Яндекс.Метрика
Home » Materials » Далалық ауызша тарихнамадағы Өтеміс қажының «Шыңғыснамасы»

Шашаев Ә.К.

Далалық ауызша тарихнамадағы Өтеміс қажының «Шыңғыснамасы»

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1

Tags: Жошы, Дост, Өтеміс, Далалық, ауызша, тарихнама, Шыңғыснама
Author:
Бұл мақалада,ықпалды отбасыдан шыққан, Ильбарыс ханның қызметінде болған(918/1512 – 931/1558 жж.) Маулан Мұхаммед Достың ұлы Өтеміс қажының, «Шыңғыс нама» кітабы негізінде Дәшті Қыпшақ көшпенділері тарихи білімінің далалық ауызша тарихнама түріндегі көрінісін қарастыру көзделген. Кітаптың мәтіні Еш сұлтанның тапсырмасымен, ХVI ғасырдың бірінші жартысында құрастырылған. Далалық ауызша тарихнама көшпенділердің жалпы білімінен өзіндік бір салаға монғолдық кезеңнен кейін ғана бөлініп шыққан еді. Өтеміс қажының «Шыңғыс намасы» Жошы ұлысы тұрғындарының тарихи білімі, естеліктері негізінде құрастырылған «жеке бөлімшелерден» тұратын тарихи әңгімелердің жинағы болып табылады. «Шыңғыс нама» Шыңғыс әулеті мен Дәшті Қыпшақ тайпаларының – Шыңғыс хан туралы, оның ұрпақтары, еуразия даласындағы тайпалар мен рулар туралы мәліметтер береді, яғни, еңбекте көшпенділердің ауызша тарихи білімі нақты көрініс тапқан. В.П. Юдиннің атап өткені бойынша бұл шығармада далалық ауызша тарих дәстүрі ХVI ғасырда қалай болса, яғни, Шыңғыс дәуірінен үш ғасыр өтсе де дәл сол қалпында тіркелген. Мақалада әр кезеңдерде көрініс тапқан тарихи мәліметтерден үзінді беріліп, сол туралы кейінгі зерттеушілердің де пікірі берілген.
Text:

Тарих ғылымында жетекші методологиялық қағидалар бірнеше рет өзгеріп отырған және олардың алмасуы объективті ақиқатқа жақындаудың жаңа сатысына шығуымен айқындалатын. Бірақта жетекші болудан қалғанымен бұл қағидалар ғылым қорынан мүлдем жоғалып кетпейтін, кейде олар жаңа қосалқы орынға ие болатын.

Тарихтың «Өнегелік-өсиеттік» (тәрбиелеушілік) рөлі, ХҮІ-ХҮІІІ ғғ. үстем болып, кейіннен жоғалды. Тарихтың тәрбиелік және білім беретін міндеті енді басқа мазмұнға ие болды және де тарихи білім құрылымында басқа сапаға көшті, бірақта өткенді зерттеудегі қоғамдық қызметінен «кеткен» жоқ.

Шығыстанушы ғалымдардың көптеген жылдарға созылған зерттеулері нәтижесінде Қазақ даласының ХІҮ ғ. тарихына қатысы бар шығыс жазба деректері арасында ерекше бір сыныптау тобына жатқызуға болатындары анықталған еді. Бұған Алтын Орда мен оның ыдырауынан кейін пайда болған мемлекеттер туралы далалық ауызша тарихнаманы бізге дейін жеткізген шығармаларды жатқызамыз. Осы «далалық ауызша тарихнама» (кейіннен «далалық ауызша тарихи білім (ілім)» деп түзетілген) түсінігін әйгілі қазақстандық шығыстанушы В.П. Юдин ғылыми айналымға қосқан болатын [1]. Бұл жерде «ауызша тарихнама» термині Дешті Қыпшақ көшпенділерінің ауызша тарихы ілімінің көрінісі ретінде пайдаланылған.

Міне, осындай деректерге Мұхаммед-Шайбани хандікі делінетін «Таварих-и-гузида-йи нусрат-наме»(ХҮІ ғ. басы, Орта Азия); Қадырғали Жалайридың «Жылнамалар жинағы» (ХҮІІ ғ. Қасымов қаласы); Әбілғазының «Түрік шежіресі» (ХҮІІ ғ. Хиуа қ.) және т.б. жатқызады.

