Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00 КЕҢЕСТІК ҚАЗАҚСТАН: ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ІС ЖҮРГІЗУДІ ЕНГІЗУ ТАРИХЫНАН

С.Қ. Шілдебай¹, Б. Кабдушев², Д. Жұматов³

ҒТАМР 03.20.00 КЕҢЕСТІК ҚАЗАҚСТАН: ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ІС ЖҮРГІЗУДІ ЕНГІЗУ ТАРИХЫНАН

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(24), 2020

Tags: жергіліктендіру, қазақыландыру, ұлт саясаты, қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу, ҚАКСР
Author:
Аңдатпа. Мақалада қазақ қайраткерлерінің қазақ тілінде іс жүргізуді мемлекеттік билік органдарына енгізу жолындағы іс-шараларының 1920-1929 жылдар аралығындағы тарихы талдауға алынады. Құрылтай съезде қабылданған «ҚАКСР еңбекшілері құқығының декларациясында» әрбір ұлттың барлық мемлекеттік мекемелер мен мектептерде ана тілін бірдей пайдалану құқығы бар екені және олардың әрбіріне еркін ұлттық даму құқығы берілуі тиіс екені мәлімделді. Біз ҚАКСР-інде қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу тарихын 4 кезеңге бөліп қарастырамыз: 1) ҚАКСР-і құрылған күннен бастап 1923 жылдың 29 тамызына дейінгі, яғни, ҚазОАК жанынан Қазақ тілінде іс жүргізуді ендіру жөніндегі комиссия құрылғанға дейінгі аралық; 2) Комиссия құрылған күннен бастап комиссия таратылғанға дейінгі аралық, яғни, Орталық комиссияның қызмет кезеңі; 3) 1926 жылдың 14 тамызынан бастап 1932 жылдың 13 шілдесіне дейінгі қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу жұмысы Жұмысшы-шаруа инспекциясы халкоматына жүктелген кезең; 4) ҚазОАК Президиумы жанындағы өндіріс пен аппаратты жергіліктендіру жөніндегі өлкелік комитеттің 1936 жылдың 23 қазанына дейінгі қызмет кезеңі. Қазақ тілін іс жүргізуге енгізу жолындағы жұмыстың барлық кезеңінде біршама табыстарға қол жеткізілгенімен, бұл шаралар дәл бүгінгі таңдағыдай сәтсіздіктерге ұшырап, міндеттер ешқашан толық орындала қойған жоқ.
Text:

Кіріспе. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында ұлттық мемлекеттілігін жаңғыртқан қазақ халқының алдында шешімін таппаған көптеген күрделі де қордалы мәселелер тұрды. Қазақ бола тұрып «қырғыз» атанып, өзінің тарихи территориясын түгендеуге кіріскен халықтың алдында тұрған өзекті мәселенің бірі – ана тілін мемлекеттік билік органдарына енгізіп, билікті қазақ халқына немесе қазақты билікке жақындату әрекеті болды. Қазақ АКСР-інің Құрылтай съезінде қабылданған «ҚАКСР еңбекшілерінің құқығы туралы декларациядан» бастау алған қазақ тілінде іс жүргізуді аппаратқа енгізу жолында қазақ қайраткерлері жүргізген күрес тарихы осы уақытқа дейін толық зерттелмеді. Қазақ тілінде іс жүргізуді мемлекеттік билік органдарына енгізу тарихы бірнеше кезеңдерден тұрады және әрбір кезеңге тән өзіндік ерекшеліктері бар. Мемлекеттік деңгейде жүргізілген осы істің жетістіктері мен сәтсіздіктері қатар жүрді. Өкінішке орай, сол кезеңдегі сәтсіздіктер бүгінгі таңдағы Қазақстан Республикасында да белгілі бір дәрежеде қайталану үстінде. Сондықтан, аталған шараның жүргізілу тарихын кешенді зерттеп, оның жетістіктері мен кемшіліктерін қоса талдау арқылы тарихи тәжірибені танып-білу – бүгінгі таңда аса маңызды. Қазақ АКСР-інде жүргізілген қазақ тілінде іс жүргізуді мемлекеттік билік органдарына енгізу тарихын кешенді түрде зерттеу – отандық тарих ғылымындағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Материалдар мен әдістер. Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу тарихын анықтап, оны жүйелеп жазу үшін Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Президентінің архиві (бұдан ары – ҚРПА) мен Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві (бұдан ары – ҚРОМА) қорлары қарастырылды. Атап айтқанда, ҚРОМА 774-қорының (ҚАКСР ОАК жанындағы Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі орталық комиссия) 5-қорының (ҚазОАК) және 30-қорының (ҚАКСР ХКК) істері қарастырылды. Осы архив қорларынан тұңғыш рет аталған комиссияның қызметін қалпына келтіретін, осы уақытқа дейін отандық тарих ғылымына белгісіз болып келген құжаттар мен деректер жиналып, мақала жазу үшін жүйеленді, ғылыми және сыни деректік талдаудан өткізілді. Сонымен қатар, зерттеу жұмысының деректік негізін 1920-1936 жылдар аралығында жарық көрген қазақ қайраткерлерінің еңбектері мен естеліктері, зерттеу жұмыстары; тақырыптың хронологиялық шегіне келетін тарихи кезеңде жарық көрген үкіметтік қаулылар мен қарарлардың жинақтары, ғылыми мақалалар мен зерттеулердің жинақтары, статистикалық мәліметтер қоры; 1920-1936 жылдар аралығында шығып тұрған журналдар мен газеттердің материалдары; ҚазОАК хаттамалары; тәуелсіздік кезеңінде жарық көрген құжаттар мен материалдардың жинақтары құрайды.

Зерттеу жұмысы объективті ғылыми жүйелілік негізінде орындалды. Мақаланы жазу барысында жинақтау, салыстырмалы түрде талдау, жүйелеп қорыту әдістері қолданылды. Жалпы алғанда, зерттеу жұмысы объективті тарихи принципке негізделді.

Талдау. Кеңестік Қазақстанның мемлекеттік билік органдарындағы қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу тарихына қатысты жазылған еңбектердің ішінен Т.А. Агдарбековтың (1990), П.Қ. Сәдуақасованың (2008), С.Ш.Казиевтің (2016), Д.С. Жұматовтың (2020), С.Қ.Шілдебайдың (2020) еңбектерін ерекше атап көрсетуге болады. Бұл еңбектерде қазақ тілінде іс жүргізуді аппараттарға енгізу тарихы біршама талдауға алынған болатын. Бірақ, бұл еңбектердің барлығында тақырып толық зерттеле қоймағандықтан, бұл әлі де арнайы әрі кешенді зерттеуді қажет ететін өзекті тарихи тақырып болып табылады.

Зерттеу нәтижелері. В.И. Ленин бастаған большевиктер партиясы билікке келген күннен бастап бұрынғы Ресей империясының территориясын сақтап қалуға мүдделі болды. Ұлттық-территориялық автономия алуға ұмтылған ұлт аймақтарындағы қозғалыстарды бәсеңдетіп, барлық бұрынғы бұратана халықтарды және олардың зиялы өкілдерін өз жағына тарту үшін кеңес өкіметі барлық шараларды кешенді түрде іске асырды. 1917 жылы 2 қарашада жарияланған «Ресей халықтарының құқығы туралы декларацияда», 1917 жылы 20 қарашада жарияланған «Барлық Шығыс және Ресейдің мұсылман еңбекшілеріне Халық Комиссарлар Кеңесінің мәлімдемесінде» барлық ұлттардың теңдігі мен еркіндігіне, «діни наным-сеніміне, ұлттық автономия құруына, тіпті тәуелсіз мемлекет құруына дейін рұқсат беріледі» делінді (Шілдебай, 2002: 110). Бұл өз кезегінде аймақтардағы ұлт-азаттық қозғалысты бөлшектеуде зор рөл атқарды. РК(б)П-ның VIII, X, XII съездерінде қаралып, қағаз жүзінде жақсы шешімін тапқан аса маңызды ұлт мәселелері жүзеге асыруға келгенде басқаша сипат алып шыға келетін. Кеңес өкіметі Кеңестік қазақ автономиясында жүргізген аппаратты жергіліктендіру, өндірісті қазақыландыру мен мемлекеттік билік орындарындағы іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру саясаты да осындай мазмұнға ие болды.

ҚАКСР Кеңестері Құрылтай съезінің 6 қазан күні өткен кешкі мәжілісінде 2 «қарсы» және 5 «қалыс» дауыспен қабылданған «ҚАКСР еңбекшілері құқығының декларациясы» атты (Учредительный, 1936: 32) бірінші Конституциялық құжаттың 7-ші пунктінде: «Қырғыз Республикасында оның құрамына кіретін барлық ұлттардың бейбіт және бауырластықта өмір сүруі үшін қолайлы жағдайлар жасауға ұмтыла отырып, ҚАКСР Кеңестерінің съезі әрбір ұлттың барлық мемлекеттік мекемелер мен мектептерде ана тілін бірдей пайдалану құқығы бар екенін және олардың әрбіріне еркін ұлттық даму құқығы мен толық мүмкіндігі беріліп, қамтамасыз етілуі тиіс екенін мәлімдейді» (Систематическое, 1930: 7), - деп жарияланды.

Декларацияның осы пунктіне сәйкес, қазақ тілінде іс жүргізуді мемлекеттік билік орындарына ендіру үшін 1921 жылы 2 ақпанда ҚАКСР ХКК-і «ҚКСР мемлекеттік мекемелерінде қырғыз және орыс тілдерін пайдалану тәртібі туралы декрет»[1] қабылдады (Декреты, 1921: 174). Декретке сәйкес, КСРО аумағын құрайтын Семей, Ақмола, Орынбор-Торғай, Орал және Бөкей губерниялары мен Адай уезінің мемлекеттік мекемелерінде қазақ және орыс тілдерін тең құқықта қолданылу көзделді. Сонымен қатар, ҚАКСР-ның орталық және губерниялық органдарынан шығатын декреттер, нұсқаулықтар, циркулярлар, міндетті қаулылар және жалпы, принципті сипаттағы өзге де заңнамалық және үкіметтік актілер бір мезгілде «орыс және қырғыз тілдерінде шығарылады және жалпыға бірдей мәлімет ретінде жарияланады» деп көрсетілгенімен, қазақ тілінде іс жүргізу екінші деңгейде қалып қойды. Оған, мемлекеттік мекемелерде қазақ тілінде іс жүргізетін жауапты қызметкерлердің жеткіліксіздігі тікелей себеп болды. Ал республиканың барлық орталық және провинциялық мекемелері іс қағаздарын орыс тілінде жүргізіп, орыс тілінде өзара қарым-қатынас жасайды деп белгіленді. Сондай-ақ, республикадағы уездік мекемелер өзінен жоғары тұратын мекемелермен (орталық және губерниялық) орыс тілінде қатынас жасап, осы тілде іс қағаздарын жүргізуі тиіс болды. Уездік мекемелер өзара және ауылдық, селолық, поселкелік кеңестермен, болыстық, станицалық, аудандық атқару комитеттерімен, ревкомдар және халық соттарымен іс жүргізуде осы аталған орындар іс қағаздарын жүргізетін және хат алмасатын тілде қатынас жасайды деп шешілді. Ал аталған мекемелер қазақ халқы тұратын жерлерде қазақ тілінде, орыс халқы тұратын жерлерде орыс тілінде іс жүргізуге міндетті еді.

Ал төтенше комиссиялар мен ревтрибуналдарда жауап алу мен тергеу іске тартылған адамдардың тілінде жүргізіледі деп белгіленсе, қалған барлық жағдайларда республика мекемелерінде іс жүргізу және олардың арасындағы хат алмасу «қазақ және орыс тілдерінде де бірдей жүргізілуі мүмкін, бұл ретте әрбір жекелеген жағдайда тілді таңдау қажеттілігі мен практикалық пайдасы тұрғысынан туындайды» деп көрсетілді. Республиканың орталық, губерниялық және уездік мекемелері беретін мандаттар, қызметтік куәліктер және ашық парақтар қазақ және орыс тілдерінде жазылатын болды. Осындай мазмұндағы декрет губерниялық ресми баспасөз органдарында жарияланған күннен бастап күшіне енуі тиіс еді (Декреты, 1921: 174-175). Бірақ, бұл декреттің қазақ тіліне қатысты баптары жоғарыда көрсетілген себепке байланысты негізінен орындала қоймады.

1921 жылы 4-10 қазан аралығында өткен ҚАКСР Кеңестерінің 2-съезінде кеңестік құрылыс жөнінде қосымша баяндама жасаған ҚазОАК Президиумының мүшесі, РКЖО Қазобкомының хатшысы, республикалық «Еңбекші жастар» газетінің редакторы С. Сәдуақасов қазақ халқы отаршыл орыстардан келген мемлекеттік билікті қабылдамайды, бұл табиғи заңдылық дей отырып, «Ендігі біздің міндетіміз, осы биліктегі коммунистердің міндеті – билікті жергілікті қырғыз халқына жақындату, оны қырғыздар өзіміздікі деп санайтындай ету» дей отырып, біздің негізгі міндетіміз – «қырғыз халқының арасында отырған билікті қырғыздандыру» (Стенографический, 1921: 148.)– деп нақты міндет қойды. Ол сонымен қатар, қазақ даласындағы кеңес өкіметінің өкілі тек милиция екенін, болыстық атқару комитеттерінің тек қағаз жүзінде ғана өмір сүретінін, қазақ даласында жергілікті халықтың ана тілінде шығатын бірде-бір газеттің жоқ екенін, барлық іс жүргізудің орыс тілінде екенін айта келіп, жергілікті және орталық кеңестік мекемелердегі іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру қажет деді (Стенографический, 1921: 150.). Съезд С. Сәдуақасовтың аталмыш баяндамасы бойынша «ҚКСР Кеңес билігі органдарының кезекті міндеттері туралы» қаулыда төмендегідей шешімдер қабылданды: «...4. Кеңестік биліктің жергілікті аппараттарын жетілдіру жөніндегі мәселеден туындайтын қажеттілік: ...б) Қырғыздар мекендейтін аймақтар үшін милиция жасақтау тез арада қырғыздардың өздерінен жүргізілсін; в) Жергілікті жерлерде тез арада ана тілінде іс жүргізу жұмысын ұйымдастыру қолға алынсын» (Стенографический, 1921: 176).

Съезд қабылдаған осы шешімдердің маңызы зор болды. 1922 жылы қаңтарда Қазақ қызметкерлерін есепке алу және тиімді пайдалану жөніндегі ҚазОАК комиссиясы құрылды (Высшие, 1979: 28). Оның міндетіне барлық қазақ қызметкерлерін есепке алу және оларды кеңестік немесе партиялық жұмысқа пайдалану болды. Комиссия жергілікті аткомдардың жанынан өзінің төменгі тізбегін ұйымдастыруға құқылы болды. Комиссия өз жұмысын 1922 жылдың соңына қарай аяқтады.

1922 жылы 13 қыркүйекте ҚАКСР ХКК-і 1921 жылдың 2 ақпанындағы «ҚКСР мемлекеттік мекемелерінде қырғыз және орыс тілдерін пайдалану тәртібі туралы декретті» толықтыратын қаулы қабылдады. Қаулыда: «таза техникалық сипаттағы қиындықтардың салдарынан бұл декрет әлі толық көлемде жүзеге асырылған жоқ, сондықтан ҚКСР-ның орталық және губерниялық органдары өздері шығарған заңнамалық және басқа да актілерді орыс тілінде таратып, оларға орыс тілінен қазақ тіліне жасалған аудармаларды қосу мүмкіндігінен айырылып отыр. Осыған байланысты барлық мекемелер мен адамдар үшін басшылыққа міндетті түрде алынуы тиіс, бірақ дұрыстығына және түпнұсқаға сәйкестігіне ешкім ешқандай кепілдік бере алмайтын жоғарыда аталған актілердің аудармалары қазақ тілінде пайда болды және пайда болуда» (Собрание, 1922 (№16): 5), - дей отырып, ҚКСР-ның орталық және губерниялық органдары шығарған заңнамалық және үкіметтік актілердің дәл мазмұнын бере алмайтын осындай аудармаларды басшылыққа алу – олардың дұрыс қолданылмауына әкеліп соғуы мүмкін деп табылды. Осыдан кейін ҚАКСР ХКК-і «ҚКСР-ның барлық орталық және жергілікті үкіметтік органдарына белгіленген тәртіппен қазақ тіліне аударылып, осы мақсатта ҚКСР Әділет халық комиссариаты жариялаған заңнамалық және үкіметтік актілер ғана басшылыққа алынуға және қолданылуға жататыны түсіндірілсін» (Собрание, 1922 (№16): 5), - деген шешім қабылдады. Көріп отырғанымыздай, 1922 жылдың күзінде мемлекеттік билік органдары мен мекемелерде қазақ тілінде іс жүргізу мүлдем жүзеге аспаған.

Көп ұзамай, 1922 жылы 6-13 қазан аралығында өткен ҚАКСР кеңестерінің ІІІ съезінде үкіметтің есепті баяндамасына орай қабылданған қаулыда төменнен жоғарыға дейінгі барлық кеңес аппараттарына қазақ жұмысшылары мен кедейлерін тарту жұмысы күшейтілсін, ҚКСР территориясына қатысты заңдық актілердің қазақ тілінде жарық көруіне қатысты шаралар қабылдансын деген шешім қабылданды (Бюллетень, 1922: 22-23). Съездің осы шешімін басшылыққа ала отырып, ҚазОАК Президиумы 1922 жылы 22 қарашада «Заңдарды бір мезгілде орыс және қырғыз тілдерінде қабылдау тәртібі туралы» төмендегідей қаулы шығарды: «1. Жарлықтар, нұсқаулықтар, циркулярлар, міндетті ережелер және т.б. орталық органдардан шығатын заңнамалық және үкіметтік актілер бір мезгілде орыс және қырғыз тілдерінде қаралады және қабылданады. 2. Халкоматтар заңнамалық органдарға декреттер мен басқа да актілердің жобаларын бір мезгілде орыс және қырғыз тілдерінде ұсынады. 3. Декреттер мен басқа актілердің жобаларын аудару және редакциялау үшін, сондай-ақ қырғыз тіліндегі декреттер мен басқа да актілерді басып шығаруға дайындау үшін ҚазОАК-та белгілі бір штат бойынша аударма алқасы ұйымдастырылады. 4. Дербес аударма аппараты жоқ халкоматтар өздерінің заң жобаларын заң органдарының қарауына алдын ала енгізгенде, осы қаулының 3-тармағында аталған ҚазОАК жанындағы аударма алқасына заң жобасының орыс тіліндегі мәтінін қырғыз тіліне аудару үшін жібереді» (Собрание, 1922 (№19): 8). ҚАКСР жоғарғы мелекеттік билік органдарының басшылары осылайша заңдарды екі тілде бірдей шығаруға ұмтылыс жасады. Өкінішке орай, бұл қаулы да қазақ тілінде заң шығаруды міндеттеуге қауқарсыз болды.

1923 жылы 11 шілдеде ҚАКСР Әділет халкомының міндетін атқарушы Н.Нұрмақов халық соттарына және қазақ учаскелерінің халық тергеушілеріне сот-тергеу органдарында іс жүргізуді қазақ тілінде енгізу туралы циркуляр жіберді.. Онда: «Сот-тергеу органдарында қырғыз тілінің енгізілуіне байланысты қырғыз халқына қызмет көрсететін сот-тергеу органдарында барлық іс жүргізу міндетті түрде қырғыз тілінде жүргізілуі тиіс. Қырғыз тілінде хаттамалар, үкімдер, шешімдер және әр түрлі қаулылар жазылуы керек. Біздің сот қызметкерлерімізде қырғыз тілінде сот істері бойынша кез-келген актілер дайындау бойынша практиканың болмауына, сондай-ақ қырғыз сот қызметкерлерінің тәжірибесіздігі мен жеткіліксіз даярлығына байланысты, Әділет халкоматы осы нөмірден бастап қырғыз учаскелерінің соттары мен тергеушілері өз қызметінде басшылыққа алуы тиіс үкімдердің, шешімдердің, хаттамалардың, қаулылардың нысандарын хабарландыруларда кезең-кезеңімен басып шығару қажет деп табады» (Языковая, 1997: 18-19), - деп атап көрсетілді. Сонымен қатар, Әділет халкоматы халық соттары мен тергеушілерге қажетті қазақ тіліндегі қылмыстық істер бойынша сот отырысы хаттамасының және үкімнің, тергеуге тарту және бұлтартпау шарасын таңдау туралы қаулылардың үлгілерін даярлап ұсынды.

1923 жылы 3-6 тамыз аралығында өткен 3-сайланған Қазаткомның 3-сесиясының 5 тамызда өткен мәжілісінде «ҚазОАК Президиумының және Халық Комиссарлар Кеңесінің есебі» бойынша баяндама жасаған Қазхалкомкеңес төрағасы С. Сейфуллин: «ҚКСР-дағы өткір мәселелердің бірі -қырғыз тілін, қырғыз өмірін білетін қызметкерлердің жетіспеушілігі. Жолдастар, далада, ауылдарда Кеңес өкіметінің жолкөрсетушісі милиция мен халық сотары екенін білесіздер. Жергілікті халықпен тікелей байланысқа түсетін осы адамдар өздерінің надандығымен әлі күнге дейін теріс көңіл-күй тудырып келді және әлі де біраз уақыт солай болатын сияқты. Әрине, негізгі заң шығарушы орган болып табылатын ҚазОАК-тың негізгі міндеті - осы адамдарды қайта тәрбиелеу немесе Кеңес өкіметінің міндеттерін түсінетін, артта қалған көшпелі қырғыз халқына дұрыс жақындай алатын жаңа адамдарды қалыптастыру болып табылады. ҚазОАК осы мақсатпен [кеңестік] құрылыстың әртүрлі салаларына қызметкерлерді даярлау курстарын ашады» (Бюллетень ІІІ, 1923 (№ 4-5): 12-13), - деп, қазақ тілін іс жүргізуге енгізудегі олқылықтарға да тоқталды.

Аталған баяндама бойынша болған жарыссөздерден кейін қайта сөз алған С.Сейфуллин халқының 97 пайызы қазақ болып табылатын Бөкей губерниясының өзінде қазақ тілін енгізудің мүмкін болмай отырғанын айта келіп, тура сол сияқты, орыстар аз тұратын Адай уезі, Орал және Торғай губернияларының өзіндегі жауапты қызметкерлердің қазақ тілінде іс жүргізуге құлықсыздығын ашына жеткізді (Бюллетень ІІІ, 1923 (№ 4-5): 21). С.Сейфуллин мәселені тура қоя отырып, ҚазОАК Президиумының атынан сессия қарауына төмендегідей ұсыныс енгізді: «1) ҚазОАК жанынан және губерниялық атқару комитеттері жанынан «іс жүргізуді қырғыз тіліне көшіру туралы жобаны іске асыру жөніндегі комиссия құру»; 2) Губаткомдарға ҚазОАК алдында осы бағыттағы жұмыстар туралы тұрақты есеп беріп отыруды тапсыру; 3) ҚазОАК Президиумына Қазаткомның таяудағы сессиясында қырғыз тілінде іс жүргізуді енгізу мәселесі жөніндегі жұмыстар туралы баяндама жасау тапсырылсын» (Бюлетень ІІІ, 1923 (№ 4-5): 34). Мәжіліс төрағасы П.Б. Журевский осы ұсыныстарды оқыған соң, ҚазОАК мүшелерінің қолдауына ие болған тарихи ұсыныстар толығымен қабылданды. Көп ұзамай, 1923 жылы 29 тамызда ҚазОАК қаулысымен ҚазОАК жанынан қазақ тілінде іс жүргізуді ендіру жөніндегі арнайы комиссия құрылды (Кенжин, 1924: 5).

ҚАКСР Әділет халық комиссариатының «1922 жылғы 1 қарашадан 1923 жылғы 15 қазанға дейінгі кезеңдегі қазақ тілін іс жүргізуге енгізу туралы қызметі туралы» есепте: «1923 жылдың екінші тоқсанындағы Әділет халкоматының екпінді міндеті қырғыз тілін енгізу болды. Айта кету керек, қырғыз тілі бұрын соттарда қолданылған, бірақ бұл ішінара құбылыс болды. 12-ші партия съезінің қаулысына байланысты Әділет халкоматы қырғыз халқына қызмет көрсететін барлық сот-тергеу органдары бойынша іс қағаздарын қырғыз тілінде жүргізуге шешім қабылдады. Осы мақсатта қырғыз болыстары қырғыз тілімен және жазуымен таныс адамдар қызмет көрсететін дербес учаскелерге бөлінді. Қазіргі уақытта Орынбор бөлімшесінен басқа Қырреспубликаның барлық Губсоттарында қырғыз бөлімшелері ашылып, жұмыс істейді» (Языковая, 1997: 18), - деп атап көрсетілді. 1923 жылдың ортасына қарай Жоғарғы Соттың қазақ бөлімінде істер қазақ тілінде жүргізіле бастады. Сонымен қатар, Әділет халкоматы кейбір губерниялық соттармен қазақ тілінде қатынас жасап, келіп түскен сұраныстар мен баяндамаларға қазақ тілінде жауап бере бастады. Әділет халкоматының № 37 циркулярына сәйкес, сот-тергеу учаскелерінде қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу бойынша барлық жұмыстарды 1923 жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқтау ұсынылғанымен, бұл жұмыс осы мерзімде барлық жерде орындала қоймады. Негізінен, бұл мерзімге қарай аймақтарда губерниялық соттардың жанынан қырғыз бөлімдері ашылып, барлық іс жүргізу мен сот-тергеу процесі қазақ тілінде жүргізілетін бірнеше сот-тергеу учаскелерін белгілегенімен, барлық учаскелерде қазақ тілі толық енгізіле қоймады. Бұл, бір жағынан, жергілікті жерлердегі қазақ учаскелеріндегі сот және тергеуші лауазымына лайықты адамдардың жетіспеушілігінен болса, екінші жағынан, барлық кодекстердің қазақ тіліндегі нұсқасының шығарылып болмауына тікелей байланысты болды.

1923 жылдың 27 қазанында Әділет халық комиссары әрі республика прокуроры орнындағы М. Жолдыбаев РК(б)П губерниялық комитеттеріне іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді енгізу туралы үндеу жариялады. Үндеуде: «Кеңес аппаратын жергілікті халықтың тілімен, тұрмысымен және психологиясымен таныс адамдардан жасақтау жолымен еңбекші халықтың қалың бұқарасына жақындату және барлық жұмыстарды көпшілік түсінетін тілде жүргізу – кеңестік съездер мен партиялық конференцияларда бірнеше рет атап көрсетілген партиялық және кеңестік органдардың бірінші кезектегі міндеттерінің бірі болып табылады... Бұған осы органдар халықпен етене жақын таныс адамдардан құралған кезде ғана қол жеткізуге болады... Партия съезі мен Облыстық комитеттің РК(б)П губком хатшыларымен болған соңғы кеңесіндегі шешімін өз ведомствомыз бойынша іс жүзінде жүзеге асыруды мақсат ете отырып, Әділет халық комиссариаты менің атымнан жергілікті сот және прокуратура органдарының аппаратын қырғыздармен, негізінен коммунистермен, сондай-ақ партияда жоқ интеллигенциядан шыққан адал және сөзсіз Кеңес өкіметіне берілген элементтермен жасақтауда көмек көрсету туралы жолдастық өтінішпен Сіздерге жүгінеді» (Языковая, 1997: 19-21), - дей отырып, өз өтінішінің партияның губерниялық комитеттері тарапынан тиісті бағаланып, қажетті жауап табуына үміттенетінін жеткізді.

1921 жылдың 2 ақпанындағы ҚАКСР ХКК-нің декретіне жасалған бірнеше толықтырулар мен біз жоғарыда атап көрсеткен бірнеше қосымша заңдық актілердің қабылданғанына қарамай, ҚАКСР мемлекеттік мекемелерінде қазақ тілінде іс жүргізу жүрдім-бардымға салынып, созыла берді. Осындай жағдайда, 1923 ж. 22 қарашада қабылданған «Қырғыз тілінде іс жүргізуді енгізу туралы» ҚазОАК декретінде 1924 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚАКСР-дің барлық қазақ болыстарында және Ақтөбе губерниясының Адай, Торғай, Шалқар, Темір, Ақтөбе, Ырғыз уездерінде, Бөкей губерниясының барлық уездерінде, Орал губерниясының Жымпиты және Гурьев уездерінде, Семей губерниясының Қарқаралы және Зайсан уездерінде, Ақмола губерниясының Ақмола, Атбасар және Чарлык уездерінде қазақ тілінде іс жүргізу енгізілсін деген нақты шешім қабылданды. Ал Орынбор губерниясының уездерінен басқа губерниялар мен уездерде қазақ тілінде іс жүргізу 1924 жылдың 1 шілдесінен кешікпей енгізілсін, ол орыс тілімен бірге қатар жүргізілсін деп міндеттелді (Собрание, 1923 (№ 15): 3-4). Осы декрет жарияланған күннен бастап барлық өлкелік мекемелерге орыс тілімен қатар қазақ тілінде іс жүргізу міндеттеліп, бұл жұмысты 1925 жылдың 1 қаңтарына дейін аяқтау тапсырылды.

1923 жылы 6 желтоқсанда Қазатком Президиумының С. Меңдешев пен Ж. Садуақасов қол қойған қаулысы бойынша «Қырғыз тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі орталық комиссия туралы ереже» бекітілді. Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі ҚазОАК Президиумы жанындағы Комиссия ҚазОАК хатшысы Ж.Садуақасовтың төрағалық етуімен және ҚазОАК Президиумы бекіткен 5 мүшеден құрылып, осы іс жүргізуді енгізу жөніндегі губерниялық комиссиялардың жұмысын әзірлеу, басқару және қадағалауды өз алдына міндет етті. Комиссияға: іс жүргізуге қазақ тілін енгізу жөніндегі жұмыстарды жоспарлау, республика бойынша барлық заң актілерін, қаулы-қарарларды қазақ тіліне аудару және баспадан шығару, Жұмысшы-шаруа инспекциясы халкоматымен бірлесе отырып іс жүргізу үлгілерін даярлау және оны ендіру, губаткомдардың жанындағы қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі жергілікті комиссиялардың жұмысына басшылық жасау, іс жүргізуді енгізу жөніндегі техникалық қызметкер мамандарын даярлау жөніндегі жоспарды даярлау ісі жүктелді (Собрание, 1923 (№ 15): 5). Орталық Комиссия өз жұмысында ҚазОАК аппаратын пайдаланып, ай сайын ҚазОАК Президиумының алдында өз жұмысы туралы есеп беруге тиіс болды.

1923 жылдың соңында «Советская Киргизия» журналында жарық көрген РК(б)П Қазобкомы үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Партия тарихы жөніндегі Уақытша комитетінің мүшесі А.Кенжиннің «Қырғыз тілінде іс жүргізуді енгізуге» атты мақаласында патша заманынан бергі қазақ тілінің жай-күйіне тоқтала келіп, Қазақ АКСР-і құрылған күннен бергі қазақ тілін іс жүргізуге енгізу бойынша жасалған барлық іс-шараларға талдау жасалды. А. Кенжин қазақ тілінде іс жүргізуді толық енгізуге қатысты істелуі тиіс шараларды көрсете отырып, мақаласының соңында: «Біз кез-келген жұмысты орындау үшін 3 шарттың болуы қажет екенін әрдайым есте ұстауымыз керек: 1) материалдық база, 2) қызметкерлердің болуы және 3) соңғысының жұмысты орындауға деген еркі. Осы мақалада қарастырылған мәселенің ішіндегі ең қиыны, кез-келген жұмыстың сәтті аяқталу шартының соңғы нүктесі – бұл аймақтарда жұмыс істейтін жолдастардың құлшынысы мен бастамасы болып табылады» (Кенжин, 1923: 11) – деп дұрыс қорытынды жасады.

1924 жылы 5-10 қаңтар аралығында өткен ҚАКСР кеңестерінің 4-ші бүкілқазақтық съезінің 5-6 қаңтардағы мәжілістерінде «ҚазОАК пен Қазхалкомкеңес баяндамасын» жасаған Қазатком төрағасы С. Меңдешев қазақ тілін іс жүргізуге енгізу мәселесіне де тоқталды: «Тағы бір маңызды іс-шара – қырғыз тілінде іс жүргізу. Іс қағаздарын орыс тілінде дәстүрлі жүргізу биліктің бұқарадан табиғи алшақтауына әкеледі. Рас, ішінара кейбір аймақтар мен жекелеген ведомстволар өз жұмысында қырғыз тілінде іс жүргізуді енгізді, бірақ мұның бәрі ұйымдаспаған түрде жүргізілді. Біз есеп беріп отырған уақыттағы органдардың қырғыз тілінде іс жүргізуді енгізу кезіндегі барлық материалдары мен тәжірибесін бір жүйеге келтірдік және мұның барлығы ҚазОАК-тың ерекше декретінде тіркелді. Осы декретте біз осы іс қағаздарын жүргізу енгізілетін мерзімдерді көрсеттік. Бұл жұмысқа басшылық жасау үшін біз ҚазОАК хатшылығының жанынан ерекше комиссия тағайындадық. Бұл іс-шара билікті көпшілікке түсінікті ете отырып, оны оларға жақындатады» (Бюллетень, 1924 (№ 2): 12). Съезд «ҚырОАК және Халкомкеңестің есепті баяндамасы бойынша» қабылдаған қарарында бірінші кезекте қазақ жұмысшыларын кеңес аппаратындағы жұмыстарға тарту, кеңес мекемелеріндегі іс жүргізуді қазақ тіліне батыл түрде көшіру, әсіресе болыстық деңгейдегі қазақ қызметкерлерін жоспарлы және жүйелі түрде даярлау жөнінде шешім қабылдады (Бюллетень, 1924 (№ 10): 15-16).

Көп ұзамай, 1924 жылы 20 наурызда Қазатком қаулысымен «ҚКСР-да қырғыз тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі губерниялық комиссиялар туралы ереже» бекітіліп, қазақ тілінде іс жүргізу жұмысы республика көлемінде кеңінен қолға алынды (Вестник, 1924 (№ 4): 58-59). Ереже бойынша, негізгі міндеті – іс жүргізуді қазақ тіліне көшіру болғанына қарамастан, Қазатком Президиумы жанындағы аталмыш Комиссия республиканың барлық деңгейіндегі мекемелер мен басқару аппараты үшін қазақтардан маман даярлауды жоспарлы түрде іске асыра бастады және оларды жұмысқа орналастырып отырды. 1924-1925 жылдары қазақ қызметкерлерімен аппараттарды жасақтау арқылы жергіліктендіру ісі республика көлемінде жақсы жолға қойылып, оң нәтижелер бере бастады.

1924 жылы 3 сәуірде ҚАКСР ХКК-нің барлық халкоматтарға бүкіл құжаттардың жобаларын Қазхалкомкеңес қарауына қазақ және орыс тілдерінде ұсыну туралы 1131-циркулярлық өкімі жарияланды. Онда: «Қазхалкомкеңес хатшылығы ХКК төрағасының өкімі негізінде халкоматтар мен Өлкелік органдардың Қазхалкомкеңес қарауына енгізетін бүкіл декреттері, қаулылары, ережелері мен нұсқаулықтарының жобалары қырғыз және орыс тілдерінде ұсынылуы тиіс екенін осы хат арқылы хабарлайды. Жобалар қырғыз тілінде ұсынылмаған жағдайда, олар қараусыз кері қайтатын болады» (Языковая, 1997: 28), - деп нақты атап көрсетілді. Қазхалкомкеңес төрағасы С.Сейфуллиннің осы бір табанды әрекеті – қазақ тіліне селсоқ қарап келген халкоматтарды қазақ тілінде іс қағаздарын жүргізе бастауға мәжбүр етті.

1924 жылы 10 сәуірде ҚазОАК жанындағы Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі орталық комиссия төрағасының міндетін уақытша атқарушы А. Кенжин ҚАКСР ХКК-не аппараттарды қазақ тілін білетін қызметкерлермен тез арада жасақтау туралы хат жолдады. Ол үшін төмендегі іс-шараларды жүзеге асыру туралы ұсыныс жасады:

«1. Орталық комиссия қарастырған және бекіткен Сіздің жоспарыңызға сәйкес, қазіргі штатта бар қызметкерлерді қырғыз тілі мен жазуын білетін адамдармен алмастыруды бастаңыз. Сонымен қатар, орталық комиссия бекіткен ауыстыруға жататын лауазымдар көлемі ең төменгі сан болып табылады және осыған байланысты халық комиссариатына жұмыстарды одан әрі өрістету құқығы беріледі.

2. Шұғыл түрде ведомстволық желі арқылы өзіңіздің губерниялық бөлімдеріңізге сол жерде осы жұмысты істеу қажеттілігін көрсетіңіз.

3. Сізге бағынышты халкоматтың, сондай-ақ губерниялық, уездік бөлімдердің барлық бос лауазымдарын қырғыз жазуын білетін жұмыссыз қырғыздар мен тұлғаларды жұмысқа қабылдау арқылы қырғыз қызметкерлерімен толтыру керек». Хат соңында: «Қосымша штаттан тыс бірліктерді енгізу туралы ерекше хабарлама арқылы жарияланады, оның мерзімі ҚКСР-ның қырғыз тілін енгізуге қаражат босату туралы мәселені орталықта шешу уақытына байланысты болады» (Языковая, 1997: 29), - деп атап көрсетілді.

1924 жылдың басынан республиканың барлық қазақ болыстық атқару комитеттеріндегі ұлты орыс қызметкерлер қазақтармен алмастырылып, іс жүргізу қазақ тіліне көшірілді. Сонымен қатар, қазақ болыстарының деңгейінде жұмыс істейтін қаржы агенттері, милиционерлер, мемлекеттік сақтандыру агенттері, халық соттары, тергеушілер және т.б. қазақтармен алмастырылды. Қазақтарға қызмет көрсететін сот бөлімдерінде іс жүргізу, сот ісін жүргізу және сотта сөйлеу қазақ тіліне көшірілді. Бірақ, уездік және губерниялық органдардағы қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу ісі айтарлықтай нәтиже бере қоймады. Бұл деңгейдегі іс жүргізу аударма деңгейінде қалып қойды. Аппараттарды жергіліктендіруге қажет қазақ қызметкерлерін даярлау үшін қаржы, кооперация, милиция, әділет, ағарту және іс жүргізу мен есепшілердің техникалық қызметкерлерін даярлайтын қысқа мерзімді курстар ашылды (Материалы, 1925: 134).

1924 жылы Петропавловск, Қостанай, Семей, Орда, Ақтөбе және Орынбор қалаларында ашылған мұндай курстардың саны 12 болды. Милиция курсын есептемегенде, осы курстарды 322 адам бітіріп шықты. 1925 жылы осындай курстар Петропавловск, Семей және Ақтөбе қалаларында ашылып, бұл курстарды 163 қазақ бітіріп шықты (ҚРПА, 141-қ., 1-т., 31«в»-іс, 343-344-п.). 1924 жылы 6 маусымда Қазхалкомкеңесі «Қырғыз Кеңестік Социалистік Республикасы милициясының басшылық құрамының өлкелік мектебі туралы ережені» бекітті. Ереже бойынша ҚКСР Ішкі істер халкоматы жанындағы өлкелік милиция мектебіне негізінен қазақтарды алу көзделді (Вестник, 1924 (№ 11): 215-221).

1924 жылы 16-19 маусым аралығында өткен 4-сайланған Қазаткомның 2-сессиясында Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі орталық комиссия жұмысы бойынша Комиссия төрағасы Ж. Сәдуақасов баяндама жасап, уездік және губерниялық деңгейдегі кеңес органдарының 1923 жылғы 22 қарашадағы декретін толық орындамай отырғанына тоқталды (Бюллетень, 1924 (№ 5): 21-22). Сессия қаулысы бойынша барлық халкоматтарға, өлкелік мекемелер мен губерниялық органдарға курстарды ашу үшін Комиссиямен міндетті түрде келісу ұсынылып, осындай курстардың 75 пайызын жергілікті халық өкілдерінен жасақтау міндеттелді (ҚРОМА, 5-қ., 5-т., 60-іс, 63-64-п.). Осы сессия қорытындылары туралы мақаласында губерниялық «Красный Урал» газетінің жауапты қызметкері (кейіннен, жауапты редакторы – авт.) Д. Делов аталған мәселе бойынша былай деп жазды: «ҚССР бойынша қырғыз тілінде іс жүргізу сияқты жауыр болған сұраққа Сессия тағы да тоқталды. Сессия осы жолы екіұшты түсінікке жол бермейтін бағыт алды. Оның барлық шешімі ҚазОАК-тың қырғыз тілін енгізу туралы тапсырмаларын сөзсіз орындату рухына толы болды. 1925 жылдың 1 қаңтарына қарай ҚКСР-дың барлық органдарында орыс тілімен қатар қырғыз тілінде іс қағаздарын жүргізу енгізілуі тиіс. Бұл өз кезегінде, штаттарды қырғыз қызметкерлерімен жасақтауға қатысты ең батыл шаралардың қабылдануын туғызады» (Делов, 1924: 6). 1924-1925 жылдары жергіліктендіру саясаты аясында қазақ тілінде іс жүргізуді мемлекеттік билік органдарына енгізу және аппаратты қазақыландыру ісі республика көлемінде жақсы жолға қойылып, оң нәтижелер бере бастады.

1925 жылы 15-19 сәуір күндері Ақмешіт қаласында өткен ҚАКСР кеңестерінің V бүкілқазақтық съезінде баяндама жасаған Қазатком төрағасы С.Меңдешев жергіліктендіру мәселесіне тоқтала отырып, Қызыл Армияның ұлттық құрамаларын жасақтау ісінің 1924 жылдан бастап қолға алынғанын, ҚазОАК атындағы Қызыл Армия командирлері құрамының 8-ші ұлттық мектебі құрылып, оған қазақтың 119 жас жігітінің оқуға қабылданғанын атап көрсетті (Бюллетень, 1925 (№ 3): 6-9). Бірақ, 1925 жылы астананың Орынбордан Қызылорда қаласына ауысуына байланысты, Орынборда ашылған әскери, милиция және заң курстары қиыншылықтарға тап болып, біраз уақытқа өз жұмысын тоқтатты. Сонымен қатар, қазақ тілінде іс жүргізуді жолға қоюда араб графикасына негізделген қазақ әріптері бар жазу машинкаларының жоқтығы да үлкен кедергі келтірді.

Жергіліктендіру мәселесі 1920-1926 жылдар аралығында ұлт зиялылары тарапынан көтеріліп, ұлттық республикалардың мемлекеттік билік органдары арқылы үйлестіріліп отырса, 1926 жылдан бастап орталықтандырылған сипат алып, тікелей БК(б)П нұсқаулары мен қаулы-қарарлары арқылы жүргізіле бастады. 1926 жылы 8 мамырда БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бюросы «Аппаратты жергіліктендіру туралы БК(б)П Қазөлкекомының нұқсау хатын» бекітіп, механикалық жолмен пайыздық норманы орындау үшін жүргізілген «әкімшілік» жергіліктендіруді сынай отырып, ендігі уақытта жоспарлы түрде «функционалдық» жергіліктендіруге көшу қажет деген нұсқау берді. Осы нұсқау хатта, әсіресе, Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі орталық комиссия жұмысы қатты сынға алынып, қызметкерлерді жұмысқа орналастыру функциясын қате деп тапты (Сборник, 1927: 111-117). Осыдан көп ұзамай, 1926 жылы 14 тамызда Комиссия таратылып, қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі жұмыстарға басшылық жасау ісі Жұмысшы-шаруа инспекциясы халкоматына жүктелді (ҚРОМА, 5-қ., 7-т., 6а-іс, 4-а.п.; 264-қ., 1-т., 13-іс, 3-п 19). Бұл дегеніңіз – қазақ тілінде іс жүргізуді мемлекеттік органдарға толық енгізу мен аппараттарды қазақыландыруға бағытталған қазақ қайраткерлерінің саясатына берілген ашық соққы еді.

1926 жылы 2 қыркүйекте өткен Қазатком президиумының мәжілісінде Жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссары міндетін атқарушы Смирнягиннің мемлекет мекемелерін қазақыландыру жұмысының жай-күйі туралы баяндамасы бойынша халкоматтарға қазақыландыру бойынша барлық қабылданған бұйрықтар мен қаулыларды бұлжытпай орындауды міндеттеген қаулы қабылданды (№ 57 Мәжіліс хат, 1926: 1-2). Дәл осы күннен бастап 1926-1927 жылдары Қазатком Президиумының хаттамалары «Мәжіліс хат» деген атаумен жарық көре бастады. Қазатком Президиумы 1926 жылдың 30 қыркүйегінде «1926-1927 жұмыс жылы мемлекет мекемелерін қазақыландыру мәселесін» қарап, «Мемлекет мекемелерін 26-27 жұмыс жылы қазақыландырудың мерзімін көрсете жасаған жоспарын» бекітті. Осы жоспар келесі күні БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бюросында қаралып, мақұлданды. Жоспар бойынша барлық халкоматтар мен мемлекеттік мекемелерге қазақыландыру ісі бойынша нақты тапсырмалар жүктеліп, мемлекеттік тілде іс жүргізуді бұзушылар «бір айдан алты айға шейін еркінен айырылады» деп қатаң ескертілді (№ 61 Мәжіліс хат, 1926: 1-2). 1926 жылы 29 желтоқсанда қабылданған Қазхалкомкеңестің «Аппаратты жергіліктендіру жөніндегі жұмыс және көзделген іс-шаралар туралы» қаулысы бойынша жергіліктендіру жұмысын күшейтуге бағытталған іс-шаралар кешенін бекітті (Директивы, 1927: 18-21).

1927 жылы 12 қаңтарда Қазхалкомкеңестің «Еуропалық қызметкерлерге қазақ тілін оқыту курстары туралы» қаулысы қабылданып, барлық кеңестік, шаруашылық және кооперативтік ұйымдарға сол мекемелерде жұмыс істейтін, қазақ тілін үйренуді қалайтын еуропалық қызметкерлерге арналған курстарды ұйымдастыру және оны қаржымен қамтамасыз ету міндеттелді. Халық ағарту халкоматына курстарды оқытушылармен және қазақ тіліндегі оқу құралдарымен қамтамасыз ету шаралары жүктелді. Курстарға адам тарту сол ұйымдардың кәсіптік одақтарының белсенді қатысуымен жүргізілсін, курстарды ұйымдастыру жұмысы 1927 жылдың 15 қаңтарынан кешікпей қолға алынсын деген нақты міндеттер қойылды. Осы қаулы бойынша «Еуропалықтарға арналған қазақ тілі курстары туралы ереже» бекітілді. Ереже бойынша бір оқытушыға 25 курсанттан бекітіліп, курс мерзімі 6 ай деп белгіленді (Директивы, 1927: 23-25). Бұл шара – мәселені шешу емес, шын мәнінде, жергіліктендіру саясатының жүзеге асуына тосқауыл қою еді.

1927 жылы 3-4 сәуір күндері өткен БК(б)П Қазөлкекомының 4-пленумында Жұмысшы-шаруа инспекциясы халық комиссарының жергіліктендіру жөніндегі жұмыс барысы туралы баяндамасы тыңдалды. Пленум халкомат жұмысындағы кемшіліктерді көрсете отырып, барлық мекемелер үшін төменнен жоғарыға дейін қалай жергіліктендірудің болатынын және оның кезекті мерзімін көрсетуді міндеттеді (Директивы, 1927: 32-35). 1927 жылы 28 наурыздағы БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті бюросының шешімі бойынша қазақ ауылдық кеңестері мен болыстық атқару комитеттерін 1927 жылдың 1 қазанына дейін қазақ тіліне көшіру туралы қаулы қабылданса (Сборник важнейших, 1927: 117-118), 14 сәуірде өткен ҚАКСР ҚазОАК мен ХКК біріккен мәжілісі осындай мазмұндағы қаулыны қабылдады (Директивы, 1927: 39-41). 1927 жылы 17 мамырда ҚАКСР ҚазОАК мен ХКК-і «Қазақтардың уездік, округтік мекемелерін қазақ тіліне және аралас уездердегі мекемелерді қатар іс жүргізуге көшірудің соңғы мерзімін бекіту туралы» қаулысы бойынша 1923 жылы 22 қарашада қабылданған «Қырғыз тілінде іс жүргізуді енгізу туралы» ҚазОАК декретіне толықтырулар енгізілді және көрсетілген уездер мен округтердегі іс жүргізуді ендірудің соңғы мерзімі болып 1928 жылдың 1 қаңтары белгіленді (Директивы, 1927: 36-38).

1928 жылы 14-17 қаңтар аралығында өткен Қазаткомның 2-сессиясында Жұмысшы-шаруа инспекциясы халкомы М. Орымбаевтың «ҚАКСР мемлекеттік аппаратын жергіліктендіру барысы туралы» баяндамасы бойынша қабылданған қаулыда жергіліктендірудің функционалдық әдісін сақтай отырып, жергіліктендіруді алға жылжыта беру керек деген шешім бекітілді (Постановления, 1928: 15-22). Өкінішке орай, дәл осы сессияда қабылданған қаулы бойынша басталған аудандастыру саясаты (Шілдебай, 2019: 291-294) барысында 1928 жылға дейін жергіліктендіру бойынша жүргізілген барлық жұмыстың нәтижелері желге ұшты.

1929 жылы 8-15 сәуір күндері өткен Кеңестердің VII бүкілқазақтық съезінде есепті баяндама жасаған үкімет төрағасы Н.Нұрмақов Қазақ АКСР-ы құрылған уақыттан бері жүргізіліп келе жатқан жергіліктендіру жұмысына тоқталды. Атқарылған көптеген жұмыстарды айта келіп, әлі де жергіліктендіру жұмысының жеткілікті дәрежеде еместігіне назар аударды. Біз бұл жұмысты қысқа уақыт ішінде шеше алмаймыз деген қорытынды жасады (VII Всеказакский, 1929: 12-13). 1929 жылы басталған күштеп ұжымдастырудың ауыр салдарынан болған ашаршылық кезінде қазақ халқы өзінің жартысынан айырылды. Өз жерінде аз санды халыққа айналған қазақтар үшін ендігі уақыттағы жергіліктендіру мен қазақыландырудың құны аса қымбат болды.

Қорытынды. Кеңестік Қазақ автономиясында жүргізілген қазақ тілінде іс жүргізуді мемлекеттік билік органдарына енгізу саясаты – большевиктердің ұлт саясаты шеңберінде басталып, теория мен практика арасындағы алшақтықтың нақты көрінісі болды. Қазақ тілін іс жүргізуге енгізудің ең қарқынды жүргізілген уақыты – Қазақ тілінде іс жүргізуді енгізу жөніндегі орталық комиссия жұмыс істеген 1923-1926 жылдар аралығы болды. Осы жылдары қазақ қайраткерлері мемлекеттік билік органдарын қазақ тілінде сөйлетіп, органдарды қазақыландыруға бар күшін салғанымен, Орталық биліктің селқостығы мен салғырттығы, шын мәніндегі қарсылығы көп кедергі келтірді.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

№ 57 Мәжіліс хат, 1926. – 2 сентябрь. – 1-2-б.

№ 61 Мәжіліс хат, 1926. – 30 сентябрь. – 1-2-б.

VIIВсеказакский съезд Советов. 8-15 апреля 1929 г. (Стенографический отчет и постановления). – Кзыл-Орда: ЦИК Казакстана, 1929. – 256 с.

Zhumatov D. Integration of the kazakh language in office work: problems and consequences // Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2 (22) april-june 2020:http://edu.e-history.kz/en/publications/view/1439 (Reviewed on 27.12.2020)

Агдарбеков Т.А. Проблемы национально-государственного строительства в Казахстане (1920-1936 гг.). – Алма-Ата: «Наука» КазССР, 1990. – 184 с.

Бюллетень 2-й Сессии КЦИК-а 4-го созыва. – 1924. – № 5. – 18 июня. – 24 с.

Бюллетень 3-го Всекиргизского Съезда Советов. – 1922. – № 9. – 13 октября. – 32 с.

Бюллетень 4-го Всекиргизского Съезда Советов: № 10. – 10 января 1924 года. – Оренбург: Тип. «Советская степь», 1924. – 37 с.

Бюллетень 4-го Всекиргизского Съезда Советов: № 2. – 6 января 1924 года. – Оренбург: Тип. «Советская степь», 1924. – 15 с.

Бюллетень V-го Всекиргизского Съезда Советов, 1925. – № 3. – 16 апреля. – 22 с.

Бюллетень ІІІ Сессии КЦИКа 3-го Созыва. – 5-6 августа 1923 года. – № 4-5. – 36 с.

Вестник рабоче-крестьянского правительства Киргизской Социалистической Советской Республики, 1924. – 1 апреля, № 4.

Вестник рабоче-крестьянского правительства Киргизской Социалистической Советской Республики, 1924. – 15 июля, № 11.

Высшие органы государственной власти и управления Казахской АССР (1920-1936 гг.): Справочник. – Алма-Ата, 1979. – 86 с.

Декреты и Постановления Центрального Исполнительного комитета Советов, Совета Народных Комиссаров и Совета труда и обороны Киргизской Советской Социалистической Республики. Сборник № 1. Книга 1-VI. (14 октября 1920 года – 1 апреля 1921 года). – Оренбург: Киргосиздат, 1921. – 270 с.

Делов Д. Итоги работ 2-й сессии КирЦИК-а IVсозыва // // Советская Киргизия. – 1924. - № 7. – С. 1-7.

Директивы партии и постановления правительства КССР по коренизации аппарата. – Кзыл-Орда: Издание наркомата РКИ КССР, 1927. – 42 с.

Казиев С.Ш. Советскаянациональнаяполитикаипроблемыдоверия вмежэтническихотношенияхвКазахстане: 1917-1991годы: автореферат дис. ... доктора исторических наук: 07.00.07; [Место защиты: Ин-т этнологиииантропологии им. Н.Н. Миклухо-Маклая РАН]. - Москва, 2016. - 48 с.

Кенжин А. Введения киргизского языка в делопроизводство // Советская Киргизия. – 1924. - № 5-6. – С. 5-9.

Кенжин А. К введению делопроизводства на киргизском языке // Советская Киргизия. – 1923. – № 2-3. – С. 8-12.

Қазақстан Республикасы Президентінің архиві (ҚРПА), 141-қ., 1-т., 31«в»-іс, 343-344-п.

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві (ҚРОМА), 5-қ., 5-т., 60-іс, 63-64-п.

ҚРОМА, 5-қ., 7-т., 6а-іс, 4-а.п.; 264-қ., 1-т., 13-іс, 3-п.

Материалы к отчету Казакского Краевого Комитета РКП(б) на V-й Краевой партийной конференции. – Кзыл-Орда: Типография Казгосиздата, 1925. – 142 с.

Постановления второй сессии Казакского Центрального Исполнительного Комитета шестого созыва. (14–17 января 1928 года). – Кзыл-Орда: КазЦИК, 1928. – 35 с.

Сәдуақасова П.Қ. Жанайдар Садуақасов: өмірі мен қызметі. – Қарағанды, 2008. – 300 б.

Сборник важнейших решений казакского Краевого Комитета ВКП(б) принятых за период V-VI всеказакских конференций. – Кзыл-Орда: Казкрайком ВКП(б), 1927. – 258 с. + IV с.

Систематическое собрание законов Казакской Автономной Советской Социалистической Республики, действующих на 1-ое января 1930 г. (6-октября 1920 г. – 31 декабря 1929 г.). – Алма-Ата: Издание управления делами СНК КАССР, 1930. – 220 с.

Собрание узаконений и распоряжений Рабочего и Крестьянского Правительства КССР. – 1922. – 1 октября. – № 16.

Собрание узаконений и распоряжений Рабочего и Крестьянского Правительства КССР. – 1922. – 1 декабря. – № 19.

Собрание узаконений и распоряжений Рабочего и Крестьянского Правительства КССР. – 1923. – 20 декабря. – № 15.

Стенографический отчет 2-го съезда Советов Киргизской Социалистической Советской Республики. 4-10 октября 1921 года. / Под редакцией Агитпропа Киробкома РКП. – Б.м.: б.и., б.г. – 194 с.

Учредительный съезд Советов Киргизской (Казакской) АССР. 4–12 октября 1920 г. Протоколы. / Под ред. Е.Г.Федорова. – Алма-Ата-Москва, 1936. – 126 с.

Шілдебай С. Қазақстандағы аудандастыру саясаты // «Академик Ақай Нүсіпбеков және Қазақстанның ұлттық тарихының жаңғыруы» VI-шы Нүсіпбеков оқуларының Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы материалдарының жинағы. – Алматы: Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, 2019. - 304 б. (291-294-б).

Шілдебай С. Түрікшілдік және Қазақстандағы ұлт-азаттық қозғалыс. – Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2002. – 2014 б.

Шілдебай С.Қ. Кеңестік Қазақстандағы жергіліктендіру: теориясы және тәжірибесі // «Академик Кеңес Нұрпейіс және қазақ мемлекеттілігінің жаңғыру тарихы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның материалдар жинағы. – Алматы: Қыздар университеті баспасы, 2020. – 264 б. (135-140-б.).

Языковая политика в Казахстане(1921-1990годы): Сб. документов / Сост. М.К. Айбасова, Р.К. Имажанова, Г.Т. Исахан, Б.Ж. Кабдушев; Пред. М.Ж.Хасанаева. – Алматы: «Қазақ ун-ті», 1997. - 325 с.

References

№ 57 Májіlіs hat, 1926. – 2 sentıabr. – 1-2-b.

№ 61 Májіlіs hat, 1926. – 30 sentıabr. – 1-2-b.

VII Vsekazakskıı sezd Sovetov. 8-15 aprelıa 1929 g. (Stenografıcheskıı otchet ı postanovlenııa). – Kzyl-Orda: TsIK Kazakstana, 1929. – 256 s.

Zhumatov D. Integration of the kazakh language in office work: problems and consequences // Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2 (22) april-june 2020: http://edu.e-history.kz/en/publications/view/1439 (Reviewed on 27.12.2020)

Agdarbekov T.A. Problemy natsıonalno-gosýdarstvennogo stroıtelstva v Kazahstane (1920-1936 gg.). – Alma-Ata: «Naýka» KazSSR, 1990. – 184 s.

Bıýlleten 2-ı Sessıı KTsIK-a 4-go sozyva. – 1924. – № 5. – 18 ııýnıa. – 24 s.

Bıýlleten 3-go Vsekırgızskogo Sezda Sovetov. – 1922. – № 9. – 13 oktıabrıa. – 32 s.

Bıýlleten 4-go Vsekırgızskogo Sezda Sovetov: № 10. – 10 ıanvarıa 1924 goda. – Orenbýrg: Tıp. «Sovetskaıa step», 1924. – 37 s.

Bıýlleten 4-go Vsekırgızskogo Sezda Sovetov: № 2. – 6 ıanvarıa 1924 goda. – Orenbýrg: Tıp. «Sovetskaıa step», 1924. – 15 s.

Bıýlleten V-go Vsekırgızskogo Sezda Sovetov, 1925. – № 3. – 16 aprelıa. – 22 s.

Bıýlleten III Sessıı KTsIKa 3-go Sozyva. – 5-6 avgýsta 1923 goda. – № 4-5. – 36 s.

Vestnık raboche-krestıanskogo pravıtelstva Kırgızskoı Sotsıalıstıcheskoı Sovetskoı Respýblıkı, 1924. – 1 aprelıa, № 4.

Vestnık raboche-krestıanskogo pravıtelstva Kırgızskoı Sotsıalıstıcheskoı Sovetskoı Respýblıkı, 1924. – 15 ııýlıa, № 11.

Vysshıe organy gosýdarstvennoı vlastı ı ýpravlenııa Kazahskoı ASSR (1920-1936 gg.): Spravochnık. – Alma-Ata, 1979. – 86 s.

Dekrety ı Postanovlenııa Tsentralnogo Ispolnıtelnogo komıteta Sovetov, Soveta Narodnyh Komıssarov ı Soveta trýda ı oborony Kırgızskoı Sovetskoı Sotsıalıstıcheskoı Respýblıkı. Sbornık № 1. Knıga 1-VI. (14 oktıabrıa 1920 goda – 1 aprelıa 1921 goda). – Orenbýrg: Kırgosızdat, 1921. – 270 s.

Delov D. Itogı rabot 2-ı sessıı KırTsIK-a IV sozyva // // Sovetskaıa Kırgızııa. – 1924. - № 7. – S. 1-7.

Dırektıvy partıı ı postanovlenııa pravıtelstva KSSR po korenızatsıı apparata. – Kzyl-Orda: Izdanıe narkomata RKI KSSR, 1927. – 42 s.

Kazıev S.Sh. Sovetskaıa natsıonalnaıa polıtıka ı problemy doverııa v mejetnıcheskıh otnoshenııah v Kazahstane: 1917-1991 gody: avtoreferat dıs. ... doktora ıstorıcheskıh naýk: 07.00.07; [Mesto zaıty: In-t etnologıı ı antropologıı ım. N.N. Mıklýho-Maklaıa RAN]. - Moskva, 2016. - 48 s.

Kenjın A. Vvedenııa kırgızskogo ıazyka v deloproızvodstvo // Sovetskaıa Kırgızııa. – 1924. - № 5-6. – S. 5-9.

Kenjın A. K vvedenııý deloproızvodstva na kırgızskom ıazyke // Sovetskaıa Kırgızııa. – 1923. - № 2-3. – S. 8-12.

Qazaqstan Respýblıkasy Prezıdentіnіń arhıvі (QRPA), 141-q., 1-t., 31«v»-іs, 343-344-p.

Qazaqstan Respýblıkasynyń Ortalyq memlekettіk arhıvі (QROMA), 5-q., 5-t., 60-іs, 63-64-p.

QROMA, 5-q., 7-t., 6a-іs, 4-a.p.; 264-q., 1-t., 13-іs, 3-p.

Materıaly k otchetý Kazakskogo Kraevogo Komıteta RKP(b) na V-ı Kraevoı partıınoı konferentsıı. – Kzyl-Orda: Tıpografııa Kazgosızdata, 1925. – 142 s.

Postanovlenııa vtoroı sessıı Kazakskogo Tsentralnogo Ispolnıtelnogo Komıteta shestogo sozyva. (14–17 ıanvarıa 1928 goda). – Kzyl-Orda: KazTsIK, 1928. – 35 s.

Sádýaqasova P.Q. Janaıdar Sadýaqasov: ómіrі men qyzmetі. – Qaraǵandy, 2008. – 300 b.

Sbornık vajneıshıh reshenıı kazakskogo Kraevogo Komıteta VKP(b) prınıatyh za perıod V-VI vsekazakskıh konferentsıı. – Kzyl-Orda: Kazkraıkom VKP(b), 1927. – 258 s. + IV s.

Sıstematıcheskoe sobranıe zakonov Kazakskoı Avtonomnoı Sovetskoı Sotsıalıstıcheskoı Respýblıkı, deıstvýıýıh na 1-oe ıanvarıa 1930 g. (6-oktıabrıa 1920 g. – 31 dekabrıa 1929 g.). – Alma-Ata: Izdanıe ýpravlenııa delamı SNK KASSR, 1930. – 220 s.

Sobranıe ýzakonenıı ı rasporıajenıı Rabochego ı Krestıanskogo Pravıtelstva KSSR. – 1922. – 1 oktıabrıa. – № 16.

Sobranıe ýzakonenıı ı rasporıajenıı Rabochego ı Krestıanskogo Pravıtelstva KSSR. – 1922. – 1 dekabrıa. – № 19.

Sobranıe ýzakonenıı ı rasporıajenıı Rabochego ı Krestıanskogo Pravıtelstva KSSR. – 1923. – 20 dekabrıa. – № 15.

Stenografıcheskıı otchet 2-go sezda Sovetov Kırgızskoı Sotsıalıstıcheskoı Sovetskoı Respýblıkı. 4-10 oktıabrıa 1921 goda. / Pod redaktsıeı Agıtpropa Kırobkoma RKP. – B.m.: b.ı., b.g. – 194 s.

Ýchredıtelnyı sezd Sovetov Kırgızskoı (Kazakskoı) ASSR. 4–12 oktıabrıa 1920 g. Protokoly. / Pod red. E.G.Fedorova. – Alma-Ata-Moskva, 1936. – 126 s.

Shіldebaı S. Qazaqstandaǵy aýdandastyrý saıasaty // «Akademık Aqaı Núsіpbekov jáne Qazaqstannyń ulttyq tarıhynyń jańǵyrýy» VI-shy Núsіpbekov oqýlarynyń Respýblıkalyq ǵylymı-tájіrıbelіk konferentsııasy materıaldarynyń jınaǵy. – Almaty: Sh.Sh. Ýálıhanov atyndaǵy Tarıh jáne etnologııa ınstıtýty, 2019. – 304 b. (291-294-b).

Shіldebaı S. Túrіkshіldіk jáne Qazaqstandaǵy ult-azattyq qozǵalys. – Almaty: «Ǵylym» ǵylymı baspa ortalyǵy, 2002. – 2014 b.

Shіldebaı S.Q. Keńestіk Qazaqstandaǵy jergіlіktendіrý: teorııasy jáne tájіrıbesі // «Akademık Keńes Nurpeıіs jáne qazaq memlekettіlіgіnіń jańǵyrý tarıhy» atty halyqaralyq ǵylymı-tájіrıbelіk konferentsııanyń materıaldar jınaǵy. – Almaty: Qyzdar ýnıversıtetі baspasy, 2020. – 264 b. (135-140-b.).

Iazykovaıa polıtıka v Kazahstane (1921-1990 gody): Sb. dokýmentov / Sost. M.K. Aıbasova, R.K. Imajanova, G.T. Isahan, B.J. Kabdýshev; Pred. M.J.Hasanaeva. – Almaty: «Qazaq ýn-tі», 1997. – 325 s.

МРНТИ 03.20.00

СОВЕТСКИЙ КАЗАХСТАН: ИЗ ИСТОРИИ ВВЕДЕНИЯ ДЕЛОПРОИЗВОДСТВА НА КАЗАХСКОМ ЯЗЫКЕ

Сабит Шилдебай¹, Болат Кабдушев²,Дархан Жуматов³

¹Кандидат исторических наук, ВНС. Институт истории и этнологиии имени Ч.Ч.Валиханова. Казахстан, г. Алматы.

²Кандидат исторических наук, доцент Алматинского университета энергетики и связи имени Г. Даукеева. Казахстан, г. Алматы.

³Докторант 2 курса КазНУ имени аль-Фараби. Казахстан, г. Алматы.

Аннотация. В статье анализируется история процессавведения делопроизводства на казахском языке казахскими деятелямив органы государственной власти за период с 1920 по 1929 годы. В принятой на учредительном съезде «Декларации прав трудящихся КССР» было заявлено, что каждая нация имеет одинаковое право пользования родным языком во всех государственных учреждениях и в школе икаждому из них предоставляется право свободного национального развития. Рассматривается история внедрения делопроизводства на казахском языке в КАССР в 4 этапа: 1) период со дня создания КАССР по 29 августа 1923 года, т.е. до создания Комиссии по введению делопроизводства на казахском языке при КазЦИК; 2)со дня создания и до ликвидации комиссии, т. е. период деятельности Центральной комиссии; 3) период с 14 августа 1926 года по 13 июля 1932 года, когда работа по введению делопроизводства на казахском языке была возложена на НК Рабоче-крестьянской инспекции; 4) период деятельности Краевого комитета по коренизации производства и аппарата при Президиуме КазЦИК до 23 октября 1936 года. Несмотря на то, что за весь период работы по введению казахского языка в делопроизводство достигнуты значительные успехи, эти меры потерпели те же неудачи, что и сегодня, и задачи так и не были полностью выполнены.

Ключевые слова: КАССР, введение делопроизводства на казахском языке, коренизация, казахизация, национальная политика.

IRSTI 03.20.00

SOVIET KAZAKHSTAN: FROM THE HISTORY OF THE INTRODUCTION OFFICE WORK IN KAZAKH LANGUAGE

Sabit Shildebay¹, Bolat Kabdushev², Darkhan Zhumatov³

¹Candidate’s (Ph.D.) degree in historical sciences, Ch. Valikhanov Institute

of history and ethnology.Kazakhstan,Almaty.

²Candidate’s (Ph.D.) degree in historical sciences, docent of G. Daukeyev Almaty University of Energy and Communications. Kazakhstan,Almaty.

³2ndyear PhDstudent of al-Farabi Kazakh National University,

Kazakhstan,Almaty

Annotation. The article analyzes the history of the process of introducing office work in the Kazakh language by Kazakh figures to state authorities for the period from 1920 to 1929. In the "Declaration of the rights of workers of the KSSR" adopted at the founding Congress, it was stated that each nation has the same right to use its native language in all state institutions and schools, and each of them is granted the right to free national development. The history of the introduction of office work in the Kazakh language in the KASSR in 4 stages is considered: 1) the period from the date of creation of the KASSR to August 29, 1923, i.e. before the creation of the Commission on the introduction of record keeping in the Kazakh language at the Kazakh Central Executive Committee; 2) since the establishment and until the elimination of the fee, i.e. the period of activity of the Central Committee; 3) period from August 14, 1926 to July 13, 1932, when work on the introduction of record keeping in the Kazakh language was assigned to NC worker-peasant inspection; 4) the period of activity of the Regional Committee on indigenization of production and apparatus at the Presidium of the Kazakh Central Executive Committee until October 23, 1936. Despite the fact that during the entire period of work on the introduction of the Kazakh language in office work, significant progress has been made, these measures have suffered the same setbacks as today, and the tasks have not been fully implemented.

Keywords: KASSR, introduction of office work in the kazakh language, korenization, kazakhization, national policy.

[1][1] Біз мақаламызда 1920-1925 жылдардағы құжаттар мен материалдарға сәйкес, төл сөздер мен құжаттардан үзінді келтіру барысында «қырғыз» сөзін пайдаландық, ал төлеу сөздерде «қазақ» атауын қолдандық.

No comments

To leave comment you must enter or register