Яндекс.Метрика
Home » Materials » Батыс ғұндары және олардың Еуропадағы ықпалы

Ескендірұлы Сәден (Қытай Халық Республикасы)

Батыс ғұндары және олардың Еуропадағы ықпалы

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1

Tags: халықтардың, Рим, Азия, Еуропа, ғұндары, батыс, ұлы, қоныс, аударуы
Author:
Шығысханның соққысына төзе алмаған теріскей ғұндары заманымыздың 91- ші жылы батысқа ауып кетті. Осы батысқа ауған ғұндар қазақ даласында 200 жылдай тұрақтап, IV ғасырдың соңғы жартысында күшейіп, аландарды бағындырды, осыдан кейін Қаратеңіздің терістігіндегі герман тайпаларын бағындырып, еуропадағы ғұн империясын құра отырып, ‹‹Еуропа халықтарының ұлы қоныс аударуына›› ықпал етті, Рим империясын күйретіп, еуропа тарихының үрдісіне орасан зор өзгеріс әкеліп, Азия мен Еуропаның мәдениетін ұштастырған әлем тарихындағы өшпес ізімен белгілі болды.
Text:

Қытайдағы «Апиын соғысы» кезіндегі сегіз мемлекеттің бірлескен әскерлері 1900 жылың 27-шілдесінде Германияның Бремен(Bremen) айлағына басқыншылық жорыққа аттанды. Германия королі Вильгельм II жорыққа аттанбақшы әскерлер алдында: «Кімде-кім тұтқынға түссе соның соры қайнасын, аяушылдық болмасын, тұтқындаудың қажеті-де жоқ, құдды осыдан мың жыл бұрын айбары көкті тіліп атойлатқан Аттила басқарған ғұндардың Еуропада қаһарымен қан жауғызатын үрейлі, аңыздары күні бүгінге дейін құлағымызда жаңғырып тұратыны секілді, немістердің де айбары сендер арқылы қытайлардың есінде мәңгілікке үрейлі елес болып, бетімізге қарауға да дәті бармастай сақталатын болсын!»[1] деген болатын.

Бірақ, тарихтың таразысы оның керісінше, ақиқатына қарай ұйғарым жасағаны әлем халқына белгілі. Вильгельм II-нің дәл осында түсінбей отырғаны, «тәңірдің қамшысы» аталып еуропалықтардың жонынан таспа тіліп, үрей-құтын қашырған Аттиланың ата-бабалары, тіпті, осы Аттиланың өзі күллі Европаға үрей салуынан үш ғасыр бұрын-ақ, Орталық империямен-де үш ғасырдан астам уақыт тіресіп ең соңында табан тірер тиянақ табудан үміті кесілгендері Еуропаға қарай ығысып, тынымсыз сапырылысқан еуропа халықтарының екі ғасырлық ұлы қоныс аударуына ықпал етіп, олардың тарихи руханияты естеліктеріне өшпестей, аңыздарын таңбалап кеткені белгілі. Мақалада, Вильгельм II сөз етіп отырған ғұндардың батысқа ығысуы және олардың Еуропадағы әрекеттері мен кейінгі тағдыры баяндалады.

I. Көш басы-Талас бойына ауған Тезек тәңірқұт
II.
Ғұндар жаңа дәуірімізден бұрынғы 209-жылы Мөде тәңірқұт билік тізгінін қолына алып, ұлы қорғанның терістігін бірлікке келтіргеннен бастап, тіпті, бұдан бұрынырақ та орта жазық императорларымен үнемі қақтығыста болатын. Хан империясының тұңғыш ханы Лю Баң жаңа дәуірден бұрынғы 199 жылы, ақпанда «Байдыңшанда қоршауда қалу» оқиғасынан кейін, Хан императорының кеңесшісі Луо Жың ғұндарға «әулеттік құдаласу арқылы тізгіндеп тұру›› саясатын қолдануды ұсынды.

Луо Жыңның ұзақ болашақтық саяси бағдарламасы Чин Шыхуаңның ұлы қорғанды салдырғанына қарағанда тиімді, әрі, ақылға сыйымды шара еді. Тек, Мөде тәңірқұтұсында Хан елінің ұлы міндетін арқалаған екі аруы өз бақыттарын (саясаттың) құрбандыққа шалып, тағылар аталған аты шулы ғұндарға «Атше» (тәңірқұт тоқалы) аттандырылды. Осыдан соң, Хан Уди патша б.д.б. 174 жылы Қайұқ тәңірқұтқа тағы бір ханшайымын ұзатты. Хан Жиңдидың де б.з.б. 156 және 152 жылдары тағы да екі ханшайымын Күн тәңірқұтқа ұзатқаны белгілі.

Сол Хан Жиңдидың Күн тәңірқұтқа ұзатқан Нан гун ханшайымынан ғұндардың 9- шы тәңірқұты Чұтқұ (б.д.б. 101–96 жж.) туылған болатын. Ғалымдардың пікірі бойынша Чұтқұ тәңірқұт мұрагері, ғұндардың 13-ші тәңірқұты Ұянжұт (б.д.б. 60–58 жж.) міне осы, Нан гун ханшайымның ұрпақтары болып келіпті. Тіпті, Хан Удидың алғашқы билігі тұсында да жоғарыдағыдай «әулеттік некелесу» жалғаса бергені мәлім.

Әйтседе, Хан елінің қыз беріп, құдаласқанына қарамастан, табиғатына сай, шексіз даланың еркін жортуылшы ғұндардың атты жасақтары Хан елінің шекара аймақтарында толассыз жортуылдар жасаумен ғана тынбай, астанасы Чаң-анды да шабуылдап, тонауға ұшырататын. Оның үстіне, Орта жазықтың батыстағы басқа елдермен болатын дипломатиялық қарым-қатынасы да тоқырауға ұшыраған еді. Осындай қиын жағдайда Хан императоры Хан Уди (б.д.б. 144–87 жж.) уәзірлерінің қарсылығына да қарамастан «тәуекелге бекініп» б.д.б. 133 жылы 300 мың әскермен ғұндарға соғыс ашып, «әулеттік некеге» арқа сүйеген, 65 жылға созылған ымыраласу саясатын әскери стратегиялық шабуылға өзгертіп, екі ғасырға созылған қанды және баяу соғыстың шымылдығын қайта ашты.
Хан Уди осы, б.д.б. 97 жылға дейінгі 36 жыл ішінде ғұндарға оннан астам кең көлемде жорық жасады. Ол, Хан патшалығының түбегейлі жеңісіне қол жеткізе алмағанмен, ғұндарға аяусыз соққы беріп «тежеусіз кеткен күшті жау» дейтін таным тәлкегінен арылып, батыстағы қыруар елдермен қарым-қатнасын қалпына келтірді. Әйтседе, жеткен жеңісінен берген бодауы да кем түспейтін. Әсіресе, б.д.б. 90-шы жылы қайнағасы Ли Гуаңлі 70 мыңнан астам жасағынан айрылып ғұндарға бағынып кеткеннен кейін, Хан Уди жарым ғасырға жуық толарсақтан қан кешіп жүргізген жорығын доғара тұруға бұйрық берді.

Бірақ, бұл екі жақтың қарсылығының аяқтауы емес еді, тек дауыл бір сәтке саябырсығаннан кейін, ізінше жалғаса берді-де, ғұндардың өз ішінде-де тыныштықты, аңсаушылар табыла бастады. Бір жағынан, этникалық құрамы сан түрлі құранды халық, тұтастықтың мүмкіндігін жалғастырудың есесіне, қырық пышақ болып қырқысып, ғұн билігінің ішкі саяси дағдарысын асқынта түсті.

Нан гун ханшайымның шөбересі Қоянды тәңірқұт (б.д.б. 86–68 жж.) билік құрған тұста, бір жағынан қыс қатал болып, көшпенді елді тыйтықтатса, енді бір жағынан, ағуан, диңлиңдердің ереуілі ғұн билігін есеңгіретіп тастаған болатын. Нан гун ханшайымның тағы бір шөбересі Шұрұчанчу тәңірқұт (б.д.б. 68–60 жж.) ішкі дағдарыстан Хан патшалығымен дағдылы құдандалық арқылы арылуға құлшыныс жасағанмен, ол да мақсатына жете алмай дүниеден өтті-де, ендігі билік басына Қоянды тәңірқұттың әтчесі(тоқалы) Жанқаның қолдауымен ғұндардың 6-шы әулеті тәңірқұті Ұуының 5-ші әулеті Ұянжұт (б.д.б. 60–58 жж.) орналасты. Ол бар күшімен Хан патшалығымен достасуға тырысса да сарай билеушілерінің қолдауына ие бола алмай, тығырыққа тіреліп, өзін-өзі мерт қылып, ғұн билігінің ыдырауына алып келді.

Ғұн билігінің ыдырауы, билікке таластың асқынғандығының табиғи салдары еді. Әулеттік неке саясаты қордаланған қайшылықтың отына май құйғандай ғұн үстемдігі ғұмырын тіпті-де қысқарта түсті. Осылайша шешімін таппаған қайшылықтар Ұянжұтәңірқұттың тұйыққа тірелген тағдырымен астасын, «бес тәңірқұттың билік таласына» ұласты.

Осы бес тәңірқұт таласында жеңгендердің бірі Нан гун ханшайымның 4-ші ұрпағы, заңды тақ мұрагері Қоғышар тәңірқұт (б.д.б. 58-31жж.) б.д.б. 51-ші жылы Хан патшалығына арқа сүйеп, бодандылық білдіріп жан сауғалады. Ал, енді бірі, Қоғышардың шешесі бөлек өз, ағасы Солжанақ Білге қаған Хадаңас б.д.б. 56-шы жылы өзін Тезек Құтағұ тәңірқұт деп жарялайды да, інісімен өліспей беріспейтін қанпезер жауласқа айналып, ғұндар ресми қақ жарылып, Мөде тәңірқұттан бері бір жарым ғасыр бойы «тәңірдің ерке ұландары» аталған сән-салтанаттарынан бір жолата айрылды.

Туған інісімен ат кекілін кесіскен Тезек тәңірқұт алыс қандасы үйсіндерден қайыр күтіп қолтығына кірмек болғанда, кіші Күнби Өжеттің қарсылығына ұшырайды. Сондықтан, ол терістікке жылжып, ілгерінді-кейінді Ертістің жоғарғы, аңғарындағы оғыздарды, Ертіс пен Балқаш аралығындағы батыс телелерді және Енесейдің жоғары, ағысындағы қырғыздарды бағындырып Енесей бойына орда тігіп орнығып алды да[2], інісі мен Хан елінен кек алмаққа бекіді. Оның ең күшті жауы Хан патшалығы емес еді, керісінше, бір-бірімен сыралғы етбауыр туғаны Қоғышар тәңірқұт болатын. Бұл тұста оның 50 мыңнан астам жасағы болғанымен, бүлінген елден бөлінген Тезек тәңірқұтың Қоғышар тәңірқұтті бағындырарлық та, Хан елімен соғысарлық та қауқары қалмаған болатын. Сондықтан ол б.д.б. 44-ші жылы үйсіндердің бақталас көршісі Балқаш пен Каспий аралығындағы қаңлы жеріне ауа көшті, әрі қаңлы ханының қызын алып, қаңлы ханына қызын беріп, әккі саяси ‹‹қайшы құдалық›› жасап күш сақтап қалуға тырысты. Бірақ, тәңірдің тәлкегіне жолыққан Тезек тәңірқұтқа ілесушілер қаңлыларға жеткенше қақаған қыста суыққа ұрынып 3000 адам ғана әзер жетті[3]. Қаңлылар Тезек тәңірқұтқа Шу өзені бойынан қоныс берді, соңынан Тезек тәңірқұт қолдаушыларымен Талас өзені бойына ауып кетті, осы баянсыз көш ғұндардың есте қаларлық, кең көлемдегі тұңғыш батысқа ауған ұлы көші еді.

Тезек тәңірқұт Шу мен Талас өзені арасына келіп орналасқан соң, парсларға қарсы Рим имперясымен одақтасып, айналасындағы әлсіз елдерге бүйіше тиді. Бір жағынан, көршілес Аорұс (奄蔡 аландар), Ферғана қатарлы елдерге салық салып, үйсіндерге толассыз шабуыл жасаса, енді бір жағынан, қаңлының ханын қорлап халқын қанап, зорлық-зомбылықпен екі жыл ішінде күніне 500 адамды міндетті жұмыс атқаратын міндеткерлікте ұстап, өзіне Таластың бойындағы қазіргі Жамбыл маңынан Рим үлгісіндегі қорған-«Тәңірқұт ордасын» салғызып, жауларынан қорғанбақ болды.

Дегенімен, Тезек тәңірқұттың бұл өңірдегі үстемдігі ұзаққа бармады. Оның қаңлы жеріне келуінен бұрын Хан ордасының елшілері Гү Жиды өлтіргендігі үшін, Хан патшалығының батыс өңірдегі басқағы Ган Яншоу мен оның көмекшісі кіші аламан Чын Таң патша Хан Юандидың жарлығынсыз-ақ, б.д.б. 36-шы жылының күзінде батыс өңірдегі 15 бектіктен қосын құрап өзінің тың игеруші жасақтарымен қосқанда 40 мың сайлауыт қосынмен Талас бойындағы тәңірқұт ордасына жойқын жорығын бастады. Әлкей Марғұлан «Эпос тудырған ортаның мәдениетке қосқан үлесі» атты еңбегінде Талас бойындағы бұл жойқын соғыстағы ғұндардың ұлы күшінің қаңлылар, чұбындар (shubindar), жалдамалы Рим әскерлері екендігін айта келіп, Тезек тәңірқұттың қорғаныс қаласының салынуының тым күрделі екенін, сыртқы қорғанның қабырғасында көптеген оқ ататын тесіктерінің бар екенін суреттеген[4].

Алайда, қала қорғаны қаншалықты бекем болғанымен тарихшы Бан Гудің айтқанындай б.д.б. 44-ші жылы Тезек тәңірқұттың үсікке шалдыққан адамдарынан 3000 адам ғана Шу бойына әзер жеткені шын болса, 8 жыл ішінде жер қайыстырған 40 мың сайлауытқа төтеп берердей әзірлік жасап үлгіруі мүмкін емес еді. Оның үстіне маңындағы көршілестері мен қаңлылардың өзі де Тезек тәңірқұтқа сенімсіздік танытқан еді.

Ган Яншоу мен Чын Таң жорықшы құрама қосынды алты топқа бөлді-де, үш топ оңтүстік жібек жолын бойлап Көкарттан асып Ферғана арқылы қаңлы жеріне кірді. Қалған үш топ Ган Яншоу мен Чын Таңның тіке басқаруымен Үш Тұрпаннан солтүстік жібек жолын бойлап үйсіннің Қызыл, Аңғарын бетке алып үдіре тартты. «‹Ханнама 70-бума› Ган Яншоу мен Чын Таңның өмір баянында»:-Ган Яншоу мен Чын Таң Ыстықкөлдің батысында үйсінді шауып қайтқан қаңлының кіші ханы Бүденмен қақтығысып, одан үйсіннің тұтқындарын арашалап қалғаны, Бүденнің қоластындағы, ақсүйегі Енәдүкті тұтқындап, оның Тезек тәңірқұтпен жаукөз нағашысы Батшігізінің қолдауында және Батшігізінің ұлы Кімюдің жол бастауымен қаңлыға жеткені, қаңлы дегдәрі Дәмік дегенмен құпия одақ құрып, қаңлы және онымен көршілес елдердің көңлін орнықтырғаны айтылады. [5]

Ішкі-сыртқы жағдайды толық меңгеріп болған соң, жорықшы армя қорғанға үш ли қашықтықта шеп құрып шатыр тікті. Қаннен қаперсіз қапыда қорған ішінде мыңнан астам сарбазымен қамалып қалған Тезек тәңірқұт енді тек тәуекелге мініп қара тұяқтан хал кеткенше алысудан басқа жол жоқ екенін әбден түсінген болатын. Соғыс төтенше қиян-кескі болғанымен, Тезек тәңірқұт оңай жан бере қоймады, алғашында Хан қосынын едәуір шығынға ұшыратты. Бірақ төрт қабырғасынан қыспаққа алған 40 мың қолдың тегеурініне төтеп бере алмады.

Түн ортасында қаңлының бір түмен қосыны көмекке келгенмен, Хан құрама қосындары жағынан кері шегіндірілген еді. Екі қабат қорғанның сыртқы қорған тамы, ағаштан қаланған болатын, таң атқанда Хан құрама қосыны, ағаш қорғанды өртеп тастады, Тезек тәңірқұт ішкі қорғанға кіріп қасарыса қарсылық көрсетті. Оның бірнеше әтшелері де Тезек тәңірқұтпен бірге қорғанға шығып жебе тартып оққа ұшты. Тезек тәңірқұттың да мұрнына жебе тиіп ауыр жараланды. 40 мың сайлаут қосын бір тәулік шайқасып тәңірқұт ордасына басып кіріп, Тезек тәңірқұттың басын кесіп Чаң-Анге тездете жөнелтілді. Деректерге қарағанда, Чын Таң жеңіске жеткен сөң, тәңірқұттың әтшелері, ханзадалары, көлік хандары және одан төменгілері болып жиыны 1518 адамның басы кесілген, 145 адам тұтқындалған, мыңнан астам адам тізе бүккен, тәңірқұт қаласы әр елден келген 15 ханға бөліп берілген[6].

Тезек тәңірқұттың тағдыры Қоғышар үшін әрі қуаныш әрі үрей болды. жағасына жармасқан жауының тұқымы тұздай құрып, теріскейдің тізгін-шылбырын өз қолына жеке-дара алғанымен, өзінің қыл мойнында да құрық ілініп тұр еді, сондықтан ол б.д.б. 33-ші жылы Хан сарайына адалдығын білдіріп елдесуге барады, әрі күйеу бала болып некелесу ниетін-де білдіреді. Хан Юанди-де оған сарайындағы текті кісілердің қызы Уаң Чяңды ұзатып, оның ниетіне құрмет көрсетеді.

Уаң Чяңның жанама аты Жау Жүн, «ғұндарды орнықтырушы әтше» мәртебесін алған, қытайдың ерте заман тарихындағы төрт арудың бірі еді. Одан туылған жалғыз ұл — Етадеңас кейін оң нетүкхан болып ғұндарға қызмет атқарған. Міне, осылай, Хан патшалығымен түстік ғұндардың әулеттік құдандалығы қайта жаңғырып, саяси ымыраластығы уақытша болса да қалпына келді.

Бес тәңірқұт қақтығысы Хан патшалығының ғұндарды ығыстырып батыс өңірді бағындыруына зор мүмкіндіктер беріп, бұдан былайғы жерде екі жақ арасында 60 жылдан астам уақыт өзара бейбітшілік заман орнап қана қоймай, ғұндар арасында да бір ғасырдан астам уақыт тұтастық сақталды. Бірақ, ғұндар арасындағы ғасырға жалғасқан бұл тұтастық саяси-идеялогиялық бірауыздылыққа байланған ұйысу емес еді. Көгенделіп жататын күрделі-де, көп қайшылықтарын тек көшпенділердің далалық табиғаты ғана жасырып тұрған болатын. Алауыз араздықтар, ағайын ара жең ішінде көмескі жалғасқан, сырт көзге сыр бермейтін бұндай тымырсық тыныштықтың сойқаны соңына жасырынған. Бас-басына би жасап ту көтерген, бірлік жүйесі үйлестірілмеген тағы мінез далалық топтар мен феодалдар ішіне түйілген осы дерттің түбінде ем қонбас опыққа апарып соғарын өраймен уақыт қана күтіп қалған болашақ болмыс еді.

ⅡҒұндардың Тезектен кейінгі көші

Зорға бірлік сақтап тұрған аралас, құранды халықтың қордалы қайшылық түйнегінің жарылар кезі күн тәртібіне тіркеліп жедел дами берді. Оның үстіне уақыт өте келе Лұо Жиңның «құдандалық" саясаты да өз құдіретін таныта бастаған. Жаңа эраның 46-шы жылына жеткенде ғұндардың құдіретті тәңірқұті Ря (18–46 жылдары билік құрған) дүниеден өтіп, шаңырағы қайта шайқалып, құты қаша бастады.

Оның мұрагер ұлы Адаттеғұ (烏達鞮候 тәңірқұт болып, ұзаққа бармай дүниеден өтті, енді бір ұлы Бана(奴蒲) тәңірқұт тағына отырысымен, бақталастық асқынып Бана тәңірқұтқа бағынғысы келмеген, Ря тәңірқұттан бері ғұндардың түстігіндегі сегіз руға билік жүргізетін Оң Өкен нетөкхан Бей (比) заманымыздың 48-ші жылы Орхон өзенінің жағасынан қазіргі ішкі моңғұлдың Шұфаң, Иұнжұң және Уұян қатарлы аудандарына көшіп келіп, өзін Қағанза тәңірқұт деп атады да, шығыс Хан патшалығына бодандылық білдіріп, соған арқа сүйеді.

Міне, осылай, ғұндар екінші рет тағы да теріскей және түстік болып түбегейлі екі қағанатқа бөлініп кетті. Түстік ғұн осыдан бастап күн сайын құдіреттене берді. Ал, теріскей ғұндар үшін жұт тоғыз, ағайынды болып, кетеуі кетіп құлдырай берді. Бір жағынан, оларға тәуелді сібірліктер (сәнбилер), ағуандар және диңлиңдер іштен көтеріліп өз елдіктерін құруға үміттенсе, енді бір жағынан, өз ішінен билікке таласқан, ағайындар жік құрып, билікті одан әрі әлсірете бастады. Бағдардан жазып бақтары тайған тарғалаң сәтте, тәңірдің жазмышындай шегіртке апаты мен жұқпалы ауруы да қабат келіп, теріскей ғұндар ес жия алмастай халге түсті. Әйтседе, теріскей ғұндардың біржолата жойылып кетуіне уақыт әлі-де ерте еді. Осыдан соң, теріскей ғұндар Хан еліне талай рет елші салып ежелгі «құдандалықты» қайта жаңғыртып жарасуды өтінген болса да, Хан елінің сеніміне ие бола алмады. Бұдан да ауыры, Хан елімен болған сауда қатынасы үзіліп қалған соң, саяси-әлеуметтік жағдайы мен экономикасы ауыр дәрежеде дағдарысқа ұшырағандығы.

Хан Хыдидың Иұңюан 1-жылы (б.з.89-жылы) бас сардар Доу Шян ғұндардың әлсірегенін пайдаланып, қазіргі Моңғұлияның Ұбұсу көліне дейін тықсырта соққылап, 13 мыңнан астам адамын өлтірді. Келесі жылы Хан қосыны мен түстік ғұнның бірлескен қосыны Моңғұлияның Жабған өзенінен өтіп, теріскей ғұн тәңірқұтын түнделетіп қоршауға алды, теріскей ғұн тәңірқұты мыңдай сайлауыт сарбазымен аянбай кескілесіп қоршауды бұзып қашып құтылғанымен, әтшесімен 5 баласы қолды болды. 8 мың адамының басы кесіліп, мыңдаған адамы тұтқынға алынды[7].

Хыдидың Иұңюан 3-жылы (б.з. 91-жылы) теріскей ғұн тәңірқұті тағы жеңілді, сол қашқаннан дерексіз кетті [8].

Мөде тәңірқұт ту тіккеннен бастап есептегенде 300 жылдық текетірестің қортындысы: осы оқиғадан бастап ғұндар өз атымен кіндік қағанат үшін күшті жау болудан қалды. Олардың түстікке ауған бөлегі Хан патшалығы күйрегеннен кейін өз әлінше бұлқынып көргенімен, орта жазықтың мәдениетіне сіңісіп, түз-тағылық дара қасиетінен айрыла бастады. Тіпті, олардың кейінгі ұрпақтары, өзінің ғұн екендігіне-де мүлде естен шығарып, тылсымды жұмбақ тұңғиығына тұншығып құрдым болды. Тарих әділқазы, уақыт, ақиқат болып түстік ғұндардың тірлік тынысына алдымен осылай доғарым жасалды.

Теріскей ғұнның ордасы ойран болған соң, иелігіндегі жанбағар халыққа «тұрымтай тұсына» заман туылып, терістікті билеу кезегі сәнбилерге өтіп кетті-де теріскей ғұнның берекесі бұзылып бет-бетіне жосылды. Деректерге негізделгендей, тегіне қарай жіктелген халық төмендегі төрт топты негіз еткен көрінеді.

Бірінші топ — «Соңғы ханнаманың" дерегі бойынша, заманымыздың 92-жылы теріскей ғұн тәңірқұтының інісі сол жанақхан, Ағдакен, ағасы батысқа біржолата ауған соң өзін тәңірқұт деп жарялап 8 рулы ел, шамасы, 20 мың адммен Баркөлге қоныс аударады да, Хан патшалығына бағыныштылық білдіреді. Бірақ, келесі жылы Хан елімен тағы да сыйыса алмай терістікке қаша көшеді. Хан патшалығы соңынан қуғындап, Ағдакен тәңрқұтты алдап тұтқындап, сарбаздарымен қоса көзін біржолата жояды.

Екінші тобы — жүз неше мың түтін сәнбилерге бағынған. Кейін олардың ішіндегі тегінен Хытау өңірін мекендеп келген тоба ғұндарының құлан руы терістік Шяншіде ұлы Шя билігін (б.з. 407-431жылдары) құрған. Ежелден Шүлен тауын мекендеген Иүуен руы Шяшіде терістік Жу билігін (б.з 557-581-жылдары) құрған. ал, одан да ары түстікке ауған тоба ғұндары терістік Уи билігін (б.з. 386–534 жылдары) құрған.

Үшінші топ — ата қоныстарында 5-ші ғасырдың басына дейін табан тіреп тұрғанық. «Уейнаманың" дерегі бойынша, олардың ең соңғы, ақсақалы Байырқұ жужандар жағынан ойрандалған, халқы жужандарға бағынып кеткен. Байырқұға ілескен осы ғұндар кейін батысқа ауған ғұндардың көш ізімен жужандарға ілесіп Еуропаға жетіп авар аталған халықтың бір құрамына айналған. Олар жужандармен бірге қазіргі Баварияның шығысында Аваря патшалығын құруға қатынасқан.

Төртінші топ — теріскей тәңірқұтқа ілесіп бөлініп кеткен дәстүршілер еді. Олар араға екі жарым ғасырдай уақыт салып Баламир атты тәңірқұтімен Европа, Парсы және Грек авторларның қаламына ілініп Еуроазия даласында шулы атымен қайта жаңғырды. Бірақ, батысқа ауған ғұндардың Еуропа даласына жетуден ілгергі қимылдары жәйлі болжам пікірлерді есепке алмағанда, олардың әрқандай қимылы тарихқа жұмбақ. «Соңғы ханнамада» үйсін еліне көшіп кеткені жәйлі дүдәмәл естеліктер бар.

Терістік тәңірқұттың қолдаушылары туы құлап ең соңғы үміті — Алтай тауында да табан тірер тиянағы қалмаған соң, көш басын үйсін, қаңлы және аландардың құлан жорытқан ұлан-қайыр даласына қарай бұрған көрінеді. Үріккен көштің бұлай бет түзеуі тарыққанда тапқан тар жол болғанымен, әсте кездейсоқтан жасалған шешім емес еді. Өздерінен үш ғасырдай бұрын арт-артынан Чөлен тауынан шұбыра батысқағылған иүзілер мен үйсіндердің көші, кейін келе, ғұндар және басқа да халықтардың, керуен көшіретін қатынас жолына айналғаны даусыз еді.

Оны былай қойғанда, «бес тәңірқұттың билікке таласында» бағы тайған Тезек тәңірқұт Шу мен Талас өзені арасына келіп бой тасалағанын жоғарыда баяндаған болатынбыз, әрине, олардан қалған ғұндардың жұрнақтары кейінгі қандастарының келуіне мұрындық болған болуы да әбден мүмкін. Өйткені, тым арыдағы сумирлар, кейінгі ауарлар, түріктер, тіпті бертіндегі Шыңғысханның жорықтары дәл осы көш жолдарын, ақшаңдаққа айландырғаны ойымызға дәлел болып отыр. Тарихи деректер мен зерттеушілердің пікірлеріне жүгінсек, бөлінген ғұнның Тезектен кейінгі осы жартылай көші төмендегідей бірнеше бекеттер арқылы ілгерлегені анық.

1. Алғашқы бекет Іле, Жетісу алқабы

Батысқа ауған ғұндар ең алғаш Іленің төменгі, ағысына тұмсық тіреп, одан ары, Жетісу алқабында ең кемінде жарты ғасырдан астам уақыт аялдаған секілді. Олар осы арадан заманымыздың 151- ші жылы Баркөл өңіріне шабуыл жасағаны белгілі.

Кейбір зерттеушілердің дәлелдеуінше, олар 70 жылдай мекендеген Иұбан өңірінен сәнбилерден ығысып одан да ары батысқа қаңлылар жеріне көшкен, көше алмай қалғандары үйсін жерінде тіршілігін жалғаған. Бұл туралы «Уи патшалығы тарихы» мен «Солтүстік патшалықтары тарихы: Батыс өңір шежіресінде»: үйсін жерінде қалып қойған ғұндардың V–VI ғасырларда дамып 200 мыңнан артық жан саны бар Иұбан мемлекетін құрғаны айтылады. Қазақстандық мамандар: «Ұлы жүз үйсіннің албан тайпасы V–VII ғасырларда Жетісу өңірінде құрылған осы Иұбан одағына кіргенін»[9] ескертеді. Осы тарихи деректерге желілес қазақ жазушысы, тарихшы-ғалым Салғараұлы Қойшықара мынадай бір жанама қызықты деректі келтіреді: «Ежелгі Болғар ханы Курат дүние салған соң оның балалары атадан қалған мемлекетті беске бөледі.

Үлкен ұлы Ботбай Азов теңізінің жағалауы мен Кубан өзенінің бойын, екінші ұлы Котрага Дон өзенінің арғы бетін, үшінші ұлы Панонияны, төртінші ұлы Еділ бойын (бұл екеуінің аты беймәлім), ал бесінші ұлы Аспарух бүгінгі Бессарабияны еншісіне алады….осы арада ескерте кететін жайт Н. А. Аристов Аспарухты албанның батыры деп көрсеткен ғой»[10] дейді тарихшы. Әйтсе, біз тарихшы ғалымның ой жетегіне ілесіп өзіміздің төл шежіремізге үңіліп көрелік. Ұлы жүз Бәйдібек бидің үшінші әйелі Нұриладан (Домалақ енеден) Жарқышақ туылады, Жарқышақтан Албан, Суан, Дулат тарайды. Осындағы тарих ғылымына белгілі дулаттан шежірелік дерек бойынша ـــــЖаныс, Сиқым, Шымыр, Ботбай төрт аталық тараған.

Оның ішіндегі Ботбайдан Құдайқұл, Құдайқұлдан Еспер туылады[11]. Бұлғария хандығының екі бірдей, ағайынды тарихи тұлғасы — Ботбай мен Аспарухтың дулат руының ішіндегі Ботбай мен Еспер (ата мен немере) болып кездесіуінің кездейсоқтық емес екенін қазақ ғалымы Салғараұлы Қойшықара ғана емес, Н. А. Аристовтың өзі-де, аңғарғанын сезінеміз. Енді, бұл ой жетегіне кейбір ғалымдарымыздың «Яббан (албан), дулаттар Аттиланың еуропаға жасаған жорығына қатынасқан» деген дәлелі мен ауарлар Еуропаға жеткеннен кейін барып бұлғарлар қалыптасқан деген болжамын қосыңыз.

2. Сыр мен Балқаштан өтіп, Каспийге жеткен ғұндар

Екінші кезекте ғұндардың бір бөлігі заманымыздың 160-шы жылдары Іле өзені алқабынан Сыр бойындағы қаңлы жеріне ауған деген болжам бар. Олар шамасы екі ғасырдай, басқалардың назарынан мүлдем тыс қалғандай, бұл арадағы оқиғалар тарихқа беймәлім. Америка ғалымы У. М. Мекгоурин Армения патшасы Тигранестің (шамамен заманымыздың 290-ші жылы) әскері қатарында алан жалданба жауынгерлерімен қатар, ғұн әскерлерінің де бар екенін айтады[12].

Егер ғалымның айтқаны рас болса, Армения әскерлері қатарындағы ғұндар, батысқа ауған ғұндар туралы жазбаларындағы үзілістен кейінгі яғни, заманымыздың 153-ші жылынан кейігі алғашқы естеліке түскен ғұндар болып қалмақ, әрі олардың ат тұяғы III ғасырда Каспий мен Қаратеңіздің аралығына, яғни, Европаның қақпасына жетіп үлгірген деп тұжырым жасауға болады. Бірақ, теріскей ғұндарының үшінші легінің аландарға қай кездерден бастап жаулап алу жорығына аттанғаны туралы нақты дерек жоқ.

Ғалымдар осы тұста болған бірқатар тарихи оқиғаларға байланысты, олардың аландарды жаулап алу соғысы заманымыздың 350-ші жылы басталып, 374-ші жылы аяқталған деген күмәнді тұжырымға жүгінеді. Бұл кезде олардың көшбасшысы Баламир атты әккі саясаткер болатын міне, осы Баламирден бастап-ақ теріскей ғұндары жәйлі деректер Еуропа, Парсы елдердің жазбаларына кеңінен ене бастаған.

Шығыс Рим тарихшысы Аммян Марселлиннің (Ammianus Marcellinus) «Тарихнамасы» (заманымыздың 354-ші жылынан 374-ші жылы аралығындағы оқиғалар ғана толық сақталған) ғұндардың аландарды жаулап алғаны жәйлі деректі бізге ең алғаш жеткізген автор мен оның шығармасы. «Уинама. Батыс өңір шежіресінде-де» теріскей ғұндар аландардың ханын өлтіріп, халқын жаулап алғандығы жәйлі деректер бар алайда, заманымыздың 374-ші жылынан бұрын теріскей ғұндар тұлпарларының тұяғы Каспийден өтіп Еділ мен Дон өзенінің арасындағы, аландарды шапқаны, ақиқат еді. Франция тарихшысы Рене Гроссет «Сахара империялары» атты шығармасында аландардың тағдыры жайлы азда болса деректер берген.

Оның дерегінде: «Кубан мен Терек өзенінің жағалауындағы аландардың басым бөлігі уақытша ғұндардың үстемдігіне бағынып, осы араны мекендеп қала берді, олар қазіргі осетиндердің ата-бабалары. Басқа бір бөлек аландар вестготтарға кеңінен сұғынып кірген, олардың ішіндегі кейбір тайпалар Лойре өзенінің төменгі, ағысына келіп франктер жеріне қоныс тепті, тағы бір бөлегі Испания Галлиясына (Galicia) готтармен сіңісіп гаталония (гот-аландарды catalonia) қалыптастырған[13], енді бір бөлігі түстік кавказға тықсырылғандары еді. Міне осылайша, теріскей ғұндары Каспий және Каспийға құйылып жатқан Еділдің екі жиегінен батысқа қарай көсіліп, Еуропа мен Азияны айырып, түстігі қара теңізбен шеттес Азов теңізіне құйылып жатқан Дон өзені арасында емін-еркін көшіп-қонып жүретін тегі түркі аландар мемлекетін жаулап алды да, Еуропаға жорық жасаудың негізін салды.

III Ғұндардың Европаға кең көлемдегі жорығы

Баламир аландарды бағындырғаннан кейін бөгет бермес жойқын күшке айналып, еуразия дипломатиясында басты орынға шықты, ол алғашында батыс Римды қорғау ұстанымынды тұрды да, төртінші жорық нысанасын Донның батысындағы готтарға бағыттаған. Деректерге қарағанда оның ұлы әскері үйсін, абдал (албан), чұбан (суан), дулат, қаңлы, алан (алшын) қатарлы ежелгі қазақ даласының көшпенділерінен құралған. Көшпенділер одағының еуропаға жүргізген жорығы қарапайым ірге кеңейту ған емес еді. Бұл жойқын жорық бас-басына ыдырап кеткен Европалықтарды сілкінтіп ұйқысынан оятты, осыдан соң Еуропа құлдық бұғауын үзіп, қазіргі құдіретті елдері өз ыңғайына қарай отау тігіп, түтіндерін түтете бастады. Баламирдың басшылындағы ғұндар мен қазақ даласының көшпеділері өздеріне мүлдем бейтаныс бұл табиғатқа өз үстемдігін мықтап орнатып, Еуроазия мәдениетінің көпірін салды.

Ежелгі Римдіктер мен гректер маңындағы халықты «тағылар», «варварлар " деп атайтын. Римнің маңындағы аталмыш тағылар негізінен германдар (қазіргі норвегтер, ағылшындар, голландтықтар, шведтер және т.б ата-бабалары), келттер (Celt қазіргі ирландиялықтардың ата тегі), және славяндар секілді үш негізгі тобынан тұратын. Германдықтардың шығыс бөлігі готтар, вандалдар және күнбадиларді негіз ететін-де, осындағы готтар күші, ең мығым халық еді. Готтар Дон өзені мен Днепр өзенінің аралығын мекендейтін остготтар (шығыс готтар) және қара теңіздің батысы мен Дунай өзенінің төменгі, ағарына қоныс тепкен вестготтар (батыс готтар) болып екіге бөлінетін.
374-ші жылы Баламир алдымен Дон өзенін кесіп өтіп остготторға шабуылын бастады. Орта жазық билігімен үш ғасыр бойы тіпті, оданда арыдан талай реткі қиян кескі қанталапай мінезге сыралғы ысылған, одан соң да еуразияның маң даласын шығысынан батысын бөгеусіз шиырлап, Еуропаның қақпасын қақ айырып кіргелі тұрған ғұндардың остготтар теңі емес еді. Остготтардың билеушісі Германарик (Hermanric) қарсыласқан соғыста жеңіліп өзі-өзіне қол жұмсады да, 375-ші жылы оның орнына шыққан Ветхимир да беймәлім біреулер жағынан оққа ұшып остготтар тізе бүгуге мәжбүр болды.

Сонымен, Ветхимирдің жақтаушылары вестготтар жеріне ықтай қашты. Ғұндар батысқа қарай кеңейіп вестготтардың Днепр өзені жағасындағы берік тосқауылдарын да талқандаған соң, бұл маңдағы халық, билеушісі Ветханариктің бастауымен Римге жапырыла сұғынып кіруге мәжбүр болды. Міне, осылай «376-жылы көктемде олар Рим импраторының мақұлдауында, (Римның) одақтасы Салауаддинмен Дунай өзенінен өтіп, Балқан түбегінің терістігіндегі Слейске қоныс тепкен халықтардың ұлы қоныс аударуы басталды[14].

Днестр өзені мен Спания аралығындағы халықты негіз етіп 200 жылдай жалғасқан бұл ұлы дүбірлі көш, тұтас Европаның қоғамдық саяси-экономикасы, ұлттық этникасы, өндірістік қатынасы қатарлы жалпы әлеуметтік беталыстарындағы сипаттық ұлы бұрылыстың дүмпуі еді. Өрттің басы Баламирдың ұлы жорғы тек готтарға ғана бағытталған емес еді, ең алғаш сарматтар, готтар, макромондар, геттер қатарлы герман тектестер мен қатар иран нәсілділер де Альпы тауынан асып Италяға қарай жосып Рим империясына қауіп төндіре бастаған, ал, Баламир болса Еділ мен Дунай өзені аралығындағы кең алқаптың қожасына айналып үлгірген болатын. Деректерге қарағанда, Баламирдің Рим империясына жорығы заманымыздың 381-ші жылы басталғанмен, жойқын жорық 395-ші жылы император Теодорик (Theodoricus) өліп Рим екіге айрылғаннан кейін, шығыс және батыс екі бағыт бойынша атқарылған.

Баламир шығыс бағытқа Барсық және Қорсық атты екі қолбасшысын қойып, алдымен орта шығысқа аттандырған. Барсық пен Қорсықтың атты жасақтары қара теңіздің терістігінен аттанып, Кіші Азияға кіріп Құдысқа дейін шаңды жорықтар жасаған. Олар қазіргі Палестиннен орта Анатолия, шығыс Анатолия және Азербайжан арқылы кавказдан қайта асып қаратеңіздің терістігіне оралған. Бұл бағыттағы жорық заманымыздың 398-ші жылы Анатолияға 3-ші жорығымен уақытша тоқтатылған.

Баламирдың батыс бағыттағы жорығы 400-ші жылы басталып, тұтас Дунай өзені жағалауын жайпап Италияға кірді. Ол, осы жылы дүниеден өтіп орнына баласы (кейбір деректерде немересі) Жұлдыз билікке шыққаннан кейін жорықтың екпіні бәсеңдегенімен, үрейленген шығыс Европадағы этностар сеңдей жосылып батысқа ауа түскен. Шамасы заманымыздың 405-жылы Орал тауы мен Карпат (Carpathian) тауы аралығындағы кең алқап ғұндарға тәуелді болды.

Осыдан соң ғұндар Карпат тауы арқылы Венгрия жазығын басып алып, Будапешті орталық еткен ғұндар империясын құрып, Римге көрші елге айналды да, Римге үлкен қауп төне бастады. Заманымыздың 409-шы жылы тағыда Дунай өзенінің түстігіндегі Анатолияның өлкелерін ойрандаған. Жұлдыз дүниеден өтіп орнына 410-ші жылы шыққан Қаратұн жайлы дерек жоқтың қасы. Әйтсе-де, оның Рукия (Рұя), Мончақ, Айбарыс, Октар атты ұлдары болғаны мәлім. Қаратұн заманымыздың 415-шы жылы дүниеден өткен.

Тұтас Еуропаның қордаланған қайшылықтарының шыңына жеткенде Баламирдың жорығы оған май тамызық болып ұлттардың зор қоныс аударуының шымылдығы ашылды. Әсіресе, Қаратұннан кейінгі таққа мұрагерлер Мончақ, Рукия, Октар қатарлылар тұсында бұл өрт тіпті-де үдей түскен болатын. Римнен тысқары германдықтарды негіз еткен «тағылық›› күйде сипатталатын халықтардың тіршілік тәсілінің өзгеруі мен Римның құлдық қоғамының дәуір мүддесінен алшақ қалуы сынды бөгетсіз атқарылатын әлеуметтік сипаттағы бұрылыс, Европа ұлы құрлығында қыруар жаңа мемлекеттер мен жаңа этникалық топтардың шаңырақ көтеруіне мүмкіндік берді. Мейлі, қандай бір қоғамдық себептің салдарынан болсын, қаулаған бұл жаңа алшын-ғұндар қойған өртеңнің орнынан өрбігені өзгермес, ақиқат болатын.

418-ші жылы вестготтар Галлиясының (Gaule) түстігіне қазіргі Францияның Тулуза (Toulouse) қаласын орталық етіп германдықтардың тұңғышқы патшалығы весгот патшалығын құрды да, тегінде Одер өзені бойынан ауып 409-шы жылы Испанияға келіп қоныстанған вандалдар (Vandals) мен аландар весготардан ығысып заманымыздың 429-шы жылы Гейзериктің (Gaiseric) жетекшілігінде солтүстік Африкаға кіріп, 439-шы жылы Туниста вандалдар патшалығын құрған[15]. Олар шамасы 80 мыңдай адам болып, жергілікті тұрғындардың бір пайызын ұстағанмен,[16] Мавританяға дейінгі алқапқа үстемдік жасаған. Қазақтың этникалық құрамына еніп «алшын» аталған аландардың осы бөлінген тобы, міне осылай Африканың сахара шөлінің еншісіне-де қосылған.

V ғасырдың орта шенінде Одер өзені мен Висла өзені аралығындағы шығыс герман нәсіліндегі бургундиялықтар (Burgundian) Рон (Rhone) өзені мен Сена (Saone) өзені, аңғарларын жаулап алды да, Францияның шығыс түстігі мен қазіргі Швецияны негіз еткен бургундия патшалығын құрды. 407-жылы батыс Рим британя аралын англдар мен саксондарға беруге мәжбүр болды, соның негізінде 9-шы ғасырда қазіргі Ұлыбританяның негізі салынды. 476-жылы германдықтардың жоғары дәрежелі қолбасшысы Одакр(Odoacer)Батыс Рим империясының ең соңғы 6 жастағы императоры Ромулды (Romulus) тұтқындап Батыс Рим империясы күйреді-де, Римнің құлдық үстемдігі аяқталды. 493-жылы остготтар Византияның қолдауымен Паннониядан (Pannonian) (қазіргі венгрия өңірі) Италяға кіріп, Ромулдан біржолата билік тартып алып остготтар королдігін құрды. 486-шы жылы франктер теріскей Галлиясының терістігінде франк королдігін құрған, бұл королдігі кейін франк, Италия, Германия қатарлы королдігі бөлінген. Рим империясына ең соңында сұғынып кірген германдықтар тегінде Шведцарияның түстігін мекендейтін лангобардылар (Langobardi) еді.

Олар 568-шы жылы Альбаның (Alboin) бастауында Византияны талқандап терістік Италяны жаулап алып халықтардың ұлы қоныс аударуы аяқтады.

Ғұндардың, әсіресе, Баламирдың жорығы Еуропада осыншама ұлы өзгерістер мен сапырылысқан қиян-кескі күрестердің беташарі болды. Октар билік жүргізген кезге жеткенде Будапешті астана етіп, Венгрия жазығын негізгі территория еткен ғұн империясы ресми орнаған болатын. Жұлдыз, Қаратундер билік құрған кездерде бір сәтке болсада саябырлаған жорық Октар тұсында қайта үдей түскені белгілі, әсіресе, Рога билік алғаннан кейін ол қантұяқ тұлпарларын қайта жаратып Балқан түбегіне шабуыл жасаған. Ол, 422-ші жылы және 426-шы жылы екі рет қазіргі Булгаря өңіріндегі Тракия (Тракия) өлкесі мен Македонияны жаулап алып, бұл өңірлерді Византияға шарт бойынша қайтарып бергенінің есесіне жылына 350 лира алтын төлем беріп тұруға міндетті қылған.

Рога жалғастыруымен ірге кеңейту арқылы шамамен 432-ші жылы қазіргі Венгрия, Австралия, Чехия, Словакия, Сербия және Украина қатарлы елдерді құшағына сыйғызып жатқан Паннония (Pannonian) жазығын негіз еткен көшпенділер одағы мемлекетін қалыптастырып, өктемдігін бүгінгі Германия, Дунай өзенінің терістігінен былайғы шығыс Еуропа, Қаратеңіз бен Кавказ өңірлеріне дейінгі кең далаға дейін кеңейткен.

Заманымыздың 434-ші жылы Рога дүниеден өтіп, орнына Жұлдызханның балалары Белада (Бұд) мен Аттила (Еділ) тақ мұрагерлері болды. Руканің(Рога) өлімі тұтас Европаға қуаныш хабар болып тараған. жазушы Алзимнің «Аттила» атты еңбегінде айтуынша, Византияның епископы Проколус шіркеуде «тәңір, ақеділ ТеодорусⅡнің дұғасын қабыл алып, Византия басына төнген пәледен айықты» деп уағыз айтқан.

Олар ешқашанда Аттиланың Рогадан да қауіпті жау екенін біле бермейтін.
Аттила (406–453) жәйлі әр сала қаламгерлері мен көркемөнершілері әр қырынан өте мол еңбектер жасаған. «Аттила» сөзінің төркіні жайлы да болжамдар айтады. Солардың ішінде «Аттила» сөзін Еділ өзенімен, ағасы Беладан (Бұдты) Будапешпен байланыстыратындары үстемдеу тұрады. Бұған, ғұндар есімдерінің түркі тілі мен табиғатқа байланысып жататыны себеп болып отырған болуы да мүмкін.

Мысалы: Баламир (бала патша), Жұлдыз, Мончақ, Қаратон, Деңізек және т.б. онің үстіне Аттила шынында да ғұндар Еділ өзені бойында үстемдік етіп отырған тұста дүниеге келгені анық. Ал, оның әрекетерін еувропа, грек қаламгерлері «мәдениет күйреткіш» ретінде сипаттап жатқандарымен, оның зорлығынан нендей бір, ақиқат тіленіп тұрғаны, оған еріксіз тәнтілік байқатып жататындары да мен мұндалап тұрады. Римның қарғыс атқан құлдық құрылымын тілгілейтін «тәңірдің қамшысы» аталуының сыры да сонда.

Аттила 418-ші жылы 12 жасында Римде аманатқа ұсталып тұрған. Оның ғұндар ішінде асқақ беделге ие болуы мен кейінгі жеңістерінің бір негізі осыдан қаланғаны бесенеден белгілі. Ол өз мақсатын жүзеге асыру үшін 445-ші жылы, ағасы Беладинді да қанпезерлікпен өлтіріп қатігез дара билеушілік өктемдігін мызғымас етіп орнатқан.

Аттила 435, 441–443 және 447-ші жылдары үш рет Византияға әскер аттандырып, Балқан түбегін шапты. Византия елдігін сақтап қалу үшін, жаза төлемін ауырлатып төлеу келісіміне тіленіп, жылдық салық төлемін 2100 лера алтынға көбейткен[17].

Заманымыздың 450-ші жылы өмір бойы ғұндарға төлем төлеп, жер бөліп берумен билігін сақтап келген ТеодорусⅡ дүниеден өтіп, орнына шыққан баласы Маркинос енді төлем берудің есесіне қолына қару алды. Маркиностың «тәуекелге» баруы тектен-тек емес, бұл бірден-бір тиімді талғам еді. Себебі, бұл кезде олардың ғұндарға әсілінде төлейтін жылдық салығы 2100 лера алтын енді тағы да үш еселенген, оның үстіне Византияның экономикалық дағдарысы мұншама мол қаржы беруге мүмкіндік бермейтін. Енді, бір жағынан Еуропада Аттилаға қарсы одақ та қалыптасып үлгірген.

449-ші жылы Батыс Рим императорының туған қарындасы Хонулия өз, ағасы мен отанынан қорлық көріп отырғаны үшін, Аттиладан көмек тілеп оған некелі болу ойын білдіреді. Бұл Аттила үшін көктен тілегені жерден табылған орай болды. Өйткені, оның Батыс Римді бағындырып тұтас Еуропаға қожайын болу мақсатын жүзеге асыруы үшін, бұл жеткілікті сылтау бола алатын еді.

Аттила дереу елші аттандырып Хонулияға құдалық айттырды, әрі ханышаның жасауы үшін Галлияны беруді талап етті. Галлия ішкі Галлия және сыртқы Галлия деп екіге бөлінетін. Ішкі Галлия әдетте Альпі тауының түстігіндегі Италия қатарлы өңірлерді, ал, сыртқы Галлия Альпі тауының терістігіндегі қазіргі Франция, Бельгия, Люксембург, Голландия, Шведцария қатарлы өңірлерді қамтиды. Мұндай қорлықты талапқа батыс Римның көнбесін Аттила әбден білетін.

Батыс Рим қорлықты талапқа қарсылық жауабын берген соң, Аттила 450-ші жылы 500 мыңнан астам қолмен сыртқы Галлия аудандарына жазалау жорығын бастады. Бұл тұс ғұндардың шарықтау шегіне жетіп, үстемдігіне шығысы Каспий, батысы Рейн өзені, терістігі Балтық теңізі, түстігі Дунай өзеніне дейін бағындырған Еуропадағы алып империяға айналып үлгірген шағы болатын.

451-ші жылы наурызда Аттиланың үлкен әскери қосыны алдымен Рейн өзенінен өтіп Францияның Мытзи, Римси қатарлы қалаларын жаулап алып, одан соң Парижге таяу Урлиян қаласына тықсырта шабуылдады. Аттиланың мақсаты вестготтарды ойсырата жеңіп, одан соң Батыс Римді біржолата бағындыру еді. Бірақ, «ең соңғы ұлы Римдік» аталған Батыс Римнің қолбасшысы Аетиус (Flavius•Aetius) 600 мың қосынмен көмекке келіп қырық пышақ қырқыстағы весгот, вандал, алан, франк, англо-саксон, лонгабард және т.б ғұндарға еселері кетіп, тәуелді болып жүргендердің басын құрап ғұндарға қарсы құдіретті одақ ұйымдастырды.

Сонымен, Аттила тізгінін Францияның Сена өзені алқабындағы Каталония (гот-алан) жазығына бұрды. Екі жақ 451-ші жылы маусымда Каталония жазығының Шарон деген жерінде бір тәулікке жалғасқан қанды шайқас жасады. Шайқасқа Аетиустың ұйымдастыруымен франк королі Мероуич, алан қолбасшысы Сангиян және вестготтардың королі Теодорик (Theodoric) қатарлылар тікелей қатынасқан.

Елдігін сақтап, намыстарын ендігәрі таптатпауға мықтап бекіген одақтастар, ғасырларға жалғасқан ата кектері мен намыстарын қайтарып алу үшін бастарын бәйгеге тігуге әзірленіп қойған болатын. Ал, бетіне жауы жалтақтап жеңімпаз атанып алған ғұндар да енді аттан түсуге амалсыз, тек нартәуекелге мініп, бедел үшін белдеспекке бекіген.

Міне, дәл осындай жандәрмен жанталаспен бедерлі беделдің белдесуі Еуропаның ортағасырлар тарихында ең аянышты, ең ауыр күн болған қынадай қырғын «Шарон қанды шайқасын» тудырды. Жылаған баланың дауысын Аттиланың атын атап тиғандары сынды үрейлі, аңыз күні бүгінде жалғасып, үрейдің символы болып қалыптасқан Шарон шайқасында екі жақтан өлгендердің саны 165 мың, жараланушылар есепсіз болған.

Кейбір деректерде, өлгендердің саны 300–500 мың деп шамаланады. Осы қанды шайқаста аландар ата кектері мен жаңа қоныстары үшін аянбай кескілесіп зор шығынға ұшыраған. вестготтардың королі Теодорик жебе тиіп, ат тұяғына жаншылып өлген. Адамдар мен көліктердің өлігі төбе болып үйіліп, Сена өзені қып-қызыл қан болып, аққан деседі. Дегенмен, «Шарон қанды шайқасында» одақтастар қаншалықты зор құрбандыққа ұшырағанымен, Аттиланы шегіндіре алды. Бұл Еуропалықтар үшін нағыз ұлы жеңіс еді.

Бірақ, Аттиланың шегінуінде-де өзінің ішкі есебі бар болатын. Ол, 452-ші жылы екінші рет батыс Римге қайта шабуылдап, Италядағы қалаларды қиратып, Рим қаласына тіке қандауырша қадалды. Аттилаға бөгет бола алмасын білген Батыс Рим империясы кезіндегі тұтас хирстиян діні әлемінің рухани көсемі папа ЛуиⅠді жалма-жан елшілікке салып тізе бүгіп, әсіліндегі әр жылына тапсыратын салығы 700 лера алтынды үш еселеп, 2100 лераға көтерді, әрі саяси жақтан ғұндарға тәуелді елге айналды.

Аттила Батыс Римді айтқанына көндіріп алған соң, енді қайта айналып салық тапсырудан бас тартқан Визанияға жаза жорығын жасауға қамданды. Бірақ, оған тағдыр ондай мүмкіндік бере қоймады.

Бетпе-бетте әлдері жетпесіне әбден көз жеткізген жаулары оны талай рет жымысқылықпен қастандық жасап, өлтіруге жоспар құрған болса да, мақсаттарына жете алмаған болатын. 453-ші жылы бір жас аруды тоқалдыққа алған тойы түні қан құсып дүние салды. Көзі тірісінде-ақ аты, аңызға айналып «тәңір қылышын» сыйлаған, күнақарларды жазалауға келген «тәңірдің қамшысы» деген даңыққа бөленген, өз халқының жеңімпаз қаһарманы, бүкіл Еуропаның үрейлендірген, тәңірдің бұл еркесі өз ордасында, сұлу арудың құшағында жан берді.

Деректерге қарағанда, күңіренген халқы беттерін тіліп, шаштарын кесіп, қара жамылып, қатты күйзелген. Бәлкім, бұнысы арысының ұлы туын, елдігінің ерен арысы Аттиланы қорғай алмаған бетіміз тілінгірлер дегені болар. Тарихи деректерге қарағанда, бұндай әдет байырғы ғұн, скиф-сақтарда да кеңінен таралған, және ұзақ мезгіл жалғасқан дәстүрлі әдет еді. Бұл көрініс бізге, қазақтың өз арын қорғай алмаған адамдарды «бетің тілінгір» деп қарғысымен сыбап жататынын, арысынан (қорғанысынан) айрылған бейбақтардың шашын жайып, бетін жыртып жоқтайтын әдетін есімізге еріксіз оралтады.

Аттиланың өлімі ғұндардың тағдырында күрт бұрылыс жасады. Ол көз жұмысымен-ақ балалары арасында бақастық туылып, ел арасы бұзылды да ғұн империясы ыдырай бастады. Әлкей Марғұлан өзінің «Эпос тудырған ортаның мәдениетке құсқан үлесі» атты еңбегінде «Золтанның мадьяр, аңыздары бойынша зерттеуінше, Еділ (Аттила) өлген сөң оның балалары Ернақ пен-Деңізек күн шығысқа қайтты. Кейбіреулері Қырым мен солтүстік Кавказға тоқталды.

Өзгелері орта Азияға барып бұрынғы ғұн, түрік тайпаларымен бірікті. Олардың тұқымдары пешенектер, хазарлар, абдандар»[18] деген мәлімет келтіреді. Француз жазушысы Рене Груссеттың тұжырымдауынша, тақ таласында жеңіске жеткен Аттиланың үлкен ұлы Еллак (Ellac «http://en.wikipedia.org/wiki/Ellac») 454-ші жылы остготтар мен гигтердің бүлігін жаныштау соғысында өлген.
.
Одан соң, Аттиланың Деңізик (Dengizich «http://en.wikipedia.org/wiki/Dengizich») атты баласы тақ мұрагері болып ғұндарды қайта ұйымдастыруға құлшынған, әрі бір бөлім ғұндарды Қаратеңіздің терістігіне шегіндірген. Аттиланың қалған балалары Римнен территоря талап етіп, Рим Ернаққа (Ernakh «http://en.wikipedia.org/wiki/Ernakh») Дунай өзені мен Қарәтеңіздің аралығынан қоныс берген. Енлидзар мен Ужындоурды Меркияға (Mercia)) қазіргі Ұлыбританяда) қоныстандырған. Деңізик ғұндарды Дунай өзенінің төменгі, ағарынан қайта бастап өтіп, Византияға жасаған жорығы сәтсіз болып, қан майданда қаза болып, оның басын 467-ші жылы Константинопольдағы ойын-сауық кезінде көрермендерге сайқымазақ етіп көрсеткен[19].

Деңізиктің өлімі Еуропадағы ғұн империясының шымылдығын жапты. Бұл құдіретті халық басқаларға енді үрейлі күш болудан мүлдем қалып қойды. Қаратеңіздің теріскей жиегіне қоныстанып қалған ғұндардың недәуір көп бір бөлегі-Деңізектің өлімінен кейін жауласқан екі тайпа елге бөлінген. Рене Гроуссеттың айтуынша, ғұндардың кутугур (Kutrighur) тайпасы Азов теңізінің батыс терістігінде көшпенді тіршілік кешкен, утургур (Utighur) тайпасы Дон өзенінің төменгі, ағарында мал бағатын.

Ұзаққа бармай бұл екі тайпа Византияның жымысқы жоспарлауымен бітіспейтін жауларға айналып, шамамен заманымыздың 545-ші жылы Юстиниянның (Iustinianus) еліктіруімен утургурлардың ақсақалы Седликт кутугурларды шапқан, утургурлар 548-шы жылы кутргурларды ауыр қырғынға ұшыратқан соң, кутргурлар, ақсақалы Забирганның жетекшілігінде қандас жауының қолдаушысы Византиядан кек алған. 558-559-шы жылдары Забирганның жасақтары Дунай өзенінің мұз қатқан өткелдерінен өтіп Конистантинопольді тұтқиылдан соққылаған.

Бірақ, сәтті болмай соңынан Дон өзені алқабындағы жерлеріне кері қайтып, қарсылас қандасы сандиклимен болған жауластығын арыға жалғастыра берген. Ұлы қорғанның терістігінен түріктерден ығысқан жужандар (аварлар) Ⅵ-ғасырдың кейінгі жартысында ғұндардың ескі ізінше Дунай өзенінің бойына ауып жеткен сөң, бұл екі тайпа, өзімен этникалық жақын болған осы жужандарға бағынды да, батыстағы ғұн атауы біржолата өшті.

Әлкей Марғұланның дәлелдеуінше, мұқылылар (жужандар) Дунай өзенінің жағасына ауып жеткеннен кейін «аварлар» аталған. Олар ғұндардың ізін жалғап Дунай өзенімен Қаратеңіздің терістігіне өктемдігін біраз мезгіл жалғастырған, әрі бұл арадағы славян, гипит, булгар, лунбади қатарлы бірқатар халықтардың басын біріктіріп, авар қағанатын құрып, Еуропаның саяси әлеуметтік жағдайларына ғұндардан кейін тағы зор ықпалын жасаған.

Пайдаланған деректер мен әдебиеттер:

[1], [14] ,[15] ,[17] Қытай энцклопедиясы (Шетел тарихы II). Қытай энцклопедиялық баспасы. Пекин-Шаңхай. 1990. 1010-,666-,1010-бб

[2] Сұң Чау. Хан патшалығының ғүндармен 300 жылдық соғысы (ұйғұрша)I том. Шинжяң халық баспасы. 2003- ші жыл, 166-бет.

[3] Лин Ган. Ғұндардың жалпы тарихы (Тұрсұнжан Һызымның ұйғұрша аудармасы). Шинжяң халық баспасы. 2004-ші жыл. 119-бет.

[4],[18] Эпос тудырған ортаның мәдениетке қосқан үлесі // Қазақ тарихынан. Алматы «Жалын баспасы». 1997-ші жылы. 117-202-бб.

[5] Чын Шымиң. 24 тарихтағы екі Хан патшалығы кезіндегі батыс өңір деректеріне түсініктемелер. Шинжяң университеті баспасы. 2003-ші жыл. 399-б.

[6] Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. I том. (Ханнама. 70-бума. Ган Яншоу мен Чын Таңның өмір баяны). 383-б.

[7], [8] Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер I том. (Соңғы Ханнама. 98-бума. Ган Яншоу мен Чын Таңның өмір баяны). 858-б.

[9] Қазақ совот энцклопедиясы. I том. 249-б.

[10] Қазақтың қилы тарихы. Алматы «Жалын баспасы». 1992-ші жыл. 214-215-бб.

[11] Қазақ шежіресі. Шинжяң жастар-өрендер баспасы. 1996-ші жыл. 54-б.

[12] Жаң Жұуан. Орта Азиядағы байырғы мемлекеттердің тарихы. 1958-жыл, 166-167-бб.

[13] René GROUSSET. L’Empiredes steppes(Қытайша аудармасы).1998-ші жыл. 108-б.

[16] Leften Stavros Stavrianos. A Global History (Қытайша аудармасы). 134-б.

[19] René GROUSSET. L’Empire des steppes (Қытайша аудармасы). Пекин 1998-ші жыл. 112-б.

No comments

To leave comment you must enter or register