Яндекс.Метрика
Home » Materials » П.Г. ГАЛУЗО ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ КАПИТАЛИЗМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ТУРАЛЫ

Т.Ә. Төлебаев

П.Г. ГАЛУЗО ҚАЗАҚ ЖЕРІНДЕГІ КАПИТАЛИЗМ ЖӘНЕ ОНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ТУРАЛЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1

Tags: капиталы, сауда, капиталы, банк, капитал, қатынастар, капиталистік, капитализм, кәсіпорындар, кәсіпкерлер, отар.
Author:
Мақалада П.Г. Галузоның 1920 – 1930 жылдары жарық көрген еңбектеріндегі Қазақстанға капиталистік қатынастардың енуі және оның ерекшеліктері туралы негізгі тұжырымдары мен концепциялары тарихнамалық негізде талданған. Мәселе көлеміндегі П.Г. Галузоның көзқарастарының басқа зерттеушілердің көпшілігінен ерекше тұжырымдары айқындалып, баға берілген.
Text:

Кеңестік, соның ішінде Қазақстандық тарих ғылымына 1928 жылы өткен Коминтерннің УІ конгресінің шешімдерінің де ықпалы үлкен болды. Әсіресе Ресейдегі капитализмнің дамуы туралы мәселе төңірегіндегі пікірталас жандана түсті. Ол 1928 жылғы желтоқсан мен 1929 жылғы қаңтар айларында болған тарихшылардың Бүкілодақтық конференциясында басталды. Пікірталасқа қатысушы Н.Н.Ванаг, Н.Ф.Гиндин, Е.Л.Грановский сияқты кейбір тарихшылардың мақалалары сол жылы жарық көрді [1]. Бір қызығы капиталистік қатынастардың даму дәрежесі туралы бұл пікірталасқа отандасымыз П.Г.Галузоның қатысуы еді. Қазақстан тарихнамасында бұл мәселе айтылмай келгендіктен оған тоқтала кету қажет. П.Г.Галузо жалпы Түркістан, соның ішінде оңтүстік Қазақстан мәліметтері негізінде патша үкіметінің отаршылдық саясатына талдау жасау арқылы, бұл өлкеде банк және сауда капиталдары мүдделерінің күрескендігі, ал царизмнің бұл қақтығыстың барысында сауда капиталын қолдағандығы туралы айтады [2, 349-351]. Біздіңше дәл осы пікірталас барысында П.Г.Галузо кейіннен, 40 жылдан астам уақыттан соң қайта оралып, жан-тәнімен қорғауға тырысқан Ресейдегі әскери-феодалдық және капиталистік империализмдер туралы пікірі негізделген еді [3].

 1927-1928 жылдары П.Галузо «Түркістан – отар. (Орыстардың жаулап алуынан 1917 жылғы революцияға дейінгі Түркістан тарихының очерктері)” атты еңбек жазды. Бұл еңбектің алғашқы нобайы Қызыл Профессура институтында жасалған баяндама болатын. Кейінірек ол толықтырылып И.В.Сталин атындағы Шығыс еңбекшілерінің Коммунистік Университеті жанындағы Шығыстанушылардың ғылыми-зерттеу Ассоциациясына тапсырылған екен.

 Сол негізінде, ол 1929 жылы басылып шықты. Автор аталған мекемелердің оқымыстылары Н.А.Рожковпен, С.М.Дубровскимен, А.В.Шестаковпен ақылдасып, кейбір мәселелерді реттеп, түзеткенін айтады. Ол тақырыптың сол кездегі зерттелу дәрежесі негізінде қойылған мәселені толық шешудің мүмкін емес екенін түсінген. Сондықтан бұл еңбегіне (бірінші басылымына), өзі атап көрсеткеніндей, “алдын-ала барлау” ретінде қараған. Еңбекте архивтік деректермен қатар, баспасөз мәліметтері де пайдаланылған.

 Еңбек екі бөлімге бөлінген. Оларда: 1) Орта Азияны патшалы Рессейдің жаулап алуы, 2) ХХ-ғ. басындағы Орта Азиядағы патшалы Рессейдің отарлық иеліктері туралы мәселелер сипатталады.

 “Орыстардың Орта Азияны жаулап алуға ұмтылысының өзегі орыс сауда буржуазиясының саудалық мүддесі болды. Саудагерлерге жателдіктен өлкенің қожасына айналу қажет болды”, - дейді П.Галузо [4, 164]. Қазақстандағы мақта өсіру ісі мен тау-кен байлығы туралы айта келіп: «Өлкедегі орыс сауда капиталының операциялары орыс фабрикаттарын өткізу және орыс өнеркәсібі үшін шикізат сатып алу болғандықтан сауда капиталының мүддесі сонымен бір мезгілде өнеркәсіп капиталының да мүддесі де болып шықты. Бұл жаңа отарды басып алуға итермелеген орыс капитализмінің екі түрінің мүддесін біріктірген бірінші және негізгі бағыт болды. Бірақ оның соңынан және біреуі созылды – бұл тау байлықтарына қызығу: алтынға сенді, отын іздеді, Ресейдің әр түкпірінен тау-кен өнеркәсіпшілері “сансыз” тау байлықтарын іздеуге асықты. Мұнда сауда капиталы мүддесінің қай жерде бітетінін және тау-кен өнеркәсіпшілері мүддесінің қай жерден басталатынын ажырату мүмкін емес”, - дей отырып, жаулаушылардың мақсаты үш бағытта жүргенін көрсетеді [4, 14]. Олар: сауда, мақта және тау-кен байлықтары екенін айта келе, “Ресейдің өлкені ХІХ-ғасырдың екінші жартысында экономикалық бағындыруы” атты тарауда негізінен осы үш бағыт бойынша шолу жасайды.

