Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » ОТТЫ ЖЫЛДАР ШЕЖІРЕСІ: МҰРАҒАТ ҚҰЖАТТАРЫ ЖӘНЕ ХАЛЫҚ ЖАДЫ НЕГІЗІНДЕ

ТӨЛЕНОВА З.М. Ш.Ш. Уәлиханов атын. Тарих және этнология институты Сыртқы байланыс, ақпарат және ғылыми кластер бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент

ОТТЫ ЖЫЛДАР ШЕЖІРЕСІ: МҰРАҒАТ ҚҰЖАТТАРЫ ЖӘНЕ ХАЛЫҚ ЖАДЫ НЕГІЗІНДЕ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 2(06)

ОТТЫ ЖЫЛДАР ШЕЖІРЕСІ: МҰРАҒАТ ҚҰЖАТТАРЫ ЖӘНЕ ХАЛЫҚ ЖАДЫ НЕГІЗІНДЕ
Автор:
Тарих қойнауына тереңдеп енген әрбір ғасырдың, әрбір кезеңнің өзіндік маңызы және ерекшеліктерімен айқындалатын айтулы оқиғалары мен жылнамалары баршылық. Және де сол кезеңнің тарихына терең бойлау, оны бағамдау арада жылдар өткен сайын замана ағымына қарай жаңғырып отырады.
Содержание:

Тарих қойнауына тереңдеп енген әрбір ғасырдың, әрбір кезеңнің өзіндік маңызы және ерекшеліктерімен айқындалатын айтулы оқиғалары мен жылнамалары баршылық. Және де сол кезеңнің тарихына терең бойлау, оны бағамдау арада жылдар өткен сайын замана ағымына қарай жаңғырып отырады. Ұлт тарихында айрықша маңызы бар көптеген айтулы оқиғалардың мазмұны мен маңыздылығы қазіргі қоғамдық-гуманитарлық ғылымдар идеологиялық өктемдіктен арылып, посткеңестік кеңістікте жаңа қырынан зерделене бастады. Сондықтанда ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ұлттық тарихымыз бен рухани құндылықтарымызды тәуелсіздік игілігіне пайдаланудың мүмкіншілігі ұлғайып, тың тұжырымдар мен пайымдаулар өз нәтижесін беруде. Осындай жаңа кезеңнің тәрбиелік мәні бар игі шаралары қатарында биылғы жыл да ұлтымыздың және ұлт ұлылары ұлықталатын жыл ретінде тарихымызда алтын әріппен жазылмақ. Атап айтар болсақ, Қазақ хандығына - 550 жыл, ұлт мақтаныштары Абай – 170 жыл, Шоқан – 180 жыл, ал тарихшы Е. Бекмахановқа – 100 жыл, Ә. Марғұлан - 110 жыл және Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске – 70 жыл деп жалғаса бермек. Одан туындайтыны ғасырлар қойнауына тереңдеп енген тарихи кезең, оқиға, тұлғалар мен ұрпақ арасындағы сабақтастық жаңа қырынан зерттелетіндігі. Олай дейтініміз, соңғы жылдары Ұлы Отан соғысының маңызы мен сипатын анықтаудағы кездесетін асыра сілтеу мен бұрмалаушылықтар ресейлік, батыстық және қазақстандық авторлар арасында бой көрсетіп отырғаны анық. Тіпті 1990-шы жылдардың соңында-ақ ғылыми-шығармашылық ғұмырының 40 жылдан астам мерзімін Ұлы Отан соғысы тақырыбын зерттеуге арнаған академик М. Қозыбаев ондай пікірлермен келісе алмайтындығы туралы өзінің 2 кітаптан тұратын «Казахстан на рубеже веков: размышления и поиски» атты монографиясының «Социализм: опыт и горькие уроки» бөлімінде былай көрсетеді: «Такие перекосы в оценке характера войны ... имеют место в результате искажения сути понятия Отечества, ограничения его территориальными границами, национальными перегородками» [1]. Академиктің пайымдауынша Отан соғысын бағамдаудың маңызы орасан зор және оның идеология мен әлеуметтік этика нормаларына да тигізер әсері мол. Сондықтан да ғалымның еңбектерінде соғыстың адамгершілік және идеологиялық маңызына баса көңіл бөлуі кездейсоқтық емес. Академик М.