Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00 НҰРБАПА ӨМІРЗАҚОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАН КЕЗЕҢІ

Шілдебай С.Қ.¹, Алдажұманов Қ.С.² ¹Т.ғ.к., ЖҒҚ. ² Т.ғ.к., профессор, БҒҚ. Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институты.

ҒТАМР 03.20.00 НҰРБАПА ӨМІРЗАҚОВТЫҢ ҚОҒАМДЫҚ-САЯСИ ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚАЗАҚСТАН КЕЗЕҢІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(23), 2020

Tags: репрессия., ҚазОАК, ашаршылық, Нұрбапа Өмірзақов, ҚАКСР, Қосшы одағы, тәркілеу
Author:
Аңдатпа. Мақалада балалық шағы жетімдік пен жалшылықта өткен, кеңес өкіметінің арқасында білім алып, мемлекеттік қызметке араласқан Нұрбапа Өмірзақовтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметінің Қазақстан кезеңі баяндалады. Н. Өмірзақовтың әлеуметтік-саяси көзқарасының қалыптасуына оның өскен ортасы мен ауыр тұрмыс тауқыметі, 1916 жылғы Жетісу қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісі мен босқындардың аса ауыр жағдайы әсер етті. Н. Өмірзақов қазақ жерін шарпыған сұрапыл аштықтан кейін шаруашылығы тұралап жатқан шалғайдағы Ақсу ауданының басшысы қызметіне жіберілді. Ол Ақсуға тәжірибесі жоқ кезінде келіп, үш жылдан астам уақытта Ақсу ауданының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани өмірінің жақсаруына өлшеусіз үлес қосқан тәжірибелі басшыға, шебер ұйымдастырушыға айналды. Н. Өмірзақов 1937 жылдың 28 қазанынан 1938 жылдың 16 шілдесіне дейін ҚазОАК төрағасы, ҚК(б)П ОК бюросының мүшесі болды. 1938 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының орынбасары болып сайланды. Осылайша, 30 жасында мемлекеттік биліктің ең жоғарғы органдарында басшы қызметтер атқарды. Н. Өмірзақовтың Қазаткомды басқарған уақытындағы ең үлкен жұмысы – ҚазКСР Жоғарғы Кеңесіне сайлауды ұйымдастыру және өткізу, әкімшілік-территориялық бөлініске сәйкес жаңа ұйымдастырылған облыстар мен аудандарды басқару жұмысын жолға қою болды. 1938 жылы әупірімдеп репрессиядан аман қалған Н. Өмірзақовтың бұдан кейінгі мемлекеттік қызметі Қазақстаннан тыс жерлерде – басқа республикаларда жалғасты. Н. Өмірзақов қайда жүрсе де өзінің іскерлігін, Отанына берілген қайраткер екенін көрсете білді.
Text:

Кіріспе. ХХ ғасырдың 20-30-жылдары қазақ халқы күрделі қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өзгерістерді, тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрін, мәдени-рухани өмірін өзгеріске түсірген модернизацияны басынан өткерді. Осынау сұрапыл кезеңде туған халқына қызмет етіп, оны түрлі тауқіметтерге ұрындырмай алып шығуға күш салған қазақ қайраткерлерінің бірі – Нұрбапа Өмірзақов еді. Отызында ел басқарған қайраткердің өмірі мен қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі осы уақытқа дейін толық зерттелмеді. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның болашағы – оның өткен тарихымен тығыз байланысты. Ел үшін еңбек еткен ірі қоғам және мемлекет қайраткерлерінің қызметін зерттеу, олардың тарихи тұлғасы арқылы жас ұрпақты патриотизмге тәрбиелеу және қызметінен үлгі-өнеге алу – бүгінгі таңда аса маңызды. Н. Өмірзақов – 30 жасында ҚазКСР Орталық Атқару Комитетінің төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының орынбасары болған, қазақ халқынан шыққан ірі қоғам және мемлекет қайраткері. Осындай тұлғаның өмірі мен қызметін кешенді түрде зерттеу – отандық тарих ғылымындағы өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Деректері және зерттеу әдістері.Н. Өмірзақовтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметін анықтап, оны жүйелеп жазу үшін Алматы қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Президентінің архиві (бұдан ары – ҚРПА) мен Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві (бұдан ары – ҚРОМА) қорлары қарастырылды. Атап айтқанда, ҚРПА 8-қорының (Қазақстан Компартиясының Алматы обкомы), 22-қорының (Қазақстан Компартиясының Еңбекші-қазақ (Сөгеті) аукомы), 141-қорының (БК(б)П Қазақ өлкелік комитеті), 708-қорының (Қазақстан КП(б) ОК), 969-қорының (БЛКЖО Алматы округкомы) істері қаралып, Н. Өмірзақовтың өмірі мен қызметін жүйелеп жазып шығуға қажетті құжаттар жиналды. Сондай-ақ, ҚРОМА 5-қорының (ҚазОАК) және 195-қорының (ҚазКСР ОАК) істері қарастырылды. Осы архив қорларынан тұңғыш рет Н. Өмірзақовтың өмірі мен қызметін қалпына келтіретін, осы уақытқа дейін отандық тарих ғылымына белгісіз болып келген құжаттары мен деректері жиналып, мақала жазу үшін жүйеленді, ғылыми және сыни деректік талдаудан өткізілді. Сонымен қатар, зерттеу жұмысының деректік негізін 1928-1938 жылдар аралығында Н. Өмірзақов қызмет істеген жерлер мен мекемелердегі адамдардың еңбектері мен естеліктері, зерттеу жұмыстары; жұмыстың хронологиялық шегіне жататын тарихи кезеңде жарық көрген үкіметтік қаулылардың жинақтары, ғылыми мақалалар мен зерттеулердің жинақтары, статистикалық мәліметтер қоры; 1928-1938 жылдар аралығында шығып тұрған әртүрлі мерзімді басылымдар материалдары; ҚазОАК пен ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің протоколдары; тәуелсіздік кезеңінде жарық көрген құжаттар мен материалдардың жинақтары құрайды.

Зерттеу жұмысы мұқият тексерілген объективті ғылыми жүйелілік негізінде орындалды. Қазақстанның ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани өміріне қатысты тарихи деректерді саралай отырып, сол кезеңнің даму бағыттарын шынайы көрсету басты өлшемге алынды. Кеңестік кезеңде сыңаржақ зерттеліп, қасаң көзқарас пен идеология қысастығына ұшыраған қоғам және мемлекет қайраткерлерінің өмірі мен қызметіне қатысты Еліміздің тәуелсіздік алуынан кейін төл тарихымыздың шынайы түрде жазылуы барысында жарық көрген, отандық тұлғатану бағытында қалыптасып отырған жаңаша тұжырымдар басшылыққа алынды. Мақаланы жазу барысында жинақтау, салыстырмалы түрде талдау, жүйелеп қорыту әдістері қолданылды. Жалпы алғанда, зерттеу жұмысы объективті тарихи принципке негізделді. Қоғам және мемлекет қайраткерінің өмірі мен қызметі – оның өзі өмір сүрген және қызмет жасаған кезеңдегі тарихи процестерге, құбылыстар мен оқиғаларға байланыстырыла қарастырылып зерттелді.

Талқылау. ХХ ғасырдың екінші жартысында Нұрбапа Өмірзақовтың өмірі мен қызметі туралы бірқатар мақалалар оның кейбір замандастары мен жерлестерінің, туыстарының тарапынан жазылды. Сондай естеліктің бірі – Н. Өмірзақов оқыған Алматы қаласындағы Жетісу губерниялық кеңестік-партия мектебінің директоры болып жұмыс істеген қарт коммунист Ж. Арыстановтың «Алғыр азамат» деп аталатын мақаласы (Арыстанов, 1967). Бұл мақалада Ж. Арыстанов Н. Өмірзақовтың өмірі мен қызметіне қысқаша шолу жасай отырып, Н. Өмірзақовтың 20 жасында болған бір оқиға негізінде оның өткір әрі қарымды жігіт болғанын көрсетеді.

Н. Өмірзақовтар Қытайға ауа көшкен 1916 жылы айырылып қалып, арада 7 жыл өткенде табысқан туған інісі Нұрпейістің «Ет жүрегім елжірейді» деген мақаласында (Өмірзақов, 1977) Н. Өмірзақовтың өте бауырмал адам болғаны жөнінде айтады. Ол туралы: «Жоғары қызметте істеп жүргенде де, мен жауынгер болып жүрген жылдарда да үзбей хат жазып тұратын. Бір ғана інісі – менің емес, барша қазақ жауынгерлерінің, орыс бауырлардың өмірлері жайлы да сұрап отыратын,» - деп еске алады. Осы Н. Өмірзақов мақаласындағы ең бір құнды дерек – Нұрпейіс Өмірзақовтың соғыстан кейін, 1946 жылы Ташкент қаласына ағасы Нұрбапаны іздеп барғандағы әңгімесі. Сонда Нұрпейістің: «ауылға келіп, осы жақта болмайсың ба?» сұрағына Нұрбапа: «Ауылыма алпысқа толғанда барамын. Сендерді ұмытады деймісіңдер» деп жауап берген екен. Бұл әңгімеден, Н. Өмірзақовтың Қазақстанға зейнет жасына жеткенде ғана барамын дегенін байқау қиын емес. Өйткені, сол кезде Қазақстан К(б)П ОК І хатшысы – Ж. Шаяхметов болатын. 1938 жылы мамыр айында Л. Мирзоян ұсталып кеткен соң Н. Өмірзақовтың үстінен толып жатқан арыз-шағымдар жазылып, оның Қазақстаннан кетуі ұйымдастырылған кезде осы Ж. Шаяхметов ҚК(б)П ОК-нің ІІІ хатшысы қызметін атқарып жүрген болатын. Міне, осы мәселелерді анықтау – Нұрбапатану ісінің болашақтағы міндеті болып табылады.

Нұрбапа Өмірзақовтың тағы бір жерлесі Ә. Жазылбековтың «біздің Нұрбапа» атты естелігінде (Жазылбеков, 2007: 86-87). оның өмірі мен қызметі туралы қысқаша айта отырып, ол туралы былай деп жазады: «...Өзіне үлкен талап, жауапкершілік қойғыш жан еді. Адамгершілігі мен іскерлігінің арқасында көрнекті жұмыстар атқарып, қайраткерлік көрсетті. Ескілікпен саналы түрде күресті. Кедейлердің Қосшы одағын басқарды. Жерді қайта бөліскен жылдарда да барынша әділ бола білді, серіктестіктерді іскерлікпен ұйымдастырды. Әйелдерге бостандық беріп, жұрттың сауатын ашу сол тұстағы аса маңызды мәселелер еді. Бұл тарапта да ол өнеге, үлгі көрсете білді... оның осы іскерлік қасиеттеріне байланысты достары, жолдастары «Нұрбапа» демей, Нұр деп құрмет көрсеткенін мен жақсы білемін.» Бұл жолдар – Н. Өмірзақовтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметіне берілген баға іспеттес.

Ал Н. Өмірзақовтың келіні – Нұрпейістің жұбайы – Қайша Шұбарованың «Үлкеннің аты - үлкен» деген мақаласында (Шұбарова, 1992) Н. Өмірзақовтың жұбайы З.Ф. Клуквина туралы, ұлы Әліби мен одан туған екі баланың бар екендігі туралы мәліметтер беріледі. Сонымен қатар, Қ. Шұбарова: «Мен келін боп түскенде, ол кісі Москвада тұрды. Өзім көрмесем де өзекжарды жанашырлығына бөленетінбіз. Айына 1000 сом ақша және киім-кешек жіберіп тұратын,» - деп Н. Өмірзақовтың қамқорлығы туралы ерекше лебіз білдіреді.

Нұрбапатану саласында, әсіресе, академик К. Нұрпейісұлының мақалалары (Нұрпейіс, 1992; Нұрпейіс, 2007) ерекше ғылыми маңызға ие. Хантәңірі тауының етегінде туып-өскен К. Нұрпейіс өзінің жерлес ағасы Н. Өмірзақовтың 85 жылдығына орай ол туралы алғаш рет ғылыми мәні жоғары мақала жариялады. Осы мақалада тұңғыш рет архив құжаттарының негізінде Н. Өмірзақовтың өмірі мен қызметі талдауға алынды.

Н. Өмірзақов әке-шешеден бірдей айырылып, жетімдіктің ащы зарын тартқан жылдары арқа сүйер туыс ағаларының бірі болған Айдаралының баласы – Қабытайдың 1993 жылы жарық көрген «Нұрбапа Өмірзақов» атты танымдық кітабы (Айдаралиев, 1993) Нұрбапатану саласындағы өте құнды еңбектердің бірі болып табылады. Бұл кітап Н. Өмірзақовтың өскен ортасы мен балалық шағы, тұңғыш рет білім алған ошағы мен қызметінің алғашқы баспалдақтары туралы мәліметтерге өте бай.

2007 жылы өткен Н. Өмірзақовтың 100 жылдығы аясында Нұрбапаның ауылдасы, жазушы Т. Қаупынбайұлының құрастыруымен Н. Өмірзақұлына арналған өлеңдер, толғаулар, арнаулар, естеліктер, мақалалар мен кейбір тарихи деректер топтастырылған «Жас Президент» (Жас, 2007) атты жинақ жарық көрді. Қолға ұстарлықтай көлеммен шыққан бұл кітаптан Н.Өмірзақов туралы көптеген танымдық мәліметтер алуға болады. Ал оның ішіндегі Н. Өмірзақовқа қатысты тарихи деректердің құндылығы жоғары болды. Журналист Дүйсен Мағлұмовтың құрастыруымен 2007 жылы жарық көрген «Нұрбапа Өмірзақов» (Нұрбапа, 2007) атты жинақ – негізінен мазмұны жағынан «Жас Президент» атты жинақты қайталайды. Мұндағы материалдар да негізінен тарихи-танымдық, әдеби және естелік жанрында болып келеді.

Сонымен қатар, Н. Өмірзақовтың қысқаша өмірбаяны «Қазақ Совет энциклопедиясында» (Қазақ, 1976), «Жетісу энциклопедиясында» (Жетісу, 2004) және Д. Әшімбаевтың өмірбаяндық энциклопедиясында (Ашимбаев, 2008: 855) берілген. Ал Д. Күмісбекованың Қазақ Орталық Атқару Комитетінің тарихына арналған диссертациясында (Күмісбекова, 2007) Н. Өмірзақовтың ҚазОАК төрағасы болған уақыттағы қызметіне қысқаша тоқталған.

2010 жылы С. Шілдебайдың ғылыми жетекшілігімен әрі тікелей басшылығымен Абай атындағы ҚазҰПУ магистранты Г. Садықова «Тарих магистрі» академиялық дәрежесін алу үшін «Нұрбапа Өмірзақовтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі. Қазақстан кезеңі (1907-1938 жылдар)» атты диссертация қорғады. Осы диссертациялық жұмысты даярлау барысында С. Шілдебайдың жеке және магистрантпен бірге орындалған бірнеше мақаласы (Шилдебай, 2010а; Шилдебай, 2010б; Шілдебай, Садықова, 2010а; Шілдебай, Садықова, 2010б; Шілдебай, Садықова, 2010в; Шілдебай, Садықова 2010г) жарық көрген болатын. Осы еңбектерде Н. Өмірзақовтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі алғаш рет архив құжаттары негізінде талдауға алынған болатын. Бірақ, Н. Өмірзақовтың өмірі мен қызметі әлі де кешенді зерттеуді қажет ететін өзекті тарихи тақырып болып табылады.

