Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.81.37 ТАРИХ-И РАШИДИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ МОҒОЛСТАНҒА ҚАТЫСТЫ ЖЕР-СУ АТТАРЫ

А.Е. Хакім, гуманитарлық ғылымдарының магистрі

ҒТАМР 03.81.37 ТАРИХ-И РАШИДИ ШЫҒАРМАСЫНДАҒЫ МОҒОЛСТАНҒА ҚАТЫСТЫ ЖЕР-СУ АТТАРЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 2(18), 2019

Tags: қамал, тау, өзен-көл, қала, дереккөз, «Тарих-и Рашиди», Шағатай әулеті, Моғолстан
Author:
Мәуераннахрдағы Шағатай әулеті құрған мемлекет XIV ғасырдың ортасында біржола екіге бөлініп, Моғолстан деген атпен белгілі болған. Шағатайдың жерлері бөліске салынғанда, одан бөлінген халық Моғолстан мемлекетін Қазақстанның шығыс аймақтарында құрып, билік етеді. Моғолстан жерлері туралы көптеген парсы тілді авторлар өз шығармаларында жазған. Алайда, Шағатайлық дереккөздердің ішіндегі ең танымалы «Тарих-и Рашиди» шығармасы болып табылады. XIV ғасырда жазылған Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарихи-и Рашиди» шығармасы Моғолстанның тарихы туралы өте құнды мәлімет береді. «Тарих-и Рашиди» шығармасында жазылған Моғолстанға қатысты қала, ауыл, өзен-көл, тау-тастар атаулары және олардың маңыздылығы жайлы басқа дереккөздерде кездеспейтін деректер айтылады. Шығармадан екі қаланың ара қашықтығы, өзен-суларының ерекше қасиеттері, табиғатының көркемдігі, бекіністерінің қорғанысы, халықтарының тұрмыс тіршілігі жайлы маңызды мәлімет аламыз.
Text:

Кіріспе. Моғолстан XV ғасырдың орта шені – XVI ғасырдың бас кезінде Оңтүстік-Шығыс Қазақстан мен Қырғызстан территориясында өмір сүрген феодалдық мемлекет (Қазақ совет энциклопедиясы, 1982: 311). Моғолстан XIV ғасырдың ортасында Шағатай мемлекеті ыдырағаннан кейін ерікті мемлекет болып бөлініп шықты. Шағатай мемлекетінің бір бөлігі – Мауараннахрдың батыс бөлігінде Әмір Темір мемлекеті ал шығыс бөлігінде Моғолстан пайда болды. Мұндағы түркі және түркіленген моңғол ақсүйектері (Әмір Бұлатшы бастаған дулаттардың феодалдық жоғарғы тобы) 1348 жылы Шағатай әулетінен шыққан Тоғылық Темірді хан сайлады. Моғолстанның орта бөлігіне Жетісу мен қазіргі Қырғызстан аймағы кірді. Дулаттарға тәуелді иелік ретінде Манғылай-Сүбе аймағы (Шығыс Түркістанның бір бөлігі) ауық-ауық Моғолстанның құрамына кірді (Қазақ совет энциклопедиясы, 1976: 79).ХІІІ ғасырда Хорезмшах Түркістан жақтың патшасы болса, Күшлік гурхан қазіргі Қазақстанның шығыс аймағы мен Қытайдың батыс бөлігінде әмір болған. Ол кезде екі патша да Шыңғыс хан келмес бұрын қорғанысы мықты патшалар болатын. Сонымен қатар екі елдің де қалалары гүлдеп тұрған. Осы кезде де бұл жерлер Мәуереннахр және Моғолстан деп бөлінбесе де, Шағатай ұлысына кірмей тұрып, екі жаққа бөлген болатын. Шағатай осы аймақтарды алған соң, Қазақстанның Жетісу аймақтарынан Мәуереннахрға дейін билік жүргізіп, екі аймақты қосқан болатын. Кейін бұл екі жерде қайта бөлінеді.Сол Шыңғысханның ұрпағы Шағатай ұлысы шығыс және батыс болып бөлінеді. Батыс бөлігі Мәуереннахр жері болса, шығыс бөлігі Моғолстан болып аталды. Мәуереннахр аймағында Әмір Темірдің көшпелі Өзбек ұлысы билік жүргіссе, Моғолстан жерін Шағатайдан тараған ұрпақ басқарады. Ал осы Темірлер заманында билік еткен хандар және оның мұрагерлерінің ерліктері мен иеліктері жайлы «Тарих-и Рашиди», «Зафарнаме-ий Шади», «Зафарнаме-ий Йазди», «Муизз ал-ансаб», «Улус арба ат Чангизи–Шажарат ул-атрак» атты еңбектерде жазылған. Бұл шығармалардың авторлары әр түрлі болса да, негізгі жазатын тақырыптары Темірлердің биліктері жайлы тарих болып табылады.

Материалдар мен әдістер.Темірлер дәуірінде жазылған тарихи шығармалардың ішіндегі әлемге кең таралып, бірнеше тілдерге аударылып, ғылыми айналымға енгізілгені, әрі Қазақ хандығының құрылу тарихы жайлы алғаш рет жазған, Моғолстан жеріндегі халықтардың мәдениеті, жер-су атаулары және т.б. туралы құнды мәлімет беретін дереккөз Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» шығармасы болып табылады. Мұхаммед Хайдар Дулати 905/1499-1500 жж. әкесі қайтыс болғаннан кейін, Шашта (Ташкент) туылған (АбусеитоваМ.Х., 2008: 79). М.Дулатидің әкесі Мұхаммед Хусейн Гуркан Шағатай моғолдарынан таралған Дулат тайпасынан шыққан, ата-бабалары Шағатай моғолдардың билігінде уәзір не әмір қызметінде болған. Мұхаммед Хайдар Орталық Азиядағы талантты тарихшы, әскербасы және ақын ретінде танымал. Ол Моғолстан жерінде лауазымды мемлекет қызметкері болған.Мырза Хайдар түрік болған, өмірінің көп бөлігін түркі-моңғол халықтары мекендеген Қашқарда, он жылын Кашмирде өткізген. Алайда «Тарих-и Рашиди» шығармасын парсы тілінде жазып шыққан.«Тарих-и Рашиди» шығармасының авторы Мұхаммед Хайдар Дулати шығарманы екі кітап (дәптер) етіп жазады. Бірінші кітабында «Зафарнама» еңбегінен үзінділерін алып жазған. Сол себепті «Зафарнаме» шығармасында кездесетін кейбір жер-су аттары «Тарих-и Рашиди» шығармасында да кездеседі. Автордың айтуынша, кітапты үш себепке арнап жазған: біріншісі, Тоғылық Темір хан мулана Аршад ад-динге исламды қабылдатқаны үшін, екіншісі, Моғол ұлысы, Тоғылық Темір Рашиди билігі кезінде тоқтағаны үшін, үшіншісі, Моғолдардың соңғы билеушісі Абдрашид-ханның құрметіне арнаған. «Тарих-и Рашиди» шығармасында Хорасан, Мәуереннахр, Шығыс және Батыс Түркістан, Зонгария (Қытайдың бір уәлаяты), Тибет, Ладакх (Үндістан), Гилгит пен Читрал (Пәкістан), Бадахшан, Ауғанстан, Кашмир және Солтүстік Үндістан жерлеріндегі халықтарының тарихы жайлы айтылады. Сонымен қатар, Шах Исмаил мен Өзбек ханның қарым-қатынасы, Шибак хан мен Бабур хандығының тарихы жазылады. Бұл шығарманың ерекшелігі басқа дереккөздерде кездеспейтін Шыңғыс ханның патшалығы, яғни Шағатай ханның ұрпақтары туралы құнды мәлімет береді (Haydar DughlatM.M., 1383). «Тарих-и Рашиди»Орталық Азиядағы моғолдарға арналса да, ерте орта ғасырдағы Қазақстан, Орта Азия және Шығыс Түркістан елдері мен халықтарының тарихы жайлы маңызды дереккөз болып табылады (АбусеитоваМ.Х., 2008: 79)

Талқылау.«Тарих-и Рашиди» шығармасын зерттеумен отандық, кеңестік дәуірдегі және батыстық көптеген ғалымдар айналысқан. Бұл туындыны ағылшын тіліне Д. Росс (Denison Ross`) пен Н. Илайес (N. Elias) (EliasN., 1895), қытай тіліне 1985 жылы СУАА қоғамдық-ғылым Академиясындағы халықтарды зерттеу Институтының қызметкерлері (АбусеитоваМ.Х., 2001: 98), орыс тіліне бірнеше ғалымдар, атап айтқанда В.В. Вельяминов-Зернов, А. Урунбаев, Р.П. Жалилова, Л.М. Епифановалар, парсы тілінен қазақ тіліне алғаш рет 2003 жылы Ислам Жеменей, 2015 жылы ф.ғ.д. Әбсаттар Нұралиевтің аударды. Ал парсы тіліндегі мәтінінің текстологиялық басылымы Иранда 2003 жылы алғаш рет жарық көреді (Фазаллах ибн Рузбихан). «Тарих-и Рашиди» шығармасының қолжазбасы Ұлыбритания, Өзбекстан, Үндістан, Пәкістан, Тәжікстан, Ресей елдеріндегі мұражайлар мен сирек қор орталықтарында сақталған. Қазіргі күнде Хамадан Университетінің профессоры Али Мохаммади бес елдің қолжазбаларымен текстологиялық жұмыс атқаруда.

«Тарих-и Рашиди» шығармасын өз еңбектерінде Н.Н. Туманович пен Т.Т. Машрапов, С.Ж. Асфендиаров пен П.А. Кунте, В.П. Юдин, Н.Н. Мингулов пен К.А. Пищулина және т.б. ғалымдар пайдаланған. Қазақ шығыстанушыларына, тарихшыларына қазақ елінің тарихын зерттеуге парсытілді дереккөздерді зерттеген кеңес ғалымдарының еңбектері зор көмегін тигізіп келеді. Шығыс дереккөздерінен қазақ халқының тарихын ХІХ ғасырдан бастап зерттеген орыс ғалымы В.В. Вельяминов-Зернов (1830-1904 жж.) болатын. Ең алғаш «Тарих-и Рашидидің» қазақ хандары туралы мәліметтерін 1864 жылы В.В. Вельяминов-Зернов «Исследование о Касымовских царях и царевичах» атты еңбегінің екінші бөлімінде жариялаған (Атығаев Н.Ә.). В.В. Вельяминов-Зернов парсы дереккөздерінің көбісін аударып, қазақ халқының тарихын зерттеуге бүкіл өмірін арнаған бірегей ғалымдардың қатарына жатады. 

ҚазКСР-дың тарих пен мәдениет ескерткіштерін қорғау Ұйымы 1981-1987 жылдары В.П. Юдиннің бастауымен шығыстанушылық археографиялық экспедиция жасалып, әр түрлі қолжазбалар қорына барып, мәліметтер жинастырылған. Осы экспедиция тек шығыстанушы ғалымға емес қазақ халқының бұрыңғы тарихы үшін маңызды болатын. Осы жиналған қолжазбаларды зерттеп, библиографиялық көрсеткіштерді жасап, нәтижесінде үлкен еңбектің жазылуына мүмкіндік берді. Сонымен В.П. Юдин басшылығымен, С.К. Ибрагимовтың жасаған еңбектерін пайдалана отырып, К.А. Пищулина, Н.Н. Мингуловтарды тынымсыз атқарған жұмыстарымен қатар, ресейлік әріптестері О.Ф. Акимушкин мен М.А. Салахетдиновалармен бірігіп 1969 жылы Алматыда «Материалы по истории казахских ханств XV-XVIII веков: (извлечения из персидских и тюркских сочинений)» атты библиографиялық кітап жарыққа шығады. Бұл кітапта қазақ халқының тарихы мен Қазақстанға қатысты 17 түрік және парсы дереккөздерінің үзінділері мен 4 вакуфты құжаттар енген. Соның ішінде «Тарих-и Рашиди» дереккөзінің бірінші дәптерінен 15 үзінді және екінші дәптерінен 7 үзінді аударылған (Ибрагимов С.К., 1969).

Кеңес дәуіріндегі алғашқы қазақстандық шығыстанушы В.П. Юдин моғолдар туралы мынадай мәлімет келтіреді. Моғолдар XIV-XVІІ ғасырлардағы Орталық Азия халық тарихында маңызды рөл ойнаған.  Моғолстан тарихи аренадан шығып, өз мемлекеттігінен айырылып, этникалық коллектив ретінде жоғалған. Моғолдар туралы жазылған негізгі дереккөздер: Мырза Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди», Шах Махмұд бен Мырза Фазил Чорастың «Тарих» және авторы белгісіз «Тарих-и Қашқари» шығармалары болып саналады. Бұлардан басқа, бірін-бір қайталайтын Хафиз Абру, Шараф ад-дин Али Йазди, Низам ад-дин Шами, Абд ар-Раззак Самарқанди, Мирхонд және Хондемир секілді парсытілді авторлардың шығармаларында да мәлімет беріледі (Юдин В.П., 2001: 72-73). Моғолстан жайлы парсы дереккөздері нақты дерек келтіреді. Сонымен қатар моғол мен моңғол екеуі екі түрлі мағына білдіретіні жайлы бірнеше дереккөздерде жазылған. Моғолстан жерінде қала, ауыл, өзен-көл, тау-тастарда жиі ұшырасады. Моғолстан шығысында қазіргі Ұйғыр автономиясынан басталып, Түркістан аймағына дейін созылып жатқан жер. Парсы дереккөздерінде кездесетін Моғолстанға қатысты жер-су аттары қазіргі күнде кейбір елді-мекендер сол орындарында қалған.

در تاريخ جهانگشاى چنين مى‏آورد كه تاتار را مواضع اقامت و منشأ و مولد: بِوادٍ غَيْرِ ذِي زَرْعٍ عِنْدَ بَيْتِكَ الْمُحَرَّمِ‏  بوده است تا طول و عرض دور آن از هفت هشت ماهه راه است. طرف شرقى با ولايت خطاى دارد و غربى و شمالى با قراقز و سالنگاى و جنوبى با جانب تنگوت.

Аудармасы: «Тарих-и жахангушай» шығармасында: «татардың тұратын, туылған жері туралы [Тәңірім! Ұрпағымның бір бөлігін Исмаил мен оның анасы Ажарды сенің қасиетті Үйіннің төңірегіндегі егін салынбаған бір алқапқа орналастырдым] былай жазылады: оның ұзындығы мен көлемі жеті-сегіз айлық жол. Шығысында Қытай елімен, батысы мен солтүстігінде Қарақыз бен Селеңгімен, оңтүстігінде Таңғұттармен шектеседі» - деп Мұхаммед Хайдар Дулати «Тарих-и Рашиди» еңбегінде Жувейнидің еңбегінен үзінді келтіреді. Бұл шығармадан Моғолстан жерінің аумағы кең болғанын байқаймыз. Бұл жерде Шағатай патшаның ұрпақтары билік еткен. Негізінде Шағатай ұлысына Мәуереннахр жері де кіретін, бірақ саяси жағдайларға байланысты Мәуереннахр бөлініп кетеді. Сол үшін Моғолстан патшалары ата-бабаларының жерін қайтару мақсатында жорықтарының көбісі Моғолстан жерінен Мәуереннахр жеріне бағытталады. Ал осы оқиғаларды жазған парсы авторлары дереккөздерде Моғолстан жеріндегі жер-су аттары жайлы құнды деректер береді.

Нәтижесі.«Тарих-и Рашиди» шығармасында Моғолстан қырғыздардың елі деп бірнеше жерде көрсетіледі. Шығармада қырғыздарды Моғолстанның «жабайы арыстандары» деп атаған (АбусеитоваМ.Х., 2008: 81). Сұлтан Махмұд-ханның Мәуереннахрға жорығын естіген Мансұр-хан Моғолстандағы қырғыздар мен моғолдардың жартысымен біріккен оның бауырларына қарсы шығады. Соғыс Чарун Чулак деген жерде болған. Мансұр-хан жеңіске жетіп, Сұлтан Махмұх-ханның бауырлары өз елдеріне қашып кетеді. Мансұр-хан Моғолстандағы Шалыш пен Тұрфан жерінен көрген қырғыздар мен барлық моғол тайпаларын қуып жібереді. Қырғыздар Моғолстанның барлық көтерілістерін ұйымдастырушылары болғандықтан, Мансұр-хан олардың жартысын өлтіреді. Ал қалған қырғыздар Моғолстанда жасырынып қалады (АбусеитоваМ.Х., 2008: 80). Бұл жерде Моғолстанның негізгі тұрғындары қырғыздар мен моғолдар болса, негізгі қалалары ретінде Шалыш пен Тұрфанды атайды. Сонымен қатар, Моғолстанның тағы бір қаласы Чарун Чулак деген бар екенін білеміз.

Мұхаммед Хайдар Дулати Моғолстан жеріне барғандағы сезімін былай сипаттайды: «Моғолстанның басқа жерлері туралы тарихи және көне кітаптарда ешқандай мәлімет жоқ, бүгінде олардың атауларын да ешкім білмейді. Ал қазір Моғолстан деп аталатын аумақтың ұзындығы мен ені жеті-сегіз айлық жол болады. Шығысында Барыскөл, Еміл және Ертістегі қалмақпен, солтүстігінде Көкше теңіз, Бум Лиш, Қараталмен, ал батысында Түркістан және Ташкентпен, оңтүстігінде Ферғана уәлаяты, Қашқар, Ақсу, Шалыш, Тұрфанмен шектеседі. Оңтүстік аймақтағы Ташкенттен Әндіжанға дейін он күндік жол. Әндіжаннан Қашқарға дейін жиырма күн, ал сол жерден Ақсуға дейін он бес күндік жол болады. Барлық оңтүстік шекарасы аттың орташа жүрісімен үш айлық жол. Жол бойында тоқсан бекет бар. Ол өңірдің көбісі тау мен сайын дала болып келеді. Ол жер өте көркем, сұлулығын сипаттау мүмкін емес. Ауа-рауы қоңыр салқын. Кейбір жерлері қыста суық болады (Haydar DughlatM.M., 1383: 525). Моғолстанда жылқы мен мал өте көп болатын, ал киім-кешек өте тапшы еді (Haydar DughlatM.M., 1383: 525)». Сонымен Моғолстанда Барскөл, Еміл, Ертіс, Көкше теңіз секілді өзен-көлдер мен Бум Лиш, Қаратал, Түркістан, Ташкент, Ферғана, Қашқар, Шалыш, Тұрфан (تورفان), Әндіжан,Ақсу, Хотан, Күлтөбе (کول توبه), Шу, Алаку бекінісі, Жетікент, Ақси сияқты елді-мекендер бар. Бұл жерлерде ортағасырда бірнеше тайпалар, патшалар, сұлтандар мекендеп билік құрған.

Моғолстанның қалалары үшін де бірнеше әскери соқтығыстар болған. Солардың бірі Әмір Сайид Қажы Мұхаммед Шаисқа қарсы күресте, артқа шегінген әскердің артынан қуып Қашқар қаласына келеді. Ол Қашқардың сыртын ойрандап, оның мықты бекіністерінің бірі Алаку деп аталатын қорғанын қоршап, соғыспен алды да барлық мүлкін талап, еліне қайтты (Haydar DughlatM.M., 1383: 104). Ортағасырлық үлкен қалалардың қорғанысы ретінде саналатын қабырғалары биік қамалдары болатын. Түркістандағы Aрқұқ қамалы секілді, Қашқарда да Алаку қамалы болған. Алайда қазіргі күнде бұл қамал сақталмаған.

Моғолстанның кейбір ғимараттары қалмаса да, басқалары әлі күнге дейін сол орнында тұр. Сол уақытта әмір Кәрімберді деген дулат Моғолстанның Әндіжан мен Ферғана жағындағы шекарасындағы Алабұға деп аталатын жердегі төбенің үстінде қорған салады. Ол қорғанның ізі күні бүгінге дейін көрініп жатыр (Haydar DughlatM.M., 1383: 107). Бұл қорған қазіргі күнде де көрінсе де ол қирауға шақ тұр.

Моғолстанның жерлерін өз иелігіне қарату үшін бірнеше рет шабуыл жасаған хандардың бірі Жүніс хан. Жүніс хан Әндіжанға жақын Жетікент деген жерде мекендеп, кейін Дос Мұхаммед ханның ұлы Кебек сұлтанды Тұрфан мен Шалыш бағытына алып кеткенін естіп, Жүніс хан Ақсуға келіп, ел-жұрттың бәрін түгел өзіне бағындырды (Haydar DughlatM.M., 1383: 117). Ақсу жардың жағасында орналасқан әрі екі қорғаны бар еді (Haydar DughlatM.M., 1383:139) және бұл қала Моғолстанның астанасы болған. Сол себепті Жүніс хан Моғолстанның басты қаласын алу арқылы, осы елге билік жүргізуге мүмкіндік алады. Жүніс хан Моғолстанның үлкен шаһарлары Әндіжанда билік ете жүріп, сол елдің мықты бекінісі Ахси мекенін сыйлыққа алады. Ахси Ферғана өлкесінің анасы деп те есептелген (Haydar DughlatM.M., 1383: 125).

Жүніс хан Моғолстанның Жаркент қаласына тоқсан мың атты әскерді бастап Мұхаммед Хайдар мырзамен барады. Жаркентте Мырза Әбубәкір қамалға бекінеді. Оның бес мыңға жуық атты және жаяу әскері болатын. Қарсы беттегі ханның әскері Жаркент қамалын айнала қоршай орналасты, ал ханның өзі болса Жаркенттің солтүстік жағындағы Қалдуғаж Бари (Иари) деген мекенге тоқтайды (Haydar DughlatM.M., 1383: 134). Жаркент ортағасырдағы көлемі жағынан Моғолстандағы екінші орындағы қала болған. Сол себепті Жүніс хан Жаркент қаласына жүз мыңға жуық әскермен келеді. Жаркент бекінісі мықты болғандықтан екі жақта біраз уақыт күреседі.

Жоғарыда айтқанымыздай, Шағатайдың жерлері бөліске салынғанда, одан бөлінген халық Моғолстан мемлекетін Қазақстанның Шығыс аймақтарында құрып, билік етеді. Солардың ішінде Ақсудан (آقسو) шыққан Әмір Болажидың (امیر بولاجی) атасы Ортөбеге (اورتوبو) күн батыстағы Меңглай Суиені (منگگلای سویه), шығысында Кусан (کوسان) мен Тар бугурды (تار بوگور), батысында Самаз (سام عز) бен Ферғана (فرغانا) уәлаятының шеті саналатын Жағшәманды (جاقشمان), солтүстігінде Ыстықкөл (ایسیغ گول) мен оңтүстігінде Жаржан (جرجان) мен Сариғ Ұйғырмен (ساریغ ایغور) шектесетін жерді береді (Haydar DughlatM.M., 1383: 16-17). Бұл жерде Моғолстан жерінің басты қалаларының бірі Ақсу қаласы болған. Бұл қаламен қоса, Кусан, Тар бугур, Самаз, Ферғана, Жағшәман, Ыстықкөл, Жаржан, Сариғ Ұйғыр деген жер-су аттары аталады. Сонымен қатар, «Тарих-и Рашиди» дереккөзінде Шығыс Түркістанда тағы да мынадай қалалар бар деп көрсетеді: Қашқар (کاشغر), Хотан (ختن), Үзкенд (ازکند), Касан (کاسان), Ахсикет (اخسیکت), Әндіжан (اندجان), Ақсу (آقسو), Атбаши (آت باشی),(Haydar DughlatM.M., 1383: 17) және деТұрфан (طرفان) мен Хотан (ختن) аралығында Луб Катак қаласы(لوب کتک) (Haydar DughlatM.M., 1383: 18). Бүгінгі күнде бұл қалалардың кейбіреуі сол қала ретінде қалса, кейбіреуі әр түрлі қақтығыстарға байланысты жоғалып кеткен. Ал Ақсу қаласы Әмір Болджидың ордасы болғандықтан, XIV ғасырда қамалы берік, сауда орталығы дамыған қала болуы мүмкін. Қазірде Ақсу тек жүздеген ауылы бар бір аудан орталығы.

Моғолстанның басты қаларының Ақсу болса, сол секілді осы мекеннің ең атақты жері Алмату болған. Алмату туралы «Тарих-и Рашиди» шығармасында мынадай деректер келтіріледі: Әмір Қамараддин билікке қол жеткізгеннен кейін оған әмірлердің арасынан қарсылық көрсеткендер бар екені жайлы Әмір Темір естіп,әмір жалайыр Баһрам (امیر بهرام جلایر), Хетай баһадүр (خطای بهادر) және Шейх Әлі баһадүрлерді (شیخ علی بهادر) жіберді. Олар Алмату (آلماتو) маңына жетіп, Айша хатун өзенінің (آب عایشه خاتون) жағалауында керейіт (کرایت) тайпасының адамдарымен соғысқаннан кейін, ақырында олармен бітім жасасып, кері қайтады (Haydar DughlatM.M., 1383: 57). Осы жазылып отырған Алмату қаласы қазіргі өзі аттас қаланың орнында болған. Оған «Тарих-и Рашиди» шығармасынан мынадай дерек келтіруге болады. 

اين محل در كنار يكى از سرچشمه‏هاى جنوبى رودخانه ايلى واقع است. با وجودى كه معمولا اين نام به صورت آلماتى نوشته شده، اما در روسيه معاصر قلعه و شهر ويرنى را به اين اسم مى‏خوانند. اين شهر در 1854 در ساحل رودخانه كوچكى به نام قرغيز آلماتو ساخته شده است. آقاى شويل مى‏گويد كه وجه تسميه اين محل به جهت فراوانى سيب (به تركى، آلما) است كه در مجاورت آنجا به عمل مى‏آيد.

Аудармасы: «Бұл мекен Іле өзенінің (رودخانه ایلی) батыс арнасында орналасқан. Әдетте оның аты Алматы деп жазылады. Қазірде орыстар осы қамал мен қаланы тура осылай Алматы (آلماتی) деп атайды. Бұл қала 1854 жылы Қырғыз (رودخانه قرغیز) деген кішкентай өзеннің жағалауында салынған. Шавиел мырзаның айтуынша, бұл мекенде көп алма өсетіндіктен атауы түрікше «алма» дегенді білдіреді (Haydar DughlatM.M., 1383: 718).

Алмату (Алматы) қаласында тағы да мынадай оқиға болған: «Моғолстанның әйгілі мекендерінің бірі Алматуда Мансұр хан бастап, Сұлтан Саид хан және Сұлтан Халел бауырларына қарсы шабуылға шығады. Шайбани ханның ағасы Саид хан талқандалып Алматудан қашып жанында елу шақты адам мен қажетіне жарайтын малмен керуенге орташа жүріспен он бес күндік жол болатын жердегі Дуланға (دولان) келіп байыз табады» (Haydar DughlatM.M., 1383: 278-279). Осы парсы дереккөзінде Алматы қаласының Моғолстан мемлекетінде үлкен рөл ойнағандығы, әрі басшылардың бас қосып, кеңес құратын жерлері екендігін айта келе, жанында өзен-судың болғандығын көрсетеді. Сонымен қатар ортағасырдың өзінде осы жерде алма жемісінің көптігі де айтылып отыр. Алайда қазіргі күнде бұл алма ағаштары Алматы қаласында азайып қалған.

Алмату қаласы туралы Темірлер дәуірінде жазылған басқа дереккөздерде кездеспейді. Сондықтан «Тарих-и Рашиди» шығармасы жазылмағанда, біз қазақ хандығының қашан құрылғандығынан, өз жерімізде осындай әсем елді-мекендердің болғанынан хабарсыз болатын едік.

ХІІІ ғасырда жазылған дереккөздерде кездескен Сайрам қаласы Темірлер дәуіріндегі дереккөздерде де айтылады. Шығармаларда жазылғандай, әскерлер Сайрам қаласы арқылы Моғолстан жеріне баратын болған. Соған қарағанда Сайрам қаласы Моғолстан мен Дешті Қыпшақты байланыстырып тұрған көпір секілді. Осыған орай мынадай деректер кездеседі: «Хазірет Сахибқыранның, яғни Әмір Темірдің әскері керейіт тайпасымен соғысқа разы болмай қайта жолға аттанғанда, Сайрам (سیرام) мен Йангиден (ینگی) өтіп, шабуыл жасап, қалың қолмен Сангер Йағаж (سنگریغاج) деген жерге келеді (Haydar DughlatM.M., 1383: 57).

Бұл жерде Сайрам қаласымен қатар Йанги қаласының да аты аталады.

ينگى نام ديگر طراز است و نويسندگان ديگر نيز همين عقيده را دارند به نظر من بهتر است فرض كنيم كه آوردن ينگى در اينجا، صرفا يك اشتباه نظرى- حذف اشتباهى يك الف- است

Аудармасы: «Йанги Тараздың басқа атауы. Басқа жазушылар да осы пікірде. Менің ойымша бұл жерде біздің Йанги деп аламыз, тек а әріпінің түсіп қалғаны ғана бір қате» (Haydar DughlatM.M., 1383: 215). Йанги Тараз қаласының ортағасырлық атауы, Оны моңғолша Мелкат ата (ملکت اتا) деп айтады (Haydar DughlatM.M., 1383: 90). Сонымен қатар еңбекте Отырар қаласын да Йанги деп айтылған деп жазады (Haydar DughlatM.M., 1383: 219).

«Тарих-и Рашиди» шығармасында Моғолстанның қалаларының атауының бірнеше аталуын береді. Мысалы, Фенакет қаласын Шаһрухия, Тараз қаласын Йанги, Баласағұн қаласын қытайша Ханбалық, моғолша Қаралық, Ташкент қаласын Шаш, Құндыз жерін Қандағар, Шу аймағын Жуд, Балқаш көлін Көкше теңіз деген атауларын жазады. Осы шығармада бұл жерлерден басқа, ортағасырда моғол билеушілері үшін бірнеше маңызды қалалар болған. Моғолстанның маңызды қалаларының бірі Қашқар солтүстігінде де, батысында да елдің тауларымен шектеседі. Солтүстік жақтағы таулар батыстан шығысқа қарай созылып жатыр, сол таудан басталған өзен оңтүстікке қарай ағады. Сол таулар тарамданып бір шеті Шашқа барып тіреледі. Оның екінші тарамы Тұрфанды қиып, қалмақ жеріне өтеді. Шаштан Тұрфанға дейін үш айлық жол (Haydar DughlatM.M., 1383: 426). Қашқардан Шашқа дейін созылып жатқан Тянь-Шань  тауы, тек бұл таудың атауы шығармада келтірілмеген. Осы таудан Шаш қаласының маңынан Шалыш деген өзен ағып жатыр. Бұл өзен атауы «Тарих-и Рашиди» дереккөзінде бірнеше жерде кездеседі. Сонымен қатар бұл өзеннен басқа дереккөзде Моғолстан жерінде ағып жатқан Іле, Еміл, Ертіс, Шолақ, Нарын, Шу, Ыстық көл, Барскөл және т.б. өзен-көлдер болған. Іле, Шолақ, Шу өзендері мен Ыстықкөл бастауын Алатаулардан, Еміл, Нарын өзендері Тарбағатай тауынан, Ертіс өзені мен Барскөл Алтай тауларынан алады. Осы шығармада Ыстықкөл туралы қызық мәлімет береді. Ыстықкөлдің айналасы жиырма күндік жол. Одан ешқандай су ағып шықпайды, бірақ оған тұщы сулар келіп құяды. Судың айналасын таулар қоршап жатыр. Көлдің суы ащы болып кетеді, сондықтан одан тіпті дәрет алуға болмайды. Алайда оның суы мөлдірдей тап-таза. Көлдің жаны райхан гүлдер мен миуалы ағаштарға толы, Оның тау мен даласында киік пен құстар өте көп (Haydar DughlatM.M., 1383: 526). Суы мөлдір, табиғаты тамаша Ыстықкөл бүгінгі күнде жыл сайын адамдар суына емделу үшін келетін курорттық орын ретінде маңызды болып есептеледі. Моғолстандағы аймақтың бірі Шу (Жуд) мекенінің ұзындығы бір айлық жол болған екен (Haydar DughlatM.M., 1383: 524). 

Еділ өзенінің атауы «Тарих-и Рашиди» шығармасында жазылады. Еділ өзенімен қатар қазақ жерінде бірнеше өзен-сулардың да атауын көрсетеді.

درمغولستانرودخانه‏هاىكلانكهمثلجيحونوقريببهآنباشدبسياراست،مثلايله،وايميلوايرتيشجوبلكونارين. اينآبهاكهمذكورشدازجيحونوسيحون‏هيچكمىنداردواينآب‏هااكثرباگوگچهتنگيزگولىافتادهاست،فاصلهميانمغولستانواوزبكستاناست. طولاوهشتماهه‏راهاستوعرضاودربعضىمواضعقياسا،سىفرسخباشد. اوزبكچونزمستانشوداينگوگچهتنگيزيخبنددوازروىيخمى‏گذردوبهمغولستانمى‏آيد. دردوشبوروزبهسرعتدرروىيخمى‏رانندتابتوانندبرآمدوهمچنينوقتبرگشتننيزاواخرزمستانبههمينسرعتمى‏روند. امادراواخرزمستانمخاطرهاست. بسيارىباشدكهيخفروشكندصدودويستخانه‏وارگاهىبيشوكمتردرتهيخروندوآبآنشيريناستوآنمقدارآبكهدرمى‏آيد،بيروننمى‏آيد،آنچهبرمى‏آيدمقداريكىازاينآب‏هاباشدكهدرمى‏آيدبهازبكستانمى‏روداتلناموبهقلزممى‏ريزد.

Аудармасы: Моғолстанда Жейхун секілді көп өзендер бар. Олар Іле, Еміл, Ертіс, Жублак және Нарын өзендері. Олар көлемі жағынан Жейхун мен Сейхуннан еш кем емес және бұл өзендердің көбісі Моғолстан мен Өзбекстан арасын бөліп жатқан Көкчеге (Көкше) барып құяды. Оның ұзындығы сегіз айлық жол және кейбіреуінің көлемі отыз фарсах болады. Қыста Көкшеде мұз қатқанда өзбек Моғолстанға екі-үш күнде тез мұздың үстімен жүріп баратын. Қайтқан кезде қыстың аяғында осылай тез қайтады. Бірақ қыстың аяғында қауіпті болады. Көбінесе мұз жарылғанда шамамен жүз-екі жүз отбасы суға батып кетеді. Оның суы тұщы және оған өзен құйылады, бірақ одан тармақ бөлінбейді. Оған Өзбекстаннан келіп құятын сулардың бірі Етіл (Еділ) деп аталады және ол Қулзамға құяды(Haydar DughlatM.M., 1383: 525-526).Еділ өзені тек Каспий теңізіне ғана емес, сонымен қатар Көкше көліне де құятына куә боламыз. Сонымен қатар Моғолстан оңтүстік аумағында бірнеше үлкен өзендердің аттары аталады. Мұндағы Көкше теңіз қазіргі Балқаш көлінің ортағасырлық атауы.

Моғолстан патшалары қыс мезгілінде әскерін дайындап, азықтарын толықтырып, демалу үшін Ақсу (Haydar DughlatM.M., 1383: 139), Ош жерлерін тандаған. Мысалы, Жүніс хан қыста Ақсу қаласында болып, көктем шыққанда Мұхаммед Хайдармен Қашқарға қарай бет алады. Осыдан бір жыл бұрын, яғни 885/1480-81 жылы Хан қашып Қашқарға келді. Ханның көптеген әскерлері оған келіп қосылмай, біржолата Моғолстанға қашып кетеді. Сол себепті Мұхаммед Хайдар мырза бес мың шаңырақпен көшіп, ханмен бірге Ақсуға келді. Қашқар елінің көпшілігі Әндіжанға ауып кетті, сөйтіп Қашқар бос қалады (Haydar DughlatM.M., 1383: 136)» Осылайша бос қалған қалаға қайта шабуылға дайындалады.

Моғолстанның оңтүстігінде Әндіжан қаласында да бірнеше әскери соғыстар болып тұрған. Әндіжанға жақын қала Ош қаласы болатын. Ош Ферғанадағы үлкен үшінші қала (Бартольд В.В., 1967: 212) Ферғана Қашқар мен Әндіжанның аралығында жатқан  уәлаят. Ферғананың шығысында таулар жатыр (Haydar DughlatM.M., 1383: 255). Ферғананың Оштан басқа, Үзгенд деген қаласы бар. Үзгенд көлемі жағынан Оштың үштен-екі бөлігімен бірдей болған. Мақдиси жазғандай: Ферғанадағы басқа қалалардан өзгешеленіп тұрды. Қалада төрт қақпа болды, оның барлық жағынан су жүргізілген. Қаланың қақпаларынан ағып тұрған суларынан көпір болмағандықтан кешіп өтуге тура келетін. Үзгендте сауда-саттық болатын, бұл жерге дейін Жетісудан Атбаштағы Ясы шатқалы арқылы жол жүрген. ХІІ ғасырда Үзгенд Ферғананың астанасы болған. Ош пен Үзгендтің арасы 7 фарсах. Үзгенд жанында басқа қала жоқ (Бартольд В.В., 1967:213). Ош пен Үзгенд қалалары XIV ғасырда да үлкен қала ретінде танылды. Бұл қалаларда болған тарихи оқиғалар туралы «Тарих-и Рашиди» дереккөзінде мәліметтер кездеседі. Мысалы, Хан Әндіжанға келісімен Омар Шейх мырза оны қарсы алып, үлкен сый-құрмет көрсетіп, оған Ош уәлаятын тарту етеді. Хан сол қысты Ошта өткізді. Моғолдардың қалғандарын Сұлтан Махмұд ханға тапсырып, Моғолстанға жіберді де өзі Ошта қыстап қалды. Хан Ош уәлаятын Мұхаммед Хайдар мырзаға берді. Сұлтан Ахмет мырза ханның келгенін есітіп, жорығын тоқтатты. Сонымен Омар Шейх мырза ағасының шабуылынан аман қалды. Хан Моғолстанға кетті де Мұхаммед Хайдар мырза Ошта қалды (Haydar DughlatM.M., 1383: 143).

Мұхаммед Хайдар Дулати Моғолстандағы Қабартекин(Қаратегін) таулы аймағында қыста болған соғысы туралы мынадай әңгімені жазады (Haydar DughlatM.M., 1383: 254): «Қаратегіндіктер Хұсрау шаһтың әскерінің келе жатқанын естіп шамасы келгендері тез жиналып, бес жүздей адам қосылып жолды бөгейді. Қар қалың болғандықтан, адам жалғыз аяқ жолдан шыға алмайтын. Екі жақ та соғыса бастады. Ұрыс таңнан түнге дейін болды. Атылған жебе қарға сіңіп кеткендіктен, ататын жебелері таусылып жатты. Жау жақ көп болғандықтан менің әкем де барлығынмен артқа шегініп, қашады. Сұлтандар мен әмірлердің әрбір игі жақсылары, сонан соң Әбілқайыр ханның Дешті Қыпшақ шөлейтінде абдырап, сергелдеңге түсіп, сабылып жүрген елі оның қай жерге келіп жетсе де оған сол жерге келіп қосылып жатты» (Haydar DughlatM.M., 1383: 257). Моғолстанның кейбір аймағында ауа райы қатты ыстық болса, кейбір жердің қыс суық болады.

Темірлер билігі тұсындағы маңызды қаланың бірі Шаш қаласы болды. Шаш қаласын парсы авторларының кейбірі Ташкенд, Ташкент, Чач деген атауларын да береді. «Тарих-и Рашиди» шығармасында Шаш және Ташкент атауы да жазылады. Осы шығармада Ташкент қаласына қатысты мынадай дерек келтіріледі: «Сұлтан Ахмет мырза – Самарқандқа, Омар Шейх мырза – Ферғанаға, Сұлтан Махмұд хан Ташкентке бет алды. Жүніс хан да Ташкентке келді (Haydar DughlatM.M., 1383: 146). Қысқасы Сұлтан Ахмет бір жүз елу мың әскер жиып, Ташкентке келді. Хан Ташкент маңында оларға қарсы шығып, жау әскерінің қарсы алдына келіп тоқтады. Бұлардың аралығынан Чир өзені ағып жатты, жардан өту мүмкін болмады. Олар сол жерде үш күн аялдап тұрып қалды. Моғол әскері келесі күнгі ұрысқа дайындалады. Моғолдың жаяу әскері Чирден өтіп, атты әскерлері де ат басын Чирге бұрды. Қарсы жақтан да әскер ұрысқа дайындалады. Моғол әскері әмір Әбдуәли жағына қарай тықсыра күш салды. Осы кезде Шаһибек үш жүз әскерімен тым-тырақай қаша бастады. Сұлтан Ахметтің де әскері қашып Ташкенттегі Чир өзеніне батып кетеді (Haydar DughlatM.M., 1383: 149). Негізінде осы Чир өзенің Шыршық өзені деп атайды. Шыршық өзені Сырдарияның бір саласы. Осындай өзендер туралы «Тарих-и Рашиди» шығармасында өте құнды мәлімет бергенін байқадық.

Қашқар қаласы Моғолстан аумағында болса, Бұхара Мәуереннахр аймағының ең үлкен қаласы болған. Бұл екі аймақтың арасында жиі соғыстар болып тұрған. Себебі Моғолстанда билік еткен Шағатайдың ұрпақтары, атасының иелігінде болған Мәуереннахр жерін қайтаруды қалайтын.

Парсытілді шығармада Әмір Темірдің қыстауы Қаршыдан батысқа қарай екі үйдей жерде орналасқан Занжир (Шынжыр) сарайы (زنجیرسرای) (Haydar DughlatM.M., 1383: 65) деп жазылған. Қаршы қаласы бірнеше парсы дереккөзінде жазылған жер атауы. Бұл қала бүгінде Өзбекстанның облыс орталығы. 

Қорытындысы.Қорыта келетін болсақ, Темірлер билігі кезінде жазылған «Тарих-и Рашиди» шығармасында шығысында Қытаймен, батыс және солтүстігінде Қарақыз мен Селеңгі, оңтүстігінде Танғұттармен шектесіп жатқан Моғолстанда Шағатай патшаның ұрпақтары билігі туралы жазылған. Моғолстан ені мен шеті жеті-сегіз айлық жол деп көрсетеді. Моғолстанның жер-су аттары жайлы құнды мәлімет беретін «Тарих-и Рашиди» шығармасы Ақсу, Әндіжан, Қашқар, Хотан, Күлтөбе, Тұрфан, Шу, Алаку бекінісі, Жетікент, Ферғана, Шалыш, Ақси, Шаш және т.б. жер-су атауларына қатысты басқа дереккөздерде айтылмайтын қызық мәліметтер келтіреді. Моғолстан халықтары мал шаруашылығымен айналысқан. Осы мекенде Алаку, Ахси, Жаркент секілді бекіністері мықты қамалдар туралы жазылады. Жаркент қамалы үшін Жүніс хан Мұхаммед Хайдармен бірге тоқсан мыңдай әскермен келіп күреседі. Жаркенттің бекінісі жақсы қорғалғандықтан, оны алу Жүніс ханға біраз қиын болады. Моғолстанның астанасы Ақсу қаласы. Ақсу жардың жағасында орналасқан, екі қамалы бар елді мекен. Сонымен қатар, шығармада Моғолстанның ең танымал жері, әрі амал шаһары ретінде Алмату жайлы жазады. Шығармада кейбір жер-су атауларының атауы басқаша аталады. Мысалы, Балқаш Көкше теңіз, Ташкент қаласы Шаш, Құндыз жері Қандағар, Шу аймағы Жуд деп жазылған. Ыстықкөл туралы сол замандағы көл ерекшелігі туралы өте қызық мәлімет береді. Сонымен қатар, Моғолстандағы Ферғана секілді үлкен елді-мекен туралы айтылады. Оның Ош және Үзгенд деген екі үлкен қалалары болғанын. Моғолстан Темірлер мен Шағатай ұрпақтарыбиліктері тұсында әкімшілік мекен ретінде қандай маңызды болса, бүгінде бұл аумақтар өз қасиеттерін сақтаған.

Әдебиеттер:

Абусеитова М.Х., Баранова Ю.Г. Письменные источники по истории и культуре Казахстана и Центральной Азии в XIII-XVIII вв. − Алматы: Дайк-Пресс, 2001. – 426 с.

Абусеитова М.Х., Муминов А.К. Письменные источники по истории и культуре Алматы (VIII-начала ХХ в.) - Алматы: Дайк-Пресс, 2008. - 280 с.

  Атығаев Н.Ә. «Тарих-и Рашиди»: Жаңа басылым ескі кемшілік

http://edu.e-history.kz/ru/publications/view/424

  Бартольд В.В. Сочинения. / в 9 т. – М.: Издательство Восточной Литературы, 1967. − Т. 1.

Қазақ совет энциклопедиясы. А-Я. Алматы, 1982

Қазақ совет энциклопедиясы. Т 8. – Алматы, 1976. – 664 б.

Материалы по истории казахских ханств XV-XVIII веков: (извлечения из

персидских и тюркских сочинений) / Сост.: Ибрагимов С.К., Мингулов Н.Н., Пищулина К.А., Юдин В.П. − Алма-Ата, 1969. – 651 с.

Фазлаллах Ибн Рузбихан Исфахани. Записки Бухарского гостя.

http://www.vostlit.info/Texts/rus7/Isfachani/framepred.htm

Юдин В.П. Центральная Азия в XIV-XVIII веках глазами востоковеда. –

Алматы: Дайк-Пресс, 2001. − 382 с.

The Tarikh-i-Rashidi of Mirza Muhammad Haidar, Dughlat. А History of the Moghuls of Central Asia. / an English Version. Ed. with Commentary, Notes and Map by Elias N. The Translation by Denison Ross E. − London: Sampson Low, Marston & Co., 1895.

میرزا محمد حیدر دوغلات،. تاریخ رشیدی. تهران: مرکز نشر میراث مکتوب.. 1383

References:

  AbuseytovaM.Kh., Baranova Y.G. Pismennyeistochnikipoistoriii culture KazakhstanaiCentralnyiAzii v XIII-XVIII vv. - Almaty: Daik-Press, 2001. - 426 p. [inRussian].

  AbuseytovaM.Kh., MuminovA.K. Pismennyeistochnikipoistoriii cultureAlmaty (VIII-nachalaХХ v.) - Almaty: Daik-Press, 2008. - 280 p. [inRussian].

  Atygaev N.A. «Tarikh-i Rashidi»: Zhana basylym eski kemshilik

http://edu.e-history.kz/ru/publications/view/424[inKazakh].

  BartoldV.V. Sochinenie. Бартольд В.В. / v 9 т. – М.: IzdatelstvoVostochnoiLiteratury, 1967. − Т. 1. [inRussian].

Kazakhsovetenciklopediasy. A-Ya.Almaty, 1982.[inKazakh].

Kazakhsovetenciklopediasy. Т 8. – Almaty,1976. – 664 p.[inKazakh].

Materialy po istorii kazakhskih hanstv XV-XVIII vekov:(izvlecheniyaiz

persidskih i turkskih sochinenii) / Sost.: Ibragimov S.K., Mingulov N.N., Pishulina K.A., Ydin V.P. - Alma-ata, 1969. – 651 p. [in Russian].

  Mirza Muhammad HaydarDughlat. «Tarikh-i Rashidi». - Tehran: Miras-I Maktub, 2004. [in Persian].

  The Tarikh-i-Rashidi of Mirza Muhammad Haidar, Dughlat. А History of the Moghuls of Central Asia. / an English Version. Ed. with Commentary, Notes and Map by Elias N. The Translation by Denison Ross E. − London: Sampson Low, Marston & Co., 1895.

Fazallah Ibn Ruzbikhan Isfahani. Zapiski Bukharskovo gostya.

http://www.vostlit.info/Texts/rus7/Isfachani/framepred.htm[in Russian].

Ydin V.P. Centralnaya Asia v XIV-XVIII vekah glazami vostokoveda. – Almaty: Daik-Press, 2001. - 382 p. [in Russian].

 А.Е. Хаким,  магистр гуманитарных наук,

г.Алматы, Казахстан

ТОПОНИМЫ МОГУЛИСТАНА В «ТАРИХ-И РАШИДИ»

Государство, созданное династией Чагатая в Мавераннахре было окончательно разделено на две части в середине XIV века, и было известно как Могулистан. При разделении земель Чагатая часть образовалось государство Могулистан в восточных регионах Казахстана. Многие персидские авторы писали о землях Могулистана в своих произведениях. Однако самым популярным из Чагатайских источников является произведение «Тарих-и Рашиди». Сочинение Мухаммеда Хайдара Дулати «Тарих-и Рашиди» написанный в XIV веке дает очень ценные сведения об истории Могулистана. В этом источнике приводится важная информация о некоторых городах, селах, озерах, реках, горах и их значении в Могулистане, которая не указывается в других источниках. Из источниках мы получаем важную информацию о расстоянии между двумя городами, уникальных свойствах речной воды, красоте природы, укреплениях крепости и жизни людей того региона.

Ключевые слова: Могулистан, Чагатайский улус, «Тарих-и Рашиди», источник, город, река и озера, гора, замок.

А. Khakim, Magistr of Humanity Scientist,

Almaty, Republic of Kazakhstan

TOPONYMS OF MOGHULISTAN IN «TARIKH-I RASHIDI»

The state established by the Chagatai dynasty in Transoxiana was finally divided into two parts in the middle of the XIV century and was known as Moghulistan. During division of the land Chagatai part of the population forms and rules the state Moghulistan in the Eastern regions of Kazakhstan. Many Persian authors wrote about the lands of Moghulistan in their works. However, the most popular of Chagatai sources is the work «Tarikh-iRashidi». The author of «Tarikh-iRashidi» is Mohammed HaidarDughlat, he wrote his book in the XIV century and it has very valuable information on the history of Moghulistan. This source provides important information about some cities, villages, lakes and rivers, mountains and their importance in Moghulistan, which we can`t find in other sources. From the source we get important information about the distance between two cities, the unique properties of river and lake, beauty of nature,  fortress and the live of this region’speople.

KeywordsMoghulistan, Chagatai Khanate, «Tarikh-iRashidi», source, city, river and lake, mountain, castle.

No comments

To leave comment you must enter or register