 Орыстардың тау-кен ісінде көп нәтижеге жете алмағандары жөнінде айта келіп, олардың тіпті ежелден бері өмір сүріп келе жатқан жергілікті халықтың, қарапайым түрде болса да, тау-кен кәсіпорындарын талқындағанын дәлелдеп көрсетеді. Жоңғар Алатауының солтүстік бөктеріндегі Алакөлге құятын өзендер бойындағы алтын шайқау, Түркістан қаласы маңындағы қорғасын өндірісі, Шыршық, Талас, Терсу, сондай-ақ Тянь-Шань және Жоңғар Алатауларындағы өзендердегі алтын шайқау істерінің жойылғандығы туралы тау-кен инжинері, тау-кен бойынша ерекше тапсырмалардың аға шенеунігі Татариновтың 1870 жылғы Түркістан генерал- губернаторына рапортындағы мәлеметтерді келтіреді. Татаринов тіпті, Түркістан маңындағы қорғасын кәсіпорнының орнына көпес Первушиннің зауыт салып ең бай және оңай балқытылатын рудадан металл ала-алмай, сондағы қазақтардың көмегіне жүгінгенін ашына айтқан еді. Ол жергілікті халықтардың тау-кен өнеркәсібін орыстардың жойғаны туралы айта отырып, оның орнына тиімді кәсіпорындарды орыс кәсіпкерлерінің аша алмағаны, олардың жергілікті халықтардыкінен де жаман болғандығына өкініш білдіреді. Осы деректергі сүйене отырып П. Галузо тау-кен ісінің нашар дамуына әсер еткен екі нәрсе: 1) ашылған кен орындарының байлығының аздығы; 2) орыс тау-кен кәсіпкерлері капиталының жетіспеуі деп есептейді.

 Мақта өсіру ісінде алғашқы кезде орыстар жалдамалы еңбекке негізделген фермерлік шаруашылықтар ашты, бірақ көп ұзамай олар тиімсіз болып шықты. Оның орнына жергілікті егіншілердің еңбегін қанау арқылы пайда табу оңай еді. Капитализмнің дамуы үшін бір элемент – жерсіздену болды, бірақ екінші нәрсе жетіспеді– техникалық базаны (негізді) өз ретінде көтеру жетіспеді… Жерсізденген диқан көбінесе өзін ерікті жалдану бойынша еңбек етуден гөрі, сыбағаласқа, яғни қарыздану жолымен қаналған жартылай крепастнойлыққа кетеді. Сөйтіп крепостниктік ферманың жолы болмады, оның орнына диқанды кең таралған жыртқыштың сауда-өсімқорлық қанау мүмкін болды” [4, 21-22].

 Алғаш орыс кәсіпкерлері мақта өсірушілерге қарыз берді. Бірақ соңынан олардан берген қарызын жинап ала-алмады. Бұдан соң олар жергілікті байлар мен болыстарды өз жағына тартып, соларға арқа сүйей бастады. Бұл тиімді болып шықты. Сөйтіп “бай орыс сауда буржуазиясының жергілікті мақта өсірушінің шағын шаруашылығына, ол шаруашылықтағы жиналуы мүмкін болған барлық артық дүниені алу үшін, жетуіне көмектесті”,– дей отырып мұны орыс және жергілікті сауда-өсімқорлық капиталының бірлесуі деп есептейді [4, 24]. Жергілікті байларды – жергілікті буржуазия деп атайды.

 Сауданың кең түрде жүргізілгеніне тоқтала келіп, сауда капиталы тіпті шалғайдағы көшпелі аудандарға да жеткенін атап көрсетеді. Алғашқы кезде, ХІХ-ғ. 40 жылдарында Ресейге жергілікті өндіріс бұйымдары да шығарылатын болса, ХІХ-ғ. соңында Түркістан тек шикізат қана шығарып, фабрикат алатын болды. “Орыстық фабрикаттар жаңадан еніп келе жатқан ағылшындардыкін толық ығыстырды, сонымен қатар өзінің таласушылығымен жергілікті қарапайым өнеркәсіпті соққыға жықты. Бұл соңғы талқандады”,– дейді [4, 28]. Сөйтіп, орыс тауарларының көптеп енуі жергілікті өнеркәсіптің дамуына кері әсер етті деп есептейді.

 Бірінші бөлімге қорытынды жасай келіп, П. Галузо тағы да былай деп баса керсетеді: “Мақта өсіру, фермерлік – капиталистік жол бойынша жүруге сәтсіз ұмтылыстан кейін, ұсақ мақта шаруашылығының даму бағыты бойынша кетті. Орыстық сауда капиталы бұл өндірістің қожасы болып алды. Мақта өсірушіні орыстық - жергілікті сауда - өсімқорлық капиталдың жыртқыштық қанауы бұл шаруашылықтың ескі топан суға дейінгі техникасын тағы бірнеше ондаған жылға сақтап қалды”, – дейді [4, 47]. Автор жалпы отарлау саясатының әлеуметтік тірегі сауда-өсімқорлық және өнеркәсіптік буржуазия болғанын көрсете отырып, Түркістанды отар ретінде сипаттауға баса көңіл қояды. Бұл мақсат аталған аймақты Х1Х-ғ. соңына дейін негізінен талау мен тонаудың ортасы ретінде ғана бейнелеуге әкелген. Бұл кезең бойынша жекеленген ғана деректерге сүйене отырып, олардан өзінің негізгі ойын дәлелдейтін мәліметтерді ғана келтіреді. Сондықтанда Х1Х - ғ. ІІ - жартысындағы капиталистік қатынастардың дәрежесі туралы кейбір пікірлері толықтай ашылмай қалған.

 Еңбектің екінші бөлімі “Патшалы Ресейдің Орта Азиядағы ХХ- ғасырдың басындағы отарлық иеліктері” деп аталған. Мұнда алдыңғы бөлімде қарастырылған мәселелер сақтала отырып, жаңа екі мәселе – отарлау және суландыру жеке тарау ретінде қарастырылады.

 Автор өлкедегі өнеркәсіп туралы мәселені соғыс министрлігінің граф Виттеге жазбасындағы тау байлықтарын кең түрде пайдалану қажеттігі туралы нұсқауын талдаумен бастайды. Тау байлығын игеру мәселесі – Түркістанға капитал тасу мәселесі, ал бұл өлкедегі өнеркәсіптің дамуы жөніндегі мәселе екенін, олардың өзара байланысын дұрыс түсінеді. П.Галузо Орта Азияда Кеңес үкіметінің орнауының алғашқы жылдарында кең таралған, патша үкіметі жүйелі түрде өлкеде қалалық машиналы өндірістің дамуына қарсы саясат жүргізді дейтін пікір негізсіз деп есептейді. Оның дәлелдеуінше 1909 жылғы генерал-губернатордың баяндамасында орыс өнеркәсібін, фабрика - зауыттарын орнату туралы нақты нұсқауы өнеркәсіпті кеңейтуді емес, ең алдымен ”өлкеде орыс адамдарын қоныстандыру және олардың жергілікті халықтар арасындағы өктемдігін” мақсат ететінін айтады. Бұл бағыттың патша үкіметі тарапынан қолдау тапқанын, тіпті патша Николай ІІ – баяндаманың бұл тұсына орыстық кәсіпкерлікті барынша қолдау және өлкеге шетелдіктер мен еврейлерді ешқашан жібермеу туралы резолюция жазғанын, ал граф Витте тіпті 1901 жылы-ақ осындай бағыт ұстағанын жер шаруашылықтық отарлауға қарсы болып, өнеркәсіптік даму жолымен отарлауды қолдағанын көрсетеді. “Бірақ, - дейді автор, - орыс буржуазиясы бұл мәселеге өте салқын қарады. Сөйтіп, капиталды шығару, тасу туралы мәселені, орыс өкіметі пролетарлану кеселінің өлкеде дамуынан қорыққандықтан өнеркәсіп өндірістерінің салынуына қарсы болды – мыс деген мағынада қоюға болмайды. Үкімет бұл мәселені дәл керісінше мағынада түсінді. Капиталды шетке шығару ол үшін кең түрде отарлау, өлкедегі орыс халқының санын көбейту, демек орыстық өктемдікті әлсірету емес, нығайтуды білдіретін еді. Капиталды жібермей қойған жоқ, тіпті шақырды, бірақ олар бармады, өйткені ол капиталдың иелері бұны қаламады. Неге қаламады дейтін сұраққа жауап қазір жалпыға белгілі фактіде – Ресейдегі капиталдың жетіспеуінде. Ресейдің өзі капитал енгізу ауданы болды”, - деп есептейді автор [4, 66-67]. Ресейге шет ел капиталының келіп отырғанын, бірақ оның Орта Азия жеріне енуіне мемлекеттік дәрежеде тосқауылдар қойылып, жол берілмегеніне көңіл аударады. Ресейдің Түркістанда ”шөмеле үстіндегі ит сияқты”, не өзі алмай, не басқаға бермей отырғанын, ”Түркістан – орыстар үшін” доктринасын қатаң сақтағанын батыл әшкерелейді. Сонымен, П.Галузо өлкеге орыс буржуазиясының және шетелдіктердің капитал ендіруі туралы екі мәселені жеке-жеке қарастырады да, өлке артта қалған Ресейдің отары болудан азап шекті, оған тек тосқауылдардан өте білген шағын ғана шетелдік капитал келді деп тұжырымдайды.

 ХХ-ғ. басындағы тау-кен ісі туралы Паленнің тексеруі мәліметтерін, облыстық “Шолулардың” деректерін пайдалана отырып, тау-кен өндірісінде азды-көпті өрлеу болғанына қарамастан, Түркістан негізінен отар болып қалды деп көрсетеді. Заорская мен Александердің мәліметтері негізінде өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының санының аз, көлемінің шағын болғанын, олардың көпшілігінің өнім өндірумен емес, шикізатты дайындап шетке шығарумен айналысқанын дәлелдеуге тырысады. Ал бұл соңғылары өндіріс орындарының 43,3% құрайды дейді. Біздіңше бұл әрине басым көпшілік емес. Мұнымен бірге автор жергілікті қажеттіктерді өтеуге бейімделген өндіріс орындарының ролін сипаттауға жете көңіл бөлмейді, көп мүдделілік танытпайды. Бұл жағдай автордың басты ұстанымына және сол кезеңдегі тарихи зерттеулердің аздығына байланысты болса керек. Ол жергілікті қажеттікті өтейтін өнеркәсіп тек орыстық капиталдың келуі, авторша айтқанда құйылуы арқасында ғана мүмкін еді, бірақ ондай құйылу болған жоқ. Ал жергілікті өндірістің орыс фабрикаттарымен бәсекеге түскен алғашқы туындылары бұл бәсекеден дереу күйреді деп есептейді.

 Паленнің мәліметтері негізінде орыс жұмысшыларының жағдайы жергілікті жұмысшылардан әлдеқайда жақсы болғанын айта отырып:”Бұл жағдайды өлкедегі революцияны зерттеу кезінде әрқашан есте сақтау қажет. Революцияның бас кезіндегі өлкедегі орыс жұмысшыларының арасында байқалған отаршылдық теңселудің, біз көріп отырғандай, астарында жеткілікті негіз болды”, - деп тұжырымдайды. Отарлық билік жүйесі негізінде қанау мен өнеркәсіптің артта қалуы отырықшы және көшпелі аудандарда бірдей дәрежеде болды дей отырып, мақта өсіру көшпелі ауданда болмағандығы, есесіне мұнда қазақтардың жерлерін шаруалар отарлауы үшін тартып алып отырғаны туралы жазады. Орыс шаруалары отырықшылар жеріне де ұмтылды. Бірақ оларды онда жібермеді, өйткені олар өзбектердің мақта шаруашылығын бүлдіретін еді, сондықтан қоныс аударушылар көшпелілер аудандарына шоғырландырылды. Мақталы аудандармен салыстырғанда көшпелілер арасына орыстың сауда капиталының аз көлемде енгенін көрсете келе: ”Көріп отырғанымыздай, сатып алушы орыстық сауда фирмалары көшпелі ауданда, жүздеп саналды және тіпті далаға да батыл енді”, - дейді. Бірақ негізгі ойы отарлық жағдайды сипаттауда болған П. Галузо, тіпті “Юсуп Давыдов және К сауда үйінің” бүкіл Түркістанда кең таралғанын, оған қарызы жоқ қазақ үйдің қалмағанын жаза отырып та, орыстық сауда капиталының ролін төмендете көрсетуге тырысады. “Сонымен, орыс сауда капиталының көшпелі аудандарға енуінің басты салалары төмендегілер болды: бірінші сала - үкімет аппараты мен салық арқылы езу; екінші сала – шикізат пен орыстық фабрикаттарды сату және үшінші – шаруалар отарлауы”, - дей отырып, жергілікті басқару органдары отырықшылыққа қарсы болды, ал жер шаруашылығы министрлігі қоныстандыруға, яғни отырықшыландыруға қарсы болды дейді [4, 87]. Көшпелілердің отырықшылануға алғашқы болып көшкендері малы жоқтар мен малы аздар болды, - деп дәлелдей келе, бұл мәселедегі аталған екі бағыт арасындағы тартысты сипаттайды. Еңбекте орыс үкіметінің көшпелілердің отырықшылыққа орыс қоныстанушыларымен тең дәрежеде көшуіне мүмкіндік бермей, көптеген кедергілер жасап, нашар жерлер беріп отырғаны туралы мәселе дұрыс баяндалады. Автор:”Көшпелі аудандардағы орыс өктемдігі, отырықшы аудандардағы өктемдіктен ауыр болды. Ол өлкедегі өнеркәсіптік дамуды кешеуілдетіп қана қойған жоқ, қазақтар жерін үздіксіз тартып алу арқылы қазақ шаруашылығын талқандап қана қойған жоқ, ол бұл аудандардағы отырықшылық сияқты прогресті қозғалыстың жолында кесе-көлденең тұрды”, – деп тұжырымдады [4, 87-88].