Зерттеу нәтижелері. Н. Өмірзақов 1907 жылы 17 қазанда Жетісу облысы Жаркент уезі Нарынқол-Шарын бөлімшесі Әлжан көшпелі қазақ болысына қарасты Байынқол бойында (қазіргі Алматы облысы Райымбек ауданы Қаратоған (Үкірші) ауылы) кедей шаруа Қасаболатұлы Өмірзақтың отбасында дүниеге келді. Нұрбапа табиғаты әсем Хантәңірінің баурайын мекен еткен Албан руының Сары – Байсейіт – Төлес атасынан тарайды. Нұрбапаның Әбіт, Қасым есімді ағалары, Нұрпейіс есімді інісі болды. Н.Өмірзақов 7 жасында анасынан, 8 жасында әкесінен айырылып, жастайынан жетімдік пен жоқшылықтың ащы зарын тартып өседі (Айдаралиев, 1993: 7-8).

Әке-шешеден айырылған соң, кіші ағасы Қасым Айғыржалдағы орыс байларына жалданып жұмыс істейді. Ал кіші інілері Нұрпейіс немере ағалары Айдаралының үйіндегі жеңгесі Жәмиләнің тәрбиесінде болады. Нұрбапа болса, үлкен ағасы Әбітпен бірге 1915-1916 жылдары өз ауылындағы Байтел байдың қойын бағып, жалшылықтың дәмін татты.

1915 жылдың соңында қыс ерте түсіп, әлі қыстауға барып қона қоймаған ел қар астында қалады. Осы кезде, байдың бәйбішесі отынға жұмсаған Нұрбапа қар астынан отын сындырам деп жүріп, саусақтарының басын түгел үсітіп алып, 1916 жылдың көктеміне дейін үсіген саусақтардың ауруынан зардап шегеді. Бұл аз болғандай, 1916 жылдың жазына қарай, қозыларды түс кезінде иірген соң, құлындарды желіге байлау міндеті жүктелген Нұрбапаның иегінен құлын теуіп, ол қатты жараланады. Иегінен саулай аққан қанды киіз басып тоқтатқан бай үйінің адамдары оны өз жөніне қоя береді. Қатты жараланған Нұрбапа немере ағасы Айдаралының үйіне келіп, інісі Нұрпейістің қасында жүріп, жарасын Мапаш деген әжесіне емдетеді. Құлын тұяғы иектің сүйегіне бата тигендіктен, астыңғы жақ сүйектің жетілуі қиын болып, Нұрбапа екі айдай ас іше алмай қатты күйзеледі (Айдаралиев, 1993: 9-16). Осылайша, қалт-құлт етіп, қабырғасы біртіндеп қатайып келе жатқан Нұрбапаның жасы тоғыздан жаңа асқан шақта, 1916 жылы 25 маусымда ақ патшаның жарлығы шығып, онсыз да әрең жүрген Нұрбапалардың басына қиындықтың қара бұлты үйіріледі.

Қарқарадағы көтеріліс жеңіліс тапқан соң, от пен оқтан ыққан елмен бірге ағайынды Өмірзақовтар да Қытайға қашады. Жыл бойғы ауру мен аштықтан әбден қалжыраған Нұрбапаға бұл қашу оңай тимеді. Күн сайынғы жаяу жүріс пен оқ астында қашудан шаршаған Әбіт пен Қасым кіші інілері – арқада келе жатқан 3 жастағы Нұрпейісті Тұрдыахун деген бейтаныс ұйғырдың үйіне қалдырып кетуге мәжбүр болады. (Кейіннен, Әбіт пен Қасым Нұрпейісті іздеп жүріп, 1923 жылы тауып алады – авт.).

Патша үкіметінің жазалауынан қашып Қытай асқан ел бірін-бірі іздеп жүріп, тірі қалғандары жылдан аса әрең табысады. Патшаның тақтан құлап, елде үлкен өзгерістер болып жатқаны туралы хабар Қытайдағы елге 1918 жылы ғана жетеді. Жаңа өкімет халықтың қамын жейді деп естіген ел біртіндеп туған жерлеріне қайта бастады. Олар Жаркент шекарасы арқылы өтеді. Шекарада кеңес өкіметі орнатқан арнайы қабылдау пункті жұмыс істеп, келгендерді тіркеуге алып, аш-арық елге тиісінше жәрдем ұйымдастырады. Жетім балаларды балалар үйлеріне орналастырады. Кеңес өкіметінің осындай қамқорлығының арқасында, екі жыл бойғы қашып-пысу мен аштықтан азап шеккен Нұрбапа Жаркенттегі балалар үйіне орналасса, ағалары Қасым мен Әбіт туған ауылдарына оралады.

Н. Өмірзақов 1918 жылдың көктемінен 1920 жылдың күзіне дейін Жаркент қаласындағы Кеңес өкіметі ұйымдастырған балалар үйінде тәрбиеленеді. 1920 жылдың күзінде өз ауылына келіп, елде жалшылықпен күн көріп жүрген ағаларымен бірге қайтадан байға жалданып, 1922 жылдың қазанына дейін мал бағады (ҚРОМА, 195-қ., 4-т., 53-іс, 5-п.).

Бұл кезде, малы қырылып, жаны Қытайдан қайтып оралған ел Байынқол бойында ұйымдасып, ата мекендерінде отырықшы тіршілікке көше бастайды. Үкірбі деп аталған бекем (тоған) жанына ұйысқан ауыл Үкірші деп аталады (Жас, 2007: 212). Ауылдық жерлерде кедейлер комитетінің құрылуы жөніндегі 1918 жылғы 11 маусымдағы декрет Нарынқол аймағында 1920 жылдан соң ғана жүзеге асырыла бастаған еді. Себебі, оған дейін кеңестік Түркістан Республикасына қарасты Жетісу облысының шын мәніндегі қожасы – байыған орыс кулактары мен қарулы казактар еді. Кеңес өкіметінің қаулы-қарарлары жергілікті тұрғындарға – қазақтарға дер кезінде жете бермейтін. 1920 жылы 21 қаңтарда Тұрар Рысқұловтың Түрікатком төрағасы болып сайлануынан кейін ғана бұл істің беті бері қарай бастады.

Түркістан Республикасы басшылығының нақты іс-шараларының нәтижесінде, Жетісу облысының уездерінде алғаш рет кедей комитеттері құрыла бастады. Нарынқол өңірінде Байынқол және Тұзкөл Қосшы одақтары ұйымдастырылды. Байынқол Қосшы одағының қарауына – Нарынқол, Байынқол, Үкірші, Қақпақ, Текес, Лабасы және Қайнар кедейлер комитеті қарады. Байынқол Қосшы одағындағы ревкомды А. Текебаев, Е. Гурьев, А. Алпысбаев, Ж. Серібаев сияқты азаматтар басқарды. Нұрбапаның немере ағасы Айдаралы Текебаевтың да басшылық құрамында болуы – Нұрбапаның кейінгі өміріне сөзсіз игі әсерін тигізді (Айдаралиев, 1993: 21-22).

Кедейлер мен жалшы-батырақтардың осы алғашқы белсенділері Кеңес өкіметі қабылдаған декреттер мен қаулыларды іске асырып, Түрікатком мен облатком, уатком тарапынан күн сайын келіп түсіп жататын түрлі нұсқаулар мен қаулыларды қалың бұқараға жеткізіп, оларды насихаттап отыруда үлкен еңбек сіңірді. Нұрбапа Өмірзақовтың өмір жолы да дәл осы Байынқол Қосшы одағынан бастау алған болатын.

1921 жылғы Жетісудағы жер-су реформасы өз мақсатына толық жете алмаса да, қазақ халқының кеңес өкіметіне деген сенімін оятты. Кеңес өкіметінің кедейлердің балаларын тегін оқыту жолындағы бастамасы аясында 1922 жылы күзде Үкірші ауылында бастауыш мектеп ұйымдастырылады. Нұрбапа қазанда осы мектепке қабылданып, онда 1923 жылдың жазына дейін бастауыш білім алады (ҚРОМА, 195-қ., 4-т., 53-іс, 5-п.).

Кеңес өкіметінің оқу-ағарту саласындағы оң саясаты кедейлердің ертеңгі күнге деген үмітін арттыра түсті. 1923 жылы 24-28 қаңтар аралығында өткен ТКП Жетісу облыстық ІІІ партконференциясынан кейін, Жетісу облыстық әскери ревкомының төрағасы Қ. Сарымолдаев (ол 1922 жылдың 14 қазаны мен 1923 жылдың 18 шілдесі аралығында облревком төрағасы болып жұмыс істеді) барлық аудан орталықтарында кедей балаларына арналған мектеп-интернаттар ұйымдастыруды қолға алады (Қайраткер, 2011: 252). Осы саясат аясында Жаркент уревкомы мен Қосшы одағынан жергілікті кеңестік орындарға Жаркенттегі мектеп-интернатына жетім, жалшы және кедей балаларынан оқуға адам жіберу туралы арнайы нұсқау келеді. Байынқол Қосшы одағының Үкірші комитетінен екі бала оқуға жіберіледі. Оның бірі – Н. Жанаев болса, екіншісі – бұл істің басы-қасында жүрген Үкірші кедейлер комитетінің төрағасы А. Текебаевтың туыс інісі, жастайынан жалшылық пен жетімдіктің ащы дәмін татып өскен Нұрбапа еді. Бұл екеуі көп ұзамай Жаркентке оқуға аттанады (Айдаралиев, 1993: 22-24).

Н. Өмірзақовтың қоғам және мемлекет қайраткері ретінде қалыптасуы.

Нұрбапа 1923 жылдың қыркүйегінен 1926 жылдың күзіне дейін Жаркенттегі мектеп-интернатта білім алады (ҚРОМА, 195-қ., 4-т., 53-іс, 5-п.). Сол жылдары Тәліп Мұсақұлов, Иманбек Бидайбеков, Самсалы Қожабеков, Бейсенбек Байұзақов, Мұстафа Ұзақбаев, Нұрқасым Жанаев, Инаш Шорманов, Жұмаділ Кәрібаев, Ақай Нүсіпбеков сияқты Нұрбапаның жерлестері де осы мектеп-интернатта оқыған болатын. Тумысынан талантты Нұрбапа үздік оқиды. Интернаттағы барлық қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, комсомол қатарына өтеді. Алғашқы жылы өз тобында, бір жылдан соң интернат бойынша комсомол ұйымының хатшысы болады. Осы интернат Н. Өмірзақовтың білім алып, азаматтық келбеті мен қоғамдық санасының қалыптасуына зор әсер етті. Н. Өмірзақов интернат туралы есіне алғанда: «Жаркенттегі интернат менің өз үйім, әке мен шеше, асыраушым болды. Арманымды жүзеге асырған ғажап жастық өмірім еді... Көзімді ашқан сол интернат. Мен өле-өлгенше сол интернатты ұйымдастырған, білім берген абзал ұстаздарыма қарыздармын», (Айдаралиев, 1993: 25) - дейді екен.

1925 жылдың күзінде БК(б)П мүшелігіне кандидат болып қабылданған Н. Өмірзақов, 1926 жылы 5 сәуірде Жаркент мектеп-интернатының қабырғасында жүріп, БК(б)П мүшелігіне қабылданады (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 466-іс, 2-п.). Жаркенттегі мектеп-интернатты аяқтағаннан кейін, мектептің үлгілі оқушысы, комсомол жетекшісі әрі белсенді коммунист ретінде Н. Өмірзақовқа Алматыдағы Жетісу губерниялық кеңестік-партия мектебіне оқуға жолдама беріледі. Осылайша, 1926 жылдың күзіне таман Н. Өмірзақов Жаркент уезінен Алматыға сапар шекті.

Н. Өмірзақов 1926 жылдың күзінен бастап 1927 жылдың мамырына дейін Алматыдағы губерниялық кеңестік-партия мектебінде оқиды (ҚРПА, 8-қ., 3-т., 4219-іс, 5-п.). Алматы ол кезде әлі астана бола қоймағанымен, Қазақстанның ірі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени-рухани орталықтарының бірі еді. Губерниялық кеңестік-партия мектебінде оқып жүрген, жасы жиырмаға жаңа келген Н. Өмірзақовқа 1927 жылы наурыз айында БК(б)П Алматы қалалық ұйымы № 0933684-ші партия билетін тапсырды (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 466-іс, 2-п.). Н.Өмірзақовпен губерниялық кеңестік-партия мектебінде бірге оқыған Б. Байұзақов: «1927 жылы жазға салым Алматы қаласындағы Губсов партия мектебін – Нұрбапа партия-комсомол бөлімін, мен ағарту бөлімін – екеуіміз де үздік бітіріп шықтық. Саяси біліміміз едәуір өсіп қалды», (Айдаралиев, 1993: 54-55) - деп еске алады. Губерниялық кеңестік-партия мектебін жақсы бітірген Н. Өмірзақов БК(б)П Жетісу губкомына қарасты БК(б)П Жаркент укомының қарауына жіберілді.

1927 жылы мамыр айында Н.Өмірзақов БК(б)П Жаркент укомының қарауына келеді. Жаркент уезі бұл кезде Жетісу губерниясының құрамында болатын. Жетісу губерниясы 4 уезден (Алматы, Жаркент, Лепсі, Талдықорған) және Пішпек уезінің құрамынан ҚАКСР құрамына қосылған болыстардан құрылған уезд құқығындағы Шу ауданынан құрылды. Жетісу губерниясына қарасты Жаркент уезінің құрамында 9 болыс (Ақтам, Ақтоғай, Берекелі, Беркетмен, Ынтымақ (Интифак), Қоңырөлең, Тортыль, Тұзкөл, Қорғас), 1219 ауыл-қыстау, 99 отырықшы елді-мекен бар болатын. Бұл бірліктер барлығы 64 кеңеске қараса, олардың 28-і ауылдық кеңестер еді. Жетісу губаткомы 1927 жылдың 9-17 тамызы аралығында болыстар мен ауылдық кеңестерді ірілендіру шарасын жүзеге асырды (Справочник по административно-территориальному делению казахстана (август 1920 г. – декабрь 1936 г. / Сост.: Ф.Н.Базанова; Под ред.: к.и.н. Г.Ф.Дахшлейгера. – Алма-Ата, 1959. – 286 с.: 14).

Бұл шара – БК(б)П Қазөлкекомының көшпелі және жартылай көшпелі аудандарда шабындық және егістік жерлерді уақытша қайта бөлу арқылы Қазақстандағы жер мәселесін шешуге бағытталған қадамына сәйкес орайластырылған болатын. Н. Өмірзақов Жаркент укомының қарауына келген соң, жаңа ғана білім алып келген жас коммунисті Ақтоғай болысындағы Қосшы одағы комитетінің төрағасы қызметіне (ҚРПА, 8-қ., 3-т., 4219-іс, 6-п.) жіберуі де жоғарыда көрсетілген шараларды жүзеге асыру талабынан туындаған еді. Ол кезде Ақтоғай болысының орталығы Жалаңаш ауылында орналасқан болатын. Сол кезде Қазақстан бойынша жүргізіліп жатқан барлық қоғамдық-саяси, шаруашылық және мәдени науқандардың Ақтоғай болысында жүзеге асуына Н.Өмірзақов белсене кіріседі. Бұл туралы сол кездегі Жетісу губерниялық кеңестік-партия мектебінің директоры болған Ж. Арыстанов: «...Нұрбапа оқушылар арасындағы қоғамдық жұмысқа араласа жүріп, келесі жылы мектеп бітірді. Губком оны партиялық қызметке лайық деп тауып, болыстық партия комитетіне жіберді. Көп өтпей жігерлі жас коммунистің ауылдағы надандық пен сауатсыздықты серпіп, совет пен қосшы одағын күшейтіп жатқаны жөнінде хабарлар келіп жатты», (Арыстанов, 1967) - деп еске алған болатын. Ал оның туыс інісі Қ. Айдаралиев өзінің «Нұрбапа Өмірзақов» деген кітабында Н. Өмірзақовтың Ақтоғай болысында атқарған қызметі туралы былай деп жазады: «...Нұрбапа өзі өміріндегі алғашқы қызметін бар ынтасымен атқарды. Бұл жер реформасын жүзеге асыру, егістік, шабындықтарды қайта бөлу тұсындағы күрделі кезең еді. Осындай жауапты мемлекеттік күрделі маңызы бар жұмыстарды орындау жолында Нұрбапа табанды коммунист екенін таныта білді. Байларды кәмпескелеу, еліміздің ауылшаруашылығын жолға қою, жергілікті партия-совет жұмыстарына, жастар арасындағы тәрбие жұмыстарына тиісінше көмек көрсетуде Нұрбапа біліктілік танытты» (Айдаралиев, 1993: 30).

Қосшы одағының Ақтоғай болкомының төрағасы ретінде БК(б)П Қазөлкекомының қаулы-қарарларын жүзеге асыруда табандылық танытқан Н.Өмірзақов 6-7 ай өткенде Ақтоғай болаткомының төрағасы қызметіне сайланады (ҚРПА, 8-қ., 3-т., 4219-іс, 6-п.). Н.Өмірзақов осы қызметті 1928 жылдың шілдесіне дейін абыроймен атқарып, халық пен өкімет алдында іскер басшы ретінде танылды.

1928 жылдың басында Қазақстанда әкімшілік-территориялық бөлініс реформасы жүзеге асырылды. Басқарудың бес сатылы (орталық – губерния – уезд – болыс – село, ауыл) жүйесі жойылып, оның орнына төрт сатылы (орталық – округ – аудан – село, ауыл) басқару жүйесі құрылды. Округтар губерниялардан, аудандар уездерден кішкене болды, бірақ, сондай құқықты иеленді. Бұл реформаның негізгі мақсаты – әкімшілік орталықтарды барынша тұрғындарға жақындата түсіп, халық шаруашылығын басқаруды барынша оңтайландыру болатын. Реформа барысында Қазақстанда 183 ауданнан құралған 13 округ құрылды. 1928 жылы 17 қаңтарда бұрынғы Жетісу губерниясының Алматы, Жаркент, Талдықорған, Лепсі (бұрынғы уездің бір бөлігі) уездері мен Шу ауданынан Алматы округі құрылды (Справочник, 1959: 187). Алматы округі 280 мың шаршы километр жерге орналасқан 21 ауданнан құрылды. Құрамында 14 559 елдімекен (оның ішінде 2 қала: Алматы, Жаркент) болды (Жетісу, 2004: 132). Округтік басқару жүйесіне көшу 1928 жылғы 3 қыркүйектегі БОАК Президиумының республикадағы жаңа әкімшілік-территориялық бөліністі бекітуімен аяқталды (Справочник, 1959: 15).

Н. Өмірзақов жұмыс істеп жүрген Ақтоғай болысының бір бөлігі мен бұрынғы Жаркент уезінің Беркентмен, Интефак және Тұзкөл болыстарынан орталығы Құм-Текей ауылы болған Қарқара ауданы құрылды (Справочник, 1959: 16).

Н. Өмірзақов 1928 жылы жүзеге асырылған округтер құру науқаны аяқталғаннан кейін, яғни, 1928 жылғы 15 қазанда (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 466-іс, 2-п.) бұрынғы Алматы уезінің Қызыл Сөгеті және Талғар көшпелі болыстарынан құрылған Сөгеті (Кейіннен Еңбекші-қазақ ауданы болып өзгертілді – авт.) аудандық комсомол комитетінің хатшысы қызметіне жіберілді. Ол мұнда сонымен қатар партиялық Бақылау комиссиясы – Жұмысшы-шаруа инспекциясының өкілетті өкілі қызметін де қоса атқарады (ҚРПА, 969-қ., 1-т., 46-іс, 57-58-п.).

Бұрынғы шаруашылық дәстүрі мен салт-санасы, өмір сүру қалыбы бұзылмаған көшпелі қазақ ауылдарынан құралған Еңбекші-қазақ ауданында комсомол жұмысын жүргізу Н. Өмірзақовқа аса қиынға соқты. 1929 жылғы 19 наурызда Еңбекші-қазақ аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Көңілбаев Күзембайдың аудандық кеңестердің бірінші съезінде аудандық аткомының мүшесі әрі хатшысы болып сайлануына орай, Н. Өмірзақов бірінші хатшы болып бекітілді (ҚРПА, 969-қ., 1-т., 46-іс, 57-п.).

Еңбекші-қазақ ауданының комсомолдары Н.Өмірзақовтың басшылығымен байларды тәркілеу науқанына қатыса отырып, тап күресінде ысылып шықты. Тәркілеудің таптық маңызын түсініп, кедейлердің одақтарына қарсы болған байларға соққы берді. Аудан комсомолдарының көрсетуімен тәркілеуге қарсы үгіт-насихат жүргізген 6 атқамінер тұтқындалып, байларға бүйрегі бұрған 6 адам Қосшы одағы құрамынан шығарылды. Байларды тәркілеу нәтижесінде Еңбекші-қазақ ауданы бойынша 98 комсомол шаруашылығын немесе бүкіл аудандық комсомол ұйымының 21 пайызын біріктірген 27 колхоз құрылды. Барлық колхоздардың төрағалығына комсомолдар сайланды (ҚРПА, 969-қ., 1-т., 22-іс, 138-139-п.).

Н.Өмірзақов 1929 жылғы тамыз-қазан айларында Еңбекші-қазақ ауданы бойынша астық дайындау науқанына комсомолдарды ұйымдастыру жұмысын жүргізді. Науқанға дайындық 1 тамызда аудандағы барлық комсомол ұйымдарына хат жазу жұмысымен басталды. 12 қыркүйекте астық дайындауға 25 өкілетті комсомол әрбір ауылдардағы комсомол ұйымдарына бекітілді. Осындай дайындық жұмыстарының нәтижесінде, аудан бойынша 12 комсомол ұйымында астық дайындауға арналған қабырға газеті шығарылып, 15 ауылдан комсомол ұйымдарының ұйымдастыруымен бір реттен қызыл керуен жіберіліп, комсомолдар өкіметке 1000 пұт астық өткізді. Талғар ұйымының бастамасымен 12 шаруашылықты ауылда 4000 рубльдің займын тарату жоспарланып, іс жүзінде 6000 рубльдің займы таратылды. Осы Талғар ұйымы Қызыл комсомол керуенін ұйымдастырып, 150 пұт астық өткізген. Осыны ұйымдастырған 55 комсомолға Талсу кооперациясы Қызыл туды сыйлыққа береді. Талғар ұйымы 90 рубльдің займын сатып алып, жоспардағы 14 000 пұт астықтың орнына 16 000 пұт астық өткізді. Аудандық комсомол комитетіне трактор колоннасының пайдасына жиналған 220 рубль өткізілді. Аудандық комсомол комитеті жүргізген осы науқан аясында, астық дайындауға құлқы жоқ 16 комсомол мүшесі анықталып, оларға әртүрлі жаза беріледі (ҚРПА, 969-қ., 1-т., 108-іс, 41-42-п.).

1929 жылғы 2 қарашада өткен ҚЛКЖО Алматы округкомы бюросының мәжілісінде «Жолдастар Бердыгулов пен Өмірзақовтың жұмысы туралы» мәселе қаралып, «Жолдас Бердыгулов Қастек ауданынан шақырылып, Еңбекші-қазақ аукомолының хатшылығына ұсынылсын, ал жолдас Өмірзақов Октябрь аукомолының хатшылығына ұсынылсын» деген қаулы қабылданды (ҚРПА, 969-қ., 1-т., 89-іс, 97-п.). Бірақ бұл қаулы жүзеге асқан жоқ. Қолымызға оның себептері туралы мәліметтердің түсе қоймауына байланысты, Н. Өмірзақовтың 1930 жылдың ақпан айына дейін Еңбекші-қазақ аудандық комсомол комитетінде жұмыс істегенінен басқа ештеңе де айта алмаймыз.

Партия мен кеңестік қызметті қоса алып жүрген өз ісіне тыңғылықты жас жігіт 1930 жылдың 1 қаңтарында БК(б)П Алматы округкомының шақыруымен Алматы қаласына ауысып, округтік Бақылау комиссиясы – Жұмысшы-шаруа инспекциясының инспекторы қызметіне ауыстырылды. Осы қызметті 1930 жылдың қыркүйегіне дейін атқарған Н. Өмірзақов – 1930 жылы қыркүйекте Алматыдағы Ф. Голощекин атындағы Коммунистік университетке оқуға түседі. Н. Өмірзақов осы университетте 1931 жылдың қыркүйегіне дейін оқиды. Содан кейін, Н. Өмірзақов 1931 жылдың қыркүйегінде Ташкенттегі В. Ленин атындағы Орта-Азиялық коммунистік университетке (ОАКУ) оқуға түсті (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 466-іс, 2-п.).

1933 жылдың 19 қаңтарында БК(б)П Қазөлкекомының бюросы сұрау салу жолымен «Орта-Азиялық Коммунистік университеттің бұрынғы аспиранттары туралы» мәселені қарап, бірнеше адаммен бірге Н. Өмірзақовты да БК(б)П ОК-нің 1932 жылғы қаулысына сәйкес «Қазөлкеком қарауына жіберу сұралсын» деген шешім қабылдады (ҚРПА, 141-қ., 1-т., 6553-іс, 134-п.). Н. Өмірзақов 1933 жылы маусым айында Ташкенттегі В. Ленин атындағы Орта-Азиялық Коммунистік университетті бітіріп (ҚРПА, 8-қ., 3-т., 4219-іс, 8-а.п.), Алматыға БК(б)П Қазөлкекомының қарауына келеді.

Н.Өмірзақовтың партия және мемлекет қайраткері ретінде танылуы

1933 жылы 10 шілдеде БК(б)П Қазөлкекомының бюросы оқуды жаңа бітірген «Өмірзақов жолдас туралы» мәселені қарап, «Жолдас Өмірзақов Алматы обкомының қарауына обком аппаратындағы партиялық жұмысқа жіберілсін» деген шешім қабылдады (ҚРПА, 141-қ., 1-т., 6558-іс, 69-п.). БК(б)П Алматы обкомы Н. Өмірзақовты Алматы обкомының көшпелі, жартылай көшпелі шекаралық аудандары секторының меңгерушісі қызметіне тағайындады. Н. Өмірзақов 1934 жылдың қаңтарына дейін осы қызметті атқара жүріп, ашаршылық жылдарында Өзбекстанға, Қырғызстанға босып кеткен қазақтарды ата-мекендеріне қайтарып қоныстандыру және отырықшыландыру мәселесімен тікелей айналысты.

Алматы облысы бұл кезде бүкіл Жетісу жерін түгел қамтып жатқан болатын. Облысқа Қаратал, Талдықорған, Жаркент, Шелек, Калинин, Іле, Қоңырат, Қордай, Алакөл, Ақсу, Шет (1933 жылы 22 ақпанда Қарағанды облысының құрамына берілді – авт.), Үржар, Балқаш, Аягөз, Октябрь, Кеген, Еңбекшіқазақ, Қастек, Шу, Лепсі, Шұбартау аудандары кірді. Міне, осындай ұлан-ғайыр аймақты алып жатқан Алматы облысы бойынша аштық босқындарын орналастыру және мал шаруашылығы мәселелерімен айналысу да Н. Өмірзақовқа жүктелген болатын.

Бұл жыл – Қазақстан халқының 1931-1933 жылдардағы сұрапыл аштықтан есін жия алмай жатқан кезі болатын. 1933 жылы 2 ақпанда өткен БК(б)П Қазөлкекомының пленумы Ф.Голощекиннің өзін жұмыстан босату туралы өтінішін БК(б)П ОК Саяси Бюросының 21 қаңтарда қабыл алуына байланысты оны орнынан «босатып», БК(б)П ОК-і жіберген Л.Мирзоянды «сайлаған» күннен бастап (Ашимбаев, Хлюпин, 2008: 345.), аштықпен күрес шаралары дұрыс жолға қойылып, Қазөлкеком мен Қазхалкомкеңес босқындарды орналастыру ісіне барлық күшті жұмылдырды.

1933 жылы 22 ақпанда БК(б)П Қазөлкекомы хатшылығының мәжілісі «Халық Комиссарлары Кеңесінің жанынан босқыншылыққа байланысты барлық мәселелермен айналысатын жеке хатшылық құру» туралы, ал осы жылы 13 сәуірде Халық Комиссарлары Кеңесі жанындағы отырықшыландыру мен босқындарды орналастыруға байланысты комиссия сияқты комиссияларды облаткомдардың жанынан құру жөнінде шешім қабылдаған болатын. Қазақстан басшылығының аштық пен босқыншылықты тоқтатуға бағытталған осындай шараларының нәтижесінде, 1933 жылы Москвадан Қазақстан босқындарына көмек көрсету үшін бір миллион пұт астық, бес миллион сом ақша бөлініп, жоспардағы 46 500 босқын қожалығының орнына 131 986 босқын қожалығы орналастырылды (Омарбеков, 1997: 287-288).

Қазақстан бойынша жүргізіліп жатқан игі шаралар аясында Алматы облысында босқындар мен Қытайға көшіп кеткен шаруа қожалықтарын қайтару және оларды жерге орналастыру шаралары жүргізілді. Архив құжаттарына қарай отырып, 1932 жылдың соңынан бері Алматы облаткомының жанынан Отырықшыландыру және көшіп кеткендерді орналастыру комитетінің құрылып, облатком төрағасы І. Молдажановтың басшылығымен жұмыс істегенін көруге болады (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 90-іс, 100-п.).

Босқындарды орналастыру жұмыстары сол кездегі БК(б)П Алматы обкомының бірінші хатшысы К. Тоболовтың, екінші хатшы – М.Төлеповтың, үшінші хатшы – А. Саакянның, Алматы облаткомының төрағасы қызметін 1932 жылдан бері атқарып келе жатқан І. Молдажановтың тікелей басшылығы және ұйымдастыруы негізінде жүргізілді. Н.Өмірзақов БК(б)П Алматы обкомында сектор меңгерушісі болып жұмыс істей жүріп, күнделікті жұмысы барысында сол кездегі ҚАКСР Жер-су халық комиссары Қ. Сарымолдаевпен (1931 жылдың 25 қыркүйегі мен 1933 жылдың 22 тамызы аралығында халком болды – авт.) тікелей араласып, оның ақыл-кеңестерін тыңдап отырғанын анық байқауға болады. Сонымен қатар, Алматы обкомында жұмыс істеген жерлесі әрі Жаркенттегі интернатта өзінен бір жыл кейін оқыған досы А. Нүсіпбековпен, Талғардағы Алматы ауыл-шаруашылық техникумының директоры М. Бейсебаевпен достық қарым-қатынаста болады.

Н. Өмірзақов Алматыға келіп, жұмысқа кірісіп жатқан кезінде, 1933 жылы 10-16 шілдеде 7-сайланған БК(б)П Қазөлкекомының ауыл мәселесіне арналған VI пленумы болып өтеді. Пленум қабылдаған «Ауылдағы жұмыс және мал шаруашылығын дамыту туралы» және «Ауыл мен деревнядағы партиялық жұмыс туралы» қарарларда, аштық пен босқыншылыққа ұшырап, ауыр күйзелістен көз аша алмай жатқан ауылдардағы шаруашылықты қалпына келтіру, егістік жоспарларын орындау, қазіргі мал басын өсіру, шаруалардың тұрмыс жағдайы мен өмірін жақсарту бағытында іске асырылуы тиіс шаралар атап көрсетілді (Коммунистическая, 1981: 185-197).

1933 жылғы шілде пленумының шешімдерін жүзеге асыру мақсатымен БК(б)П Алматы обкомы хатшылығының 1933 жылы 10 қыркүйекте өткен мәжілісінде «БК(б)П Қазөлкекомының VI пленумы шешімдерін нақтылау туралы» мәселе қаралды. Пленум шешімдерін облыстың барлық аудандарында түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін БК(б)П Алматы обкомының тұрақты теориялық және үгіт-насихат жұмысын жүргізетін белсенділерінің басым бөлігі аудандарға аттандырылды. Осы топтың мүшесі Н. Өмірзақов Қазөлкекомының VI пленумының қарарларын түсіндіру үшін алыс жатқан Ақсу ауданына іссапарға жіберілді (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 88-іс, 104-105-п.).

Н.Өмірзақов Алматы обкомының көшпелі, жартылай көшпелі шекаралық аудандары секторының меңгерушісі ретінде облаткомды көшіп кеткен босқындарды жерге орналастыру жұмысына жұмылдыруда үлкен еңбек сіңірді. 1933 жылы 15 қазанда Н. Өмірзақовтың қатысуымен өткен БК(б)П Алматы обкомы хатшылығының мәжілісінде «БК(б)П Обкомының пленумын шақыру туралы» мәселе қаралды. Талқылау барысында «Көшіп кеткен шаруашылықтарды орналастыру» туралы І.Молдажановтың баяндамасы осы жылдың 15 қарашасына шақырылатын пленумның күн тәртібіне енгізілді (ҚРПА, 969-қ., 1-т., 89-іс, 33-п.).

БК(б)П Алматы обкомы мен Алматы облаткомының жанындағы Отырықшыландыру және босқындарды орналастыру комитеті 1933 жылдың қарашасында облыс бойынша 4 150 шаруа отбасын азық-түлікпен қамтамасыз етті. Ал желтоқсан айында көмек мөлшерін ұлғайтып, 14 100 шаруа отбасына азық-түлік көмегін беру жоспарланды. Әрбір шаруа отбасына берілетін көмек мөлшері орта есеппен алғанда 1,5 пұт деп белгіленді. Азық-түлік көмегін бірінші кезекте босқындарға, содан кейін егіні бітпей қалған колхоздардың колхозшылары мен қысқарып қалған маусымдық жұмысшыларға беру көзделді (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 90-іс, 79-80-п.).

Өкімет пен партия басшылығының оң саясаты нәтижесінде аштықтан босып кеткен шаруа қожалықтарына берілген көмек көлемі біртіндеп арта түсті. 1933 жылы желтоқсанда облыс бойынша 14 010 шаруашылыққа азық-түлік көмегін беру жоспарланып, іс жүзінде 15 100 шаруашылыққа көмек көрсетілді. Ал 1934 жылы қаңтарда 18 200 шаруашылыққа азық-түлік көмегі берілді. Бұл осы аудандарға орналастырылып жатқан босқын шаруа қожалықтары санының артуына байланысты орын алды. Облатком жанындағы Босқындарды орналастыру жөніндегі комиссияның 1933 жылы 22 желтоқсанда өткен мәжілісінде 1934 жылдың қаңтар айында 32900 пұт астықты 18 200 шаруашылыққа тарату үшін, босқындары аштықтың зардабынан әлі айыға қоймаған аудандардың шаруашылықтары үшін орта есеппен айына 2 пұттан астық бөлу жөнінде шешім қабылданды. Мұндай аудандардың қатарына жатқызылған Ақсу, Талдықорған, Қордай, Шу, Қаратал, Аягөз аудандарының шаруашылықтары үшін барлығы 22 400 пұт астық бөлінді (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 142-іс, 102-п.).

Ал Қастек, Үржар, Алакөл, Октябрь, Іле, Лепсі, Шелек, Жаркент, Кеген, Еңбекші-қазақ аудандарының шаруашылықтары үшін орта есеппен айына 1,5 пұт астық бөлу жөнінде шешім қабылданды. Мұндай аудандардың қатарына жатқызылған аудан шаруашылықтары үшін барлығы 10 500 пұт астық бөлінді (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 142-іс, 102-103-п.).

1933 жылы Алматы обкомының көшпелі, жартылай көшпелі шекаралық аудандары секторы мен облаткомның жанындағы Отырықшыландыру және босқындарды орналастыру комитетінің басшылығымен Балқаш, Бертыстен 3 000-нан аса шаруашылық ауыстырылып, облыстың колхоз-совхоздарына орналастырылды. Қырғызстаннан 1 700 шаруашылық қабылданған. Босқынға ұшыраған шаруашылықтар азық-түлік және өндірістік тауарлармен жабдықталып, өзендер мен көлдердің жағалауларында олар үшін балық аулау артельдері ұйымдастырылды. Көшпелі қазақ аудандарына 100 мың пұттан аса астық, бір миллион сомның өндіріс тауарлары жеткізіліп, 10 500 тұрғын үй жөнделді (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 90-іс, 100-п.).

Н. Өмірзақов қазақ жерін шарпыған сұрапыл аштықтан кейінгі аса қиын уақытта Алматы обкомының көшпелі, жартылай көшпелі шекаралық аудандары секторын 6 айға жуық уақыт басқара отырып, өзінің іскерлігі мен ұйымдастырушылық талантының жоғарылығы, туған халқы мен Отанына деген сүйіспеншілігінің арқасында Алматы облысы бойынша кәсіби дайындығы жоғары партия және мемлекет қайраткері ретінде танылды.

Республика бойынша партия басшылығы мен кеңестік басқару органдарына, халық шаруашылығы салаларына сауатты да жауапты әрі іскер мамандар жетіспей жатқан уақытта Н. Өмірзақов сияқты мемлекет қайраткерлері аса қажет болатын. Көп ұзамай, Н. Өмірзақов Алматы облысының шалғайдағы аудандарының бірі, әрі аштық пен жұттан кейін шаруашылығы тұралап, оңала алмай жатқан Ақсу ауданының басшысы қызметіне жіберілді.

Н. Өмірзақов – Ақсу аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы

1933 жылы 20 желтоқсанда БК(б)П Қазөлкекомы бюросы «БК(б)П Ақсу аукомының хатшысы туралы» мәселені қарап, «Алматы обкомы жолдас Өмірзақовты БК(б)П Ақсу аукомының хатшылығына ұсынсын» деген шешім қабылдады (ҚРПА, 141-қ., 1-т., 6558-іс, 69-п.). Алматы обкомы осы шешімді бекітеді.

Н.Өмірзақов 1934 жылы 2-8 қаңтарда Алматыда болып өткен Алматы облысының 2-ші партконференциясының жұмысына БК(б)П Ақсу аукомының жаңа сайланған хатшысы әрі БК(б)П Балқаш аукомының делегаты ретінде шешуші дауыспен қатысты (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 159-іс, 71-п.). Ол осы конференцияға Балқаш аукомы 4-ші конференциясының қаулысы бойынша делегат болып сайланған болатын (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 171-іс, 168-169-п.).

Н.Өмірзақов облыстық партконференциясының 7-қаңтарда өткен кешкі мәжілісінде БК(б)П Алматы обкомының мүшелігіне кандидат болып сайланды (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 163-іс, 1, 99-п.). Алматы облысының 2-ші партконференциясы аяқталған күннің ертеңінде Алматы қаласында БК(б)П 8-ші бүкілқазақстандық конференциясы өз жұмысын бастады. Н.Өмірзақов 1934 жылдың 8-16 қаңтары аралығында өткен конференция жұмысына Алматы облысынан шешуші дауыспен делегат болып қатысады (VIII Казакстанская, 1934: 391).

Конференциялар аяқтала салысымен, Н.Өмірзақов 1934 жылы 19 қаңтарда БК(б)П Қазөлкекомының № 10489 жолдамасымен БК(б)П Ақсу аукомының хатшысы қызметіне жіберілді (ҚРПА, 8-қ., 3-т., 4219-іс, 19-п). Н. Өмірзақов БК(б)П Ақсу аукомының хатшысы қызметін 1934 жылдың 23 қаңтарында қабылдап алып, осы қызметті 1937 жылдың 22 маусымына дейін абыроймен атқарып шықты (ҚРПА, 8-қ., 3-т., 4219-іс, 17-п.).

Ақсу ауданы 1932 жылы 20 ақпанда құрылып, орталығы – Ақсу ауылы болып бекітілген болатын. Ақсу ауданы бойынша №№ 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10, 11, 12, 13, 15, 16, 17, 19, 20, 21, 22, 23, 24-ші ауылдық кеңестері және Матай поселкелік кеңесі (ауылдық кеңес құқығындағы) жұмыс істейтін еді. ҚазОАК Президиумының 1933 жылғы 16 қарашадағы қаулысы бойынша № 20-шы, № 21-ші ауылдық кеңестері және Матай поселкелік кеңестері Бүрлі-төбе ауданына беріледі. Бірақ, № 20-шы ауыл кеңесі іс жүзінде Ақсу ауданының құрамында қала берді (Справочник, 1959: 49).

Н. Өмірзақов Ақсу аукомының бірінші хатшысы қызметіне тағайындалған кезде, жоғарыда көрсетілген ауылдық кеңестерге ҚазАКСР ОАК-і мен ХКК-нің 1933 жылғы 19-қарашасындағы «ҚазАКСР кейбір аудандары мен ауылдарының атауларын тәртіпке келтіру туралы» қаулысына сәйкес, Ақсу ауданындағы нөмірлі ауылдық кеңестерінің атауы былайша өзгертілген болатын: № 1 – Жайпақ, № 2 – Бұрған, № 3 – Сүттіген, № 4 – Ойтоған, № 5 – Ақсу, № 6 – Қарагөз, № 7 – Басқан, № 8 – Қарасу, № 9 – Діңгек, № 10 – Қабырғатал, № 11 – Суықсай, № 12 – Қарашілік, № 13 – Көлденең, № 15 – Бақалы, № 16 – Қарабөгет, № 17 – Көк-Өзек, № 19 – Сартөбе, № 20 – Тасарық, № 22 – Арасан, № 23 – Тасбекет, № 24 – Ақжар (ҚРОМА, 5-қ., 19-т., 245«а»-іс, 237-п.).

Н.Өмірзақовтың өз қолымен 1935 жылдың жазында толтырылған «Ауданның сипаттамасында» аудан құрамында 21 ауылдық кеңес, 110 елді-мекен бар деп көрсетілді. Осы сипаттамаға сәйкес, жалпы халық саны – 21 730 адам болса, оның 17 377-і қазақ болған. Аудан бойынша жұмысшылар мен қызметкерлердің 5 784 шаруашылығы болса, олардың 521-і колхоздардың құрамына кірген. Ауданда 104 колхоз, барлығы – 23 692 га егіс алқабы (оның ішінде 21 907 га (ескі шекара бойынша) астықты алқап, 1 МТС, 4 совхоз болды. Аудандағы 2 өндірістік кәсіпорында 131 жұмысшы жұмыс істеген. Барлығы 23 бастауыш партия ұйымында 190 (01.04.1935 жылы мәлімет) партия мүшесі және 187 кандидат болған екен. 1935 жылдың 1-қаңтарындағы мәлімет бойынша аудан бойынша 1 643 жылқы, 15 413 сиыр, 33 352 қой, 2 886 ешкі, 671 шошқа, 187 түйе, барлығы – 54 152 бас мал болған (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 300-іс, 1-п.). Аудан экономикасының негізі – мал шаруашылығы болып табылған.

Н.Өмірзақов 1937 жылдың 11-16 мамыры аралығында өткен Ақсу аудандық 6-шы партия конференциясында ауданның жер көлемі – 1 400 448 га, яғни 14 007 шаршы километр, осы жердің 66 329 гектары егін егуге жарамды; аудан құрамында 21 ауыл кеңесі, 42 артель, 24 мал серіктігі, 3 совхоз, 2 МТС, 6 442 үй бар деп көрсетеді. 1937 жылғы ақпан айындағы есеп бойынша барлық егіс көлемі – 19 400 гектарды құраса, барлық мал басы – 91 849 болған (оның 56 948-і шаруа секторына, қалғандары совхоз және қызметкерлер мен мекемелерге қараған) (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 688-іс, 135-136-п.). Бұл мәліметтерге қарай отырып, Н.Өмірзақов ауданды басқарған 3 жыл ішінде аудан шаруашылығының едәуір деңгейде дамығанын байқауға болады.

Жоғарыда келтірілген аудандағы барлық мал басы туралы деректер жеке шаруалардың қолындағы, серіктестіктер мен әртүрлі мекемелердің және мемлекет меншігіндегі мал басын түгел қосқандағы көрініс болса керек. Себебі, бұл мәліметтердегі мал саны алда келтірілетін кестелердегі мал санымен сәйкес келе бермейді.

1934 жылы 23 қаңтарда Ақсу ауылына келіп жеткен Н.Өмірзақов 25 қаңтар күні БК(б)П Ақсу аукомы бюросының кезектен тыс мәжілісін өткізіп, ресми түрде өз қызметіне кірісті (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 210-іс, 16-17-а.п.). Бұл кезде Ақсу ауданы бойынша аштықтың зардабы әлі жойылмай тұрған болатын. Босып жүрген халық, жүгенсіз кеткен колхоз-совхоздар, орындалмай жатқан жоспарлардың мекені болған Ақсу ауданында соңғы 2 жыл ішінде 5 хатшы ауысып (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 178-іс, 230-231-п.), бұл ауданның жағдайы оңалмай тұрған еді. Ол аз болғандай, көрші Қытаймен шектес аймақтардағы колхоз-совхоздарға қарақшылық шабуылдар жиі ұйымдастырылып тұратын. Міне, осындай ауданның басшысы қызметіне кіріскен Н.Өмірзақовтың алдында үлкен шаруалар тұрған еді.

1934 жылы 26 сәуірде БК(б)П Алматы обкомы мен Алматы облаткомы Президиумының біріккен мәжілісінде «Қытайдан қайтып келген босқындар туралы» мәселе қаралды. Осы мәселеге орай қабылданған қаулыда соңғы 6 ай ішінде қайтып келген босқындардың еш жерге орналастырылмай отырғанын айта келіп, оларды орналастыру жөнінде нақты шаралар кешенін қолға алды. Осы шара аясында Ақсу аукомының хатшысы Н. Өмірзақов пен аудандық атком төрағасы Ж.Алдабергеновке тез арада Ақсу ауданының территориясындағы 200 кедей және орта шаруа шаруашылықтарын Талдықорған және Қарабұлақ МТС-і радиусындағы қызылша совхоздарына ауыстыру жөнінде міндеттеме берілді (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 183-іс, 113-116-п.).

1934 жылы 4 қарашада БК(б)П Алматы обкомы бюросы «БК(б)П Ақсу аукомының хатшысы жолдас Өмірзақовтың науқасына байланысты оған демалыс беру туралы өтінішін» қарап, «жолдас Өмірзақовқа емделу үшін жолымен қоса 8-қарашадан бастап 23-желтоқсанға дейін бір жарым айлық демалыс берілсін» деген қаулы қабылдады (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 189-іс, 159-п.). 1934 жылдың 8 қарашасы мен 23 желтоқсаны аралығында Н.Өмірзақов еңбек демалысында болды.

1935 жылы 24 қаңтарда БК(б)П Алматы обкомы бюросының мүшелері - Ш. Ярмухамедовтың, Княжиннің, Галиевтің, Шабанбековтың, Саркисовтың, Әміровтың, Сүгіровтың және кандидаттары - Боховтың, Меньшовтың, Колосковтың қатысуымен өткен жабық мәжілісінде «БК(б)П аудандық комитеттерінің бірінші және екінші хатшылары мен олардың орынбасарларына мінездемені бекіту» туралы мәселе қаралды. Онда Н. Өмірзақов туралы мынадай шешім қабылданды: «Н. Өмірзақов – БК(б)П Ақсу аукомының хатшысы. Мінездемесі бекітілсін. Жолдас Өмірзақовты қайта ұйымдастырылып жатқан Андреев сияқты ірі ауданның екінші хатшысы ретінде пайдалану оған сәйкес келеді деп есептелсін.» Осылайша, 1934 жылы барлық шаруашылық жоспарларды артығымен орындап, ауданды тәртіпке келтірген Н. Өмірзақовты орнынан алу және оның орнына Октябрь ауданының хатшысы Қарасаевты әкелу жоспарланды (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 256-іс, 56-60-п.).

Бірақ, Алматы обкомының бұл жоспары іске аспады. 1935 жылы 4 ақпандаБК(б)П Алматы обкомы бюросының мәжілісінде Ярмухамедов «жолдас Киселевтің аудандық комитеттердің бірінші және екінші хатшыларын бекіту туралы жеделхатын» оқыды. Онда БК(б)П ОК шешіміне сәйкес, Н. Өмірзақов өз орнында қала берді (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 256-іс, 101-п.).

1935 жылы 25 қазанда Н. Өмірзақов БК(б)П Қазөлкекомының Ұйымдастыру-тарату бөлімі мен БК(б)П Алматы обкомына «Аудандағы партиялық құжаттарды тексеру қорытындылары мен партиялық жұмыстың жағдайы туралы баян-хат» жолдады (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 467-іс, 130-138-п.). 1935 жылы 31 қазанда БК(б)П Ақсу аукомының хатшысы Н.Өмірзақов БК(б)П Алматы обкомының Ұйымдастыру-тарату бөлімінің меңгерушісі Әміровке Ақсу ауданында өткізілген екінші партиялық тексерудің қорытындылары туралы қысқаша баян-хат жіберді (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 300-іс, 71-72-п.). 1935 жылы 14 қарашада Н.Өмірзақов БК(б)П Алматы обкомы бюросының мәжілісіне қатысып, «Ақсу ауданы бойынша партиялық құжаттарды тексеру қорытындылары» жөнінде баяндама жасады. Баяндамаға орай қабылданған қаулыда: «Ақсу аудандық партия партия ұйымы бойынша партиялық құжаттарды тексеру БК(б)П аукомының бюросы мен оның хатшысы жолдас Өмірзақовтың партиялық ұйымды БК(б)П ОК-нің 13 мамырдағы хатын, сондай-ақ БК(б)П Қазөлкеком және обком қаулыларын орындауға жұмылдырғанын көрсетеді. Большевиктік қырағылықты күшейту нәтижесінде партиялық ұйымдағы тап жаулары, кулактар, алдау арқылы партиялық құжаттарға ие болған аферистер әшкереленіп, партиядан қуылды (партиядан барлығы 53 адам немесе 13 пайызы шығарылды», - деп атап көрсетілді (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 259-іс, 119-п.).

1935 жылы 14 желтоқсанда БК(б)П Алматы обкомы бюросының мәжілісінде обком хатшысы А.Д. Киселев «БК(б)П Ақсу аукомының хатшысы жолдас Өмірзақовтың партиялық құжаттарын тексеру актісі» туралы баяндап, бұл бойынша «Акті бекітілсін. Жолдас Өмірзақовтың партиялылығы күдік туғызбайды деп есептелсін» деген шешім қабылданды (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 259-іс, 181, 184-п.).

1936 жылы 21 наурызда Н.Өмірзақов БК(б)П Алматы обкомы бюросының мәжілісіне қатысты. Осы мәжілісте «Аудандық газеттер туралы» (6-пункт) мәселе қаралды. Ақсу аудандық «Ленин жолы» газетін 3000 таралыммен, айына 12 күн шығару жоспарланып, 4 штаттық қызметкері (редактор, әдеби қызметкер, бұқарамен жұмыс жөніндегі нұсқаушы, хатшы) мен олардың жалақысы бекітілді (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 385-іс, 49-76-п.). Н. Өмірзақовтың басшылығымен «Ленин жолы» атты аудандық газетті шығару жолға қойылды.

1936 жылы 1 маусымда Н. Өмірзақов БК(б)П Алматы обкомы бюросының мәжілісіне қатысып, «Ақсу аудандық партия ұйымы бойынша партия құжаттарын айырбастауды ұйымдастыру жоспары» туралы баяндама жасады. Бюро осыған орай төмендегідей қаулы қабылдады: «1) БК(б)П аудандық комитеті ұсынған партиялық құжаттарды айырбастауды ұйымдастыру жоспары бекітілсін; 2) Аудандық партия хатшысы жолдас Өмірзақовқа 4 маусымнан бастап партия құжаттарын ауыстыруға кірісу тапсырылсын» (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 388-іс, 135-136-п.).

1936 жылы 7 тамызда БК(б)П Ақсу аукомының хатшысы Н.Өмірзақов БК(б)П Қазөлкекомының хатшысы Л.Мирзоян мен БК(б)П Алматы обкомының хатшысы А.Киселевтің атына өтініш жолдап, Москвадағы Коммунистік Ағарту институтына оқуға жіберуді сұрады. Бұл өтініш 11 тамыз күні 4052-ші кіріс нөмірімен Қазөлкеком кеңсесіне келіп түсті. 1936 жылы 20 тамызда БК(б)П Қазөлкекомы бюросының мәжілісінде сұрау салу жолымен «БК(б)П Ақсу аукомының хатшысы жолдас Н. Өмірзақовтың Коммунистік Ағарту институтына оны оқуға жіберу туралы өтініші» қаралып, «қабыл алынбасын» деген шешім қабылданды (ҚРПА, 141-қ., 1-т., 10593-іс, 346-347-п.).

Н.Өмірзақов 1937 жылдың 27 мамыры мен 3 маусымы аралығында Алматы облыстық ІІІ партконференциясына қатысты. Конференцияға 263 делегат шешуші дауыспен, 69 делегат кеңесші дауыспен қатысты. Конференцияның күн тәртібінде мынадай мәселелер қаралды: 1) ҚК(б)П Обкомының есебі; 2) Ревизиялық комиссияның есебі; 3) Сайлаулар: а) ҚК(б)П обкомын; б) Ревизиялық комиссияны; в) Қазақстан К(б)П съезіне делегаттарды. Конференция Президиумына Л.Мирзоян, О.Исаев, Ж.Сәдуақасов, Голубев, Б.Қилыбаев, Н.Юсупов, Комова, А.Шураков, К.Телегин, Ұ.Құлымбетов, Нұртілеуов, Сагайдачный, Н.Өмірзақов, С.Нұрпейісов, У.Шабанбеков, Т.Қожанов, М.Ибрагимов, Варов, Бабаев, Маянов, Ш.Өтепов, Л.Залин сайланды. Н.Өмірзақов конференция қарарларының жобасын даярлау үшін құрылған комиссия мүшесі болып сайланды (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 584-іс, 1-17-п.). Н. Өмірзақов конференцияның 29 мамырда өткен таңертеңгі мәжілісінде Обкомның есепті баяндамасына орай болған жарыссөзге қатысып, сөз сөйледі (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 587-іс, 76-79-п.). Н.Өмірзақов осы конференцияда БК(б)П Алматы обкомының мүшесі және ҚК(б)П-нің 1-ші съезіне делегат болып сайланды.

Н.Өмірзақов 1937 жылы 3 маусымда 3-сайланған БК(б)П Алматы обкомының І пленумына қатысты. Пленум жұмысына пленумның 55 мүшесі, 12 кандидаты, ревизиялық комиссияның 5 мүшесі қатысты. Пленумда БК(б)П Алматы обкомының бірінші хатшысы болып Ж. Сәдуақасов, екінші хатшысы болып Н. Юсупов сайланды. Сәдуақасов, Юсупов, Қожанов, Варов, Шабанбеков, Шураков, Телегин, Әміров, Құлжанов, Дәулетғалиевтар бюро мүшесі болып сайланса, Сүгіров, Таиров, Өтепов, Тирановтар бюро мүшелігіне кандидат болып сайланды (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 598-іс, 1-4-п.).

Алматы облыстық партконференциясында шешуші дауыспен делегат болып сайланған Н.Өмірзақов 1937 жылы 5-12 маусымда өткен Қазақстан Компартиясының І съезіне қатысты. 5 маусымда Н.Өмірзақов ҚК(б)П І съезінің ашылуында Съезд Президиумына мүше етіп сайлау үшін Алматы обкомының бірінші хатшысы – Ж.Сәдуақасовты, Түріксіб саяси бөлімінің бастығы - Голубевті, Шу станциясының орденді машинисі – Березнякті, Кеген аудандық партия ұйымдастырушысы – Босаковты, Алматы қалалық комитетінің екінші хатшысы – А.В. Шураковты Алматы обкомының атынан кандидат етіп ұсынды (ҚРПА, 708-қ.,1-т., 1-іс, 1-4-п.). Съездің 11 маусым күні өткен мәжілісінде «ҚК(б)П ОК мүшелігіне кандидаттарды талқылау» барысына қатысып, съезд делегаттарына өзін қысқаша таныстырды. Содан кейін, Алматы обкомының бірінші хатшысы Ж.Сәдуақасов Н. Өмірзақовтың кандидатурасын қолдап сөз сөйледі. Съезд делегаттары Н. Өмірзақовтың кандидатурасына қарсылық білдірген жоқ (ҚРПА, 708-қ.,1-т., 2-іс, 2, 273-п.). Осының нәтижесінде Н. Өмірзақов 12 маусымда ҚК(б)П ОК мүшесі болып сайланды (ҚРПА, 708-қ.,1-т., 2-іс, 837-861-п.).

Н.Өмірзақов – Еңбекші-қазақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы

1937 жылы 22 маусымда ҚК(б)П Алматы обкомы бюросының мәжілісінде «ҚК(б)П Еңбекші-қазақ аукомының бірінші хатшысы туралы» мәселені қарап, «ҚК(б)П Еңбекші-қазақ аукомының бірінші хатшысы міндетін атқарушы қызметіне жолдас Өмірзақов Нұрбапа ұсынылсын. Ол ҚК(б)П Ақсу аукомының бірінші хатшысы қызметінен босатылсын. ҚК(б)П ОК-нен және БК(б)П ОК-нен бекіту сұралсын» деген шешім қабылдады. Ал ҚК(б)П Ақсу аукомының бірінші хатшысы болып Алдабергенов Жайлау ұсынылды (ҚРПА, 8-қ.,1-т., 632-іс, 55-п.). Осылайша, Н. Өмірзақов өзі 1928-1929 жылдары қызмет атқарған Еңбекші-қазақ ауданына қайта оралды.

1932 жылы 20 ақпанда Алматы облысының құрамында құрылған Еңбекшіқазақ ауданы бұл кезде Азат, Ақши, Александровск, Жанашар, Евгений-Маловодный, Есік, Қара-кемер, Көк-төбе, Купластовск, Наримановск, Рахат, Садыр, Тәшкенбайсаз, Түрген ауылдық кеңестерінен тұратын еді. Орталығы – Қара-кемер ауылы болды (Справочник, 1959: 66-67).

1937 жылы 3 шілдеде Н.Өмірзақов ҚК(б)П Алматы обкомы бюросының мәжілісіне қатысты (ҚРПА, 8-қ.,1-т., 632-іс, 102-п.). Ал 1937 жылы 10-15 шілдеде ҚК(б)П Алматы обкомы бюросы сұрау салу жолымен «ҚК(б)П Еңбекші-қазақ аукомының хатшысы жолдас Өмірзақовтың демалысы туралы» мәселені қарап, «жолдас Өмірзақовқа науқасына орай 1937 жылдың 1-тамызынан бастап айлық демалыс берілсін» деген шешім қабылдады. Бірақ, бұдан кейінгі архив құжаттарына қарай отырып, Н. Өмірзақовтың бұл демалысты пайдалана алмағанын көреміз (ҚРПА, 8-қ.,1-т., 632-іс, 145-146-п.).

1937 жылы 19-21 шілдеде Н.Өмірзақов 3-ші сайланған БК(б)П Алматы обкомының ІІ пленумына қатысты. Пленум жұмысына пленумның 45 мүшесі, 11 кандидаты, ревизиялық комиссияның 4 мүшесі, облыстың 27 жетекші қызметкері қатысты. Пленумның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Сүлейменов пен Таировты ұлтшыл-фашистік ұйымның мүшелері ретінде партиядан шығару жөніндегі БК(б)П Алматы обкомы бюросының шешімін бекітіліп, Сүлейменов обкомның құрамынан, Таиров обкомның және бюро мүшелігіне кандидаттықтан шығарылды. Содан кейін, Ж.Сәдуақасов «БК(б)П ОК-нің маусым пленумының қорытындылары туралы», Т. Қожанов «Астық жинау және астық тапсыру туралы» баяндама жасады. Обком Н. Ежовқа Ленин орденінің берілуіне орай, оған құттықтау жеделхатын жіберу жөнінде шешім шығарды. Пленум аяғында «ҚК(б)П обкомының үшінші хатшысы туралы» мәселе қаралып, Ш. Өтепов үшінші хатшы болып сайланды (ҚРПА, 8-қ., 1-т., 600-іс, 1-2-п.).

1937 жылы 29 шілдеде ҚК(б)П Алматы обкомы бюросының мәжілісінде «ҚК(б)П Еңбекші-қазақ аукомының хатшысы Өмірзақовтың Ақсу ауданындағы балалар үйлерінің жұмысына дұрыс жетекшілік жасамағаны үшін БК(б)П Қазөлкекомы 1936 жылы маусымда берген партиялық жазаны (сөгісті) одан алып тастау туралы өтініші» қаралып, «1936-1937 жылдар аралығында жолдас Өмірзақов балалар үйлерінің жұмысындағы жағдайды жөндеу үшін шешуші шаралар қабылдауына байланысты, жолдас Өмірзақовтан 1936 жылы маусым айында оған берілген сөгісті алып тастау ҚК(б)П ОК-нен сұралсын» деген шешім қабылдады (ҚРПА, 708-қ.,1-т., 34-іс, 295-п.; Сонда, 8-қ., 1-т., 632-іс, 194-п.).

Нұрбапа Өмірзақов 1937 жылдың 22 маусымынан 1937 жылдың 28 қазанына дейін, яғни тұп-тура төрт ай бойы ҚК(б)П Еңбекші-қазақ аукомының бірінші хатшысының міндетін атқарды. Осы уақыт ішінде, бүкіл шаруашылық саласы мен партия жұмысы, ауылдық кеңестерінің қызметі бір қалыпқа түскен Еңбекші-қазақ ауданындағы басшылық қызмет Н.Өмірзақовтың біраз уақыт тыныстауына жағдай туғызды. Оның үстіне, бұл кезде ҚК(б)П ОК-нің мүшесі болып сайланған Н. Өмірзақовтың кандидатурасын ҚК(б)П ОК-нің бірінші хатшысы Л. Мирзоян ҚазОАК төрағасы қызметіне даярлап жатқан болатын.

Н.Өмірзақовтың жоғарғы партия және мемлекеттік билік органдарындағы қызметі

1937 жылы 21-26 наурызда Алматыда шақырылған Қазақстан кеңестерінің Х төтенше съезінде ҚазКСР Конституциясының жобасы талқыланып, Қазақстанның тұңғыш Конституциясы 26 наурыз күні бірауыздан қабылданды. Қазақ АКСР-інің одақтас республика болып құрылуы елде көптеген өзгерістер жасауды талап етті.

Бұл кезеңде Қазаткомды басқарып тұрған Ұ. Құлымбетов көп ұзамай сталиндік қуғын-сүргін құрбанына айналды. Ұ.Құлымбетов 1937 жылы 5-12 маусымда өткен ҚК(б)П І съезінде ОК құрамына сайланбай қалса, 21 шілдеде ҚазОАК төрағасы қызметінен босатылды. 27 шілдеде ҚК(б)П ОК хатшысы Л. Мирзоян БК(б)П ОК хатшысы И. Сталинге жеделхат жолдап, оңшыл және троцкийшіл ағымның мүшесі ретінде айыпталған Ұ. Құлымбетовты тұтқындауға рұқсат сұрады. И.Сталин жеделхатқа «Құлымбетовты тұтқындау үшін. И.Ст.» «Жауап. Қарсылығым жоқ. Сталин. 28.07.1937.» деген белгі салды (Ашимбаев, Хлюпин, 2008: 388). Осылайша, 1935 жылғы 9 қаңтардан бері ҚазОАК төрағасы қызметін атқарып келген Ұ.Құлымбетов «халық жауы» ретінде түрмеден бір-ақ шықты.

ҚазОАК төрағасы қызметіне жаңа кандидат іздестіру жұмысын Л. Мирзоян өз қолына алды. Таңдау – сол кездегі Алматы облысы Еңбекші-қазақ аукомының бірінші хатшысы міндетін атқарушы Н. Өмірзақовқа түсті. Бұл туралы кезінде академик К.Нұрпейісов былай деп жазған еді: «Л.И.Мирзоян қабілетті де қажырлы жас басшының келешегіне көп үміт артты және оны өзінің қамқорлығына алды. Л.И.Мирзоянның келісім-қолдауымен Н.Өмірзақов 1937 жылғы 5-12 шілдеде болған Қазақстан коммунистік (большевиктер) партиясының бірінші съезінде оның Орталық Комитетіне мүше болып, ал бірнеше айдан кейін Орталық комитеттің бюро мүшесі болып сайланды» (Нұрпейіс, 2007). Шынында да, Н. Өмірзақов 1937 жылы 26 қазанда ҚП(б)К ОК ІІІ пленумында Л.Мирзоянның ұсынуымен ҚП(б)К ОК бюросының мүшесі болып сайланды («Социалды Қазақстан», 1937: 27 октябрь).

1937 жылдың 29-қыркүйегінде өткен ҚК(б)П ОК бюросының мәжілісі күн тәртібіне «ҚазОАК төрағасы туралы» мәселе қойылғанымен, «мәселе ОК бюросының келесі мәжілісіне ауыстырылсын» деген шешім қабылданды (ҚРПА, 708-қ., 1-т., 37-іс, 449-п.). Ал ҚК(б)П ОК бюросының 3 қазан күні өткен мәжілісіне Н.Өмірзақов қатысты. Мәжілісте Л. Мирзоян «ҚазКСР ОАК сессиясы туралы» және «ҚазОАК төрағасы туралы» баяндама жасады. Олар бойынша «1. ОАК сессиясы осы жылғы 28 қазанға төмендегідей күн тәртібімен шақырылсын: а) КСР Одағының Жоғарғы Кеңесіне сайлау туралы; б) Ұйымдастыру мәселелері; 2. ОАК сессиясының 28 қазанға шақырылуына байланысты, колхоз, совхоз, өндірістік кәсіпорындардың 200 адамнан аспайтын мөлшердегі өкілдерінің қатысуымен өтетін қалалық кеңестің салтанатты мәжілісін шақырумен шектеле отырып, ОАК-нің мерейтойлық сессиясын 7 қарашаға шақыру туралы ОК шешімі өзгертілсін» және «ҚК(б)П Еңбекші-қазақ аудандық комитетінің бірінші хатшысы міндетінен босатыла отырып, жолдас Өмірзақов Қазақ КСР ОАК төрағасы болып бекітілсін. БК(б)П ОК бекітуіне енгізілсін» (ҚРПА, 708-қ., 1-т., 37-іс, 321-372-п.).

ҚК(б)П ОК-нің Н. Өмірзақовты ҚазОАК төрағасы етіп сайлау туралы шешімінен соң, 1937 жылы 4 қазанда өткен ҚазОАК Президиумының Ә.Жангелдиннің төрағалығымен өткен мәжілісінде «Өмірзақов Нұрбапаны ҚКСР ОАК төрағасы етіп сайлау туралы» мәселе қаралып, «1) Өмірзақов Нұрбапа ҚКСР ОАК төрағасы болып сайлансын. 2) Осы шешім бекітілу үшін ҚКСР ОАК-нің жақын арадағы сессиясына шығарылсын», - деген шешім қабылданды (ҚРОМА, 195-қ., 4-т., 3а-іс, 20-п.). Ал Н.Өмірзақов 6 қазан күні ҚК(б)П Еңбекші-қазақ аукомы бюросының мәжілісін өткізді. Мәжілісте «жолдас Өмірзақовты шақыру туралы ҚК(б)П ОК шешімі» қаралып, «ҚК(б)П ОК қарауына жолдас Өмірзақовты шақыру туралы ҚК(б)П ОК шешімі мақұлдансын» деген қаулы қабылданды (ҚРПА, 22-қ., 1-т., 82-іс, 136-139-п.).

1937 жылы 9 қазанда Москвада өткен БК(б)П ОК Саяси бюросының мәжілісінде «Қазақ КСР ОАК төрағасы туралы» мәселе қаралып, «ҚК(б)П ОК шешімі бекітілсін» деген қаулы қабылданды (Политбюро, 2001: 913). Осылайша, ҚазОАК төрағасы қызметіне «сайлануға» Орталықтан келісім мен қолдау алған Н.Өмірзақовтың мемлекеттік қызметінің жаңа кезеңі басталды.

Н. Өмірзақов 1937 жылдың 11 және 13 қазан күндері өткен ҚК(б)П ОК бюросының мәжілістеріне (ҚРПА, 708-қ., 1-т., 37-іс, 2, 59-п.), 21 қазан күні өткен ҚазОАК Президиумының мәжілісіне ҚК(б)П ОК атынан қатысып, мемлекеттік биліктің жоғарғы сатысында атқарылатын жұмыстардың жай-күйімен таныса бастады (ҚРОМА, 195-қ., 4-т., 3а-іс, 1-п.). Тіпті, ҚазОАК Президиумының 8 қазанда өткен мәжілісінің хаттамасына ҚазОАК төрағасы ретінде қол қойды (ҚРОМА, 195-қ., 4-т., 3а-іс, 42-43-п.). Ал ҚК(б)П ОК бюросының Н. Өмірзақовтың қатысуымен 22 қазанда өткен мәжілісінде «ҚазКСР ОАК хатшысы туралы» мәселе қаралып, «ҚазКСР ОАК хатшылығына жолдас Тәжібаев Әміржан ұсынылсын» деген шешім қабылданды (ҚРПА, 708-қ., 1-т., 38-іс, 42-43-п.).

1937 жылы 28 қазанда түскі сағат 13.00-де 9-сайланған ҚазОАК-нің 5-сессиясы ашылды (ҚРОМА, 195-қ., 1-т., 55-іс, 1-п.). Сессияны ҚазОАК Президиумының мүшесі А.М. Заворитько ашық деп жариялап, төмендегідей күн тәртібін ұсынды: 1) ҚазОАК төрағасы туралы; 2) ҚазОАК хатшысы туралы; 3) ҚазОАК Президиум мүшелері туралы; 4) Осы алдымызда тұрған Советтерге сайлау науқанына байланысты міндеттер; 5) Өткен сессия мен осы сессияның арасында болған ҚазОАК қаулыларын бекіту; 6) Ұйымдастыру мәселелері (ҚРОМА, 195-қ., 4-т., 53-іс, 1-п.). Бірінші мәселе бойынша сөз ҚК(б)П ОК бірінші хатшысы Л. Мирзоянға берілді. Л. Мирзоян ҚазОАК-нің бұрынғы төрағасы Ұ.Құлымбетовқа қатысты тергеу материалдары негізінде оның «қылмыстарын» әшкерелей отырып, оны ҚазОАК Президиумының төрағасы қызметінен аластап, мүшелігінен шығаруды ұсынды (ҚРОМА, 195-қ., 1-т., 55-іс, 2-4-п.). Бұл мәселе бірауыздан шешілген соң, ҚазОАК Президиумының жаңа төрағасы туралы мәселеге көшіп, бұл орынға Алматы облысы Еңбекші-қазақ аукомының бірінші хатшысы қызметін атқарып жүрген жас жігіт – Нұрбапа Өмірзақовты ұсынды. Съезд делегаттарының бірінің ұсынысы бойынша Н. Өмірзақовқа өзін таныстыру үшін сөз берілді. Оның сөзінен кейін, сессия төрағасы кімде қандай ұсыныстың болатынын сұрады. «Бекітілсін» деген ұсыныстар түскеннен кейін, Н.Өмірзақовтың кандидатурасы дауысқа салынып, ол бірауыздан ҚазОАК төрағасы болып сайланды (ҚРОМА, 195-қ., 4-т., 2-іс, 2-п.).

1937 жылы 9 қарашада өткен ҚазОАК Президиумының мәжілісінде Н.Өмірзақов ҚазОАК Президиумының жанындағы кешірім беру комиссиясының, Мал өсіруге көмектесетін комиссияның, ҚазОАК жанындағы Орталық балалар комиссиясының және В.И. Ленин атындағы қор комиссиясының төрағасы қызметіне сайланды (ҚРОМА, 195-қ., 1-т., 171-іс, 14-16-п.).

1937 жылдың желтоқсанында КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауы болды. Осы сайлауға Қарағанды қаласы Киров сайлау округінен кандидат болып ұсынылған Н.Өмірзақов 1-ші сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. 1937 жылдың 12 желтоқсанында КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауына №247-ші Шымкент сайлау округі бойынша Н.Өмірзақов КСРО Ұлттар кеңесіне депутат болып сайланды (Айдаралиев, 1993: 36).

1938 жылдың 12-19 қаңтарында Н.Өмірзақов Москва қаласында өткен 1-сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1-ші сессиясына қатысты. Сессияның 17 қаңтар күні өткен мәжілісінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумы сайланды. Сол мәжілісте Н. Өмірзақов КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының 11 орынбасарының (11 одақтас республиканың әрбірінен бір орынбасар сайланды – авт.) бірі болып сайланды (Первая, 1938: 130). Ал 24 қаңтар күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының бірінші мәжілісіне қатысты («Известия», 1938). Сол мәжілісте М.И. Калинин: «Товарищ Нурбапа Умурзаков, вы по возрасту – самый молодой среди моих заместителей. А молодому человеку положено поднимать и таскать тяжеловесный груз. Полагаю, что вскоре Вас изберут председателем Президиума Верховного Совета Казахстана. Тогда я вас буду называть молодым Президентом», (Жас, 2007: 30) – деген көрінеді. Міне, осы күннен бастап, Н.Өмірзақовқа «Жас Президент» деген ат таңылған екен.

1938 жылы 7 мамырда өткен ҚК(б)П ОК бюросының мәжілісінде ҚК(б)П ОК-нің екінші хатшысы С. Нұрпейісов орнынан босатылып, ҚК(б)П ОК екінші хатшысы болып БК(б)П ОК тарапынан ұсынылған Н.А.Скворцов бекітілді (ҚРПА, 708-қ., 2/1-т., 67-іс, 1-3-п.). 1938 жылы 16 мамырда өткен Қазақстан К(б)П ОК бюросының мәжілісінде БК(б)П ОК қаулысына сәйкес Л. Мирзоян бірінші хатшы қызметінен босатылып, ОК қарауына Москваға жіберілді (ҚРПА, 708-қ., 2/1-т., 70-іс, 1-2-п.). Осылайша, Қазақстандағы сталиндік қуғын-сүргінді жүзеге асыруға еш тосқауыл қоймаған Л.Мирзоян көп ұзамай, 1938 жылдың қаңтар айында Орталықтан келіп ҚазКСР Ішкі істер халкомы қызметіне тағайындалған С. Реденстің (И.Сталиннің бұрынғы бажасы – авт.) құрған торына түсіп, Сталинге қарсы оппозия өкілі ретінде 23 мамырда «халық жауы» ретінде тұтқындалып кете барды. ҚК(б)П ОК бірінші хатшысы болып, С. Реденстің сыбайласы – Москвадан келген Н.А. Скворцов бекітілді.

Осыдан соң-ақ, Н.Өмірзақов барлық жерде шеттетіле бастады. Осы жылдың 25 мамырында Н.Өмірзақов ҚК(б)П ОК бюросының мәжілісіне қатысты. Осы мәжілісте БК(б)П ОК қарауына шақырылуына байланысты О. Исаев орнынан босатылып, Халкомкеңес төрағасы міндетін атқару Тәжиевке жүктелді. Осы мәжілісте, 19 мамыр күні сұрау салу жолымен шешілген «Қазақстанның халық ақыны Жамбыл Жабаевты оның шығармашылық қызметінің 75 жылдығына байланысты мерейтойына орай Ленин Орденімен марапаттау туралы КСРО Жоғарғы Кеңесінің Президиумына ұсыныс хат енгізу» жөніндегі шешімі бекітілді (ҚРПА, 708-қ., 2/1-т., 71-іс, 1-3, 15-п.).

1938 жылы 3 маусымда Н.Өмірзақов ҚК(б)П ОК бюросының мәжілісіне қатысып, Н.Скворцовпен бірге «Мирзоян қаласы мен Мирзоян ауданын Жамбыл атындағы қала мен ауданға өзгерту туралы» баяндады. Ол бойынша: «БК(б)П ОК-нен Мирзоян қаласын Жамбыл қаласына және Оңтүстік Қазақстанның Мирзоян ауданын Жамбыл ауданына өзгерту сұралсын» деген шешім қабылданды (ҚРПА, 708-қ., 2/1-т., 73-іс, 1-2, 6-п.).

Н.Өмірзақов 1938 жылы 3-14 шілдеде Алматыда өткен ҚК(б)П ІІ съезіне шешуші дауыспен делегат болып қатысты. ҚК(б)П ІІ съезінің ашылуы салтанатында Н.Өмірзақов 25 адамнан тұратын Съезд Президиумына 485 дауыспен мүше болып сайланды (ҚРПА, 708-қ.,2/1-т., 1-іс, 1, 20-п.). Н.Өмірзақов съезд жұмысы барысында ҚК(б)П ОК құрамына сайлауға ұсынылмады (ҚРПА, 708-қ.,2/1-т., 3-іс, 445-451-п.). 1938 жылы 14 шілдеде Н. Өмірзақов ҚК(б)П ОК құрамына сайланбады. Осы күні өткен екінші сайланған ҚК(б)П ОК-нің І пленумында Н.А.Скворцов ҚК(б)П ОК-нің бірінші хатшысы, С.Дауленов екінші хатшысы, Ж.Шаяхметов үшінші хатшысы болып сайланды. 7 адамнан тұратын ҚК(б)П ОК бюросының құрамына Н.А. Скворцов, С. Дауленов, Ж. Шаяхметов, С.Ф. Реденс, Я.Я. Важник, Ә. Қазақпаев және Н. Оңдасынов сайланды. Кандидаттары болып Н.П. Садовников, С. Бурашев, К.И. Филиппов, А.Ж. Бектасовтар сайланды. «Казахстанская правда» газетінің редакторы болып А.И. Шумаков, «Социалистік Қазақстан» газетінің редакторы болып С. Баишев бекітілді (ҚРПА, 708-қ., 2/1-т., 35-іс, 1-2-п.).

1938 жылы 15-17 шілдеде Алматыда 1-сайланған ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің 1-сессиясы жұмыс істеді. 15 шілдеде Жоғарғы Кеңес төрағасы болып – С.Дәуленов, орынбасарлары болып – Н.Досқожанова мен В.А.Переводкин сайланды. 16 шілдеде ҚКСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болып – Ә.Қазақпаев, орынбасарлары болып – И.А.Баранов пен Ш.Ермағамбетова, хатшысы болып – А.Тәжібаев, Президиум мүшелері болып – Н.А.Скворцов, В.А.Мининберг, М.Омаров, Б.Жүнісбаева, А.М.Заворитько, Ш.Серіков, Ф.З.Рванцев, Н.П.Садовников, Х.Раисов, Н.А.Нечаев, А.Оразбаева, Б.Кенженбаев, У.Халова, С.Орынтаев, С.Нұрмағамбетовтар сайланды. ҚКСР ХКК-ін құру Н.Д.Оңдасыновқа тапсырылды (Ашимбаев, Хлюпин, 2008: 403). Алмағайып заманда ҚазКСР ОАК-ін 1937 жылдың 28-қазанынан 1938 жылдың 16 шілдесіне дейін басқарған Н.Өмірзақов ешқандай қызметке сайланбай қалды.

Ал 1938 жылы 17 шілде күні өткен ҚК(б)П ОК бюросының мәжілісінде «жолдас Өмірзақовтың науқасына байланысты демалыс беру туралы өтініші» қаралып, «Жолдас Өмірзақовқа науқасына байланысты бір жарым ай демалыс рұқсат етілсін» деген шешім қабылданды (ҚРПА, 708-қ., 2/1-т., 80-іс, 2, 93-п.). Осылайша, «демалысқа жіберу» арқылы тұтқындау дәстүрге айналған тоталитарлық қоғамның қуғын-сүргін жылдарында Н. Өмірзақов аса қиын жағдайға душар болды. Бірақ, тағдырдың жазуымен, Н. Өмірзақов репрессиядан аман қалды. Оның 1-сайланған КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты және оның Президиумы төрағасының орынбасары қызметтерінде болуы – оны репрессия құрығынан аман алып қалған сияқты.

Қорытынды. Н.Өмірзақов Қосшы одағының Жаркент уезіне қарасты Ақтоғай болкомының төрағасы болған кезінен бастап БКП(б) Алматы округкомы Бақылау комиссиясы – Жұмысшы-шаруа инспекциясының инспекторы қызметіне дейін үнемі өсумен болды. 1930 жылы жұмысына тыңғылықты, ұстанымы берік кеңес қызметкері әрі саяси-әлеуметтік көзқарасы қалыптасқан коммунист ретінде танылған Н. Өмірзақов жоғарғы коммунистік оқу орнына жолдама алды. Оқуын бітіріп келген соң Н. Өмірзақов қазақ жерін шарпыған сұрапыл аштықтан кейінгі аса қиын уақытта Алматы обкомының көшпелі, жартылай көшпелі шекаралық аудандары секторын 6 айға жуық уақыт басқара отырып, өзін іскер маман, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, туған халқы мен Отанына шын берілген патриот екенін көрсетті.

Республика бойынша партия басшылығы мен кеңестік басқару органдарына, халық шаруашылығы салаларына сауатты әрі іскер мамандар жетіспей жатқан уақытта Алматы облысының шалғайдағы аудандарының бірі, әрі аштық пен жұттан кейін шаруашылығы тұралап, оңала алмай жатқан Ақсу ауданының басшысы қызметіне жіберілген Н. Өмірзақов үш жылдан астам уақыт ішінде Ақсу ауданының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірінің жақсаруына өлшеусіз үлес қосқан тәжірибелі басшыға, шебер ұйымдастырушы әрі жан-жақты қалыптасқан мемлекет қайраткеріне айналды.

Н. Өмірзақов 1937 жылдың 28 қазанынан 1938 жылдың 16 шілдесіне дейін ҚазОАК төрағасы, ҚК(б)П ОК бюросының мүшесі қызметтерін атқарды. 1938 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумы төрағасының орынбасары болып сайланды. Осылайша, 30 жасында мемлекеттік биліктің ең жоғарғы органдарында басшы қызметтер атқарды. 1938 жылдың екінші жартысынан бастап, қуғынға ұшыраған Н. Өмірзақовтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі Қазақстаннан тыс жерлерде – басқа одақтас республикаларда жалғасты. Н. Өмірзақовтың бұдан кейінгі қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі Қазақстаннан тыс жерлерде – басқа одақтас республикаларда жалғасты. Н. Өмірзақов барлық жерде өзінің іскерлігін, Отанына берілген қайраткер екенін көрсете білді.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

VIII Казакстанская Краевая конференция ВКП(б) 8-16 января 1934 г. Стенографический отчет. – Алма-Ата: Казкрайиздат, 1934. – 403 с.

Айдаралиев Қ. Нұрбапа Өмірзақов. – Алматы: «Қазақстан», 1993. – 72 б.

Арыстанов Ж. Алғыр азамат // Жетісу, 1967. – 25 қазан.

Ашимбаев Д. Кто есть кто в Казахстане: Биографическая энциклопедия. – Изд. 10-е доп. - Алматы: 2008. – 940 с. (С. 855.).

Ашимбаев Д., Хлюпин В. Казахстан: история власти. Опыт реконструкции. – Алматы: Credos, 2008. – 920 с.

Жазылбеков Ә. Біздің Нұрбапа. 28.11.1977 жыл. // Нұрбапа Өмірзақов: Өмірдерек, естеліктер, мақалалар, өлеңдер / Құраст.: Д. Мағлұмов. – Алматы: «Ел-шежіре» ҚҚҚ., 2007. – 112 б. (86-87 б.).

Жас Президент: Өлеңдер, толғаулар, арнаулар, естеліктер / Құраст.: Т.Қаупынбайұлы. – Алматы: «Тоғанай Т» баспасы, 2007. – 408 + 24 бет жапсырма.

Жетісу энциклопедиясы. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2004. – 501-б.

Известия, 1938. - 26 января.

Коммунистическая партия Казахстана в резолюциях и решениях съездов, конференций и пленумов. Т. 2. 1928-1937 гг. – Алма-Ата: Казахстан, 1981. – 384 с.

Күмісбекова Д.А. Қазақ Орталық Атқару Комитетінің кеңестік тоталитарлық мемлекеттік жүйенің қалыптасуы жылдарындағы қызметі (1920-1938 жж): т.ғ.к... дис. – Алматы, 2007. – 154 б.

Қазақ Совет энциклопедиясы. 9-том. – Алматы, 1976. – 11-б.

Қазақстан Республикасы Президентінің архиві (одан ары – ҚРПА), 8-қ., 1-т., 45-іс.

Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік архиві (одан ары – ҚРОМА), 5-қ., 19-т., 245«а»-іс.

Қайраткер Қабылбек туралы // Орталық Азия: тарихы және қазіргі заманы: Тарих ғылымдарының докторы, профессор, Абай атындағы ҚазҰПУ «Құрметті қызметкері» Сүтеева Ханзада Ағыбайқызының 60 жылдық мерейтойына арналған жоғары оқу орындары аралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (20 маусым 2011 ж.). – Алматы, 2011. – 324 б. (251-254-б).

ҚРОМА, 195-қ., 1-т., 171-іс.

ҚРОМА, 195-қ., 4-т., 2-іс.

ҚРОМА, 195-қ., 4-т., 3а-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 88-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 90-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 142-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 159-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 163-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 171-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 178-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 183-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 189-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 210-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 256-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 259-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 300-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 385-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 388-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 466-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 467-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 584-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 587-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 598-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 600-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 632-іс.

ҚРПА, 8-қ., 1-т., 688-ісп.

ҚРПА, 8-қ., 3-т., 4219-іс.

ҚРПА, 22-қ., 1-т., 82-іс.

ҚРПА, 141-қ., 1-т., 6553-іс.

ҚРПА, 141-қ., 1-т., 6558-іс.

ҚРПА, 141-қ., 1-т., 10593-іс.

ҚРПА, 708-қ., 1-т., 1-іс.

ҚРПА, 708-қ., 1-т., 2-іс.

ҚРПА, 708-қ., 1-т., 34-іс.

ҚРПА, 708-қ., 1-т., 37-іс.

ҚРПА, 708-қ., 1-т., 38-іс.

ҚРПА, 708-қ., 2/1-т., 1-іс.

ҚРПА, 708-қ., 2/1-т., 3-іс.

ҚРПА, 708-қ., 2/1-т., 35-іс.

ҚРПА, 708-қ., 2/1-т., 67-іс.

ҚРПА, 708-қ., 2/1-т., 70-іс.

ҚРПА, 708-қ., 2/1-т., 71-іс.

ҚРПА, 708-қ., 2/1-т., 73-іс.

ҚРПА, 708-қ., 2/1-т., 80-іс.

ҚРПА, 969-қ., 1-т., 22-іс.

ҚРПА, 969-қ., 1-т., 46-іс.

ҚРПА, 969-қ., 1-т., 89-іс.

ҚРПА, 969-қ., 1-т., 108-іс.

Нұрбапа Өмірзақов: Өмірдерек, естеліктер, мақалалар, өлеңдер / Құраст.: Д.Мағлұмов. – Алматы: «Ел-шежіре» ҚҚҚ., 2007. – 112 б.

Нұрпейіс К. Отызында ел басқарған (мемлекет қайраткері Нұрбапа Өмірзақовтың туғанына 85 жыл) // Социалистік Қазақстан, 1992. – 22 қазан.

Нұрпейіс К. Із (Н.Өмірзақовтың туғанына 100 жыл толуына арналады) // Егемен Қазақстан, 2007. – 25 шілде.

Омарбеков Т. 20-30-жылдардағы Қазақстан қасіреті. – Алматы: Санат, 1997. – 320 б.

Өмірзақов Н. Ет жүрегім елжірейді // Советтік шекара, 1977. – 19 қараша.

Первая сессия Верховного Совета СССР. 12-19 января 1938 г. Стенографический отчет. – Москва: Издание ВС СССР, 1938. 208 с.

Политбюро ЦК РКП(б) – ВКП(б). Повестки дня заседаний. 1919-1952: Каталог / Т. 2. 1930-1939. – М.: РОССПЭН, 2001. – 1200. (С. 913.).

Социалды Қазақстан, 1937. -27 октябрь.

Справочник по административно-территориальному делению Казахстана (август 1920 г. – декабрь 1936 г.) / Сост.: Ф.Н.Базанова; Под ред.: к.и.н. Г.Ф.Дахшлейгера. – Алма-Ата, 1959. – 286 с.

Шилдебай С.Документы о жизни и деятельности Нурбапы Умурзакова // Қазақстан мұрағаттары, 2010. - № 3 (15). – С. 125-136.

Шилдебай С.Тридцатилетний председатель КазЦИК-а // Europeansocialsciencejournal = Европейский журнал социальных наук. Научный журнал о государстве, гражданском обществе и правах человека. – Рига-Москва, Европейское научное общество «Mäzleksnes» (Рига), Международный исследовательский институт (Москва), 2010. - № 3. – 214 с. (С. 33-44.).

Шұбарова Қ. Үлкеннің аты - үлкен // Хантәңірі, 1992. - 22 қазан.

Шілдебай С., Садықова Г. Аштық босқындарын орналастыру жөніндегі мемлекеттік саясат және Нұрбапа Өмірзақов // Ш.Ш. Уәлиханов: ғылыми мұрасы және қазіргі заман. Ш.Ш.Уәлихановтың туғанына 175 жыл толуына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары: Көкшетау қаласы, 6-7 тамыз, 2010 ж. – Көкшетау, 2010. – 231 б. (91-97 б.).

Шілдебай С., Садықова Г. Мемлекеттің аштық босқындарын орналастыру жөніндегі саясаты және Нұрбапа Өмірзақов // ҚазҰУ хабаршысы. Тарих сериясы. – 2010. - № 4 (59). – 155-160 б.

Шілдебай С., Садықова Г. Нұрбапа Өмірзақов қатысқан партиялық конференциялар мен пленумдар жұмысы // «Садықов оқулары» халықаралық ғылыми-теориялық конференциясының материалдары. – Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2010. – 424 б. (201-205 б.).

Шілдебай С., Садықова Г. Нұрбапа Өмірзақовтың Ақсу ауданындағы қызметі // «Отан тарихының әдіснамасы мен тұжырымдамасының өзекті мәселелері» атты «Қасымбаев оқулары» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының материалдары. 21-22 желтоқсан 2010 жыл. – Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2010. – 284 б. (215-218-б.).

References:

VIII Kazakstanskaıa Kraevaıa konferentsııa VKP(b) 8-16 ıanvarıa 1934 g. Stenografıcheskıı otchet. [VIII Kazakstan Regional conference of the CPSU (b) January 8-16, 1934. Verbatim record] – Alma-Ata: Kazkraıızdat, 1934. – 403 s. (in Russian)

Aıdaralıev K. Nurbapa Ómіrzakhov [Nurbapa Umurzakov]. – Almaty: «Kazakhstan», 1993. – 72 b. (in Russian)

Arystanov J. Alǵyr azamat. [Capable citizen] // Jetіsý, 1967. – 25 kazan.(in Kazakh)

Ashımbaev D. Kto est kto v Kazahstane: Bıografıcheskaıa entsıklopedııa [Who's who in Kazakhstan: a Biographical encyclopedia]. – Izd. 10-e dop. – Almaty: 2008. – 940 s. (S. 855.). (in Russian)

Ashımbaev D., Hlıýpın V. Kazahstan: ıstorııa vlastı. Opyt rekonstrýktsıı[Kazakhstan: history of power. The experience of reconstruction]. – Almaty: Credos, 2008. – 920 s. (in Russian)

Jazylbekov Á. Bіzdіń Nurbapa. 28.11.1977 jyl. [Our Nurbapa. 28.11.1977] // Nurbapa Ómіrzaqov: Ómіrderek, estelіkter, maqalalar, óleńder [Nurbaya Umurzakov: Biography, memoirs, articles, poems] / Kurast.: D.Maǵlumov. – Almaty: «El-shejіre» KKK., 2007. – 112 b. (86-87 b.). (in Kazakh)

Jas Prezıdent: Óleńder, tolǵaýlar, arnaýlar, estelіkter [Young President: Poems, reflections, dedications, memoirs] / Khurast.: T.Khaýpynbaıuly. – Almaty: «Toǵanaı T» baspasy, 2007. – 408 + 24 bet japsyrma. (in Kazakh)

Jetіsý entsıklopedııasy [Encyclopedia Of Zhetysu] – Almaty: «Arys» baspasy, 2004. – 501-b. (in Kazakh)

Izvestııa, 1938. - 26 ıanvarıa. (in Russian)

Kommýnıstıcheskaıa partııa Kazahstana v rezolıýtsııah ı reshenııah sezdov, konferentsıı ı plenýmov. [The Communist party of Kazakhstan in resolutions and decisions of congresses, conferences and plenums.] T. 2. 1928-1937 gg. – Alma-Ata: Kazahstan, 1981. – 384 s.  (in Russian)

Kúmіsbekova D.A. Kazakh Ortalykh Atkharý Komıtetіnіń keńestіk totalıtarlykh memlekettіk júıenіń khalyptasýy jyldaryndaǵy khyzmetі [Activities of the Kazakh Central Executive Committee during the formation of the Soviet totalitarian state system] (1920-1938 jj): t.ǵ.k... dıs. – Almaty, 2007. – 154 b. (in Kazakh)

Kazakh Sovet entsıklopedııasy [Kazakh Soviet encyclopedia]. 9-tom. – Almaty, 1976. – 11-b.  (in Kazakh)

Kazakhstan Respýblıkasy Prezıdentіnіń arhıvі [Archive Of The President Of The Republic Of Kazakhstan] (odan ary – KRPA), 8-q., 1-t., 45-іs.

Kazakhstan Respýblıkasynyń Ortalykh Memlekettіk arhıvі [Central state Archive of the Republic of Kazakhstan] (odan ary – KROMA), 5-q., 19-t., 245«a»-іs.

Khaıratker Khabylbek týraly [About the Kabylbek figure] // Ortalykh Azııa: tarıhy jáne khazіrgі zamany: Tarıh ǵylymdarynyń doktory, professor, Abaı atyndaǵy KazUPÝ «Khurmettі khyzmetkerі» Súteeva Hanzada Aǵybaıkhyzynyń 60 jyldykh mereıtoıyna arnalǵan joǵary okhý oryndary aralykh ǵylymı-praktıkalykh konferentsııa materıaldary (20 maýsym 2011 j.). - Almaty, 2011. - 324 b. (251-254-b). (in Kazakh)

KROMA, 195-q., 1-t., 171-іs.

KROMA, 195-q., 4-t., 2-іs.

KROMA, 195-q., 4-t., 3a-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 88-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 90-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 142-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 159-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 163-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 171-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 178-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 183-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 189-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 210-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 256-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 259-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 300-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 385-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 388-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 466-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 467-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 584-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 587-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 598-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 600-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 632-іs.

KRPA, 8-q., 1-t., 688-іsp.

KRPA, 8-q., 3-t., 4219-іs.

KRPA, 22-q., 1-t., 82-іs.

KRPA, 141-q., 1-t., 6553-іs.

KRPA, 141-q., 1-t., 6558-іs.

KRPA, 141-q., 1-t., 10593-іs.

KRPA, 708-q., 1-t., 1-іs.

KRPA, 708-q., 1-t., 2-іs.

KRPA, 708-q., 1-t., 34-іs.

KRPA, 708-q., 1-t., 37-іs.

KRPA, 708-q., 1-t., 38-іs.

KRPA, 708-q., 2/1-t., 1-іs.

KRPA, 708-q., 2/1-t., 3-іs.

KRPA, 708-q., 2/1-t., 35-іs.

KRPA, 708-q., 2/1-t., 67-іs.

KRPA, 708-q., 2/1-t., 70-іs.

KRPA, 708-q., 2/1-t., 71-іs.

KRPA, 708-q., 2/1-t., 73-іs.

KRPA, 708-q., 2/1-t., 80-іs.

KRPA, 969-q., 1-t., 22-іs.

KRPA, 969-q., 1-t., 46-іs.

KRPA, 969-q., 1-t., 89-іs.

KRPA, 969-q., 1-t., 108-іs.

Nurbapa Ómіrzakhov: Ómіrderek, estelіkter, makhalalar, óleńder [Nurbaya Umurzakov: Biography, memoirs, articles, poems] / Kurast.: D.Maǵlumov. – Almaty: «El-shejіre» KKK., 2007. – 112 b. (in Kazakh)

Nurpeıіs K. Otyzynda el baskharǵan (memleket khaıratkerі Nurbapa Ómіrzakhovtyń týǵanyna 85 jyl) [He ruled the country in his 30 years (85 years since the birth of the statesman Nurbapa Umurzakov) ] // Sotsıalıstіk Kazakhstan, 1992. – 22 kazan. (in Kazakh)

Nurpeıіs K. Iz (N.Ómіrzaqovtyń týǵanyna 100 jyl tolýyna arnalady) [Trail (dedicated to the 100th anniversary Of the birth of N. Umurzakov)] // Egemen Kazakhstan, 2007. – 25 shіlde. (in Kazakh)

Omarbekov T. 20-30-jyldardaǵy Kazakhstan khasіretі [The tragedy of Kazakhstan in the 20-30s]. – Almaty: Sanat, 1997. – 320 b. (in Kazakh)

Ómіrzakhov N. Et júregіm eljіreıdі [My heart is pounding] // Sovettіk shekara, 1977. – 19 kharasha. (in Kazakh)

Pervaıa sessııa Verhovnogo Soveta SSSR. 12-19 ıanvarıa 1938 g. Stenografıcheskıı otchet. [First session of the Supreme Soviet of the USSR, January 12-19, 1938 Verbatim record]. – Moskva: Izdanıe VS SSSR, 1938. 208 s. (in Russian)

Polıtbıýro TsK RKP(b) – VKP(b). Povestkı dnıa zasedanıı. 1919-1952: Katalog [Politburo of the Central Committee of the RCP – b) - CPSU(b). meeting Agenda. 1919-1952: Catalog] /T. 2. 1930-1939. – M.: ROSSPEN, 2001. – 1200. (S. 913.). (in Russian)

Sotsıaldy Kazakhstan, 1937. -27 oktıabr.  (in Kazakh)

Spravochnık po admınıstratıvno-terrıtorıalnomý delenııý kazahstana (avgýst 1920 g. – dekabr 1936 g.) [Handbook of the administrative-territorial division of Kazakhstan (August 1920-December 1936)] / Sost.: F.N.Bazanova; Pod red.: k.ı.n. G.F.Dahshleıgera. – Alma-Ata, 1959. – 286 s. (in Russian)

Shıldebaı S. Dokýmenty o jıznı ı deıatelnostı Nýrbapy Ýmýrzakova [Documents about the life and work of Nurbapa Umurzakov] // Kazakhstan muraǵattary, 2010. – № 3 (15). – S. 125-136. (in Russian)

Shıldebaı S. Trıdtsatıletnıı predsedatel KazTsIK-a [Thirty years old Chairman of the Kazakh Central Executive Committee] // European social science journal = Evropeıskıı jýrnal sotsıalnyh naýk. Naýchnyı jýrnal o gosýdarstve, grajdanskom obestve ı pravah cheloveka. – Rıga-Moskva, Evropeıskoe naýchnoe obestvo «Mäzleksnes» (Rıga), Mejdýnarodnyı ıssledovatelskıı ınstıtýt (Moskva), 2010. - № 3. – 214 s. (S. 33-44.). (in Russian)

Shubarova K. Úlkennіń aty - úlken [Senior is senior] // Hantáńіrі, 1992. - 22 kazan. (in Kazakh)

Shіldebaı S., Sadykhova G. Ashtykh boskhyndaryn ornalastyrý jónіndegі memlekettіk saıasat jáne Nurbapa Ómіrzakhov [Government policy for settling refugees and hungry Nurbapa Omirzakov] // Sh.Sh.Ýálıhanov: ǵylymı murasy jáne khazіrgі zaman. Sh.Sh.Ýálıhanovtyń týǵanyna 175 jyl tolýyna arnalǵan halykharalykh ǵylymı-praktıkalykh konferentsııa materıaldary: Kókshetaý khalasy, 6-7 tamyz, 2010 j. – Kókshetaý, 2010. – 231 b. (91-97 b.).  (in Kazakh)

Shіldebaı S., Sadykhova G. Memlekettіń ashtykh boskhyndaryn ornalastyrý jónіndegі saıasaty jáne Nurbapa Ómіrzakhov [Government policy for settling refugees and starving Nurbapa Umurzakov] // KazUÝ habarshysy. Tarıh serııasy. – 2010. – № 4 (59). – 155-160 b. (in Kazakh)

Shіldebaı S., Sadykhova G. Nurbapa Ómіrzakhov khatyskhan partııalykh konferentsııalar men plenýmdar jumysy [Work party conferences and plenary meetings with the participation of Nurbapa Umurzakova] // «Sadykhov okhýlary» halykharalykh ǵylymı-teorııalykh konferentsııasynyń materıaldary. – Almaty: Abaı atyndaǵy KazUPÝ, 2010. – 424 b. (201-205 b.). (in Kazakh)

Shіldebaı S., Sadykhova G. Nurbapa Ómіrzakhovtyń Akhsý aýdanyndaǵy khyzmetі [The activities of Nurbapa Umurzakova in Aksu district] // «Otan tarıhynyń ádіsnamasy men tujyrymdamasynyń ózektі máselelerі» atty «Khasymbaev okhýlary» Halykharalykh ǵylymı-tájіrıbelіk konferentsııasynyń materıaldary. 21-22 jeltokhsan 2010 jyl. – Almaty: Abaı atyndaǵy KazUPÝ, 2010. – 284 b. (215-218-b.). (in Kazakh)

МРНТИ 03.20.00

КАЗАХСТАНСКИЙ ПЕРИОДОБЩЕСТВЕННО-ПОЛИТИЧЕСКОЙ И ГОСУДАРСТВЕННОЙ ДЕЯТЕЛЬНОСТИ НУРБАПЫ УМУРЗАКОВА

Шилдебай С.К.¹, Алдажуманов К.С. ²

¹Кандидат исторических наук, ВНС. Институт истории и этнологиии имени Ч.Ч.Валиханова, г. Алматы. E-mail: S.Shildebai@mail.ru

²Кандидат исторических наук, профессор, ГНС.

Институт истории и этнологиии имени Ч.Ч. Валиханова,

г. Алматы. E-mail: kaidar.aldazhum@mail.ru

Аннотация. В статье проанализирован казахстанский период общественно-политической и государственной деятельности Нурбапы Умурзакова, сироты и батрака, получившего образование благодаря советской власти и поступившего на государственную службу. На формирование общественно-политических взглядов Н. Умурзакова повлияли его окружение и жизненные невзгоды, национально-освободительное восстание семиреченских казахов в 1916 году, а также тяжелое положение беженцев.

Н. Умурзаков был назначен на пост главы удаленного Аксуского района, где хозяйствобыло разоренопосле голода, охватившего казахскую землю. Приехав в Аксу неопытным функционером, за более чем три года Н. Умурзаков стал умелымруководителем и организатором, внесшим неизмеримый вклад в улучшение общественно-политической, социально-экономической и культурной жизни Аксуского района.

С 28 октября 1937 года по 16 июля 1938 года Н. Умурзаков был председателем КазЦИК, членом бюро ЦК КП(б)К. В 1938 году избран заместителем Председателя Президиума Верховного Совета СССР. Таким образом, в возрасте 30 лет занимал руководящие должности в высших органах государственной власти.Самой большой задачей Н. Умирзакова во время пребывания на посту главы КазЦИК-а была организация и проведение выборов в Верховный Совет КазССР, управление организованными областями и районами в соответствии с административно-территориальным делением.

В 1938 г. не подвергнувшись репресссии, Н.Умурзаков продолжил своюгосударственную службуза пределами Казахстана – в других республиках. Где бы ни работал, Н. Умурзаков проявлял компетентность и преданность Родине.

Ключевые слова: Нурбапа Умурзаков, ҚАССР, Союз Кошчи, конфискация, голод, КазЦИК, репрессия.

IRSTI 03.20.00

KAZAKHSTAN PERIOD OF PUBLIC-POLITICAL

AND STATE ACTIVITIES OF NURBAPA UMURZAKOV

Shildebay S.¹, Aldazhumanov K².

¹candidate’s (Ph.D.) degree in historical sciences, CH. Valikhanov Instituteof history and ethnology, Almaty.

²candidate’s (Ph.D.) degree in historical sciences, professor, CR. Valikhanov Institute of history and ethnology, Almaty.

Annotation. The article analyzes the Kazakh period of socio-political and state activity of Nurbapa Umurzakov, an orphan and farmhand who was educated by the Soviet government and entered the state activity. The formation of social and political views of N. Umurzakov was influenced by his environment and life's hardships, the national liberation uprising of the Semirechensk Kazakhs in 1916, and the plight of refugees. N. Umurzakov was sent to the post of head of the remote Aksu district, where the economy was ruined after the famine that engulfed the Kazakh land. Having arrived in Aksu inexperienced for more than three years, N. Umurzakov became a skilled leader and organizer who made an immeasurable contribution to improving the socio-political, socio-economic and cultural life of the Aksu district. From October 28, 1937 to July 16, 1938, N. Umurzakov was the Chairman of the Kazakh Central Executive Committee, a member of the Bureau of the Central Committee of the CP(b)K. in 1938, he was elected Deputy Chairman of the Presidium of the Supreme Soviet of the USSR. Thus, at the age of 30, he held senior positions in the highest state authorities. The biggest task of N. Umirzakov during his tenure as head of Kazakh Central Executive Committee was the organization and conduct of elections to the Supreme Soviet of the Kazakh SSR, the management of organized regions and districts in accordance with the administrative division. In 1938, without being subjected to repression, N. Umurzakov continued his civil service outside of Kazakhstan – in other republics. Wherever he worked, N. Umurzakov showed competence and loyalty to the Motherland.

Keywords: Nurbapa Umurzakov, KASSR, Union Koshchi, confiscation, hunger, Kazakh Central Executive Committee, repression.

No comments

To leave comment you must enter or register