Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » УДК 323.1:94(476) Қазақстандағы белорус этносының өкілдері: қалыптасуының тарихы мен бүгіні

Жандос Әуелбекұлы Каринбаев, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Аға оқытушысы, халықар

УДК 323.1:94(476) Қазақстандағы белорус этносының өкілдері: қалыптасуының тарихы мен бүгіні

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 4(08)

Теги: Орталық, Сібір, Қазақстан, ассимиляция, ұлт, аудару, жер, қозғалыстар, азаттық, –, ұлт, Беларусь, Речпосполита, белорустар, Азия, тың, және, тыңайған, жерлер, депортация, эвакуация.
Автор:
Мақала қазақстандағы белорус этностық тобының қалыптасу тарихына арналып, белорус ұлтының этногенезі мен мемлекеттігінің негізделуіне назар аударылған. Қазақстандағы белорус этносы өкілдерінің қалыптасу барысы тарихи, саяси, әлеуметтік және экономикалық аспектілерден талданады. Сонымен қатар, Қазақстандағы этносаралық саясатқа мән беріліп, қазақстандық белорустардың этно-мәдени ұйымдарының жұмысы, ана тілі мен дәстүрлерін жаңғырту қадамдары сөз болады. Мақала «Қазақстан Республикасындағы этносаралық, конфессияаралық қатынастар тарихы, оның ішінде ірі этникалық топтардың тарихы» тақырыбындағы ғылыми бағдарлама шеңберінде дайындалған. Түйін сөздер: белорустар, Речпосполита, Беларусь, ұлт – азаттық қозғалыстар, жер аудару, ұлт, ассимиляция, Қазақстан, Сібір, Орталық Азия, тың және тыңайған жерлер,депортация, эвакуация.
Содержание:

Қазақстан – жүз жиырмадан астам ұлт пен ұлыс өкілдері береке мен бірлікте өмір сүріп жатқан жас мемлекет. Еліміздің көпэтносты бейнесінің қалыптасуына үлесін қосушы әрбір ұлт пен ұлыстың қазақ жеріне түрлі жағдайда, тағдырдың тәлкегімен қадам басқандығы бүгінде баршаға белгілі.

Қазақстанның көпэтносты, көп конфессиялы қоғамында өмір сүріп жатқан түрлі халық өкілдері арасында белорус этнос өкілдерінің де өзіндік орны бар.

Қысқаша ақпарат беретін болсақ, белорустар – шығыс славян тегіндегі, басым көпшілігі христиан дінінің православ тармағын ұстанатын халық. Беларусь Республикасының негізгі және мемлекет түзуші халқы. Жалпы саны – 10 млн. шамасында. Беларусьтің өзінен тыс көпшілік бөлігі мемлекетке іргелес орналасқан  Ресейдің, Украинаның, Польша мен Литваның, Латвияның аумақтарын мекендейді. Славян тілдерінің шығыс тармағына жатқызылатын белорус тілінде сөйлейді.

Белорустардың этногенезі басым түрде қазіргі Беларусь Республикасының  аумағында өтті деуге толық негіз бар. Себебі, географиялық тұрғыда белорус халқының қалыптасуы  жоғарғы Днепр, Припять, Батыс Двина, Неман, Батыс Буг өзендерінің алабтарында жүрген.

Белорус ұлтының этногенезінде негізгі рөлді кривич, дрегович және радимич тайпалары ойнады. Бірақ, ішінара волыняндар мен древляндардың да ықпалын жоққа шығаруға болмайды.  

Аталған славян тектес тайпалар жергілікті балт этникалық топтарымен  араласып, нәтижесінде, олардың бір бөлігі славянданып, ассимиляцияланған. Сондықтан, белорус халқының этногенезіне балт тайпаларының да қатысым алғандығы күмән тудырмайды [1].  

Белорустардың жеке ұлт ретінде қалыптасу уақытына қатысты тарихшылар арасында нақты орныққан, ортақ пікір жоқ. Бірақ, белорустардың этногенезін зерттеумен айналысатын ғалымдардың көпшілігі ұлттың қалыптасу үдерісі моңғол шапқыншылығынан кейін жүзеге асқандығымен келіседі. Ғылыми айналымда бар ақпарат көздеріне талдау жасау арқылы белорустардың жеке ұлт ретінде қалыптасуы XIII – XVI ғасырлар аралығында жүрді деуге негіз бар.

Белорус атауының шығуына қатысты пікірлер де саналуан болып келеді. Ресей империясының тұсында, 1878 жылы Санкт Петербургтегі «Общественная польза» баспасынан жарық көрген «Белорусы и поляки» атты еңбекте белорус ұлтының тарихына, тұрмысы мен әдет – ғұрыптарына қатысты едәуір толымды мәліметтер келтірілген. Аталған еңбекте «Белорус» атауының шығуын жергілікті халықтың басым түрде ақ  (мүмкін боз)  түсті киім кигендігімен түсіндіреді [2,1 б.]. 

Белорус атауының орнығуына қатысты тарихи деректерден де бірқатар мағлұматтар алуға болады. Мысалы, ХVI ғасырда Польшаның тақ канцлеры Я. Чернковский Полоцкті «Бело Русьтегі қамал» деп атаған. Ал XVIII ғасырда герман императорының елшісі Меерберг «Московияға саяхат» атты еңбегінде Белая Русь атауы «Припять, Днепр мен Двина аралығындағы....сонымен қатар, Новогород, Минск, Мстислав, Смоленск, Витебск пен Полоцк және олардың окугтерімен» алғандағы облыстарға қатысты екендігін жазып қалдырған  [3, 17 б.]. 

Белорусияның ІХ – ХІІІ ғасырдың басындағы тарихы Киев Русімен тікелей байланысты. Себебі, оның аумағы басым түрде аталған мемлекеттің құрамында еді. Православ діні Киев Русінде 988 жылы ресми дін ретінде қабылдағаннан кейін қазіргі Белорус аумағына тарай бастады [3, 40 б.].  ІХ ғасырда Белорус аумағында Полоцк және Туров княздықтары болды. ХІІІ ғасырдағы моңғол шапқыншылығына дейін аталмыш княздықтар даму мен құлдырау кезеңдерін бастан өткерді.   

ХІІІ ғасырдың ортасында Полоцк және Туров жерлерінде отызға тарта бытыраңқы, әлсіз княздықтар өмір сүрді.  Бірақ, аталған шағын княздықтардың жеке дара өмір сүруі қиын болғандықтан олар «дінсіз», қуатты Литов княздығымен саяси тұрғыда жақындаса бастады. Осылайша ғасырдың ортасында қазіргі Беларусь аумағы Ұлы Литов княздығының қарамағына енді.

1386 жылдан көршілес Польшада  Ягелло әулетінің билігі орнығады [4, 516 б.]. Ал Алтын Орда мемлекеті Тоқтамыс ханның тұсындағы уақытша күшеюінен кейін ішкі себептермен күрт әлсірей бастады. Бұрнағы уақытта Ордаға тиесілі болған аумақтарда ендігі кезекте қазіргі Литва аумағынан Қара Теңізге дейін жерлерді өз иелігіне қосқан, басшылығында Ягелло әулеті Ұлы Литов княздігі орныға бастайды.  Аталған аумақтар тек соғыстар арқылы ғана емес, сонымен қатар, династиялық некелер, келіссөздер және т.б. амалдар арқылы Ұлы Литов княздігінің қарамағына енді.

1569 жылы Люблин қаласында бекітілген уния негізінде қос мемлекет Польша мен Литва бірігіп, саяси сахнада жаңа субъект – Речпосполита мемлекеті негізделді [5, 95 б.]. Елдердің бірігуі барысында этникалық құрамы бойынша көпұлтты, әскери –саяси тұрғыда қуатты мемлекет қалыптасты.

Тиісінше, Ұлы Литов княздығының аумағында болып келген белорус жерлері бірлескен Речпосполита мемлекетінің қарамағына енгенді.

Ұлттық құрамы бойынша Речпосполита көпұлтты болатын. Поляктар ең үлкен этникалық топ болғанымен, мемлекет халқының 40 % құраса, 20% шығыс славян тілдер тобында сөйлейтін халықтар (украиндар, белорустар мен орыстар), 15% литовтықтар,  10% астамын немістер,  5 % еврейлер құрады. Ал қалған бөлігін өзге этностар: латыштар, шотландықтар, татарлар және т.б. түзді.

Діни – наным сенімдері бойынша да Речпосполита көпконфессиялық ел болатын. Халықтың жартысынан астамын католиктер құрағанымен, православ, лютеран және иудаизм дінін ұстанушылардың да саны қомақты еді [5, 105 -106  бб.].  Мемлекеттің жүргізген саясаты барысында Речпосполитаның шығыс бөліктерінде (полякша, Кресы) поляктардың саны артып, поляктандыру саясаты да жүргізілді.

ХVI – XVIII ғғ. аралығында Еуропа құрлығының Орталық және Шығыс аймағында, қала берді құрлықтың тұтас саяси өмірінде Польша мен Литваның бірлескен Речпосполита мемлекеті маңызды рөлге ие болғанды. Бірақ, XVIII ғасырдың екінші жартысынан қуатты мемлекеттің әлсіреуі басталып, көршілес орналасқан Австрия, Пруссия және Ресей сынды алпауыт бәсекелес мемлекеттер оның аумағына көз аларта бастады.

Бірлескен поляк – литов Речпосполита мемлекетін 1772,  1793  және 1795 жылдардағы бөліске салу барысында қазіргі Беларусь аумақтары Ресей империясының қоластына көшті.

Империя қоластына көшкен белорус жерлері бейресми түрде Солтүстік – Батыс өлке деп атала бастады. Витеб және Могилев губерниялары Белорус генерал – губернаторлығын құрады. Осылайша Белорус атауы орныға бастады [2,177б.].

Бірақ, басталған Наполеон жорықтары белорус жерлерінде орныға бастаған Ресей империясының билігін уақытша тоқтатты.

1812 жылы Ресейге қарсы соғысты бастаған Наполеон Речпосполитаның бұрынғы барлық аумақтарын қайтаруға уәде еткеннен кейін поляктанған жергілікті шляхта (ақсүйектер тобы) ресей тарапының қорғаныс жұмыстарын қызу қолдай қоймады. Өз кезегінде Беларусь аумағында Речпосполита кезеңінде қалыптасқан шляхтаның саны едәуір болатын.

Осы ретте жергілікті халықтың екінші бір бөлігінің Наполеон қолына қарсы күрескендігін де айтып өтуге тиіспіз. Наполеон әскерлеріне қарсы күрес негізінен партизандық қозғалыс түрінде жүзеге асты.

Дей тұрғанмен, Наполеон жорығы жеңіліске ұшырып, белорус жерлерінде Ресей империясының билігі қайта орнағандығы тарихтан белгілі.

Наполеонды қолдаған поляк, сонымен қатар, белорус ұлтының өкілдері де империяның ішкі аумақтарына, негізінен, Батыс Сібірге жер аударылды. Бірақ, ол кезеңдегі құжаттарда әскери тұтқындар негізінен француз, поляк және литов ұлтының өкілдері ретінде рәсімделгендіктен  (тегі белорус бола тұра едәуір бөлігі өздерін  поляк ұлтымен сәйкестендірген ) белорустарды  нақты анықтау қиынға соғады.

Соңғы жылдары, белорустардың Қазақстанға іргелес Батыс Сібір, тіпті, Шығыс Сібір аумақтарына ХVII ғасырдан  қоныстана бастағандығын дәлелдей түсетін ғылыми мақалалар жарық көруде. Мұндай мәлімдемелер жүйелі зерттеу мен байыпты талдауды қажетсінеді. Белорус ұлты өкілдерінің қазақ жерлеріне қоныстана негізінен ХІХ ғасырдан жүзеге аса бастаған. Сонымен, аталған үдеріс қандай саяси алғышарттар жағдайында және қандай саяси ахуалда жүзеге асқан еді?  Осы сауалға жауап іздеп көрелік.  

ХІХ ғасырдың алғашқы ширегінде Еуропаны шарлаған революциялық идеялардың, сонымен қатар, поляк және орыс саяси зиялы қауымының ықпалымен белорус жерлерінде де жастардың патша үкіметіне қарсы, жасырын ұйымдары негізделе бастады. Және ұйым өкілдері ұлттық құрамы бойынша түрлі этнос өкілдерінен құралғанды.

Ел аумағында бірнеше бөлімшелерге тармақтала жұмыс жасап, ерекше саяси белсенділігімен танылған: «Филоматтар» (грекшеден, білімге ұмтылушылар мағынасында), «Прамяністыя», «Заряне», «Әскери достар» [2, 183 - 185  бб.] және т.б ұйымдар мен үйірмелерді атауға болады.

Аталған және сол бағыттағы өзге де ұйымдар петербургтік желтоқсаншылардың үлгісімен көтеріліс жасамақ болғанда олардың жұмысы әшкереленіп, мүшелері  едәуір бөлігі Орал аймағына, Батыс Сібірге жер аударылды.

Осылайша бірте – бірте қазақ халқы мекендеген аумақтарға белорус ұлтының өкілдері қоныстана бастады.

1830 жылдың 29 қарашасында Варшавада Ресей империясының билігіне қарсы ұлт – азаттық көтеріліс басталады. Көтеріліс Польша тарихына «Қараша көтерілісі» атауымен енген.

Польша аумағынан басталған көтеріліс уақыт өте қазіргі Беларусь аумағына ойысады. Беларусь пен Литва аумағында Вилен орталық көтерілісші комитеті құрылып, жұмыс жасайды. Бірақ, 1831 жылдың мамыр айында Вилен және Минск губерниялары аумағындағы көтеріліс ошақтары орыс әскерлерінің күшімен жойылады. Сол жылдың тамыз айында Беларусьтің тұтас аумағындағы және көршілес Польшадағы көтерілісшілер толықтай жеңіліс тауып, көтеріліс аяқталады  [5, 178 – 180  бб.].

Көтеріліс аяқталысымен  Вилен университеті жабылып, көтерілісті қолдаған белорус шляхтасы мен көтеріліске белсенді қатысқан қоғам белсенділері жазалана бастады. Шляхтаның бірқатар бөлігін мал – мүлкінен айырып, қосымша салықтар салса, қоғам белсенділері империяның ішкі аудандарына жер аударылды.

Белорустардың Батыс Сібір аумақтарына, Қазақстанның солтүстігі мен шығысына қоныстануының алғашқы лектерінің бірі Ресей империясындағы «Киселев реформасы» (Павел Киселевтың атымен) деп аталған науқанның тұсында  жүзеге асты. Ресейдің Сібір жерлерін игеру саясатының аясында империяның еуропалық бөлігінен Батыс Сібір аумақтарына  шамамен 1,5 млн. шаруалар қоныс аударды [6, 137 б.]. Әрине, қоныс аударушылардың негізін орыс шаруалары құрады. Бірақ, олардың арасынан аз да болса белорус ұлтының өкілдерін кездестіруге болатын.  

Белорустардың Сібірге қоныс аударуы аймақта (сібір жерінде) кең таралған «самоходы» (өздері жүретін, қозғалатын мағынасында) атауымен де тығыз байланысты. Әдетте, бұл атаумен батыс губернияларынан шыққан қоныс аударушыларды, басым түрде қазіргі Беларусь аумағының тумаларын атаған [7, 68 б.]. Қоныс аударушылардың ұрпақтары бұл атаудың мағынасын Транссібір магистралына дейін арғы аталарының Сібірде «аяңдай», өз мүліктерін арбаларда алып жүруімен түсіндіреді.

Белорус тілінде «самохаць» еркін, өз қалауымен дегенді білдіреді [8, 218 б.]. Осылайша «самоходтар» шаруалардың ең бір қозғалуға бейім тобы ретінде  жақсы өмірге қол жеткізу үшін туған жерін тастай, шығыс бағытында мыңдаған шақырымдарды артта тастаған. Нәтижесінде, «өз еркімен келушілер»  Сібір халқының санын молайтты, сонымен қатар, аз көлемде болса да қазақ жеріндегі белорустардың санын көбейте түсті.  

ХІХ ғасырдың 60 жылдарының бас кезінде бұрнағы Речпосполита құрамында болған аумақтарда (Польша, Литва, Беларусь пен Батыс Украина) салыстырмалы түрдегі «жылымық» кезеңінен кейін тағы бір көтерілістің алғышарттары пісіп жетілді. 1863 жылдың 22 қаңтарында Уақытша ұлттық үкімет жарияланып, кезекті көтеріліс басталып кетті [9, 55 – 56  бб.].

Беларусь аумағындағы көтерілісшілердің  негізгі басшыларының бірі Викентий Константин Калиновский болды. Шляхта тегінен шыққан Калиновский 1861 жылы Санкт Петербург университетінің заң факультетін тәмамдап, отанына, Беларуське  оралады. Орыс және поляк зиялы қауымының саяси ұстанымдарының ықпалымен Калиновский қоғамдық мәселені күшпен шешу жолының жақтаушысына айналады [2, 191 -192 бб.].

Көтеріліс барысында ондаған мың адамның өмірі қиылып, мыңдағаны империяның шалғай аумақтарына, басым түрде Сібірге күштеп жер аударылды. Жер аударылғандар аз мөлшерде болса да қазақ халқы мекендеген Астрахань, Орынбор губерниялары мен Батыс Сібір аумақтарына, Алтайға, кейінірек Сыр бойы мен Жетісуға да  жіберілді [9, 55  б.].

Жер аударылған  көтерілісшілердің ішінде белорус ұлтының өкілдері поляктарға қарағанда әлдеқайда  аз еді. Сондықтан, қазіргі Қазақстан аумағындағы халықтың құрамына ешбір өзгеріс  алып келе қойған жоқ.

Белорустардың туған жерін тастап, шығысқа (Батыс және Шығыс Сібір аумақтарына) қоныстануы Ресей билігінің басыбайлылықты жоюының барысында жүзеге асты.

1857 – 1859 жж. Ресей империясында ішінара жүргізілген халық санағы бойынша мемлекетті 62,5 млн. халық мекен етсе, соның  23,1 млн. басыбайлы шаруалар болатын. 

1861 жылы 19 ақпанда (3 наурызда) Александр ІІ жалпы саны 17 заңнамалық актілерден тұратын Басыбайлық құқықты жою туралы манифест пен Басыбайлылықтан шығарылған шаруалар туралы ережеге  қол қойды.

Империяның бұл қадамын біріншіден, шаруалардың өте күрделі әлеуметтік жағдайымен, наразылықтың өсе түсіп,  соңы мемлекеттің экономикасы мен шаруашылығына үлкен нұқсан келтіретін көтерілістерді болдырмауға күш салуымен түсіндіруге болады. Екіншіден, империяның Орта Шығыста британ әскерлерінің пайда болуына байланысты шұғыл түрде Орталық Азияны алып,  аймақты игеру жоспарымен байланыстарған дұрыс.

Патша үкіметінің Қырым соғысында (1854-1856 жж.) өзінен қуаттырақ қарсыластарынан жеңіліс табуы Ресейдің белсенді сыртқы саясатын біршама тежеді. Бірақ, мемлекет ішіндегі нарықтық қатынастар жыл өткен сайын күшейе түскендіктен, қосымша, мемлекеттің өнеркәсібі мен саудасына жаңа нарықтар қажеттігі де туындады [10, 368 б.]. Сонымен қатар, Британ империясының Оңтүстік Азия мен Орта Шығыстағы белсенді әрекеттері патша үкіметінің Орталық Азия аймағын игеруін күнтәртібіне өткір қойды.

Осылайша ХІХ ғасырдың 50-60 жылдарында Ресейдің Орталық Азияны басып алудағы қимылдары күрт күшейді. Отарлау екі тәсілмен жүргізілді. Біріншіден, оңтүстік аймақтарға көптеген  әскери, әскери –барлау және жазалау экспедицияларының жіберілсе, екіншіден, стратегиялық қолайлы орындарға бекініс шептерін салу жүзеге асырылды. Орталық Азияға жол ашатындықтан, аймақты басып алуға дайындық жұмыстары Орынбор және Сібір шептері арқылы да қызу жүргізілді. Сібір шебінен бастап, Ақтау (1835 ж.), Ұлытау (1835 ж.), Қапал (1846 ж.), Сергиополь (Аягөз, 1831 ж.) және өзге де Ресейлік бекініс пунктері салынды  [10, 370 б.]

Аталған кезеңде Қазақстанның оңтүстік аймақтары негізінен қоқан хандығының қоластында болғандықтан, Ресейдің аймаққа ішкерілей енуі орыс – қоқан соғысына ұласты. Қос тарап та басқыншылар болғандықтан, жергілікті қазақ халқына қатысты қатаң саясат ұстанды.

Ресей империясының әскери қуаты, заман талабына сай қару – жарағының болуы бұл қарсыластықты ұзаққа создырмады. 1860 жылдың 26 тамызында Тоқмақ, 4 қыркүйегінде Пішпек (Бішкек), 1864 жылдың 4 маусымында Мерке бекінісі, 6 маусымда Әулиеата (Тараз), 12 маусымда Түркістан,  21 қыркүйекте Шымкент алынды [10, 371 -379 б.]. Араға едәуір уақыт сала 1865 жылдың 17 маусымында тіке шабуыл барысында Ташкенттің алынуымен Қазақстанның оңтүстік аймағы толықтай патша үкіметінің қарамағына енгізілді. 

1865 жылдан құрылған Түркістан облысы алғашқыда Орынбор генерал – губернаторлығына бағынысты болды. Ал 1867 жылдан бастап құрамына орталығы –Ташкент болған Сырдария облысы мен орталығы – Верный (Алматы) болған Жетісу облыстары енген дербес Түркістан генерал  - губернаторлығы құрылды.

Империяның құрамына жаңадан енгізілген аумақтарда патша үкіметінің саясатын жүзеге асыруды қолдайтын, көмек көрсететін адамдар тобы қажет болғандықтан Ресей мемлекетінің еуропалық бөлігінен жаңадан қосылған аумақтарға халықты көшіру саясаты жергілікті жерлерде қызу қолдауға ие  болды. Осылайша жаңадан қосылған аумақтарға, атап айтқанда Қазақстанның оңтүстік аймағына орыс және украин шаруаларымен қатар бірен –саран болса да белорус ұлтының өкілдері де көшіп келе бастады.

Жоғарыда айтылғандай,  көп жағдайда көшіп келушілер арасынан этникалық белорустарды анықтау оңай болмайтын. Себебі, православ дініндегі, шығыс славяндары белорустар көбінде орыстар ретінде де жазылып кеткен. Тіркеушілер негізінен бұл мәселенің байыбына да бармаған.

Белорус ұлтының империяның батыс бөлігін мекендейтін едәуір бір бөлігі католик дінін ұстанғандықтан түрлі дерек көздері арқылы олардың жекелеген жағдайларда поляктар немесе литовтықтар атауымен де жазылып келгендігіне  көз жеткіземіз.

Дей тұрғанмен, Орал және Сібір аймағына, уақыт өте Орталық Азия мен Солтүстік Кавказға қоныс аударған этникалық белорустарды орыс, украин немесе поляк сынды туыстас халық өкілдерінен қалай ажыратуға болатын еді? Осы сауалды тарқатып көрелік.

ХХ ғасырдың 30 жж. дейін шаруалардың басым бөлігі хат танымағандығы шындық. Тиісінше, олардың арасында өз ортасына тән терминдердің кеңінен қолданылғандығы мәлім. Бірақ, біз келтіретін атаулар этнографиялық зерттеулер барысында жинақталғандықтан оларды ғылыми мақсатта қолдануға болады деген сенімдемін. Ендеше, империяның шалғай аумақтарында белорус жерінің тумаларын, этникалық белорустарды өзге славяндық массадан  қалай ажыратты?

 ХІХ ғасырдың екінші жартысында, ХХ ғасырдың басында империяның азиялық бөлігінің тұрғындары арасында этникалық белорустарға қатысты «булбаштар» (белорусша бульба – картоп ), «лапотондар» немесе «лапотниктер» (шаруалар арасында кеңтаралған, тоқылған лапти аяқ киімінің атауына байланысты), «посельщиктер», «посельга», «самоходтар» атаулары қолданылған.

Сонымен қатар, олардың туған өлкесіне байланысты минщина (минскіліктер), витебтіктер, гомелдіктер, могилевтіктер және т.б атаулар қолданыста болған [6, 138 б.].

ХІХ ғасырдың 80 -90 жж. тегі белорус шаруалардың Сібірге, Алтай өңіріне кезекті үлкен көші жүзеге асты. 

Тұтас алғанда, революцияға дейінгі белорус ұлты өкілдерінің Қазақстан аумағындағы саны, жыныстық құрамы туралы алғашқы толымды әрі кешенді ақпаратты тұтас Ресей империясының аумағында 1897 жылы жүргізілген бірінші халық санағы мәліметтерінен ала аламыз.

Халық санағына сәйкес, сол кезеңдегі Орта Азияны (қазір Орталық Азия) небәрі 829 белорус ұлтының өкілдері мекендеген. Жыныстық тұрғыдан олардың 534 ер  және 295 әйел азаматтар болған. Мәліметтерді сараптау арқылы өзін белорус ретінде көрсеткен халықтың жыныстық тұрғыда басым түрде ерлерден құралғандығына көз жеткіземіз.

Санақ бойынша белорустарға тілдік және мәдени тұрғыдан жақын орыстар мен украиндердің аймақтағы саны тиісінше 587 992 (орыстар) және 101 641 (украиндер) адамды құраған  [11].

Белорус ұлты өкілдерінің Орталық Азия сынды ұлан – ғайыр аймақта аз санды болуы (санақ бойынша небәрі 829 адам), сонымен қатар, жапсарлас өмір сүріп жатқан 690 мыңдық шығыс славян компоненті, қосымша жыныстық диспропорция жағдайында халықтың тілдік, мәдени тұрғыдан орыс халқы тарапынан жоғарғы деңгейде ассимилизациялануы  заңдылық еді.

Белорустардың  санын әкімшілік – аумақтық бөлініс негізінде қарастырар болсақ. Аталмыш халық санағы бойынша Орталық Азия аймағындағы белорустардың ең үлкен бөлігі – 246 адам сол кездегі Ақмола облысының аумағын мекендеген [12, 19 б.]. Закаспий облысын (қазіргі Түркіменстан мен Маңғыстау облысының, ішінара Өзбекстан аумағы) – 180, Семей облысын (Семипалат облысы) – 114 [11], Сырдария облысын – 81 [13, 179 б.], Орал  облысын - 57 [14, 3 б.], Жетісу облысын – 15  [15, 52 б.] белорус мекендесе,  Торғай облысында  небәрі -  2 [16, 9.] белорус ұлтының өкілдері өмір сүрген.  

Ал қазақи қауым жекелеген өңірлерінде басым болып табылатын Астрахань губерниясында – 774, Орынбор губерниясында – 2247, Тобыл губерниясында -4396, Том губерниясында – 4586, жалпы Сібір аймағында (Орал тауынан Тынық мұхитына дейінгі аумақ) – 12 346 белорустар мекен еткен [11]. Егер, халық санағының ана тілі бойынша жүргізілгендігін ескерсек, белорустардың саны жоғарыда ресми мәліметтегіден әлдеқайда көп болуы мүмкін.

1917 жылдың 25 қазанында Қазан революциясы жүзеге асып, елдегі биліктің большевиктердің қолына тигендігі белгілі.

Ұзақ жылдар Ресей империясының бодандығында болып, тек әкімшілік–аумақтық бірліктерден тұрған Қазақстан 1920 жылы автономды, ал 1936 жылы КСРО құрамындағы одақтық республика ретінде құрылды.

1926 жылы жүргізілген халық санағы бойынша Қазақстандағы белорус ұлты өкілдерінің саны – 25584 адамды құраған [17]. Осылайша келесі 29 жылда Қазақстандағы белорус ұлты өкілдерінің сандық тұрғыдан едәуір өсе түскендігіне көз жеткіземіз.

1939 жылдың 1 қыркүйегінде Германия Польша аумағына батыстан шабуыл жасап, ІІ Дүниежүзілік соғысы басталды.

1941 жылдың 22 маусымында Германияның КСРО –на шабуылымен ІІ Дүниежүзілік соғыстың Кеңестер Одағының аумағын шарпығандығы тарихтан белгілі. БСКР КСРО –ң батысында орналасқандықтан мемлекет соғыстың азабын алғашқылардың бірі болып сезінді.

Соғыс қимылдарына байланысты Белорусияның 1,5 млн. халқы КСРО –ң шығыс  аймақтарына эвакуацияланған болатын [18, 286-292 бб. ].

Бұл үдерістен Қазақстан да тыс қалмады. Соғыс жылдарында еліміз аумағында жалпы саны 11 мыңға жуық эвакуацияланған белорусиялық жұмысшылар мен түрлі сала қызметкерлері, олардың отбасы мүшелері пана тапты. Сонымен қатар, Белоруссияның опера және балет театрының ұжымы, Я. Колас атындағы Витебск облыстық драма театрының ұмымы, жекелеген белорус киноматографистері қазақ жеріне көшіріліп, жұмыс жасады. 

Белорус опера және балет театрының примасы Ларис Александровская да соғыс жылдары Алматыда болып, Күләш Бәйсейітовамен бірге көптеген концерттер берді [19].

Соғыс жылдары эвакуацияланған кәсіпорнындар мен мекемелер жұмысшыларының бір бөлігі  қазақ жерінде қалып, еліміздегі белорус ұлты өкілдерінің санын молайта түсті.

Соғыс аяқталып, И. Сталин дүние салғасын билікке Н. Хрущевтің келгендігі белгілі. Хрущевтің еліміздің демографиялық көрсеткіштеріне түбегейлі өзгерістер алып келген бастамаларының бірі  мемлекетіміздің солтүстік бөлігінде орналасқан, түрен түспеген аумақтарды игеру науқаны болды.

Тың және тыңайған жерлерді игеру бастамасына КСРО –ң миллиондаған азаматары үн қатты. Бастамадан дәстүрлі ауылшаруашылығы, сала бойынша қуатты инфрақұрылымы бар Белоруссия да шеткері қалмады.

ХХ ғасырдың 50- 60 жж. Қазақстанға Белоруссиядан ондаған мың еріктілер қоныс аударды. Нәтижесінде, 1950 жж. соңында қазақстан белорустарының  60 % еліміздің солтүстігін мекендегендігі белгілі .

ХХ ғасырдың 60 жж. Белоруссиядан Қазақстанның тың және тыңайған жерлеріне  қоныс аударту жоспар негізінде де жүзеге асты. Мысалы, сол кезеңдегі Брест облысының жоспарына сәйкес 1960 жылдың қаңтар – сәуір айларының аралығында 850 отбасы тың және тыңайған жерлерге көшірілген. Ал 1964 – 1965 жж. Белоруссиядан 2200 отбасы қоныс аударған.  КСРО –ң көптеген батыс облыстары тың өлкесіндегі колхоздарды өз қамқорлығына алған болатын. Мысалы, Гродно облысы сол кездегі Көкшетау облысының Қызылту ауданымен тығыз ынтымақтастық орнатқанды.

Тыңды игеруге тек әкімшілік аумақтар ғана емес сонымен бірге арнаулы жоғары оқу орындары да белсенді атсалысты. Белорус ауылшаруашылық академиясы 1955 жылдан бастап өз түлектерін тың облыстарындағы колхоздар мен совхоздарға жолдамамен жібере бастаған болатын. Атап айтар болсақ, 1958 жылдың өзінде академиияның 21 түлегі жұмыс істеуге Қазақстанға келді. Соңынан, олардың едәуір бөлігі қазақ жерінде өзінің екінші отанын тауып, еліміздің дамуына үлкен еңбек сіңірді.  

Белоруссиядан қоныс аударған мамандарға тоқталар болсақ олардың қатарында: 25 мың механизаторлар, 3 мың құрылысшылар болды.  Белорус мамандарының есебінен 24 совхоз жабдықталғанды.

Жалпы, аталған уақыт аралығында тың облыстарындағы белорус ұлты өкілдерінің саны 7 есеге өсті [20]. 

КСРО да 1959 жылы өткізілген кезекті халық санағының нәтижесіне сәйкес елімізді 107 463 белорус ұлтының өкілдері мекендеген екен.

Қазақстан ХХ ғасырдың 50 жылдарының екінші жартысынан бастап 70 жылдардың ортасына дейін индустрияландырудың қуатты дүмпуін басынан өткерді. 1959 -1975 жж. аралығында елімізде жалпы саны 2074 құрайтын ірілі ұсақты кәсіпорындар мен цехтар салынып, іске қосылды. Олардың арасынан Қазақстандық Магнитканы, Скоколов – Сарыбай тау кен –байыту комбинатын, Бұқтырма және Қапшағай СЭС-н, Ақсу  және Жамбыл ЖЭС –н, Өскемен титан – магний және Жітіқара асбест комбинаттарын, Ақсу ферроқорытпа, Павлодар алюмний және трактор, Шымкент және Қаратау фосфор, Жамбыл қосарланған суперфосфат зауыттарын, Екібастұз разрездерін ерекше атауға болады.

Аталғандай қуатты өндіріс кешендерінің құрылысы мен іске қосылуы барысында КСРО –ң еуропалық бөлігінен көптеген мамандар жолдамамен немесе жұмыс бойынша елімізге келіп жатты.

Қазақстандағы белорус ұлты өкілдерінің ең жоғарғы көрсеткіші 1970 жылғы халық санағы барысында тіркеліп, 197 592 адамды құрады. Одан кейінгі жылдары бұл көрсеткіш ұдайы кемумен болды.

КСРО экономикасындағы дағдарыс, 1991 жылы алпауыт мемлекеттің ыдырап, тәуелсіз ұлт мемлекеттерінің құрылуы халықтың этникалық тегіне байланысты тарихи отандарына қоныс аудару үдерісін күшейтті. Және аталмыш үдеріс посткеңестік мемлекеттердің барлығына да тән болатын. Елімізге келер болсақ, егер 1989 жылы Қазақстанды  182 601 белорус  этносының өкілдері мекендеген болса, 1999 жылы олардың саны 111 927 адамды құраған [21] .

2009  жылғы халық санағына сәйкес Қазақстанды  66 476 белорус этносының өкілдері мекендеген [22].  Бүгінгі күні қазақстандық белорустардың ең көп бөлігі Қостанай облысының аумағын мекендейді. Олардың саны – 15 171 адам [23, 4 б.]. Ал жалқылай алғанда облыстағы белорус этносы өкілдерінің Рудный  қаласында, Қарасу және Қостанай  аударындағы саны едәуір [23, 15 - 31 бб.].   

Белорустардың көбірек қоныстанған өңірлердің бірі Қарағанды облысы. Санақ мәліметіне сәйкес облыста – 13 370 белорус этносының өкілдері тұрады [24, 4 б.]. Жергілікті белорустар негізінен облыстың орталығы мен оған іргелес  Теміртау, Шахтинск, Абай және Сарань  елді мекендерінде тұрады [24, 21 - 30 , б.].

Астана қаласы орналасқан Ақмола облысының аумағын – 11 927 белорус этносының өкілдері мекендейді [25, 4 б.]. Белорустар облыс орталығымен қатар, Атбасар, Есіл, Шортанды, Целиноград және Щучье аудандарында біршама жинақы қоныстанған [25, 9 - 42 бб.].  

Аталған өңірлерден өзге Солтүстік Қазақстан облысында – 6856 [26, 4 б.], Павлодар облысында – 5419 [27, 4 б.],  Астана қаласында – 3753 [28, 4 б.],   Алматы қаласында – 1782  [29, 4 б.] белорус этностық тобының өкілдері тұрып жатыр.

Қазақстандық белорустар бүгінде мемлекет халқының ажырамас бір бөлігі. Еліміздегі белорустар республиканың дамуына өз үлестерін қоса отырып, Қазақстан мен Беларусь республикаларының арасында алтын көпір міндетін атқаруда.

Екі елдің арасындағы бұрнағы жылдардан қалыптасқан жылы қарым –қатынас мемлекеттер тәуелсіздігін алғаннан кейінгі кезеңде жаңа деңгейге көтерілді. 1992 жылы 16 қыркүйекте  Қазақстан Республикасы мен Беларусь арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Сол кезеңнен бері қос мемлекет сенімді әріптестер ретінде тығыз жұмыс жасап  келеді.

Қазақстандық белорустардың алғашқы бейресми бірлестіктері 1990-шы жылдардың басында пайда болды. Алғашқы негізделгендердің  бірі «Беларусь» ұлттық –мәдени орталығы. Ұйым 1992 жылы құрылған. Бастамашысы және алғашқы басшысы -  Павел Атрушкевич.

Жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңында белорустардың ұлттық мәдени орталықтары Павлодар, Өскемен, Астана, Қостанай, Қарағанды, Көкшетау және Петропавл қалаларында құрылып, жұмыс жасай бастады. Орталықтардың жұмыстары ҚХА ұйымының қызметімен тығыз байланыста жолға қойылды. Бүгінде республикада 12 белорус этно-мәдени бірлестіктері жұмыс жасайды. 2002 жылдан Қазақстан белорустарының ассоциациясы тіркеліп, жұмыс жасап келеді.  Басшысы – Леонид Николаевич Питаленко [30, 10 б.].  Леонид Николаевич қазір Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары лауазымын қоса атқаруда [31]. 

Қазақстандағы белорус этносының өкілдері тарихи отандарымен тығыз байланыс орнатқан.  Өз жұмысы барысында Қазақстан мен Беларусьтің айтулы тарихи даталары, мерекелері тұрақты түрде  аталып өтіледі.

Еліміздегі белорус этно-мәдени орталықтарының көпшілігінде жексенбілік мектептер ашылған. Онда тілден өзге белорустардың тарихы мен мәдениеті, салт – дәстүрлері мен әдет ғұрыптары оқытылады.

Мәдени орталықтар жұмысының негізгі бағыттарының бірі еліміздегі ішкі бірлікті сақтай отыра мемлекетіміздің дамуына атсалысу. Осы орайда белорус мәдени орталықтары республикалық, облыстық және жергілікті деңгейлерде белсенді жұмыс атқаруда.

Ортақ құндылықтарды  бірге жүзеге асыру мақсатында белорус мәдени орталықтары өзге де этно-мәдени орталықтарымен тығыз байланыс орнатып, бірлесе жұмыс жасауда.

Пайдаланылған әдебиеттер мен дерек көздерінің тізімі:

1.  Белорусы: становление этноса и национальная идея. www.yabloko.ru/Themes/Belarus/belarus-32.html

2.  Народы России. Белоруссы и поляки. Санкт – Петербург, «Общественная польза», 1878. - 75  с.

3.  Чиргинов П.Г. История  Беларуси. Минск, 2002. – 432 с.

4.  Тымовский Михал, Кеневич Ян, Холцер Ежи. История Польши. – М.: Издательство «Весь Мир», 2004. – 544 с.

5.  A.  Dybkowska, J. Żaryn, M. Żaryn. Polskie dzieje od czasów najdawniejszych do współczesności. Wyd. Naukowe PWN. Warszawa 1994. 372 s.

6.  Жигунова М.А. Восточнославянское население в Сибири: этнокультурная история и идентичность// Томский журнал лингвистических и антропологических исследований. – 2015. -№ 3 (9).

7.  Федоров Р.Ю. Крестянские переселения белорусов в Азиатскую Россию// Ойкумена. Регионоведческие исследования. – 2014. - №3 (30).

8.  Беларуска-Рускi слоўник. Мiнск: Аверсэв, 2003. 372 c.

9.  Ж. Қарынбаев. Қазақстандағы поляк ұлтының өкілдері: қалыптасу тарихы мен бүгіні//Қоғам және дәуір. – 2015. – №1 (45).

10.  История Казахстана (с древнейших времен до наших дней). В пяти томах. Том 3. – Алматы: «Атамұра», 2000. 768 с.

11.  Первая Всеобщая перепись населения Российской Империи1897 г. Под ред. Н.А.Тройницкого. – Т.II. Общий свод поИмперии результатов разработки данных Первой Всеобщейпереписи населения, произведенной 28 января 1897 года.– Санкт-Петербург, 1905. Таблица XIII. Распределениенаселения по родному языку.

12.  Первая Всеобщая перепись населения Российской Империи1897 г. Под ред. Н.А.Тройницкого. LXXXI. Акмолинскаяобласть. – Санкт-Петербург, 1905.

13.  Первая Всеобщая перепись населения Российской Империи 1897 г. Под ред. Н.А.Тройницкого. LXXXVI. Сыр–Дарьинскаяобласть. – Санкт-Петербург, 1904.

14.  Первая Всеобщая перепись населения Российской Империи 1897 г. Под ред. Н.А.Тройницкого. LXXXVIIІ. Уральскаяобласть. – Санкт-Петербург, 1905.

15.  Первая Всеобщая перепись населения Российской Империи 1897 г. Под ред. Н.А.Тройницкого. LXXXVII. Семиречинскаяобласть. – Санкт-Петербург, 1905.

16.  Первая Всеобщая перепись населения Российской Империи 1897 г. Под ред. Н.А.Тройницкого. LXXXVII. Тургайскаяобласть. – Санкт-Петербург, 1904.

17.  Всесоюзная перепись населения 1926 г. – Т. VIII. – М., 1928. – С. 15-46.

18.  Беларусь памiж Уcходам i Захадам. -Мн. – 1997. – Ч. 1.

19.  Белорусы в Казахстане. http://www.belarus.kz/kultura/37.

20.  История белорусской диаспоры в Казахстане. http://allby.tv/article/2655/istoriya-belorusskoy-diasporyi-v-kazahstane.

21.  Зимовина Е.П. Динамика численности и состава населения Казахстана во второй половине ХХ века. http://demoscope.ru/weekly/2003/0103/analit03.php.

22.  Аналитический отчет. «Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года». Под ред.Смаилова А.А./ Астана, 2011. – С. 65.

23.  Костанайская область. Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года. Том 2. Статистический сборник. Под ред. Смаилова А.А. Астана, 2011.

24.  Карагандинская область. Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года. Том 2. Статистический сборник. Под ред. Смаилова А.А. Астана, 2011 – 160 с.

25.  Акмолинская область. Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года. Том 2. Статистический сборник. Под ред. Смаилова А.А. Астана, 2011 – 150 с.

26.  Северо – Казахстанская область. Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года. Том 2. Статистический сборник. Под ред. Смаилова А.А. Астана, 2011 – 138 с.

27.  Павлодарская область. Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года. Том 2. Статистический сборник. Под ред. Смаилова А.А. Астана, 2011.

28.  Город Астана. Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года. Том 2. Статистический сборник. Под ред. Смаилова А.А. Астана, 2011 – 74 с.

29.  Город Алматы. Итоги Национальной переписи населения Республики Казахстан 2009 года. Том 2. Статистический сборник. Под ред. Смаилова А.А. Астана, 2011 – 118 с.

30.  Менің Қазақстаным. – Справочник о деятельности этнокультурныхобъединений Казахстана. Астана, 2015. – 80 стр.

31.  http://assembly.kz/ru/substituents/pitalenko-leonid-nikolaevich.


Жандос Ауелбекович Каринбаев

Старший преподаватель Академии государственного управления при Президенте Республики Казахстан, специалист по международным отношениям, историк

Представители белорусского этноса в Казахстане: история формирования и настоящее 

Аннотация

Статья посвящена истории формирования белорусской этнической группы  Казахстана. Данный вопрос рассматривается с точки зрения этногенеза белорусского народа и истории белорусской государственности. Рассматриваются исторические, политические, социальные и экономические аспекты процесса формирования белорусской этнической группы Казахстана. 

Также, в статье прослеживается политика Казахстана в межэтнической сфере, работа этно-культурных центров представителей белорусского этноса и их работа по возрождению языка и традиций.  

Статяь подготовлена в амках научного проекта «История межэтнических и межконфессиональных отношений в Республике Казахстан, включая историю наиболее крупных этносов»

Ключевые слова: белорусы, Речь Посполитая, Беларусь, национально – освободительные движения, ссылка, нация, ассимиляция, Казахстан, Сибирь, Центральная Азия, целинные и залежные земли, депортация, эвакуация.  


Zhandos Auelbekuly Karinbayev

Senior Teacher of The Academy of Public Administration under the President of the Republic of Kazakhstan, Majoring in International Relations, historician

Representatives of the Belorussian Ethnos in Kazakhstan: History of Formation and Current Status 

Abstract

The article is devoted to the history of formation of the Belarusian ethnic group in Kazakhstan. The issues is being considered in the context of the Belarusian people ethnogenesis and the history of the Belarusian nationhood.

The historical, political, social and economic aspects of the formation of the Belarusian ethnic group in Kazakhstan are being examined.

Furthermore, the article expresses the policy of Kazakhstan in the sphere of inter-ethnic relations, activity of ethno-cultural centers of the Belarusian nation representatives and their work on the revival of the language and traditions.

The article is prepared in the framework of the scientific project on «History of inter-ethnic, inter-religious relations in the Republic of Kazakhstan, including the history of the largest ethnic groups». 

Key words: Belarusians, Polish-Lithuanian Commonwealth, Belarus, national liberation movement, exile, nation, assimilation, Kazakhstan, Siberia, Central Asia, virgin and fallow lands, deportation, evacuation.  

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 7233

Нет рецензий

Скачать файлы

Zhandos Karinbayev belorustar makala(1).doc 0.14 MB

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

УДК 978.11-008 ДРЕВНЯЯ ИСТОРИЯ ЦЕНТРАЛЬНОЙ АЗИИ: РЕЛИГИИ, КУЛЬТУРЫ, КОНТАКТЫ Солтүстік Қазақстандағы "АЛЖИР" әйелдер лагерінің тарихы: тарихнама және мұрағаттық деректер ҚАЗАҚСТАНҒА АРНАЙЫ ҚОНЫСТАНДЫРУ САЯСАТЫ ҚАЗАҚСТАН МЕН ҚЫТАЙ АРАСЫНДАҒЫ ШЕКАРАЛЫҚ КЕЛІССӨЗДЕР МӘСЕЛЕСІ Өзбек және қарақалпақ халықтарының этномәдениеті УДК 323.1:94(476) Қазақстандағы белорус этносының өкілдері: қалыптасуының тарихы мен бүгіні ДИПЛОМАТИЧЕСКИЕ СВЯЗИ МИНСКОГО КИТАЯ С ГОСУДАРСТВАМИ ЦЕНТРАЛЬНОЙ АЗИИ ҚАЗАҚТАР МЕН ЖАПОНДАРДЫҢ ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫМЫНДАҒЫ ЫРЫМ-ТИЫМ, РӘМІЗДЕР, СЕМИОТИКАЛЫҚ ТАЛДАУ 94(470)+94(574) Ш. Маржани және қазақ тарихы ҚАЗАҚСТАН ТАРИХЫНДАҒЫ ТОПОНИМИКАЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРІ ӘОЖ 94(5-191.2+560)«1991/2016»:327 Тәуелсіздік жылдарында қазақ-түрік мәдени байланыстарының жаңаруы. 94(574)(035№3) Академик М.Қ. Қозыбаев еңбектеріндегі Алаш тұлғалары ӘОЖ 391.745/749 Түркі және славян халықтарының әдет-ғұрыптарындағы ұқсастықтар (қазақ және орыс халықтарының негізінде) ӘӨЖ 323.113(=512.122) ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАРЫ БЕС ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ӨТКІЗІЛУ ТАРИХЫ (1992-2017 жж.) 391.745/749 ТАҢБА – ШЕЖІРЕЛЕР МҰРАСЫ АЛАШ ТАРИХЫ - ТҰЛҒАЛАР ТАҒДЫРЫНДА: Жетісулық Алаш қайраткері Ыбырайым Жайнақовтың тарихи келбеті ӘОЖ 391.745/749 ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР – «БЕТАШАР» САЛТЫ: САҚТАЛУЫ МЕН ЖАҢҒЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ОӘЖ 930.2 СЕМЕЙ ІШКІ ОКРУГЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ: ТАРИХНАМАЛЫҚ АСПЕКТ ҒТАМР 03.20.00. ӘОЖ 92959 (574) ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚАРАҚАЛПАҚТАР: ТАРИХЫ МЕН МӘДЕНИЕТІ ӘОЖ 368.08+94(574) ТҰРАР РЫСҚҰЛОВТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ӘОЖ 94(574) АТАТҮРІК БИЛІГІ КЕЗІНДЕГІ ТҮРКИЯДАҒЫ ЖӘНЕ ПОСТКЕҢЕСТІК ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТАРИХИ ЖАДЫ МЕН ҰЛТТЫҚ САНАНЫ ЖАҢҒЫРТУЛАР САБАҚТАСТЫҒЫ ХАЛЫҚТАРДЫ КҮШТЕП ҚОНЫС АУДАРУ – АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА ПОЛИЭТНИКАЛЫҚ ХАЛЫҚТЫҢ ҚАЛЫПТАСУЫНЫҢ БІР ФАКТОРЫ РЕТІНДЕ ҒТАМР 05.601.91 1945-1955 жж. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ САНДЫҚ КӨРСЕТКІШІ БОЙЫНША ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ ПРОЦЕСТЕР ҒТАМР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ XVIII Ғ. СОҢЫ МЕН XX ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ ҰЛТ-АЗАТТЫҚ ҚОЗҒАЛЫСТЫ ОҚЫТУДЫҢ ТЕОРИЯСЫ МЕН ПРАКТИКАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ҒТАМР 03.01.17 DOI 10.51943/2710_3994_2021_2_1 ҚАЗАҚСТАН-ЛАТВИЯ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТРАНЗИТ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ

Статьи автора

УДК 323.1:94(476) Қазақстандағы белорус этносының өкілдері: қалыптасуының тарихы мен бүгіні