Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » ЕРТІС ӨҢІРІНІҢ ҚАСИЕТТІ ГЕОГРАФИЯСЫНДАҒЫ ТҰЗДЫ КӨЛДЕР

Шаяхметов Н. У. Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУі, Еуразиялық зерттеулер кафедрасының меңгерушісі т.ғ.д., профессор, Рахимов М.И. Л.Н. Гумилев ат. ЕҰУі, Тарих факультетінің 1 курс PhD докторанты

ЕРТІС ӨҢІРІНІҢ ҚАСИЕТТІ ГЕОГРАФИЯСЫНДАҒЫ ТҰЗДЫ КӨЛДЕР

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 2(14), 2018

Теги: топонимика., тұзды көлдер, киелі география, тарихи география
Автор:
Мақалада тұзды көлдер Қазақстанның қасиетті географиясындағы нысандардың бірі ретінде қарастырылады. Авторлар Ертіс өңірінің Павлодар облысы аумағындағы тұзды көлдердің қасиеттері туралы баяндай отырып, олардың халықтың дүниетанымы мен күнделікті өмірінде кие тұтылуы талданады.
Содержание:

Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында қоғамдық сананы жаңғырту мен рухымызды биікке көтеретін басым бағыттарды айқындап берді [1]. Соның бірі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы. Бұл жобаның басты мақсаты – жалпыұлттық құндылықтарды жүйелі зерттеп-зерделеу, жаңғырту және сол арқылы ұлттық болмысымыз бен бірегейлігімізді нығайту.

«Кие», «қасиет» ұғымы туралы

Қазақ халқында «қасиетті», «киелі» ұғымының қалыптасуы жайлы Ш. Уәлиханов «Қазақтардағы шамандықтың қалдықтары» мақаласында: «Табиғат пен жаратылыстың барлық тосын құбылыстары көрініс берген жерлерді қасиетті деп санайды. ...Құлан түздегі сыңарланып өскен ағаш болсын немесе бұтақтары таңғажайып формадағы өсімдіктер болсын, олардың тұрған жері қасиетті деп саналады»дейді. Одан әрі «Қазақтар киеге үлкен мән береді. Табиғаттың кейбір апаттарын, отты, кейбір жануарлар мен құстарды, көшпелі тұрмысқа қажетті заттарды киелі деп қастерлейді... Жан-жануарлар мен заттардың киесін қадірлемеу киенің қаһарын туғызады. Киенің ашуы, қаһары – кесір деп аталады» деп, түсініктеме береді [2, 209-211 б.].

Яғни, қазақ халқы күнде көріп жүрген нақты дүниеден өзгеше болмысты, ерекше құбылыстар мен нысандарды ұлықтаған.

Шындығында қазақ халқының таным-түсінігінде «киелі», «қасиетті» ұғымын тек жермен ғана байланыстырмайды, сонымен қатар жалпы кеңістіктегі құбылыстармен өзара бірлікте қарастырған. Оған дәлел көшпелі тұрмыспен байланысты төрт түлік малды, күнделікті қолданыстағы тағамдарды, табиғат құбылыстары, Күн, Ай, жұлдыз, отты киелі санатына қосып, дәріптейді. Осы туралы Г.Н. Потанин «Қасиет жайлы аңыздар» мақаласында : «Қазақтар үй жануарларының киесі бар деп сенген. Аңыз бойынша, Зеңгі баба – ірі қара малды, Шопан ата – қойды, Ойсыл-Қара – түйені, Қамбар ата – Жылқыны қорғайды екен». Г.Н. Потанин аңыздың қазақ халқында ғана емес, Орта Азиядағы түркі халықтарына ортақтығын айтады [3, 299 б.].

Бұл тұрғыда белгілі тарихшы Хангелді Әбжанов: «Қазақ халқы сакральді сөзін естімей тұрып-ақ дінді ғана емес, бүкіл қоршаған ортаны қастерлеудің классикалық қағидаларын қалыптастырды. Мәселен, табалдырыққа тұруға, босағаны керуге, малды ұруға, молаға қарай жүгіруге болмайтынын қатаң бақылауы шаңырақты, мал-жанды, әруақтарды – екі дүниені де ерекше құрметтегеніміздің дәлелі ғой. Сакральді географияның түпкөздегені де – осы» - дейді [4, 6 б.]. Яғни, ғалым  «киелі» сөзі мағынасының қоршаған ортаның тылсым сырларымен тығыз байланысты екеніне назар аудартады.

Сонымен бірге, қазақ халқы көнеден тұзды да киелі санатына қосып ұлықтаған.

Халықтың дүниетанымында тұз неге киелі, қасиетті?

Тұз бен тұзды көлдер қазақ халқының таным түсінігінде киелі, қасиетті деп қабылданады. Оның мәні халыққа кеңінен мәлім. Біріншіден, «ас иманы - тұз» деп қарайды;  екіншіден, тұзды көлдер мен сорлар ас тұзын өндірудің  көзі, кені ретінде киелі; үшіншіден, тұзды көлдер емдік-шипалық қасиетімен киелі. 

Жалпы, тұздың киесі, қасиеттілігі туралы қалыптасқан таным-түсінік, көзқарастар барлық халықтарға ортақ құбылыс. Мәселен, шығыс халықтарында кездесетін дәстүрлердің бірі - келісім-шарт жасасқаннан кейін бір сауыттан тұз жалаған. Сауыттан тұз төгілсе, ол араздыққа - өшпенділікке айналады деген ырым осыдан қалған.

Еуропалық мәдениеттің әйгілі өкілі Леонардо да Винчи «Сырлы кеш» деген картинасында Иса пайғамбардың алдына аударылып қалған тұз сауытын бейнелеген. Оның мәні – осындай жаман ырым арқылы Исаға қарсы істелетін опасыздықты білдіру болатын.

Мұсылман дінінде ораза тұтқанда аузын тұзбен ашады. Үнді елінде достықты сатқан кісіні «тұз сатқыны» деп бағалайды. Қазақ халқында да «тұз атсын» деген қарғыс барын жақсы білеміз [5, 8 б.].

Халық жадында тұзға қатысты «Астың дәмін келтірер тұз әулие, елдің сәнін келтірер қыз әулие», «Досы жоқ адам – тұзы жоқ тағам», «Тұз астың дәмін келтіреді, мақал сөздің дәмін келтіреді», «Ет бұзылса тұз себеді, тұз бұзылса не себеді?», «Ас бұзылса – тұз түзейді» деген мақалдардың сақталып, кең таралуы тұзды кие тұтудан болуы керек.

Қазақ халқында тұзбен байланысты қазіргі кезге дейін сақталған ғұрыптардың бірі - тұзбен аластау.

Көне түркі әлемінен келе жатқан бұл ғұрып отпен аластау сияқты тұздың тазартушы қасиеті барына сенумен айқындалады. Мысалы, қазақ халқында балаға тіл-көз тисе есіктің тұтқасын тұзды сумен сүртіп, көз тиген баланың бетін, екі алақанын, екі табанын жуып, аластаса тәуір болып кетеді деген ғұрып, сенім сақталған. Жаңа туған нәрестені қырқынан шыққанға дейін тұзды сумен шомылдыру тұздың қасиетін терең білгендіктен болса керек.

Тұздың қажеттілігі тек адамзаттың асы, тамағы үшін ғана емес, ол төрт түліктің қорегі үшін де өте маңызды минералды зат. Сондықтан тұрмыс-тіршілігі мал шаруашылығымен тығыз байланысты қазақ халқы үшін тұзды  көлдерді қасиет тұтуы еселене түседі. 

Қазақтың ауызша тарих дәстүрі негізінде бізге жеткен аңыздардың бірі Асан Қайғының Жерұйықты іздеуі. Асан Қайғы желмаясымен ел аралап жүргенде Ертіс өңіріндегі тұзға байланысты жер атауларына сипаттама береді. Баянауыл тауын көргенде: «Ат ерін алмайтын жер екен. Бауырында тұзы бар екен, тұзы ауыр екен, бір түн түнеп кетемін деген адам, бір жұма тоқтап қалады екен. Тұзы жібермейді екен», -  депті [6, 106 б.].

Ащы бойына келгенде, артына қарап: «А, Баянауыл! Сенің қоныс болып тұрғаның мынау, ащының арқасы екен. Мал жазғытұрым бір жұма ащылайды екен, күзге таман бір жұма ащылайды екен. Сонысы бір жылға татиды екен»,— депті. Осы орайда Асан Қайғы тұзды жерлерді киелі, қасиетті деп бағалайды [7, 31 б.].

Тұзды көлдердің киелілігі жәйлі Ш. Уәлиханов: «Тұзды көлдерді кен деп атайды, тұсынан әулие, не аруақ өтіп бара жатқанда көзі түскен деп түсінеді» дейді [2, 208 б.].

Сондықтан тұзды көлдерді киелі, қасиетті деп дәріптеу ата-бабамыздан келе жатқан дүниетанымдық рухани дәстүр.  

Тұз – жер-су мен елді-мекен атауларының қайнары

Қазақстанның көптеген елді-мекендері мен жер-су атаулары тұзды көлдерге байланысты белгіленген. Мысалы, Ертіс бойы тұзды су көздеріне бай өңірлердің бірі. Сондықтан өңірдегі  бірқатар жер-су атаулары тұзды көлдерге байланысты қалыптасқан. Мысалы, Екібастұз, Қалқаман, Тұзқала, Жамантұз, Қызылтұз Жәміш (Емші көл – авт.) және т.б.

Ертіс өңіріндегі тұзды көлдер жайлы мәліметтерді Н. Коншин еңбегінде кеңінен кездеседі [8, 199 б.].

Ресей капиталы өкілдерінің Ертіс өңіріне қызығушылығының басты себептерінің бірі тұзды жерлер еді. XVIII ғасырдың бірінші ширегінде Ертіс бекініс шептерінің құрылуы Ресей империясы үшін ақ алтын деп танылған тұзды жерлерді игеріп, Ресейдің аймақтарына экспорт жасау болатын. Бұл туралы Н. Коншин: «Первой побудительной причиной к появлению русских на верхнем Иртыше послужила необходимая для Сибири добыча соли на Ямышевском озере (в тепершнем Павлодарском уезде)» деп жазады [9, 7 б.].

Кейіннен Ресей империясы өзінің түпкі мақсаттарына жету үшін И. Бухгольц, П. Ступин басшылық еткен әскери экспедициялары нәтижесінде Жәміш (1716 ж) , Коряков (1720) бекіністері салынды.

Жәміш көлінің аймағында жоңғар əскерінің жекелеген топтарының шабуылдары желтоқсан айының ортасында басталады. Осы шабуылдардың салдарынан 400 қазақ үйі қырылып, көп адам мен мал тұтқынға түскен. Жәміш көлінің жағасынан жоңғарлар Ямыш бекінісі үшін орыстардың дайындалған тұзын алып кетеді. Соған сәйкес 1741 жылғы 1 қаңтарда Ямыш бекінісінің коменданты полковник Т. Зорин патша жарлығын алады. Жарлықта жоңғар əскерлерінің қарауылдарымен қақтығыстарға ешқандай себеп бермеу жəне «оларды ашуландырмау» керектігі туралы нұсқау берілген [10, 90 б.].

Коряков көлі – Ертістің оң жағасында орналасқан тұзға бай көлдердің бірі. 1700 жылы осы аймақта Коряков деген көпес келіп, жергілікті халықтан тұзды көлдің орналасқан жерін анықтап, сол жерде орныққан екен. Кейін көлдің де атын көпестің атымен атап кеткен [11, 13 б.]. Жергілікті қазақтар Коряковка салынбай тұрған кезде көлді «Құрманкөл», «Құрмантұз» – деп атаған [12, 351 б.]. Тұзды көлдің орналасуы туралы В.П. Семенов: «В 25 верстах к востоку от поселка находится довольно значительное (17 версть в окружности) соленое озеро Коряковское. Разрабатываться оно стало с половины ХVIII столетия, и несмотря на это никаких признаков истощения соляного пласта в нем не заметно и до сих пор» - дейді [13, 354 б.]. Кезінде Ресей бұл көлдерден айырылып қалмау үшін жоңғарлармен де әрдайым келісімдерге барған. Бұл жайында Н. Коншин: «Велись с джунгарами о разрешении такой добычи. Так, напр., с этой целью в 1691 году был послан Джунгарию из Тобольска боярский сын Матвей Юдин» деп жазады [9, 7 б.].

Қазақ халқының жоңғар басқыншылығына қарсы күш біріктіріп, нәтижелі тойтарыс берген соң Ресей патшалығы Ертіс өңіріндегі тұзды көлдерге үстемдігін жүргізе бастайды. ХІХ ғасырдың соңына қарай тұз кәсіпшілігі А. Деров деген көпестің қолына өтіп, Коряков форпосты арқылы Ертіс өзенімен Омбы, Том, Тобыл және басқа да Ресейдің ішкі аудандарына тұздың транзиттік тасмалдары жасалады. Н. Коншиннің мәліметі бойынша Коряков тұзды көлінен 1899 жылы ресми түрде 2 439 223 пұт тұз өндіріліп,  соның 1 104 959 пұты Сібірге тасмалданып, саудаға түскен [8, 20 б.]. Қазіргі кезде Коряковка елді-мекені Павлодар облысының Заңғар ауылдық округінің құрамына кіреді. Тұзды көл сол елді - мекеннен  солтүстік-шығысқа қарай он шақырым жерде орналасқан [12, 351 б.].

Екібастұз жер атауының шығуы да тұзбен байланысты. Жер атауының шығуына қатысты бізге бірнеше аңыздар жеткен, соның ішіндегі көп таралған аңыздардың бірі Екібастұз көмір алабын тапқан Қосым Пішенбаевтың орынды белгілеу үшін қу екі жылқының басы мен тұзды үйген екен [14, 96 б.]. Н. Коншин мәліметінше «Жергілікті қазақтар Екібастұз атауының шығуын, көмір алабынан 50 шақырым жерде орналасқан тұзды көлдің атымен байланыстырады. Қазір тұзды көлдің орнында шахта орналасқан» дейді [8, 11 б.].

Қазіргі кезде өлкетанушылар осы көлдің екі бастауы болғанын және нәтижесінде Екібастұз атауы қалыптасқан деген пікірлер айтады. Негізі Екібастұз атауының шығуына байланысты әр түрлі пікірлер мен көзқарастардан басқа нақты деректің жоқ екенін атап кеткен жөн. Дегенмен елді-мекен атауының шығуы қасиетті тұзбен байланысты болғаны анық.

Сол сияқты Қалқаман елді-мекені атауының шығуы да тұзбен байланысты болуы керек. Үлкен жəне Кіші Қалқаман тұзды көлдері Павлодардан оңтүстік - батысқа қарай 46 км жəне Ақсудан 25 км жерде орналасқан, оның ауданы 250 шаршы км [15, 430 б.].

Өлкетанушы Т.А. Еңсебаев «Павлодар өңірінің тарихы туралы очерктер» атты еңбегінде екі тұзды көл атауын Дмитрий Приймактың «Баянауыл заповедный» кітабынан алған мәлімет негізінде «Қалқаман-Мамыр» ғашықтар аңызымен байланыстырған [10].

Аңыз бойынша «Дала заңын бұзған Қалқаман мен Мамыр сотталған, билер қатал шешім шығарған: жігіт пен қыз жүйрік аттарымен, екі жақтарында сапқа тұрған садақты əскерлердің ортасынан өтуге тиіс болған. Садақтылардың біреуі жігітке, екіншісі қызға оқ ататын болған. Егер тірі қалса – олардың бақыты. Егер қаза болса – жаратқанның ұйғарымы деп түсіну керек болған. Қанішердің жүрегі бұлт етті ме, немесе екіншісі мерген болды ма қазір жорамалдау қиын, бірақ жараланған Қалқаман тірі қалып, жүрегіне жебе қадалған Мамыр атынан құлаған. Міне, жаңағы екі көлдің атаулары қайдан шыққан. Үлкен көл Қалқаман деп, кішісі – Мамыр деп аталған. Бір - бірін сүйген жастардың арасындағы бұзылмайтын кедергі сияқты көлдердің арасында төбе тұр, Мамырдың қаны сияқты кіші көлдің суы жаздың ортасынан бастап қызыл түске боялады» деп баяндалады [10, 72 б.]. Н. Коншин Кіші Қалқаман көлін Қызыл көл (Розовое) деп атауы сол себепті болуы керек деп болжайды [7, 25 б].

Қалқаман этимологиялық атауының шығуын емдік қасиетіне байланысты П.П. Семенов «халық-аман» сөзінен шыққан деп мәлімдейді [13, 388 б.]. Дәл осы мәліметті Н. Коншин де растайды [8, 25 б.].

Жамантұз - Ертіс өзенінің орта ағысы мен Шідерті өзені аралығындағы тұйық алапта жатқан көл. Аумағы 19,8 км2, ұзындығы 4,8 км, енді жері 3,1 км [14, 330 б.].

П.П. Семенов Жамантұз көліне жаз айларында Сібір халықтары келіп, жергілікті қазақтардан киіз үйлерін жалға алып, арзан бағаға ет, қымыз сатып алатынын жазады [13, 388 б.].

«Материалы по киргизскому землепользованию, собранные экспедицией по исследованию степных областей» жинағында Жамантұз көлінен жергілікті тұрғындар тұз өндіретінін жазады [16, 22 б.].

Н. Коншин еңбегінде: «Джамантузская местность: ровная степь мало по малому становиться волнообразной, и холмы, сначала очень невысокие и с мягкими очертаниями, делаются постепенно выше и круче. Стороне от дороги виднеются озера и попадаются узенькие речки, почти высохшие летом» - деп, тұзды көлге сипаттама берген [8, 26 б.].

Ертіс өңірінде таяз тұзды сулы көлдер - сорлар жиі кездеседі. А. Левшин 1825-1826 жж. қазақ даласының батыс бөлігін аралаған Эверсман  деректерінің негізінде сорларды: «Жазда онша кебе қоймайтын, қыста қатпайтын, жүруге қолайсыз батпақтар; жазда кеуіп, бетін аппақ тұз қабаты көмкеретін, өсімдіксіз құрғақ жерлер» деп сипаттама берген. Ф. Щербина Омбы уезінен Ертістің сол жағалауымен Құдайкөлге дейін сусыз далада көпжылдық өсімдіктер қаулап өскен (бетегелі, көде, жусанды) қазаншұңқырларда кездесетін көлдерді «сор», «қақ» аталатынын және әрі қарай жер бедерінің төбелі жоталы екендігін жазады [7, 75 б.].

Ертіс өңіріндегі қалыптасқан жер аттары да сормен байланысты қалыптасқан. Мысалы: Қарасор, Ақсор, Сарысор, Қызылсор, Шолақсор, Баянсор, Бөкенсор, Бүркітсор және т.б.

Н. Коншин Керекуден Екібастұзға бара жатқан сапарында Қарасор жәйлі: «Карасорский пикет – расположен в предгорьях Баянаулских гор у большого озера с соленой водой Карасора, по имени которого он и получил свое название. Озеро лежит в большой котловине, усеянной высокими темнозелеными кустиками пикульки и солодки, представлявшими, своей зеленью, резкий контраст с желтевшими на солнце холмами, окружающими пикет» деген сипаттама береді [8, 27 б.].

Сор жайлы Телжан Шонанұлы: «Тұзсыз жер жоқ, бірақ бір жерде аз, бір жерде көп, тұздың көбірек болатын орындары: теңіздер, сорлар, түнді бұлақтар, тұз қорлары. Теңіз қазақ даласында аз, сор көп, сондықтан тұзды сорлардан алады» деп жазады [17, 158 б.].

Бүгінгі күні Ертіс өңірінде ас тұзы Жамантұз-2, Сольветка, Тайқоңыр деп аталатын жерлерден алынатын айта кеткен жөн.

Дала емшісі – тұзды көлдер

Далалықтар дертке дауа іздегенде оны көп жағдайда тұзды көлдерден тапқан. Тұзды көлдердің емдік қасиеті ғасырлар бойы жинақталған өмірлік тәжірибенің нәтижесінде дәлелденген. Тұзды көлдер йодқа, тұзға, минералдарға, химиялық элементтерге бай болғандықтан денсаулыққа пайдасын қазіргі медицина нақтылап отыр. Қазақстандағы тұзды көлдердің құрамында Менделеев кестесі элементтерінің көбі кездеседі.

Мысалы, Алакөл суының емдік-шипалық қасиеті ертеден мәлім. Жібек жолы бойымен сауда жасаған керуендердің тынығып, ем алып алыс жолға қайта күш-қуатын қалпына келтіріп, дайындалатын жері осы Алакөл сияқты тұзды көлдер болған. Сонымен бірге, аңыз деректері бойынша Шыңғысхан  жорықтардан кейін жараланған әскерінің жарасын емдеп, тынықтыратын жері Алакөл болған.

Бұл мәліметтердің шынтуайттылығын Алакөлдегі Ғарышкерлер үйінде кеңестік ғарышкерлерді сауықтыру, денсаулығын қалпына келтіру орталығының жұмыс істегендігі айқындай түссе керек. 

Павлодар облысындағы қазіргі кезде Жәміш немесе Ямышев көлі деп аталып жүрген тұзды көлдің көне атауы Емші көл екеніне ерекше назар аударған жөн. Бұл жөнінде Г.Н. Потаниннің мәліметтеріне зер салсақ, бұл жер ХІІІ ғ. тарихи деректерде Емші көл деген атпен белгілі екенін жазады. Сонымен бірге, Емші көлі Орталық Азиядағы ірі жәрмеңке орталықтарының бірі болғандығын атап көрсетеді [18, 355-356 бб.].  

Көлдің аты халық арасында «Емші» деп аталуы кездейсоқ болмаса керек. Оның емдік қасиеті елге мәшһүр болғандығы анық. Сондай-ақ, ондай жерде не ірі елдімекен, не жәрмеңке болуы заңды болып табылады.

Көл жайында Н. Коншин еңбегінде: «Среднее Прииртышье чрезвычайно богато солеными озерами. Большинство из них имеет целебный характер, и издавна местное население этим свойством озер пользуется. Соленые озера среднего Прииртышья отмечены еще в российских картах XVII-XVIII вв. Так, одним из первых таких озер известных сибирякам еще в XVII в., было озеро Ямыш» деп, шын мәнінде «емші көл» ретінде белгілі екенін атап көрсеткен [8, 199 б.].

Бүгінгі күні көлдің емдік-шипалық қасиеті халық үшін әлі де құнды екенін ескерсек, оның атауын қалпына келтіру тарихи әділеттілік болар еді.

Өлкедегі Үлкен жəне Кіші Қалқаман тұзды көлдері де ежелден жергілікті тұрғындар үшін емдік қасиетімен маңызды болған. Дертке шипа іздеу үшін көлге жан-жақтан адамдар келіп, көлдің қасиетіне сиынып, басына қонып кетіп отырған. В.П. Семенов: «Здесь лечатся не только местные жители – казахи, но съезжаются больные из других городов (Омска и Семипалатинска)» дейді [13, 388 б.].

Н. Коншиннің дерегінде «көлдің балшығы да майлы болып келеді және адамдар сол балшықты денелеріне жағып ревматизм сияқты аурулардан айығады» дейді [8, 24 б.].

Ертіс өңірінің қасиетті деп саналатын жерлері - Маралды және Мойылды тұзды көлдері.

Маралды көлі Павлодар облысы Шарбақты ауданында орналасқан [15, 479 б]. Көлдің қасиеті табиғи тұзының көп болуымен, минералды тұнба балшығының шипалық құрамымен ерекшеленеді.  

Мойылды көлінің емдік қасиеттері де Маралды көлі сияқты түрлі дертке шипасымен белгілі.

Ертіс өңірінің жергілікті халқы көлдің қасиеті жайлы ертеден білген. Тұзды көл туралы жазба дерек «Ресей Империясы бойынша саяхат жасаудың үстел кітабы» атты еңбекте кездеседі.

1903 ж. В.П. Семенов Мойылды жайлы: «Приходится сказать и об оз. Муялды и некоторых других горько-соленых озерах Омского и Павлодарского у.у. Целебность грязей этих озер установлена, но отсутствие дешевого и удобного сообщения и нужных приспособлений для приезжающих делают пока их недоступными», деп жазған [13, 71 б.].

Қазіргі кезде көлдің жағасында «Мойылды» санаторийі жұмыс істейді. Санаторий 1922 жылы ашылып, халыққа қызмет етіп келеді. Онда ем алып, дендеріне шипа іздеушілер алыс-жақын шетелдерден келеді [15, 496 б].

Қорытынды

Тұз – кез келген халықтың түсінігінде киелі деп есептеледі. Қазақ халқы да тұздың қасиеттілігіне сенуді ерте заманынан жалғастырып келе жатыр. Тұздың емдік қасиетін адамдар ежелден білген. Сонымен бірге, тұз күнделікті қолданыстағы қажетті өнім екені белгілі. Сондықтан тұзбен байланысты жерлер қазақ халқы үшін киелі, қасиетті деп саналады.
Мамандардың мәліметтеріне қарағанда, еліміздегі тұзды көлдердің (көпшілікке белгілі Алакөл, Балқаш көлдерінен басқа) емдік-шипалық қасиеттеріне жете мән берілмей келеді. Мәселен, лабораториялық зерттеулерге сәйкес еліміздегі тұзды көлдер мен сорлардың минералдық құрамы  әлемге әйгілі Израильдегі Өлі теңіз бен Боливиядағы ең ірі Уюни тұзды көлінің минералдарынан ешбір кем емес, кей жағдайда бірқатар артықшылықтарға ие екендігіне ерекше назар аудартады. Мысалы, Астанадан 20 шақырым қашықтықта орналасқан сордың өзі радон, бром и литийге бай екенін айқындаған [19].
Ал Израильдегі Өлі теңіздің минералдық құрамына ұқсас көл - Алматы облысындағы Тұзкөл. Тұзкөл Алматыдан 310 км. қашықтықта орналасқан. Көл суының құрамындағы тұздың жоғары мөлшері – 1 литрге 300 гр. сәйкес болып табылады. Салыстырмалы түрде айтқанда Өлі теңізде 1 литрге 340-350 гр. сәйкес [20].
Адам өмірінің басты байлығы – ас-ауқатының берекесі мен денінің саулығы болатын болса, оған септігін тигізетін факторлардың бірі - тұз бен тұзды көлдер екен. Сондықтан, тұзды көлдердің адам үшін пайдасы мен игілігін, қасиетін  ескере отырып, біріншіден, Қазақстанның қасиетті географиясын зерттеуде тұзбен байланысты қалыптасқан жер-су атауларын жүйелеуді қажет етеді; екіншіден, Қазақстанның қасиетті географиясына енгізілетін табиғи мұра ретінде тануға негіз бар; үшіншіден, қазіргі заман талабына сәйкес тұзды көлдерді медициналық туризм орталығына айналдыруға толық мүмкіндіктер бар деп есептейміз. 
Қолданылған әдебиеттер:
1. Назарбаев Н.Ә. Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру // «Егемен Қазақстан», 12.04.2017. 
2. Уәлиханов Ш. Тәңірі: Таңдамалы. – А.: Халықаралық, Абай клубы, 2013. – 392 б.
4. Әбжанов Х. Сакральді география: мәні, құрылымы, келешегі. // «Ақселеу Сейдімбек және тарих ғылымындағы шежіретану мәселелері» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдар жинағы. – Астана: Л.Н. Гумилёв атындағы ЕҰУ баспасы, 2017. -  6-10 беттер.

3. Казахский фольклор в собраний Г.Н. Потанина. – Алматы: Наука КазССР, 1972. – 379 с.

5. Бәкіров С. Тұз тұзы. – Алматы: Қазақстан, 1992. 120б

6. Кенжалы Т. Асан Қайғы. – Алматы: Дайк-Пресс, 2006. – 284 б.

7. Сапаров Қ.Т. Баянаула топонимикасы (ғылыми-танымдық зерттеулер): монография. – Алматы: CyberSmith, 2017. – 316 б.

8. Коншин Н.Я. Қазақ этнографиясына байланысты еңбектері. – Павлодар: ЭКО, 2005. – 310 б.

9. Коншин Н. Я. Краткий исторический очерк Семипалатинского края (до 1917 года) / Отдельный оттиск из «Нашего Хозяйства». - №1 (14) – 42 с.

10. Инсебаев Т.А. Очерки истории Павлодарского Прииртышья. Часть 1. С древнейших времен до XX века. – Павлодар : НПФ «ЭКО», 2000. – 240 стр.

11. Свод памятников истории и культуры Республики Казахстан. Павлодарская область. – Алматы: Аруна, 2010 – 600 с.

12. Павлодарское Прииртышье. Энциклопедия. – Алматы: «Эверо», 2003 – 678 с.

13. Семенов В.П. Россия. Полное географическое описание нашего отечества. Киргизкий край. Том 18. – С. –Петербург: издание А.Ф. Деврина. – 1903. – 478 с.

14. Сапаров Қ.Т. Павлодар облысының топонимикалық кеңістігі (қазақтардың кеңістікті игеру тәжірибесінің жер-су атауларындағы көрінісі). – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2007. – 308 б.

15. Ертістің Павлодар өңірі. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө. Жақып. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы, 2013. – 776 б.

16. Материалы по киргизскому землепользованию, собранные экспедицией по исследованию степных областей. Семипалатинская область, Семипалатинский уезд. – СПб.: тип. «Т-ва Художественной Печати», 1909. – Т.10. - 1048 с.

17. Шонанов Т. Бес томдық шығармалар жинағы. 4-том. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты. – 2017.-256 б.

18. Потанин Г.Н. Үш томдық таңдамалы шығармалары. 1 том. Саяхаттар, естеліктер және хаттар.- Павлодар: ТОО «Эко», 2005.- 550 б.

19. /http://www.unikaz.asia/ru/content/celebnye-ozera-stepnye-zhemchuzhiny/.

20. /https://liter.kz/mobile/ru/articles/show/1205/


Шаяхметов Н. У.

ЕНУ им. Л.Н. Гумилева,

Заведующий кафедрой евразийских исследований

д.и.н., профессор


Рахимов М.И.

ЕНУ им. Л.Н. Гумилева,

  PhD докторант 1 курса, Факультет истории 


СОЛЕНЫЕ ОЗЕРА В САКРАЛЬНОЙ ГЕОГРАФИИ ПРИИРТЫШЬЯ 

Резюме

В статье рассматриваются соленые озера Павлодарской области как один из объектов сакральной географии Казахстана. Авторами дается описание соленых озер Павлодарского Прииртышья и анализируется их сакральное значение в сознании и повседневной жизни населения.

Ключевые слова: историческая география, сакральная география, соленые местности, топонимика


Shayakhmetov N.U.

L.N. Gumilyov ENU, 

Head of the Department of Eurasian Studies, Doctor of Historical Sciences, Professor 

Rakhimov M.I.

L.N. Gumilyov ENU, 

1-st year PhD student, Faculty of History 


Summary

The article deals with the salt lakes of the Pavlodar region as one of the objects of  sacral geography of Kazakhstan. The authors describe the salt lakes of the Irtysh area of Pavlodar region and analyze their sacred significance in the consciousness and daily life of the population.

Key words: historical geography, sacral geography, salt lakes, toponymy


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь