Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.01.09 DOI 10.51943/2710_3994_2022_1_5

АРАБТІЛДІ ДЕРЕКТЕРДЕГІ ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫҢ ЭТНИКАЛЫҚ ТАРИХЫ

ҒТАМР 03.01.09 DOI 10.51943/2710_3994_2022_1_5

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(29), 2022

Tags: жазба деректер, Орталық Азия, этникалық тарих, этнос, этникалық болмыс
Author:
І.Ғ. Ғалымова¹*ID
¹әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті. Қазақстан, Алматы қ. 
*Автор-корреспондент. 
E-mail: i-n-k-a-r@mail.ru (Ғалымова)
Аңдатпа. ІХ-Х ғасырларда араб географтарының классикалық мектебі қалыптасып, «Жолдар мен елдер» (ал-массалик ва-л-мамалик) деп аталатын біршама еңбектер жарық көріп жатты. Көптеген араб саяхатшылары мен зерттеушілері Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері мен халықтары туралы мәліметтер жинақтай бастады. Осыған сәйкес, мақалада арабтілді жазба деректерді саралау арқылы, Орталық Азия аймағын мекендеген этностарды бөліп көрсетуге көңіл бөлінді. Аталмыш аймақ халықтарының этникалық тарихын зерттеу негізінен, сенімді деректік базаны қамтамасыз етумен тікелей байланысты болғандықтан, арабтілді деректерге қысқаша шолу жасалынған. Тақырыпты зерттеуде араб географтары Ибн Хордадбехтің, Макдисидің, Ибн Хаукальдың, Ибн Рустенің, әл-Истахридің, әл-Масудидің, әл-Идрисидің және тағы да басқа ғұламалардың еңбектерінің маңыздылығына назар аударылған.
Түйін сөздер: Орталық Азия, жазба деректер, этнос, этникалық болмыс, этникалық тарих.

Text:

Кіріспе. IX – X ғасырларда Араб халифатының құрамына кірген әртүрлі елдер арасында ғылыми, мәдени және сауда қатынастарының қарқынды дамуы жүзеге асып жатты. Дәл осы кезде, ислам әлемінде сипаттамалық география саласында жазылған көптеген еңбектер пайда болды. Бұл еңбектерді жазудағы басты мақсат – керуен қозғалысына ыңғайлы болу, жаулап алған елдердің қарқынды дамуы және әкімшілік басқару үшін ислам әлемінің әртүрлі бөліктерінің карталарын құрастыру және оларды егжей-тегжейлі сипаттау еді. Сипаттамалары бар географиялық карталар топтамаларын қамтитын мұндай еңбектер әдетте «Китаб әл-масалик уә-л-мамалик» («Жолдар мен елдер кітабы») деп аталды және сол кездегі Араб халифатының саяси және әкімшілік бөлінуін айқын көрсетті. Бұл бағытта жазылған еңбектер батыстан шығысқа қарай келесі ретпен орналастырылған 21 немесе 22 картаны қамтыды: дүние жүзінің дөңгелек картасы, арабтар елі, Фарс теңізі, әл-Мағриб, әл-Андалус (Испания), Сицилия, Египет, Аш-Шам (Сирия), ар-Рум теңізі (Жерорта теңізі), әл-Жазира (Месопотамия), әл-Ирак, Хузистан, әл-Фарс, Кирман, әл-Синд, Арминия (Әзербайжан және Арранмен бірге), әл-Жибал, ад-Дайлам (Табаристанмен бірге), әл-Хазар теңізі (Каспий теңізі), Хорасан және Фарс шөлі, Сиджистан, Хорасан және Мауереннахр.

Еуропада араб карталарының мұндай жинақтары Ислам атласы деген атпен белгілі болды (Камолиддин, 2021: 3).

Материалдар мен әдістер. Зерттеудің деректік негізін Орталық Азия мен Қазақстан туралы мәліметтерді қамтитын IX-XIII ғасырдың басындағы араб тарихи-географиялық еңбектері құрайды.

Араб тарихи деректері кіретін бірінші топқа: «Тарих Халифа ибн Хайят» («Халифа ибн Хайят тарихы»), «Китаб футух әл-булдан» («Елдерді жаулап алу кітабы») әл-Балазури, «Китаб әл-футух» («Жаулап алулар кітабы») әл-Куфи, «Та'рих» («Тарих») әл-Иа'куби (әл-Якуб), «Китаб әл-булдан» («Елдер кітабы») Ибн әл-Фақих, «Китаб ахбар ат-тивал» («Ұзақ хабарлар кітабы») ад-Динавари, «Китаб әл-бад' ва-т-та'рих» («Жаратылыс және тарих кітабы») Мутаххар ибн Тахир әл-Муқаддаси, «Та'рих ар-русул ва-л-мулук» («Пайғамбарлар мен патшалар тарихы») ат-Табари, «Әл-Кәмил фи-т-та'рих» («Тарих бойынша толық жинақ») Ибн әл-Асир, «Мурудж аз-заһаб ва маадип әл-жауһар» әл-Масуди, т.б. жатады.

Екінші топқа: әл-Хорезмидің «Китаб сурат әл-ард» («Жер суреті кітабы») географиялық еңбектері, Тамим ибн Бахрдың аты сақталмаған еңбегі және үзінділері, кейінгі авторлардың Ибн Хордадбехтің «Китаб әл-масалик уа-л-мамалик» («Жолдар мен мемлекеттер кітабы»), «Китаб әл-булдан» («Елдер кітабы») әл-Иа'куби, Ибн әл-Фақихтың аттас еңбегі, «Китаб әл-ә'ләк ан-нафиса» («Бағалы алқалар кітабы») Ибн Русте, «Китаб әл-Харадж уа-сан'ағ ал-китаба» («Харадж кітабы және хатшылық өнері») Кудама ибн Джафар, «Китаб ат-танбих ва-л-ишраф» («Ескерту және қайта қарау») әл-Масуди, әл-Истахридің «Китаб әл-масалик ва-л-мамалик» («Жолдар мен мемлекеттер кітабы») және Ибн Хаукалдың осы аттас еңбектерін жатқыза аламыз.

Мақалада қарастырылған негізгі әдіснама IX-XIII ғасыр басындағы араб жазба деректерін салыстырмалы тарихи зерттеуге негізделеді: әртүрлі дереккөздерден алынған мәліметтерді дәйекті түрде салыстыру, олардың мәліметтері бойынша этникалық тарихи сипаттамаларды анықтау, алған мәліметтерді талдауға көңіл бөлінген.

Талқылау.Қазақ шығыстанушыларының соңғы онжылдықтардағы күш-жігері ғылыми айналымға енгізілген жазбаша деректердің ауқымын айтарлықтай кеңейтті. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Шығыстану институты «Қазақстанның, Орталық Азияның басқа елдерінің тарихы мен мәдениеті және олардың ХІІІ-ХІХ ғасырлардағы қарым-қатынастары туралы араб-парсы-түркі, қытай деректері» атты үлкен тақырыпты әзірлеуде. Болашақта осы материалдардан Қазақстан мен Орталық Азия тарихы мен мәдениеті бойынша Шығыс ескерткіштерінің тізімін қалыптастыру жоспарлануда.

2004-2009 жылдар аралығында «Қазақстан тарихы парсы, түркі, араб, қытай, моңғол, армян деректеріндегі», «Қазақстан тарихы шығыс миниатюраларында», «Қолжазбалар» атты кітаптар сериясы (30 томдық) және «Анри Мозер қорынан Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне қатысты артефактілер», «Шақпақ ата», Цин дәуіріндегі қытай-қазақ қатынастары туралы мұрағат құжаттарының жинағы (2 факсимил, 4 том) жарық көрген.

Әсіресе, М. Х. Әбусейітованың шығыс авторларының араб және парсы тілінде жазылған шығармаларын ғылыми ортаға қосуы ерекше маңызға ие. Алғаш рет Джувайнидің «Тарих-и джахангушай», Хасан-бек Румлудың «Ахсан ат-таварих», Ескендір Муншидің «Тарих-и аламара-йи Аббаси», Мухаммадярдың «Мусаххир әл-биләд», Сейди Али Раистың «Мират әл-мамалик» және т.б. сияқты дереккөздері жинаққа еңгізілген. Сөзсіз, М.Х. Әбусейітова мен Ю.Г. Баранова «XIII-XVIII ғасырлардағы Қазақстан мен Орталық Азияның тарихы мен мәдениеті туралы жазба деректерінің» тарих ғылымында алар орны ерекше. Кітапқа Қазақстан мен Орталық Азияның мәдени және тарихи оқиғалары туралы мәліметтерді қамтитын 34 парсы және түркі жазбаларына био-библиографиялық шолулар енгізілген. Басылым «XV-XVIII ғасырлардағы Қазақ хандықтарының тарихы жөніндегі материалдарда (парсы және түркі жазбаларынан үзінділер)» қамтылған дереккөздерді қамтып қана қоймай, оларды осылардың зерттелу барысы туралы мәліметтермен айтарлықтай толықтырады (Абусеитова, 2001).