 Сауда туралы айта келе, Н.Полубояриновтың мәліметтері негізінде өлкеге әртүрлі тауарларды енгізуден гөрі, мал өнімдері, әсіресе жүн, терінің түрлері, елтірі т.б. көптеп шығарылғанын, жалпы алғанда Түркістан саудасы отарлық жағдайына сай болғанын, яғни тең дәрежеде болмағанын көрсетеді. Ал қоныстандырудың басты мақсаты: біріншіден, орыс өктемдігінің мұсылмандарға қарсы тірегін; екіншіден, астық өндірушілерді негіздеу болғанын, үкіметтің орыс қоныстанушыларының баюына жағдай жасап отырғанын ашық жазады. Автор орталықтан көшкендердің негізінен кедейлер болғанын дәлелдей келіп, орыс үкіметінің олардың тезірек баюы үшін жан-жақты қолдау көрсетіп, мүмкіндіктер тудырып отырғанын дәлелдейді. Ол үшін жергілікті халықтың өңделген, пайдаланып келе жатқан жерлерін тартып алып, өздерін тау-тасты жерлерге қуғанын, осындай артықшылықтарды пайдалана отырып, орыс үкіметінің көмегімен байыған орыс шаруаларының 116 жаңа ауылының 32%- нің жалдамалы еңбекке негізделген шаруашылығы құрылғанын, жалпы орыс шаруаларының ауылдарында жалдамалы еңбектің кең таралғанын, ал ондағы жалданушылардың жерсізденген, кедейленген жергілікті халық өкілдері екенін дұрыс сипаттайды. Сөйтіп, кейінгі көптеген еңбектерде ашық айтылмай кеткен жергілікті кедейлердің жаңа жауы - қоныстанған қанаушының пайда болғанын көрсетеді. Шайрікерлік деп аталған, жері мен мүлкінен айырылып, үлес, яғни жер иесінің еңбек құралдарымен өңдеп, өнімнің бір бөлігін алу үшін жұмыс істеу жүйесі кең тарала отырып, жалдамалы еңбекке жол бермеді дей отырып, оның себебін іздейді. Әндіжан оязындағы Хакен болысы бойынша мәліметтер негізінде жер иесі шайрікер еңбегін пайдалана отырып, күндік жалданушымен салыстырғанда екі еседен артық пайда табатынын, сондықтан шайрікерліктің кең дамығанын анықтайды. Шайрікерлікті крепостниктікпен теңестіре отырып, Түркістандағы ауыл шаруашылығының осындай төменгі дәрежеде болуына отарлық езгі кінәлі деп біледі.

 Отырықшы аудандардағы капитализм туралы мәселені талдауды бастай келе былай дейді: ”Ең алдымен, кейде тіпті партиялық әдебиетте мықтап орныққан пікірге қарамастан, біздің қазір орыстардың өктемдігі кезінде капитализмнің (өнеркәсіптік түрі) дамуы өлкеде өте үлкен жетістіктер жасағанын ашық айтуымызға тура келеді” [4, 120]. Бұл негізінен отарлық, артта қалушылық жағдайды көрсетпек болған зерттеуші үшін жеңіл тұжырым емес. Бірақ П.Галузо ең алдымен зерттеуші-ғалым. Сондықтан ол нақты деректерден бұлтара алмады. Сол кездер, яғни 1929 жыл, үшін батыл тұжырым жасады.

 Шәйрікерлік пен мердігерлік (жалдамалы еңбек) жөніндегі мәліметтерді салыстыра келе, өндірістік қатынастардың жаңа түрі - ”өнеркәсіптік-капиталистік қатынастардың да” өскенін көрсетеді. Автор жалдамалы еңбекті қанау, яғни капиталистік қатынастар көбінесе орташа егістігі бар топтан пайда болады, жоғарғы топ, жер көлемі үлкен байларда шәйрікерлер еңбегіне негізделген шаруашылық басым дей отырып, бұл соңғыларды крепостниктік шаруашылық ретінде сипаттайды. Сөйтіп, өндірістік қатынастардың екі түрі арасындағы күрес – орташа топ пен жоғарғы топ арасындағы күрес болуы керек дейді. Өйткені автор сүйенген деректердің ішінде 11 болыс пен Әндіжан оязының 4 қыстағы бойынша мәліметтерде жер көлемі өскен сайын шәйрікерлік артады, ал мердігерлік орташа шаруашылықтарда көп болғанымен, бай шаруашылықтарда азаяды. Соның негізінде автор жоғарыдағыдай тұжырым жасаған. Бірақ автордың өзі пайдаланған Шымкент оязы, Ферғана облысындағы 45 шаруашылық пен Амудария бөлімшесі бойынша мәліметтерді есепке алмай ысырып тастауы түсініксіздік тудырады. Мұнымен бірге автор, шәйрікерлердің өздері шаруашылықтарында жалдамалы еңбекті пайдаланғанын айтады. Бірақ оның ойынша, өсімқорлық кредит пен жыртқыштық сатып алулар олардың шаруашылықтарынан ерікті жалданушылардың ғана емес, тіпті оған жұмыс беруші шәйрікер мен оның жанұясының ”қосымша еңбегін” тартып, сорып алады. Жалдамалы еңбекті пайдаланатын диқандар мен шәйрікерлер - өндірістік қатынастардың жаңа түрін таратушылар, олар сауда-өсімқорлық капиталына, крепостниктікке қарсы тұрды, ”жалдамалы иемденуші нағыз капиталист, диқан мен шәйрікер емес – олардың өзін қанаушы ірі бай болды”, – дейді [4, 125]. Бірақ автор ірі байлардың шаруашылығын капиталистік деп есептемейді. Олардың көпшілігі шәйрікерлердің еңбегін пайдаланған регресшіл, крепостниктік шаруашылық ретінде сипатталады. Біздіңше бұл үстірт, қате тұжырым. Біріншіден, автор өзі келтірген мәліметтерді толық талдаудан бас тартады. Өз ойын дәлелдеуге ыңғайлысын ғана ерекшелеп, соған сүйенуге тырысады. Сол негізде ғана қорытынды жасайды. Екіншіден, шәйрікерлердің өзі жалдамалы еңбекті пайдаланған, капиталист болса, олардың өздері пайдаланған ірі байлардың жеріндегі шаруашылығы, егер онда шәйрікерлер жалдаған жалдамалы жұмысшылар жұмыс істесе, неге капиталистік болып шықпайды? Автор байдың өзін капиталист деп атағанымен, шаруашылығын капиталистік деп есептемейді. Бұл автордың шатасушылығы ғана емес, үлкен қатесі. Ал ол қатенің күнәгері – автор мақсат еткен революцияшыл күштерді айқындау, дәлелдеу қажеттігі мен таптық көзқарастың тар шеңбері. Экономикалық тарихты негізінен дұрыс баяндап келген автор, оның әлеуметтік салдарларын сипаттауда шатасуға, қателікке ұрынып, байды ескішіл, крепостниктік күш ретінде сипаттай отырып, оны жаңашыл, капиталистік дихандар мен шәйрікерлерге қарсы қоюға, бір-біріне жау ретінде көрсетуге ұмтылады. Ол тіпті ”жалданушы мен тікелей жалдаушы арасындағы таптық қайшылық әлсіреді, мұнымен бірге батрақтан орташа диханға дейінгілердің байға қарсы бірыңғай майданының барлық алғышарттары болды”, - деп қорытындылайды [4, 127].

 Мал бағушы қазақтардың шаруашылығындағы капитализм туралы деректерді талдай отырып, онда отырықшы өзбектер шаруашылығына қарағанда жалдамалы еңбек аздау болғанына қарамастан капитализм дамуда деп көрсетеді. Жетісудағы алты ояздың егін егуші шаруашылықтарындағы жалдамалы еңбекті пайдаланатын шаруашылықтың пайыздық көрсеткіші мен бір шаруашылыққа жалданған жұмысшының саны туралы мәліметтер негізінде жер шаруашылығы дамыған сайын капитализм де дамуда деген қорытынды жасайды. Қазақ егіншілігіндегі шәйрікерліктің өте аз екендігін деректерден көре отырып, мұнда капитализмнің дамуына отырықшы аудандардағы сияқты крепостниктік кедергі жоқ дейді.

 В.Балковтың 1920 жылға тән мәліметтері бойынша Сырдария, Самарқанд, Жетісу, Каспий бойы облыстарындағы кәсіпорындарды олардағы жұмысшылар санына қарай топтай отырып, капитализмнің дамығанын атап өтеді. Ал Заорскойдың мәліметтері негізінде жалдамалы еңбекке негізделген кәсіпорындардың дамып отырғанын айтады.

 Тарау бойынша қорытынды жасай келе: “қатаң сауда-өсімқорлық және “аппараттық” езгі мен өте кең таралған үлескерлік бола отырып өндірістік қатнастардың жаңа түрлері өсті, капитализм өнеркәсіп түрінде, қаладағы сияқты ауыл шаруашылығында да өсті”, - дейді [4, 131].

 Көшпелі аудандағы капитализм жолына түскен қазақтардың отырықшылана бастаған шаруашылығы кездесіп отырған бес түрлі кедергіні төмендегіше сипаттайды: “бірінші, орыстық помещиктің қазақтардың шаруашылығын күйретіп, өздерін тауға ығыстырған отаршылдық саясаты, екіншіден, манаптың отырықшылануға қарсы және көшпелі тұрмысты сақтау үшін күресі мен ол манапты орыстық әкімшілік тарапынан қолдау, үшіншіден, әлсіз дәрежеде болса да олардың шаруашылығын өсімқорлар мен алыпсатарлардың езуі, төртіншіден, қазақтардан ”кез-келген сылтаумен, кез-келген міндеткерлікті әкімшілік түзетулер үшін“ алып отыратын өкіметтің мемлекеттік жергілікті-орыстық аппараты. Аппарат езіп қана қоймайды, капитализм жолына түскен қазақ шаруашылығының дұрыс болуына кедергі келтіреді. Бесіншіден, бұл да әлсіз дәрежеде және тек кейбір аудандарда ғана – шәйрікерлік” [4, 131]. “Капитализм жолына түскен көшпелілер шаруашылығы,- дейді одан әрі автор,- өз дамуында: біріншіден, орыстың отаршылдық өктемдігіне және екіншіден, өз манаптары мен байларының мүддесіне келіп тірелді” [4, 131].

 Қалалардағы шаруашылықтық қатнастар туралы айта келе:“ХХ-ғасырда өсіп келе жатқан қаладағы капиталистік өндіріс, біріншіден, орыстық өнеркәсіптің бәсекелестігіне, екіншіден, үкімет аппаратына келіп тірелді”,- дей келіп қала өнеркәсіпшісі үшін алымдар өте ауыр, тіпті егіншінің жағдайынан әлдеқайда ауыр болуы керек деп есептейді [4, 132]. Автордың бұл тұжырымдары нақты дәлелденбеген еді. Қаладағы сауда-өсімқорлық капитал туралы мәселе арнайы сөз болып, нақты дерек пайдаланылмаса да автор “орыс сауда капиталы мұнда, яғни қалада ешқандай роль атқармады, сондықтан бұл кездегі отарлық мәселені талдау үшін үлкен маңыз атқармайды деп”,-үстірт тұжырым жасайды [4, 132].

