Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_3_69

Н. СӘБИТОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-ҒЫЛЫМИ МҰРАСЫ МЕН ӨМІРІНІҢ БАСТАПҚЫ КЕЗЕҢІ

ҒТАМР 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_3_69

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(27), 2021

Tags: Н.Сәбитов, дінтану, шығыстану, этнография, мәдениеттану, библиография, экспедициялар, тарих
Author:
Ә.Қ. Шашаев¹ID, Н.Н. Құрманалина¹ID, А.Н. Қоңқабаева¹*ID

¹Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, Қазақстан, Алматы

*Автор-корреспондент

E-mail: shashaevauezhan@mail.ru (Шашаев), nurgulca@mail.ru (Құрманалина), konkabayeva.arailym@mail.ru (Қоңқабаева)

Аңдатпа. Мақалада шығыстанушы, библиограф және этнограф-тарихшы Н.Сәбитовтың қоғамдық-ғылыми мұрасы мен өмірінің бастапқы кезеңі оның жеке архив қорында сақталған құжаттық деректері негізіндегі мәліметтер берілген. Н.Сәбитовтың өмір жолы кеңестік кезеңдегі ашаршылық, ұжымдастыру, индустрияландыру, мәдени революция мен қуғын-сүргін жылдарына тұспа-тұс келген еді. Орыс тілін жетік білгендігінің арқасында, қоғамдағы өзгерістерді жіті бағалағандығы мен сол кездегі жүріп жатқан қалыптасу кезеңінің қайнаған ортасындағы белсенді қызметі тарихи деректер бойынша талданады. Сонымен қатар, мақалада Н.Сәбитовтың өзінің алдындағы ғалымдар секілді энциклопедиялық білімі бар, араб-парсы, түркі және ағылшын тілдерін яғни кемінде жеті елдің тілін жете меңгерген, ірі қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілуі туралы, сондай-ақ соңынан қалдырған үлкен мұрасы жайлы баяндалады.
Түйін сөздер: Н. Сәбитов, шығыстану, дінтану, мәдениеттану, этнография, библиография, тарих, экспедициялар.
Text:

Кіріспе: Тарихымыздағы іргелі мәселелермен қатар халқымыздың мұрасын, ұлттық мәдениетін, ғылымды өздерінің қара басының қамынан жоғары қойған ірілі-ұсақты тұлғаларымыздың тұтастай бір ұрпағының қызметін өмір сүрген кезеңімен байланыстыра зерттеу аса өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Міне, соларды алалап көбінесе саяси және әкімшілік саладағы тұлғаларды зерттеуге тұрарлық қалғандарының сіңірген еңбегінің маңызы аз деп, шеттетудің өзі тарихқа жасалған қиянат болып табылады. Өйткені сұрқия заманның шынжыр табанына тасталған олардың өмірі алапат зор арпалыстармен, қуғын-сүргінмен еркін ойға салынған құрсаумен шектеліп, тіпті адам өмірінің құны түскен, тірі қалудың өзі үлкен мәселеге айналған кезеңде өтті. Осындай тарихи кезеңде аман қалудың өзі ерлік, ал тіпті ұрпағына мұра болып қаларлық ғылыми туындылар жасау бұл ғажайып құбылыс (феномен) еді.

Қазақ елі талай талантты, дана ғалымдарды дүниеге әкелген. Әрине, әр ғалымның өз басына тән табиғи ерекшеліктері, дүниетаным деңгейі, ғылыми білгірлігі, әр қырлары болады. Біз сөз қозғағалы отырған адам өзінің ақыл-ой парасаты, ғылыми даралығы тұрғысынан, жеке басының игі қасиеттері жағынан ерекше бір өзіндік тұлға болатын. Ол Қазақстан шығыстану тарихында, этнографиясында, библиографиясында ерекше орын алатын ғалым – Н.Сәбитов.

Ол заманымыздың ірі тұлғалары – И.Ю. Крачковский, А.А. Семенов, Е.Э. Бертельс, Ш. МухамедьяровС.Н. Малов, Н.В. Юшманов, Е.С. Истрина, В.И. Чернышев, Қ.И. Сәтпаев, Ә.Х. Марғұлан, Н.Т. Сауранбаев, Е. Бекмаханов, С.К. Кеңесбаев, А. Нүсіпбеков және т.б. қызметтес болып, олардың мектебінен өткен, тәлім-тәрбие алып, ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағытын айқындаған.

Материалдар мен әдістер. Ең маңызды деректік мәліметтер Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының архивіндегі Тарих, археология және этнография институтының 11-ші қорында сақталған. Мұнда аталған институттың Ғылыми кеңесі мен бөлімдері отырыстарының хаттамаларының көшірмесі, талқылаулардың стенограммасы, пікірлер, аннотациялар және т.б. молынан кездеседі.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің 1711 – «Уполномоченный Совета по делам религиозных культов при Совете Министров СССР по Казахской ССР», 1876 – «Комитет по делам культурно-просветительных учреждении при Совете Министров КазССР», 693 – «Общество изучение Казахстана» деген қорларының мәліметтері пайдаланылды. Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұражайының 1308 – «Орталық мемлекеттік мұражай» деп аталатын қорында Н.Сәбитовтың А. Имановқа арналған библиографиялық көрсеткішіне байланысты деректер кездестірдік. Қазақстан Республикасы Президенті рхивінен 141-ші «Казахский Краевой Комитет ВКП (б)» қорынан жаңа әліпбиге, партиялық қызметтеріне қатысты деректерді қарастырдық.

Талқылау. Нығмет Сәбитовтың өмірі мен қызметіне қатысты арнайы зерттеу жұмысы жүргізілмегенімен, оның ғылым саласындағы шығармашылық еңбектеріне қатысты кеңестік кезеңде жарық көрген басылымдарда біраз мәліметтер берілген.

Солардың алғашқысы С.К. Кеңесбаевтың «Қазақ тілін зерттеудегі міндеттер мен жетістіктер туралы» – деген мақаласында Н.Сәбитовтың «Қазақ тіліндегі араб-парсы сөздері» атты еңбегіне берген бағасы. Бұнда белгілі ғалым Н.Сәбитовтың еңбегіне тоқтала келе: «...еңбек лингвистикалық қызығушылықты тудырды және онда бірнеше жүздеген сөздер қамтылып, аталған мәселенің этимологиялық және семантикалық жағының ашылуы қарастырылған. Н.Сәбитовтың жұмысы қазіргі қазақ тіліндегі араб және парсы тілінен енген сөздердің шығу тегін түсіндіріп, тілтанушыларға септігін тигізері даусыз», – дей келе, «бұл еңбектің қазақ тілтануындағы оның лексикасын зерттеудегі ең үздік жетістіктерінің бірі екендігін сөзсіз айтуға болады», – деп ойын қорытады (Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры).

Б.Сүлейменов өзінің Н.Сәбитовтың орыс және қазақ тілінде жариялаған Амангелді Имановқа қатысты библиографиялық көрсеткішіне жазған пікірінде: «...осы көрсеткіштің баспадан жарық көруі көптеген оқырмандардың, әсіресе жоғарғы оқу орындары мен мектептердің оқытушылары, аспиранттары мен студенттерінің сұранысын қанағаттандыруға бағытталған», – деп атап көрсете келе, оның жетістіктері мен кемшіліктеріне тоқталып, болашақта оны толықтырып, екінші басылымын шығаруды ұсынған (ҚР ОМА, 4: 1). Міне, бұл жоғарыда көрсетілген екі еңбек те Н.Сәбитовтың шығармашылық ізденістеріне қатысты мәлімет көзі болып табылады.

Осы сияқты мәліметті Б. Кенжебаев Н.Сәбитовтың «Қазақ кітаптары» көрсеткішіне қатысты береді (Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры).

Келесі бір мәліметтер көзін құрайтын – А.И. Сембаев, Г.М. Храпченковтың 1900-1917 жылдар аралығындағы Қазақстан мектептерінің тарихына арнаған еңбегі болып табылады. Бұл еңбекте негізінен архиві қорларының деректері, қолжазбалар, сонымен қатар Н.Сәбитовтың монографиясында көрсетілген мәліметтер пайдаланылып, талдау жасалған. Қазақстандағы мектептер тарихынан мол деректер беретін еңбек болып табылады (Сембаев, Храпченков, 1972: 31-32).

Заманымыздың ірі тұлғаларының бірі М. Әуезов өзінің зерттеулерінде Н.Сәбитовтың Абай туралы библиографиялық көрсеткішіне тоқталып кеткен, соның бірінде оған жоғары баға берген: «...Көлемі сексен беттік тұтас бір кітапша, тек қана Абайды тану жолында баспаға шыққан еңбектерінің тізімінен құралады. Осы кітапқа қарап отырып, ұлы ақынның революциядан бұрын жарыққа шыққаны бір ғана кітап болса, социалистік құрлысымыздың жылдары ішінде жасалған еңбектердің құр ғана тізімі мол бір кітап болғанын көреміз. Н.Сәбитовтың «Абай» атты библиографиясына кірген бөлімдер айрықша еске алуды, атап өтуді қажет етеді», – деп мақтаныш сезіміне бөлене отырып пікір білдірген еді (Әуезов, 1967: 31).

Біршама толық мәліметтер көзін С.Е.Әжіғалидың зерттеулерінен алуға болады. Оның көлемді мақаласында Н.Сәбитовтың өмірбаяны мен қызметіне қатысты деректер молынан келтірілген (Ажигали, 2000). Сонымен қатар 1995 жылдың қаңтарында шығыстанушы және библиограф Н.Сәбитовтың туғанына 100 жыл толуына байланысты арнайы естелік жазған. Еске алуға арналған салтанатты отырыс ҚР ҰҒА Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында өтіп, оны сол кездегі институт директоры академик М.Қозыбаев ашқан болатын. Н.Сәбитов туралы баяндаманы С.Е.Әжіғали жасады. Осы салтанатты отырыста Қазақстанның танымал тарихшылары ҚР ҰҒА корр.– мүшелері К.Н. Нұрпейісов, О.И.Исмағұлов, шығыстанушы Н.Н.Мингулов сөз сөйлеп, Н.Сәбитовтың тарих ғылымына қосқан үлесін атап өткен еді. С.Е.Әжіғалидың мақаласында сонымен қатар осы отырыста Н.Сәбитовтың өмірінің белгісіз жақтары мен өнегелі өмірі жайында оның ұлы астрофизик, физика– математика ғылымдарының кандидаты Шәміл Сәбитов пен қызы Құрманбике Нығметқызы сөз алып, қысқаша мәліметтер бергені келтірілген.

Сонымен қатар Н.Сәбитовке қатысты И.В.Захарованың, Х.А.Арғынбаевтың, Н.Әлімбаевтың, Г.Дахшлейгердің, О.Құдышевтың, Г.Урастаеваның, Х.Ермұратовтың және т.б. ғалымдардың еңбектерінен мол мәлімет алуға болады.

Зерттеу нәтижелері. Егер де өткен тарихымыздың терең қойнауына көз жүгіртер болсақ, оның аумалы-төкпелі болғанын байқаймыз. Бірнеше ұрпақтың өмір-тіршілігі алмасқан кезеңнің өзінде, біздің көптеген тұлғаларымыз – ойлы, жүректі және сөзсіз талантты, кіндік қаны тамған туған жері, елі үшін көзсіз сеніммен, бар жан-тәнімен қызмет еткендер есімі танылмай, тиісті бағасын алмай отырғандығы кезінде заманымыз тарихшылар алдында шаң басқан архив сөрелеріндегі олардың туындыларын зерделеп, көпшілікке таныту міндетін артып отыр.

Өйткені солар өмір сүрген дәуірден неғұрлым алыстаған сайын біз олардың өз ортасынан ерекшеленетінін байқап, олардың іс-әрекетінің тиісті бағасын бере отырып, замана қыспағындағы ерік-жігерінің, рухының құламағандығына таңданысымызды жасыра алмаймыз.

Нығмет Сәбитовтың өмір жолы мен қызметіне тоқталған кезде, аумалы-төкпелі заманның қыспағына қарамастан аса мәнді де, мағыналы болғанын деректер арқылы көруге болады.

