Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАХР 03.20:03.09.31 МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС

О.Х. Мұхатова¹, З.Т. Садвокасова². ¹Т.ғ.д., профессор, БҒҚ. ²Т.ғ.д., профессор, БҒҚ. Ш.Уәлиханов ат. Тарих және этнология институты.

ҒТАХР 03.20:03.09.31 МАҢҒЫСТАУДАҒЫ ҚАРУЛЫ ҚАҚТЫҒЫС

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(21), 2020

Tags: казак отряды., шаңырақ салығы, Уақытша ереже, отаршылдық саясаты, Маңғыстау, Александровский форты, қарулы қақтығыс, Маңғыстау приставы
Author:
Аңдатпа. Мақалада 1870 жылғы Маңғыстаудағы қарулы қақтығыс тарихы баяндалады. Тарихи оқиғаның деректері, зерттелу деңгейі, себептері анықталады. Қарулы қақтығыстың басталуы тарихи деректердің фактілері негізінде көрсетіледі. Отарлық жергілікті биліктің Маңғыстау приставы подполковник Рукинге берген тапсырмасы және оның әрекеттері ашылады. Көтерілісшілердің тараптары, алғашқы наразылық қадамдары сипатталады. Қазақтардың «жабайы тобырының» наразылығын басу үшін жинақталған әскер туралы айтылады. Иса Қалдыбаев жасағының Рукинді өлтіруі орыс мерзімді басылым материалдары бойынша сипатталады. «Бүліктің» өрістеуі және көтерілісшілердің Александровский фортына шабуыл жасауы қарастырылады. Граф Кутаисовтың және дағыстандықтардың бекіністі қорғауы тарихи фактілер бойынша талданады. Графтың көтерілісшілерді 1869-1868 жылдардағы «Уақытша ережелерге» бағынуға мәжбүр етуге бағытталған істері көрсетіледі. Көтерілісшілерді басу үшін жасақталған жазалаушы отрядтардың «сапары» және бастан кешкен оқиғалары туралы айтылады. Жергілікті биліктің және казак отрядтарының «жабайы қырғыздарды» бағындыруға бағытталған сәтсіз қадамдары туралы баяндалады. Қарулы қақтығыстың басылуы, өлке тұрғындарының жаңа ережені мойындауға мәжбүр болу себептері анықталады. Қақтығыстың тарихи маңызына баға беріледі.
Text:

Кіріспе. Елбасы өзінің «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласында «Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Көпқырлы әрі ауқымды тарихымызды дұрыс түсініп, қабылдай білуіміз керек» (Назарбаев, 2018), - деп жазды. Қарулы қақтығыстар мен бой көтерулер, қозғалыстар мен наразылықтар Қазақ Елінің Ресей бодандығын қабылдағаннан кейінгі уақыттарда жиі көрініс бергендігі шындық.Мұндай үдеріс қазақ даласын орыс үкіметінің империяның меншігі деп жариялаған, біртұтас аумақты әкімшілік аудандарға бөліп, мемлекеттік басқару жүйесін бұзған, дәстүрлі әлеуметтік құрылымын қиратқан кезінде ары қарай өз жалғасын тапты. 1867-1868 жылдары патша үкіметі «Уақытша ережелерді» қазақ еліне енгізу үшін жанталасты. Өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық біртұтастығы мен дербестігіне қауіп төнген тұста халық жаппай көтерілді. Сондай қарулы қақтығыстар 1869-1870 жылдары Орал, Торғай, Маңғыстауда өрістеді. Әсіресе 1870 жылы Мағыстаудағы оқиға отаршылдарды әбігерге салды. Шағын географиялық аймақты қамтыған қарулы қақтығыс тарихта қалды. Халықтың бүгінгі қамы мен ертеңгі болашағын негізгі күрес мотиві етіп, күн тәртібіне қойған кіші жүз руларының азаттық күресі елді ұлы мақсаттарға жетелейтін тағлымын көрсетті. Жарты жылдай уақытқа созылған әрі ауыр да азапты болғандығына қарамастан оның халықтың тәуелсіздігі үшін күрес идеясы жоғары тұрды.

Материалдар және әдістер.Маңғыстаудағы қарулы қақтығыстың өткенін зерттеуде «Тарихты жасайтын халық» және «Тарих – адам қызметінің жемісі» ұстанымдары басшылыққа алынды. «Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды» (Назарбаев, 2018) деген Елбасының тұжырымы және төл тарихты зерттеуге бағытталған ұлттық ұстанымдар басты кезекке қойылды. Тақырыптың мазмұнын терең ашуда тарих ғылымдарының зерттеу теориялары, қағидалары мен әдістері қолданылды. Шетелдік тарихнамада қалыптасқан қақтығыстар немесе жанжалдар туралы теория Маңғыстаудағы қарулы қақтығыстың тарихы мен тағлымын анықтауға көмектесті. Әлеуметтік тарих пен антропологияның тарихты қоғамдық-саяси құбылыс ретінде қарастыратын мүмкіндігі қақтығысқа қатысты туындаған әлеуметтік сауалдардың жауабы ізделді. Тарихилық қағидасы Мағыстаудағы қарулы қақтығыстың алғы шарттары мен себептерін, барысы және өрістеуін, маңызын бір-бірімен сабақтаса зерттеуге мұрындық болды. Сонымен қатар деректанудың әдістемесі, нақтырақ айтсақ, деректанулық талдау тәсілдері қолданылды. Тарихилық қағидасы дерекке нақты тарихи тұрғыдан қарау емес, сонымен қатар деректің пайда болу және сақталуына әсер еткен факторларды зерттеуге мүмкіндік берді. Маңғыстаудағы «бүлік» туралы жарияланған жазба деректердің барлығы шовинистік пиғылда, самодержавиелік рухта жазылған. Сондықтан да оларды талдау сыни көзқарасты қажет етеді. Осы орайда деректанулық сын және дерек ақпаратына сыни баға беру әдістері қолданылды. Тарихи деректің әлеуметтік функциясын, яғни деректі ХІХ ғасырдың екінші жартысы контексінде қарау, оның пайда болуының нақты тарихи жағдайлары, әлеуметтік алғы шарттарын анықтау әдісі басшылыққа алынды. Деректерде орын алған фактілердің шынайылық дәрежесін айқындауда деректанулық талдау жүргізілді. Деректің мазмұнын және фактілерін талдау шынайылық, әлеуметтік қағидалары арқылы жасалды. Сондай-ақ аналогия, талдау, жүйелеу, сипаттау, қорыту, проблемалық-тақырыптық, тарихи қайта құру және логикалық дәйектілік әдістері пайдаланылды.

Талқылау.Өкінішке орай қарулы Қазақстандағы 1869-1870 жылдардағы қақтығыстардың тарихы терең зерттелмеді. Әсіресе Маңғыстаудағы «бүліктің» қыр-сыры ашылмады. 1870 жылғы Маңғыстаудағы оқиғалардың шындығы үстірт қана тәуелсіздік жылдары ашылды. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін» деп аталатын қорытындылаушы еңбектің үшінші томында Маңғыстаудағы көтеріліс туралы қысқаша (екі беттен сәл астам) баяндалған (Қазақстан тарихы, 2002: 423). Ұжымдық зерттеуде «1870 жылы патша өкіметінің отаршылдық саясатына қарсы Орал және Торғай облыстарында көтеріліс, Маңғыстауда толқу болып өтті» (Қазақстан тарихы 2002: 36) - деп жазылды. Осы орайда орыстың мерзімді басылым беттерінде бұл оқиғаны бүлік, жабайы қырғыздардың наразылығы, жыртқыш шайканың әрекеті, бұратаналардың бас көтеруі түрінде бағалау орын алған. Шындығында ол толқу ма, әлде көтеріліс пе, мүмкін қарулы қақтығыс шығар. Бұл сауалға тарихи деректер арқылы ғана жауап беруге болады.

Маңғыстаудағы қарулы қақтығыс туралы бірқатар жазба деректердің бар екендігі анықталды. Оқиғаның баяны ХІХ ғасырдың 70-90-жылдары «Военный сборник», «Оренбургские губернские ведомости», «Русская старина», «Уральские войсковые ведомости», «Голос», «Русскийинвалид», «Гражданин», «Чтение для солдат» және т.б. орыс мерзімді басылым беттерінен көрініс тапты. Басылымдарда «Из походных записок о действиях в степи в 1869 году», «Несколько слов по поводу последнего восстания киргизов на Мангышлакском полуострове», «События о Мангышлаковском полуострове», «Последние события в киргизской степи», «События в степи в Уральской области и Мангышлакском приставстве 1869-1970 годах» тақырыптарындағы еңбектер мен көлемді мақалалар жарияланған.

Маңғыстау түбегі туралы. Маңғышлақтағы қарулы қақтығыс туралы баянымызды бастамас бұрын өлке тұрғындарына қысқаша тоқталып кетуді жөн санадық. Шығыспен барлық су және керуен жолдары үстінде орналасқан Маңғыстаудың стратегиялық маңызы зор болатын. Сондықтан да Орталық Азия, одан әрі Үндістанға жол ашу үшін Ресей ХУІІІ ғасырдың бас кезінде өзіне бағындыруды көздеген. Осы мақсатта Каспий жағалауларына экспедициялар ұйымдастырылды. ХІХ ғасырдың бас кезіне дейін түбек түрікмендердің иелігінде болды. Император І Александрдың кезінде Ресейге бағынышты өлкеге айналды. Бағынышты дегеннің өзі формалды түрде болатын. Шындығында түбектегілер айтарлықтай тәуелсіздікте өмір сүрді. 1869 жылы даланы басқарып келген Орынбор ведомствосының екі бөлікке бөлінуіне байланысты Маңғыстау өңірі Орал облысына қаратылды. Осыған дейінгі уақыттарда өлке Орынбор шекаралық комиссиясының құрамында болды. Орыс жазба деректерінде мұнда негізінен Кіші жүз руларының ішіндегі адайлар өмір сүреді деп көрсетілген (Военный сборник, 1871: 5). Қарулы көтеріліс басталғанға дейін 10 000 шаңырақтан салық алынып келген. Алайда адайлықтардың нақты саны жергілікті отарлаушы билікке белгісіз болды. Ресми мәліметтерде адайлықтар 20 000 шаңырақтан тұрады деп көрсетілген. Ал өздерінің есептеуінше олар орта есеппен алғанда 30 000 шаңырақтан асқан (Военный сборник, 1871: 5). Қазақтарда адам басын санамайтын дәстүрдің болғанын ескерсек, бұл мәлімет те нақты болмауы мүмкін. Адайлықтардан өзге Бозащыны мекен еткен Беріш руы өкілдерінің 70 және 500 шаңырақтай түрікмендер тіркелген. Бұлардың барлығы, әсіресе адайлар Ресей бодандығын қабылдағанымен өздерін еркін санаған. Негізінен көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан көбінесе жылдың төрт мезгілінде емес, табиғат жағдайлары мен климатқа байланысты екі рет көшкен, яғни қыста қыстауға, жазда жайлауға қоныс аударған. Көршілері хиуалықтармен бейбіт қарым-қатынаста өмір сүрген.

Қақтығыстың басталуы. Ғылымда кез-келген соғыстың немесе қозғалыстың тарихын зерттеуде ең алдымен оның алғышарттары мен себептерінің анықталатыны белгілі. Мұның өзі оның басталуы мен барысын және маңызын немесе нәтижелерін шынайы көрсетуге мүмкіндік берді. Ғылымдағы осындай қағидадан шыға отырып, Маңғыстаудағы қарулы қақтығыстың себептерін жоғарыда аталған деректер бойынша анықтайтын болсақ, оның бастысы - патшалық Ресейдің отарлау саясатының күшеюі. Тарихтан белгілі, 1867 жылғы 11 шілдеде ІІ Александр патша «Сырдария және Жетісу облыстарын басқарудың уақытша ережесі туралы жобаны, 1868 жылғы 21 қазанда екінші жоба - Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы «Уақытша ережені» бекіту туралы жарлыққа қол қойды. «Уақытша ережелердің» екі жобасы да 1869 жылғы 1 мамырдан бастап енгізілетін болып ұйғарылды (Қазақстан тарихы,2002:418). Алайда бұл Ережелер көшпелі халықтың, әсіресе Орал, Торғай және Маңғыстау қазақтарының ашу-ызасын туғызды. Салықтар мен міндеткерліктердің күрт көбеюі аталған өңірлерде халықтық бой көрсетулерге алып келді. Шаңырақ салығы 1 сом 50 тиыннан 3 сомға дейін көтерілді (Юдин, 1894: 144). Жаңа ережеге сәйкес қазақ даласын, соның ішінде Орал, Орынбор өңірлерін басқаруда да өзгерістер енгізілді. Осыған дейін Маңғыстау өлкесіне дистанциялық басқару түрі енгізілген болатын. Мағыстауды басқарудың өзіндік жүйесіне старшындар, яғни ру басшылары тартылды. Старшындарының саны он еді: олардың бесеуі жоғарғы, бесеуі төменгі дистанция бастығына бағындырылды. Дистанция басшыларын Орынбор билеушілері құрметті, әрі ықпалды сұлтан, билердің ішінен таңдап, сайлады. Олар Александровский фортының комендантының құзырына берілді.Форттың әскери бастығы капитан Зеленин болатын. Жоғарғы дистацияны хорунжий Маяев, төменгіні хорунжий Колбин басқарды (Юдин, 1894: 144). Енді билеуші сұлтандардың, яғни аға сұлтандардың және дистанциялық бастықтардың орнына уезд басқарушылары тағайындалды. Бұл қазақ билеушілерінің наразылығын туғызды. Мұны қақтығыстың екінші себебі деп санаған жөн. Дүрбелең кезеңде алыпқашпа әңгімелердің, қаңқу сөздердің көбейетіндігі де белгілі. Жаңа ережелер енгізіле бастаған тұста халық арасында «енді қазақтарды шоқындырады екен, өмір бақи әскерге шақырылады екен», «еркін қазақтардың көпшілігі Жайық казактарына (Уральское казачество) құлдыққа беріледі екен» деген қауесеттер желдей есті. Мұның ақыры аласапыран мен толқуларға әкелді. Қазақтар ондаған жылдар бойы кек сақтап келген Жайық казактарына наразылықтарын мен ашу-ызасын жасыра алмады. Бас көтеру жылдам қарқын алды. Әуелде «жабайы, жыртқыш» адайлықтар Жайықтың арғы бетіне өтіп, казактардың малын айдап әкетіп, тонаушылықпен айналысты. «Бүлікшілер» Орынбор өлкесінің пост бастығының бұйрығымен Ембіге іс сапарға бара жатқан Орынбор казак жүздігінің (казачья сотня) подполковнигі Новокрещенов отрядына шабуыл жасады. Шығынға ұшыраған отряд әрең қашып құтылып, бекініске барып тығылды (Голованов 1871:28). Бүлікшілер форт бекінісіне дейін жақындады. Осылайша ұзақ жылдар бойғы төзім шегіне жетті, жаңа ереже азаттық үшін күрестің тағы бір ошағын алаулатты. Қақтығыстың негізгі қозғаушы күші қазақ шаруалары болды.

Оқиғаның барысы. Қарулы қақтығыстың одан әрі ширығуына 1869 жылдың соңында генерал-губернатор Веревкиннің Маңғыстау приставы етіп подполковник Рукинді тағайындауы ықпал етті. Рукин келе салып өзге де қазақ даласының салт-дәстүрінен, әлеуметтік-шаруашылық ерекшеліктерінен мақұрым билеушілер тәрізді орын алған ахуалдың анық-қанығына бармай, бірден салық жинау ісіне кірісті. Адайлықтардан шаңырақ салығын 1869 жыл үшін 3 сом 50 тиын көлемінде өтеуді талап етті. Алайда Рукиннің тағайындалуына дейін генерал-майор Веревкин адай руының екі дистанциялық бастығын Оралға (Уральск) шақырып, жаңа ереженің мәнін егжей-тегжейлі түсіндірді. Әскери губернатор Маяев пен Колбиннен жағдайдың қиындап кетпеуін өтінді. Екі басшы губернаторға бұл іске қолдау жасайтындықтарын, империяға адал қызмет ететіндіктерін білдірді. Губернатор тарапынан сый-сияпатқа бөленген басшылар Рукинмен бірге Александровск фортына қайтты (Уральские войсковые ведомости, 1870:34.). Рукинге Оралдан өзінің тағайындалу орнына жүрерде шаңырақ салығын жинауға байланысты қолына жазбаша нұсқаулық берілді. Он пунктен тұратын нұсқаулықта өлке тұрғындарын басқару үшін приставтықтың құрылғандығын және барлық мәселелер бойынша соған хабарласуларын түсіндіру, фортқа барлық ықпалды, құрметті, лауазымды адамдарды шақырып, жаңа ережені хабарлау, олармен келісімге келу, жаңа ереженің байырғы тұрғындардың көші-қонын, әдет-ғұрпын, наным-сенімін бұзбайтындығы, керісінше үкімет оларға қамқорлық жасайтындары, жаңа ережеге байсалды қараулары тиістігін өтіну туралы айтылды. Ережеге қарсы шыққандарды, түрлі қауесет таратушыларды өздерінің жазалауларын талап етті. Өйтпеген жағдайда шаруашылықтарына нұсқан келтіретін қатаң шара қолданылатындығы ескертілді. Әскери міндеткерлік үшін шаңырақ салығын жинау мүмкін болған жағдайда шағырақ санын нақты анықтау жұмысы қоса тапсырылды (Уральские войсковые ведомости, 1870: 34.). Нұсқаулықтың алтыншы пунктінде Маңғышлақтағы сауда жағдайына, оның дамуына кедергі келтіретін себептерді жоюға назар аудару, өлкедегі жалпы сауда мен өнеркәсіптің ахуалы турасында мәлімет беру талап етілді. Жетінші пунктінде жергілікті жердің табиғат байлықтарына, әсіресе көмір, мұнай, тұз кен орындарын назардан тыс қалдырмау керектігі айтылды. Сегізінші пунктінде жағалаудағы сауданы дамыту, оған қазақтарды тарту, тоғызыншысында қатынас жолдары туралы жазылды. Көрініп тұрғандай, жергілікті билік органдары түбекті толығымен отарлауды мықтап ойластырды. Рукинге тек салық жинау миссиясы ғана берілмеді. Оның міндетіне әлеуметтік-экономикалық мәселелерді реттеу тапсырылды. Олардың барлығын жауапкершілікпен әрі дұрыс қадамдар жасау арқылы шешу өлкеде жергілікті биліктің ықпалын күшейтіп, өзіне бағындыруға мүмкіндік береді деп шешілді.

Қазақтың ата салтымен алыстан келген, жаңадан бастық болып тағайындалған Рукинге сәлем беру үшін түбектің шалғай аудандарынан билер ағылды. Олар өздеріне бекітілген орыс бастыққа көңілдері толатындығын, жаңа ереже турасында ең алдымен халықпен, әсіресе сардарлармен ақылдасулары керектігін жеткізді. Ол үшін арнайы мәжіліс ашып, оған сардарлар мен ықпалды адамдарды шақыру ұйғарылды. Бұл іс дистанция басшылары Маяев пен Колбинге жүктелді. Көпшіліктің салықты 1869 жылы 1 сом 50 тиыннан, ал келесі жылы 3 сом 50 тиыннан жинау туралы өтініші айтылды. Облыстық басқарма 1869 жылдың салығын бұрынғысынша жинауды шешті. Алайда Рукин адайлықтарға бұл оны жеңілдік емес орыс үкіметі мен жаңа бастықтың халыққа жасаған рақымшылығы ретінде көрсетуі тиіс болды. Ондағы ойы отарлаушы өкімет тек билік жүргізіп қана қоймайды, жергілікті халықты өзінің қамқорлығына алады, жағдайын жасайды деп сендіргісі келді. Артынша жоғарғы дистанция бастығы Маяев қарамағындағы бөлімшелерді басқарушылардан 1870 жыл үшін шаңырақ салығын жаңа ереже бойынша 3 сом 50 тиыннан төлеуге міндеттелген тізімдерді жинап берді. Төменгі дистациядан осындай тізімдерді басқарушылар Аманжолов және Тубышев жинады (Уральские войсковые ведомости, 1870: 37). Жүмекей руының басшысы Күтім ғана ешқандай мәлімет бермеді. Осылайша жаңа ереже дистанцияның өкілдерімен қабылданып, бәрі болмаса да көпшіліктің қолдайтындығына сенім білдірілді.

Рукин адай сардарларын (ру басшыларын) өзіне келуді талап етті, себебі тізімдер приставтықта бекітілуі тиіс болатын. Оның халық арасында беделді Колбинге, оның екіжүзділігі, үкіметке жалған берілгендігі, қажетті мәліметтердің жылдам жиналуы Рукиннің дистанция басшыларына сенімсіздігін күшейтті. Осы кезде халық арасында салық бұрынғысынша 1 сом 50 тиыннан жиналады екен деген қауесет тарап кетті. Қазақтарды басқару ісінде тәжірибесі жоқ, адайлықтармен танысып үлгермеген Рукин салық жинау ісімен жеке айналысуды шешіп, әрекетке көшті. Осы кезде жергілікті тұрғындар құрбан айтты тойлап жатқан еді. Мереке аяқталғаннан соң қазақтар жайлауға көшуге тиіс болатын. Сондықтан да халықпен жақынырақ танысуды, қағазға түсірілген мәліметтердің шынайылығына, тұрғындардың орыс үкіметіне берілгендігінің дәрежесіне, жаңа ереженің дұрыс енгізілуіне көз жеткізуді көксеген Рукин приставтықтың бір бөлігін болса да аралап көруді жөн санады. Осы мақсатына қол жеткізуде ол қаруланған №1, 2, 3 Орал казак жүздіктерімен, яғни 40 атты казак пен 2 урядникті, 1 офицерді ертіп, наурыз айының басында қазақ даласына баруға қамданды. Отрядың барлық қаруларын, керек-жарақтарын, бір жарым айға жететін азық-түлікті 320 түйеге, 260 арбаға тиеп, 1870 жылдың 15 наурызында жолға шықты. Рукин сапарын бірден Бозащыға бағыттап, Қарағаш (Каракач) шығанағына, одан әрі оңтүстікке қарай Александоров-Бай түбегіне бұрылып, 25 наурызда фортқа қайтып оралуды жоспарлады (Уральские войсковые ведомости, 1870: 38.). Онымен бірге 38 казак, 2 урядник, хорунжий Ливкин, пристав көмекшісі есаул Логинов, тілмәш Бекметов, құлат орақ бөлімшесінің сардары Табышев, ауыл старшинасы Қосшы (Кощей) Имбердинов, құпай Дүзбатыров, Орақ Жаулинов (Джавлинов), молда Бура Есенамалов, түрікмендерден ауыл старшинасы Атандек Жамаболов (Джамабулов) және қызмет көрсету үшін 5 адам болды. Әрбір адамға 40 патроннан және 45 күнге жететін азық-түлік алынды (Уральские войсковые ведомости, 1870: 38).

Бұдан өзге құрамында екі Орал жүздігі, бір Орынбор губерниялық батальоны бар екі отрядты бастаған подполковник, барон Фонъ-Штемпель де қырға шықты. Олардың соңынан жоғары биліктегілерге үнемі ақпарат жеткізіп отырған Торғай облысының губернаторы Юркоский комиссиясынан 3 казак жүздігі қоса аттануға тиіс болды. Мұның бәрі қазақтардың «жабайы тобыры» тұтқиылдан шабуыл жасай қалса деген қорқыныштан жасалды. Себебі жазалаушы әскер әлсіз еді, қарулары да үнемі жетісе бермейтін. Сондықтан әскердің кемшіліктерін көтерілісшілер алдында көрсетпес үшін барын салды. Оның үстіне өздерінің беделін арттыру және өлкеде «тәртіп орнатуға» бағытталған әрекеттерінің дұрыстығын паш еткілері келді. Юрковский комиссиясына қарасты отрядты бастап жүру Рукинге жүктелді.

Форттан 15 верст жол жүрген отряд Құрын (Курунъ) сайына тоқтап, одан әрі Бұрла құдығына келіп қонды. Осы жердегі ауылдан қой сатып алуға барған урядник Багайдиннен қазақтар отрядты дұшпандықпен қарсы алуға дайындалып жатқандығы туралы мәлімет алды (Уральские войсковые ведомости 1870: 38). Көтерілісшілер Рукиннің әрекеттерін жіті бақылап, әрбір басқан қадамын аңдып отырған еді. Отряд бекіністен ұзап шықпай жатып, Рукинді далаға кіргізуге қарсы болған «жабайылар» тобы оның жолын тосты. Отряд Құнандөңге келгенде оған бірнеше адамы бар Маяев қосылды. Инебұзақ-Құмардан елді мекенңнде Маяевтың жіберген адамдары «жабайылардың» сардар Иса Төленбаев және батыр Қара Мұрат Жолдыбаев бастаған 150 сарбаздан тұратын әскер жасақтағаны жөнінде хабар алды. Алайда Рукин олардың ешқайсысына сенбеді. «Қазақтар жиналғанымен жақсы қаруланған орыс отрядын көргенде тарап кетеді» деген Маяевтың пайымымен келісті. Отряд алдыға қарай жылжуды шешті. 22 наурызда жан-жақтан қазақ топтары көріне бастады. Қазақ жасақтарының көбейіп жатқандығы жөнінде хабар жеткізуші Қалдыбаев Иса Төленбаев жасағында 200 түйенің жиналғандығын, қаруларыы бар екендігін, Маяев пен Рукиннің жаңа ережені дұрыс енгізбей жатқандығы туралы айтты. Рукин Қалдыбаевты Исаға жіберіп, оған сенбейтін болса, келіп келіссөздер жасауына болатындығын жеткізді. Ал Иса болса айтылғандардың барлығын қағаз жүзінде растауды талап етті. 23 наурызда қайта оралған Қалдыбаев Иса есімдері аталған төрт адамды аманатқа беретіндігін, олардың орнына Маяевті босатуды талап етті. Сөйткенше болмай, отрядтың алдынан 100 адамнан тұратын «шайка» көрінді. Отряд жақындаған сайын кері шегініп, ешқандай дұшпандық әрекет жасамды. «Шайка» Ұсақ құдығына дейін отрядтың соңынан ілесіп отырды. Отрядының әлсіздігін білетін Рукин кешке қарай Қалдыбаевты тағы да бір жарым верст жерде орналасқан қазақ жасағына жіберді. Исаға егер отрядты қырып тастайтын болса, орыс үкіметі қазақ халқына ешбір аяусыздық танытпайтындығы жеткізілді.

Ымырт жабыла қазақ жасағы отрядтқа оқ жаудырды. Екі жақ таң атқанша атысты. Жергілікті тұрғындардан жиналған күшті көрген Рукин фортқа Зелениннің атына құпия түрде көмек сұраған хат жөнелтті. Хатта Зелениннен шұғыл түрде адам күшін, қару-жарақты, азық-түлікті, дәрі-дәрмекті, дәрігерді жіберуін өтінді. Тез арада 20 адамнан тұратын казак отряды, 1 урядник, 1 офицер, 1 фельдшер және 1.600 патрон жинақталды. Отрядқа қажетті жылқылар жетіспегендіктен осы өңірде тұратын армаяндардан сатып алды. Отрядтың бастаушысы би Маяевтің ұлы болып бекітілді (Юдин, 1894: 146).

Хатты жібергеннен кейін Рукин наурыздың 24-нен 25-не қараған түнді тыныш өткізді. Таңертең қазақтар оның айналасынан ұзақтап, шабуылдан бас тартқандай болып, тауларға барып жасырынып, жан-жаққа тарап кеткендей сыңай танытты. Рукин болса, қазақ жасақтарының тарап кеткендігіне көз жеткізбей фортқа қайтпақшы болды. Сөйтіп, лагерін тастап, жолға шықты. Екі шақырымдай (деректерде верст деп жазылған) жүргеннен кейін қазақ жасақтары оны қайтадан қоршап алды. Атыс басталып, адайлықтар азық-түлік тиелген түйелерді тартып алды (Юдин 1894:146). Рукин отрядын қоршаған көтерісшілер тобы оның алдыға жүруіне кедергі жасап отырды. Күні бойы отряд небәрі он шақырымдай ғана алдыға жылжыды. Фортқа барар жолда Каспий теңізінің жақын жерде үлкен жыра бар еді. Бір жағы осы жердегі балықшыларға, екінші жағы теңіз арқылы қайықпен фортқа жетуді ойлаған Рукин солай қарай беттеді. Алайда қазақтар ол жағын да ескеріп, алдын-ала ойластырып қойған-ды. Жыраны түгел жайлап алған қазақтар отрядтың жолын бөгеп, оның кері шегінуіне жол бермеді. Көтерілісшілердің қоршауында азық-түліксіз, ауыз сусыз қалған қалған Рукин енді оларды көндіруді ойлап, келіссөз жүргізу мақсатында би Маяевты жіберді. Алайда әбден ашу-ызаға булыққан көтерілісшілер онымен сөйлесуге, оның ығына жығылуға мүлде қарсы болды. Отрядтан бөлінуге аяқ басқан Маявқа руластары оқ жаудырды. Ол амалсыз орнына қайтуға мәжбүр болды.

Сөйткенше өлке түн жамылды. Көтерілісшілер айнала от жағып, казактарды аңдумен болды. Таңсәріде отрядқа үш қарусыз адам: екі би және бір старшина келіп, келіссөздер жүргізіу үшін Рукиннің сенімді адамы, қазақ Косынканы (деректе осылай деп жазылған. Мүмкін есімі Қосын болар) талап етті. Ол отрядта жоқ болатын, себебі Рукин оны отрядтан аттандырып жіберген еді. Сондықтан көтерілісшілер Рукиннің өзін тілмәшпен келуін өтінді. Рукин қазақ тілін білетін есаул Логиновпен бірге көтерілісшілердің басшыларына аттанды.

Келіссөздер ұзақ созылмады. Қазақтар жағы казактардан қаруларын тастамаса қоршаудан шығармайтындықтарын жеткізді. Логинов казактарға қаруларын тастауға бұйрық берді. Жазалаушылар қаруларын бір жерге үйіп қойды. Осы сәтті қалт жібермей аңдып отырған көтерілісшілер отрядқа тарпа бас салды. Логиновтың мойнына арқан салып, түйеге байлады, ал Рукиннің қолында револьвері бар еді, өзіне қарсы жүгірген адамдарға оқ атты. Алайда тигізе алмады, ұзақ ойланбастан қаруды өзіне бағыттап, атып жіберді (Юдин, 1894: 147).

Осылайша көтерілісшілер 20-ға жуық жазалаушыны өлтіріп, тірі қалған 17 адамды тұтқындап, Рукиннің басын алып, оның жылқысымен бірге қолдау көрсетуге уәде берген Хиуа ханына жіберді (Юдин, 1894:147). Қақтығысты ары қарай жалғастырып, Сартан шығанағындағы Александров фортына қарасты Николаев станицасы тұрғындарының қайықтарын тонап, балықшылардан кек алды. Александров фортына қауіп төндірді. Бастаған істерінде жеткен жеңістері қарулы қақтығысқа қатысқандардың күрес шебі нығайып, елді жігерлендірді. Көтерілісшілердің жетекшісі Иса Тіленбаев қалың бұқараға басшылық етуде шеберлік және жазалаушылармен келіссөздерде дипломатиялық әдептілік танытты (Қазақстан тарихы, 2002: 422).

Александровск фортына шабуыл. Үш күннен кейін Рукинмен жолығыса алмай кері қайтқан отрядтан форттағылар Рукиннің өлтірілгендігі, Маңғыстау халқының жаппай көтеріліске шыққандығы туралы хабардар болды. Шындығында да маңғыстаулықтардың бәрі бірдей атқа қонған еді. Бас көтеру наурыздың ортасында басталып, сәуірде етек жайды. Маңғыстау түбегіндегі Кіші жүз рулары хиуалықтардың көмегінсіз-ақ бас көтеріп, атой салды. Деректерде өлке халқының саны бірде 20, бірде 30 мың шаңырық деп көрсетілген. Әр шаңырақтан қару ұстағандар кем дегенде 1-2 адам деп есептесек, көтерілісшілердің саны орта есеппен 30 мыңнан астам болған. Қарулы қатығыс кезінде әсіресе Байымбет, Жебеней, Жар, Адай руларының өкілдері қайтпас қайсарлықтарымен көзге түскен (Военный сборник, 1871: 5). Алайда орыс деректерінде қазақтар небәрі 15 мың адамнан тұратын жасақ құра алатын болған деген факті орын алған (Военный сборник, 1871: 5). Шындығында ел басына күн туған, аласапыран кезеңдерде қазақ үйде отырыпты дегенді естіп көрмеппіз. Ата-бабасы ат үсінде түн қатып, жаумен жағаласқан ұрпақтарының әлсіз болмағаны хақ. Елінің ертеңгі күнін ойлаған маңғыстаулықтардың болашағы шешіліп жатқан тұста қай-қайсысының шет қалуы мүмкін емес еді. Мұны отарлаушы елдің өкілдері де мойындап, өлкеде жаппай наразылық білдіріп жатқандар туралы «қазақтар өр мінезді, еркін, үкіметтің талаптарын орындауға асықпайтын, кез-келген әскери әрекетті соғыс театрына айналдырып жіберетіндер» (Военный сборник, 1871: 5), -деп жазды.

Фортта басшы ретінде қалған капитан Зеленин ахуалдың ушыққандығына көз жеткізгендіктен қорғаныс жағдайына көшіп, 27 наурызда қайықпен Гурьевке Орал облысы әскери басшысына және Астраханьге хабарлама (донесение) жіберді. Үш күннен соң, яғни 1 сәуірде Орынбор генерал-губернаторы генерал адъютант Крыжановский наразылықтың қыр-сырына қанықты.

Бекіністі шұғыл қорғаныс жағдайына көшіріп жатқанын білген көтерілісшілер Рукинді алдаған сияқты Зеленинді де алдау мақсатында оның жақсы танитын биі арқылы хат жіберді. Хатта Рукиннің қазақтармен тіл табыса алмағандығы, көтерілісшілер санының 5 мың адамнан асатындығы, сол себепті оның отрядымен қолға түскендері туралы айтылды. Енді Рукинде бекініске алып келетіндері және Зелениннің оны қарсы алуға шығу керектігі жазылды. Зеленин хатты алып келген биді тұтқындап, оның орнына бір кедейді көтерілісшілерге жіберіп, биді қарсы алуға бармайтындығын жеткізді. Көтеріліс басшысы туысының жау қолында қалғанына ашулы екенін, мұнысына жауап беретіндігі туралы хабар берді. Зеленин қазақтардан қорықпайтындығын және оларды «қонақжайлықпен қарсы алуға» дайын екендігін хабарлады. Зеленин қолға түскен би арқылы көтерілісшілердің жексенбі күні бекініске шабуыл жасайтындарын біліп алды (Юдин, 1894: 149).

Бекіністі айтылған күні шабуылдаған көтерілісшілер жауған оқтың астында қалды. Осылайша күндізгі әрекеттері сәтсіздікке ұшыраған топ бекініске түнгі уақыттарда шабуыл жасап, апта бойы казактардың берекесін қашырды. Алайда бекіністі ала алмады, өйткені оны қорғауға қосымша күш келген еді. Бекініске майора Архангельский бастаған екі рота жаяу әскер және граф Кутаисов бастаған екі рота атқыштар, 140 дагыстандық келген кезде көтерілісшілер далаға тереңдей еніп, көшіп кетті (Юдин, 1894: 150).

Көтерілісшілердің екпінді қарқыны мен қайтпастығын, бүкіл өлке тұрғындарын қамтығандығын көрген империяның жергілікті билеушілері подполковник, барон Фонъ-Штемпель және Юрковский бастаған комиссияны қарсы аттандырды.

Қақтығыстың басылуы. Қозғалысты басуға басшылық жасау қолына шоғырландырылған граф Кутаисов «ең жабайы, дөрекі және жауынгер қазақтарды» тыныштандырудың өз жоспарын ұсынды. Алайда Кутаисовтан өзгелері бұл өлкені тыныштандырып қана қоймай, оны бағындыру керектігі туралы ұсыныс айтты. Өлкеге бүлікшіл орыс провинциясы ретінде емес, империяның жаңа, дұшпан, тәуелсіз ортаазиялық иелігі ретінде қарау қажет деп санайтындар кездесті. Мұндай пікір айтушылар бағындыру үшін бір ғана Александровск бекінісінің жеткіліксіздігін, халықты бағындырудан гөрі басқару, ал басқару үшін оны терең білу қажеттілігін қадап айтты. Олай етпеген жағдайда халық үнемі наразылық танытып, көтеріліс жасай беретіндігін ескертті. Көтерілістерді басу үшін орасан зор шығынның кететіндігі және бірнеше айларға созылатын әскери қимылдардың жасалуы тиістігін алдыға тартты. Шындығында да Маңғыстаудағы оқиғалар осыны көрсетіп берді. Рукин салық жинауға көшпес бұрын халықпен, оның жағдайымен етене танысуы тиіс еді. Сол кезде казак жүздіктерінің айтарлықтай уақыты өлкедегі «бүлікшілерді» басуға кетпеген, халықтың берекесі қашпаған болар еді. Империяның мүддесінде пікір білдірушілер бұл көтерілісті басқанымен адайдықтардың келесі бас көтерулерді ұйымдастыратындығына шек келтірмеді (Военный сборник, 1871: 5).

Дегенмен Графтың жоспарында «елдің ішіне тереңдей еніп, онда жергілікті адайлар өздерінің көшуі үшін қажет болған кезде айналып өте алмайтын бекіністерді алдын ала басып алып», сол арқылы олардың шетінен жолына кедергі жасау, «бағынуға мәжбүр ету» көзделді (Қазақстан тарихы 2002:422). Барон Штемпельдің және Юрковский комиссиясы түбектің әр жерінен көтерілісшілерге қарсы қимылдар жасаулары тиіс болды. Қазақтардың жасақтарын адам аяғы баспайтын шөл далаға кетіп қалмай, күш біріктіріп, қайта шабуыл жасамай тұрғанда жою бірінші кезекке қойылды. «Бүлікті жөргөгінде тұншықтыру үшін» «қолайлы бекіністер ретінде Кутаисов Маңғыстаудың Киндері шығанағынан және Үстірт қыратының солтүстік бөлігінде, Орынбор даласымен «көршілес» жатқан Сағым алқабынан жүз шақырым жердегі Бесақты шатқалын таңдап алды. Жоспар мақұлданған жағдайда бірінші бекіністе 6 рота жаяу әскер, 4 зеңбіректегі 6 жүздік бар атты әскер; екіншісінде - 2 рота, 3 зеңбірегі бар 4 жүздік шоғырландырылатын болып шешілді (Қазақстан тарихы 2002:422).

Граф Каспий теңізінің оңтүстігіндегі Красноводскіге жақын жердегі Александр-Бай сайында көшіп жүрген түікмендерге барып, түйе алып келу үшін капитан Багратион-Мухранский князьдің басшылығымен 140 дағыстандықты жіберді, себебі фортта бірде-бір түйе қалмады. Оларды қазақ жасақтары тартып алған болатын. Граф өзімен бірге 4 рота жаяу әскерді алып, далаға көтерілісшілерге кетті. Бекіністің жанына орналасқан армяндардың иелегінде  қарамағында 70 солдат бар майор Архангельскийді қалдырды. Қандай жағдай болса да фортқа бармауды тапсырды. Ал бекіністе қолдарында 1809 жылы дайындалған қарулары бар 70 адам қалды (Юдин, 1894: 152). Бекіністі бұрынғысынша Зеленин басқарды. Айналадағы тауларда әскердің жолын бөгеп, тасада жатқан көтерілісшілерді көрген Зеленин Архангельскиймен күш біріктірді. Көтерілісшілер күндіз қарудың салдарынан көп шығынға ұшырағаннан гөрі бекініске түнде шабуыл жасауды жөн деп санады.

Күн батып бара жатқан кезде көтерілісшілер бекініске қарай лап қойды. Бекіністі қоршап алған қазақ жасағы фортқа қайтып келе жатқан граф әскеріне қарай беттеді. Олар граф әскерімен бірге Багратион князьдің және елуден астам дағыстандықтардың бар екенін білмеді. Үлкен әскерден бөлінген топ деп тапшылады. Екі жақ шайқасып, графты дағыстандықтар аман алып қалды. Шабуыл кезінде қазақтар графтың жылқысын, чемоданын, ішіндегі ақшасымен, заттарымен бірге тартып алды, бірақ жазалаушы отрядты жеңе алмады. Жасақты аман қалдыру үшін сарбаздар жан-жаққа тарап кетті (Юдин, 1894: 153). Графтың әскері дағыстандықтар болмағанда жеңіліске ұшырайтын еді. Орын алған жағдайды граф бірден Кавказға жеткізіп, шұғыл түрде тағы да көмек сұрады. Осылайша Александровск фортына 500 дағыстандықтар және толық құрамдағы атқыштар батальоны, қару-жарақ жеткізілді. Дағыстандықтардың келуіне орай жағдай өзгерді. Мұның барлығы қазақ көтерілісшілері қорқыту және орыс өкіметіне бағындыру үшін жасалды. Алайда әлі де болса жергілікті тұрғындардан құралған жасақтың мықтылығы орыс билігін алаңдатты. Қозғалыс жетекшілерінің Хиуа хандығына оның тарапынан сырттай қолдауды қамтамасыз етуге үміт артып делегация жіберуі жергілікті өкімет орындарын тағы да мазасыздандырды. Хиуа билеушісі адайлар қозғалысын қолдау үшін 4 зеңбірегі бар, 6 мың адамдық жасақпен қимыл жасауды ұйғарды. Бірақ шектес аудандарда Хиуаның әскери қыр көрсетуі нақты нәтижелер бермеді, дегенмен аймақтағы жағдайды едәуір шиеленістірді. хиуалық өкілдер қазақтардың христиан дініне кіргізілуі мүмкін екендігі туралы лақап таратып, адайларды қоздыруды тоқтатпады (Қазақстан тарихы, 2002: 423).

Фортқа әскер келгеннен кейін Кутаисов оларды ертіп Сарытас шығанағына кетті, өйткені көтерілісшілер жағалаудағы Николаевск станицасына шабуыл жасап, өртеп жіберген, форштадты тонаған «бүлікшілерді» жазалау еді. Бірақ қазақтар Хиуаға жақынырақ Үстіртке кетіп қалды. Жергілікті жердің ерекшелігін білмейтін отрядтың оларды қуып жетуі екі талай еді. Қазақтардың соңына түсу графтың өзіне және өлтірілген Рукиннің орнына Маңғыстау түбегінің бастығы болып жаңадан тағайындалған полковник Ломакинге тапсырылды. Ломакин бір ауылды шауып, 20 мың қойды, 2 мың жылқыны және 600 түйені айдап әкетті. Оңай олжаға батқан жазалаушылардың ісі оңға баспады, жол жөнекей көтерілісшілердің шабуылына кезігіп, малдан айрылып қалды. Граф малдан айрылып қалғандары туралы князь Меликовке мәлімдеме жасауға мәжбүр болды (Юдин 1894:155). Көтерілісшілердің күшін көрген князь Меликов бекініске өзі келді. Алайда бұл кезде «бүлікшілер» хиуамен шектес аудандарға көшіп кеткен еді.

Рукиннің сәтсіз «сапарынан» кейін көтерілісшілерді басу үшін жасақталған жазалаушы отрядтардың жұмылдырылуы бір жағынан казактардың әскерін «бұратана халыққа» паш ету, қыр көрсету болса, екінші жағынан қазақ ауылдарының тұтастай көтеріліп, орасан зор күшке айналуынан жергілікті билік қатты сескенді. Сол себепті тұтастай Орал казак жүздігі Маңғыстаудың түкпір-түкірін аралауға жіберілді. Ломакин бастаған жүздік Жайық (Е. Пугачев бастаған көтерілісті басып, жаншу кезінде өзеннің атауы Урал деп өзгертілді) өзенінің сол жағалауына шығып, Барбашева өзеніне қарай жазалаушы отрядтың «салтанатты шеруін» жасап жылжып, далаға бет алды. Үш сағат жол жүріп, Хан көлге (Хан-Куль) станицасына келіп тоқтады. Аялдамаларында әскердің барлық ережелерін сақтап, 30 шақты жылқыны байлауда ұстап, дабыл қағылған жағдайда дайын болудың амалдарын жасады. Чунак-Анкаты деп аталатын станицада да әскери тәртіп қатаң сақталды. Отряд Куперле-Анкаты өзенінің бойындағы станицада түстеніп, Танасъ-Анкатыдағы станицаға келген бойда Юрковский жіберген мәлімет алды. Хабардың мәнісі мынадай: бірі - барона Штемпель отрядын Жамансай деген жерде көтерілісшілердің 20 мың адамнан тұратын тобы қоршауға алған. Отрядтың жағдайы мүшкіл, сондықтан да Калмыковск бекінісіне кері қайтуға мәжбүр. Екіншісі - қазақтар отрядты кірпік қақпай қарап отыр, оңтайлы сәтте үлкен топпен шабуыл жасап, оны құртып жібермекші (Уральские войсковые ведомости. 1870:38). Жағымсыз хабар алған отрядқа барона Штемпель әскерінің күйін кешпес үшін Юрковский жүздіктерге Илецк қалашығына қарай кері жүруді бұйырды. Ертеңіне отряд  Танасъ-Анкаты өзенінен солтүстік-шығысқа қарай сап түзеді. Станицадан кетерде көшпенділердің жинап қойған шөбі қаса-қана өртелді (Уральские войсковые ведомости, 1870: 41). Казактардың көшпенділерге қатысты мұндай әрекеттерді бұйрықсыз жасамауды қатаң тапсырды. Мұның соңы жақсылыққа әкелмейтіндігі түсінікті еді. Келесі күндері Юрковский Илецк қалашығына жүріп кетті, ал отряд болса қазақ даласына тереңдеп ене берді. Казактар отрядының ендігі ойы барон Штемпель отрядымен қосылу болды. Қармақсай, Ақбұлақ, Шегерді, Өлеңті, Бұлдырықты таулары мен өзендерінен өткен отряд тезірек Штемпель әскерімен кездесуді көкседі. Тұс тұстан жортқан отрядтарды қазақ жасақтары аңдып, оңтайлы сәтте шабуыл жасап отырды. Отрядты қоршап, қаруларын, түйелерін, жылқыларын тартып алды. Сондай сәттердің бірінде көтерілісшілер жасағы Штемпель отрядын қоршады. Қоршауда қалған отряд әупірімдеп аман қалып, Қазбек сайында қарсылық көрсетіп, ақыры Калмыковск бекінісіне қарай шегінген болатын. Бұлардың ешқайсысынан хабары жоқ жазалаушы отряд ілгері жүріп, Көкөлең (Кук-Улякъ) станицасына келіп жетті. Осы жерде түнеп шығуды ойлаған отряд жергілікті тұрғындар жауып кеткен құдықтардың бетін ашпақшы болды. Алайда оның сәті түспеді (Уральские войсковые ведомости, 1870: 41). Жаудың күшін әлсірету, ен далада сусыз қалдыру мақсатында көшпенді қазақтар атам заманнан құдықтарды жауып кететін. Оларды жабудың да, ашудың да өзіндік құпиясы қалыптасқан. Оның үстіне бұл іс көп уақыт пен еңбекті талап ететін. Казак отрядының оны білуі мүмкін емес-ті. Сондықтан отряд ілгері жылжып, Сабын көлдің (Сабынъ-Куль) жағасына келіп түнеді. Бұлдырықтыдан (Бундургды) шығарда арбашылардың бір бөлігі бір айдың ішінде қайта оралып, азық-түлік алып келу үшін бөлініп, бекініске қайтты. Көтерілісшілердің тұқиылдан шабуыл жасауынан сескенген басшы Сабын көлден кетерде корнет Меркульевке 40 казак пен 1 урядникті алып, Қантығайтыға Канды-Гайты өзеніне дейінгі жолды барлау тапсырылды. Шағын топ жолда жылқылардың іздерін, алыста біресе көрініп, біресе көзден ғайып болып кететін «шайканы» көрді.Айтарлықтай ештеңені байқамаған Меркульев тобы отрядқа қайтып оралды. Жетікөл (Дзитакуль) маңында жүздік Ереминмен тағы да 40 казакты барлауға жіберіп алды. Олар да ештеңені байқамай қайтып келді. Жетікөлде 3-4 сағат дем алған отряд Жаксыбай (Джаксыбай) өзеніне қарай кері жүруге мәжбір болды, өйткені осы жерде  отряд басшысы Орал облысы әскери губернаторынан құпия бұйрық алды. Отрядқа шұғыл түрде Калмыковск бекінісіне қарай жүру бұйырылды. «Бүлікшілер» шабуыл жасаған жағдайда көмек алатындай бекіністен алыс емес тұста орналасу қажеттілігі және әскери губернатордың тікелей басшылығымен келе жақтан отрядты күту қатаң тапсырылды. Барона Штемпель отрядының Калмыковск бекінісіне жеткендігі айтылды. Ал шабармандар Жетікөл маңында қарулы бүлікшілердің Штемпель отрядына шабуыл жасағаны туралы хабар жеткізді. Бекініске қарай дамылсыз жүрген Ломакин отряды Жалгызағаш (Джангизъ-Ачач) шатқалында әскери губернатордың жасағын күтуді шешті (Голованов, 1871: 29). Отрядтың тоқтағанын естіген көтерілісшілер қарсы шабуылға шығуға бел байлады. Алайда Калмыковск бекінісінен әскери губернатор, подполковник Веревкин және граф Комаровский бастаған біріккен жазалаушы отрядтың бүлікшілерді талқандауға шыққанын естіп, ордалықтар кері шегінді. Осыдан кейін көтерілісшілер бірнеше топқа бөлініп, «шайка» болып әрекет жасауға көшті (Голованов, 1871: 29). Веревкин отрядына шабуыл жасап, олардың әлсіздігін пайдаланды. Алайда әскери губернатор шұғыл қимылдап, оған Ломакин отрядын қосты. Қалған әскер жорықты жалғастыру үшін барон Штемпельге тапсырылды. Көтерілісшілер жазалаушы отрядтарға қарсы қайта-қайта қырғидай тиіп, мазаларын ала берді. Ойыл өзенінің сол жағалауында жазалаушылар лагерінен15 шақырым жерде бүлікшілер генерал Веревкин бастаған отрядтқа 2 мың адамнан құралған қазақ жасағы шабуыл жасады. Отрядтың биіктеу жерге орналасуы және жақсы қарулануы жасақтың жеңіске жетуіне жол бермеді. Күштің жазалаушылар жағында екендігін сезген «бүлікшілер» жылдам тарап кетті (Голованов 1871:30). Соңдарынан қуу үшін №2 Орал жүздігінің Артамон  Ротнов басқарған взводы жіберілді. «Бүлікшілер» кішкене шоқылардың жанында взводты қоршап алды. Алыстан осының бәрін байқап тұрған біріктірілген әскер қоршаудағыларды құтқару үшін 150-дей адамды аттандырды. Жазалаушылар күшінің басымдылығын көрген жасақ қылыштарымен, найзаларымен айбат көрсетіп, жазалаушыларды бірнеше рет айналып, қырға беттеп, жоқ болып кетті кетті (Голованов, 1871: 30).

Шілденің басынан «бүлікші орда рулардың сардарлары мен старшиндері генералға келіп, жаңа ережені мойындауға дайын екендіктерін білдірді. Жиырмасыншы шілдеге қарай ережеге бағынатындардың саны 20840 шаңыраққа жетті (Голованов, 1871: 33). Дегенмен халық әлі де шаңырақ салығының көбейтілгеніне наразылық танытып, күш біріктіруге ұмтылды. Әсіресе адайлықтардың үштен бірі орыс үкіметінің талаптарына бағынудан бас тартты. Әлі де болса бірігіп, өздерінің еркіндігін сақтап қалуға ұмтылды. Шілденің жиырмасында Кенже шатқалына жақын жерде кете руынан жинақталған жасақ №2 Орал жүздігіне шабуыл жасады. Алайда шаңы аспанға көтеріліп келе  жатқан колоннаны көрген «бүлікшілер» ауылды тастап қашып кетуге мәжбүр болды (Голованов 1871:34). Әскер басшысы ауылда қалған біраз мүйізді ірі қара малды және қойды айдап әкетуді бұйырды.

Империяның жергілікті органдары өздерінің билігін қолындағы қару арқылы жүргізе алатынына Ойыл өзенінен  Тайсойғанға дейін жүріп өткен казак әскерінің «шеруі» арқылы көз жеткізуге тырысты (Военный сборник, 1871: 5). Ақиқатында жазалаушы әскердің күші соншалықты көп әрі мығым емес еді. Соны байқаған орыс қоғамы өз ойын ашық айтудан жасқанбады. Орыс басылымдарында «ордалықтардың жаңа ережеге бағынулары аласапыранды тоқтаудан, дағыстандықтардың қарудың арқасында жеңіске жетулерінен, тұрғындардың казактардан қорқуы салдары еместігі» туралы пікір айтылды. Журнал беттерінде көтерілісшілер күресті құрғақшылықтың салдарынан келе-келе түйеге, үйір-үйір жылқыға, табын-табын сиырға, қора-қора қойға азықтың жетіспеушілігіне, бай-қуаттылар саудасының тоқырауына, Хиуадан әкелінетін ұнның тапшылығына байланысты тоқтатты деп жазылды (Военный сборник, 1871: 5). Бұны қарулы қақтығыстың аяқталуының бір себебі деп есептесек, бастысы қазақ шаруалары өз қатарын берік біріктіруге қол жеткізе алмады, мұның өзі саны жөнінен болмашы жазалаушы отрядтардың халық қарсылығының негізгі ошақтарын тұншықтыруына мүмкіндік берді; қазақ шаруаларының рулық тар өрісті мүдделері отаршыл империяның әскери құрамаларынан өзінің ұйымдасуы жағынан едәуір кем түскен көтерілісшілер жасақтарындағы тұрақтамаушылықты туғызды. Көтерілістің ішінара рулық үстем топқа, ал кейде жоғары көшпелі ақсүйектерге жататын басшылары екіжүзділік көрсетіп, әр түрлі тұрғыдағы көзқарас ұстанды (Қазақстан тарихы, 2002: 423)

Қорытынды. Осылайша 1870 жылдың тамыз айында жарты жылдай уақытқа созылған Маңғыстаудағы қарулы қақтығыс аяқталды. Ашық наразылыққа шыққан қазақ жасақтары жеңіліске ұшырады. Қақтығыстың зардаптары да орын алды. Елдің шаруашылығы күйзелді, халықтың берекесі қашты. Маңғыстаулықтардың біразы Үстірке көшіп кетті. Өлке тұрғындары жаңа ережеге бағынуға мәжбүр болды. Ресейдің мерзімді басылымдарын дүрліктірген «жабайы қырғыздардың бас көтеруі» орыс үкіметін ойландырды. Үкімет «бұратаналарды» бағындырудан гөрі басқару қажеттігін анық байқады. Орыс атқамінерлері жергілікті халықтың мүддесімен санасу керектігін де ескерді.  Осы тұрғыдан алғанда Маңғыстаудағы қарулы қақтығыс орыс үкіметі үшін үлкен сабақ болды. Қарулы қақтығыс шағын сипатта болғанымен, оның географиялық шеңбері тым ауқымды болды. Қақтығыс бүкіл дерлік Батыс Қазақстан, солтүстік Қазақстанның бір бөлігін қамтыды. Орыс үкіметіне уақытында қазақ даласына «Уақытша ережені» енгізуге кедергі жасады. Шаңырақ салығын жинауды қиындатты (Қазақстан тарихы, 2002: 424). Салық жинап қана қоймай, өлкені тұтастай өзіне бағындыруға бет бұрған орыс үкіметінің жоспары біраз уақытқа кейінге шегерілді. Қазақ халқы тағы да өзінің тәуелсіздігі барлық құндылықтардан жоғары екендігін дәлелдеді.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Головановъ В. Изъ походныхъ записокъ о дъйствіях въ степи въ 1869 году. //Уральскія войсковыя въдомости 1871, 11-го июля. №28.

Головановъ В. Изъ походныхъ записокъ о дъйствіях въ степи въ 1869 году// Уральскія войсковыя въдомости 1871, 18-го июля. №29.

Головановъ В. Изъ походныхъ записокъ о дъйствіях въ степи въ 1869 году// Уральскія войсковыя въдомости 1871, 25-го июля. №30.

Головановъ В. Изъ походныхъ записокъ о дъйствіях въ степи въ 1869 году// Уральскія войсковыя въдомости 1871, 25-го июля. №30.

Головановъ В. Изъ походныхъ записокъ о дъйствіях въ степи въ 1869 году// Уральскія войсковыя въдомости 1871, 25-го июля. №33.

Головановъ В. Изъ походныхъ записокъ о дъйствіях въ степи въ 1869 году//Уральскія войсковыя въдомости 1871, 22-го августа. №34.

Қазақстан тарихы. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. 3-т. – Алматы: «Атамұра», 2002. – 768 б.

Нұрсұлтан Назарбаев: Ұлы Даланың жеті қыры.– [Электронды ресурс]. 2018. https://egemen.kz/article/178090-nursultan-nazarbaev-uly-dalanynh-zheti-qyry (қаралған күні: 23.11.2018).

Нъсколько словъ по поводу послъдняго возстанія киргизовъ на Манглышлакскомъ полуостровъ// Военный сборник 1871 май. №5.

События в степи в Уральской области и Мангышлакском приставстве 1869-1970 годах// Уральские войсковые ведомости. 1870. №34.

События в степи в Уральской области и Мангышлакском приставстве 1869-1970 годах// Уральские войсковые ведомости. 1870. 20 сентября. №37.

События в степи в Уральской области и Мангышлакском приставстве 1869-1970 годах// Уральские войсковые ведомости. 1870. 27 сентября. №38.

События в степи в Уральской области и Мангышлакском приставстве 1869-1970 годах// Уральские войсковые ведомости. 1870, 27 сентября. 18 октября. №41.

Юдин П. Адаевский бунт на полуострове Мангыщлак в 1870 г.// Русская старина. 1894. Июль. –Санкт-Петербург, 1894. – С.135-156.

References:

Golovanov V. Iz pohodnyh zapisok o dejstvіyah v stepi v 1869 godu. //Uralskіya vojskovyya vedomosti 1871, 11-go iyulya. №28.

Golovanov V. Iz pohodnyh zapisok o deistvіyah v stepi v 1869 godu// Uralskіya vojskovyya vedomosti 1871, 18-go iyulya. №29.

Golovanov V. Iz pohodnyh zapisok o dejstvіyah v stepi v 1869 godu// Uralskіya vojskovyya vedomosti 1871, 25-go iyulya. №30.

Golovanov V. Iz pohodnyh zapisok o dejstvіyah v stepi v 1869 godu// Uralskіya vojskovyya vedomosti 1871, 25-go iyulya. №30.

Golovanov V. Iz pohodnyh zapisok o dejstvіyah v stepi v 1869 godu// Uralskіya vojskovyya vedomosti 1871, 25-go iyulya. №33.

Golovanov V. Iz pohodnyh zapisok o dejstvіyah v stepi v 1869 godu//Uralskіya vojskovyya vedomosti 1871, 22-go avgusta. №34.

Qazaqstan tarihy. Kөne zamannan bүgіnge deyіn. Bes tomdyq. 3-t. – Almaty: «Atamura», 2002. – 768b.

Neskolko slov po povodu posliadnyago vozstanіya kirgizov na Manglyshlakskom poluostrove// Voennyj sbornik 1871 maj. №5.

Nursultan Nazarbaev: Uly Dalanyn zhetіқyry: [Elektrondy resurs]. 2018. https://egemen.kz/article/178090-nursultan-nazarbaev-uly-dalanynh-zheti-qyry (qaralgan kүnі: 23.11.2018).

Sobytiya v stepi v Uralskoy oblasti I Mangyshlakskom pristavstve 1869-1970 godah// Uralskie vojskovye vedomosti. 1870. №34.

Sobytiya v stepi v Uralskoj oblasti i Mangyshlakskom pristavstve 1869-1970 godah// Uralskie vojskovye vedomosti. 1870. 20 sentyabrya. №37.

Sobytiya v stepi v Uralskoj oblasti i Mangyshlakskom pristavstve 1869-1970 godah// Uraskie vojskovye vedomosti. 1870. 27 sentyabrya. №38.

Sobytiya v stepi v Uraskoj oblasti i Mangyshlakskom pristavstve 1869-1970 godah// Uralskie vojskovye vedomosti. 1870. 27 sentyabrya. 18 oktyabrya. №41.

Yudin P. Adaevskij bunt na poluostrove Mangyshchlak v 1870 g.// Russkaya starina. 1894. Iyul. Sankt-Peterburg, 1894. – S.135-156.

МРНТИ 03.20:03.09.31

ВООРУЖЕННОЕ СОПРОТИВЛЕНИЕ В МАНГИСТАУ

О.Х. Мухатова¹, З.Т. Садвокасова²

¹Доктор исторических наук, профессор. Главный научный сотрудник института истории и этнологии им Ч. Валиханова. г. Алматы, Казахстан.

²Доктор исторических наук, профессор. Главный научный сотрудник института истории и этнологии им Ч. Валиханова. г. Алматы, Казахстан.

Аннотация. В статье излагается история вооруженного столковения в Мангистау в 1870 года. Определются источники, степень изученности и причины исторического события. Начало вооруженного стокновения показывается на основе фактов исторических источников. Раскрываются задания данные Мангиставскому приставу Рукину местным колониальным органом и его действия. Характеризуются требования восставших и их первые поступки. Рассказывается о военном отряде собраннаго для подавления возмущений «диких скопищ киргизов». Описывается убийство сарбазами Исы Қалдыбаева на основе материалов русской периодической печати. Рассматривается событие нарастания «бунта» и нападаения постанцев на Александровскую крепость. На основе исторических фактов. анализируется защита крепости графом Кутаисовым и дагестанцами. Показываются действия графа направленные на вынужденное подчинение повстанцев «Временным положениям» 1867-1868 годах. Излагается о походе карательных отрядов для подавления мятежа и события пережитые ими. Изучается безуспешные меры местных властей и казачьих отрядов направленные на подчинение  «диких киргизов». Определяются причины подавления вооруженного конфликта и вынужденное принятие нового положения населением края.

Ключевые слова: Мангистау, колониальная политика, Временное положение, вооруженное сопротивление, Мангиставское приставство, Александровский форт, кибитиочная подать, казачьий отряд.

IRSTI 03.20:03.09.31

THE ARMED RESISTANCE IN MANGISTAU

O. Mukhatova¹, Z.Т. Sadvokasova

¹Doctor of Historical Sciences, Professor Chief Researcher

at Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology. Almaty, Kazakhstan.

Doctor of Historical Sciences, Professor Chief  Researcher

at Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology. Almaty, Kazakhstan.

Abstract:The article sets out the history of the armed clash in Mangistau in 1870. The sources, the degree of knowledge and the causes of the historical event are determined. The beginning of the armed stagnation is shown on the basis of the facts of historical sources. The tasks given to the Mangistav bailiff Rukin by the local colonial authority and its actions are revealed. The demands of the rebels and their first deeds are characterized. It tells about a military detachment assembled to suppress the disturbances of the «wild gatherings of the Kyrgyz». The murder by the sarbazes of Isa Kaldybaev is described on the basis of materials from the Russian periodical. The event of the rise of «rebellion» and the attack of the postants on the Alexander Fortress is considered. The defense of the fortress by Count Kutaisov and Dagestanis is analyzed on the basis of historical facts. The actions of the count are shown aimed at the forced submission of the rebels to the «Provisional Provisions» of 1867-1868. It describes the campaign of punitive detachments to suppress the rebellion and the events experienced by them. The unsuccessful measures of local authorities and Cossack detachments aimed at subordinating the "wild Kyrgyz" are being studied. The reasons for the suppression of armed conflict and the forced adoption of a new situation by the population of the region are determined.

Keywords:Mangistau, colonial policy, Temporary situation, armed resistance, Mangistav bailiff, Alexander Fort, kibitichnaya lodge, Cossack detachment.

No comments

To leave comment you must enter or register