Сондай-ақ, «ХІ-ХҮІ ғасырлардағы Қазақстанның тарихи географиясы», «Қазақстандағы этникалық процестердің дамуы туралы» жоспарлы кешенді ғылыми бағдарлама аясында орта ғасырлардағы (VI-XVII ғасырлар) Қазақстандағы, Орталық Азиядағы этникалық процестердің дамуы туралы тақырыптар әзірленді. Қазақстан территориясы, қазақ халқының қалыптасуының аяқталуы және қазіргі кезеңдегі этникалық процестердің одан әрі дамуы сынды мәселелер қарастырылған.

1983 жылы «Қазақстан және Орталық Азия XVI-XVIII ғасырлардағы» жинағы жарық көрді. Шығыс деректері мен ресейлік мұрағат құжаттарының материалдарына сүйене отырып, жинақта Қазақстан және Орталық Азия халықтары арасындағы қарым-қатынастар тарихының жекелеген аспектілері қарастырылған. XVI-XVIII ғасырлардағы Қазақстан және Орта Азия халықтарының тарихына қатысты жаңа дереккөздер айналымға енгізілді.

Отандық тарихнамада араб және парсы дерек көздерін зерттеуге маңызды үлес қосқан түрколог, отандық қыпшақтанудың негізін салушы Б.Е. Көмеков «VIII-XIV ғасырлардағы қыпшақтардың тарихы бойынша араб және парсы деректері» атты монографиясында қыпшақ этносының тарихына тікелей қатысы бар дереккөздерге аналитикалық шолу дайындаған. Оған Орталық Азиядан, Таяу Шығыстан басталып, Испанияға дейінгі IX-XVII ғасырларда жазылған араб, парсы және ішінара түркі тілдеріндегі дереккөзлер кіреді. Шығармалардың қамтылуы олардың жазылу хронологиясына сәйкес беріледі. Ол алғаш рет қыпшақтардың тарихына қатысты мұсылмандық жазба деректердің осыншама кең ауқымын бір реттік қамтуда аналитикалық шолу жасайды. Автор ұсынған ғылыми-сараптамалық шолуда ортағасырлық қыпшақтардың тарихын, еліміздегі көптеген түркітілдес халықтардың, әсіресе, қазақ халқының қалыптасуын қамтыған дереккөздердің ақпараттық мазмұны мен зерттелу дәрежесі осымен тығыз байланысты. Қыпшақ этносының елеулі топтары қырғыздар, қарақалпақтар, өзбектер, татарлар, башқұрттар, Закавказье, Оңтүстік Сібір және Алтайдың түркі тілдес халықтарына қосылды; Қыпшақ тайпалары Ресей, Грузия, Армения, Византия, Румыния, Венгрия, Египет, Сирия халықтарының тарихында өзіндік із қалдырды (Кумеков, 1987).

Келесі кезекте, араб деректерін қолдана отырып, қарлұқтардың, қарахандықтардың этникалық тегіне, тұрған қалаларына тоқталып өткен зерттеуші С. М. Сыздықовтың да қосқан үлесі зор. Мәселен, «Қарлұқ елінің қалалары» атты мақаласында араб деректерін қолдану арқылы қарлұқтар туралы маңызды мәліметтерін қамтып өтеді: «Қарлұқтар қыстаған Талас алқабының шығысында, шігілдер жерімен шекаралас жерде Талхиз қаласы болған. Талхиз туралы, бүгінде бұл Талғар, қарлұқтардың экономикасы мен мәдениетінің орталығы ретіндегі бұл қаланың гүлденген кезі ІХ-ХІІ ғасырларға тура келетіні белгілі. «Худуд әл-алам» еңбегінде оның шігілдер мен қарлұқтар арасындағы тауда орналасқаны айтылады.

Қаланың орта ғасырларда Шығыс пен Батысты байланыстыратын сауда жолында орналасуының маңызы зор болды. Х-ХІ ғасырларда қала халқының ислам дінін қабылдауымен ол ірі рухани орталыққа айналды (Сыздықов, 1994: 14).

Қарлұқтар Отырар оазисіндегі қалаларды да мекендеген. Олардың бұл аймақта нығаюы VIII-X ғасырларға жатады. Бұл кезеңнің үлкен ескерткіші – Құйрық төбе. Қаланың іргетасын қазу кезінде қарлұқ дәуіріне жататын бірнеше тамаша ескерткіштер табылды. Соның бірі қаланың ішкі бекінісінде ою-өрнекпен сызылған сюжетті ағаш тақтайшалар кездеседі. Бұл әңгімелер ішкі қамалдың өмірі туралы түсінік береді. Мысалы, біреуінде «Құдалық» көрсетіледі. Онда екі адам бейнеленген: ер адам және әйел адам. Ер адам көне түркі тас балбалдарының киіміне ұқсас шапан киген. Екеуі де ауқатты отбасынан шыққаны анық. Келесі тақтайшаның сюжеті бекіністің қоршауға алынғанын және оны қорғаудағы әрекеттер бейнеленген. Қорғаушылар бекініс қабырғаларынан садақпен атқылаған. Композицияның негізінде алақанында ай мен күні бар құдайдың бейнесі (қолдары жоғары көтерілген). Бұл сюжет мифологиямен ортақ байланысы бар екенін көрсетеді.

Араб деректерінде ІХ ғасырда қарлұқ патшасы Отырар-бендтегі (Отрар-бендтеги) арабтарға алым-салық төлемегені үшін араб қолбасшысы Хасан ибн-Сахл Отырар өңірін бағындыру үшін шапқыншылық жасап, қарлұқ жабғуының ұлы мен әйелін тұтқынға алғаны сипатталған. Сондықтан бұл ескерткіштерде қарлұқтар бейнесінің болуы әбден ықтимал.

Қарлұқтар тұсында қалалардың дамуына көшпелілер қатты әсер етті. Қала құрылысы бір мезгілде мал шаруашылығымен айналысу мүмкіндіктерін ескере отырып жүргізілді. Мысал ретінде жоғарыда аталған Талхиз қаласын келтіруге болады. Бұл егіншілік пен мал шаруашылығымен қатар айналысуға мүмкіндік береді, соның арқасында қолөнердің өсіп, дамуы қамтамасыз етіледі. Осындай күрделі шаруашылықтардың бірін-бірі толықтырып, тығыз байланыста болуы бағытында қалалардың дамуы олардың географиялық шекараларының кеңеюіне әкеліп соқты, қала өз айналасында қуатты экономикалық және мәдени аймақтар құра алады. Бұл алғашқы ортағасырлық шығыс қалаларының дамуындағы ерекше бағыт болды. Осындай даму кейінірек Қарахан мемлекеті кезінде ортағасырлық қалалардың гүлденуіне әсер етті» (Сыздықов, 1994).

Қарастырып отырған мәселеге қатысты З.С. Ильясованың да зерттеу жұмыстарын атап өтуімізге болады. З.С. Ильясова араб деректерінің маңыздылығын келесідей түсіндіреді: «Орталық Азия мен Қазақстан тарихын зерттеу негізінен алыс-жақын Шығыс елдерінен келген авторлардың жазба деректерінің мәліметтеріне негізделген. Бұл еңбектерде сол кезеңдегі саяси тарих, халықтар мен билеушілер, қоғамдық өмір мен мәдениет туралы маңызды мағлұматтар бар. Атап айтқанда, IX-XIV ғасырлар аралығында араб тарихшылары мен географтары Қазақстан мен Орталық Азия халықтарының тарихи-мәдени өркендеуін егжей-тегжейлі сипаттап, қазіргі ғалымдарға сол кезең тарихын жандандыруға мүмкіндік беретін мұра қалдырды» (Ильясова, 2016: 265).

Қазақстан мен Орталық Азия өзінің қолайлы географиялық орналасуымен, табиғи ресурстарымен, ежелгі төл мәдениетімен Батыс Еуропа саяхатшыларының назарын әрқашан аударып келеді. Сондықтан қазіргі таңда Еуропа және Америка елдерінің мұражайлары мен мұрағат қорларында сақтаулы тұрған мәдени жәдігерлердің, құжаттардың, батыс саяхатшыларының естеліктерінің бай жинақтары Орталық Азия мен Қазақстанның тарихы мен мәдениетін зерттеу үшін тұрақты маңызға ие.

Әртүрлі этномәдени топтар, діндер мен өркениеттер арасындағы диалог идеясы қазіргі таңда зерттеушілер арасында кеңінен талқыланылуда. Орталық Азияның, оның ішінде Қазақстанның тарихы ешбір өркениет өзгелерден оқшау дами алмайтынын, олардың бірін-бірі толықтырып тұратынын көрсетеді.

Тарихшылардың осы мәселедегі рөлі – Орталық Азия халықтарының тарихына негізделген әлеуметтік-мәдени ерекшеліктер, геосаяси мүдделер мен қазіргі заманғы тарихи құнды-нормативтік басымдықтар арасындағы ортақ негізді табу.

Зерттеу нәтижелері. Тарих ғылымында да, деректану ғылымы бойынша да орта ғасырдағы белгілі авторлар жазған арабтілді тарихи-әдеби шығармалардың сол хронологиялық кезеңді зерттеуде ерекше алар орны бар. Бұл тарихи жазба деректерде Орталық Азияның ортағасырлық тарихы бойынша маңызды құнды мәлімметтер қамтылған.

Араб халифатының гүлдену кезеңінде шығыстағы белсенді жаулап алу саясатын жүргізген арабтар өз зерттеушілері мен саяхатшыларының жаңа елдер туралы білімдерін зерттеп, жинақтауына ықпал етті. Бұл саясат мұсылман дінінің, мәдениетінің ықпал ету аясын кеңейтуге және ислам ықпал ету аймағында болған немесе ислам әлі ене қоймаған елдермен сауда байланысын дамытуға негізделді. Осылайша, араб саяхатшылары мен зерттеушілері Шығыс Еуропа мен Орталық Азия елдері мен халықтары туралы мәліметтер жинақтай бастады. Бұндай қызығушылық Орталық Азиядағы жаулап алынған жерлерді біріктірумен және мықты көшпелі тайпалар мекендеген іргелес аумақтармен қарым-қатынасты нығайтумен де байланысты болды.

Араб деректерінде Мәуереннахр термині Орталық Азияға қатысты қолданылған. Орыстың ұлы шығыстанушы ғалымы В.В. Бартольд, арабтар Мәуереннахр терминін Әмудария мен Сырдария аралығында орналасқан отырықшы жерлерді сипаттауда қолдануы мүмкін деп көрсетеді. Сол кезеңдегі араб тілді деректерде Мәуереннахр мынадай тарихи аймақтарға бөлінеді: Соғды, Самарқанд, Бұхара, Шаш, Хорезм, Ферғана, Уструшана, Кубазиан (Кабодиен), Хутталь және т.б.  Кейбір аумақтар бөлек айтылғанымен, олар кей үлкен тарихи аумақтың бөлігі ретінде сипатталады.  Мысалы, Ходжент Ферғанаға тиесілі аумақ ретінде көрсетіледі.

IX-XII ғасырлардағы Орталық Азиядағы қала халқының этникалық құрамын зерттеу бүгінгі күнгі тарих ғылымының өзекті міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл дәуірде Мәуереннахрдың Бұхара, Самарқанд, Мерв, Насаф, Кеш және т.б. ірі қалаларында әртүрлі түркі топтарының өкілдері, соғдылар, арабтар және хорасандықтар өмір сүрді. Орталық Азияның орталық және оңтүстік бөлігіндегі қалаларда иран тілдес халықтардың өкілдері, ал Ферғана, Шаш, Хорезм қалаларында түркі элементтері басым болды.

Арабтар Орталық Азияны жаулап алғаннан кейін аймақты Араб халифатының бір бөлігіне айналдыруға тырысып, Орталық Азияның этникалық құрамына елеулі өзгерістер алып келді, мәселен, аймақта араб қоныстары пайда бола бастаған.

Аталмыш аймақтың этникалық тарихын сипаттау үшін араб деректеріне талдау жасап өтсек.

Мәселен, араб деректерінде Бұхараны сипаттау барысында ол жерде соғды тілі тараған деп көрсетіледі. «Оның тұрғындары білімді, өте жомарт, әрі ақкөңіл келген. Бұл жағынан олар Хорасанның басқа тұрғындарынан ерекшеленеді», - деп әрі қарай Ибн Хаукаль аймақ тұрғындарының ерекшелігін атап өтеді (Ибн Хаукаль, 1967: 490).

Араб деректері Бұхара халқы соғды емес, Бұхара тілі соғды тілі болған дегеніне қарағанда, бұдан келесідей қорытынды шығаруға болады: Бұхара тұрғындарының бұл кезеңде этникалық құрамы алуан болып келуі мүмкін, ал соғды тілі олардың арасындағы қарым-қатынас тілі есебінде алға шыққан. Сондай-ақ, Орталық Азияның қала халқы түркі тілін білген, өйткені қалалар мен олардың төңірегінде түркі халықтарының көптеген өкілдері өмір сүрген, ал отырықшы халық көшпелі түріктермен қарқынды сауда-саттық жүргізген. Бұл кезеңде соғды тілі шалғай ауылдар мен таулы аймақтарда ғана сақталған.

Араб авторлары Соғды терминін таза географиялық мағынада қолданды, соғды тілі деп Саманилер дәуірінде түпкілікті қалыптасқан жаңа парсы тілін сипаттаған. Бұхардағы таралған тіл туралы соғды тілінің кейбір әріптері бұрмаланғаны және дари тілі де жиі кездесетіні туралы да жазылған (Абу Исхак аль-Истахри, 1967: 314). Бұл жоғарыда жасалған тұжырымымызға қосымша дәлел бола алады.

Араб деректерінің ішіндегі Ибн Хаукальдың аталмыш мәселе бойынша этникалық тарихи сипаттамаларына тоқталып кетсек.

Әл-Истахридің еңбегін Х ғ. аяғында саяхатшы Ибн Хаукаль редакциялап, толықтырды және оны «Жолдар мен мемлекеттер кітабы» («Китаб әл-масалик уә-л-мамалик») деп атады. Ибн Хаукальдің түрік тайпалары туралы тарихи-географиялық мәліметтері әл-Истахридің хабарларымен көп жағдайда сәйкес келеді.

Ибн Хаукаль еңбегінде Орталық Азия аймағына кіретін жекеленген қалаларға тоқталып өтіп, олардың табиғатын, географиялық ерекшеліктерін, этникалық тарихы бойынша мәліметтерін ұсынады (Абу-л-Касим Ибн Хаукаль, 1957: 365-398):

Сабран

оғыздар (гуз) соғыспаған уақытта бейбітшілік немесе бітімгерлікке келуге және сауда келісімдерін жасау үшін жиналатын қала. Ол өзінің гүлденген күйіменен ерекшеленеді.

Фараб

өлшемдері ұзындығы мен ені бойынша 1 күндік жолға жетпейтін аудан атауы. Онда бекіністер мен тұрақтар бар. Бұл елдің топырағы сортаң, Фараб өзенінің батысында батпақтар мен егін алқаптары бар. Соңғысы Шаш өзенінен бастау алады. Соңғысының батысында собор мешіті және ислам дінін қабылдаған түріктер оғыздар мен хазлажиттер жиналатын Бескент қаласы бар. Түркілер жерінде арнайы нығайтылған аймақтар қамтылған. Кенджида мен Шаштың арасында құнарлы жайылымдар кездеседі және ол маңда шатырды еске салатындай 1000-ға жуық мұсылман түрік отбасылары көшіп жүреді.

Тараз

елде бекіністері бар мұсылман түріктерінің сауда орны. Ислам елдерінің ешбір саяхатшысы хазлажиттердің шатырларына шақырылмай бұл аймақтан өтпейді.

Яныкент

Мұсылмандар Яныкентте тұрады, дегенмен гуз (оғыз) көсемінің резиденциясы да осы жерде орналасқан (ол қыста қаланы мекен еткен).  Яныкентке жақын жерде мұсылмандар тұратын Дженд пен Хувара орналасқан, бірақ олардағы билік гуздерге тиесілі. Аталған үш жердің ішіндегі ең маңыздысы Хорезмнен 10 күн, Фарабтан 20 күндік жерде орналасқан Яныкент.

