Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » АБАЙ ЛИРИКАЛАРЫНДАҒЫ АҚЫН ТҰЛҒАСЫ

Жұматаева А.Н. ҚР БҒМ ҒК М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Абайтану және әдебиет тарихы» бөлімінің ғылыми қызметкері, гум

АБАЙ ЛИРИКАЛАРЫНДАҒЫ АҚЫН ТҰЛҒАСЫ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 3(15), 2018

Теги: «жұмбақ адам»., эстетика, жалғыздық, монодиалог, ақындық «мен», дискурс, лирика
Автор:
Бұл мақалада қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі Абай Құнанбайұлы дискурсындағы ақындық «меннің» көріну сипаттары сөз болады. Ойшыл ақынның өз жайынан сыр шертер лирикалық өлеңдері идеялық тұрғыдан талданып, автор тұлғасының сан қырлы болмысы ашылады. Сонымен қатар Абай өлеңдеріндегі «жұмбақ адам» поэтикалық тіркесі мен жалғыздық феноменіне назар аударылып, ақын шығармашылығындағы философиялық дүниетаным, авторлық эмоция мәселелері қарастырылады. Сондай-ақ ақын өмір сүрген заман тынысы мен дәуір шындығы, сол тұстағы тарихи-әлеуметтік жағдайдың хакім Абай шығармашылығына тигізген ықпалы сөз болады. Автор аталған мақалада данышпан Абайдың авторлық тұлғасы барынша айқын көрінетін бірнеше лирикалық өлеңдерін идеялық, теориялық тұрғыда талдай отырып, Абайдың ақындық кредосының мәніне үңіледі. Кілт сөздер: лирика, дискурс, ақындық «мен», монодиалог, жалғыздық, эстетика, «жұмбақ адам».
Содержание:

Кіріспе

Қазақтың кемеңгер ұлы Абай Құнанбайұлының шығармалары мен философиялық ойлары, гуманистік көзқарастары қазақ әдебиетіне тың серпін, жаңа бағыт әкелуімен қатар, ұлттық сананың қалыптасуына айрықша ықпал етті. Абайдың авторлық «мен» тұрғысынан жазылған лирикалық туындыларынан ақынның жеке басының мүддесі емес, туған халқының басына түскен ауыртпалыққа қабырғасы қайыса отырып, рухани дем беруші қайраткер ретіндегі тұлғалық болмысы танылады.

Ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов айтқандай, «аз өмір сүріп, азапта өткен Абай» лирикасының тақырыптық-идеялық мазмұны сан салалы өмір құбылыстарын арқау еткен. Абайдың саяси, философиялық, табиғат, махаббат лирикаларынан өзге, ақынның шығармашылық дискурсында «автор тұлғасы» да әр алуан сипатта көрінеді. Ойшыл ақын өзінің лирикалық туындыларында туған халқының болашағын ойлап қамығады, өз-өзімен іштей сырласа отырып, мұңлы шерін тарқатады, өзі ғұмыр кешкен заманының, сол дәуірдің адамының қатыгездігіне жүрегі сыздап, жаны ауырады. Абай лирикасындағы әрбір көркемдік деталь мен әрбір ырғақ, интонация ақын жан дүниесінің нәзіктігін, ой-сезімінің тереңдігін байқатады. Сонымен қатар Абай өмір сүрген дәуір қазақ тарихындағы елеулі өзгерістерге толы айрықша кезең саналады. Бұл тұста яғни ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақ елі Ресей құрамына толықтай кіріп, соның нәтижесінде елдің рухани-мәдени өмірінде, ел басқару, оқу-ағарту жұмыстарында біршама жаңалықтар орын алғанын тарихи деректер растайды. Ел өміріндегі мұндай әр түрлі сипаттағы өзгерістер қазақтың классик ақыны, ұлы ойшыл Абай шығармаларынан тыс қалған емес. Абай қазақ қоғамында орын алған сан қилы жағымды-жағымсыз жайттарға қатысты көзқарастарын өміршең туындылары арқылы жеткізіп отырады. Әсіресе Абайдың ақындық «мені» айрықша көрінетін лирикалық өлеңдерінде заман шындығы, өзі өмір сүрген әлеуметтік ортаның, қоғамның келбеті жоғары ақындық талғаммен жырланады.