1743-1758 жылдары Орынбор және Орал казактары үлкен жер үлестерін алды, одан кейін Жайықтың оңтүстік жағалауы сағаларымен толық соларға берілді. Отаршылдықтың баспалдағы ретінде 1801 ж. Бөкей хандығы немесе Ішкі Орда құрылды (Астрахан губерниясының бөлігінен). 1822 ж. Орта жүзде, 1824 ж. Кіші жүзде жүргізілген ережелер, олардың артын ала қазақ жерінде ашылған Ресейлік үлгідегі округтік және шекаралық басқару мекемелері сонымен қатар әскери бекіністердің салынуы қазақ қоғамының бірлігін ыдыратуға, отарлауға бағытталған еді (Қойгелдиев, 2004: 84).

Осындай кезеңмен тұстас келген Н.Сәбитовтың өмірбаяны жөнінде деректерге жүгінсек, оның еңбек кітапшасы мен өмірбаяндық жазбасында 1895 ж. Астрахан губерниясының, Краснояр уезінің Баклано-Лопатино селосында кедей шаруа отбасында дүниеге келгендігі айтылған (Н.Сәбитовтың жеке мұрағаттық қоры). Оның әкесі Сәбит Кенембайұлы ата-бабасынан бері балық аулаумен айналысқан, отаршылдық езгінің табиғатының жат екендігін жүрегімен сезіне білген ол зеректігінің арқасында сауатын ашып, Құранды өз бетінше оқи алған. Өзінің мұсылмандық парызын өтеу үшін, Меккеге қажылыққа аттанып, қайтар жолда 1900 ж. Иранда 64 жасында қайтыс болады. Бес жастағы Нығмет пен оның үш қарындастары анасының қолына қарап қалады. Сегіз жасқа толған кезде, Нығмет ауылдағы мектептен білім ала бастады. Бұғанасы қатып, есейе бастаған кезде, 15 жасынан бастап өз қожалықтарында шөп шабумен және балық аулаумен айналысты.

Бұдан кейінгі қоғамдағы өзгерістер Н.Сәбитовтың өміріне де өз әсерін тигізді. Ол 21 жасқа аяқ басқанда 1916 ж. патша жарлығына ілінеді. Міне, осы жарлықтың мәтініне қарасақ: «Объявленное военным министром о привлечении мужского инородческого населения Империи для работ по устройству оборонительных сооружений и военных сообщений в районе действующей армии, а равно и для всяких иных необходимых для государственной обороны работ...» - делінген (Рыскулов, 1997: 36-37).

Сондықтан, 1916 ж. Н.Сәбитов патшаның бұратаналарды тыл жұмыстарына алу жайындағы жарлығына сәйкес қара жұмысқа шақырылды. Ол Москва темір жолында жұмысшы болып істеп, одан Ақпан революциясынан кейін ғана оралады. Бұл жайындағы дерек Москва-Виндаво-Рыбинск темір жолы қоғамының 5 сәуір 1917 ж. берген құжаты: «Предъявитель сего, инородец Астраханской губернии, Макетовского общества, волости № 6, 2 округа Нигмат Сабитов (құжаттағы сөздерді сол түпнұсқа негізінде беріп отырмыз. - М.Б.), находящийся на работах Московско-Виндавской железной дороги, согласно распоряжения от 28 марта с.г. заместителя комиссара Московского железнодорожного узла, увольняется от сего числа в месячный отпуск для поездки на родину для устройства своих семейных дел и для содействия возвращению ушедших с дороги инородцев и обязан по истечении месячного срока явиться на ст. Москва Московско-Виндавской железной дороги.

Настоящее удостоверение выдано инородцу для предъявления на волостное правление или соответствующее ему учреждение для наложения печати о времени его явки на родину.

Означенное удостоверение видом на жительство не служит и права на бесплатный проезд по железным дорогом не дает…» (Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры).

Құжатта айтылғандай Н.Сәбитовты уақытша өкімет комиссарлары жай ғана демалысқа жіберген жоқ, оны бір айға уақытша және бұрын темір жол жұмысынан қашып кеткендерді қайтаруға үгіт жұмысын жүргізуге тапсырма бергендігінен көруге болады.

Оның өмір сүрген кезеңіндегі қазақ зиялыларының екі түрі болғандығы белгілі. Әр түрлі кезеңде ортадан жарылып шыққан зиялылар – Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Ғазы Уәлиханов және т.б. азшылықта болды, олар орысша білім алып және орыс интеллигенциясымен байланыста болып, орыс үкіметіне арқа сүйей отырып қазақтарды европа мәдениетіне жақындатуға ұмтылды. Келесі топтағылар – татар, башқұрт және басқа да мұсылман мектептерінен тәрбие алып, мұсылмандық Шығыс мәдениетін насихаттау арқылы қазақ халқын білімге жетеледі (Рыскулов, 1997:235).

Н.Сәбитов осы екі топтың қайсысына жатады десек, оны дәл айту қиындау өйткені, орыс ортасында өсіп, білім алғанымен Ресейдің қазақтар шоғырланған Астрахан губерниясындағы қазақы тұрғындар, өз дәстүрін, тілін сақтап қалудың, орыстанып кетпеудің бір жолы мұсылманшылдық деп түсінген, сондықтан да Нығметтің әкесі Сәбит оның мұсылманша білім алуын дұрыс деп шешті. Нығметтің алған тәрбиесінің негізінде мұсылмандықпен қатар европалық мәдениеттің де әсері қатарласып жатты. Бұл оның кеңестік кезеңдегі қызметіне зор әсер еткен еді.

Сонымен Қазан төңкерісінен кейін қалың қазақ бұқарасы арқасында Кеңес өкіметін жақтаушылар көбейе бастады. Астраханның жұмысшы аудандарына жақын орналасқан Бөкей ордасының қазақтары Кеңес өкіметінің ықпалына тез бейімделе алды. Міне, сондықтан ел өмірінде болып жатқан үлкен жаңалықтар Нығмет Сәбитовтың да өміріне көптеген өзгерістер алып келді. Оның Кеңестік дәуірдегі мәдени саладағы белсенді қызметі 1918 ж. бастау алады. Оның еңбек кітапшасында 1918 ж. 20 наурызынан 1921 ж. 10 наурызына дейін Баклано-Лопатино ауылдық кеңесінің хатшысы, кейіннен төраға болып қызмет еткендігі туралы жазылған (Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры). Орыс тілін жетік білетіндігі мен саяси сауаттылығын және білімі барлығын ескере отырып оны Шаған - Кондаков болыстық атқару комитетінің, халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі (Н.Сәбитовтың жеке архивтік қоры), төрағасы, кейіннен ликбездің (сауатсыздықты жою) нұсқаушысы қызметіне тағайындайды (Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры).

1919 ж. 13 наурызында Астраханға Я.М. Свердлов қол қойған жеделхат келді. Онда коммунистерді қайта тіркеуден өткізуді сұраған губкомның шешімін мақұлдайтындығы туралы айтылған. Осыдан кейін 1919 ж. 20 наурызынан бастап мамыр айларының аралығында Астрахан партиялық ұйымдарының қайта тіркеуден өткізілуі нәтижесінде оның құрамы біршама қысқартылды. Осындай коммунистерді қайта тіркеуден өткізу әдісі партия қатарын күшейту үшін жасалынған күрес ретінде ең алғаш рет Астраханда қолданылды. Бұл әдіс кейін жалпы партиялық масштабта қолданылды. Астрахан партия ұйымы өз қатарын осылай тазалағаннан кейін, партия қатарын жаңадан толықтыра бастады.

Дәл осы тазартудан кейін, Кеңес өкіметінің ұсынған идеясына шын ниетімен сенген Н.Сәбитов 1920 ж. наурызында Коммунистік партияның мүшелігіне өтеді. Ауылда қызмет ете жүріп, ол ауылдық және болыстық басқарма аппаратын нығайту үшін күресті, шабындықтар мен жайылымдардың әділ бөлінуін қадағалады, болыстықта орын алған барымтаны (жылқы ұрлау) болдырмауға күш салды, елді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін балықшылар одағын құрды, жаңа мектептер ашуға қаржы бөлдірді және т.б. яғни ол дәл сол кездегі жүріп жатқан кеңестік жүйенің қалыптасу кезеңінің қайнаған ортасында белсене қызмет етті.

Н.Сәбитовтың өміріндегі елеулі өзгерістер оның 1924-1929 жылдардағы «Кедей тілі» газетінің редакторы ретіндегі қызметімен байланысты болды (Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры). «Кедей тілі» газеті Астрахан губерниялық партия комитеті қасындағы ұсақ ұлттар бөлімшесінің органы болды. Ол алғаш 1924 ж. 20 сәуірден айына 4 рет шығып тұрды.

1921-1925 жылдары халық шаруашылығын қалпына келтіру жолында елімізде алып жұмыстар атқарылып жатты. Сондықтан «Кедей тілінің» бас редакторы Н.Сәбитов осындай қауырт жұмыстарды, бүкіл халықтық қозғалыстың барысын көрсетіп, еңбек майданындағы жаңалықтардың жаршысы болу үшін газеттің негізгі мазмұнын осы мәселелерге арнады (Такишев, 1961).

Қазан төңкерісінің дүмпуі, азамат соғысының дауылы қоғам өміріне аяғын тәй-тәй басып келе жатқан мәдени-ағарту бағытындағы ұйымдар мен баспасөздердің өркендеуіне мүмкіндік жасамады (Еділ-Жайық, 1927).

Қазақтың оқыған зиялылары бұл кезде не қам жасады? Міржақып Дулатовтың «Қазақ зиялылары» деген мақаласында: «Біздің қазақ-қырғыздардың оқығандары санаулы. Партияда бары да, жоғы бәрімізге белгілі. Бізден коммунистер шыға бастағанына әлі екі-үш жылдан асқан жоқ... Шынын айтқанда, күні кеше бәріміз де ұлтшыл емес пе едік? Қазақ оқығандарының ең әуелі табы ұлтшылдар емес пе еді? ... Енді бүгін кеңес үкіметі дәуірлеп, коммунист партиясы жолбасшылық қылып отыр екен; қазақ-қырғыз секілді езілген елдерге бостандық, теңдік күні туған екен... бұрын өзгелердің соңында жүргендер адасып жүр екен; соның ішінде бізге коммунист болу керек екен; бұған түсіндік, көзіміз жетті. Партияға кіргендеріміз де бар...» (Дулатов, 2002: 52-53). Ұлт бостандығы жолындағы күресті өз күшімен жүргізе алмайтынына көзі жеткен алашшылдардың көбісі кеңес билігіне мойын ұсынды. Тіпті кейбірі кейін коммунистердің көсемі де болды. Тарата айтсақ, зиялылар ертеңгі ұлт тәуелсіздігі үшін осылай қадам жасаған.

1927 ж. қаңтарда сол кездегі өлкелік комитеттің хатшысы Ф.И. Голощекиннің Қазақстандағы 1920-1926 жылдар арасындағы баспасөз мәселесі туралы баяндамасында: «Идеологическая наша печать, особенно казакская, почти до последнего года была крайне слаба. На ее страницах нередко появлялись невыдержанные статьи с националистическим уклоном, а также нередко сводились счеты внутри национальных, групповых и личных трений… теперь на ее страницах не встречаются политические ляпсусы, чем она часто страдала раньше». Бұдан тыс өзіндік ойын айту немесе ондайларды әшкерелемеу айып болып танылып, сынға ұшырап, жазаланатын. Осындай жазалау шараларынан Н.Сәбитов басқарған «Кедей тілі» де тыс қалмады. 20-шы жылдардағы бүкіл Батыс Қазақстан облысын қамтыған «сепаратистік-ұлтшылдық» қозғалысынан тазалау деген атпен орын алған жазалау шараларына 1927 ж. дәл уақытында «астраханшылдықты» (астраханьщина) анықтап, айыптамағаны үшін «Кедей тіліне» сөгіс жарияланған еді (Ажигали, 2000: 5). Бұл «сепаратистік-ұлтшылдық» деп аталған қозғалыс 20-шы жылдары Астраханды ғана емес Орал және Гурьев облыстарын қамтыған, соған қарамастан отандық тарихта әлі күнге зерттеу көзіне айналмаған тақырыптардың бірі болып табылады. Н.Сәбитов редакциялық жұмыстан шыққан соң, 1929 ж. 20 сәуірде «Кедей тілі» газетінің редакциясы (Н.Сәбитовтың орнына болған газет редакторы Кәрім Жанчурин және әріптестері) оған арнап мынадай хабарлама берді:

«Уважаемый товарищ, Нигмет Сабитов! Мы, твои товарищи по совместной работе и учащиеся – казахи, приносим тебе глубокую благодарность за ту работу, которую ты проделал в течение трех лет.

