Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ «КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ» РӨЛІ

Толамисов Амангелді Ғабдылкәрімұлы

ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚ ДИАСПОРАЛАРЫНЫҢ ИНТЕГРАЦИЯСЫ ЖӘНЕ «КІШІ ҚҰРЫЛТАЙЛАРДЫҢ» РӨЛІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(21), 2020

Tags: этникалық саясат, репатриант, оралман, қазақтар, дүниежүзі қазақтары, құрылтай, кіші құрылтай
Author:
Аңдатпа: Бұл мақала Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған жылдарындағы ұйымдастырылған дүниежүзі қазақтарының құрылтайларының құрамдас бөлігі болып табылатын шетелдегі қазақтардың «кіші құрылтайларының» тарихи маңызы мен өту барысын зерттеуге бағытталған. Зерттеу жұмысы Еуропа қазақтарының құрылтайларының ұйымдастырылуы мен жүзеге асуының қысқаша тарихы мен олардың Дүниежүзілік құрылтайлармен тарихи сабақтастықтарын талдайды. Сонымен қатар, автор мақала соңында осы кіші құрылтайларға өзіндік тарихи бағасын береді.
Text:

МРНТИ 03.20.00

ИНТЕГРАЦИЯ КАЗАХСКИХ ДИАСПОР И РОЛЬ «МАЛЫХ КУРУЛТАЕВ»

Толамисов Амангельды Габдылкаримович

Кандидат исторических наук, и.о. ассоциированного профессора.

Жетысуский государственный университет имени И. Жансугурова.

Казахстан, Талдыкорган.

Аннотация:Данная статья направлена на изучение исторического значения и хода «малых курултаев» казахов за рубежом, которые являлись составной частью Всемирных курултаев казахов, организованного в годы независимости Республики Казахстан. В исследовании анализируется краткая история организации и проведения малых курултаев казахов Европы и их историческая преемственность со Всемирными конгрессами казахов. Кроме того, автор по окончании исследовательской работы дает оценку данным историческим событиям.

Ключевые слова: курултай, малые курултаи, казахи мира, репатриант, оралман, этническая политика, казахи.

IRSTI 03.20.00

INTEGRATION OF THE KAZAKH DIASPORES AND THE ROLE OF «SMALL KURULTAI

TolamissovAmangeldiGabdylkarimuly

Candidate of Historical Sciences, Associate Professor.

Zhetysu State University named after I. Zhansugurov.

Taldykorgan, Kazakhstan. 

Abstract:This article is aimed at studying the historical significance and progress of the «Small Kurultais» of Kazakhs abroad, which were an integral part of the Kurultais of World Kazakhs, organized during the years of independence of the Republic of Kazakhstan. The study analyzes the brief history of the organization and conduct of small Kurultais of Kazakhs of Europe and their historical continuity with the World Congresses of Kazakhs. In addition, the author, upon completion of the research work, gives an assessment of these historical events.

Key words: kurultai, small kurultais, the World Kazakhs, repatriate, oralman, ethnic politics, Kazakhs.

Кіріспе. Кеңес Одағының ыдырауы саяси-экономикалық өзгерістермен қатар әлеуметтік-мәдени, этникалық саясатқа да жаңашылдықтар әкелді. Үлкен бір одақтан бөлініп, өз алдына жеке мемлекет болып қалыптасу барысындағы республикалар ендігі кезекте өздерінің ішкі-сыртқы сасаттарын анықтауға кірісіп кетті. Осы ретте бұрынғы кеңестік елдер, соның ішінде, әсіресе, Орталық Азиядағы мемлекеттер ұлттық бірегейліктің жаңа жолы – «мемлекет құраушы ұлтты» айқындады. Осыған байланысты мемлекет құраушы ұлтқа ғана тән тіл мен дәстүрді, тарихы мен мәдениеті сияқты ерекшеліктерге заңды статус беру бойынша «мемлекеттендіру» саясаттары жүргізілді. Алайда аймақтағы елдердің бәрі (Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан) бұл кезде жаңадан тәуелсіздіктерін алған, көпэтносты мемлекеттер болды. Ал мемлекет құраушы ұлттың ерекшеліктері, мемлекеттік атрибуттары жоқ халықтардың барлығы этникалық азшылықтар қатарына жатқызылды.

Осындай геосаяси өзгерістердің нәтижесінде Орталық Азия халықтарының санасында да трансформациялар орын алды. Олардың «Отан», «Тарихи Отан», «Шет ел» деген сияқты ұғымдарға қатысты көзқарастары өзгере бастады. Бұл ұғымдардың өзара қатынастары анықталып, бұрындары кеңестік кезеңде болмаған немесе аса мән берілмеген қырлары мен өзара шекаралары халықтың сана-сезімдерінде айқындала бастады. Осыған байланысты аймақтағы мемлекеттерде өздерінің этникалық саясатының бағыттарын анықтағанда мемлекет құраушы ұлты, басқа этникалық топтары мен көршілес елдердің азаматтары болып табылатын өздерінің диаспоралары немесе ирреденталарының да мүдделерін ескеру қажеттілігі туындады.

Осылайша Қазақстан Республикасы өзінің тәуелсіздігін жариялаған соң этникалық саясатты да басты назарға алды. Алматы, Түркістан және Астана қалаларында бес мәрте Дүниежүзі қазақтарының құрылтайларын өткізді. Әлемнің әр түкпірінен келген қазақтары осы ұлттық жиналыста бас қосты, сағыныштарын білдіріп, арман-мұраттарын айтты, мақсат-тілектерін жеткізіп, қазақ елі мен шет елдегі қазақтар бір-бірімен қауышты.

Қазақстанда ұйымдастырылған Дүниежүзі қазақтарының құрылтайлары қазақ халқының өміріне елеулі өзгерістер алып келгені анық. Бұл жиындар қазақ диаспораларын біріктіруде өте маңызды құралға да айналды. Әлем қазақтары бір-бірін танып, етене араласуға мүмкіндік алды. Кеңестік кезеңнен кейін барша қазақтарды біріктіріп, ұлттық сана сезімге бір серпіліс берді. Осы серпілістің әсерінен дүние жүзіндегі қазақтардың өзара интеграциясы да қарқынды жүре бастады. Сондай айтулы өзгерістердің біріне – алдымен Еуропа қазақтары арасында басталып, кейіннен басқа да ТМД мен алыс-жақын шетелдегі қазақтар бірлесіп, Қазақстан жерінен тыс аймақта ұйымдастырылатын «кіші құрылтайларды» жатқызуға болады.

Әдетте құрылтай мәселесін қарастырғанда барлық назар қазақтардың дүниежүзілік құрылтайларына ауатыны айдан анық. Сол себепті де кіші құрылтайлар сол мәселелердің көлеңкесінде қалып қоюда. Қоғамдағы қарапайым халықтың кәдімгі қабылдауында да, ғылыми айналымда да кіші құрылтайлардың қазақ диаспораларының өзара интеграциялануындағы орны мен тарихи маңызы назардан тыс қалуда. Сондықтан да бұл мәселе осы зерттеу жұмысының өзектілігін құрайды.

Әдістер. Бұл тақырыпты зерттеу барысында автор хронологиялық принципті сақтай отырып, жүйелілік, жіктеу әдістерін де кеңінен қолданды. Зерттеу методологиясында проблемалық, тарихилық, объективтілік сияқты ғылыми таным принциптері мен жүйелеу, сыни-талдау әдістерін қолдану мәселені зерттеуде объективтілікке қол жеткізудің басты шарттары ретінде алынды. Аталған ғылыми-теориялық әдістер, концепциялар мен талдау проблеманы жан-жақты, терең қарастыруға, объективті тарихи қорытынды жасауға көмектесті. Еуропа қазақтары ұйымдастырған кіші құрылтайлардың ұқсастықтары мен ерекшеліктері салыстырылып, компаративтік анализ тәсілі қолданылды. Сонымен қатар кіші құрылтайлар мен Дүниежүзілік қазақтар құрылтайларының тарихи сабақтастықтары да жүйелілік принципте қарастырылды.

Нәтижелер. Бұл жиындар 1994 жылдан бері тұрақты түрде жыл сайын Еуропаның қалаларында өткізіліп келеді. Өзінің жұмыс жоспары мен шешетін мәселелері белгіленіп, тіпті, болашақта өтетін орындары да жоспарланған.

Ал, бұл кіші құрылтайлар қалай пайда болды деген сұрақ бізді 1992 жылғы Дүниежүзілік қазақтар құрылтайына апарады. Алматыда орын алған бұл құрылтайда Еуропалық қазақтар өзара байланыстарын орнатып, кейін олардың ынтымақтастықтары Еуропа елдерінде жалғасын табады.

Алғашында бұл ынтымақтастықтарды «құрылтай» деген категориямен сипаттауға келмейтін. Себебі ол кезде бұл басқосу жиындары тек еуропалық қазақ жастарының спорт фестивалінен бастау алды. 1994 жылы Германияның Мюнхен қаласындағы қазақ қоғамының басшылары Əбубəкір Мерген, Мұталла Ұлышай, Мұзаффер Ақтеңіз, Жұма Сауаш сияқты қазақ азаматтары Мюнхен қаласындағы қазақ жастарының футболға қатты қызығатынын ескеріп, осы қалада еуропалық қазақ жастары арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылар осы спорт шарасы арқылы қазақ жастарының бір-бірімен жақын араласуына жағдай жасауды көздеді. Тіпті, осы спорт фестивалінен соң қазақ жастары арасында некелескен жұптар да пайда болды: Кельн қаласындағы қазақ қыз бен Мюнхендегі қазақ жігіті отау құрды. Осылайша, еуропалық қазақтардың өзара интеграциясы осылай бастау ала бастады (Еуропадағы қазақтар...).

Кейіннен бұл бастама басқа еуропалық қалалардағы қазақтар арасында тез арада қолдау тауып, кейіннен аталмыш шара тұрақты түрде бола бастады. Тіпті, Қазақстандағы қазақтар да қатысуға ниет білдіріп, келесі 1995 жылы аталмыш шара Алматы қаласында ұйымдастырылды. Алайда, Алматыдағы жарыстан кейін бұл фестиваль 2 жылдай үзілісте болды.

Бұдан кейінгі осындай еуропалық қазақтардың бас қосуы 1997 жылы Стамбул қаласында орын алды. Бұл шараға қазақстандық және түркиялық ақын-жазушылар мен ресми өкілетті адамдар да қатысты. Артынша футбол жарысы арқылы еуропалық қазақтардың бас қосулары 1998 жылы Парижде, 1999 жылы Кельнде, 2000 жылы Амстердамда, 2001 жылы Париж қалаларында өз жалғастарын тапты. Яғни, сары құрлықтың түрлі мемлекеттерінде тұратын қазақтар футбол жарысын ұйымдастыру арқылы бір-бірлерін көруге, өзара мәдени-тілді байланысқа түсуге мүмкіндік алды (Еуропадағы қазақтар...).

Ал 2002 жылғы Кельн қаласында ұйымдастырылған еуропалық қазақтар арасындағы футбол жарысы ерекше оқиғаларға толы болды. Біріншіден, аталмыш жарыстардың ауқымы кеңейді. Шараға келіп қатысуға ниет білдірушілер саны әлдеқайда артты. Еуропалық қазақтардан бөлек, осы жарысқа Түркия мен Қазақстаннан барған командалар да қатысты. Екіншіден, бұл басқосулар Қазақстанның Еуропа елдеріндегі елшіліктерінің назарын аудартты. Қазақстанның Германиядағы елшісі В.Х. Ғизатов Елбасы Н. Назарбаевтың арнайы құттықтауын жеткізді. Оған қоса елшілік тарапынан бұл жарыстарға қатысты ақпараттық-мәдени қолдаулар көрсетіле бастады. Үшіншіден, футбол арқылы бұрындары талқыланып келген ұлт мәселелері ендігі кезекте бейресми формадан ресми сипат алып, қарастырылатын мәселелер де ауқымды бола бастады. Сондықтан да осы кезеңнен басталып бұл жиындар «құрылтай», «кіші құрылтай» деген сияқты атауларға ие бола бастады (Еуропадағы қазақтар...).

2003 жылы еуропалық қазақтар құрылтайы Швецияның Вестерос қаласында орын алды. Атап өтетін бір жәйт, бұл жиында Еуропа қазақ қоғамдарын басын қосып, жұмыстарын үйлестіріп отыратын арнайы федерация құралды. Оның төрағасы болып Кельн қазақ мәдениетінің төрағасы Әбдірахман Шетін болып сайланды.

Келесі Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы 2004 жылы 29 мамыр мен 2 маусым аралығында Берлин қаласында өтті. Бұл құрылтайға еуропалық емес Ресей, Монғолия, Қытай, Түрікменстан, Өзбекстан сияқты мемлекеттерден қазақтар да қатысты. Ал Қазақстаннан қатысқан делегаттар саны 105 адамды құрады (Мамыр айының аяғында...).

Ал 2005 жылы кіші құрылтай Париж қаласында болу керек болды. Алайда бұл шара Астана қаласында Дүниежүзілік қазақтардың ІІІ құрылтайы өтуіне байланысты 2006 жылға шегерілді. Бұл кездесуде де қазақ диаспораларының интеграциялануы жүзеге асырылды.

Бұдан кейінгі 2007 жылғы кіші құрылтай Германияның Мюнхен қаласында ұйымдастырылды. Бұл құрылтайға Германия, Франция, Австрия, Швеция, Дания, Ұлыбритания, Швейцария, Голландия, Түркия қазақтарынан бөлек, Германияда білім алып жүрген қазақ жастары да қатысты. Жиынға қазақстандық делегация да қатысып, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасының орынбасары Талғат Мамашев Елбасының құттықтауын жеткізді. Жұмыс барысында іскерлік, мәдени-спорттық байланыстар орнатылып, әлем қазақтары арасында тығыз қарым-қатынастар орнатылды (Встреча европейских казахов...).

2008 жылы Еуропа қазақтарының кіші құрылтайы Норвегияның астанасы Осло қаласында орын алды. Осы құрылтай барысында «Еуропа елдерінде тұратын қазақ диаспорасы жастарының ассимиляцияға ұшырау мəселелері жəне оны шешу жолдары» атты халықаралық дөңгелек үстел жұмысы қызу талқылау алаңына айналды. Сонымен қатар жиын соңында Швециядағы қазақ қоғамының төрағасы Ибраhим Қосшының шақыруымен қазақстандық делегация Вестеростағы қазақ ағайындарымен кездесіп қайтты (Ослода өткен...: 46-49).

Келесі 2009 жылғы кіші құрылтай Англияда орын алды. Өткізілу орны ретінде осы елдің астанасы Лондон қаласы таңдалып алынды. Елбасы Н. Назарбаевтың осы құрылтай жұмысына арнайы жолдаған Жолдауында: «Осыдан он жыл бұрын атажұрттарыңыз – Қазақстан Республикасының қолдауымен Германияның Кёльн қаласында бастау алған кіші құрылтайлар бүгінде Еуропада тұратын қандастарымыздың басын қосып, топтастыратын ауқымды іс-шараға айналды» деп атап кеткен болатын (Балтабаева, 2012: 236). Еуропалық 12 мәдени орталықтан келген қазақтардан басқа бұл жиынға Қазақстан, Ресей мен Моңғолия қазақтарынан бөлек, тіпті, Йордания корольдігі мен Сингапур қазақтарынан барлығы 1000-нан астам делегат қатысты (На Малый курултай...). Бұл құрылтайдың басты жаңалығы – Еуропа қазақ қоғамдары федерациясы ресми статусқа ие болды, заңнамалық негіздерін әзірледі. Тағы бір атап өтетіні, бұл құрылтайды ұйымдастыруға Лондон қаласы әкімшілігі көмектесіп, тіпті, жиын жұмысына Ұлыбританияның Парламентінің қауымдар палатасының мүшесі лорд Фрейзер мырза да қатысты.

Лондондағы құрылтайға қатысқан Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының төрағасының бірінші орынбасары Т. Мамашев еуропалық қазақтарға қатысты проблеманы айтты: «Еуропалық қазақтарды экономикалық мәселелер толғандырмайды. Олардың проблемалары – рухани мәселе» деп атап, Қауымдастық тарапынан барынша жағдайлар жасалатынын айтты (В Лондоне прошел...).

Бұдан кейін де кіші құрылтай географиясы кеңейе берді. Осылайша 2010 жылы бұл жиын алғаш рет Австрия астанасы Вена қаласында ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасының Австрия Республикасындағы Елшілігінің арнайы ұсынған мәліметтеріне сәйкес бұл Венадағы бас қосуға Австрия, Германия, Ұлыбритания, Швейцария, Швеция, Дания, Франция, Финляндия, Норвегия, Нидерланды, Түркия мен Моңғолия қазақтарынан бөлек, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының ресми делегаттары, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылары, «Caspionet», «Қазақстан» телекомпаниялары мен «Қазақ радиосы», «Казинформ», «Казахстанская правда» және австриялық «Ди пресс» мерзімдік басылымдарының журналистері мен түсіру топтары қатысты. Жалпы құрылтай жұмысында 900-950 адам белсенділік танытып, қатысты.

Ұйымдастырылған «дөңгелек үстелдер» барысында еуропалық қазақ қоғамдары мен қазақстандық делегация Еуропадағы қазақ бірлестіктеріне қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен ЕуроОдақ елдерінің байланыстары, еуропалықтарға қатысты Қазақстанның визалық саясатына қатысты мәселелер анықталып, шешу жолдары іздестірілді (Балтабаева, 2012: 243-244).

2011 жылғы кіші құрылтай Швецияның Вестерос қаласында орын алды. Бұл құрылтайға да Еуропа қазақ қоғамдары мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары С. Балғабаев бастаған қазақстандық делегация қатысты. Осы жиынға қатысты швециялық қазақ қоғамының белді мүшесі И. Құсшы: «Қазіргі кезде Швецияда Қазақстанның елшілігі немесе консулдығының болмауына байланысты қауымдастығымыз бұл жұмыстарын бейресми түрде жалғастыруда. Қауымдастығымыз, мəселен түрік елшілігімен жəне Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығымен ынтымақтастық аясында семинарлар мен курстар, түрлі мəдени шаралар өткізуде. Швециядағы Қазақ қауымдастығы Вестерос қаласында орналасқан басқа мемлекеттердің қауымдастықтарымен мəдени іс-шараларды жүргізе отырып, өзіміз өкілдері болып табылатын Қазақстан жəне Түркияны Еуропа жұршылығына танытып, мемлекеттеріміздің ұлттық тағамдарын, киімдерін шетелдік достарға көрсетіп, былай қарағанда елшіліктің мəдени, рухани тыныс-тіршілігі міндетін атқарудамыз» деп атаған болатын (Балтабаева, Қоңырбаева, 2012: 232-234).

Ал 2012 жылдың 25-27 мамыр күндері Дания корольдігінің Орхус қаласында Еуропа қазақтарының келесі кезекті кіші құрылтайы өтті. Бұған 10 мемлекеттен барлығы 350 адам қатысты. Орхус қаласының таңдалып алынғанының өзі кездейсоқ емес. Себебі бұл қалада ХХ ғасырда Ауғанстаннан Данияға қоныс аударған қазақтардың 50-ге жуық ұрпақтары тұратын. Сондықтан Орхус қаласы құрылтай өткізуге лайық деп шешілді.

Бұл құрылтайдың басты ерекшелігі – Елбасы Н.Ə. Назарбаевтың Дүниежүзі қазақтарының IV Құрылтайында берген тапсырмасы бойынша кіші құрылтайға алғаш рет алғаш рет «Самұрық-Қазына» Ұлттық əл-ауқат Қоры демеушілік көрсетуі болды (Балтабаева, Қоңырбаева, 2012: 4). Сонымен қатар осы жиын барысында қазақ диаспораларының басты мәселесі – тілдік-мәдени байланысқа баса назар аударылды, Қауымдастық тарапынан ақпараттық-мәдени қолдаулар көрсетілетіні туралы айтылды. Осы мақсатпен, құрылтай кезінде еуропалық қазақ жастары арасында «Қазақ тілін білесің бе?» атты байқау ұйымдастырылып, 40-қа жуық қатысушылар арасында үздіктерді анықтады (Балтабаева, Қоңырбаева, 2012: 283). Қазақстаннан арнайы барған Қыдырәлі Болманов, Қарақат Әбілдина, «Қоңыр» тобы сияқты өнер майталмандары шетелдік қазақтарға тарихи-ұлттық мотивтегі концертті ұсынды.

Ал Еуропа қазақ қоғам федерациясының төрағасы Абулқаюм Кесижи құрылтайда сөйлеген сөзінде: «ағылшынша, французша өлең-жырлар жазатын жастарымыз шығып келеді; ол шығармалардың тілі басқаша демесеңіз, жаны қазақша – соларды аудартып, Қазақстанда бастыру қолға алынса» деген ұсынысын білдірді (Даниядағы дүбірлі жиын...).

2013 жылы кезекті кіші құрылтай Париж қаласында ұйымдастырылды. 18-19 мамыр аралығында Францияның астанасында өткен бұл құрылтай да еуропалық қазақ жастарының болашағына қатысты, олардың ана тілінің тілдік қолданыс аясын кеңейту бойынша жағдайлардың жасалынуын қозғады. Ал келесі 2014 жылғы құрылтай Германия астанасы Берлинде өтіп, 10 мемлекеттен келген 350-дей қазақ азаматтар қазақ диаспораларының өзекті мәселелерін талқылады (Сотрудничество в области культуры...).

2015 жылғы кіші құрылтай Голландияның астанасында өтті. 23-24 мамыр күндері Амстердамда өткен бұл құрылтай жан-жақтан 2000-нан астам қазақты жинады. Жұмыс барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында еуропалық қазақтар арасында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениеті мен тарихы, салт-дәстүрлер бойынша өзара байқаулар ұйымдастырылды (В Амстердаме прошел...). Осы құрылтай соңында барлық қатысушылар келесі жылғы жиынды Кельн қаласында өткізуді ұйғарды.

Осылайша 2016 жылғы кіші құрылтай 14-15 мамыр күндері Германияда орын алды. Кельнде өткізілген бұл жиында Еуропа мен АҚШ-тағы қазақтардан 2000-нан астам делегат қатысты. Құрылтайда көтерілген басты мәселе – жергілікті қазақ жастарына арналған қазақ мәдние орталығын ашу болды. Себебі германиялық қазақтар арнайы орталықтар арқылы рухани байып, ана тілін ұмытпауға болады деп сенді (Малый курултай казахов...).

Бұдан кейінгі 2017 және 2018 жылдарғы Еуропа қазақтарының кіші құрылтайлары сәйкесінше Мюнхен және Осло қалаларында болды. Ал 2019 жылы кіші құрылтай Мюнхен қаласында болды. Бұл жиындарда да қазақ диаспораларының бірігу процесі қарқынды жүріп жатты. Себебі осы Мюнхен қаласындағы кіші құрылтай барысында қазақстандық және шетелдегі қазақ кәсіпкерлері арасында бизнес-форум ұйымдастырылып, олардың болашақтағы серіктестік мәселелері талқыланды. Нәтижесінде тараптар өзара 8 меморандумға қол қойды. Еуропа қазақтарының өнімдері «Қазақ үйі» атты ұлттық бренд аясына оңтайластыру жолдарын қарастырды. Бұның бәрі шет елдегі қазақтардың өзара ықпалдастығы мен мәдени-тілдік қарым-қатынастарының нығаюына жол ашқаны айдан анық.

Сонымен қатар Еуропалық қазақтардың кіші құрылтайларының алдағы уақыттарға да жоспарлары анықталды. Мысалы, 2020 жылы құрылтай Вена қаласында өткізілу жоспарланса, 2021 жылы – Стокгольмда, ал 2022 жылы – Орхус қаласында ұйымдастырылу керек. Олардың өздерінің алдыға қойған мәселелері мен күн тәртібі алдын ала белгіленуде.

Бұл еуропалық қазақтардың құрылтайы осылайша 1994 жылдан бері жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Бастапқыда футболдан жарыс сипатында басталған бұл шара кейіннен Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығының құрамдас бөлігіне айналды. Еуропаның түрлі мемлекеттеріндегі қазақ диаспораларын біріктіруде ерекше рөлді атқарды.

Сондай-ақ тәуелсіздік жылдарында шетелдердегі қазақ диаспорасының біртұтастығы мақсатында, олардың қызметінің өзекті мəселелерін талқылауға арналған қазақтардың кіші құрылтайлары Моңғолияның Уланбатыр мен Баян-Өлгий аймақтарында, Түркияның Ыстамбұл қаласында, Орталық Азия, Иран, Ауғанстан қазақтарының кіші құрылтайы Тəжікстанның астанасы – Душанбеде, сондай-ақ, Мəскеу, Астрахань, Орынбор, Омбы, Самара, Түмен, Челябі, Қорған, Алтай Республикасы қазақтарының мəжілісі мен құрылтайлары өткізілді (Балтабаева, Қоңырбаева, 2012: 4).

Тарихи бастауын 1994 жылдан алатын кіші құрылтайлар осы уақытқа дейін Еуропаның түрлі қалаларында тұрақты түрде ұйымдастырылуда. Солардың ішінде Францияның астанасы Париж қаласы мен Германияның Мюнхен, Кельн қалалары ерекше белсенділік танытуда. Бұл қалаларда кіші құрылтайлар барлығы 3-4 реттен ұйымдастырылса, 2000-шы жылдардың басынан бастап тек қана батыс еуропалық қалаларда ғана емес, сонымен қатар Скандинав елдерінде де бұндай құрылтайлар ұйымдастырыла бастады. Швецияның Вестерос, Данияның Орхус деген қалаларындағы қазақ азаматтар осындай ерекше бастамаларды жүзеге асырып отырды.

Осылайша жыл сайын Еуропаның түрлі қалаларынды ұйымдастырылып отырған бұл кіші құрылтайлар уақыт өте келе өзінің ұйымдастырылу аясы мен тарихи маңызының ауқымы кеңейе бастады. Аймақтық этникалық жиындар ендігі ретте «кіші құрылтай» деген статусқа да ие болды. Тіпті, өзінің құрамы кеңейіп, қарастыратын мәселесі де барынша ауқымды бола бастады. Мұның бәрі, әрине, шет мемлекеттердегі қазақ диаспораларының өзара интеграцияға түсуіне бірден-бір себеп болды. Оған қоса, Қазақстан Республикасының саясатындағы шетелдік қазақ диаспораларының орнын айқындап берді. Мемлекеттік этникалық саясаттың негізін құрайтын кейбір нормативті-заңнамалық актілердің заңжобаларын әзірлеуде көмекші құрал да бола білді. Сондықтан да атауы «кіші» болса да, «үлкен» мәселелерді қозғайтын ашық алаңға айнала білді.

Қорытынды. Сонымен, егемендік алғаннан бүгінгі күнге дейін бес рет ұйымдастырылған Дүниежүзі қазақтарының құрылтайлары тәуелсіз Қазақстанның саяси-экономикалық, демографиялық, әлеуметтік-мәдени өмірінде ерекше рөл атқарды. Мемлекеттік этникалық саясаттың құрамдас бөлшегі ретінде құрылтай жұмыстары өзіндік тарихи маңызға ие болды.

Сонымен қатар, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайларының тәуелсіз Қазақстан мен қазақ диаспоралары үшін тағы бір тарихи маңызы – Еуропа мен Орталық Азия мемлекеттеріндегі қазақтардың «кіші құрылтайларының» шақырылуы болды. Бұл құрылтайлар Қазақстанда өткізілген бес құрылтайдың өзіндік жалғасы болды. Аймақтық сипаттарда орын алған аталмыш жиындардың жұмыс барысында да қазақтардың мәселелері көтерілді. Рухани мәселеден репатриацяға дейінгі проблемалар қарастырылды. Осы кіші құрылтайлардың кейбір өткір мәселелерінің қызу талқыға түсуі нәтижесінде үлкен құрылтайларға – Дүниежүзі қазақтары құрылтайларына негіз болды. Өзінің тарихи маңызы мен сипаты жағынан дүниежүзі қазақтарының бір-бірімен интеграциялануына өз септігін тигізді.

Осылайша, бұл шаралар, біріншіден, шетелдегі қазақтардың өзара интеграциялануы болса, екінші жағынан, Қазақстанда ұйымдастырылған Дүниежүзі қазақтарының құрылтайларының жалғасы іспеттес болды.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Балтабаева К.Н. Қазақ көші – қазақтың қауымдасуы: Қазақстан Республикасы Президенті Мұрағатының қорынан құжаттар жинағы (Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдығына арналған). – Алматы: Атажұрт, 2012. – 352 б.

Балтабаева К.Н., Қоңырбаева К.М. Қазақстан жəне шетелдегі қазақтар // Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толуына орай өткізілген Халықаралық ғыл.-практ. конф. «Этникалық қазақтардың репатриациясы Қазақстан мемлекеті көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретінде: жетістіктері, мəселелері жəне оларды шешу жолдары» материалдары (Алматы қ., 12 қазан 2012 ж.). – Алматы: Атажұрт, 2012. – 376 б.

В Амстердаме прошел 13-й курултай казахов // https://www.inform.kz/ru/v-amsterdame-proshel-13-y-kurultay-kazahov_a2779880

В Лондоне прошел традиционный малый курултай казахов Европы // https://www.zakon.kz/140300-v-londone-proshel-tradicionnyjj-malyjj.html

Встреча европейских казахов // http://daz.asia/ru/vstrecha-evropejskih-kazahov/

Даниядағы дүбірлі жиын // Алтын бесік. №1-2. – 2012. – 16-20 бб.

Еуропадағы қазақтар және олардың тарихы // https://www.trt.net.tr/kazakh/bag-darlamalar/2017/12/10/ieuropadag-y-k-azak-tar-zh-nie-olardyn-tarikhy-864356

Малый курултай казахов Европы собрал около 2 тыс. Участников // https://forbes.kz/news/2016/05/16/newsid_111859

Мамыр айының аяғында Берлинде өтетін дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайына Оңтүстік Қазақстан облысының өкілдері қатысады // https://kaz.caravan.kz/zhangalyqtar/mamyr-ajjynyng-ayaghynda-berlinde-otetin-duniezhuzi-qazaqtarynyng-kishi-quryltajjyna-ongtustik-qazaqstan-oblysynyng-okilderi-qatysady-33578/

На Малый курултай в Лондон приехали казахи даже из Сингапура // https://rus.azattyq.org/a/kurultay_kazakhov_Evropy/1743958.html

Ослода өткен Еуропа қазақтарының дəстүрлі кіші құрылтайы // Туған тіл. №1. – 2008. – 46-49 бб.

Сотрудничество в области культуры // http://www.botschaft-kaz.de/ru/index.php?option=com_content&view=category&layout=blog&id=4&Itemid=8

References:

Baltabayeva K.N. Kazah koshi – kazahtyn kauymdasuy: Kazahstan Respublikasy Prezidenti Muragatynyn korynan kuzhattar zhinagy (Duniezhuzi kazahtary kauymdastygynyn 20 zhyldygyna arnalgan) [Kazakh migration is forming Kazakh community: collection of documents from the archive of the President Of the Republic of Kazakhstan (for the 20th anniversary of the world Association of Kazakhs)]. – Almaty: Atazhurt, 2012. – 352 b. [in Kazakh]

Baltabayeva К.N., Konyrbayeva К.М. Kazahstan zhane sheteldegi kazahtar [Kazakhstan and the abroad Kazakhs] // Duniezhuzi kazahtary kauymdastygynyn kutlrganyna 20 jyl toluyna orai otkizilgen Halykaralyk gyl.-prakt. kof. «Etnikalyk kazahtardyn repatriatsiasy Kazahstan memleketi koshi kon sayasatynyn kuramdas boligi reting: zhetistikteri, maseleleri zhane olardy sheshu zholdary» materialdary (Almaty k., 12 kazan 2012 zh.). – Almaty: Atazhurt, 2012. – 376 b. [in Kazakh]

V Amsterdame proshel 13-y kurultay kazakhov [The 13th kurultai of Kazakhs was held in Amsterdam] // https://www.inform.kz/ru/v-amsterdame-proshel-13-y-kurultay-kazahov_a2779880[in Russian]

V Londone proshel traditsionnyy malyy kurultay kazakhov Yevropy [Traditional small kurultai of Kazakhs of Europe took place in London] // https://www.zakon.kz/140300-v-londone-proshel-tradicionnyjj-malyjj.html[in Russian]

Vstrecha yevropeyskikh kazakhov [Meeting of European Kazakhs] // http://daz.asia/ru/vstrecha-evropejskih-kazahov/[in Russian]

Daniadagy dubirli zhiyn [Great gathering in Denmark] // Altyn besik. No.1-2. 2012. – 16-20 bb.[in Kazakh]

Europadagy kazakhtar zhane olardyn tarihy [European Kazakhs and their history] // https://www.trt.net.tr/kazakh/bag-darlamalar/2017/12/10/ieuropadag-y-k-azak-tar-zh-nie-olardyn-tarikhy-864356[in Kazakh]

Malyy kurultay kazakhov Yevropy sobral okolo 2 tys. Uchastnikov [Small kurultai of Kazakhs of Europe gathered about 2 thousand participants] // https://forbes.kz/news/2016/05/16/newsid_111859[in Russian]

Mamyr aiynyn aiagynda Berlinde otetin duniezhuzi kazahtarynynkuryltaiynaOntustik Kazahstanoblysynyn okilderi katysady [Representatives of South Kazakhstan region will take part in the World Kurultai of Kazakhs in Berlin in late May] // https://kaz.caravan.kz/zhangalyqtar/mamyr-ajjynyng-ayaghynda-berlinde-otetin-duniezhuzi-qazaqtarynyng-kishi-quryltajjyna-ongtustik-qazaqstan-oblysynyng-okilderi-qatysady-33578/[in Kazakh]

Na Malyy kurultay v London priyekhali kazakhi dazhe iz Singapura [Kazakhs even came from Singapore to Small Kurultai to London] // https://rus.azattyq.org/a/kurultay_kazakhov_Evropy/1743958.html[in Russian]

Osloda otken Europa kazahtarynyndasturli kishikuryltaiy [The traditional European Kurultai of Europeans held in Oslo] // Tugan til. No.1. – 2008. – 46-49 bb.[in Kazakh]

Sotrudnichestvo v oblasti kul'tury [Cultural cooperation] // http://www.botschaftkaz.de/ru/index.php?option=com_content&view=category&layout=blog&id=4&Itemid=8[in Russian]

No comments

To leave comment you must enter or register