Қ. Қозыбаевтың тұжырымдарына сүйенер болсақ, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап посткеңестік кеңістіктегі кәсіби тарихшылар үшін тарих ғылымындағы ахуалды түбірімен өзгертуге әкелген ішкі ғылыми қайтақұрулардың бағыты екі маңызды факторға сүйенді. Оның алғашқысы, 1991 жылдан бастау алған мұрағаттық құжаттарға қол жеткізудің арқасында зерттеушілер тарихи оқиғалардың шынайы келбетін беруге мүмкіндік алды да, оны ауызша тарих айту дәстүрімен үйлесімді ғылыми айналымға еркін енгізе алды. Екіншісі, жылдар бойы бас иген маркстік-лениндік методологияның орнына, әлемдік тарих ғылымындағы әдістемелік бағыттардың кеңінен қолданысқа ене бастауы. Қазіргі отандық тарих ғылымының дамуында, жаңа тұжырымдардың бастауында жазба тарихи деректермен қатар, мұрағат құжаттары да үлкен рөл атқарып отыр. Сонымен қатар соңғы онжылдықта отандық тарихнамада ауызша тарих айту бағытын дамыту қолға алынып, көптеген тың методологиялық жұмыстар жарыққа шықты. Бірақ осы ауызша тарихты ғылыми айналымға енгізу барысында мына екі жағдайға барынша назар аударғанымыз жөн, оның алғашқысы сонау ғасырлардан жалғасын тауып келе жатқан ауыздан-ауызға таралып отырған шежіре мен тарих айту болса, екіншісі соңғы жылдары кәсіби мамандардың көне көз қариялардан, белгілі бір кейіпкерден сұхбат алу арқылы жинақтаған материалды жарыққа шығаруы. Яғни макротарихтан микротарихқа біртіндеп ауысу мәселесі. Осы шағын мақалада осындай тарихи зерттеу әдісін қолдана отырып, жеке тұлғаның қоғамдағы болып жатқан ірі оқиғалар, құбылыстар мен өзгерістерге ықпал ете алатындығын дәйектеу. Ұлы Жеңіске 70 жыл толу мерекесі қарсаңында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты «Қазақстан 1941-1945 жылдардағы Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы кезінде» жобасы бойынша республика бойынша мұрағат құжаттары мен халық жадындағы сақталған тарихты – естеліктерді жинауға арнайы ғылыми экспедиция ұйымдастырды. Бағдарламаның басты мақсаты – «бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің ұлттық мүддесі тұрғысынан 1941-1945 жылдардағы соғыс тарихының «ақтаңдақтарын», бұрын кеңестік жүйенің идеологиялық қыспағымен айтуға тиым салынған мәлелерін саралауға бағытталған материалдар мен естеліктерді жинау» деп көрсетілген жадынамада. Экспедиция барысында облыстық, аудандық мұрағаттар, қорғаныс департаменттерінің мұрағат қорларынан, ұлттық мәдени орталықтардың материалдарын жинақтаумен қатар, соғыс және тыл ардагерлерімен, олардың жесірлері және ұрпақтарымен кездесу барысында айтылған естеліктер де жазылып алынды. Сондай-ақ Жамбыл облыстық «Парыз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әли Бекқұлы жинақтаған құжаттардың да көшірмесі алынды. Жамбыл облыстық мемлекеттік мұрағатының қоры өте бай, замана талабына сай жұмыс істеуде. Экспедиция мүшелері 1 ай аралығында облыстық мұрағаттың 120-дан астам қоры бойынша 4000-ға жуық істің құжаттарымен танысып, фотокөшірмесі алынды. Айта кетері, мұрағат басшылығы бұдан бірнеше жыл бұрын соғыс ардагерлерінің құжаттарын қабылдау акциясын жариялап, арнайы 341-қор «Жамбыл облысы бойынша 1941-1945 жж. ҰОС ардагерлерінің жеке тектік құжатттарының топтамасы» мен 1110-қор «Жамбыл облысы бойынша 1941-1945 жж. ҰОС Батырлары жеке тектік құжатттарының топтамасы» қорларын жинақтауы өскелең ұрпаққа мұра ретінде облыстық