Яндекс.Метрика
Home » Materials » ҒТАМР 03.20. ӨЗБЕКСТАН ТОПЫРАҒЫНДАҒЫ КӨКТЕРЕК, ҚАРАҒАШТЫ, ЖЫЛАНДЫ АТАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ БІРЕР СӨЗ

Тоқтабай А.У., тар.ғыл.док., профессор, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Бас ғылыми қызметкері. Қазақстан, Алматы. E-mail: akhmet.t@mail.ru 2 Карамендина М.Ө., педагогика ғылымдарының магистрі

ҒТАМР 03.20. ӨЗБЕКСТАН ТОПЫРАҒЫНДАҒЫ КӨКТЕРЕК, ҚАРАҒАШТЫ, ЖЫЛАНДЫ АТАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ БІРЕР СӨЗ

Scientific E-journal «edu.e-history.kz» № 4(16), 2018

Tags: рәміз., темір құрал, бақсылық, ғұрып, қабір, топырақ, киелі, жылан, терек, ағаш, әулие
Author:
Бұл мақала Өзбекстан топырағында – қазақтардың киелі деп есептелетін жерінде жатқан Көктерек, Қарағашты, Жыланды аталар жайында. Бұнда Көктерек, Қарағаш әулиелердің қабірімен, ағаш культімен байланысты көне сенімдерден туындаған ырымдар мен ғұрыптар айтылған. Әруақ сыйлайтын қазақтардың ұғымында әулиенің рухы жануардың (жыланның) бейнесіне еніп, ауру-сырқауларға көмектесіп, жәрдем береді екен. Жылан туралы халықтың исламға дейінгі наным-сенімдері, халықтың тәжірибелері мен білімдері - материалданып ескерткішке айналуы Жыланды ата әулиеден анық байқалады, сондықтан жыланның тілін – ерекше қасиеттерін білген Жыланды атаға қатысты бақсылық, тұтынатын құралдардың да (бақан, темір заттар, найза) киелі мәнге ие болу себептері мақалада баяндалады. Түйін сөздер: әулие, ағаш, терек, киелі, жылан, топырақ, қабір, бақсылық, ғұрып, темір құрал, рәміз.
Text:

Кіріспе

Қазақтың исламға дейінгі мыңдаған жылдық мәдениетінің белгілері -қоршаған ортасы, жан-жануар, жәндікті т.б. аялап, қорғап, қастерлеуден қалған аруақты жерлер, әулиелі орындар. Жеке өсіп тұрған қайың, тал, терек, шынар, арша жиде т.б. ағаштарға табыну адамзат дүниеге келіп, тәй-тәй баса бастаған кезде пайда болған. Себебі күннің оттай ыстығында көлеңкесінде дем алды, қарлы боранда, жауын-шашында пана болды. Қазақ салтында албаты ағаштарды кеспейді,  отынға қу бұтағын, қураған ағаштарды алған. ХІХ ғ. 70-80 ж бастап Ішкі Ресейден келген келімсектер қазақ даласындағы ормандарды отап, жаппай кесіп, ысырап қылған. Халықтың келімсектерге қарсы батырлары бастап көтерілгені жайында деректер бар. Халық рәсімінде албаты жыланды  өлтірмейді, жол үстінде кетіп бара жатқан жыланды көрсе, үлкендер «Бұл бір қызын ұзатуға бара жатқан жылан екен, немесе құдалыққа бара жатқан жылан»,- деп жоритындар бар, жыланның атын атамай «түйме», «ұзын»-деп атайды. Әулие ағаштарға және жыланға табыну, халықтың көне наным-сенімдерінен хабардар етумен қатар, халықтың экологиялық мәдениетінің жоғары болғанын көрсетеді. 

Тарихнама

Көктерек, Қарағашты, Жыландыата әулиелері басқа республиканың территориясында болғандықтан мүлдем зерттелмеген.  Негізгі деректер 2018 ж.  Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының экспедициясы Өзбекстанға арнайы барып, зерттеу жұмыстарын жүргізгенде ел аузынан жинады. Көне наным-сенімдер туралы ауызша деректер Ш. Уәлиханов, Л.Я. Штернберг, Т.П. Снесарев, С.С. Сейфуллин, Б. Қанарбаева т.б. зерттеушілердің еңбектерімен салыстырыла зерттелді.

Методология

Алдымен киелі жерлер туралы аңыз-ертегілер, әфсаналар, ел аузындағы ауызша тарихы мұқият жазып алынды. Ескерткіштің өзі, маңындағы жерлер, қоршаған орта фотоға түсірілді. Ауызша тарихтың мәліметтері бұрын-соңды осыған ұқсас әулие-әнбиелер туралы жазба, деректермен, арнайы зерттеулермен шендестіріле зерттелді.

Негізгі бөлім

  Ташкент қаласынан 60 км Сүрен ата деген тау аңғарындағы халық көп баратын киелі жердің бірі - Көктерек әулиенің қабірі. Арнайы іссапармен барған бағытымыз бойынша ат басын сол бір киелі жерге де тіреген едік.

  Көктерек әулие қабірі - тал, терек, бұта-қараған көп өскен ит тұмсығы өтпейтін сайдың ішіндегі алаңқайға орналасыпты. Машиналарды тау етегінде қалдырып, тағы екі-үш машина тұр екен, соқпақ жолмен жүріп отырып әулиеге жеттік. Автокөлік жүретін жол салуға болады екен, бірақ халық арнайы жол салдырмапты. Алаңқайдың ортасында екі үлкен кәрі терек тұр, ақпарат берушілердің айтуынша, жасы 100 жылдан асады. Ата-бабаларымыздың көне нанымына сенетін болсақ, «қабірінің басынан ағаш өсіп шықса, ол адам қасиетті болып саналады екен» (Р. Мустафина, 1992). Алаңқайға қарай кіреберісте Ақмама деген елге қадірлі, қасиетті адамның қабірі, үстіне төртбұрышты күмбез орнатылыпты. Екі кәрі теректің айналасында мал соятын, ас әзірлейтін, зиярат етушілер дем алатын орындықтар, тапшандар, сәкілер орналасқан. Әулиенің шырақшысы Пернегүл Бабатаеваның атасы мен әкесі – Нәзір – Бабатай екеуі де шырақшы болған, енді баласы Иманәлі шырақшы болуға дайындалып жүр. Пернегүлдің айтуы бойынша әулие ағашты алуға болмайды, егер де біреу-міреу ағашты кесіп, сындырып алса, ол адамның жолы болмайды, бақытсыз болады. Соғыс жылдары колхоздың бастығы бірнеше жұмысшы әкеп, жұмысшылар ағашты кесуге бата алмай тұрғанда: - Ағашты кесіңдер,- деп әмір беріпті. Жұмысшы балтасын терекке ұрғанда, ағаштан қан шығыпты,- дейді, кейін бастық айықпас дертке жолығыпты. Бұдан біз көнеден келе жатқан әулие ағаштарға табыну ғұрпын байқаймыз (Б. Қанарбаева, 2004).  Осыдан ертедегі ата-бабаларымыздың ағаштың да адам тәрізді жаны бар, кескен кезде бойынан қан ағады деген сеніміне көз жеткіземіз.

  Көктерек  әулиеден әрірек жылғаны өрлеп тауға шығарда бұлақ бар, бұлақтың басында бұтақтары арса-арса, қиқы-шойқы кәрі терек өсіп тұр, бұтақтарына ақ байлапты. Бұл жерге әркім не тілесе содан бір зат қалдырады екен. Ақша-тиындардан бастап, әртүрлі әшекейлер, бұраушы (отвертка) машинаның рулі т.с.с. заттар толып жатыр. Машинаның рулі, бұрағыш неге тұр десек, машина сатып алғандар бұл жерге келіп, «көлігіміз ұзаққа шыдасын, жүрісті болсын»,-деп тастап кетеді екен. Біз өз тарапымыздан әулиеге ақ байлауға, болмаса тиын-тебен садақа қалдырумен қатар мәшиненің бөлшектерін қалдыруға жол бермеңдер,-деп түсіндерген болдық. Себебі оның түпкі негізі – адам ағаштан жаралған деген мифтік сенімнен шыққан, оның мәнісі алғашқы дәуір адамдарының ағашты паналап, жемісімен күн көруінен басталған (П. Ефименко, 1953). Ертеде адам өлгенмен де оның жаны (аруағы) өмір ағашымен бірігіп өмір сүріп жатыр деген ұғым болған, сондықтан әулие ағаштардың басына түнеген, мал сойып құрбандық шалған, бойларындағы кеселдерден құтылу үшін түрлі тілектер тілеген (Б. Қанарбаева, 2004). Ол кейін де жалғасып отырған, бірақ әуелгі сенім уақыт өте көнереді. С. Сейфуллиннің пікірінше: «Ислам діні тараған соң, ескі діннің нанымы екінші түрге айналған»(С. Сейфуллин, 1964). Енді о дүниеде де осындай ағаштың саясында жатсын деген түсінікпен қайтыс болған адамдардың басына ағаш егетін болған. XVIII ғасырдың бірінші жартысында Әбілқайыр ханның қабірінің басына да ағаш еккен екен. Кейін ол адамдар басына барып түнейтін киелі орындарға, ауыл-аймаққа жас келін келіп түскенде сол төңіректегі әулие ағаштардың басына ертіп апарып, бұлаққа теңге тастатып, ағаштарға ақ шүберек байлататын дәстүр қалыптасады. Сөйтіп, ата-бабаң осы жерден су ішкен, толғатқанда сені демеп отырады деп келіннің күпті көңілін орнықтырған (Б. Қанарбаева, 2004).

   Жоғары Шыршық ауданы Бесбала ауылында ежелгі әрі киелі бір әулие жерленген зират жер бар екен. Бұл зираттың пайда болу тарихына, ол туралы аңызға құлақ бұрып, назар аударатын болсақ, Еңке қаңлы жұрты енді жаңа қонысқа қонған кез екен. Жаңа ауыл атанып, елді осы шөбі шүйгін жерге ертіп келген, жаңа туын тігіп, ел атанғанда, бес ержігіт бала елге басшылық етіп жұртты артынан ертіп алып келеді. Сөйтіп елдің, ауылдың аты «Бесбала» атанып кеткен деседі. Енді сол Бесбала ауылындағы Қарағаш әулиеге тоқталар болсақ, қазір ауылдағы мазардың ортасында бір төбешік дөңкейіп көрініп тұрады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұл төбешікке бес бала жерленген деген сөзді естідік. Ежелде Бесбала елі жайласқан ауылдың жанынан жасы сексенге таяп қалған әулие – кеселдерді дауалайтын, сырқаты бар аурулардың дауасын табатын киелі Танта баба тұлпарына отырып, Меккеге аттанып бара жатып, ауыл жағасындағы үлкен қарағаштың түбіне шаршап барып, демалайын деп отырып сол жерде жан береді. Ауылдың тұрғындары Танта бабаны сол жердегі бес ағайынды жатқан жердің жанына жерлейді. Содан бері осы алты адам жатқан ел киелі әулие атанады. Ауылдағы көреген шалдардың айтуынша, «Ежелде ауылдың алып батырлары, көкпаршылары, көкпарға аттанар кезінде әулиеге барып сыйынып келеді екен, әулиенің киелілігі соншалық, көкпаршылар әулиеге бір шақырым қалғанда аттарынан түсіп, жаяу әулиеге кіріп келеді екен. Бұл әулиеге алыс-алыстардан адамдар зиярат етуге келеді, талай сырқаттанған ауру адамдар сырқатына дауа тауып, түзеліп кеткенін есітіп, тағы да бұл киелі жерге келетін адамдардың саны жылдан-жылға асып келуде. Қазіргі әулиенің көрінісі, төбешікте әулиелердің мейіті жанында екі қарағаш жайқалып өсіп тұр. Сыйынуға не зиратқа келген адамдар сол қарағаш ағашының бұтақтарына ниет етіп, қызыл, ақ шүберек орап, төбешіктің түбіне шам жағып, үш рет сыпырғымен сыпырып айналып шығады. Ақ ниетпен келген адамның әрине ниеті қабыл болады екен.

   Табиғаты ерекше әсем, жер жанаты, сулы-нулы Бостандық ауданында және бұл ауданда ғана емес Шыршықтың бойында, жалпы Ташкент атырабында – ағаштың культі ерекше. Бұл елде терек үшке бөлінеді,- деді Нұрбай Тұрсынбаев: 1. Мырза терек. 2. Бақа терек. 3. Көк терек. Елде мынадай қызық әңгіме бар: «Суға ағып бара жатқан ағаш ұстасы, жағада тұрған адамнан көмек сұрайды. – Сен кімсің?- десе, мен ағаш ұстасы – Пәленмін,- дейді. Жағада тұрған: Үйімнің төбесін жауып бер,- дейді. Суға ағып бара жатқан: Ағашың неден? – Ағашым бақа теректен. – Онда мен үйіңді жаба алмаймын,- деп суға ағып кете барыпты». Сөйтсе құрылысқа ең жақсысы мырза терек, «бақа теректен балтаң сынады»,- деп бекер айтылмаса керек.

   Көктерек, Қарағашты әулиелерге байланысты барлық әңгімелерді біз тәптіштеп жазып отырған себебіміз: әрбір әулиенің басына барғанда ауызша деректерді молынан алуға тырыстық. Өкінішке орай, кейбір әулиелі жерлердің киелі тарихы (сакральная история) жұтаң, мүлде жоқ, ертеде болғаны есте сақталмаған болып шықты.

   Жалпы «әулие» талдар мен «әулие» ағаштарға табыну ғұрпының негізінде көне космогониялық сенімдер жатыр, себебі біз жердің жемісін жеп, ырыздығымызды айырамыз. Есесіне ол біздің тәнімізді қойнына жасырады, денемізді азық етеді. Көне түркі пайымдауынша: «Түбінде бәрімізді осы топырақ жер, қорек қылар. Тек жанымыз ғана Көк Тәңіріне ұшып кетпек»,- деген қисынмен Жер атанған (Т. Жұртбаев, 1994).

  Көне космогониялық сенім бойынша әлем ағашы Жер мен көкті байланыстыратын дәнекер. Қазақтың ұраны – Алаш болса, керегесі – ағаш. Ағаштан жасалатын киіз үйді – аспан әлемінің кішірейтілген бейнесі деп пайымдауға болады. Ағаштарды әулие дейтініміздің сыры – шаңырақтың қасиеттілігінде. Халқымыздың космогониялық ұғымындағы ағаштардың әлемге тіреу екендігі туралы сенімдері киіз үйдің ортасына ағаш діңгек қоюына ықпал еткен. Киіз үйдің шаңырағы аспанды, керегелерінің жұмыртқадай дөңгеленіп келуі Жер-Ананы бейнелеген. Шығыс Қазақстан өңірінде босана алмай қиналған әйелді киіз үйдің діңгегін құшақтатып айналдырады, ал балалар діңгекті айналатын болса ұрсып, жазалайды екен (Б. Қанарбаева, 2004). Қазақтардың заттық әлеміндегі құралдар, нәрселер және т.б. нысаналар семиотикалық дәрежеге ие болады да, сакральды мәні арқылы әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрлердің жүйесіне кіреді (А. Керімбаев, 2007). Қазақта «Бақан аттаған байымайды, балта басқан жарымайды» деген мақал бар. Бақан әлем ағашының доминанты орнында көшпенділердің хан сайлау (мемлекеттік салтанат) дәстүрінен бастап, отбасылық, жауынгерлік, мал ғұрпында да феномендік қызмет атқарған. Ертеде отбасының ырыс-берекесі, құты бақанда тұрақтайды деген наным болған. Сондықтан отбасылық және шаруашылыққа (әсіресе төрт түлікке) байланысты ғұрыптың шешуші сәттері бақанмен атқарылады (А. Айтмұқашева, 2007).

  Демек, қарағай текті жасыл ағаштар ертеде жолбақанның рөлін атқарған. Жолбақан (йол) – Көк пен Жерді жалғаушы жол әрі Көк күмбезіне «тірелуші» ағаш, Наурыз кезіндегі ғаламдық кіндік нышаны (М. Аджи, 1959). Әлем ағашы рәмізі ретінде найза немесе көптеген «бұтақ» шаншылып қойылған бағана жүреді (В. Брагинский, 1988). Аңыздарда – бұл бағана (әлемдік ағаш) құрбандық жасау жолының мәнін білдіреді. Құрбандық (құлпытас) бағана да, қорғаушы ағаш адам да (инау) құдайға құлшылық етуде арадағы дәнекер болып табылады, сондықтан құлпытас пен инау иерархиялық жағынан өте жуық. Осы тұрғыдан алғанда, құлпытастың батыс жақ қырында Алла мен Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарға арналған құран сөздері және тайпа таңбасының міндетті түрде болуыныі өзі, С.Е. Әжіғалидің тұжырымы бойынша, сол тайпа қайтыс болған ағайынымен бағана арқылы жаратушы тәңіріне құлшылығын исламдық рәсіммен білдіргендігінің айғағы. Осыған орай қазақ құлпытасы мен ру таңбасы арасында (ат байлайтын бағана /абақ, сірге/ - рудың, ошақтың рәмізі ретінде) семантикалық параллелизм байқалады (С.Е. Әжіғали, 2004). Сондықтан да шығар, ру-тайпа атрибуттарына таңба, ұран, жалау, құспен бірге ағаш та қатар жатқызылады (М. Карамендина, 2008 ).

   Әлем ағашы шамандардың дінінде де пайдаланылған. «Бақсы ағаш басына өрмелеп шығып Тәңірмен тілдесе алады екен» дегенді С. Сейфуллин де айтқан (С. Сейфуллин, 1964). Қазақ фольклорисі Е. Тұрсыновтың пікірінше: «Шамандық дін бойынша тірілер дүниесін өлілер дүниесімен және жоғарғы әлеммен байланыстыратын екі жол бар. Бірі – әлем ағашы. Екінші жол – «бақсылар өзені» (Е. Тұрсынов, 2001). Бақсылардың өзені туралы ұғым «өлілер өзені» туралы түсінікпен және бақсылар ағашы туралы ұғыммен байланысып жатыр. Сондықтан шаман-бақсылар көрермендердің көз алдында қара күш иелерімен күресемін деп ағаш басына өрмелеген (Ә. Ақышев, 1954). 

   Шамандыққа дейінгі наным-сенім бойынша өлілер өзені – әулие талдардың басындағы ағып жатқан бұлақ (Түркі фольклоры, 2001). Олай болса әулие ағаштардың басына барып сыйынған жандар, оның бұтағына шүберек байлау арқылы, өз тілектері мен талаптарын о дүниедегі ата-бабаларына жолдайды, сол арқылы өлілердің рухы мен тірілердің жаны о дүниеде табысады деп ойлаған. Көшпелі халықтың мифологиясында осынау қасиетті Әлем Ағашын көбіне-көп ақиқат өмірдегі бәйтеректермен байланыстырады. Мұндағы бәй, бай – алыптықты, құт-берекені білдіреді. Қазақтардың арша деп жүргендері кәдімгі жаңа жылда құрылатын жасыл шыршасы (Б. Қанарбаева, 2004).

  Жалпы, қазақ байтерек деп үлкен ормандардың ішінде ерекше үлкен бұтақтары мейлінше молынан жайылған, тамырлары топырақтан шығып, адырайып-адырайып көрініп жататын көп жасаған ағаштарды айтады. Осындай ағаштарды көргенде «Е, мынау орманның байтерегі екен ғой, ағаш атаулының бәрі осы байтеректен тараған екен ғой» деп уәж айтады, сондықтан байтерек деген атау жеке дара өсіп тұрған ағаштарға айтыла бермейді (Н. Мыңжани, 2017).

  Аңыз бойынша Төле бидің бәйтерегі, шынары, ат байлайтын арша ағашы болған екен. Ел арасында арша қасына пәле-жалаларды, қара күш иелерін жібермейді деген сенім бар. Жас нәресте ауырып қалғанда оны арша салған суға шомылдырады, медицинада оның микроб өлтіретін қасиеті анықталған. Шарбақ ГЭС-тің жанындағы алып шынар ағашты кезінде біз 1990 ж. Төле бидің шынар ағашы туралы аңызбен байланыстырып дәлелдегенбіз (А. Тоқтабай, 2003), оның бер жағында Төленің осы әулиелі орта ағашы - шынар ағашын әзір тани алмайсың, ағашты қоршай «Чинар» деп аталатын ресторан кешені түскен.

  Түркі тілдес халықтарда «Ертеден де ерте заманда, түйенің құйрығы жер сызғанда, ешкінің мүйізі көк тірегенде» деп келетін аңыз ертегілері бар. Мифологиялық ұғымдардағы нәрсенің тегін белгілеуді тура мағынасында қабылдамай, оны символдық (рәміздік) меңзеу деп қана түсініп, оның астарындағы сырлы мағынасына үңілуді қажет етеді (А. Мейірманов, 2014). Мал шаруашылығымен ертеден айналысқан қазақ халқы төрт түлік малдың жаратылыс тегін төрт стихиямен байланыстырады (М. Карамендина, 2006). Топырақ, ауа, су, от алғашқы күйінде формаға ие емес, ол жанмен қосылғанда ғана формаға ие болады және бастапқы күйге мүлдем ұқсамайтын нәрсеге тіршілік иесіне айналады (А. Мейірманов, 2014). Мысалы түйе малының аса киелі саналып, пайғамбарлардың, әулиелердің көлігі болуы түйенің топырақ текті жануар болуымен байланысты деуге болады, өйткені топырақсипат – кішіктік адамның ұлық қасиеті. Қазақ тарихындағы халық аса құрметтеген, әулие тұтқан Абылай хан, Райымбек батыр сияқты адамдарының киелі түйесі болуы осының бір айғағы. «Абылайдың киесі сары бура екен,- дейді Мәшһүр Жүсіп,- Абылай жорықта жеңетін болса, бура жорықтың жолына қарап жатады екен де, жеңбейтін болса, теріс қарап жатады екен». Түйенің пірі – Ойсылқара (Біз, өкінішке орай, Ойсылқараның орнын қаншама сұрастырсақ та таба алмадық). Тамырын тереңге жайып, жердің күш-қуатына қаныққан Әлем Ағашының да тегі топырақ. Көктерек, Қарағашты әулиелердің қабірі киелі топырақта. Қабір басынан өсіп шыққан қос терек те, қос қарағаш та киелі. Осыған байланысты «Көкті жұлма, көктей соласың» деп шөп пен суды т.б. қастерлеген қазақ үшін Жер ананың, туған жердің топырағы киелі болса, оның жемістерінің бірі – ағаштары да қасиетті саналуы сондықтан деп білеміз.  

  Жыланды ата.  Ауызекі әңгімелерден естуімізше Жыланды ата тарихта болған адам. Әулиенің жатқан жері Ташкент қаласы, Чиланзар* ауданында. Ол жыланның тілін білген, оны оқып көзбен байлап тастайды екен. Тағы бір әңгімеде бұл жерде ордалы жылан болған, бірақ адам баласына, жан-жануарға тиіспейді, зиян келтірмейді екен. Жалпы қазақ арасында жыланды оқып, жарып жіберетін, өлеңмен оқып, байлап тастайтын бақсылар аз болмаған. Жылан шаққанда уын қайтару үшін бақсылар қобыз тартып арбаған. Айтатын сөздері:

  Кер, кер, кер жылан,

  Керек басты мер жылан,

  Бір жылан бар сұм жылан

  Бір жылан бар сұр жылан.

  Бір жылан бар жеті жылғы

  Ту жылан.

  Құралай таудың басынан

  Қуып келген қу қылан.

  Пайғамбардың демінен

  Дегелек келді шық жылан.

  Ақ жылан, отты жылан,

  Кіші жылан, мышы жылан,

  Сары жылан, сарыбас жылан,

  Көп жылан, көбер жылан

  Шық Тәңірден парман келді,

  Парманнан қатты жарық келді.

  Мары, мары, мары жылан

  Ұзын, ұзын, ұзын жылан

  Ұзын, шашы келте жылан.

  Марқары, сарқары

  Былдыр-сылдыр болған түннің басынан

  Лек-лек келді, шық жылан!

  Ат жылан, қат жылан

  Ыс жылан, қара жылан

  Отыз бес көзді, қырық жүзді

  Ортан түннің басынан

  Лек-лек келді, шық жылан.

*Чиланзар (жыландар) – өзбек тілінде жыланды деген мағынаны береді.

  Қазақ бақсыларының «ойыны» көбінесе бақсылық өлең-сарын ретінде айтылады. Олар өздерінің «жынын» кейде «жеңсіз берен киінген, лашын құстай түйілген» деп, қалың жауға қарсы шауып, қамал бұзған батыр бейнесінде, кейде «қара шұбар айдаһар», «жез тырнақты жолбарыс», «азу тісі балғадай қара бура», «бір мүйізі жер тіреп, бір мүйізі көк тіреген көк бұқа» болмаса, әлем дүниесін бұрқ-сарқ еткізген қара бұлт, қарлы дауыл бейнесінде келтіреді. Кейбір ұзақ айтылатын сарындарда бақсының бір емес, бірнеше «жыны» суреттеледі, оларды адам ұғымындағы ең күшті нәрселерге теңеп, салыстыра отырып, жырға қосады, тыңдаушының көз алдына елестетпек болады»,- деп жазады М. Ғабдуллин (М. Ғабдуллин, 1964:59). С. Сейфуллиннің пікірінше: «Жын, пері екі түрлі болады, бірі – достық қылады. Бақсы достық қылатын жынның қуатымен бақсылық қылады»(С. Сейфуллин, 1964). Жылан шаққан адамды бақсылардың арбап жазуын көрген орыс ғалымы Ю. Леваневский: «адамның ақыл-ойының, рух күшінің материалдық қара күш – удан асып түсуі»-деп атап көрсетеді (А. Тоқтабай, 1998). Жылан туралы халықтың исламға дейінгі наным-сенімдері, халықтың тәжірибелері мен білімдері  - материалданып ескерткішке айналуы Жыланды ата әулиеден анық байқалады. 

  С. Мұқанов: «Бақсының талып жататын себебі, бақсының ұғымынша, бақсының жаны мен тәңірінің жаны бірігеді де, дерттің құдайымен алысып, оны жеңеді. Бұл алысу бақсы талысып жатқанда болады. Бақсының есін жиюы жақсылық құдайының жамандық құдайын жеңуі, осы кезде бақсының жаны өзіне қайта оралады»,- дейді (С. Мұқанов, 1974).

   Адамзат санасындағы әуелгі түсінігі бойынша, өлген адам жерленгеннен кейін о дүниеде жаңа өмірі басталады (Л. Штернберг, 1936). Сондағы аруақтармен араласып бірге тұрады, кейде жәндіктердің бейнесіне еніп, жер бетіне шығып жүреді. Қазақ халқының аруақтар, оның киесі туралы діни нанымдарының түп-тамыры өте көне замандарда жатыр. Алғашқы қауым заманындағы көне діни нанымын «тотемизм» деп атайды. Қазақтың көнеден келе жатқан діни түсініктері бойынша әр батырдың айқаста, жорықта, түрлі қиын жағдайда көмектесетін аруақтары болады деп саналған. Аруақ – адамның ата-бабаларының қасиетті, киелі рухтары. Ол өзінің ұрпақтарын, руластарын қолдайды деп сенген. Сондықтан соғыс шайқастарына кіргенде, ат бәйгеден келе жатқанда, палуан күресінің жұлқыстарында қазақ ру-тайпалары ата-бабаларының не сол рудан шыққан батырлардың атын ұран етіп шақырып, олардың аруағынан медет күткен. Діни ұғымның дамып, күрделенуі барысында, ата-бабалар рухы адам бейнесін қабылдағанмен, олардың киелі аң-құс, жануарлар бейнесін сақтап қалған (Қ. Ахметжанов, 1996). Сондықтан қазақтың ұғымында аруақтар адамға қонғанда олардың киесі көбіне аң, құстардың бейнесін қабылдайды. Мысалы Ағатай батырды жұрт «әулие» дейді. Ағатайдың әруағы Исатайға (Тайманов) қонған екен. Әруақ түнде ұйықтап жатқанда үш түрлі болып келеді екен: 1) айдаһар жылан болып келіп, беліне оралып жатады екен, 2) қара бура болып күркіреп келіп, үстіне шөгіп жатады екен, 3) қабан болып күркілдеп келіп қойнына кіріп жатады екен (Х. Досмұхамедұлы, 1991). Батырлық жырларда Шора батырдың аруағы айдаһар екені айтылады. Орта жүзге ұран болған Олжабай батыр ұйықтап жатқанда бір сары шұбар жылан қойын-қонышына кіріп, үстінде жорғалап жүреді екен. Қазақ батырларының айқаста, жорықта, жолда жүргенде қолдайтын, сыйынатын пірлері, әулиелері бар болған. Қазақта әулиелерге қатысты «Құдай атқан оңалар, аруақ атқан оңалмас», «Тірі адамның наласынан Аруақтың наласы жаман», «Әулие қасындағысын қолтықтайды», «Қырықтың бірі – Қыдыр, Мыңның бірі – Уәли», «Қыдырдың бірі – көлденең көк атты» дейтін мақалдар бар. Батырлар сыйынатын пірлерінің кейбіреулері мифтік қаһармандар, кейбіреулері тарихта болған, бірақ аты аңызға айналған тұлғалар, бірақ бәрі де батыр болып, соғыста ерен ерлік көрсеткендер. Олар: Рүстем мен Дастан, Баба Түкті Шашты Әзиз, Ғайып ерен, Қыдыр ата, Дәуіт пайғамбар. Мысалы, Орақ батыр қалмақтың Өгіз деген ханымен жеті күн шайқасып, әбден шаршайды, өзіне көмек беруге ұмтылған інісі Мамай батырдың ұсынысынан бас тартып, қалмақтың алдында өзінің әлсіреп бара жатқанын сездіріп алғандығына намыстанып, Баба Түкті Шашты Әзизді көмекке шақырады. Сол кезде оның көз алдында айдаһар жыланның сұлбасы пайда болып, ат үстінде белі тала бастаған батырдың беліне белдік болып оралғанда, Орақ батыр бойын жинап алады да, айдаһарды көріп зәресі ұшқан Өгіз хан есінен танып құлап қалады. Сөйтіп бабалар рухы айдаһар образында келіп жәрдем береді (Батырлар жыры, 1989). Тотемдік сенімге мұсылмандық діни образ қосылып отыр. Жыршы оны өзі естіген Баба Түкті Шашты Әзиз образымен байланыстырып, яғни, көнеден келе жатқан аруақтар культін исламдық дін әулиелердің атымен байланыстырып, жаңартқан (В. Басилов, 1970). Осы жырдағы жыланның аттың үстінде белі талған батырдың беліне белдік болып оралуының түпкі негізі батырдың намысын қорғау. Әлем Ағашының тамырында оратылып жататын, жердің күш-қуатына әбден қаныққан айдаһар жылан батырдың бойындағы күшті ұстап тұрған қорған қызметін атқарып тұр. Ол ғасырдан-ғасырға ауысып ұлттық дәстүрімізде бекігендіктен, онда ата-бабаларының рухы бар деген сенім берік қалыптасқан. Қазақтарда сақталған сенім бойынша Қызыр пайғамбар да жыланның бейнесіне еніп, түнде үйдің ішін аралап, ауырып-сырқап жатқандарға көмектеседі екен. Өзбек халқында да ақ жыланның образы қасиетті Қызыр пайғамбардың бейнесі деген сенім бар екен (Г. Снесарев, 1969). Қ. Ахметжановтың дерегі бойынша: «құстың, жыланның бейнелері, қауырсындары мен жылан қабығы «жыланбастар» өте ерте заманнан адамзатты түрлі бәледен, көз тиюден сақтайды деп санаған. Құстың қауырсынына, жыланның қабығына ұқсатып сауытты көбелеу, оның қорғаныс қабілетін арттырып қана қоймай, сонымен бірге магиялық-ырымдық рөлдерін де атқарған (Қ. Ахметжанов, 1996).

  Қазақ халқының наным-сенімдерінде жыланға байланысты әдет-ғұрыптар мен ырым-тыйымдар күні бүгінге дейін сақталып келеді. Мысалы, жаңа туған нәрестені тіл-көзден сақтау үшін, жылан түлегенде далада түсіп қалған терісін бесігінің басына іліп немесе жыланның қубасын жастығының астына сақтап қоятын. Жасөспірім балалар «жыландай батыл боламыз» деп жыланның тістерін қағып алып қалталарына салып жүрсе, үлкендер де жыланның басынан алынған тастарды «адамның ойын қатайтады, бас ауруын емдейді» деп алып жүрген. Жыланның атын атамай «ұзын», «түйме» деп атаған. «Ұзын көрдім», «тас үстінде түйме жатыр екен» деп айтады жылан көргендер. Жол жүріп бара жатқанда жылан кезіксе, албаты өлтірмейді. «Бұл жылан қызын ұзатуға бара жатқан жолаушы, құдасының үйіне бара жатқан қыз алған құдасы»,- деп ерте уақытта үлкендерден талай естігенбіз, - дейді ақпарат берушілер. Жылан үйге кіріп кетсе, өлтірмей басына ақ құйып шығарған. Алда-жалда жыланды өлтірсе, «тіріліп кетеді»- мыс деп бірнеше бөлікке бөліп, көміп тастаған. Қазақ емшілерінде «сілекей жинау» атты әдет бар. Жыландардың жазға салым әбден күйі келіскенде ауыздарынан сілекей ағады, оны олар шөпке жағып отырады, мұны жыланның түкірігі- деп атайды. Осыны емшілер қандауырмен, пышақтың қырымен жинап алып, емге қолданады. Жоңғарларға қарсы шыққан ұлт-азаттық соғыстың батыры Ер Жәнібек Бердәулетұлынан қалған заттардың ішінде «айдаһардың құлағы» деп аталатын шұбартас ұрпақтарының қолында әлі күнге дейін сақталған. Батыр иен тауда келе жатқанда кезіктерген айдаһарды өлтіріп құлағын кесіп алған. Ұрпақтары әлі күнге дейін шұбартасты шетінен үгітіп, суға салып ішсе ем болады,- деп сенім қылады екен. Мұндай ырым-тыйымдардың мәні – қазақ халқының табиғатты, қоршаған ортаны, аң-құстарды, жәндіктерді қорғап сақтау, аялау – яғни экологиялық мәдениетін көрсетеді.

  Қазақ ертегілерінде айдаһар-жыландар адамзат қыздарына үйленіп, оларды су астына, жер асты елдеріне алып кетеді. Адам баласы дүниеге келіп, тәй-тәй басып, табиғатпен танысып, қоршаған ортаны бақылай бастағанда үлкен және улы жыландарды көріп зәре-құты қалмаған. Осылай неден қорықса соны құдай деп таныған.  Жыландардың қос мекенді екенін білген соң, жыланмен адам дос болса, достықтың негізі қыз алып, қыз берісу болғандықтан, екі жақ құдандаласқан. Бұл туыс болсақ деген ниеттен, ой-арманнан туындаған мифтер екені даусыз.

   Демек, Әлем Ағашының тамырында оратылып жататын айдаһар жылан – о дүние мен бұл дүниені, дәлірек айтқанда жер астындағы «аруақтар елі» мен жер үстінде тіршілік ететін адамдар мекенін бір-бірімен байланыстырушы космогониялық образ, миф бойынша жамандықтың бейнесі. Дегенмен халық олардың пайдалы жақтарын, емдік қасиеттерін жақсы білген, сондықтан олардың осындай ерекше қасиеттерін Жыланды атаға теліген  болу керек. Ендеше айдаһар жыландардан тек жамандықты ғана емес, жақсылықты да көреміз.  Х. Арғынбаев дерегінде қазақ қайтыс бола салысымен оның найзасы тігінен жерге шаншып қойылады... Бір жылдан соң найзаны ерекше салтты сақтай отырып сындырып, сынықтарын зиратқа апарып қадаған. Найза арқылы жаны аспанға көтеріледі деп сенген. Найза орнына сырық, қазық немесе жай таяқ (бақан, піспек) та пайдаға асқан (Х. Арғынбаев, 1975). Ағаш-бағаналар құдайдың орнына мүлдем жүрген емес, тек қана бір иерархиялық деңгейден екіншісіне және кері қарай «ақпарат өткізуші» рөлін атқарған (С. Әжіғали, 2004). Дін жайын зерттеуші ғалымдардың пікіріне қарағанда бақсылар өз тәжірибесінде халықтық өнерді де пайдаланатын сияқты. Мысалы теміршілік өнер кейде бақсылық өнермен қатар жүреді. «Басы ауырған бақсыға барады, даулы кісі жақсыға барады», «Бақсының жақсысы, ауруға ауру қоспаған», «Әр бақсы әр басқа сарнайды» дейді халық. Көптеген бақсылар темірші, зергер, ұста болып келеді. Мұнда да бір сыр жатқандай (Қ. Биқұмар, 2013).

  Бақсы ойыны басталғанға дейін ошақта жанып жатқан отқа сапсыз 2-3 кетпен, бірнеше басқа да темір заттар салып қояды. Бақсының ойынына қажет 5-10 шырақ, алдаспан, семсер, қанжар, шоқпар, қамшы т.б. заттар дайындалады екен (Қазақ халқының салт-д.,2013). Ш. Уәлиханов: «Көшпенділер ұстаның темір төсін көрсе тәу етеді»,- дейді (Ш. Уәлиханов,1985). Оның басты себебі темірдің алғашында аспаннан жайтас түрінде түсуі (М. Искаков, 1965). Осыдан бастап темірден жасалған заттарды кие тұтып, ауырған кездерінде жастықтарының астына жастайтын болған. Тегі аспандық болғандықтан бұны жеті қат көкке жасалған тағзым десе де болады (М. Карамендина, 2017). Қ. Ахметжан: «Түйіндесек, жауынгерлік қару-жарақтың қазақтың этникалық мәдениетіндегі мәні соғыс құралы мәнінен әлдеқайда кең болды. Егер дәстүрлі мәдениетте қару-жарақтың қолдану сферасын шеңбер түрінде бейнелесек, оның бір полюсінде ер-қаруы – соғыс құралы қызметі, қарсы полюсінде шаманның ғұрыптық қару қызметі, ал арасында бір жағында әскери әлеуметтік қатынастарды, әлеуметтік статусты, әскери дәрежені айғақтау және сый функциялары орналасады»,- дейді (Қ. Ахметжан, 2006). Халық арасында бақсылардың қызған темірді жалауы, семсердің жүзімен жүру, тасты, жуан темірлерді тізеге салып сындыру, тіпті адамды бауыздап, қайта тірілтуі сияқты аңыздарды өз көзімізбен көрдік дейтіндері бар (С. Мұқанов, 1974). Құран Кәрім хикаялары бойынша: Аллаһ Тағала жан-жануар мен жәндіктердің тілін түсінуді тек Сүлеймен пайғамбарға ғана нәсіп еткен (Құран Кәрім хикаялары, 2005). Олай болса, жыланның тілін – ерекше қасиеттерін білген Жыланды атаның бақсылығы да ерекше болса керек деп есептейміз.

  Қорытынды

  Көктерек, Қарағашты әулиелерін зерттеу арқылы көптеген халықтарда кездесетін әлем ағашына табыну ғұрпының көшпенді халықтарда, оның ішінде қазақ халқының көне ұстанымдары мен наным-сенімдері өте бай екенін көреміз. Жыланға табыну салты адамзаттың көне дәуірлердегі дін пайда болмай тұрған замандарда көшпелілердің жануар, жәндіктерді қадірлеп-қастерлеу, қоршаған ортаны бүлдірмей табиғат аясында әр түрлі мақұлықтармен қатар өмір сүру жарасымдылығын көрсетеді.  

  Пайдаланылған әдебиеттер тізімі: 

Аджи М. Кипчаки. Древняя история тюрков и Великой степи. – М.: «ОАО новости», 1959.

 Айтмұқашова А.А. Ғұрыптық фольклор лексикасы: идиоэтникалық семантика: Филол.ғ.к. ... дисс. – Алматы, 2007.

Акишев А. Искусство и мифология саков. – Алматы, 1984.

Арғынбаев Х. Хозяйственно-культурные традиции народов Средней Азии и Казахстана. – М., 1975.

Ахметжан Қ.С. Қазақтың дәстүрлі қару-жарағының этнографиясы. - Алматы: «Алматы кітап» ЖШС, 2006.

Ахметжанов Қ.С. Жараған темір кигендер. – Алматы: «Дәуір», 1996.

Әжіғали С.Е. Генезис традиционной погребально-культовой архитектуры Западного Казахстана. – Алматы, 2004.

Басилов В.Н. Культ святых в исламе. - М., 1970. - С.180.

Батырлар жыры. Т.5. - Алматы: «Жазушы», 1989.

Биқұмар Қ. Қазақ халқының салт-дәстүрлері. - Улаанбаатар, 2013.

Брагинский В.И. Суфийский символизм корабля // Проблемы исторической поэтики литератур Востока. - М.: «Наука», 1988.

Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебитеті. - Алматы, 1964. - 59-б.

Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы: «Ана тілі», 1991.

Ефименко П.П. Первобытное общество.3-е изд. – Киев, 1953.

Жұртбаев Т. Дулыға: Көне түркі батырлары туралы тарихи әфсаналар. -  Алматы: «Жалын», 1994. Т.1. - 5-б.

Искаков М. Ғылым және соқыр сенімдер. – Алматы: «Қазақстан», 1965. 27-б.

Карамендина М.Ө. Қазақ мақал-мәтелдеріндегі киелік ұғымына қатысты ғұрыптардың мәні // «Ш.Есеновтың ғылыми мұрасы» атты халықаралық Сәтбаев оқуларының еңбектері. – Алматы: «ҚазҰТЗУ», 2017.

Карамендина М.Ө. Ру-тайпа атрибуты – құс пен ағаш // Қазақ тілі мен әдебиеті. - 2008. - № 12.

 Керімбаев А.Е. Қазақ тіліндегі сакральды атаулардың этнолингвистикалық сипаты: Филол.ғ.к. ... дисс.автореф. – Алматы, 2007.

Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары. 1 том. – Алматы: «Арыс», 2005.

Қанарбаева Б. Қазақтың наным-сенімдерінің фольклордағы көрінісі. – Алматы: «Жазушы», 2004. 125-б.

Құран Кәрім хикаялары. – Алматы: «Әлбаракат» ҚҚ, 2005.

Мейірманов А. Мифологиялық мазмұн мен символдық мәннің танымдық қызметі // Әл-Фараби. Философиялық-саясаттанулық және рухани-танымдық журнал. 2014. № 1 (45).

Мұқанов С. Халық мұрасы. - Алматы: «Қазақстан», 1974.

Мұстафина Р.М. Представления. Культы, обряды у казахов. – Алматы: «Қазақ университеті», 1992. - С.96.

Мыңжани Н. Таңдамалы мақалалар. – Алматы: «Мерей», 2017.

Сейфуллин С. Шығармалар жинағы.Т.6. 1964. 154-б.

Снесарев Г.П. Реликт домусульманских верований и обрядов у узбеков Хорезма. – М., 1969. - С.115.

Тоқтабаев А. Бақсылық сарындар // Жас қазақ. - 1992. - № 8.

Тоқтабай А. Төле би хақында аңыз емес тарихи құжаттардағы деректер арқылы сөйлесек // Егемен Қазақстан. - 2003. – 31 желтоқсан.

Турсунов Е.Д. Древние тюркских фольклор: истоки и становление. – Алматы, 2001.

Түркі фольклорының бастауы Қорқыт. - Алматы, 2001.

Уәлиханов Ш. Таңдамалы. – Алматы: Жазушы, 1985. 156-б.

Штернберг Л.Я. Первобытная религия. – Л., 1936.

  References

Adzhi M. Kipchaki. Drevnjaja istorija tjurkov i Velikoj stepi. – M.: «OAO novosti», 1959 [in Russian].

 Ajtmykashova A.A. Gyryptyq fol'klor leksikasy: idiojetnikalyк semantika: Filol.g.k. ... diss. – Almaty, 2007 [in Kazakh].

Akishev A. Iskusstvo i mifologija sakov. – Almaty, 1984 [in Russian].

Argynbaev H. Hozjajstvenno-kul'turnye tradicii narodov Srednej Azii i Kazahstana. – M., 1975 [in Russian].

Ahmetzhan K.S. Kazaktyn dastүrlі karu-zharagynyn jetnografijasy. - Almaty: «Almaty kіtap» ZhShS, 2006 [in Kazakh].

Ahmetzhanov Қ.S. Zharagan temіr kigender. – Almaty: «Dauіr», 1996 [in Kazakh].

Әzhіgali S.E. Genezis tradicionnoj pogrebal'no-kul'tovoj arhitektury Zapadnogo Kazahstana. – Almaty, 2004 [in Russian].

Basilov V.N. Kul't svjatyh v islame. - M., 1970. S.180 [in Russian].

Batyrlar zhyry. T.5. - Almaty: «Zhazushy», 1989 [in Kazakh].

Bikymar K. Qazaq halkynyn salt-dastүrlerі. - Ulaanbaatar, 2013 [in Kazakh].

Braginskij V.I. Sufijskij simvolizm korablja // Problemy istoricheskoj pojetiki literatur Vostoka. - M.: «Nauka», 1988 [in Russian].

Ғabdullin M. Kazak halqynyn auyz adebitetі. - Almaty, 1964. 59-bet [in Kazakh].

Dosmyhamedyly H. Alaman. – Almaty: «Ana tіlі», 1991 [in Kazakh].

Efimenko P.P. Pervobytnoe obshhestvo.3-e izd. – Kiev, 1953 [in Russian].

Zhyrtbaev T. Dulyga: Kone tүrkі batyrlary turaly tarihi afsanalar. - Almaty: «Zhalyn», 1994. T.1. 5-bet [in Kazakh].

Iskakov M. Gylym zhane sokyr senіmder. – Almaty: «Kazakstan», 1965. 27-b [in Kazakh].

Karamendina M.O. Qazaq maqal-matelderіndegі kielіk ygymyna qatysty gyryptardyn manі // «Sh.Esenovtyn gylymi myrasy» atty halyqaralyq Satbaev oqularynyn enbekterі. – Almaty: «QazYTZU», 2017 [in Kazakh].

Karamendina M.O. Ru-tajpa atributy – kys pen agash. Qazaq tіlі men adebietі. 2008. № 12[in Kazakh].

 Kerіmbaev A.E. Qazaq tіlіndegі sakral'dy ataulardyn jetnolingvistikalyk sipaty&  Filol.g.k. ... diss.avtoref. – Almaty, 2007 [in Kazakh].

Qazaq halqynyn salt-dastүrlerі men adet-gyryptary. 1 tom. – Almaty: «Arys», 2005 [in Kazakh].

Kanarbaeva B. Kazaqtyn nanym-senіmderіnіn fol'klordagy korіnіsі. – Almaty: «Zhazushy», 2004. 125-b [in Kazakh].

Kyran Karіm hikajalary. – Almaty: «Albarakat» ҚҚ, 2005 [in Kazakh].

Mejіrmanov A. Mifologijalyk mazmyn men simvoldyk mannіn tanymdyk kyzmetі // Al-Farabi. Filosofijalyq-sajasattanulyq zhane ruhani-tanymdyk zhurnal. - 2014. - № 1(45) [in Kazakh].

Myқanov S. Halyқ myrasy. - Almaty: «Qazaqstan», 1974 [in Kazakh].

Mystafina R.M. Predstavlenija. Kul'ty, obrjady u kazahov. – A.: Kazak universitetі, 1992. - S. 96 [in Russian].

Myңzhani N. Tandamaly maqalalar. – Almaty: Merei, 2017 [in Kazakh].

Sejfullin S. Shygarmalar zhinagy. T.6. - 1964. - 154 b [in Kazakh].

Snesarev G.P. Relikt domusul'manskih verovanij i obrjadov u uzbekov Horezma. – М., 1969. - S. 115 [in Russian].

Toktabaev A. Baksylyk saryndar // Zhas qazaq. - 1992. - № 8 [in Kazakh].

Toktabaj A. Tole bi hakynda anyz emes tarihi kyzhattardagy derekter arqyly sojlesek. // Egemen Qazaqstan. - 2003. - 31 geltoqsan [in Kazakh].

Tursunov E.D. Drevnie tjurkskih fol'klor: istoki i stanovlenie. – Almaty, 2001 [in Russian].

Tүrkі fol'klorynyn bastauy Qorgyt. - Almaty, 2001 [in Kazakh].

Ualihanov Sh. Tandamaly. – Almaty: «Zhazushy», 1985. - 156 b. [in Kazakh].

Shternberg L.Ja. Pervobytnaja religija. – L., 1936 [in Russian].

НЕСКОЛЬКО СЛОВ О СВЯТЫХ МЕСТАХ УЗБЕКИСТАНА - КОКТЕРЕК, КАРАГАЧ, ЖЫЛАНДЫ

Тохтабай А.У.1, Карамендина М.О.2

1 Доктор исторических наук, профессор. Институт истории и этнологии имени Ч.Ч. Валиханова. Казахстан, г.Алматы. E-mail: akhmet.t@mail.ru

2 Магистр пелагогических наук, научный сотрудник Института истории и этнологии имени Ч.Ч. Валиханова. Казахстан. Алматы. E-mail: karamendina70@mail.ru

   Резюме

  В статье рассматриваются культовые места казахов Узбекистана: Коктерек ата, Карагашты аулие и Жыланды ата. На основе полевых материалов впервые вводится научный оборот обрядов, связанных со святыми деревьями: поклонение, очищение, дух деревьев. Змея не только предмет магии, колдовства, заклинания, но один из самых распространенных символов казахско-узбекской мифологии и искусства. Мировое дерево, животный мир, звери и птицы - пресмыкающиеся все эти элементы мироздания показывают экологический менталитет народа.

Ключeвые слова: святое, дерево, тополь, сакральное, змея, почва, могила, шаманство, обряд, железное орудие, символ.

 

  Toqtabaı A.Ý.1, Karamendina M.O.2

1 Doctor of Historical Science, professor. Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, Kazakhstan, Almaty. E-mail: akhmet.t@mail.ru

2 Master of Pedagogical science, junior researcher of the Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, Kazakhstan, Almaty.E-mail: karamendina70@mail.ru

SOME WORDS ABOUT THE KAZAKH SAINTS OF UZBEKISTAN: KOKTEREK ATA, KARAGASHTY AULIE AND ZHYLANDY ATA

  Summary

  The article considers the cult places of Kazakhs of Uzbekistan: Kokterek ata, Karagashty aulie and Zhylandy ata. Based on the field materials, the rituals associated with holy trees are introduced into scientific circulation for the first time: worship, cleansing, the spirit of trees. The snake is not only a subject of magic, witchcraft, spells, but one of the most common symbols of the Kazakh-Uzbek mythology and art. The world tree, the animal world, animals and birds, reptiles all these are elements of the universe, which show the ecological mentality of the folk.

  Keywords: holy, tree, poplar, sacral, snake, soil, grave, shamanism, ceremony, iron weapon, symbol.


No comments

To leave comment you must enter or register