 Автор қала мен ауылдағы өсіп келе жатқан капитализмнің дамуына орыстық отаршыл өктемдік кедергі келтірді, оның артында тығыз байланыстағы жергілікті халықтың сауда буржуазиясы тұрды,- дей отырып, бұны өлкедегі барған сайын өсіп келе жатқан қайшылықтың басты бағыты деп есептейді. Революцияның себептері мен қозғаушы күштерін іздестірген зерттеуші, өлкеде өктемдік еткен сауда капитализмі қанаушылық қатынастардың жүйесі ретінде өндіргіш күштердің дамуына мүмкіндік бермеді, ал өндіргіш күштердің өсуі мен қанаушылық қатынастар арасындағы қайшылық, сонымен қатар “капитализмнің екі түрінің, қаналған өлкедегі өсіп келе жатқан өнеркәсіп капитализмі мен орыс-жергілікті сауда капитализмі арасындағы қайшылық болды”, - дейді [4, 132]. Автор одан әрі, басқалардан басым болған сауда капиталының шет елдік болуы капитализмнің екі түрі арасындағы қайшылықтың, сонымен қатар, метрополия мен отардың арасындағы қайшылықтың себебі де болып шыққанын айтады. Сондықтан да, өлкедегі революцияның міндеттері – ұлт-азаттық революцияның буржуазиялық - демократиялық міндеттер болды дейді. Автордың ойынша: “Орыстық сауда капиталының (және оның өкіметтік аппараты – самодержавиенің) артында орыстың өнеркәсіптік, кейіннен финанстық капиталы тұрды. Орыстың сауда капиталы өлкеде қожа болып қана қойған жоқ, езілуші отар мен орыстың өнеркәсіп капиталы арасындағы байланыстырушы да болды. ХХ-ғасырда банктердің өздері, дикандарды қанауға тікелей қатысты. Самодержавие мен сауда капиталына қарсы күрес, сол себепті де орыстық империализмге қарсы күресті де тікелей тартуы қажет болды” [4, 132]. Орыстық сауда буржуазиясы мен банктердің және жергілікті байлар мен манаптардың арасындағы қайшылық туралы айта отырып бұл соңғылары тәуелсіздікті аңсады дейді. Автордың өзі кейін мойындағанындай оның бұл еңбегіндегі сауда өсімқорлық капитал туралы тұжырымдарына М.Н.Покровскийдің сол кезде кең таралған Ресей тарихындағы сауда капиталының рөлін асыра бағалайтын, оны экономикалық қана емес, саяси күш ретінде де көрсететін концепциясының әсері болғанды байқалады.

 Отарлардағы капитализмнің ерекшелігі мен рөлін жете түсінбеушілік қоныс аударушылар туралы мәселеде де бір жақтылыққа әкелді. Ол кездерде батыс-еуропалықтардың капиталистік отарлау жүйесі негізінде қазақ жеріне қоныс аударушыларды жергілікті халықтың жерін тартып алушылар, өлкені қанаушылар, капиталист-фермерлер ретінде сипаттау орын алды. П.Галузо: “қоныс аударушының өзі өлкені езуші де болып алды. Бұл езгі екі түрде болды: біріншіден, қоныстанушылар өздерін қоршаған жергілікті халыққа қатынасы бойынша фермер-капиталист, олардың жұмыс күшін жалдаушылар ретінде әрекет етті; екіншіден, өзінің “орыстық” тұрғындарының артықша жағдайын және өзінің салыстырмалы түрдегі қамтамасыздандырылғанын пайдалана отырып, олар басқа тәсілдерді де, дәл осы жағдайда, қанаудың экономикалық емес тәсілдерін де әрине кең қолданды… Бұл жағдай оны өлкедегі орыс өктемдігінің мықты тірегіне айналдырды, оған жергілікті халықты отарлық езуге қатысушы ретінде арқа сүйеді”, - деп тұжырымдайды. Біздіңше, бұл жердегі біржақтылық қоныстанушылардың барлығын дерлік фермер-капиталист, жалдамалы жұмыс күшін пайдаланушылар ретінде көрсетуде. Олардың барлығы бірден фермерлерге айнала қойған жоқ. Орыстық қоныстанушылардың әлеуметтік-экономикалық дамуының өзіндік ерекшеліктері, яғни Қазақстандағы орыс диаспорасының кеңестікке дейінгі және одан бергі кезеңдегі тарихы арнайы зерттеуді қажет етеді. Сонда ғана бұл мәселе өзінің толық бағасын алады. Дегенмен, П.Галузо дұрыс көрсеткеніндей патшалы Ресей тұсында орыс қоныстанушылары қазақтың ең құнарлы да, шұрайлы жерлеріне орналастырылды, үкімет тарапынан барынша қолдау тауып отырды. Сондықтан олардың жағдайы қазақтардан әлдеқайда жақсы болды және орыстық отаршыл үкіметтің тірегі рөлін атқарғаны да шындық. Біздің бұл мәселеге көңіл бөліп отырғанымыздың себебі, кеңестік кезеңдегі партиялық диктатураның, әсіресе Н.Хрущевтің, орыстандыру саясатының барысында кейбір мәселелердегі тарихи шындық бұркемеленді, тіпті кейбір тарихшылар өздерінің бұрынғы көзқарастарынан бас тартуға мәжбүр болды. Солардың ішінде принципшіл, өз пікірінен қайта қоюы қиын, өр мінезді тарихшылардың бірі П.Г.Галузо да болды. Ол өзінің осы еңбегінің екінші басылымында және кейінгі еңбектерінде: қоныстанушылардың бәрі бірдей кулактарға айналған жоқ, қоныстанушылардың бір бөлігі кулактардың, царизм мен империализмнің езгісіне түсті, - деп, өзі алғаш көтерген ұлттық езгі мәселесін, таптық қанау мәселесімен оп-оңай ауыстыра салады. Рас, қоныстанушылар арасында әлеуметтік жіктердің болғаны шындық. Бірақ патша үкіметінің ұлттық саясаты негізіндегі ұлттық езгі мәселесін мүлде жоққа шығару да тарихи шындыққа қайшы келетінін естен шығармауымыз қажет.

 Г.Сафаровтың, Ғ.Тоғжановтың, П.Галузоның және т.б. еңбектері отар аймақтардағы, соның ішінде қазақ жеріндегі де капиталистік қатынастардың ерекшеліктері туралы мәселені зерттеу қажеттігін байқатты. 1932 жылы отарлық Орта Азиядағы шаруалардың капитализмнің американдық жолмен дамуы үшін күресі туралы мәселе көтерілді. Бұл пікірталасты мақаланың авторы П.Галузо: “Орта Азияда да крепостниктікті күйрету жер иеленуші крепостниктердің мүддесін сақтай отырып баяу эволюция жолымен іске аса алтын еді. (Ол іс жүзінде, 1917 жылғы революцияға дейін солайша, тек әрине Ресейдегідей қарқынмен және түрмен емес, болды да)”,-деп капиталистік қатынастардың Ресейлік отарлардағы қалыптасу жолдары мен ерекшелігі туралы мәселелерді сөз етті [5, 43].

 П.Галузоның жоғарыда талданған кітапшасы 1935 жылы, көлемі 226 бет болып, Ташкентте қайта басылып шықты [6]. Толықтырулар мен түзетулер арқылы 6 жылдан кейін қайта шыққан бұл еңбекке негізінен үш шағын тарау қосылған. Олар кіріспе орнына жазылған “Ленин патша үкіметінің отаршылдық саясатының сипаты туралы” атты тақырыбы мен “Орта Азия Ресейдің жаулауы қарсаңында” атты І-бөлімнің бірінші және қорытынды орнындағы “Орта Азиядағы 1917жылғы революцияның жолдары туралы” деген тараулар.

 Бірінші және екінші басылымдар жарық көрген аралықта көптеген өзгерістер болды. Әсіресе идеологиялық салада қатаң бағыт ұстау басталды. Ол әсіресе ВКП(б) ХҮІІ- съезінде айқын көрінді. Сьезд В.Ленин қайтыс болған 1924 жылы партия мен Кеңес үкіметінің басшылары, оның өсиеттерін орындауға ант берген Бүкіл- одақтық ІІ Советтер сьезінің мәжілісі өткен залда, сол күні, сол сағатта ашылды. ХҮІ-сьезінен бергі үш жарым жылдағы емес, В.Ленин қайтыс болғаннан бергі он жыл ішіндегі жұмыстар туралы есеп жасалды. ВКП(б) Орталық Комитетінің есебі бойынша сөйлеген сөзінде Г.К.Орджоникидзе: “Ленин бұдан 10 жыл бұрын біздің арамыздан кетті; бірақ ленинизм, оның туы біздің жол көрсетер жарық жұлдызымыз болды”, - деді [7, 311]. Сөйтіп В.Ленинді дәріптеу, оның идеялаларын құрметтеу бағыты кең орын ала бастады. Мұнымен қатар дәл осы ХҮІІ-сьезде қол жеткен табыстарды Сталиннің есімімен байланыстыру, оның жеке басына табынушылық әрекеті басталды [8, 637]. Бұған әкелген сөз жоқ Сталиннің қатігез мінезі мен қатаң саясаты еді. Оның үстіне 1933 жылы Қазақстанда басталған партия тазалауы да көптеген адамдарды рухани - психологиялық негізде бас көтертпей тастаған болатын. Сондықтан да П.Галузо да, 1929 жылғы бірінші басылымында тек бірді - екілі ғана Ленин сөзінен үзінді келтірілсе, ендігі 1935 жылғы басылымында Ленин пікіріне жеке тарау арнап қана қоймай жаңа тарауларды оның сөздерімен нақтылауға ұмтылды. Ал қорытынды орнына жазған тарау тіпті И.Сталиннің сөздерін дәлелдеуге негізделген. Сонымен еңбектің бұрынғыдан өзгешелігі, немесе басты жаңалығы партиялық саясатқа бейімделу болып шыққан. Зерттеуші-ғалым П.Галузо саясатшы-ғалымға айналуға мәжбүр болған.

 Еңбектің екінші бір ерекшелігі кейбір зерттеушілерімен пікірталасты көзқарастарын жазуында. Оларға біз төменде тоқталамыз .

 Дегенмен П.Галузо жаңа басылымда Ленин мен Сталиннің өз ойларын бекітетін сөздерін іріктеп алуға тарысқан. Басқа зертеушілердің пікірлерін сынауда да, өзінің негізгі тұжырымдарын қорғайды. Жалпы алғанда капиталистік қатынастар туралы бірінші басылымдағы пікірлері екінші басылымда да негізінен сақталады. П.Галузо өзінің кейінгі еңбектерінде негізгі концепцияның бірі болған әскери-феодалдық және капиталистік империализм Ресейдің отар аймақтарындағы империализмнің екі түрі деп есептейтін тұжырымын Қазақстандық тарихнамада бірінші болып ерекшелейді. Әскери-феодалдық империализм мен капиталистік империализм царизмнің отарлардағы басқыншылық саясаты мен ұлттарды езу жүйесінен айқын көрінетінін баяндайды. Қазақтардың ауыл шаруашылығында капитализмнің дамуы жөніндегі мәселені қарастыра келе: “қырғыздар мен қазақтардың көшпелі және жартылай көшпелі аудандарына капитализм енді, бірақ ол мұнда отырықшы шаруашылықты өзбектердің аудандарына қарағанда әлдеқайда әлсіз енді. Жетісу үшін біз сондай-ақ онда капитализмнің дамуы үшін мұндағы ауыл шаруашылығының дамуы айтарлықтай дәрежеде түрткі болды деп айта аламыз”,-дейді [6, 185]. Түркістан өлкесінің құрамындағы Қазақстанды жаңа мәліметтермен толықтыра отырып, патшалы Ресейдің отары ретінде сипаттайды. Мұндағы отарлық езгі екі тәсілмен – жерді тонау, алым-салықтар арқылы феодалдық және ресейлік фабрикаттарды өткізетін базар, әрі шикізат көзі ретіндегі капиталистік тәсілдермен іске асты деп есептейді.

 Байқап отырғанымыздай бірінші басылыммен салыстырғанда П.Галузо тарихшы-ғалым ретінде қалыптаса түскен. Ал төмендегі мәселелерге салыстырмалы түрде талдау жасау, ғалымның ғылыми-теориялық өсу бағыты мен дәрежесін айқындауға мүмкіндік береді. Ол сондай-ақ сол кезеңдегі Қазақстандағы тарихи ойдың жалпы даму дәрежесін де сипаттайды. Бұл кезеңдегі тарих ғылымының қалыптасуына Орта Азия тарихнамасындағы буржуазиялық-отаршылдық концепцияны түп-тамырымен жоюды және академик Бартольдтың мектебін тексеру істерін мақсат еткен ВКП(б) ОК-нің Орта Азиялық бюросының 1934 жылғы 23 мамырдығы қаулысы да әсер етті. Сонымен байланысты, Орта Азия тарихшылары асыра сілтеуге барды, онда тарихты зерттеу төменгі дәрежеде болды деген ойды кейбір зерттеушілер де айта бастады [9, 68]. Ортаазиялық тарихшылардың өздеріне сенбеушілігі күшейе түсті. Оны біз П.Галузоның Ленин мен Сталиннің ғана емес М.Н.Покровскийдің де пікірлеріне, кейде тіпті оның фамилиясы емес тек аты мен әкесінің атын жаза отырып, арқа сүйеуінен байқаймыз [6, 46-47].

Әдебиеттер

1  Ванаг Н. К методологии изучения финансового капитала в России// Историк-марксист. 1929, N12.; Гиндин И. Некоторые спорные вопросы истории финансового капитала в России.// Историк-марксист. 1929, N12.; Грановский Е. Спорные проблемы финансового капитала в России (вместо выступления на І Всесоюзной конференции историков-марксистов) // Историк-марксист. 1929, N12.

2  Выступление Галузо П.Г. //Труды Первой всесоюзной конференции историков-марксистов. Т.І. -М., 1930.

3  Галузо П.Г. Очерк советской историографии аграрных отношений в Казахстане в период капитализма. (Материалы к научной сессии по проблеме: Развитие российского капитализма вширь).На правах рукописи. Алма-Ата,1971.–113с.

4  Галузо П.Г. Туркестан – колония. Очерк истории Туркестана от завоевания русскими до революции 1917 года. -М.: Изд. Ком. ун-та труд. Востока им. И.В.Сталина, 1929. -164 с.

5  Галузо П. Троцкистко-колонизаторская концепция истории российского господства в Средней Азии.// Революции в Средней Азии./ Сб. cт., N5. -Ташкент, 1932.

6  Галузо П. Туркестан – колония. (Очерк истории колониальной политики русского царизма в Средней Азии). Издание второе, исправленное и дополненное. –Ташкент: Государственное издательство Уз ССР. 1935. -225 с.

7  КПСС тарихының очерктері. –Алматы: Қазақстан,1970.-311-б.

8  КПСС тарихы лекциялар. Екінші кітап. –Алматы: Қазақстан, 1970. -637-б.

9  Козыбаев И.М. Историография Казахстана: уроки истории. – Алма-Ата: «Рауан», 1990.

References

1 Vanag N. K metodologii izucheniya finansovogo kapitala v Rossii// Istorik-marksist. 1929, N12.; Gindin I. Nekotoryie spornyie voprosyi istorii finansovogo kapitala v Rossii.// Istorik-marksist. 1929, N12.; Granovskiy E. Spornyie problemyi finansovogo kapitala v Rossii (vmesto vyistupleniya na I Vsesoyuznoy konferentsii istorikov-marksistov) // Istorik-marksist. 1929, N12.

2 Vyistuplenie Galuzo P.G. //Trudyi Pervoy vsesoyuznoy konferentsii istorikov-marksistov. T.I. -M., 1930.

3 Galuzo P.G. Ocherk sovetskoy istoriografii agrarnyih otnosheniy v Kazahstane v period kapitalizma. (Materialyi k nauchnoy sessii po probleme: Razvitie rossiyskogo kapitalizma vshir). Na pravah rukopisi. Alma-Ata,1971.–113 s.

4 Galuzo P.G. Turkestan – koloniya. Ocherk istorii Turkestana ot zavoevaniya russkimi do revolyutsii 1917 goda. -M.: Izd. Kom. un-ta trud. Vostoka im. I.V.Stalina, 1929. -164 s.

5 Galuzo P. Trotskistko-kolonizatorskaya kontseptsiya istorii rossiyskogo gospodstva v Sredney Azii.// Revolyutsii v Sredney Azii./ Sb. ct., N5. -Tashkent, 1932.

6 Galuzo P. Turkestan – koloniya. (Ocherk istorii kolonialnoy politiki russkogo tsarizma v Sredney Azii). Izdanie vtoroe, ispravlennoe i dopolnennoe. –Tashkent: Gosudarstvennoe izdatelstvo Uz SSR. 1935. -225 s.

7  KPSS tarixynyn ocherkterі. –Almaty: Kazakstan,1970.-311-b.

8  KPSS tarixy lekciyalar. Ekіnshі kіtap. –Almaty: Kazakstan, 1970. -637-b.

9  Kozybaev I.M. Istoriografiya Kazaxstana: uroki istorii. – Alma-ata: «Rauan», 1990.

ТУЛЕБАЕВ Т.А.

(КазНУ имени аль-Фараби

доктор исторических наук, профессор)

П.Г. ГАЛУЗО О КАПИТАЛИЗМЕ И ЕГО ОСОБЕННОСТЯХ

В КАЗАХСКОЙ ЗЕМЛЕ

Резюме

В статье был сделан историографический анализ на основе трудов П.Г. Галузо, вышедших в свет 1920-1930 гг. Это анализ основных концепций и выводов о внедрении капиталистических отношений и их особенностях в РК. Были выявлены и оценены определенные концепций П.Г. Галузо, которые отличались от выводов многих других исследователей.

Ключевые слова: капитализм, капиталистические отношения, капитал, банковский капитал, торговый капитал, предприятия, предприниматели, колония.

ТULEBAEB Т.А.

(КаzNU named after Al-Farabi

Doctor of historical sciences, professor)

P. G. GALUZO ABOUT CAPITALISM AND ITS FEATURES

IN THE KAZAKH EARTH

Summary

In this article author makes historiographic analysis on the basis of P. G. Galuzo's works which published 1920-1930. It is the analysis of the main concepts and conclusions about introduction of capitalist relations and their features in Kazakhstan. P. G. Galuzo's define concepts, which differed from conclusions of many other researchers, were revealed and estimated.

Keywords: capitalism, capitalist relations, capital, banking capital, trade capital, enterprises, businessmen, colony.


No comments

To leave comment you must enter or register