Үзкент

түркі елінің табалдырығында орналасқан сауда орны. Оның жанында бақтар және арналар ағып жатыр.  Мәуераннахрда Ферғанадан үлкен аймақ жоқ шығар сірә. Кейде қалыңдығы бойынша да, малдың, жайылымның көптігінен де ауылдың шеті бір күндік жүріп тұруға кететін жолмен тең келіп жатады.

1-кесте. Орталық Азияның қалалы аймақтарында мекендеген тұрғындар сипаттамасы (Ибн Хаукальдың мәліметіне сәйкес)

Орталық Азиядағы сол дәуірдегі тағы бір үлкен қала – Самарқанд болды. Араб деректерінде «Қала халқы өте әдемі және сұлулығы үшін ақша жұмсауда өте жомарт. Бұл жағынан олар Хорасанның басқа тұрғындарынан ерекшеленеді. Самарқанд – Мәуереннахрдың ең сымбатты тұрғындарының қаласы. Ең білімділер де Самарқандта оқығандар» -, деп сипатталады (Ибн Хаукаль, 1967: 494).

Сондай-ақ араб деректерінде Бұхара халқы өте иманды, Самарқанд халқы өте қонақжай, Джуржания халқы мықты мергендер, Мерв халқының талғамы нәзік, Герат тұрғындары аздап жалқау келеді деп те жазылған (Ибн әл-Факих әл-Хамадани, 1885: 319-320).

Ибн әл-Факих әл-Хамадани «Ахбар әл-Булдан» («Елдер туралы мәліметтер») еңбегінде жазғандай: «ғалымдардың пікірінше, қарлұқ түріктері негізінен Самарқанд төңірегінде тұрады, олар ежелгі түріктерден тараған. Оғыз, тоғыз оғыз, кимектер билеушілер болып келеді. Олар түріктердің ең мықтысы. Баджанақтар, Шағарлар, Тоғыз оғыздар көшпелі түркілер. Олардың мақсаты қоныстанып, қоныстанған жерлерінен көшу болса, түргештердің үйлері болған» (Асадов, 1993: 44).

Бұл мәліметтер түркі топтары ішінде отырықшы түркі қауымдарының да болғанын және кейбір түрік тайпалары еуропоидты кейіпте болғанын көрсетеді.

Араб деректерінде Жизақ былайша сипатталады: «Джизақ (Жизақ) – жазық жерде орналасқан қала. Оның жанында Фагинан орналасқан. Самарқанд халқы Джизақта әскери гарнизондарды ұстайды, онда көптеген жұмыстар жүргізілген» (Ибн Хаукаль, 1967: 504).

Бұл мәліметтен түріктер Жизахта өмір сүрген деген қорытынды жасауға болады, өйткені түріктер Саманилер әскерінің басым бөлігі болды.

Сондай-ақ, Ферғанада орналасқан Үзгент (Үзкент) қаласының түркі топонимикасы бар. Дереккөздер оның Ош қаласының шамамен үштен екі бөлігін құрайтынын, түріктермен шекарада орналасқанын және ірі сауда орталығы болғандығын айтады. Қалада цитадель, шахристан және рабат болған. Үзкент түріктерге бастар қақпа ретінде де саналған. Бұл жерде бұрын түріктер тұрған, соңғы кездері ол мұсылмандар меншігіне еніп, халық ислам дінін қабылдаған деп кқрсетіледі (Ибн Хаукаль, 1967: 505). Демек, мұнда мұсылман түріктері өмір сүрген.

Әл-Макдисидің айтуынша, Хорезм халқы түріктерге ұқсас болған және бұл өте көне дәуірлермен байланысты болып келеді (Al-Moqaddasi, 1967: 285-286). Аталмыш мәліметтің барлығы түркі тектес тайпалардың негізгі этникалық топты құрағандығын айқын дәлелдейді.

Әл-Балазури, ат-Табари сияқты әйгілі авторлар өз еңбектерінде Жетісу мен Оңтүстік Қазақстандағы түркі халықтары туралы сан алуан мәліметтер береді. Бұл жағдай түркі тайпаларының араб жаулап алушыларына қарсы күресте Орталық Азия халқына айтарлықтай көмегін көрсетуімен байланысты болды. Бұл кезеңдегі елеулі де құнды еңбектердің бірі – әл-Балазуридің «Елдерді жаулап алу кітабы» («Китаб футух әл-булдан») еңбегі. Шығарма авторы Орталық Азия территориясы мен көршілес Оңтүстік Қазақстан жерінің араб ықпалының орбитасына ену процесін жеткілікті дәл және егжей-тегжейлі сипаттайды (Абусеитова и др., 2005: 18).

Қарастырып отырған аймақтың этникалық тарихына тоқталу барысында Ат-Табаридің «Пайғамбарлар мен елдер тарихы» («Тарих ар-русул уа-л-мулук») атты еңбегін атап өткеніміз жөн. Автор бұл еңбегінде халифаттың құрылуына дейінгі және оның гүлдену кезіндегі тарихымен байланысты болған халықтар туралы өз көзқарастарын баяндайды. Әт-Табари Араб халифатында саяхаттаған кезіндегі өз бақылаулары мен өзіне белгілі еңбектерге сүйене отырып, аталмыш еңбегін жазып қалдырған (Ат-Табари Мухаммад, 1987).

Деректану мен тарих ғылымында IX ғасырда жазылған әл-Жахиздің «Түріктердің қасиеті» (Манакиб әл-атрак) еңбегі ерекше орын алады. Араб зерттеушісі өз еңбегінде Аббасидтер әулетінен шыққан халифтердің гвардиясында қызмет еткен түркі жауынгерлерінің әскери қасиеттеріне елеулі назар аударады. Сонымен қатар, ол өз еңбегінде түркі ғұламаларын халифалар ортасынан күрт ажыратып тұратын, қалалық арабтар үшін әдеттен тыс келген түріктердің әдет-ғұрыптары мен түсініктерін де сипаттап өтеді (Асадов, 1993).

Араб тарихи-географиялық әдебиетінде атақты саяхатшы Ибн Хордадбектің еңбегі елеулі орын алады. «Жолдар мен елдер кітабы» («Китаб әл-масалик ва-л-мамалик») атты еңбегін ол IX ғасырда жазып қалдырған. Түркі мемлекеттері мен халықтары туралы хабардар болу пошта және ақпарат қызметін басқарған шығарма авторының тікелей кәсіби құзырында болды. Сондықтан да, Ибн Хордадбек өз еңбегінде Орталық Азия мен Қазақстанның мемлекеттері, қалалары, халықтары туралы елеулі мәліметтерді қамтып өтеді. Автор араб жаулаушыларының Орталық Азия территориясында алғаш пайда болған кезеңіне қатысты мәліметтерді де аталмыш еңбегіне негіз еткен (Ибн Хордадбех, 1986).

Әл-Якубидің (IX ғ.) шығармасы да қарастырып отырған мәселемізге септігін тигізеді. Автор «Елдер кітабы» (Кітаб әл-булдан) атты еңбегінде Қазақстан мен Орталық Азияны мекендеген түркі тайпалары туралы құнды мәліметтер береді. Оның еңбегінде ауқымды тарихи-этнографиялық мәліметтер бар. Айта кететіні, автор оғыздар, қарлұқтар, қимақтар, қырғыздар және басқа да сол сияқты түркі халықтарының мемлекеттілігі туралы өте маңызды мәліметтер береді (Абусеитова и др., 2005: 25).

Х ғасырда өмір сүрген Кудама ибн Жафар лауазымы мен ғылым жағынан Ибн Хордадбехтің ізбасары болды. Оның «Харадж кітабы және хатшының өнері» («Китаб әл-харадж уа санат әл-кітаба») атты еңбегі алдыңғылардың еңбектері мен автордың қолында болған ресми құжаттар негізінде жазылған. Бұл еңбекте халифаттың әкімшілік бөлінісі, қалалар, жер асты құрылысы және алым-салықтар туралы орасан зор мәліметтер мен түркі тайпалары мен жерлері туралы құнды деректер бар. Еңбекте оғыздар, қарлұқтар, қимақтар сияқты түркі халықтары, сондай-ақ, Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың сауда жолдары, қоныстары туралы айтылады.

Х ғасырда арабтардың тарихи-географиялық ғылымы өркендей түсті, бұл кезеңде атақты зерттеушілер: Ибн Русте, әл-Истахри, Ибн Хаукал, Ибн Фадлан және т.б. елеулі еңбектері пайда бола бастады. Осы тұста, Ибн Хаукалдың «Жолдар мен елдер кітабы» (Китаб әл-масалик ва-л-мамалик) еңбегі ерекше орын алады. Ол өз еңбегінде түркі тайпалары туралы маңызды тарихи-географиялық мәліметтерін келтіреді. Оның түркі халықтарына тән тілдік сипаттамасы туралы мәліметтері де назар аударарлық, тіпті, Ибн Хаукал Қазақстан территориясын мекендеген тайпалардың біртұтас тілдік ортасы туралы өз көзқарасын білдіреді.  Оның еңбегінің ерекшелігі сол кездегі белгілі елдер мен халықтардың, оның ішінде түркі халықтарының қоныстанған жерлері көрсетілген «Жер беті» (Сурат ал-ард) географиялық картасы екенін айта кеткен жөн.

Маңызды тарихи-географиялық еңбектердің қатарында халифаттың дипломатиялық делегациясының Еділ бойындағы Болгарияға ресми сапары нәтижесінде жазылған Ибн Фадланның «Рисала» атты еңбегін атап өтуге болады. Шығарма авторы қазіргі Иран, Орталық Азия, Батыс Қазақстан аумағын басып өтіп, Еділ бұлғарларының астанасына келеді. Еңбекте әртүрлі халықтардың әлеуметтік-рухани болмысы туралы маңызды мағлұматтар қамтылған, сонымен қатар Батыс Қазақстан территориясын мекендеген түркі тайпалары туралы этнографиялық, тарихи-географиялық мәліметтер берілген. Дипломатиялық делегацияның жүріп өткен жол картасы жұмыс үшін ерекше маңызға ие (Иванов, 2010).

XII ғасырдың ортасындағы елеулі еңбектердің бірі – араб географы және саяхатшысы әл-Идрисидің еңбегі. «Нузхат әл-муштак фи-хтирак әл-афак» шығармасының авторы Еуропа және мұсылман елдерін аралаған. Оның еңбектерінде Еуропа, Азия және Африка елдері туралы әртүрлі мәліметтер қамтылған. Әл-Идриси өз еңбегінде түркі тайпаларына тоқталып, қимақтар, қыпшақтар, қарлұқтар, оғыздар т.б. туралы мәліметтерін де қалдырады. Бұл араб авторының шығармашылығының ерекшелігі - оған белгілі, бірақ біздің заманымызға дейін сақталмаған әртүрлі тарихи дереккөздерді пайдалануында жатыр. Сонымен қатар, Әл-Идрисидің «Сурат әл-ард» (Жер беті) деп аталатын еңбегіндегі географиялық карталары ерекше қызығушылық тудырады. Карталар әртүрлі географиялық және экономикалық объектілерді дәл көрсету үшін құнды, олар жазба ақпаратты айтарлықтай толықтырады (Артамонов, 1999: 53).

ХІІІ ғ.-дың басында Орталық Азия мен Қазақстан территориясын мекендеген халықтар немесе басқа да мәліметтер айтылатын бірқатар еңбектер жазылды. Мәселен, ХІІ-ХІІІ ғасырлар тоғысында өмір сүрген араб ғалымы Ибн әл-Асирдың еңбегіне тоқталып өтсек болады. Бұл автор өзіне белгілі мәліметтерді «Тарихтың толық сипаттамасы» (Әл-кәмил фи-т-тарих) еңбегінде келтірген. Оның еңбегінде әртүрлі мемлекеттердің: Араб халифатының, Саманидтердің, Қараханидтердің, Хорезмшахтардың және т.б. саяси тарихы туралы құнды мәліметтер бар. Орталық Азия мен Қазақстанның ортағасырлық тарихын зерттеу үшін бұл жұмыстың маңызы зор, өйткені мұнда этникалық, тарихи-мәдени және этнографиялық сипаттағы материалдар қамтылған. Еңбекте монғол шапқыншылығының Орталық Азия мен Қазақстан территориясындағы зардаптары да сипатталады (Ибн ал-Асир, 2005).

Орталық Азияны жаулап алғаннан кейін көптеген араб тайпалары Орталық Азияның ең құнарлы жерлері мен жақсы жайылымдарына қоныстанды. Ұзақ уақыт бойы олар жергілікті халықпен ассимиляцияланбай өмір сүрді және бастапқыда жергілікті халықпен ешқандай тығыз байланыста болмауы өздерінің ұзақ уақыт бойғы болмысын сақтап қалуға септігін тигізді. Бұған дереккөздерден алынған мына мәліметтер дәлел бола алады: «Ведар қаласында және осы жатақта субаиты деп аталатын Бакра ибн Ваиль тайпасының арабтары тұрады. Самарқандта олардың өзара көмек (ұйымы), керуен сарайлар қызметі бар. Олар кең мейірімділікпен ерекшеленеді. Бұған өзім де куә болдым» (Ибн Хаукаль, 1967: 499-500).

Зерттеліп отырған кезеңде Мавераннахрда әртүрлі этностардың ауылдары мен қалалары қатар орналасып, белгілі бір этникалық топтың әлеуметтік-экономикалық, кейде саяси мәселелерін шешумен айналысатын этникалық-ұлттық ұйымдардың құрылғанын көреміз.

Әл-Якуби Хорасанның барлық қалаларында бану мудар, бану рабиа, йемен арабтары және басқа тайпалардың арабтары тұрғанын хабарлайды. Шайбан тайпасының өкілдері өмір сүрген Ушрусана ғана ерекшеленген. Бірақ, арабтар мыңдаған хорасандықтарды Мавераннахрдың ірі қалаларына көшірді, олар негізінен әкімшілік, сауда және қолөнер істерімен айналысқан және өте қысқа мерзімде жергілікті халықпен сіңісіп, жаңа парсы тілінің қалыптасуына белсене атсалысқан (әл-Якуби, 1967: 343-344).

Түркі тайпалары негізінен қалаларда, қала маңында, далалы, шөлді және таулы аймақтарды мекендеген. Қала мен дала бірін-бірі толықтырып тұрды. Бұл дәуірде қаланың даламен саудасы өте дамыған. Түркі көшпелі тайпалары отырықшы жерлерге әскери жорықтар жасады, көп жағдайда жаулап алған жерлерге қоныстанды.

Сондай-ақ деректерде халифтерге жақын адамдар мен үлкен ықпалға ие тұлғалар афшин, Әбу Саджа әулеті, самарқан ихшиді, Ибн Түрксафи мен Уджаф ибн Анбас, бұхархудат және т.б. түркілердің отырықшы мәдениетінің әмірлері болғаны айтылады. Мұнда, араб авторларының өздері отырықшы мәдениет өкілдері ретінде түріктерді атап өтеді (әл-Истахри, 1967: 292).

Масудидің Орталық Азия, Қазақстан, Иран, Солтүстік Кавказ және Қара теңіз маңы, Қытайға жақын аймақтардағы түркі тайпалары туралы жазбалары, әрине, үлкен қызығушылық тудырады. Ол қимақтар қонысының аумағын – Ақ және Қара Ертіс жағасын айқын көрсетіп, қимақтар мен Әмудария (Джейхун) алабындағы түріктердің шығу тегінің бір екенін атап өтеді. Даланы алып жатқан түріктерді, халаждарды, тоғыз-ғұздарды айта отырып, Масуди әсіресе соңғыларына ерекше тоқталады, олардың ерекше батылдығын, билігін, күшті мемлекеттілігін атап көрсетеді. Сонымен, Масудидің айтуынша, хижраның 332 (943) жылы тоғыз-ғұздар Қытайға жақын орналасқан Куч қаласының аймағын басып алған. Олардың патшалары Илхандар деп аталады және олар түркі халықтарының ішінде манихейлік дінді ұстанатын жалғыз ғана тайпалар. Түріктердің ішінде Масуди қимақтар, гуздар (оғыз), халаждар және тағы да басқа үш тайпаның атын атап көрсетеді. Гуздар, деп есептейді автор, ең батыл, ал халаждар сұлулығымен, биік бойымен және жағымды бет-келбеттерімен ерекшеленеді. Халаждар Ферғана, Шаш және олардың төңірегіндегі аумақтарды алып жатыр. Олар, Масуди атап өткендей, бір кездері барлық басқа түркі тайпаларына билік жүргізген және олардың билеушісі «Хакандардың хаканы» (қаған) бүкіл түркі иеліктерін біріктіріп, барлық түркі билеушілерін қадағалаған. Бұл хақандардың ішінде Иран мен Шашты жаулап алған Афрасиаб түркі де болды. Қазіргі уақытта түріктердің басқа билеушілері түгел бағынатын хақаны жоқ деп атап көрсетеді Масуди. Жазушының мынадай ескертпесі қызық – климаты, географиялық ортасы түріктердің өзіне тән келбетіне, көздерінің кішкентай болуына өшпес із қалдырған.  Климат тіпті аяқтары қысқа, мойыны ұзын, жүні ақ болып келген түйелеріне де әсерін тигізген (Волгин, Якубовский, 1958: 5).