Қазақ даласындағы ХІҮ ғасырдағы саяси оқиғаларды қарастырғанда ерекше маңызды орынға шығатын шығармалардың бірі Өтеміс қажының «Шыңғыснамасы» болып табылады. Расында да «Шыңғыснама» түркі тілінде жазыла отырып, көптеген атаулар мен терминдердің түп нұсқалық негізде бізге жетуіне, оның бұрмаланбауына мүмкіндік берген. Сонымен қатар, шығармада Шығыс Дешті Қыпшақ көшпенділерінің тұрмыс-тіршілігі, әскери ісі, музыкасы, шаруашылығы және де басқа өмірлерінің қырлары туралы құнды мәліметтер келтірілген.

Далалық ауызша тарихи ілімнің (тарихнаманың) көрінісі болып табылатын «Шыңғыснама» әлі күнге тарихшылар тарапынан назардан тыс қалып келеді. Орта ғасырлық тарихтағы өзіндік ерекше орны бар Алтын Орда, Ақ Орда кезеңін зерттеуде Өтеміс қажының «Шыңғыснамасы» аса маңызды және неғұрлым шындыққа жанасымды мәлімет көзі бола алады.

Далалық ауызша тарихнама – бүкіл Евразия халықтарының ауызша тарихнамасында ғана кездесетін жеке жағдай. Ал ауызша тарихнамаға келер болсақ, ол өз кезегіңде әлем халықтары ауызша тарихнамасының  бір бөлігі болып табылады. Міне, сондықтан да, ауызша тарихнаманы - қоғамдағы тарихнаманың даму барысындағы әмбебап, белгілі бір кезеңдік- типологиялық ғажайып құбылыс деп айтуымызға болады.

Ғылымның тарихын зерттеу барысында, тарих ғылымының жағдайына тікелей немесе жанама әсер ететін объективтік жағдайлардың кешенін, соның ішінде жанама ғылымдардың дамуын және, тіпті, кеңірек ғылымның даму деңгейін бүтіндей алуды есте ұстауымыз керек. Әртүрлі ғылымдардың өзара әсерінің мысалын, зерттеу тәсілін көптеп келтіруге болады, дәл осындай тарих ғылымының тарихы бұдан тыс қала алмайды.

Міне сондықтан да, далалық ауызша тарихи ілім өзіндік бір ерекше дерек көзі ретінде көрініс береді, кейбір жағдайда таптырмайтын құнды мәліметтерді алға тарта отырып, өзінің өткен өмір туралы айтатын субъектінің  (тұлғаның) жады (естелігі) болып табылады. Ортағасырлық Қазақстан тарихын тек осы екі тарихнаманы – кәдімгі және жазба, яғни отырықшы халық мәдениетінің өнімі мен далалық ауызша тарихи білімді қатар пайдаланғанда ғана қалпына келтіре аламыз.

Ш. Уәлиханов қазақтардың ауызша тарихты сақтай білу қабілеті туралы: «Ата-бабаларының ерлігі туралы тарихи жыр-дастандарға дегенде халықтың сүйіспеншілігінде шек жоқ, соншалықты мол мұраны ауыздан-ауызға жазбасыз, баспасыз, алып даланың бір шетінен екінші шетіне жеткізіп, ғасырлар бойы ойда сақтау, олардың  суырып салма ғажап қабілетінің көрініс болса керек» деп сүйсіне жазады [2].

Қазақтың әрбір рубасылары өз ру-тайпасының шежірелерін: шығу тегін, елдің әдет-ғұрып ережелерін, көне заңдарын, халықтың басынан өткен тарихи оқиғаларын, аңыз-әфсаналарын, мақал-мәтелдерін, ұлағатты сөздерін, келесі ұрпаққа, шешен-шежіреші ақсақалдары арқылы жеткізуді ойластырылғанын да Ш.Уәлиханов атап өтеді.

Құрбанғали Халид «Тауарих-и хамса-йи шархи»(Шығыстың бес елінің тарихы) деген еңбегінде: «... бабаларының сөздерін зейінмен тыңдап ұғып, олардан естіген шежірелерін еске алып әр мәжілісте, әр жиын-отырыстарда үнемі қайталап, шын ниетімен ойларында ұстап, ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып, нассабшыларына шежіреші деп ат қойған. Ұлы дүбір мерекелерінде шежірешінің маңайын толтырып, өткендерін сұрастырып, үйлерінде болса ол кісінің алдында дәріс оқығандай үйреніп жақсысын жаттап, қиынын қаттап жататын болған» деп, жоғарыдағы сөздерді дәлелдей түседі[3].

