Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАХР 03.61.91 ТҰРМЫС-САЛТ ЖЫРЛАРЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ НҰСҚАЛАРЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ КОНТЕКСТІ

Н. Қанағатова¹. ¹Павлодар Мемлекеттік Педагогика Университетінің магистранты

ҒТАХР 03.61.91 ТҰРМЫС-САЛТ ЖЫРЛАРЫНЫҢ ЕЖЕЛГІ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ НҰСҚАЛАРЫНЫҢ ТАРИХИ-МӘДЕНИ КОНТЕКСТІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(22), 2020

Tags: айтыс., көңіл айту, жоқтау, бесік жыры, әлди-әлди, ақ, бөпем, ақ, сұңқар, аққу
Author:
Аңдатпа. Осы мақалада қазақ халқының ауызша әдебиетіндегі тұрмыс-салт жырларының алғаш рет Ресей Империясының тапсырысымен жариялана бастағандығы және этнографтардың әр өлкеден жинаған «Бесік жыры» мен «Көңіл айту», «Жоқтау» жырларының ежелгі нұсқаларының тарихи-мәдени контесктінің мәтіндері қарастырылып, салыстырмалы талдау ұсынылды. Біздің зерттеуіміз тұрмыс-салт жырларының ауызша әдебиет пен қазіргі әдебиеттегі нұсқаларының аралығында қандай айырмашылықтардың бар екендігіне негізделгендіктен – айырмашылықтар неден туындап отыр деген сауалға жауап іздедік. Ең алдымен қоғамның даму динамикасының ерекшеліктерін ескердік. Сондықтан да, «Ауыз әдебиеті мен қазіргі әдебиеттегі тұрмыс-салт жырлары» тақырыбындағы зерттеу еңбегімде халқымыздың ықылым заманнан бері ата-бабалардан қалған мәдени мұрасының бірден-бір өшпеген түрі – тұрмыс-салт жырлары арқылы сақталған ұлттық кодтың қазіргі замандағы маңызы мен бүгінгі күнгі жаңаша түрленген нұсқаларды компаративистикалық көзқараспен саралауды көздедік. Тұрмыс-салт жырларының ауқымы мейілінше кең. «Тал бесіктен - Жер бесікке» дейінгі адам ғұмырының барлық кезеңінде туындайтын оқиғалар желісіне байланысты туындайтын тұрмыс-салт жырларын зерттеген ғалымдардың еңбектеріне сүйендік. Өз көзқарасымызды тұрмыс-салт жырларының өмірге келу, отбасын құру, өмірден өту атты үш маңызды кезеңіне қатысты туындаған тарихи жырлар ауқымында ұлттық мәдениеттің көздері ретінде қарастырдық. Сондай-ақ, халық арасында ежелден етене сіңген, бүгінгі күнде де адамдардың қызығушылығын жоғалтпаған, қоғамның айнасы іспеттес айтыс жанрының классикалық үлгісі мен әр кезеңдердегі айтыс саласының майталмандарының лепестерінен мысалдар келтіре отырып, салыстыра зерделедік.
Text:

Кіріспе. Елбасы Н.Ә. Назарбаев жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалада «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай. Бірақ, ұлттық кодымды сақтаймын деп бойыңдағы жақсы мен жаманның бәрін, яғни болашаққа сенімді нығайтып, алға бастайтын қасиеттерді де, кежегесі кері тартып тұратын, аяқтан шалатын әдеттерді де ұлттық сананың аясында сүрлеп қоюға болмайтыны айдан анық. Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғыртудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», -деген еді (Назарбаев, 2017).

Рухани жаңғыру үшін-ұлтымыздың тұрмыс-салт жырлары ғұрыптық сананың соны тұстарын ұстаным етерге лайықты нысан. Бұл орайда ауызша әдебиеттің ұлттық фольклор қорында жинақталған үлгілері мен халық ақындарының творчествосындағы көркемдік тұсының мағыналы да астарлы сөзбен жеткізу шеберлігіне көз жібере отырып, кеңестік дәуір мен өтпелі кезеңдердегі туындаған тұрмыс-салт жырларындағы сөз қадірінің қаншалықты маңыздылығы артқаны иә болмаса, заманауи ақындардың сөз саптауындағы қаншалықты «пәтуалы» ой-өріс өркендегенін қаперге аламыз.

Себебі өткен өмірді қиял көзімен шарлағаннан гөрі, қазіргі заман үрдісін саралай келіп, салылыстырмалы түрде тұжырым жасау ләзім.

Компаративисткалық талдаудың әдістеріне сүйене отырып осы аралықтарда туындаған жырлардан мысалдар келтіру арқылы талдауға, тұжырым жасау мейілінше түсінікті де дәлелді болмақ. Сондықтан да айырмашылығы мен сұраныс арнасын талдау ауқымын бірнеше бағытта қарастыру үлкен жауапкершілік жүктейтінін қаперге алдық.

Ауызша әдебиет үлгілерімен қазіргі әдебиеттегі тұрмыс-салт жырларының айырмашылығын саралау барысында өткен ғасырдағы Қазан төңкерісіне дейінгі, Қазан төңкерісінен кейінгі, кемелденген социализм дәуірінде туған жырлар мен өтпелі кезеңдердегі тұрмыс-салт жырларына соқпай өтуге болмайды. Осы тақырыпты зерттеуге не түрткі болды және қандай нәтиже күтіледі деген сауалдың мейілінше күрделі екендігі түсінікті жәйт. Сондықтын да, қоғамдық сананы ұлттық ғұрыптық элементтердің колоритімен байыта аламыз ба және ол қоғамға, болашаққа қандай әсер береді, - деген сауалдың пайдалы яки пайдасыз деген тұстарына жауап іздегенде ең алдымен өзіміз өмір сүріп отырған қоғымның бүгінгі көрінісінен жауап іздеуге талпындық.

Өткен ғасырда қазақ поэзиясының кешегісі мен бүгігін мол қамтып, өлеңнің даму динамикасы тұрғысында соны топшылаулар айтқан ғалым М. Базарбаевтың «Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы» атты монографиясында ұлттық дәстүр мен жаңашылдық мәселелері, түр мен мазмұн ерекшеліктері, әдебиеттер байланысын парықтаған. Ғалым «Поэзия әдебиеттің көне саласы, бірақ жасаған сайын жасара түсетін жанды саласы»,-деген теориясының ауқымында өз заманындағы поэзияның қыры мен сырын, поэтикасын, өлеңнің құрылымы, техникасы жайында саралай отырып, өлең жанрында негізгі үлгі классикалық әдіс екендігін баса айтқан. (Базарбаев, 1973). Поэзияның халықтың үлгісінің ең көп тараған түрі тұрмыс-салт жырлары екендігі мәлім. Тұрмыс-салт жырлары жанры ұлттық әдет-ғұрып пен халықтың өзіне тән дәстүр сабақтастығының көрсеткіші һәм жалғастырушы нысаны. Мұнда көптеген идеялық мән-мазмұн ауқымын өрнек, көркемдік сипаттау, теңеу, салыстыру арқылы өсиет пен өнегелі сөздердің этникалық тәрбие құралына айналдыру үрдісі басым. Халық ауыз әдебиетіндегі тұрмыс-салт жырларының байырғы үлгілерін нақты белгілі бір авторларға еншілей алмасымыз хақ, алайда өткен ғасырдағы жазбаша әдебиет нұсқалары мен дәлелі бұлтартпас тарихи оқиғалар желісінде қолға алынған ғылыми сауалдар өз жемісін берді әрі беріп те келеді. Жаңа дәуір деп аталған кеңестік қоғамда жаңашылдық идеясы жаңа мақсұтты талап етті.

Өткен ғасырдың 20-30-40-шы жылдарының еншісінде ең бір азапты да ауыр кезең болғаны ақиқат. Десек те, сол кездерде саналы ғұмырын білімге бағыттаған қазақ интеллегенциясының репрессиядан аман қалған елін сүйген ғалымдардың ұлттық сананың жадтық элементтерін сақтау аманаты жолында тер төгіп, қастерлі мұраларды сақтап қалуға барлық амалдар мен сол замандағы аз да болса бар мүмкіншілікті пайдаланып қалғандығына осы зерттеу еңбегімізде көзіміз жетіп отыр. Атап айтақ, Ә. Марғұлан, С. Мұқанов, Ө. Жәнібеков,Х. Арғынбаев, С. Кенжеахметұлы, А. Жүнісов, Ж. Кейкиндер тұрмыс-салттың белгілі-белгісіз қырларына этнографиялық пайымдау жасаған. Тұрмыс-салт жырларын зерттеуде қазақ ғалымдары Ә. Марғұлан, Қ. Жұмалиев, Б. Уахатов, Қ. Жұмалиев, Б. Кенжебаев, Р. Нұрғали, С. Қасқабасов, Е. Ысмаиылов, Н. Смирнова, 3. Ахметов, С. Қирабаев, З. Қабдолов, Ш. Сәтбаева, Ш. Ыбыраев, Б. Абылқасымов және т.б.

Тұрмыс-салт жырлары ерте замандардан ел арасына ауызша айтылуы бойынша жеткен. Қазақтардың тумысынан зерек, есте сақтау қабілеті аса жоғары екендігі қазақ халқының тұрмысы мен мәдениетін ең алғашқы болып зерттеген шетелдік саяхатшылардың естеліктерінде, энтографтардың әдейілеп нысанаға алып байқампаздықпен хатқа түсіріп отырған жазбаларында көптеп кездеседі. Әсілінде оларды таңғалдырған қазақтардың ауызша әдебиетке ерен құмарлығы, қара өлеңнің ауыздан ауызға көшу үрдісінде бірден жатталуы, қазақтардың есте сақтау қабілетімен қатар тұрмыс-салт жырларының орындалуы этникалық ғұрыптардың сұраныс-ауқымына құрылу ерекшеліктері болды.

Материалдар мен әдістер.Қазақтың ауызша әдебиетіндегі тұрмыс салт-жырлары алғаш рет баспаға ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ресей Империясының арнайы тапсырысымен жариялана бастады.

Қазақстанның Ресей құрамына енуіне байланысты өлкенің жер жағдайын, табиғатын, тарихын, этнографиясын, мәдениетін т.б. зерттеу қажеттілігі пайда болып, арнайы экспедициялар ұйымдастырылғаны, сол экспедициялар құрамында Е.П. Ковалевский, Н.А. Северцев, В.И. Даль, В.И. Небольсин, В.П. Васильев, Н.В. Ханыков, Г.И. Данилевский, М. Поспелов т.б. адамдардың алуан түрлі деректер жинап, ғылыми ой-пікірлер түйгені туралы 1988 жылы «Қазақ фольклористикасының тарихы» атты ұжымдық еңбекте айтылған (Жүсіпов, 2005: 546).

Аталмыш еңбекте қазақ фольклорының жиналып зерттелуіне 1800 жылы Қазан қаласында Азия халықтарының баспаханасы ашылып, 1808 жылы Университет баспаханасы іске қосылғандығы және 1845 жылдан іске Орыс географиялық қоғамының жұмысы туралы зерттеу жұмыстарын қолға алудың қажеттілігі туралы да айтылған. Сонда көптеген ауызша әдебиет нұсқаларының мәтіндерінен, ежелден айтылып келе жатқан тұрмыс-салт жырларының шығу тарихы, мәдениеті мен ұлттық әдет-ғұрыптардың мазмұн-мағынасына терең бойлап қана қоймай өлкенің тұрмыс-тіршілігі туралы деректер де шығатындығы кәміл.

Орыс географиялық қоғамының атқарған істерінің арқасында орыс тіліне тәржімеленген нұсқалары бойынша қазақ фольклорының құрамындағы тұрмыс-салт жырлары П. Паллас, Н. Рычков, И. Георги, Г.Ю. Кларпорт, Г.И. Спасский, Г. Мейендорф сынды ғалымдар еңбектерінде мән берілген.

Қазақ елінің тарихын, тұрмысын, мәдениетін, этнографиясын, ауызша әдебиетін, салт-санасы мен әдет-ғұрпын, бала тәрбиесі мен ұлттық ойындарын, музыкалық қабілетін және т. б, қырларын зерттеген А.Е. Левшин (1741-1879), мадам Вульфсон Э.С (т.ө. жылы белгісіз), Каруц Рихард(т.ө. жылы белгісіз), А. Янушкевич (1803-1857), Г.Н. Потанин (1835-1920), А.Е. Алекторов (1861-1918), И.В. Аничовты (1863-ө.жылы белгісіз), В.Ф. Радловты (1837-1918), Ә. Диваевты (1856-1933)атаймыз.

ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ жеріне жер аударылған поляк революционерлері А. Янушкевич, С.С. Гросс, орыс жазушысы Ф. Достоевский, украин ақыны Т. Шевченко сияқты қайраткерлер қазақтар туралы, қазақтың ауызша әдебиетіне қатысты соны деректер қалдырған.

Белгілі этнографтар А. Радлов, Ә. Диваев, Н.И. Гродеков, А.Н. Самойлович, И. Безверхов, Н.М. Ядринцев, Г.Н. Потаниндер ел аузынан талай дүниелерді хатқа түсіргені мәлім. В. Радлов пайдаланған материалдардың көбін М.Ж. Көпейұлының жинағаны мәлім. Онда наурыз өлеңдері, шаруашылықтағы төрт түлік малға қатысты өлеңдер және өмірдегі барлық жағдайларға қатысты қалыптасқан салттардың өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес туындаған өлеңдер жинастырылған.

А.Н. Самойлович қазақ, өзбек, қарақалпақ, татар, түркімен және Алтайды, Қосағашты мекендеген халықтардың аузынан жаңылтпаштардан бастап, соғыс ұраны, мифтік аңыздарына шейін ерекше мән беріп, жинақталуын жіті қадағалап отырған. «Запретные слова в языке казак-киргизской замужней женщины» және «Женские слова у алтайских турков» атты мақалаларында отбасылық өмірдегі осы өңірлік әйелдердің «аттергеу» ғұрпын таңданыспен жазған, некедегі әйелдің лексиконындағы 42 сөзді мысалға алған. Этнограф Л. Яштернберг бұл ғұрыпты «психологиялық тыйым» санатына жатқызған-ды. Алайда, олардың еуропашылық көзқарастағы қабылдау үрдісі халық дәстүріндегі адамға құрмет көрсетудің эникалық ерекшеліктерінің мәнінің жойылуына кедергі болмады.

1992 жылы Ф. Оразаева Ә. Диваевтың жинаған халық әдебиетінің онша мәлім емес үлгілері мен бұрын қазақ тілінде жарық көрмеген бір топ этнографиялық жазбаларына алғы сөзі мен түсініктемелер бере отырып, «Тарту» атты жинаққа топтастырды. Бұл 256 беттен тұратын еңбек Ә. Жұмашевтің редакторлығымен «Ана тілі» баспасынан жарыққа шықты. Әбубәкір Диваевтың қолжазбаларының ішіндегі мол мұраның біразы – халық поэзиясы. «Айтыстар, мысал-өлеңдер, тақпақ-жаңылтпаштар, салт өлеңдері» деп топтап, баспаға әзірлегенімен түрлі себептермен баспа бетін көре алмаған өлеңдердің ішінде «Бесік жыры» мен «Көңіл айту» жырларының бірнеше нұсқасы табылған (Диваев. Тарту. 19).

Тұрмыс-салт жырларының ішінде рухани өмірге бастау болатын соны үлгісі – балалар жырында. Ауызша әдебиет үлгісінің ішіндегі ананың баласына, әженің немересіне айтатын «әлди, әлди» бесік жыры дүниедегі барлық жақсылық пен ізгілік ұрпақ бойына дарысын деген ниетте айтылатын тілек жыр. Мысалы, «Бесік жырының» 36 куплетке бөлінген үш нұсқасында да «Әлди, әлди, ақ бөпем, Ақ бесікке жат, бөпем» сөздері қайталанып келгенмен ары қарай ананың арман-тілегімен ұштасып отырады. Ол шумақтарда:

«Айыр қалпақ киісіп,

Ақырып жауға тиісіп,

Батыр болар ма екенсің?», немесе,

«Таңдайларың тақылдап,

Сөйлегенде сөз бермей,

Шешен болар ма екенсің?», -деген жолдарынан қазақ баласының батыр не шешен болғанда ел құрметіне бөленетін, халық қалаулысы болуынан үміт ететіндігін көреміз.

Ал мына жыр жолдарынан балаға деген таусылмас махаббаты терең сезіммен, биік теңеулермен ұштасады:

Ауадағы жұлдыздай,

Суда жүзген құндыздай,

Өзім қалап сүйгенді,

Ұжмақтағы хор қызды-ай,

Әлди балам, әлди.

Көзімнің ағы, қарасы,

Жүрегімнің парасы,

Дүниеден қамды ойлатпай,

Көңілімнің данасы,

Әлди балам, әлди.

Айналайын, шырағым,

Көлге біткен құрағым.

Жағамдағы құндызым,

Аспандағы жұлдызым,

Әлди балам, әлди (Диваев.1992).

Бесік жырлары құлаққа жағымды, байсалды мақаммен айтылады. Бесік жырларын алғаш рет нотаға түсірген А. В. Затаевич (1869-1936).

Айта кетерлік маңызды мәселе, бұл еңбектің тарихы сонау 1924 жылға апарып тірейді. Ф. Оразаева Ә. Диваев туралы алғашқы толғамды сөз айтқан және еңбегіне талдау жасап баға бергендердің бірі М. Жұмабайұлы болғандығын айта келіп, ең бірінші рет «Тарту» жинағын құрастырған да Мағжан екендігін нақты дәлел келтірген. Ол осы кітаптың 1992 жылғы нұсқасына Қазақ-қырғыз білім комиссиясының мүшесі. М. Жұмабайұлының 1923 жылы, 30 мамырда (Ташкент қаласы) жазған «Әубәкір ақсақал–Диваев» деген алғысөзімен берілгендігі. Онда М. Жұмабайұлы сөз басын «Елге еңбегін сіңірген ер қымбат»,-деп бастап, «қарлығаштың қымбаттылығы тасыған суының молдығында емес, жүрегінің адалдығында екендігін Әбубәкір ақсақалдың да қазақ-қырғызға қымбаттығы, өткен еңбегнің ұшан-теңіздігінде емес, адал ойлы қамқор болуында», деп бағалайды. М. Жұмабайұлының қысқа-да нұсқа жазған алғысөзінен Ә. Диваевті толық тауға мүмкіндік бар екендігін мына жолдардан байқаймыз: «Алайда, Әбубәкір ақсақалдың еңбегі бір адамның өміріне татырлық. Әбубәкір ақсақал қырық жыл бойына қазақ-қырғыз елінің ауыз әдебиетін, жол-жорасын жинаған. Елдің елдігін сақтайтын әдебиеті, тарихы, жол-жорасы, қазақ-қырғыз елінің ел болуын тілеген Әбубәкірдің әдебиет, жол-жора жинау жолына кіруінің мәнісі – осы. Ол күндерде қазақ-қырғыз тілінде газет, журнал жоқ болғандықтан, Әбубәкір жинаған әдебиет орыс тіліне аударылып, орыстың газет-журналдарында быстырып отырған. Ол күндерде қазақ-қырғыз елін, аузын арандай ашып жұтып жатқан орыс елі қазақ-қырғыз елінің жақсы жағымен, терең жанымен, сұлу сөзімен Әбубәкір бастаған әдебиет арқылы танысқан. Түрік халқын тексеріп, таза ғылым жолында жүрген орыстың Радлов, Катанов, Бартольд, Самойлович сықылды ғалымдары Әбубәкірдің қазақ-қырғыз туралы жазған мақалаларына кең орын беріп, қабыл алып, сол Әбубәкір мақалалары арқылы қазақ-қырғыз елінің жайын арғы Европа ғалымдарына да білдірген. Сөйтіп, қырықжыл бұрын Сырдария губернаторының кеңсесіне тілмаш болып кірген Әбубәкір қырық жыл бойына жапанда жатқан қазақ-қырғыз елімен орыс һәм Европа арасына адал тілмаш болған».

Фольклористика саласын зерттеген Н.С. Смирнова: «Диваевтың фольклорды жинаушылық қызметіндегі бір өте маңызды ерекшелігін, қазақ поэзиясын өзіне дейінгі жинаушылардың ХІХ ғ. мен ХХ ғ. басындағылардан оқшаулай түсетін қасиетін атамауға болмайды. Ол – фольклорды жинаудыі стационарлық түрі», - деген еді. (Казахская народная поэзия, 1964). Бұл ерекшелігін өзге де ғалымдар бағалаған, себебі Ә.Диваев тек ел аузынан жазып алып, жинақтап қана қоймай, өлең-жыр нұсқаларының поэзиялық көркемдік тұстарына мән берген. Сондай-ақ, жариялау ісіне келгенде тек қазақ тілінде ғана емес, орыс тілді баспаларға ұсынып, теориялық түсініктемелер беріп отырған.

Атап айтсақ, Ә. Диваев 1890 жылдары «Бесік жырының» бірнеше нұсқасын, орыстың география қоғамының Түркістан бөлімшесі шығарып тұрған  «Известия Туркестанского отдела РГО» (2 т), 1905 жылы «Сборник материалов статистики Сыр-Дарьинской области» (вып ХІІ) баспа беттерінде жариялаған (Диваев,1992).

Сонау ғасырлар қойнауынан жетіп, құлаққа сіңген «Әлди, әлди ақ бөпем, Ақ бесікке жат бөпем! Жылама, бөпем, жылама!», - деп басталатын «Бесік жыры» Ж. Жабаев, М. Жұмабайұлы, Қ. Аманжолов, С. Бегалин, А. Асылбек, Е. Нүсіпбеков, А. Абайқызы Н. Айтұлы, Қ. Сарин т.б. ақындардың шығармашылығында өз өрнегін тапқан.

Тұрмыс-салт жырларының ішінде орны да, айтылуы да бөлек ғұрыптық жырлар – жоқтау және көңіл айту жырлары. Тумақ бар өмірде, өлмек бар.

«Көңіл айту» жырының қысқа, қысқа да болса нұсқа түрінде бақилық адамды ұшып құсқа теңеу арқылы тұспалдап жеткізген мынадай варианты бар:

«Аққу ұшып көлге кетті,

Сұңқар ұшып шөлге кетті.

Ол адасып кеткен жоқ,

Әркім барар жерге кетті.

Арғымақтың тұяғы,

Тасты басса кетілер,

Сазды басса, жетілер.

Екі арыс аман болсын,

Жетпесті қума,

Келмеске жылама», - деп тоқтау айтқан қазақ (Диваев,1992)

Аққу мен сұңқарға қазақ ең қадір тұтқан адамын теңейді. Хакім Абай «... қазақта өлген адамның жаманы жоқ» деп айтқан сөзінде терең мән бар.

Дүниеден өткен адам туралы жағымсыз сөз айтуға ұлттық дәстүрде қатаң тиым салынған. Егер, айта қалатындай болса «құдай өзі кешірсін», немесе «қара жер хабар бермесін» деген сөздер айтып, кешірім өтіну амалын жасауы тиіс-ті.

Адам баласының бұ дүниеден өтуіне қатысты халқымызда ертеден қалыптасқан салт-дәстүрлер бар. Ол «Өлі разы болмай, тірі байымайды деген» ұстаным бойынша бірнеше ғұрыптық жоралғылардан тұрады. Соның бірі жоқтау айту. «Көрісу» рәсімінде айтылатын жоқтауды ет жақын әйел адамдар айтады:

Жағасы жоқ, жеңі жоқ,

Ақ дәке көйлек кигені-ай!

Есігі жоқ, төрі жоқ,

Қараңғы үйге кіргені-ай!

Мінген бір атың –сал торы ат,

Жүрген жерің салтанат.

Артыңдағы біздерді тапсырдың кімге аманат?, -деп ары қарай, алдағы өміріндегі тіршіліктің жұтаң тартатындығын, басына түсетін қиыншылық сәттердің болмай қоймайтынын мынадай сөздермен тізбелеп, көз жасын бұлайды:

Тең-тең шығар, тең шығар,

Тебінген аттан тер шығар.

Ағайын-туыс келгенде,

Қарсы алып енді кім шығар?

Атанға артқан жүгімді,

Тайлаққа қайтып артайын.

Өзіңе айтқан мұңымды,

Балаларға қайтып айтайын!

Есіктің алды қараған,

Ат кекілін тараған.

Келмеске келген панам-ай,

Қабағыма қараған! (Жүнісов, 1994: 48-49)

Жоқтауды «дауыс салу» деп те атайды. Ш. Уәлиханов «Табыт басындағы зар» деп, бірнеше нұсқасын жазып алған екен. Бұхар жырау, Абай Құнанбайұлы, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы және тағы да басқа көрнекті ақындар жоқтаулар жазған.

Бұл тек эмоциялық жәй емес, бұнда адами сыйластық, қимастықтан тұратын өмір мен тағдырдың парақтары ашылады. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының шығарған «Тәтіні жоқтауында» ел билеген Тәтіні «Қара бір таудың жылғасы,

Халқының бағлан құлжасы,

Сүйіндіктің ағасы...

...Алдында ат басындай алтын жатса,

Адамзаттың хақы деп,

Құдайын ойлап тимеген,

Ол жігіттің асқаны.

Алты атаның ұлы Алтайды,

Бір ауылдай билеген.

Базардан келген бөз еді,

Жақсыдан қалған көз еді...», -деп, оның адамгершілік сипатымен ел құрметінен бөленгендігін, жетім мен жесірге қайырымы мол, «аруақты ердің құсы, адал пірдің досы» екендігін еске салып өтеді (Көпеев, 1992).

Алаш қозғалысы көшбасшыларының бірі, ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлы 1926 жылы «23 жоқтау» деген жинағын Мәскеу қаласындағы «Күншығыс» (Кеңестер Одағындағы елдердің кіндік баспасы) баспасынан шығарған. Ондағы жоқтаулардың мәтіндері турасында «қазақ тарихының төрт жүз жылын алады» деп түсініктеме беріп кеткен және жоқтауды көбінесе ақындар шығарып беретіндіктен, жоқтау шығарушы ақын лұғатты келетіндігін ескертіп өткен. Оны мынадай үлгілерден көруге болады:

Абылай хан өлгенде Бұхар жырау:

Қайғысыз үйқы ұйықтатқан ханым-ай,

Қайырусыз жылқы бақтырған ханым-ай.

Қалыңсыз қатын құштырған ханым-ай,

...Үш жүздің басын қосқан Абылай, -деп. ханның елге істеген қайырым парқын дәріптеген.

А. Байтұрсынұлының бұл жинағына сүбелі ой айтқан ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, ғалым Д. Қамзабекұлы: «Ұлт тарихындағы классикалық жоқтау қатарына әйгілі Бұхар жыраудың Абылай ханды жоқтауы, Қаз дауысты Қазыбек биді қызы Қамқаның жоқтауы, Абайұлы Әбдірахманды әйелі Мағыштың жоқтауы тұр. Бұл жоқтаулардың ірбір өзі тарихи шындық пен ел рузының терең сезіміне суарылған», дей келе «зиялылыр «ескілік» - әрқашан елдік дәстүрдің алтын арқауы деп білген», -деп түйіндейді. Сондай-ақ, «...жоқтау жанры – әлеуметтік идеология» екендігін ескертеді (Қамзабекұлы, 2015).

Қазіргі кезде жоқтау айтылмайды десе де болады. Алайда, ақындардың жүрегінен шығатын көңіл айту, еске алуға арналған жырларда жоқтау жырының сарындары бар. Ең озық үлгілерінің қатарында Н. Айтұлының «Иранбекті жұбату», «Қос жұлдызым» (Секеннің зары), «Жәнібегім», «Қош болыңдар ақ аттар» (О. Бөкейдің рухына), «Іздемеске бола ма?» (Қайм Мұхаметқановқа) сынды бірқатар арнау өлеңдерінен көңіл айту, жұбату, жоқтаудың жаңа замандағы сарынын аңғарамыз.

«Қос жұлдызым» (Секеннің зары) - жоқтау өлеңі белігі күйші С. Тұрысбектің басына қайғы үйірілген кезде шыққан азалы жыр.

Сұм тағдыр, кімді жарға құлатпадың,

Кімдерді еңіретіп жылатпадың.

Жүгірген көз алдымда құлдыраңдап,

Құлыным, қайда барып тұрақтадың?

Тағы да азабыңды тартам қандай,

Қайғыңа қалай тұрам арқандалмай.

Қызығым қызғалдақтай үзілгенде,

Қу жүрек қалдың неге талқан болмай?

Ұша алмас қыран көкке қанаты жоқ,

Өзіңсіз өмірімнің санаты жоқ.

Қапыда ағып түсіп қос жүлдызым,

Басқандай айналамды қара түнек.

Біле ме бұл тағдырдың пенде сырын,

Ашпайсың сен өмірдің енді есігін.

Соңыңнан мен барғанша мазаңды алмай,

Мәңгілік әлдилесін жер бесігің.

Арманға қашан сірә адам жеткен,

Жалғаннан жақсы да өткен, жаман да өткен.

Шошынба құлыншағым, қараңғыдан,

Ол жаққа мекендеуге бабаң кеткен.

Не керек егілгенмен ендігі зар,

Күш бар ма өлім атты сеңді бұзар.

Ертерек кеткенің де дұрыс шығар,

Өмірде ештеңе жоқ сен қызығар.

Ақын Н. Айтұлының бұл өлеңін қазіргі кездегі тұрмыс-салт жырларының монолог үлгісінде жазылған жоқтау жыры деуге болады. Бұнда бабалар философиясының айқын бедерін

«Шошынба құлыншағым, қараңғыдан,

Ол жаққа мекендеуге бабаң кеткен»,-деген жолдан анық аңғарылады. «Мәңгілік әлдилесін жер бесігің» деген өлең жолы арқылы қазақ ұғымындағы аса қастерлі «тал бесік пен жер бесіктің» мағынасы ашылып тұр.

Тұрмыс-салт жырларының ерен түрі – айтыс жанры. Ауызша және жазбаша әдебиетте де айтыс айтылу, жазылу, жанрлық және дәстүрлік үрдісінде өзіндік өзгешеліктерімен ерекшеленеді. Сондықтан да, айтыс туралы айтылған Ш. Уәлиханов, А. Байтұрсынұлы, М. Әуезов, С. Мұқанов, Қ. Жұмалиев, Ә. Қоңыратбаев, Е. Ысмайылов, М. Жармұхамбетов, Қ. Сыдиықов, М. Ғабдуллиндердің пікірлері айтыс жанрына қатысты классикалық саралау жүйесін қалады. Олар халық фольклорындағы «Өлі мен тірінің айтысы», табиғат күштерінің, жан-жануарлардың айтысынан бастап, айтыс өнерінің майталмандары Біржан Қожағұлұлы, Сара Тастанбекқызы, Сүйінбай Аронұлы, Жамбыл Жабаев, Үмбетәлі, Құлмамбет, Бөлтірік, Шағыр, Көдек, Ұлбике және т. б. ақындар туралы да көптеген мәліметтер келтіріп, зерттеу еңбектеріне тиек етті.

Айтыс – тілмен күресу. Айтыстың бәдік айтыс, қыз бен жігіт айтысы, жұмбақ айтыс, өтірік айтыс, қағытпа айтыс сияқты бірнеше түрі бар.

Қыз бен жігіт айтысының негізгі мотивтері әр тақырыпты қозғайды. Ел арасында ақындар көп болған. Сара Тастанбекқызы, Ұлбике Жанкелдіқызы, Уәзипа, Халима Өтеғалиева, Арқадағы Тоқа еліндегі Бәтима шешен және т.б. көптеген ақындарды айтуға болады. Айтыс та да, кейде ақындар кездейсоқ бетпе-бет кездесіп қалған жағдайларда қарсыласын сынау үшін сөзбен қақтығысу, ілігісу, қалжыңдасу үйреншікті болғаны соншалық, ол тапқырлықтың, ақыл деңгейінің жүйріктігі ретінде бағаланған. Қалжың қатты кетіп қалған күнде де, айтыстың шарттық деңгейіне сыя беретіндіктен, оған реніш болмаған. Сөзден ұтылған ақын намысына тырысып, келесі айтысты, сөз қақтығысын күтіп жүрген, кейде әдейі іздеп барып қарымта қайтару салты болған.

Қыз бен жігіт айтысының ең озық үлгісі «Біржан-Сара» айтысы. Ол өткен ғасырда қазақ өнерінің ең биік туындысы ретінде бағаланып, опера жанрында сахналанды. Кейінірек, әдебиеттанушылардың екі жақты көзқарастарының нәтижесінде бұл айтыстың болғандығына күмән тудырушылар тұтас айтысты бірғана авторлық шығарма ретінде сөз қозғады. Алайда, ғалым Имашев осы «Біржан-Сара» айтысын кандидаттық диссертациясына тақырып етіп алып, арнайы зерттеп, айтыстың болғандығын нақты дәлелдеп берді.

Айтыстың бірнеше ерекшелігі бар екенін саралай келе, ғалым А. Әлтай ХІХ ғасырдағы айтыстардың ең қысқа түрі деп Шортанбай мен Шөженің айтысын бағамдап, айтысқа қойылатын негізгі талаптарды бес бағытта саралайды. Ең алдымен, тағылымды ой, екінші мақтаннан аулақ болу, үшіншіден бәтуасыз сөз таластырмау, төртіншіден, мұсылман баласының амандығына тілеулес болу, бесіншіден елге береке кіргізетін жақсы аламдарға жол көрсететін жақсы сөз айту. Айтыста осы қағидалар сақталған. Шортанбай:

Әй, Шөже, ғибрат қып сөз айтайық,

Бос мақтан, фәни сөзін аз айтайық.

«Сен жеңдің, мен жеңдімнен» еш пайда жоқ,

Тілейік мұсылманның амандығын,

Халыққа ой түсетін наз айтайық, - дегенде,

Шөже:

Шортаеке, ел сыйлайтын пірім едің,

Сенімен айтысуға тұрып едім.

Басқадай «қу соқыр» деп кемсітпедің,

Басқа ақын, тап өзіңдей ірі ме еді?

Осымен мен сөзімді тоқтатайын,

Алланың сөзін айтып, ғаділет жол,

Алды-артты бірдей орап, жібермедің», деп айтысты тоқтатқан екен (Әлтай, 2020: 5).

Айтыс өнері туралы А. Байтұрсынұлы «Айтысқанда түрлі нәрселер жайынан сөйлеп, бірін-бірі тосуға тырысады. Көбінесе бірінің-бірі басындағы, еліндегі, жұртындағы міндерін айтып тоспақшы болады. Айтыстың бұл жағынан әлеумет алдында пайдасы зор. Адамның, елдің, жұрттың басындағы келіссіз ғамалдарын, мінездерін айтып көрсету – халықтың құлқын түзетуге зор пайдасы тиетін нәрсе», - деп айтқан.

Кеңес кезінде айтыс өнері кенжелеп қалмады. Ол Кеңестік идеологияның күшіне қызмет етті. 1960, 1970, 1980 жылдарды Советтік Қазақ Кеңестік республикасында айтыс өнерінің дәуірлеп тұрған кезі десе де болады. Шопандар тойы, ауылшаруашылық көрмелері мен жыл сайын көктем айында өтетін ауылдық, аудандық, қалалық, облыстық одан кейін Республикалық деңгейлерде өтетін көркемөнерпаздардың жарыстарында міндетті түрде айтысқа ерекше назар аударылып отырған-ды. Соның нәтижесі де болар 1987 жылы Қызылорда қаласында ең бірінші рет комсомол жастардың бірінші айтысы өткен еді. Осы айтыста Әзімбек Жанкулиев, Жадыра Құтжанова, Қуаныш Мақсұтов сияқты жас ақындар дараланған еді.

Кеңестік дәуірде ел құрметіне бөленген К. Әзірбаев, Үмбетәлі, Арқадан Есдәулет, Болман, Оңтүстіктен Жақып, Желеу, Мұқаш, Батыстан Құмар, Шығыстан Манап Көкенов, Мақан Баймурзин, Надежда Лушникова, Нәсілхан Тоқтасынова, Биғайша Медеу, Тәушен апалардың халық намысын қайрайтын сөздерімен, қайраткер ретінде танылды.

Осы орайда Н. Лушникованың естелігіне назар аударта кетуді жөн санаймыз. «Алғаш рет, Сырдария ауданының атынан Шиелі ауданының ақыны Ш. Өтеевпен айтыстым. Ауданымды сынап-мінеп, өз ауданын мақтауын асырды. «Ал, неңмен мақтанасың?», -дейді ол.

«Нартайдың жыры шалқыған,

Оты жүрек шарпыған,

Алатаудай ақынға

Ескерткіш жоқ мақұл ма?

Жермен жексен бейіті,

Қарайып тұр тақырда», - дедім.

Нартайдың басына белгі қойылды. Театрға аты (Қажыкен, 2007).

Осындай мәселелер Биғайша Медеудің айтысында да кездеседі. Ол да Мұқағали Мақатаевқа музей ашылмаған, көше беріліп, ескерткіші қойылмай тұрған кезде осындай мәселені қозғап, кейіннен айтыстың арқасында айтылған сөз нәтиже берген. Өйткені сол кездегі айтыскер ақындар халық намысын қайрайтын тұшымды ойларын қаймықпай айтқан. Өйткені айтыста елдік мүдде қозғалып, парасат биігінде халықтың мұң-мұқтажы реперзентацияланып отырған.

1991 жылдан бастап Еліміз өз басына дербес мемлекет болып қалыптасқан кезеңнің алғашқы жылдары қай салада болмасын оңай болған жоқ. Бұл кезеңдегі ең маңызды мәселелер елдің экономикалық қадамы еді. Жаңа Қазақстанда жаңаша ойлау, пайымдауға жол ашылды. Айтыс тақырыбында бірнеше зерттеу жұмыстары мен ой салатын мақалалар жазылды. Атап айтсақ, А. Тойшанұлы «Айтыс: рулық кезең жіктелуі, бүгінгі жай-күйі» еңбегінде айтыс өнерін зерттеген ғалымдардың сүбелі еңбектерін атап өткен.

2007 жылы «Ана тілі» газетінің №14 санында айтыс төңірегінде «Қазіргі айтыс. Деңгейі қай тұс? деген тақырыпта С. Қажыкен үлкен мәселе көтерді (Қажыкен, 2007). Одан өзге А. Сәулебектегі «Айтыс Шымболаттың шындығына арналмады», Б. Медеу «Айтыс жауынгерлік сипатынан айырылды», Ө. Наурызғалиева «Халықтың талғамы биік» атты мақалалары бірінен соң бірі айтыстың бұрыңғы деңгейінен құлдырап кеткендігін ашына жазып жатты.

Осы мәселелерге байланысты журналист Мақпал Жұмабай «Ана тілі» газетінің №6 санында (7 ақпан, 2008) «Айтыс деңгейі – ауылдың алты ауызы» тақырыбында жоғарыда айтылған мәселелерге орай дөңгелек үстел өткізді. Басты сауал да, тақырып та бүгінгі айтыстың деңгей қалай? деген тақырыпта өрбіді. Дөңгелек үстелге Жетісу айтыс мектебінің мұрагері Н. Лушникова, ақындар Н. Тоқтасынова, Б. Медеу, «Қазақстан» телеарнасындағы «Аламан айтыс» бағдарламасының сарапшылары филология ғылымдарының докторы А. Ісмақова, ғалым С. Қосан, «Ана тілі» газетінің Бас редакторының орынбасары Д. Белдеубайұлы өз ойларын ортаға салды. С. Қосан «Бүгінгі айтыста ортаға тақырып тасталады. Оны ашатын ақынның білімі мен білігі жоқ. Сөз саптау, суырып салу бір бөлек те, интеллект бір бөлек дүние. Бізше интеллектуалдық айтыс керек десе, Н. Лушникова айтыстың бұрынғы өз деңгейінен әбден құлдырағандығын айтып, Жазушылар одағында неге айтыс бөлімі жоқ? – деп сауалды төтесінен қойған еді. Биғайша Медеу әр айтыс ақынының өз болмысына қарай мақамы болуы керектігін атап өтті. Н. Тоқтасынова айтыс ақындарының орыс сөздерін қосып, тілді шұбарлап жатқандығын, айтысты шоуға айналдырмау керек десе, Д. Белдеубайұлы бүгінгі айтыскерлерде мадақ басым екендігін және ол көпшілігі сарай ақынына айналғандай деген мәселені қозғады (Жұмабай, 2008). Міне, айтыстың майталмандары дер кезінде халықтың сөзіне құлақ асып, киелі өнерді қорғаштап жол көрсеткендігінің дәлелі.

Бұл айтылған мәселелерден қортынды шықты ма, айтыстың бұдан кейінгі уақыттағы жәй-күйі қалай өрбігеніне назар аударалық.

Өткен ғасырдағы айтыстарда топ жарған аттары құрметпен аталатын ақындарға ауыссақ, біз тек ақындардың аттарын атап қана қоймай, айтыста олардың қозғаған ұлттық рухты көтеретін елдік мәселелерді қозғағанын және ауыздан шыққан сөздің оңтайлы шешіліп нәтиже бергенін көреміз.

«Айтыстың арулары» атты бағдарламада Әселхан Қалыбекова көп балалы ардақты ана шәкірті Маржан Есжанова, Әсия Беркенова (ғалым), Жадыра Құтжанова (мәдениет саласында), Юнесконың сыйлығын алған Қанша Раисова айтысқа қатысты өздерінің кредоларымен, тұшымды ойларымен бөлісті. Әселхан Қалыбекова «Қайталау оқу анасы болғанымен, қайталау өнер анасы емес» екендігін, Әсия Беркенова «Біз қарсыласымыздың жеке басын емес, оның ауданынының экономикалық тұстарына назар аударатынбыз, сондағы кемшіліктерді айтып ұтатынбыз», - дейді.

Мысалы, Әзімбек Жанкулиев пен Қазақстанның халық ақыны Әселхан Қалыбекованың айтысындағы көтерілген сауал бойынша «Алматы ақшамы» газеті ашылған.

Өткен ХХ ғасырдағы айтыстардың деңгейі де, айтыс ақындарына деген құрмет те ерекше болғандығына куәміз. Айтыс тарихындағы жүлдеге тігілген ең бірінші машина қазақтың палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының туғанына 100 жыл толу құрметіне өткен айтыста Ә. Беркеноваға аталған екен. Шындығында ол «Москвич-412» автокөліктің кілтнін қолына ұстатып, мінгізіп жібермеген. Сол кездегі тәртіп бойынша машина алу үшін берілетін кезектің құжатын берген. Көлікті өз ақшасына алған. Ал, 1992 жылы «Торғайдың Ақтоқтысы» атанған Ж. Құтжановаға сахнада ақбозат мінгізген. Ж. Жабаев пен И. Байзақовтан кейін айтыстың ақбозатын мінген Ж. Құтжанова бүгін мәдениет саласында жұмыс істейді.

Ең алдымен ақындар елдің атынан топқа шығуды үлкен жауапкершілік деп түсініп, киелі өнердің жолында ақын деген атқа дақ түсірмеуді борыш санаған.

Біздің қозғап отырған «Қыз бен жігіт айтысының» қазіргі кездегі шоу айтыстардың бірнешеуінен мысалдар келтірелік. Бірінші мысал Жансая Мусина (1985 ж.т) мен Мақсат Ақановтың айтысындағы мына шумақтарға назар аудара кетсек бұл айтыста елдік мәселе жоқ, тек қыз бен жігіттің жеке басы, тұрмыстық ахуалы тілге тиек болған.

Жансая:

...Сантехник электрикке зар емеспін,

Жөнім жоқ үмітімді мүлде үзетін.

Негізі маған плотник жігіт керек,

Шегесін майыстырмай кіргізетін, - дегенде Мақсаттың айтқаны:

Шегенің қысқасы бар, ұзыны бар,

Оның да қисығы бар, түзуі бар.

Өзің де размерлерін біліп апсың,

Байқаймын қолдарыңда тізімі бар.

Таңдаймын деп Жансая жүре берме,

Қандай шеге болса да қызығы бар-е-е-е-еу, ай, - деп көрерменді қыран-топан күлкіге бөледі. Күлкі өз алдына, бірақ мұнда да өмірдің ащы шындығы бар. Ол пәтер мәселесі мен тұрмыс құру мәселесі қазіргі кездегі отбасын құрап үй болу жағдайының үлкен проблемаға айналуы. «Әзіл түбі –зіл» деген сөз бар дана халқымызда. Бір қарағанда халықты қыран-топан күкіге қарық қылған сөздің астарында ащы шындық жатқанын аңғаруға болады.

Нәтижелері. «Қазақ фольклористикасының тарихы» атты ұжымдық еңбек турасындағы мақаласында Н.Қ. Жүсіпов мынадай тұшымды да нақты ойларын ортаға салады: «...қазақ фольклоры мен этнографиясын зерттеу жұмыстары: бірде арнайы тапсырмамен келген әскери адамдар, саяхатшылар Қазақстанның топогафиясын жасаумен қатар, жер-су, тау-тас, мекен жайына байланысты әңгіме-аңыздар мазмұнынын хатқа түсіріп отырса; бірде – чиновниктер мен миссионерлер қазақ тілін зерттеп, қазақша-орысша, орысша-қазақша сөздіктер жасағаны; бірде орыс ірңпңнде жазылған оқулықтар дайындағаны т.б. –бәрінде дерлік фольклорды әртүрлі мақсатта пайдаланғаны жете сөз болады», - дейді.

Осы орайда, жоғарыдағы авторлар арқылы көптеген тұрмыс-салт жырларының үлкенді-кішілі үлгілерін хатқа түсіріп, әрі орыс тіліне аударып, баспасөз беттерінде жарық көргендері туралы біршама мағұлматтардың, мәтіндердің әлі күнге дейін ел аузында сақталуына тигізген үлесі арқасында қазыргі кездегі заманауи туындап жатқан тұрмыс-салт жырларымен компаравистикалық талдауға үлкен көмегі тиіп отырғанын айта кету міндетіміз.

Академиялық түрде зерттеген еңбектерге сүйеніп, ұжымдық монографияда ХҮІІІ ғасырдағы зерттеулерді үш белеңге бөлгендігі жөніндегі ақпарат 1894 жылы «Дала уалаяты» газетінің №29, 30, 31 сандарында берілген. Осы бойынша, бірінші белең – 1860 жылға дейінгі уақыт; бұл аралықта  негізінен жолжазбалық очерктер, күнделіктер жазылған.

Екінші белең – 1860-1880 жылдар аралығы; материал жинау және оны баспасөзге жариялау жұмысының қолға алына бастаған кезеңі.

Үшінші, 1880-1900 жылдарда материалдар жиналып, жарыққа шығуымен қатар белгілі орыс ғалымдары В.В. Стасов, В.Ф. Миллер, А.Н. Веселовский тарапынан терең зерттеле басталғаны айтылады (Жүсіпов, 2005: 546).

Ғалым Б. Уахатов «Қазақтың халық өлеңдері» монографиясында қазақ өлеңдерінің тұтас көрінісін, туу тарихы мен қатар тұрмыс-салт жырларын да жеке тарау етіп талдап, халық шығармашылығын классификациялау мәселесі – қазақ фольклористерінің алдында тұрған қиын да күрделі міндет екендігін ескерген (Уахатов, 1974). Монография 1974 жылы кеңестік жылдары жазылып жарыққа шыққанымен, сол кездердегі цензуралық тосқауылдарға қарамастан, ғалым ойларын тұшымды да тартымды етіп, нақты тұжырымдар берген. Сондықтан да бұл еңбектің құндылығы артпаса кемімейді. Бұнда автор Жоғарыда аталған этнограф – ғалымдармен бірге жалпы фольклордағы тұрмыс-салт жырлары мен халық өлеңдерін  зерттеген әр елдің ғалымдарының атын-атап қана қоймай, зерттеу еңбектерін салыстырмалы әдіспен саралайды әрі мысалдар келтіре отырып, үлгі етеді.

Жаңа ХХІ ғасырда туындап жатқан тұрмыс-салт жырлары әр ақындардың жеке өлең жинақтарында баспасөз беттерін көріп жатқанымен алдағы уақытта олардың жанр бойынша іріктеліп, сұрыпталып, жинақталып, жүйеленіп ұсынылуы қажет деп санаймыз.

Қортынды. Заман ағымынан қалмай өркениетке ұмтылу жолында қоғам қарыштап дамыған сайын, елдің тарихы мен мәдениеті бүгінгі таңда ел экономикасына да тәуелді екендігі байқалып отыр.

Тұрмыс-салт жырларының кез келген түрінде мынадай қасиеттер сақталған:

-  халықтың тұрмысы;

-  «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды аңсау сарыны;

-   елдің арман-тілегін жеткізу;

-   атадан балаға мирас болған ұлттың ғұрыптық құнлыдықтарға құрметпен қарау және сақтау амал-харекеті;

-  Жырдың әуезі, мақам ерекшеліктері;

-  Халықтың қошаметі;

-  Тұрмыс-салт жырларының барша халыққа ортақ болуы, яғни қай нұсқаны болмасын, қай уақытта, нендей жағдайда да елдің әрбір азаматы қалауынша, керегінше пайдалана алады.

Тұрмыс-салт жырларының алғашқы хатқа түсіп, баспа бетін көрген нұсқаралына қатысты ғалым Б. Уахатов қазақ өлеңдерін классификациялау хақында жол тапқан адам академик В.В. Радлов, өйткені ол өзінше теримин жасамай көпшілік жұрттың айтуына қарап қазақша атаумен бергендігін ескереді. (Уахатов, 1974: 66). Мәселен, «Үлгі сөз, «Бата сөз», «Ұзатқан қыздың өлеңі», «Жоқтаған жыр», «Қайым өлең»», «Бақсының сөзі», «Қара өлең» деп бірнеше топқа бөледі, - дейді. Бұл жерде В.В. Радловтың еңбегі болып танылғанымен, кеңес заманында атын аталмаған, еңбектері жарыққа шықпаған қазақтың философ ақыны, фольклор танушы, этнограф, шежіреші, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жазбаларынан екендігі Еліміздің Егемендігімен келген тұлғаларымызды тану үрдісінің жемісі.

Осындай ойлардан туындайтын айта кетерлік тағы да маңызды мәселелер бар. Ол осы уақытқа дейін қазақтың тұрмыс салт-жырларына мейілінше мән беріп, шығармашылық һәм азаматтық ар-ожданының биік тұғырына қойып хатқа түсірген, әрі сол кезеңдерде баспасөзде жариялаған қазақтың тұңғыш ғалымы Ш. Уәлиханов, ұлт ұстазы Ы. Алтынсарин, М.Кәшімов, Б. Дауылбаев, М-С. Бабажанов, Қ. Халиди, М. Бекимов, Ә. Бөкейхан, А. Байтұрсынұлы, М. Жұмабайұлы, М. Әуезов, Ж. Ақбаев, І. Жансүгіров, С. Сейфуллин, Х. Досмұхамбетов, С. Қасиманов, сондай-ақ қазақ меценаттары Шыңғыс Уәлиханов, Мұса Шорманов, Жәңгір Бөкеевтердің де аттары аталатын кез келді.

«Қазіргі айтыс өнеріндегі заман келбеті» атты монографиясында айтыс ақыны, бүгін де филология ғылымдарының докторы, профессор А.Әлтай «Өткен ғасырлардан бүгінге дейін жеткен түрлі мазмұндағы айтыс мәтіндерінен халқымыздың жаратылысына тән қасиеттерді, мінез-құлқын, арман-мұраттарын, тұрмыс-үлгісін, ой-танымын, сенім-нанымын, білімі мен өмірлік тәжірибесін қалай тани алсақ, қазіргі айтыстардан да кешегі-бүгінгі қазақ болмысының өзіндік бейнесін көре аламыз. Бұл жәйт қазіргі айтыстың әзелгі дәстүрлі жолдан жаңылмай, жаңа заман өзгерістерін бойына сіңіре, уақытпен үндесе дамып келе жатқанын танытады», - деген еді. (Әлтай, 2020:134).

Осы кезде «аттандап» алға шықпағанымен ұлттық құндылықтар қажеттілігін ұрпақ тәрбиесін отансүйгіштік рухта жетелеуде өзіндік маңызын жоймайтындығына көз жеткіземіз.

Тұрмыс-салт жырларындағы ата-бабаларымыздың дүниетанымынан, өмірдегі тәжірибелерінің түйінінен туындаған асыл сөздері бүгінгі таңда ұлттық сананы жаңғыртуға, ұлттық кодты бағамдауға бағдаршам тәрізді екендігін есте ұстаған ләзім демекпіз.

Ұлттық тәрбиенің бастаулары сөз өнерінің қадірінде екендігін жете түсінуде тұрмыс-салт жырларының көне үлгілеріне құрметпен қарап, жаңа үлгісінде жазатын ақындардың ұлттық дүниетаным көкжиегінің ауқымынан аттамаса және ұлттық сананың саңылауы көмескіленбесе екен деген тілегімізді білдіреміз.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Әлтай А. «Айтыс және ұлттық болмыс»: әдеби талдау. – Нұр-Сұлтан: «Кәусәр» баспасы, 2020. – 176 бет.

Байтұрсынов А. Шығармалары. Өлеңдер, аудармалар, зерттеулер. –Алматы: Жазушы, 1989. – 320 б.

Базарбаев М. Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы. Монография. – Алматы: «Жазушы» баспасы, 1973 ж.

Диваев Ә. Тарту. Құрастырған, алғы сөзін және түсініктемелерін жазған Флора Оразаева. – Алматы: Ана тілі, 1992. – 19 б.

Тарту. Әбубәкір Диваев жинаған әдебиет түрлерінен тізілген оқу кітабы. Тізуші М. Жұмабаев. Ташкент, 1924 жыл, Түркістанның баспасөз таратушы мекемесі. 215 б. (Бұл Мағжан Жұмабаевтың осы кітапқа алғысөз есепті етіп жазған мақаласы. «Әубәкір ақсақал–Диваев» 1923 жылы, 30 мамырда жазған алғысөзі. Ташкент қаласы.

ЖүсіповН.Қ. ХХ ғасырдың жартысындағы қазақ фольклортану ғылымының зерттелу жағдайы. Мақала. Материалы международной научно-практической конференции к 170 летию Г.Н. Потанина. – Павлодар: ПГУ им. С. Торайгырова, 2005. – 185-186 сс.

Жұмалиев Қ. Қазақ эпосы мен қазақ әдебиеті тарихының мәселелері. 1-т. –Қазмемкөркемәдеббас. – Алматы, 1958. – 8-бет

Жұмабай М. Айтыс деңгейі – ауылдың алты ауызы. //«Ана тілі» газеті, №6. 7 ақпан, 2008 ж.

«Живая старина», 1894 г., ІІІ ІҮ, стр 540. Записки Восточного отдела русского археологического общества. 1896 г., т. ІХ. – С. 297.

«Живая старина», 1894 г., ІІІ ІҮ, стр 540. Записки Восточного отдела русского археологического общества. 1896 г., т. ІХ. Стр, 297. В Кн.: «Казахская народная поэзия. – Алма-Ата: «Наука», 1964. – стр 9.

Жүнісов А. Фәниден бақиға дейін. – Алматы: «Қайнар» баспасы, 1994

Қамзабекұлы Д. Алаштың «23 жоқтауы» мақаласы. – Ана тілі газеті, 20 тамыз, 2015 ж.

«Известия Туркестанского отдела РГО», 1900 г., (2 т)

«Казахская народная поэзия. «Наука», «Алма-Ата. 1964 г. стр 18.

Көпеев М.Ж. Екі томдық, 2- том. Құрастырған: С. Дәуітов. – Алматы: «Ғылым» баспасы, 1992 ж. 224 б.

Қазақтың халық өлеңдері. – Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, 1974 ж. – 209 б.

Назарбаев Н.Ә.«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру». – [Электронный ресурс]. – URL :www7 akorda№kz. 12.04.2017.

«Сборник материалов статистики Сыр-Дарьинской области», 1905 г., (вып ХІІ)

Самойлович А.Н. «Запретные слова в языке казак-киргизской замужней женщины»: (Посвящается памяти В.И. Ламанского). //ЖС.1915. вып,1/2. С.161-168.

Тойшанұлы А. Ақ бата. – [Электронный ресурс]. – URL :https//egemen.kz

Потанин Н.Г. Казах-киргизские и Алтайские предания, легенды и сказки. //Живая с тарина. – 1916. Т.25, Вып. 2-3.

Радлов В.В. Халық өлеңдері. (жеке шумақтар, бата сөз, жоқтау, бақсы сөзі, өтірік өлең). «Қазақсттан»: Ұлттық энциклопедия/ бас редактор Ә. Нысанбаев –Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» бас редакциясы, 1998. ISBN5-89800-123-9

Уахапов Б. Қазақтың халық өлеңдері. – Алматы: Қазақ ССР-нің «Ғылым» баспасы, 1974 ж. – 209 б

Кенжахметұлы С. «Қазақ халқының салт-дәстүрлері" кітабынан... – [Электронный ресурс]. – URL:https://massaget.kz/mangilik_el/shanyirak/salt-dastur/28562/

ХХІ ғасырдағы қазақ әдебиеті (2001-2011). – Алматы: «Арда», 2011. – 640 б.

References:

А. Altay. «Aitys and  national identity»: literary analysis.–Nur-Sultan: «Kausar» publishind house, 2020. – 176 page.

М. Bazarbaev.Poety is the king of words. Monograph. –Almaty:«Jazushy» publishing house,1973.

Baitursynjv А. Works. Poems, transiations, researsh. Almaty: «Jazushy» publishing house, 1989. – 320 page.

Duvaev A. Tartu. Compiled by, wrote the foreword and comments Flora Orazaeva. – Almaty:1Ana tili, 1992. – 256 б19 page).

Jusipov N.K.  ХХ gasyrdyn jartysyndagy kazak folklortanu gylymynyn serttelu jagdayi. Article. Materials jf the international conference for the 170 th anniversary G.N. Potanin. – Pablodar: PGU the nave S. Toraygyrov, 2005. – 185-186 page.

Jumaliyev K. Kazakh epic men Kazakh adebyeti taryhynyn maseleleri. 1-t. –Kasmemkorkemadebbas. – Almaty:1958. – 8-page

Zhumabaj M. Ajtys dengejі – auyldyң alty auyzy. //«Ana tіlі» gazetі, №6. 7 akpan, 2008 zh.

 «Jivaya staryna», 1894., ІІІ ІҮ, page 540. Zapysky Vostochnogo otdela russkogo arheologycheskogo obshestva. 1896 y., т. ІХ., – 297 page.

«Jivaya staryna», 1894 г., ІІІ ІҮ, 540page. Zapysky Vostochnogo otdela russkogo arheologycheskogo obshestva. 1896 y., т. ІХ., page 297. V kn.: «Kazakh folk poetry». – Alma-Ata: «Nauka», 1964 y. – 9 page.

Junisov A. Fanyden bakuga deyin. – Almaty: «Kaynar» publishing house, 1994

Kamzabekuly D. Alashtyn «23 jhotauy» article. – Ana tili gazeti. 20 namyz, 2015.

«Yzvestiya Turkestanskogo otdela RGO», 1900., (2 т)

«Kazakh folk poetry». – Alma-Ata: «Nauka», 1964 y. 18 page.

Kopeev M.J. Eki tomdyk, 2- tom. Kurastyrgan: S. Dauitov. – Almaty: «Gylym» publishing house, 1992 . – 224 page.

«Kazakh folk poetry». – Almaty: Kasakh SSR-nyn «Gylym» publishing house, 1974 y. 209 page

ХХІ gasyrdagy kazakh adebyeti (2001-2011) – Almaty: «Аrda», 2011. – 640 page.

N.A.Nazarbaev. «Future-oriented: spiritual renewal». www7 akorda№kz. 12.04.2017.

«Sbornyk materyialov ststystyky Syr-Dariynskoy oblasty». 1905 y., (release ХІІ)

Samoylovysсh А.N. «Zapretnye slova v uazyke kasakh-khygyzskoy zamujney jenschyny»: (Dedikated im memjry of V.Y. Laman) //ЖС. 1915. release,1/2. 161-168 page.

Tartu. Abubakir Duvaev jynagan adebyet turlerinen tizilgen oku kitaby. Tizushi Jymabaev M. Tashkent, 1924 y, Turkistannyn baspasoz taratushy mekemesi. 215 page. (Bul Magjan Jymabaevtyn osy kitapka algysos esepti etip jazgab makalasy. «Abubakir aksakal – Duvaev» 1923 y, 30 mamyrda jazgan algysosi. Tashkent kalasy.

Toyshabulu A. Аk bata. – [Elektronnyi resurs]. – URL: https//egemen.kz

Potanyn N.G. Kasakh-khygyzskye y Altayskyie predaniya, legendy y skazky. //«Jivaya staryna». 1916. T .25, release. 2-3.

Radlov B.B. Halyk olenderi. (jeke shymaktar6 bata soz, joktau6 baksy cozi, otirik olen). «Kasakhstan»: Ulttyk encyclopedia / bas pedaktor A. Nysanbaev – Almaty: «Kasakh encyclopediasy»bas pedakcyasy, 1998. ISBN5-89800-123-9

Uahapov B.Kazakh folk poetry. – Almaty: Kazakh SSR-nyn «Gylym» publishing house, 1974 ж. 209 page

Kenzhahmetuly S. "Kazak halkynyn salt-dastүrlerі" kіtabynan... – [Elektronnyi resurs]. – URL: https://massaget.kz/mangilik_el/shanyirak/salt-dastur/28562/

МРНТИ03.61.91

ИСТОРИКО-КУЛЬТУРНЫЙ КОНТЕКСТ ТЕКСТОВ НАРОДНЫХ

И СОВРЕМЕННЫХ БЫТОВЫХ-ОБРЯДОВЫХ ПЕСЕН

Н. Канагатова¹

¹Магистрант Павлодарского Государственного Педагогического университета. Казахстан, Павлодар

Аннотация. Статья посвящена первым результатам собирания казахского фольклора, в частности, народного творчества, бытового-обрядового жанра «жыр», вызывавший интерес со стороны Российской империи.  Этнографы и ученные-путешественники собирали из разных краев казахской степи, записывали ряд фольклорных песен. «Колыбельные песни», «песни соболезнования» и «оплакивание» казахских женщин, которые в те же годы были переведены на русский язык и опубликовались в журналах того времени. Изучая труды этнографов и текты песен тех времен мы, сравнивая нынешними обрядовыми песнями казахского народа, старались искать ответ  на некоторые вопросы. В том числе, насколько сохранен национальный колорит слов, обрядов, мелодии и также обращаем внимание в чем состоит их потребность на современной эпохе.

Поэтому исследуя по теме «Историко-культурный контекст народных и современных текстов бытового-обрядового вида песен» мы стараемся искать национальный код которые сохранились в устном народном творчестве предков, также обращая внимание на современные тексты сочиненные нынешними поэтами. Бытовые-обрядовые песни казахского народа богаты не только словом, в них мы находим философию, жизненное кредо предков, в котором отражается вся жизь «от рождении до смерти».

И, уважая труды всех исследователей народного творчества, словесное искусство и культуры быта мы рассматриваем смысл рождения, смысл семейной жизни казахов, а также смысл и значение смерти для казахского народа. Рассматривая их как историко-культурный объект, мы глубже вникаем в философию степи, где содержится уважение и любовь к своему народу, искреннее человеческое чувство, в котором сохранилась единоемышление, держаться вместе и в радости и горе. В культуре общения казахов строго соблюдались меры субординации между старшими и младшими, мужчинами и женщинами и.т.д. Эти качества также высоко ценятся по сей день. Поэтому и в наше время акыны сочиняют стихи согласно всем требованиям жизни и судьбы человека.

Также в этой статье автор рассматривает жанр «айтыс», то есть словесное состязание акынов, ссылаясь на их творчество, где воспеты крик души  и зов каждой эпохи.

Ключевые слова: колыбельная песня, баю-бай, орленок мой, лебедушка моя (белолицая), плачь, соболезнование, айтыс (словесное состязание)

IRSTI03.61.91

HISTORICAL AND CULTURAL CONTEXT OF TEXTS OF FOLK AND MODERN HOUSEHOLD-RITUAL SONGS

N. Каnаgтова¹

¹Master’s Student of Pavlodar State Pedagogical University.

Kazakhstan, Pavlodar.

Abstract. The article dealt with traditional songs in the oral literature of Kazakh nation which for the first time published by the Russian Empire. The texts of historical-cultural, ancient versions of «Lullabies» and «Condolences», «Mourning» which were picked up by ethnographers from various areas, and also comparative analysis are presented. As our research is based on the difference of traditional songs in the oral and modern literature, in order to find out the root of the difference we firstly focused on the peculiarities of society development.

Therefore, in the research work entitled «Traditional songs in the oral and modern literature» one of the cultural heritages which weren’t forgotten from ancient time of our ancestors, we intend to vary in a comparative way the importance of the national code in present time which was kept through traditional songs and various modernized versions.

The scope of traditional songs is quite extensive. On the basis of research works, we expressed our ideas related to traditional songs, scope of historical songs arisen from three periods (birth, marriage, death) considered as a source of national culture. We researched this issue by comparing and giving examples. In addition we made comparisons with classic model of aitys genre which is still essential among the Kazakh nation.

Keywords: lullabies, hushaby, golden eagle, swan, condolences, mourning, aitys.

No comments

To leave comment you must enter or register