Әл-Масудидің кашақтар (қасақтар, кешектер) және хазарлар туралы мәліметтері бұл халықтардың шығу тегі жағынан да, олардың қазақ халқымен генетикалық және тарихи байланысын нақтылау тұрғысынан да ерекше қызығушылық тудырады.

Әл-Масуди айтқан Қашақ (Қасақ) халқы туралы мәліметтері аталмыш терминді нақтылау тұрғысынан да, этникалық мәселе тұрғысынан да шынайы қызығушылық тудырады. Шынында да, Масудидің айтуынша, «Аландардың қасында, Кавказ бен Рум теңізінің арасында сиқыршылардың дінін ұстанатын, біршама өркениетті халық Қашақтар бар». Масудидің одан бөлек төрт түркі тайпасын көрсетуі де ерекше, олар: Баджанақ, Баджан, Баджгорд және Наукерде туралы мәліметтері. Масудидің әңгімесінде олардың қонысының бұрынғы аумағының сипаттамасы да көрсетіледі: олар Арал маңында өмір сүріп, ғұздардың, қарлұқтардың және қимақтардың өздеріне қарсы бірлескен әрекеттерінің нәтижесінде ол жерден қуылған (Бартольд, 1973: 21).

Масудидің хазарлардың иудаизмді қабылдауы туралы хабарының осы этникалық топтың шығу тегін нақтылау үшін ерекше маңызы бар. X-XII ғасырлардағы араб авторлары (Ибн Русте, Гардизи, Истахри, т.б.) иудаизмді Хазарияның билеуші топтарының діні деп санаған, ал халық түріктердің (гуздардың) сенімін (шаманизм) ұстанатын деп көрсетеді. Масуди болса түбегейлі басқа позицияны ұстанады. Ол былай деп жазады: «Ел астанасы Итил қаласының халқы мұсылмандар, христиандар, еврейлер және пұтқа табынушылардан тұрады. Патша, оның сарайы және шығу тегі жағынан хазарлар болып келетіндердің барлығы иудаизмді мойындайды, бұл дін халифа Харун ар-Рашид (786-808) кезінде мемлекетте үстем дінге айналды». Бұл туралы араб авторы былай деп жазады: «Оған (хазарлардың патшасына) әртүрлі мұсылман елдерінен және Румнан (Византия) еврейлер ағыла бастады; Себебі, Рим патшасы қазіргі уақытта,яғни 332 хижра жылында (943), патшалығындағы еврейлерді христиан дінін қабылдауға мәжбүр етті». Көріп отырғанымыздай, иудаизмді хазарлардың өздері немесе таза хазарлар қабылдаған (Коковцов, 1950: 11).

Хазарлар елі туралы ең қызықты мәліметтер белгісіз автордың «Худуд әл-алам» еңбегінде қамтылған. Деректе Хазар аймағы өте бай және халқы көп, бұқалар, қошқарлар және тұтқындар өзге аймақтарға әкетіліп жататын мекен ретінде сипатталған. Хазарлардың патшасы «Тархан-Хақан» деп аталады, ол Анс (Ашина) ұрпақтарынан шыққан деп көрсетіледі. Кейбір зерттеушілер бұл хабарды, дұрыс емес деп есептейді. Автор хазарлардың қалаларын санамалап, олардың барлығының қабырғасы берік, бай екенін атап өтеді. Автордың мұсылмандар деп атаған, кәпірлердің түр-түрін талқандайтын бұлғарлар (Еділ) туралы мәліметтерін де ерекше атап өтуімізге болады (Артамонова, 1936: 20).

Кең байтақтығымен ерекшеленетін хазарлар елінің сипаттамасы Гардизи еңбегінде біршама егжей-тегжейлі кездеседі. Автор олардың билеушісін исхад титулына ие, одан басқа хазар-хакан деп аталатын бас патшалары да бар деп сипаттайды. Гардизидің пікірінше, Хазар-Хақандікі тек титул ғана болған; барлық бақылау ишадтың қолында. Хакан мен ишад, сондай-ақ олардың барлық төңірегіндегілер, көсемдер мен қоластындағылар еврей дінін ұстанады, қалғандары, яғни қарапайым халық ғұз түріктерінің сеніміне ұқсас сенімді ұстанған. Хазарлар жыл сайын печенегтер еліне, кейде буртастарға жорық жасап тұрған. Хазарлардың жалаулары, найзалары, күшті сауыттары да болған. Хазар патшасы атқа қонғанда, онымен бірге 10 000-ға дейін атты әскер шығады; олардың кейбіреулері еңбекақыда, басқалары билеуші төңірегіндегілермен шығарылып, патшаны өз қару-жарақтарымен қорғап жүрген. Көріп отырғаныңыздай, Хазар мемлекетінің жалдамалы, тұрақты әскері болған.

Х ғасырдағы аты-жөні белгісіз автордың «Худуд әл-алам» еңбегі түркі халықтары туралы бірінші дәрежелі тарихи дерек болып табылады.

Бұл жерде де анонимді автор аса құнды тарихи мағлұматтар береді, онсыз түркі тайпалары мен халықтарының тарихы толық болмас еді. Анонимді автор тоғызғұздар туралы олардың жауынгерлік және қарулы халық екенін, Қашқардың Қытайға қарайтынын айтып, «ертеде оның қолбасшылары халлухтар (қарлұқтар) немесе ягмалар болғанын» көрсетеді. Автор суреттеуінде хырхыздар – жабайы аңдардың мінезіне ұқсайтын, бет-әлпеті дөрекі, шашы сирек, әділетсіз, мейірімсіз, жаугершілігімен ерекшеленетін адамдар. Автордың айтуынша, Қарлұқ өңірі түркі аймақтарының ішінде ең көп қоныстанған және ең бай өлке. Қарлұқтар көпшіл, ақкөңіл, жайдарлы халық. Облыста қалалар мен ауылдар болған. Қарлұқтардың бір бөлігі аңшы, бір бөлігі егінші, бір бөлігі бақташы болып келеді. Олар жаугер, жорыққа шығуға бейім адамдар, деп түйіндейді автор. Қарлұқ өлкесіндегі қоныстардың ішінде, мысалы, қарлұқтар мен яғмалар арасындағы Кулан, Мирки, Нунккнт, Ганкесир, Тузун-Балыг атап өтіледі. Ыстықкөл маңында «Худуд әл-Алам» бойынша қарлұқтар мен чигілдер арасында шекара болғаны көрсетіледі. «Барсхан – көл (Ыстықкөл) жағасындағы, жайлы, бай қала. Оның билеушісі қарлұқтардан, бірақ халқы тоғызғұздар жағында» -, деп атап көрсетеді автор (Ирмуханов, 2002: 22).

«Худуд әл-алам» авторының жазуынша, шігілдер шығу тегі жағынан қарлұқтарға жатады, олардың аймағы халқының көптігімен ерекшеленеді, шатыр мен күркелерде тұратын, қалалары мен ауылдары аз, мейірімді, көпшіл, жайдарлы адамдар болып сипатталады. Тухсилер (бірқатар зерттеушілердің деректері бойынша түргештер) чигілдердің (шігіл) батысында орналасқан, олар қыста да, жазда да қоныс аударып жүреді. Шығысында Қырхыз жерімен, оңтүстігінде Артуш (Ертіс) пен Итіл өзендері, батысында Қыпшақтардың біраз бөлігімен, ал солтүстікке қарай – адам тұра алмайтын шөлді жерлермен жанасып жатқан қимақтар елін сипаттау сөзсіз қызығушылық тудырады.  Бұл ауданда бір ғана қала бар. «Ол жерде көптеген тайпалар бар, тұрғындары шатырларға қонып, қысы-жазы қоныстанып жүреді. Олардың табысының көзі – тері мен қой, ал жазда азығы – сүт, қыста – кептірілген ет... қашанда гузелермен (оғыз) аралары тыныштық болса, қыста олар соларға барады. Қимақтар жеріндегі ерекше «автономиялық аймақтарға» мыналар жатады: тұрғындары «кейбір әдет-ғұрыптары бойынша гуздарға ұқсайтын» «Андар аз Кифчак» және «Каркара-а-хан», тұрғындары әдет-ғұрыптары бойынша Хырхызға ұқсайтын аймақ. Елінде бірде-бір қала жоқ, ал тұрғындары батылдығымен, жауынгерлігімен ерекшеленетін және көршілеріне үрей тудыратын «ішкі болгарлар» туралы ақпарат та сөзсіз назар аудартады; Хазар печенегтері» жаңа жерлерге келіп, оларды күшпен иемденіп, қоныстанған. Константин Багрянородный дәуірінен айырмашылығы печенегтер әлі күшіне енбеген шығар, өйткені «Худуд әл-Аламның» айтуынша, «мұсылман елдерінде жүрген хазар тұтқындары» көбіне печенегтерден шыққан.

