Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР: 03.20:03.01.09 ҚАЗАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ КӘСІПҚОЙ ЭТНОГРАФТАРЫНЫҢ БІРІ ҚҰСАЙЫН ТӘКЕЖАНҰЛЫ

А.У. Тоқтабай¹. ¹Т.ғ.д., профессор, БҒҚ. Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институты. Алматы қ., Қазақстан.

ҒТАМР: 03.20:03.01.09 ҚАЗАҚТЫҢ АЛҒАШҚЫ КӘСІПҚОЙ ЭТНОГРАФТАРЫНЫҢ БІРІ ҚҰСАЙЫН ТӘКЕЖАНҰЛЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(22), 2020

Tags: ас, өлімақы, қыз-ұзату, А.А. Затаевич, құда, С. Мұқанов, М. Жұмабаев, Абылай хан, әдет-ғұрып, мақал-мәтел, Ақмола
Author:
Аңдатпа. Құсайын Тәкежанұлы халық ақыны, қазақтың алғашқы интеллегенция өкілдерінің бірі. Қазан төңкерісіне дейін ұлт оқымыстылары А. Асылбеков, С. Сейфулин, М. Жұмабаев, С. Мұқановтармен замандас, әріптес, аралас-құралас болған. Біздің қолымызға түскен қолжазба 1905 жылы жазылып, 1947 жылы редакцияланған екен. Қазақтың ежелгі әдет-ғұрыптары деп аталады. Автордың қолжазбасының алғы сөзінде бұл еңбек Сарыарқа қазақтарының өмірінен жазылған екен. Қолжазба өте құнды, себебі қазақтың қаймағы бұзылмай тұрған кезде көптеген әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлер қаз-қалпында қағаз бетіне түсірілген. Адамның үйленген кезінен бастап, о дүниелік болғанға дейінгі әдеттер мен жосын-жоралар, кезең-кезеңмен берілген. Мақал-мәтелдер, ғұрыптық жырлар мен нақты оқиғалар негізінде беріліп отырады. Мысалы: Абылайханның баласы өлгенде атақты шешеннің көңіл айтуы т.с.с. Бұл жазба мұра қазақ этнографиясына және фольклорына қосылған өлшеусіз қазына.
Text:

Кіріспе. ХІХ ғ. аяғы ХХ ғ. басында Ресей империясының мұсылман халықтары ішінде қазақтар кітап басудан әзірбайжандар мен татарлардан кейін 3-ші орында тұрған екен. Мұны дәлелдеген қазақ мәдениеті мен өнерінің жанашыры, қазандық тілші-ғалым Әбрар Қаримуллин (Каримуллин, 1971). Ал жарық көрмей, баспаға жетпеген, қазақ қолжазбалары қаншама. Ертеректе әр ата-тек шежіресі, қиссалар, батырлық жырлар іспетті жазба дүниелер әр үйде болмасада, қазақ ауылы 10-15 түтін деп есептесек, әрбір 3-ші отбасында болғаны рас. Академик Ә. Марғұланның жазуынша ескіше оқып жаза білетіндердің саны жалпы қазақ халқының 40% құраған (Марғұлан, 1985). Жалпы жаңалыққа білім-ғылымға құмар қазақ ежелден ақырғы малы қалғанша, баласын ауыл молдасына беріп сауатын аштырып, кейінірек орысша оқытуды ойлаған. Біздің қолымызға Қ. Тәкежанұлының «Қазақтың ежелгі әдет-ғұрыптары» атты қолжазбасы 2000 жылы Омбы қаласына барған сапарымызда кездейсоқ қолға түсті. Қалалық кітапхананың алдында ескі кітаптар сатып отырған татар кемпірі «қолжазба қазақтың бір атақты оқымыстысынан қалған өте құнды дүние, ақшаңызды аямаңыз, келешекте маған рахмет айтасыз»-деген соң алған едік. Шыныңда да өте құнды дүние екен, әлі күнге дейін татар кемпіріне рахмет айтып келемін. Төте жазумен жазылған қолжазбаны оқу қиын болған жоқ, бірақ авторы Құсайын Тәкежанұлын ол кезде кім екенін білгем жоқ. Қолжазбаны алғаш 2005 жылы 200 данамен жарыққа шығарғанда автор туралы ешнәрсе айта алмадық (Тәкежанұлы, 2005: 83).

Әдістері: Мақалада ғылыми талдау негізінде материалды жүйелеу әдістерін, сондай-ақ мәдениеттанудағы қолданылатын типологиялық әдіс пайдаланылды.

Талқылау мен нәтижелер: Қолжазбаның түпнұсқасын Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің Отырар кітапханасына тапсырдық. Кейін сұрастырып білсем, бұл кісі халық ақыны, қазақтың алғашқы оқыған интеллегенциясының бірі екен. Құсайын Тәкежанұлы 1886 жылы Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Құндызды ауылында туып, 1972 жылы Астана қаласында өмірден озды. С. Сейфуллин, С. Мұқанов, М. Жұмабаев, А. Асылбеков тағы басқада қазақтың алғашқы интеллегенция өкілдерімен замандас, әріптес аралас-құралас болған. Жастайынан домбырамен күй тартуды, ән салуды Тәттімбет, Ақансері, Біржан сал мектебінің өкілдерінен үйреніп, өзіде бірсыдырғы өлеңдер мен поэмалар жазған. Жасында Қызылжардағы былғары зауытында жұмыс істеп, орыс-қазақ мектебінде оқыды, орыс тілін жастайынан жетік үйренеді, бірақ отбасының ауыр жағдайына байланысты елге оралып, мектеп ашып, бала оқытады, ел ішінде «Құсайын молда» - деген ат алады. 1917 жылы Ақмолаға келіп, Сәкен Сейфуллин мен Абдолла Асылбековтің әсерімен «Жас қазақ» ұйымына мүше болып, «Тіршілік» газетінде өлеңдерін жариялай бастайды. 1920 жылдардың ортасында қазақ жерінде жұқпалы ауруларды тексерген орыс дәрігерлерініңаудармашысы болып жұмыс істейді. Халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, өнерін жадында сақтаған Құсайын ақын- композиторлардың, жыраулардың шығармаларын жақсы білетін еді. Иманжүсіптің өмірі мен творчествосы туралы естеліктері мен өлеңдерін А.В. Затаевич «Қазақ халқының мың әні»-деген жинағында жариялайды (Затаевич, 1925). 1959 жылы «Термелер» - деген атпен алғашқы өлеңдер жинағы жарық көреді (Тәкежанұлы, 1959). 1964 жылы Сәбит Мұқановтың алғы сөзімен «Қария толғанысы» - деген жинағы жарық көреді (Тәкежанұлы, 1964). Бұл еңбегінде автор халық творчествосының қайнарларынан мол сусындаған, өзі де сол халықтың жанрларды тереңдете дамытқан шебер екенін көрсете білді. Кітапта мақал-мәтелдер, қанатты сөздер, өсиеттер мен мысалдар, жұмбақтар, шығыс рубайылары түрінде жазылған өлеңдер ерекше құнды. Қ. Тәкежанұлы артында мол мұра қалдырған халық ақыны, іздесе әлі де табылары даусыз.

Қазір қазақ қоғамында «Бәленбай уақыттағы сандықтың түбінде, болмаса жердің астында, бұрын жеті атасынан бұрынғы жазба еді» деп кітап қылып басып жататын әдет пайда болды. Мұның түпнұсқасы қайда десең жоғалтып алдым, суға кетті, өртеніп кетті» деп Мюнхаузеннің ертегісі сияқты бірнәрселерді айтады. Мұндайдың өтірік екенін, халықты алдау екенін, ең бастысы халықтың алдында қылмыс жасау екенін айтпауға болмайды. Сондықтан қазір әрбір мұндай нәрсені сын көзбен қарап, мамандардың талқысына салу қажет.

Автордың өзінің айтуынша «Ақмола, Қарағанды, Көкшетау облыстарына қараған қазақтардың құда түсу, қалың мал, қыз ұзату, келін түсіру, өлімге ас беру, ғұрып, әдет, салт санасы» - деп аталатын қолжазбасын 1905 жылы бастап кейінірек Кеңес заманында бітірген көрінеді. ХХ ғ. басында қазақ этнографиясынан бұл іспетті шығарманың жазылуы, оның біздің заманымызға дейін жетуі – үлкен құбылыс деп бағалауға болады. Сондықтан біз бұл еңбекті 2013 жылы қайта жарыққа шығардық (Тәкежанұлы, 2013). Бұнда Сарыарқа қазақтарының әдет-ғұрыптары, атап айтқанда құда түсуден басталып ас беруге дейін жүйе-жүйе болып баяндалған. Әрине бұл әдет-ғұрыптардың құндылығы сол қазақтың қаймағы бұзылмай, өзінің жүздеген, мыңдаған жылдар бұрынғы салттарын, автордың көзімен көріп қолымен ұстап жүріп жазуында, осы жағынан бұл мұра Құрбанғали Хамидтің «Тауарих Хамсасымен», Спандияр Көбеевтің «Қалың малымен» Мұхамедсалық Бабажановтың «Қазақтың қазақ туралы жазбаларымен» қатар тұра алады.

«Этнографические материалы сокровищница многовековой народной мудрости, архив истории познаний, мира и природных явлений человечеством. Этнографы XVIII-XX вв. зафиксировали материалы идущие из самых различных хронологических глубин и порожденные в своей основе самыми разными стадиями развития человеческого общества» деп жазады академик Б. Рыбаков  (Рыбаков, 1989: 279). Қаратеңіз, Дон, Еділбойын, Қырым-Кавказды көшіп-қонып жүрген скиф-сақ тайпалары да грек-рим т.б. елдердің салттары кіріп кетпесін деп қатаң шектеу қойған. Тіпті құдандалық байланыста болса да, сол елдің бірде-бір ғұрпын алмаған.Мысалы: «Сақтардың падишасы Савлияның інісі Анархис нәсілін жасырып, грек атанып Эллададан ұзақ саяхаттан оралысымен, әйелдің етеккөйлегін киіп, Кизик қаласында Кибес құдайына ас бермек болады. Анархистің бұл әрекетін ағасына жеткізгенде, бөтен халықтың ғұрпы елге тарап кетеді деп сақтанған савлия інісін садақпен атып өлтіреді». (Хазанов, 1979: 48-50) Бұдан ұлттық салт-дәстүріміздің бүгінгі күнге жойылмай жетуі үшін, ата-бабаларымыздың небір ауыр құрбандықтарға барғандығын байқаймыз.

Қазақ қоғамының негізі басқа да қоғамдар, мемлекеттер, халықтардікіндей отбасы, шаңырақ деген ұғымнан туған. «Бас екеу болмай, мал екеу болмайды» дейтін халық үшін шаңыраққа ие болудың өзі абырой, адамдық нысаны. Қазақ халқында «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық, үшінші байлық – он саулық» деген үш тармақты, бір бүтін аталы сөздің бар екені мәлім. Мұны өмір пәлсәпасы деуге де болады. Автор «Қазіргі Ақмола, Қарағанды, Көкшетау облыстарына қараған қазақ елдерінің құда түсу, киіт кию ғұрпы, әдет, салт-санасы жайында» деп І-тарауға жеке бөлімшелер арнап тоқталған (Бөлімшелер: Ұл әкесі жағынан құдалыққа бару ғұрып, әдет, салт-санасы және киіт кию жайында; Құдаларды қарсы алу әдет-ғұрып,салт-санасы; Қыз әкесінің құда түсіп, мал алу жайында ғұрып-әдеті, салт-санасы; Күйеудің қайынға бару ғұрып, әдет, салт-санасы; Қыз ұзату, жасау жасау әдет-ғұрып, салт-санасы; Келін түсіру әдет-ғұрып, салт-санасы). Автордың жазып алған деректері бойынша: Құда түсу қыз бен жігіттің әке-шешелері еркінде болған. Бұған бағзы уақыттарда ел жақсылары да кірісіп кететін болған. Мұның себебі, құда болатын адамдар келіспеген уақыттарда, келіспеу себептері: 1) бірін-бірі менсіну ата туыс жағынан болмаса, байлыққа, адамшылық жағынан, қалың мал жөнінен. Міне, осындай уақыттарда ел жақсысы болмаса, тап жақсысы, ауыл жақсысы қатысады. Қазақ әдетте құда болудан бұрын бір-бірінің ататегін, дәулетін, адамшылық және басқа жағдайларын аса мұқият сұрап тексеріседі. Құда болатын адамдар бірін-бірі мұнша таңдаудан мақсаттары не деп сұрағанда қазақ ақсақалдары келесі себептерді айтады. Бірінші, құда болған адамдар туысқандай болу, барлық-жоқтыққа, жақсылыққа-жамандыққа, бәріне ортақ болу. Екінші, ата ұрпаққа, дәулетте, адамшылықта тең болу. Үшінші, болыстық, ауылнайлық, партия бола қалса, жәрдемдесу. Төртінші, жер-су жағынан бір-біріне қарасу. Бесінші, ұл әкесі жағы киітке қызығу, жүйрік ат, жампоз тон, желмая нар, қыран бүркіт, алғыр тазы, масаты кілем, тай тұяқ жамбы және басқа асыл заттар яки жүздеген қырықтаған қой, киіт кию. Алтыншы: «Тең келсе тегін бер» деген мақалды еске алу, бірақ бұған әке-шешелердің көңіл бөлу шамасы аса аз кездеседі. Осы айтылған ғұрып, әдет, салт-сана жайында ақсақалдармен әңгімелесіп жай жағдайларын сұрастырғанда мына түрде айтады: «Бұл айтылған жағдайлар барлыққа, байлыққа байланысты», - дейді. Шамасы келмесе ұл әкесі де, қыз әкесі де ешқандай жағдаймен санаспайды. Және мына адамдар санаспайды. Бірінші, баладан мұқтаж адамдар. Екінші, дәулеті тасыған байлар, жақсылар - тоқалдыққа. Үшінші, қатыны өлген үй, иесіз қалған. Төртінші, тәуекелге бел байлаған пысық адамдар. Міне, осындай себептермен қатынға мұқтаж адамдар мал бетіне қарамайды. Мұндайлардың көбі түн салып алып-қашу, қолма-қол алыс-беріс қылады. Қолжазбада үйлену тойына байланысты сүт ақы, той мал, үйге кірер, босаға бойы, қол ұстатар, шаш сипатар, төсек салар, көрпе қимылдатар, отқа салар, ит ырылдатар, бақан салар, қыз қашар т.б. толып жатқан ғұрыптар тәптіштеп жазылған.

Қазақта өлімақы дейтін өлгеннің артынан атқарылуы тиіс барлық жосын-жоралғыларды білдіретін ұғым бар. Өлімақы – жан тәсілім еткеннен кейінгі алғашқы жуындыру мейірім сумен басталып, күзету, арулау, жерлеумен жалғасатын аза жылын және ас беру тәрізді жосын-жоралғыларды қамтиды. Бұл жосын-жоралғылар «өлі разы болмай, тірі байымайды» деген көшпелі ортада ежелден орныққан, іргелі қағидаға сай атқарылады (Қалиев, Оразаев, Смаилова, 1994). Қ.Тәкежанұлы «Қазіргі Ақмола, Қарағанды, Көкшетау облыстарында қазақтарың өлгендеріне өлген күннен бастап тамақ арнап берулері және өлік жайында ғұрып, әдеп, салт-саналары» деп 2-тарауға бөлімшелер арнап жеке тоқталған. (Бөлімшелер: Қонақасы, өлікті жөнелту, жаназаға шақыру тәртібі; Қабіршілерге ас беру ғұрып-әдебі; өліктің үші, не асберу ғұрып, әдет-санасы; Өліктің жетісіне ас беру ғұрпы; өлікке бата оқыр әдебі; өлікке арнап жұма күні ас беру ғұрпы; ой бауырым! деген әдеп болған; өліктің 40-на арнап ас беру; өлікке аза салу ғұрпы, жылына толғанда ас беру; өлікке қара ас беру; қатым, құран ас беру ғұрпы; өлікке айғыр шаптырып ас беру; өлік жылына толғанда  өлік иесі  ат шаптырып ас беру; жоқтау әдет-ғұрпы; өлікке там соғу туралы ғұрып; қазақ әдетінде өлгендеріне көңіл айту ғұрпы).Автордың жазып алған деректері бойынша: қазақ әдетінде өлік шыққан үйден үш күнге шейін тамақ ішпеу әдеті болған. Кісі өлген үйге жанашыр жақындары алғашқы келгенде бірер шақырымдай жерден «Ой байырымдап! шабатын көрінеді. Сол бетімен өлік шыққан үйді айнала шауып сабап, аттан құлайтын көрінеді. Мұны өлімді болған туыстары қарсы алып, риза болатын көрінеді. Бұлай болмаса наразы болады дейді. Сондай-ақ қазақ әдетінде өлікке там салу міндетті әдеттен саналған «...ас бермесе атаусыз аштан қалдырды, там салмаса жалаңаш қалдырды...» дейді. Өлікке там салу Ақмола, Көкшетау, Қарағанды облыстарында мына түрде болған: Бірінші, бесікше салып, айналасын орлайтын. Екінші, шіркі шикі кірпіштен, яки ағаштан қорған салады. Үшінші, атақты байларға, болыс, билерге, ақсүйек, аталыларға, батыр, шарапатты адамдарға және басқаларға үлкен там салады.

Марқұмның жүгі ауыр, үші, жетісі, қырқы, жылы бар, аты, атағы бар адам алдында асқар таудай ел-жұрттың бата оқыры жылына шейін болады. Қазақтың мақалы «...қарны ашқан қаралы үйге бата қылады» дегендей, мұнан басқа шығын да толып жатыр, ең ақыры жұма, бейсенбіде шелпек те пісіріп беру керек болады. Адам өлген күні барлық туыстары жиналып, қонағасын береді. Өлік иесінің шамасын байқап, неше тоғыз мал байланады, жаназаға қанша ел шақырылады дегендей өлікті жөнелту жабдығына кіріседі. Е.Смағұловтың пікірі бойынша: Қазақ халқының өлген адамға байланысты әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер тәртібі, белгілі бір табиғи-экологиялық кеңістікті игеру жолында қалыптасқан қоғамдық-әлеуметтік, саяси жүйелердің жиынтығы ретінде этнография ғылымының ең өзекті мәселелерінің бірі десек артық емес. Оның ішінде, әсіресе, өлген адамды шығарып салуға байланысты ғұрыптық циклдың аяқталуын білдіріп, қорытынды нүктесін қоятын - ас беру дәстүрінің маңызы зор. Ас өткізетін рудың абырой-атағын асыратын ұлы астар руаралық жиын, мәжіліс қызметін атқарған (Смағұлов, 2005). Бұл еңбекте ас берудің өзінің жіктеліп үш түрге бөлінетіні: қара ас беру, айғыр шаптырып ас беру, жылы толғанда ас беру сияқты түрлері анықталып жазылған. Қ.Тәкежанұлының дерегі бойынша: өлік жылына толғанда, яки өлік иесі өзінің қарнына келгенде бұл асқа өлік иесі сегіз, тоғыз ай бұрын қам қылады. Бұл бәйгеге көбінесе айғырлар әкелінеді. Сондықтан «айғыр шаптыратын ас» деп ат қойған болу керек, ат келсе де тоқтау болмайды. Бұл істің ғұрып-әдет, салт-санасы қара асқа болады. Бірақ айырмасы мыналар: Мұның ошағына сегіз-тоғыз ай бұрын шақырады. Себебімұның сойысы мал арықтамай, ет қатысымен союға тиіс болады. Екінші:Қара астан бұған көбірік шақырылады. Үшінші: Бірнеше аттарға бәйгетігіледі, мына түрде бас бәйге – ірі қара бастатқан тоғыз мал болады.Аяғы тай, тайынша бұл бірінші атқа, екінші аттың бәйгесі, бұл да тоғызбас мал. Бұғаннәрсекіреді. Үшінші аттың бәйгесі тай, тайынша болады. Нәрсе қосылады, бұдан соңғылар, нәрсе болады. Шапан бастатқан тоғыз неше атқа бәйге тігілсе, бәрін де құрық алдырмайды. Төртінші: палуан бәйгесі болады. Бұда тоғыз, тоғыздан болады. Бас балуанның бәйгесі іріқара бастатқан тоғыз болады. Бұған нәрсе қосылады. Кілем, ішік, шапан сықылды. Екінші палуан бәйгесі: бұл да мал бастатқан болады. Малы, жайы, ері, пікірі болады. Бұған да нәрселер қосылады, шапан, кездеме сықылды. Бұдан кейінгі балуан бәйгелері көбінесе өлі нәрселер болады. Қанша палуандар күрессе де жол бермей қоймайды. Қара астан басқа пәлендей айырмасы жоқ. Бірақ бұл аста асшылар тегісқонады, сый-құрмет бәрі қара астай болады. Таң рауаннан біреу атқамініп желіп жүріп тігілген үйлерді тегіс хабарландырады. Атшабары тағы бар, асшылар асығыс түрде аттарына мінеді. Бір қолына ту ұстап шығады, ұзын ағашқа ақ шүберек байлаған барлық адамдар соған жиналады. Әбден жиналып болған соң қарақшы тігуге арналған жерге қарай жүреді, бұл туды қарақшы деп атайды. Бәйгеге қосылатын аттар жеке топтанып жүреді, құйрықтары сүзілген, кекілдері түйілген,балалары үстінде шалбарланып киінген. «Әр жүйрікке қарасаң, қыранқұстай шүйілген», деген жыр осылардан қалған болуы керек. Қарақшыәдетте тау басына ең болмаса төбе басына тігіледі. Бос жерге барлық асшылар жиналып болған соң бәйге аттарын санайды. Әркім баласының басына белгілі орамал байлайды. Біреуі қызыл, біреуіақ, біреуі көк деген сықылды. Аттардың қай жерден, неше шақырымнан шабатыны бұрыннан айтылған болады. Бәйге аттары айдауға бірер адамдар арнап шығарады, бұларға мына түрде тапсырыс болады. Бірінші: Аттарға ықтиат болыңдар, жасырынып қалып, жолдан қосылмасын, шашау шығармаңдар. Екінші: қатты айдаңдар, жүйріктер сыналсын. Үшінші:жіберетін жерге жақындағанда, балаларды дәретке отырғызыңдар тегіс. Сонда ықтиат болыңдар, әккі балалар тап сонда қашады. Төртінші: тап айтылған жерден жіберіңдер. Атайдаушылардың қолында жеңіл құрықшасы болады. Міне, осылай аттарды айдап жөнеледі. Бұл бәйге аттарға екі түрлі шарт қойылады. Бірінші: аттар тартусыз болады.Екінші, тартулы болады. Тартусыз түрі: Жалпы халық екі топ боп отырады, ортасы ашық болады. Бәйге аттар ортадан өтеді, әрбір аттағы балалар, өз руын айтып айқалап өтеді. Мысалы: өз руының алдынан шығыпбіреу шылбырдан, біреу тізгіннен біреу құйысқаннан ұстап сүйрейді.Ат айдап кеткен соң халықтың бәрі аттан түсіп отырады. Ру – рудан палуандарын шығарады, палуандар көйлекті тастап, жалаңаш етіне шекпен киіп, сол қолын жеңіл киіп, оң қолды жалаңаш қойып, шекпенніңжеңін белге қоса буады. Белбеуді бостау буынады. Жалаңбастанып, біртізелеп ортаға шығып отырады. Біреулері томағасын алған бүркіттей,біреулері кісі алатын бурадай біреулері қойға шабатын қасқырдай болып отырады. Күрес түрлері бірінің бірі ыңғайына жібермей аңдысып,жұлқып, тартысып біраз уақыт жүреді. Біреу үйіріп, біреу қағып, біреушалып, біреу көтеріп еркін палуан ә дегеннен меңгеріп әкетеді. Бірақ әдісте айлалы бола қоймайды. Өстіп жүріп айқындап, соғып та кетеді яки ит жығыс та кетеді. Осындайда жығылды деп үлкен талас таболады, жанжал төбелес те болып қалады, екі жақтың басты адамдары тоқтатады. Осы түрде күрес кезек-кезек ұзаққа тартылады. Бәйгеүлестірушілер жыққан жағының басты адамдарына бәйгені беріп жатады. Бұлар өз ара үлесіп алып жатады. Күрес бәйге аттар көрінгенше болады. Екі рудың палуандары күрескенде әрқайсысы аруақтарына сиынып тұрады. Бәйге аттардың алдынан бірнеше адамдар жібереді. Бұларды даяшы дейді. Бұларға тапсырынды ат қарақшыдан өткендебаланың басындағы орамалын алады. Бұл үлкен дәлел болады. Бұл ат нешінші екені есінде болады. Бәйге аттардың ең әуел шаңы көрінеді.Бұдан соң «шаңнан шығып сурылған, жер танабы қуырылған, алып

қашып баланы, ақ көбік шашып аузынан, шын тұлпар келер алдынан». Арда кер дейтін тұлғаның бір атына айтылған сөз дейді. Осы түрде аттар келіп болады. Бәйге тігілген аттар болған соң аттарға артық көңіл бөлінбейді. Аты келгендер бәйгемен, аты жоқтар атын іздеумен болады. Тартусыз аттар да дау-жанжал аз болады. Тартулы аттар да талас тартыс аса көп болады. Мұндайда үлкен төбелес те болып кетеді. Ұрушақырысқан. Мұндайдың арасына ел жақсылары кіріп келістіреді. Осы түрде ас тарқайды. Аттары келіп, балуандары жыққан елдер масаттанып қайтады. Балуандары жығылып, аттары бәйгеге ілікпеген елдердің адамдары еңселері түсіп салысуға кетіп еліне зорға жетеді. Сүйек, тамыр, таныстарын іздеп, жолаушылап қайтады. Аты бәйгеге ілікпегендер ат жаратушының мазасын алып қайтады. Ат бабына келмеді, қара жарысқа аз салдың, тері жақсы алынбады деп. Жалпы аттың түрлері мен типологиясын зерттеу келешектің міндеті.

Ежелден қалыптасқан халқымыздың дүниетанымы, өмір салты туралы мәліметтердің төл мақал-мәтелдерімізде көрініс табуы заңдылық. М. Қозыбаев «Тарих, этнология, фольклор, тіл – халықтың жан дүниесі, оның барша әлем алдындағы айнасы» дейді (Қозыбаев, 1994). Еңбекте «Су сүзілмейді, сүйек үзілмейді», «Сыйласып өткен құданың туысқанынан несі кем, сыйласпаған құданың соғысқан жаудан несі кем», «Аз бергенге жұбанған – құданың ең жақсысы», «Ұл туғанға күн туар» т.б. көп айтыла бермейтін нақыл сөздер берілген. «Мал көтерер өлімді, дос көтерер көңілді», «Қасаң байтал екі айғырды ашшы қылады», «Қалыңсыз қыз болады, кәдесіз қыз болмайды», «Екі қатын баласы – екі ру», «Аза аруы сый сату» деген мақал-мәтелдердің шығу себептері түсіндіріледі. Мысалы өлікке аза салу қазақ әдетінде үлкен міндеттен саналады. Бұл азаның жүретін орындары, құдалар, дос-тамырлар тағы қадірлес жақындар бір-бірінің өліктерінің бәріне аза салу керек. Азаның ең көбі екі-үш үлкен қара болады, азы бір қара болады. Мал сойып, саба толтырып бірнеше әйелдер, еркек молда, қожа барады. Құрметпен қарсы алады. Бірер қонып қайтады. Бұл азаға өкпелеуші де болады, мал алмай қайтармайды. Олай да, бұлай да қояды, араларында тағы өлік болса, сол уақытта қайтарады. «Аза аруы сый сату» деген осыдан қалғандығын айтады. Қ. Тәкежанұлы құдалыққа қатысты әдет-ғұрыптардың мақал-мәтелдермен берілуін жазады. Көп ойланудың қажеттігін айтады. «Құда тау сықылды құламайды, ауыз тамыр жіп сықылды шыдамайды», «құда болғанша құдағылығыңды сұрас, құда болған соң кімде болсаң сыйлас», «қатын алма, қайын ал», «жақсы көрер досыңның атын алма, тайын ал», «қуанышқа қуанғам, қайғылы іске мұңайман», «малдан малды таңдаса, жайыңа көзін салмаса Құдайдың үлкен қарғысы» деп қазақтың жақсылары айтқан көрінеді. Сонымен қатар қоштасу, сыңсу, жар-жар, беташар, жоқтау, көңіл айту сияқты ауыз әдебиетінде сирек кездесетін ғұрыптық жырлардың тамаша үлгілері берілген.

Жосын-жоралардың нақты тарихи адамдардың өміріне байланысты жазылуы (Ерден Сандыбайұлы, Абылай хан т.б.) ескерткіштің құндылығын арттыра түседі. Көлемі аса көп болмаса да этнографиялық мәліметтерінің молдығы жағынан бұл қолжазбаны анық халық мұрасы деп атауға болады.

Қолжазбаның жарыққа шығуы еліміздің «100 ауыл, 100 қария, шежіре және ою-өрнек» бағдарламасына қосқан үлесіміз демекпіз. Сөз соңында қолжазбаны арабшадан қазіргі әліпбиге түсірген Орталық ғылыми кітапхананың сирек қолжазбалар бөлімінің, ғылыми қызметкері Гүлшат Мәсәлімқызына алғыс айтамыз. Кітап тек мәдени-тарихи мұра ғана емес, ұмытылып бара жатқан салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртуға көмектесетін таза практикалық маңызы бар жәдігер.

Қорытынды: «Халқым қандай десең, салтымнан сынап біл» демекші, салт-дәстүрлерден этностың мінез-құлқы, үлгі-өнегесі, зейін-зердесі, даналығы мен даралығы, шешендігі мен тапқырлығы, ақыл-ойы, сондай-ақ, жаратушы мен жаратылысқа, өзін қоршаған жанды, жансыз әлемге деген моральдық, танымдық, этикалық көзқарастары көрінеді. Бұларды білмей, игермей, меңгермей жатып ұрпақтар арасында мәдени сабақтастықтың болуы да, ұлттық мәдениеті кең арнада, дұрыс бағытта дамуы да мүмкін емес (Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары, 2005). Сондықтан, халқымыздың ежелден желісі үзілмей жеткен көне салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызды, рухани-мәдени және адамгершілік дүниеміздегі қымбат қазыналарымызды көрсетіп, жас ұрпақтың таным-түсінігіне әсер ету өзекті мәселелердің бірі болып табылады.

Әдебиеттер тізімі:

Каримуллин, 1971 - Каримуллин Ә.У. Истоков татарской книги: от начала возникновения до 60-х годов ХІХ века. – Казань, 1971.

Марғұлан, 1985 - Марғұлан Ә. Ежелгі жыр аңыздар. – Алматы, 1985.

Тәкежанұлы, 2005 - Тәкежанұлы Қ.Қазақтың ежелгі әдет-ғұрыптары, - Алматы, Казиздат-КТ. – 2005 ж. – 83 бет.

Затаевич, 1925 - Затаевич А.В. Қазақ халқының мың әні. – М.: 1925.

Тәкежанұлы, 1959 - Тәкежанұлы Қ. Термелер. – Алматы, 1959.

Тәкежанұлы, 1964 - Тәкежанұлы Қ. Қария толғанысы. – Алматы, 1964.

Тәкежанұлы, 2013 - Тәкежанұлы Қ. Қазақтың ежелгі әдет-ғұрыптары. – Алматы, 201.

Рыбаков, 1989 - Рыбаков Б. Язычество в Древней Руси. М., 1989. С.279.

Хазанов, 1979 - Хазанов А.М. Скифское жречество // Советская этнография. – 1979.– №6.– С.48-50.

 Оразаев, Смаилова, 1994 - Қалиев С., Оразаев М., Смаилова М. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. – Алматы: «Рауан», 1994.

Смағұлов, 2005 - Смағұлов Е.М. Қазақтың ас беру дәстүрі: қоғамдық-әлеуметтік қызметі (ХVІІІ-ХІХ) ғғ деректері бойынша). Т.ғ.к. диссерт. авторефераты. – Алматы, 2005.

Қозыбаев, 1994 - Қозыбаев М. Жауға шаптым ту байлап. – Алматы: «Қазақстан», 1994.

Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. І том. – Алматы: «Арыс», 2005.

References:

Karimullin, 1971 – Karimullin A.U. Istokov tatarskoi knigi: it nachala vozniknovenya do 60-h godov XIX veka. – Kazan, 1971.

Margulan, 1985 – Margulan A. Ezhelgi zhyr anyzdar. – Almaty, 1985.

Takezhanuly, 2005 – Takezhanuly Q. Qazaqtyn ezhelgi adet-guryptary, - Almaty, Kazizdat-KT. - 2005zh. -83 bet.

Zatayevich, 1925 – Zatayevich A.B. Qazaq khalkynyn man anita. – M.: 1925.

Takezhanuly, 1959 – Takezhanuly Q. Termeler. – Almaty, 1959.

Takezhanuly, 1964 – Takezhanuly Q. Qaria tolganysy. – Almaty, 1964.

Takezhanuly, 2013 – Takezhanuly Q. Qazaqtyn ezhelgi adet- guryptary. – Almaty, 201.

Rybakov, 1989 – Rybakov B. Yazychestvo v Drevney Rusi. M., 1989. C.279.

Khazanov, 1979 – A.M. Skiphskoe zhrechestvo // Sovetskaya etnographia. – 1979. №6. – S.28-50.

 Khazanov, Orazaev, Smailova, 1994 – Qaliev S., Orazaev M., Smailova M. Qazaq khalkynyn salt-dasturleri. – Alnaty: «Rauan»,1994.

Smagulov, 2005 – Smagulov E.M. Qazaqtyn as very dasturi: kogamdyk-aleumettik kyzmeti (XVIII-XIX) gg. Derekteri boiynsha). T.g.k. dissert. Avtorepheraty. – Almaty, 2005.

Kozybaev, 1994 – Kozybaev M. Zhauga shaptym tu bailap. – Almaty: «Qazaqstan», 1994.

Qazaq khalkynyn dasturleri men adet guryptary. I Tom. – Almaty: «Arys», 2005.

МРНТИ 03.20:03.01.09

ОДИН ИЗ ПЕРВЫХ ПРОФЕССИОНАЛЬНЫХ КАЗАХСКИХ ЭТНОГРАФОВ К. ТАКЕЖАНУЛЫ

Тоқтабай Ахмет Уалханулы¹

¹Доктор исторических наук, профессор, ГНС. Институт истории и этнологиии имени Ч.Ч. Валиханова, г. Алматы. Казахстан.

Аннотация.Кусайын Такежанұлы является народным поэтом, одним из первых представителей казахской интеллигенции. До Октябрьского переворота он был современником, коллегой и единомышленником отечественных деятелей А. Асылбекова, С. Сейфулина, М. Жумабаева, С. Муканова. Полученная нами рукопись была написана в 1905 году и отредактирована в 1947 году. Ее название -  «Древние казахские обычаи». В предисловии к рукописи автора этот труд написан из жизни казахов Сарыарки. Рукопись очень ценна, потому что многие обычаи и традиции были записаны на бумаге до того, как казахские сливки испортились. Привычки и ритуалы, от брака до смерти, даны поэтапно. Даны пословицы и поговорки, ритуальные песни и конкретные события. Например: соболезнования известного оратора в связи с кончиной сына Абылайхана идт. Это письменное наследие – неизмеримое сокровище казахской этнографии и фольклора.

Ключевые слова: А.А.Затаевич, М.Жумабаев, С.Муканов, Абылайхан, обычаи, пословицы и поговорки, Акмола, сват, проводы невесты, цена смерти, поминки.

IRSTI 03.20:03.01.09

ONE OF THE FIRST PROFESSIONAL KAZAKH ETHNOGRAPHERS K. TAKEZHANULY

Toktabay Akhmet Ualkhanuly¹

¹Doctor of historical Sciences, professor. Ch. Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology. Almaty, Kazakhstan.

Annotation: Kusayyn Takezhanuly is a national poet, one of the first representatives of the Kazakh intelligentsia. Before the October coup, he was a contemporary, colleague and researcher of domestic scientists A. Asylbekov, S. Seyfulin, M. Zhumabayev, S. Mukanov. The manuscript we received was written in 1905 and edited in 1947. Its name is  ‘The Ancient Kazakh Customs’. In the preface to the author's manuscript, this work is written from the life of the Kazakhs of Saryarka. The manuscript is very valuable because many customs and traditions were written on paper before the Kazakh society deteriorated. Habits and rituals, from marriage to death, are given in stages. Proverbs and sayings, ritual songs and specific events are given. For example: condolences of a famous speaker on the death of son of Abylaykhan etc. This written heritage is an immeasurable treasure of Kazakh Ethnography and folklore.

Keywords: A.A.Zataevich, M.Zhumabayev, S.Mukanov, Abylaykhan, customs, proverbs and sayings, Akmola, matchmaker, price of death, farewell to the bride, funeral.

А.А.Затаевич, М.Жумабаев, С.Муканов, Абылайхан, обычаи, пословицы и поговорки, Акмола, сват, проводы невесты, цена смерти, поминки.

No comments

To leave comment you must enter or register