Жалпы Абай лирикаларында ақындық «мен» айрықша орын алады. Абай қайшылыққа толы заманының көрінісін суреттеуде өзінің надандарға қор, айналасына қадірсіз болған, жұртшылықтан тек «етекбастылықты» көріп, «мыңмен жалғыз алысып» қостаушысыз қалған, ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, елінің болашағынан үміт етіп, жарқын келешекке қол созған сан қырлы, өр мінезді ақындық тұлғасын сомдайды. Мәселен, ақын өзінің «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңінде:

Жүрегіңнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым, кінә қойма!

Жасымда албырт өстім, ойдан жырақ,

Айлаға, ашуға да жақтым шырақ.

Ерте ояндым, ойландым, жете алмадым,

Етекбасты көп көрдім елден бірақ, [1, 70-б.] –

деп, сол кезеңдегі қоғам мен адамдар арасындағы қарым-қатынастың сырын ашады. Өлеңде лирикалық кейіпкер ішкі әлемінің жалғыздығын аңғартады. Өзгелерден оқ бойы озық тұрған тұлғалық-интеллектуалдық деңгейінің биіктігі ақынды айналасынан еріксіз оқшаулап бөлектейді. Абай өмір сүрген дәуірдегі ескі мен жаңаның арпалысы, бай мен кедейдің күресі ақын мен сол тұстағы қоғамның аражігінің алшақтауына себеп болады. Ақын дискурсындағы жалғыздық феноменіне философиялық өлшеммен қарайтын болсақ, Абай өзінің мәдени жалғыздығын сезінеді. Яғни ақынның өмірге деген көзқарасы мен құндылықтары, идеал-түсініктері сол кезеңдегі өз айналасындағы адамдармен «тіл табыса алмауына» итермелейді. Лирикалық туындыдан аңғаратынымыз, дана Абай «мыңмен жалғыз алысқан» жалғыздық сезіміне сол тұстағы қоғамның, яғни социумның ықпалымен еріксіз түседі. Абай өзін айналасынан, әлеуметтік ортадан биік қоймағанымен, ақынның рухани ой-санасының кемелденуі, ақын рухының еркіндігі Абайды интеллектуалдық оқшаулануға мәжбүр етті деуге болады. Демек, Абай лирикасындағы жалғыздық сарынын ақынның айналасынан қолдау таппай, жалғыз қалуы дегеннен гөрі Абайдың ұлылығы, өз ортасынан асып туған даралығы деу орынды болары анық. Ақын аталған өлеңінде өзі жайлы «жұмбақ адам» поэтикалық тіркесін саналы түрде қолданады. Өйткені Абайдың өзіндік аскетизмі ақын дүниетанымының соншалықты тереңдігін, болмысының өзгеге ұқсамайтын ерекшелігін танытады.Абай осы өлеңінің келесі шумағында:

Ішім толған у мен өрт, сыртым дүрдей,

Мен келмеске кетермін түк өндірмей.

Өлең шіркін – өсекші, жұртқа жаяр,

Сырымды тоқтатайын айта бермей, [1, 71-б.] –

деп ақындық толғанысы арқылы өзіне тоқтау салады. Ақын өлеңнің бастапқы шумақтарындағыдай психологиялық күрделі көңіл-күймен күңіренбейді, керісінше өлеңіне жеңіл, ойнақы наз артып, болашақта халыққа өзінің жан сырын жеткізуші, автор мен адресат арасындағы диалог қызметін жүктейді.

Абай лирикаларындағы ақын бейнесі автор мен қоғам арасындағы бітіспес қарама-қарсылықтың куәсі ретінде көрінеді. «Лирикатануда поэтикалық баяндаудың тәсілдеріне байланысты қалыптасып қалған түрлі пікірлер бар. Соның бірі, лирикалық шығарма автор тарапынан баяндалады, лирика көп жағдайда монологты, жеке тұлғаның өз ішкі әлеміндегі ой-тұжырымдарын, сезім-толғаныстарын бейнелеп, сыртқа шығаруы деген сынды көзқарас» [2, 132-б.], – деп ғалым Н.Кенжеғараев лирикалық шығармалардың негізгі жанрлық, стильдік спецификациясын дұрыс атап көрсетеді.

