Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00 1930 ЖЫЛДАРДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ КЕЗІНДЕГІ ОРТА АЗИЯ РЕСПУБЛИКАЛАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ БОСҚЫНДАРЫ

Р.Ж. Байдалы¹. ¹PhD доктор, қауымдастырылған профессор. А. Байтұрсынов ат. Қостанай өңірлік университеті. Қазақстан, Қостанай қ.

ҒТАМР 03.20.00 1930 ЖЫЛДАРДАҒЫ АШАРШЫЛЫҚ КЕЗІНДЕГІ ОРТА АЗИЯ РЕСПУБЛИКАЛАРЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ БОСҚЫНДАРЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(24), 2020

Tags: босқыншылық., ашаршылық, жұт, күштеп ұжымдастыру, жаппай тәркілеу, ауа көшу
Author:
Аңдатпа. Мақала 1930 жылдардағы ашаршылық кезінде Орта Азия республикаларына көшуге мәжбүр болған және босқындыққа ұшыраған қазақтың тағдырына арналған. Қолындағы барынан айырылған халықтың туған жерін тастап ауа көшкені, басшысыз қалғандардың жаяу шұбырып босып кеткені туралы соңғы 30 жылда жарияланған еңбектерге тарихнамалық шолу жасалынып талданды. Кеңес үкіметінің Қазақстанның ауыл шаруашылығында жүргізген солақай саясатының, қазақтың дәстүрлі шаруашылығының күйреуінің, байларын тәркілеудің, шаруаларын күштеп отырықшыландырудың бүткіл халықтың тағдырына әсері ашып көрсетіледі. Науқандық ұжымдастырудағы асыра сілтеушілікке, ет және астық салығының жөнсіз салынуына, астықтың шықпай қалуына байланысты халықтың наразылығының барлығы қазақтың үдере көшіп кетуіне, босқындар мәселесінің лап етіп шығуына алып келді. Қазақтың ауа көшуі алғашқы кезде малы бар әлділердің ұйымдастыруымен басталғаны, оның бірнеше кезеңдері анықталып, қарастырылды. Сонымен қатар 1932-1933 жылдардағы аштыққа дейін Маңғыстау жеріндегі жұттың кесірінен малдың қырылуы мен тұрғындардың мал мен жан басының амандығын ойлап оңтүстікке Қарақалпақ және Түрікмен жеріне көшуі талданады. 1932-1933 жылдардағы адамзат тарихында болмаған қазақ даласындағы ашаршылық, ел ішіндегі, шегаралас аймақтардағы, түрікмен, қарақалпақ, қырғыз және өзбек жеріндегі қазақ босқындарының аянышты тағдыры мен саны және Қазақ үкіметінің босқындарды кері қайтару ісі баяндалған. Сейтқали Меңдешев бастаған қазақ уәкілдігінің жұмысы, қазақ босқындарының барған жерде қалып қойғандарының саны, қазақтардың ашаршылық жылдарында өз елінен еріксіз босып кетуінің негізгі кезеңдері айшықталған. Қазақтардың Орта Азияның көршілес елдері мен Ресейге жаппай ауа көшуі кезіндегі биліктің жергілікті және орталық органдарының жүргізген саясаты деректер негізінде зерттелген.
Text:

Кіріспе. Бұрын кеңестік тарих ғылымы Қазақстандағы ашаршылыққа ұшыраған қазақтардың республикадан тыс жерлерге қоныс аударуға мәжбүр болған тақырыбын қозғауға рұқсат еткен жоқ. Осыған байланысты қазақтардың өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы көршілес республикаларға  қоныстану тақырыбы  жеке ғылыми ізденістің объектісі мен пәніне айналған жоқ. Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін зерттеушілер ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының басындағы жаппай ашаршылық пен қазақтардың республикадан тыс жерлерге қоныс аударуы туралы бұрын тыйым салынған тақырып туралы ашық жазуға мүмкіндік алды.

Қоғамдық сананы деколонизациялау, бұрынғы евроцентристік тәсілдерден бас тарту, пәнаралық тәсілдерді пайдалану, қоғамды рухани жаңғырту процесін бастау, этникалық қазақтардың тарихи Отанына оралуы, қазақтардың елден тыс жерлерге қоныс аудару және сол елдерде тұру процесін зерттеу мәселесі өзекті болып саналды. Қазақстандағы, сондай-ақ жақын шетелдердегі бірқатар мұрағат қорлары отандық ғалымдар үшін біршама қолжетімді болды, бұл Қазақстандағы және шектес аумақтардағы жаппай аштық тақырыбын ашық және күтпеген зерттеуге мүмкіндік берді.

Материалдар мен әдістер. Зерттеудің деректік базасына жарияланған архив деректері, естеліктер жинағы мен куәгердің естелігі негіз болды. Жұмыста «Қазақ қалай аштыққа ұшырады: (Қасіретті жылдар хаттары)», екі кітаптан тұратын «Адай көтерілісі, естеліктер жинағы мен Адай көтерілісі. Востание Адаевцев в 1931 году құжаттар жинағы» және «Трагедия казахского аула. 1928-1934:» құжаттар жинағы. Аштық куәгерінің ұрпағы мәлімет беруші К.Керімбекқызынан әкесі Кеімбек Мамановтың яғни бір әулеттің қазіргі Түркістан облысы Созақ ауданы Мырзабай жерінен Өзбекстан жеріне босып кетуі мен сол жердегі тағдыры туралы дерек алынды.

Қазіргі Қазақстан тарихы ғылымында қазақтың республикадан тыс жерлерге атап айтқанда Орта Азия елдеріне жаппай қоныс аударуы жөнінде шыққан тұтас еңбектер теориялық және методологиялық жаңа қырларымен толығуда. Жалпы 1930 жылдардағы ашаршылық кезіндегі қазақ босқындары жөнінде нүктесі қойылған іргелі еңбек жоқ. Тақырыпқа қатысты қазақ - орыс тіліндегі терминдер мен анықтамалар жүйеленген жоқ. Осы уақытқа дейін отандық ғалымдар көрші республикаларға қоныс аударушылардың нақты санын, әсіресе олардың қоныс аударуы мен тұрғылықты жерін есептеп шығарған жоқ. Бұл маңызды ғылыми мәселені шешу жаңа ғылыми көзқарасты және кеңестік тарихнамадағы тарихты зерттеу принциптерінен айтарлықтай ерекшеленетін қазіргі заманғы пәнаралық әдістерді қажет етеді.

Талдау. 1930 жылдардағы ашаршылық кезіндегі Орта Азия республикаларындағы қазақ босқындары жайында бірқатар еңбектер жарық көргенімен әліде нақтылауды қажет ететін мәселелер жеткілікті. 1920 жылдың аяғы мен 1930 жылдардың басындағы тарихи оқиғалардың әрқайсысы өз алдына жеке тақырып. Қазақ босқындары тақырыбын аша түсетін еңбектер бар болғанымен олар жүйеленбеген. Қазақ босқындары тақырыбы бойынша әлі күнге дейін іргелі тұтас зерттеу жоқ. Ашарлық тақырыбына арналған конференция жинақтары, аштық куәгерлерінің жинақтары жариялануда, ғылыми және мерзімді басылымдарда мақалалар жариялануда. Бұл проблемаларды бірқатар отандық және шетелдік зерттеушілер көтерген, атап айтсақ: - М.Қозыбаев, Қ.Нұрпейісов, Т.Омарбеков; М.Қойгелдиев, Ж.Абылхожин, Қ.Алдажұманов, Г.Сапарғалиев, В.Григорьев, Б.Аяған, З.Кабулдинов, Ж.Қыдыралина, К.Ысқақова, М.Сыдықназаров, В.Михайлов, В.Сергечук С.Уиткрофт, М.Б. Олкотт, Роберт Конкест, Изабель Огённ.

Аталмыш тақырып жаңа көзқараста 1990 жылдардың басынан бастап жариялана бастады. Мәселен, Т.Балақаевтың редакторлығымен шыққан «Коллективизация сельского хозяиства в республиках средней Азии и Казахстане: опыт и проблемы» атты еңбекте авторлар тақырыпты жаңа қырынан ашуға талпыныс жасады (Коллективизация...1990: 200). М.Қозыбаев, Ж. Абылғожин, Қ.Алдажұмановтың «Коллективизация в Казахстане: трагедия крестьянства» атты шағын кітапшада жанама болсада қазақ босқыншылығын айтады (Қозыбаев М., т.б., 1992: 36). Ашаршылықты зерттеуші маман Талас Омарбековтың «20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті» атты еңбегі Қазақстандық және ресейлік архив қорларындағы деректерге сүйене отырып жазылған Ресей мен Орта Азия жеріндегі қазақ босқындарының қилы тағдырын қарастырған бірден бір еңбек болып табылады (Омарбеков 1997: 320). Автордың 1930 жылдардағы ашаршылық кезіндегі Орта Азия республикаларындағы қазақ босқындары тақырыбы бойынша жасаған тұжырымдары өте орынды. Бұл еңбек біздің мақаламызға арқау болды. Академик М.Қозыбаевтың «Тарих зердесі» атты бірінші кітабы «Зобалаңның түп тамыры осындай», «Алапат нәубет», «Қолдан жасалған қасірет», «Қазақ даласына қырғын қалай келді» деген мақалалары мен сұқбаттарынан тұрады. Мұнда жалпы Қазақстан Орталық Атқару Комитеті мен ҚАКСР Халық Комиссарлары Кеңесінің «Бай шаруашылықтарын тәркілеу» және «Кулактар мен байларды тап ретінде жою туралы», 1931-1933 жылдардағы күштеп ұжымдастыру мен аштық жағдайын зерттеу жөніндегі Қазақстан Республикасы Жоғары Кеңесі Төралқасы комиссиясының қорытындыларындағы босқындар мәселесі айтылады (Қозыбаев 1998: 344). Тарихшы демограф М.Сдыковтың «История населения западного Казахстана» атты монографиясы 1930 жылдардағы Батыс Қазақстанның этнодемографиялық процестерін қарастырған. Автор «көшіп кетуші» терминіне тоқталып, босқындардың Батыс Қазақстан бойынша санын, оларды қайтару жұмыстарына тоқталған (Сыдыков 2004: 408).

Зерттеу нәтижелері. Кеңес үкіметінің 1920 жылдардың соңы мен 1930 жылдардың басында Кеңес Үкіметінің қазақ халқына жүргізген саясатының нәтижесінде қазақтың дәстүрлі шаруашылығы күйреді. Үкіметтің байларға қарсы күрес, шаруа қожалықтарын тәркілеу, күштеп ұжымдастыру, зорлап отырықшыландыру, ет және астық дайындау науқандарындағы зобалаңдары, рулы елді тұтасымен «ұлтшыл», «бандит», «контрреволюционер» деген жалған жалалармен жаппай қуғын-сүргінге ұшыратуы қазақ шаруаларын босқыншылыққа ұрындырды.

Қазақстанның басшы мемлекеттік органдары, Қазақ өлкелік партия комитеті қазақ ауылында болып жатқан осынау ауыр өзгерістерден әрқашан хабардар болды. 1931 жылдың 1 желтоқсанында Қазақ өлкелік партия комитетіне ПП ОГПУ мынандай мәліметтер түсірді:

«1929 жылдың ішінде көшіп кетулер туралы мәлімет (шекаралық аудандарды айтпағанда) жоқ, өйткені көшіп кету қозғалысы тек 1930 жылдың көктемінен басталып, ауыл шаруашылығындағы капиталистік элементтерге кеңінен шабуыл кезеңінде бұқаралық сипат алды (Омарбеков 1997: 257).

Жалпы қазақ қоғамында көшіп кету қарсылықтың бір формасы болатын. Қазір Қазақ тарихындағы сол кезең көшіп кету, ауа көшу, амалсыздан көшіп кету, үркіншілік, үдере көшу, босқыншылық, шұбырынды босқын, қанды босқын атауларымен белгілі. Бұл процес тұтас Қазақстан территориясын қамтыды. Негізінен 1930 жылдардағы ашаршылық кезіндегі Орта Азия республикаларында қазақ босқындары пайда болса, көшіп кетудің басы Маңғыстау өңірінде табиғат апаты – жұт әсерінен ерте басталды. 1927 жылы басталған жұттан кейін-ақ жаз шыға көшіп-қонуға шамасы келетін адайлар мен табындардың ауылдары ата-қоныстарынан үдере көшті. Осы көшке себеп болатын жұтты мал баққан қазақ шаруасы білді. Мәселен Бозашы болысы ауылдарының бір топ өкілдері былай деп арыз жазды: «Осы болайын деп тұрған қыс-қоян. Атағы бүкіл дүниеге мәлім. Бұл талай елді тұқымсыз тастап, адамын жаяу шұбыртқан қызыл қоян. Жұт боларында алдыңғы жазы жауынсыз болып, шөп шықпай қалатын. Биыл да жағдай жақсы болмады, ақтабан болды. Кәрі-құртаң мал өле бастады, басқа малдар да арық, күйсіз. Егер жерге екі елі қар түссе-көрінетін шөп жоқ. Енді не істеу керек? Тек жұтаудан басқа шара қалған жоқ. Сондықтан сізден елдің сұрауы мынау: осы жағдайды округтік атқару комитетіне хабарлап, бар малды түгел алып қалмағанмен, ең болмаса тұқым алып қалуға шара-қам етуді күтеміз. Осы арызды сізге тапсырып, содан кейін сіздің нендей қам жасағаныңызды бізге хабарлауды сұраймыз» - деп 1927 жылдың қазан айында жазған еді (Адай көтерілісі...2010: 241). Ел азаматтары елге көмек ұйымдастырудың жолын іздеді. Ресми билік өкілдеріне Қызылордадан бастап Мәскеуге дейін жедел хаттар жазылып көмек сұралды. Сыдық Жұбаев Форттағы биліктің атынан Республика орталығына жеделхат жолдап, 10 мың үйдің 3 айға Түркменстанға көшуіне рұқсат сұрайды (Нұрмаханова, Қаражанов 2010:55). ҚазақОАК мен Қазақ үкіметі атынан округ басшылары Красноводскіге Ашхабадқа Түрікмен Халық Комисарлар Кеңесіне хат жолдап, жұтқа байланысты республиканың солтүстігін адайлардың қыстап шығуына рұқсат беруін сұрайды. Малдан ада болған аштарға Түрікменстанның Мерв, Байрамалы, Таджен қалаларында уақытша тұруға және оларға кеңес, кооперация ұйымдарының көмек көрсетуі сұралып, куәліктер беріледі. Бір құжаттың өзінде 139 адайға осындай рұқсат куәлік берілген (Нұрмаханова, Қаражанов 2010:61). Міне осы жұттың кезінде уақытша кеткен қандастарымыздың бір бөлігі қалып қойып Иран асып қазіргі таңда елімізге қайта оралуда. 1927-1928 жылдың қысында Маңғыстау өңірі малдан 80-90 пайызға дейін айырылды. Өңірде аштықтан өлу фактілері орын алды. Жұтаған елден бірнеше жылдың салығын малдай, ақшалай, астықтай, жүндей өтеуді талап етті. Халық ашықтан-ашық наразылық көрсетті, соңы қарулы қимылға ұласты.

Қазақстанда 1929-1931 жылдары 372 көтеріліс болды, оларға 80 мыңға жуық адам қатысты, бұл көтерілістің бәрі қайғылы аяқталды. Ал, оның соңы халықтың республикадан тыс жерлерге, соның ішінде шетелдерге үдере көшуіне жалғасты. 1930 жылдың басынан 1931 жылдың ортасына дейінгі кезеңде ғана Қазақстан жерінен 281 230 шаруа қожалығы көшіп кетті, олардың елеулі бөлігі Қытай, Иран мен Ауғанстан жеріне ауып барды. Ашаршылық жылдары республика аумағынан тыс жерлерге барлығы  1милион 130 мың адам көшті, олардың 676 мыңы біржолата кетті де 454 мыңы кейіннен Қазақстанға оралды (Қозыбаев 1998: 243).

1930 жылы көшіп кету қозғалысына 34 977 қожалық қатысты. 1931 жылы толық емес мәліметтер бойынша 45 000 шаруашылық көше бастады. Айта кететін бір мәселе – бұл мәліметтер республикадан тыс көшіп кеткендерді ғана емес, сондай-ақ өлкенің өз ішінде туған жерден қозғалып, босқындар қатарына қосылғандарды жалпы түрде көрсете алады. Яғни орта есеппен алсақ, жоғарыдағы 1931 жылғы босқындар жолына түскен қазақ шаруаларының жалпы саны 225 000 адамдай болып шығады (Омарбеков 1997: 257).

Ал енді осыншама босқындардың қайда және қаншасы көшіп кеткенін дәлме-дәл анықтау тіптен мүмкін емес. Өйткені қоныстарынан ауа көшушілердің едәуір бөлігі белгілі бір аймақта тұрақтап қалмай, үздіксіз босып, сенделумен болған. Дегенмен бұл мәселенің көлемін және негізгі бағыттарын шамамен болса да айқындап беретін тарихи деректер баршылық. Жоғарыда айтылған Қаражат халық комиссариатының Өлкелік партия комитетіне берген 1931 жылғы 5 тамызға дейінгі мәліметінде босқындардың қайда көшіп жатқаны нақты көрсетілген. Мұнда 27 ауданның ғана мәліметі есептеліп, ал қалған 47 ауданнан әлі мұндай деректер түсе қоймаған кезең бейнеленген. Бұл дерек босқыншылыққа ұшыраған қожалықтар сандарын ғана емес, тіптен олар айдап әкеткен мал басы сандарын да шамамен есепке алғандықтан да тарих үшін құнды. Сонымен қазақстандық босқындар төмендегідей жат өлкелерге және аймақтарға босып кеткен:

Босқындар барған жерлер

Босқын қожалықтары

Олардағы мал басы

1

Өзбекстанға

3436

187909

2

Түрікменстанға

7371

319725

3

Тәжікстанға

1767

88350

4

Қырғыз республ.

1031

33595

5

Қ.А.О.

2355

112621

Кестеден аңғарылатын нәрсе, қазақ босқындары негізінен Түркменстан республикасына қоныс аудара бастаған (Омарбеков 1997: 257). Осыған байланысты В.Молотов Батыс Қазақстандағы осындай жаппай ауа көшуге байланысты қатты алаңдаушылық білдіргенде, Ф.Голощекин онда таптық жат элеметтер тағы да бірдеңені білдіріп жүр деген түсініктеме берген. Голошекиннің ауа көшудің мәні туралы түсінігі оның сөйлеген сөздерінен байқалады: «Қазақ өз ауылынан басқа ешқайда шықпаған, өзінің көшетін жеріне баратын жолдан басқа еш жолды білмейді, енді Қазақстанның ішінде бір ауданнан екінші ауданға көшіп-қонумен жүр, орыс, украин колхоздарының жұмысына, Еділ бойы мен Сібірдегі шаруашылық құрылыстарына да араласты. Әрине, мұндай көшу шаруашылық пен тұрмысты өзгертеді, ескі тұрмысты бұзады, нәтижесінде дәстүрлі шаруашылық қирауда. Шығын жоқ емес. Олар – ұлтшылдар – мұның тек қайғылы, шаруашылықтың қираған жақтарын, басқалары – «солшыл» сөзшеңдер бұдан тек контрреволюцияны ғана көреді. Әрине, қайсыбір деңгейде ана элемент те, мына элемент те бар, алайда тұрмысты қайта құру жүріп жатыр» (Қазақстан тарихы, 2010: 275). Бұдан біз аштықтың салдарынан қазақтың ауа көшуін тұрмыстық қайта құруға теңегенін көреміз.

1932 жылы алапат ашаршылық Қазақстанда кеңінен таралғанда жағдай тіптен ауырлап, жоғарыда кестеде көрсетілген өлкелерге қазақтардың жаппай босулары орын алды. Исаев пен Орымбаевтың 1932 жылғы 11 мамырда Мәскеудегі Халық Комиссарлары Советі Молотов, Сулимов, Гринко, Яковлевке «Егіннің шықпай қалуына, қожалықтардың қоныстан аууына және қоныс аударуына байланысты қажетті қаржыландыру шаралары туралы» мағлұмдама хатында 1931 жылы Қазақстанның басым көпшілігі, әсіресе Солтүстік және Батыс Қазақстанның барлық аудандарында егіннің шықпай қалуы, ауыл тұрғындарының азақ-түлік жағдайы ауыр болуы және кулактар мен байлардың үгітінің әсерінен 1931 жылдың аяғы мен 1932 жылдың басында 1 ақпанға  дейінгі дерек бойынша, «қоныстан ауу мен қоныс аудару есебінен кеміген қожалықтардың саны 300 мыңнан асып» кеткен. (Әбдірайымов т.б., 1991: 109-110) Зерттеуші Талас Омарбеков: бұл орта есеппен алғанда 1 млн 500 мың адам деп тұжырымдайды (Омарбеков, 1997: 258). Ал, академик Манаш Қозыбаев 1930 жылы мен 1931 жылдың бірінші жартысында 280 мыңнан астам түтін, 1 млн, 70 мың адам босқындыққа ұшырады деп қорытындылайды (Қозыбаев, 1998: 230).

Жоғарыдағы Исаев пен Орымбаевтың хатында қайта оралушы қожалықтарға салық салатындай олардың ештеңесі жоқ екенін ескеріп, олардың мойнындағы берешекті барлық міндетті төлемдерді түсіруді сұраған. (Әбдірайымов т.б., 1991: 112) 1932 жылы Батыс Қазақстанда көшіп кеткендермен жұмыс басталып, өлкелік, облыстық органдар көшіп кеткендерді қабылдау мен орналастыру бойынша жоспар құрды. Жоспар бойынша 6-8 мың шаруашылықты қайтаруды жоспарлады. 1932 жылдың 20 тамызында облысқа 9 264 шаруашылық 32 110 мың адам қайта оралды. Бірақ іс жүзінде көрсетілген көмек өз нәтижесін бермеді. Туған жеріне қайта оралған халыққа деген биліктің саясаты өзгерген жоқ. Сол себептен 1933 жылдың көктемінен қайта көшу басталды (Сдыков, 2004: 226).

Босқыншылық 1933 жылдың шілдесіне дейін толастамай қойды. Осы жылдың мәліметтеріне назар аударсақ, бұған көзіміз айқын жетеді. Қазақстан үкіметінің 1933 жылы Мәскеуге берген осы мәселеге байланысты ресми есебінде мынадай жолдар бар: «1931-1933 жылдарғы салық есептері мәліметіне қарағанда, Қазақстан бойынша қожалықтардың жалпы саны 490 мыңға, ал село халқының саны 2,6 млн адамға кеміді. Оның үстіне Қазақстанда қалған қазақтар қожалықтарының аса үлкен бөлігі өздерінің бұрынғы мекендерінен ауа көшті...» (Омарбеков, 1997: 258).

Бұл жөнінде РКФСР ХКК төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұловтың И.Сталинге 1933 жылы 9 наурызда жазған хатында  былай деп жазылды: «Шамамен Қазақстан өлкесімен көршілес көшіп-қонып жүрген жерден алынған соңғы деректер бойынша қазіргі қазақтар: Орталық Еділде – 40 мың адам, Қырғызстанда – 100 мың адам, Батыс Сібірде – 50 мың адам, Қарақалпақстанда – 20 мың адам, Орта Азияда – 30 мың адам шамасы. Көшпенділер тіпті Қалмақ жері, Тәжікстан, Солтүстік өлке және т.б. шалғай жерлерге де барған. Халықтың бір бөлігін байлар бастап Батыс қытайға да көшіп барған. Қазақтардың орталық аудандарға қарай көшуі бірінші рет байқалып отыр. Бұл жәй көшу емес, аш адамдардың елеулі бөлігінің талғажу іздеп босуы. Көшіп кетушілер жекелеген аудандар бойыша аудан халқы жалпы санының 40-50 %-ына жетеді» (Қазақстан тарихы, 2010: 276).

Жоғарыдағы деректен көріп отырғанымыздай республикадан тыс жерлерге босып кетушілер аз емес. Енді соларға тоқталсақ.

1929-1930 жылдары Қазақстанның Қазалы, Шалқар, Темір, Табын және Ақтөбе аудандарынан қарақалпақ жеріне көшуі басталды. Алғашқы кезде жеке топтар, бай шаруашылықтар қарақалпақ жеріне жақсы орналасты. Кейінірек ұжымдастыру тұсында көш бұқаралық сипат алды. Оған көтеріліс жасаған рулы ел де өз ықпалын тигізді. Қарақалпақ жеріне көшіп барған қазақтар есепке алынған жоқ. Олар міндеткерліктен бос болды. Малымен көшіп барған қазақ қарақалпақ базарларында негізгі мал сатушы болып, жергілікті саудагерлердің тауарын сатып алушы болды. Соның арқасында қазақ малы жергілікті халықтың қолына өтіп, қазақтың арқасында қарақалпақ елі ет, жүн салығының 2-3 жылдық жоспарын орындады (Адай көтерілісі... 2010: 151-152).

Есептің жоқтығынан қарақалпақ жеріне қанша қазақтың көшіп барғандығы туралы нақты мәліметтің жоқтығынан Қарақалпақ автономиялы республикасы Халық Комиссарлары Кеңесінің РКФСР үкіметіне 1931 жылы берген мәлімдемесінде Қарақалпақ жерінде қазақ босқындары 12830 адамнан тұратын 8060 қожалық деп көрсетілген. Бұл сандық көрсеткіш шындыққа сай келмейді. Мәселен, Қоңырат ауданында 327 шаруашылық, 1129 адам санын құрайтын қазақ көшіп келушілері бар деп есептелсе, Сейтқали Меңдешев бастаған уәкілдер Қоңырат ауданынан Қазақстанға 2644 адамы бар 772 қазақ шаруалары қожалығын қайтарды. Қарақалпақ үкіметі Шымбай ауданында ешқандай да қазақ босқындары жоқ деп ақпарат берген болса, ал қазақстандық уәкілдер мұнан да 1044 адамы бар 324 қожалықты іздеп тауып, оларды елге қайтуға үгіттеп көндірді. Қарақалпақ жеріндегі қазақ босқындарының санын дәл анықтап алуға Қарақалпақстанның табиғи орналасу жағдайы да едәуір қиыншылық туғызды. Өйткені бұл өлкенің өзі көрші орналасқан екі бірдей одақтас республика Өзбекстан және Түрікменстан жеріне қазақты алып баратын қақпа еді (Адай көтерілісі... 2010: 152).

Қаңтардың басына қарай базарларда өнімдердің және тауарлардың үздіксіз қымбаттауы жағдайында қарақалпақ жеріндегі босқын қазақтардың тұрмысы біртіндеп ауырлай түсті. Олардың көпшілігі малдан мүлде айрылды, ашыға бастады. Әсіресе балалар өлімі өте көп болды. Біз мұны көшушілерді қайтарғандардың ішінде 10 жасқа дейінгі балалардың санының аздығынан байқадық, - деп қазақ уәкілдерінің жазғанынан аңғарамыз. Көшіп кетушілердің арыз-шағымы бойынша және біздің байқағанымыздай қазақ босқындары көмектің орнына қарақалпақ тұрғындары мен жергілікті биліктен зәбір көргенін анықтадық. Олар: ұрлық жөнінде жалған жала, өлімші етіп сабау, тиімсіз келісім, әйелдерді тартып алу т.б. (Адай көтерілісі... 2010: 153).

1933 жылдың көктеміне дейін жоғары органдарға бас шұлғып уәде берген қарақалпақ жерінің жергілікті өкімет мекемелері шын мәнінде босқын қазақтарға ешқандай елеулі көмек көрсете қоймады. Қарақалпақ облыстық партия комитетінің нұсқауында және Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысында босқын қазақтарды жергілікті жерлерде есепке алу және оларды орналастыру туралы арнайы айтылғанына қарамастан, жергілікті жердегілер мұны орындауға немкетті қарап мән бермеді. С.Меңдешевтің айтуынша біз Ходжейлі, Шымбайлы және Қоңыраттағы қазақ босқындарының балалары орналасқан балалар үйін аралағанымызда ондағы балалардың киінбеген, жуынбаған күйде жалаңаш еденде жататынын көрдік. Олар әртүрлі аурулармен ауыруда, ашыққан балаларға тек қана нан береді. Балалар арасында өлім өте жоғары. Обкомның директивасы мен Халық комиссарлар кеңесінің қаулысындағы қазақ босқындарын орналастыру мен есебін жүргізуді жергілікті жердегілер жүзеге асырған жоқ (Адай көтерілісі... 2010: 153).

Қазақстаннан барған уәкілдер отандарына қайтуға жарамайтын тым әлсіз босқындарды Өлкелік партия комитеті нұсқауына сәйкес, Қарақалпақ обкомымен ақылдаса келе Қарақалпақстанда орналастыру жағын ойластыра бастады. Бірақ жергілікті ұйымдар Қазақстандық уәкілдерден босқындарды түгелдей алып кетуді талап етті. Босқындарды Қазақстанға қайтару жұмысының жандануына босқындардың өздерінің де туған жерге қайтуды аңсай түсуі ғана емес, сонымен бірге Голощекиннің орнына Мирзоянның хатшы болуы туралы хабар да әсерін тигізді.

Қазақ босқындары елге екі түрлі жомен – құрылыс арқылы Қоңырат және Тақтакөпір жерімен және су жолымен – Арал теңізімен қайтты. Алғашқы жолмен 1933 жылдың желтоқсанына дейін 257 шаруа қожалығы 258 жылқы мен түйені, 320 қой мен ешкіні, 422 есекті айдай жүрді. Ал Арал теңізімен 8000 адамнан тұратын 2500 қожалық қайтып оралды.

Сейтқали Меңдешев бастаған қазақстандық уәкілдер қарақалпақ жерінде қанша қазақтардың қалып бара жатқанын, онда арнайы есеп жүргізілмегендіктен дәлме-дәл айтып бере алмады. Бірақ олардың шамалауынша онда қалғандардың саны Қазақстанға қайтып оралғандардың санындай болып табылады. Бұл дегенің - 10000 адамнан тұратын 2500-дей отбасы, оның ішінде Шымбай, Қоңырат және Ходжелі балалар үйіндегі 600-ге тарта жетім бала да бар деген сөз (Омарбеков, 1997: 268). Қарақалпақ үкіметі қазақ босқындарына бөлінген азық-түлік пен қаржы қорын алсада жоғарыда келтірген көңіл күйге байланысты ешқандай көмек көрсетпеді. С. Меңдешев бастаған қазақ уәкілдері бұл қорлардың қазақ босқындарына түгел жетпейтінін түсінді. Олар алдағы қыстан қазақ босқындары аман шығу үшін қазақ үкіметі араласу керектігін алға тартты. 1934 жылдың көктемінен барлық қазақ босқындары қарақалпақ жерінен кетеді деген сенімде болды.

Қазақ босқындарын қайтарумен айналысатын уәкілдіктің айтуынша Шабав елді мекенінен төмен Амударияның оң жағында «Қасиетті» таудың ар жағында Қазақстан мен Орта Азия республикаларының бойындағы жапан түзде Қазақстан жерінен малымен келген қазақтардың барлығын анықтадық. Олар ешкіммен араласпай, ешқандай салық міндеткерлікті атқармайды. Олар өздеріне керекті  шикізатты араағайындық арқылы алады. Бұлардың арасында байлар мен көтерілісшілердің бір бөлігі Орта Азия елдерінде қызметте (Адай көтерілісі... 2010:153). Бұл мәліметтен көретініміз Адай көтерілісі кезінде жазалаушы үкімет әскерімен соғысқан рулар мен көтерілісшілерге ерген наразылардың Маңғыстау жұртының тұрғындары екенін айтқымыз келеді.

1932 жылдың 19 ақпанында Өлкелік  партия комитетінің бюро мәжілісі Голощекиннің төрағалық етуімен босқындар туралы мәселені арнайы қарады. Онда «Қазақстанның аудандарындағы партия ұйымдарының және кеңес аппаратының кейбір ұлтшыл элеметтері тарапынан» көшіп кету ынталандырылып отыр», - деп атап көрсетілді. Әсіресе «Ташкенттегі топтасқан ұлтшылдар мен жікшілдердің ұйымдастырушылық рөліне» баса назар аударылды. Бюро мәжілісі босқындар арасынан байларды және ауа көшуді бастаушыларды ұстап алуға көмектесуді БК (б) П Орталық Комитетінің Орта Азия бюросынан және Қырғыз облыстық партия комитетінен өтініп сұрады.

БК (б) П Орталық Комитетінің Орта Азия бюросымен келісім жүргізу және көзделген шараларды жүзеге асыру үшін Өлкелік партия комитетінің партия хатшысы Кахиани орта Азияға жүріп кетті. Кахиани Орта Азиядағы қазақ босқындарының ауыр жағдайымен жан-жақты танысқан соң, бұл туралы БК (б) П Орталық Комитетінің Орта Азия бюросында арнайы мәлімдеді. 1932 жылдың 7 наурызында болып өткен бұл мәжіліс орташалар мен кедейлерді ерікті түрде қайтаруға көмектесуді ұсына келіп, 15-20 коммунист-қазақтарды босқындар араларында жұмыс жүргізуге бөлуді қажет деп тапты. Сондай-ақ осы мәжіліс босқындарды Қазақстанға қайтару жұмыстарына арнап 10000 пұт астық босату қажет деген бірден-бір дұрыс шешімге келді. Қазақ Өлкелік партия комитетінің алапат аштық жайлаған 1932 жылдың 9 сәуірінде шақырылған секретарият мәжілісіңде Қырғызстанға босқындардың аууы «мемлекеттік тапсырманы орындаудан жасырынып қалу нысаны», «кулактар мен байлардың үгітінің және Қазақстанның ішіндегі және одан тыс ұлтшылдардың қызметінің салдары» деп бағаланып, ал әкімшілік, зорлық-зомбылық пен асыра сілтеулер екінші қатардағы себептерге жатқызылып, Қырғыз облыстық партия комитетіне ОГПУ органдары арқылы босқындар арасындағы байларды дүние-мүліктерімен ұстап беру туралы өтініш жасалды. Сондай-ақ Голощекиннің өзі қол қойған бұл қаулы Қырғызстан партия ұйымын Қазақстанмен шекаралас аудандарда «алда байлар мен ұлтшылдарға қарсы батыл күрес жүргізуге» шақырды (Омарбеков 1997: 269).

1930 жылдың 24 қарашасындағы еліміздегі ОГПУ орынбасары Алшанскидің құпия мәліметі бойынша байларды тәркілеу мен жер аудару кезінде шекара бойындағы Алматы округінен 132 шаруашылық Қытай мен Қырғызға көшіп кетті деген мәліметті келтіреді. Бұл 132 шаруашылықтың көпшілігі Қытайға кетті деп топшылауға болатынын аңғартады. Осы құжатта Жоғарыда аталған Алматы округі Тоқмақ деген жерде қазақ, дүнген және тараншының 600 отбасы Қытай асуға дайындалуда дейді. Біз мұнан Қырғыз бен қазақтың шекара бойында қазақстандық дүнген мен тараншының шекара аспақшы болуын көрудеміз. (Зулкашева т.б., 2018: 484). 1931 жылдың 27 ақпанынан кейінгі тағы бір ОГПУ-дың құжатында Қырғыз жеріне Мерке ауданынан 30, Биен-Ақсудан-78 шаруашылық көшсе, Еңбекші-казақ, Қордай аудандарынан жұрт жаппай көшті, олардың есебі жоқ дейді (Зулкашева т.б., 2018: 496). Біз бұдан 1930-1931 жылдары Қырғызстанмен шекаралас отырған қазіргі Алматы және Жамбыл облысының тұрғындарының аштыққа дейін көшуін көреміз. Қырғызбен шекаралас аймақтарда қазақ босқындарының көп болуының себебі бұл республикада Қазақстандағыдай саясат жүрген жоқ. Қырғыз үкіметі астық жоспарын орындаудан бас тартты. Елін аштыққа ұрындырмауды ойлады. Мәселен «Талас ауданының барлық халқы астық салығына қарсы көтеріліп, нәтижесінде бүкіл тұрғынды астық тапсырудан және дайындаудан босатқан-деп, Мерке ауданының қазағы Малдыбаев Мұқаметқали ауылдастарын үгіттеп, 38-39-шы екі ауыл Қырғызстанның Талас ауылына көшіп кеткен» (Зулкашева т.б., 2018: 502).

Көрші Қырғызстан жеріне қазақ босқындарының тоқтаусыз ағылуы Қырғыз облыстық партия комитеті бюросын осы мәселені 1932 жылы 31 желтоқсанда арнайы қарауға мәжбүр етті. Мұнда қабылданған «Қазақ азаматтарының Қырғыз жеріне жаппай ағылуы туралы» қаулыда «Жолдас Садаевқа оның Мәскеуге барған сапарында БК (б) П-ның ОБК-ын қазақ халқының Қыр. АКСР-ы жеріне қаптап кетуі туралы және осы қазақ азаматтарының шектен шыққан қайыршы жағдайы және олардың арасында жұқпалы аурулардың, сондай-ақ өлімнің кең таралуы туралы хабардар ету» тапсырылған (Омарбеков, 1997: 269).

Осы қаулы сонымен қатар, БК (б) П Орталық Комитетінің Орта Азия Бюросынан осы «Қазақстанға және қазақтардың панасыз балаларына көмек көрсету үшін нанның қажетті ең аз мөлшерін бөлуді» өтінген. Қырғызстан үкіметінің осы жағдай туралы мәлімдемелері БК (б) П ОБК-на және КСРО Жұмысшы-шаруа инспекциясына 1933 жылы қаңтарда келіп түскен, бұл органдар КСРО Халкомынан және РКФСР Халкомынан қазақтарға көмек көрсетуді өтінген (Омарбеков, 1997: 269).

Дегенмен бұл өтініштерді орындауға одақтық және ресейлік мекемелер асықпады. Шұғыл көмек көрсетіле қоймады. Көрші қырғыз жеріне жөңкілген қазақтардың ауыр да, тауқыметті халі Қазақстанның Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Ораз Исаевтың Қырғызстанның Халық Комиссарлары Кеңесінің төрағасы Ю.Абдрахмановтың атына жолдаған хатынан да айқын байқалады. Онда республика көлік прокурорының Қазақ өлкелік партия комитетінің көлік жөніндегі хатшысына жазған хатынан нақты мысалдар келтірілген. О.Исаевтың бұл хаты 1933 жылдың 19 мамырында Қырғызстанға жіберілген. Мұнда 19 және 23 сәуірдің аралығында ғана Бішкек темір жол стансасында Қазақстанның әр түрлі аудандарынан 860 аш адам шоғыры пайда болғаны, олардың ішіңде балалар да әйелдер де аз еместігі айтылған (Омарбеков, 1997: 270).

Бұл жөнінде сол заманның куәгері Әсел Құрманова: Фрунзе қаласы ерлер, әйелдер, қарттар мен балалардан тұратын аш тобырға толып кетті. Аштық пен ауруды көтере алмағандардың мәйіттері көшеде жатты. Сол аштықтың куәгері 6-7 жасар Құрманов Қарпек: «биік дуалмен қоршалған демалыс үйінің ауласында аштан өлгендерді көрдік. Қарулы әскер бұл арнайы нысанды қоршап алып территорияға ешкімді жібермеді. Үлкендер аштан өліп жатқандар қазақтар екен айтты» (Курманов, 2020) -дейді.

Қазақтардың жағдайларының өте ауыр болғанын мынадан да байқауға болады: күн сайын стансада 6-7 өлген адам табылып отырды. Мұндай жантүршігерлік көрініс жол көлігі ОГПУ-дің жедел араласуын туғызды және ол Қырғызстанның кеңес органдарына босқындарға қажетті көмек көрсетуді өтініп хабар түсірді. Бірақ Қырғыз үкіметі бұған байланысты дер кезінде шара қолдана қоймады және босқындарды кері Қазақстанға қайтаруды барынша талап етті.

Дегенмен, Қырғыз облыстық партия комитетінің бұл мәселеге араласуы жағдайды өзгертті: қырғыз жеріндегі жергілікті әкімшілік органдары босқындарды тамақтандыруға және орналастыруға біртіндеп көңіл бөле бастады. Алайда бұл көмек шындығында тек аштарға нан бөлуден арыға бармады. Сондықтан өзінің хатында Ораз Исаев заңсыздықты тоқтатуды және Бішкек стансасындағы босқындардың қайда және қалай орналастырылғанын біліп беруді өтінді.

1933 жылғы көктемгі егіске қауырт дайындықтың басталуы босқындарды орналастыру мәселесін екінші қатарға ысырды және қырғыз жеріндегі көп қазақ бытыраңқы түрде елге оралса да, олардың едәуір бөлігі қырғыз жерін мекен етіп қалды (Омарбеков, 1997: 270).

Көршілес Өзбекстан, Қырғызстан және Түркменстан жеріне қазақтың көшуінің негізі бұл республикаларды ұжымдастыру Қазақстандағыдай шектен шыққан жоқ. Шекаралас аймақ тұрғындары мұны білді. 1929 жылдың көктемінде Өзбекстан жеріне өткендер қазақ елінде қалған туыстарымен байланыста болды. Қазақстандағыдай астық жинаудың жоқ екенін олар біліп отырды. Олар келер 1930 жылғы астық дайындау науқанын әрине өзара талқылады. Осының нәтижесінде Қаратас ауданынан 500 адам көшіп кетті. Ал жаппай көшу 1931 жылы болды. Атап айтсақ, осы ауданның 519 шаруашылығы көшіп кетеді (Зулкашева т.б., 2018: 502).

Қыс айларында көшіп кету тоқтағанымен,  көктемде қайтадан Өзбекстанға кетуге дайындалған. Дүние-мүліктерін базарда сатып, мықты жылқыларды сатып алып отырған. Жылда салынатын ет және астық тапсыру науқанында  үкіметке беретін астығы мен малы болмай, сотталып кететін болғандықтан амалсыз шаруашылықтар көшуге дайындалған. Алдын ала кейбір дүние-мүліктерін өткізіп жіберген. Сонымен қатар, отбасын асырау үшін жүмыс іздеп  Өзбекстан асқандары да болды.

Босқын қазақтардың көршілес Өзбекстан жеріне қоныс аударуы да 1932 жылы күшейе түсті. Сондықтан Өзбекстан Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің Секретарияты бұл мәселені 1932 жылдың 27 желтоқсанында арнайы қарап, «Қазақ халқының Өзбек КСР-ы аудандарына ағылып келуінің күшейе түсуі туралы» қаулы қабылдады. Онда «БК (б) П Қазақ өлкелік комитетінен қазақ халқының Өзбек КСР-ы жеріне ағылып келуін тоқтату үшін Өзбек КСР-мен шекаралық аудандарда ерекше шаралар қолдану сұралды (Омарбеков, 1997: 271).

Қазақ босқындарының Өзбекстан жеріне аууындағы бір ерекшелік – олардың негізінен қалаларға көптеп шоғырланып, баспанасыз, көшеде өмір сүруі еді. Бұлар негізінен мал-жанынан жұрдай болған, аштық апатының нақ аузында тұрған бейшара жандар болатын. Бұл жайында сатирик ақын Күләш Керімбекқызы былай деп әңгімелейді: «әкем Керімбек Маманов пен туған қарындасы Болат (Қара) апамның айтуынша біздің атамыз Маман өзінің әкесі Мырзабайдан мұра болып қалған Мырзабай даласына алты ағаларымен бірге бидай егеді екен. (қазіргі Түркістан обылысы, Созақ ауданындағы Мырзабай даласы туралы Мұхтар Әуезовтің  «Өскен өркен» романында айтылған). Қарашаңырақтың иесі Маман болғандықтан кәмпеске кезінде оны бай-құлақ деп, барлық малын тартып алып, өзін айдатып жіберіпті. Тіпті жеміс бағындағы ағаштарының бірін қалдырмай түбінен отап тастапты. (Оны істеген белсенді болған өзіміздің рулас тутамғалы Өтебай дейтін). Сөйтіп дымсыз қалған отбасының баскөтерері менің әкем жас болсада (оған жесір қалған жеңгесін әмеңгерлік жолмен қосқан екен) аштықтан аман қалу үшін балаларының үлкені – балиғатқа толмаған қызы Шолпанды, інісі Көшкінбайды, қарындастары Асыл мен Болатты алып Өзбекстанға жол тартады. Жолда кетіп бара жатып қазіргі Ордабасы ауданында Бекпейіс деген жігітке бойжеткен қарындасы Асылды туған жерге қайтып ораламыз деген ниетпен қосып кетеді. Өзбекстанға барған соң олар аштықты көрмейді, кетпен шауып нандарын табады. Інісі Көшкінбай екеуі кезек-кезек елде қалған бала-шағасына азық-түлік апарып беріп тұрады. Кейін сондай бір сапарлардың бірінен інісі Көшкінбай қайтып оралмайды. Артынан іздеп барғанда інісін де таба алмайды, бала-шағасы да өліп қалғанын көреді. Тегі жолда аштар ұстап алып жеп қойған шығар, мені де бір рет бір топ адамдардың қуғаны бар, мен оларға жеткізбей қашып кеттім. Егер олар әлсіз болмағанда алыс жолдан келе жатқан маған жетіп алар еді. Көшкінбай бауырым өте сауатты болатын, аман болса өзі-ақ бізді іздеп табуға шамасы жететін. ...Е...несін айтамыз жұрт өз үйлерінен шығып кетуге де шамалары жетпей аштан қатып қала берді ғой», дейтін. Осы жерде айта кетер бір дерек: әкеміз сол Өзбекстаннан соғысқа аттанып, 1945 жылы соғыс біткен соң ғана өздерінің атамекені Мырзабай даласы орналасқан Созаққа емес, қазіргі Бәйдібек ауданының Шалдар кеңшарына көшіп келеді.Олар өздерінің  туған жеріне тек 1963 жылы ғана қайтып оралған болатын.Сол кезде олардың Ташкентте қалған туыстарымен араласып тұрғаны есімде (Керімбекқызы 2020).

Жағдай адам төзгісіз ауырлап кеткендіктен Өзбекстан үкіметі 1933 жылы қаңтарда шұғыл шаралар қолдануға мәжбүр болып, Өзбек Қызыл жарты айы қоғамына 515 мың сом ақша бөліп, баспанасыз қазақ босқындарын тамақтандыру орындарын көптеп ашуды тапсырды (Омарбеков 1997: 271).

Қысқа мерзімде Өзбекстанның қазақтар босып жүрген Әндіжан, Каргелан, Хаваст, Самарқанд, Икрамов, Каттақорған, Ново-Бухарский, Янчи-Юль аудандарында және Ташкент қаласында 22 тамақтандыру орны ашылды. Олар нанмен және басқа да азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етілді. Бұл орындар талай адамдарды өлім аузынан алып қалды. 1933 жылдың ақпан және тамыз айларының аралығында ғана осы тамақтану орындарынан күнде берілетін астың саны 298-ден 929-ға (бұл адамдар саны емес, берілген тамақтың саны), жетсе, оның ішінде қазақтар 107135 рет тамақтанды да, ал өзбектердің өздері 20909 рет осында дәм татты  деп Т.Омарбеков ашып көрсетеді (Омарбеков, 1997: 271).

Өзбек үкіметі аштарды тамақтандырумен шектеліп қана қойған жоқ. Босқындар ішінен еңбекке жарамды 6050 адам совхоздар мен колхоздарға, қоғамдық жұмыстарға жөнелтілді. Ал Қазақстанға 2683 адам біртіндеп қайтарылды, сондай-ақ ауруханаларға 547 адам, балалар үйіне 8975 бала (олардың ішінде қазақтар 3095) орналастырылды. Оқшаулайтын үйде аштықтан және аурудан әбден әлсіреген, күш-қуаттары таусылған 346 адам жан тапсырды. Жалпы, босқындарды аман алып қалуға 340 мың сом қаражат жұмсалды (Омарбеков, 1997: 271).

1933 жылдың тамызына қарай, босқындар санының біртіндеп азая түсуіне байланысты жоғарыдағы 22 тамақтандыру орнының қажеттілігі шамалы бола бастады да, олардың саны 12-ге дейін азайды. Олардың ішінен 6-ы Қазақстанға оралатын жолаушыларға арналса, ал 3-і жан-жақтан жиналғандарға, ал, тағы 3-і оқшаулайтын үйлерге арналды. Бұлар арқылы бір күнде 3200 адам тамақтана алды (Омарбеков, 1997: 272). Бұл деректерден біз Қазақстанның оңтүстігіндегі аштыққа ұшыраған қазақтардың өздеріне ең жақын жердегі өзбек еліне көбірек кеткенін көреміз. Бұл бір жағынан дымсыз қалған жұрттың әйтеуір бір жаяу-жалпылап жетуі мүмкін болғаннан да шығар.

Өзбекстан жеріндегі қазақтарды елге қайтару жұмысын Қазақстанның Халық Комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары Ұ.Құлымбетов басқарды. Оның басшылығымен қазақстандық үгітшілер жергілікті жерлерде босқындарды елге қайтса оларға қажетті жағдайлар жасалатыны айтылған қазақ үкіметінің қарарымен таныстырумен болды. Құлымбетов Өзбекстан Компартиясы Орталық Комитетінің секретариятын 1933 жылдың ақпан айында осы жылдың 1 мамырына дейін Өзбекстандағы барлық баспанасыз балаларды алып кетеміз деп сендірді. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Ташкентке жақын қазақ аудандарында 1000 адамды орналастыра алатын 3 балалар үйі ашылды. Бірақ Өзбекстандағы жетім балалар бұл саннан әлдеқайда көп болғандықтан, балаларды алып кетуді біртіндеп орындауға тура келді. Сондықтан Өзбекстан жерінде қазақ балаларына арналған бірнеше уақытша балалар үйлері тағы да ашылды. Бірақ өзбек жерінен көп қазақ бәрібір қайтпай қалды. Қуғын-сүргіннен шаршаған қазақтардың едәуір бөлігі Өзбекстанда біржолата қалу туралы шешімге келді (Омарбеков, 1997: 272). Шындығында да көршілес өзбек елінде көп қазақ табан тіреп қалып қойды.Тек олар Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін ғана оралман мәртебесі бойынша көшіп келе бастады. Олар мәселен Қостанай обылысының Қашар, Рудный, Лисаков қалаларына көбірек қоныстанды.

Қорытынды. Сонымен қорытып айтар болсақ, Қазақстанға көршілес одақтас республикаларға бытырай қоныстанған қазақ босқындары аз емес. Егер 1926 және 1937 жылдардың Бүкілодақтық санақ материалдарына сүйеніп талдау жасасақ, көрші одақтас республикалардан қайтпай қалған қазақтардың 300 мыңнан астам екенін байқаймыз. Қысқа мерзімде мұншама адамның жат жерлерге қоныс аударуы адамзат тарихында бұрынды-соңды болмаған қасіретті оқиға. Ал, талғажу етерлік дым таппай, аштан бұралып жүре алмай қырылып қалғандардың саны тіптен аз емес. Жалпы бәрін қосқанда архив құжаттарына сүйенген мамандардың жобалауы бойынша Қазақстандағы 1931–1933 жылдардағы ашаршылық кезіндегі зобалаңнан 2 миллион 100 мың адам жоқ болды. Олардың 1 миллион 750 мыңы қазақтар.

Сайып келгенде қазақ тарихындағы бұл ашаршылық нәубетін кеңес үкіметінің өз қолымен халыққа жасаған геноциді деуге болады.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Адай көтерілісі. Востание Адаевцев в 1931 году: Сборник документов. – Алматы, «Нұрлы Әлем» 2010. – С. 448. Т.2.

Керімбекқызы К. Информатор – Қостанай, 2020, қараша – 15.

Курманов З. Уроки истории. О голодоморе и настоящей дружбе. Дерек көзі:https://elgezit.kg/2020/12/09/uroki-istorii-o-golodomore-i-nastoyashhej-druzhbe/ [Есепке алынған күні: 09.12.2020].

Коллективизация сельского хозяства в республиках средней Азии и Казахстане: опыт и проблемы. – Алма-Ата: Гылым, 1990. – 200 с.

Қазақ қалай аштыққа ұшырады? (Қасіретті жылдар хаттары), Құраст. С.Әбдрайымов, И.Н. Буханова, Е.М. Грибанова, Н.Р. Жағыпаров, В.П. Осипов. – Алматы, «Қазақ университеті», 1991. – 208 б.

Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін). Бес томдық. – 4-том. – Алматы: «Атамұра», 2010. – 772 б.

Қозыбаев М., Абылхожин Ж., Алдажуманов К. Коллективизация в Казахстане трагедия крестьянства. – Алма-Ата, 1992 г. – 36 с.

Қозыбаев М.Қ. Тарих зердесі (Замана асуы). 1-кітап. – Алматы: Ғылым, 1998. – 344 б.

Нұрмаханова Ж., Қаражанов Қ. Зұлматтың басы жұт еді. Кітапта Адай көтерілісі. – Алматы, «Нұрлы Әлем» 2010. – 320 б.

Омарбеков Т.  20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті: Көмекші оқу құралы. – Алматы: Санат, 1997. – 320 б.

Сыдыков М.Н. История населения Западного Казахстана. – Алматы, 2004. – 408 с.

Трагедия казахского аула. 1928-1994: Сборник документов / Сост. А.С.Зулкашева (отв.), Г.Т. Исахан, Ж.А. Сатаева. – Т.2. 1929-январь 1932. – Алматы: Раритет, 2018.– 744 с.

References:

Adaı kóterilisi. Vostanıe Adaevsev v 1931 godý: [The Adai rebellion. East of Adayevtsev in 1931:] Collection of documents. – V.2.– Almaty, «Nurly Álem» 2010. – p. 448. [in Russian]

Kerimbekqyzy K.Invormater [Informant] – Kostanaı, 2020, November – 15.

Kýrmanov Z. Ýrokı ıstorıı. O golodomore ı nastoıasheı drýjbe. [History lesson. About the Holodomor and true friendship]Source:https://elgezit.kg/ [Date Added: 09.12.2020].[in Russian]

Kollektıvızasıa selskogo hozástva v respýblıkah sredneı Azıı ı Kazahstane: opit ı problemy. [Collectivization of agriculture in the Central Asian republics and Kazakhstan: experience and problems] – Alma-Ata: Gylym, 1990. – 200 p. [in Russian]

Qazaq qalaı ashtyqqa ushyrady: (Qasiretti jyldar hattary), Qurast. [How the Kazakh was starving: (letters of the terrible years),] S.Ábdraıymov, I.N. Býhanova, E.M. Grıbanova, N.R. Jaǵyparov, V.P. Osıpov. – Almaty «Qazaq ýnıversıteti», 1991. – 208 p. [in Kazakh]

Qazaqstan tarıhy (kóne zamannan búginge deıin). [History of Kazakhstan (from ancient times to the present)]Five volumes Volume 1 – Almaty: Atamura, 2010. – 772 p. [in Kazakh]

Qozybaev M., Abylhojın J., Aldajýmanov K. Kollektıvızasıa v Kazahstane tragedıa kresánstva. [Collectivization in Kazakhstan is a tragedy of the peasantry] – Alma-Ata, 1992. – 36 p. [in Russian]

Qozybaev M.Q. Tarıh zerdesi (Zamana asýy). [The study of history (the epitome of time)]Book 1. – Almaty: ǵylym, 1998. – 344 p. [in Kazakh]

Nurmahanova J., Qarajanov Q. Zulmattyń basy jut edi. Kitapta Adaı kóterilisi.  [His head was shaking. The Adai rebellion in the book.] – Almaty, «Nurly Álem» 2010. – 320 p. [in Kazakh]

Omarbekov T. 20-30 jyldardaǵy Qazaqstan qasireti: Kómekshi oqý quraly. [The tragedy of Kazakhstan in the 20-30s: an auxiliary textbook] – Almaty: Sanat, 1997. – 320 p. [in Kazakh]

Sydykov M.N. Istorıa naselenıa Zapadnogo Kazahstana. [History of the population of Western Kazakhstan] – Almaty, 2004. – 408 p. [in Russian]

Tragedıa kazahskogo aýla. 1928-1994: Sbornık dokýmentov [The tragedy of the Kazakh village. 1928-1994: a Collection of documents] /Components. A.S. Zýlkasheva (otv.), G.T. Isahan, J.A. Sataeva. – Vol. 2. 1929-January 1932.– Almaty: Rarıtet, 2018. – 744 p. [in Russian]

Мақала Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің гранты бойынша «ХХ ғасырдың 30-жж. басындағы жаппай ашаршылық кезеңіндегі Орта Азия республикалары мен Ресейдегі қазақ көшпелілері: орналасуы мен бейімделуі» атты ғылыми жоба аясында дайындалды.

МРНТИ: 03.20.00

КАЗАХСКИЕ БЕЖЕНЦЫ В РЕСПУБЛИКАХ СРЕДНЕЙ АЗИИ

ВО ВРЕМЯ ГОЛОДА 1930-Х ГОДОВ

Р.Ж. Байдалы¹

¹Доктор PhD, ассоцированный профессор.

 Костанайский региональный университет имени А. Байтурсынова. Казахстан, г. Костанай.

Аннотация. Статья посвящена судьбе казахов, вынужденных эмигрировать в среднеазиатские республики  и ставших беженцами во время голода 1930-х годов. В статье представлен и проанализирован историографический обзор трудов опубликованных за последние 30 лет, посвященных народу, потерявшему все свое имущество, оставшемуся без предводителей, вынужденному покинуть родную землю и мигрировать. Раскрываются последствия проведенной советским правительством в сельском хозяйстве Казахстана силовой политики, разрушения традиционного казахского хозяйства, конфискации баев, насильственного оседания скотоводов-кочевников. Политика силовой коллективизации, необоснованное налогообложение на мясо и зерно, неурожай привели к недовольству и протестам населения, а также перекочевке казахского населения и к проблеме беженцев. Рассматривается вопрос организации собственниками скота первоначального этапа  откочевки казахского населения, а также определены все этапы откочевки населения. Также анализируется массовая гибель скота из-за джута на территории Мангыстау и вынужденная миграция населения на юг в каракалпакские и туркменские земли до голода 1932-1933 годов. Описывается голод в казахских степях 1932-1933 годов, которого до этого не было в истории человечества, трагическая судьба и численность казахских беженцев в приграничных районах, на туркменских, каракалпакских, киргизских и узбекских землях, а также возвращение беженцев казахским правительством. Изучены деятельность казахской делегации во главе с Сейткали Мендешевым, количество казахских беженцев, оставшихся в местах откочевки, основные этапы насильственного выселения казахов в период голода. На основе источников изучалась политика местных и центральных органов власти во время массовой миграции казахов в соседние страны Средней Азии и России.

Ключевые слова: джут, массовая конфискация, насильственная коллективизация, откочевка, голод, беженцы.

IRSTI: 03.20.00

KAZAKH REFUGEES IN THE REPUBLICS

OF CENTRAL ASIA DURING THE HUNGER OF THE 1930S

R.Zh. Baidaly¹

¹Doctor PhD, Associate Professor.

А.Baitursynov Kostanay Regional University. Kazakhstan, Kostanay.

Abstract.The article is devoted to the fate of Kazakhs who were forced to emigrate to the Central Asian republics and became refugees during the famine of the 1930s. The article presents and analyzes a historiographical review of the works published over the past 30 years, dedicated to the people who lost all their property, were left without leaders and were forced to leave their native land and migrate. The author reveals the consequences of the power policy carried out by the Soviet government in the agriculture of Kazakhstan, the destruction of the traditional Kazakh economy, the confiscation of bais, and the forced settlement of nomadic pastoralists. The policy of forceful collectivization, unjustified taxation on meat and grain, crop failure led to discontent and protests of the population, as well as the migration of the Kazakh population and the problem of refugees. The issue of organization by livestock owners of the initial stage of migration of the Kazakh population is considered, and all stages of migration of the population are determined. The article also analyzes the mass death of livestock due to jute on the territory of Mangystau and the forced migration of the population to the south in the Karakalpak and Turkmen lands before the famine of 1932-1933. The article describes the famine in the Kazakh steppes of 1932-1933, which had not existed before in the history of mankind, the tragic fate and number of Kazakh refugees in the border areas, in the Turkmen, Karakalpak, Kyrgyz and Uzbek lands, as well as the return of refugees by the Kazakh government. The activities of the Kazakh delegation headed by Seitkali Mendeshev, the number of Kazakh refugees remaining in the places of migration, the main stages of forced eviction of Kazakhs during the famine were studied. Based on the sources, the policy of local and central authorities during the mass migration of Kazakhs to neighboring countries of Central Asia and Russia was studied.

Keywords: jute, mass confiscation, forced collectivization, migration, famine, refugees.

No comments

To leave comment you must enter or register