Работая на посту ответ. редактора газеты «Кедей-Тли» - органа Астраханского Губкома ВКП(б) и Губисполкома, ты постоянно вникал в повседневную жизнь казахского населения, давая через газету советы и указания и благодаря твоему умелому руководству газета улучшилась, увеличивала свой тираж…» (Н. Сәбитовтың жеке тектік қоры).

Бұл жылдары қазақтың оқығандары тек бірыңғай саясатпен ғана емес, шығармашылық жұмыстармен де айналысты. Бірақ азаматтық қозғалыста да, жазу ісінде де олар ұлт тәуелсіздігін көздеді.

Қағаз жүзінде ұлт теңдігін, ұлттардың өзін-өзі билеу құқын сөз еткен марксизмнің Ресейлік нұсқасы мен оның ілімі Кеңес Одағында берік орныға бастағанда-ақ ұлтсыздандыру саясатын жүргізді. Руханияттағы ұлттық сарын тегіс мансұқталды. Ол сарынның неліктен туғандығына мән де берілмеді. Тұтас дәуірдің (қайта өрлеу дәуірінің) қаламгерлеріне «буржуазияшыл-ұлтшыл», «керітартпа» делінген айып тағылып, өздері де, шығармалары да тұтқындалды. Қоғамтану ғылымында қазақ тарихының елеулі кезеңінің қарасөзі, дарынды сөзі, көсемсөз – жалпы көрнекті өнері туралы көпе-көрнеу жалған сөйлеу, оларға тұтастай қара бояу жағу осылай басталды. Бұдан қазақ ұлты қатты ұтылды: бірнеше буын өршіл рухтың не екенін білмей өсті. Парық, бағамдау секілді ұғымдарда тиянақ болмады. Ұлтты аямағандар, оның руханиятын әлем алдында қорлағандар дәріптеліп, ұлт үшін басын бәйгеге тіккендер, азат руханият үшін жанын құрбан еткендер «зиянкес», «опасыз» атанды.

Бүгінде бізге келіп жеткен ой жоғарыда айтқан мәселенің баршасына парасатпен қарауы тиіс. Бұл ой – ескінің соңы, жаңаның басы болса екен дейміз. Осы тұрғыдан келгенде ол отандық, әлемдік дәстүрлерге табан тіреп, қазіргі ізденіс дәуірінде руханиятты жаңа деңгейге көтеруі қажет. Өткеннің бәрі – сабақ. Нақты ғылымдар да, жаратылыстану ғылымдары да: «Еш нәрсе жоқтан пайда болмайды және жоғалмайды» дейді. Мұны руханиятты қарастыратын қоғамдық ғылымдар да қуаттайды. Олай болса, жақсылығы мен жамандығы, парасаттылығы мен топастығы қатар жүретін мына өмірде жақсылық пен парасатты баянды қылуға жұмылған жөн. Міне, осы тұрғыдан алғанда Н.Сәбитовтың баспасөздегі қызметінің өзіндік жолы болғандығы айқын.

Н.Сәбитов негізгі редакторлық қызметімен қатар әртүрлі қоғамдық жұмыстарға араласа жүріп, өзінің білімін көтеруді ұмытқан жоқ. 1929 ж. 7 мамыры мен 30 маусымы арасында Астрахан округтік Атқару комитетінің халыққа білім беру бөлімі жанындағы екі жылдық Педагогикалық курстың аз ұлттар арасындағы сауатсыздықты жою курсына тыңдаушы болып қабылданған еді (Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры).

Курсті бітіргеннен кейін 1929 жылдан 1930 жылға дейін Астрахандағы ликбездің округтік штабында нұсқаушы қызметін атқарады (Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры). Өз бетінше шығыс тілдерін үйреніп, Астрахан округтік педагогикалық курсындағы алған білімін пайдалана отырып, Астрахан және Саратовтың кеңестік партия мектептерінде (совпартшкола) тарихтан, географиядан және араб тілінен сабақ берді. Соған қарамастан өзінің білімінің жеткіліксіз екендігін түсінген ол, 35 жасында Саратовтағы комвузға (Нижне-Волжский краевой коммунистический им. В.И. Ленина университет) студент ретінде қабылданады. Онда 1930-31 жж. бойы оқыды. 1931 ж. 4 тамызда берілген № 708 анықтамада Н.Сәбитовтың аталған университеттің газет бөлімін бітіргендігі, онда орыс тілін, математиканы, экономгеографияны, Шығыс пен Батыс тарихын, саяси экономикасын, табиғаттануды толығымен тыңдап шыққандығы айтылған (Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры).

Ал, 1931 жылдан 1935 жылға дейінгі аралықта Кеңестер Одағының Орталық Атқару Комитеті жанындағы Москваның Н.Н. Нариманов атындағы Шығыстану институтында қоғамдық-саяси факультеттің араб бөлімінде оқыды. Н.Сәбитовке 1935 ж. 25 ақпандағы № 09 жоғарыда аталған Институттың берілген куәлігінде оның «Қоғамдық-саяси факультеттің араб бөлімін» тәмәмдағаны және мынадай пәндерден: Саяси экономия, Тап күресі тарихы, СССР халықтарының тарихы, ВКП(б) тарихы, Диамат, Араб тарихына кіріспе, Араб экономикасы, Араб революциялық қозғалыстар тарихы, Араб аграрлық мәселесі, Империализм дәуіріндегі Араб тарихы, Араб тілі, Ағылшын тілі, Ұлттық отарлық мәселе және Әскери іс пәндерінен дәріс алып, сынақтан өткенін мәлімдейді (Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры).

Осы жерде бір айта кететін бір мәселе, Мәскеуде институтта оқи жүре Н.Сәбитов тағы бір қызметті қосымша атқарыпты. КСРО Халық Комиссарлар Кеңесінің баспасөздегі әскери құпияны сақтаудың өкілеттілігінде 1934 ж. 23 маусымынан 1935 ж. 23 ақпанына дейін Әскери цензура бөлімінің Орта Азия және Қазақстандағы баспасөзді бақылау секторында жұмыс жасағаны туралы құжат сақталған (Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры).

Бұл қызметтен кетуіне Шығыстану институтын бітірген соң, оны Тәжікстанға жіберілуі себеп болады. Оның бір дәлелі төмендегі құжат:

СССР. Институт Востоковедения им. Н.Н. Нариманова

При ЦИК Союза ССР

25 февраля 1935 г. № 09

г. Москва, Маросейка 2/15

Удостоверение

Дано Институтом Востоковедения им. Н.Нариманова при ЦИК СССР тов. Сабитову Н. в том, что в январе 1935 г. он окончил теоретический курс Института по Общественно-Политическому факультету и что 16 февраля 1935 г. он откомандирован в распоряжение ЦК КП(б) Таджикистана.

Ректор Института   (Гамбаров)

Отв. секретарь Института  (Мамедов)

(Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры).

Сол кездегі партия тапсырмасы бойынша Н.Сәбитовты институтты тәмәмдаған соң, Тәжікстан Коммунистік партиясының Орталық комитеті қарамағына жібереді (Сәбитов, 1935). 1935 ж. наурызынан 1936 ж. шілдесіне дейін Сталинабад (қазіргі Душанбе) қаласында Тәжікстан Кеңестік Социалистік Республикасының Білім беру халық комиссариаты (Наркомпрос) Әдебиет басқармасы (Главлит) бастығының орынбасары және әскери цензоры қызметінде істеді.

1936 ж. Н.Сәбитов Сталинабаттың көптеген кітапханаларындағы контрреволюциялық-троцкисттік әдебиеттерді, Әдебиет басқармасының жауапты қызметкері ретінде уақытында алып тастамағандығы үшін, партиядан шығарылады. Әрине, ол барлық іс-әрекеттерінде ВКП(б) Орталық Комитеттің Саяси бюросының шешімдерін және РСФСР Әдебиет басқармасының жарғыларын басшылыққа алған еді. Соған қарамастан ешкім істің мәніне терең үңілген жоқ. Мәселені қарау ұзаққа созылып, жұмыстан шығарылып, пәтерінен қуылады, ал 12 тамызда тексерістің аяғын күтпестен Алматыға қайтып кетті. Бұл оның аман қалуына себеп болса керек, өйткені дәл осы кезде Тәжікстанда саяси қуғын-сүргін басталған еді.

Тәжікстанның Сталинабад қаласындағы барлық кітапханалардың саны 50-60-тан асады, олардың барлығын қайнап тұрған күн астында жаяу аралап шығып, Троцкий, Каменев, Зиновьевтің 167-ден астам кітабын (тізім бойынша) кітапхана сөрелерінен алдыртқанын көрсетеді. Әдебиет басқармасына (Главлит) 1935 ж. 7 наурызда тағайындалғанын айта келе, ол келгенге дейін Тәжікстандағы Әдебиет басқарасы мүлдем жұмыс істемегендігін айтады. Наркомпростан жіберілген Мамедов кетіп қалған, оның орнына тағайындалған Әдебиет басқармасы бастығы Самибаев бір ай отырмастан қашып кеткен. Н.Сәбитов жалғыз қалады. Қызмет істеуге еш жағдай жасалмаған. Сырттан ақыл берер ешкім де жоқ. Тағы бір қиындық оның тәжік тілін мүлдем білмейтіндігі. Н.Сәбитов өзі жұмыс істеген 15-16 айдың ішінде Тәжікстан КП Орталық Комитетінен оны іздестіріп, есептік-баяндамасын тыңдауға шақыртқан да ешкім болмады дейді. Соған қарамастан жалғыз өзі РСФСР Әдебиет басқармасымен тығыз байланыс орнатып, жергілікті баспасөз ұйымдарымен, Сталинабад баспа комбинаты мен кітапханалар, оқу орындары және т.б. мекемелермен (Радиокомитет, Тәжіккино, Союзпечать, Книгоцентр) қарым-қатынас жасады.

Сонымен қатар ол жаяу Куйбышев, Варзобскі, Орджоникидзеабадскі, Көкташ, Сталинабад аудандарын аралап, аудандық Әдебиет бөлімін ұйымдастырды.

Міне, осылайша өзінің атқарған қызметтерін көрсете келе, Тәжікстан КП Орталық Комитетінің 17 қыркүйекте қабылдаған (ол Алматыда болған кезде, сырттай) партиядан шығару туралы бұйрығының заңсыз екендігін атап көрсеткен (Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры).

Қорытынды.Сонымен Н. Сәбитовтың өмірінің бастапқы кезіне жасаған шолуымызды аяқтай келе, оның қым-қиғаш заманның ағымында, түрлі өзгерістер мен тауқыметті бастан өткеріп, ауылдың ауыр тіршілігін жастайынан көтеріп, тыл жұмысына тартылып, ерте есейіп, қоғамдық өмірге өзінің қалыптасқан ой-санасымен араласқанын, соған қарамастан үлкен ізденістерге барып, білімін жетілдіруге неғұрлым күш салғанына анық көзімізді жеткіздік. Сұрқия саясаттың сынына ұшырап, бірнеше рет қызметінен қуылса да, сауаттылығының арқасында өзінің кінәсіздігін қайсарлықпен дәлелдей білді. Әрине, бұның бәріне қазіргі заман өрісінен қарағанда болмашы нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақта қазіргі тәуелсіз еліміздің демократиялық үрдістеріне әкелген жолдың қаншалықты ұзақ та, азапты болғандығын, сөз және баспасөз бостандығының қаншалықты қымбаттылығын, сол дәуірде өмір сүрген адамдардың тыныс-тіршілігі мен сезімдеріне терең бойлағанда ғана ұғына аламыз. Бұны естен шығаруға болмайды, өйткені өткенсіз, болашақ жоқ.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Ажигали С.Е. Востоковед, библиограф и этнограф Нигмет Сабитов (1895-1955) // Шығыстанушы, ғалым-библиограф Н.Сәбитов. Биобиблиографиялық көрсеткіш / Құраст. М.М. Бегманова. – Алматы: Орталық ғылыми кітапхана, 2000. – 5 б.

Әуезов М. Абай Құнанбаев. – Алматы: Ғылым, 1967. – 31 б.

Дулатов М. Қазақ зиялылары // Елім деп соққан ұлы жүрек: (Халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, ағартушы, публицист М. Дулатұлына арналады) /Құраст. В.Қ. Күзембаева; Алматы: Орталық ғылыми кітапхана, 2002. – 362 б. – 52-53 б.

Еділ-Жайық бөлімі ашылды // Кедей тілі. – 1927. – 8 июнь. – №151.

Қойгелдиев М. Ұлттық саяси элита. Қызметі мен тағдыры (ХVІІІ-ХХ-ғғ.). Зерттеулер. – Алматы: Жалын, 2004. – 400 б. – 84 б.

ҚР ОМА. 1711-қ., 1-т., 4-іс, 1-п.

Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры. (Бұл қор Н.Сәбитовтың ұлы Шәмил Сәбитовтың жеке қорында сақтаулы). Н.Сәбитовтың еңбек кітапшасы.

Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры. Дорогому товарищу и отв. редактору газеты «Кедей тли» Н.Сабитову от 20 апреля 1927 г. гор. Астрахань. (Ответработники, учащаяся молодежь и рабсель. татар и казак Астраханской губернии).

Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры. Москва-Виндова-Рыбинскі темір жолы қоғамы берген құжат. 5.04.1917.

Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры. Наркомпросвещения. Сталинабад, 5.08.1935. № 13/081.

Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры. Справка. Таджикский педагогический институт. Сталинабад, 13.04.1935. № 774.

Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры. Удостоверение. РСФСР. Политпросвет при Красноярском Уездном Отделе Народного Просвещения. 21.01.1922. № 24.

Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры. Удостоверения. Отдел Народного образования Астраханского окружного исполкома. 28.06.1929. № 20.

Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры. Уполномоченный СНК СССР по охране военных тайн в печати. Отдел военных цензуры. Справка от 25 февраля 1935 г. № 2502.

Н.Сәбитовтың жеке тектік қоры. Автобиография. Решение ЦК КП(б) Казахстана от 27. 02. 1945. № 268, (п.18).

Рыскулов Т. Возникновение и роль казахской национальной интеллигенции. Собр. соч. в 3-х т. Т.2. – Алматы: Қазақстан, 1997. – 384 с. – С.235.

Рыскулов Т. Восстание туземцев Средней Азии в 1916 году. Собр. соч. в 3-х т. Т.2. – Алматы: Қазақстан, 1997. – 384 с. – С.36-37.

Сембаев А.И., Храпченков Г.М. Очерки истории школ Казахстана (1900– 1917 гг.) / Под ред. док. фил. наук Е.И. Шехтермана. – Алма– Ата, 1972. – С. 31– 32.

Такишев Х. Рожденная в дни призыва // Казахстанская правда. 1961. – 22 января.

References

Azhigali S.E. Vostokoved, bibliograf i etnograf Nigmet Sabitov (1895-1955) [Orientalist, bibliographer and ethnographer Nigmet Sabitov (1895-1955)] // Shygystanyshy, galym-bibliograf N. Sabitov. Biobibliografıalyq korsetkish / Kurast. M.M. Begmanova. – Almaty: Ortalyk gylymi kitaphana, 2000. – 5 b. [in Russian].

Auezov M. Abai Kunanbaev [Abay Kunanbayev]. – Almaty: Gylym, 1967. – 31 b. [in Kazakh].

Dulatov M. Kazakh ziyalylary // Elim dep sokkan uly jurek: (Halkymyzdyn kornekti kogam kairatkeri, agartushy, publisis M. Dulatulyna arnalady) [Kazakh intelligentsia / / great heart of the country: (dedicated to the outstanding public figure, educator, publicist of our people M. Dulatuly)] / Kurast. V.K. Kuzembaeva; Almaty: Ortalyk gylymi kitaphana, 2002. – 362 b. – 52-53 b. [in Kazakh].

Edil-Jaiyk bolimi ashyldy [Volga-Ural section opened] // Kedei tili. – 1927. – 8 iyn. – №151. [in Kazakh].

Koigeldiev M. Ulttyk sayasi elita. Kyzmeti men tagdyry (XVIII–XX-gg.). Zertteuler.[National political elite. Activity and fate (XVIII-XX centuries.). Research] – Almaty: Jalyn, 2004. – 400 b. – 84 b. [in Kazakh].

KR OMА 1711-q., 1-t., 4-is, 1-p.

N. Sabitovtyn jeke tektik kory. (Bul kor N. Sabitovtyn uly Shamil Sabitovtyn jeke tektyk korynda saqtauly). N. Sabitovtyn enbek kitapshasy. [Personal archive fund of N. Sabitov. (This fund is kept in the private fund of N. Sabitov's son Shamil Sabitov). N. Sabitov's employment record]. [in Kazakh].

N.Sabitovtyn zheke tektik kory. Kurmetti joldas jane otv. "Kedei tli" gazetinin redaktory N. Sabitov 20 sayir 1927 j. Astrahan. [Personal archive fund of N. Sabitov. Dear comrade and editor-in-chief of the newspaper “Kedey tli” N. Sabitov from April 20, 1927 gor. Astrakhan.] (Jauapty qyzmetkerler, oqushy jastar jane rabsel. Astrahan gubernyasynyn tatarlary men kazaktary). [in Kazakh].

N. Sabitovtyn jeke tektik kory. Moskva-Vindova-Rybinski temir joly kogamy bergen kujat. [Personal archive fund of N. Sabitov. A document issued by the Moscow-Windova-Rybinsk Railway Society] 5.04.1917.[in Kazakh].

N.Sabitovtyn jeke tektik kory. Narkomprosveshenıa. Stalinabad, [Personal archive fund of N. Sabitov. Drug abuse. Stalinabad] 5.08.1935. № 13/081. [in Kazakh].

N.Sabitovtyn jeke tektik kory. Anyktama. Tazhik pedagogikalyk instituty. Stalinabad, [Personal archive fund of N. Sabitov. The map. Tajik Pedagogical Institute. Stalinabad] 13.04.1935. № 774. [in Kazakh].

N.Sabitovtyn jeke tektik kory. Kyalik. RSFSR. Krasnoyarsk audandyk halyk agartu boliminin janyndagy sayasi agartu bolimi. [N. Sabitovtyn zheke tektyk qory. ID card. RSFSR. Political Enlightenment at the Krasnoyarsk District Department of Public Education] 21.01.1922. № 24. [in Kazakh].

N. Sabitovtyn jeke tektik kory. Kyalik. Astrahan audandyk atkaru komitetinin Halykka bilim beru bolimi. [N. Sabitovtyn zheke tektyk qory. Certificates. Department of Public Education of the Astrakhan District Executive Committee] 28.06.1929. № 20. [in Kazakh].

N. Sabitovtyn jeke tektik kory. KSRO HKK baspasozdegi askeri kupyalardy korgau jonindegi uakili. Askeri senzura bolimi. [N. Sabitovtyn zheke tektyk qory. Commissioner of the SNK of the USSR for the protection of military secrets in the press. Military Censorship Department] 1935 jylgy 25 aqpandagy № 2502 anyqtama. [in Kazakh].

N.Sabitovtyn jeke tektyk qory. Omirbayany. [Personal archive fund of N. Sabitov. Autobiography.] Kazakhstan KP(b) OK-nin 27. 02. 1945. № 268, (18 t.). [in Kazakh].

T. Ryskulov.Kazakh ulttyk ziyalylarynyn paida boluu men roli [The emergence and role of the Kazakh national intelligentsia]. Sobr. 3 T.T. 2. – Almaty: Kazakhstan, 1997. – 384 s. – 235 s. [in Kazakh].

T. Ryskulov 1916 jyly Orta Aziyanyn jergilikti turgyndarynyn koterilisi [Vosstanie tuzemcev Srednej Azii v 1916 godu]. Sobr. 3T. T.2. – Almaty: Kazakhstan, 1997. – 384 b. – S. 36-37. [in Kazakh].

Sembaev A.I., Hrapchenkov G.M. Kazakhstan mektepterinin tarihy ocherkteri (1900-1917 jj.) [Essays on the history of schools in Kazakhstan (1900-1917)] / Pod red. dok. fıl. shehterman turaly gylym. – Alma-Ata, 1972. – B. 31-32. [in Kazakh].

Takishev H. Askerge shakyru kunderinde tugan [Born in the days of the draft] // Kazakhstanskaya pravda. 1961. – 22 qantar. [in Kazakh].

МРНТИ 03.20.00

НАЧАЛО ЖИЗНЕННОГО ПУТИ И ОБЩЕСТВЕННО-НАУЧНАЯ ДЕЯТЕЛЬНОСТЬ Н. САБИТОВА

А.К. Шашаев¹, Н.Н. Курманалина¹, А.Н. Конкабаева¹*

¹Институт истории и этнологии имени Ч.Ч. Валиханова, Казахстан, Алматы

*Корреспондирующий автор

E-mail: shashaevauezhan@mail.ru (Шашаев), nurgulca@mail.ru (Курманалина), konkabayeva.arailym@mail.ru (Конкабаева)

Аннотация. В статье представлены сведения об общественно-научном наследии и начальном периоде жизни востоковеда, библиографа и историка-этнографа Н.Сабитова на основе документальных данных, хранящихся в его личном архивном фонде. Жизненный путь Н.Сабитова совпал с годами голода, коллективизации, индустриализации, культурной революции и репрессий советского периода. Также на основе исторических данных анализируются тот факт, что благодаря знанию русского языка, он тщательно оценивал изменения в обществе и занимался активной деятельностью в период становления республики. Кроме того, в статье рассказывается о  некоторых фактах из жизни Н.Сабитова. В частности, исследователь, как и его предшественники, имел энциклопедические знания, владел арабско-персидским, тюркским и английским языками. Статья также освещает большое научное наследие ученого.

Ключевые слова: Н.Сабитов, востоковедение, религиоведение, культуралогия, этнография, библиография, история, экспедиции.

IRSTI03.00.20

THE BEGINING OF LIFE PATH AND THE SOCIO-ACADEMIC ACTIVITY OF N. SABITOV

A.K. Shashaev¹, N.N. Kurmanalina¹, A.N. Konkabayeva¹*

¹Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, Kazakhstan, Almaty

*Corresponding author

E-mail: shashaevauezhan@mail.ru (Shashaev), nurgulca@mail.ru (Kurmanalina), konkabayeva.arailym@mail.ru (Konkabayeva)

Abstract.The article presents information about the socio-scientific heritage and the initial period of the life of the orientalist, bibliographer and historian-ethnographer N. Sabitov on the basis of documentary data stored in his personal archive fund. N.Sabitov's life path coincided with the years of famine, collectivization, industrialization, cultural revolution and repression of the Soviet period. It is also analyzed according to historical data that due to his knowledge of the Russian language, he carefully assessed changes in society and was engaged in active activities at the height of the formation period that was leaving at that time. In addition, the article tells about how N.Sabitov, like his predecessors, has encyclopedic knowledge, speaks Arabic-Persian, Turkic and English, as well as about his great legacy that he left behind.

Key words: N.Sabitov, Oriental studies, religious studies, cultural studies, ethnography, bibliography, history, expeditions.

Авторлар туралы мәлімет: 

¹Тарих ғылымдарының кандидаты 

¹PhD доктор 

¹*Магистр

No comments

To leave comment you must enter or register