Дегенмен Абайдың авторлық «мені» басым лирикалық өлеңдерін тек ақынның қоғаммен қақтығысынан туындаған оның ішкі монологы деу әділетті ме? Абай жалғыздықтан жабырқаған жанына жұбаныш іздеп, сол үшін ғана өлеңді серік етті ме? Әлбетте, жоқ. Абай өз өмірінде дұшпандарынан көп қиянат көріп, азапқа түссе де, ұлтының алдыңғы қатарлы прогрессивті елдердің қатарына қосылуын армандады, туған халқының болашағы үшін «қайғырды, қайғы ойлады». Демек, жоғарыда келтірілген ақынның «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңінің бастапқы жолдарын еске алсақ, Абайдың лирикалық «мені» монологтан гөрі монодиалогтық сипатқа ие. Әдебиет теориясында монолог пен диалог категорияларын зерттеген ғалымдар монолог пән сөзінің жеке адамның ішкі толғанысын білдіретінін және арнайы тұлғаға бағытталмайтын, ешкімнен жауап күтпейтін әдеби ұғым екені жайлы бірауыздан тұжырым жасаған. Олай болса Абайдың болашақ оқырманымен, қиялындағы рецепторымен сырласқан аталмыш өлеңі ақын жан дүниесінің тебіренісін ақтарып салған ішкі монологы ғана емес, келешек ұрпақпен сыр алысып, сұхбаттасуы.

Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?

Өткір тіл бір ұялшақ қыз болмай ма?

Махаббат, ғадауат пен майдандасқан,

Қайран менің жүрегім мұз болмай ма?

Амалсыз тағдыр бір күн кез болмай ма?

Біреуге жай, біреуге тез болмай ма?

Асау жүрек аяғын шалыс басқан

Жерін тауып артқыға сөз болмай ма? [1, 70-б. ] –

деп кемеңгер ақын оқушысына риторикалық сауал жолдай отырып, өзіндік мұңын жеткізеді. Ақынның өз-өзімен іштей арпалысқан «көп дауысты» монологы мен диалогтық реплика түрінде келетін өлеңдегі коммуникация Абайдың бүкіл ғұмырын суреттейтін аталмыш лирикалық туындысының монодиалогқа құрылғанын көрсетеді. «Лирикада мінез болады. Ол – ақынның мінезі. Өлеңім өзіме тарт дегендей әр өлең тек иесіне ғана тартады», [3, 318-б.]деп академик З.Қабдолов айтқандай, Абайдың лирикалық қаһарманы ақын болмысының даралығын танытады. Өйткені Абай өз өлеңдері арқылы жан дүниесінің, рухының еркіндігін, сол өзі қабылдағанеркіндіктіңзаңына сәйкес өмір сүруін бүкіл қоғамның естуін қалады. Ұлы ақын айналасындағы ақылсыздықтан, көрсеқызар-көреалмаушылықтан, бос мақтан-бойкүйездіктен, екіжүзділік пен жалқаулықтан түңіліп, аһ ұрған күрсінісі мен жүрек қайғысын өлеңмен өрнектеді. Әсіресе ақын өзінің төмендегі өлеңінде:

Ішім өлген, сыртым сау,

Көрінгенге деймін-ау:

Бүгінгі дос – ертең жау,

Мен не қылдым, япырмау?! [1, 25-б.], –

деп екіжүзді аярлардан көңілі қалып, налыған шақтағы драмаға толы психологиялық халін жеткізеді. Ақын аталған өлеңінде мінез-құлқы ауа-райындай құбылып тұратын адамдардың іс-әрекетін сынайды. Бүгін ғана дос тұтып, жанында жүрген кісінің лезде қас дұшпанына айналып шыға келгеніне таңырқайды, адамдардың сұрқия мінезіне жүрегі сыздап жабырқайды. «Берерменде бесеу, аларманда алтау» болатын, кісіге ісі түскенде мүләйімсіп, мүсәпір бола қалып, жайшылықта өзендей күркіреп дес бермейтін пенделердің қылығын әшкерелейді. Абайдың аталған өлеңінде ақынның тұлғасы айналасындағылардың қулық-сұмдық, сатқындығынан жапа шегуші, зардап шегуші бейнеде көрінеді.

Қайтып келер есікті

Қатты серіппе, жарқын-ау!

Жетілсең де, жетсең де,

Керек күні бір бар-ау. [1, 26-б.]

