Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » ӘОЖ 323.31(574)(09) СЫЗДЫҚ СҰЛТАННЫҢ ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ

Р.Е. Оразов, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының ғылыми қызметкері, PhD докторант

ӘОЖ 323.31(574)(09) СЫЗДЫҚ СҰЛТАННЫҢ ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 2(14), 2018

Теги: батыр., қолбасшы, ұлт-азаттық күрес, отарлау, хан, билік, Ресей, сұлтан, Ахмет, Сыздық
Автор:
Мақалада Сыздық сұлтанның өмірі мен қызметіне және оның Ресейдің отарлау саясатына қарсы күресі қарастырылған. Автордың пікірі мен тұжырымдары қазан төңкерісіне дейінгі орыс әскери зерттеушілері еңбектері мен Ахмет Кенесариннің қазақ тілінде жарық көрген еңбектеріндегі мәліметтер негізінде берілген. Сонымен қатар дерек көзі ретінде Қазақстан және Өзбекстан архитвтерінің құжаттары кеңінен пайдаланылған. Түйін сөздер: Сыздық, Ахмет, сұлтан, Ресей, хан, билік, отарлау, ұлт-азаттық күрес, қолбасшы, батыр
Содержание:

Еліміздің мың жылғы тарихында жеке тұлғалардың, тарихи қайраткерлердің туған еліне, халқына сіңірген еңбегі, олардың қоғамдық-саяси және әлеуметтік үрдістердегі рөлі ерекше болғаны белгілі. Әсіресе, Отандық тарихта кешегі тағдыры тәлкекке ұшырап, бодандық қамытын киген халқымыздың азаттығы жолындағы күресте өз өмірін құрбандыққа қия отырып, қан майданда от кешіп, патша әскерлерінің мылтықтары мен зеңбіректеріне қарсы еш тайсалмастан қол бастаған Сырым, Кенесары, Исатай, Есет, Әзберген және тағы басқа да аяулы азаматтарымызды ардақтау арқылы олардың өмірі мен саяси қызметтері жан-жақты талданып, оған ғылыми түрде баға берілуде. Дегенмен де осы күнге дейін зерттеушілердің назарынан тыс қалып келе жатқан белгілі тұлғалар баршылық. Солардың бірі – ХІХ ғасырдағы азаттық қозғалыстың тарихында ерекше із қалдырған, өз өмірінің басым бөлігін туған жері мен халқын басқыншылардан қорғау жолындағы азаттық соғыстарға арнаған қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының ұлы Сыздық сұлтан еді.

Өкінішке орай, Отандық тарихнамада Сыздық сұлтанның өмірі мен азаттық жолындағы рөлі мен қызметін зерттеу мәселесі әлі де дұрыс жолға қойылмауда. Оның өміріне қатысты бірнеше мақалалар жазылғанымен де, ол әлі күнге дейін ғылыми тұрғыда өз бағасын алмаған тарихи тұлғалардың қатарында тұр. Тіпті «Қазақстан тарихының» көптомдық академиялық басылымының 2000 жылы жарық көрген 3 томында Сыздық сұлтанның Оңтүстік Қазақстанды Ресей басқыншыларынан қорғап күрескен кезеңі 1860-1864 жылдар аралығы туралы ешқандай мәлімет жоқ. Сыздық сұлтан бастаған күресті ұлт-азаттық күрестердің заңды жалғасы екендігі назардан тыс қалған.

Сыздық сұлтанның өмір жолы ел тарихындағы аса күрделі кезеңге сәйкес келді. Себебі сұлтанның өмірге келген ХІХ ғасырдың І жартысында қазақ даласына Қоқан, Бұхар, Хиуа, Қытай мен Ресей мемлекеттері өз ықпалдарын жүргізуге ұмтылды. Әсіресе, ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақтарды өзіне толық бағындыруға тырысқан Ресей империясы осы аймаққа мықтап орналасуды көздеп, шешуші әрекетке көшудің дайындығына кіріседі. Яғни, ХІХ ғасырдың бас кезінде Ресей экономикасының жаңа капиталистік жолға түсуі, өнеркәсібі мен саудасының өрлеуі жаңа өнім өткізетін нарыққа және шикізат көзі болып табылатын аймақтарға қажеттілікті туғызғандықтан патша өкіметі бұл мәселені Қазақстанды отарлау арқылы шешпек болды. «Ресей үшін қазақ елін өз отарына айналдырудағы басты мақсат елдің табиғи байлықтарын, арзан жұмыс күшін, арзан шикізатты қажетіне пайдалану, неғұрлым мол пайда табу болды» [1, 118-б.].

Кенесары ханның ұлт-азаттық қозғалысы жеңіліске ұшыраған соң, патша өкіметі бүкіл қазақ даласын басып алуды жеделдетеді. Дегенмен Кенесары хан өлгенімен оның ісі тоқтамайды. Әкесінің азаттық жолындағы күресін оның балалары жалғастырады. Әсіресе солардың ішінде Сыздық сұлтанның еліміздің тәуелсіздік жолындағы күресіне ерекше өжеттілік пен айбындылық және табандылық көрсетеді. Сыздық сұлтандағы мұндай қасиет тікелей арғы атасы Абылай ханнан қонса керек. Бұл жөнінде патшаның әскери шенеунігі Н. Павлов өзінің еңбегінде былай деп жазады: «Кенесарының баласы, Абылай ханның шөбересi, Тұрандағы аса iрi тұлғалардың бiрi болып табылатын даланың осынау жаужүрек ұлының бойына бiзге деген өшпендiлiк ана сүтiмен бiрге дарыған едi. Тұран өлкесiндегi Сыздықтың сирек кездесер оқшау бiр қасиеті – атақ, мансап, қадiр-құрмет iздемегендiгi, ержүрек жауынгер, талмас қажыр иесi екендiгiнде» [2, с. 163].

Жалпы Сыздықтың шыққан тегін талдасақ, Ахмет Кенесарыұлының «Кенесары және Сыздық сұлтандар» атты жазған кітабында оның атасы Қасым сұлтан Абылай ханнан тарайтын отыз ұлының ішіндегі ең кенжесі болса, Сыздықтың әкесі Кенесары хан да Қасым сұлтанның бәйбішесінен алтыншы бала болып дүниеге келген екен. Ал Кенесары хан қаза болғаннан кейін оның екі әйелінен сегіз ұл қалады. Бәбішесі Күнімжаннан: Жапар, Тайшық, Ахмет, екінші әйелі Жаңылдан: Омар, Осман, Әбубәкір, Сыздық, Жегей. Кенесары хан қайтыс болған жылы Тайшық сұлтан – жиырмада, Сыздық – он, Ахмет – бес жаста болған [3, 19-б.]. Яғни Сыздық сұлтан әкесі Кенесары хан ұлт-азаттық қозғалысты бастаған 1837 жылы дүниеге келген болып шығады. Алайда Ақмола сыртқы дуан приказының Сібір қазақтарының шекара бастығына Көшек сұлтан және онымен бірге көшіп жүрген қазақтар туралы жіберген 1847 жылы 30 қазандағы мәліметінде Кенесарының ұлы Жапар 15 жаста, одан басқа Кенесарының 13 жастағы Тайшық пен 9 жастағы Ахмет есімді ұлдары болса, Саржанның 12 жастағы Қошқарбай есімді ұлы бар. Олардың бәрі бірге көшіп жүр делінеді [4, 11-12-пп.].

Байқап қарасақ Кенесарының ұлдары туралы екі деректен бір-біріне қарама-қайшы екі түрлі мәлімет аламыз. Оның үстіне мұрағаттағы деректе Сыздық сұлтанның жасы нақты көрсетілмеген. Егерде осы деректердің қайсысы дұрыс деген сұрақ қояр болсақ, онда мұрағат құжатында көрсетілген мәлімет шындыққа келеді. Өйткені біріншіден, патша әкімшілігі Кенесары ханды ғана емес оның бүкіл әулетін жіті бақылауға алып қана қоймай олар туралы жан-жақты әрі нақты мәліметтер жинап отырған. Екіншіден, Ахмет Кенесариннің еңбегіндегі Тайшық пен оның туған інісі Ахметтің жас аралықтары тым ұзақ. Сонымен қатар, Тайшықтың жасы 1847 жылы жиырма жаста болатын болса, онда ол міндетті түрде әкесімен бірге қырғыздарға қарсы соғысар еді. Алайда Тайшықтың қазақ-қырғыз соғысына қатысқаны жөнінде ешқандай дерек жоқ. Сондықтан Тайшық ол уақытта әлі жауынгер боларлық жасқа жетпеген деп айта аламыз. Дегенмен деректер арасындағы осындай алшақтыққа қарамастан оларды өзара салыстыру арқылы Сыздықтың жасы Тайшықтан кіші, ал Ахметтен үлкен екенін байқап, Кенесары өлген жылы Сыздықтың жасы шамамен 10-12 жастар шамасын құраған деп бағалауға болады. Бұл болжамды «Уақ-Есмағамбеттің Сыздық сұлтан жайлы әңгімесі» деген атаумен жазылып алынған М.Ж. Көпеевтің Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қорынан табылған мәлімет дәлелдейді.

Аталмыш еңбектің мәтінін толық берсек, онда былай делінген: «Кенесары, Наурызбай, Ержан, Құдайменді бас көтерер төрелер – бәрі қырғыздан қырғын тапты. Қалған қатын-қалаш, бала-шаға 12 жасар Сыздық төрені басымызға жыға қылып шаншып, қарсақша жалтақтап, қоянша жалтақтап, Бетпақтың шөлінде, Жеті Қоңырдың желінде жан сақтап күнелттік. Сөйтіп жүргенде «Әзірейіл барда жаным бар деме, Ақ жалау бар да малым бар деме», – дегізген Ақжалау келді. 500 кісімен фалхыд деді, қолбасы Қанағатша деген сарт болса керек. Жүзге жетер жетпес азаматпен алдынан қарсы шықтық. Сыздық төре жасы 14-те. Тұрысқан жеріміз Созақ маңайы. Екі жақ та ту көтеріп, айқасып қалғанда, Сыздық төре Қанағатшамен шаппа-шап келіп қалып, Қанағатшаны мұрттай ұшырды, найзамен шаншып түсірді. Сарт мергендері оқты жаңбырдай жаудыра бастады. Сыздықтың туын ұстаған Уақ жігіті еді, оққа ұшты. Сыздық сол жігіттің сүйегін жерде қалдырмаймын деп, ат үстінен өңгеріп, алдына ала бергенде, қолының байланып, өзінің біреуді алдыма өңгеріп аламын деп айналып қалғанын көрген біреу найзамен өндіршегінен шанышқанда найза шарт етіп сынды да, ұңғы темір Сыздықтың денесінде қалды. Сыздық қолға түсті. Созаққа апарып, сабан шанаға отырғызып қойды. Денеде қалған найзаның ұңғы темірін кемпірауыз тістеуікпен тартып суырып алып, уыс-уыс мақтамен тығындап, тірілей Қоқандағы ханға жіберді. Барған соң Қоқан ханы дәрігерлерге бақтырып, дәрі жақтырып, жазылған соң, Қанағатшаны шақыртып алып: «Сені мұрттай ұшырып, шаншып түсірген осы бала ма? – деп сұрапты. Жоқ бұл емес, – деп айта алмаған. Бұл мансап орын саған лайық емес, мына балаға жөн, – деп Қанағатшаның фансадылығын Сыздыққа алып беріп, торы арғымақ, алтын жабдық сыйлап, 500 басы қылған» [5, 7-9-бб.]. Сонымен осы дерекке назар аударсақ Сыздық сұлтанның жасы 1847 жылы 12-де болғанын көреміз. Яғни Сыздық сұлтанның 1835 жылы дүниеге келгенін анықтаймыз. Мұнымен қатар бұл деректен Сыздық сұлтанның елдің намысы үшін 14 жасында-ақ қолына найза алып атқа қонғанын, алдына келген қарсыласын шаншып түсіріп батыр атанғанын байқаймыз.

Аталмыш деректе көрсетілген мәліметтерді мұрағатта растайды. Мәселен, мұрағат құжаттары Кенесары қырғыздардан жеңіліс тапқаннан кейін оның туысқандары Қоқанның иелігіне қашып барып Созақтың маңын мекендегенін былай деп береді: «Кенесарының әулетінің қарамағындағы рулар атап айтқанда Көшек сұлтанның қарамағында Ағыз Қалқамандардың билері Бұланбай мен Садырбек 60 шаңырақ, Әлік Байдалының биі Сүйік Қожақанов 70 шаңырақ, Қараулдың Балтабегі және Шолаққұт 100 шаңырақ, Шұбырталы Маныбай және Ағыбай 70 шаңырақ, Темеше болысының Баятар руының биі Кенже Таттымбетов 30 шаңырақ, Жеке батыр Шоңғыттың төлеңгіттері 90 шаңырақ Қаратау мен Саржас және Мардақ сайы жағындағы Созақ пен Түркістанның аралығында көшіп қонуда [4, 11-12-пп.]. Ханның қазасынан кейін Сыздық сұлтан туысқандарымен және өздеріңе қарайтын барша халқымен Шудың саға жағындағы Қаратау маңына қарай көшкенін Ахмет Кенесарин де растай түседі: «...сол аймақта олар қырық үй төлеңгеттерімен бірге Қоқан хандығына ешқандай салық төлемеу шартымен орналасады. Сол уақыттары Қоқан хандығын Худояр хан мен Мұсылманқұл бастаған қыпшақтар билейді. Осылайша Кенесарының балалары Түркістан хакіміне қарап, қоңыраттардың арасында тұрады. Сыздық сұлтан ер жеткенге дейін ауылдарында молда жалдап сауат ашады. Сонымен қатар, атқа міну, мылтық ату әдістерін үйренді. Ер жеткеннен кейін Тайшық, Сыздық, Ахмет сұлтандар әскери қызметке кіріп, қай жерде де өз ерліктерімен көзге түсті. Сондай қызметтері үшін Қоқан ханы олардың күшеюіне де пансат басы атағын беріп, әрқайсысын бес жүз жігітке бастық етіп қояды. Олар бірнеше жыл сол қызметтерін атқарды [3, 20-б.].

 Осылайша әкесі Кенесары ұлт-азаттық күресті бастаған кезде өмірге келген Сыздық сұлтан туған кезінен бастап-ақ патша өкіметінің қазақ даласына орнатқан отаршылдық саясатының зардаптарын көріп қана қоймай, одан құтылу үшін соғысқан қазақтардың азаттық күресінің ащы да ауыр жолын бойына сіңіріп өседі.

Сыздық сұлтан жөнінде ел аузында аңыз әңгімелер мен хикаяттар көп. Соның бірінде Сыздық сұлтанның ірі саясаткер, әрі қолбасшылығымен болғандығымен қатар, қан майданда ешқандай қауіптен қорықпайтын ержүректілігі айтылады. Мәселен, Сыздық сұлтанды көзімен көріп, онымен сұхбаттас болған Е.Т. Смирнов Сыздықты былай суреттейді: «Бұл күнде Сыздық сұлтан Шымкент уезінде, Арыс өзенінің бойындағы Қарабұлақ деген сарт қыстағының теріскей жағында, алты шақырымдай жерде, бір кезде бабасы Абылай ханның ордасы болған Ханқорған харабасының (қираған орнының) қасында тұрып жатыр. Сыздықтың малы бар, қыстауының маңында егін салады, қолы бос кездері кітап оқиды, намазын қаза қалдырмайды. Жасы елу бестер шамасында, орта бойлы, өте ширақ адам, қазаққа тән бидай өңді, аздап ақ шала бастаған шоқша сақалы бар, әсіресе көздері әдемі, жанарлы, сырт көрінісі аса келісімді жасалған, дене бітімі, әйелдерге тән нәзік саусақтары, өзін сабырлы, салмақты ұстауы кісімен сөйлескендегі ұяңдығы – бұл адамның Орта Азия хандарының сарай тұрмысын көрген, түрік халқының нағыз ақсүйек адамы екенін танытады, шынында да өзі де ақсүйектер нәсілінен ғой. Алғашқы көргенде осы ойшыл, келбетті келген сабырлы адамның сахараның ештеңеден тайсалмайтын баскесері атанған, жетпісінші жылдары біздің Түркістандағы алғы шебіміздегілердің үрейін ұшырған, күтпеген кезде және біздің осалдау жерімізден тап беріп, басқа қазақ, түрікпен топтарына қарағанда қайсарлықпен, өршелене шабуыл жасаған партизан, атақты шабандоз екеніне нанғың да келмейді. Ал енді өзі шешен, ағыза сөйлеп, көздері от шашып, қыза келгенде, алғашқы көрген сабырлы, момын адамды қайта тани алмай қаласыз. Алдыңызда сөз жоқ, құдай зерде берген дарынды, жаны жас, қарапайым халыққа айтайын деген ойын да, сөзін де жеткізе білетін шешен, қайраты тасыған қажырлы адам пайда бола қалады», – деп әділ сипаттаған [6, с.5].

Тайшық Созақта әкімшілік қызметті атқарып отыра бермеген. Ол өз жасақтарымен орыс әскерлеріне тұтқиылдан тап беріп, партизандық әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы соғыс жүргізген. Мәселен, Тайшық бастаған 1 500 қазақтар Бурабай бекетіне шабуыл жасап, орыстар қиратып кеткен Жөлек бекінісін қалпына келтіруге тырысады. Бірақ капитан Шкупа мен старшина Бородин бастаған орыс әскерлері оған жол бермейді [7, 74-п.]. Сонымен қатар Кенесарының балалары Қоқанның иелігіне көшкісі келмей орыс билігін мойындап, патша үкіметіне салық төлеп отырған қазақ ауылдарын тыныштыққа қоймаған. 1855 жылы 13 қыркүйекте Кенесарының ұлдары Сыздық пен Ахмет және ханның немере інісі Көкше Есенгелді қыпшақтардың ауылын шауып, 293 жылқысы мен 90 түйесін айдап кетсе, Тайшық бастаған 60 қазақ Қарасу алқабында мекендеген қыпшақтардың ауылын шабады [8, 15-п.]. Келесі жылы ақпанда Қаратаудан шыққан ташкенттік және қоқандық қазақтарды басқарған Сыздық сұлтан Шу және Сарысуда мекендейтін қазақтарға шабуыл жасап, олардың көбісін өлтіріп 15 мың жылқысын, 2 мыңдай түйелерін, 10 мыңдай қойларын, 700-ге жуық ірі қара малдарын айдап кетеді. Оған жауап ретінде патша әкімшілігі наурыз айында бірнеше жүз сібірлік қазақтарды ташкенттік қазақтардың малдарын айдап келу үшін барымтаға аттандырады. Оларды қорғау мақсатында 100 сібірлік казактарды қоса жөнелтеді. Орыстардың барымташы қазақтары Шудан өтіп Қаратаудан аздаған малдарды барымталаған кезде Сарысу өзенінің бойында оларды Сыздық бастаған қаратаулықтар күтіп алып, оларға бас салады. Алайда казактардың дер кезінде көмек беруінің нәтижесінде Сыздық сұлтанның шабуылына тойтарыс беріліп кері қарай қуылып тасталады [9, 56-60-пп].

Маусым патша әкімшілігі айында ташкенттік керуен арқылы тыңшыларынан Сыздық Ұлытау станицасын шауып, сібірлік және орынборлық қазақтарды тонау үшін Қаратауда 2 мың адам жинап жатыр деген мәлімет алады. Осы хабарды алғаннан кейін Батыс Сібірдің генерал-губернаторының нұсқауы бойынша қазақтардың алдын алу үшін Қаратаудағы қазақтардың малдарын барымталап қайтуға Ұлытаудан Сібір қазақтары облысының әскери губернаторының адьютанты капитан Соловцевтың басқаруында 2 зеңбірегі мен 2 ракеталық қондырғылары бар 250 казак Шу өзеніңе аттандырылса, 2 зеңбірегі бар 100 казактан құралған екінші әскери топта оның артынша жіберіледі. Тамыз айының соңында 500 адамнан тұратын сібірлік қазақтар Шу өзенінен өтіп қаратаулықтардан 7 мың қой, 600 ірі мал мен 200 түйесін тартып алып үлгіреді. Дегенмен сібірлік әскерлер Шудың бойында бақылап тұрғанда Сыздық сұлтан Сібір мен Орынбордың даласына кіріп Ұлытау станицасы мен Торғайға бағыт алады да, одан шыққан кішігірім топтар Ұлытаудағы казактарды шауып ондаған адамдарды өлтіріп, екеуін тұтқынға алады.

Алайда Сыздық сұлтан қаратаулықтарды шабу мақсатында Шудың бойына орыс әскерлерінің келгенін естіген соң жорығын тоқтатып, кері бұрылады да Сібір әскерлерін шеберлікпен айналып өтіп, Қаратауға келеді. Өзінің қатарын 4 мың адамға толықтырған ол орыс әскеріне жақындайды. Бұл кезде сібірлік казактар Ұлытауға қарай қаратаулықтардың малдарын айдаған барымташы сібірлік қазақтарды артынан қорғап тұрған болатын. 6 қыркүйекте таң ата бірнеше қазақты байқаған капитан Соловцев өзімен бірге урядник пен 5 казакты ертіп алып, оларға бас салады да біреуін тұтқынға түсіреді. Қолға түскен қазақты тергеген кезде ол 500 адамнан тұратын қоқандықтар жақын маңда келе жатқанын айтады.

Тұтқынның сөзін тексеруді ойлаған капитан қасына бірнеше казакты алып төбеге шыққан кезде оны 500 емес 4 мың адам қоршап алады да бәрін шауып тастайды. Осылайша Сыздық сұлтанның тапсырмасын орындаған қазақ әдейілеп тұтқынға түседі. Бірақ-та басшысыз қалса да сібірліктер еш саспастан қатарын түзейді де Сыздық сұлтанның әскерін жақындатып алып, оларға қарсы барлық зеңбіректер мен мылтықтардан оқ жаудырады. Сыздық сұлтанның әскері өздерінің қырылғанына қарамастан басқыншылардың әскеріне қарай қатарынан төрт рет шабуыл жасайды. Бірақ олардың барлық шабуылы сәтсіз аяқталып үлкен шығынға ұшырайды. Осылайша басқыншылар толық жеңіске жетеді [10, 56-60-пп.]. Бұл шайқаста Сыздық сұлтан өзінің жастығына қарамастан алғаш рет қолбасшылық қабілетін көрсете бастады. 1858 жылы 3 маусымда Түркістан бегі бастаған қоқандықтар ірі шабуыл ұйымдастыруға тырысқанымен, жеңіліс тауып кері қайтады. Шайқас кезінде Кенесарының ұлы Тайшық пен Түркістан бегі тұтқынға түсіп қала жаздайды. Бұл жөнінде Сырдария шебі қолбасшысының Орынбор корпус бастығына жіберген № 609 мәлімдемесінен біле аламыз. Онда былай делінген еді: «1858 жылы 3 масымда Түркістанның бегі Мырза Нияз бастаған қоқандықтар біздің иелікке шабуыл жасады. Алайда қарсылыққа тап болған олар кері қарай қашуға мәжбүр болады. Тіпті бек пен Кенесарының ұлы Тайшықтың өзі тұтқынға түсе жаздайды. Бұл шайқаста өлгені, жаралысы және тұтқынға түскені бар 800 адамынан айрылады» [10, 55-п.].

Негізінде қазақтардың орыс басқыншыларымен Ақмешіт аймағы үшін жүргізген соғыстары әлі жап-жас Сыздық сұлтанға зор тәжірибе жинақтаған үлкен күрес мектебіне айналды. Осы өңірде ол болашақта зор пайдасын тигізген партизандық соғыстың қыры мен сырын игерді және шайқастарда жеңістерге жетудің жолын үйреніп қана қоймай, жеңілістердің де ащы дәмін сезініп, оған мойымайтын қайсарлық мінезді қалыптастырды. Яғни, келешектегі әскери қолбасшылықтың қасиеттерін бойына сіңіре бастайды. Дегенмен ол өзінің қолбасшылық дарындылығын 1860 жылы өткен Алматы түбінде өткен Ұзынағаш шайқасы кезінде-ақ жан-жақты көрсетіп, басқыншылардың ерекше наразылығын аудартқан болатын.

Ахмет Кенесарыұлының кітабында бұл шайқас туралы төмендегідей мәлімет келтіріледі: «1860 жылы Қоқанда ерлігімен атағы шыққан Қанағатшаһ Ташкентті билеп тұрған кезде генерал Колпаковский бастаған орыс әскері Алматыдан шығып, Тоқмақ қамалын қиратып, басып алады. Оған қарсы Қанағатшаһ паруаншы қырық мың әскерімен Верныйға қарай аттанады, солардың ішінде Тайшық, Сыздық, Ахмет сұлтандар бар еді. Қанағатшаһ аттанғаны жайлы хабар алған соң, Колпаковский әскерін шекарадағы Қастек бекінісі маңына орналастырып күтіп жатады. Қанағатшаһ асудан асып, Ырғайтты-Қайыңды деген жерге жеткен соң, Тайшық, Сыздық, Ахмет сұлтандарға қырғыз, қазақтардан құралған бір топ жасақ беріп : «Ілгері барып, ала алсаңдар Ұзынағашты алыңдар. Ала алмаған күнде де жауды Қастекке жібермеңдер, біз де ертең жетерміз», – деп бұйрық берді... Сұлтандар Ұзынағашқа жеткенде онда бір зеңбірегімен екі жүз солдат бар екен. Сұлтандар солдаттардың мылтық атуына да, зеңбірек атуына да мұрша бермей, шабуылға кірісті, сондықтан екі жақтан да адам шығыны көп болған жоқ. Жаужүрек жігіттер жау шебіне шауып барып, солдаттардың қолдарындағы мылтықтарын да тартып алып жүрді. Осылай олар үш күн соғысты. Төртінші күн дегенде Қастектегі орыс әскері түнде кейін шегініп, Ұзынағашқа жақындады. Таң ата, Колпаковскийдің өзі басқарған сегіз жүз солдат қазақтарды мылтықпен де, зеңбірекпен де атқылап, сұлтандарды кейін шегінуге мәжбүр етті. Бұдан кейін де Ұзынағаш пен Қастек арасында бірнеше қақтығыс болды. Ақыры, Саурық батыр қорғаны деген жерге қырық мың әскерімен Қанағатшаһ паруанашы да келіп жетті. Мұнша көп әскерді көрген Колпаковский де тоқтады. Қанағат шаһ паруанашының әскері мылтық атып, түске дейін шабуыл жасады. Оның сарбаздары орыс әскеріне жақындаған кезде Колпаковский жеті зеңбіректі картечпен оқтап, дүркіндете атуға бұйрық берді. Зеңбірек оғынан Қоқан сарбаздары топалаң тиген қойдай қырылды. Сол жерде жеті жүз сарбаз және көптеген атты әскер қаза тапты. Сол жерде жеңілген Қанағатшаһ паруанашы Қастектен төмен шегініп, Жиренайғыр бойына барып тоқтайды. Келесі күні таң алдында ол Тайшық, Сыздық, Ахмет сұлтандарды басшы етіп, қазақ қырғыз жасақтарын Алматыға жібереді. Оларға: «Мен ертең Қастекке қарай аттанам, сендер Алматыға шабуыл жасаңдар. Мені қашан да Қастек маңынан табасыңдар» деп бұйрық береді. Сұлтандар Ұзынағаштан өтіп Қарғалы деген жерге жеткенде лауазым иесі, датқа атағы бар, жолға ауыр қарт адамдарды: Батырбек, Байзақ, Момынбек, Қожабек, Сыпатай, Қырғыздардың манабы Жантайды сол жерде қалдырып, өздері Шадыман манап, Сұраншы батыр, Байсейіттермен бірге қырғыз пен қазақтың бес жүз таңдамалы жас жігіттерін бастап күні-түні жүріп отырып, Алматы бекінісінің маңына келіп жасырынып жатады. Келесі күні азанда шабуыл жасап, қала сыртында жүрген төрт орыс пен бір орыс шаруасының қызын ұстап алады. Сол күні түске таман Қарғалыда қалған датқаларға қайтып келіп, Қастекке барады. Барса, Қанағат паруанашы бұлар кеткен бойда-ақ кейін қайтқан, ал бұларды, орыс әскері соңдарына түспесін деп әдейі алдап жіберген екен. Оларды сұлтандар Қайыңды-Ырғайтыда қуып жетіп, қолға түскен орыстарын Қанағат паруанашыға тарту етіп береді. Тоқмаққа қайтқан соң Қанағат паруанашы бұзылған қамалды қайта тұрғызуға кіріссе, ал сұлтандар олармен қоштасып, Түркістандағы өздерінің туыстарына қайтады» [3, 20-21-бб.].

Орыс әскери шенеуніктері Ұзынағаш шайқасында Қанағатшаһтың соғыс жоспарының өте дұрыс жасалғандығын айтып, жоғары бағалады. Қанағатшаһтың жоспары бойынша, біріншіден, қару-жарақ көп жиналған, бірақ орыс әскерлері аз орналасқан Алматыны алу көзделді. «Алматыға шабуыл жасалса, – деп жазды І. Жансүгіров, – Қараталдан оңтүстікке қарайғы Ұлы жүз түгелімен Қоқанға қосылған болар еді. Сөйтіп, әр жердегі бөлек-бөлек орыс әскерін бет-бетімен қоянша соғып жеңетін еді. Онда Ертіске дейінгі Орта жүз түгелімен қозғалып, Іле тұс-тұсындағы орысты шауып жіберуге кәдік еді». Екіншіден, ойға-қырға от қою әдісі жүзеге асырылды. Жел айдаған өрт Саурық қорғанына жақындап келіп, басқа жаққа ауып кеткен. Даладағы өрт отрядқа қауіпсіз болғанымен, оқ-дәрі жәшіктеріне тигенде, сөз жоқ, орыс әскерлерін шығынға батыратын еді. Үшіншіден, алдын ала орыс әскерлерінің күшін бытыратып, адастыру мақсатымен «Қоқандықтардың бір бөлігі Ілеге кетті», «Сұраншы бастаған мыңға жуық қол Алматыға кетті» деген сияқты дақпырт сөздер таратып, дұшпан күшінің бөлініп жарылуын қамтамасыз еткен. Төртіншіден, артиллерияны орыс әскерлерінің күшін титықтатып барып қосу көзделген. Бірақ, Қанағатшаһтың бұл соғыс жоспары іске аспай қалды. Ұзынағаш шайқасы Іле өлкесінде орыстардың біржола табан тіреуіне әкелді және Іленің оңтүстігінен орыстарды біржола ығыстырып шығармақ болған қоқандық күшке, түркі-мұсылмандардың біріккен күшіне қатты соққы берілді. Сөйтіп, Жетісу өлкесінде 1860 жылдан бастап орыс ықпалы біржола орнады [11, 40-41-бб.].

Жетісу қазақтарының қоқандықтарды жаппай қолдаудағы мәнісі олардың ішінде Сыздық сұлтан сияқты Кенесарының ұрпақтарының болуында жатса керек. Сонымен Жетісу өлкесінің Ресейдің құрамына кіруі патша өкіметінің басқыншылық саясатының күшеюіне жол ашып, Жетісу өлкесінде әскери бекіністердің көптеп салынуына, орыс казактарының лег-легімен қазақ жеріне ағылуына және қазақ жайылымдарының күштеп тартып алынуына және тағы басқа саяси жағдайларға алып келіп, Ұлы жүз қазақтарын Ресей империясының толық отарлық езгісіне түсірді.

Яғни, Ресей Жетісу жеріне таза отарлаушы күш ретінде қадам басып, келесі басқыншылық жорықтарға дайындық жүргізуге көше бастайды. Осы мақсатқа жету үшін патша өкіметі Жетісу өлкесін әскери орынға айналдырып, Верныйды қазақ даласындағы ең ірі бекініс етіп жасайды. Онда сол замандағы ең озық соғыс техникаларымен жасақталған мықты гарнизон орналасты. Бұл гарнизонның міндетіне өлкедегі орыс билігін қамтамасыз етіп қана қоймай, кез келген уақытта Қазақстанның оңтүстігіне қарай тереңдеп кіруіңе және Орталық Азияға басқыншылық жорықтарын жасау кірді. Дегенмен, олардың Түркістан өлкесіне қарай басқан қадамдары көптеген тосқауылдарға кездесуіне мәжбүрледі. Өйткені оларды азаттық үшін жандарын өлімге тігуге дайын тұрған Сыздық сұлтан бастаған қазақтардың ерен ерліктері күтіп тұрған еді.

Пайдаланған әдебиеттер

1 Құсайынұлы Қ. Қазақ шаруашылығы отаршылдық дәуірінде .– Алматы: Дәнекер, 2001. –120 б.

2 Павлов Н. История Туркестана. – Ташкент: Типография при канцелярии Туркестанскаго Генерал-губернатора, 1910. – 238 с.

3 Кенесарыұлы А Кенесары және Сыздық сұлтандар / Қазақша аудармасы: Ғ. Ахмедов. – Алматы: Жалын, 1992. – 48 б.

4 ҚРОММ. 374-қ, 1-т., 1922-іс.

5 Орталық ғылыми кітапхананың қолжазбалар қоры. 1175–ші папка М.Ж. Көпеевтің қолжазбалары.

6 Кенесарин А. Кенесары и Садык / предисловие Е.Т. Смирнова. – Ташкент: Типо-литография С.И. Лихтина, 1889.  – 133  с.

7 ҚРОММ. 4-қ., 1-т., 16-іс.

8 РФОрОММ. 6-қ., 10-т., 7268-іс.

9 ҚРОММ. 383-қ., 1-т., 28-іс.

10 ӨРОММ. 715-қ., 1-т., 20-іс.

11 Махаева А. Ұзынағаш шайқасы // Қазақ тарихы. – 2004. – № 6. – 36-42-бб.

References

1 Qusaıynuly Q. Qazaq sharýashylyǵy otarshyldyq dáýіrіnde .– Almaty: Dáneker, 2001. –120 b.

2 Pavlov N. Istorııa Týrkestana. – Tashkent: Tıpografııa prı kantselıarıı Týrkestanskago General-gýbernatora, 1910. – 238 s.

3 Kenesaryuly A Kenesary jáne Syzdyq sultandar / Qazaqsha aýdarmasy: Ǵ. Ahmedov. – Almaty: Jalyn, 1992. – 48 b.

4 QROMM. 374-q, 1-t., 1922-іs.

5 Ortalyq ǵylymı kіtaphananyń qoljazbalar qory. 1175–shі papka M.J. Kópeevtіń qoljazbalary.

6 Kenesarın A. Kenesary ı Sadyk / predıslovıe E.T. Smırnova. – Tashkent: Tıpo-lıtografııa S.I. Lıhtına, 1889.  – 133  s.

7 QROMM. 4-q., 1-t., 16-іs.

8 RFOrOMM. 6-q., 10-t., 7268-іs.

9 QROMM. 383-q., 1-t., 28-іs.

10 ÓROMM. 715-q., 1-t., 20-іs.

11 Mahaeva A. Uzynaǵash shaıqasy // Qazaq tarıhy. – 2004. – № 6. – 36-42-bb.

Р.Е. Оразов, научный сотрудник Института истории и этнологии им. Ч.Ч. Валиханова, PhD докторант

ЖИЗНЬ И ДЕЯТЕЛЬНОСТЬ СУЛТАНА СЫЗДЫКА 

Резюме

В статье рассматривается жизнь и деятельность султана Сыздыка и его борьба против колониальной политики России. Статья была написана на основе работ российских военных исследователей до октябрьской революции и произведений Ахмета Кенесарина на казахском языке. В то же время, как источники использовались материалы архивов Казахстана и Узбекистана.

Ключевые слова: Сыздык, Ахмет, султан, Россия, хан, власть, колонизация, национально-освободительная борьба, главный командующий, батыр

R. Orazov  Researcher of the Institute of the Ch.Ch. Valikhanov Institute of History and Ethnology, PhD  student.  Almaty, Kazakhstan

THE LIFE AND ACTIVITIES OF SULTAN SYZDYK

Summary

The article examines the life and work of the Sultan Syzdyk and his struggle against the colonial policy of Russia. The article was written on the basis of the work of Russian military researchers before the October Revolution and the works of Ahmet Kenesarin in the Kazakh language. At the same time, the materials from the archives of Kazakhstan and Uzbekistan were used as sources.

  Keywords: Syzdyk, Akhmet, Sultan, Russia, khan, power, colonization, national liberation struggle, chief commander, batyr.


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 5273

Нет рецензий

Скачать файлы

Сыздық сұлтанның өмірі мен қызметі.doc 0.08 MB

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

УДК 94 (574) : 316. 34 Қазақстандықтардың Украинаны азат ету жолындағы күресі мен ерліктері ӘОЖ 94(574) «15/16» XV ғ. соңы мен XVI ғ. басындағы Қазақ хандығы тарихының мәселелері ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ ӘОЖ 323.31(574)(09) СЫЗДЫҚ СҰЛТАННЫҢ ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ ӘОЖ 2.752 АҚТӨБЕ ӨҢІРІНДЕГІ ДІНИ ҚАЙРАТКЕРЛЕРДІҢ РУХАНИ ҚЫЗМЕТІ УДК 94(574) «15/16» ЕЩЕ РАЗ О ВРЕМЕНИ СМЕРТИ И МЕСТЕ ЗАХОРОНЕНИЯ КАСЫМ-ХАНА ҒТАМР 03.20.09.31 СЕМЕЙ ӨҢІРІНДЕГІ ПАТША ҮКІМЕТІНІҢ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ТАРИХЫНАН МРНТИ 03.20.00 ОБРАЗ ДЖАНГИР ХАНА В ПОЛИТИКЕ УПРАВЛЕНИЯ СТЕПЬЮ В ОТЕЧЕСТВЕННОЙ И ЗАРУБЕЖНОЙ ИСТОРИОГРАФИИ МРНТИ 03.20.00 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ПОЛИТИКА ЦИНСКОЙ ИМПЕРИИ В КАЗАХСКОЙ СТЕПИ И ПРОТИВОБОРСТВО В ДАННОМ ВОПРОСЕ С РОССИЕЙ

Статьи автора

ӘОЖ 323.31(574)(09) СЫЗДЫҚ СҰЛТАННЫҢ ӨМІРІ МЕН ҚЫЗМЕТІ