Яндекс.Метрика
Home » Materials » ӘОЖ 94 (574). 02/. 08 АҚ ОРДАНЫҢ САЯСИ ТАРИХЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ (XIII–XV ғғ. басы)

Арепова А.Д., Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, Морякова М.Т., Ш.Ш. Уәлиханов ат. Тарих және этнология институтының кіші ғылыми қызметкері, 2 курс магистранты

ӘОЖ 94 (574). 02/. 08 АҚ ОРДАНЫҢ САЯСИ ТАРИХЫНЫҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ (XIII–XV ғғ. басы)

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 1(17), 2019

Tags: Жошы ұлысы., Орыс хан, Орда Ежен, Моңғол империясы, Ақ Орда
Author:
Мақалада Ақ Орданың саяси-қоғамдық тарихы мен шаруашылығы қысқаша сипатталады. Жошы ұлысының сол қанатын билеген хандар мен оғландар билігі тұсындағы ішкі-сыртқы саясат талданып, олардың билігі тұсындағы хандықта болған оқиғалар зерделенеді. Орда Еженнен бастап Күнқыран, Қоныша, Баян, Құбылық, Сасы Бұқа, Ерзен, Шымтай, Мүбәрәк қожа, Орыс хан және Барақ ханға дейінгі Орда ұрпақтарының тізімі беріліп, олардың Алтын Ордамен арақатынасы сипатталады. Түйін сөздер: Ақ Орда, Моңғол империясы, Орда Ежен, Орыс хан, Жошы ұлысы.
Text:

Кіріспе. Тарихи деректерге тереңірек көз салсақ, Ақ Орда мемлекеті қалыптасуы мен күшеюі негізінен XIV ғасырдың екінші ширегінен басталады. Сондай-ақ оның негізгі орналасу аумағы бұрынғы Қыпшақ хандығының орны. Тарихи әдебиеттер мен жылнамалық деректерде айтылғандай ондағы «Ақ» ұғымы ежелгі түрік және моңғол ұғымдары бойынша «еркін», «азат», «дербес» мағынасында алынған. Осынау кең даланы алып жатқан мемлекеттің  саяси-экономикалық жағдайының нығаюы нәтижесінде және ішкі-сыртқы байланыстарының жолға қойылуы барысында күшейе түскен Ақ Орда XIV ғасырдың ортасында Алтын Ордадан біржола бөлініп шықты. Жаңа құрылған мемлекеттің басқаруда Жошының тұңғыш ұлы Орда Ежен әулетінің билігі орнады. Ол қазіргі қазақ даласында Дешті Қыпшақ деп атануымен де белгілі. Сондай-ақ XIV ғасырдан бастап Ақ Орда құрамында кезінде Шағатай мемлекетінің құрамына енген барлық ұлыстар кірді.  Ақ Орданың орталығы Сығанақ қаласы болатын. Мақалада осы кезең аралығындағы Ақ Орданың күшеюі, әлсіреуі және де оның ішкі билік үшін тартыстары туралы қарастырылады

Материалдар мен әдістер. Дереккөзі ретінде Ақ Орда тарихына қатысты бірқатар тарихнамалық, тарихи материалдар мен ғылыми еңбектер алынды. Мақалада Орда Еженнен бастап Барақ ханға дейінгі Ақ Орданың басқару кезеңдері мен тақ басында отырғандар, яғни билеушілер арасындағы мұрагерлік, ішкі және сыртқы саясаттағы олардың атқарған қызметтері салыстырмалы түрде қарастырылып, бағамдалады. Осы мәселе бойынша жазылған еңбектердегі негізгі тұжырымдары талданды. Сондай-ақ көптеген отандық, ресейлік осы тақырыпқа қатысты арнаулы ғылыми, ғылыми-көпшілік әдебиеттер, шежірелер, жылнамалар  мағлұматтары пайдаланылды. 

Әдістері: теориялық-қисындылық, нақты-тарихылық, топтастыру-жүйелеу, логикалық, талдау әдістері жұмыстың өзегін құрайды. Сол секілді мақалада елімізге белгілі ғалымдардың тұжырымдары басшылыққа алынды. Бұл айтылғандар зерттеудің әдістемелік және теориялық негіздерін құрайды. Дегенмен ең алдымен мақалада тарихнамалық талдау басшылыққа алынып отыр. 

Талқылау. Бұрын тарих, тарихнама, деректану, сондай-ақ әдебиет, т.б. ғылым салаларында бұл мәселе біршама көтерілгенімен, оның кейбір аспектілері тарихи-тарихнамалық талдаудан толымды түрде өте қойған жоқ. Мәселенің жекелеген қырлары отандық және ресейлік алтынорда зерттеушілері тарапынан  бүгінгі күнге дейін жан-жақты қарастырылып, әртүрлі тұжырымдар айтылуда. Сондықтан да осы мәселеге қатысты бірлі-жарым айтылған тұжырымдар мен ұсыныстарды ескере отырып, Ақ Орда тарихына қатысты кейбір пайымдаулар ғылыми түрде негізделуі қажет деген ойдамыз. 

Нәтиже. Шығыс Дешті Қыпшақ жерін алып жатқан Жошы ұлысы өзі өлген соң оның үлкен ұлдарының арасында бөліске түсті. Шыңғыс қаған осы мұрагерлік мәселесін бірнеше кіші жиындарда қарастырды. Иелік Жошыға берілгенімен, бүкіл империяның жалғыз билеушісі ұлы қағанның өзі болатын. Қаған өз билігіндегі аймақтардың билігі мәселесін өзі шешетін еді. Осылайша, ежелден келе жатқан моңғолдың билеу дәстүрі бойынша Жошының қарашаңырағы Ертістегі Ақ Орданы Жошының қоңыраттан алған бәйбішесі Сартақайдан туған тұңғышы Орда Ежен басқарып, әкесінің ел-жұртына ие болып қалды. Ал Жошы мемлекетінің бас билеушісі, тақ мұрагері болған Бату Сары Орда көтеріп батысқа көшті. Шыңғыснамада бұл туралы: «Сайн хан Еженнен кіші еді. Ол Еженге айтты: Сен мен үшін әке орнына әке болған адамсың. Мен сені әкем деп есептеймін. Біз отау тігіп жат жұрт болып кетіп барамыз» деген [1, 92-б.]. Яғни Жошы мемлекетінің қара шаңырағын Орда иеленіп, Бату отау тігіп бөлек кетті. Медиевст ғалым З.Қинаятұлы «Жошы ұлысы Батыс жұртын батысында реттеу арқылы империяның батыс шебін ұлғайтуды мақсат тұтқанстратегиялық маңызы бар зор фронт жағдайындағы мемлекет құрылымы саналады. Сондықтан Жошы ұлысы оң және сол әскери екі қанатқа бөлінді» дейді [2, 192-б.]. Вассафтың жазғанына сүйенсек, Жошының жекеменшік төрт мыңдығынан өзі қаза тапқаннан кейін тірі қалған «бір түменнен артық тірі әскері ағасы Хорданың (Орда) қарамағында қалды» [3, 84-85-бб.]. Орда інілері Удүр, Тұқай Темір, Шингкур және Сингкуммен бірге моңғол әскерінің сол қанатын құрды. Орда інісі Батыймен бірге Еке Моңғол Ұлысын басқарушылардың үшінші ұрпағы – Шыңғыс ханның немерелері дәуірінде билік жүргізді. Империя орталығын немерелері Күйік, Мөңке, Арықбұға және Хұбылай кезек-кезек биледі. Ал Моңғолияның оңтүстік батысында, Иранда тағы бір немересі – Хулагу билік жүргізді. Дәл осы немерелер дәуірінде аталары құрған империя өзінің шырқау шегіне жетті, және дәл солардың тұсында ыдырау үрдісі басталды. Моңғол империясында XIII ғасырдың соңғы үштігінде болған әскери-саяси тарихындағы маңызды оқиғалардың бәрі тікелей Орданың қатысуымен өтті. 1241 жылы Шыңғыс ханның балаларынан көзі тірі қалған Үгедей мен Шағатай дүниеден өтті. Осы кезден бастап Орда Шыңғыс әулетіндегі ең үлкен ақсақалы саналды, онымен бәрі кеңесіп отыратын болды. Рашид ад-Диннің айтуынша, Орда әкесінің көзі тірісінде де, одан кейін де өте сыйлы болған. Империяның жоғарғыбилеушісі Мөңке қаған Жошы ұлысына жіберген мемлекеттік құжаттарда Яса заңдары мен жарғыларға сәйкес Орданың атын Батыйдан жоғары қоятын. Ордаға деген бұл құрмет туралы ақпарат араб авторларына да жетті. Ан Нувейри, Иоанн де Плано Карпини, т.б авторлар О.-ның Шыңғыс әулеті арасында сыйлы болғаны туралы мәлімет қалдырған. «Тоссу (Жошы) ханның ұлдары: Бату, ол императордан кейінгі бай әрі құдіретті; Орду, ол барлық көсемдерден үлкен» дейді П. Карпини. Орда қайтыс болғаннан кейін оған ең құрметті Ежен хан (Мырза хан) титулы берілді. Кейінгі зерттеушілер оның өз есімі мен Ежен титулын біріктіріп, Орда Ежен деп атап кетті.  Моңғолдар мұндай титулдарды хан әулетінің марқұм болған мүшелеріне қолданған [12, 209-б.]. Алғаш рет Орда есімі Орда Ежен деп аталуы XV ғ. басында жазылған «Муиз әл-ансаб» деп аталатын парсы дерегінде кездеседі [6, 39-б.].

Орданың ізбасары, үлкен ұлы Күнқыран мықты билеуші бола алмады. Ол шамамен 1270 жылға дейін биледі. Оның есімі 1250-жж. бірінші жартысындағы оқиғаларға қатысты аталады. Империя тағына енді ғана отырған Мөңке қаған Шағатай мен Үгедей ұрпақтарына қарсы әскери қимылдары кезінде нояндарының бірін он түмен түріктерден құралған әскерімен бірге Ұлытауға аттандырады, ол жерден олар Қаялықтан Отырарға дейінгі жерлерді алып жатқан Қүнқыранның тұрағына дейін жетіп алсын деген мәлімет кездеседі Рашид ад-Динде. В.В. Бартольд «жауларын түбегейлі құрту үшін Мөңке батысқа көп әскер жіберді, олар Қарақорым мен Бесбалық арасындағы кеңістікті қамтып, Күнқыран бастаған Жошы ұрпақтарының әскерімен бірігуі керек болатын» деген пікір айтады [2, 65-б.; 3, 560-б.].

1270-жж. екінші жартысынан бастап Орда Ежен ұлысының тағына немересі, Сартақтайдың ұлы Қоныша орнықты. Ол ұзақ жыл билік жүргізді. Оның тұсында құдіретті Моңғол империясы Шыңғыс хан ұрпақтары арасындағы соғыстардың кесірінен ыдырай бастады. Қоныша белсенді сыртқы саясат жүргізді. Хайдумен одақтасып, Хұбылайға қарсы соғыс жүргізді. 1280 жылдан кейін Қоныша, Алтын Орда ханы Тудан Мөңке, және түменбасы Ноғай бірігіп, Хұбылаймен бейбіт келісім жасады, сөйтіп тұтқыннан Юань ханының мұрагері Нумуганды босатып жіберді. Оған жауап ретінде Хұбылай заттай және қаржылай сыйлықтар берді. «Юань шида» 1288 ж. Қойыншаға 500 унция күміс, маржан және кестеленген мата сыйға тартқаны айтылған. Келесі жылы Қоныша әскеріне жалақы жіберді. Қоныша Иран елхандарымен достық қарым-қатынаста болды, тұрақты түрде Арғұн ханға, Гейхат ханға және Газан ханға «шын жүректен достық» және «одақ болу туралы» ұсыныстармен елші жіберіп отырды [12. 210-б.].

Ирандағы Төле ұрпақтарымен бейбіт қатынас ұстанған соң Қонышаның оңтүстіктегі Үгедей мен Шағатай ұрпақтарымен ара қатынасы бұзылды. Қазіргі Қазақстанның оңтүстік және оңтүстік-шығысындағы қалалар да арада талас туғызды. (Рашид ад-Динде Қара Сайрам қаласы аталады). Орда Ежен ұрпақтары бұл кездері өз иеліктерін шығыстан оңтүстік жақтағы Шу-Талас аңғарына қарай кеңейте бастаған еді. Бұр, әрине, Жетісудың қожасы Хайдумен арада соғыс өртін тұтандырды. Рашид ад-Динның мәліметі бойынша, Қара Сайрам Қоныша ұлысы саналды, бірақ Хайдуға тәуелді болып қала берді [6. 81-б.].

Қоныша билігі тұсында дегенмен халық бейбіт өмір сүрді. Марко Поло Қоныша билігі дәуірін «Ханның қол астында көп халық бар, бірақ олар ешкіммен соғыспай, халқын бейбіт басқарып отыр» деп сипаттайды. Осы кезеңде Ақ Орда Батыйға тәуелсіз болады: Орда Ежен ұрпақтары  Қарақорым мен Сарайға бұрынғы ресми тәуелділіктенбас тартты. Бұрын тек Батыйдың орынбасарын өздерінің ханы деп танып, оның есімін өз жарлықтарының бас жағына жазып қоятыны болмаса, басынан-ақ Орданың орнына хан болғандар Батый ордасына барып, рұқсат алып келу оқиғалары мүлде болған емес.

Алайда Қоныша билігінен кейін шамамен 1299 жылдары саяси тұрақсыздық орын алды, оның ізбасарлары арасында тақ үшін қырқыс басталды.

Сол қанат ханзадаларының XIV ғ. басынан бастап 1360-жж. дейінгі, яғни Қонышаның өлімінен бастап Ұрұс ханның билік құруына дейінгі тарихы туралы жазбаша және нумизматикалық мәліметтер деректерде өте аз сипатталған.XIV ғ. бас кезінде Орда Ежен ұрпақтары Сыр өңірі қалалары мен Жетісу жайылымдары үшін Шағатай ұрпақтарымен күрес жүргізді. АқОрда билеушілерінің  Сыр өңірі Бұл кез Орда Ежен ұрпақтарының арасында өзара билік үшін күрестер, Батый ұлысына (оң қанат ханзадалары) бағыну, Тұқай Темір ұрпақтарының билік басына келуімен, Мүбәрәк қожа ханның көтерілісімен сипатталады. Осы 700–770 жж. тарихта бұлыңғыр кезең деп аталады.

Қоныша өлімінен кейін болған өзара қырқыстар Орда ұлысын іс жүзінде бір-біріне бағынбайтын бөліктерге бөліп жіберді. Сол қанат ханзадалары арасында билікке таласқан негізгі үміткерлер арасында Қонышаның үлкен ұлы Баян, төртінші ұлы Маңғытай, О-ның басқа бұтағынан тарайтын Темір Бұқаның ұлы Құбылық және Құбылықтың ұлы Құштай болды. Олардың әрқайсысы белгілі бір уақыттарда Орда ұлысының тағына отырып шықты. Рашид ад-Диннің айтуынша, Орда ұлысының легитимді билеушісі Баян болды: «Қонышаның ұлы Баян қазір Орда ұлысының билеушісі»; «қазір Баян әкесі Қонышаның орнында отыр және бұрынғыша әкесінің ұлысын басқарып отыр»; «Баян бұрынғыша Орда ұлысының көп бөлігін билеп отыр»; «қазір ол – ұлыс билеушісі» деген мәліметтер береді Рашид ад-Дин [7, 66-68, 212-бб.]. Баянмен Орда ұлысының ханы ретінде Хайдудың ұлы Янгичар жауласады, Газан хан достық қатынас орнатады, Баянға Жошы тағын иеленген Тоқта көмектеседі, ал құдіретті Хайду Баянның күштілігінен қауіптенеді. Бұл уақытта Орда ұлысы билеушісімен жаулық қатынастағы Құбылық Ордаданбөлініп қалған әскерге және Хайду мен Дува көмекке жіберген әскерге ие болады. Орда ұлысындағы жоғары билікке Құбылық үміткер болғанын Хайду мен Дува оған ұлыс билеушісі болуға көмектесуді ойлағаны дәлел болады. Рашид ад-Дин бірақ олардың ойы жүзеге аспағанын айтады.

Ал араб деректеріндегі мәліметтер басқаша сипаттайды. Мәмлүктік Мысыр тарихшылары Орда ұлысындағы барлық тақ үміткерлерінің құқын теңестіріп, оларды Қоныша мен оның ағасының ұлы деп санайды.  Қонышаның орнына таққа ұлы Баян емес, жиені Құбылық ие болғаны туралы Ибн Халдун былай дейді: «Қоныша өлгеннен соң оның орнына ұлы Құйлық отырды... Оған ағасы Баян қарсы шықты» [9, 394-б.]. Бейбарыс пен Ибн Халдун Орда ұлысы бәсекелес әулеттер арасында бөліске түсті дейді. Баян мен Құбылық екеуі бірдей бір уақытта билік құруын айтады деп топшылайды зерттеушілер. Рашид ад-Диннің «Баян Орда ұлысының үлкен бөлігінде билік құрды» деген мәліметін еске түсірсек, онда Құбылық аз бөлігінде билік құрған. Әскері туралы да осылай айтуға болады: Құбылық Ордадан бөлініп кеткен әскерге, сондай-ақ Хайду мен Тува (Дува)көмек ретінде берген әскерге арқа сүйеді. Хайду мен Туваның арғы ойы мынау еді: біз Құбылыққа ұлыс билеушісі болуға көмектесеміз, ал ол Газан ханмен текетіресте бізбен одақтас болады. Баян Құбылық пен Хайду, Туваның әскерімен 18 рет шайқасқа түсіп, оның алтауында өзі тікелей қатысты. Соңында ол жеңіліс тауып, Батудың ізбасары Тоқтай билеп отырған аймақтың шекарасына қарай қашты.

Өзіне одақтас іздеген Баян Сарай, Тебриз және Юань әулетінің орталығы Ханбалық билеушілерінен қолдау табуға, сөйтіп «Үлкен одақ» құруға ұмтылды.

Үздіксіз жүрген соғыстарданБаянның әскері азып-тозып кетті, соғыстар кейде жаяу, көбінесе атты әскермен болды, бірақ Баян соғысты тоқтатпады, ол Газан ханнан көмек сұрады [7, 68-б.].

Өзара қырқыста жеңіп шығуға Баянға Тоқта әскері көмектесті. Бұл туралы Әбу-л Қасым әл-Кашани «Тарих-и Улжайту» еңбегінде: «Тоқта билігінің соңына қарай Тубиджи (Қоныша) Хорданың ұлы (Орданы айтып отыр, негізінде Орданың ұлы емес, немересі) қайтыс болды. Одан екі ұл қалды – үлкені Баян, кішісі Мұмқия. Баян әкесінен ұлыс пен әскерді мұраға алды, ал Мұмқия оған қарсы шығып, оны елден қашып, қаңғып кетуге мәжбүр етті. Тоқта оған қанқұйлы әскерімен көмекке келіп, жеңіске жеткізді. Мұмқия қашып кетті, әкесінің орнына Баян отырды» деп атап өтеді [12, 212-б.].

ХІІІ ғасырдың екінші онжылдығында Баян Алтын Орда әскерінің көмегімен Орда ұлысындағы билікті қайтадан иеленді. Осы кезден бастап Орда ұлысы Бату ұлысына тәуелді болды. Баянның ізбасары Сасы Бұқа 1318 – 1321 жж. билік құрды. Натанзи мәліметтеріне сүйенсек, Сасы Бұқа да «бағынышты жолмен жүрді.» билік еткен кезінде бір рет те Тоғрыл хан мен Өзбек ханға қарсы келмей, құрылтайдан бас тартпады. Адалдық сақтаған күйі 720 жылы (12.02.1320 – 30.01.1321) өз ажалымен өлді. Денесі Сауран бекінісіне жерленді.

Сасы Бұқа өлімінен соң Өзбек ханның жарлығымен Ерзен хан тағына отырды. Ол өте ақылды, зерек ойлы, білімді еді: елде күшті билік құра білді, аз уақыт ішінде Өзбек ханның құдіреттілігіне жетуге жақын қалды. Дана, әділ, тәубәшіл, ханзада Отырар, Сауран, Женд және Барчкендте көптеген медресе, ханака, мешіттер және басқа да құдайға құлшылық жасайтын орындар тұрғызды. Әділеттің ақ туын ұстанған ол бүкіл Түркістанды жұмақ үлгісіне айналдырды, өзінің жеті жүзге жуық туысына қайырымдылық ретінде өздері басқаратын аймақ бөліп берді, өз ордасында жоғары лауазымды билік құруға мүмкіндік берді. Ақсүйектер қарапайым адамдарға зәбір көрсетпеді, ал қарапайым халық ақсүйектерді құрметтеді. Оның билігі кезінде көрген тыныш заманды адамдар кейін түсінде көретін. Ерзен хан Сығанақ қаласында жерленген.

Ерзен хан Өзбек ханға бағынышты болған деп атап айтқанымен, бұл шаралардың бәрі ұлыс билеушісінің елде өз билігін күшейту шаралары, мұсылман рухани басшыларынан, көшпелі және Түркістан орталығындағы қалалық ақсүйектерден қолдау табуға ұмтылысы деуге болады. Алтын Орда хандарымен болған дау-дамай туралы ақпарат жоқ, алайда Өзбектің баласы Тыныбектің Ерзен хан билік құрып отырған Түркістан аймағына жорығы белгілі.

Хижраның 740–741 жж. Тыныбек әскерімен Сығанаққа аттанды. Егер бұл кезде Ерзен тірі болса, ол билікті бейбіт жолмен сюзеренінің баласына беріп, Шығыс Дешті Қыпшақта О. ұрпақтарының үстемдігін сақтап қалуы әбден мүмкін, себебі Тыныбек билікке келген соң қандай-да бір қуғын-сүргін туралы дерек жоқ. Тыныбек Сығанақта көп тұрақтамады. Хижраның 742 жылында әкесінің өлімі туралы қаралы хабар алған ол кейін қайтты. Оның інісі Жәнібектің әмірлері Тыныбекті Сарайшықта күтіп алып, сенімсіздікпен өлтіріп тастады. Әкесінің орнына таққа отырған Жәнібек бүлікшіл Шығыс Орданы ұмытпады. Жергілікті ақсүйектер тарапынан қолдау табу үшін ол Орда тағына өз адамын емес, Ерзеннің баласы Шымтайды отырғызды. Сығанақ ұлысының жаңа ханы барлық әрекетін ішкі саяси тұрақтылықты қалпына келтіруге жұмсады, Натанзидің айтуынша, бүлінгеннің бәрін түзетті [12, 213-б.]. Жәнібекпен бір уақытта таққа отырған (1341/42–1342/43 ж.) Шымтай одан төрт жыл артық мерзім билік құрып, шамамен х. 762 ж. (1360/61 ж.) дүниеден өтті.

Шымтай билігінің соңғы жылдары «Бердібек, Жәнібек және Келдібек дүрбелеңімен тұспа-тұс келді». Яғни Жәнібектің ұлы Бердібектің 1357 ж. Алтын Орда тағына келуінен болып, кезде ұзаққа созылған азамат соғысымен тұстас келді. Сарай ханының билігі әлсіреуі тұтас ЖошыҰлысында орталық биліктің әлсіреуіне әкеп соқтырды. 1360-жж. ертеректе қият тайпасының ақсүйектері күшейе түскен Сыр бойында Тұқай Темір ұрпақтары билікке көтеріледі. Өтеміс Қажының айтуынша, мұнда Қара Ноғай (х. 761 – 763 жж.) мен Тоғлық Темір (х. 763 – 767 жж.) кезек-кезек билік құрады [13, 113-б.]. Олардан соң билікке Мүбәрәк қожа (х. 768 – 769 жж.) келеді.

Натанзи мәліметтері бойынша «Мүбәрәк қожа атаққұмарлық пен ашкөздіктен фитнә жасады, бұл дүрбелең әлі күнге Дешті Қыпшақтың есінде». Адамдар қауіпсіз, жайлы өмірге, өркендеуге үйреніп қалғандықтан, бұл дүрбелең де өтті. Алты айдан соң ол Түркістанның жұмақ өмірін жоюдан гөрі өзінің кетуін жөн көрді, екі жарым жылдай уақыт Алтай қырғыздардың арасында қаңғып жүріп дүниеден өтті. Бізге жеткен теңгелерге қарап, оның тек екі жыл ғана билікте отырғанын білеміз: х. 768–769 жж. (1366/67 – 1367/68 жж.). Х. 770 жылынан бастап (1368/69 ж.) Сығанақта одан кейін билікке келген Орыс хан өзінің теңгесін шығара бастайды. Мүбәрәк қожаны Орыс хан биліктен тайдыруы мүмкін, ол біраз уақыт Орданың астанасы Сығанаққа жақын жерде, Алтай қырғыздарының арасында қаңғып жүрген.

Алтын Ордадағы дүрбелең кезде Ақ Орда тағына Орыс хан билікке келді. Орыс ханның қайраткерлігін ғалым Қ.З. Өскенбай екі кезеңге бөліп қарастырады: 1350-ж. аяғы – 1360 жж. – бұл шығыстағы қият бектері (Жыр Құтлық пен Теңіз Бұқа) мен Тұқай Темір ұрпақтарына қарсы; ал 1370-жж. – батыстағы қияттар (Мамай) мен Шибанидтерге қарсы күрес кезеңдері. Шығыс Дешті Қыпшақтағы басқа ру-тайпалардың бектеріне қарағанда қият бектерінің басымдыққа ие болуы бәріне ұнамады. Мемлекет тірегі болып отырған әмірлер мен ақсүйекер Орысқа жақ болды. Деректерде Сығанақта маңғыт, жалайыр, қоңырат, қыпшақ, бахрин, найман және т.б. тайпалардың саяси белсенділігі арта түскені айтылады. Бүкіл әскердің әмірлері мен азаматтық шенеуніктердің келісімімен таққа Орыс хан отырды, ол мемлекеттік істер реттелді. Ол өзбек тайпаларын қорқытқаны сонша, бүлікшілердің бәрі тым-тырыс болды. Өтеміс қажының айтуынша «Орыс хан ұлы билеуші болды, барша Түркістан уәләятын биледі» [13, 113-б.].

Түркістан уәләяттары Орыс ханға аздық еткені белгілі еді. Ол батысқа көз тікті. «Орыс хан таққа отырған соң құрылтайда жиналған ақсүйектер мен мемлекеттің тірегі болған сарай бектеріне өзінің қастерлі мақсатын ашып айтты. Бәрі оны мақұлдап, қолдады. Бірнеше күн той тойлап, әрқайсысына мол сыйлықтан таратқан соң ол жорыққа аттанды» деп жазады Натанзи [12, 214-б.]. 1374–1375 жж. ол Сарайшықты, Қажытарханды, Сарайды жаулап алды да, осы жерлерде өз атынан теңге шығара бастады. Дәл осы кезде оңтүстікте өзі өлтірген Той қожа оғланның баласы Тоқтамыс барлас тайпасынан шыққан  Мәуереннахр билеушісі Әмір Темірдің қолдауына сүйеніп, Орыс ханға қарсы шықты. Орыс хан Еділ бойына өзінің адамын отырғызып кетіп, Ұлытау мен Сыр бойы аймағына қайта оралды.