Ертеде Тунис (Тулис) (және бұл тау алтыннан жасалған) тауында өмір сүрген қарлұқтар туралы әл-Марвазидің әңгімесі өте маңызды Олар тоғыз-ғұздардың құлдары болып, оларға қарсы шықты; поргеш еліне барып, оны басып алды. Ол жерден олар мұсылман елдеріне шықты. Қарлұқтардың 9 тобы бар: 3 – жікіл, 3 – баскіл (басмыл?), І – бұлақ, І – күкіркін, І – тухси. Бұл әңгімедегі құнды деректер, әрине, Алтын тау (Алтай), қарлұқтардың түріктерге (тоғызғұздарға) тәуелділігі және қарлұқтардың тоғыз рулы құрамы туралы хабар. Қимақтар туралы хабарда шаңғылардың сипаттамасы мен қолданылуын бірінші рет кездестіреміз. Қалған барлық жағынан алғанда әл-Марвази әңгімелері Гардизи және «Худуд әл-алам» авторының хабарын еске түсіреді (Мандельштам, 1956: 16).

Әл-Гарнатидің «Әл-Муриб» еңбегі айтарлықтай қызығушылық тудырады, өйткені онда хазарлар, бұлғарлар туралы мәліметтер бар. Оның көптеген ақпараттары сенімді, бірақ олардың кейбіреулері шындықтан алыс болып көрінуі мүмкін. Саксинде араб саяхатшысы атап өткендей, 40 гуз тайпасы бар және әр тайпаның өз әмірі болады; Гузелердің үлкен аулалары бар, әр аулада жүз немесе одан да көп адам сыятын киізбен жабылған үлкен шатыр бар. Ол қалада бұлғар, сувардан келген тұрақты тұрғындардың барын, олардың да мұсылмандар екенін атап өтеді. Саксиннің тұрғындары хазарлар да мұсылмандар болып келеді.

Қорытынды. Қорытындылап өтер болсақ, араб тарихи деректері Қазақстан мен Орталық Азияның ортағасырлық тарихының, соның ішінде этникалық тарихының маңызды дереккөздері болып табылады. Мұндай тарихи деректер географиялық, этникалық, этнографиялық, экономикалық сипаттағы құнды мәліметтерді қамтиды және мемлекетіміздің өткенін одан әрі зерттеу үшін айтарлықтай ғылыми қызығушылық тудырады. Араб жазбалары Қазақстан мен Орталық Азия аумағында болған ортағасырлық мемлекеттер өмірінің кейбір аспектілерін тереңірек зерттеуге мүмкіндік береді. Демек, араб дереккөздерінің деректану ғылымы үшін маңызы Қазақстан мен Орталық Азияның неғұрлым толық және объективті тарихын құрудағы маңызды құрамдастардың бірі болып табылады.

Орталық Азия халқының этникалық құрамын анықтау өте күрделі мәселе, өйткені ислам діні адамдарды әртүрлі ұлттар мен этностарға бөлуге тыйым салған болатын. Исламды қабылдаған барлық халықтар мұсылман болды, олардың этникалық ерекшеліктеріне көңіл аударылмады. Араб дереккөздерінде түркі термині өздеріне қарсы және исламға қарсы күрескен көшпелі түркі халқын білдіргендіктен, араб деректерінде түркілердің этникалық топтарына назар аударылып, олардың орналасу аймағына, этникалық ерекшеліктеріне маңыз беріледі.

Ортағасырлық арабтілді деректерден көретініміздей, Мәуераннахрдың (Орта Азияның) әр аймағының өзіндік этникалық құрамы болды. IX-XII ғасырларда Орталық Азия аумағында орналасқан қалалар мен ауылдарда түркі халықтарының өкілдері, соғдылар, хорезмдіктер, ферғаналық, шашшылар, ушрусандықтар, арабтар мен хорасандықтар өмір сүрді. Олар өзбек, тәжік және басқа да Орта Азия халықтардың қалыптасуында үлкен рөл атқарды.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Асадов Ф.М. Арабские источники о тюрках в раннее средневековье. – Баку: Элм, 1993. – 204 с.

Абу-л-Касим Ибн-Хаукаль Извлечение из книги «Путей и стран» // Труды Среднеазиатского Государственного университета им. В.И. Ленина. Археология Средней Азии. IV. – Ташкент, 1957. – С. 365-398

Абусеитова М.Х., Баранова Ю.Г. Письменные источники по истории и культуре Казахстана и Центральной Азии в XIII–XVIII вв. – Алматы: Дайк-Пресс, 2001. – 426 с.

Артамонов М. И. История арабов. – СПб, 1999. – 167 с.  

Артамонов М. И. Очерки древнейшей истории хазар. – Л.: Соцэкгиз, 1936. – 140 с.

Ат-Табари Мухаммад История ат-Табари. – Ташкент: Фан, 1987. – 440 с.

Al-Moqaddasi.Discriptii Moslemici // Bibliotheca geographorum arabicorum. 3 pars. – Lugduni-Batavorum: E.J.Brill, 1967. – P. 285-286

Abu Ishak al-Farisi al-Istakhri. Viae regnorum. Description ditionis moslemicae // Bibliotheca geographorum arabicorum. 1 pars. – Lugduni-Batavorum: E.J.Brill, 1967. – P. 305.

Al-Jakubi. Kitab al-buldan // Bibliotheca georaphorum arabicorum. 7 pars. – Lugduni-Batavorum: E.J.Brill, 1967. – P. 343-394.

Бартольд В.В. Сочинения. Т. VIII. – М., 1973. – 256 с.

Ильясова З.С.ИбнБаттутаның «Тухфатан-нуззарфиғара’ибәламсаруа ʻажа’ибәласфар» (XIV ғ.) еңбегіндегіқазақтарихынақатыстымәліметтердіңдеректікмаңызы // Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ-нің Хабаршысы (гуманитарлық ғылымдар сериясы). – Астана: Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУ баспасы, 2016. – 265-269 бб.

История Казахстана в арабских источниках. – Алматы, 2005. – 380 с.

История Казахстана в персидских источниках. – Алматы, 2005. – 346 с.

Ирмуханов Б.Б. Казахстан: прошлое и настоящее. – Алматы, 2002. – 287 с.

Ибн ал-Асир Ал-Камил фи-т-та’рих (Полный свод истории). Избранные отрывки / Пер. с араб. языка, примеч. и коммент. П. Г. Булгакова. Дополнения к пер., примеч. и коммент., введ. и указ. Ш. С. Камолиддина. – Ташкент – Цюрих: АН РУз, 2005. – 595 с.

Иванов В.А. Путь Ахмеда ибн-Фадлана. – Уфа: Китап, 2010. – 64 с.

Ибн Хордадбех. Книга путей и стран / Пер. с арабского, коммент., исслед., указатели и карты Наили Велихановой. – Баку: «Элм», 1986. – 428 с.

Ibn Haukal.Opus geographicum // Bibliotheca geographorum arabicorum (ed. M.J. de Goeje). 2 pars. – Lugduni-Batavorum: E.J.Brill, 1967. – P. 494.

Ibn al-Fakikh al-Hamadani Kitab al-Buldan // BGA. P.V. compendum Libri. Lugdini-Botavorum: Lugduni-Batavorum: E.J.Brill, 1885. – P. 319-320.

Камолиддин Ш. Ибн Хаукаль и его труд «Сурат ал-ард». Часть 3. Мавараннахр. – Saarbrucken: LAP, 2021. – 508 с.

Коковцов П.К. Еврейско-хазарская переписка в X в. – Л., 1950. – 210 с.

Кумеков Б.Е. Арабские и персидские источники по истории кыпчаков VIII-XIV вв. – Алма-Ата: Наука, 1987. – 42 с.

Материалы по истории туркмен и Туркмении / Под ред. С.Л. Волина, А. Якубовского. – М.-Л., 1958. –  230 с.  

Мандельштам А.М.. Характеристика тюрок в XI в. в «Послании Фатху Бен Хакану» ал-Джахиза. – Алма-Аты, 1956. – 345 с.