Осылайша ақын мұндай жылпос, әккі адамдарға күндердің күнінде қайта айналып соғар күн туатынын, «қайтып кірер есікті қатты жабуға болмайтынын» да ескертеді. Абай азған елінің көкірек көзін ашып, берекесін келтіруді, халқының саналы, зайырлы ұлт болып қалыптасуына атсалысуды өзінің азаматтық кредосы, перзенттік борышы деп біледі. Сондықтан да данышпан Абай еліне қарата айтқан кейбір ашынған сөздерін туған халқын кеміткенінен, орыс немесе басқа да ақын өзі жете таныған шығыс пен батыс мәдениетінен мақұрым қалған қараңғы, надан санағанынан айтпайды, керісінше ұлтының санасын оятып, намысын жануды мақсат етеді. Сол себепті де Абай өзі өмір сүрген замананың ақиқат көрінісін, рухани тозған жұртының мүшкіл халін, оқу-білімнен алыс қалған жастардың трагедиясын жаны күйзеле отырып, ащы зармен де, өткір тіл, уытты сатирамен де жырлайды. Ақылман Абай өзінің қаламгерлік қуатымен, көреген даналығымен, асқан ойшылдығымен, қайраткерлік қарымымен ұлтының санасына сәуле шашып, халқын өркениет жолына ұмтылдырады. Елінің шынайы жанашыры ретінде қалың қазағының қамын ойлап, аласұрады. Осылайша ұрлық-қарлықпен күнелтіп, енжарлық пен жалқаулық, қатыгездік пен әділетсіздік, ішкен-жегеніне ғана масаттанған тоғышарлық жайлаған қоғамын түзетпек болған ішкі арманы ұлы ақынды «адамзаттың ақынына» айналдырды. «Бас-басына би болған өңкей қиқым» жұртының кесепатты мінез-құлқы мен іріп-шіріген қоғамының кескіні турашыл ақынның жан дертін қозғап, жүрегін жаралады. Ұлтының жағымсыз мінез-құлқын жер-жебіріне жетіп сынаса да, Абай туған халқын бар жан-тәнімен беріле, емірене сүйді. Сондықтан да данышпан ақын елінің мұңын өз мұңым, халқының кемшілігін өз кемшілігім деп қабылдады. Сөйтіп ел-жұртының мінін түзеуге, рухани тоқыраудан арашалауға барын салды, шығармашылық күш-жігерін жұмсады. Бұл жолда ел қамын ойлаған ақын сан рет толғанды, күрсінді, күңіренді, қорланды.Дара ақынның туған халқына деген шексіз махаббаты оның ішкі күйзелісін келешек ұрпағына өлеңімен жеткізуге мәжбүр етті.

«Лириканың бас қаһарманы ақынның өзі. Мұның эстетикалық қасиеті де, тәрбиелік күші де айрықша үлкен. Себебі бұл арада өлеңді жазған адам оқыған адамға айналып, ақын мен оқырманның көңіл күйлері бір-біріне ұштасып, бірігіп, біте қайнасып кетеді. Ақын оқшау образ жасап, оқырманға «содан үйрен, не жирен» дегендей тенденциямен ғана тынбайды, оған тура өз басындағы сезім мен сырды тұп-тұтас көшіре салады. Сонда ақын көкірегіндегі сезім – оқырман сезімі, ақын көңіліндегі сыр оқырман сыры болады да шыға келеді» [4, 214-б].

Расында, «жүрегім менің қырық жамау» деп ақынның өзі жырлағандай, Абай лирикаларындағы ақынның ішкі көңіл-күйі оқырманның жан сезімімен үйлесім тауып, екі арадағы үндестікті оятады. Бұл жайында ақынның өзі де келешек оқырман керегіне жарарын өзі таңдап, талғап алар дегендей ой тастайды:

Базарға, қарап тұрсам, әркім барар

Іздегені не болса, сол табылар.

Біреу ақық алады, біреу маржан,

Әркімге бірдей нәрсе бермес базар.

Әркімнің өзі іздегені нәрсесі бар,

Сомалап ақшасына сонан алар.

Біреу ұқпас бұл сөзді, біреу ұғар.

Бағасын пайым қылмай аң-таң қалар.

Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?

Демеймін жалпақ жұртқа бірдей жағар.

Жазған соң, жерде қалмас бірдей жағар.

Біреуден-біреу алып, елге тарар.

Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой,

Шамданбай-ақ, шырақтар, ұқсаң жарар.

«Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар,

Сәулесі бар жігіттер бір ойланар [1, 95-б].

Ақын ешкімге насихат айтып, ақыл үйретпейді. Санасында сәулесі бар азамат өзі-ақ ұғынар, ғибрат алар, қал-қадірінше қажетіне жаратар деген оймен үміт арта жырлайды. Мұны ғұлама Абайдың ішкі толғанысынан туған философиялық тұжырымы деуге болады. «Біреу ұғар бұл сөзді, біреу ұқпас», «Сөзді ұғар осы күнде кісі бар ма?», «Ит маржанды не қылсын» деген сөз бар» деп ақын халқының санасын оята алмай келе жатқанына қапаланса да, «Бір кісі емес жазғаным, жалпақ жұрт қой», «Сәулесі бар жігіттер бір ойланар» деп көптің ішінен сөзін түсінер пенденің табыларын жоққа шығармайды. Халқының келешек тағдырына алаңдап, азапқа түскен, «сырты бүтін, іші түтін» болған ақын өзі мен оның өнегелі шығармашылығын маңайындағы тоғышар жандардың ұқпағанына, ұғындыра алмағанына қайғырады. Бірақ Абай жарқын болашаққа деген сенімін жоғалтпайды, ол өзінің ұлы жанының тебіренісін келер ұрпақтың ерекше ықыласпен қабылдап, ақынның жүрек түкпіріндегі жан сырын түсінеріне кәміл сенеді.

Ақынның бұл ойын әрі қарай сабақтасақ, Абайдың лирикалары оның ішкі шерінен, көңіл-күй толғаныстарынан ғана хабар бермейді. Ақын өлеңін болашақ жастарға бағдаршам болар, келер ұрпақ өзіне үлгі етер деген оймен жазады. Мәселен, Абайдың 1889 жылы жазған:

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.

Көкірегі сезімді, тілі орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.

Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,

Көңілінің көзі ашық, сергек үшін [5, 36-б.], –

деген өлеңі жастарға өсиет, өлеңнен хабары бар ақын адам үшін ой саларлық, тағылым аларлық даналыққа толы ғибратымен құнды. «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» лирикасында ақын өлеңнің эстетикалық қуатын, өлең өнеріне қойылар талаптың пішімі мен жазылу формаларын, оқырманның қабылдау деңгейін саралап, жас ақындарға жол көрсетіп, жөн сілтеуді мақсат тұтады.

Өлеңі бар өнерлі інім, сізге

Жалынамын, мұндай сөз айтпа бізге.

Өзге түгіл өзіңе пайдасы жоқ,

Есіл өнер қор болып кетер түзге.

Сәнқой, даңғой, ойнасшы, керім-кербез,

Қанша қызық болады өзіңізге? [5, 37-б.]

деп ақын «өлеңі бар өнерлі інілеріне» өзгеге түгілі өзіне пайдасы жоқ арзан сөздермен ұлы өнерді қор қылмауды ескертеді. Абай жас ақындарға «Шу дегенде құлағың тосаңситын» әсіре қызыл сөздерден, елірмелі ақылсыздықтан, парықсыздықтан, маскүнемдік пен арсыздықтан сақтануға кеңес береді. Өлеңді «көзі ашық, көңілі сергек, талапты жанға айтуды», сонда ғана ақындық дейтін асқақ өнердің киесі артатынын ұқтырады. Осылайша Абай өзінің ақын шәкірттеріне бағыт-бағдар бере отырып, айналасындағы талапты жастардың шеберліктерін шыңдады, олардың поэзия өкілдері ретінде қалыптасуларына ықпал етті.

Қорытынды

Абай лирикалық туындыларында оқырманының жан дүниесіне, ішкі көңіл-күй сезіміне әсер етудің мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланады. Орыс әдебиеттанушыларының еңбектерінде «әсер ету эстетикасы» (эстетика воздействия) көркемдік рецепция (қабылдау) категориясымен мағыналас, мәтін мен оқырман арасындағы эстетикалық диалог дегенді білдіреді. Абай лирикалық шығармаларында өзінің ақындық «мені» арқылы оқырманының рухани-эстетикалық дамуына, интеллектуалдық-дүниетанымдық көзқарасының лайықты қалыптасуына ықпал етеді. Абай эстетикалық әсермен қатар, оқырман санасына, сезіміне, көңіл-күйіне эмоционалды түрде ықпал жасай отырып тәрбиелейді. Абайдың лирикалық шығармалары мен қара сөздерінде келтірген қазақтың бойындағы сансыз кемшіліктерді мойындап, таныған оқырман өз-өзінен қымсынып, қарадай қысылады. Міне, Абай санаға әсер етудің шығармашылық аспектісін оңтайлы қолдану арқылы педагогикадағы тәрбие теориясының әдістемесін жасайды. Осылайша хакім Абай өзінің өміршең туындылары арқылы оқырманға әсер етіп қана қоймай, оның таным-түсінігін, көзқарасын өз шығармасы арқылы өзгертеді. Осы орайда Абайдың ағартушылық идеясының ойшылдық ұстанымға ұласқан кемеңгер тұлғасын танимыз.

Қорыта айтқанда, Абай халыққа қызмет етуді өзінің осы дүниеге келгендегі негізгі миссиясы деп білді. Бұл туралы ақынның өзі де:

«Атымды адам қойған соң,

Қайтіп надан болайын», –деп бұл жалғаннан адам боп өтуді, айналасына ізгілік нұрын төгіп, адамзатқа қызмет етуді өзінің міндеті деп санады. Ақын ретімен айтылған ойлы сөздің адамды дұрыс жолға саларына, тәрбиелеуге мұрындық боларына сенді. Сондықтан да Абай не жайында толғанып, нені жазса да, тіпті өзі жапа шегіп, құрбан болса да, ең алдымен ұлты мен келешек ұрпағының қамы үшін жасады. Абай бүкіл саналы ғұмырында туған халқына жоғары қызмет көрсетудің үлгісін көрсетті. Абайдың ұлтына деген адалдығы, шығармаларының реалистік сипаты, ондағы ой еркіндігі ақынды елінің жарқынтұлғасына айналдырды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қазақ ақыны Ибраһим Құнанбай ұғлының өлеңі. Бастырған: Кәкітай Тұғраұл Құнанбай ұғландары. – 2-бас. 328 б.

2. Кенжеғараев Н. Абай өлеңдеріндегі авторлық (лирикалық қаһарман) маска көріністері. // Тәуелсіздік және Абай мұрасы: республикалық ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы, 2011.

3. Қабдолов З.Сөз өнері [мәтін]: оқулық. – Алматы, 2002. – 360 б.

4.Классикалық зерттеулер: Көп томдық. – Алматы: «Әдебиет әлемі», 2013. Т.15: Қ.Жұмалаиев, З.Қабдолов, З.Ахметов. әдебиет теориясы. – 412 б.

5.Абай (Ибраһим Құнанбаев). Өлеңдер, поэмалар, аудармалар мен қара сөздер. – Алматы: «Жібек жолы» баспа үйі, 2005. – 488 б.

Жуматаева А.Н.

Научный сотрудник КН МОН РК Институт литературы и искусства имени М.О. Ауэзова, магистр гуманитарных наук

Казахстан, г. Алматы, aidanaz@mail.ru

Образ поэта в лирике Абая

В данной статье расмотрено духовно-психологический автопортрет поэта-мыслителя казахской литературы Абая Кунанбаева. А также с идеологической точке зрения была раскрыта и философское мировоззрение поэта. В ходе исследования выявлено многогранный личность и определен авторский «я» поэта, кроме того проанализирована его поэтическая фраза «таинственный человек» и явление одиночества.Также в статье рассматриваются влияние историко-социальная ситуация и реальности эпохи на творчество Абая. В этой статье автор анализирует идейно-теоретической точки зрения несколько лирических стихов поэта и сосредоточить внимание на поэтическое кредо Абая.

Ключевые слова: лирика, дискурс, поэтический «я», монодиалог, одиночество, эстетика, «таинственный человек».

Zhumatayeva A.N.

Scientific employee of the Ministry of Education and Science of the RK The Institute of Literature and Art named after M.O. Auezov, Master of Arts

Kazakhstan, Almaty, aidanaz@mail.ru

The image of the poet in Abai's lyrics

In this article, a spiritual-psychological self-portrait of the poet-thinker of Kazakh literature Abai Kunanbayev is examined. And also from the ideological point of view, the philosophical outlook of the poet was also revealed. During the research, a multi-faceted personality was revealed and the author's «I» of the poet was determined, in addition his poetic phrase «mysterious person» and the phenomenon of loneliness were analyzed.The article also examines the influence of the historical and social situation and the reality of the era on Abay's work.In this article the author analyzes the ideological and theoretical point of view of several lyrical poems of the poet and focus on the poetic credo of Abai.

Key words: lyrics, discourse, poetic «I», mono-dialogue, loneliness, aesthetics, «mysterious person».


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь