Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » ӘӨЖ 930.2:94(574) ХVI Ғ. БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ МЕН ШАЙБАНИЛЕР ӘУЛЕТІ АРАСЫНДАҒЫ САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАР

¹Н.А. Тасилова, ¹А.Т. Ахметжанова, ²М.Д. Байдавлетова

ӘӨЖ 930.2:94(574) ХVI Ғ. БАСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫ МЕН ШАЙБАНИЛЕР ӘУЛЕТІ АРАСЫНДАҒЫ САУДА-ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАР

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 2(14) 2018

Автор:
Бұл мақалада ортағасырларда тарих сахнасына көтерілген Қазақ хандығының көрші жатқан Мәуреннахрдағы Шайбанилер әулеті арасындағы сауда-экономикалық байланыстарының тарихы жазба деректер мен тарихнамалық еңбектердің негізінде зерделенген. Әсіресе, көшпелілер мен отырықшылар арасындағы сауда қатынастары, олардың өзара тиімді байланыстары қарастырылған. Екі жақтың сауда қатынастары үшін Сыр бойындағы қалалардың маңызы көрсетіліп, ХVI ғасырдың басындағы екі жаққа да тиімді саудаға билеушілер тарапынан тыйым салудың бөгет бола алмайтындығы анықталды. Кілт сөздер: мемлекеттілік, хандық, түп төркіні, саяси, халықаралық, байланыстар, дипломатия.
Содержание:

ХVI ғасырдың басы Қазақ мемлкеттілігінің күшеюі мен нығаю жылдары болып табылады. Сондықтан бұл кезеңнің Қазақстан тарихында алатын орны ерекше. Осы кезеңде Қазақ хандығының мемлекеттік беделінің артқандығын сыртқы саясат пен дипломатиялық қарым-қатынас саласында белгілі бір табыстарға қол жеткізуінен-ақ анық байқауға болады.

Орта ғасырлардағы Қазақстан мен Орта Азия халықтарының қарым-қатынастарын зерттеу, көшпелі қоғамның дамуы, отырықшы және көшпелі мәдениеттің қатынастары, өкениеттердің байланысы мен қарым-қатынасы және түрлі мәселелерді шешу – тек сол елдердің тарихында ғана емес, сонымен қатар дүниежүзілік тарихта да маңызды рөл атқарады.

ХVI ғ. басында Орта Азиядағы Темірлік әулеттің орнына жаңа әулет – Шайбанилік әулеттің келуі, оның көрші мемлекеттермен қарым-қатынастарына түбегейлі өзгерістер әкелді. Соның ішінде Қазақ хандары мен жаңа әулеттің негізін салушы Шайбани хан арасындағы бейбіт қарым-қатынастар ұзақ соғыстарға ұласты. Ол әрине, Мұхаммед Шайбани ханның тікелей іс-әрекеттеріне байланысты туындаған еді.

Шайбани хан Қазақ хандығын бағындыру мақсатымен 4 рет жорық ұйымдастырады [1]. Көптеген тарихи әдебиеттерде бұл жорықтардың түпкі мақсаты мен сипатына жете мән берілмей, тек ортағасырлық тонаушылық жорықтар деп сипаттама беріліп келді. Сол себептерге орай бұл мақаланың алдына қойған мақсаты – Шайбани ханның бірінші, яғни, 1504-1505 жж. жорығының туу себебіне, оның алдына қойған мақсатына, сипатына жан-жақты тарихи талдау жасау болып табылады. Өйткені, бұл жорық саудаға қатысты ортағасырлардағы экономикалық санкциялардың соғысқа ұласуының бір көрінісі болып табылады.

Осы мәселеге қатысты ХVI ғ. жазба деректеріне зер салар болсақ, солардың ішінде Фазлаллах ибн Рузбихан Исфаханидың «Михман наме-йи Бухара» («Бұхара қонағының жазбалары») атты шығармасы өте құнды екенін аңғарамыз. Өйткені, бұл еңбек ғылыми құндылығы жағынан Мұхаммед Хайдар Дулатидың «Тарих-и Рашиди» еңбегімен теңесе алады. Онда қазақтарға қарсы жорықтар ғана емес, сонымен қатар қазақ хандары, олардың шежіресі, қазақтардың шығу тарихы жайлы, олардың шаруашылығы, діні, әдет-ғұрыптары, Сыр бойындағы қалалар мен сауда қатынастары туралы құнды мәліметтер кездеседі.

Сонымен қатар, осы тақырыпты кеңінен зерттеп жүрген ғалым К.А.Пищулина, М.Х. Әбусейітова [2], Б.Б.Кәрібаевтың ғылыми еңбектері мен мақалалары үлкен ізденістен туған дүниелер қатарына жатады.

Тарихи тұрғыдан жан-жақты қарастыра келіп, Шайбани ханның бірінші жорығын экономикалық себептерден туындаған жорық деп айтуымызға болады. Ол үшін алдымен осы жорыққа дейінгі Дешті Қыпшақтың көшпелі және Орта Азияның отырықшы халықтарының арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынастарына тоқталып өтейік.

Орта ғасырларда Қазақстан халқы көршілес Орта Азияның отырықшы-егінші халықтарымен бейбіт қарым-қатынаста болды. Тату көршілік қатынастар бейбіт сауда-экономикалық байланыстар арқылы өрбіді. Сөйтіп, сауда байланыстарының дамуы көрші елдермен қатынастарды нығайтып, олардың экономикаларының дамуына ықпал жасады. Шығыс авторларының деректеріндегі мәліметтерге сүйенсек, қазақтар мен көрші елдер арасындағы сауда, тіпті, соғыс жылдарында да тоқтаусыз дамыған. Сол сауда байланысын тоқтату үшін соғыс өрті күшейе түскені туралы мәліметтер де кездеседі.

Көрші халықтардың экономикалқ құрылымының мазмұны мен ерекшеліктері олардың бір-бірімен тығыз араласуын қажет етті. Көшпелі қазақтар, көбінесе, қалалық қолөнер кәсіпшілігінің бұйымдарымен және отырықшы шаруалардың еңбек өнімдерімен жабдықтауды керек етті. Өз кезегінде олар артық малы мен мал шаруашылығында өндірілген өнімдерін өткізуге мәжбүр болды. Сондықтан да Қазақстан мен Орта Азияның көршілес аймақ халықтарының шаруашылық, сауда байланыстары өзара мүдделікке негізделген дағдылы құбылыс еді. Көшпелілер мен Орта Азияның отырықшы халықтарының сауда орталықтары Сыр бойының қалалары еді. Олар: Яссы (Түркістан), Отырар, Сығанақ, Сауран, Аркук, Үзгент және т.б. еді [3].

Шаруашылық байланыстар рухани, материалдық мәдениетті, тұрмыс элементтерін, шаруашылық дағдыларын, әдет-ғұрпын, заңдарын, қоғамдық өмір құрылымын, мемлекеттік құрылыс нысаналарын, әскери өнерін және т.б. бір-бірінен үйренуге жетеледі.

Қазақ хандығы өзінің төңірегіндегі елдермен, әсіресе, Орта Азияның отырықшы, қалалы аудандарымен сауда-саттық байланыс жасап отырды. Исфаханидың «Михман нам-йи Бұқара» атты еңбегінде қазақ саудагерлерінің «үнемі ислам елдеріне бұрын да, қазір де барып отырғанын» атап көрсетеді[4]. Бұл саудагерлер егіншілік пен қолөнер өнімдеріне өздерінің мал немесе мал шаруашылығының шикізаттарын ғана айырбастап қойған жоқ, сонымен қатар қазақтардың қол өнерінің өнімдерін де, мәселен, жүннен тоқыған шекпендерді айырбастап отырды. Деректердің мәліметіне қарағанда, осы жүн шекпендердің бағасы сол кездегі Бұхарада сатылатын атлас шапандардың бағасымен пара-пар болған екен[5].

Қазақтар өсіріп отырған малдарын қалаға алып барып, керекті заттары мен мұқтаж бұйымдарына айырбастап отырған және олар тек айырбас сауда жасаған. Ол туралы Рузбихан Сығанақ қаласын суреттегенде былай деп жазады: «Дешті Қыпшақ иеліктері мен жерлерінің көпестері Сығанақ қаласын өз заттарын сақтайтын орынға айналдырған және осы жерлерге сауда тауарларын әкеліп жүрді. Түркістан өңірінің, Мәуереннахрдың және шығыстан Қашқар, Қотан шектеріне дейінгі жердің көпестері Сығанаққа өз елдерінің тауарларын әкеліп, Дешті адамдарымен сауда келісім, айырбастарын жасайды. Бұл сауда келісімдері Сығанақта жасалатын болғандықтан, бұл иелік түрлі елдер көпестерінің үнемі келіп жүретін орнына айналды, сондықтан мұнда барлық елдердің жақсы заттары мен тауарлары молшылық» [4, 116-117-бб.].

«Михман наме-йи Бухара» авторының жазғандарына қарағанда, көшпелі малшылар мұнда малын (семіз қойларын, жылқыларын, түйелерін) айдап әкеліп, мал өнімдерін (ет, сүт, тері, жүн, одан жасалған бұйымдар), аң терісін жеткізіп тұрған [4, 116-б.].

Сонымен қатар Фазлаллах ибн Рузбихан: «Бұл елге Дешті Қыпшақ жақтан көптеген қымбат заттар алып келінді, семіз қой, жылқы, түйе және басқа да тері мен жүннен тігілген қымбат тон мен бас киімдер болды», - дейді. Яғни, бұл мәліметтер көшпенділердің отырықшы халықтармен тығыз қарым-қатынаста болып, екі ел арасындағы сауда-айырбасты мейлінше дамытқанын көрсетеді.

Фазлаллах ибн Рузбихан Исфаханидың «Бұқара қонағының жазбаларында» ХVI ғ. басындағы қазақтардың, олардың қалаларының тарихын баяндайтын, экономикасы мен саудасын, тұрмысы мен шаруашылығын суреттейтін басқа деректерде кездеспейтін мәліметтер мол.

Рузбиханда, сонымен қатар қазақтардың киімдерін Орта Азиядан алынатын мақта-мата бұйымдарынан тіккендігі және сол үшін қазақ көпестері Мәуереннахр мен Хорезмге, ал ортаазиялық көпестер қазақтардың елді мекендеріне сапар шеккендігі жөнінде мәлімет кездеседі. Бұхара және Самарқанд көпестері далалық аймақтарға, мақта-мата, жібек, қағаз маталар мен киімдерді, сонымен қатар шойын қазандар, қол жуатын құман, т.б. заттарын әкеліп, малға айырбастаған. Ондай саудадан олар көп олжаға батып отырды, яғни олар үшін ұтымды болды.

Міне, осындай мәліметтер арқылы көшпелі және отырықшы халықтардың сауда-экономикалық қарым-қатынастары табиғи сұраныстан пайда болып, әрі оның екі жаққа да тиімді болғанын аңғаруымызға болады.

Сөйтіп, ХVI ғ. басына дейін жалғасып келе жатқан бейбіт сауда қатынастардың шырқын Шайбани ханның экономикалық заңдары бұзды. Ол жайында зерттеуші Б.Б. Кәрібаев: «Дешті Қыпшақта дүниеге келіп, өмірінің 20-30 жылын сонда өткізген Шайбани хан Дешті көшпелілері мен Орта Азиялықтар арасындағы сауда-айырбас, экономикалық байланыстар жағдайын жетік білді. Екі жақтың бір-біріне қандай өнімдер өткізетінін, қандай өнімдерге зәру екендігін және олардың қандай түрмен жүзеге асатындығын біліп отырды», - дейді. Бұл мәліметтерге сүйенсек, Шайбани ханның жорыққа дайындалмас бұрын сол елдің жағдайымен толық таныс болғандығын байқаймыз. Ежелгі және орта ғасырлық дәуірде отырықшы халықтар мен мал шаруашылығымен айналысатын тайпалар арасындағы экономикалық байланыстарды жетік білген билеушілер соңғыларын өздеріне бағыныштылықта ұстап отыру үшін, олардан салық жинау арқылы пайда табу үшін, әрі олардың сауда-саттық ісін реттеуді өз қолдарында ұстап отыру үшін қажетті барлық әрекеттерге барды, ал бағынбай бара жатса, жаулап алуға ұмтылды. Сөйтіп, сауда ісіне қысымды күшейткені соншалық, тіпті мал сатушылардың қалаларға енуіне ғана емес, қала саудагерлерінің малшы тайпалардың арасына баруына да тыйым салып отырған.

ХVI ғ. басында дәл осындай жағдай Қазақ хандығы мен Мәуереннахрдағы Шайбанилер әулеті арасындағы қарым-қатынастан байқалады. Орта Азиядағы билігін әбден нығайтқан Мұхаммед Шайбани хан Қазақ хандығын әлсірету мақсатымен 1504 ж. экономикалық күрес сипатындағы бірнеше заңдар мен сол заңдарға сәйкес тыйым салатын жарлықтар шығарады. Ол туралы Исфахани былай деп жазады: «Түркістан тұрғындарына қазақ саудагерлерімен ешқандай сауда байланысы жасалмасын және олармен өзара қатысу, олардың жерлеріне саудагерлердің баруы тоқтатылсын» деген бірнеше жарлық шығарады. Сондай-ақ, бірнеше рет «Түркістанның кейбір өңірлерінде және Хорезм қалаларында қазақ саудагерлерін тонауға бұйрық берді» [4, 110-202 бб.]. Бұл заңдар біз сөз етіп отырған елдер арасындағы сауда-саттық, экономикалық байланыстардың жоғары деңгейде дамығанының дәлелі болып табылады. Және бұл жарлық пен заңның күші мен екі ел арасындағы қарым-қатынасты ХVI ғ. соңына дейін айқындайды. Сөйтіп, 1504 жылдан бастап Дешті Қыпшақ пен Мәуереннахр арасындағы бейбіт қатынастардың толық аяқталғандығын көрсетті.

Бұл туралы Б.Кәрібаев: «Өзінің әскери және экономикалық қуаты сенімді шайбанилық әулет пен қазақ саудагерлеріне қарсы тонаушылық сипаттағы әрекеттер жасай отырып, Рузбиханның жазғанындай «оның өз ішінде әр түрлі ойлары болды». Ол, біріншіден, ғасырлар бойы объективті түрді қалыптасқан көшпелі және отырықшы өңірлер арасындағы экономикалық байланыстарды үзу арқылы көшпелілерді, яғни қазақтарды өзіне тәуелді ету, олай болмаған күннің өзінде қарсыласы Қазақ хандығын әлсірету болды. Екіншіден, қазақ саудагерлерін тонауына қарсы қазақтар тарапынан қарсы әрекет болары, яғни Мәуереннахрға қазақтардың жорық жасайтындығын білді. Сондай-ақ қазақтардың жорығы Шайбани хан үшін оларға қарсы соғыс ашуға түрткі болуға тиіс болды және де ол өзін Мәуереннахр халқы алдында «мұсылмандардың қорғаушысы» екендігін көрсетуді ойластырды»,- деп Шайбанидың экономикалық қыспағының мақсатын ашып көрсетті. Ә.Хасенов: «Орта Азия билеушісі ХVI ғ. басында алдымен қазақтарды экономикалық тәуелділікке ұстау үшін 1504 жылы жарлық шығарды. Жарлықта қазақтармен толық сауда-айырбасты, байланысты тоқтату жөнінде айтылады. Және де Орта Азияда жүрген қазақ саудагерлерін тонауға бұйрық береді. Бірақ, бұл шара оң нәтиже бергізбейді, керісінше, Қазақ хандығы тарапынан қарсы әрекеттер туғызады», - деп жазған болатын[6]. Яғни, қандай қыспақ шектен шықса ол міндетті түрде қарсылықты туғызады.

Ендігі жерде Шайбани ханның бұл ойының қалай іске асқандығын 1504-1506 жж. оқиғалар дәлелдейді. Өйткені, ол осы жарлықтары мен заңдарына қарсы қазақтар тарапынан болатын жорықты біле отырып, бар әскерімен Мәуереннахрды тастап, Амудария өзенінің сол жағалауындағы Хорасан қалаларын қоршауға алады. Осы кезде қазақ сұлтандары Мәуереннахрда әскердің жоқ екендігін пайдаланып, Самарқан мен Бұхара маңына дейінгі елді-мекендерді тонап кетеді. Бұл жөнінде Рузбихан Исфахани былай дейді: «Дешті Қыпшақ хандарының (қазақ хандарының – авт.) қызғаныш тамырлары бүлкілдеп соға бастады. Шынында да оларға бір анық керек болған нәрсе – киім-кешекке қатты мұқтаждық болуының салдарынан, мұның негізі кербас (мақта-мата) болғандықтан, ол киім мен кебік жұртқа керек нәрсе ғой. Олардың ұлы мәртебелі ханның (Шайбани ханның – авт.) иеліктеріне басып кіруі керек болды» [4, 202 б.], - деп қазақтардың басып кіруінің себебін түсіндіреді. Ал, тарихшы С.Жолдасбайұлы: «Өзбек ханы екі елдің арасындағы сауда қатынасына бірнеше рет тыйым салған, тіптен жарлық та шығарған. Сол жарлыққа қарағанда, қазақтар Орта Азиядан алатын заттарының көпшілігі өлген адамдарын орау үшін кебіндік мата болған. Мұхаммед Шайбани хан қазақтар үшін осындай зәру затты айырбас саудаға шығаруға мүмкіндік бермеуге тырысқан. Өмір заңының Хан заңынан да күшті екендігін өмірдің өзі көрсетті» [7], - дейді.

Ал Шайбани хан сол кезде бүкіл әскерін Мәуереннахрға қайта әкеліп, бүкіл Мәуереннахр халқы алдында өзінің қазақтарға қарсы жасамақ жорығының оң екендігін көрсетіп, мұсылман халқының қорғаушысы ретінде іске кіріседі.

Осы әрекеттердің маңызына тереңірек үңілер болсақ, Шайбани ханның алғашқы жорығының аллдына қойған мақсаты – Қазақ хандығын құлату не жою емес еді, оның басты мақсаты – сырттай қарағанда қазақтардың тонаушылық әрекетіне қарсы жорық болып көрінгенмен, Шайбанидың ойының түп төркіні Қазақ хандарына Орта Азия билеушісі ретінде күш және қыр көрсетіп, өзінің кім екендігін мойындатпақ болған әрекеті еді.

Мұхаммед Шайбани ханның қазақтарға қарсы экономикалық қыспақ саясатын қолдануы туралы сол заманда өмір сүрген Рузбихан былай деп баяндайды: «Ұлы мәртебелі тақсырдың (Шайбани хан – авт.) өзіне қарасты уәлаяттарға қазақтардың келуіне тыйым салуына әртүрлі себептер түрткі болды. Қазақтар келсе, бұл уәлаяттардағы шалқыған сәнді өмірді, өзбектердің артықшылықтарын өз көздерімен көрер еді. Өзбектердің бүкіл осы игіліктерін көріп, осылар үшін өзбектермен қиян-кескі ұрыс-керіс, жанжал шығара көрмесін, өмірді гүл жайнататын нәрселердің бәріне және алуан-алуан жемістердің рақатын көруге өздері араласу үшін, осы уәлаяттарды жаулап бағындыру мақсатымен соғыс, дау-жанжал қылышын қынабынан суыра көрмесін, құдайым мұның бетін аулақ қылсын, оларға тойтарыс беру өте қиын іс болар еді. Олар өзбектердің тұрмысының рақатты тұрмыс екендігін білмейтіндіктен, өздерінің күй талғамайтын ауыр өмірін өздерінің тыныштығы мен бостандығының негізі деп есептейді, өзбек халқын белгілі бір жерлерде ғана, тым тар мекенде қысылып отырған халық деп біледі, оны өз үйлерінің тұтқыны деп қарайды, ешқандай қадірлеуге тұрмайтын адамдар деп қарайды", - деп жазады. Шындығында, қазақтар ондай мақсаттармен басып кірмеді және де Рузбихан Шайбани ханның «өз ішіндегі ойларын» былайша түсіндіруі негізсіз еді.

Шайбани ханның бірінші жорығы 1504 жылы басталады. Бұл туралы Рузбихан өз еңбегінің ХХІV-тарауында: «Ол (Шайбани хан – авт.) Түркістан арқылы өтіп, қазақ елінің ішіне қарай бірнеше күндік жол жүретін аймаққа дейін жетті. «Қазақтармен ешбір ұрысқа түспей, хан әскері қолға түскендерді олжа етіп, кейін оралады. Осылайша, Исфахани бірінші жорықтың табысты болғанын жазады[4, 202- б.].

Ғасырлар бойы көшпелі тұрмыс пен отырықшы өмір арасындағы объективті экономикалық байланыстар екі жақтың да ішкі экономикалық тыныс-тіршілігінде маңызды рөл атқарды. Экономикалық байланыстардың субъективті түрде үзілуі заңды түрде қарсылықтар туғызатынын тарихтың өзі көрсетті.

ХVІ ғ. басында Шайбани ханның экономикалық санкциясының салдарынан екі жақ бір-бірімен соғысып, нәтижесінде экономикалық қарым-қатынастар бұзылып, сауда-айырбас әрекетіне қанша кедергі жасалғанымен, Шайбани ханның жарлығынан кейін де екі елдің арасында сауданың қызу жалғасын тапқанын көруге болады. Мәселен, Рузбихан сол жарлықтан кейін Сығанақ қаласында сауданың бұрынғыдан да күшейе түскенін айта келіп, базарға күніге әкелінген 500 түйенің кешке дейін бір де бір түйе қалмай сатылып кететіндігін, ал басқа ұсақ-түйек саудада есеп жоқ екендігі туралы жазған[4, 117- б.].

Қорыта келгенде, Шайбани ханның тарихта белгілі 4 жорығының алғашқысы 1504-1505 жыллдары болып өтті. Өзінің саяси мақсатын жүзеге асыру үшін Мәуереннахр билеушісі әр жорыққа әр түрлі сипат беріп отырды. 1504-1505 жылғы жорық алдын-ала дайындалған еді. Оны экономикалық себептерден туындаған жорық деп айтуға толық негіз бар. Бұл жорықтың ерекшелігі сол – алғаш рет Шайбани хан өзін Орта Азия билеушісі ретінде Қазақ хандығына қыр көрсетіп, отырықшы және көшпелі халықтың арасындағы табиғи сауда-экономикалық байланыстарын жарлықтарымен өз мүддесі үшін бұзды.

Сонымен, алғашқы жорықтың тууының басты себебі – Шайбани ханның экономикалық санкция ретінде заңдар мен жарлықтар жариялап, жорық жасаудың алғышарттарын жасауы еді. Ал, жорықтың астарлы мақсаты – Қазақ хандығын әлсірету немесе өзіне тәуелді ету және өзін Мәуереннахр халқының қорғаушысы ретінде көрсету еді.

Міне, осылайша Шайбани ханның түрлі сипаттағы жорықтары тарихта өз таңбасын қалдырды. Ал, талай-талай қиян-кескі жағдайларды басынан өткеріп келе жатқан Қазақ хандығы бұл жорықтарға да төтеп беріп, өз тәуелсіздігін сақтап қалып, өміршең Қазақ мемлекеті екенін тарихта тағы бір дәлелдеді.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1.  Кәрібаев Б.Б». XVI ғ. басындағы Қазақ хандығы мен Шайбанилер әулеті арасындағы қарым-қатынастар // Гуманитарлық Ғылымдар Академиясының Хабаршысы. - 1999. - №1 (3). – 53 б.

2.  Абусейтова М.Х. Казахское ханство во второй половине XVI столетия Автореф. дис. на соиск. учен. степени канд. ист. наук : (07.00.02). - Алма-Ата., 1978. - 25 с.

3.  Кәрібай Б. Түркістан және Қазақ хандығы. – Алматы, 1999. -12 б.

4.  Фазлаллах ибн Рузбихан Исфахани. Михман наме-йи Бухара. /Под.ред.А.К.Арендса. – М., 1976. - 196 с.

5.  Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. / Бес томдық. – - Алматы, 1998. – Т.2. -519 б.

6.  Хасенов Ә. Қазақ тарихының бес мың жылдық баяны (көне заманнан ХХ ғасырға дейін). – Алматы, 1998. -226 б.

7.  Жолдасбайұлы С. М.Х. Дулати және XV-XVI ғасырдағы Қазақ хандығы. – Алматы, 2000. - 60 б.

Н.А.Тасилова., А.Т. Ахметжанова, Г.З. Искакова

КазНУ пмени Аль-Фараби

Алматы г., Казахстан

Аннотация

Торгово-экономические взаимоотношения Казахского ханста с династией Шайбнидов в начале ХVI в.

  В настоящей статье на основе анализа исторических источников и исследований изучены проблемы казахско-узбекскихэкономических отношений в ХVIв.

Захвативший власть и утвердившийся в Мавераннахре, Мухаммад Шайбани хан стремился не допустить усиления Казахского ханства и с этой целью всячески препятствовал возвышению власти казахских правителей в Присырдарье. Для начала он попытался совсем прекратить их торговые отношения с Мавераннахром, издал указ, чтобы население Туркестана не совершало никаких торговых сделок с казахскими купцами и чтобы не было никаких взаимных посещений и поездок купцов, а при появлении было приказано их грабить. Объявленная Мухаммадом Шайбани, по существу, экономическая блокада-запрет на торговлю с казахами, а также военные меры, естественно, вызывали подобные ответные действия со стороны казахских ханов.

Однако насущная экономическая потребность в торговле обеих сторон была сильнее указов Мухаммада Шайбани. Его политика задевала экономические интересы не только кочевого и полукочевого населения юга Казахстана, купцов и ремесленников присырдарьинских городов, но и население самого Мавераннахра, она вызывала обострение военно-политической обстановки. 

Изучение исторического опыта взаимоотношений двух соседних народов  имеет также и общественно-политическую актуальность для определения перспектив сотрудничества Республики Казахстан и Узбекистана в новых политических и социокультурных условиях независимого существования.

  Ключевые слова: государственность, ханства, истоки, политические, международные, связи, дипломатия.

N.A. Tasilova, A.T. Ahmetzhanova, G.Z. Iskakova

Al-Farabi Kazakh National University,

Associate professors, Candidate of Historical Sciences

Almaty, Kazakhstan

TRADE-ECONOMIC RELATIONS OF THE KAZAKH HANST WITH THE DYNAMICS OF THE SHAYBNDES AT THE BEGINNING

OF THE XVI V.  

Annotation

In this article, based on the analysis of historical sources and studies, the problems of Kazakh-Uzbek economic relations in the sixteenth century have been studied. Having seized power and established itself in Maverannahr, Muhammad Shaibani Khan sought to prevent the strengthening of the Kazakh Khanate and for this purpose in every way prevented the rise of power of Kazakh rulers in the Syr Darya.

To begin with, he tried to completely stop their trade relations with Maverannahr, issued a decree that the Turkestan population would not make any trade deals with Kazakh merchants and that there was no mutual visits and trips of merchants, and when they were ordered to rob them. Declared by Muhammad Shaibani, in fact, an economic blockade-the ban on trade with Kazakhs, as well as military measures, naturally caused similar retaliatory actions by the Kazakh khans.
However, the urgent economic need for trade on both sides was stronger than the decrees of Muhammad Shaibani. His policy affected the economic interests of not only the nomadic and semi-nomadic population of the south of Kazakhstan, merchants and artisans of the Syr Darya cities, but also the population of Maverannahr itself, it caused an aggravation of the military-political situation.
The study of the historical experience of the mutual relations of two neighboring peoples also has a socio-political relevance for determining the prospects for cooperation between the Republic of Kazakhstan and Uzbekistan in the new political and socio-cultural conditions of independent existence.
<b>Key words:</b> statehood, khanates, sources, political, international, ties, diplomacy.

 


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь