Яндекс.Метрика
Home » Materials » «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ» ИНТЕРАКТИВТІ ҒЫЛЫМИ КАРТАСЫН АҚПАРАТТАНДЫРУ ЖОЛДАРЫ

З.М. ТӨЛЕНОВА, Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының жетекші ғылыми қызметкері, т.ғ.к., доцент

«ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ» ИНТЕРАКТИВТІ ҒЫЛЫМИ КАРТАСЫН АҚПАРАТТАНДЫРУ ЖОЛДАРЫ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(16), 2018

Tags: Жамбыл облысы., этникалық құрамы, Оңтүстік Қазақстан, Қазақстан халқы, Интерактивті карта
Author:
Мақалада «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми картасын ақпараттық қолдау, сондай-ақ оны одан әрі алға жылжыту мен жүзеге асыру, насихаттау жолдары қарастырылады. Сонымен қатар Жамбыл облысының мысалында Оңтүстік Қазақстан өңірінің этникалық құрамына да талдау жүргізіледі. Түйін сөздер: интерактивті карта, Қазақстан халқы, этникалық құрамы, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облысы
Text:

Жуырда жарияланған Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы төл тарихымызды әлем өркениеті тұрғысынан зерделеу қажеттігін тағы да нақтылай отырып, далалық өркениетіміздің бар екенін әлемге таныту қажеттілігіне назар аударды. Бағдарламалық мақаланың әр бөлімі өткенімізді терең сараптай отырып, бүгінмен ұштастыра, болашаққа қадам ретінде айшықталған. Әсіресе, қазақ халқының тарихи түп-тамыры өте тереңде жатқандығына «Біз кімбіз? Қайдан келдік? Қайда барамыз?» деген сұрақтарға терең де толымды, нақты дәйектермен жауап беретіндей тарихымызды жүйелі жазу болашақ ұрпақтың өз тамырынан қол үзбеуіне әкеледі. Мақаладағы көне тарихымызға қатысты берілген жобалар Еуразия құрлығындағы сайын даланы мекендеген халқымыздың тарихи дамуы далалық өркениеттің саяси және экономикалық беталысын түбегейлі өзгерткені туралы айтады.

Осыған орай іргелі тарихи зерттеулердің бағыттарындағы жұмыстарды жетілдірудің жаңа деңгейін айқындаған бастама ретінде қабылдауға болады. Жобалардың аясында танымал тарихи тұлғалар мен олардың жетістіктерінің құрметіне арналған ашық аспан астында «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты ескерткіш-мүсіндер қойылатын оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу, «Архив – 2025» жетіжылдық бағдарламасын жүзеге асыру, республиканың мектептері мен барлық өңірдегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру, тарихи фильмдердің арнайы топтамасын дайындау сияқты бастамалар қолға алынбақ.

Бұл жобалар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының заңды жалғасы. Осы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми тарихи картасын» таныстыру, насихаттау және жаңа мәліметтерді жинақтау мақсатында жүргізіліп отырған жұмыстар жалғасын тауып, өз нәтижесін көрсетіп отыр. Сондықтан республикамыздың облыс орталықтарында және Астана қаласында өткен картаның таныстырылымы көпшіліктің көңілінен шығып, оны жетілдіру барысында әлі де болса тың материалдармен толықтыру қажеттілігі ұсынылуда.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми картасын таныстыру, насихаттау және жаңа мәліметтерді жинақтау мақсатында 2018 жылдың 18-23 қараша күндері Тараз қаласында ғылыми іс-сапарда болып қайттым.

Ғылыми іс-сапардың бекітілген жоспарына сәйкес төмендегідей жұмыстар атқарылды:

Жүргізілетін іс-шаралар

Мерзімі

1

Тараз қаласына келу және жоспар бойынша келісілген мекемелермен жұмыс жоспарын талқылау, бекіту

19.11.2018

2

Тараз қаласының Этно-мәдени орталықтары өкілдері және зиялы қауым өкілдерімен кездесу. «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми картасын таныстыру өткізілді

20.11.2018

3

М.Х. Дулати атындағы Тараз МУ гуманитарлық бағыттағы ПОҚ кездесу және таныстырылым өткізілді

21.11.2018

4

Тараз МПУ гуманитарлық бағыттағы ПОҚ кездесу және таныстырылым өткізілді

22.11.2018

5

Жамбыл облыстық мемлекетік архиві ұжымына таныстырылым семинар ретінде өткізілді

6

«Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми картасының дайындалуы мен таныстырлуы жөнінде жергілікті БАҚ сұхбат берілді

23.11.2018

7

Жамбыл облыстық мемлекетік архивінде этностар туралы мәліметтер жинақтау

19-23.11.2018

Ғылыми іс-сапар барысында 20 қараша күні Тараз қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінің және «Рухани жаңғыру» орталығының тікелей ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының Тараз қаласы филиалында тіркелген этно-мәдени орталықтардың қызметкерлері, қалалық ардагерлері кеңесі және зиялы қауым өкілдері, Жамбыл жоғары политехникалық колледжінің ұжымымен өткізілген кездесуде «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми картаның таныстырылымы өткізіліп, қызу талқылауға болды. Облыстық және қалалық орыс, түрік, корей, поляк, қырғыз, дүнген, өзбек және т.б. этно-мәдени орталық өкілдері мен гуманитарлық бағыттағы пән оқытушылары интерактивті картаның маңызы, пайдаланудың тиімділігі мен ғылыми ақпараттары туралы өзара пікірлермен бөлісті. Таныстырылым барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының ресми сайтында тіркелген интерактивті картанының мазмұнын толықтыратын жаңа мәліметтермен алмасу болды. Таныстырылымға жиналған көпшілік өз пікірлерін ортаға салды және дайындалған ғылыми картаға ризашылықтарын білдірді.

dbc6d39c0cdf2f2efbad4a8806042559.jpg

Іс-сапардың бекітілген жоспарына сәйкес осындай ғылыми М.Х. Дулати атындағы Тараз МУ және Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің гуманитарлық бағыттағы профессорлық-оқытушылар және магистранттар, докторанттарымен кездесуде картаның таныстырылымы қызу пікір алмасуларға ұласты. Сұрақ-жауап барысында картаның мақсаты, мазмұны, қолданыс аясы және ондағы тарихи мәліметтер кеңінен талқыланды. М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде және Қазақстан халқы Ассамблеясының Тараз қаласы филиалында облыстық карта дайындалып жатқандығы және болашақта екі жақты жұмыс жасау жөнінде ұсыныстар айтылды.

9aae73f26f90ed8c80d55993b42f1ff6.jpg

b847e22d2f1e71a937629fde66b6add8.jpg


Сондай-ақ Жамбыл облыстық мемлекеттік архиві ұжымымен тікелей байланыста және картаны жаңа архив мәліметтерімен толықтыру мақсатында жұмыс жүргізіліп отырғандықтан «Қазақстан халқы» атты интерактивті ғылыми картасының таныстырылымы семинар түрінде өткізіліп, қызу талқылаудан өткізілді.

4e3d248b3cb19ffe68d894298ec4161e.jpg

97bd8e2e1ffc8f828162729fbb3e3a4f.jpg

Іс-сапардың басты мақсаты «Қазақстан халқы» атты интерактивті ғылыми картасын таныстыру және оны насихаттау және жаңа материалдармен толықтыру болғандықтан Жамбыл облыстық архивінде де жұмыс жүргізілді.

Интерактивті картаның кезекті таныстырылымы қасиетті Тараз қаласында өтуінің өзіндік сыры бар. Себебі киелі Әулиеата рухани-мәдени мұраларға бай өлке. Тараз – тарихымыздың темірқазығы деп айтылуына себеп, облыста 3600-ден астам тарихи-мәдени орындар бар. Солардың алтауы өлкенің киелі орындарының географиялық картасына енгізілді. Ал киелі орындардың ашылмаған құпиялары қаншама?!

Сондай-ақ Әулиеата өңірінің табиғаты көне замандардан бастап-ақ көшпелілердің мал шаруашылығымен бірге егіншілік және қолөнерінің қалыптасуы мен дамуына аса қолайлы аймақтың бірі болды. Еуразиядағы өркениетаралық байланыстың күре тамыры болған Ұлы Жібек жолының бойындағы тоғыз жолдың торабында орналасқан өлке, көне Тараз қаласы, сондай-ақ Талас және Шу өзендері алқаптарында орын тепкен ежелгі Құлан мен Меркі, Аспара секілді қалалар отырықшы дала өркениетінің төл мәдениетінің тал бесігіндей, 550 жылдығын атап өткен Қазақ хандығының шаңырағы көтерілген қасиетті мекен болып саналады.

Осындай табиғаты мен мәдениеті өркендеген өлкеге қашанда сырттан келіп қоныстаушылар қызығушылық танытары анық. Әулиеата өңірін жергілікті ұлт өкілдерімен қатар мекендеген әртүрлі этностар мен этникалық топтардың келуі мен қоныстану тарихы да сан қилы. Олардың бірі сонау Қоқан хандығы кезеңінде келіп, өңірдің қалыптасуымен біте қайнасып жатса, енді бірі патшалық отарлау саясатының ығында келсе, енді бірі кеңестік саясат пен идеология қыспағымен еріксіз күштеп қоныс аударылғандар.

Тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде, яғни 2009 жылғы жүргізілген Қазақстан халқының Ұлттық санақ нәтижесіне көз жүгіртер болсақ, Әулиеата өңірінде 87 этнос пен этникалық топтар бар екен.

Өңірдегі этнос пен этникалық топтардың келіп қоныстануын архив деректері бойынша шартты түрде былай кезеңдеуге болады:

І. Әулиеата уезі кезінде қоныс аударғандар (ХVIII-XIX ғғ).

1.1 Қазақ хандығы тұсында

1.2. Патшалық отарлау саясаты мен Столыпиндік реформалар салдарынан келіп қоныстанғандар (ХІХ-ХХ ғғ.).

Оның өзін төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады:

- 1867-1898 жж. патша өкіметі тек әлеуметтік жағдайы жақсы шаруаларға ғана арнайы жәрдем ақы беру арқылы қоныс аударды;

- 1898-1905 жж. қоныс аудару үрдісі күшейді, шаруалар өз еріктерімен қаржылай жәрдем ақы алып көше бастады; -

- 1906-1911 жж. бірінші орыс революциясына қатысқан элементтер, жазаланушылар қоныстандырды;

- 1911-1917 жж. ауыл шаруашылығын нығайту мақсатында қоныстандырылғандар.

2. Жамбыл облысына күштеп қоныс аударылғандар (ХХ ғ.).

2.1. КСРО-дағы аграрлық қоныс аудару (тәркіленген дәулетті және орта шаруалар – кулактар) және ерікті қоныс аударушылар) (1917-1934 жж.).

2.2 саяси депортацияланғандар (1934-40 жж.).

2.3 ҰОС жылдарында эвакуацияланғандар (1941, тамыз-1944, қаңтар).

2.4 «Саяси сенімсіздер» ретінде депортацияланғандар (1941-45 жж.).

2.5 «Шаруашылықтарды нығайту» мақсатында күшпен қоныс аударылғандар (1945-56 жж.) [1] .

Осы кезеңдерге ғылыми талдау жасайтын болсақ, оның негізгі сипаты мен мазмұнын тереңірек ұғынуға, сол кезеңнің саясатын толық түсінуге және Әулиеата өңірін мекен еткен этностар мен этникалық топтардың қоныстану тарихымен танысуға мүмкіндік аламыз.

Сонау Қоқан хандығы үстемдік еткен дәуірде (1809-1864) Әулиеата өңірі өзбектер келіп қоныстана бастаса, ал 1864 жылдан бастап аймаққа Ресей империясының отарлау саясаты тереңірек орныға бастаған ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезіндегі патшалық аграрлық-қоныс аудару саясатының дендеп қанатын кең жая бастауымен қатар жергілікті халықты орыстандыру үрдісі қарқынды жүргізілді. Табиғаты мен қонысқа жайлы Сырдария облысының Әулиеата уезіне патшалы Ресейдің Воронеж, Астрахан, Самара, Саратов, Тамбов губерниялары мен Доннан ауа көшкендер қоныстандырылды. Сондай-ақ өлкеге орыс, украин шаруаларымен қатар неміс, дүнгендер де, жер аударылған революцинерлердің де қоныстана бастауы этникалық құрылымының өзгеруіне ықпал етті.

1867 жылғы «Сырдария мен Жетісу облыстарын басқару туралы ереже» мен 1868 жылғы «Жетісуда шаруаларды қоныстандыру туралы» ереже бойынша 30 десятинадан жер беріліп, 15 жылға алым-салықтардан, әскери міндеткерліктен босатылады.

1869 жылы Сырдария облысының генерал-губернаторы Талас пен Шу өзендерінің бойында қоныс аударушылар үшін егін салуға, мал шаруашылығына қолайлы және құнарлы деген 7600 десятина жерді бөледі. Сөйтіп ішкі Ресейден 500 отбасын орналастыру жоспарланды және қоныстандыру саясаты жедел түрде жүргізіле бастады.

Өңірдің этникалық құрамының өзгеруіне ендігі кезекте Құлжа аймағынан Жетісу жеріне ұйғырлар мен дүнгендердің қоныс аударуы барынша ықпал етті. Ал, 1888 жылдан бастап дүнгендер Шу өзенінің оң жағасын жалға алып, жерлерді игере бастайды

Ұлы Отан соғысы жылдары Қазақстанға жер аударылғандар, негізінен немістер мен финдер, шешен, ингуш, Қырым татарлары, түрік, корей, болгар, және өзге де халықтар мен этникалық топтар өкілдері Жамбыл облысына да көптеп орналастырылды.

Осы Ұлы Отан соғысы жылдары Жамбыл облысына 45,5 мың адам қоныстандырылған. Бір ғана мысал ретінде, қазіргі Меркі ауданы көпұлтты - 30-дан астам ұлт өкілдері тұрады, негізінен, қазақтар тұрады (67,4%). Одан басқа орыстар (13,6%), түріктер (7,2%), әзірбайжандар (3,5%), өзбектер (1,2%), т.б. ұлт өкілдері тұрады. Сондай-ақ ауданда бірнеше ұлттық мәдениет орталықтары бар. Олар: түрік (1991 ж. құрылған), кәріс (1999), неміс (1995), өзбек (1998), әзірбайжан (2000) және еврей (2000) ұлттық мәдениет орталықтары жұмыс істейді [1].

Қазақстан халқы Ассамблеясының Жамбыл облыстық филиалы дайындаған облыстағы этностар картасы осылай бейнеленген. 

81f23ce2e38654e6a0e91bf7e32cd9b6.jpg

Осы іс-сапар аясында Жамбыл облысының Жуалы, Байзақ, Т. Рысқұлов, Меркі аудандарының көнекөз қарияларымен кездесіп, ауыл тарихы мен жер-су атауларына қатысты халық жадында сақталған ауызша тарих пен ұлттық құндылықтарымызды жинау барысында осы өңірге Ұлы Отан соғысы қарсаңы мен барысында күштеп қоныс аударылған ұлт өкілдерімен де кездесіп, олардың өңірге келу тарихы, кейінгі өмірі мен бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныса алдық.

Кейбір ұлттарды, атап айтқанда күрділер мен азербайжандарды Қазақстанға депортациялау соғысқа дейін басталады. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін Кавказ өңіріндегі күрділер 1936 жылы «сенімсіз халықтар» қатарына жатқызылды. 1937 жылдан бастап ешбір негізсіз 7,3 мың күрділер Армения, Әзірбайжан аумағынан көшіріліп, Орталық Азия мен Қазақстанға қоныстандырылды. Күрділер мен ирандық азербайдардың озық ойлы зиялылары түтқындалып, ату жазасына бұйырылды. Оларды көшірмес бұрын дүние-мүлкі, малдары тәркіленіп алынды. Өздері НКВД-ның катаң бақылауында жүк вагондарына тиеліп, Қазақстанның облыс пен аудандарына бөліп орналастырылды.

Кеңес билігі дәуірінде саясат пен идеология тарапынан жасалған этникалық үрдістердің түрлері – аккультурация, геноцид, депортация, интеграция, эвакуация және т.б. қарқынды түрде жүрді. Жамбыл облысына Кеңес дәуірінде 30-дан аса этнос пен этникалық топтарды арнайы күшпен қоныстандырып, полиэтностық ерекшелігі айқындала түсті. Тәуелсіздік жылдарындағы аймақтағы этносаралық қатынастар қоғамдық сананың түбегейлі өзгеруіне байланысты этносаралық келісім мен өзара түсіністікке, мәдени айырмашылықтарды – Қазақстан халқын мәңгілікке сақтайтын 6 шынайы ортақтықты қалыптастыруға бағытталған мақсатқа жұмылдыруда.

Солардың бірі Жамбыл облысы Меркі ауданын Қостоған ауылының «Жаңа тоған» ауылдық округының тұрғыны Казимов Мамедсеин Алиаббасұлынан жазып алған әңгімемізді назарларыңызға ұсынсақ.

Казимов Мамедсеин Алиаббасұлы, ұлты – азербайжан (ирандық азербайжан).

Туған жері: Меркі ауданы, Қостаған ауылы, «Жаңа тоған» (бұрынғы ХХІІ партсъезд колхозы), 1940 жылы 2 мамырда дүниеге келген.

Білімі – орта.

Қызметі: 40 жылдан астам жүргізуші (шофер).

Менің ата-анам осы жаққа 1938 жылы 24 желтоқсанда көшіп келген. Үш ағайынды, бір қызбен. Жалпы мұнда сол жылы 300 әзірбайжан отбасы көшірілген. Менің ата-анамның негізгі туған жері Иранда екен, сол жақтан Кавказға, Азербайжанға көшіп келгеннен бастап қуғынға ұшырайды да, осы Меркіден бірақ шығады. Әкемнің ауылы Иранмен шекаралас шағын әзірбайжандық ауыл болғандықтан, оның тұрғындары тұтастай Сталиннің бұйрығымен жер аударылады. Әкемнің әңгімесінен жадымда қалғаны оларды қазақстанға тауар поезымен әкелген. Жолда өте көп ауыртпашылықтарды көрген. Оларды әкелген әрбір вагонда конвойлар Түркменстанға дейін қадағалап келген. Сол жерде тағайындалған жаңа бастық конвойларды тоқтатып, әрбір отбасының мүшесі қай жерде орналасады, содан кейін жергілікті кеңестік орындардан анықтама алып өткізулерін тапсырады.

Меркіге түскен азербайжандықтарды Қаракемерден бастап, сол тұстағы Жамбыл, Қостаған, Жданов, Ворошилов және т.б. колхоз-совхоздарға  жібереді. Вокзалдан түскен бойда оларды өгіз арбалармен әр колхоздың өкілдері күтіп алады да, әрбір ауылға қазақ отбастарының үйлеріне бөліп-бөліп орналастырады. Кейбірі казарма секілді үйге орналасады.

Кавказдан жер аударылғанда олардың қолындағы малдары таразыға салып өлшенген екен, осы жаққа келгенде есеп бойынша соны толтырып қайтарып берген.

Бастапқыда көшіп келген кезде олардың қолында ешбір құжаттары болмаған, себебі олар Ираннан көшіп келіп жатқандар еді. Осы саясат ұзақ жылдар сақталды,- дейді Мамедсеин қария. Себебі, Кеңес-Иран келісімі бойынша оларға ант беруге болмайды, сол жақтан келген балалармен қатар, тіпті, кейінгі жылдары осы жерде туылған балаларда да құжат болмай, жергілікті жер бермей, күштеп қоныстандырылғандардың балаларын мектепке де алмаған. Ең жанымызға батқаны 1953 жылға дейін МАИ-да біздерге көлік айдауға рұқсат та, құжат та бермеді. Содан кейін осы ауылдан шығу үшін аудан орталығы Меркіге, мына Шалдауарға бару үшін арнайы рұқсат алып қана шығатынбыз.

Әкем 1983 жылы туылған екен, 1986 жылы 103 жасқа келіп қайтыс болды. Ұзақ жасаған әкем қанша қиыншылық көрсе де өлер-өлгенше өкіметке, әсіресе қазақ халқына риза болып өтті. Бізді де соған тәрбиеледі. Жергілікті халықпен араласуымызды, тілді меңгеруімізді өзі қадағалап отырды. 100-ден асқан шағында әкеме тіс қайта түбіртексіз шықты. Анам еретерек 1965 жылы дүниеден озды.

Қазақстанға келгеннен кейін туылған балаларға 7-10 кластарды оқуға ғана, ал 11 класс пен жоғарғы оқу орында оқуға мұндаға дейін рұқсат етпеді. Оларда білім болмағандықтан да жақсы қызмет етуге де көп жағдайда жіберілмеді.

Өзім 18 жасымнан, 1958 жылдан 1998 жылға дейін шофер-жүргізуші болып қызмет етсем де, еңбек өтілімен емес, кәрілік жас келуіне байланысты зейнетақыға шықтым. Иран жағынан 1940-шы жылдары репрессияға ұшырағандар мен олардың отбасыларына 1953 жылдан бері ақшалай жәрдем ақы беріледі.

Бүгінде өзімнің 3 ұл, 4 қызымнан 13 немере сүйіп отырмын. Осындағы қоныстанған барлық азербайжандықтар бір-бірімен араласып, өзарамыздан қыз алысып, көбейіп отырмыз. Біз азербайжан тілі мен салтын сақтап отырғанымызбен, балаларымыз да, немерелерімізде негізінен қазақ мектебінде оқиды, жергілікті ұлттың барлық жиын-тойларына араласып, олардың да салт-дәстүріне құрметпен қараймыз. Олар бізді қалай жылы қарсы алса, біздер де сондай құшақ танытуымыз керек. Тіпті аралас некелерде бар. Ешкім оған қарсы болмайды. Біздің қуанатынымыз бейбіт өмір сүрумен қатар, өзімізді қолдайтын өкімет бар, балаларымыз бұрынғыдай қыспақ көрмей қандай білім алам десе де, қайда жұмыс істеймін десе де құқылы. Соған тәубешілік етеміз, олардың санасына өзіміз көрген қиыншылықтарды айтып отырамыз.

Қазір осы ауылдың өзінде 70 түтін 400-дей жан бар.

1959 жылы Азербайжанға 90 пайызы қайтты, барғаннан кейін ол жақта азаматтық алуы, жұмысқа орналасуы қиындағандар 1961 жылы, нақты айтсам, сол кеткендердің 40 пайызы қайта оралды.

Мына Меркіде иран көшесі деген бар, онда тек ирандық азербайжандар тұрады.

Менің жұбайым Миреева Әсмәр Әбезқызының да (1948 ж. 10 мамырда туылған) ата-анасы ирандық азербайжандар болған. Оның бауырлары да осында тұрып жатыр. Біздің халық ашаршылық жылдары да көп қырылған екен.

Енді айтарым, мен өзімнің ата-анам секілді қазақ халқының алдында тік тұрып құрметпен бас иемін, оларды өзімнің ағайындарымдай сыйлаймын. Егер біз қиыншылық көрсек, олардың кінәсынан емес, биліктің саясатынан қиналдық. Ал қазақтар біздерді туған бауырындай қарсы алды, соғыс жылдары көшіп келгендер азербайжарда да, түріктер де, немістер де қазақ отбасыларымен бірге тұрдық, бірге қиналдық. Бүгінгі күніме ризамын, енді балаларым мен немерелерім біздер көрген қиындықты көрмесе деп тілеймін.

Біздер экспедиция мүшелері Казимов Мамедсеин қартқа ризашылығымызды білдіріп, келесі ауылға Меркі ауылына жол тарттық.

Меркі ауылында да көптеген ұлт өкілдері тұрады.

Азербайжан ұлтының өкілі Мамедов Магерамали Гасанхановичпен кездесу барысында да күштеп қоныстандырылғандар туралы және олардың бүгінгі тыныс-тыршілігінен біраз мәліметтер алдық.

  Мамедов Магерамали Гасанханович, туған жылы - 15 қаңтар 1949 ж.

Меркі ауылының тұрғыны. Ұлты – азербайжан. Білімі – орта. Зейнеткер.

1938 жылы желтоқсанның 18-20-ларында Азербайжаннан жер аударылып, Шымкентке, Арыс ауданы «Күлтоған» ауылына келдік. Әкем 1893 жылы туған Мамедов Гасанхан. 7 жасар 1 баламен келген. Бірнеше отбасы тауар таситын поезбен келген. Жақсы киім де жоқ, тамақ та жоқ. Арысқа түсірген әр колхозға 5-10 отбасыдан арбалап алып кетті. Кейбіреуін қоймаға жатқызады. Қазақтардың үйіне бөліп-бөліп орналастырды. Азербайжанда үйінен кеткенде не өткізді, 1 сиыр, 5 қойы болса, алып қалып, қолына қағаз беріп, Қазақстанға келгенде соны берді. Келгендерге үкімет үй салып берді. Үй ала алмағандары, жағдайы түзелген кезде өздері үй салып, бұрынғы үйлерін жөндеп алды. Өткенді айта бергенше бүгінгі ұрпақты тыңдаңдар. Солармен әңгімелесіңдер.

Мамедов Эльшан Вахидович, немересі,  туған жылы -10 қыркүйек 1997 ж.

Меркі ауданында тұрады. Ұлты – азербайжан.

Трубицын атындағы № 17 орыс-қазақ мектебінің түлегі.

2013 ж.  мектептің аз ұлттар ассамблеясының президенті болып сайланған.

Ауданда 33 этнос өкілдері тұрады. 2000-нан аса оқушы бар.

Мектепте Тілдер күніне, тәуелсіздік күніне арналған іс-шаралар, сыныптық сағаттар өткізіліп отырады. Этностар арасында татулық бірлік орнаған. Оның ішінде «Наурыз» мерекесі, ұлттық мәдени фестивалі, жексенбілік мектептерде әртүрлі үйірмелер, тіл мен мәдениет үйірмелері, тіл курсы және басқадай шаралар өткізіліп тұрады.

Ауданда 7 ұлттық-мәдени орталықтар бар: түрік, азербайжан, өзбек, татар, орыс, кәріс, қарашай. Осы ұлттық-мәдени орталықтардың төрағалары, жетекшілері әрдайым Қазақстан халқының көпұлтты, әртүрлі салт-дәстүр мен мәдениетті өз елінде тату-тәтті ұстап отырғанын, Қазақстанның болашағы зор екеніне сенім білдіріп, осы елде тұрақтап қалғандарын ризашылықпен, мақтанышпен айтады. Этномәдени бірлестік қызметтерінің мақсаты - мәдениет, өнер, дәстүр, ата-бабаларының тілдерін, ұлттық мәдениеттің тарихын құрметтеу, өз тамырлары туралы білімді дамыту болып табылады. Ұлттық-мәдени орталық жетекшілері Қазақстан мен өз тарихи отандарының арасында шығармашылық байланыс орнатып, үнемі пікір алысып отырады. Қазақ және басқа этностар тілдеріндегі әдебиет алмастыру, бірлесе отырып кітаптар шығару ісімен айналысады.

Еліміздегі ұлттық-мәдени орталықтардың қызметі ұлттық мәдениет пен өнер саласында этносқа, мәдениетке қызмет етуге бағытталған. Әр ұлттың өзіндік мәдениеті болуы адамдар қауымын этнос ретінде айқындап тұратынын дәлелдеп жатудың қажеті жоқ, ал сол диаспора республиканың мәдени және рухани өмірін байыта түседі. Ұлттық өнердің, салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың әртүрлілігі болғаны да осы ұлттық-мәдени орталықтардың қызметінен көрінеді.

Мектеп аясында - Министрлер кабинеті, Қорғаныс министрі, Мектеп президенті, вице-президент, қаржы министрі, спорт туризм министрлері жұмыс істейді. Әр мектеп әр ұлттың биін, салт-дәстүрін көрсетеді. Біздің мектеп аудандағы ең ірі, алдыңғы қатарлы мектеп болып саналады.

Мен өзімнің туған Отаным Қазақстанымды мақтан етемін, қазақ халқының тілі мен мәдениетін толық меңгеруге тырысып келемін. Қазақ балаларымен көп араласамын. Келешекте де үлкен азамат болып Қазақстанның өркендеуіне өз үлесімді қосамын, бұл менің ата-әжелерімнің маған қалдырған аманатын орындау парызым екендігін жақсы түсінемін деп ағынан жарылды.

Міне, өздеріңіз көріп отырғандай аз ғана уақытқа созылған эіс-сапар барысында Жамбыл облысының Меркі, Жуалы, Т. Рысқұлов және Байзақ аудандарына Ұлы Отан соғысы жылдарында күштеп қоныстандырылған ұлт өкілдерімен кездесіп, олардың өз ата-баба салт-дәстүрлерін қалай сақтап отырғандығымен таныса алдық. Солардың ішінде тек Меркі ауданындағы бір ғана ұлт – ирандық азербайжандар туралы аздаған мәліметті ғана бере алдық.

Қорыта келгенде айтарымыз, Қазақстанның тәуелсіздік алуы тек қазақ халқының тарихының ғана «ақтаңдақ» парақтарын ғана ашып қойған жоқ,  1930-шы жылдардың аяғы мен 1940-1945 жж. аралығында елімізге күштеп қоныс аударылғандардың да атамекендерінен қуылып, күштеп қоныс аударылған, бүгінде екінші отанында тұрақтап қалған басқа да ұлт өкілдерінің өткен тарихының көлеңкелі тұстарының шынайы жақтары ашылды.

Бұл мәселеге – республикаға күштеп жер аударылған халықтар тарихын жазуды алғашқылардың бірі болып қалам тартқан және оның шынайы зерделуіне үлкен үлес қосқан көрнекті ғалым, академик М.Қ. Қозыбаев пен белгілі тарихшы Қ.С. Алдажұмановтың зерттеулерінде осы күштеу саясатының жасырын ұйымдастырылып, орындалу барысын қашан және қанша адамның Қазақстанға қалай орналасқанын, еңбек армиясына қатынасуын нақты деректермен талдау жасай отырып дәлелдегендігін атап өтуді жөн көрдік [3].

Әлі де айтылмаған тарих және оның қалтарысындағы халықтардың талайы тағдыры бар екендігін жадымызда сақтайық. Өз ұлттық құндылықтарымызбен қатар республикамызды мекен еткен өзге ұлттардың тарихы мен мәдениетіне, тарих талқысына түскен тағдырларына құрметпен қарау әрбір қазақстандық азаматтың міндеті деп түсінеміз.

Елбасының тариxи сананы жаңғыртуға «Ұлы даланың жеті қыры» арналған бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Руxани жаңғырудың жалғасы іспетті тағылымды мақалада ұлт тариxының бастаулары, Ұлы Дала өркениеті, түркі әлемінің генезисі, түркілердің адамзат тариxына қосқан сүбелі үлесі сияқты маңызды тақырыптармен бірге оларды жүзеге асырудың да нақты жолдары көрсетілген. Терең тариxымызды түгендеуге мүмкіндік беретін бағдарламалық мақаланың түгел түркі мен Ұлы даладан бастау алатын тамырлас жұрттардың да ортақ игілігіне айналары сөзсіз. Ал оның жүзеге асырылуының жарқын көрінісі ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының сайтында арнайы тіркелген «Қазақстан халқы» интерактивті ғылыми картасының дайындалуын ерекше атап өтуімізге болады.

Елбасы Н. Назарбаевтың тұжырымдамасымен қорытындылайтын болсақ, «электронды карта ежелгі қазақ жеріндегі барлық ұлттардың шоғырлану процесін ашық көрсетіп, мемлекет құраушы қазақ халқының айрықша миссиясын паш ететін болады».


Мәлімет берушілер мен пайдаланылған әдебиет

1.  Сейткулова Ж.М. Жамбыл облысындағы этностар мен этникалық топтар тарихы. - Тараз: ИП Бейсембекова А.Ж., 2017. - 183 б.

2. Казимов Мамедсеин Алиаббасұлы - Жамбыл облысы Меркі ауданын Қостоған ауылының «Жаңа тоған» ауылдық округының тұрғыны

3.  Мамедов Магерамали Гасанханович, Меркі ауылының тұрғыны

4.  Мамедов Эльшан Вахидович - немересі

5.  Козыбаев М.К История и современность. - А-Ата.: Ғылым, 1991. - С.252; Қозыбаев М.Қ. Ақтаңдақтар ақиқаты. -  Қазақ университеті. - 1992. - 272 б.; Алдажуманов К.С. «Теплушки гнали в Казахстан» // Казахстанская правда. – 1996. - 20 февраля; Алдажуманов К.С., Алдажуманов Е.К. Депортация народов – преступление тоталитарного режима. – А.: Фонд «ХХ век», 1997. - С.16; Алдажұманов К.С. Күштеп көшіру: жымысқы саясат, басқыншылық әрекет // Қазақ тарихы, 1997. - № 4. - 33-б.; Алдажуманов К.С. Депортация народов в Казахстан // Наука Казахстана, 1996. -1-15 февраля және т.б.

З.М. Толенова,

Ведущий научный сотрудник Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова, к.и.н.

ПУТИ ИНФОРМАЦИОННОЙ ПОДДЕРЖКИ ИНТЕРАКТИВНОЙ НАУЧНОЙ КАРТЫ «НАРОД КАЗАХСТАНА»

В данной статье рассматривается информационная поддержка интерактивной карты «Народ Казахстана», а также пути ее продвижения и реализации. Кроме того, в данной статье рассматривается этнический состав Южного Казахстана на примере Жамбылской области.

Ключевые слова: интерактивная карта, народ Казахстана, этнический состав, Южный Казахстан, Жамбылская область

Z. Tolenova

Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology

Senior Researcher, Candidate of Historical Sciences

THE WAYS OF INFORMATIONAL SUPPORT

OF THE INTERACTIVE SCIENTIFIC MAP

"THE PEOPLE OF KAZAKHSTAN"

This paper considers informational support of the Interactive Map «The People of Kazakhstan», as well as the ways of its promotion and realization. In addition this article are described the ethnic composition of South Kazakhstan (in the case of Zhambyl region).

Keywords: interactive map, people of Kazakhstan, ethnic composition, South Kazakhstan, Zhambyl region


No comments

To leave comment you must enter or register