Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 94 (100) ҚАЗАҚ КСР БОЙЫНША ШЕТЕЛГЕ БАРУДЫҢ ҚҰЖАТТЫҚ ТІРКЕУ ЖҮЙЕСІНІҢ ТӘРТІПТЕРІ: ТОҚЫРАУ КЕЗЕҢІ

Г.Д. СҮГІРБАЕВА,т.ғ.к., доцент, ОҚМПУ, Б.Қ. ИСАБЕК, т.ғ.к., доцент, ОҚМПУ, Шымкент қ., Р. ОМАРБАЕВ, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» РММ қызмет басшысы

ӘОЖ 94 (100) ҚАЗАҚ КСР БОЙЫНША ШЕТЕЛГЕ БАРУДЫҢ ҚҰЖАТТЫҚ ТІРКЕУ ЖҮЙЕСІНІҢ ТӘРТІПТЕРІ: ТОҚЫРАУ КЕЗЕҢІ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(21), 2020

Author:
Сталиндік билік жүйесінен кейін, КСРО мемлекетінде шетелге шығу мен шетелдіктерді қабылдаудың құжаттық жүйе тәртіптері біршама жұмсартылды. Әсіресе, ол 1960 жылдардың соңында айтарлықтай жолға қойылды деуге негіз бар. Бірінші ретте, мақалада қарастырылып отырған мерзімдегі ел тұрғындарының шетелге шығу мәселесіндегі құжаттық рәсімдеу тәртіптеріне баса назар аударамыз. Қазақ КСР тұрғындарына шетелге шығудың мүдделері мен талап-тілектері бірнеше бағытта өрбіді. Алдымен, мемлекеттік қызмет аясында іс-сапарлар, екіншісі туристік еңбек демалысы, үшіншісі жеке басының хал-ахуалына байланысты сапар жасау үрдістерін атар едік. Мақалада тоқырау кезеңіндегі Қазақ КСР бойынша қызмет атқарған құжаттық тіркеу жүйесінің тетіктері қарастырылған. Түйін сөздер: құжаттық тіркеу, мемлекеттік орган, виза, тіркеу бөлімдері, социалистік елдер
Text:

Кіріспе. 1960 жылдардың соңына қарай еліміздегі әлеуметтік-тұрмыстық саладағы біршама жақсарулар мен мемлекеттік қамқорлықтың өсу үрдістері, шетелге шығудың құжаттық тәртіптерінің жұмсаруын да айналып өтпеді. Белгілі бір достық пиғылдағы елдерге виза берілудің тетіктері қызмет атқара бастады. Баруға мүмкіндік ашылған елдердің басым көпшілігін социалистік шеңберге енетін елдердің аттары құрады. Басқа капиталистік топ мемлекеттеріне барудың құжаттық рәсімдеулері, айтарлықтай сапар негіздеулерін талап етті. Оның ішінде, 1970 жылдардағы мұрағаттық құжаттардағы азаматтардың өтініш, мемлекеттік органдардың есеп, қаулыдан тұратын құжаттық топтамаларына сараптаулар жасай отырып, ҚХР-ға барудың да қиынға соққандығына көз жеткіземіз. Себебі, 1970 жылдары КСРО мен ҚХР арасында саяси-идеологиялық теке-тірестің ушыққандығын тарихтан жақсы білеміз.

Алайда, шетелге шығу бойынша қаншама жеңілдіктер мен құжаттық реттеудің оңтайластырылуына қарамастан, барушылардың саны мен сапардың себеп-салдары мемлекеттік органдарда талқыланып, есепке алынып отырылды. Оған көптеген партия-әкімшілік органдарының отырыстарындағы есептер, баяндаулар мен қаулылардың сипаттары негіз құрайды.

Шетелге шығуға рұқсат алуда ең бастысы азаматтың талап-тілегі емес, мемлекеттің саяси-идеологиялық бағыттары басым ескерілді. Азаматтың өтініштері мен сапар мақсаттары арнайы комиссиясының отырысында қаралды. Аталған орган өтініш иесінің бару, бармау мәселесін шешуде үлкен рөл атқарды.

Талқылау. Кеңестер Одағында азаматтың жеке тілегі ешқандай да негіздемені құрамады. Шетелге шығуға рұқсат алуда төмендегідей талаптарға жауап беру керек болды:

1. Азаматтың жұмыс орнының шетелге іс-сапарға баруға рұқсат ету жөніндегі өтініші;

2. Жұмыс орнының азаматқа шетелдік туристік сапар немесе демалыс орнына баруға рұқсат ететін жолдаманы сатып алу жөніндегі өтініші.

3. Өтініш білдірушінің шетелде тұратын жақын туыстарынан жеке шақырту алуы [1, с. 23].

Шетелге баруға рұқсатты төмендегідей органдар беруге құқылы болды: 1. КОКП ОК жанындағы шетелге бару бойынша Комиссия. 2. Одақтас республикалардағы қалалық, облыстық КМ ОК жанындағы Шетелге бару жөніндегі комиссия бөлімдері. 3. Виза мен тіркеу бөлімдері [1, с. 24].

  Рұқсат алу үшін, аталған мемлекеттік органдардың қабылдауларынан өтіп, талаптарын орындау басты міндет болды. Ол органдардың қызметкерлері кез-келген сұрақтармен азаматтың баратын жері жөнінде сауаттылық білімі мен мемлекеттік қауіпсіздік құпияларын сақтай алу қабілетін тексеруге құқылары болды.

   Қазақстаннның барлық облыстарының ОбКом жанында Шетелге бару бойынша Комиссия ұйымдары жұмыс жасады. Әсіресе, 1969 жылдан бастап Шетелге бару бойынша Комиссияның бөлімдері барлық облыстарда құрылып, оларға басқа да партия-мемлекеттік органдар тарапынан маңызды өкілеттіліктер берілгендігін анықтаймыз. Олар жыл сайын Министрлер Кеңесіне құпия түрде есеп беріп отырды. Солардың бірқатарына тарихи көз жүгіртіп, талдап көру маңызды болмақ. Мәселен, Талдықорған облысының ОбКом жанындағы Шетелге бару бойынша Комиссияның 1974 жылғы есебінде мынандай ақпараттар келтірілген: 1974 жылы Комиссия тарапынан 571 іс қарастырылудан өткен. Олардың 377 ісі жеке мәселелері бойынша болса, қалғандары мемлекеттік жұмыс аясындағы іс-сапарлар болып табылады. Комиссия тексерулері нәтижесінде 372 іс мақұлдаудан өтіп, шетелге баруға рұқсат алды. Рұқсат алған өтініштердің 363 социалистік елдерге, 4 капиталистік, 5 дамушы елдерге бағытталған [2, 14-п.]. Сонымен бірге, 169 неміс ұлтына жататын тұрғыннан, ГФР-на тұрақты мекен етуге көшуге өтініштер келіп түсті. Олардың ішінен аталған елге тұрақты өмір сүруге көшуге 27 азамат рұқсат алса, 149 азаматтың өтініші кері қайтарылған.

  Әдістер. Мақаланы жазуда салыстырмалы-талдау, сыни көзқарас таныту ғылыми тәсілдері басшылыққа алынды. Мұрағат деректеріне сыни көзқарас таныту және жүйелеу мәселелері жіті ұқыптылықты талап етті.

Нәтижесі. Деректерге мән бере отырып, кеңестік дәуірдегі Қазақстанның тұрғындарында 1970-1980 жылдары социалистік шеңбер елдеріне түрлі себептермен баруға мүмкіндіктері көп болып, капиталистік өзге елдер тобына баруға қадамдарының шектеулі болғандығын ұғынамыз [2, 14-п.].

   Енді, 1975 жылғы Көкшетау облыстық ОбКом жанындағы Шетелге бару бойынша Комиссияның жылдық есебінде де жоғарыда келтірілгендей мәліметтер желісі айқындалған. Көкшетау облысының халқы құрамы түрлі ұлттарға толы екендігі белгілі. Онда, немістер, поляктар, гректер т.б. ұдттардың шоғыры мол орналасқан. Сондықтан да шет мемлекеттерге өз еркімен туған-туыстарын іздеу, демалу секілді туристік сапарлармен барудың реттері көп болып табылатындығы сөзсіз. 1974 жылы Комиссияға жалпы 762 іс қарастырылып, олардың, социалистік-64, дамушы-50, капиталистік елдерге-48 өтініш бағытталған [3, 56-п.].

  Мұрағат құжаттарынан 1972-1973 жылдардағы облыстық көлемдегі шетелге барушылардың талдау көрсеткішіне де қол жеткіздік. 1972-1973 жылдармен салыстырғанда келесі жылы халықаралық туризм бойынша назар аударған істердің саны артқан. Комиссия тарапынан істерді қарау нәтижесінде, 366 ұжымшар жұмысшыларына, 344 маманға шетелге баруға рұқсат етілген. Комиссия жұмысы жиырма істі кері қайтарған. Олардың алтауына саяси, он төртіне моральдық-тұрмыстық себептермен бас тартылған [3, 57-п.]. Сонымен қатар, назар аударатын бір факті барлық облыстардағы Шетелге бару бойынша Комиссия есептерінде, ұжымшар және кеңшар жұмысшы-шаруаларына шетелге іс-сапар, туризм бойынша көп жағдай жасалғандығы мақтанышпен айталғандай болады. Оның себебі де жоқ емес. Жоғарыдағы талқылауларда көрсетілгендей, 1960 жылдардың соңынан бастап, шетелге бару бойынша кеңестік тұрғындарға паспорттық жүйенің тәртіптері жұмсартыла бастады. 1969 жылдан бастап барлық облыстық ОбКом-тер жанынан арнайы комиссиялардың құрылуы соның бір айғағы болып табылады [4, 16-п.].

  1976 жылғы 19 қаңтардағы Қызылорда Обком жанындағы Шетелге бару бойынша комиссияның есебінде, 1975 жылы облыстан шетелдерге 452 адам барса, 1974 жылы 312 санды құраған. Жеке мәселесімен баруға ықылас танытқан 17 адамның бесеуіне рұқсат етілген. Қарап отырсақ, жеке мәселемен қалаған шет мемлекеттерге барудың мүмкіндіктері, 1970 жылдардың өзінде ел тұрғындарына қиынға соққан [4, 16-п.].

  Қазақ КСР КП жанындағы Шетелге бару бойынша Комиссияның 1975 жылғы есебінде, республика бойынша шетелге барғандардың статистикалық көрсеткіші мен нәтижелері сипатталады. 1975 жылы Комиссия құзырына 25410 іс түсіп, оның 20413 ісіне шетелге шығуға рұқсат етілген. Бірақ, басым көпшілігі Чехословакия, Польша, Румыния секілді социалистік елдер болып табылады. Капиталистік топқа жататын мемлекеттерге тек 74 іс қанағаттанарлық жауап алған [5, 41-п.]. Ал, аталған жылы Қазақстанда шамамен он бес мыңға жуық шетелдік азаматтар іс-сапар, туризм себептерімен болып болып кеткен. Зерттеу жұмысының салыстырмалы-талдаулық мәнін арттыру мақсатында, 1964 жылғы Қазақ КСР жанындағы Шетелге бару бойынша Комиссиясының есебінің құжаттық нұсқасын да сараптаудан өткізу жөн секілді.

1964 жылы Комиссия құзырына жалпы 11326 іс түсіп, нәтижесінде 8753 іс қанағаттанарлық жауап алған болып табылады [5, 8-п.]. Қанағаттанарлық жауапқа ие болушылардың 5964 ісі мемлекеттік іс-сапар бойынша баруға жолдама алғандар. Туризм, жеке басының мәселелерімен наза аударған 1847 іс қаралымнан бас тартылған. Яғни, мәліметтер реті айтып тұрғандай, 1964 жылы шетелге барушылардың саны, он жылдан соңғы көрсеткішке қарағанда екі еседен жоғары аз болған [5, 8-п.]. Сонымен бірге, баруға рұқсат алушылардың негізгі дені мемлекеттік мәселедегі іс-сапар иелері екендігіне көз жеткіземіз. Туризм, демалыс, емделу сынды себептермен барушылардың басым көпшілігіне теріс қарар шығарылған.

Демек, тұрмыстық-әлеуметтік ахуалдардың әлі де болса нашар деңгейі, идеологиялық сенімсіздік және тұрғындардың жеке бас құқықтарына үстіртін қараудың мемлекеттік тәсілдері, 1950 жылдардың соңы мен 1960 жылдардың басында күшті болғандығын болжауға болады. 1980 жылдардың басындағы мемлекеттік маңызды орындарға тағайындауларда шетелде болған болмағандығы жөнінде ақпараттар анақтамасында сұралынды [5, 39-п.].

  Жоғарыда мәліметтерді талдау барысында, 1960 жылдардың соңы мен 1970 жылдардағы Кеңестер Одағындағы тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалдарының біршама жақсаруына орай, азаматтарға шетелге бару бойынша паспорттық жүйенің талаптары бұрынғы шектеулерді алып тастап, айтарлықтай мүмкіндіктер ашқандығын көреміз. Алайда, саяси-идеологиялық мәселелердің негізінде, кез-келген мемлекетке барудың таңдау құқығы болмады. Баратын мемлекетті азаматтың талап-тілегі емес, мемлекеттің саяси көзқарастары шешті. Сондықтан да ГФР, Грекия, ҚХР секілді елдерде туыстары көптеп ұшырасатын еліміздің азаматтарының, ол елдерге барудың қолжеткізілімдері өте шектеулі болғандығын тұжырымдаймыз.

1980 жылдардағы қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өмірлердегі жаңа паспорттық жүйенің көріністері мен нәтижелері. 1974 жылғы КСРО бойынша қабылданған жаңа міндетті паспорттық жүйенің бағыттары өзіне жүктелген міндеттерді ақтап үлгермегендігін, 1980 жылдардың ортасы мен соңында басталған әлеуметтік-экономикалық және саяси-идеологиялық шиеленістердің себептерімен түсіндіруге болатын. 1976 жылдан бастап еліміздің әрбір он алты жасқа толған тұрғындары КСРО азаматтығы бар жаңа үлгідегі паспорттарды иеленуге тиісті болғандығы атап өткен болатынбыз. Бұл паспорттық жүйенің аясында паспортсыз жүру және оның мерзімін өткізіп алу ахуалдары, құқық бұзушылықтың белгісі ретінде қарастырылды.

Жаңа паспорттық жүйеге, 1960 жылдардың соңында КСРО-да туындаған әлеуметтік-экономикалық және халық шаруашылығындағы оң өзгерістерді одан әрмен оңтайландыру мен паспорттық режимнің тәртіптерін нығайту тапсырмасы жүктелген болатын. Бірақ, паспорттық жүйе қызметі, социалистік қоғам орнату аяқталды деп жариялаған кеңес басшыларының пиғылдарымен үндеспеді. Социалистік қоғамның 1960 жылдардың соңында орнатылуы аяқталғанды мәлімделуіне орай, өндіріс-өнеркәсіп ошақтарында еңбек етушілерге қатысты режимдік тәртіптердің алынуы мен еңбек міндеткерлігінің жойылу қадамдары, паспорттық жүйенің шаруашылық-экономикалық үрдістердегі рөлін азайтқан болатын.

Ал, кеңес идеологиясының жетекшілері, халық социалистік құрылысты саналы түрде қабылдады және шаруашылық-өндіріс саласындағы науқандық тапсырмаларда паспорттық режимнің құралдары қажет болмайтындығын ұғынғандай болды. Дегенмен, социалистік шаруашылыққа, халық тек күш пен зорлықтың амалдары аясында ғана мойын ұсынғандығына тарихтың өзі куә. Тұрғындардың өз еркімен шаруашылық-өндірістің мемлекет жүктеген талаптарына тиімді жақтарымен бейімделуге және белсенділік танытуға құлқы болмады.

1980 жылдардағы КСРО мемлекетінің билігін басқару жүйесіндегі амал-тәсілдерде бірізділік болмады. Осы кезеңдері жиі ауыса бастаған билік жетекшілері, түрлі саяси-идеологиялық реформалар мен бастамаларды жүзеге асыруға тырысқандығымен, қоғамдық ыдыраудың үдерістеріне тосқауыл бола алған жоқ. Мәселен, 1982-1984 жылдары КСРО билігі басында болған Ю.В. Андропов қылмыс пен жемқорлыққа қарсы шараларда бірқатар қатаң қадамдар жасап, шаруашылық пен өндірісті жүргізудегі тәртіптерді әскерилендіруге ұмтылды. Мәселен, 1982 жылдың 17 маусымында КСРО Жоғарғы Кеңесі «Еңбек ұжымдары жөнінде заң және кәсіпорын, мекеме, ұйымдарды басқарудағы олардың рөлін жоғарылату», сол жылдың 28 шілдесінде КОКП ОК мен КСРО Министрлер Кеңесінің «Социалистік еңбек тәртіптерін нығайту бойынша жұмыстарды күшейту жөнінде» қаулылары қабылданды [6, с. 75]. Жоғарыдағы қаулылардың баяндамасында өндіріс-шаруашылық мекемелерінде жұмысшылардың еңбек өнімділігі мен жұмыс режимдерін қатайтуға бағытталған қадамдар оңтайластырылды. Атап айтар болсақ, еңбек кітапшаларын тіркеу мен қадағалаудың амалдары күшейтіліп, тәртіп бұзушылықпен жұмыстан босатылғандарды, екінші орында еңбек өтілін есептемей, қабылдаудың ережелері бекітілді.

1982 жылдың 30 қыркүйегінде КСРО КОКП ОК мен Министрлер Кеңесінің бірікке отырысында  «Қоғамға қарсы паразиттік өмір сипатын ұстанушы тұлғалармен күрес бойынша қосымша шаралар жөнінде» № 896 қаулысы қабылданды [7, 28-п.]. Осы қаулыға орай, 1983-1984 жылдары елімізде еңбек жолынан бас сауғалаушылар мен қаңғыбастарға қарсы бірқатар амалдар қолданылды. Әсіресе, оларды тауып, еңбекке қабілеттілерін қоғамдық жұмыстарға жегудің шаралары күшейтілді. Бұл бойынша 1983 жылы 16836 еңбек жолына тартылмаған адамдар есепке алынып, олардың 10327 жұмысқа орналастырылса, 2919 адам қасақана жұмыстан бас тартқандары үшін, қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, мұрағаттық деректердің көзіне сүйене отырып, жұмыспен қамтылынғандарды мекен-жайы бойынша ІІБ органдарына бір жылға дейін қадағалап отыру нұсқаулары берілген [7, 28-п.]. Жұмыс беруші мекемелердің басшыларына, оларға арнайы ереже мен режим енгізуі қарастырылады. Аталған мәліметтерге талдау жүргізе отырып, 1980 жылдардың басында еңбек тәртібін қатайту мен оның тиімділігін арттыру бойынша қауіпсіздік органдарына бірқатар артық жүктемелердің берілгендігіне көз жеткіземіз.

Жоғарыдағы мәліметтерге талдау жасай отырып, Кремль жетекшілері 1982-1984 жылдары отанымызда бұрынғы сталиндік басқару жүйесінің бірқатар әдістерін енгізуге ден қойғанымен, қоғамдық шарттар олардың іске асуына қарсы болды. Аталған жылдардағы еліміздің тұрмыстық-әлеуметтік өмірі мен халықтың өсім деңгейі, бірқалыптылықты сақтағандығын деректер айқындайды. Қазақ КСР Орталық Статистикалық Басқармасының 1982 жылғы жалпы есебіне қарағанда, халық шаруашылығындағы қызметкерлер мен жұмысшылардың жалақысы 1981 жылмен салыстырғанда (170,4 рубл) 174 рублді құраған. Тұрғын-жайға 589 мың адам қол жеткізген. 1983 жылдың 1 қаңтарындағы Қазақ КСР тұрғындарының саны 15,5 миллион адамға жеткен [5, 87-п.]. Яғни, паспорттық жүйенің тетіктері, бұрынғы сталиндік замандағыдай қоғам мүшелерінің тұтас өмір сүру бағыттарына әсер ететіндей дәрежеде болмады. Паспорттық жүйенің амалдары белгілі бір өзекті мемлекеттік салаларда ғана жетекші күшке ие болды. Олар атап өткеніміздей, қылмысқа қарсы күрес, еңбек тәртіптілігін нығайту мен көші-қон қатынастарын реттеу т.б. болып табылды.

Мәселен, осы жылдары Мәскеуден жеткен талаптарға орай, еліміздің облыстарында ауылшаруашылығы саласына жастарды, мамандарды көптеп тарту мен орналастырудың қадамдары қарастырылғандығын атап өткен жөн. 1983 жылғы 14 шілдедегі Талдықорған ОбКом-ның ұжымшар, кеңшар партия басшыларымен жүздесуінде, КОКП ОК мамыр Пленумы ұсынған тапсырмаларға орай, жастардың ауылды елдімекендерге тұрақтамау үрдісіне мән беріледі. Оны шешу бойынша училище, ЖОО аяқтаушы облыс тұрғындарына жататын жастардың есебін алу мен оларды ауылды аймақтарға аттандырудың барлық тиімділіктерін жүзеге асыру тетіктері ұсынылады [8, 3-п.]. Бұл тұрғыда, ауылды елдімекендерге тұрғын-жай салудың кешенді жұмыстарын жолға қойып, жас отбасыларды тұрақты тіркелімге қабылдаудың тәсілдері ойластырылғандығын деректер көзі тұжырымдайды.

1984 жылдың басында ішкі істер органдары тарапынан шетелге бару мен шетелден келушілердің ағымын тоқтату мен қадағалауға қатысты бірқатар қатаң шаралар қабылданды. Оны ішінде, Қазақстанда өмір сүретін неміс ұлтына қатысты шетелге барудың амалдары қатайтылды. Соның нәтижесінде, шет мемлекеттерге тұрақты және уақытша өмір сүруге барушылардың саны 1982-1983 жылдармен салыстырғанда орташа 5114 адамнан 3060 қысқартылды (40%). ГФР-ға уақытша немесе тұрақты өмір сүруге өтініш білдірушілердің саны –54% азайтылды [7, 14-п.]. Аталғандай нәтижеге қол жеткізудің мақсатында, тиісті партия-әкімшілік және Ішкі істер органдары жергілікті қоғамдық ұйымдарды, белсенділерді тартты. Неміс ұлты орналасқан аймақтарда насихаттау жұмыстары іргелі жүргізілді. Ең бастысы, оларға қазіргі таңдағы шетелге барудың паспорттық құжаттарының қиындатылғандығы мен рұқсат алудың күрделенгендігі қимылдары түсіндірілді. Осыны ұғынған, көптеген жат ұлттар өкілдері, бейбіт жолмен бұрынғы тарихи отандарына қайтудың еш амалы жоқтығын ұғынғандай болды [9, 18-п.].

Әсіресе, өтініштер мен іс құжаттар жиынын қарастыру барысында МҚК органымен кеңесу тәжірбиесі орнықтырылғандығын айта кеткен жөн. Жалпы, 1984 жылы Қазақ КСР бойынша шетелге тұрақты өмір сүруге тілек білдірушілерден комиссия құзырына 1553 өтініш түсіп, олардың тек 6% қанағаттанарлық жауап берілген [5, 60-п.]. Бірақ, достық қарым-қатынастағы социалистік елдерге емеделу, туристік мақсаттармен барушыларға шетелдік паспорттарды беру үдерістерінде айтарлықтай өзгерістер туындамаған. 1984 жылдың бірінші жарты жылдығында ІІ органдары тарапынан 11095 жалпыазаматтық шетелдік паспорттар рәсімдеулерден өткізіліп, тиісті тұлғаларға берілген. Қазақстанда өмір сүруше шетелдік азаматтардың жүріп-тұру қозғалыстарына қатысты ережелерде де қадағалау шаралары арттырылған. 1984 жылғы статистикалық мәліметтерге қарағанда, Қазақ КСР аумағында 5205 шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар өмір сүрген. Сондай-ақ, олардан басқа 1220 шетелдік білім алушылар мен 1233 жұмыс бабымен келушілер өмір сүрген [7, 62-п.]. Оларға қатысты қауіпсіздік органдары тарапынан қадағалау-түсіндіру қимылдары біршама күшейтілгендігін мұрағат құжаттарынан көреміз.

Жоғарыдағы мәліметтер ағымы, 1980 жылдардың басындағы КСРО билік жүйесіндегі өзгерістерге байланысты, тұрғындардың жүріп-тұру қозғалыстары мен көші-қон үрдістерін реттейтін, қадағалайтын амалдардың өзгергендігін айғақтайды. Яғни, паспорттық жүйенің Кеңес Одағындағы қызмет бағыттары, билік аппаратының ұстанымдары мен пиғылдарына аса тәуелді болғандығын нақтылауға негіз бар. Ал, келесі жылдардағы билік режимінің ауысымдары, паспорттық жүйенің тәртіптері мен ережелеріне өзінің ықпалын тигізбей қоймады.

1985 жылы «Қайта құру» бағдарламасының қабылдануына орай, жұмысшы-еңбекшілерге қатысты құқықтық еркіндік пен демократияның ұстанымдары өнеркәсіп, өндіріс орындарында орнай бастады. Оны біз мұрағат құжаттарындағы деректердан анық байқаймыз. Жұмысшылардың партия құрамында тұруы мен жұмыс мекемелеріндегі қоғамдық шараларға қатысуына байланысты қатаң тәртіптер алына бастады. Сонымен бірге, партия-мемлекеттік аппарат және өндіріс мекемелерінің басшылары мен қарапайым жұмысшылардың жүздесуіне қатысты кейбір ережелер өзгертілді. Олардың өткізілуі мен ұйымдастырылуында тұрғындар мен жұмысшылардың мүдделері ескеріле бастағандығын сол кезең зерттеулері де тұспалдап аңғартады [2, 116-п.]. Қызметтік іс-сапарлар аясындағы бір тұрақты мекен-жайдан екінші орынға күштеп алмастырулардың әдістерінің күшін жойғандығын пайымдауға негіз бар.

Мәселен, 1986 жылы 25 наурыздағы Ақтөбе КП ОбКом-ның Бюросы қабылдаған «Облыстық партия, кеңес, кәсіподақ және комсомол органдарының регламенті жөнінде» қаулысында жұмысшылардың еңбек режимін өзгертуге қатысты ережелер орнықтырылады. Алайда, облыстағы цех, зауыт-фабрика орындарындағы қоғамдық-партия жұмыстарының кемшіліктері де назарға алынды. Партия оқулары жүйесіндегі есепке алулар бойынша тәртіптердің ақсап отырғандағы және ынталандыру жұмыстарының төмен дәрежеде екендігі қозғалады. Ол бойынша партиялық оқуларға шақыртылған 432 тыңдаушының, тек орташа тесеппен 72-80 тыңдаушысы ғана тұрақты қатынасқан [9, 25-п.]. Ал, қалғандарының осы уақыттардағы жүріп-тұру қозғалыстары мен немен айналысып жатқандығы жөнінде қадағалау амалдары ойластырылмағандығы және шаралар қолданылмағандығы сипатталады. Ал, кеңес қоғамында әрбір мекемеде партия қағидаларын оқудың әдістер жиынтығының қалыптасқандығы белгілі. Аталмыш оқуларға мекеме қызметкерлері мен жұмысшыларының қатысу ережелері нақтыланып, режимдік тұрғыда қадағаланып отырылғандығы сталиндік кезеңде ушыққан болатын.

Жоғарыдағы деректер, 1980 жылдардың соңына қарай, саяси-идеологиялық жағынан құлдырай бастаған кеңестік билік құрылымының бағыттарынан жан-жақты көзқарастар түзуге жетелейді. Яғни, кеңестік қоғамның бұрынғы кезеңдердегі өнеркәсіп-өндіріс, шаруашылық нысандарын қауіпсіздік органдарына жауапты ету арқылы, паспорттық режимнің тәртіптерімен қадағалау амалдары өз мәнін жойған болатын. Ал, адамдардың қоғамдық-партия шараларына өз құлықтарымен қатынасуына айтарлықтай ынтасы болмағандығын анық ұғынамыз.

1990 жылдары құжаттық тіркеу жүйенің қызметі КСРО мемлекетінің ыдырау мәселесіне қатысты қоғамдық толқуларда бір қырынан көрініс берді. 1991 жылдың соңына қарай, Қазақстанның жер-жерлерінде КСРО мемлекетін сақтап қалуға ұйымдастырылған референдумның аясында, дауыс беруге лайық  азаматтарды тұрақты мекен-жайлары бойынша барып, дауыстарын алу бойынша тиісті органдар деңгейінде қаулылар қабылданды [5, 17-п.]. Аталғандай шаралар, тұрақты тіркелім есептері аясында тұрғындардың референдумға толық қатысуын қамтамасыз ете отырып, қоғамдық белсенділіктің деңгейін анықтауға бағытталды. Алайда, мұрағаттық құжаттар деректерін саралау барысында, Қазақстанның бірқатар өңірлеріндегі қоғамдық пікірдің екіұшты болғандығын және Кеңестер Одағы мемлекетінің одан әрі өмір сүрін қаламайтындықтарын пайымдауға негіздер бар.

Қорытынды. Тараушада қарастырылған мерзімдегі құжаттық тіркеу жүйенің қоғамдық-әлеуметтік және саяси-экономикалық мәселелердегі ықпалдары, қоғамның күрделі тарихи үрдістерді бастан кешіргендігін тұжырымдауға жетелейді. Паспорттық жүйенің қызмет тетіктері, социалистік құрылысты нығайту мен оның ұстанымдарын азаматтарға саналы түрде сіңдірудегі құрал рөлін атқарды. 1970 жылдардың соңында еліміздегі тұрғындардың тиісті жас бойынша паспорттармен заңдастырылуы қамтамасыз етіліп, бірыңғай есепке алыну үрдісі аяқталды. Өндіріс пен шаруашылық саласындағы паспорттық режимдердің қатаң талаптары жойылғанымен, еңбек өнімділігін арттырудағы кеңестік басшылық пиғылдары жүзеге аспай қалды. Қоғамда бірқатар еркіндіктер мен құқықтық бостандықтардың белгілері орнағанымен, экономикалық өсім құлдыруға айналды. Партияның идеологиясы қоғамның басты табиғи және әлеуметтік талап-тілектерін қанағаттандырмады. 1990 жылдары аталғандардың себебінен паспорттық жүйенің амалдары өзіне артылған міндеттерді орындауға қабілетсіз болып, көші-қон, өндірістік-шаруашылық жоспарларды орындау мәселелеріндегі ағымдарды реттеушілік, қадағалаушылық рөлдерін жоғалтты.

Тараушада қарастырылған тақырып аясындағы құбылыстар мен ахуалдарды талқылай отырып, отанымыздағы кеңестік паспорттық жүйенің кезеңдік айырмашылықтарға ие болғандығына ой жүгіртеміз. Әр кезеңдегі саяси-идеологиялық билік ұстанымдарының көзқарастар жиынтығы, паспорттық жүйенің ережелеріне де ықпал өрісін тигізді. 1960-1980 жж. Аралықтарында отанымыздың тұрғындарына қатысты жүзеге асқан тіркеу жүйесінің тәсілдері, шаруашылық-өндірістік жоспарларды орындаудағы тетік құралынан айырылып, нақты бір қоғамдық мәселелердің айналасында топтасты.

Бұл тұрғыда кеңестік құжаттық тіркеу жүйе, өзінің мақсаттарын айқындағанымен, шет мемлекеттерге бару ахуалында азаматтардың жеке мүдделерін ескеруге қауқарсыздық танытты. Осы барыста, кеңес паспорты халықаралық ережелерден ауытқушылығын анықтады.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Рыбальченко Р.К. Паспортная система в СССР. – Киев: Вища школа, 1977. – 39 c.

2. ҚР ПМ(Қазақстан Республикасы Президенті мұрағаты). 708–қ., 62–т., 245–іс, 81–п.

3. ҚР ПМ. 708–қ., 62-т., 87–іс,  145–п.

4. ҚР ПМ. 708–қ.,146-т., 1998– іс,  107–п.

5. ҚР ПМ. 708-қ., 58-т., 16– іс,  220–п.

6. Базанова Ф.Н. Формирование и развитие структуры населения Казахской ССР: национальный аспект. – Алма-Ата: Казахстан, 1987. – 154 с.

7. ҚР ПМ.  708–қ., 108–т., 14–іс, 118–п.

8. ҚР ПМ. 708–қ.,  115–т.,  14–іс, 91–п.

9. ҚР ПМ.  708–қ.,  146–т., 24– іс, 42–п. 

References:

1. Rybalchenko R.K. Pasportnaıa sıstema v SSSR. – Kıev: Vıa shkola, 1977. – 39 s.

2. QR PM (Qazaqstan Respýblıkasy Prezıdentі muraǵaty). 708–q., 62–t., 245–is, 81–p.

3. QR PM. 708–q., 62-t., 87–is,  145–p.

4. QR PM. 708–q.,146-t., 1998– is,  107–p.

5. QR PM. 708-q., 58-t., 16– is,  220–p.

6. Bazanova F.N. Formırovanıe ı razvıtıe strýktýry naselenııa Kazahskoı SSR: natsıonalnyı aspekt. – Alma-Ata: Kazahstan, 1987. – 154 s.

7. QR PM.  708–q., 108–t., 14–is, 118–p.

8. QR PM. 708–q.,  115–t.,  14–is, 91–p.

9. QR PM.  708–q.,  146–t., 24– is, 42–p. 

Г.Д. СУГИРБАЕВА1, Б.К. ИСАБЕК 1, Ы.К. ОМАРБАЕВ2

1Доцент, к.и.н., Южно-Казахстанский государственный педагогический университет, г. Шымкент, Е-mail: sugirbaeva@mail.ru

2 Руководитель службы, РГУ «Қоғамдық келісім» при Президенте РК,

г. Нур-Султан, Е-mail: Rusbek_1492@mail.ru

ПОРЯДОК РЕГИСТРАЦИОННОЙ СИСТЕМЫ ДОКУМЕНТИРОВАНИЯ ВЫЕЗДА ЗА ГРАНИЦУ В КАЗАХСКОЙ ССР: ПЕРИОД ЗАСТОЯ

После сталинской системы власти, в СССР значительно смягчены процедуры документальной системы регистрации выезда за границу и принятия иностранцев. В конце 1960-х годов он был значительно налажен. В первую очередь, в рассматриваемый статье период особое внимание уделяем вопросам документирования населения страны в вопросе выезда за рубеж. Интерес и востребованность выезда за границу жителей Казахской ССР развивались по нескольким направлениям. Во-первых, в рамках государственной службы командировки, во-вторых, туристическая поездка, в-третих, в связи с личными причинами. В статье рассмотрены механизмы системы документальной регистрации, функционирующей в Казахской ССР в период застоя.

Ключевые слова: регистрация документов, государственный орган, виза, регистрационные отделы, социалистические страны.

G.D. SUGIRBAYEVA1, B.K. ISSABEK1, Y.K. OMARBAYEV2

1 Ph.D., Associateprofessor, South Kazakhstan State PedagogicalUniversity,

Shymkent, Е-mail: sugirbaeva@mail.ru

2 Head of service, RSI"Kogamdyk Kelisim" under the President of the Republic of Kazakhstan, Nur-Sultan, Е-mail: Rusbek_1492@mail.ru

REGISTRATION SYSTEM PROCEDURE FOR DOCUMENTING TRAVEL ABROAD IN THE KAZAKH SSR: PERIOD OF STAGNATION

In the post-Stalinist period, the USSR significantly relaxed the procedures for the documentary registration system for traveling abroad and acceptance of foreigners. In the late 1960s, it was significantly improved. First of all, in the period under review, we pay special attention to the issues of documenting the country's population in the matter of traveling abroad. The interest and demand for residents of the Kazakh SSR to travel abroad developed in several directions. First, within the framework of the state service, business trips, second, tourist trips, and third, due to personal reasons. The article considers the mechanisms of the system of documentary registration functioning in the Kazakh SSR during the period of stagnation.

Keywords: document registration, state body, visa, registration departments, socialist countries.

No comments

To leave comment you must enter or register