Өткенді танып-білмектік және бұл танудың әртүрлі формалары – өткеніміз жайындағы бейнелі түсінік, көркем әдебиет пен баяндаудың барлық түрлері мен жанрлары: ауызша және жазбаша әңгіме, естеліктер, шешендік өсиеттер, оларға арқау болған тарихи оқиғалар мәліметтерінің шынайылығы белгілі дәрежеде тарихи мұра болып табылады.

Өткенді танудың әртүрлі тәсілдері мен құралдарының маңыздылығы күмән туғызбайды: арнайы зерттеудің  нәтижелері тарихшылардың негізгі тұжырым жасауына жол ашады.

Тарихнама пәнінің дамуы, тарихнамалық мәселелерді зерттеудің кеңеюін және бүтіндей тереңдеу үрдісін, тарихнама ғылымының (немесе тарих ғылымының тарихнамалық саласының) тұрақты қозғалу үрдісін көрсетеді. Неғұрлым алға басқан сайын, зерттеу нысаны (немесе, дәлірек айтқанда зерттеу нысандары) бір мезгілде тереңдей және кеңейе түседі; қазіргі кезде жинақталған тәжірибе мен оның теориялық негіздемесі көптеген нысандардың басын қосып, тарихнама түсінігі арқылы зерттеуге ұмтылады.

Міне, сондықтан да өткен тарихымызды жеткілікті ұғыну үшін, әр кезеңнің өзіне тән тарихи ілімнің жиынтығына ерекше мән бергеніміз аса қажет. Бұл сол кезеңдегі тарихи ойдың дамуы мен шынайылығын, ақиқатын ажырату үшін, салыстырмалы түрде қарастыру үшін, мәні мен мазмұнын айқындау үшін де маңызды болып табылады. Ал оны зерттеуде тиімді методологиялық қағидаларды пайдаланғанда ғана белгілі бір нәтижелерге қол жеткізуге болады.

Жоғарыда атап өткен Өтеміс қажының «Шыңғыснамасы» ауызша, елдің есінде қалған мәліметтер негізінде жазылған, В.В. Бартольдтың айтуы бойынша: Ол (Өтеміс қажы – Ә.Ш.) тарихи шығармалардан кейбір хандардың ғана атын тапты, тіпті олардың хандық құру жылдары туралы мәліметтері жұтаң еді, көптеген хандар өз атымен де аталмаған екен. Сондықтан да ол (Өтеміс қажы – Ә.Ш.) білімді адамдардан ауызша өткен заман туралы мәліметтер жинай бастады. Келе-келе ол аңыз-дастандардың білгірі ретінде таныла бастады ...» [4].

Өтеміс қажы, тірнектеп жинаған материалдарын сүзбеден өткізіп барып қана пайдаға жарататын. Бұл туралы Өтеміс қажы: «Нә іш бірлә вә нә кәйфійәт бірлә хан болғанлары мәзкүр әрмәс // әрді вә көпрәкінің атлары һәм мәзкүз әрмәс әрді. Чүн маңа даъійәол // әрдә кім фәлан // кіші қары сөзні йахшы білүр тесәләр, әлбәттә андын барыб тәһқіқ вә тәфтіш қылур // әрдім вә әқл тәразусыға мувазіне қылыб мәъқулын хатірімда кізләб намәъқулны // бәр тәрәф қылур әрдім»(«Не іс атқарған және  қандай хан болғандығы мәшһүр емес // әрі көпшілігінің аты мәшһүр емес еді, соны білмек едім. Сол себепті пәлен деген көне сөзді жақсы білетін шешендерге, әлбетте соларға барып, мақұлын (дұрысын – Ә.Ш.) қаперімде тізбелеп, не мақұлын (дұрыс емесін – Ә.Ш.) бейтарап қалдырушы едім ...») [5].

Міне, осы жерде Өтеміс қажының тура ежелгі грек тарихшысы Геродот сияқты өткеннің тарихи оқиғаларына куә болғандар мен оның естеліктерін жадында сақтап қалған дана қариялардың мәліметтерін жай ғана пайдаланып қоймай, оларды тыңғылықты сүзбеден өткізгені де өз сөзінен айқын байқалады. «Шыңғыснама» авторының баяндауына жүгінсек, оның мәлімет берушілердің арасында, саяхатшылар, мырзалар, ханзадалар, хандар (солардың ішінде Барыс хан да аталады), Сұлтанғазы сұлтанның қызметінде болған хытай тайпасынан шыққан астрахандықтар Хаджы-Нияз бен Баба-Али би және т.б. да аталады.

«Бу һекайәт // ләр, бу сөзләр кі әмді зікр кылум турур, һәзрәт-і хан-і мәғфур вә мәрһүм – табә // ллаһу сәраһә вә жәълә-л-жәнәтә місваһа – һазрәт Әл-Барсхандын ішітіб турур мән // Улар қары сөзіні йакшы білүр әрді» («Бұл хикаяны, бұл сөзді айтып отырғанымды, жаны жаннатта болғыр, марқұм Хазірет ал-Барыс ханнан естіген едім // Ол көне сөзді жақсы білуші еді»)[5, 137 б.].

Яғни, Өтеміс қажы деректерді келтіре отырып, оны баяндаған адамның кім екендігін, қандай қызмет атқарғанын және оның берген мәліметіне қаншалықты сенуге болатынына тарихнамалық талдау жасаған.

Бұның тағы бір дәлелі Дост сұлтанның жылнамасы мен дәптеріне берген сілтемесі. Ол Хорезмді бір жыл ғана (964/1557 – 965/1558) билеген  Еш сұлтанның ағасы болатын. Енді деректен үзінді келтірейік: «Бәъзіләр айтулар: «һүләгү-хан бу ләшкерінің ішінә //әрді. Бу ләшкәр басылғанда өлді, һеч кіші оның өлгәнідін хәбәрдәр болмады». Әммә һәзірет-і Дост-сұлтанның таваріхләрідә айтуб турулар: Бу ләшкәр//кі, басылыб барды, Ғуссәсіндін хәсте болыб екі айдын соң өлді», - деб // турурлар (Біреулердің айтуы бойынша «Хулагу-хан бұл әскердің ішінде еді. Бұл әскер талқандалғанда өлді, еш кісі оның өлімінен хабардар болмады. Алайда, Хазірет Дост сұлтанның тарихында былай айтылған: «Талқандалған әскерін ойлап, құса болып, екі айдан кейін өлді») [5, 126 б.].

Өтеміс-қажының Тоғылық-Темірге қатысты келтірген дерегі де Дост-сұлтан дәптерінен алынды делінеді: «Қара-Ноғай Сыр бойында // үч йылдан соң вафәт табты. Інісі Тұғлы-Темур теген // хан болды. Фәхр-і сәлатын һәзірет-і Дост-сұлтандақы дәфтәрдә // айтыб әрді: Бу Туғлы-Темур улуғ падшаһ болды, Сәмәрқандә-Бухараға//һәкм қылур әрді. Әммә мүддәт-і падшалықы мәълум әрмәс. Андын соң // Бадық-оғлан оғлы Урус хан болды. Бу Урус-хан улуғ//падшаһ болды. Тәмамі Түркістан вілайәтләріға һакм қылур әрді» («Қара-Ноғай Сыр бойында үш жыл патшалық құрды, Түркістан уәйлатына билік етті. Үш жылдан соң опат болды. Інісі Тоғлы-Темір деген хан болды. Құрмет тұтатын Хазірет Дост-сұлтанның дәптерінде айтылған: «Бұл Тоғлы-Темір ұлы патша болды, Самарқанд және Бұқараға билік етті. Барлық патшалық мерзімі мәлім емес. Одан соң, Бадық оғланның ұлы Урус хан болды. Бұл Урус хан ұлы патша болды. Барлық Түркістан уәлаятына билік иетті») [5, 127 б.].

Әрине, Өтеміс қажының Дост сұлтан дәптерінен алынды деген деректеріндегі аталған хандардың тарихта болғандығы,  олардың қазіргі кезде тыңғылықты зерттеліп жатқандығы баршамызға мәлім. Сондықтан да «Шыңғыснама» мәліметтерінің құндылығы осында болса керек. Олай болса, Өтеміш қажының ортағасырдағы өзі сезінбесе де тарихи ойларды, шығармаларды жинақтап «Шыңғыснамада» баяндауының өзі ауызша тарихнаманың бастауында тұрғандығын көрсетеді. Яғни В.П. Юдиннің анықтамасы бойынша далалық ауызша тарихнаманың (ауызша тарихи ілім) көрнекті өкілі болды. Өтеміс қажы еңбегінің «Ежән - хан, Сайын - хан» тарауындағы осы хандардың тарихилығы туралы Монғол дәуіріндегі Қазақстан тарихының аса білгір маманы, профессор З. Қинаятұлы: «Монғол жылнамаларында ол «Ord» немесе«Ordana» деп жазылады. Қазақ арасында Орда Ежен деп ұлықталған. Орда оның өз аты да, «Ежен» - «Ел иесі» деген мағына беретін монғол сөзінен алынған. Қазақтар Орда Еженді олай ұлықтауының жөні мынада. Біріншіден, ол қазақ даласында (Ертісте) әкесі көтерген Ақ Орданың қара шаңырағына ие болып қалды. Екіншіден, оның өз кіндігінен қазақ хан ұрпақтары тарайды» деп атап өтеді[6].

Ал осы «далалық ауызша тарихнама» дегеніміз – Шығыс Дешті Қыпшақ көшпенділерінің тарихи білімі, ол монғол кезеңінің соңына таман көшпенділердің жалпы білімінен бөлініп шығып ерекше бір салаға айналған. Міне, сондықтан да, осы себептен, ол «ауызша дәстүр» деген терминмен немесе «аңыз-әфсаналар» деген сөзбен де анықталмайды. В.П. Юдиннің пікірі бойынша, ол далалық ауызша тарихнама не мифология, не фольклорға, мысалы батырлық эпосына жатқызыла алмайды, өйткені фольклордың өзі далалық ауызша тарихнамадан сусындайды [1, 64 б.].

Бұл шығарманы далалық ауызша тарихнаманың дерегі деп көрсетуге болады. Ол Дешті Қыпшақ көшпенділерінің тарихи білімінің бөліктерден құралған тарихи әңгімелерінің жиынтығынан тұратын тарихи ойды білдіреді. Бұл «әңгіме-бөліктердің» өзіне тән аты болды: «кәрі сөз», «көне, ескі сөз», «ежелгі, ертедегі әңгіме». Міне сондықтан да ол кәдуілгі шығыстың сарай бай-қуаттыларының тарихнамасы мен басқа да тарихнамалардан ерекшеленеді. Оларда дәл осы далалық ауызша тарихнама белгілері мен шығыс жазба тарихнамасы әр жағынан астасып жатады.

Көп жағдайда ауызша тарихнамалық мәліметтері тарих ғылымында жазбаша тарихнама деректерінен ара жігі ажыратылмай-ақ пайдаланыла береді. Олардың мысалы көп, соларың бірі монғолдардың ауызша тарихнамасы: «Құпия шежіре» - жазбаша берілген. Сонымен қатар Му’ин ад-Дин Натанзидің «Мун-тахаб ат-таварих и Му’ини» немесе «Аноним Искандара» шығармасында ауызша және жазбаша тарихнаманың араласып кеткендігі соншама, бұл шығыстанушылар үшін едәуір қиындықтар тудырды.

«Шыңғыснама» Шыңғыс ұрпақтары мен Дешті-Қыпшақ тайпаларының Шыңғысхан туралы, оның мұрагерлері және Еуразия далаларындағы ру-тайпалар туралы әңгімелері негізінде жазылған, яғни онда көшпелілердің ауызша тарихи білімі жазбаша түрде берілген. В.П. Юдиннің пікірі бойынша, Өтеміс қажы жазба деректерді пайдаланбады деуге болады. Бұл шығармада далалық ауызша тарихи дәстүр ХҮІ ғ. қандай болса, дәл сол қалпында сақталған, яғни Шыңғысхан уақытынан үш ғасыр өткеніне қарамастан [1, 24 б.].

«Шыңғыснама» - өзіндік бір ерекше тарихи еңбек қана емес, шайбанилық үлгідегі «Шыңғысшылдық» идеологияның ескерткіші болып табылады, сонысымен де ол біз үшін құнды. «Шыңғыснама» мәліметтері Ақ, Көк және Алтын Орда тарихына байланысты мәселелерді шешуде де ерекше орынға ие болады.

 В.П. Юдин оның маңызы туралы: «Дәл осындай әлі күнге қолданылмай жүрген Ақ, Көк және Алтын Ордалар тарихы бойынша дерек –«Шыңғыснама» («Шыңғыстың кітабы»), Хорезмде Өтеміс қажы ибн Маулан Мұхаммед Дост ХҮІ ғасырда жазылған түркі тіліндегі тарихи шығармасы болып табылады» [1, 25 б.]. Дегенмен, Өтеміс қажының Ақ, Көк және Боз (сұр) Ордасы туралы кезінде В.В. Бартольд [4, 165 б.] атай кеткенімен, бірақ ол оны Ақ және Көк Орда мәселелерімен байланыстырмады және талдаған жоқ. Ол тіпті Боз ордаға  еш мән де берген емес. Бұл мәліметтер кейінгі зерттеушілердің де назарынан тыс қалып, зерттеулерде пайдаланылмай келеді.

Ақ Орда мен Көк Орда туралы мәліметтер «Шыңғыснаманың» «Ежен хан, Сайын хан» деген бөлімінде айтылған. Жошы өлімінен кейінгі ұлыс билігін кім қолына алады деген мәселені Өтеміс қажы ағасы Ежен мен інісі Сайын (Бату) арасындағы сұхбат(диалог) арқылы бере отырып, аға мен інісі арасындағы нәзік сыйластықты дәл көрсете білген. Ақыр соңында екеуі де Шыңғысханға жүгінуді қолдайды: «Бір анадан туғған екі оғул вә озгә анадан туғған он//йеті оғыл барчасы қошулуб Улуғ-хан көрінүшніге бардылар // Булар кі ханның хізмәтіғә йетішділдәр, хан буларға үч өргә салды//Алтун босағалы ақ өргән Сайын ханға салды, күмүш босағалы // көк орданы Еженге салды, болат босағалы боз орданы // Шәйбәнға салды» («Бір анадан туған екі ұл мен өзге анадан туған он жеті ұл баршасы қосылып ұлы ханның қабылдауына барды // Бұлар ханның қызметіне жеткен кезде, хан бұларға үш үй (орда үй) тікті // Алтын босағалы ақ үйді (өргә) – Сайын ханға, күміс босағалы Көк Орданы – Еженге, болат босағалы боз орданы – Шайбанға тікті») [5, 121 б.].

З.Қинаятұлы «Шыңғыснамаға»сілтеме жасай отырып, «Мұнда қара шаңырақтың иесі кім екендігі айқын көрініп тұр. Баты отау тігіп жат жұрт болып батысқа аттанады да, Орда Ежен үлкен үйдің (улуг үй) шаңырағын басып қала берген» деп, ағасы Орда Ежен мен інісі Бату арасындағы мәмленің төркінін ашып көрсетеді[6, 20 б.].

Шыңғысхан ұрпақтары арасындағы әлеуметтік тартыстың да көріністері Өтеміс қажының баяндауларынан тыс қалмаған. Шайбанханның ұлдарының Тоқтамыс хан, Темір-Құтлық және Орыс хан ұлдары алдында өздерін мақтанышпен, жоғары ұстайтындығын келтіреді: «Біз сізләрдін артук туру біз»...улуғ бабамыз Чіңгізхан ...біздің атамыз Шәйбән-ханға өргә//салды. Сізләрнің аталарынызға тәләгән һәм салмады», - тейүрләр («Біз сіздерден артық тұрамыз. ... ұлы бабамыз Шыңғысхан біздің атамыз Шайбанханға үй тікті. Сіздердің аталарыңызға күймелі күрке де тікпеді» - деуші еді) [5, 122. б.].

Боз Орда туралы «Шыңғыснамадағы» мәліметтер ХҮІ ғасырда ойдан шығарылмаса керек. Өйткені Өтеміс қажы «Шыңғыснамада» осы әңгіменің Дешті-Қыпшақ тайпалары (өзбектер арасында делінетін) кең таралғанына үнемі сілтеме жасайды.

