Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » УДК 930.001.83 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМНІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ӘСЕРІ

Н.Қ. КАТТАБЕКОВА Қ. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің аға оқытушысы, т.ғ.к.

УДК 930.001.83 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМНІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ӘСЕРІ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 1(13), 2018

Теги: ұлттық мүдде., азаттық қозғалыс, мұсылман фракциясы, жәдидшілдік, Ресей мұсылмандары одағы, түркі-мұсылман халықтары, қазақтар
Автор:
Аннотация ХХ ғасыр басындағы Ресей империясының қол астындағы түркі тілдес мұсылман халықтарының арасында либералдық ағым бой көрсетті. Оның қалыптасуына ХІХ ғасырдың 60-70 жылдары Ресйде жүргізілген әлеуметтік-экономикалық реформалар мен 1905-1906 жылдары орын алған әлеуметтік-саяси өзгерістер елеулі ықпалын тигізді. Соның нәтижесінде Ресей империясындағы түркі-мұсылман халықтарының қоғамдық санасының діни догматизмнен азда болса арылып, олардың зайырлы қоғам талаптарына сай икемделуі белең алды. Бұл жағдай Ресей мұсылмандарының санасын серпілткен модернизм жәдидшілдік деген атпен белігілі болды. Жәдидшілдік көп жағдайда еуропалық ағартушылықтан нәр алды. Мұсылмандық либерализм түрінде көрініс тапқан жәдидшілдік империядағы түркі-мұсылман халықтарының, соның ішінде қазақтардың да санасына «батысшылдық» сипаттағы серпіліс ала келді.
Содержание:

       Ресей империясында отарлық саясаттың қарқын алуымен қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-мәдени өмірдегі өзгерістер мұсылмандық қозғалыстың өрбуіне алып келді. Бұл қозғалыс империядағы тағдырлас мұсылман халықтарының өз мүдделерін бірлесе қорғау бағытындағы әрекет түрінде көрініс тапты. 

   Мұсылмандық қозғалыстың қалыптасып, дамуына жәдидшілдік зор ықпал жасады. Жәдидшілдіктің көш басында елдегі мұсылман халықтарына еуропалық білім мен озық идеяларды таратуды көздеген қырымдық татарлардың көрнекті өкілі И. Гаспринский (Гаспыралы) тұрды. Ол мұсылмандық оқу орындарында діни сабақтармен қатар математика, география, тарих секілді т.б. дүнияуи пәндерді оқытуды насихаттап, осы мақсатта араб әліпбиін түркі халықтарының тіліне икемдеуді, «қадымшылықтан» «усул-жәдидке» көшуді ұсынды. 1883 жылдан өзі түзген әліпби негізінде «тілде, пікірде және істе бірлік» деген ұранмен «Тарджиман» газетін шығарып, түркі тілдес халықтар арасында ортақ әдеби тіл болуы керек деген мәселе көтерді.

  И. Гаспринскийдің діни-схоластикалық мұсылмандық оқу жүйесін дүнияуи білім алуға сәйкестендіріп қайта құру жөніндегі пікірі Еділ бойындағы татар зиялылары тарапынан үлкен қолдауға ие болды. «Тарджиман» газеті Түркістан өлкесіне де жетіп, онда жәдидшілдікті жақтаушылар қатарын көбейте түсті [1, 24-б.].

  Жәдидшілдердің ағартушылық қызметі реформаторлық сипат алып, қоғамдық өмірде орын алған феодалдық тәртіпке және патша өкіметінің отарлық саясатына қарсы бағытталды. Мұсылман халықтары арасында жәдидтік білім беру орындарын ашуда Еділ татарлары белсенділік танытты. В.В. Бартольд атап көрсеткендей, ендігі жерде Еуропа мәдениетін насихаттауда  Еділ татарлары орыстардың бірден-бір бәсекелесіне айналды [2, с 340]. Патша өкіметі елдегі мұсылман халықтары тек орыстану арқылы өркениетті болады деген пікірді ұстанса, ал жәдидтер бұған қарсы шығып, ұлттық, діни ерекшелікті сақтай отырып өркениетті халықтар қатарына қосылуға болатындығын дәлелдеуге күш салды.

  Жәдидшілдердің ұстанымына патша өкіметі үреймен, сескене қарап, шет аймақтардағы отарлық  әкімшілік орындарына 1900 жылдың желтоқсанында мынандай мазмұндағы нұсқау берді: «Соңғы кезде татар әдебиеттерінде орыс мемлекетінің 14 миллионнан астам мұсылмандарының көп ғасырлық өмір салтын өзгеріске түсіретіндей күшті ықпал байқалуда. Бұл ықпал Гаспринскийдің 1884 жылы шығарған әліппесінен басталды. ...Орта Азиядағы оқиғалар, әсіресе Әндіжан көтерілісі бізге мұсылмандар арасындағы кез келген әрекетке асқан сақтықпен, әрі қырағылықпен қарауды көрсетіп отыр» [3, 42-п.].

  Далалық облыстардағы отарлық әкімшіліктің шенеуніктері тарапынан да Ішкі істер министрлігіне: «Қазіргі уақытта қазандық және басқа да татарлар бәле болды! Олар орыс мәдениетінің нағыз жауыздары, қарсыластары ретінде өздерінің зиянды ықпалымен, діни уағызымен, сондай-ақ түрлі басылымдары арқылы тыныш қырғыздарды азғындық жолға түсіруге тырысуда», - деген шағымдар түсірілді [4, с. 1598].

  Қазақтар арасында жәдидтік бағыттағы мектептер ашқан татар мұғалімдері ауыл жастарын патша өкіметіне қарсы тәрбиелеп отыр деген желеумен қуылып та жатты. Алайда патша өкіметінің жәдидшілдер әрекетіне қарсы күресуінен елеулі нәтиже шыға қоймады [5, 8 п.].  

   Ресей мұсылмандары арасында  жәдидшілдердің ағартушылық жұмыс жүргізуімен қатар отаршылдық саясатқа қарсы үгіт-насихат жүргізу де қарқын алды. Бұл істе Орынбор мүфтилігінде қызмет атқарған татар халқының белгілі қайраткері Ә. Ибрагимов (Рашид қазы) белсенділік танытты. Ол 1893 жылы діни қызметін тастап, Түркияға кеткен соң «Шолпан жұлдызы» атты әйгілі кітабын шығарды.  Оның бұл кітабы мұсылман халықтарының ұлттық-саяси мәселелерін көтерген тұңғыш эмигранттық шығарма болды. «Шолпан жұлдызы» патша өкіметінің жандайшаптарынан жасырын түрде Ресей мұсылмандары арасында қолдан-қолға өтіп, мұсылмандардың саяси оянуына өз септігін тигізді  [6, с. 100].

  Ә. Ибрагимов 1904 жылы Ыстамбұл қаласында патша өкіметінің шешіміне орай тұтқынға алынған кезде бұл хабар Ресей мұсылмандары арасына тез тарап, халықтың талап етуімен босатылды. Ол 1904 жылдың қыркүйек айынан 1905 жылға дейінгі мерзімде мұсылмандар қоныстанған өңірледі аралап, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді. Петропавл қаласында болған кезінде қазақ, татар халықтарының өкілдері басқосқан жиналысқа қатысып, Министрлер комитетінің төрағасы граф С.Ю. Витте атына жергілікті халықтың дін ісіне байланысты талап-тілектері білдірілген өтініш жіберуін ұйымдастырды [7, 513 п.].

  Бірінші орыс революциясы басталған сәтте Ресей мұсылмандарының мүддесін қорғаудың жолдарын қарастырып, бір шешімге келу үшін бүкілресейлік мұсылман съезін өткеру керектігі жөнінде идены көтерген  Ә. Ибрагимов болды. Ол бұл бағытта қызу әзірлік жұмыстарын жүргізіп, 1905 жылы 8 сәуірде Петербургте И. Гаспринский, әзірбайжан халқының көрнекті қайраткері Ә. Топчибашев секілді т.б. зиялы қауым өкілдері қатысқан мәжіліс өткізді. Мәжілістің ұйғарымы бойынша бүкілресейлік мұсылман съезі тамызда өтетін болып белгіленді [8, 164 б.].

  Осындай әзірлік жұмыстарынан кейін елдегі мұсылман халықтарының белгілі қайраткерлеріне бүкілресейлік мұсылман съезі өткізілетіні жөнінде жеделхаттар жіберіле бастады. Бұл  жайлы хабар жоғары билік орындарына петиция (арыз-тілек) тапсыру үшін  Петербургке келген делегациялар арқылы да тарады. Қырымнан, Кавказдан және Орталық Азия аумағынан петиция тапсыруға келген делегация өкілдерінің көпшілігі  Ә. Ибрагимовпен жолығып, кеңесетін. Мәселен, Торғай және Орал облыстарынан келген, құрамында Б. Қаратаев бар қазақ делегациясының өкілдері Ә. Ибрагимовке жолығып, оған қазақтардың діни істерін Орынбор мүфтилігіне қаратуды көздейтіндіктерін, әрі мұсылмандармен бірлікте болуды қалайтындықтарын танытқан [8, 167 б.].

  Бүкілресейлік мұсылман съезін өткізу туралы хабар империядағы мұсылман халықтарына жеткеннен кейін 1905 жылғы тамыздың ортасына қарай Нижний-Новгород қаласына Түркістаннан, далалық облыстардан, Қырымнан, Кавказдан жіберілген өкілдер келе бастады. 13 тамыз күні делегаттардың Ә. Ибрагимов, И. Гаспринский, Ә. Топчибашев секілді белсенді өкілдері бас қосып, съездің бағдарламасын жасады. Онда Ресей мұсылмандарының мүддесін қорғайтын қоғамдық-саяси ұйым құру ең басты мәселе етіліп қойылды. Бұдан соң съезді өткізуге рұқсат алу үшін Нижний Новгород қаласының  басшылығына арнайы делегация жіберілді.

  Нижний-Новгород қаласының басшысы қаланың әскери жағдайда екенін желеу етіп, съезді өткізуге рұқсат бермеді.  Бұған қарамастан, делегаттар алған беттерінен қайтпай, 15 тамыз күні жасырын түрде Ока өзеніндегі «Густав Струве» кемесінде бүкілресейлік мұсылман съезін өткізді. Оған қатысушылардың саны 150-ге жуық болды.

  И.Гаспринский төрағалық еткен бүкілресейлік мұсылман съезі  Ә. Топчибашевтің: «Уа, дінге берік бауырлар! Осы күн мәңгі есімізден шықпас. Бұл күн алдағы уақытта мұсылман жұртшылығының жыл сайын атап өтетін мейрам күндерінің біріне айналатынына шүбә келтірмеймін. Біз, тегіміз, дініміз, тағдырымыз бір түркі халқымыз», - дей отырып, Ресейдегі түркі тілдес мұсылман халықтарын өз құқықтарын қорғауда бірлікке шақырған үндеуімен ашылды.

  Съезде сөз алғандар мұсылман халықтарының отаршылдық саясаттан, орыстандыру, шоқындыру бағытындағы іс-шаралардың жүзеге асырылуынан көрген жәбірін, тұрмысының ауырлығын айтып, бұдан былай Ресей азаматтарының тіліне, дініне және нәсіліне қарамай тең құқықта болуын талап етті. Делегаттар Ресей мұсылмандарының мүддесін қорғайтын қоғамдық-саяси құру қажеттігін бір ауыздан қолдап, бұл ұйымның бағдарламасы мен жарғысын әзірлеуді Ә. Топчибашев пен Ә. Ибрагимовке тапсырды [8, 178-179 б.]. Съездің қабылдаған 5 тармақтан тұратын қарарында Ресей мұсылмандарын заман талабына сай жақындастыра түсу керектігі, мұсылмандардың прогрессивті тобының елде құқықтық тәртіптің орнығуы жолында әрекеттенуі тиістігі, мұсылмандардың құқықтарының орыс халқының құқықтарымен теңестірілуі қажеттігі, мұсылмандар арасында елдегі саяси өмірдің ерекшеліктерін кеңінен насихаттау және бұл шараларды жергілікті жерлерде қоғамдық ұйымдар құру арқылы жүзеге асыру секілді мәселелер қамтылды  [9, 30 п.].  

  Бірінші съезден кейін Мемлекеттік думаға сайлау науқаның таяп қалуына байланысты мұсылман халықтарының сайлау кезіндегі тактикасын, Ресйдегі саяси партияларға көзқарасын айқындау, мұсылмандардың мүддесін қорғайтын қоғамыдқ-саяси ұйымның бағдарламасы мен жарғысын қабылдау өзекті бола түсті.  Осыған орай Ә. Ибрагимов, Ә. Топчибашев және татар қайраткері Ю. Акчурин (Акчура) кезекті екінші бүкілресейлік мұсылман съезін шақыру керек деген ұйғарым жасап, оның 1906 жылдың 12 қаңтарында Петербургте өтетінін жергілікті жерлерге хабарлай бастады. 

  Бүкілресейлік екінші мұсылман съезіне 89 делегат жиналды. Олардың қатарында Ішкі Бөкей ордасының өкілдері У. Танашев пен М. Ысмағұлов, Семей облысының өкілі З. Құлаев, Сырдария облысының өкілдері И. Әбуов пен М. Оразаев және Уфа губерниясының өкілі С. Жантөрин болды [10].

  Бұл съездің өткізілуіне де билік тарапынан рұқсат берілмеді. Соған орай делегаттардың біразы съезді Финляндия жеріне барып өткізуді ұсынды. Алайда, делегаттардың басым бөлігі Финлияндия жеріне баруды уақыт көтермейді деп, съезді ресми рұқсатсыз-ақ Петрбургте өткізе беруді жөн санады.

  1906 жылғы қаңтардың 13-23 аралығында өткен бүкілресейлік мұсылман съезі Ә. Ибрагимов пен Ә. Топчибашев әзірлеген мұсылмандық партияның бағдарламасы мен жарғысын талқылауға баса мән берді. Делегаттардың ұйғарымымен мұсылман партиясы «Ресей мұсылмандарының одағы» («Иттифақ-ул-муслимин») деп аталатын болды.

  Съезде «Ресей мұсылмандары одағының» 23 тармақтан тұратын жарғысы қабылданды. Елдегі мұсылмандары осы саяси партия төңірегіне топтасуға үндейтін жарғыда елдегі 16 қалада, соның ішінде Оралда, Петропавлда, Семейде, Верныйда, Ташкентте партия бөлімшелері құрылатындығы, мұндай бөлімшелердің жергілікіт жиналыста құрылуы керектігі, партияға мүше болып енгендердің жалпы және жергілікті жиналыстардың шешімдерін орындауға міндетті екені көрсетілді [11, с. 16-29 ].

  «Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасының жобасы 80-ге жуық тармақтан тұрды. Ондағы мемлекеттік құрылыс пен жер мәлесіне қатысты талаптар кадеттер партиясының бағдарламасымен үндестік тапты. Делегаттар бағдарламаға мұсылмандардың өзін-зі басқару мекемелерінің құрылуы жайлы талаптың енгізілуін ұсынды. Сондай-ақ мұсылмандардың арасындағы оқу-ағарту ісіне қатысты талаптарды нақтылай түсу қажет деген ескертпелер жасалды. Делегаттардың ұйғарымымен  бағдарламаны қабылдау келесі съездің үлесіне қалдырдылды.

  Съезде Мемлекеттік думаға сайлау мәселесі арнайы қаралды. Бұл мәселе төңірегінде пікір білдірген бірқатар делегаттар 1905 жылы 11 желтоқсанда шыққан сайлау туралы заңның мұсылмандарды кемсітіп отырғанын айтып, Думаға байкот жариялау керек деген ұсыныс білдірді. Мұндай ұсыныс көпшілік тарапынан қолдау таппады. И. Гаспринский, Ю. Акчурин және  Ә. Ибрагимов Дума мұсылмандардың мүддесін қорғаудағы бірден-бір мүмкіндік деп бағалады. Осындай пікірталастардан кейін съез «Мемлекеттік думаға мұсылман өкілдері халықтың санына қарай пропорционалды түрде жіберілсін» деген қарар шығарды [12].

   Делегаттар сайлау кезінде мұсылмандар орыс қоғамы ішіндегі ресми билікке оппозицияда тұрған саяси күштердің қолдауына сүйенуі қажет деген пікірде болды. Осыған байланысты съез делегаттары Орынбор губерниясы мұсылмандарының Думаға сайлау кезінде кадеттер партиясымен ынтымақтаса әрекет жасауға шақырған ұсынысын қуаттап, мұны қаулыға енгізді [7, 515 п.].

  Елдегі мұсылман халықтарын тапқа, жікке бөлмей, тұтастай қорғауды мақсат тұтқан «Ресей мұсылмандары одағының» жарғысын қабылдаған бүкілресейлік мұсылман съезінен кейінгі қоғамдық-саяси өмірдегі ерекше жағдайдың бірі өз жұмысын 1906 жылы 27 сәуірден бастаған І Мемлекеттік думада Мұсылман фракциясының құрылуы болды. Мұсылмандардың парламенттік фракциясының құрамы  Дума жұмысына қатысқан 24 депутаттан тұрды. 21 маусым күні мұсылман депутаттары басқосқан жиналыста фракцияның төрағалығына Ә. Топчибашев, оның бюросына құрамында С. Жантөрин бар 6 депутат сайланды.

  І Думада Мұсылман фракциясы «Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасының жобасын басшылыққа алды. Сонымен бірге бұл жобаны фракция мүшелері талқыға да салды.

  Фракция мәжілісінде «Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасындағы жерге байланысты тұжырымдамасын талқылау барысында А. Бірімжанов пен А. Қалменов бағдарламада қазақтардың қоныс аудару саясатынан көріп отырған қысымшылықтарының ескерілуін талап етті. Сондай-ақ Кавказ өңірінен сайланған мұсылман депутаттар «генералдар мен офицерлерге сыйға тартылған жер телімдері» жергілікті халыққа қайтарылсын деген талап  бағдарламаға енгізілуі керек деген ұсыныс білдірді [13]. Бұл ұсыныстарды Мұсылман фракциясы өз қызметі барысында басшылыққа алу жөнінде шешім қабылдады [14].

  Мұсылман фракциясының өкілдері Думада құрылған комиссияларға мүше ретінде енді. Мұндай комиссиялардың құрылуы барысында шеткері аймақтардан сайланған депутаттарды оның құрамына енгізу ескеріле бермеді. Мәселен, аграрлық комиссия құрамына қазақ депутаттарынан бірде-бір делегат енбей қалды. Осыған байланысты 30 маусым күнгі Дума отырысында сөз алған А. Бірімжанов қазақ халқының жерге байланысты шешілмей жатқан көп мәселелері бар екенін айтып, аграрлық комиссия құрамына қазақ депутаттарынан өкіл енгізу қажеттігін ұсынды [15, с. 1107]. Оның бұл ұсынысына Мұсылман фракциясының мүшесі, Уфа губерниясынан сайланған башқұрт халқының өкілі Ш. Сыртланов қолдаушылық танытты [16, с.35].

  Далалық облыстарда қоныс аударушылар үшін жер телімдерін даярлау үшін қазақтардың пайдалануындағы жерлердің тартылып алуына қарсылық білдірген Думаның 53 депутаты Министрлер кеңесінің төрағасы атына депутаттық сауал жолдады. Бұл депутаттық сауалға қол қойған депутаттардың 9-ы Мұсылман фракциясының мүшесі еді [16, с. 162].

  Мұсылман фракциясы Думадағы фракциялар ішінде кадеттермен тығыз байланыста болды. Кадеттердің парламенттік фракциясына қарағанда Мұсылман фракциясы жергілікті басқару және жер мәселелері бойынша солшылдық танытты [18]. 9 шілдеде Думаны тарату туралы патша манифесті жариялануын Мұсылман фракциясының мүшелері әділетсіздіктің көрінісі ретінде бағалады. 16 шілде күні «Выборг үндеуіне» қол қоюшы 167 депутаттың  қатарында мұсылман депутаттарынан С. Жантөрин, С. Алкин,  А. Ахтямов,  И. Зиятханов, Ә. Топчибашев және Ә. Бөкейханов болды [19, 43-44 б.].

  І Мемлекеттік думада Мұсылман фракциясының құрылуы Ресей империясындағы мұсылман халықтары үшін елеулі оқиға болды. Бұл жөнінде «Тарджиман» газеті былай деп жазды: «Бірінші Мемлекеттік думадағы мұсылман депутаттары тұтас, бір фракция құрды. Бұл фракция бірінші Думаның таратылуына байланысты аз өмір сүргеніне қарамастан өз соңында терең із қалдырды. Фракцияның құрылуы 20 миллионнан астам мұсылмандардың талап-тілегінен туындады. Халық өзінің парламенттік фракциясының әрбір сөзі мен қадамын қалт жібермей қадағалап отырды. ...Бірінші Думадағы мұсылман фракциясына үлкен рақмет! Ол өз міндетін айқын түсініп, биіктен көріне білді. Келесі Думадағы фракцияның қызметіне кең, ауқымды жол ашып берді. Енді халық ІІ Мемлекеттік думадағы Мұсылман фракциясынан тек ұйымдастырушылық ғана емес, заң шығарушылық қызметін де күтеді» [20].

  1907 жылдың 20 ақпанында  ашылған ІІ Думаның 518 депутатының 36-сы мұсылман халықтарының өкілі болды. Бұл мұсылман депутаттарының барлығы І Думадағыдай бір фракция төңірегіне топтаспады. Солшыл бағыт ұстанған 6 мұсылман депутаты Уфа губерниясынан сайланған К. Хасановтың жетекшілігімен «Мұсылман еңбекші тобы» деп аталатын фракция құрды. Қалған мұсылман депутаттары, сондай-ақ қазақ өкілдері (Б. Қаратаев,  Б. Құлманов, Х. Нұрекенов, А. Бірімжанов, Ш. Қосшығұлов, М. Тынышбаев, Т. Аллабергенов) Мұсылман фракциясына бірікті. Оның төрағасы болып Уфа губерниясының өкілі, отставкадағы офицер М. Биглов сайланды. Б. Қаратаев, Қ. Тевкелев, Ғ. МаҺдиев, Х. Хасмамедов,Ф. Хан-Хойский Мұсылман фракциясының бюросы құрамына енді.  

  ІІ Думада Мұсылман фракциясын құруда А. Топчибашев белсенділік танытты. Ол ІІ Думаға сайланбаса да фракция бюросының жұмысына араласып, онымен тығыз қарым-қатынаста болды. Мұсылман фракциясының бағдарламасы «Ресей мұсылмандары одағы» ұйымының бағдарламасы жобасы негізінде жасалды. Фракция бағдарламасын әзірлеу үшін құрылған, 11 адамнан тұратын комиссия құрамында қазақ депутаттарынан А. Бірімжанов болды.  Қабылданған бағдарламада фракцияның мақсаты өмір талабына сай, экономикалық, діни және т.б. бірқатар реформаларды жүзеге асыру жолында Ресейдің мұсылман азаматтарының іс-әрекеттерін бір ізге түсіру керектігі аталып көрсетіліп, ресей азаматтарының дініне, ұлтына, жынысына қарамай тең құқықта болуы талап етілді.

  Мұсылман фракциясының өкілдері Думада құрылған комиссияларда, сондай-ақ Дума мәжілістеріндегі жарыссөздерде мұсылман халықтарының талап-тілектерін, жолдаған аманаттарын басшылыққа лаып отырды. Фракция мәжілістерінде шет аймақтардан жолданған аманаттар арнайы талқыланды. Мәселен,  Ақмола облысының қазақтары  атынан жер мәселесіне байланысты жолданған аманаты 1907 жылы 14 сәуір күні фракция мәжілісінде арнайы қаралды. Бұл аманатта былай делініп көрсетілген болатын: «1. Дала ережесінің 120 бабы бойынша қазақтардың иелігіндегі жерлер мал бағып, егін егуге жетерлік болсын; 2. Жер мәселесі Мемлекеттік думада қаралып, шешімін тапқанша Ақмола облысына қоныс аударушыларды көшіру доғарылып, қоныс аударушыларға жер телімін бөлу тоқтатылсын; 3. Бұрын қоныс аударушыларға деп бөлініп, кейіннен жарамсыз деп деп саналған жерлер қазақтарға қайтарылсын; Қазыналық орман, тоғайлар мен шабындық жерлерді казактар мен орыс мұжықтары секілді қазақтар да пайдалансын».

  Фракция мәжілістерінде қазақтардың жер мәселесінен басқа дін ісі жөніндегі аманаттары да қаралды. Мұндай аманаттарда қазақтар өздерінің дін ісін Орынбор мүфтилігіне қаратуды қалайтындықтарын білдірген болатын.

  ІІ Думаның отырыстарында Мұсылман фракциясының мүшелерінен Ф. Хан-Хойский  мен Б. Қаратаев  қазақтардың мұқтаждығы мәселесін көтеріп, патша өкіметінің жүргізіп отырған аграрлық саясатын өткір сынға алды.

  Патша өкіметінің аграрлық және отаршылдық саясатын сынау мінбесіне айналған ІІ Дума 1907 жылы 3 маусымда таратылғаннан кейін Дума жұмысынан шеттетілген Орталық Азия халықтары, соның ішінде қазақтар да Ресейдегі мұсылман халықтарымен бірге өз мүдделерін қорғауға талпынды. Оған 1906 жылы 16 – 21 тамыз күндері Нижний-Новгород қаласында өткен бүкілресейлік үшінші мұсылман съезіне қатысуы дәлел.

  Бүкілресейлік үшінші мұсылман съезіне Ресей империясындағы мұсылман халықтарының 800-ден астам өкілі қатысты. Олардың қатарында Ш. Қосшығұлов (Ақмола облысынан), Ж. Аллаоңғаров (Семей облысынан), А. Қойбағаров (Жетісу облысынан) Н. Дауылбаев (Жетісу облысынан), Н. Жапаров (Сырдария облысынан) болды. Съез делегаттары ішінде С. Жантөрин, С. Алкин, А. Топчибашев, Қ. Тевкелев, Ш. Сыртланов секілді Мемлекеттік думаға мүше болған қайраткерлер де болды.

  Съездің күн тәртібіне оқу ісі, мұсылмандардың дін ісі және «ресей мұсылмандары одағының бағдарламасы туралы мәселер қойылды. Оқу мәселесі бойынша съезде 33 тармақтан тұратын қарар қабылданды. Онда мұсылман балалары үшін барлық елдімекендерде бастауыш және орта білім беретін оқу орындары ашылсын, оқу араб әліпбиі негізінде ана тілінде жүргізілсін делініп көрсетілді. Оқу мәселесімен қатар, оқыту мәселесі де съез делегаттары назардан тыс қалмай, Ресейдің мұсылман мектептерінде бірдей оқу бағдарламасы болу қажет, осы мәселені талқылау үшін 1907 жылы Қазан, Ташкент, Бақшысарай қалаларында мұғалімдер съезі шақырылсын деген ұйғарым жасалды. Делегаттар мұсылмандар бірлігін арттыра түсу мақсатында «ортақ түрік тілі» барлық мектептерде арнайы пән ретінде оқытылсын деп шешті.

   Барлық Ресей мұсылмандарын толғантқан дін мәселесі бойынша қабылданған қарарда делегаттар дін ісін реформалау арқылы ғана мұсылмандардың діни-адамгершілік деңгейін көтеру мүмкін екенін атап көрсетті. Сонымен бірге съезде Ресейдегі барлық мүфтилер сайланбалы болсын, әрі бес жылға сайлансын, діни басқарма «Махкама-и-исламия», ал мүфти «Шейх-ул-ислам» аталсын деп ұйғарылды.

  Съезде діни мекемелер бойынша Ресейдегі бұрынғы мұсылмандық діни мекемелермен қатар Түркістанда да өз алдына бөлек  діни басқарма ашылсын деген шешімге келді. Қарарда қазақ өкілдерінің Ақмола, Семей, Торғай, Орал облыстары мен Ішкі Бөкей ордасының діни істері Орынбор мұсылмандары діни басқармасына қаратылсын деген тілегі ескерілді.

  «Ресей мұсылмандары одағы» ұймының бағдарламасы съезде қызу талқыланып, оның 72 тармақтан тұратын бағдарламасы қабылданды. Онда Ресей азаматтарының заң алдында тең құқықты болуы талап етіле отырып, кадеттер партиясы секілді конституциялық монархия идеясы жақталды. Бірақ бағдарламаға сәйкес «Ресей мұсылмандары одағы» ұлттық мәселе бойынша кадеттерге қарағанда солшылдық танытып, съездің оқу, дін мәселері бойынша қабылдаған қарарларын басшылыққа алатын болды.

  Бүкілресейлік үшінші мұсылман съезі «Ресей мұсылмандары одағының» бағдарламасын қабылдаумен қатар, оның 15 мүшеден тұратын Орталық комитетін сайлады. Олардың ішінде А. Топчибашев, И. Гаспринский,  Ә. Ибрагимов секілді қайраткерлермен бірге С. Жантөрин мен  Ш. Қосшығұлов болды.

  Съезде «Ресей мұсылмандары одағының» Орталық комитетіне 15 мүшеден басқа тағы да 5 мүше енгізу жөнінде шешім қабылдады. Бұл бес мүшенің үшеуі Кавказдан, қалған екеуі Орынбор өңірі мен Түркістан өлкесінен сайланып жіберілуі тиіс болды.

  Бірінші орыс революциясы жылдары Ресейдегі мұсылман халықтарының өз мүдделерін бірлесе қорғау жолындағы әректінен патша өкіметі секем алып, мұндай әрекетке жол бермеу шараларын жүзеге асыра бастады. Соның нәтижесінде үш бірдей бүкілресейлік мұсылман съездерінің шешімдері негізінде құрылған «Ресей мұсылмандары одағының» ғұмыры ұзаққа бара қоймады әрі оның бөлімшелері Қазақстан аумағында ашылмай қалды.

  Патша өкіметінің «Ресей мұсылмандары одағы» ұйымының қызметіне тосқауыл қойғанына қарамастан қазақтар арасында өз мүддесін империядағы мұсылмандармен бірлікте қорғау жолындағы талпынысы бәсеңдей қоймады. 1907 жылғы үшінші маусым жарлығынан кейін Мемлекеттік дума жұмысынан шеттетілген қазақтар Мұсылман фракциясының өздеріне пана тұтып, өзінің талап-тілектері мен шағымдарын осы фракция атына жолдап жатты. Мәселен, 1907 жылдың қараша айынан  1912 жылдың  маусым айы аралығындағы ІІІ Думаның жұмысы кезінде Қ. Тевкелев төрағалық еткен, 8 депутаттан тұратын Мұсылман фракциясы арқылы қазақтардың мүддесін қорғау бағытында қызу жұмыстар жүргізілді. Өз кезегінде Мұсылман фракциясы да қазақтардың мүддесін қорғауды өз борышы санады.

  Қазақтардың діни істерінің ешқандай да діни басқармаға қаратылмауына наразылық танытқан Б. Қаратаев, Е. Оразаев және  А. Өтегенов 1908 жылы мұсылмандардың діни істері мен мекемелері жайлы заң жобасын әзірлеп, оны Мұсылман фракциясына тапсырды. Тоғыз тармақтан тұратын бұл заң жобасында Ресей империясындадағы мұсылман халықтары үшін орталық діни басқарма құру керектігі, бұл басқармаға жергілікті жерлерде құрылатын діни басқармаларды қарату жайы қарастырылған болатын. Сонымен қатар Б. Қаратаев, Е. Оразаев және  С. Лапин патша өкіметінің қазақтардан қоныс аударушылар пайдасына деп жер кесіп алуына қарсы тұру үшін қазақтарды жерге  орналастыру туралы заң жобасын әзірлеп, мұны қуаттауды Мұсылман фракциясына  аманаттаған-ды. Алайда бұл заң жобалары ұлыдержавалық пиғылдағы депутаттары басымдық танытқан ІІІ Дума жұмысы кезінде жүзеге асусыз қалды.

  ІІІ Думадағы мұндай ахуалға қарамастан Мұсылман фракциясының мүшелері шеткері аймақтардағы халықтардың рухани, саяси өсуі үшін ауадай қажет оқу-ағарту мәселесіне баса көңіл бөлді. Мемлекетттік думаның мәжілістерінде Халық ағарту министрлігіне жыл сайынғы қаржы бөлу мәселесі талқыланған кезде мұсылман фракциясының өкілдері оқу-ағарту саласында мұсылман халықтарына жасалып келе жатқан қысымшылықтарды әшкерелеп қалуға тырысты. Мәселен, Думаның 1909 жылы 20 сәуірде өткен мәжілісінде Ғ. Еникеев: «Халық ағарту министрлігі мұсылман халықтары арасында мектеп ісінде бұрынғысынша күштеп орыстандыру саясатын жалғастыруда. Ресейдің оңтүстік және онтүстік-шығыс аудандарында орыс мектептері ашылғаннан бастап миссионерлік сипатта болды. Үкімет мектептеріндегі орыстандыру саясаты арқылы біздің балаларды ана тілінен, әліпбиінен айырып, жалпы мұсылмандық мәдениеттен, мұсылмандық негізден қол үздірмекші», - деп үкіметтің орыстандыру саясатын сынға алды. Сонымен бірге Мұсылман фракциясы атынан мынандай талап-тілектер білдірді:

  - Мұсылмандар арасында оқу ісін бүркемеленген орыстандыру саясаты жойылсын;

  - жалпыға бірдей білім беретін бастауыш мектептерді мұсылмандар арасында ашқанда олардың тұрмыстық, этнографиялық және діни ерекшеліктері ескерілсін, сондай-ақ ол мектептерде ана тілінде оқытылсын;

  - діни оқу орындары мұсылман діни басқармасы қарамағына тапсырылсын [21].

  Мұсылман фракциясының мүшелері ІV Думаның жұмысы барысында да шет аймақтардың мүддесін қорғауда аса белсенділік танытты. Алты депутаттан ғана тұрған Мұсылман фракциясының сол тұста атқарған жұмыстарының бірегейі ретінде 1914 жылы Бүкілресейлік мұсылман съезін өткеруді ұйымдастыруын атап көрсетуге болады.

  1914 жылдың 15 маусым күні өткен Бүкілресейлік мұсылман съезіне 35 делегат қатысты. Съезге жиналған делегаттардың жетеуі қазақ өкілдері (Ә. Бөкейханов, Д. Аманшин, Б. Қаратаев, С. Лапин, С. Шорманов, Ғ. Нарынбетов, Ж. Сейдалин) болды.

  Съездің төрағасы болып Қ. Тевкелев, ал орынбасарлыққа Ә. Топчибашев пен И. Ахтямов, хатшылыққа М. Бигиев пен С. Мақсұдов сайланды. Съездің күн тәртібіне негізінен мұсылман елдімекендеріндегі діни істердің жайын қарастыру және ол жөнінде заң жобасын әзірлеу қойылды.

  Бүкілресейлік мұсылман съезінің алғашқы күні  ІV Дума мүшесі, заңгер И. Ахтямов делегаттарды Орынбор мүфтилігі мен қазақтар арасындағы діни істер бойынша қолданылып келе жатқан заңдармен таныстырып, ондағы кемшіліктерді сынға алды. Қазақтар атынан келген өкілдер арасынан С. Лапин мен Б. Қаратаев та баяндама жасады. С. Лапин қазақ қоғамындағы діни істерге жалпы шолу жасай отырып, қазақтардың діни істері жергілікті әкімшіліктің қарамағынан алыну керектігін айтты. Б. Қаратаев Орынбор мүфтилігіне қазақтарды қаратқанда патша үкіметі «қазақ ордасы мен Ресейдің ішкі аудандарының жарасымдығына ұмтылғанын», ал 1867 жылы мүфтиліктен шығарғанда православиеге өткізуді көздегенін жан-жақты негіздей көрсетті. Ол өз сөзінде билік орындары мұсылмандарды, әсіресе, қазақтарды Ислам дініндегі түркі халықтарымен бірлеседі деп сезіктенетінін, әйтсе де Ресей мұсылмандары үшін бір орталыққа бағынған діни басқарма құру керек деген пікірде екенін білдірді [22, 4-п.].

  Съезде империяның түпкір-түпкірінен келген делегаттардың ой-пікірлерін талқылағаннан кейін «Ресей мұсылмандарының діни істері» жөніндегі заң жобасын әзірледі. Онда Петрборда мұсылмандардың орталық діни басқармасы құрылсын, дала облыстарының азақтары Орынбор мүфтилігіне қосылсын, Түркістан өлкесінде өз алдына жеке діни басқарма ашылсын деп көрсетілді.

  Мұсылман фракциясының бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы белсенді қызметін Уфа епископы Андрей: «Мемлекеттік думадағы мұсылман халықтарының мүддесін қорғайтын басты ұйым – Мұсылман фракциясы. Ол мұсылмандарды бірлестіріп жатыр. Мұсылман басылымдары оған зор мән беруде», - деп бағалап, жоғары орындарға шағым түсірді. Епископ өзінің осы шағымында мұсылмандардың өмірінен көп мәліметтер жинағанын, сөйтіп олардың Ресейден бөлінуді тілейтінін аңғарғанын, ал оған орыс әкімшілігі көңіл бөлмей отырғанына қынжылыс білдірген-ді. Ал шындығында полиция Департаменті империядағы мұсылмандар өмірін ғана емес, шет елдерге кеткен мұсылман қайраткерлерінің әрекеттерінен де өз тыңшылары арқылы бақылап отырған. Құрамында Түркиядағы «Тюрк юрду» журналының шығарушысы Ю. Акчура бар бірқатар ресейлік мұсылман эмигранттардың Венада болып, онда Сыртқы істер министрі Форгачқа өз талап-тілектерін білдірген хат тапсырғаны жөнінде полиция Департаменті хабардар болған. Полиция Департаменті директорының көрсетуінше, хатта Бұхар әмірлігі мен Хиуа хандығының орыс үстемдігінен азат етілуі және оларды Түркістанға қосу, қазақтардың, бұрынғы Қазан және Қырым хандықтарының тәуелсіздігі мәселелрі көтерілген[23, с. 56.]. Мұрағат құжаттарындағы мәліметтерге  қарағанда, мұндай мазмұндағы мәлімдеме АҚШ президенті В. Вильсонға да Ю. Акчура мен Ә. Ибрагимов тарапынан тапсырылған [24, 202-п.].

  1916 жылы ақпан айында Мұсылман фракциясының ұйымдастыруымен мұсылмандар мәжілісі өтті. Онда Мұсылман фракциясының жанында бюро құру керектігі жайлы мәсле қарсытырлды. Бұл бюроға Мұсылман фракциясына жәрдем көрсету қажет деп ұйғарылған-ды.

  Мұсылман фракциясы жанындағы бюро өз қызметіне 1916 жылдың орта тұсынан өз қызметіне кірісіп, Ресей империясындағы мұсылман халықтарының мүддесін қорғау жолында белсенді қызмет атқаруға кірісті. 1917 жылғы Ақпан революциясына дейінгі мерзімде бұл бюроның құрамында қазақ қайраткерлерінен Ә. Бөкейханов пен М. Шоқай белсенді әрекетімен дараланды.

 

   Әдебиеттер

   

  1 Кемеңгерұлы Қ. Езілген ұлттар. – М.: Кіндік баспа, 1924. – 72 б.

  2 Бартольд В.В. История культурной жизни Туркестана. – М.: Наука,1963. – Т.2. Ч.1. – 622 с.

  3 ҚРОММ. 53-Қ., 1-Т., 9(а) –іс.

  4 Государственная дума. Четвертый созыв. Стенографические отчеты. 1913 год. Сессия первая. Ч. 2. Заседания 31-54. – СПб.: 1913. – 2251 с.

  5 ТРҰМ. 199-қ., 1-т., 906-іс.

  6 Валидов Дж. Очерк истории образованности и литературы татар (до революции 1917 г.). – Оксфорд: Общество исследования Средней Азии, 1986. – 215 с.

  7 РФООММ. 10-қ., 1-т., 412-іс.

  8 Бигиев М. Ислахат әсаслари. – Петроград: М.А. Максудов матбугеси, 1917. – 288 с.

  9 РФММ. 9599-қ., 1-т., 10-іс.

  10 Петербург миһманлари // Ульфат. – 1906. – 19 январь.

  11  Политическая жизнь русских мусульман до февральской революци. – Оксфорд: Общество исследование Средней Азии, 1987. – 119 с.

  12 Петербургте мөселманлар жамигати // Ульфать. – 1906. – 2 февраль.

  13 Думада мөселман фиркаси мажелеси // Вакыт. – 1906. – 2 июль.

  14  Галиев М.З. Жир масьәләсинде мөселман фиркасиниң программи // Вакыт. – 1906. – 2 июль.

  15 Государственная дума. Стенографические отчеты. 1906 год. Сессия первая. Заседания 19-36. –  СПб.: 1906, – Т.2. – 2013 с. 

  16 Мусульманские депутаты Государственой думы России. 1906-1917 гг. Сб. документов и материалов / Сост. Л.А. Ямаева. – Уфа: Китап, 1998. –  384 с.

  17 Ямаева Л.А. Мусульманский либерализм начала ХХ века как общественно-политическое движение (по материалам Уфимской и Оренбургской губерний). – Уфа: Гилем, 2002. – 300 с.  

  18 Думада Ислам фиркаси // Вакыт. – 1906. – 4 июня.

  19 Усал М.Ф. беренче, икенче вә өченче Думада мөселман депутатлары һәм аларның кылган эшларе. – Казан: И.Н. Харитонов типографиеси, 1909. – 240 б.

  20 Мусульманская фракция Государственной думы // Тарджиман. – 1907. – 19 март. 

  21 Государственная дума. Третий созыв. Стенографические отчеты 1909 г. Сессия вторая. – Ч. ІІІ. – СПб., 1909- 1022 с.

  22 ҚРОММ. 64-қ., 1-т., 2674-іс.

  23 Аршаруни А., Габидулин Х. Очерки панисламизма и пантюоркизма в Росии. – М.: Безбожник, 1931. – 242 с.

  24  РФММ. 102-қ., 242-т., 56-іс.  

   References

   1 Kemengerұly Қ. Ezіlgen ulttar. – M.: Kіndіk baspa, 1924. – 72 b.

  2 Bartold V.V. Istoriia kulturnoi zhizni Turkestana. – M.: Nauka,1963. – T.2. Ch.1. – 622 s.

   3 ҚROMM. 53-kh., 1- t., 9(a) –іs.

  4 Gosudarstvennaia duma. Chetvertyi sozyv. Stenograficheskie otchety. 1913 god. Sessiia pervaia. Ch. 2. Zasedaniia 31-54. – SPb.: 1913. – 2251 s.

  5 TRUM. 199-kh., 1-t., 906-іs.

  6 Validov Dzh. Ocherk istorii obrazovannosti i literatury tatar (do revoliucii 1917 g.). – Oksford: Obshchestvo issledovaniia Srednei Azii, 1986. – 215 s.   

   7 RFOOMM. 10-kh., 1-t., 412-іs.

  8 Bigiev M. Islakhat әsaslari. – Petrograd: M.A. Maksudov matbugesi, 1917. – 288 s.

  9 RFMM. 9599-kh., 1-t., 10-іs.

  10 Peterburg miһmanlari // Ulfat. – 1906. – 19 ianvar.

  11  Politicheskaia zhizn russkikh musulman do fevralskoi revoliuci. – Oksford: Obshchestvo issledovanie Srednei Azii, 1987. – 119 s.

  12 Peterburgte mөselmanlar zhamigati // Ulfat. – 1906. – 2 fevral.

  13 Dumada mөselman firkasi mazhelesi // Vakyt. – 1906. – 2 iiul.

  14  Galiev M.Z. Zhir masәlәsinde mөselman firkasiniң programmi // Vakyt. – 1906. – 2 iiul. 

   15 Gosudarstvennaia duma. Stenograficheskie otchety. 1906 god. Sessiia pervaia. Zasedaniia 19-36. –  SPb.: 1906, – T.2. – 2013 s. 

  16 Musulmanskie deputaty Gosudarstvenoi dumy Rossii. 1906-1917 gg. Sb. dokumentov i materialov / Sost. L.A. Iamaeva. – Ufa: Kitap, 1998. –  384 s.

   17 Iamaeva L.A. Musulmanskii liberalizm nachala KhKh veka kak obshchestvenno-politicheskoe dvizhenie (po materialam Ufimskoi i Orenburgskoi gubernii). – Ufa: Gilem, 2002. – 300 s. 

   18 Dumada Islam firkasi // Vakyt. – 1906. – 4 iiunia.

   19 Usal M.F. berenche, ikenche vә өchenche Dumada mөselman deputatlary һәm alarnyң kylgan eshlare. – Kazan: I.N. Kharitonov tipografiesi, 1909. – 240 b.

   20 Musulmanskaia frakciia Gosudarstvennoi dumy // Tardzhiman. – 1907. – 19 mart. 

   21 Gosudarstvennaia duma. Tretii sozyv. Stenograficheskie otchety 1909 g. Sessiia vtoraia. – Ch. ІІІ. – SPb., 1909- 1022 s.

   22 ҚROMM. 64-kh., 1-t., 2674-іs.

   23 Arsharuni A., Gabidulin Kh. Ocherki panislamizma i pantiuorkizma v Rosii. – M.: Bezbozhnik, 1931. – 242 s.

   24  RFMM. 102-kh., 242-t., 56-іs. 

Н.К.  КАТТАБЕКОВА

Старший преподователь Международного казахско-турецкого университета  им. К.А. Яссауи

ВЛИЯНИЕ МУСУЛЬМАНСКОГО ЛИБЕРАЛИЗМА НАЧАЛА ХХ ВЕКА НА КАЗАХСКОЕ ОБЩЕСТВО

Резюме

  Углубление модернизационных процессов в российском обществе, получивших импульсы в результате социально-экономических реформ 60-70-х годов ХІХ века исоциально-политических преобразований 1905-1906 годов, отразилось на тюрко-мусульманском население Российской империи. Следствие этого стало постепенная секуляризация общественного сознания российских мусульман, в том числе казахов и политизация их общественной жизни. Воплощением названных явлений стал российско-мусульманский модернизм, известный более как джадидизм.

  Ключевые слова:   казахи, тюрко-мусульманские народы, джадидизм, Союз российских мусульман, мусульманская фракция, освободительное движение, национальный интерес.

N.K. KATTABEKOVA

Senior lecturer, Kazakh-Turkish international University. K. A. Yassawi

THE INFLUENCE OF ISLAMIC LIBERALISM OF THE EARLY TWENTIETH CENTURY KAZAKH SOCIETY

Summary

  The deepening of modernization processes in the Russian society, which received impulses as a result of socio-economic reforms of the 60-70-ies of the nineteenth century of the socio-political transformations of 1905-1906, affected the Turkic-Muslim population of the Russian Empire. The consequence of this was the gradual secularization of the public consciousness of Russian Muslims, including Kazakhs and politicization of their social life. The embodiment of these phenomena was the Russian-Muslim modernism, known more as jadidism.

  Keywords: Kazakhs, Turkic-Muslim peoples, jadidism, Union of Russian Muslims, Muslim faction, liberation movement, national interest.

       


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 4445

Нет рецензий

Скачать файлы

Каттабекова (1).doc 0.12 MB

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

Қазақ-түрік байланыстары тарихынан (ХІХ ғасырдың соңы – ХХ ғасырдың бас кезі) ӘОЖ 325:8:950 ҚАЗАҚТАР ЖӘНЕ ОСМАНДЫҚ ТҮРІКТЕР: ӨЗАРА БАЙЛАНЫСТАРЫ ТАРИХЫНАН ( ХІХ ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫ – ХХ ҒАСЫРДЫҢ УДК 930.001.83 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМНІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ӘСЕРІ ӘОЖ 930.1 (4) МЕМЛЕКЕТТІК ДУМАҒА САЙЛАНҒАН ҚАЗАҚ ДЕПУТАТТАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІНДЕГІ НЕГІЗГІ МӘСЕЛЕЛЕР (1906-1907) ӘОЖ 930.001.83 ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДАҒЫ ХІХ ҒАСЫРДЫҢ СОҢЫ МЕН ХХ ҒАСЫРДЫҢ БАС КЕЗІНДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ҮДЕРІСТЕР

Статьи автора

УДК 930.001.83 ХХ ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ МҰСЫЛМАНДЫҚ ЛИБЕРАЛИЗМНІҢ ҚАЗАҚ ҚОҒАМЫНА ӘСЕРІ