Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 02/08 ӘОЖ 94 (574) ТҮМЕН, МӨДЕ БАСТАҒАН ҒҰН ШАНЬЮЙЛЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ ДЕРЕКТЕРДІ ЗЕРТТЕУДЕ КӨҢІЛ БӨЛЕТІН ТҮЙТКІЛДЕР

ЖАНЫМХАН ОШАН, жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., ҚР БҒМ Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты. Алматы қ.

ҒТАМР 02/08 ӘОЖ 94 (574) ТҮМЕН, МӨДЕ БАСТАҒАН ҒҰН ШАНЬЮЙЛЕРІНЕ ҚАТЫСТЫ ДЕРЕКТЕРДІ ЗЕРТТЕУДЕ КӨҢІЛ БӨЛЕТІН ТҮЙТКІЛДЕР

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(19), 2019

Tags: Ұлы дала, титул, дала өркениеті, қаған, Мөде, түмен, ғұн шаньюйі
Author:
Ұлы дала саяси жүйесінің даму кезеңі Ғұн дәуірі деген тарихи кезеңге аяқ басқан тұстан бастап көшпенділердің саяси сахнадағы талас-тартыстары шаньюйлік билікке болған талас ретінде нақтылана бастады. Ғұндардың алып империясы құрылған күннен бастап шаньюй атағы дала төсіндегі мемлекеттік саяси жүйенің ең жоғары атақ-лауазымы ретінде хатқа түсе бастады. Сөйтіп бұл атақ ІІІ-ІV ғасырлар ауқымында «қаған» деген даңқты титулмен орын ауыстырғанға дейін сақталып тұрды. Көшпенділер билік жүйесінде «шаньюй» атауының «қаған» атауымен орын ауыстыруының өзі ұзақ тарихи кезеңді бастан өткерді. Қатысты деректерге негізделгенде бұл өтпелі кезең «Солтүстік ғұн» деп атаған империя құрдымға кетуіп, Сяньби тайпалары Орталық Моңғолияда өз билігін орнатқанға дейінгі аралыққа тура келеді.
Text:

Кіріспе. Қолда бар лингвистикалық материалдар қорының қазіргі жағдайы тұтас Алтайтану мазмұнына қатысты зерттеуді тек ғана көк түріктердің тілінен бастау мұқтаждығын туындатып отыр. Себебі, Ұлы далада көк түркілерден бұрын дәурен құрған ғұн, ухуань, сяньби, жужань т.б. көне этностардың тіліне қатысты мәліметтер өте аз. Сөйтіп, біздің дәуірімізге олардың өте аз мөлшердегі сөзінің қытай иероглифімен жасалған транскрипциясы ғана жеткен. Өкінішке қарай, осындай азғана сөзге сүйеніп аталған көне этностардың тіліне кешенді ғылыми зерттеу жүргізудің мүмкіндігі жоқтың қасы.

 Солай дегенмен, далалық аймақта құрылған осынау империялардың тіл, мәдениет пен дәстүрлі саяси жүйесі қатарлы жақтарда бір-бірімен байланысты болуы, олардың арасында мәдени және рухани мұрагерліктің сақталуы және тарихи жалғастықтың сақталып отыруы біздің кейбір ізденістерімізге өз көмегін көрсете алады. Соның ішінде саяси жүйедегі тарихи мұрагерлік пен сол негізде сақталған тарихи жалғастықтың тигізер көмегі өте көп. Себебі, көшпенділер тарихында билік ауысқан тұста алдыңғылардың саяси жүйесінде қолданыста болған далалық жүйеге келесі кезекте билікке келген әулет мұрагерлік етіп, қолданысқа енгізіп, жалғастырып отырды. Ұлы даланың саяси өмірінде орын алған мұндай әулеттік билік ауысу кезінде билік кей кезде тіпті бір этностан екінші бір этностың қолына өтіп отырды. Кей тұстары ескі және жаңа билік иелері тіпті Алтай тілдері жүйесінің екі басқа тілінде сөйлейтін этнос болып шықты. Соған қарамастан, біртұтас жүйеге айналған саяси титул өз қалпын сақтап жалғасын таба алды. Ұлы даланың саяси тарихында сақталған мұндай дәстүр біздің әр дәуірде сақталған саяси титулдарды бір-бірімен байланыстыра қарастыруымызға аса зор көмек көрсетіп отыр.

Бізге белгілі ең ертедегі саяси титулдың бірі «шаньюй» деген атпен белгілі. Шаньюй титулының этимологиясы, мәнісі мен міндеті Ұлы дала елінің көне саяси мәдениетіндегі мән-мағнасы қатарлы тізбекті мәселелер бұған дейінгі зерттеулерде көп қарастырылған тақырып саналады. Біз мұнда ғұндарға қатысты мазмұндағы деректерге деректанулық зерттеу жүргізу кезінде ғұн шаньюйлерінің аты-жөні мәселесін дұрыс танып, деректемелерде әуел бастан қордаланған мәселені дұрыс түсінуде көңіл бөлетін бірер мәселе туралы азды-көпті тоқталуды мақсат етіп отырмыз.

Талқылау. Ғұндарға қатысты қытайдың тарихи деректеріне деректанулық зерттеу жұмысында ғұн шаньюйлерінің ныпсысы мәселесі ең бір күрделі мәселе саналады. Бұл өз кезегінде ең бірінші оқырманға дұрыс мағлұматтар беруге тіке қатысты болса, қала берді көшпенділердің мемлекет жүйесінің сырын ашуда дұрыс жолға бастайтын маңызды ғылыми мәселе саналады.

Мұнда назар аударуға тиісті мәселенің бірі шаньюйдің аты-жөні мәселесі болып табылады. Шаньюйдің аты-жөніне келсек бұл шаньюй болған тарихи тұлғаның шыр етіп дүние есігін ашқан тұста қойылған аты болуға тиіс. Бізге белгілі болған тарихи деректерде ғұн шаньюйлерінің бұл мәселеге қатысты тұсы ашық көрсетілмейді. Сөйтіп, деректемелерде иероглифтер тізбегінен тұратын кешенді тіркес сақталған. Сол себепті мәтінді деректанулық зерттеу кезінде әлгіндей тіркеске сараптамалық талдау жасап, иероглифтік тіркестердің ара-жігін ажыратуға тура келеді. Қытай тарихшысы Сыма Цяньнің «Шицзи» (Тарихи жазбалары) атты тарихи еңбегі мен Бань Гудің «Хань шу» (Хань патшалығы тарихы) кітапында дәл осындай жағдай жиі қайталанып отырады.

Әдістер. Мақаланы жазуда негізінен тарихи деректерге сараптамалық мәтінтанулық талдау жасау әдісі қолданын, тарихи мәселені талқылауда тарихи жалғастылық тұрғысынан қарастыру өзекті орынға қойылды.

Нәтижесі. Сыма Цянь өз еңбегінде ғұн билеушісінің титулы шаньюй деп аталғаны туралы мәліметті б.з.д. 337-311 жылдарға қатысты уақиғаларға байланысты тіркеді [1, 2450-б.]. Бірақ ондағы ғұн шаньюйінің аты-жөні көрсетілмеген. Сөйтіп, аты-жөні белгілі ең алғашқы ғұн шаньюйі ретінде Тоумань (Түмен) мен Маодунды (Мөде) атауға тура келеді. Сыма Цянь олар туралы тоқталған кезде: «ғұндардың шаньюйі Тоуман ( Tóu màn), ...оның мұрагер ұлы Моду (Mòdú [1, 2887-2888-бб.] деп көрсеткен. Сыма Цян тағы бірде: Моду өлгеннен кейін оның ұлы Цзичжоу (Jī zhōu) таққа отырып, Лаошан шаньюй деп аталды [1, 2898-б.] деген мәліметті келтіреді.

«Ханьшу» кітабында «Суй луй цянь цуй шаньюй өлгеннен кейін оң қол ваны Туцитаңді  таққа отырғызып, Во янь цюй ди шаньюй деп атады» деген дерек кездеседі [2, 3789-б.]. Бұл туралы тағы «Кейін келе Гуси ваны Ушанму және сол қанаттың ақсүйек билеушісімен бірлесе отырып Цзихоушанды Хуханьсе шаньюй деп ұлықтады деген мәлімет тіркелген [2, 3790 -б.].

Жоғарыдағы деректемелерде көрсетілген «Цзичжоу» оның аты болса, «Лаошан» оның шаньюйлік атағы деуге тура келеді. Сол сияқты «Туцитаң» тарихи тұлғаның есімі, ал «Во янь цюй ди шаньюй» деген шаньюйлік аты деп түсінуге тура келеді. Ал, Бан Гу жазып қалдырған «Цзихоушан» тарихи тұлғаның аты болса, «Хуханьсе» оның шаньюйлік атағы болып табылады.

Бізге белгілі болғанындай ғұн шаньюйінің аты ретінде көрсетілген қытай жазбаларындағы тіркестер негізінен осы үлгіде сақталған. Дегенмен, кей кезде бұл тәртіпке үйлеспейтін жәйттер де кездеседі. Бұл олардың билік жүйесінде сақталған алабөтен жағдайдың орын алуының нышаны емес, керісінше қытай авторларының жіберген ағаттығынан болған деп қарастыруға тура келеді. Себебі қытайдың орда тарихшыларының алыстағы көшпенді елдің әрбір билеушісі туралы дәлме-дәл мәлімет беруі де кәдік еді. Егер қытайлық тарихшылардың ғұн билеушілері туралы дәлме-дәл мәлімет бере алған кезі де болған деп қарауға тура келсе, онда мұндай мәлімет мейілінше соңғы кездегі тарихтың еншісі деп саналуы керек. Бұл тұста қытайлар мен ғұндар арасында қарым-қатынастар анағұрлым жақындап, бір-бірін етене танып-біле бастаған болатын.

Осындай тарихи жағдайға байланысты б. з. б. 60 жылы дүниеден өткен ғұндардың Сюйлюй-Цюаньцюй (Xūlǘ quánqú) шаньюйіне дейінгі ғұн шаньюйлеріне қатысты көрсеткіштердің барлығы шамасы олардың шаньюйлік атағы ғана болған деген қорытындыға келуге тура келеді. Мұндай болғанда Тоуман, Моду, Цзуньчэн және Сюйлюй-Цюаньцюй дегендердің барлығы олардың есімі емес, шаньюйлік атағы болып шығады. Тарихшы ғалымдар Тоуман сөзін түркі-моңғол тілдерінде он мың дегенді білдіретін «түмен» сөзінің байламасы деп санайды [3, 230-б]. Бұл пікір әлемдік деңгейдегі ғалымдар тарапынан өз кезінде қолдау тапқан әрі күні бүгінге дейін өз құндылығын жоғалтқан емес [4, 223-224-бб]. Сол қатарда осыдан бір ғасыр бұрын Моду (Мөде) сөзі де түркі-моңғол тіліндегі «бахадүр» сөзімен байланысты деп пайымдалды әрі аталған пікір қолдау тауып онан әрі дами түсті [5, 9-б]. Сондай зерттеудің бірінде Жапон ғалымы Сиратори Куракичи: Моду деген даңқты атты түркі-моңғол тіліндегі бағдo (Bagdo) немесе Боғдо (Bogdo) сөзімен байланысты қарастырды [4, 224-б].

Осы және басқа деректемелерге қарағанда ғұн шаньюйлерінің титулы  бірнеше сөз тіркесінен тұратынын жете ескерген жөн. Бұл тіркестердің ұзын ырғасы төмендегідей: бірінші, тұлғаның аты-жөні, қазіргі сөзбен айтқанда шаньюйдің азан шақырып қойған аты; екінші, шаньюй болғаннан кейінгі шаньюйлік атағы осы екі бөлімнен құралған. Ғұндардың мемлекеттік саяси жүйесінде әр бір ғұн шаньюйінің жеке өзіне тиесілі шаньюйлік атағы болған, бұл атақ оны шаньюй етіп ұлықтап таққа отырғызған тұста тағайындалатын болған, тарихи тұлға шаньюйлік таққа отырғаннан кейін сол шаньюйлік атақпен алыс жуыққа әйгілі болып отырған. Солай дегенмен, ғасырлар өте келе, кей кездері тарихи тұлғаның шаньюй болғанға дейінгі атағы, сондай-ақ шаньюй дүниеден өткеннен кейін берілетін «құрметті атағы» да жазылатын болған. Мұндай жағдайдың орын алуына кейде қытайдың орда тарихшылары да себепкер болуы мүмкін.

Қорытынды. Қорыта айтқанда қытай деректеріндегі ғұн шаньюйлерінің аты Тоумен (Түмен) мен Модуден (Мөде) басталуы оларды осы екі тарихи тұлғадан бұрын «шаньюй» деген атақ-лауазым болмаған дегенді түсіндірмейді. Шаньюй атағы ғұндардың саяси жүйесінің ең маңызды бір бөлігі ретінде өте көне дәуірдің туындысы. Ғұндар үшін шаньюй олардың арғы ата-бабасынан қалған далалық билік жүйесінің көне жәдігері саналған. Ең маңыздысы кейінгі тарихи дәуірде  көшпенділердің билік жүйесіндегі ең жоғары лауазымдық атақ болған «шаньюй» атауы «қаған» атауымен орын ауыстырды. Тарихи деректер бізге «шаньюй» және «қаған» деген атаулар орын ауысқанымен, ғұн дәуіріндегі тұтас билік жүйесі бұрынғы қалпын құратпай сақтап, түркі дәуірінде  жалғасын тапқанын түсіндіріп береді.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.  Sī Mǎqiān: «Shǐjì», Běijīng: Zhōnghuá shūjú jiào diǎn běn, 1959 nián // 司马迁: « 史记», 北京: 中华书局校点本, 1959 年. – 130 juan.

2.   Bān Gù: «Hàn shū» juǎn 94 shàng, «Xiōngnú zhuán» shàng. Běijīng: Zhōnghuá shūjú jiào diǎn běn, 1962 nián. // 班固:«汉书» 卷94 上 «匈奴传» 上. 北京:中华书局校点本1962 年. – 120 juan.

3.  Friedrich Hirth, “Sinologische Beiträge zur Geschichte der Türk-Völker. I. Die Ahnentafel Attila's nach Johannes von Thurócz”, St. Petersburg: Wissenschaften, 1900. – 221–261 рр.

4.  Shiratori Kurakichi: 白鸟库吉著 «西域史研究»上下2册全,  岩波书店 1944年.–  528 р.

5.   Parker E.H., A Thousand Years of the Tartars, London &New York & Bahrain: Kegan Paul Limited, 2002. – 288 р.

Referenses:

 1. Sīmǎ Qiān: «Shǐjì», Běijīng: Zhōnghuá shūjú jiào diǎn běn, 1959 nián. – 130 juan.

 2. Bān Gù: «Hàn shū» juǎn 94 shàng, «Xiōngnú zhuán» shàng. Běijīng: Zhōnghuá shūjú jiào diǎn běn, 1962 nián. – 120 juan.

3. Friedrich Hirth, “Sinologische Beiträge zur Geschichte der Türk-Völker. I. Die Ahnentafel Attila's nach Johannes von Thurócz”, St. Petersburg: Wissenschaften, 1900.– 221–261 рр.

 4. Shiratori Kurakichi: Bái niǎo kù jízhe «xīyù shǐ yánjiū» shàngxià 2 cè quán, yánbō shūdiàn 1944 nián. –  528 с.

 5.  Parker E.H., Thousand A.  Years of the Tartars, London&New York& Bahrain: Kegan Paul Limited, 2002. – 288 р.

ЖАНЫМХАН ОШАН

к.и.н., ведущий научный сотрудник Института востоковедения

им Р.БСулейменова

 КН МОН РК

г. Алматы, Казахстан

ГЛАВНЫЕ ВОПРОСЫ В ИССЛЕДОВАНИИ ТЕКСТОЛОГИИ КАСАЮЩИХСЯ ИСТОЧНИКОВ О ТОУМАНЬ, МОДЭ И ДРУГИХ ГУННСКИХ ШАНЬЮ

Определение титулов шанью в Китайских источниках, «Шицзи» (Исторические записки), «Ханьшу» (История Династии Хань) является самым главным вопросом. Эта работа требуют в первую очередь, исследовании в текстологии касающих источников. Здесь необходимо определить наиболее важные вопросы, на которых следует сосредоточиться. При решении проблем, связанных с дефицитом исторических данных, необходимо обратить внимание на многовековую культурную преемственность в древнем государственном устройстве великой степи.

Ключевые слова:Шаньюй, Тумен, Модэ, Великая степь, титул, каган, кочевая цивилизация.

ZHANYMKHAN OSHAN

Candidate of Historical Sciences, Leading Researcher

of theR. B. Suleimenov Institute of Oriental Studies

CS MES RK

Almaty, Kazakhstan

MAJOR ISSUES IN RESEARCH OF TEXTOLOGY CONCERNING

THE SOURCES ABOUT TUMAN, MODE AND OTHER HUNG SHANU

The definition of Сhanyu titles in Chinese sources, such as “Shiji” (Records of the Grand Historian), “Hanshu” (History of the Han Dynasty) is the most important issue. This work requires, first of all, a study in textology of relevant sources. Here you need to identify the most important issues to focus on. When solving problems associated with the lack of historical data, it is necessary to pay attention to the centuries-old cultural continuity in the ancient state structure of the Great Steppe.

Keywords: Chanyu, Tumen, Mode, Great Steppe, title, kagan, nomadic civilization.

No comments

To leave comment you must enter or register