Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » ҒТАМР 03.20 Кеңестік биліктің орнауы тұсындағы Оңтүстік Қазақстандағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметі

ТОҚБОЛАТ С.Т., Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, т.ғ.к.

ҒТАМР 03.20 Кеңестік биліктің орнауы тұсындағы Оңтүстік Қазақстандағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметі

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 3(15), 2018

Теги: қоғамдық-саяси ұйымдар, болшевиктер., Қазан революциясы, Түркістан өлкесі
Автор:
Мақалада 1917 жылдың қазан революциясынан кейінгі Оңтүстік Қазақстандағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың қызметі мен олардың ұстанымдары талдауға алынады. Патшалық Ресейдің қол астындағы Түркістан өлкесінің түркі тілдес мұсылман халықтары қалыптасқан саяси жағдайға байланысты азаттық жолындағы күресін жүргізуде ұйымдарға бірігу жолын таңдағын еді. Түркістан өлкесіндегі жергілікті мұсылман халқының мүддесін тұтастай қорғауды көздеген ұйымдар көптеп құрылып, басқару жөнінде дербестікке жетуді көздеді. Бұл ұйымдардың жетекшілігінде танымал ұлт зиялылары тұрды. Дегенмен көптеген ұйымдардың арасында ортақ біріктіруші идеяның болмауы өлкеде тартысты жағдайлар туғызды. Құрылған қоғамдық-саяси ұйымдардың бағдарламалары, мүшелері және болшевиктер билігімен қатынасы әрқилы болды. Түйін сөздер: Түркістан өлкесі, Қазан революциясы, қоғамдық-саяси ұйымдар, болшевиктер.
Содержание:

1917 жылдың 25 қазанындағы Петоградтағы қарулы көтеріліс нәтижесінде Уақытша үкіметтің құлатылып, билікке большевиктер партиясының келуі түркістандық большевиктерге жаңа серпін беріп, олардың өлкеде өздері жетекшілік ететін кеңестердің билігін орнатуға талпынысын күшейтті. Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар большевиктер билігіне қарсы екендіктерін, Уақытша үкіметке әлі де қолдау көрсетуге даяр екендіктерін білдірді.

М. Шоқай жетекшілік еткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі өлкедегі барлық қоғамдық-саяси ұйымдарға жеделхаттар жолдап, өлкедегі Уақытша үкіметтің билік орындарына қолдау көрсетуге, қажет болса күш қолдануға үндеді. 27 қазан күні өткен Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесінің мәжілісінде Уақытша үкіметтің Бас комиссары П.А. Коровиченкоға мұсылмандар барынша қолдау көрсетуі қажет деген шешім қабылданды. Сол күні өлкедегі түрлі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардан Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесіне «билікті тартып алу әрекетіне қарсылық көрсетуге көмек көрсетуге уәде еткен» жеделхаттар да келіп түсіп жатты. Түрік федералистер партиясының жетекшісі И. Шагиахметов та мерзімді басылымдар арқылы Түркістанда большевиктер бүлігі сөзсіз жеңіліске ұшырайтындығы, мұндай әрекетке жергілікті халық күшпен төтеп беретіндігі жөнінде мәлімдеме таратты [1, с.61-62].

Большевиктердің төңкеріс жасап, Петроградта Уақытша үкіметті құлатуына орай «Бірлік туы» газетінде «Большевиктер» деген тақырыппен мақала жарияланып, жергілікті халықты өлкедегі Уақытша үкіметтің билік орындарына қолдау көрсетуге үгіттеді. Онда: «Көктемде өзгеріс басталысымен Русия бұқаралары бостандықтың рақатын тыныштықпен көру ниетімен соғыстың бітуін тіледі. Жеңбей қоймаймыз деген айқайдан да гөрі кісі жері алынбай, бірі біріне шығын төлетпей әр патшалық өзі барымен қалып, бітім болсын деген айқай барша жұрттың аузынан бірдей шығып жүрді. ... Октябрьдің аяғында қанша қырғын соғыстан кейін большевиктер Уақытша үкімет әскерлерін жеңіп үкіметті қолына алып қойды. Мұндай қырғын жалғыз Петербор, Мәскеу демей басқа шаһарлардың көбісінде болды. Көп шаһарлар большевикті өкімет санамай өз алдына тіршілік қылып тұр Бүтін Русия большевиктерге мылтықтарынан сескенген бағынса да біздің Түркістанда мұндайға жол жоқ дейік. Жұрт болып бұған төтеп берейік» [2].

Жетісу облысындағы «Құрылтай» мұсылман комитеті, облыстық Қазақ-қырғыз комитеті және «Милли-шуро» ұйымдары да большевиктер саясатын қолдамайтындығын өз мәлімдемелерінде ашық байқатты [3, 34-36-п.].

«Шуро-и-Ислам» ұйымы да қарар шығарып, оны «Туркестанское слово» газетіне жариялаған еді: «Уақытша үкіметтің өлкедегі жоғары өкілі Бас комиссар мен оның көмекшісі жүргізіп отырған саясат Түркістан өлкесінің барлық тұрғындарының мүддесіне сай. Бұл күндер республиканың күйретіп, монархияны қалпына келтіреді ме деген алаңдаушылықты тудыруда. «Шуро-и-Ислам» ұйымы Бас комиссар республика заңдарының және Уақытша үкіметтің билігінің мызғымастығына, Түркістанда тәртіп пен тыныштықтың сақталуына кепіл бола алтындай тегеурінді шара қолданады деген сенімде. Мұны қамтамасыз етуде Бас комиссарға «Шуро-и-Ислам» ұйымы барынша қолдау көрсетеді» [4].

Петроградтағы оқиғадан соң іле-шала, Ташкенттегі кеңестердің атқару комитетінің мәжілісі өтіп, онда қарулы көтеріліске тезірек даярлану жөнінде шешім қабылданған еді. Сондай-ақ бұл мәжілісте революциялық әскер бөлімдердің командирлері тағайындалып, олардың міндеттері және Ташкенттегі кеңестердің атқару комитеті қарулы көтерілісті даярлаудың штабы болып белгіленген-ді [5, с.163.].

Ташкенттегі жұмысшы-солдат депутаттары кеңесі теміржол жұмысшыларына арқа сүйей отырып, қарулы көтеріліске шықты. Бас комиссар П.А. Коровиченко тарапында большевиктерге қарсылық көрсетуде жергілікті халық өкілдері де болды.

1 қараша күні Ташкент жұмысшы-солдат депутаттарының кеңесі өлке жұртшылығына арнап өлкелік биліктің «демократиялық күштердің» қолына өткенін хабарлаған мәлімдеме таратты. 2 қарашада Ташкент қаласында Түркістан өлкелік кеңестің, Ташкент кеңестерінің атқару комиеті, Түркістан өлкелік Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясының, Түркістан өлкелік шаруа депутаттарының кеңесі, Ташкент қалалық думасының, Түркістан өлкелік пошта-телеграф ұйымының және Кушкадағы жұмысшы-солдат депутатары кеңесінен 30-ға жуық өкілдер қатысқан мәжіліс ұйымдастырылып, онда 9 адамнан тұратын Түркістан өлкелік атқару комитетін туралы шешім қабылданды. Оған Түркістан өлкелік жұмысшы-солдат депутатары кеңесінен 3 адам, өлкелік Қазақ-қырғыз кеңесінен 1 адам, өлкелік мұсылмандардың орталық кеңесінен 1 адам, өлкелік Ресей социал-демократиялық жұмысшы партиясынан 1 адам және өлкелік социал-революционерлер бюросынан 1 адам енетін болды [6].

Ташкенттегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар большевиктердің Уақытша үкіметтің Түркістан комитетінің өкілдерін тұтқынға алуына бірден қарсылық танытты. Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі, «Шуро-и-ислам», «Шуро-и-улема», Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыз кеңесі, Түрік Федералистері партиясы секілді т.б. ұйымдардың жетекшілері өлкедегі биліктің Түркістан комитеті қолында қала беруін талап етті. Ұлттық демократиялық күштер Түркістанның жергілікті халқы өз тағдырын өздері шешуі тиіс деп санады.

9 қараша күні Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі, «Шуро-и-Ислам» және Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыз кеңесі ұйымдарының біріккен мәжілісі өтіп, онда боьшевиктердің өлкедегі билікті тартып алуына байланысты мынандай мазмұндағы қаулы қабылданды: «Ташкенттегі жеңімпаздар құрғалы отырған Түркістан өлкелік атқару комитетіндегі 9 орынның 2 орнын ғана, ал оның жанында құрылатын кеңестің 24 орынның 4 орнын ғана мұсылмандарға қалдырып, өздерін бұрынғы патша өкіметі кезіндегідей саясатты қолдайтындықтарын танытып отыр. Мұндай зорлық саясат мұсылмандардың бойына өлкедегі орыстарға деген жеккөрушілікті ұялатады. Біз достық қарым-қатынасты сақтауды жақтайтындықтан мұндайға жол бере алмаймыз. Ташкенттегі оқиға Құрылтай жиналысының шақырылуының шегерілуіне әсер ететіндіктен, мұсылмандарға өлкеде қалыптасқан ахуалдан шығудың жолын қарастыруға ықпал етеді. Ташкент большевиктерінің болашақ Түркістан комитетіндегі 9 орыннан 2 орын және оның жанындағы кеңестің 24 орнынан 4 орын қалдырған садақасы бұл мәселені шеше алмайды. Сондықтан мұсылман ұйымдары өлкелік атқару комитетіне және оның жанындағы кеңеске кіруден бас тартып, өлкедегі билік мәселесін мұсылмандардың тұрмысына үйлесімді етіп әрі азшылықағы халықтардың мүддесін ескере отырып өз беттерінше шешеді» [7].

Ұлттық демокраиялық күштердің Түркістан өлкелік атқару комитетіне өз өкілдерін жіберуде бас тартқаны жөнінде өлкедегі қазақ тұрғындары арасына «Бірлік туы» газеті мынандай мазмұндағы хабар таратты: «Большевиктер бұрынғы Түркістан комитеті мен Бас комиссардың орнына Уақытша Түркістан комитетін жасады. Оның 9 ағзасы болмақ; Түркістан аймағының солдат һәм жұмыскерлер советінен 3, крестьяндар советінен 2, Қазақ-қырғыз советінен 1, Мұсылмандар советінен 1, социал-демократ партиясы бюросынан 1, һәм социал-революционерлер партиясы бюросынан 1. Онан соң ол комитет қасында 22 кісілік бір кеңес болмақ. Оған кіретін ағзалар; түркістан аймағының солдат һәм жұмыскерлер советінен 3, крестьяндар советінен 3, Қазақ-қырғыз советінен 2, мұсылмандар советінен 2 адам. ... Бұл жаңа өкімет ағзаларының көбі сайланып, бұл күнде іс жүргізе бастаса керек. Бірақ қазақ-қырғыз һәм мұсылмандар советі оған өкілдерін жібермей тұр» [8].

Большевиктер билікті қолына алғаннан кейінгі жағдайда Ташкент қаласы думасының алғашқы мәжілісі 8 қараша күні өтті. Бұл мәжіліске Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесі атынан У. Ходжаев, «Шуро-и-Ислам» ұйымы атынан Т. Нарботабеков пен Мүнауар қари, Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыз кеңесі атынан С. Ақаев қатысты. Қалалық думаның мәжілісі Ташкенттегі төңкерісті талқылау барысында ұлттық-қоғамдық саяси ұйымдардың өкілдері большевиктер тарапынан құрылған Түркістан өлкелік атқару комитетін мойындамайтындықтарын танытты. Олардың мұндай ұстанымдары қалалық дума мәжілісінің жаңа билікке байланысты бірегей шешімге келе алмауына әсер етті. Сондықтан бұл мәселе жөнінде түбегейлі шешім қабылдау 12-14 қараша аралығында өткелі отырған Түркістан өлкесі қалаларындағы өзін-өзі басқару мекемелерінің съезінің үлесіне қалдырылды [9].

Түркістан өлкесіндегі қалалардың өзін-өзі басқару мекемелерінің Ташкент қаласында өткен съезіне облыстардан 26 өкіл қатысты. Олардың қатарында Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыз кеңесінің өкілі С. Ақаев, «Шуро-и-Ислам» ұйымының өкілі Т. Нарботабеков пен А. Миразимов, «Шуро-и-улема» ұйымының өкілі А. Махмудов болды. Съездің күн тәртібіне Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына дейін өлкедегі билікті ұйымдастыру басты мәселе етіліп қойды.

Өлкедегі билікті ұйымдастыру мәселесін съезде талқылау барысында ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдері большевиктер төңкерісін айыптады. Мәселен, Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыз кеңесінің өкілі С. Ақаев «Уақытша үкіметтің өлкедегі билігін жоюдың еш қажеті жоқ, оны өзгертудің қажеттілігін көріп тұрған жоқпын», деп мәлімдеді [9].

Түркістан өлкесіндегі ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың өлкелік билікке байланысты бірегей ұстанымда болғанымен арада уақыт өткен сайын кейбір ұйымдар кеңестік билікпен ымыраға келу бағытына ауытқи бастады. Мұндай ұйымдардың бірі «Шуро-и-улема» ұйымы болды. Осыған орай «Бірлік туы» газеті былай деп жазған еді: «Ташкент оқиғаларынан бері қарай мұсылман ұйымдарының бірде-бірі большевиктермен жанасқан жоқ. Большевиктер бұрынғы Түркістан комитетінің орнына жаңа комитет жасап, мұсылмандар үшін онда 2 орын қойса да, мұсылман ұйымдары оған өз кісілерін жібермеді. Сол екі арада мұсылман ұйымдары ынтымағынан жекеленіп кетіп, ғлама дегендер большевиктермен ыңғайлас болуға айналды. Ғұламалар өздерінің шабарман-тілмашы С. Лапин арқылы большевиктермен астыртын «құдалық сөйлесуге» ыждахат етті. 15 ноябрьде Ташкентте съез жасамақ болып, адам жинау үшін «Біріккен мұсылман ұйымдарының бюросы» деген бірік өтірік ойлап шығарған» [10].

Большевиктермен ымыраға келуге ыңғай танытқан «Шуро-и-улема» ұйымы «Біріккен мұсылман ұйымдарының бюросы» деген ұйым құру мақсатында өлкедегі барлық ұлтық қоғамдық-саяси ұйымдардың өкілдерін Ташкент қаласында мәжіліс өткізуге шақырды. Бұл мәжіліс 12-15 қараша аралығында өтті. Оған «Шуро-и-улема» ұйымының өкілдерінен бөлек Түркістан өлкесі мұсылмандары орталық кеңесінен 2 өкіл, Түркістан өлкелік Қазақ-қырғыз кеңесінен 1 өкіл, «Тұран» ұйымынан 1 өкіл, Түрік Федералистері партиясы ұйымынан 2 өкіл, Сырдария облыстық Қазақ-қырғыз кеңесінен 1 өкіл, Жетісудағы мұсылмандардың «Құрылтай» ұйымынан 1 өкіл, Перовск уездік ұллтық комитеттінің атынан 1 өкіл, Әулиата уездік Қазақ-қырғыз кеңесінен 1 өкіл және мұсылман әскерилері атынан 1 өкіл қатысты. С. Лапиннің төрағалық етуімен өткен мәжілістің күн тәртібіне түркістандағы билікті ұйымдастыру мәселесі қойылды.

Мәжілістің барысында С. Лапин жетекшілік еткен «Шуро-и-улема» ұйымының мүшелері Түркістан өлкелік атқару комитетіне мұсылмандарға деп большевиктердің бөлген орынға әзірше қанағат тұта тұру керек, сондықтан большевиктер билігін мойындайық, кейін атқару комитетіндегі орынның санын арттыруға қол жеткіземіз деген пікірін ортаға салды. Бұл ұсынысқа Түркістан өлкесі мұсылмандарының орталық кеңесінің төрағасы М. Шоқай қарсылық танытып, большевиктермен бірде-бір ұлттық қоғамдық-саяси ұйым байланысқа түспеу керек деген пікірін білдірді. Бұл пікірді «Шуро-и-Ислам», «Тұран», Түркістан өлкелік қазақ-қырғыз кеңесі ұйымдары мен Түрік Федералистер партисының өкілдері қолдап шықты. Соған орай мәжілісте «Шуро-и-улема» ұйымының ұсынысы өтпей қалды [11].

Ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардың мәжілісінде «Шуро-и-улема» ұйымы мүшелерінің ұсынысында өлкелік жоғары билік орны Түркістан атқару комитеті болуы керектігі, оның құрамы 12 адмнан тұруы (жұмысшы-солдат депутаттары кеңесінен 3 өкіл, қалалық өзін-өзі басқару мекемелерінен 3 өкіл, өлкелік мұсылман съезі атынан 6 өкіл) тиістілігі және атқару комитетінің жұмысын бақылап тұратын кеңес құрамы 20 адам (жұмысшы-солдат депутаттары кеңесінен 5 өкіл, қалалық өзін-өзі басқару мекемелерінен 5 өкіл, мұсылман съезі атынан 10 өкіл) болуы керектігі де білдірілген болатын. Мәжілісте бұл ұсыныс та қабыл алынбадды. Мәжіліске қатысушылар осыған орай тез арада өлке мұсылмандарының өзін-өзі билеуін қамтамасыз етуді шешеу керек деген ұйғарымға келді. Делегаттар өлкені 98 пайыз тұрғынын құрайтын, саны 10 миллионнан асатын мұсылмандар өзін-өзі билеуге құқылы деп танып, бұл мәселе жөнінде шешім қабылдау үшін жақын арада Түркістан өлкесі мұсылмандарының съезін шақыру қажет деген ұйғарымға келді. Мәжіліс Түркістан өлкесі мұсылмандарының съезін өткізуді ұымдастыратын комиссия құрамын да сайлады. Оған С. Лапин, С. Мақсум, Сыдық Қожа, Әулиеата уезінің өкілі Бигиев және мұсылман әскерилерінің өкілі С. Жүсіпов енді [12, с.183].

1917 жылы 15 қараша күні Ташкентте жұмысшы-солдат депутаттары кеңестерінің өлкелік ІІІ съезі өз жұмысын бастады. Оған 114 делегат қатысты. Солшыл эсер К.Я. Успенскийдің сөзімен ашылған съезде негізінен үш фракция болды. Олар саны бәрінен басым түсетін большевиктер фракциясы, солшыл эсерлер фракциясы және меньшевиктер мен оңшыл эсерлер фракциясы болатын. 16 қараша күні съез делегаттарының қатарына сол күні өз жұмысын аяқтаған өлкелік шаруалар депутаттарының съезіне қатысушылар келіп қосылды. Шаруалар съезіне қатысқан делегаттар солшыл эсерлер фракциясының құрамын енді.

Меньшевиктер мен оңшыл эсерлер съезде өлкедегі билікті барлық түркістандық «революциялық демократия» өкілдерінен тұратын коалициялық үкіметке беру керектігі жөнінде мәселе көтерді. Съезде большевиктер мен солшыл эсерлер бірлесе меньшевиктер мен оңшыл эсерлердің ұсынысына бірден қарсы шықты. Большевиктер Түркістандағы билік орталықта құрылған кеңестік биліктің принциптерін басшылыққа ала, пролетарлық негізде құрылуы тиіс деп тапты.

Кеңестердің ІІІ өлкелік съезі 19 қараша күні өлкедегі билік орындарын құру ісіне нақтылы кірісті. Съездегі фракциялар бұл мәселе бойынша өз жобаларын ұсынды. Солшыл эсерлердің жобасында өлкедегі барлық билік құрамы 18 адамнан тұратын, оның үшеуі жергілікті мұсылман пролетариаты өкілі болатын Халық комиссарлары кеңесінің қолына берілу керектігі аталып көрсетілді. Сонымен қатар бұл жобада Халық комиссарлары кеңесінің жұмысын бақылаушы орган – жұмысшы-солдат және шаруалар депутаттарының өлкелік кеңесі болатындығы да қарастырылған болатын. Меньшевиктер мен оңшыл эсерлердің біріккен фракциясы съезге құрамы 10 адамнан тұратын әрі жұмысшы-солдат және шаруалар депутаттары кеңесінің бақылауында болатын өлкелік атқару комитетін құру жөнінде жоба ұсынды. Бұл жоба бойынша өлкелік атқару комитетіндегі орынның жартысы жергілікті халық өкілдеріне берілуі тиіс болды. Съезде осы екі жоба да өтпей большевиктер фракциясының жобасы қабыл алынды. Ол жоба бойынша өлкелік жұмысшы-солдат және шаруалар депутаттарының кеңесі қарауындағы Түркістан өлкесі Халық комиссарлары кеңесі құрылатын болды. Халық комиссарлар кеңесінің құрамына 15 адам енетін болып белгіленді. Осылайша, Түркістан өлкесінде құрылған кеңестік жоғары билік орнына бірде-бір жергілікті халық өкілдері енбей қалды.

Кеңестердің ІІІ өлкелік съезінде Түркістан өлкесінде кеңестік билік жарияланып, қатаң таптық, партиялық принцип бойынша өлкелік үкімет – Түркістан өлкесінің Халық комиссарлары кеңесі құрылды. Бұл үкіметтің құрамына ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдардан ешқандай да өкіл енбеді.

Жетісу облысында қоғамдық-саяси ұйымдардың тегеурінді қарсылық көрсетуіне байланысты кеңестік билік тез арада кеңестер қолына өте қоймады. Жетісу облыстық Қазақ-қырғыз комитеті секілді т.б. қоғамдық-саяси ұйымдар кеңестік билікті мойындамайтындығын танытты.

Әдебиеттер

1 Абдуллаев Р.М., Агзамходжаев С.С., Алимов И.А. Туркестан в начале ХХ века: К истории истоков национальной независимости. – Ташкент: «Шарк», 2000. – 672 с.

2 Большевиктер // Бірлік туы. – 1917. –25 ноябрь.

3 ҚРОММ. 9-қ., 1-т., 26-іс.

4 Организация «Шурои-исламия» будет оказывать Генеральному комиссару всемерную поддержку // Туркестанское слово. – 1917. – 9 ноябрь.

5 Домогатский П.А. Октябрьские дни 1917 года в Ташкенте // Революция глазами современников. – Ташкент: Узбекистон, 1991. – 205 с.

6 Проект об образовании Туркестанского исполнитльного комитета // Наша газета. – 1917. – 8 ноябрь.

7 Объединненое собрание Краевого мусульманского совета // Туркестанские ведомости. – 1917. – 17 ноябрь.

8 Түркістанда жаңа өкімет // Бірлік туы. – 1917. – 8 ноябрь.

9 Туркестан мөселман қурултайи // Улуг Туркестан. – 1917. – 18 ноябрь.

10 Ғұламалар съезі // Бірлік туы. – 1917. – 16 ноябрь.

11 Уламо съезди // Улуг Туркестан. – 1917. – 16 ноябрь.

12 Агзамходжаев С.С. История Туркестанской автономии (Туркистон Мухторияти). – Ташкент: «Тошкент ислом университети», 2006. – 268 с.

References

1 Abdullayev R.M., Agzamkhodzhayev S.S., Alimov I.A. Turkestan v nachale 20 veka: K istorii istokov natsionalnoy nezavisimosti. – Tashkent: «Shark», 2000. – 672 s.

2 Bolshevikter // Bírlík tuy. – 1917. –25 noyabr.

3 KROMM. 9-kˌ., 1-t., 26-ís.

4 Organizatsiya «Shuroi-islamiya» budet okazyvat Generalnomu komissaru vsemernuyu podderzhku // Turkestanskoye slovo. – 1917. – 9 noyabr.

5 Domogatskiy P.A. Oktyabrskiye dni 1917 goda v Tashkente // Revolyutsiya glazami sovremennikov. – Tashkent: Uzbekiston, 1991. – 205 s.

6 Proyekt ob obrazovanii Turkestanskogo ispolnitlnogo komiteta // Nasha gazeta. – 1917. – 8 noyabr.

7 Obyedinnenoye sobraniye Krayevogo musulmanskogo soveta // Turkestanskiye vedomosti. – 1917. – 17 noyabr.

8 Turkístanda zhana ukímet // Bírlík tuy. – 1917. – 8 noyabr.

9 Turkestan muselman kurultayi // Ulug Turkestan. – 1917. – 18 noyabr.

10 Gulamalar syezí // Bírlík tuy. – 1917. – 16 noyabr.

11 Ulamo syezdi // Ulug Turkestan. – 1917. – 16 noyabr.

12 Agzamkhodzhayev S.S. Istoriya Turkestanskoy avtonomii (Turkiston Mukhtoriyati). – Tashkent: «Toshkent islom universiteti», 2006. – 268 s.

ТОКБОЛАТ С.Т.

 (к.и.н., доцент кафедры Таразского государственного педагогического университета)

Тараз, Казахстан

ДЕЯТЕЛЬНОСТЬ НАЦИОНАЛЬНЫХ ОБЩЕСТВЕННО-ПОЛИТИЧЕСКИХ ОРГАНИЗАЦИЙ ЮЖНОГО КАЗАХСТАНА В ПЕРИОД СТАНОВЛЕНИЯ СОВЕТСКОЙ ВЛАСТИ

Резюме

В статье дается анализ сложившийся социально-политической ситуаций в Туркестанском крае после октябрьской революции и деятельность национальных общественно-политических организаций в Южном Казахстане. Тюркоязычные мусульмане в связи сложившийся ситуации начали интегрироваться в политические организации в борьбе за независимость. Созданные в Туркестанском регионе организации стремились защитить интересы местного мусульманского населения и добиться независимости в управлений. В руководстве этих организаций стояли известные представители национальной интеллигенции региона. Однако отсутствие единой объединяющей идеи среди этих организаций привело к возникновению разногласий в принятии меры. Программы, члены и отношения с болшевисткой властью различались среди установленных политических организаций

Ключевые слова: Туркестанская область, Октябрьская революция, общественно-политические организации, большевики.

TOKBOLAT S.T.

Candidate of Historical Sciences, Associate Professor of the Taraz State Pedagogical University

Taraz, Kazakhstan

THE ACTIVITIES OF NATIONAL SOCIAL AND POLITICAL ORGANIZATIONS OF SOUTH KAZAKHSTAN IN THE PERIOD  OF SOVIET POWER ESTABLISHMENT


Summary

The article gives an analysis of the socio-political situation in the Turkestan region after the October revolution and the activities of national socio-political organizations in Southern Kazakhstan. The Türkic-speaking Muslims in connection with the current situation began to integrate into political organizations in the struggle for independence. The organizations established in the Turkestan region sought to protect the interests of the local Muslim population and achieve independence in the administrations. The leaders of these organizations were well-known representatives of the national intelligentsia of the region. However, the lack of a single unifying idea among these organizations led to disagreements in taking action. Programs, members and relations with Bolshevik power differed among the established political organizations.

Keywords: Turkestan region, October revolution, socio-political organizations, Bolsheviks.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь