Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 913.1/913.8 МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ: ҚАЗАН ТӨҢКЕРІСІ – БІЗ ҮШІН ЕУРОПА ТАРИХЫ ТУДЫРҒАН ЖАТ ТӨҢКЕРІС

М.Қ. ҚОЙГЕЛДИЕВ, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, т.ғ.д., проф.

ӘОЖ 913.1/913.8 МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ: ҚАЗАН ТӨҢКЕРІСІ – БІЗ ҮШІН ЕУРОПА ТАРИХЫ ТУДЫРҒАН ЖАТ ТӨҢКЕРІС

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(21), 2020

Author:
Мақала М. Жұмабаевтың тергеу ісіндегі құжаттық материалдар негізімен жазылған. Ақынның өмірінің соңғы жылдарында оған жасалған қиянат режимнің соншалықты қатыгез бейнесінің көрінісі болып табылады. Советтік идеологиялық аппарат ұлы ақынды ақтауға байланысты шығармашылықтағы зиялылар тарапынан түскен ұсыныстарды социалистік тарихтың соңғы кезеңінде де қараудан бас тартты. Тек 1989 жылы, яғни советтік жүйенің ыдырау қарсаңында ғана М. Жұмабаевтың шығармашылық мұрасы оқырманның қолына тиді.
Text:

Әдебиеттегі ұлтшылдық – заман сұранысына берілген жауап-тын.Өткен ХХ ғасырдың 60-жылдары Қазақстан басшылығының атына Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына байланысты Коммунистік партия тарапынан салынған тиымның күшін жою туралы екі ұсыныс келіп түсті. Оның алғашқысы С.М. Киров атындағы қазақ университетінің профессорлары атынан (1968) [ҚР ПА. 708-қ., 44-т., 35-іс, 142-160 пп.], ал екіншісі Башқұртстанның Халық жазушысы Сайфи Құдаштың атынан (1969) [Кудаш С,1988: 163-168] еді. Қазақ университеті профессорлары арасынан, әсіресе, белсенділік танытқан Орыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі Хатмолла Махмудов еді. Әдебиетші М.Жұмабаевтың шығармашылығына арналған «Казахский лирик» аталатын мақаласында ақынның «Айға» деп аталатын өлеңіндегі:

Кең дала, көресің ғой, ана жақтан

Жібектей жасыл шөптер бетін жапқан.

Асқар тау, балдан тәтті сулары бар,

  Әне, сол анам еді мені тапқан..., – деген оның бүкіл шығармашылығына беташар боларлық жолдардан бастап, «ақын шығармашылығын нақты тарихи шындықпен, яғни сол бір қазақ халқының өміріне бұрын болмаған ұлы әлеуметтік сілкіністер ала келген оның қоғамдық-экономикалық тіршілігіндегі бетбұрыстармен органикалық байланыста қараған жөн. Сол кезеңдегі қалыптасқан нақты жағдайды есепке алу арқылы ғана Мағжан Жұмабаев шығармашылығына тура түсінуге қажет кілтті табуға болады», – деген астарлы тұжырымын баяндап, «халықтар түрмесі» атанған Ресейдің ұлттық шет аймақтарындағы ең алдыңғы, прогресшіл нәрселердің бәрі де ұлт–азаттық қозғалыстармен байланыста өмірге келгендігін, Мағжан ақын да барлық шығармаларында елін білім мен азаттыққа шақырғандығы, ал мұның өзі құбылыс екендігін тура түсінуге шақырды. «Ұмыттырудың да өлім сияқты екі жолы бар: табиғи және зорлық арқылы. Мағжан шығармашылық қуаты тасыған шағында советтік билік тарапынан өлтірілді. Бүгін оның есімі толық ақталған. Ақынның поэтикалық мұрасын оқырманға қайтаратын уақыт жетті» [ҚР ПА. 708-қ., 44-т., 35-іс, 143-144 пп.], – деп жазды.

Екінші хаттың иесі башқұрт елінің халық жазушысы Сайфи Құдаш Қазақстан Компратиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаевқа жолдаған хатында Қазақстан өзіне ыстық, екінші отаны екендігін, осында «өз университеттерінен өткендігін, сондықтан да қазақ әдебиетіне байланысты ерекше ықыласын жеткізіп, осы әдебиеттегі Абай дәстүрін жалғастырушы Мағжан ақынды шығармашылық тұрғыдан «қамауда ұстаудың» әділетсіздікке жол берумен тең екендігіне назар аударады. Бұл жағдайдың нақты көрінісі ретінде 1968 жылы қарашада Қазақ университетінде өткен жиналысты Мағжан ақынның екі томдық шығармалар жинағын баспадан шығаруға байланысты қабылданған шешімді Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті тарапынан «саяси қате» ретінде бағалағандығы өкінішті екендігін айтады.

Сайфи Құдаш «Тоқсанның тобын» жазған Мағжан ақынның: «Жырладым елді жалпылап, Жасырмай, жүзді жоқтадым. Тоқсанға енді тоқтадым... Бұл арада Мағжан ақын «жүзден тоқсан» деп еңбекші халықты, ал «он» деп алаштық зиялыларды айтып, билікке большевиктік идеологияны мойындайтынын білдіріп отыр. Дегенмен, ол оған дейін «жасырмай, жүзді жоқтадым» деп ескертеді, яғни таптық емес, жалпыұлттық позицияда тұрғандығын көрсетеді. «Тоқсаннан сонау он аулақ, сонау оннан мен аулақ, мен тоқсанмен біргемін» [Жұмабаев М, 2008: 291-295], – деген сөзіне билік бәрібір сенген жоқ. Неге сенбеді? Деген сұрау қойып оған «оның жалғыз ғана себебі бар, ол ақынның ұлтшыл ұстанымды болғандығы» деген жауабын береді. Әбден дәлелді де дәл жауап. Совет өкіметі мен Коммунистік партияның ешуақытта бітіспес бір жауы – қазақ ұлтшылдығы болды. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысының туын ұстаған ақынның ұлт мәселесінде большевизммен ымыраға келуі тіптен де мүмкін емес-тін. Бұл басы ашық нәрсе болатын. Бұл ақиқатты екі жақ та қатесіз анық түсінді. Жүсіпбек Аймауытұлының, Мағжан Жұмабайұлының атылып кетуінің түп-төркінінде осы бітіспес ұстаным жатты. Совет өкіметі өмірінің соңына дейін қазақ жазушыларын мынадай жікке бөліп ұстады: социалистік реализм, яғни интернационалдық және ұлттық ұстанымдағылар деген мағынада. Бұл арада «ұлттық ұстанымдағылар» деген сөзді ассимиляция саясатына қарсылар деген мығынада түсінген дұрыс.

Сайфи Құдаш кезінде советтік идеологияны қабылдай алмаған И.А. Бунин және А.И. Куприн сияқты ұлы орыс жазушылары шығармаларына салынған тиымның советтік идеология тарапынан алынып тасталып, бұл ұстанымның Мағжан, Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек шығармашылығына қатысты күшін жоя қоймағандығын ашық болмаса да, астарлы түрде осы қазақ ұлтшылдығымен тікелей байланысты болып отырғандығын меңзейді.

Осы ретте, енді мынадай бір мәселеге тоқталуға тура келеді. Қазақстан билігі алдында Мағжан ақынның шығармашылығын қазақ оқырманына қайтару мәселесінде неге татар және башқұрт зиялылары белсенділік танытты деген сұрау туады. Бұл жағдайдың астарында жатқан нәрсе тағы да сол баяғы «қазақ ұлтшылдығы» еді. Коммунистік партия, совет өкіметі қазақ зиялыларын ұлтына қатысты ақиқатты ашық айту құқынан біржола айырған-тын. С.Құдаш осы жағдайға байланысты «бұл хатты жазуға түрткі салған менің қазақ достарым болды» [Кудаш С, 1988: 166], – деп ескертеді.

Жалпы революциядан кейінгі шамамен он жылдықта қазақ зиялылары өз пікірлері мен ұстанымдарын анық және батыл білдірулерімен ерекшеленді. Мұндай жағдай олардың біріншіден тұлғалық ірілігіне байланысты болса, екіншіден, әлі де болса советтік идеологиялық аппараттың зорлығына сына қоймағандығы еді. Ал бұл буында артындағы жұртының атынан айтылуға тиіс ойлар мен тұжырымдар аз емес-тін. Сондай тұжырымдардың бірін Ахаң 1929 жылы Мәскеудегі Бутырька түрмесінде жатып білдірді. «Я считаю, – деп көрсетті ол 1929 ж.25 желтоқсанда тергеуші Павловқа берген жауабында – что современная политика власти в отношении к Казахстану не ведет к подъему его хозяйственной мощи, т.к. во первых, казахи не привыкли к столь высоким налогам с одной стороны, с другой перераспределения земучастков отчасти устраивает бедноту, но не устраивает, не обеспечивает рост середнячества. Исправить это может, т.е. может стимулировать укрепление хозяйств казахов уменьшение налога, обеспечение землей середнячства, и т.д.» [ҚР ІІМ АҚДА, 6-қ., 041194-іс, 3-т., 77-78 пп.].

А.Байтұрсынұлы тарапынан айтылған бұл пікір қазақ қоғамының өмірін іштей терең білетін және оған жаны ашитын тұлғаның пікірі еді. Бұл айтылған пікірде сондай-ақ кішкентай да қателік жоқ-тын. Қайраткердің бұл жасаған тұжырымының дәлдігін араға бар болғаны 2-3 жыл салып жеткен аштық көрсетіп берді.

Қайраткердің қазақ жерінде орнаған советтік биліктің отарлық сипатына байланысты жасаған тұжырымы да шындықтан алыс емес-тін. Алаш қайраткерлерін тергеу ісінде ерекше көзге түскен Саенко 1929 жылы куәгер ретінде Қазақ халық ағарту институтында (КИНО) оқыған Әбдрахимов Ерғазыдан осы оқу орнында оқытушылық қызметте болған А.Байтұрсынұлы туралы көрсету алады. Бұрынғы студент көрсетуінде мынадай мәлімет береді.

1927 жылы 7 қаңтарда «Мәдениет тарихы курсынан» сабақ беретін А.Байтұрсынұлы студенттерге «Мемлекетте диктатура орнаған. Оны жою мүмкін ба, жоқ мүмкін емес па?», – деген сұрау қояды. Қойылған сұрауды талқылау студенттер арасында дикуссияға ұласады. Қортынды сөзінде А.Байтұрсынұлы диктатура туралы мәселеге жауап беру қазір мүмкін емес деген ойды айтады. Өйткені ертең не болатынын болжау қиын. Ал коммунизмнің мүмкіндігі туралы айту үшін тәжірибеге, үлгіге сүйенген жөн. Мұндай үлгіні бізге кім көрсетеді? Әрине, коммунистер. «Олар мұндай үлгіні көрсетіп отыр ма?» деген сұрау қойып, оған «жоқ, олар мұндай үлгіні көрсетіп отырған жоқ. Мәселен, институттың (КИНО) оқу ғимараты жоқ, ал Қазақ атқару комитетінің төрағасы жалғыз өзі бірнеше бөлмені ұстап отыр» деген жауапты өзі береді.

«Мәселен, – деп жалғастырады сөзін Ахаң, – газеттер Мәскеуде тұрғын үйлер салу жоспарланғанын жазды, жаңадан жүз тұрғын үй салмақ. Неге осы құрылысты бүтіндей Мәскеуде салу жоспарланған, неге, мәселен, Қызылордада емес? Бізде мұнда тұрғын үйге деген тапшылық зор, ал үйлер үлкен қарқынмен Мәскеуде салынады». Осы арада Байтұрсынұлы маған қарап «Сен марксист болғың келеді, осы ретте, мәселен, айта қойшы Англияда тау-кен жұмысшыларды ереуілге шықты, ереуіл пролетариат диктатурасының орнауымен аяқталады ма? Жарайды, жұмысшылар билікті өз қолдарына алды делік, билік алған бетте олар Индияға бостандық береді деп ойлайсыз ба? Әрине, бермейді. Өйткені Индия Англия үшін сауын сиыр ғой!» – деген пікірмен сөзін аяқтады [ҚР ІІМ АҚДА, 6-қ., 041194-іс, 3-т.,44-45 пп.].

Өмір сияқты, биліктегі жүйемен күрес те күрделі процесс. Мәселен, алғашқы аға буын зиялылар, азаттық күрестің бастау кезінде тұрған Әлихан, Ахмет және Міржақып өмірлерінің соңын азапты жағдайда, абақтыда өткізіп, алған ұстанымдарында көз жұмды. Мүмкін осы алғашқы буынның ықпалы да болар, келесі жас буынның өкілдері абақты есігін ашып, өкіметтің беталысына көздері жеткен соң онымен ымыраға баруға ыңғай танытқан сәттері де болды. Ұлы талант иесі Мағжан ақын он жылдан астам уақытқа созылған абақты азабы мен рухани дағдарыстан соң 1937 жылы 21 мамырда Қазақ ССР үкіметінің төрағасы О.Исаевқа ашық хат жолдайды. Бұл құжат уақыт куәсі. Оған жеңіл-желпі, үстірт түсінік беру қателікке ұрындырады. Басқаша айтқанда, қатыгез жүйе орнатқан атмосфераға бір сәтке болса да үңіліп, төңірегінен аласұрып әділет іздеп, оны таба алмай аһ ұрған ақынның шарасыз күйін ой елегінен өткізуге тура келеді.

Ақынның үкіметке жолдаған хаты – бұл советтік саяси жүйеге шығарылған үкім. Өйткені жарық дүниедегі бақытты адам – ол өмірін өзі қалаған еңбекте өткізіп, қанағат тапқан еркін адам. Мағжан ақынға мұндай тағдыр бұйырмады. Алла оған молынан ақыл және талант берді. Бұл сыйды ол еліне қызмет ету мүмкіндігі ретінде қабылдады. Осы ретте ақынның қолындағы қаламын тартып алып, оны кісенмен ауыстырған советтік жүйе қандай бағаға лайық? Ақынның қолына кісен салған билік оның халқына бостандық береді дегенге сену, әрине, қиын.

Сонымен, Мағжан ақынның қазақ үкіметі аталатын билік орнына 1937 жылы 21 мамырда жазған хатының тарихына қысқа болса да тоқталайық. Мұндай тақырыпқа мәліметті ақынның «1938 жылдың 6 қаңтары» деп белгі қойып, тергеушіге өз қолымен жазып берген жауабынан аз да болса тапқандай боламыз. Рухани күйзелістегі ақын іштегі шемен болып жиналып қалған шерлі ойын тергеуге алып отырған жауына мүмкін түсінер деген үмітпен там-тұмдап болса да жеткізеді. Көрсетуін «глубоко убежден, что обвинение подобающе учтет мою полную чистосердечность» деген сөйлеммен аяқтайды. Айыптаушы жақ ақынның ақтарыла баяндаған ішкі шерін қалай қабылдады? Ол жөнінде сәл кейін.

Осы арада ақынның тергеушіге берген түсінігіне байланысты мынадай жағдайды ескеруге тура келеді. Түсінік мәтінінің арасына тергеуші тарапынан енгізілген фактілер мен ойлар бар. Олар негізінен қазақ зиялылары арасындағы «антисоветтік ұлтшылдық шпиондық ұйымның» бар екендігі, ақынның осы «ұйымның» құрамындағы қызметі туралы. НКВД тергеушілері осы жылдары тұтқынды ұрып-соғып азаптау арқылы, біріншіден, оның өмірі мен қызметіне, көзқарасына қатысты фактілер алып, екіншіден, тұтқын баяндаған шынайы фактілердің арасына қоғамдағы «антисоветтік, ұлтшылдық» қызметті «көрсететін» фактілер мен тұжырымдарды өз тарапынан қосып, құжат жасап, оны тұтқынның қолымен растаған.

Осы берген түсініктемесінде Мағжан ақын «өз өмірімде басымнан өткен суық фактілер көзімді мынаған жеткізді: адам жанын түбегейлі өзгерту үшін оны қамауға алып, үстінен үкім шғарудың қажеті жоқ, қажеті адамдардың арасында бейбіт еңбек пен тәртіпке сүйенген өзара саналы түсіністік туғызу болмақ. Әрине, менің бұл лирикалық шегінісімнің көрсетуіме қатысы да жоқ шығар, дегенмен ол мені және менің бұдан кейінгі өмірлік жолымды тура түсінуге қажет кілт есебінде, егер тағдыр, әрине, ол жолды жалғастыруға мүмкіндік беріп жатса» – деп жазды.

Ақын осы көрсетуінде 1931 жылдан бері жеті жыл бойы Соловецкі және Сібір лагерлерінде жүріп өзінің өткен өмір жолына толық селқостық қалыптасқанын, соған байланысты Қазақстаннан ешкіммен хат алыспағандығын, олармен саналы түрде байланысын үзгенін, тек әйелі Зылихаға ғана Ленинград облысына келіп тұрды өтінгенін, бұл өтінішін зайыбы қош көріп, өзі қамаудан босанып шыққанша Ленинградта, Ленинград түбінде бір өзі орыс отбасыларында тұрғандығын баяндайды. Зылихаға мәлімет алуға қазақтардан анда санда Тіл институтының аспиранты Әлкей Марғұлановтың ғана келгендігін жазады.

Бұрынғы жолдастарынан тек Ә.Бөкейхановтың ғана бірнеше открытка жолдап, жылы сөздерімен қолдау көрсеткенін, бірақ өзінің лагерь жағдайында оған жауап жаза алмағанын, әйелінің Мәскеуде Е.П. Пешковамен кездесуге барғанда Ә.Бөкейхановпен екі мәрте жолыққаны туралы мәлімет береді. Бұл фактілердің, әрине, тергеушінің талабы бойынша баяндалғанын түсінуге болады.

  Шамамен 1934 жылы Мағжан Мәскеуде қызыл профессура институтында оқуда жүрген С.Мұқановтан хат алады [Мұқановтың хатханасы, (1924-1973), 2018: 42-44]. Ол жөнінде ақын «1934 жылы (ұмытпасам) Мәскеудегі Сәбит Мұқановтан хат алдым. Ол хатында менің шығармашылығымды қазақ буржуазиялық поэзиясының шыңы ретінде атап, абақты мерзімі аяқталған соң Қазақстанға келуді ұсынды. Менің осында (Алматыны айтып отыр – авт.) келуімнің бір себебі де осыған байланысты еді... оның хаты мені таң қалдырды. Хатқа жауап берген жоқпын. Бұл кезде іштей ұстанымымды анықтау жұмысы жүріп жатты», – деп көрсетеді [ҚР ІІМ АҚДА., 6-қ., 07875-іс, 2-т. 25–27 пп.].

Осы арада кеше ғана «Алқа» ұйымын құрмақшы болып, оның бағдарламасын жазған ақынға өзін қазақ әдебиетінде социалистік реализм ағымын орнықтырушы ретінде танытқан Сәбит Мұқановтың хатынан қысқа ғана үзінді келтіруге тура келеді. «... Егер мен алған адрес тура болса Сіз менің хатымды аласыз, – деп жазады ол хатында. Бір қарағанда ол Сізге оғаштау болып көрінуі мүмкін. Бұл толық табиғи нәрсе, өйткені біз мүддесі мүлдем қарсы екі таптың өкілдеріміз. Дегенмен, мен Сізді қазіргі жағдайыңызға байланысты табалаудан аулақпын. Біздің өкіметтің жазалау саясатының жеке адамды қанау мақсаты жоқ, керісінше оны еңбек үстінде түзелуге көмектеседі» [Мұқановтың хатханасы, (1924-1973), 2018: 43].

С.Мұқановтан келген хатқа байланысты Мағжан ақынның «оның хаты мені таң қалдырды» деген сөзіне назар аударған жөн. Мәселе мынада. Лагерде қамақта жүрген адамға конвертке салынған хаттың жетуі өте сирек кездесетін жағдай. Хат, хабар алысу тек ашық открытка түрінде ғана жүргізілген. Мағжан ақынның «хатқа жауап берген жоқпын» деген сөзінің астарында жатқан себептің бірі осы. Бұл біріншіден. Екіншіден, С.Мұқановтың хатында кеше ғана Омбыда ағалы-інілі болып жүрген кісілердің енді бүгін «мүддесі мүлдем қарсы екі таптың өкілі» болып шыға келгендігі, әрине, Мағжан ақынға жеңіл тимегендігін түсінуге болады. Үшіншіден, хат иесінің «өкіметтің жазалау саясатының мақсаты» «жаңылыс» басқан ақынды еңбекпен түзеу екендігін қадап айтуы, әрине, оғаш шыққан сөз ғана емес, нағыз табалаудың өзіндей оқылатындығы анық.

С.Мұқановтың қызыл профессура институтында білім алып жүргендігі хаттағы мына пікірінен де байқалады: «Сіз, әрине, сөзсіз біздің заманымыздың ұлы сөз зергерлерінің бірісіз. Қазақтың жазба әдебиетінің әзірге шығармашылығы арқылы бүтін бір дәуір жасаған үш ірі ақындары мен жазушылары бар, олар: Абай – феодалдық әдебиеттің шыңы, Сіз – буржуазиялық әдебиеттің шыңы, Сәкен – советтік әдебиеттің шыңы. Біздегі сын бұл жағдайды бірнеше мәрте қайталаған» [Мұқановтың хатханасы, (1924-1973), 2018: 43].

С.Мұқанов хатында Мағжан ақынды дұрыс жолға, яғни «пролетарлық мәдениет» жолына түсуге шақырып, «мәселен, Сіздің кешегі пікірлес серігіңіз Мұқтар Әуезов бүгін өз қателігін мойындап, советтік жолға түсіп, коммунист жазушылармен бірдей партия мен үкіметтің қолдауын пайдаланып отыр», – деген ойын жеткізіп, хатын «сіздің поэтикалық қаламыңыз ендігі уақытта кімге қызмет етуге тиіс?» [Мұқановтың хатханасы, (1924-1973), 2018: 44] сұрауымен аяқтайды.

Мағжан ақын 1936 жылдың маусымының соңғы күндері лагерден азаттыққа шыққан бетте өзі мен зайыбы Зылиханың туған жері Петропавловскіге келеді. Ақын көрсетуінде «туыстарымның ешқайсысы отырған қоныстарында болмай шықты, бәрі де пана іздеп көшіп кетіпті», – деп жазады. Көшеде кезіккен ескі таныстарының сөйлесуден қашқақтағанын, әзер дегенде мұғалімдер курсына жұмысқа тұрып, курстағы жұмыстан соң күнкөріске қаржы табу жолына түскенін айтады.

Сөйтіп жүргенде 1936 жылдың қыркүйегінде Петропавловскіге С.Мұқанов келіп, ақынмен оның ендігі тағдыры туралы «күмәнді жылы» сөйлесіп, Алматыға қоныс аударуға ұсыныс жасайды. Жары Зылиханың сырқаттанып қалуына байланысты бірден Алматыға аттанып кете алмайды.

Ақын 1937 жылы 20 ақпанда С.Мұқановқа жазған хатында қаңтардың соңында орыс мектебіндегі оқытушылық қызметінен саяси себеппен шығып қалғанын хабарлап, ендігі үміті туралы мынадай ойын білдіреді: «Мен Қазақстанға жаңа жолға түскенімді өзімнің қалам ұшыммен көрсетсем деген жалғыз тілекпен оралдым. Қалай болғанда да орталыққа жетуім керек деп шештім. Егер жолға қаражат тапсам, орталыққа баруды ойлап отырмын. Әрине, өз халімнің мүмкіндігін айта отырып, Сізді де бірдеңеге міндеттегім келмейді. Сізге осылай жазуға қазіргі халім итермелеп отыр. Кешіріңіз...» [Мұқановтың хатханасы, (1924-1973), 2018: 44]. 

Ақын жарымен бірге Алматыға 1937 жылдың сәуірінің соңғы күндері жетіп, келген бетте күнкөріске қажет табыс табу үшін жұмыс іздеуге кіріседі. Алматыға келген соң «араға үш күн салып ең болмаса әйтеуір бір жұмыс сұрап алуға Сәкен Сейфуллинге бардым, – деп көрсетеді ол берген түсініктемесінде, – ол мені салқын қабылдаған жоқ, сондай–ақ жылы ықылас та танытпады. Әйтеуір бір сақтық және шарасыздық күйде отырғандығы байқалып тұрды. Ол әзірге тек сенің жұмысың туралы ғана сөйлесейік, Сәбит (Мұқанов) оны жайғастыратын болады деді» [ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., № 07875 - іс, 2-т., 28 п.].   Араға бірнеше күн салып С.Мұқанов Мағжан ақынды жұмысқа орналастырғандай болады. Өкінішке орай, бұл жұмыс та оның ауыр қаржылық жағдайын оңалтуға жетімсіз еді. Қоғамда үрей туғызған репрессиялық шаралар күн өткен сайын күш алып келе жатты.

Міне осындай саяси қыспақ пен күнкөріс үшін арпалыста жүрген ақын 1927 жылы 21 мамырда Қазақ ССР үкіметінің төрағасы О.Исаевқа ашық хат жазып, тәлкекке түскен тағдырына араша түсуін өтінеді.

Үкімет басшысына жазылған бұл хатты соншалықты ерекше құжат ретінде тану да тура болмас еді. Өйткені өкімет тарапынан жеке тұлғалардың тұлғалық қасиетін мақсатты түрде сындырудың нәтижесінде өмірге келген мұндай құжаттар бұл кезеңде аз болған жоқ-тын. Дегенмен, зерттеуші үшін бұл хаттың өзіндік орны бар. Яғни ол Мағжан ақын сияқты шығармашылықтағы ірі тұлғаның өмір жолындағы бетбұрыстарға тереңдеу арқылы жалпы қоғамның рухани өміріндегі өзгерістерді бағамдауға жол ашатын құжат. Мәселе мынада. Мағжан ірі талант иесі ретінде ұлттың ортағасырлық ұйқыдан оянып, жаңа өмірге, азаттыққа ұмтылыс жасаған сәтінде шығармашылыққа келіп елінің сезіміне сүйеніш болып, қанат беріп, алға бастады. Шығармашылықтағы ірі талантқа тән тағы да бір мынадай қасиет бар. Ірі таланттың шығармашылығы елінің күнделікті өмірімен, ілгері ұмтылыстарымен бітісіп кетеді. Соған байланысты ірі шығармашылық иесі мен биліктің ара қатынасы соңғысының қоғамдық құндылықтарға деген ұстанымының айнасы іспеттес. Осы қатынасты пайымдау арқылы шығармашылық иесі өзінің қызметінде, біріншіден, қоғам өмірінің өзекті мәселелерін қаншалықты тура шағылдыра алғандығын білуге болса, екіншіден, елді басқарып отырған өкімет сол мәселелерді шешуге қаншалықты ықылас танытып отырғандығын анықтауға мүмкіндік туады.

Мағжан ақын және басқа ұлт қаламгерлерінің өмірі мысалында біз олардың шығармашылығы қазақ шындығын дәл де терең ашып көрсете алғандығына көз жеткізсек, өткен ғасырдың 20-30-жылдарындағы совет өкіметі туралы ондай тұжырымға келу қиын. Екі жақтың мүддесі қазақ ұлтының болашағы мәселесіне келгенде өзара қабыспайтындығын анық байқатты. Осы қарсыласу барысында алаштық буынның басына түскен тауқімет көп ұзамай-ақ алаш жұртының да басына түсетін трагедия болғандығын кейінгі советтік тарих көрсетіп берді.

Енді хатқа келейік. Хат қазақ өкіметінің басшысына орыс тілінде жазылды. Неге? Бұл арада өкіметтің іс қағаздарының басым түрде орыс тілінде жүргізілгендігін аңғару, әрине, қиын емес. Яғни, өкімет қазақ өкіметі аталғанымен, оның заты орталықтың құзырында еді, басқаша айтқанда, ол шынайы қазақ мүддесін қорғаудан алыс тұрған билік орны болатын. Бұл арада байқалатыны «Совет өкіметі қазақ үшін!» деген ұранның жамылғы нәрсе болғандығын, ал шын мәнінде «Қазақ совет үкіметі үшін» деген анықтаманың сол кездегі шындыққа үйлесімді келетіндігін айтқан жөн болар еді. Бұл біріншіден. Екіншіден, бұл тұжырым тарихи шындыққа қайшы келмейді. Мағжан сияқты ұлтшыл ұстанымдағы зиялының қазақ өкіметінің басшысымен орыс тілінде хат алысуы – бұл «Үй өзімдікі деме, үй артында кісі бар!» деген қазақ мәтелінің дәлдігінің және оның өмірлік тәжірибеден алынғандығының айғағы еді. Яғни, Мұстафа Шоқайдың Орта Азия елдеріне байланысты компартия орнатқан өкіметті қуыршақ өкімет ретінде бағалағаны шындықтан алыс емес-тін.

  Хат авторының негізгі тұжырымы алаштық ұлтшылдықтан бас тартып, социалистік құрылысқа араласуға бет бұрғандығын мәлімдеу екендігін ескертіп, бұл арада құжаттан үзінді келтірумен шектеуді жөн көрдік. «Открыто, чистосердечно и с бесповоротной твердостью заявляю, – деп жазды Мағжан ақын «об этом Вам, главе Правительства, Правительству социалистического Казахстана и строящему счастливую жизнь всему казахскому народу и с данным письмом обращаюсь к Вам и прошу о предоставлении мне возможности показать и доказать свое бесповоротное перерождение, окончательную перековку, свою преданность социалистической Родине на деле, на творческой работе, в частности на литературной творческой работе, дав мне возможность доказать, что служившее долго и преступно реакции и казахской контрреволюции мое перо, после перековки, после перевоспитания меня советской трудовой политикой, будет честно, преданно и надеюсь, плодотворно служить социалистической Родине» [ҚР ОМА. 5-қ., 21-с., 67-т, 200-іс, 19-21 пп.].

Хатының соңында ақын соңғы уақытта жазған үш өлеңін тіркегенін айтады. Олардың қандай шығармалар болғаны бізге беймәлім.

Өз ретінде, әрине, ақынның үкімет басшысына жолдаған бұл хатынан белгілі бір нәтиже шықты ма? деген сұраудың туары хақ. Хаттан ақынның азаптағы өміріне өзгеріс әкелетіндей нәтиже болды деп айтуға, өкінішке орай, негіз жоқ. 1937 жылдың 30 желтоқсан күні М.Жұмабаев Қазақстандағы НКВД тарапынан кезекті рет қамауға алынды. Бұл тұтқыннан ол қайтып оралған жоқ еді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві (ҚР ПА). 708-қ., 44-т., 35-іс, 142-160 пп.

2.  Кудаш С. О судьбе казахского поэта Магжана Жумабаева. Первому секретарю ЦК КП Казахской ССР Д.А. Кунаеву // Дружба народов. – 1988, № 12. –163-168.

3.  ҚР ПА. Сонда, 143-144 пп.

4.  Жұмабаев М. Туған жер. Петропавл. 2008. – 291-295 б.б. / Бұл арада Мағжан ақын «жүзден тоқсан» деп еңбекші халықты, ал «он» деп алаштық зиялыларды айтып, билікке большевиктік идеологияны мойындайтынын білдіріп отыр. Дегенмен, ол соған дейін «жасырмай, жүзді жоқтадым» деп ескертеді. Яғни таптық емес, жалпыұлттық позицияда тұрғандығын көрсетеді.

5.  Құдаш С. Аталған басылым, - 166 б.

6.  ҚР ІІМ АҚДА, 6-қ., арх. № 041194, 3-т., 77-78 пп.

7.  Сонда, 44-45 пп

8.  Мұқановтың хатханасы. (1924-1973). Алматы, 2018. – 42-44 бб.

9.  ҚР ІІМ АҚДА., 6-қ., № 07875-іс, 2-т. Жұмабаев Мағжанның ісі. 25–27 пп.

10.  Мұқановтың хатханасы. Аталған басылым, - 43 б.

11.  Сонда, - 43 б.

12.  Сонда, - 44 б.

13.   Сонда, - 48б.

14.  ҚР ІІМ АҚДА. 6-қ., № 07875 - іс, 2-т., 28 п.

15.  ҚР ОМА. 5-қ., 21-с., 67-т, 200-іс, 19-21 пп

References

1. Аrchive of the President of the Republic of Kazakhstan. 

2. Kudash S. O sudbe kazahskogo poeta Magjana Jumabaeva. Pervomu sekretaryu CK KP Kazahskoy SSR D.A. Kunaevu // Drujba narodov. – 1988, № 12. –163-168.

3. QR PA. Sonda, 143-144 pp.

4. Jumabaev M. Tugan jer. Petropavl. 2008. – 291-295 b.b. / Bul arada Magjan akın «juzden toqsan» dep enbekshi halıqtı, al «on» dep alashtıq ziyalılardı aytıp, bilikke bolsheviktik ideologiyanı moyındaytının bildirip otır. Degenmen, ol sogan deyin «jasırmay, juzdi joqtadım» dep eskertedi. Yagni taptıq emes, jalpıulttıq poziciyada turgandıgın korsetedi.

5. Qudash S. Atalgan basılım, - 166 b.

6. QR IIM AQDA, 6-q., arh. № 041194, 3-t., 77-78 pp.

7. Sonda, 44-45 pp

8. Muqanovtın hathanası. (1924-1973). Almatı, 2018. – 42-44 bb.

9. QR IIM AQDA., 6-q., № 07875-is, 2-t. Jumabaev Magjannın isi. 25–27 pp.

10. Muqanovtın hathanası. Atalgan basılım, - 43 b.

11. Sonda, - 43 b.

12. Sonda, - 44 b. 

13. Sonda, - 48b.

14. QR IIM AQDA. 6-q., № 07875 - is, 2-t., 28 p.

15. QR OMA. 5-q., 21-s., 67-t, 200-is, 19-21 pp

 

М. КОЙГЕЛДИЕВ, доктор исторических наук, професор, КазНУ им. Абая

МАГЖАН ЖУМАБАЕВ: ИДЕЯ ОКТЯБРЬСКОЙ РЕВОЛЮЦИИ ДЛЯ НАС БЫЛА ЧУЖАЯ

В статье на следственных материалах по делу М. Жумабаева прослеживаются последние годы жизни поэта и процесс его реабилитации. Давление, которое оказывалось на поэта наиболее ярко характеризует безнравственное лицо режима. Советский идеологический аппарат без внимания оставляет вопрос о реабилитации поэта, поставленный творческой интеллигенцией уже в период позднего социализма. Лишь в 1989 году, т.е. предпоследний год советской истории творческое наследие великого поэта становится достоянием общественности.

M. KOIGELDIYEV,

Doctor of Historical Sciences, Professor, Full Member of the Kazakhstan National Academy of Sciences, Abai Kazakh National Pedagogical University, Almaty, Kazakhstan.

MAGZHAN ZHUMABAYEV: THE IDEA OF THE OCTOBER REVOLUTION WAS FOREIGN TO US.

SUMMARY

The article traces the last years of the poet's life and the process of his rehabilitation based on the investigative materials in the case of M. Zhumabayev. The pressure exerted on the poet most clearly characterizes the immoral face of the regime. The Soviet ideological apparatus ignores the question of the poet's rehabilitation, raised by the creative intelligentsia already in the period of late socialism. Only in 1989, the penultimate year of Soviet history, the creative legacy of the great poet became public.


No comments

To leave comment you must enter or register