Сыздыков С.М. Қарлұқ елінің қалалары // Қазақ тарихы. – 1994. – №6. – 13-19 бб.

References

Asadov F.M. Arabskie istochniki o tiurkakh v rannee srednevekove [Arabic sources about the Turks in the early Middle Ages]. – Baku: Elm, 1993. – 204 s. [in Russian]

Abu-l-Kasim Ibn-Khaukal Izvlechenie iz knigi "Putei i stran" [Extract from the book "Ways and countries"]. // TrudySredneaziatskogo Gosudarstvennogo universiteta im. V.I. Lenina. Arkheologiia Srednei Azii. IV. – Tashkent, 1957. – S. 365-398 [in Russian]

Abuseitova M.Kh., Baranova Iu.G. Pismennye istochniki po istorii i kulture Kazakhstana i Tsentralnoi Azii v XIII–XVIII vv. [Written sources on the history and culture of Kazakhstan and Central Asia in the XIII-XVIII centuries]. – Almaty: Daik-Press, 2001. – 426 s. [in Russian]

Artamonov M.I. Istoriia arabov [History of the Arabs]. – SPb, 1999. – 167 s. [in Russian]

Artamonov M.I. Ocherki drevneishei istorii khazar [Essays on the ancient history of the Khazars]. – L.: Sotsekgiz, 1936. – 140 s. [in Russian]

At-Tabari Mukhammad Istoriia at-Tabari [History of at-Tabari]. – Tashkent: Fan, 1987. – 440 s. [in Russian]

Al-Moqaddasi.Discriptii Moslemici // Bibliotheca geographorum arabicorum. 3 pars. – Lugduni-Batavorum: E.J.Brill, 1967. – P. 285-286

Abu Ishak al-Farisi al-Istakhri. Viae regnorum. Description ditionis moslemicae // Bibliotheca geographorum arabicorum. 1 pars. – Lugduni-Batavorum: E.J. Brill, 1967. – P. 305.

Al-Jakubi. Kitab al-buldan // Bibliotheca georaphorum arabicorum. 7 pars. – Lugduni-Batavorum: E.J.Brill, 1967. – P. 343-394.

Bartold V.V. Sochineniia [Compositions]. T. VIII. – M., 1973. – 256 s. [in Russian]

 Iliasova Z.S. Ibn Battutanyn «Tukhfat an-nuzzar fi gara’ib al amsar ua ʻazha’ib al asfar» (XIV g.) enbegіndegі kazak tarikhyna katysty malіmetterdіn derektіk manyzy [Documentary value of information on Kazakh history in Ibn Battuta's work "Tuhfat an-nuzzar fi gara'ib al-amsar wa'aja'ib al-asfar" (XIV century)] // L.N. Gumilev at. EUU-nіn Khabarshysy (gumanitarlyk gylymdar seriiasy) – Astana: L. N. Gumilev at. EUU baspasy, 2016. – 265-269 bb.

Istoriia Kazakhstana v arabskikh istochnikakh [History of Kazakhstan in Arabic sources]. – Almaty, 2005. – 380 s. [in Russian]

Istoriia Kazakhstana v persidskikh istochnikakh [History of Kazakhstan in Persian sources]. – Almaty, 2005. – 346 s. [in Russian]

Irmukhanov B.B. Kazakhstan: proshloe i nastoiashchee [Kazakhstan: past and present]. – Almaty, 2002. – 287 s. [in Russian]

Ibn al-Asir Al-Kamil fi-t-ta’rikh (Polnyi svod istorii). Izbrannye otryvki [The Complete History] / Per. s arab. yazyka, primech. i komment. P.G. Bulgakova. Dopolneniia k per., primech. i komment., vved. i ukaz. Sh. S. Kamoliddina. – Tashkent – Tsiurikh: AN RUz, 2005. – 595 s. [in Russian]

Ivanov V.A. Put Akhmeda ibn-Fadlana [The path of Ahmed ibn Fadlan]. – Ufa: Kitap, 2010. – 64 s. [in Russian]

Ibn Khordadbekh. Kniga putei i stran [Book of paths and countries] / Per. s arabskogo, komment., issled., ukazateli i karty Naili Velikhanovoi. – Baku: "Elm", 1986. – 428 s. [in Russian]

Ibn Haukal. Opus geographicum // Bibliotheca geographorum arabicorum (ed. M.J. de Goeje). 2 pars. – Lugduni-Batavorum: E.J. Brill, 1967. – P. 494.

Ibn al-Fakikh al-Hamadani Kitab al-Buldan // BGA. P.V. compendum Libri. Lugdini-Botavorum: Lugduni-Batavorum: E.J. Brill, 1885. – P. 319-320.

Kamoliddin Sh. Ibn Khaukal i ego trud "Surat al-ard". Chast 3. Mavarannakhr [Ibn Haukal and his work "Surat al-ard". Part 3. Mavarannahr]. – Saarbrucken: LAP, 2021. – 508 s. [in Russian]

Kokovtsov P.K. Evreisko-khazarskaia perepiska v X v. [Jewish-Khazar correspondence in the X century]. – L., 1950. – 210 s.

Kumekov B.E. Arabskie i persidskie istochniki po istorii kypchakov VIII-XIV vv. [Arabic and Persian sources on the history of the Kypchaks of the VIII-XIV centuries]. – Alma-Ata: Nauka, 1987. – 42 s. [in Russian]

Materialy po istorii turkmen i Turkmenii [Materials on the history of Turkmens and Turkmenistan] / Pod red. S.L. Volina, A. Iakubovskogo. – M.-L., 1958. – 230 s.

Mandelshtam A.M. Kharakteristika tiurok v XI v. v «Poslanii Fatkhu Ben Khakanu» al-Dzhakhiza [Characteristics of the Turks in the 11th century in the "Message to Fatah Ben Haqan" by al-Jahiz]. – Alma-Aty, 1956. – 345 s.

Syzdykov S.M. Karluk elinіn kalalary [Cities of Karluk] // Kazak tarikhy. – 1994. – №6. – 13-19 bb.

МРНТИ 03.01.09

ЭТНИЧЕСКАЯ ИСТОРИЯ СРЕДНЕЙ АЗИИ В АРАБОЯЗЫЧНЫХ ИСТОЧНИКАХ

І.Г. Галымова¹*

¹Казахский национальный университет имени аль-Фараби, Казахстан, Алматы

*Корреспондирующий автор

E-mail: i-n-k-a-r@mail.ru (Галымова)

Аннотация. В IX-X веках сформировалась классическая школа арабских географов и был опубликован ряд трудов под названием «Дороги и страны» (ал-массалик ва-л-мамалик). Многие арабские путешественники и исследователи стали собирать сведения о странах и народах Восточной Европы и Средней Азии.

Соответственно, в статье делается акцент на выявлении этносов, населяющих Среднеазиатский регион, путем анализа арабоязычных письменных данных. Дан краткий обзор арабоязычных источников, так как исследованиеэтнической истории народов региона напрямую связано с обеспечением надежной источниковой базы. Подчеркивается значение трудов арабских географов таких как Ибн Хордадбек, Макдиси, Ибн Хаукаль, Ибн Русте, аль-Истахри, аль-Масуди, аль-Идриси и других в изучении Средней Азии.

Ключевые слова: Средняя Азия, письменные данные, этнос, этническая идентичность, этническая история.

IRSTI 03.01.09

ETHNIC HISTORY OF CENTRAL ASIA IN ARAB SOURCES

І.G. Galymova¹*

¹Al-Farabi Kazakh National University, Kazakhstan, Almaty

*Corresponding author

E-mail:i-n-k-a-r@mail.ru (Galymova)

Abstract. In the 9th-10th centuries, the classical school of Arab geographers was formed and a number of works were published under the title "Roads and Countries" (al-massalik wa-l-mamalik). Many Arab travelers and researchers began to collect information about the countries and peoples of Eastern Europe and Central Asia.

Accordingly, the article focuses on identifying the ethnic groups inhabiting the Central Asian region through the analysis of written data. A brief review of Arabic-language sources is given, since the need to reflect the historical fate of the peoples of the region is directly related to providing a reliable primary base. The importance of the works of Arab geographers such as Ibn Khordadbek, Makdisi, Ibn Haukal, Ibn Ruste, al-Istakhri, al-Masudi, al-Idrisi and other scholars in the study of Central Asia is emphasized.

Key words: Central Asia, written data, ethnos, ethnic identity, ethnic history.

Автор туралы мәлімет:

¹*2-курс магистранты

No comments

To leave comment you must enter or register