мемлекеттік мұрағат пен ардагерлердің қолында бар құжаттары мен фотосуреттері мемлекеттік сақтауға қабылдануы игі шара болары анық. Жамбыл облыстық мемлекеттік және қалалық мұрағатында ғылыми-зерттеу және іздеу жұмыстарын жүргізген экспедиция мүшелерінің аныұтауы бойынша аталған мұрағаттарда соғыс жылдарындағы Жамбыл облысының тарихын жан-жақты тереңінен ашатын аса бай құжаттар кешені жинақталған. Мұрағат қорларында сақталған көптеген құжаттар ғылыми айналымға толық түспегендіктен қалың көпшілік және ізденушілер үшін беймәлім күйінде жатыр. Бұдан байқайтынымыз, кешегі кеңестік кезеңде де, бүгінгі тәуелсіздік кезеңінде де Жамбыл облысының тарихын толық қамтыған отандық тарихнамада іргелі ғылыми еңбектің жазылмағандығы. Осыған байланысты экспедиция мүшелері ЖОММ әрбір қорын тиянақты зерттеуге баса назар аудардық. Мұрағатта жетпіс жылдан бері сақталып келген сан алуан мазмұндағы құжаттар - соғыс жылдары Таразда жасақталған құрамалар мен дивизиялардың және 105-ші ұлттық атты әскер дивизиясын жасақтау мен жабдықтау барысына қатысты құжаттары, тылдағы еңбеккерлердің жан кешті ерлік жолын көрсететін құжаттар, майданға көмек, азық-түлікпен, жылы киіммен қамтамасыз ету жолындағы күнделікті есептер, одақтық, республикалық және облыстық мемлекеттік, партия дерективалары, бұйрықтары, майданға алынғандардың, елі мен жерін жаудан қорғағандардың тізімдері, арнайы мәліметтер, анықтамалар, фотосуреттер, жеке хаттар сұрапыл соғыстың кезінде халық басына туған ауыр күндерден, бүгінде сарғайып өше бастаған тарихының күнпарағы ретінде сайрап тұр. Өйткені, ондағы әрбір құжат, статистикалық есептер, майдангерлердің естеліктері, өмірбаяндары, жауынгерлерді марапаттаған құжаттар мұрағат қорын толтыруға ғана емес, тарихшылар үшін де құнды дерек. Осы орайда мұрағаттағы соғысқа қатысты құжаттардың кейбірі жөнінде қысқаша мағлұмат берудің артықтығы болмас. Мысалға соғыс басталған жылы өте қауырт түрде Жамбыл қаласы мен облыста 1941 жылғы маусым айында 678-шi жеке атқыштар батальоны, тамызда 81-шi атты әскер дивизиясы, шiлдеде дербес инженерлiк-құрылыс батальоны және жыл соңында газсыздандыру отряды сынды т.б. құрамалардың жасақталып, майданға аттандырылғандығы туралы мұрағат құжаттарында күнделiктi ақпараттары өте көп. Жамбыл қаласында Бас Қолбасшы Сталиннің 1941 жылғы 13 қарашадағы бұйрығы бойынша және КСРО Мемлекеттiк Қорғаныс Комитетiнiң № 894 қаулысы бойынша 105-шi дербес ұлттық атты әскер дивизиясы жасақталынған [2]. Аталмыш құжаттың түпнұсқасы: Дербес ұлттық әскери құраманың құрылымын толық жасақтау, аттармен, ат әбзелдерiмен, азық-түлiк, киiм-кешекпен қамтамасыз ету жұмыстары және әскери дайындықтан өткiзу бiр жыл көлемiнде жүргiзiлiп, құрама майданға 1942 жылдың 1 шiлдесi күнi аттанады [3]. Мiне, осы дивизия туралы облыстық мұрағаттың «Қазақстан КП Жамбыл облыстық комитетi (1939-1949)» 282-шi қоры 258-iс «Докладные записки, сведения парт. комитетов о формировании нац. кав.дивизии, поступление обмундирования, снаряжения продфуража и кожсырья для нее» және 259-iс «Письмо обкома и выписки из протоколов партии по утверждению нац. кав.дивизии» және осы сынды т.б. істерде осы уақытқа дейiн зерттеушiлер назарынан тыс қалған мәлiметтер баршылық. Себебі олар ұзақ жылдар бойы «құпия» және «өте құпия» құжаттар санатында келген. Мұрағат құжаттарындағы мәлiметтерге жiтi көз салар болсақ, осы құраманың жасақталу барысына ерекше көңiл бөлiнгегi соншалықты, күнделiктi жүргiзiлген iс-шаралар, жергiлiктi тұрғындарды тартуға қатысты үгiт-насихат жұмыстары, аттарды жинақтау, тiптi олардың жем-шөптерiнiң құрамы мен сапасына дейiн анықталып, әрбiр ауыл кеңестерi мен аудан басшылары облыстық партия комитетiне күнiне екi рет есеп берiп отырған. Мысалға, 282-қордағы «Докладные записки, информации о ходе формирования кав.дивизии, погрузке и отправке нац. кав.дивизии» деген 399-iсіндегі кезiнде асақұпия болып келген мына бiр күндiк мәлiметтерге тереңірек үңілсек жылы iшiктен бастап, ас қасыққа дейiн мұқият жинақталғанын ғана емес, оның артында тұрған қарапайым ауыл тұрғыны - қазақ халқының барынша майдандағы солдаттардың жағдайын жасап, өзіміз әйтеуір бір көпшілікпен күн көрермiз деген қағидатты ұстанғанын байқау қиын емес [4]. Жобаға сәйкес мұрағат құжаттарын жинақтау мен сараптау барысында айрықша көзге түскені және ой тастағаны құраманың қатарына ең таңдаулы азаматтарды іріктеп алғандығы, тіпті саяси қызметекерлерге аудандық және облыстық партия комитеттері кепілдеме беріп отырған. Екіншіден, осы Тараз жерінде дәл осындай 81-атты әскер дивизиясы жасақталғандықтан былғары дайындау ісіне баса назар аударылып, шұғыл түрде былғары өңдеу кәсіпорындары іске қосылған. Облыс тұрғындарынан және республиканың өзге аймақтарынан жиналған қой және ірі қара малдың терісін өңдеу мен одан тон тігуді жолға қою мақсатында «Қызыл Химик», «Швейник», «Молот» артельдері мен «Союз-Утиль» базасы секілді т.б. іске қосылды. Бұл кәсіпорындарда тек тері өңдеу жұмыстары ғана емес, тон мен ішік, мақталы күртешелер (фуфайка), жылы шалбарлар, гимнастерка, қолғап, іш киім, сүлгілер, зат салатын қаптар т.б. тігілді. Бұрынғы ұсақ кәсіппен айналысатындары ірілендіріліп, қысқа мерзім ішінде қажетті құрал-жабдықтармен, тігін машинкаларымен және өңделген терімен шұғыл түрде қамтамасыз етіліп отырды. Әрі қатаң бақылауда болды [5]. Аталмыш екі дивизияны және өзге де аймақтарға көмектесу мақсатында республикалық «Қызыл Армия аты» («Лошадь Красной Армии») қозғалысына облыс жұртшылығы белсене қатысқан. Сондай-ақ осы 105-ші және 81-атты әскер дивизияларын жасақтауға облыс тұрғындарымен қатар Алматы, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Гурьев облыстары мен жекелеген мекемелерде ат, жылы киім, азық-түлік жіберген және оларды арнайы құрылған комиссия қабылдап отырған. Мысалға, ұлттық атты дивизияны жасақтау комиссиясының 1941 жылдың 19 желтоқсанында берген анықтамасы бойынша: Алматы облысынан – 458 бас жылқы қабылданса, оның 113 – жарамсыз, Ақтөбе облысынан 248, оның – 88 жарамсыз, Оңтүстік Қазақстаннан – 615, оның - 23 жарамсыз деп табылған [5, 11-п.]. Ал мына құжатта Жамбыл облысының аудандарының ұлттық атты әскер дивизиясын жылқымен қамтамасыз ету жөніндегі жоспардың орындалу барысы берілген [5, 13-п.]: Облыс мұрағат қорларында Қызыл Армияға жылы киімдер жинау барысы туралы күнделікті рапорттар мен хаттамалар да тиянақты жинақталған. Тұтқиылдан басталған соғысқа Совет Армиясы дайын болмағандықтан, тылдың майдандағы солдаттарды керек-жарақпен қамтығаны жөніндегі күнделікті ақпараттық құжаттарда өте көп кездеседі. Мына құжаттық көшірмелер соның айғағы болмақ [5, 11-п.]: Ал «Жұмыс күшін есепке алу және орналастыру жөніндегі Жамбыл облыстық бюросы» деген 854-қорда соғыс жылдарында жергілікті жұмысшылар мен еңбеккерлерді соғыс жағдайына қарай бейімдеп орналастыру, сондай-ақ облысқа эвакуацияланған кәсіпорындар мен адамдарды да жұмыспен қамту құжаттары да сол ауыр күндегі облыстың және қаланың тыныс-тіршілігінен мол хабар береді. Мұрағат қорындағы майданға қатысты құжаттардың ішінде эвакуация жөнінде де маңызды құжаттық деректер бар. Қатал режимді талап еткен шұғыл орналастыру, эвакуцияланған госпитальдар, оларды азық-түлікпен қамту, кейбір өнеркәсіп тауарларына және нанға карточкалық жүйені енгізу жөніндегі шешімдер мен оның қолданысқа енгізілуі, жергілікті халықтың пайдалануы туралы да мәліметтерді кездестіруге болады. Мысалы мынандай қорларда «Переселенческий отдел Джамбульского облсовета», «Уполномоченный Министерства торговли СССР по снабжению эвакуированных поляков» және т.б. осындай арнайы істерден сол бір отты жылдардың ызғары мен ауыртпалығы анық сезіледі. Мысалға, Жамбыл облысына эвакуацияланғандар туралы ақпараттан, олардың ішінде финдерді орналастыру барысы жайында нақты дерек алуға болады [6]. Соғыс тақырыбына арналған ғылыми әдебиеттер мен нақтылы деректерге сүйенер болсақ, 1941-1945 жылдары Қазақстан еңбекшілері майданға 2,5 млн дана жылы киім, Отан қорғау қорына 4 миллиард сомнан астам қаражат қосып, соғыс өртіне оранған аймақтардың ауыртпалығын тең бөлісті. Жалпы соғыс кезінде республика тұрғындарының өз еркімен жинаған қаржысына «Қазақстан колхозшысы Қазақстан комсомолы» сияқты танк колонналары, «Советтік Қазақстан» атты әуе эскадрильясы жасалып, майданға көмектің жаңа толқыны ретінде ықпал еткен болатын. Сондай-ақ зеңбірек пен миномет сияқты ірі атыс қарулары үшін халық тарапынан қаржылар жинақталып, дер кезінде армияны қосымша қаруландыру жолындағы маңызды көмек болып табылды. Халықтың жеңіс жолындағы мұндай патриоттық қозғалысы айрықша болғандығын мұрағат құжаттарындағы әрбір сан мен дерек нақтылы дәйектейді. Әттең, сол құжаттарға тіл бітсе, халық жадында көмескілене бастаған сол ауыр күндерді күңіре отырып баяндар еді. Сөзіміз дәйекті болу үшін Облыстық мемлекеттік мұрағаттың «Сведения и рапорты райкомов партии о ходе средств на танковую колонну «Колхозник Казахстана» [7] атауымен жинақталған істегі анықтаманың біріне зер салайық: Міне, бұл тек 1942 жылдың 23 шілдесіне есептегенде облыстың аудандарынан жиналған қосымша қаражат туралы анықтама. Сондай-ақ жамбылдықтардың осы бағыттағы ерен ерліктері туралы 282-қордың 429-ісі «Справки о сборе подарков бойцам Красной армии сборе средств на строительство танковой колонны и авиасоединения, о помощи железнодорожникам освобожденных от оккупации районов и трудящихся Орловской области» сынды өзгеде бірнеше қорларда жинақталған маңызды құжаттық материалдар өз зерттеушісін күтуде. Тәуелсіздік жылдарынан бастап қана зерттеушілер үшін тың тақырып ретінде қолға алынған мәселелердің бірі - соғыс жылдарында майданға әскер күші жетпеуіне қарамастан өктемшіл сталиндік жүйе көптеген халықтарды әртүрлі жасанды айыппен тарихи атамекенінен күштеп аударып, өзге аймақтарға жер аударды. Күштеп жер аударылғандар ендігі кезекте Орал мен Сібір, Қазақстан мен Орта Азияның кейбір республикаларына орналастырылды. Егер жалпы мәліметтер бойынша алар болсақ, тек соғыс басталған 1941 жылдың өзінде республикаға 300 мыңнан астам неміс жер аударылса, 1943 жылы күзден бастап 1944 жылға дейін Қазақстанға 507480 адам зорлықпен көшірілді. Олардың ішінде 45,5 мың қарашай, 406 мың шешен мен ингуш, 21,150 балқар, 2,2 мың қалмақ, 4,5 мың қырым татарлары, 27,6 мың месхет түріктері және өзге ұлт өкілдері болды. Бұларды күштеп көшіруге, жаңа жерлерге апаруға қаншама көлік шығыны, мал мен қаражат қана жұмсалып қоймай, күзет пен бақылау үшін қаншама солдаттар мен НКВД қызметкерлерін қосымша тартты. Ал сол тұстағы Жамбыл облыстық партия комитетінің хатшысы Ткаченконың атына берілген мына анықтамада сталиндік қатаң жүйенің қысымынан облысқа күштеп көшірілген кавказ халықтарының саны мен оларды орналастыру жөніндегі арнайы тапсырмалар берілгендігін көреміз [8]. Осылайша, соғыс кезіндегі күнделікті қарапайым құжаттар бұл күні мұрағат қорына жинақталып, зерттеушілер мен бүгінгі жас ұрпақ үшін өткеннен тәлім берер тарихи құндылықтарға айналып отыр. Қалай айтсақта, Ұлы Жеңіс – майдан даласында ерлікпен соғысқандар және тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты мен рухының жеңісі екендігі тарихи ақиқат. Ұлты мен шыққан тегіне қарамастан Жеңіс үшін «Ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен қан кешіп», «Отан үшін отқа түскен» кеңес халықтарының өрлігі мен елдігінің өшпес айғағы. Шындығында, Жеңіс - майданда от кешкендермен қатар күн мен түнге, қыс пен жазға қарамай еңбек еткен аталарымыз бен аналарымыздың тылдағы маңдай терінің ащы үлесі мен дәмі. Міне, содан бері өткен 70 жыл уақытта ұрпақ та жаңғырды, заман да жаңарды, сана да өзгерді. Дегенмен де, әлемді дүр сілкіндірген соғыс табы әлі де толық жойыла қойған жоқ. Экспедицияның басты міндеттерінің бірі болған соғыс ардагерлерімен, тыл еңбеккерлерімен кездесіп, естелік жинақтау барысында оған анық көз жеткіздік. Ауыртпашылықты басынан кешірген аға ұрпақтың жадындағы сол күндердің жаңғырығы әлі күнге өшпеген. Жоғарыда айтқанымыздай ғылыми экспедиция барысында Жамбыл облысы Байзақ және Т. Рысқұлов аудандық әкімдіктерінің қолдау көрсетуімен соғыс және тыл ардагерлерімен кездезіп, сұхбат алынды. Соның кейбіріне ғана тоқтала кетсек. Сәрсенбиев Әшiрбек, 1920 ж. 7 қаңтарда Жамбыл облысы Байзақ (Свердлов) ауданы Суханбаев колхозы «Қарасу» бөлiмшесiнде туып, өскен. Отан соғысы басталған жылы мектеп оқушысы 1942 жылы Армия қатарына алынып, Өзбекстанның Ферғана қаласында бастапқыда өзi 4 айлық дайындық курстан өтедi де, кейiннен өзбек, тәжiк бабаларын үйретуге араласады. Ал 1943 жылы қыркүйек айында майданға аттанып, 246-шы атқыштар полкы құрамында Запорожьеден соғысқа араласады. Алғашқы шабуылға шыққанда алдарында жүрген айып батальоны түгелiмен қырылады да, бұларды қосымша күш ретiнде жiбередi. 1942 жылдың қыркүйегiнде Запорожье қаласының маңындағы Новоалексеевка селосы үшiн болған шайқаста жараланады. Қарт ардагердiң өзiне сөз берсек: қатты жараланған екенмiн, бiр орыс қызы көтерiп апарып, сарайдағы жатқан жаралылардың қасына жатқызды. Өте қатты шөлдедiм, 2 рет су алғызып iштiм. Қасымдағы солдатқа жалынып су сұраса бермейдi, сөйтсем iшiнен жараланғандарға су бермейдi екен. Сарайда екi күн жаттық. Арбаға салып далалық госпитальға апара жатқанында, бізді самолетпен қуып жүріп атқылады, үш жаралы қозғала алмай жатырмыз. Арбакеш түсе салып талдың, бұталардың арасымен қашыпты. Бізді тастай салып, олар соның соңына түсіп, атқылап жүргенін сезіп жатырмыз. Қимылдауға дәрмен жоқ. Әйтеуір ұзақ уақыт өткеннен кейін арбакеш келіп, бізді госпиталға жеткізді. Содан кейiн Ростов облысы Миллерово қаласындағы госпиталға әкелiп, аяғыма екi рет операция жасады. Жазылмаған соң Саратовқа жiберiп, сонда қайта жасады. Комиссия аяғымды кеспек болды да, ақылдаса келе қала шетiндегi санаторийге жiбердi. Сол жердегi 30 жастағы Нина есiмдi дәрiгер қыз операция жасап, алдыңғы операциядан қалып қойған сүйек жаңқасын алды. Тек содан кейiн қана жазылдым. Сөйтіп 1944 жылдың наурызында 10-шы запастағы полк құрамында соғысқа қайта араластық. Кетiп бара жатқандардың арасынан 3-4 жiгiттi түсiрiп алды да, Башкирияға Уфа қаласына жiбердi, одан қайтадан бiр аптадан соң Москва сыртындағы орманда суда жүзудi және амфибия әскери машинасын айдауды үйреттi. Әбден дайындап болған соң, алдымен Ленинградқа, одан Выборгқа, қайта Ленинградқа, ақырында Нарваға әкелдi. Сөйтiп үш жыл бойы қоршауда болған Нарваны азат етуге дайындалдық. Қаладағы үй мен үйдiң арасына тек траншеямен барамыз, 2 күн бойы «Катюшаны» орнатты да, тура 2 сағаттан кейiн шабуылға шықтық. Нарва өзенiнен қираған жалғыз көпiр арқылы өтуге ғана рұқсат етiлдi, өйткенi жан-жақтың барлығы миналанған екен. Мен сержант едiм және менiң машинам біріншi болып көпірден өттi деп бiздi барлауға жiбердi. Түнде байқамаппыз, күндiз жүргенде бақсақ жан-жағымыз, алды-артымыз немiстер екен. Әйтеуiр солардың арасында жүріп, 200 немiс солдатын қолға түсiріп, шатбқа өткіздік. Нарвадан кейiн Таллиндi азат етуге 283 механикаландырылған дивизия құрамында 3-4 күн қатыстық. Сол жерде Балтық теңiзiнің Сарема (Сааремаа – З.Т.) аралын азат ету туралы бұйрық келдi. Ашық теңiзге алғаш шығуымыз, үйдей-үйдей толқындар астында машиналарымыз қалып қойды. Және де толқынға қарсы жүзу қажет. Бiздiң батальон «айрықша мiндет жүктелген батальон» едi. Құрғақтағыдай емес, мұнда ешқайда тығыла алмайсың, өліммен ашық күреске тіке шығады екенсің. Алғашқыда бойыңды қорқыныш билегенімен, тіршілік үшін оған да үйренедік. Таңға жуық аралға жеттiк. Арал жағалай дзот екен, ракетамен белгi берiлдi, әйтеуiр аралды азат еттiк қой. Таллинде тағы да Муху аралын азат етуге бұйрық келді. Командир генералға рапорт жазды, 2 полк десант түсіруге, бірақ олардың біреуі тірі қалмады. Осы шайқаста дивизиядан аттанғандардың бірі де тірі қалмады. Сол шайқасқа машинам бұзылып қатыса алмағандықтан маған жарық дүние бұйырды. Ал келесі шабуылда бір жағынан «Катюшамен», екінші жағынан танкпен соққылап едік, жау амалсыз 8 қатарға тұрып өздері келіп берілді. Біздің жақ та, олар да көп шығынға ұшырадық. Әбден жеңгенімізге көз жеткізген соң, атыс тоқтаған сәтте шайқас даласында қырылған өліктерді жинауға жіберді. Қайсысы біздің, қайсысы немістің солдаты екені белгісіз, оларды жинап, ортақ бір шұңқырға көмдік. Келесіде 7 химиялық зауыты бар Франкфурт қаласын азат етуге қатыстық, онда 10 күндей болдық, зауыттарды сақтау үшін атысқа рұқсат етілмеді де, тек бейбіт түрде алуға әрекет жасалды. Бірте-бірте Одер, Шпрее өзені арқылы Берлинге қарай жылжыдық. Тура 8 май күні өзен жағалауын жалғып қазған орларды алуға күш салдық. Жай жағалауға шамалы ғана күш орналастырып, негізгі күшті артқа бекіткен екен. Шабуылшы топтағы 20 солдат атакалап жүгіріп шығып жол ашты, олардың 8 ғана тірі қалды. Міне осылайша мен «айрықша міндет жүктелген дивизия» құрамында моторлы ротада, 496 артиллериялық полкте болдым. Соғыс біткеннен кейін сол дивизия құрамында қаланы тазалау операциясына қатысып, елге 1947 жылы маусымда оралдым. Ал менің туыстарым Ықыласов Найзабек, 1909 жылғы, соғыстан оралған жоқ. Ықыласов Әбиір, 1917 жылғы Фин соғысына да қатысқан еді. Соғыс басталар алдында ғана 20 күндік демалысқа келіп жатқан еді, енді қайта майданға аттанды. Немере ағам Қазақб(п)аев Есіркеп, 1917 ж.т., Түркменстанда әскер қатарында жүрген жерінен майданға алынып кетті. Онымен тек соғысқа кетіп бара жатқанда хабарласып, Ақшолақ станциясында кездесіп, көрісіп, қоштасып қалдық, ол да хабарсыз кетті. Оның інісі Қазақб(п)аев Рәпілбектен, 1922 ж.т., тек 1942 ж. Калинград маңындағы шайқаста санитар болып жүрмін деген жалғыз хат келген. Бұл соғыста қан кешуден басқа, адамға тәлім беретін де, жиіркендіретін де көп нәрсені көрдік. Көзсіз батырларға қарап сүйсінсек, жетесіздерге қарап түңілдік. Мысалға, қасымдағы старшина шофер жігіт жаудан қолға түскен заттардан әйеліне кемінде 20 посылка жіберді. Ал мен шешемнің «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген сөзін жадымнан шығармадым. Елге оралған соң, 1943 жылы ауылға көшіп келген қарашай отбасының 15 жастағы 5 сыныпта оқитын қызына үйлендім. Әйелімнің әкесі Берберов Ахмет негізі түркиялық азамат, соғыста тұтқынға түсіп, Кисловодскіге қашып келіп, қарашай қызына үйленеді, содан Қазақстанға келген екен». Бұл күнде ардагер өзінен өрген 4 қыз және 3 ұлдан сүйген немере-шөберелерінің ортасында, соғыста көрсеткен ерліктері үшін алған марапаттарының оңайлықпен келмегенін түсіндіре отырып, оларды бейбіт те тыныш заманада саналы өмір сүруге тәрбиелеуде. Егер қан майданда ерлікпен шайқасқан миллиондаған майдангерлердің бірінің ғана бес жылғы сұрапыл соғыстағы басынан кешкені осылай болса, тылдағы еңбекерлердің де ерлігі де сондай қажымас қайратпен жазылған өрлік пен ерлік дастаны екені аян. Мысалға, Мойынқұм ауданынының тумасы, бүгінде Т. Рысқұлов ауданының тұрғыны 95 жастағы нағашы апам Байғожаева Райхан былай еске алады: Жолдасым Байғожаев Тілеш 1890 жылы туылып, 1980 жылы дүниеден өткен. Қазіргі Мойынқұм ауданында Жамбыл совхозында жылқышы болып еңбек еткен. Тілекең бала кезінде байдың жылқысын бағып, кейін кеңес үкіметі кезінде совхоздың жылқысын бағып 100 биеден 100 құлын өргізген республикаға танымал жан еді. Егер ауылдасы Жазылбек Қуанышбаев «шопан ата» атанса, ол кісі «жылқышы ата» атанған. Жылқы бағуда сіңірген еңбегі үшін «Стахановшылар» жарысының озаты атанды. 1960 жылдары ұзақ жылдарғы еңбегі еленіп «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, