Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРДЕГІ ИСПИДЖАБ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ҚАЛАЛАР МЕН ЕЛДІМЕКЕНДЕР

Т.З. Қайыркен¹, З.С. Ильясова²

ҒТАМР 03.81.37 ОРТАҒАСЫРЛЫҚ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕРДЕГІ ИСПИДЖАБ ЖӘНЕ ОНЫҢ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ҚАЛАЛАР МЕН ЕЛДІМЕКЕНДЕР

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(21), 2020

Tags: Оңтүстік Қазақстан, ортағасырлық қалалар, араб географтары, саяхатшылар, жазбаша деректер
Author:
Аңдатпа: Мақалада VII ғасырдағы және одан кейінгі кездердегі Сюань Цзанның «Да Тан Сиюйцзи», Дао Суанның «Шицзя фанчжи», Оу Янсюдің «Жаңа Тан кітабы. Батыс өңір баяны», Ибн Хордадбехтің «Китаб әл-масалик уа-л-мамалик», Кудама ибн Жафардың «Китаб әл-хараж» және «Худуд әл-ʻалам»және Йақұл әл-Хамауидің «Муʻжам әл-булдан» қатарлы қытай және мұсылман авторларының деректері негізінде ерте және ортағасырлардағы Қазақстанның оңтүстік бөлігіндегі, әсіресе, Испиджаб және оның төңірегіндегі қалалар мен олардың орны, тарихы, арақашықтығы зерттелген.
Text:

МРНТИ 03.81.37

ИСПИДЖАБ И БЛИЗЛЕЖАЩИЕ К НЕМУ ГОРОДА И НАСЕЛЕННЫЕ ПУНКТЫ В СРЕДНЕВЕКОВЫХ ПИСЬМЕННЫХ ИСТОЧНИКАХ 

Т.З. Қайыркен¹, З.С. Ильясова²

Доктор исторических наук, профессор. ЕНУ им. Л.Н.Гумилева.

Казахстан, Нур-Султан. E-mail:kairkentz@mail.ru

Кандидат исторических наук, ассоц. профессор. ЕНУ им. Л.Н.Гумилева.

Казахстан, Нур-Султан.

Аннотация: В данной статье рассматривается история ранних и средневековых городов Южного Казахстана, в частности г. Испиджаб и близлежащие к нему городов, также место их расположения, расстояние между ними на основании китайских и мусульманских письменных источниках как Сюань Цзана «Да Тан Сиюйцзи», Дао Суана «Шицзяфанчжи», ОуЯнсю «Син Таншу Сиюйцзи», Ибн Хордадбеха «Китаб ал-масаликуа-л-мамалик», Кудамаибн Жафара «Китаб ал-хараж», «Худуд ал-ʻалам», «Муʻжам ал-булдан» Йакута ал-Хамави и др.

Ключевые слова: Южный Казахстан, письменные источники, средневековые города, арабские географы, путешественники.

IRSTI03.81.37

ISFIDJAB AND NEARBY TOWNS AND LOCALITIES IN MEDIEVAL WRITTEN SOURCES

Kaiyrken T.1, Ilyassova Z.S2

1 Doctor of Historical Sciences, Professor. L.N. Gumilyov Eurasian National University.Kazakhstan,Nur-Sultan.E-mail:kairkentz@mail.ru

2Candidate of Historical Sciences, Associate Professor.

L.N. Gumilyov Eurasian National University.Kazakhstan,Nur-Sultan.

Abstract: In this article, based on the works ofXuan Zang "Da Tang Хiyuji", Tao Xuan "Shijia Fanzhi", Ou Yangxiu "New book of TangXiyuji", Ibn Khordadbek "Kitab al-masalik ua-l-mamalik", Kudam Ibn Jafar "Kitab al-haraj", "khudud al-'alam", Yaqut al-Hamavi’s «Mu’jam al-buldan»and other Chinese and Muslim written sources  the early and medieval towns of southern Kazakhstan are studied, in particular Isfijab and nearby towns, their location, history and distance between them.

Key words: South Kazakhstan, written sources, medieval towns, Arabic geographers and explorers.

Кіріспе. Орта Азия ежелден өзінің табиғи қалпында адамзаттың өркениет ошақтарының бірі болып келді. Бұған оның әлемдегі түрлі өркениеттердің тоғысқан тұсына жайғасуы, қолайлы табиғи-жағырапиялық шарт-жағдайы әсер етті. Орта Азия, әсіресе оның оңтүстік бөлігіндегі ірі өзендердің (Әму, Сыр дариялары, Тарым бассейні) бойы, климаты қолайлы өңірлер ежелден диханшылықпен және малшаруашылығымен шұғылдануға өте қолайлы болып келді. Сол себепті, сонау ерте заманнан бастап бұл өңірлерде түрлі қалалар пайда болды. Қалалардың пайда болуымен қолөнеркәсібі және сауда-саттық істері өркендеді. Ақша айналымы жарыққа шықты. Мұның бәрі Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың дамуына оңды ықпал етті. Сол себепті әлемге әйгілі Ұлы Жібек жолының бойында ортаазиялық ежелгі Шаш, Сауран, Испиджаб, Яссы, Тараз, Баласағұн секілді қалалар өз рөлдерін сәулелендірді. Өкінішке орай, бұл қалалар туралы Араб және Қытай деректерінде соншама көп жазылғанына қарамастан, аталмыш қалалардың жайғасқан орны мен шаруашылық жағдайы, Ұлы Жібек жолындағы атқарған орны туралы зерттеулер тым қарқын алмай келеді. Біздің бұл мәселеге назар аударуымыз, біріншіден, қалалардың өзінің тарихи орнын, маңызын анықтау болса, екіншіден, бүгінгі таңда күннен күнге маңызы артып келетін Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту бағытындағы жобалар аясында көне қалалардың туристік инфрақұрылымды қалыптастырудағы маңызын арттыру болып табылады.

Әдістер. Қазіргі таңда тарих ғылымында ең өзекті болып отырған деректану және тарихнама және тарихи зерттеудің әдістемелері болып отыр. Бұл бағытта деректің рөлі бәрінен маңызды. Әсіресе, біз зерттеу нысаны етіп алған қалалардың орналасуы мен өзара байланысы, жалпы сауда мен мәдени қарым-қатынастағы рөлі арнайы деректерге сүйенеді. Сол үшін біз қытай және араб авторларының еңбегін салыстыра зерттедік. Бұл біздің осы бағыттағы енді ғана басталған жұмысымызға үлкен сенім ұялатады. Өйткені, қалалар мен елдімекендердің арақашықтығын, бағытын, олардың саяси-әскери және мәдени-шаруашылық әлеуетін айқындауға нақты сан-цифрлар негізінде мол мүмкіндік туғандай. Тағы бір маңызды мәселе, ерте заман адамдарының елдімекендер мен қалалардың арасын нақты өлшеп жүрмегендігі. Қытай немесе араб авторлары болсын, оның бәрін көз мөлшермен, күнмен, тәулікпен, немесе адам дауысы жететіндей мөлшермен есептегені белгілі. Қытайдың лиі мен арабтардың фарсах есебінің өзара байланысы да терең зерттеуді қажет етеді. Қытайдың ли есебі де ұдайы өзгеріп отырған. Мұның бәрін бір жүйеге келтіру, өзара байланысын, мөлшерін анықтау әлі де болса тиянақты, табанды зерттеулерді қажет етеді.

Талқылау. Бұл жұмыста біз тарихнамалық деректер мен фактілерді талдаудың «тарих және қазіргі заман» парадигмасына назар аудардық. Деректерді іріктеу мен салыстыру, нақты қашықтық пен деректегі қашықтыққа жүгіну принципін ұстандық. Ғылымдағы тарихилық, объективтілік және әлеуметтік қағидалармен қатар тарихи-салыстырмалы, нақты және логикалық талдау, ретроспективті, өзектілік, перспективтілік әдістері пайдаланылды.

Нәтижелер. VII ғасырдың басында Орта Азия мен Қазақстанның және Шығыс Түркістанның төңірегіндегі елдерге даңқы жайыла бастады. Шығыста жаңадан еңсе көтерген Таң империясының осы аймаққа қызығушылығы арта түсті. Сөйтіп, Таң мемлекетінің будда монағы, пірәдәр Сюань Цзан Қытайдан шығып, Үндістанға будда кітаптарын әкелуге бара жатқан жолында Батыс Түрік қағанаты үстемдігі астындағы Орта Азияны басып өтеді әрі Тоң Ябғұ қағанның қабылдауында болады. Оның жүріп өткен жолдары Ыстықкөл, Сұяб, Мыңбұлақ, Талас, Испиджаб, Нұжкент, Шаш, Самарқант, Шаһри-Сабиз, Темірқапық т.б. қалалар мен елдімекендер (Ван Чжилай, 2010:56). 657 жылы Таң империясы генерал Су Динфанды жіберіп Батыс Түркі қағанатын жаулап алды. Сөйтіп Орта Азияның Таң империясы үшін де, Араб империясы үшін де маңызы артты. Шығыс Түркістан мен Орта Азия аталған ірі елдердің талас аймағына айналды. Өйткені бұл өңір батыс пен шығысты тұтастыратын Ұлы Жібек жолының үстінде еді. Оның үстіне, жаратылыстық байлығы мол, мал шаруашылығы мен егін шаруашылығы, сауда-саттығы өркендеген аймақ болатын. VIII ғасырдың 40-жылдарында Орта Азия тарихында Араб халифаттарының алмасуы орын алды. Сонымен бірге, Тибет мемлекетінің ірге кеңейтуі де үлкен оқиғаға айналды (Ван Чжилай, 2010: 290). Бұл жағдай империялар арасындағы бәсекелестікті арттырды. Араб халифаты дәуірінде арабтардың Шығысты жаулап алуы, синкретикалық мұсылман мәдениеті мен ислам дінінің ықпал өрісін кеңейту ісіндегі белсенділігі, мұсылман дүниесінің саяси шекарасынан тыс жатқан алыс аймақтарымен сауданың дамуы арабтарды Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның көршілес елдері жайлы, алыстағы халықтар мен тайпалар туралы ақпарат жинауға құлшындырды. Арабтардың ортағасырлардағы тарихнамасының Қазақстан аймағына ерекше ден қоюы олардың Орта Азиядағы жаулап алған жерлерін нығайту және Қазақстанның көшпелі тайпаларынан сыртқы қауіпсіздікті қамтамасыз ету қажеттігімен де байланысты болды (Кумеков, Кумекова, 2010: 82-85).

IX ғ. көшпелі түркі тайпалары, арабтар жаулап алған Мауреннахрмен іргелес жатқан аймақтар бірте-бірте ислам дінін қабылдай бастады. Ал араб тарихнамасы мен география ғылымының гүлдену дәуірі де осы уақыт еді. Өйткені, араб халифаты басқа елдер есебінен ірі империяға айналғандықтан халифат құрамына кірген басқа халықтар, оның ішінде түркі тектес тайпалардың да тарихына, орналасу географиясына, шаруашылығы мен мәдениетіне араб ғалымдары тарапынан ерекше көңіл қойыла бастады.

VIII-IX ғғ. халифаттың дамуы мен нығаюында салық жүйеcіне байланысты, бірнеше мемлекеттік міндеттер тұрды. Әрине арабтар, қол астындағы халықтардың шаруашылық-қаржылық жүйесін негіз етіп пайдалануына болар еді. Дегенмен, жағдайдың өзгеруіне байланысты, заттай және ақшалай алынатын салық мөлшері, егін және өнеркәсіп шаруашылық өнімдері және аймақтардың бөлінуі, халық қоныстанған жерлер туралы нақты сенімді мәліметтер қажет болды. Сондай-ақ, маршуруттар мен пошта бекеттерінің арақашықтығы көрсетілген хабарламалар және бұдан өзге де нақты мағлұматтар бір орталықтан басқару жүйесі үшін қажет еді (Крачковский, 1957: 17).

Араб саяхатшыларының географиялық еңбектерінде де Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалалар, ауылдар және олардың тұрғындары, елді-мекендер туралы нақты құнды мәліметтер жазып қалдырды. Бұл жазбалар, ортағасырдағы Орталық Азия мен Қазақстанды мекендеген халықтардың тарихы мен мәдениетін зерттеуге үлкен үлес қосты. Араб географтары мен саяхатшыларының мағлұматтарының арқасында ортағасырлық қалалар, елді-мекендер, тайпа атаулары, жер атаулары, сауда жолдарының маршруттары, сол аймақтың шаруашылық және діни өмірі туралы мол мағлұматтар алынды (Қайыркен, Ильясова, 2019: 62). Ұлы Жібек жолының қазақстандық бөлігіндегі бірінші ірі қала Испиджаб болды, ал оған осы облыстың барлық жер-суы – шығыста Талас – Шуға дейін, солтүстік-батыста Сырдарияның орта ағысына дейін ұласып жатты. Ортағасырлық қалалар туралы нақты географиялық сипаттама берген араб саяхатшылары мен географтарының ішінен Ибн Хордадбех (ІХ ғ.), Йакуби (ІХ ғ.), Кудама ибн Жафар (Х ғ.), Ибн Хаукал (X ғ.), Худуд әл-ʻалам (Х ғ.) анонимі, әл-Мақдиси (Х ғ.), әл-Истахри (Х ғ.) және Йақұт әл-Хамауиді (ХІІІ ғ.) бөліп айтуға болады. Олар өз еңбектерінде Қазақ даласының жекелеген аймақтарында маңызды орын алған Қазақстанның оңтүстігінде – Испиджаб төңірегіндегі қалалар мен елдімекендерінің атаулары мен ара-қашықтығы, тарихы мен мәдени өмірі туралы құнды мәлеметтер көрсеткен.

Біз бұлар туралы тәптіштеп баяндамай тұрып, алдымен бұдан да ертерек хатқа түскен Қытай саяхатшысы Сюань Цзанның «Да Тан Сиюйцзи» (大唐西域记) атты жазбасындағы Испиджаб туралы мәліметке тоқталғымыз келеді. Қытай ғалымы Су Бэйхай өзінің «Қазақ мәдениетінің тарихы» атты еңбегінде Испиджабты қамтыған қалалар шоғырын ерте замандағы Қазақ даласының оңтүстік бөлігіндегі отырықшылық өркениеттің, қала мәдениетінің жарқын айғағы ретінде көрсеткен болатын (Су Бэйхай, 2001: 218). Ендеше, Сюань Цзан өзінің сол Испиджабқа қатысты жазбасында былай дейді: «Талас қаласынан оңтүстікке қарай оншақты ли келетін жерде Сяогу қаласы бар. Онда 300 түтіннен астам тұрғын бар. Олар негізінен Орталық патшалықтың (Қытайдың) адамдары еді. Бір заманда олар түріктерге тұтқынға түсіп, осында әкелінген. Кейін бірыңғай бауырластар қауымдасып, осы қаланы ортақ меншіктеніп, үй салып, баспана тұрғызып, біржолата қоныстанып қалған. Олардың киім киісі мен жүріс-тұрысы түріктермен бірдей. Алайда, тілі мен салт-дәстүрі әлі де сол Қытайдағыдай. Осы жерден оңтүстік-батысқа қарай 200 лиден астам жол жүрген соң, Ақсу (Байшуй) қаласына жеттік. Қаланың айналасы 6-7 ли келеді. Жергілікті өнімдері мол. Ауа райы жанға жайлы. Осы арадан тағы да оңтүстік-батысқа қарай 200 лидей жүргенде Кунгу қаласына жеттік. Қаланың айналасы 5-7 ли келетін аумақты алып жатыр. Бұл өңірдің жазық даласы да, ойпатты жері де ылғалды әрі құнарлы. Бәрі де нулы орманмен көмкерілген. Осы жерден оңтүстікке қарай 40-50 ли жол жүріп, Нужкент еліне жеттік» (Сюань Цзан(玄奘著), 1985.). Бұл жерде Талас немесе Тараз қаласынан оңтүстікке қарай жүргенде алдымен қытайлықтар мекендейтін Сяогу қаласының бар екені тілге тиек етіледі. Бірақ бұл қаланың орны әзірге дейін анықталған жоқ. Одан оңтүстік-батысқа қарай 200 ли жүргенде Ақсу (Байшуй白水城) қаласына жетуге болатыны айтылған. Байшуй қытайша ақсулы қала дегенді білдіреді. М. Қашқаридің «Түркі тілдері сөздігінде» бұл қала Испиджаб деп аталады. Соғды-парсы тілінде оның мағынасы тағы да «ақ су» дегенді білдіреді. Қытайдың «Юань хандығы тарихында» аталмыш қала Сайланчэн (赛蓝城), яғни Сайрам қаласы деп қатталған (Еженханұлы, 2005: 37).

Енді осы Испиджаб қаласына қатысты араб тіліндегі деректерге назар аударып көрейік:

Ибн Хордадбехтің деректері (ІХ ғ.): ...Шаштан Илақ пен Баланканактағы күміс кеніне (ма‘дан әл-фиддаға) дейін 7 фарсах, содан кейін [Шаштан] темір қақпаға (Баб әл-хадид) дейін 2 миль, содан кейін Күбалаға дейін 2 фарсах, содан кейін Ғаркардқа дейін 6 фарсах, содан кейін Исбижабқа дейін дала арқылы 4 фарсах. Жалпы Шаштан Испиджабқа дейін 13 фарсах.

Содан кейін Шарабқа дейін 4 фарсах, содан кейін Бадухкетке дейін 5 фарсах, содан кейін Тамтажға дейін 4 фарсах, содан кейін Абаражға дейін 4 фарсах, содан кейін өзен бойындағы тұраққа (станса) дейін 6 фарсах. Абаражда дөң бар, ол дөңнің айналасында мың бұлақ бар, ол [өзен пайда болып] шығысқа қарай ағады. Баркуаб деп аталады яғни теріс аққан су деген мағынады. Бұл жерде қара бұлдырықты аулауға болады. Содан кейін ол су арқылы өтіп Жуикетке дейін 5 фарсах, содан кейін Таразға дейін 3 фарсах. Жалпы Испиджабтан Таразға дейін 26 фарсах (Ильясова, Ораз, 2016:19).

Кудама ибн Жафар (ІХ ғ.): ...Шаш қаласынан қорған ішіндегі әскери бөлімге дейін екі фарсах, ол жерден Ғаркардқа дейін бес фарсах, Ғаркардтан Исбишабқа дейін дала арқылы төрт фарсах, Исбишабтан Шарабқа дейін Мауа мен Йуран деп аталатын үлкен екі өзен ағып жатқан дала арқылы төрт фарсах, Шарабтан Бадухкатқа дейін құдық арқылы төрт фарсах, Бадухкаттан Тамтажға дейін құдық арқылы бес фарсах. Тамтаж далалы жерде орналасқан, онда үлкен өзен мен қамыс бар. Тамтаждан Абаржажға дейін төрт фарсах. Абаржаж – бұл бір үлкен дөң. Айналасында шығыс жаққа қарай ағып жатқан өзенге құятын мың бұлақтың көзі бар. Аталмыш өзен Баркуаб деп аталады, яғни «теріс аққан су» деген мағынада (Ильясова, Ораз, 2016: 28).

Испиджабқа жақын жерде, одан Шашқа баратын жолдың бойында Ғазкирд қаласы жатқан. Орта ғасырларда жол Тұрбат асуынан өтіп, Сайрамға барған. Қазіргі Шарапхана ауылының аумағынан VII-X ғасырларда болған қаланың жұрты табылды, Газгирд деуге болады. Ертедегі Газгирд топонимінің қазіргі Қазығұрт атауында сақталып қалған болуы мүмкін. Ташкент пен Шымкент арасындағы тау сілімдері солай деп аталады, қаланың қираған жұрты соның етегінде жатыр. Испиджабтың шығыс жағында Шарап, Будухкет, Тамтаж, Абараж және Жувикат қалалары мен елді мекендері болған. Шарапқа Төрткөл Балықшы, Будухкетке, Қазатлық (ІХ-ХІ ғғ.) қалаларының жұрты сай келеді. Будухкас – Қазатлық Түлкібас ауданының орталығы Тұрар кент селосының батыс жағында – Құлан өзенінің Арысқа құяр сағасында жатыр. Тамтаж бен Абараж керуен сарайлар болса керек (Ақышев және т.б. 2010:351; Байпаков, 1977: 81-92) Ал, В.В. Бартольд Тамтажды Арыс өзенінің сол жағалауындағы Түлкібаспен, ал Абаражды Шақпақ маңындағы Мыңбұлақпен сәйкестендіреді.

Ибн Хордадбех пен Кудама ибн Жафардың «Аталмыш өзен Баркуаб деп аталады яғни «теріс аққан су» деген мағынада»,-деген мағлұматындағы Баркуаб –Теріс өзені. Бұл бүгінде Жамбыл облысының Жуалы ауданының жеріндегі Шақпақ-ата, Шоқпақ өңірінен бастау алатын Теріс өзені. Бұл өзен бұрындары шығысқа қарай ағып Талас өзеніне құятын. Осы өзеннің бастау алатын жерлері де ертеде Қытай дерегінде Мың бұлақ (Цяньчуань-千泉) деп аталған (Қайыркен, Ильясова, 2019: 63).

«Худуд әл-ʻалам» еңбегінде арнайы (Х ғ.) «Мауараннахр елі мен ондағы қалалар жайында» деген бөлімінде мынандай мәліметтер бар.

Исбиджаб – мұсылмандар мен кәпірлердің арасындағы шекарада орналасқан аймақ. Жері кең, гүлденген. Түркістан шекарасында. Түркістаннан тасымалданатын нәрсенің барлығы осы аймаққа келеді. Мұнда қалалар, елді-мекендер, қыстақтар көп. Бұл аймақтан иленген мал терілері мен қойлар тасымалданады. Бұл аймақтың орталық қаласы Исбиджаб деп аталады. Үлкен, табиғи бай қала. Мұнда сұлтанның ордасы орналасқан. Сондай-ақ бұл қалада тұтұнатын бұйымдар көп. Бұл қалаға әр жерден саудагерлер жиналады.

Содан кейін Саникас, Будахкас, Суткент және Бараб қалалары туралы жазады.

«Исбиджаб пен өзеннің арасы жайылып жүрген малға толы. Ол малдардың жартысы Исбиджабқа, ал бір жартысы Шаш, Бараб, Кенжидеге тиесілі. Аталмыш аймақта мұсылман болған ашина түркілерінің мың киіз үйлері бар» (Ильясова, Ораз, 2016:30).

ХІІІ ғасырда өмір сүрген араб географы Йақұт әл-Хамауидің «Муʻжам әл-булдан» еңбегінде Испиджаб деп аталатын көлемді мақаласы бар. Йақұт әл-Хамауи жоғарыда аталған өзіне дейінгі авторлардың еңбектерін пайдаланады, сонымен бірге өзі өмір сүрген дәуіріне қатысты аутентивті мағлұматтар да қосада. Йақұттың өз заманындағы оқиғалардан нақты мағлұмат беретін мақаласы «Испиджаб».

Мақаланың басында Йақұт Испиджабтың орналасуы туралы мәліметтер келтіреді. «Испиджаб – Түркістан шекарасындағы Мауараннахрдың атақты қалаларының ішіндегі үлкен қаланың аты. Оның кең аумағы мен көптеген қала тектес ауылдары бар. Және де ол бесінші ықылымда. (Оның) бойлығы 98°10´, ал ендігі 39°50´-тең» (Көмеков, Ильясова 2011: 179-180). Осындағы Түркістан атауы алғаш рет парсы әдебиетінде ҮІ ғ. қолданылып, Амудариядан солтүстіктегі тарихи-географиялық аймақты білдірген. Орта Азияда, нақтырақ айтсақ, Әмудария мен Сырдария өзендерінің аралығында араб халифатының саяси билігі орнап және ислам діні мен мәдениетінің таралуына байланысты Түркістан аймағы туралы бұрынғы мағлұматтар өзгеріске ұшырады. ҮІІІ ғ. ортасында Келес даласы арқылы Сырдарияның жағалауынан тауларға дейін дуалдар соғылып, ол мұсылман иеліктері мен Түркістан арасындағы шекара болып есептелді. Бірте-бірте Отырар, Шауғар, Испиджаб, Тараз сияқты түркі қалалары Түркістан шекараларындағы бекіністерге айналды (Көмеков, 2002: 14). Йақұт мәліметінде Түркістан аймағындағы Испиджаб Мауараннахрға географиялық тұрғыда емес, саяси тұрғыда қосылған қала ретінде қолданылып тұр. «Оның кең аумағы мен көптеген қала тектес ауылдары бар» – деген сөйлемді Йақұттың өзі қоса отырып, Испиджабтың қала ғана емес, сол кездегі үлкен облыс орталығы екендігін нықтай түседі.

Испиджабтың координаты туралы деректерді ол әл-Хорезмидің (ІХ ғ.) «Китаб сурат ал-ард» еңбегінің негізінде келтіреді. Әл-Хорезми Испиджабтың бойлығы 92°10´ деп береді, ал Сухрабтан (Х ғ. бірінші жартысы) бастап бұл мәлімет 98°10´ нұсқасында кездеседі (Көмеков, Ильясова 2011: 1690).

Одан әрі «Ол топырағының құнарлылығы, ағын сулары, ағаштары және гүлденген бау-бақшаларымен Аллаға жаққан ең таза, кең және көп қоныстанған елдімекен болды. Хорасан мен Мауараннахрда Испиджабтан басқа салық төлемейтін қала болмады, өйткені ол үлкен шекаралық бекініс еді» деген Йақұттың осы мағлұматтарына мазмұны жағынан жақын деректерді Ибн Хаукал мен Истахри де айтады. Ибн Хаукал «оның рабады бау-бақшалы және сулы. Оның құрылыстары саздан» деп жазса, әл-Истахри «(қала) құрылыстары саздан, оның базарлары асып-төгілген, ол жемістерге бай, онда астық мол және түрлі пайдалы заттар көп» (Көмеков, Ильясова 2011: 170) деп жазады.

Келесі сөйлемді Истахри «Мауараннахрда Испиджабтан өзге харадждан босатылған қала жоқ. Оның төңірегінде қалалар мен елді мекендер мол» деп жазса, Ибн Хаукал «Бұл адамдары мол және ауқымды қала, бүкіл Хорасан мен Мауараннахрда Испиджабтан өзге харадждан босатылған қала жоқ» деген мәтінде береді. Ибн Хаукал әл-Истахридің дерегіне Хорасанды қосады. Йақұт одан әрі бұл деректерді «үлкен шекаралық бекініс еді» деген мәліметпен толықтырады да «сол елдің халқы салықтың (ақшасын) құнын қару-жарақ сатып алып, жер өңдеулеріне жұмсау үшін босатылғандығын» айтады. Йақұт дерек көздері авторларының мәліметтеріне мәтіндік-салыстырмалы талдау жасау арқылы олардың хронологиясын айқындауға мүмкіндік аламыз. Жоғарыдағы екі автордың деректеріне Испиджаб «үлкен шекаралық бекініс еді» - деп Йақұт қосқан мәліметті оның пайдаланған негізгі авторларының бірі ас-Самани (ХІІ ғ.) «Испиджаб – үлкен қала, шығыстағы қалалардың бірі, шекаралық түрік бекіністерінің бірі» деген мәтінде береді. Ас-Саманиден бұрын әл-Мақдиси 985 жылы құрастырылған еңбегінде Испиджабты «Бұл даңқты шекаралық бекініс және дін үшін соғысатын жер» деген мазмұнда жазады. Ал Йақұт мәтініне мазмұны бойынша барынша жақын деректі 891 жылы құрастырылған әл-Йақубидің «Китаб әл-булдан» еңбегінен кездестіреміз. Оның «Шаштан үлкен шекаралық Испиджаб бекінісіне дейін екі күндік жол» деген мәліметі хронологиялық тұрғыда ең бастапқы дерек деп білеміз. 840 жылы Испиджабты Саманилердің Самарқандағы билеушісі Нух ибн Асад (833-844) жаулап алғаннан кейін түріктердің шабуылынан қорғану үшін оны айналдыра қорған тұрғызуға бұйрық берген (Көмеков, Ильясова 2011: 170). Демек, Йакуби (ІХ ғ.) Нух ибн Асад әскерінің құрамында болған және оның бұйрығымен қорған тұрғызуға тікелей қатысқан куәгерлердің дерегіне сүйеніп, осындай мәліметті нық сеніммен жазады.

IX-X ғғ. аралығында Орта Азия, яғни Мауареннахр, ирандық билеуші әулет құрған қуатты Саманилер мемлекетінің құрамында болып келгені белгілі. Алайда Испиджаб Саманилерге сөз жүзінде ғана бағынышты болды. Солтүстік-батыста Сауранға дейінгі жерді, ал шығыста Талас аңғарын қамтыған Испиджаб аймағын бұрынғысынша түрік әулеті басқарды, оның маңызды артықшылықтары болды. Испиджабтың билеушісі өзінің Саманилерге бағынатындығын Саманилер сарайына алым-салықтың орнына сыйлық жөнелтіп, оған қоса 4 данак пен сыпырғыш жіберіп тұруымен білдіреді (бір данак 1/6 дирхемге тең) (Бартольд, 1963: 270).

Испиджаб көшпелі түріктерге ислам дінін таратудың тірегіне айналды. Саманилер өздерінің ықпалын бүкіл Испиджаб аймағына жүргізіп, оның халқы арасында мұсылман дінін орнықтыруға күш салды.

Испиджаб Қарахан мемлекеті кұрамына кіргенге дейін түріктер мен саманиліктер арасындағы әскери іс-қимылдардың үздіксіз шайқас алаңына айналған еді. Сол кезеңдерде Испиджабтың ислам елдеріне түрік-құлдарды жөнелтетін орын болуы кездейсоқтық емес (Байтанаев, 2013: 24).

Жоғарыдағы Қытай саяхатшысы Сюань Цзанның жазбасындағы Кунгу қаласы (恭御城) туралы тоқталайық: «Да Тан Сиюйцзиге» түсініктеме жазған Цзи Сянлинь бұл қаланы Сырдарияның бір тармағы болған Шыршық пен Ангрен өзендерінің бойында, араб географтары тілге тиек ететін Шаш-Илақ (Chach-Ilak) өңірінде дейді (Сюань Цзан (玄奘著), 1985: 50). Тарихшы Чжоу Лянкуань да бұл қаланы Шыршық өзені тарапта дейді (Чжоу Лянькуан(周连宽), 1984:97). Бұл екеуінде де Кунгу қаласын Испиджабтан бөлек жерде деп көрсетеді.

Дегенмен, Сюань Цзанмен замандас Дао Суанның «Шицзя фанчжэ» атты жазбасында Кунгу қаласын ғана тілге тиек етіп, Испиджаб туралы еш нәрсе айтпайды (Дао И (道宣), 1983: 22). «Жаңа Тан кітабы-Батыс өңір баянында» тек Испижабты ғана айтып Кунгуді ауызға алмайды. Сондықтан ағылшын T.Wattors «Да Тан Сиюйцзидің» ағылшынша аудармасына берген түсіндірмесінде Кунгу (қытайша Гунюй) сөзі түрікше «kuyu» (泉бұлақ) сөзінен келіп шыққан болуы мүмкін, қытайша 白(ақ) иероглифі мен 水(су) иероглифі тігінен жазылғанда бір иероглиф болып () жазылып кетсе керек дейді (Tohomas Wattors, 1904: 84). Олай болса, ол араб жазбаларындағы Испиджаб (ақсу) сөзімен бір мағынада болып шығады. Яғни, Кунгу мен Испиджаб бір жердің аты дейді (Tohomas Wattors, 1904: 84). Әрі ол екеуін де Шымкенттің шығысында 13 шақырым жердегі Сайрам қаласы дегенге меңзейді.

Дегенмен, қазақстандық зерттеушілердің еңбегінде Сюань-цзанның жазбасында кездесетін осы Гунюй/Кунгуй Арыс бойындағы Жуантөбе қалашығының орнына сәйкестендіріледі. Б. Байтанаевтың пікірінше Испиджаб солтүстігінде Отрар округімен емес, Кенжиде округімен шектеседі. «Шахнамадағы» Канга өзені Арыс, ал Жуантөбе – Арыс алқабындағы орналасқан Кунгуй дейді (Байтанаев, 2013: 60). Бірақ бұл Суанб Цзанның Үндістанға бағыт алған сапарының нақтылы маршрутымен толық сәйкеспейді.

Қарастырылып отырған кезеңдегі ірі қалаларға ортақ үлгіні біз әл-Мақдисидің (Х ғ.) Испиджаб қаласын сипаттағанынан көреміз. Онда рабад және елді мединасы бар. Ол жерде (мединада) жабық базарлар, кенеп мата базары және мешіті бар. Оның (медина) төрт қақпасы бар, әр қақпада рабад орналасқан, ол Нужикет қақпасы, Фархан қақпасы, Шакрана қақпасы, Бұхара қақпасы. Ал, рабаттар: Нахшабтықтар рабады, Бұхаралықтар рабады, Самарқандтықтар рабады, Қаратегин рабады болып төртке бөлінеді. Оның (Қаратегинның) қабірі сол жерде орналасқан. Әр айда түскен кірісінен 7000 мың дирһамды қайырымдылық ретінде пақыр жандардың нан-дәміне жұмсайтын базар бар. Бұл жерде [қалада] 1700 рабад бар деп те айтылған (Ильясова, Ораз, 2016: 57-59). Испиджабтың мұндай көршілес қалалардың аттары бар бірнеше қақпаларының болуы оның іргелес жатқан облыстармен тығыз сауда, мәдени және саяси байланыстардың болғанын көрсетеді.

Алым-салықсыз саясат пен қаланың керуен магистралі бойында қолайлы орналасуы аймақтың экономикасына оң әсерін тигізеді. Испиджаб қарқынды дамып, аумағы ұлғая бастайды. Мәуреннахр қалаларынан оған әртүрлі халықтар ағылып, оның айналасына рабад пен шаруашылық аймағын қалыптастырады (Байтанаев, 2013: 23).

Йақұттың келесі сөйлемі: «Және де сол аймақ тағдыр тәлкегі мен жалғандығына тап болғанша оның төңірегінде Тараз, Сауран, Саникс және Фараб секілді қалалар болды» деген мәтінде беріледі. Бұл жерде Испиджаб облысындағы шекаралық қалалардағы тарихи оқиғалар туралы мағлұматтар одан әрі таратуды қажет етеді. Ол қалалар 1211-1215 жж. хорезмшах Мұхаммедтің Күшлік ханмен соғысы барысында қиратылған болатын.

Йақұт осы аталған қалалардың ішінде «Испиджаб» мақаласында тек 4 қаланы ғана атаумен шектеледі. Бұл жердегі Саникс қаласы ортағасырлық авторлардың деректерінде әртүрлі нұсқада кездеседі. Әл-Мукаддаси Испиджаб облысының қаласы ретінде Арсубаникет – деп атаса, Истахри Усбаникат (Көмеков, Ильясова2011:170) деп көрсетеді.

Ибн Хаукал (Х ғ.) бойынша Испиджабтың «төңірегіндегі қалалардың арасында Бадухкет, Субаникет, Тараз, Атлах, Шелджі, Кедер, Сүткенд, Шауғар, Сауран және Уасидж. Субаникет – Кенжид округінің басты қаласы» (Ibn Haukal, 1938-1939:389). Ал әл-Мақдиси (Х ғ.) жоғарыда аталған еңбегінде Испиджаб округіндегі қалалар туралы барынша толық мағлұмат береді. «Испиджаб ауа райы бір қалыпты ықылыммен шектесіп жатыр. Бас қаласының атауы да Испижаб. Испиджабқа қарасты қалалар – Хурлуғ, Жумушулағу, Арсубаникис, Бараб, Шауғар, Сауран, Турар Зарах, Шағлжан, Балаж, Барукет, Бурух, Яганкет, Азахкет, Деһ Нужикет, Тараз, Балу, Жикил, Барсхан, Атлах, Жамукет, Шалжи, Кул, Сус, Такабкет, Деһ Науи, Кулан, Мирки, Нушкет, Лақра, Жамук, Урду, Науикеc, Баласағұн, Лабан, Шуй, Абалығ, Маданкет, Барсийан, Балағ, Жакаркан, Йғ, Йкалығ, Рауанжам, Катак, Шур Жашма, Діл, Ауас, Жаркерд» (Ильясова, Ораз, 2016: 57-59).

К.М. Байпаков Усбаникас (Арсубаникас) қаласын Арыс өзені бойындағы Мамаевакаға таяу Жуантөбе деп оқшаулайды (Байпаков, 1986: 223). Ал, академик Б. Байтанаев «Біздің пікірімізше, Кенжида округінің орталығы Арсубаникет қаласына Қараспантөбе сәйкес келеді», - дейді (Байтанаев Б., 2013: 223).

К.М. Байпаков әл-Мақдиси тізіміндегі Бурух қаласын Отрар қалашығынан солтүстік-шығысындағы 30 км. орналасқан Бұзықтөбе қалашығы деп, ал Яганкетті Ұзынтөбе қалашығымен оқшаулайды.

Әл-Мақдисидің мағлұматындағы Нужикет қақпасын Б. Байтанаев М.Е. Массон бойынша Испиджабтың батыс қақпасы екендігін жазады. Нужикет қақпасы Шымкент қаласына әкелетіндігін айтады. Әл-Мақдисиди Дәх Нужикет қаласы туралы «...кішкентай қала. Базары бар. Көктем мезгілінің үш айында салмағы төрт мананы құрайтын сүйексіз ет бір дирһамға сатылады. Қала үлкен болатын. Исмаил ибн Ахмад бұл жерді алғаннан кейін кішірейіп қалған. Солай бола тұра қорғаны бар көп ғимаратты қала, және қалада қамал орналасқан» ( Ильясова, Ораз, 2016: 60).

629 жылы қытай саяхатшысы Сюань-Цзан Оңтүстік Қазақстан аумағына келген кезде, округтің басты қаласы – Нужикет болды. Әл-Мақдисидің мәтіні бойынша Б. Байтанаев Дәх Нужикетті ІХ ғ. дейін үлкен қала болғандығын және ол қаланының Шымкент қаласына сәйкес келетінін археологиялық және жазба деректер негізінде дәлелдеп берді (Байтанаев, 2013: 74-75). Мұсылман әлемінің ең қиыр шығысындағы қаланың дәуірлеп дамуы IX ғасырдан басталады. Әл-Белазури бойынша бұл саманилік Нұх ибн Асад 833-844 жж. Испиджабқа жорық жасап, қаланы айнала ұзын қорған құрылысын салуға және оны қоршай жүзім егуге үкім еткеннен кейін болған (Байтанаев, 2013: 23).

ХІІ ғасырдың соңы мен ХІІІ ғасырдың басында Хорезм мұсылмандық Азиядағы алдыңғы қатардағы мемлекетке айналды. Хорезмшах Текеш (1172-1200) 1194 жылғы шайқаста парсының батысындағы соңғы селжүк сұлтаны Тоғрұлды тізе бүктіреді. Текеш және оның ізбасарлары бірнеше рет қарақытайларға соғыс ашқан болатын, бірақ сәтсіздікке ұшырап отырды. Текештің баласы Мухаммед (1200-1220) хандық құрған алғашқы жылдары Ауған жерінен шыққан гурид тайпаларына қарсы күресі кезінде, қарақытайларға алым-салық төлеп және олардың көмегін пайдаланған. Кейін ол өзін мұсылмандарды дінсіздердің езгісінен құтқарушысы деп жариялап, 1210 жылы Талас жағалауында қарақытайлардың әскерін талқандайды (Бартольд, 1963: 134). Сонымен бірге «ХІІІ ғ. басында мұсылмандық Азияда бірінші болуға дәмеленген хорезмшах Мұхаммед (1200-1220) мемлекетінің құрамына Сығанақ аймағы да кірді. Сығанақ иелігінен айырылғанына қарамастан, қыпшақ хандары Хорезмге қарсы табанды күресті жүргізуін жалғастыра берді» (Ильясова, Ораз, 2016: 174). Осындай көпжақты ішкі тартыстардың барысында хорезмшах өзінің Қашғар мен Хотандық діндестеріне көмек көрсете алмады, тіпті Мауараннахрдың солтүстік облыстарын Күшліктен қорғауға шамасы келмеді. Күшлік Қотанға жорық жасап, оны басып алды. Ол онда жергілікті халықты ислам дінінен бет бұрып, будда немесе христиан дініне сенуге насихаттады (Су Бэйхай, 2019: 275 ).

Қорытынды. Йақұт әл-Хамауи «Испиджабтан ғылымның барлық салаларынан көптеген зиялы ғалымдар шыққан. Олардың ішінде: Абу-л-Хасан ‘Али ибн Мансур ибн ‘Абдаллаһ ибн Ахмад әл-Му‘аддиб (оқытушы, тәрбиеші) әл-Муқри (құранды жақсы оқитын адам) әл-Испиджаби. Ол 380 (986) жылдан кейін қайтыс болған. Ол жөнінде нақты дерек жоқ, халық солай айтады» – деп аяқталады. Йақұт бұл мәліметтерінде Испиджабта ІХ-Х ғасырларда өмір сүрген ғалымдардың арасынан тек біреуін ғана атай отырып, бұл деректерді ауызша мағлұматтардан алғандығын көрсетеді.

Тарих саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының әдістемесінде жазба дереккөздерін пайдаланудың маңызы зор. Сол құнды дереккөздері арқылы тарихи құбылыстар мен үдерістер жайлы бағалаулар мен қорытындылар жаңғырып, нақты оқиғалар мен жекелеген тұлғалардың бейнесі шынайы қалпына келтіріледі. Сондай-ақ бұл мағлұматтар біздің зерттеуімізде отырықшы өркениеттің өзегін құраған қалалар тарихын кеңінен қарастыруға жетелейді.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Байпаков К.М. Средневековая городская культура Южного Казахстана и Семиречья (в VІ-начале ХІІІ вв.). – Алма-Ата: Наука, 1986. – 254 с.

Байтанаев Б. История Шымкента: 2200 лет по археологическим источникам. – Алматы, 2013. – 252 с.

Байтанаев Б.Ә. Сайрам көмбесі: ортағасырлық алтын. – Алматы, 2013. – 238 б.

Бартольд В.В. Монгольские владычество // Соч. в 9 т. –Т. IІ. часть І –М.-Л.,1963. –1020 с.

Бартольд В.В. Туркестан в эпоху монгольского нашествия // Соч. в 9 т. –Т. I. –М.: Изд-во вост. лит-ры, 1963. –759 с.

Ван Чжилай. 王治来.中亚史Орта азия тарихы. 北京:人民出版社. 2010. – 56 б.

Ван Чжилай.王治来中亚通史Орта Азия тарихы. 古代卷 ерте заман бөлігі. 上. І том. 新疆人民出版社 Синьцзян халық баспасы. 2004. – 290 б.

道Дао И宣释迦方志 Шицзяфанчжи. 范祥雍点校本 Фан Сянюн салыстырған нұсқа.中华书局 «Чжунхуа шуцзюй» баспасы. 1983, -22 б.

Ibn Haukal. Opus Geographicum. Liber imaginis terrae. Lugduni Batavorum, 1938-1939. (BGA Т.I-II).

Көмеков Б.Е., Ильясова З.С. Йақұттың «Муʻджам әл-булдан» (XIII ғ.) жағрафиялық жинағы – Қазақстанның ортағасырлық тарихының дерегі. - Алматы: Қазақ университеті, 2011. – 245 б.

Көмеков Б.Е. Мұсылман деректеріндегі Түркістан тарихы аймағы және Тараз қаласы //Орта-Азиялық университетінің хабаршысы. –Алматы, 2002 №1. – 13-15 бб.

Крачковский И.Ю. Арабская географическая литература // Избранные сочинения. –Т. 4. – М.-Л.: Издательство АН СССР, 1957. – 912 с.

Кумеков Б.Е., Кумекова Р.Б. Арабские географы и путешественники ІХ-ХІІ вв. /Вступ. ст., пер. С араб., коммент., тексты и факсимиле Б.Е. Кумеков, Р.Б. Кумекова. Отв. Ред. А.К. Муминов. – Алматы: Дайк-Пресс, 2010. Т. 2. -328.

Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінгі күнге дейін. 4 томдық. –Алматы: Атамұра, 2010. – Т. I. 351 б;

Байпаков К.М. О локализации средневековых городов южного Казахстана//Археологические исследования в Отраре. – Алма-Ата: Наука, 1977. – С.81-92.

Қайыркен Т.З., Ильясова З.С. Қытай және араб деректеріндегі Оңтүстік Қазақстанның көне қалалары мен елдімекендері //Отан тарихы ғылыми журнал. –Алматы, 2019. – №1 (85). – 59-74 бб.

Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. І том. Саяхатнамалар мен тарихи географиялық еңбектерден таңдамалылар. Ауд.: Б. Еженханұлы, Ж. Ошан, С. Сүңғатай. – Алматы. «Дайк-Пресс», 2005. – 395 б.

Ильясова З.С., Ораз Е. Қазақстанның ортағасырлық тарихына қатысты араб дереккөздері /Мәтінді қазақшаға аударып, ғылыми түсініктерін жазған З.Ильясова, Е.Ораз. Жауапты редактор Ш. Керім. – Аламты: Қаламгер, 2016. – 248 б.

Су Бэйхай. Қазақ мәдениетінің тарихы. /Ауд. Т. Зәкенұлы. –Алматы, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы, 2001. – 540 б.

Су Бэйхай 苏北海. Қазақтың жалпы тарихы哈萨克族通史. 哈萨克族的发展 Қазақ ұлтының дамуы. Қазақша аудармасы. ІІ т. Ауд. Т.З. Қайыркен. – Алматы: «Асыл кітап», 2019. – 275 б.

Tohomas Wattors. On Yuan Cwang’s Travels in India (大唐西域记英译本). Vol. I. – London, 1904. – p. 84.

玄奘著Сюань Цзан. 季羡林等校注Цзи Сяньлин т.б. салыстырып түсініктерін берген.大唐西域记校注 Ұлы Тан патшалығының Батыс өңір естеліктері.中华书局 «Чжунхуа Шуцзюй» баспасы,1985.

周连宽Чжоу Лянькуан. 大唐西域记史地研究丛稿. Ұлы Тан патшалығының Батыс өңір естеліктерін тарихи-жағырапиялық тұрғыдан зерттеулер. 中华书局. «Чжунхуа шуцзюй» баспасы, 1984. – 97 б.

References:

Bajpakov K.M. Srednevekovaya gorodskaya kul'tura YUzhnogo Kazahstana i Semirech'ya (v VІ -nachale ХІІІ vv.).– Alma-Ata: Nauka, 1986. – 254 s.

Bajtanaev B. Istoriya Shymkenta: 2200 let po arheologicheskim istochnikam. [The history of Shymkent: 2200 years according to archaeological sources] – Almaty, 2013. – 252 s. [in Russian].

Bajtanaev B.A. Sajram kombesі: ortagasyrlyk altyn. [Sairam Tomb: Medieval Gold] – Almaty, 2013. – 238 b.

Bartol'd, Mongol'skie vladychestvo[Mongol rule] //Soch. v 9 t. –T. IІ. chast' І –M.-L.,1963. –1020 s.

Bartol'd B.B. Turkestan v epohu mongol'skogo nashestviya [Turkestan during the Mongol invasion] // Soch. v 9 t. –T. I. –M.: Izd-vo vost. lit-ry, 1963. –759 s.

Wang Zhilai.王治来中亚史 Zhongyashi北京 Beijing:人民出版社Renminchubanshe.– 56 b.

Wang Zhilai. 王治来中亚通史Zhongya tongshi 古代卷 Gudaijuan (ерте заман бөлігі). 上. Shang (І том). 新疆人民出版社 Xinjiang renmin chubanshe& 2004. –290 б.

道宣 Dao Yi. 释迦方志Shijia-fangzhi. 范祥雍点校本 Fang Xiangyong dianjiaoben.中华书局 «Zhonghuashuju», 1983. – 22 b.

Ibn Haukal. Opus Geographicum. Liber imaginis terrae. Lugduni Batavorum, 1938-1939. (BGA Т.I-II).

Komekov B.E., Il'yasova Z.S. Jakuttyn «Muʻdzham al-buldan» (XIII g.) zhagrafiyalyk zhinagy – Kazakstannyn ortagasyrlyk tarihynyn deregі. – Almaty: Kazak universitetі,2011. – 245 b.

KomekovB.E. Musylman derekterіndegі Turkіstan tarihy ajmagy zhane Taraz kalasy [Turkestan region and Taraz cityin Muslim sources] //Orta-Aziyalyk universitetіnіn habarshysy.–Almaty, 2002. – №1. –13-15 bb.

KrachkovskijI. Arabskaya geograficheskaya literatura [Arab geographical literature]// Izbrannye sochineniya. –T. 4. – M.-L.: Izdatel'stvo AN SSSR,1957. – 912s.

Kumekov B.E., Kumekova R.B. Arabskie geografy i puteshestvenniki ІХ-ХІІ vv. /Vstup. st., per. S arab., komment., teksty i faksimile B.E. Kumekov R.B. Kumekova.Otv. Red. A.K. Muminov. – Almaty: Dajk-Press, 2010. – T. 2. –328. [in Russian].

Kazakstan tarihy. Kone zamannan bugіngі kunge dejіn. 4 tomdyk. –Almaty: Atamura, 2010.– T. I. –351 b.. [in Kazakh].

Bajpakov K.M. O lokalizacii srednevekovyh gorodov yuzhnogo Kazahstana//Arheologicheskie issledovaniya v Otrare // Archaeological research in Otrar]. –Alma-Ata: Nauka, 1977. –S.81-92. [in Russian]

Kajyrken T.Z., Il'yasova Z.S. Kytaj zhane arab derekterіndegі Ontustіk Қazakstannyn kone kalalary men eldіmekenderі[Ancient cities in Southern Kazakhstan from Arab and Chinese resourses] // Otan tarihy. – Almaty, 2019. –№1 (85). – 59-74 bb.

Kazakstan tarihy turaly Kytaj derektemelerі. І tom. Sayahatnamalar men tarihi geografiyalyk enbekterden tandamalylar. [History of Kazakhstan from Chinese resources. I part: Sources from historical-geographical books]. Aud.:B.Ezhenhanyly, Zh. Oshan, S. Sungatai. – Almaty. «Dajk-Press»,2005. – 395 b.

Il'yasova Z.S., Oraz E.Kazakstannyn ortagasyrlyk tarihyna katysty arab derekkozderі [arabic sources of the medieval history of Kazakhstan]– Alamty: Kalamger, 2016. – 248 b.

Su Bejhaj. Kazak madenietіnіn tarihy. [History of Kazakh culture] /Aud. T.Z. Zakenuly. –Almaty, Duniezhuzі kazaktary kauymdastygy, 2001. –540 b.

Su Bejhaj.Kazaktyn zhalpy tarihy. Kazak ultynyn damuyi.[General hisotry of Kazakhs and development of Kazakh culture].Kazaksha audarmasy. ІІ t. Aud. T.Z. Kajyrken. – Almaty: «Asyl kіtap», 2019. – 275 b.

Tohomas Wattors. On Yuan Cwang’s Travels in India (大唐西域记英译本). Vol. I. – London. 1904. – p. 84.

玄奘著Xuan Zang. 季羡林等校注Ji Xianlin dengrenjiaozhu.大唐西域记校注Da Tang Xiyuji jiaozhu.中华书局«Zhonghuashuju»,1985.

周连宽Zhou Liankuan. 大唐西域记史地研究丛稿 Da Tang Xiyuji shidiyanjiu conggao. 中华书局. «Zhonghuashuju», 1984. – 97 b.

Южный Казахстан, письменные источники, средневековые города, арабские географы, путешественники.

No comments

To leave comment you must enter or register