Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР: 03.20:03.09.25 ҒҰНДАРДЫҢ АТТЫ ӘСКЕРЛЕРІ

А.У. Тоқтабай¹. ¹Т.ғ.д., профессор, БҒҚ. Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты. Алматы қ., Қазақстан.

ҒТАМР: 03.20:03.09.25 ҒҰНДАРДЫҢ АТТЫ ӘСКЕРЛЕРІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(22), 2020

Tags: ғұн жылқысы, Вегеций, Аттила, Ордос, ғұн, садағы, ысқырма оқтар, Ұлы Қытай қорғаны, дунхулар, Иордан, Каталаун
Author:
Аңдатпа. Мақалада түркі халықтарының ата-тегі, көшпелі ғұн тайпаларының шығу тегі, шаруашылығы, тұрмысы, мәдениеті, әскери өнері сөз болады. Ғұндар тарихта алғаш рет атты әскерді жасақтап, кеңінен соғысқа пайдаланғаны белгілі. Тарихи деректер арқылы және қазақтың этнографиялық материалдары арқылы ғұн тайпалары мен қытайдың арасындағы өзара ықпалдастығы көрсетіледі. Қытай императорлары тұңғыш рет жылқы мәдениетін ғұндардан алып, ғұн офицерлерінің арқасында сайлауыт атты әскерге қолы жеткен. Сол заманда қытай императорының бұйрығымен халықты ғұндарша киім үлгілерін пайдаланып, ғұндардың шалбарлы, комзолды ат үстінде отырғанда ықшам болған киімдерін кигізген. Ғұндар әлемде тұңғыш рет конструкциясы өте күрделі, ысқырма оқтары бар ғұн садағын, саптама етікті, ағаш сүйекті ер-тұрманды ойлап тапты. Ғұндар атты әскердің арқасында Орталық Азиядан Европаға дейін барып, құл иеленуші мемлекеттердің тас-талқанын шығарды. Сол замандарда ғұндардың жылқы мәдениеті өте жоғары деңгейде болған.
Text:

Кіріспе. Салтаттылық мәдениет (культура всадничества) б.з.д. 2 мыңжылдықтың басында басталып, б.з. XII ғасырында моңғол шапқыншылығымен аяқталады. Бұл үрдісті арийлер, скиф-сақтар, ғұндар, көне түркілер, моңғолдар жасады.

Ғұн (хун гун) көшпенді тайпаларының тарихы б.з.д. IV – III ғасырдан белгілі, қытай деректері мен қазіргі археологиялық қазбалардан табылған жәдігерлерге қарағанда қытай жерлерінің солтүстігі мен солтүстік батысындағы далалы және таулы Ордос[1] пен Иншан[2] аймақтарында өмір сүрген. Осыдан жиырма екі ғасыр бұрын ғұндар Еуроазияның апайтөс далаларында тұңғыш қаһарлы әскери империя құрып, Қытай мен Орталық Азияның басқа елдеріне үнемі қауіп төндіріп, басқыншылық соғыстар жүргізіп отырды. Ғұндер мен қытай халықтарының саны қандай болды дегенде қытай деректерінде оған нақты жауап табуға болады. «Гұндардың (сюну) саны қытайдың бір облысының санына жетпейді, бірақ олардың киімі мен тамағы күшті, бұл жағынан Қытайға тәуелді емес» (Таскина, 1968: 45).

Бұрынғы ақпарлар мен соңғы зерттеулерді қарастыратын болсақ ғұндардың саны ең көп дегенде 1,5 млн артық болмаған, қытайлардың саны 60 млн-ға жетіп тұрған (Крадин, 2002: 71. 104).

«Ғұндар өздерінің салттары бойынша тәкәппарлық пен күшті бәрінен жоғары қояды, біреуге міндеттенуді, борышқорлықты намыс көреді, олар ат жалында мемлекет құрды, сондықтан басқа халықтардың арасында беделді, даңқы зор» (Масанов, 1995: 45).

Бұған ешқандай түсініктеменің қажеті жоқ шығар.

Әдістері: Жұмыста жазуда жалпы ғылыми тарихи принципке, жүйелілікке, салыстырмалы және экспериментальды талдауға негізделді. Методологиялық арсеналда ғылыми-қолданбалы әдістерге сүйене отырып, зерттеулерді хронологиялық және тақырыптық жүйеде топтастырылды.

Талқылау мен нәтижелер: «Қытайдың солтүстігінен әрі қарай өмір сүреді, бір жайылымнан екіншісіне малдарымен көшіп жүреді. Төрт түлік малдан ең көп өсіретіндері жылқылар, ірілі, ұсақты мүйізді малдар, әрәдік түйе, есек, қашыр және асыл тұқымды жылқылар. Бір жерден екінші жерге көшу шөппен судың молдығына орай болды. Қаласы жоқ, отырықшылық, егіншілік дегенді білмейді, бірақ әрбіреуінің жеке жері бар. Жазуы жоқ заңдары ауызша айтылады. Бала кішкентайынан қойға мініп садақпен ұсақ құстар мен саршұнақтарды атады[3], өсе келе түлкі мен қоян аулап азық етеді. Садақты жақсы тартатындар сауытты атты әскерге алынады. Мал жаюға шыққанда аңшылықпен қоса әрекеттеніп оны азық қылады, қажет болғанда әркім шапқыншылық жасау үшін әскери жаттығулармен айналысады. Туғандарынан олардың қасиеттері сол. Ұзын қарулары (алыстан ататын А.Т.) садақ пен жебе, қысқа қарулары (қоян қолтық соғысқанда А.Т.) семсер мен найза. Шабуыл сәтті болса алға ұмтылады, сәтсіздік болса шегінеді, шегіністі ұят санамайды. Көсемдерінен бастап барлығы малдың етін жейді, терісін киімге жаратады, тері және жүннен киімдер киеді» (Бахаддин, 1994: 34).

Ғұндардың отырықшы қытайлардан басты айырмашылығы сол, табынды жылқы шаруашылығымен шұғылданып, сансыз көп жылқы өсіруінде және соған сәйкес жүз мыңдаған атты әскер жасақтай алуында. Әрине ол кезде Қытайда жылқы болды, бірақ барлық отырықшы халықтардың бір кемшілігі олар табынды жылқы шаруашылығын білген жоқ. Көшпенділердің жылқыны көп өсіру үшін тапқан жаңалығы, айғыр үйірлеп көбейту, әр үйірден 15–20 жылқыны құлындарымен басқа ұрпақтарымен айғыр өзі ие, өзі бағады, өзі өсіреді, сөйтіп мал тілін білген халық жылқыны өзіне-өзі бақтырған. Бұған біз қазір зер салмаймыз, кезінде мал шаруашылығында прогрессті үлкен жаңалық еді. Отырықшы халық қолындағы бір-екі жылқысын тұрақты жерде (стойловое содержание) бағатын, сондықтан жылқы көп өспейтін. Төрт түліктің ішінде жылқы көшпенділер үшін ең басты экономикалық және әскери күш болып табылды. Индустриальді өркениеттерге дейін салттылық үрдістегі Еуразия көшпенділері әскери және саяси тарихта ең маңызды рөл атқарды.

Н.Э. Масанов жылқының төмендегідей қасиеттерін атап өтеді: үйір, табын болып жүруі, тебіндеп жайылуы, тез қозғалатыны, күші мен шыдамдылығы, дене температурасын бірқалыпты ұстауы, өзіндік жайылуы, қора-қопсының қажетсіздігі. Сонымен қатар тиімсіздік тұстарын да келтіреді: жайылымның кең де мол болуы және жиі ауыстырып отыру қажеттілігі, жылқы басының баяу өсуі (буаздық мерзімі 48–50 апта) жыныстық қабілетінің 5–6 жаста, күш-қуатының 6–7 жыл ішінде жетілуі, төлінің аздығы (30 %), су мен азықты талғап жеуі (Худяков, 1991: 67-67). Сондықтан көшпенділер жылқы табындарын мейлінше көп өсіруге тырысатын. Жылқы басының әлсіздері қатал климатқа шыдамай өзінен-өзі жойылып отыратын.

Цин династиясының ортаңғы кезінде Қытайда түбірлі мәдени өзгерістер кең етек алды. Солтүстіктегі көшпелі тайпалардің тікелей әсерімен, олардан жылқы сатып алу арқылы жылқы шаруашылығы өркендеді. Дәл сол кезде пайда болған әскери арбалар ірі жаңалық болды. Арбалар жаңа техника есебінде, қалың, бұқараның қолы жетпейтін, белгілі әлеуметтік топтардың игілігі еді. Әскери арбасы барлар басқаларға үстемдік көрсетіп, өздерін жоғары санады, нәтижесінде арбашылар деп аталатын әлеуметтік топ қалыптасты (Худяков, 1986: 41).

Қытай қолбасшысы Улян 307 жылы линьху мен лэуфань тайпаларын талқандап Иньшанан бастап «Ұлы қытай қорғанын» сала бастады. Ғұндардан қорғану үшін қамал салу жеткіліксіз еді, сондықтан Қытай мемлекетінде түбірлі өзгерістер, реформалар жасау қажеттілігі туды.

Жылқы өсіру тек Орталық Азия тайпаларына тән шаруашылық болатын. Қытайлар ежелгі египеттіктер сияқты атты міну үшін емес, тек соғыс арбаларына жегу үшін ғана пайдаланатын. Орталық Азиядағы сияқты барлық отбасы баласынан кәрісіне дейін атқа мінетін жағдай жоқ еді. Ғұндарға дейін қытайлар, атқа мініп тұрып садақ тартып жебе атуды білмейтіні анық болатын. Қытайдың отырықшы халыққа тән көлбеңдеген кең киімі атқа отыруға мүлдем қолайсыз болды. Сондықтан император Шы Хуанди өз елінің философтарын аяусыз сынағанда былай дейді: – Мен мұнан былай ғұндардың киім үлгілері бойынша тігілген киім-кешекті киюді және ат үстінде келе жатып қалай оқ атуға болатынын бүкіл халқыма үйреткім келеді (Борнс, 1850: 63).

Осы фактіден көрініп тұрғандай, императорға ең керегі әскери реформа болды. Қытайлар ғұндардың киімін кие бастағанда киімнің бөліктері мен детальдарының атауларын еш өзгеріссіз бұрынғы мағыналары бойынша атап қабылдады. Кейін аздап өзгеріске ұшырағаны болмаса, қазірге дейін қытай тілінің құрамында қолданылып келеді. Киімге байланысты этикет пен жаңа форма әскерлерді түгел қамтып, әскери өмірге бірден біржола орнықты. Қытай әскерлері көлбеңдеген ұзын киімдерін тастап тоғалы белдігі бар қысқа жекеттер, тон, атқа мінетіндері шалбар киді. Атты әскерге алынғандар, аяғына жеңіл іле салатын шоқайларын тастап етік, ат қажамас үшін бұтына қыста теріден, жазда қалың матадан шалбар киді. Әскерлер металдан жасалған ғұнның қару-жарағымен жарақтана бастады. Екі бағытта жүрген киім реформасы әскерге тез орнықса да қалың бұқараға кең тарау үшін бірнеше ұрпақ ауысты. Өте консервативті деген қытай халқы да  ғұндардың көптеген киім үлгілерін қабылдап алды, қытайларша оңнан солға қарай емес, ғұндарша солдан оңға қарай түймеленетін болды.

Қытайдағы киім реформасының қалай жүргенін зерттеген «Ғұндардың киім-кешектері жөніндегі бір зерттеу» – деген еңбек жазған Ванг Туовиде егжей-тегжейлі баяндалады.

Ендігі кезекте армияны, мемлекетті атпен жабдықтау міндеті тұрды. Императордың бұйрығымен шекаралық аймақтарда жаппай жылқы базарлары ашыла бастады. Қытайдың негізгі стратегиялық товары жібек болса, ғұндарда екі бастан жылқы еді. Сауда жүргізген екі жақ та жанталаса қимылдап пайда түсіріп отырысты. Сауданың арқасында Қытай ғұн жылқыларына қол жеткізіп, ауыр қаруланған жаяу әскерімен соғыс арбаларының қатарына ғұндарша жеңіл атты әскер жасақтай бастады. Ғұндардың жас күнінен бастап атқа сүйіспеншілігі, ат құлағында ойнайтын қасиеті, атқұмарлығы, жауынгерлігі дәріптелді. Мұны бір қытай генералының ғұн балаларының астында жақсы аты, қолында қамшысы, белінде садағы жүретінін ерекше ұнатып, тамсана әңгімелегенінен көруге болады. Ал әйгілі қолбасшы–генерал Ма Иуан болса «Әскери қимылдардың түп негізі ат болып табылады» – деп дәлелдей түседі.

Ғұндарша киініп, ғұндарша қаруланып қоймай ғұндарша әскерді оң, сол, орта бөліктерге бөліп үш бағытта шабуылға шығатын соғыс жүргізу тактикасын қолдана бастады.Армияда ғұн офицерлері пайда болып қоймай, ғұндардан құрылған жалдамалы әскер бөлімдерін құру ғұндарға айдап салудың алғы шарты еді. Тарихи деректерде ғұн армиясы 400 мыңға дейін жеткен деп көрсетіледі. Бұл алып армияны әрбіреуі 10 мыңнан 24 түмен басы басқарды, әскерде қатал тәртіп болды, бұйрықты орындамау өлім жазасына кесілді.

Жеңісті әскери қимылдардың негізгі күші соғысқа жақсы үйретілген шыдамды аттар болғанымен шешуші рөлді әрине ғұндардың нысанаға дәл тиетін ысқырма оқтары бар алысқа атылатын мүйіз садақтары еді. Ағаш садақ өте күрделі желіммен бірнеше жапсырылған бөлшектерден, екі ұшы мен ортасы сүйек немесе мүйіз қапсырмалармен қапталады, ұштары мүйіз көбінесе темір біліктермен (шпунт) бекітіледі. Садақтың конструкциясы үш қатты бөліктен: ортасы, екі шеті және екі серпінді бөліктен тұрды. Қазіргі археологиялық қазбалардан табылып жатқан материалдарға қарағанда ұзындығы 1,5 метрге дейін жеткен (Засецкая, 1994: 29). Бұл өз заманындағы ешбір халықта жоқ, қаһарлы қару болатын. Жебесінің ұшына қола немесе темір оқтар қадалады және үш тесігіне сүйек шар кигізіледі. Жебе ұшқанда сүйек өз осінен айналып өте ащы ысқырған дыбыс шығарады. Мыңдаған жауынгер бір мезгілде мұндай ысқырма оқтарды атқанда жау әскерлерінің аты үркіп, өздерін ғаламат қорқыныш сезім билейтін еді. Қазіргі археологиялық қазбалардан табылып жатқан садақ оқтарының 30-ға жуық түрлері белгілі (Засецкая, 1975: 6).

Ғұндар қытайларға жылқы сатқанымен, қару берген жоқ . Мысалы б.з.д. І ғасырда ғұндардың бұрынғы даңқы жоқ, әлсіреген кезінде Қытайға вассалдығын мойындаған Уч жулью-жоди – Шаньюй баласын кепілдікке береді. Қытайлар оның иелігінде садақ жасайтын ағаш өсетін және ол жердегі ұшып жүрген[4] қауырсынынан жебелерге бекітілетін қанаттар барын біліп, біраз ғана жер участогын сұрайды. Шаньюй мұрагер ұлын алдын-ала өлімге қиып, қытайлардың ұсынысын қабылдамай тастайды, ол ғұн жауынгерлерінің басты қаруы ысқырма оқты садағынан айрылған соң соғыста жеңе алмайтынын білген еді. Шаньюй үшін садақтың құны ұлының құнынан артық болды.

«Мыңнан тұлпар жүзден жүйрік» – атақты сәйгүлік мемлекеттің аты – мемлекеттің меншігі ретінде Ғұн ордасында айрықша есепте тұрған. Дәл осындай сәйгүлік Мөденің әкесі Тұманның мың мильге (шақырымға А.Т.) талмай шаба алатын шаңтимес жүйрігі жөнінде аталып өтіледі (Бернштам, 1951: 131). тұманның бұл жүйрігі түркі- моңғол эпостарындағы батырлардың жан серігі тұлпарларды және елдің, рудың, жүздің атаған шығарған бергі замандардағы әйгілі бәйге аттарын еске түсіреді. Ғұндардан бергі қазақтарда жылқыға қанша бай болғанымен мұндай жылқыларды ерекше қадірлеп, көздің қарашығындай сақтап, атақ-дәреже берген. Мысалы Есімханның Сарықұласы, Абылайдың Алшаңбозы, Қобыландының Тайбурылы т.с.с.

Қазақта Отан деген нақты ұғым ол жермен байланыстырылады, Жер – ана дегенміз Отанның баламасы. Мөде мемлекетті қолына алғанда дунхулар[5] күшті болып тұрған кезі, әлгі мың шақырымдық тұлпарды қалап сұрайды. Мөде ақылшыларын, ел басшыларын шақырып алып не істейміз дегенде: «Мың шақырымдық сәйгүлік ғұндардың қасиетті бетке ұстар аты еді, сондықтан ат дунхуларға берілмейді», – дейді кеңесшілер.

Сонда Мөде: – Бір ат көршілерден артық па, – деп жүйрікті дунхуларға бергізеді. Дунхулар атты алып Мөденің қатындарының бірін сұраттырып тағы елші аттандырады. Кеңесшілері мен ел басылары бұған қатты ашуланып, енді дунхулармен соғысуымыз керек дейді. Мөде тыңдап болып, бір қатын көршілерден артық емес, – деп тағы да дунхуларға бергізіп жібереді.

Соңында дунхулар екі елдің арасындағы сусыз, шөпсіз кең дала болушы еді, соны сұратады. Мөде елдің бетке ұстарларымен ақылдасқанда, ел басшылары: ондай пайдаланылмай жатқан иен даладан келіп-кетер ешнәрсе жоқ, беруге де, бермеуге де болады. Бұл сөзге Мөде (Гаркавец, 2005: 47) қатты ашуланып: – Жер (жайылым) мемлекеттің негізі және түп тамыры, сондықтан қалайша бере саламыз, – деп жерді берейік дегендердің басын алдырып дунхуларға аяқ астынан шабуыл жасап, дунхулардың жеріне басып кіреді. Кенеттен жасалған шабуылды күтпеген дунхулар толық талқандалады. Мөденің бұйрығымен дунхулардың барлық басшылары өлтіріліп, қалғандарын өзіне қосып, мал-мүліктерін олжаға түсіреді.

Айлакер, алдын болжағыш Мөде келіссөз кезінде «екі қоянды бір оқпен атып алғандай» болды. Біріншіден қарсыласының қырағылығын бәсеңдету үшін, кемсітіп, қорлаған келісімге барып, ат пен қатынды береді, екіншіден өзінің айналасындағы кейбір кеңесшілерінен, ел басшыларынан құтылады.

Дунхуларды ойсыратып жеңген Мөде кезінде өзі аманатта болған юэчжілерге тұтқиылдан шабуыл жасап талқандайды. Ордоста лоуфондар мен байян тайпаларын Тянь-Шань тауларына дейін барып динлиндер мен гяньгуньдерді өзіне қосып алады, соңында Орталық азияның солтүстігінде орналасқан хунье, кюлше, цайли елдерін толықтай қосып алады. Мөденің 9 жыл аттан түспей үздіксіз жеңісті соғыстарының нәтижесінде Ордостан Тянь-Шаньға, Алтай–Саянға, Байқал сыртымен Маньчжурияға дейін созылып жатқан көптеген Орта Азия халықтары кірген шығыста тұңғыш рет алып әскери держава пайда болды. Мөде Орталық Азиядағы бүкіл көшпенділерді бір тудың астына біріктіргеннен кейін ата жауы Қытайдан бұрынғы кеткен жерлерін қайтарып алу үшін 201 жылы жорыққа шығады. Қытай императоры Гао-ди ғұндарды бір соққымен бірден талқандау үшін үлкен армия жасақтап, оған өзі басшылық етеді.

Мөде Қытай императорына өз әскерінің шолғыншы топтарын жіберу арқылы оны алдаусыратып, өзі торуылда қалып, шабуылға шығар ең қолайлы сәтті асықпай күтті. Қытай императоры Мөденің өзінің және негізгі күштерінің қай жерде екенінде білмеген еді. Ғұндар әлсін-әлсін император әскерінің қарсы алдынан шыға келеді де, соғыстан жеңілгенсіп қаша жөнеледі. Қытай императоры осы табыстарына масайрап тұрғанда, ғұн қосындары солтүстікке қарай сырғи берді, ғұн сайлауыттары қалай болғанда да императорды Мөденің негізгі күштерінің алдына апармақшы. Қытайдың атты әскерлері ғұндарды қуып жүргенде, жаяу әскерлері артта қалды, әрине бұл әскери өнерде кешірілмес үлкен қателік еді.

Қытайдың армиясы 320 мың болғанда, жеңіспен қуып жүрген ғұндардың сайлауыт әскері 10 мың яғни бір түмендей әскер еді. Қытай әскерлері қорғанысқа өте қолайлы Петең жайлауын басып өтпекші болғанда Мөде 300 мыңнан аса әскеріне бұйрық беріп, тіке шабуылдап Қытай императоры Гао-ди жеті күн бойы қоршап, тыпыр еткізбейді. Қытай армиясы нағыз қақпанға түсті, не іштен не сырттан көмек ала алмады, азық-түліксіз қалды. Тарихи деректерде ғұндардың атты әскерлері (қытай армиясының айналасында былайша сап түзеп) қатар тұрды. Кілең ақбоз аттылар батыс бағытта сап түзеді, көк аттылар шығыс жақта, ал кілең қара аттылар солтүстік жақта сап түзесе, күрең торылар оңтүстікте тізіле сап түзеп тұрып еді.

Аттың түр-түсіне орай әскер қосындарын жасақтау қазақ-қырғыз халықтарында бергі заманға дейін келді. Ол жөнінде жеке тарауда айтылады.

Ғұндардың қоршауынан құтылмасын білген император Мөденің қатынына қымбат сыйлықтар жіберіп көмек сұрайды. Мөде қатынының тілін алып император бастаған Қытай әскерін босатып жібереді. Осы факті жөнінде қазірге дейін қым-қиғаш айтыстар көп. Еуропалық зерттеушілер көшпенділерді ашкөздік, дүниеқоңыздық құртты, жеңіліп тұрып қытайлар жеңіп кетті деп біржақты тұжырым жасайды. Алып империя құрған, дүниежүзілік масштабтағы қайраткер Мөде Қытайдың тарту-таралғысына қызықты ма, бүкіл Қытайды жаулап алса Қытайдың императорымен, жерімен, елімен қазынасымен қосып өзінікі емес пе? Қазақта «алдыңа келсе атаңның құнын кеш», «жығылған адамды жұдырықтама» т.с.с. қанатты сөздер бар. Атилланың дін басы қасиетті Луп аяғына жығылып келгенде Трир қаласын алмай, папа Лев рахымшылық сұрап келгенде Римді тонамай қыпшақтардың Рим императоры Алексейді босатуы кеңпейілділік танытуы көшпенділердің қанына сіңген кеңдігі, мәрттігі десек қателеспейміз. Көшпенділер соғыста жауына қанша қатал болса да, жаны нәзік, жомарт, алаңғасарлау келетініде рас.

Қытайлар өмір бойы қай жерде жақсы жылқы бар, сол жерлерді алдын-ала біліп, алдымен дипломатиялық жолмен, соңына қоқан лоқы күш қолданып қолдарына түсіріп отырды. Ғұндардың табынды жылқыларына қол жеткізген соң Орта Азияның сұлу арғымақтары Даван (Қоқан, Ферғана) еліндегі «жоңышқа жейтін қан терлі аттар» туралы әңгімелер өте қызықтырды. Қытай императоры Орта Азияға барып қайтқан Чжан Цзян мәліметінен кейін, арнайы елшілік аттандырып сый-сияпатымен (1000 атын, тағы да басқа асыл бұйымдар) Ферғанадан асыл тұқымды аттар сұратады. Ферғана ханы Хань патшасы алыс, бұл жерге келе алмайды деген оймен, асыл тұқымды жылқыларын бергісі келмейді. Император Ли Туаң қолбасшы бастаған 100 мың  экспедициялық әскер жіберіп төрт жыл соғысып жүріп 3 мың жылқы алады. Ферғана ханы әр жылы екі  тұлпар беріп тұруға мәжбүр болады. Осы жолы қытайлар арғымақ жылқылармен қосып жүзім мен жоңышқаның ұрығын ала кетеді. Сөйтіп Қытайға жүзім мен жоңышқаның тарауына да жылқының тікелей әсері болды. Зерттеушілер көпке дейін «қан терлі жылқылар» аңыз деп келді. Ағылшын саяхатшысы А.Борнс түркмен жылқылары жайында былай дейді: «Егер жылқы өте қызып кетсе, бір қиын жұмысты атқарса, аттың мойнындағы қан тамырлары ашылып қан кетеді. Мен бұған өз көзіммен көрмесем сенбес едім». Демек Орта Азия жылқыларында, Түркмен тұқымдарында мұндай физиологиялық процесс ертеден болған (Никоноров, 2002: 381).

Азиялық хундармен Еуропалық гундер арасындағы байланыс бар ма деген сұрақ зерттеушілер арасында толастамай қазіргі кезде бір арнаға тоғысты. Осы тұрғыдан алғанда И.П. Засецкаяның көп жылғы еңбегі бұл мәселеге нүкте қойды деуге болады. 1) садақ жебелерінің ұштары – оқтары Солтүстік Қара теңіз маңындағы сармат – аландардікіне ұқсамайды. Бірінші ғасырлардағы хун және ортаазиялық көне екені көрінеді. 2) Орталық Азияда пайда болған атақты «хунн-гунә қола қазандары ІІ – IV ғасырларда Солтүстік Қытайдан Оңтүстік Шығыс Еуропаға гундер көшімен келген. 3) полихромдық әшекей-зергерлік заттар (Ахметжан, 2006: 151-156). Бұл белгілердің үстіне ғұндардың өзіндік жерлеу салтын және Еуропа авторлары суреттеген монголойдтық кескін-келбеті екі халықтың бір екеніне шүбә келтірмейді.

Ғұндардың Еуропаға жылжыған қосындарының алдыңғы шебінде б.з. І – ІІ ғасырында Қытайдан жеңілген атты әскер шабуылдай отырып жол-жөнекей, басқада көшпелі тайпаларды қосып алып отырды.

Қытай қорғаны солтүстіктен және солтүстік батыстан үздіксіз шабуылдаған хундардан қорғағандай, армян тарихшыларының ұйғарымынша Дербент қамалы шығыстан жөңкілген көшпенділерден тығылу үшін салынған (Кляшторный, 1989: 135). Евсевий мен Иероним ғұндарды «ерсілі-қарсылы атпен ұшып жүргендер» – деп көрсетеді (Vegetius, 1890: 138).

«... оның есесіне оларды өздерінің аттарына қосылып туған дерсің, өте көнбісті... Күн мен түнді олар ат үстінде өткізеді, соның үстінде отырып сауда-саттығын жасайды, тамағын жеп ішеді, аттың иір мойнына жабысып алып ұйқыға беріледі және қатты ұйықтайтыны соншалық, тіпті түсте көреді. Оларға маңызды істер туралы кеңесуге тура келген жағдайда оларды ат үстінде отырып жүргізеді.» (Добромыслов, 1845: 1214).

Зосимның жазуынша  ғұндар тіптен аяғымен жерде тұра алмайды, ат үстінде өмір кешеді, ат үстінде ұйықтайды (Добромыслов, 1845: 491).

Бойлары аласалау етті, шапшаң, атқа шапқанда ерекше күшті, кең иықты, садақ тартуға жақсы үйренген, мықты тоң мойындарының арқасында денесін тіп-тік ұстайды, – деп жазады Иордан. (Добромыслов, 1845: 1262).

«Ғұн халқы сондай тағы, соғыс кезінде ашығып бара жатса жылқыларының тамырын тесіп, қанын ішіп аштығын басады», – деп жазады Исидор (Добромыслов, 1845: 1286).

Өте жылдам атты әскері тосыннан шабуылдап жаудың ішіне сыналап кіріп кетіп отырады, қайтадан тағы да сондай жылдамдықпен қоршауға түспей шығып жаудан қашқан болып, қуған жауды алдап түсіріп отырады.

Ғұндардың осындай бір шабуылынан мысал келтірейік. 409 жылы[6] ғұндардың 300 сарбазы Пизы қаласының түбінде готтарға тұтқиылдан шабуыл жасап, готтардың 1100 жауынгерін жойып жібереді, ғұндардан 17 адам ғана шығын болады. Өздерінен ондаған есе көп готтардың қоршауына түсу қаупінен тез құтылып Ровенна  қаласына қайтып келеді. Әсіресе алысқа атылатын ғұн садағынан нөсерше бораған жебелер, ғұндарға жаумен бетпе-бет келмей оларды алыстан ойсыратып, өздері жеңіспен ұрыстан шығып кететін. Конструкциясы күрделі ұзындығы 140–160 см жететін «ғұн садағының» сауытбұзар, доғал оқтар, жебелердің түбінде сүйектен жасалған ысқырығы бар сарнама оқтары жауға үрей туғызды. Садақпен ат үстінде солға, алға, артқа ату, ат үстінде болмаса жаяу тұрып шауып бара жатқан адамға шалма тастау еуропалықтарға беймәлім еді. Ату, шабу қаруларынан басқа сол заманға техниканың жетістіктері – қамалбұзғыштар, лақтырғыштар қолданылды. Төрт доңғалақты арбаларды қатар-қатар бірнеше қабат қойып уақытша бекініс жасауға болатын еді.

370 жылы шығыстан келген ғұндар Солтүстік Қара теңіз аймағына басып кіріп, аландарды соңынан сарматтарды талқандап Дон мен Азов теңізі маңайын, Солтүстік Кавказды түгел өздеріне қаратты. Аландар мен сарматтардың қалғандарын қосып алып, ғұндар остготтардың (шығыс готтардың) кеңбайтақ иелігіне кірді, остготтардың королі Германарих өзін-өзі өлтірді. Остготтардың бір бөлігі  ғұндарға қосылды қалғандары вестготтарға (батыс готтарға) кетті. Ғұндар енді кезекте вестготтарға шабуылдады, көшпелі тайпалардың бірін-бірі шабуы тізбекті реакциядай ақыр аяғында 378 жылы готтардың Адрионополь түбінде Рим армиясын талқандап, император Валенттің ұрыста қаза табуымен аяқталды.

Готтардың құрамында шығыстан келген ғұндарда болды, себебі готтардың басшылары Адрионополь шайқасына дейін де, кейінде римдіктерді талқандауға  ғұндарды шақырып тұрғаны тарихтан белгілі.

Ғұндар IV ғасырдың аяғы мен V ғасырдың басында үлкен тайпалар одағын құрды, остготтар, аландар, гепидтер, скирлер, герулер словяндар ғұндарға салық төлеп, кез келген уақытта ғұн армиясының құрамына  отрядтар жіберіп, олардың жорықтарына қатысты.

Атилла 451 жылы әскерімен Галлияға кіріп Орлеан қаласын қоршайды. Рим қолбасшысы Аэций мен оның одақтастары, вестготтар королі Теодорих І мен аландардың королі Санжипанның әскері келіп жетеді.

Атилла 451 жылы атты әскерімен Галлияға кіріп Орлеан қаласын қоршайды. Рим қолбасшысы Аэций мен оның одақтары, вестготтар королі Теодорих І мен аланадардың королі Санжипаннның жеріне келіп жетеді. Ғұндар қаланы тастап Шалон маңындағы Каталуын жазығына келіп орналасады. Осы жерде әлем тарихындағы ең бір ұлы да шешуші шайқас басталады. Екі жақтан шамамаен 300 мың атты әскер қатысады. Атилла әскерінің ортасына өзінің ең таңдаулы бөлімдерін шоғырландырып, оған өзі басшылық етеді, оң жағына король Ардарих бастаған гепидтер, сол жағына остготтар тұрады. Қарсы жақта оң қанатта Аэций, сол қанатта Теодорих, Санжипанға сенбеген Аэций аландарды ортаға қояды. Екі армияның орталығындағы кішкене таушықты Теодорихтың баласы Торисмунд басқарған, вестгот атты әскерлері күні бұрын стратегиялық маңызды пунктті иеленді. Биіктіктің қаншалықты маңызын білген Атилла атты әскер қосындарын шабуылдатып алмақшы болғанда Торисмундтың жоғарыдан төмен қарай жасаған шабуылына тап болып шегініп кетеді. Сол кезде Атилла басшылықты өз қолына алып өзінің шыңдаулы әскерлерімен шабуылға шығады. Ержүрек қартайған Тоедорих ғұндардың оң жағынан шабуыл жасап, өзіне лақтырылған найзадан, аттап құлап, өз әскерлерінің тұяғына тапталып өледі. Бұл шабуылдың күштілігі сондай, жолындағының бәрін қиратып, оңға бұрылып ортада аландармен соғысып жатқан ғұндардың сыртынан шығады. Екі флангыда ойсыраған, ортасын жау айналып өткен Атилла өзінің лагеріне шегініп, садақшыларын аттан жедел түсіріп, арбалардың артына бекіндіріп, қуған жауды садақтан оқ жаудырып тоқтатады. Келесі күні Атилла лагерінде тұрып жау шабуылын күтіп, табанды түрде тайсалмайтын қарсылық көрсетпекші болады. Екі жақта аңдысып бір-біріне бата алмайды, оның үстіне Торисмунд бастаған вестготтар ұрыс даласын тастап Галлияға кете барады.Мұны байқап қалған Атилланың жігері оттай жанып, қалған әскерлерін ретке келтіріп, алдында тұрған жаңа мақсаттар туралы ойлайды. Бүкіл дала өлгендер мен жараланғандарға толған, қан сасиды. Екі жақтан 165 мың адам қаза тапты деп көрсетеді тарихшылар. Сөйтіп екі жақта бір-біріне кедергісіз шегініп кетеді.

Атилланың тұсында ғұн әскери өнерінде көптеген өзгерістер болды, әскер құрамында жаяу әскер пайда болды. Каталун шайқасында ғұндар дәстүрлі әскери тактикаларын қаша жүріп ұрыс салу, торуыл, садаққа сүйеніп қарша оқ борату т.с.с. қолдана алмады. Гот тарихшысы Иорданның жазуынша бұл шайқаста ешқандай әскери қулық болған жоқ, екі армия ашықтан-ашық бетпе-бет кездесті дейді (Добромыслов, 1845: 1266).Шайқастың көптеген тұстары әлі де белгісіз, екі жақта атты әскерге сүйенді. Аэций жас кезінде үш жыл бойы ғұндарда аманатта болып, Атилламен бірге жүрді. Жасынан алғыр, талантты Аэций ғұндардың бүкіл соғыс тактикасын жатқа білді, Римнің атты әскерін ғұндарша жасақтады. Бірден бастамашылықты қолға алатын ғұндар осы жолы керісінше шабуылдан гөрі қорғанысқа көшті.

Қайтар жолында Атилла Трирді талқандады, 452 жылы жоғарғы Италияға басып кіріп Аквилеяны тонады, Миланда, Тицинді алды (Засецкая, 1994: 141). Батыс Рим империясы өте ауыр жағдайға түсті, Аэций император Валентин ІІІ-ке Италиядан қашуды ұсынды. Атилла әскерімен Римнің түбіне таяп келді. Рим папасы Лев І Атиллаға келіп, кездесіп Римді ғұндардың талқандауы мен тонауынан аман алып қалды. Жалпы дін адамдарының аяғына жығылып рахымшылық жасауы туралы өтінішін Атилланың қанағаттандыруы бірінші рет емес еді. 451 жылы Галлия жорығында Труа қаласын алмақшы болғанда қаланың дін басшысы Қасиетті Луп Атиллаға басын иіп, қаланы тонамауды өтінеді. Атилла ұсынысты қабылдайды.

Азиядан Еуропаға ғұндар қандай жылқы мініп барды?

Аммиан Марцелиан ғұн жылқыларын ұсқынсыздау бірақ шыдамды десе, (Добромыслов, 1845: 1214) әулие Иероним ғұнның көтерем жылқылары деп, оны Рим аттарына қарсы қояды, бірақ ғұн жылқыларының екпінді жылдамдығын жоққа шығара алмайды. Ғұн жылқылары жайында анық, ең бастысы маман ретінде әділетті жазған Рим мал дәрігері Вегеций. Вегеций мал емдеу туралы еңбегінде шыдамдылығы мен төзімділігі, айрықша шаршамайтындығы, суық пен аштыққа мойнымайтындығы тұрғысынан соғысқа ең керекті ғұн жылқысы, – деп көрсетеді. Еңбектің маңызы сол ғұн жылқысы сырттай қараған саяхатшының, жазушының жазбасы емес әскери іс пен маман ветеринардың тұжырымдамасы.

«Ғұн жылқылары үлкен орақбас, томаға көз, тар танау, қалың жақ, қайратты бұлан мойын, тізесінен төмен түсіп тұрған қалың жалы , жуан қабырғалы, қақпан бел, қалың құйрық, өте мықты жіліншікті, қысқа аяқты, қалың және үлкен тұяқты, кең құрсақты негізінде денесі арса-арса сүйекті, құйрығы майсыз, бұлшық еттерінде ешқандай дөңестік байқалмайды, тұрпаты биік емес ұзынырақ, қарны жарау, сүйектері темірдей, арықтығының өзі әдемі көрінеді, ең жаман дегенінің өзінен әсемдік байқалады, байсалды, ақылды, жараны, мертіккенді жақсы көтеретін жануар».

Арада 1500 жыл өткенде Ресей атты әскерінің маманы Торғай облысының мал дәрігері А. Добросмыслов 1891 жылы жазған қазақ жылқысы туралы жан-жақты еңбегінде былай дейді: «Басы тұрқына қарағанда үлкен, қалың жақты, дөңес мұрынды (бөкен мұрын А.Т.), көзі кішкене (шошқа көз А.Т.), құлақтары кішкентай қайшыланып тұрады (ешкі құлақ А.Т.), мойны шомбалдау қысқа, майсыз, айғырларының мойны жуан болады. Шоқтығы биік, шабы қысқа, кең сауырлы, арт жағы өте мықты, қылқұйрығы төмендеу орналасқан. Қазақ жылқысының бойы аласалау көрінгенімен, дене мүшелері кішкене емес, иілген қабырғалы, арқасы қысқа да қайратты (қақпан бел А.Т.), құймышағы орташа салпылау, мықты бұлшық етті. Бүкіл тұрпаты тастай қатты жуан жіліншікті қысқа аяқтарына орналасқан. Быртық бақай, дөңгелек қатты кесе тұяқ, жіліншігінен тарамысы анық байқалып тұрады.» ( Werner, 1956: 4).

Екі маманның айтқандарына зер салып қарасақ көп айырмашылық жоқ. Себебі қаншама ғасырлар өтсе де дала жылқысының өсіп-өнген ортасы, жыл он екі ай табиғатта қыстың сықырлаған сары аязы мен шіліңгір ыстығында өз тамағын өзі тауып жеп күнелткен режимі өзгермеген. Еуропа авторларының жазуынша ғұн жылқылары 50 жасқа дейін ұзақ жасайды. Бұрынғы қазақ жылқыларының 30 жасқа дейін жасайтынын көптеген атбегілер айтады, жүйріктер 18-20 жасқа дейін бәйгеге шаба берген. 20-дан асқан аттардың батырлардың астында болғаны туралы әңгімелерде айтылады. Еуропалық авторлардың 50-жас дегені артықтау айтылған сияқты, әрине бұл мәселе зерттеуді қажет етеді.

Ер-тұрмандарының ерекшелігі қандай?Алдыңғы және артқы қасы доғаша иілген ағаштан жасалып, былғарымен қапталған әртүрлі темір, алтын, күміс қапсырмалар орнатылған мықты ерлер Шығыс Еуропада ғұндардың келуімен пайда болды. Конструкциясы мықты ағаш ерлер б.з.д. ІІІ ғасырларда Қытай шекарасында тұрған ғұндар ойлап тапқан, бұл ерлердің бір артықшылығы жауынгерлердің аттан түсе қалып жазық далада, бірінің үстіне бірін қойып бекініс жасауға да болушы еді. Қастары биіктеу (қазақта мұны керей ер дейді А.Т.) ерге отырған адам алдындада, артындада тіреуі бар, құйрығын мықты ұстайды, садақ тартуға да, семсер шабуға да, шауып келе жатып алдығада, артқада жартылай бұрылып садақ атуға ыңғайлы. Тағы бір артықшылығы ұрыс кезінде жауынгер ылдиға шапқанда аттың алдына кетпей, өрге шапқанда аттың артына кетпей, жаумен жанаса келгенде жантая бұға қалып, оңға да солға да ат үстінен ауып қалмай сайысуға қолайлы.

Ерте заман авторлары ғұндардың қолындағы қамшысын атап өтеді (Никоноров, 2002: 545). (Авторлар ғұндардың аттарын қамшымен басқаратынын және сонымен қатар ұрыс кезінде қамшы арқылы команда беретінін көрсетеді (шегінуге, айналып өтуге т.с.с. А.Т.) Қамшы ежелден қазақтарда қарудың бір түрі, әсіресе жау жақын келгенде, қамшыдан артық қару жоқ. Қамшы туралы бөлек айтамыз.(А.Т.)

Ер-тұрманның мүшелерінен аттың аузында ойнап тұратын ілмектеп қосылған қос темірден жасалған ауыздықтар, мундштук іспетті аттың езуіне қатты тұтас темірден жасалған ауыздықтар ғұн қорғандарының қазбаларынан кездеседі. Қос металдың қосындысынан жасалған ауыздықтар аттың езуіне көп зиян келтірмей-ақ басқару жағынан тиімді әрі заманындағы айтулы жаңалық.

Тарихи қайнарларда ғұндардаң қару-жарақты, ер-тұрмандарды алтынмен әшекейлеуге, асыл тастардан көз орнатып әсемдеуге құмарлығы айтылады. Есімі ғұн заманында Еуропаның зергерлік өнерінде қару-жарақ пен ат әбзелдеріне әртүрлі тастардан көз орнатып алтынмен қаптап, күміс шаптырып өрнекті әшекейлер жасау етек ала бастады. 

Көшпенді халықтардың басқалардың жеріне соғыс ашып, шапқыншылық жасауының негізгі себептерінің бірі мал басы көбейіп, өз жерлерінде құрғақшылық болса жаңа жайылым іздеуден басталады. Көшпенділерде әскер – халық, халық – әскер деген ұғым бірдей, ел басына қауіп төнгенде барлығы бірдей атқа мінген. Көшпенділердің пассионарлық екпініне күш-қуатына келетін болсақ малдың етін жеп қымызын ішкен халық, делебесі қозғыш, қызба, есерлеу, тентек, біреуге зорлық қылмаса тұра алмайтын халге жетеді. Еуропалық зетрттеушілер мал өнімдерінің көшпенділердің пассионарлық қабілетін арттырудағы  рөлін әлі есепке алмай келеді. Ғұндардың он мыңдаған шақырымды артқа тастап, сонау Ұлы Қытай қорғанынан Ұлы Венгер жазығына (Альфельд) келуіне осы факторлардың тікелей әсері бар. Ғұндар Еуразияның апайтөс далаларында жүргенде шапқыншылықты жазда не күзде жасайтын, неге десеңіз бұл маусымдарда ат семіретін кез. Ат бабына келгенде көшпенділердің жортуылы басталады.

Ғұндар ілкіде табынды жылқы жайылымына қолайлы Солтүстік Қара теңіз маңын, Дунай жағалауларын, Ұлы Венгер жазығын, Паннонияны өздеріне қаратып алғаннан соң, басқа жерлерді басып алып тұрақтап қалуды ойлаған жоқ. Атилланың 451 жылы Галлияға, 452 жылы Италияға жорықтары бұл елдерді тонау, олжа түсіру бағытында ғана болды, себебі бұл елдердің жерінде жүз мыңдардан асатын атты әскерге азық болатын жем-шөп жоқ еді. Жылқыға мейлінше қолайлы Ұлы Венгер жазығы ғұндардың ордасы болды. Көшпенділер сонымен қатар қандай қиын жағдайға болсада көндіккіш, шыдамды, жаңа жерге бейімделгіш, бірақ өздерінің әдет-ғұрыптарына, салттарына берік болды. Мысалы Ұлы Венгер жазығына қоныстанған ғұндар енді шапқыншылығын қыстың аяғында көктемнің басында бастайтын болды, себебі Орталық Азияның суық-ыстық континентальді климатына қарағанда Оңтүстік Шығыс Азия жұмақтай көрінді. Шығыс Рим империясына Дунайдың мұзы қатып атты әскерді көтере алатын жағдайға жеткенде қыс ішінде күтпеген шабуылдар жасап, енді византиялықтарға солтүстіктен Дунай табиғи қорған болмай қалды.

Ғұндардың шабуылдары ешқашан аяқ астынан басталмайтын, жоспарлы түрде шолғыншылар мен барлаушылар арқылы мейлінше мол ақпарат жинап, жағдайды анықтап барып іске кірісетін. Атилла кезінде германдардан және басқа тұтқынға түскен және қашып келген көп тайпалардан римдіктерден құрылған жаяу әскер, негізгі күш атты әскерлердің жылдамдығын азайтты. Жаяу әскер қамал бұзуға, көпір салуға, әртүрлі соғыс машиналарын алып жүруге т.б. жағдайларға қолданылды.

Ғұндар соғысқа психологиялық дайындықты шебер жасай білді. Византияға өзінің талаптарын орындату үшін Атилла оның шекарасында қалың әскерімен шығып ұғымды үлкен аңшылық жасады. Приск мұндай шараны Византияны сескендіру үшін өзінің қарулы күштерін көрсеткісі келді дейді. Шынында да солай мемлекеттік аңшылық ғұндар Қытай шекарасында тұрған заманнан әскерді машықтандырып ұрысқа үйретудің амалы болатын.

Аммиан Марцелиан ғұндар шабуылға сыналап, сына құсап шығатын еді деп жазады. Ғұндардың және бергі қазақтардың үшбұрыш сияқты алды сүйірленіп шабуылдауын немен түсіндіруге болады. Қатты боранға, желді жауын-шашынға қасқайып тұрып жайылған жылқы табынын басшы айғыр мен мама бие бастайды да, үшбұрыштың алдында үнемі үлкен жылқылар жайылып келе жатады, ұсақ құлындар, жабағылар, желіндеп жүрген биелер үшбұрыштың ішінде болады. Сондықтан ғұндарда, қазақтарда атты әскерлерін сүйірлі үшбұрыш шабуылын, боранды күнгі жылқы жайылымынан алған.

Ғұндар алдап қашқанда ұрыс даласын тастап кетпейді, жау әскерінің алды-артынан орап тиіп қашып садақпен атып, қандай күшті деген жауды шалма лақтырып,  аттан аударып алып семсермен шауып жіберетін. Үнемі тиіп-қашып ұрыс салу жаудың әбден сілікпесін шығыратын, сөйтіп бетпе-бет қоян-қолтық соғысқа дағдыланған жау не істерін білмей дағдарып қалатын. Мұндай ұрысқа ғұндардың жеңіл кавалериясы өте-мөте ұтымды болды. Иордан: «Күші тең болып тұрған аландарды жиілеп ұрыс-қақтығыс жасау арқылы, әбден сілесін қатырып жеңді», – дейді (Добромыслов, 1845: 1262). Бетпе-бет ұрысқа ғұндар садақ оғын қарша боратып, жау ойсыраған кезде барып екі жүзді семсерлерімен, бір жүзді қанжарларымен аяқтайтын еді.

Ұрысқа кіргенде жауынгерлердің рухын көтеру үшін керней тартып, дабыл қағып у-шу азан-қазан болатын. Керней тартудың әртүрлі әдістері арқылы қолбасшының командасы басқа командирлерге жететін. Аммиан Марцелианның жазуынша «әртүрлі қорқынышты дыбыстар» шығаратын (Добромыслов, 1845: 1215). Қамшыны алға артқа сілтеу арқылы бір-біріне белгі беріп не шабуылға шығатын, не шегінетін. Вегецийдің жазуынша қамшы арқылы «үнсіз» бір-біріне сигнал беретін. Қазақта қамшы арқылы белгі беру дәстүрлі түрде осы уақытқа дейін сақталып келді.

Ғұндарда өздерінің намыс заңы (кодекс чести) болды. Жауынгерлердің соғыс кезінде қаза табуы ерлік саналды. Иордан Атилланың ұлы Эллактың ұрыста ерлікпен қаза табуын былай суреттейді. «Бәріне белгілі ол (Эллак) көптеген жауды жер жастандырып, аса ерлікпен қаза тапты, егер әкесі тірі болса ол өзіне де осындай даңқты өлімді тілеуші еді» (Добромыслов, 1845: 1279).Ертеде қазақ батырларының үйде өз ажалынан өлгені масқарашылдық саналған. Батырдың соңғы арманы біреу – ол жау қолынан соғыста өлу. «Батыр үйде өлмейді, түзде өледі», – дейді қазақ мақалы.

Батырлардың ерлігін жырға қосып, елге әсіресе жастарға айтып отыру түркі-монғол халықтарында батыршылдық дәстүрді насихаттаудың жарқын үлгісі. Батыр, елбасы о дүниелік болғанда жоқтау айтылады. Жоқтауда батырдың ерліктері жырға қосылады. Мысалы: Абылайханды Үмбетей жыраудың жоқтауы, Кенесарыны Нысанбай жыраудың жоқтауы т.с.с. Приск Атилланың бір тойында оның құрметіне екі күн түрегеп тұрып, өздері шығарған жырды айтып бергеніне куә болғанын жазады (Добромыслов, 1845: 476).

Атилланы жерлегенде мәйіт жатқан шатырда таңдаулы ғұн салтатты жауынгерлері айнала жүріп ерлігін жырға қосады. Бұл қазіргі тілмен айтсақ жоқтау айту салты (Добромыслов, 1845: 1272).

Қорытынды: Ғұндардың тарих сахнасынан найзағайдай жарқылдап тез сөнуінің бір себебі өздері саны жағынан аз бола тұрып сан тілдегі, сан түрлі діндегі халықтарды біріктіруге ұмтылды. Бұл мақсаттарына жетті деуге де болады. Ғұндар оятқан, ғұндар бастаған тайпалар Рим империясын құлатып тынды. Осы тұрғыдан Атилланың әлемдік тарихи рөлін ешкім жоққа шығара алмайды. «Атилланың есімі тарихта адамзат ұлылары Александрмен, Цезарьмен қатар тұрады», - деп А. Тьери бекер жазбаған болар. Ғұндар бастаған шығыстан келген тайпалар Ф. Энгельстің бейнелі сөзімен айтқанда «өлімсіреген шалажансар Еуропаға өмірдің жаңа күшін бүрікті» (Засецкая, 1994: 182).

Кәзіргі таңда «Аттила» - сөзінің мәні турасында әртүрлі пікірлер бар, мысалы аттила – еділ сөзінен шыққан, яғни еділ-едиле-адиле-атилла. Біздің ойымызша «Аттила» сөзінің мәні қазақтың «аттылы», яғни «всадник» деген – сөзімен мағыналас. Мысалы: қазақта, «аттылы», «түйелі» деген сөз «жаяулы» - дегеннен өзгерек «ат мінген», «түйе мінген» - дегенді білдіреді. Біздің ойымызша Аттиланың әубасты есімі бөлек болғанға ұқсайды. Аттила – саны көп, жойқын атты әскердің басшысы, бас қолбасшысы – деген халықтың берген атауы. Жазба деректерде европалық ғұндардың атауы (аthaul) – деген тайпасы туралы деректер кездеседі. Академик Б.А. Рыбаков сөздің төркініне қарағанда бұл сөз түркілік, ғұндардың авангардтық тайпасы («жылқылы ставка») – деп жорамал жасайды. Қазақта күні кешеге дейін мінерге ат, ат майын беретін байдың ауылын – «атауыл», жылқысы көп ауылды – жылқылы ауыл, түйесі көп ауылды түйелі ауыл, қойы көп ауылды – қойлы ауыл – деп айтатын еді. Сондықтан «ат» сөзі ғұн тілінде кеңінен қолданылған. Демек, «Аттиланың» - «аттылы» сөзінен шығуы әбден мүмкін(Рыбаков, 1987: 30-34).

Әдебиеттер тізімі:

Ахметжан Қ. Қазақтың дәстүрлі қару-жарағының этнографиясы. – А., Алматыкітап, 2006.

Бахаддин Өгел. Ұлы Хун империясының тарихы. Том I. – А., Хант, 1998.

Бернштам А.Н Очерк истории гуннов. – А., 1951.

Борнс А. Путешествие в Бухару. Ч. ІІІ. – М., 1850.

А.Н. Гаркавец. Великая степь в античных и византийских источниках. Сборник материалов. Составление и редакция. – А., 2005.

Добросмыслов А.Н. Коневодство и его значение для киргизского населения Тургайской области. – Оренбург, 1845.

Засецкая И.П. Культура кочевников южнорусских степей в гуннскую эпоху (конец IV–Vвв.). – СПБ., 1994.

Засецкая И.П. Золотые украшения гуннской эпохи . По материалам особой кладовой  Гос. Эрмитажа. – Л., 1975.

Кляшторный С.Г. Гуннская держава на Востоке ( ІІІ в. До н.э. – ІV в. н.э.) // История древнего мира. Изд. 3-е. Упадок древних обществ. – М., 1989.

Крадин Н.Н. Империя хунну. – М., Логос, 2002.

Масанов Н.Э. Кочевая цивилизация казахов (основы жизнедеятельности номадного общества). А., Социнвест. – М. Горизонт, 1995.

Никоноров В.П. Военное дело европейских гуннов в свете данных греко-латинской письменной традиции // ЗВОРАО. Н.С. Т. І (ХХVI). – 2002.

Рыбаков Б.А. Язычество древней Руси. – М.: Наука, 1987. – 30-35 бб.

Материалы по истории сюнну (по китайским источникам). Вып.I Введ., пер. коммент. В.С. Таскина. – М., Наука, 1968.

Худяков Ю.С. Вооружение центральноазиатских кочевников в эпоху раннего и развитого средневековья. – Новосибирск, 1991.

Худяков Ю.С. Вооружение средневековых кочевников Южной Сибири и Центральной Азии. – Новосибирск, 1986.

Flavius Vegetius Renatus. Epitoma Rei Miliraris/r Ed. With an English Translation by L;F. Stelten.New York; Beru;Frankfurt am Main; Faris 1890;

Werner J. Beitzage jur Archaologie des Attila – Reiches Munchen. – 1956.

References:

Akhmetzhan Q. Qazaqtyn dasturli qaru-zharagynyn etnigraphiasy. – A., Almatykitap, 2006.

Bakhaddin Ogel. Uly Khun imperiasynyn tarikhy. Tom I. – A., Khant, 1998.

Bernshtam A.N Ocherk istorii gunnov. – A., 1951.

Borns A. Puteshestvie v Bukharu. Check. III. – M., 1850.

A.N. Garkavec. Velikaya step v antichnykh I vizantiyskih istochnikakh. Sbornik materialov. Sostavlenie I redakciya. – A., 2005.

Dobrosmyslov A.N. Konevodstvo I who znachenie diya kirgizskogo naselenya Turgaiskoy oblasti. – Orenburg, 1845.

Zaseckaya I.P. Kultura kochevnikov yuzhnorusskikh stepei v gunnskuyu epokhu (konec IV-V vv.). – SPB., 1994.

Zaseckaya I.P. Zolotye ukrashenia gunnskoi epohi. Police materials osogbo kladovoi Gos. Ermitazha. – L., 1975. Klyashtorniy S.G. Gunnskaya derzhava named Vostoke ( III v. Do n.e. – IV v.  N.e) // Istoria drevnego more. I'd. 3-e. Upadok drevnikh obshestv. – M., 1989.

Kradin N.N. Imperial khunnu. – M., Logos, 2002.

Masanov N.E. Kochevaya civilizacyia kazakhov (osnovy zhiznedeyatelnisti nomadnogo obshestva). A., Socinvest. – M. Gorizont, 1995.

Nikonorov V.P. Voennoe delong evropeiskih gunnov v svelte dannyh greko-latinskoi pismennoi tradicii // ZVORAO. N.S.T.I (XXVI). – 2002.

Rybakov B.A. Yazychestvo drevnei Rusi. – M.: Nauka, 1987. – 30-35 bb.

Materialy po istorii suyunnu ( po kitaiskim istochnikam). Vyp.I Vved., per. komment. B.S. Taskina. – M., Nauka, 1968.

Khudiyakov Yu.S. Vooruzhenie centralnoaziatskikh kochevnikov v epohu rannego I razvitogo srednevekovya. – Novosibirsk, 1991.

Khudiyakov Yu.S. Vooruzhenie srednevekovykh kochevnikov Yuzhnoi Sibiri I Centralnoi Azii. – Novosibirsk, 1986.

Flavius Vegetius Renatus. Epitoma Rei Miliraris/r Ed. With an English Translation by L;F. Stelten.New York; Beru;Frankfurt am Main; Faris 1890.

Werner J. Beitzage jur Archaologie des Attila – Reiches Munchen. – 1956.



[1] Ордос – Ішкі Моңғолиядағы жер аты, үстіріт деген мағынада қазір біраз қазақ жазушылары мен тарихшылары гун ордасы деп айтып жүр.

[2] Иншан – Қытай жылнамаларында Пекиннен бір күншілік  Қытай қорғанының сыртындағы жер.

[3] Балалардың шыбықты ат қылып мініп, атша кісінеп ойнауы, қой, қошқар мініп, талдан садақ иіп тартуы қазақ, қырғыз, моңғол балаларында күні кешеге дейін болды емес пе.

[4] Қазіргі садақ жасайтын жапон фирмасы ғұндардың әдісімен жебелерге бүркіт қауырсынын қолданады.

[5]Қазіргі монғол халқының арғы тегі

[6] Ғұндардың басты кәсібі жауынгерлік, сондықтан кім жақсы төлесе, соған жалдамалы әскер болған. Бұл оқиға Рим императоры Гоноридің готтарға қарсы 300 ғұн әскерін жолдан алған кезінде өткеноқиға. Ғұндардың басқа елге жалдануына Атилла тиым салған.

МРНТИ 03.20:03.09.25

КОННИЦА ГУННОВ

Тоқтабай Ахмет Уалханулы¹

¹Доктор исторических наук, профессор, ГНС. Институт истории и этнологиии имени Ч.Ч. Валиханова, г. Алматы. Казахстан.

Аннотация. Статья посвящена происхождению тюркских народов, происхождению кочевых гуннских племен, их экономике, быту, культуре, боевым искусствам. Известно, что гунны впервые в истории сформировали конские войска и широко использовали ее на войне. Взаимодействие между гуннскими племенами и китайцами отражено в исторических данных и казахских этнографических материалах. Впервые китайские императоры взяли конскую культуру у гуннов и, благодаря офицерам гуннов, получили кавалерию. В то время, по приказу китайского императора, люди были одеты в гуннские одежды, носили брюки и камзолы, которые были компактны при езде на лошади. Впервые в мире гунны изобрели лук со свистящей пулей с очень сложной конструкцией, сапожки насадочные утепленные и верховую сбрую. Благодаря конным войскам гунны отправились в Центральную Азию до Европы и разгромили государства рабовладельцев. В то время конная культура гуннов существовала на очень высоком уровне.Автор приводит удивительное сходство экстерьера гуннских и казахских лошадей. Впервые делается попытка раскрыть этимологию слова «Аттила». Автор на основе казахских этнографических материалов делает следующий вывод: «Аттила» является вторичным именем происходящим от тюркского «аттылы» - всадник, которое отражает высокий социальный статус либо указывает на обширные завоевания (частые военные походы).

Ключевые слова: Ордос, гуннский лук, пули со свистком, Великая китайская стена, дуньхуа, Иордания, Каталаун, Аттила, Вегеций, гуннский конь.

IRSTI 03.20:03.09.25

CAVALRY OF THE HUNS

Toktabay Akhmet Ualkhanuly¹

¹Doctor of Historical Sciences, Professor. Ch. Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology. Almaty, Kazakhstan

Annotation: The article is devoted to the origin of the Turkic peoples, the origin of nomadic Huns tribes, their economy, life, culture, and martial arts. It is known that for the first time in history, the Huns formed mounted troops and widely used it in war. The interaction between the Huns tribes and the Chinese is reflected in historical data and Kazakh ethnographic materials. For the first time, the Chinese emperors took horse culture from the Huns and, thanks to the officers of the Huns, received cavalry. At that time, by order of the Chinese emperor, people were dressed in Hun clothes, wore trousers and coats, which were compact when riding a horse. For the first time in the world, the Huns invented a bow with a whistling bullet with a very complex design, attachment boots and riding harnesses. Thanks to the mounted troops, the Huns went to Central Asia to Europe and defeated the slave States. At that time, the horse culture of the Huns existed at a very high level.The author presents the surprising likeness of exterior of Hun and Kazakh horses. For the first time there is made an attempt to reveal etymolody of  the word «Attyla». On the basis of Kazakh ethnographic materials tne autnor concludes the following: «Attyla» is the second name coming from Turkic «ottyly» - horseman which reflects the high social status or poin5s to extensive conguests (often war marches).

Key words: Ordos, Huns bow, bullets with a whistle, the Great Wall of China, Dunkhu, Jordan, Catalown, Attila, Vegetius, the Huns horse.

No comments

To leave comment you must enter or register