Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 94:81(47+57) ХХ ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ КЕҢЕС ҮКІМЕТІНІҢ ТІЛ САЯСАТЫ

А.З. ЖУМАНОВА, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті, PhD, доцент

ӘОЖ 94:81(47+57) ХХ ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ КЕҢЕС ҮКІМЕТІНІҢ ТІЛ САЯСАТЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 3(19), 2019

Tags: кеңестік лингвистика, кириллица, латын графикасы, араб жазуы, қазақ зиялылары, Тіл саясаты
Author:
Кеңес өкіметінің орнауымен тіл саясатында өзгерістер орын алды. Алғашқы жылдары қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеруге байланысты оң іс-шаралар жүргізілді. Қазақтар шоғырланған аймақтардағы іс-жүргізуді қазақ тілінде орындау талаптары қойылды. Жергіліктендіру мақсатымен мемлекеттік мекемелерге қазақ тілін білетін мамандарды қабылдау айтарлықтай нәтиже бермегенімен, ұлттық қызметкерлерінің санының артуына мүмкіндік берді. Жалпы, 1937 жылға дейін Қазақстандағы тіл саясатында қазақ тілінің мемлекеттік деңгейде дамуына байланысты бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Дегенмен, осындай бірқалыпты саясаттың екінші қыры да болды. Әсіресе, жазу жүйесінде арабшадан латыншаға ауысу үрдісі қазақ тілінің дамуына әсер етті. Оған «Алашорда» өкілдері барынша қарсы болып, осы өзгерістің қазақ тіліне теріс ықпал ететіндігін дәлелдеуге тырысты. А. Байтұрсынов латын алфавитіне қарсылық білдіріп, кириллицаға бірден өтуді ұсынды. Оның бұл ұсынысы, А. Байтұрсыновтың болашақта орыс тілінің, жазуының ортақ болатындығын байқағандығынан хабар береді. Кіліт сөздер: тіл саясаты, қазақ зиялылары, араб жазуы, латын графикасы, кириллица, кеңестік лингвистика
Text:

Кіріспе

ХІХ ғасырда Қазақстанға қатысты патша әкімшілігінің тарапынан қолға алынған орыстандыру, діни бағытты өзгерту сияқты саясат кеңестік биліктің бастапқы жылдарында баяулап, ұлт мәселесін дамытуда неғұрлым қолайлы жағдай туғандай болды. Большевиктік үкімет тарапынан қабылданған одақ көлеміндегі ұлттардың тең құқылығы, ұлттық мектептерде ана тілінде білім беру жөніндегі бағдарламалар ұлттардың кеңес өкіметіне деген сенімдерінің орнығуына жағдай жасады. Ұсақ ұлттардың сеніміне кірген кеңестік әкімшілік одақ көлеміндегі ұлттардың тілдеріне байланысты реформаларды іске асыруға кірісті.

Талқылау нәтижесі

Кеңестік ғылымда тіл саясаты кеңестік идеология тұрғысынан зерттелді. М. Исаевтың «Языковое строительство в СССР»[М.И. Исаев,1979: 34], М. Губоглоның «Современные этноязыковые  процессы в СССР»[М.Н.Губогло, 1984: 38], К. Ханазаровтың «Решение национально-языковой проблемы в СССР»[К.Х. Ханазаров, 1982: 50], Ю. Дешериевтің «Закономерности развития и взаимодействия языков в советском обществе» [Ю.Д. Дешериев, 1976: 27] еңбектері осындай мақсатта дүниеге келген еді.

Нәтижесі

Араб әріптерін латын алфавитіне көшіру туралы тәжірибе большевиктердің «әлемдік революция» туралы идеологиялық әдісімен байланысты болды. Олар латын алфавиті әлемнің барлық халықтарының жазба тілі үшін негіз болады деп болжады. Бірақ 30-шы жылдардың басында кеңестік әкімшілік өз бағытын өзгертіп, «жекелеген бір елде социализм  құру» ұстанымын насихаттай бастайды.

ХХ ғасырдың 20 жылдары бойында көптеген пікірталастардың негізінде қабылданған латындандырудың тағдыры ұзақ болған жоқ. Бірінші бесжылдық жылдары кеңес өкіметінің ұлттық саясатындағы түбірлі өзгерістер кезеңі болып саналғандығы белгілі.

Негізгі бөлім

Қазақстанда тіл саясатын жүргізу барысында жазу мәселесін шешу міндеті де алдыңғы орында тұрды. Жалпы, XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстанда орысша - қазақша мектептердің ашылып, мерзімді баспасөздің қалыптаса бастағандығы белгілі. Аталған өзгерістер қазақ тілінің жазуының болуын қажет етті. Осындай қажеттіліктерге орай А. Байтұрсынұлы араб жазуының негізінде қазақ тілінің жазуын қалыптастыруды кеңес билігінен бұрын қолға алды. Оның жасаған қазақ әліппесі 1915-1929 жылдар аралығында кең қолданыста болғандығы белгілі. А. Байтұрсынұлының «Тіл құралы» деп аталған оқулықтары 1914-жылдан бастап 1928-жылға дейін бірнеше рет қайталанып басылды. Дегенмен, кеңес өкіметі орнағаннан кейін әр түрлі дәрежедегі білім беру орындарының үздіксіз ашылуы, аталған мекемелердегі білім беру үрдісінің әр халықтың ана тілінде жүргізілуі, ол тілдердің оқу пәндерінің бірі ретінде оқытылуы - КСРО көлеміндегі тілдердің заңдылықтары мен құрылыстарын зерттеуді, олардың іс-тәжірибелік және ғылыми тілін жазуды күн тәртібіне қойды.

Жалпы, одақ бойынша ХХ ғасырдың 20-30-шы жылдары кеңестік лингвистика нәтижелі жұмыстар атқарды. Аз уақыттың ішінде ондаған жазу үлгілері дайындалды, көптеген тілдер алғаш рет ғылыми және қоғамдық-саяси салаларда, іс жүргізуде пайдаланыла бастады. Осылардың барлығы терминология мен стилистика салаларындағы үлкен ізденістердің нәтижесінде іске асты.

Қазақстанда революцияға дейін де кітаптар шығып тұрды, дегенмен олар бірегей сипатта болды. Жазба тілдің диалектикалық негізі жайлы мәселе шешімін таба алмады. Қазақ тілін ғылыми тұрғыда дамыту мәселесіне кеңестерден бұрын қазақ зиялылары да назар аударған болатын. Алашорда үкіметі жетекшілерінің бірі Х. Досмұхамедұлы тіл туралы: «Біздің тәжірибемізде қазақ тілі – бай тіл. Тек сөздерін ғылым жолына салып реттесе, ешбір жұрттың тілінен кем болмайды» [К.Нұрпейіс, М.Құлкенов, А.Мектепов, Б.Хабижанов, 1996: 114], - деген пікірді айтты. Дегенмен, 20-жылдары орфографияны санамағанда графикалық негіз бойынша нақтылық болмады. Сондықтан алғашқы кезектегі міндеттердің бірі ретінде сауатсыздықты жоюмен қатар, алфавит жасауға ерекше көңілдің бөлінуі кеңестік тіл саясатының оң істері деп қарау орынды.

Сөйтіп, тіл саясатын жүзеге асырудың алғашқы сатысында графика мәселесі қолға алынды. Қазақстанда да барлық мұсылман халықтары сияқты араб жазуын пайдаланғандығы белгілі. Бірақ, оны классикалық қалыпта пайдалану бірқатар қиындықтар тудырды. Сонымен бірге, Құран жазуы ретінде бұл графика белгілі бір қасиетке ие болды. Араб тілін реформалау барысы негізінде үш бағыт жатты: артық графемдерді алу, араб тілінде жоқ фонемдерді белгілеуді бір тәртіпке келтіру, сонымен қатар, әріптердің жазылуын сөздегі орналасу орнына қарамай унификациялау. Сол уақыттың талабына сәйкес А. Байтұрсынов қазақ тілінің ерекшелігін ескере отырып төте жазуды дайындады. Ол сингармонизмді есепке ала отырып, қосақталған алдында және соңында жазылатын дауысты дыбыстарды бірдей белгілеуді ұсынды. Сонымен бірге, әрбір сөздің алдында сингармониялық қатарды нұсқайтын ерекше белгіні қоюды ескертті.

Тіл саласында жүргізілген оң істермен қатар, билікке тұрақты орныққан большевиктер өкіметі тілдік дамуды орталықтандыру мәселесіне де назар аудара бастады. ХХ ғ. 20-жж. КСРО-ның құрамындағы түркі халықтарының әліпбиін (алфавитті) алмастыру мәселесі көтеріледі. Оның себебі ХХ ғ. бірінші ширегінде Түркия, Иран, Әзербайжан және Орта Азияның алдыңғы қатарлы зиялылары тарихи - лингвистикалық сараптау негізінде араб жазуының олардың елдеріндегі халықтар тілінің табиғатына сәйкес келмейді деген тұжырым жасауынан болды. Алғашында кеңес өкіметінің орталықтан басқаруына тиімді кирилл графикасын енгізу туралы ұсыныстар айтылады. Бірақ, аталған өзгерістерді енгізу үшін, кеңестік әкімшілік тіл ғылымы саласындағы ғалымдармен кеңесе отырып, қорытындылар жасайды.

1920 жылдардың басындағы билік тарапынан қолға алуды жоспарлаған әр түрлі ұлттардың жазуын кирилл алфавитіне көшіру мәселесіне тілші - ғалымдар тарапынан қолдау білдірілмеді. Тіл саласының маманы Е.Д. Поливанов сияқты ғалымдар орыстардың отарлау саясатының түрік тектес халықтардың дамуына кері әсер еткендігін атап өтеді. Соған байланысты, аталған халықтардың орыстандыру шараларына, оның құралдарының бірі – орыс жазуына оң көзқарас танытпайтындығын ескере келе, кириллицаны енгізу жайлы мәселе көтерудің дұрыс еместігі туралы пікір білдіреді [Х.М. Абжанов, 1993: 47]. Патша өкіметінен қалған осындай ахуалдың әлі де өз күшінде тұруы, кеңестік биліктің жазуды реформалауға байланысты жоспарларын кейінге шегере тұруға итермеледі. Сөйтіп, КСРО құрамындағы түркі халықтарының бұрынғы жазуын орыс әліпбиіне (кириллицаға) көшіру әрекеті қатты дауға айналып кету қаупі болғандықтан, оны елдің патша заманындағы ескі, орыстандыру саясатының қалдықтары деп түсінбесін деген оймен іске асырудың басқа жолдары мен сатыларын қарастырады.

КСРО көлемінде 1920 жылдардың басында латын алфавитін насихаттау жұмыстары қолға алынды. Кириллицаны ұлттардың жазуына енгізу ұсынысына теріс пікір айтқан Е.Д. Поливанов латын алфавитіне ауысу туралы бастамаға қолдау білдірді. Ол ұлттардың жазуын латындандыру олардың бір-бірімен, сол сияқты, халықаралық жазумен жақындасуына қолайлы жағдайдың туатындығына тоқталды. Тілші-ғалымның пікірін саясатсыз, ғылыми тұрғыдан бағаласақ, шындығында латындандырудан ұлттар ұтылмас еді. Дегенмен, сол жылдары жаңа жүйеге бейімделіп келе жатқан әлсіз ұлттар үшін кез келген тәжірибелер тиімсіз болды. Ал, кеңестік билік жағдайында араб жазуын реформалау, оны латыншамен алмастыру идеясының туындауының саяси астарының болғандығы белгілі. Олардың ішінде араб жазуын, тіпті оның реформаланған нұсқасының өзін меңгерудің күрделілігі, ең бастысы өткеннің «артта қалған» мәдениетінен, оның ішінде исламнан алшақтау, Шығысты батыстандыру мақсаттары алғашқы орында тұрды.

Араб графикасын реформалау идеясынан Әзірбайжан алғашқы болып бас тартты. Ол елде латын алфавиті 1922 жылы бекітілді [А.Т. Базиев, 1973: 112]. Жаңа жазуға көшуді жүзеге асыру үшін жаңа түркі алфавитін жасау бойынша комитет құрылды (КНТА), оның басшысы болып Әзірбайжан ОАК төрағасы С.А. Агамали - оглы сайланды. Алғашқы кезде араб және латын алфавиттері тең дәрежеде пайдаланылды, тек 1925 жылдан бастап қана жаңа жазу бастауыш мектептерде міндетті болды. 1926 жылы Бакуде өткен І Бүкілодақтық түркітанушылардың съезінде резолюция қабылданады, онда барлық халықтарға Әзірбайжанның тәжірибесін игеру ұсынылады. Латындандыру идеясы одақтық үкіметтің қолдауына ие болып, С. Агамали-оглының жетекшілігімен жаңа түрік алфавитінің бүкілодақтық орталық комитеті құрылады. Ол комитет 1927 жылдың маусым айында Бакуде жұмыс жасай бастады.

Әзірбайжан республикасынан басталған латын алфавитіне өту жұмыстары Қазақстанға да таралды. Жалпы, жаңа қазақ алфавитіне ауысуға негіз болған оқиға 1923 жылдың соңындағы Ташкент, Орынбор, Мәскеу қалаларындағы қазақ еңбекшілері мен оқушы жастардың баспасөз беттерінде араб алфавитіне қатысты жазылған қарсылықтары болып табылды [М.К. Айбасова, Р.К. Имажанова, Г.Т. Исахан, Б.Ж. Кабдушев, 1997: 77.]. Бұл оқиғаны билік тарапынан жүргізілген жұмыстардың нәтижесі деп шамалаған дұрыс. Дегенмен, республиканың ішінде латын алфавитін алуға қарсы пікірлер де орын алды. Ол негізінен қазақтың зиялы қауым өкілдері тарапынан айтылды. А. Байтұрсынұлы, М. Дулатов, Қ. Кемеңгерұлы, Е. Омарұлы бастаған қазақ қоғамының белсенді тобы латындандыру үрдісін баяулатты. Олар латын әрпіне көшу – қазақты төл мәдениетінен айыру деп, сонымен бірге тіл саясатындағы кез келген өзгерістердің болашақтағы ұлттың, мемлекеттің дамуына үлкен әсер ететіндігін түсінді.

Осындай пікірлер, тіпті, кеңес өкіметі орнамай тұрып, патша әкімшілігінің саясатына байланысты айтылған болатын. Мысалы, «Қазақ» газетінде: «...Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады. Егер де біз қазақ деген ұлт болып тұруды тілесек, қарнымыз ашпас қамын ойлағанда тіліміздің де сақталу қамын қатар ойлау керек» [Ү. Субханбердина, 1998: 14.] - деп тіл мәселесіне ерекше маңыз берді. Қазақтың зиялы қауым өкілдері мен ғалымдарының бір бөлігі жаңа әліпбидің халықты мұсылман дәстүрінен, мұсылман мәдениетінен алшақтататындығын көріп, латын әліпбиін енгізуге қарсы болды. Қазақ қоғамы араб және латын әліпбиін қолдайтындар болып екіге бөлініп кетті. Белгілі түркітанушы, әдебиетші, ғалым, алаш қозғалысы басшыларының бірі А. Байтұрсынов араб әліпби үшін күресті басқарды.

1923 жылғы оқиғадан соң ҚКСР Оқу - ағарту Халық Комиссариаты ғылыми қызметкерлердің І съезінің бағдарламасына алфавитті қайта қарау мәселесі енгізіледі. Съезге дейін (1924 жылдың маусымы) Қазақстанда латын әрпінің негізіндегі жаңа қазақ алфавитінің 3 жоба - нұсқасы әзірленеді: Н. Төреқұловтың (Мәскеу), М. Мурзин (Орынбор), Х. Досмұхамедов (Ташкент) [М.К. Айбасова, Р.К. Имажанова, Г.Т. Исахан, Б.Ж. Кабдушев, 1997: 75].

Сөйтіп, Қазақстанда алфавит алмастыру бойынша алғашқы басқосу 1924 жылдың 12-18 маусым аралығында өткен Орынбордағы қазақ білімпаздарының бірінші съезінде болды. Бұл съезде біраз уақыт бойында қолданылып, тұрақтана бастаған қазақ тілінің дыбыстық табиғатына лайықталып өзгертілген, ресми түрде қабылданған альфавиттің мәні жөнінде әр түрлі мәселелер талқыланды. Осы отырыста алфавит алмастыруға байланысты баяндаманы А. Байтұрсынұлы жасап, өзінің дайындаған қазақ алфавитінің артықшылықтарын жан-жақты талдайды. Ол алфавит ауыстыруға көп күш пен қаражаттың қажет екендігін, көз үйренген алфавитті тастап, басқаны алудың қиын жұмыс екендігін айта келе, мына мәселеге назар аударады: «Латын әліббиін алғанда, келтіретін пайдасы жоқ болмақ, істейтін зияны көп болмақ зияны сол – бұл «сау басқа сақина тілеп алуда» болмай ауру үстіне ауру тілеп алу болады. Біздің осы күнгі ауруымыздың зоры: мешел өскендіктен мәдениет жүзіндегі мешеулігіміз; надандық, сауатты адамдардың, іс қыла білетұн адамдардың аздығы, қаржысыздық, тағысын тағы мәдениет жағынан кемшіліктер. Сол аурудың үстіне латын әліббиінің ауруы келіп жамалмақ». Ал, Н. Төреқұлұлы латындандырудың тиімділігін дәлелдеп, жаңа енгізілімді қолдайды. Отырыс барысында М. Дулатұлы, Х. Досмұхамбетұлы, И. Арабайұлы, М. Тұрғанбайұлы, Е. Омарұлы сияқты зиялы қауым өкілдері Ахмет Байтұрсынұлының пікірін бірауыздан қолдап, республикадағы латын  мәселесін тоқтату керек деген шешімге келеді. М. Дулатов осы съезде сөйлеген сөзінде: «Латынды оңай, қазақ (араб) әрпін қиын қылып көрсету үшін латыншылдар қисынсыз мысалдар алады. Мәселен: Абдірахман өткен жолғы баяндамасында өзінің қазақша жазуды 10 жыл оқып үйренгенін айтып өтті. Бұрынғы кезде солай болғаны рас та шығар. Бірақ оған қазіргі әліпби жазықты емес, сол кездегі ескі оқудың әдісі кінәлі ғой. Қазір орысшаны да, қазақшаны да 8-9-дағы балалар 2-3 айда жазып, оқып кетеді. Үйренуге орысша да, латынша да бірдей. Бұлай болса, «10 жыл» деген сөз қазіргі әліпбиімізге жала ғой. Латынды қолдаушылар қазақ әріптері жазуға да қиын деседі. Бұл бекер» [XVI съезд ВКП(б): стенографический отчет, 1931. 26], - деп, М. Дулатов аталған жиында қазақ сөздерін латынша, қазақша жазып салыстырып көрсетеді. Дегенмен, отырыс мүшелері  съезд соңында талқылауға түскен жазу мәселесіне байланысты мынадай  қорытындыға келеді: латындандыруды қолдаушылар мен оған қарсылық танытқандар сегіз де сегіз дауысқа ие болып, тең түседі. Бірақ отырысқа төрағалық еткен Н. Зәлиұлы сол күнгі мәжілісте болмаса да, латындандыруды қолдайтындығын қағаз жүзінде жазып, жоғарыдағы теңдікті өзгертіп жібереді. Соның нәтижесінде латынды қолдап – 9 дауыс, латынға қарсы – 8 дауыс беріледі [Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі, 2005: 94].

Қарастырылып отырған жылдары жазу жүйесіне байланысты өзгерістерді жүзеге асыруда мелекеттік ведомствалар немқұрайлылық танытты. Қазақ білімпаздарының бірінші съезінде Оқу-ағарту Халық Комиссариатына жаңа алфавитті енгізу мәселесін зерттеу және оған байланысты қажетті құжаттарды дайындауды тапсырғанымен, аталған комиссариат 1927 жылға дейін бұл тапсырманы орындаудан жүйелі әрі табанды түрде бас тартып, ешқандай жұмыстарды бастамайды [М.К. Айбасова, Р.К. Имажанова, Г.Т. Исахан, Б.Ж. Кабдушев, 1997: 74].

1926 жылы Бүкілодақтық түркітанушылар съезін Баку қаласында өткізу жоспарланады. Оның мақсаты - түркі-татар халықтарының  жазуын латынға ауыстыру мәселесін көтеру болып табылды. Сонымен, 1926 жылдың наурыз айында Бакуде Бүкілодақтық  түркітанушылардың бірінші съезі өтеді. Аталған съезде Жаңа түрік алфавитінің Орталық Комитеті құрылады. Осы комитеттің құрамы мынадай болды: С.А. Ағамалы-оғлы (төраға), В.А. Артемов, Б.М.Гранде, Л.И. Жирков, В.И. Лыткин, Н. Марр, Е.Д. Поливанов, А.А.Реформатский, А.Н. Самойлович, А.М. Сухотин, Б.В. Чобан-заде, Г.Шараф, Р.О. Шор, К.К. Юдахин, Н.Ф. Яковлев. Аталған съезге Қазақстаннан А. Байтұрсынұлы, Е. Омаров, Т. Шонанов, Н. Төреқұлұлы сияқты қазақ зиялылары қатысады [М.К. Айбасова, Р.К. Имажанова, Г.Т. Исахан, Б.Ж. Кабдушев, 1997: 85]. Кейіннен бұл комитет Бүкілодақтық Жаңа алфавит Орталық комитеті болып өзгертіледі. Аталған комитет түркі - татар халықтарының  латын алфавитіне өтуін қамтамасыз етіп, жазуы жоқ халықтарға латынды енгізуді мақсат етіп белгілейді. Одақ көлеміндегі осы комитеттің жүргізген жұмыстарының нәтижесінде КСРО-дағы 20 ұлт жаңа алфавитке көшіп, ал жазуы болмаған 50 ұлт латын алфавитін қабылдады.

Жалпы, латын алфавитін қазақ тіліне бейімдеуде 3 қағида негізге алынды [М.К. Айбасова, Р.К. Имажанова, Г.Т. Исахан, Б.Ж. Кабдушев, 1997: 85]:

1) ортақ алфавит жүйесін сақтай отырып, КСРО түркі халықтарының республикаларымен бірге біртекті әріптерді енгізу;

2) жаңа алфавитті қазақтың ұлттық тіліне нұсқан келтірмей, оның айтылуына сәйкес қолдану;

3) арабшаларға қарсылық ретінде, жаңа алфавитке нүктесіз, ілмексіз жеңіл әріптер енгізу. Қазақстанда 1924 жылы басталған алфавит ауыстыруға байланысты пікір таластар 1927 жылға қарай күшейе түседі. Сол уақытқа дейін осы мәселе бойынша нақты әрекет жасамаған республиканың Оқу - ағарту Халық Комиссариатында қозғалыс байқалды. Жаңа алфавитті алмастыруға байланысты көптеген шаралар мен жолданған үздіксіз сұраулардың нәтижесінде аталған мекеме жаңа алфавитке қатысты 1927 жылдың қыс айларында Қызылорда қаласында жиналыстар мен пікір таластар ұйымдастыруға кіріседі [М.К. Айбасова, Р.К. Имажанова, Г.Т. Исахан, Б.Ж. Кабдушев, 1997: 76]. Сол жылғы Қызылордада жазу (графика) мәселесіне арналған конференцияда А. Байтұрсынов өзінің ұстанымынан ауытқымай, өз ойын былайша жеткізеді: «Түрік жұртының 90% - ы баяғыдан бері араб әрпін пайдаланып келеді. Әрқайсысының араб әрпімен жазылған хат мәдениеті бар (хат мәдениеті – сауаттылық, оның жүзіндегі өнербілім, ілім, емле, үйрету әдісі, баспа істері, баспа мамандары, жазба мамандары, жазылған, басылған барша сөздер т.т.). Хат мәдениеті бар халыққа бір әрпін тастап, екінші әріпті ала қою оңай нәрсе емес». Осы уақытта араб жазуын қолдаған топты «байшыл», «буржуазияшыл-ұлтшыл», «алашордашыл», «діншіл» деп айыптау қалыптаса бастады. Кез келген отарлаушы елдер қолданатын бір халықты екіге бөліп, оларды бірбіріне қарсы қою шаралары тіл саясатын жүзеге асыруда да пайдаланылды. Баспасөз беттерінде латындандыруды насихаттаған мақалалар пайда бола бастады. Дегенмен, олар негізінен араб алфавитін қолдағандарды теріс мағынада сипаттап, ешқандай нақты дәлелсіз айыптаулар таққан жалаң, бос мақалалар болды. Мақалалардың авторлары негізінен қазақ ұлтының өкілдері болды. Олар сол мақалаларды жазып отырып, өздерінің ұлттық негізіне зиян келтіріп отырғандықтарын сезінбеді [Ғ. Тоғжанұлы, 1931: 4].

Қарастырылып отырған жылдардағы оқиғалар қазақ халқының сырттан келетін әсерлерге еліктегіш, оны тез қабылдағыш халық екендігін дәлелдейді. 1927 жылдың 24 сәуірінде Қазақ Республикасының студенттерінің Мәскеу қаласында өткен жалпы жиналысының резолюциясы жарияланады [68, 68-69 б.]. Ол резолюцияда қазақ алфавитін латыншаға көшіру мәселесі сөз болды. Бұл құжатта латыншаға көшуге байланысты соңғы екі жылда қазақ баспасөзі беттерінде екі түрлі көзқарастың пайда болғандығы айтыла келе, бірінші топтың ескі интеллигенция өкілдерінің қолдауындағы консервативті бағытымен байланыстылығы көрсетіледі. Сол уақытқа тән пікір бойынша аталған топтың латыншаға көшіруден қазақ халқының жалпы мұсылмандық мәдениет пен дәстүрлерден алшақтайтындығына байланысты қаупін айыптайды. Сонымен бірге, қазақ зиялыларының осы іске қатысты көзқарасы резолюцияда зиянды деп табылып және осы ойларын халыққа білім беру саласын дамытудағы жалған мүдделерімен «бүркемелейтіндіктері» сынға алынады.

Ал, аталған топқа қарама-қарсы пікірдегі топты резолюция бойынша көп санды жаңа интеллигенция, ауылдық мұғалімдер мен оқушы жастар құрады. Олардың ойынша, қарастырылып отырған уақытта шығыс елдерінің өзі біртіндеп натуралды шаруашылығымен, феодалдық қоғамымен, көпшілікке түсініксіз араб мәдениетімен сипатталатын ортағасырлық дәуірден еуропалану жолына шығып жатқанда Шығыстық жалпы мұсылмандық дәстүрлер туралы айту күлкілі жағдай болып табылды. Резолюцияда республика еңбекшілері сауатсыздық деңгейі әлі 2 пайыздан аспай тұрғанда жаңа қоғамның игіліктерін тек КСРО - мен тығыз байланыса отырып және батыстық мәдениетке қатаң бағыт жасау арқылы ғана қол жеткізе алатындықтарын мәлімдеді. Сонымен бірге, жаңа қазақ алфавитінің араб тілімен салыстырғанда техникалық жағынан артықшылықтарға және болашақта баспа ісін дамыту мүмкіндіктеріне ие екендігі айтылады. Резолюцияның соңында Қазақ республикасының еңбекші, оқушы жастарын Әзірбайжан, Якутия, Түркіменстан, Қырғыз республикаларының жолымен жүруге шақырады.

Республиканың рухани тұрғыдан дамуына жауапты мекемелердің бірі -  Оқу-ағарту Халық Комиссариаты тіл саясатындағы жаңалықтарға бейқам қарап отырғанда, Қазақстандағы латындандыруды қолдайтын топтар белсенді шаралар жүргізе бастайды [М.К. Айбасова, Р.К. Имажанова, Г.Т. Исахан, Б.Ж. Кабдушев, 1997: 76]. Олар Қызылорда қаласында «Жаңа әліппешілер қоғамының» Орталық комитетін құрып, оның Орал қаласында губерниялық бөлімін, «Еңбекші қазақ» газетінде латыншылдар бұрышын ашады, осы қоғамының Жарғысын дайындайды.

Бүкілодақтық түркітанушылардың бірінші съезінен кейін, 1927 жылдың 25 мамырында Қазақстанның сол жылдардағы астанасы Қызылордада «Жаңа әліппешілер қоғамы» құрылады. Жаңа алфавитті насихаттауға, таратуға  бағытталған еріктілерден тұратын «Жаңа әліппешілер қоғамының» (ЖӘҚ) орталық, аймақтық, аудандық комитеттері, бастауыш ұйымдары, үйірмелері жұмыс істеді. «Жаңа әліппешілер қоғамының» Орталық комитеттің төрағасы Т. Шонановтың баяндамасының тезистерінде [М.К. Айбасова, Р.К. Имажанова, Г.Т. Исахан, Б.Ж. Кабдушев, 1997: 73] революцияға дейін араб алфавитінің кемшіліктері көрінбегендігі, ал кеңестік биліктің орнауымен басталған баспа ісі, ұлттық мектептерді дамыту, сауатсыздықты жою, мемлекеттік аппаратты жергіліктендіру сияқты шараларды жүзеге асыру барысында педагогикалық, техникалық, мәдени-тарихи тұрғыдан араб тілінің жарамсыздығы ерекше айқындалғандығы мәлімденеді.

«Жаңа әліппешілер қоғамының» құрылғанынан кейін бір ай өткенде, 19 маусымда ҚКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің қаулысымен Жаңа қазақ алфавиті комитеті құрылады. Сол жылдың тамыз айында Қызылорда қаласына Бүкілодақтық Жаңа алфавит Орталық комитетінің төрағасы С.А. Ағамалы-оғлы келіп, аймақтағы жұмыс барысымен танысады. Төрағаның сапарынан кейін «Жаңа әліппешілер қоғамы» мен Жаңа қазақ алфавиті комитеті біріктіріледі. Сөйтіп, Халық Комиссарлар Кеңесінің 1927 жылдың 19 қарашасындағы қаулысы бойынша Жаңа қазақ алфавитінің Орталық Комитеті өз жұмысын бастайды. Аталған комитеттің құрамы мына тәртіпте сайланды: төрағасы - Н. Нұрмақов (Қазақ АКСР ХКК-нің төрағасы); комитет мүшелері - А. Тоқтабаев (ҚКСР Оқу - ағарту халкомы), О. Жандосов (БК(б) П Өлкелік комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі), Ә. Байдилдин (Оқу-ағарту қызметкерлері кәсіподағының төрағасы), Ә. Ермеков (ҚКСР ОАК мүшесі), А. Тоғжанов («Еңбекші қазақ» газетінің жауапты редакторы), Т. Шонанов (ҚКСР Оқу-ағарту халкомының жауапты қызметкері). Сонымен бірге мүшелікке кандидаттар ретінде Ж. Орманбаев («Лениншіл жас»  комсомол журналының редакторы), Б. Малдыбаевтар (педагог) тіркеуге алынады [М.К. Айбасова, Р.К. Имажанова, Г.Т. Исахан, Б.Ж. Кабдушев, 1997: 77].

1928 жылдың 23 маусымында осы комитет Бүкілодақтық жаңа түркі алфавиті комитетінің төралқасында есеп береді. Ол есепте аталған комитеттің Қазақстандағы жұмысының басқа республикаларға қарағанда кеш басталғандығы аталып өтті. Оның басты себебін мәдени құрылыс пен латын алфавитіне ауысу мәселелерін үнемі кейінге ысырып келген консерватор-ұлтшылдар, арабшылармен байланыстырды. Аталған комитеттің губерниялық атқару комитеттерінің жанынан ашылған бөлімшелері болды. Одан басқа республикада өз еркімен құрылған 58 қоғамдар да жұмыс жасады. Сол уақыттағы толық емес мәліметтер бойынша, 58 қоғамның 48-де 3546 мүшелері жұмыстар жүргізді [М.К. Айбасова, Р.К. Имажанова, Г.Т. Исахан, Б.Ж. Кабдушев, 1997: 85]. Үгіт-насихат шараларында, аталған комитет негізінен баспасөз беттерінде араб алфавитінің кемшіліктері мен жаңа алфавиттің жақсы жақтарын көрсетуге барынша күш салды.

Араб алфавитін қолдаған қазақ зиялылары болжағандай, жаңа алфавитті үйретуде көптеген қиыншылықтар кездесіп, қаржы бөлініп, курстар ашылды.  1927-1928 оқу жылында барлық техникумдарда сабақтар латын алфавитінде оқытыла бастады. Сол уақытта республикада 29 техникум болса, оларда 2646 адам оқыды. Сонымен бірге, педагог-кадрларды қайта даярлау курстары ұйымдастырылады. Онда, 890 қазақ мұғалімдері оқыды. Бұл көрсеткіш республикадағы барлық педагог кадрлардың 44% болып табылды. Одан басқа аудандық оқу-ағарту инспекторларын, іс-жүргізуді, есепшілер мен кәсіподақ өкілдерін қайта дайындайтын курстар ашылған. Жалпы, 1928 жылдың ортасында жаңа алфавитке үйренгендердің саны - 3103 адам болып белгіленеді [М.К. Айбасова, Р.К. Имажанова, Г.Т. Исахан, Б.Ж. Кабдушев, 1997: 85]. Оқытатын мұғалімдердің тапшылығы комитеттің жаңа латын алфавитін үйретуде баспасөз арқылы сырттай оқыту әдісін қолдану әрекеттерінен көрінді.

Латын алфавитін насихаттауда республиканың баспа орындары да жұмылдырылды. Соның негізінде, латынша 1500 дана метрикалық өлшемдер кестесі, 56 000 дана әліппелер және тағы да басқа насихат материалдары баспадан жарық көрді [М.К. Айбасова, Р.К. Имажанова, Г.Т. Исахан, Б.Ж. Кабдушев, 1997: 85]. Сол уақыттағы техникалық жағдайды есепке алғанда, бұл қанағаттанарлық көрсеткіш болып табылды. Жазуды латындандыру жұмыстары республиканың баспа саласындағы техниканы өзгерту талабын туындатты. 1928 жылы Қазақ өлкелік комитетінің бюросында араб әріптерін латын әріптеріне алмастыру мәселесі қарастырылады. Сол отырыста жаңа әріптерге көшу негізінде баспаханалардың техникалық деңгейін жақсарту, арзандату, сонымен қатар қазақ тілінде басатын баспа машиналарын енгізу мүмкіндіктерінің бар екендігі мәлімденеді [Культурное строительство в Казахстане, 1965:68].

Билік тарапынан баспаханаларды латындандырудың тек позитивті жақтары қарастырылса, шын мәнінде бұл үрдістің көптеген теріс әсерлері болды. Әсіресе, жазудағы араб әріптерін латыншаға ауыстыру салдарынан, қазақ тілінде ұсынылған тапсырыстарды орындау көптеген қиыншылықтардың туындауымен сипатталды. Әсіресе, араб әрпінің шрифтерімен жабдықталған баспа машиналарын латын шрифтеріне өзгертуге гарт (шрифт құюға арналған қорғасын, қалайы және сурьманың қосындысы) жетіспеді [ЦГА РК, 30: 7]. Осылайша, биліктің ойлағанындай әріптерді латыншаға өзгертуден, баспаханалардың жағдайы жақсарып кетпеді. «Латыншылардың ... мықты дәлелдерінің бірі – араб әрпі қымбатқа түседі, онымен басқан кітап, газеттеріміз қымбат болады дейді. Араб әрпін соңғы өзгертілген жоба бойынша (дара түрін) алуымыздан келер шығын жоқ, өзгертілген әріптің жоғарыда айтқанымыздай, оқушыға жаттығы жоқ, мынау мынадай әріп деп ешкімге үйретіп жатпаймыз. Ал енді латын әрпін қолдануға келсек, бұған шығатын ақша есепсіз көп болмақ керек. Латын әрпін өзгертеді екеміз, корректорларды латынша үйретеді екеміз, латын әрпімен оқытатын мұғалімдер даярлайды екеміз, ел-елде мектеп ашады екеміз, қызметкерлерді үйретеді екеміз, тағы да толып жатқан шығындары болады екен. Осының бәрін есептесек, бұған миллиондаған ақша кетуінде сөз жоқ. Қазір латыншаның бұрынға әрпімізден іс жүзінде артықтығы жоқтығын көре тұра – қаншалық қаражатты, толып жатқан кемшіліктерімізді түзетудің орнына аса ділгерлігі жоқ латынды кіргізу үшін жұмсауымыздың түк қисыны жоқ» [М. Дулатов, 1991: 325], - деп М. Дулатов республикада енгізіліп жатқан шаралардың тиімсіздігін дәлелдеп берді.

1928 жылдың жаз айында өткен Бүкілодақтық жаңа түркі алфавиті комитетінің жиналысында жаңа латын алфавитіне Қазақстандағы дін өкілдерінің қарсы болғандығы аталып өтеді. Дегенмен, ол туралы талқылауды төраға Агамалы-оглы да қажет деп таппайды. Ал, араб алфавитін қолданушылар туралы былай делінеді: «Арабисты вроде Байтурсынова и других чуть ли не каждый день приносят в Научный Совет НКПроса или НКПрос новые проекты усовершенствованных арабских букв с отрезанными хвостиками, с уничтожением точек и.т.д. Это одна часть наших противников» [М.К. Айбасова, Р.К. Имажанова, Г.Т. Исахан, Б.Ж. Кабдушев, 1997: 85]. Онда сонымен қатар, арабшылардың орыс алфавитін енгізуді ұсынған екінші бағытының бар екендігі туралы аталып өтіледі.

Билік тарапынан араб жазуы айыпталып, латын алфавитіне барынша қолдау білдірілсе де, республикада латындандыру науқаны баяу жүргізілді. 1928 жылдың 12 қарашасында жаңа латын алфавитін насихаттаудағы атқарылып жатқан шараларға баға беру барысында Қазақ өлкелік комитетінің Бюросы бірқатар кемшіліктерді атап өтеді. Оның ішінде латын алфавитін насихаттаудың стихиялы түрде жүргізілетіндігі мен әлсіздігіне ерекше назар аударылды [М.К. Айбасова, Р.К. Имажанова, Г.Т. Исахан, Б.Ж. Кабдушев, 1997: 96]. Осыған байланысты жаңа алфавитті насихаттау ісіне жастар да көптеп тартылды. Жоғарыдан берілген тапсырма бойынша, жастар латын әріптерінің артықшылықтарын көрсетуге күш салды. Осыдан сол жылдардағы тіл саясатын жоспарлаған биліктің қоғамның шынайы мүмкіндіктерін терең зерттей алмағандығын байқатады. Олардың ойынша аталған шаралардың дұрыс нәтижелер бермеуі, насихат жұмыстарының нашарлығынан деп танылды. 

1928 жылдың 12 қарашасында Қазақ өлкелік комитеті Бюросының комсомол мүшелерімен өткізген жиналысында жаңа латын алфавитінің енгізілуі Қазақстан еңбекшілерінің КСРО-ның жалпы мәдени революциясына қатысуын жеңілдететіндігі мәлімденеді. Сонымен бірге, араб алфавитін қолдаушылардың орыс алфавитіне байланысты ұсыныстарын латыншылардың арасында жік туғызу мақсатымен жасалған әрекет деп бағалады. Ал, арабшыларды патшалық миссионерлердің рөліндегілер деп айыптады [М.К. Айбасова, Р.К. Имажанова, Г.Т. Исахан, Б.Ж. Кабдушев, 1997: 98].

Қоғамдағы қарсылықтарға қарамастан, ХХ ғасырдың 20-жылдарының соңында араб жазуының КСРО-дағы тағдыры толығымен шешімін тапты. 1929 жылдың 1 қаңтарында Әзірбайжанда мектеп, іс жүргізу, баспа ісі толықтай жаңа алфавитке көшірілді. Ал, қалған республикалардағы араб алфавитінен бас тарту шаралары 1929 жылдың 7 тамызындағы КСРО ОАК Президиумының қаулысымен жеделдетіледі. Жалпы, сол кезеңге тән міндеттемелерді уақытынан бұрын орындауға деген құлшыныс тіл саясаты саласында да орын алды. Соның нәтижесінде, маңызды мәселелерге байланысты араб жазуын еріксіз қайтадан пайдалануға мәжбүр болған жағдайлар де кездесті. Оны төмендегі қаулылардың мазмұнынан байқауға болады, яғни араб алфавитін пайдалану тоқтатылса да, оны әрі қарай да пайдаланушылар болған.

1930 жылдың 6-8 ақпанындағы КСРО ОАК Коллегиясының отырысында латын алфавитін енгізуді жеделдету мәселесі қаралады. Онда, Қазақстанның 20 - жылдығы қарсаңында араб алфавитін мемлекеттік, қоғамдық өмірдің барлық саласынан аластату талап етілді. Ал, Қазақстанның 10-жылдығы қарсаңында ОХК барлық бөлімдері мен мекемелеріне оқу - тәрбие, саяси - ағарту, ғылыми, кітапхана, баспа және кеңсе істерінде 100 пайызға жаңа алфавитке өтуді жеделдету міндеттеледі. Бас саяси - ағарту (Главполитпросвет) мекемесіне 1930 жылдың 1 наурызына дейін ойын - сауық мекемелері, кітапханалар, қызыл киіз үй, оқу үйлері, қызыл шайханалар және тағы да басқа қоғамдық орындардағы афишалар, плакаттар, хабарландырулар және басқа да жарнамалық материалдардың жазылуын араб әрпінен латын әрпіне алмастыру міндеттеледі. Бас әдебиет бөліміне (Главлито) 1930 жылдың 15 ақпанынан бастап газеттерден басқа араб алфавитіндегі қолжазбаларға рұқсат бермеу ұсынылады. Қазақ баспасына осы уақыттан бастап араб әрпіндегі мерзімді, мерзімсіз баспасөзді басуға тыйым салу міндеттеледі. Мәскеу қаласындағы Орталық баспадан (Центриздат) шығатын қазақ және Қазақстанның ұсақ ұлттарының тілінде араб әрпінде жазылған қолжазбаларды қабылдау мен басуды, Қазақстанға араб әрпімен басылған әдебиеттерді жіберуді тоқтату сұралды [68, 106-109 б.]. Сөйтіп, кеңестік тіл саясатында ең басты назар халықтың қажеттілігіне емес, биліктің мүддесін қайтсе де орындауға бағытталды.

1930-шы жылдардың басы тіл саясаты саласында уақытша тұрақтылығымен сипатталды. Латын жазуы араб графикасын толықтай ығыстырды. Жазу жүйесіндегі түбірлі қайта құру жобалары аяқталды. Латын жазуының бекітілуі халықтың арасында Құран оқу сауаттылығының төмендеуіне алып келді. Бұнымен бір уақытта түркі тілдері арасындағы байланыс үзілді және ХІХ ғ. аяғы - ХХ ғ. басындағы араб жазуымен жазылған революцияға дейін жарық көрген шығармаларды игеруге де кері әсерін тигізді. Т.М. Мастюгин мен Л.С. Перепелкин сияқты ресей авторлары бұл туралы: «Сауаттылар үлесіне тәуелсіз, қандай болмасын тілдің графикаға ыңғайлану дәрежесіне қарамастан бұл халықтар өзінің халықтық мұрасынан қол үзді» деп жазады [Т.М. Мастюгина, Л. С. Перепелкин, 1997: 250].

1920 жж.–1930 жж. басындағы тіл саясатында жүргізілген кеңестік тәжірибе осылайша сипатталды. Араб әріптерін латын алфавитіне көшіру туралы тәжірибе большевиктердің «әлемдік революция» туралы идеологиялық әдісімен байланысты болды. Олар латын алфавиті әлемнің барлық халықтарының жазба тілі үшін негіз болады деп болжады. Бірақ 30-шы жылдардың басында кеңестік әкімшілік өз бағытын өзгертіп, «жекелеген бір елде социализм  құру» ұстанымын насихаттай бастайды.

ХХ ғасырдың 20 жылдары бойында көптеген пікірталастардың негізінде қабылданған латындандырудың тағдыры ұзақ болған жоқ. Бірінші бесжылдық жылдары кеңес өкіметінің ұлттық саясатындағы түбірлі өзгерістер кезеңі болып саналғандығы белгілі. Осы жағдай жазу саласындағы тәжірибелердің соңғы нүкесінің қойылуына себеп болды.

1930 жылдың қаңтарында ОК саяси бюросында орыс алфавитін латындандыру туралы мәселені қарастыруды тоқтату туралы нұсқау беріледі. Сол уақыттағы партиялық түсінік бойынша, Кеңестер Одағы – социалистік, яғни алдыңғы қатарлы, ал латындандырылған Батыс елдері – буржуазиялық, артта қалған болып саналды. Сонымен бірге, уақыт өткен сайын өзектілігін арттырып келе жатқан ортақ тіл мәселесі нақты шешімді талап етті. Ал, ортақ тіл тек бірыңғай жазу болғанда ғана мүмкін. Бұл жерде ортақ тіл рөліне тек орыс тілі ғана үміткер бола алғандығы белгілі. Сөйтіп, орыс тілін өзінің кирилдік жазу негізі арқылы тарату қолға алынды. Латындандыру ұлтаралық қатынас құралдарын пайдалануды тежейтін кедергі ретінде қаралды.

1933 жылдың қазанында М.Калининнің жетекшілігімен құрылған комиссия елдегі халықтардың жазуын латын әрпі негізінде унификациялау жұмысын одан әрі пайдасыз, негізсіз деп тапты. Комиссия латын алфавитін орыс алфавитімен алмастыру ұсынысын жасайды. Осыдан кейін, 1935 жылдың 1 маусымындағы ОАК Төралқасының осы мазмұндас қаулысы қабылданады [А.С. Барсенков, А.И. Вдовин, 2006: 257]. Жалпы, КСРО құрамындағы халықтардың кириллица негізіндегі алфавитке көшу үрдісі аталған қаулыдан кейін жүре бастайды.

1928-1929 жылдардағы Қазақстандағы латын әрпіне көшіру науқаны асығыс жүргізілді. Қазақ қоғамы жазудың жаңа түріне дайын емес еді. Бірақ, оны билік басындағылар ескермеді. Олардың мақсаты – Орталық Азия мен Кавказды мұсылмандық Шығыстың әсерінен толықтай ажырату еді. Кеңес өкіметінің осы саясаты Қазақстанда қарсылық та, қолдау да тапты. Қазақтардың ішінен латындандыруды қолдағандар негізінен Ресейде білім алып жатқан жастар болып табылды. Сол сияқты республиканың басқару жүйесі де жоғарыдан түскен бұйрықтарды орындауға тырысты. Латындандыруды қолдаушы топ көп жағдайда, латын әріптерінің артық, ал араб әріптері жарамсыз деген мағынадағы насихат жұмыстарын жүргізді. Одан басқа латыншаға қарсы топты нақты дәлелсіз, жалаң сөздермен айыптауға бейім болды.

Революцияға дейін қоғамның зиялы қауым өкілдері болып танылған оқығандар тіл саясатындағы үздіксіз өзгерістерге қарсы шықты. Олар, бір істі аяқтамай жатып, екінші бір істі бастау, қолға алынған міндеттердің орындалу мүмкіндіктерінің аз игерілуі сияқты мәселелерді алға тарта отырып, аталған шаралардың дұрыс нәтиже беретіндігіне күмән келтірді. Шындығында, алфавит алмастыру ісі халықтың әлеуметтік-мәдени жағдайының жоғары болған кезінде ғана мүмкін болатындығы сөзсіз. Ал, 1920 жылдар бойында сауатсыздық деңгейі жоғары, әлеуметтік жағдайы нашар болып тұрған қазақтар екі алфавит бойынша сауат ашуға мәжбүр болды. Дегенмен, қазақ зиялыларының дәлелді пікірлері есепке алынбай, керісінше олардың өзі «байшылдар», «алашордашылар» деп жөнсіз айыпталды.

Қорытынды

1930 жылдардың басындағы кеңестік биліктің өз бағытын өзгертуі, тіл саясатына да әсер етті. Бірнеше жыл бойында ұзақ пікірталастар тудырған, қаншама қаржы жұмсап басқосулар өткізілген латын алфавитін қабылдау мәселесі аз уақыттың ішінде тоқтатылды. Осының өзі сол жылдардағы кеңестік әкімшіліктің ұсақ халықтарға байланысты салмақты саясат ұстанбағандығын дәлелдейді. Билік үшін, одақ көлеміндегі ұлттардың тағдыры емес, социалистік идеяны қалайша жедел жүзеге асыру маңызды болып табылды. Сөйтіп, Қазақстандағы латындандыру жұмыстары кеңес өкіметінің нәтижесіз аяқталған көп «тәжірибелерінің» бірі болды.

Әдебиеттер

XVI съезд ВКП(б): стенографический отчет. - М., 1931. – 56 с.

Барсенков А.С., Вдовин А.И. История России: учебное пособие для студентов вузов /А.С. Барсенков, А.И. Вдовин. – М.: Аспект Пресс, 2006. – 816 с.

Дулатов М. Шығармалары: өлеңдер, қарасөздер, көсемсөз. - Алматы: Жазушы, 1991. – 381 б.

Культурное строительство в Казахстане // Сборник документов и материалов. - Алма-Ата: Казахстан, 1965. - Т. 1. – 567 с.

Қазақ білімпаздарының тұңғыш съезі: бірінші қырғыз ғылыми съезінің еңбектері. – Алматы: Атамұра, 2005. – 143 б.

"Қазақ" газеті: алаш азаматтарының рухына бағышталады / құраст. Субханбердина Ү. - Алматы: Қаз.энцикл., 1998. – 558 б.

Мастюгина Т. М. Этнология. Народы России: История и современное положение: учеб. пособие / Т. М. Мастюгина, Л. С. Перепелкин. - М.,: ЦИНО общества "Знание" России, 1997. - 317 с.

Тоғжанұлы Ғ. Жаңа әліпке жаппай көшуге кімдер қарсы // Еңбекші қазақ. – 1931. - № 141. – 4 б.

ЦГА РК. Ф. 30 – Совет Народных Комиссаров КАССР (СНК) (1920-1936 гг.). 3-т., 567- і., 7-п.

Языковая политика в Казахстане (1921-1990 годы): Сб. документов / Сост. М.К. Айбасова, Р.К. Имажанова, Г.Т. Исахан, Б.Ж. Кабдушев. – Алматы: Қазақ университеті. – 1997. – 325 с.

References

XVI sezd VKP(b): stenografıcheskıı otchet. - M., 1931. – 56 s.

Barsenkov A.S., Vdovın A.I. Istorııa Rossıı: ýchebnoe posobıe dlıa stýdentov výzov /A.S. Barsenkov, A.I. Vdovın. – M.: Aspekt Press, 2006. – 816 s.

Dýlatov M. Shyǵarmalary: óleńder, qarasózder, kósemsóz. - Almaty: Jazýshy, 1991. – 381 b.

Kýltýrnoe stroıtelstvo v Kazahstane // Sbornık dokýmentov ı materıalov. - Alma-Ata: Kazahstan, 1965. - T. 1. – 567 s.

Qazaq bilimpazdarynyń tuńǵysh sezi: birinshi qyrǵyz ǵylymı seziniń eńbekteri. – Almaty: Atamura, 2005. – 143 b.

"Qazaq" gazeti: alash azamattarynyń rýhyna baǵyshtalady / qurast. Sýbhanberdına Ú. - Almaty: Qaz.entsıkl., 1998. – 558 b.

Mastıýgına T. M. Etnologııa. Narody Rossıı: Istorııa ı sovremennoe polojenıe: ýcheb. posobıe / T. M. Mastıýgına, L. S. Perepelkın. - M.,: TsINO obshestva "Znanıe" Rossıı, 1997. - 317 s.

Toǵjanuly Ǵ. Jańa álipke jappaı kóshýge kimder qarsy // Eńbekshi qazaq. – 1931. - № 141. – 4 b.

TsGA RK. F. 30 – Sovet Narodnyh Komıssarov KASSR (SNK) (1920-1936 gg.). 3-t., 567- i., 7-p.

Iazykovaıa polıtıka v Kazahstane (1921-1990 gody): Sb. dokýmentov / Sost. M.K. Aıbasova, R.K. Imajanova, G.T. Isahan, B.J. Kabdýshev. – Almaty: Qazaq ýnıversıteti. – 1997. – 325 s.

А.З.ЖУМАНОВА

(Карагандинский государственный университет

имени академика Е.А. Букетова, PhD, доцент)

ЯЗЫКОВАЯ ПОЛИТИКА СОВЕТСКОГО ПРАВИТЕЛЬСТВА В ПЕРВОЙ ПОЛОВИНЕ ХХ ВЕКА

РЕЗЮМЕ

В конце 30-х гг. ХХ века языковая политика советского государства начало проводить более ужесточенную языковую политику. Идея равенства всех наций и языков осталась неясной. Структурные основы қазахского языка, после его перехода с латиницы на кириллицу, подверглись кардинальным изменениям. Таким образом, казахский народ и его язык превратились в «экспериментальную площадку» советской политики. Обрывая связь с арабским алфавитом, казахский народ попрощался с богатым духовным наследием прошлого. В период формирования системы образования, в условиях дефицита кадров и учебников, приходилось заново переобучаться в новой грамматике. 

Ключевые слова:Языковая политика. Казахская интеллигенция. Арабская письменность. Латинская графика. Кириллица. Советскоеязыкознание.

A.Zhumanova

Academician Ye.A. Buketov Karaganda State University

LANGUAGE POLICY OF THE SOVIET GOVERNMENT IN THE FIRST HALF OF THE XX CENTURY

SUMMARY

In the late 30s.of the twentieth century language policy of the Soviet state began to pursue a more stringent language policy. The idea of the equality of all nations and languages remained unclear. The structural basis of the Kazakh language, after its transition from Latin to Cyrillic, underwent fundamental changes. Thus, the Kazakh people and their language became the “experimental platform” of Soviet politics. Breaking the connection with the Arabic alphabet, the Kazakh people bid farewell to the rich spiritual heritage of the past. During the formation of the education system, in the conditions of a shortage of personnel and textbooks, it was necessary to retrain in the new grammar. 

Key words:Language policy. Kazakh intellectuals. Arab writing. Latin graphics. Cyrillics. Soviet linguistics.


No comments

To leave comment you must enter or register