Орыс хан келгенше ұлдары Құтлық бұқа мен Тоқтақия Темір бөліп берген әскерімен шайқасуға келген Тоқтамысты екі рет жеңген болатын. Шайқастардың бірінде Құтлұқ бұқа жараланып, қайтыс болады, бұл өзбектердің (Темірлік деректерде, мысалы Самарқандидың «Матла ас-садаин уә маджма-и бәхрәинінде» Сығанақ хандарына бағынышты халықты осылай атайды) арынын одан ары күшейтіп, олар Тоқтамыс әскерін тағы да талқандайды. Орыс хан Темірге жараланған Тоқтамысты берсін, бермесе соғыс ашамын деп талап етіп елші жібереді. Темір жауап бермей, әскерін соғысқа дайындайды [10, 245-б.].

1376 ж. күзінде Орыс хан әскері Сауран қаласының маңында жиналады, ал Темір өз әскерін Отырар маңына әкеп қояды. Ауа райының жайсыз болуы қарсыластардың басты шайқасын кейінге қалдырады. Ұсақ шайқастарда Орыс хан әскерлері Темір қолбасшыларына бірнеше рет соққы береді. Көп адамынан, аттарынан айрылып, оған қоса азық-түлік шығынына батқан Темір 1376-77 жж. қыста Самарқан мен Кешке шегінеді. 1377 жылы Орыс хан дүниеден өтеді.Натанзидің сипаттауынша, бұл падишаһ «өте бітбеткей, қаһарлы әрі құдіретті» болған.

Орыс хан ұрпақтары мен Тоқтамыс арасындағы шайқастар, Ақсақ Темірдің Еділ бойы қалалары үшін жойқын жорықтары экономиканың, сауданың және қала мәдениетінің құлдырауына әкеп соқтырды. Тоқтамыстың билік басына келуі саяси орталықтың Сыр бойынан Еділ бойына ауысуымен есте қалды; көп зерттеушілер бұл оқиғаны Жошы Ұлысының бұрынғы бірлігінің уақытша қалпына келтуімен байланыстырады.

Сарыарқа мен Шығыс Қазақстан жерлері Тоқтамыс билігін мойындады деген аты ғана, ол жерлерде жергілікті ақсүйектердің билігі орнады. Басқа жерлер өз билігін нығайтуға ұмтылған Орыс хан ұрпақтарын қолдай бастады. бұл Құйыршықтың қолынан келмегенімен, оның ұлы Барақ қоластына бұрынғы Ақ Орда территорияларын сәтті біріктіре алды.

Абдулғаффар Қырыми Барақ жайлы «көзсіз батыр әрі күшті адам» деп сипаттайды [1, 108-б.]. Қадырғали Жалайыридың пікірінше «Барақ ықпалды, ірі әрі күшті баһадүр» болған [4, 114-б.].

Қорытынды. Алайда осының алдындағы тайпа ақсүйектерінің күшейіп кетуі мен биліктің орталықсыздануы жаңа жанжалдарға соқтырып, ол жанжал Барақтың өлімі мен мемлекеттің ыдырауымен аяқталды. Дала аристократиясы Жошының басқа бұтағынан – Шайбанидан тараған жас Әбілқайырды қолдайды. Орыс хан ұрпақтары әлі де хандық территориясының кей бөліктерінде билігін жүргізе берді, тек Әбілқайырдың күшеюі Орыс хан ұрпақтарының жасы үлкендері Керей мен Жәнібекті шығысқа қарай Моғолстан шегарасына көшіп кетуге мәжбүр етті.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Abdulgaffar Kyrymi. Umdet al-ahbar. Kniga 1: Transkripciya, faksimile. Transkripciya Der'ya Derin Pashaoglu; otv. red. I.M. Mirgaleev. - Kazan': In-t istorii im. SH.Mardzhani AN RT, 2014. 420 s.

2.  Bartol'd V.V. Ocherk istorii Semirech'ya // Soch. T. ІІ. CH. І. - Moskva, 1963. - 760 s.;

3.  Bartol'd V.V. Turkestan v epohu mongol'skogo nashestviya // Soch. T. І. - Moskva, 1963. - 760 s.

4.  Kadyrgali ZHalair. SHezhіreler zhinagy. [SHagataj-kazak tіlіnen audaryp, algysozіn zhazgandar N. Mingulov, B. Komekov, S. Oteniyazov]. - Almaty: Kazakstan, 1997. - 128 b.

5.  Kinayatuly Z. Kazak memleketі zhane ZHoshy han. – Almaty, «Еltanym» baspasy, 2014. – 360 b.

6.  Muizz al-ansab (Proslavlyayushchee genealogii) / Otv. Red. A.K. Muminov. Per. s pers., predisl., primech., podgot. Faks. K izd. SH.H. Vahidova; sost. Ukaz. U.A. Utepbergenova. - Almaty: Dajk-Press, 2006. - 672 s. (Istoriya Kazahstana v persidskih istochnikah. ІІІ t.).

7.  Rashid ad-din. Sbornik letopisej. T. 1. Kn. 1. Per. s pers. L.A. Hetagurova. Red. i primech. prof. A.A. Semenova. - M.-L.: Izd-vo AN SSSR, 1952. - 221 s.

8.  Rashid ad-din. Sbornik letopisej. T. 2. Per. s pers. YU.P. Verhovskogo. Primech. YU.P. Verhovskogo i B.I. Pankratova. Red. prof. I.P. Petrushevskij. - M.-L.: Izd-vo AN SSSR, 1960. - 250 s.

9.  Sbornik materialov, otnosyashchihsya k istorii Zolotoj Ordy. T. І. Izvlech. iz soch. arab. sobrannye V.G.  Tizengauzenom. - SPb.: Imp. AN, 1884. - 563 s.

10.  Sbornik materialov, otnosyashchihsya k istorii Zolotoj Ordy. T. ІІ. Izvlech. iz pers. soch. sobrannye V.G.  Tizengauzenom i obrabotannye A.A. Romaskevichem i S.L. Volinym. - M.-L.: Izd-vo AN SSSR, 1941. - S. 27-89.

11.  Uskenbaj K.Z. Vostochnyj Dasht-i Kipchak v HІІІ – nachale HV veka. Problemy etnopoliticheskoj istorii Ulusa Dzhuchi / Red. I.M. Mirgaleev. - Kazan': Izd-vo «Fen» AN RT, 2013. - 289 s.

12.  Uskenbaj K.Z. Levoe krylo Ulusa Dzhuchi v HІІІ – HV veka // Zolotaya Orda v mirovoj istorii. Koll. monografiya. – Kazan': In-t istorii im. SH.Mardzhani AN RT, 2016. - 968 s.

13.  Utemish Hadzhi. CHingiz-name / Faks., per., transkr., primech., issled. V.P. YUdina. - Almaty: Ғylym, 1992. - 296 s.

References


Арепова А.Д.1

1СНС Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова 

Морякова М.Т.1

1МНС Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова

г. Алматы, Казахстан

ВОПРОСЫ ПОЛИТИЧЕСКОЙ ИСТОРИИ АК ОРДЫ (XIII – НАЧАЛО XV ВВ.)

(Статья подготовлена в рамках проекта ПЦФ «Историческая энциклопедия Казахстана» BR05236643)

Резюме

В статье кратко описываются общественно-политическая история и хозяйство АкОрды.Была изучена внутренняя и внешняя политика во время правления ханов и огланов. Анализируются события в ханстве от Орда Эджена до потомков Барака (Кунхиран, Конча, Баян, Кублук, Сасы Буга, Ерзен, Шымтай, Мубарак ходжа, Урус хан).

Ключевые слова: Ак Орда, Монгольская империя, Орда Эджен, Урус хан, улус Джучи.

Arepova A.D.1

1Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, Senior Researcher

Moryakova M.T.1

1Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, Junior Researcher

Almaty, Kazakhstan

THE ISUES OF THE POLITICAL HISTORY OF AK ORDA (XIII - EARLY XV CENTURIES)

(The article is prepared within the framework of the PCF "Historical Encyclopedia of Kazakhstan" Special Purpose Funding Project BR05236643)

Summary

The article briefly describes the socio-political history and the economy of Ak Orda. Domestic and foreign policy during the rule of the khans and oglans was studied. Analyzed events in the Khanate from Horde Edzhen to the descendants of Barak (Kunhiran, Concha, Bayan, Kubluk, Sasy Buga, Yerzen, Shymtai, Mubarak Khoja, Urus Khan).

Key words: Ak Orda, Mongol Empire, Horde Edzhen, Urus Khan, Ulus Juchi.


**Мақала "Қазақстанның тарихи энциклопедиясы» БНҚ жобасы аясында әзірленді (BR05236643)




No comments

To leave comment you must enter or register