Сонымен Өтеміс қажының «Шыңғыснамада» қарастырылып отырған Шығыс Дешті Қыпшақ кезеңінің тарихы – ерекше маңызды болып табылады. Дәл осы кезеңде монғолдардың түріктенуі аяқталған болатын. Орда Ежен ұрпақтары биліктен айырылған соң, Шығыс Дешті Қыпшақты құрамына қосып алған Алтын Орданың қираған кезі; Бату ұрпақтары әулетінің күші жойылған кезі; тарих сахнасына Шайбан және Тоқай Темір ұрпақтарының шыққан кезі; Дешті-Қыпшақ тайпалық топтарының топтасуы және қазіргі – қазақ, татар, башқұрт, қарақалпақ және т.б. халықтардың қалыптасқан кезеңі болып табылады.

  Татар ғалымы  И.А. Мустакимов өзінің мақаласында(«Об одном списке Дафтар-и Чингиз-наме»)[7], Қазан мемлекеттік университетінің Н.И. Лобачевский атындағы ғылыми кітапханасының сирек кітаптар қорында сақталған Жошы ұлысына қатысты екі құнды деректің тізімі бар екендігін атап өткен. Ол 40 т. шрифіндегі манускриптте берілген. Қолжазбаның басым бөлігін Қадырғали Жалайыридың «Жылнамалар жинағы»(1-69 бб), ал 70-79 беттерде жоғарыдағы автордың айтуынша ХVII ғасырдың соңындағы «Дафтар-и Чингиз наме» деп аталатын татар хроникасының тізімі құрайды.  Осы «Дафтардың»құрамына кіретін дастандардың мазмұны «шибаниттік» деп аталатын деректер: Өтеміс қажының «Тарих – и Дост-султан»(1550)(И.А. Мустакимовтың берген атауы – Ә.Ш.), Әбілғазының «Түркі шежіресі»(1665),  және «Таварих-и гузида – Нусрат-наме»(1502-1504) мазмұндарымен тығыз астасып жатыр деп көрсетеді. Бір қызығы, Өтеміс қажының «Шыңғыс намасын» ешкімге белгісіз басқа атпен («Тарих – и Дост-султан») бергендігі (сілтемеде Утемиш-хаджи. Чингиз-наме... деп дұрыс бергеніне қарамастан) және татар хроникасы деп көрсеткендігі. Әрине, Өтеміс қажы Дост сұлтанның дафтарына сілтеме жасағанымен өз шығармасын олай атамаған. Мақаладағы деректердің мазмұнына, келтірілген құрылымына  қарай отырып оның осы Өтеміс қажының «Шыңғыс намасының» кейінгі ХVІІ ғасырдағы көшірмесі болар деп жобалауға болады. Сондықтан да, осы жерде атап өтетініміз, жалпы Түркілік ортақ құндылықтарымызды әркім өзіне тарта берсе, одан қандай қасиет қалады.

Тоқай-Темір ұрпақтары – қазақ, астрахан, қазан, қырым хандықтары әулеттерін құрған болатын. Қысқаша айтқанда қазақ мемлекеттілігінің тарихын жазғанда дәл осы Өтеміс қажының «Шыңғыснамасының» да берер дерегі мол. Сондықтан да, ондағы мәліметтерді басқа да иран-парсы, түркі, қытай және еуропа саяхатшылары деректерімен қатар пайдаланып, тарихи білімдерді жетілдіре түсуіміз қажет.

Сонымен, ауызша тарихнама жазбаша тарихнамадан ерекшеленетін нысана ретінде көрініс берді және де ұқсастықтарымен қатар өзіне тән қайталанбас сипаттарға да ие. Бұдан шығатын қорытынды ауызша тарихнама өзінің пәні мен зерттеу тәсілі (методикасы) бойынша, жазба тарихнамадан ерекшеленеді. Міне сондықтан да ғалымдар оны (ауызша тарихнаманы – Ә.Ш.) – деректемелік бағыттағы ерекше бір қосымша тарихи пәнге жатқызады.

Ауызша тарихнаманың міндетіне: ауызша тарихнама мәліметтерін жинау, жүйелеу, сыныптау, талдау және оны пайдаланудың қағидаларына дайындау кіруге тиіс. Яғни ол өзіне тән зерттеу тәсілін жасауы керек. Жалпы алғанда осы тарихи қосымша пәннің нәтижесі – далалық ауызша білімді (тарихнаманы) қалпына келтіру мен бүтінге айналдыру.

Біз өз мақсатымызда далалық ауызша тарихнамасының біреуіне ғана жүгіндік. Ал оның көпшілігі зерттеулерде жиі пайдаланылғанымен, тарихи білімнің жеке бір саласы ретінде қарастырылып жүрген жоқ.

Сондықтан да ауызша тарихнаманы зерттеудің тәсілін, тиімді методологиясын жасауға тиістіміз. Бұл, әрине, уақыт еншісінде демекпіз.

Пайдаланған әдебиеттер

1.  Юдин В.П. Орды: Белая, Синяя, Серая, Золотая...//Казахстан, Средняя и Центральная Азия в ХҮІ-ХҮІІІ вв. Алма-Ата, 1983. – С. 106-165.

2.  Уәлиханов Ш.Ш. Таңдамалы. 2-ші басылым. – Алматы: Жазушы, 1985. – 115 б.

3.  Халид Құрбанғали. Тауарих хамса: (Бес тарих) Ауд. Б. Төтенаев, А. Жолдасов.- Алматы: Қазақстан, 1992. – 304 бет.

4.  Бартольд В.В. Отчет о командировке в Туркестан (летом 1902) // Соч. – М., 1973. Т.8. – С. 164-169.

5.  Утемиш-хаджи. Чингиз-наме/Факсимиле, перевод, транскрипция, текстологические примечения, исследование В.П. Юдина. Комментари и указатели М.Х. Абусеитовой. – Алма-Ата: Гылым, 1992. – 296 с (С. 119.).

6.  Қинаятұлы З. Орда Ежен// Отан тарихы. Ғылыми журнал. 2010, № 1(49).- 19 бет.

7.   Мустакимов И.А. Об одном списке «Дафтар - и Чингиз - наме» Средневековые тюрко-татарские государства. Сборник статей. Вып.1. – Казань: Институт истории им. Ш. Марджани АН РТ, 2009,- 232с.

Шашаев А. К. ВНС Института истории и этнологи имени Ч. Ч. Валиханова, к.и.н.

В данной статье рассматриваются исторические знания кочевников Дашт и Кипчак, отраженные в форме степной устной историографии на примере книги «Чингис наме» Утемиш хаджи сына Маулана Мухаммада Дости, выходца из влиятельной семьи, бывшего в услужении у Ильбарс хана (918/1512 — 931/1558 гг.). Текст книги составлен и написан по поручению Еш султана в первой половине ХVI века.

Степная устная историография выделилась из общего знания кочевников в особую область в послемонгольскии период.

«Чингис наме» Утемиш хаджи представляют собой сборник исторических рассказов — «глав», составленных на базе исторических знаний населения Джучиевского улуса. «Чингис наме» написана на основе рассказов Чингизидов и представителей племен Дешт и Кипчак о Чингизхане, его потомках, племенах и родах евразийских степей, т. е. в труде письменно зафиксировано устное историческое знание кочевников. В. П. Юдин особо подчеркивает, что степная устная историческая традиция регистрируется в этом сочинении в том ее состоянии, в каком она существовала в ХVI века., т. е. более чем три века спустя после Чингизова времени.

В статье приведены отрывки исторических данных, отражающихся в разных эпохах, и высказывания поэтому поводу исследователей позднего периода.

Auezkhan Shashayev. Institute of History and Ethnology named after Ch. Ch. Valikhanov, Deputy Director for Science, Candidate of Historical Sciences,

Summary
Thisarticleconsidershistoricalknowledge of Dasht and Kipchak nomads reflected in form of steppe oral historiography on example of a book named «Chingiz-name» written by Utemish-Hadji ben Maulana Muhammad Dostyborntoa noble family and who was serving Ilbars Khan (the years 918/1512 — 931/1558). The book was compiled and written by order of Esh Sultan in the first half of the XVIth century.
During the post-Mongolian period the steppe oral historiography branched off from common nomadic knowledge into a special field.

«Chingiz-name»byUtemish-Hadjirepresentscollected stories — «chapters» — compiled and written based on historical knowledge of JuchiUlus’speople, i.e. stories about Genghis-Khan told by Chingizids [Genghis-Khan descendants] and representatives of Desht and Kipchak tribes, their offspring, tribal groups and families of Eurasian steppe;the book fixed oral historical knowing of the nomads. v. Yudinespecially accentuates that in the work steppe oral historiography has been registered in a form and state that existed in XVI century, i.e. more than three centuries later counting from Genghis’s times.

The article contains extracts from historical data reflecting different epochs and comments of researchers of further periods.

No comments

To leave comment you must enter or register