. History, politics, diplomacy]. – Almaty: Daik-Press, 1998. – 266 p [in Russian]

Amanzholov K., Tasbolatov A. Kazakstannyn askeri tarikhy [Military history of Kazakhstan]. – Almaty: Bіlіm, 1999. – 320 p [in Kazakh]

Atygaev N.A. Artyk tugan Abylai (kazaktyn uly khany turaly keregar pіkіrge zhauap) [Ablai (answer to the opposition of the great Kazakh khan)] // Kazak khandygy tarikh tolkynynda: ocherkter. – Almaty: Eltanym, 2015. –P. 371-382 [in Kazakh]

Abuev K. Kazakstan tarikhynyn aktandak betterіnen [From justified pages of the history of Kazakhstan]. – Almaty: Kazakstan, 1994. – 144 p [in Kazakh]

Boranbaev S. Tort Bogenbai, ush Bokenbai turaly [About Four Bogenbay, Three Bokenbay] // Saryarka samaly. – 1992.08.25-27 [in Kazakh]

Galiev V. Bitva pri Orbulake [Battle of Orbulak] // Armysyn, Ata tarikh – Anyrakai. – Almaty: Shartarap, 2001. – P. 52-57 [in Russian]

Galiev V.Z. Protivostoianiia kazakhskogo i zhungarskogo khanstv vo vtoroi polovine XVII veka [confrontation between the Kazakh and Zhungar khanates in the second half of the 17th century] // Otan tarikhy. – 2007. – №1. – P. 78-94 [in Russian]

Galiev V.Z. Usilenie bor'by kazakhskogo naroda protiv dzhungarskoi agressii v nachale XVIII veka [Strengthening the struggle of the Kazakh people against Dzungar aggression at the beginning of the 18th century] // Otan tarikhy. – 2013. – № 1. – P. 11-26 [in Russian]

Daniiarov K. Istoriia Kazakhskogo gosudarstva XV-XX vv. [History of the Kazakh state of the XV-XX centuries.] – Almaty: Edel'veis, 2001. – 528 p [in Russian]

Daniiarov K.K. Al'ternativnaia istoriia Kazakhstana [Alternative history of Kazakhstan]. – Almaty: Zhibek zholy, 1998. – 208 p [in Russian]

Erofeeva I.V. Istoriia kazakhsko-dzhungarskikh otnoshenii XVІІ – serediny XVІІІ v. s pozitsii mezhdistsiplinarnogo podkhoda: k postanovke problemy [History of Kazakh-Dzungar relations XVII - mid-XVII century. from the point of view of an interdisciplinary approach: to setting the problem] // «Aktual'nye problemy Tsentral'noi Azii i Kitaia: istoriia i sovremennost'»: sb. nauch. statei pamiati B.P. Gurevicha. – Barnaul: Azbuka, 2006. – P. 53-110 [in Russian]

Zhetpіsbai N.Y. Bokenbai batyr zhonіnde [About Bukenbai Batyr] // Alash zhurnaly. – 2006. – № 1 (4). – P. 71-81 [in Kazakh]

Zhumadil A.K. Kazakhsko-dzhungarskie voenno-politicheskie otnosheniia v XVІ – pervoi treti XVІІІ vv. [Kazakh-Dzungar military-political relations in the XVI - the first third of the XVII centuries.]: ucheb. posobie. – Almaty: Kazak universitetі, 2015. – 101 p [in Russian]

Zlatkin I.Ia. Istoriia Dzhungarskogo khanstva 1635-1758 [History of the Dzungar Khanate 1635-1758]. – M.: Nauka, 1964. – 482 p [in Russian]

Istoriia Kazakhstana v russkikh istochnikakh XVI-XX vekov. Narodnye predaniia ob istoricheskikh sobytiiakh i vydaiushchikhsia liudei Kazakhskoi stepi (XIX-XX vv.) [The history of Kazakhstan in Russian sources of the XVI-XX centuries. Folk traditions about historical events and prominent people of the Kazakh steppe (XIX-XX centuries)] T. 9. Chast' 2 / Sost. S.F. Mazhitov, - Almaty: Daik-Press, 2007. – 500 [in Russian]

Karіbaev B. Zhangіr khan zhane XVІІ g. kazak-zhongar katynastary maselelerі [Zhangir Khan and the XVII century. Problems of Kazakh-Dzungar relations] // al-Farabi at. KazUU Khabarshysy. Tarikh seriiasy. – 2016. – № 3(82). – P. 134-139 [in Kazakh]

Karіbaev B.B. Er Zhanіbek zhane KhVIІІ gasyrdagy kazak tarikhynyn maselelerі [Problems of Kazakh history of the men and the XVIII century] // Kazіrgі zamandagy zhaһandanu zhane ykpaldastyk zhagdaiynda alemdіk kauymdastyk zhane Kazakstan: khal. gyl.-tazh. konf. materialdary. – Almaty: Kazak universitetі, 2015. – P. 124-129 [in Kazakh]

Kazak ru-taipalarynyn tarikhy. Tabyn [History of Kazakh Ru-tribes. Tabyn]. – Almaty: Alash tarikhi zertteu ortalygy, 2006. – Vol. 2, book 1. – 424 p [in Kazakh]

Kazakstan tarikhy (kone zamannan bugіnge deiіn) [History of Kazakhstan (from ancient times to present)] // In 5 vol. – Almaty: Atamura, 2010. – Vol. 3. – 768 p [in Kazakh]

Karamendin S. Batyrdyn aty oshpeidі: tort Bogenbai, ush Bokenbai khakynda [The name of the hero does not go out: four Bogenbay, in three Bokenbay] // Kazak batyrlary. – 1991.11.29 [in Kazakh]

Kinaiatuly Z. Zaia Bandida zhane kazak tarikhy [Zaya Bandide and Kazakh history] // Kazak ordasy. – 2003. – № 1-2. – P. 34-36 [in Kazakh]

Kozybaev M. Zhalantos bahadur Turan orkenietіnіn uly perzentі [The great son of the Zhalantos Bahadur Turan civilization] // Otan tarikhy. – 2001. – № 2.– P. 8-17 [in Kazakh]

Maduanov S. Vzaimootnosheniia kazakhov s drugimi sosednimi narodami Tsentral'noi Azii v nachale XVІІІ – nachale XX vv. (politicheskie i sotsial'no-ekonomicheskie aspekty) [Relations of Kazakhs with other neighboring peoples of Central Asia in the beginning of the XVIII - beginning of the XX centuries (political and socio-economic aspects)]. – Almaty: Bіlіm, 1995. – 274 p [in Russian]

Mazhitova Zh.S. Khandyk bilіk zhuiesіndegі bilerdіn orny men rolі Reseidіn resmi tarikhnamasy kozkarasymen [The place and role of dances in the Kostanian authorities are visible from the official historiography of Russia] // Otan tarikhy. – 2014. – № 4(68). – B. 157-165 [in Kazakh]

Masanov N.E., Abylkhozhin Zh.B., Erofeeva I.V. i dr. Istoriia Kazakhstana: narody i kul'tury [History of Kazakhstan: peoples and cultures]. – Almaty: Daik-Press, 2001. – 601 p [in Russian]

Mukanov M.S. Iz istoricheskogo proshlogo (Rodoslovnaia plemen kerei i uak) [From the historical past (Pedigree of the Kerei and Uak tribes)]. – Almaty: Kazakstan, 1998. – 160 p [in Russian]

Mukametkanuly N. Tarikhi zertteuler: shezhіrelіk derekter [Historical research: Chronicle data] / daiyndagan A. Kozhabekov. – Almaty: Zhalyn, 1994. – 144 p [in Kazakh]

Mukhatova O. XIX-XX gasyrlardagy Kazakstan tarikhnamasy [Historiography of Kazakhstan in the XIX-XX centuries]: oku kuraly. – Almaty: Gylym, 2002. – 152 p [in Kazakh]

Pіrіmbetova E. Otan ushіn ot keshken batyr kyzdar [Hero of the heroes of the fire for the homeland] // Kazak tarikhy. – 2000. – № 5. – P. 18-20 [in Kazakh]

Sabitov Zh.M. Ialangtush (Zhalantos) iz roda Alshin [Yalangtush (Zhalantos) from the Alshin clan] // Global Turk. – 2016. – № 1/2.– P. 100-114 [in Russian]

Seidimbek A. Mir kazakhov. Etnokul'turologicheskoe pereosmyslenie [World of Kazakhs. Ethnoculturological rethinking]. – Almaty: Rauan, 2001. – 576 p [in Russian]

Tynyshpaev M. Velikie bedstviia... [Great calamities...] (Aktaban-Shubryndy). – Alma-Ata: Zhalyn, 1991. – 152 p [in Russian]

Khasenov A. Zhongarga karsy zhoikyn shaikas [A destructive battle against Dzungarian] // Kazak tarikhy. – 1994. – № 5. – P. 30-32 [in Kazakh]

Khafizova K.Sh. Vneshnepoliticheskaia deiatel'nost' Tole bi [Tole bi Foreign Policy] // Mysl'. – 2013. – № 10.– P. 63-74 [in Russian]

Khafizova K.Sh. Dzhungarskii khan Davatsi [Dzhungar Khan Davatsi] // Mysl'. – 2015b. – № 11. – P. 29-45 [in Russian]

Khafizova K.Sh. Poslednie gody zhizni khana Abulmambeta [The last years of Khan Abulmambet's life] // Mysl'. – 2015a. – № 3. – P. 72-80 [in Russian]

МРНТИ03.20.00

ВОПРОСЫ ИЗУЧЕНИЯ ЛИЧНОСТЕЙ В ПЕРИОД КАЗАХСКО-ДЖУНГАРСКОЙ БОРЬБЫ

(НА ОСНОВЕ СОВРЕМЕННЫХ КАЗАХСТАНСКИХ ТРУДОВ)

О.Б. Куанбай¹*, Н.Н. Курманалина².

¹Анкарский Университет, г. Анкара, Турция

²Институт истории и этнологии Ч.Ч. Валиханова, г. Алматы, Казахстан

*Корреспондирующий автор

Е-mail: olkube89@gmail.com (Куанбай), nurgulca@mail.ru (Курманалина)

Аннотация. В статье рассматриваются вопросы изучения личностей в период казахско-джунгарской войн, то есть отражение казахско-джунгарской борьбы в персоналистике на основе современных казахстанских трудов. Изучение биографии исторических лиц, позднего Средневековья и Нового времени – огромная работа, так как в рассматриваемом отрезке времени (в XVІІ-XVІІІ вв.) стали известны многие имена ханов, батыров и султанов, которые принимали деятельное участие в защите своего Отечества. В рамках данного исследования было уделено внимание наиболее актуальным проблемам биографии личностей. Для выполнения поставленной задачи был проведен анализ отдельных вопросов, касающихся исторических фигур, например, из жизни Жалантос батыра, Жангир хана, Абулхаир хана, Богенбай батыра, их борьбы с врагами. Основной задачей является обратить внимание на большое количество актуальных проблем, требующих дальнейшего изучения, выделить приоритетные направления, которые должны быть изучены в будущем.

Ключевые слова: казахский народ, джунгары, Абылай хан, Жалантос батыр, Орбулакская битва, Кабанбай батыр.

IRSTI03.20.00

ISSUES OF STUDYING PERSONS IN THE PERIOD OF THE KAZAKH-

DZUNGAR WAR

(BASED ON THE WORKS OF MODERN KAZAKHSTANI SCHOLARS)

O. Kuanbay¹*,N. Kurmanalina².

¹Ankara University, Ankara, Turkey

²Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, Almaty, Kazakhstan

*Corresponding author

Е-mail: olkube89@gmail.com (Kuanbay), nurgulca@mail.ru (Kurmanalina)

Abstract. The article deals with the study of personalities during the period of the Kazakh-Dzungar battles, that is, the reflection of the Kazakh-Dzungar struggle in the history of the individual on the basis of modern Kazakh works. Studying the biography of personalities during the struggle of the Kazakh people against the Dzungaria invasion is a huge job. Since we are in the period under review (XVІІ-XVІІІ centuries), many names of khans, batyrs (knights, heroes) and sultans, who took part in the defense of their fatherland, became known. Therefore, within the framework of the article, attention was paid to the most pressing problems of the biography of individuals. To accomplish the task, an analysis of individual issues was carried out, for example, from the life of Zhalantos (Jalantos) batyr, Zhangir (Jangir) Khan, Abulkhair Khan, Bogenbay batyr in the fight against enemies. The main task is to pay attention to a large number of topical problems that require further study, to highlight priority areas that should be studied in the future.

Key words: Kazakh people, Dzungaria, Abylai Khan, Zhalantos batyr, Battle of Orbulak, Kabanbay batyr.

Авторлар туралы мәлімет:

¹PhD докторант

²PhD 

Comments
To leave comment you must enter or register