Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 94:39](574) ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНДАҒЫ ТЕРІ ӨҢДЕУ ӨНЕРІ

Н. МАЖИҚЫЗЫ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 3 курс докторанты, Алматы қ., Қазақстан, e-mail: nurlihan80@mail.ru

ӘОЖ 94:39](574) ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНДАҒЫ ТЕРІ ӨҢДЕУ ӨНЕРІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(21), 2020

Author:
Мақалада автор мал шаруашылығымен айналысқан Қытай қазақтарының тері өңдеу өнерінің тіршілік қажеттілігінен туғандығын айта келіп, төрт түлік мал мен аң терілерінен күнделікті тұрмыста қолданылатын теріден оңделіп жасалған ыдыстардан (саба, мес, конқап т.б.) тартып, тұрмыста пайдаланатын бұйымдар, киетін бас киім, аяқ киімдеріне дейін теріден қалай өңделіп жасалатындығы жан-жақтылы баяндайды. Сонымен қатар, Қытай модернизациясы мен интеграциясының Қытай қазақтарының тері өңдеу өнеріне тигізген әсеріне де қысқаша тоқталады. Түйін сөздер: Қытай қазақтары, тері өңдеу, мал шаруашылығы, модернизация, интеграция
Text:

Кіріспе. Бүгінгі урбанизация мен индустриализация дәуірі кезеңінде этникалық мәдениеттің дамуы мен трансформациясының негізгі анықтаушы факторлары: қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму дәрежесі, тарихи жағдайы, табиғи орта. Осы көрсетілген факторлар мәдениетті міндетті түрде жаңа өзгерістерге әкеп ұшыратады. Кез келген жаңалық уақыт өте келе – тұрмыста дәстүрге айналады (Арутюнов, 1989). Сондықтан, этномәдени болмысымыздың нағыз айнасы болып табылатын материалдық мәдениеттің бір саласы – қолөнерді, әсіресе, соңғы жылдары Қытай модернизациясы мен интеграциясына дөп келіп отырған Қытайдағы қазақтардың қолөнеріндегі терішілік өнерді зерттеудің маңызы зор.

  Ғалым С. Әжіғалидың пікірі бойынша: «халықтық өнерді, соның ішінде қолөнердің қазіргі жағдайын зерттеуде ел арасынан жиналған материалдар маңызды дерек көзі болып табылады. ... сондықтан ел арасына шығып, экспедициялық зерттеу жұмысты ұйымдастырудың маңызы зор», - дейді. Ғалым сондай-ақ қазіргі кезде қолөнердің тері өңдеу, зергерлік, ұсталық, ағашою, киіз басу, алаша тоқу сияқты түрлерін жоғалуға айналғанын, дәстүрлеріміз тек ауылды жерлерде сиреп бара жатқан қария шеберлер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жетуде екенін айтады (Аджигалиев, 1983). Осыған орай, біз 2012-2013 жылдары профессор С.Е. Әжіғалидың басшылығымен Қытай қазақтарына жүргізілген даладық экспедиция барысында жинақталған материалдардың негізінде Қытай қазақтарының терішілік өнерінің кейбір тұстарын көрсетуге тырыстық.

  Зерттеудің әдіснамасы. Мақаланы жазу барысында Қытайдағы қазақтардың әлеуметтік-мәдени тұрғыдағы даму деңгейін анықтауға тырыстық.  Қытайдағы қазақтардың қолөнер жағдайы, мәселелері және перспективасын кешенді және жүйелі түрде қарастырылып, ғылыми объективизм принципін ұстануға мүмкіндік береді. Мақаланы жазуда жалпы ғылыми тарихи принципке, жүйелілікке, салыстырмалы және экспериментальды талдауға негізделді. Сондай ақ, методологиялық арсеналда ғылыми-қолданбалы әдіс далалық этнографиялық зерттеулер нәтижелері негізге алынды, мәселеге толық, кешенді талдау жүргізу үшін зерттеудің пәнаралық принциптері  басты назарға алынды. Мақаланы жазу барысында тарихи салыстырмалы әдістер қолданылды және тарихи оқиғалар мен құбылыстарды диалектикалық материалистік тұрғыдан қарастыруда тарихи қағидалар мен объективті көзқарастар пайдаланылды. Деректер мен зерттеулерді ғылыми тұрғыда сараптауда нақты – тарихи-салыстырмалы, сыннан өткізу, талдау, жинақтау және қорыту әдістері қолданылды. Мұның өзі алынған ақпараттардың толықтығы мен шынайылық деңгейін анықтауға көмектеседі.

Талқылау. Үй жануарлары мен әр түрлі аң терілерін өңдеу қазақ өмірінде тым ертеден басталған ата кәсіптің бірі. Оның арғы тегі әсемік үшін емес, тіршілік қажетінен туған. Күнкөріс қамы адамдарға үй жануарлары немесе аңдардың терілерін пайдаланудың қажеттілігі мен маңызын ұғындырды. Сонымен, ата-бабаларымыз мал және аң терілерінен түрлі киім-кешек және басқа да бұйымдар жасады. Қазіргі кезде шағын заводтар құрып, былғары мәнерлеуді де кәсіп етті.

  Мал терісін илеудің ел арасында кең тараған екі түрі бар. Біріншісі, ағаш күбіге немесе басқа кең ағаш ыдысқа айранның сары суына, ашылған іркітке, ұн, кебек, тұз салып ашытады да, теріні соған салады, бұл малмада илеу деп атайды. Екіншісі, тері бетіне ұн, тұз араластырған іркіт жағу арқылы болады, бұл іи жағып илеу деп аталады. Мал терілерін өңдеу тәсілдерінде көптеген өзгешеліктер бар. Ол өзгешеліктер қай түліктің терісінен қандай бұйым жасайтындығына байланысты болады. Мәселен, сырт киім, бас киім тігуге арналған қозы, лақ, құлын терілерінің немесе әр түрлі аң терілерінің жүнін алмай илейді. Ол үшін әлі кеуіп үлгермеген жас терілерге немесе су бүркіп жібіткен терілердің өң жағына іркіт жағып, ұн немесе кебек, тұз сеуіп алып, тері бетіндегі иді араластырып, терінің шеттерін үстіне қарай қайырып, жылы жерге бүктеп қояды. Мұндай әдіспен иеленетін терілердің иі қану, яғни дайын болу мерзімі тері түрлеріне байланысты. Қозы, лақ және аң терілері жылдам ій болса, үлкен қой, ешкі терілері, әсіресе, тай, құлын, жабағы терілерінің ій болу уақыты ұзақ уақытқа созылады. Орта есеппен қандай тері болсын 3 – 5 күн аралығында іиі сіңіп болады. Иден шыққан теріні көлеңкеде кептіріп, талқыға салып жұмсартады, содан соң қырғышпен қырып өңдейді, жақсылап уқалайды, елтірі мен аң терілерін талқысыз-ақ уқалап жұмсартады (информатор: Бердіқан Жапайұлы).

  Көбінесе бас киім немесе ішік тігетін аң терілері мен елтірі, сеңсеңдерді боямай-ақ матамен тыстап тіге береді. Ал, қыс киетін тон, шалбар тігуге арналған қой терілерін қызыл талдың қабығы, рауағаш, шүкір сияқты өсімдіктердің қайнатындысына бояйды. Жарғақ және тайжақы тігуге арналған құлын, жабағы немесе тай терілерінің жүні сыртына қаратылатындығынан, оларды боямай-ақ астарлап тігеді. Ешкі терісінен тақыр шалбар, серке терілерінен кестелі жарғақ шалбар тігу үшін немесе ірі қара мал терілерінен үй шаруасына қажетті қайыс, аяқ киімге арналған көн илеу үшін теріні суық суға салып, әбден жібітіп алып, жүнін ұстарамен қырып тастайды. Кейде жас теріні бүктеп жылы жерге екі-үш күн қою арқылы жүнін жидітіп те түсіреді. Жүні алынған терілерді ағаш күбіге салып, үстіне ій құяды. Мұндай терілер иге толығымен батып тұрады да, бір жетінің ішінде ійі қанады. Иден шыққан терілерді көлеңкеде кептіріп, талқыға салып жұмсартады. Қайысқа арналған теріні талқыдан кейін өңдемей, сол күйінде кептіріп қояды да, керек болғанда шетінен таспалап тіліп алып отырады. Ал, аяқ киім және басқа үй бұйымдарын жасауға немесе оларды көркемдеуге арналатын теріні талқыдан соң қолмен уқалап, қырып өңдейді де, одан кейін қажетті бояулармен бояйды.

  Ас сақтауға немесе ас құюға арналған түйе, жылқы, сиыр, серке терілерін әдетте илемейді. Өйткені, илеген тері су тисе болды, тез жібіп, былжырап, босап кетеді. Оған құйылған сұйық тағамға идің дәмі шығып тұрады. Сондықтан, саба, торсық, жан торсық, сүйретпе, көнек жасауға арналған жылқы терісінің жүнін ұстарамен қырып, одан кейін ыстайды. Ысқа қақталған тері мықты болады. әдетте, көбінесе теріні әркім өздері ыстайды. Дегенмен, арнайы терішілікпен шұғылданатын аймақтарда кәсіптік ысшыларда болған.

  Ысқа ұсталған терілер бір ай шамасында дайын болады. Теріге ыс сіңу барысын үнемі бақылап отырады. Теріні күйдіріп алмай әбден бабына келтірген уақытта тері жұқарып, тығыздалып, артық майы шығып, шыңылтырланады. Ар жағынан күн көрінгендей жағдайға жеткенде ыстау жұмысы тоқтатылады. Әбден ысталған теріден тігілген сабаның ішіндегі қымыз сабаға жарық түскенде анық көрінеді.

  Мал шаруашылығы сынды өндірістік тәсілмен шұғылданған қазақ халқы ежелден малдың етінен тыс, төрт маусымда малдың түрлі-түрлі сүт өнімдерін мәнерлеп, соны өздеріне азық етеді. Қазақ халқы ұзақ ғасырлардан бері малдың сүтін түрлі тәсілдермен өңдеп, неше түрлі сүт өнімдерін жасаған. Мәселен: уыз, қаймақ, ақ ірімшік, мәйек ірімшік, ежігей ірімшік, құрт, сарымай, құрт қатық, айран қатық, шалап, малта, қымыз, іркіт, шұбат қатарлылар.

  Саба - құрт, сарымай, құрт қатық сияқты сүт өнімдерін алғашқы кезеңде өңдейтін қарапайым жабдық. Саба соғымға сойылған сиыр, жылқы сияқты іріқара малдың терісінен жасалады. Әуелі терінің жүні жидітіліп түсірілген соң сорлап, онан соң қыс бойы ысқа байлап қояды. Қыстай ыс сіңген теріні жібітіп, көктемде саба тігеді. Ысқа қақталған теріден жасалған саба ішіне қымыз, іркіт сияқты сусындарды құйғанда босап кетпейді. Сап-сары болып қатып тұрады.

  Ауыл әйелдері қойдың, сиырдың сауылған сүтін пісіріп айран ұйтып, сабаға құя береді. Орташа сауыны бар бір отбасы саба үш күн мөлшерінде бір толады. Саба толған соң, сабаны пісіп май түсіреді. Түскен майды алған соң, қалған іркітті қазанда қойылғанша қайнатып, ең соңында қапта сүзіп құрт жасайды.

  Саба – піспек, саба бауы қатарлы құрылымдардан құралады. Сабаға айран құйылған соң, қазан жақтағы босағаға, сабаның астына майдақұм салынып, саба бауынан уықтың қарнына байланып қойылады. Сабаға айран құйылған соң піспекпен пісіледі. Піспек ұзындығы бір жарым метр келетін яғни жуандығы қолға еркін ұстауға келетін жұмыр ұзын ағаштың бір басына ағаштан дөңгелектеп жасалған піспек басы орнатылып, сабаның ішіне салынады. Сабаның аузынан піспектің сабы биік шығып тұрады. Ауылдағы қыз-жігіттер піспектен ұстап бір көтеріп, бір басып сабаны піспекпен пісіп, сабаға май түскенше піседі. Саба дегеніміз қарапайым халықтық май айыру машинасы. Қазіргі күнде заводтардан неше түрлі май алу машиналары шықты. Бірақ алынған майдың сапасы, дәмі және де осы сабамен алынған майға жетпейді (Шәміс Құмарұлы, 2011:100).

  Жол жүргенде қымыз құйып алып жүру үшін жасалатын қолайлы ыдыстың бірі – мес. Месті бітеу сойылған семіз серкенің терісінен жасайды. Ол үшін жібітілген серке терісінің жүнін алып, тазалап шелдейді. Бұдан соң оны тал қабығының тұздалған қайнатындысына бір күн ұстап, түбін шуда жіппен тігіп, біраз кептіреді. Одан соң уқалап, созғылап жұмсартады. Жел қақтырып кептіргеннен кейін, местің мойнынан тобылғы түтінін жіберіп, екі-үш күн ыстайды. Сөйтіп оны дайын ыдыс ретінде керегіне жаратады. Қымыз құйылған месті көлікке артып, бір жерден екінші жерге жеткізерде ауа шығып тұру үшін местің аузына іші қуыс қой жілігі қоса байланады, өйтпегенде мес жарылып кетеді. Жолшыбай местен қымыз құйып алғысы келгенде, оны көліктен түсіріп жатпайды, бітеу сойылған серке терісінің алдыңғы аяғының біреуінің ұшын тікпей, шүмек есебінде қалдырады, ол жер ағашпен мықтап тығындалып қояды, соны ашып, местен қымыз құйып алады. Жасамыс серкенің терісінен жақсылап істелген мес көпке шыдайды. Қымыз біткеннен кейін оның ішін сумен шайқап, көлеңкелі жерге іліп, кептіреді. Қатып қалмас үшін керіп-созып майлап отырады.

  Көнқап - серкенің немесе ту ешкінің терісінен иленіп жасалатын, астық немесе азық салатын ыдыс көнқап деп аталады. Көнқап өте берік болады, оған су тимесе бірнеше он жылға шыдайды. Көнқап негізінен үй ішіне істетілетін ыдысқа пайдаланылады. Көнқап берік болғандқтан, көбінде ауыр нәрселер салынады.

  Кейбір көнқаптың жүні алынып тасталып жасалса, ал, кейбір көнқапты жүнін сыртына қаратып жүнімен ыдыс орнына істете береді. Көнқапты тайынша терісінен, бұзау терісінен де жасай береді. Мұндай іріқаралардың терісінен жасалған көнқаптар ерекше берік, алып жүруге қолайлы болады.

  Тұлып - қазақ халқы бұзаудың, серкенің терісін, бітеу сойып, илеп, одан тұлып жасайды. Мұның ролы баяғы көнқапқа ұқсайды. Бірақ көнқап ашық сойылып иленген теріден, екі тері таңдалып беттестіріліп жасалса, тұлып бір ғана малдың терісін бітеу сойып илеп жасалады.

  Тұлыптың ең үлкені тайынша тұлып, серке тұлып болса, ең кішісі лақ тұлып болады. Тұлып үлкен кішілігіне қарай пайдаланылады. Ұлкен тұлыптарға астық, құрт, ірімшік сияқты азық салынса, ал, кішкене тұлыптарға ақталған тары, қуырылған бидай сияқты күнделікті істетілетін тағамдар салынады.

  Тұлыпты алыс жолға жолаушы жүрген немесе мал отарлатқан отар қостағылар көп істететін ыдыс. Шебер әйелдер тұлыптың төрт аяғының орнын әдемілеп тігіп тастаған соң, тұлыптың аузын берік бұлмен көмкеріп сәндеп қояды.

  Лақ терісінен жасалған кішкене тұлыптар көбінде тұзқалта, шайқалта сияқты күнделікті тұрмыста пайдаланылған.

  Жылқы, сиыр және серке терісінен өздері илейтін қалың былғарыны халық – көн деп атайды. Одан тоқым, тебінгі, белбеу, жағлан жасаумен бірге, етік, мәсі тігеді. Тоқым, тебінгі, жағлан жасауға арналған көнді де, қалың былғарыны да ою-өрнектермен көркемдейді. Оның өзі әр түрлі әдістермен орындалады. Қалың көн мен былғарының бетіне ою түсіру үшін, оны ең алдымен суға салып, жібітіп алады. Аздап кептірген соң оның бетіне мүйізден не сүйектен жасалған сызғышпен жүргізетін оюдың ізін түсіреді. Енді бірде тақтай үстіне жайылған былғары бетіндегі өрнек бұйымын ұшында кішкене шеңбер ізі бар темір қадаубасты ағаш тоқпақпен ұру арқылы болмаса қалың жүзді шапқымен терең із қалдырып көркемдейді. Көн не қалың былғары бетіне бедерлі ою-өрнек жүргізу үшін ағаштан арнайы қалып жасалады. Қалыптың бетіне бедерлі ою ойылады, оның үстіне жібітілген көннің не былғарының өңі астына қаратылып төселеді. Сөйтіп, балғаның жіңішке басымен былғарыны таптай ұру арқылы оған бедер түсіреді. Мұндай бедерлі оюдың кепкеннен кейін жойылып кетпеуі үшін, астына желімге иленген балшық қоймалжыңы толтырылады. Желім араласқан балшық былғарыға жабысып қатып қалады да, былғары бетіндегі бедерлі өрнектің ұзақ уақыт сақталуына жағдай жасайды. Кейде осындай қалып арқылы жүргізілген бедерлі оюлардың айнала жиегі астармен қосыла жіңішке тарамыспен қайып тігіледі. Бұл әдіс ою-өрнектің былғары бетінде айқын тұруымен бірге, оның көпке дейін жойылмауына көмектеседі. Мұндай бұйымдардың бет жағы әр түрлі тәсілдермен жүргізілген ою-өрнектермен қоса күміс, тас, сүйек әшекейлермен де безендіріледі. Қазақ арасында жылқы терісінен көн илеп. Бедерлі ою-өрнек жүргізілген түскиіздер жасайтын шеберлерде болған [информатор: Мұхамет Шәріпұлы].

  Тұз қазақ тұрмысында көп істетіледі. Қайнатылған шай, кептірген ет, сүзген қатық, сарымай, тағы басқа көптеген тағамдар тұзсыз болмайды. Әсіресе, қазақ үйлерінде күнделікті ақ шәй (сүтті шай) қайнатылатындықтан, оған міндетті түрде тұз қосылады. Тұз үнемі шәймен бірге істетілетіндіктен, тұзды пайдалануға қолайлы болу үшін әрі көші-қонға ылайықты етіп, адамдар тұз қалтаны пайдаланатын болған.

  Тұз қалта иленген ешкі терісінен жасалады. Мұның ерекшелігі тек формасы ұқсамайды. Тұз қалтаны әуелі иленген теріге кестелеп өрнек салған соң, бір жағын тігіп, екі басын ашық етіп қуыстап, бір жағына дөңгелек түп салып, енді бір жағына бүрмелеп бау тағады да,  аяққы қолашаға іліп қояды. Бұл өте қарапайым болғанымен, күнделікті тұрмыстағы маңызды дәмдендіргіш, сондықтан тұз қалтаның рөлі де маңызды, тұз қалтаны шебер әйелдер түрлі-түрлі етіп сәндеп тігеді. Бұрын қазақтар кристал тұз істететіндіктен, кристал тұзды талқандап, тұз қалтаға істетуге қолайлы болу үшін салып дайындап қояды.

  Қазақ халқы шәйді өте көп пайдаланған. Қазір қалаларда жасап жатқан қазақтарда шәйдан қол үзген жоқ, қазақтың үйіне біреу келсе, келуші кім болсада оған ең алдымен шәй беріледі, шайға тары, бидай, құрт, ірімшік сияқты көші-қонға қолайлы тағамдар салынады. Әрине бұл тағамдардың шәймен желінетіні анық. Шәйдің қазақ өмірінде көп істетілуі тұтынған тағамдарына да байланысты болса керек.

  Шәйді көп тұтынатындықтан қазақ үйлерінде шәйді салып қоюға қолайлы шәйқалта болады. Шәйқалтаны шебер әйелдер жүні түсірілген қалың серкенің терісінен илеп тігеді. Шәйқалтаның бетіне бұлдан ою-өрнек салынады. Шебер әйелдер біз кестемен тамаша өрнектер салады. Шәйқалтаға теріден ілмек бау тағылып, қолашаға іліп қойылады. Шәйқалтаның ішіне шәй ұсақтайтын жеңіл балға немесе шайпышақ шәймен қосып салынады.

  Қытай қазақтарының күнделікті тұрмысында ірі қара терісінен иленетін қайыс та үлкен маңызға ие болды. Иленген теріден қайыс жасау үшін малмадан іиі қанып шыққан теріні көлеңкеде көптіріп, талқыға салып, жұмсартады да, керегіне жарата береді. Қайыстан қамыттың құлақ бауы, айыл, жүген, тізгін, шылбыр, қанжыға, қамшы, божы, тұсамыс, шідер, ноқта, өмірдірік, құйысқан тағы басқа да үлкенді-кішілі бұйымдар жасайды. Қазақтарда қамшының алты таспа, сегіз таспа, он екі таспа және жиырма төрт таспадан өрген түрлері бар, айылдың да көптеген түрлері кездеседі.

  Тері өңдеу өнерінде Қытай қазақтарының арасында етікшінің рөлі де басым болған. Отбасы мүшелеріне аяқ киім тіккізгісі келгендер етікшіні өз үйінде бірнеше ай бойы ұстайды. Етікшінің құрал саймандары көп болмайды. Негізінен олар – балға, шаппа шот, шағын төс, пышақ, түрпі, кергіш ағаш, тістеуік, ине-тебен, қаю біз, жаун қайқы біз, шеге біз, әртүрлі қалыптар және басқа да саймандар. Аяқ киім тігуге қажетті көн, былғары, қайыс, ұлтан, сірі, қайың тоз, тарамыс сияқты керекті заттарды аяқ киім тіккізушінің өзі дайындайды. Тек, ағаш шеге жасайтын кепкен қайың кесіндісін, ұсақ темір шегелерді, үлкенді-кішілі қалып түрлерін етікші өзімен бірге ала жүреді.

  Қазақ етікшілері ер адамдарға арналатын етіктің бірнеше түрін көннен не қайыстан жалаң қабат етіп тігетін. Жаз күндері ат үстінде жүргенде киетін көн етіктердің басы қайқы, ұлтаны ішінен тігілетіндей жұмсақ келеді. Мұндай етіктерге өкше салынбайды немесе өте жұқа болады. Қыста ерлер киетін ұзын қонышты, киіз шұлықты етікті «саптама етік» дейді. Киіз шұлықпен, кейде, аяққа шұлғау орап не мәсінің сыртынан киетіндіктен саптама етіктің басы да, қонышы да кең болады. Мұндай етіктердің шұлығы әдетте тізеден асады.

  Әйелдерге арналған жеңіл етікті қара, қызыл, жасыл түсті жұқа былғарыдан сәндеп тігеді. Олардың өкшесі биік келеді, Қонышы түсті жібек барқыт матаменлармен көмкеріледі, сәнді кестеленеді. Ер адамға арналған кебісті көннен немесе қалың былғарыдан түзу табан етіп тігеді. Бұлардың өкшесі биік болмайды. Әдетте ерлердің етіктерінің өкшесіне нәл қағады. Әйелдерге арналған кебіс түрлі-түсті жұқа былғарыдан тігіліп, биік өкше қағылады, әр түрлі жібек жіптермен кестеленіп көмкеріледі. Мұндай кебістер көбінесе ұзатылатын қыздарға арнап жасалады.

  Мәсі – көннен, қалың былғарыдан тігіледі. Әйелдерге арналған мәсілерді түрлі-түсті өңделген теріден тігеді. Мәсі тігудің екі түрлі тәсілі болған. Оның ішінде ең көп тарағаны – жалаң қабат ұлтанды мәсінің басын ішінен тігу әдісі. Ол үшін мәсінің қонышына басын, намаздығын тігіп алып, теріс айналдырады, онан соң, қалың былғарыдан ұлтан тігілген қалыпқа тартады. Ұлтан мен мәсінің басын жуан тарамыспен қайып тігеді, Онан кейін қалыпты суырып алып, мәсіні айналдыра салады. Мәсі тігудің күрделірек тәсілі – қос ұлтандап тігу. Ол үшін қоншына басы мен намаздығын тігіп болған соң, ішпектелген қалыпқа тартылады. Онан кейін сыртынан ағаш шегелермен қалың ұлтан шегеленеді, оған бір қабат аласа өкше қағылады. Мұны Қытай қазақтары «шеттік мәсі» деп атайды (Камуна Жамбозұлы, 2011:300).

  Қазақ етікшілері етік тігуде олардың өкше сірісін мықты жасауға көбірек көңіл бөледі. Ол үшін өкшелікті былғарыдан екі қабаттап тігеді, арасына сіріден немесе қайың тозынан өкше сірі жасалады. Етік, шеттік мәсінің ұлтанын шегелеу үшін қолданылатын ағаш шегелерді әбден кепкен қайыңнан жасайды. Әдетте, етік шегесі ірірек, мәсі шегесі кішірек болады. Етікшілік ісінде маңызды орын алатын материалдың бірі – тарамыс. Тарамысты соғымға сойылған іріқараның сирағындағы сіңірден дайындайды. Сіңірді кесіп алысымен күлге бір аунатып, қораның құмдығына немесе бір лайықты орынға іліп қояды. Ол жазға дейін қатып, кебеды. Кепкен сіңір еш уақытта бұзылмайды. Одан тарамыс жасау үшін, алдымен ағаш тоқпақпен соғып жұмсартады, содан кейін талшықтарға бөле тарамдайды. Міне, осы тарамдалған сіңірдің жіңішке талшықтарынан жіңішке және жуан тарамыстар ширатылады, сонымен етік, мәсілерді тігеді.

  Қорытынды. Қорыта келгенде, тері өңдеу өнері дәстүрлі қазақ қоғамындағы негізгі ата кәсіптерінің бірі болды. Қытайдағы қазақтардың басым көпшілігі мал шаруашылығымен айналысқандықтан, тері өңдеу кәсібі және одан өздеріне қажетті тұрмыс бұйымдарын жасау жалғасып келді. Тек ХX ғасырдың соңындағы малшыларды отырықшыландыру, Қытай модернизациясы мен саясатының әсерінен, заман ауқымы мен қоғамның инновациялық дамуына байланысты, тері илеу және одан түрлі бұйымдар жасау ісі негізінен үлкен өзгеріске ұшырады. Халық завод, фабрикаларда жасалған заттарды пайдаланатын болды. ХХІ ғасырдың басында Қытайда жүргізілген әр ұлттың дәстүрлі мәдениетін жаңғырту науқанының аясында әр аймақтарда қазақтың дәстүрлі жоғалып бара жатқан кейбір бұйымдары жаңғыртылып қайтадан орны толықтырылып жатыр.  Бұл кейінгі ұрпаққа ата-бабаларымыздан қалған қолөнер мәдениетін жеткізуде аса маңызды қадам болып табылады.

1

Н. МАЖИҚЫЗЫ1

азахский национальный университет имени Аль-Фараби, докторант 3 курса

 г. Алматы, Казахстан  e-mail: nurlihan80@mail.ru

ИСКУССТВО ОБРАБОТКИ КОЖИ У КАЗАХОВ КИТАЯ

Резюме

В статье автор указывает на то, что у китайских  казахов, занимающиеся животноводством, искусство обработки кожи появилось вследствие необходимости его применения в быту. В статье подробно описывается способ  обработки шкуры диких и домашних животных, изготовления из них посуды (саба, мес, конкап и.т.), предметов домашнего быта, одежды, головные уборы, обуви. Кроме того, кратко изложено влияние китайской модернизации и интеграции на кожевенное дело казахов живущих в Китайской Народной Республике.

  Ключевые слова: казахи в Китае, обработка кожи, скотоводство, модернизация, интеграция.

N. MAZHIKYZY1

1Al-Farabi Kazakh National University, 3rd year PhD Student

Almaty Kazakhstan   e-mail: nurlihan80@mail.ru

LEATHER TREATMENT ART AT THE CHINESE KAZAKHS

Summary

In the article, the author says that because of the vital needs of the Kazakhs of China who were involved in animal husbandry, the art of skin processing appeared, describes in details how much was made from processed skin of livestock and predatory animals, starting with dishes (saba, mes, konkap, etc.) and household items, ending with headdresses and shoes. In addition, he briefly discussed the impact of China's modernization and integration on the art of skin processing of Kazakhs of China.

Keywords:Chinese Kazakhs, skin processing, animal husbandry, modernization, integration

No comments

To leave comment you must enter or register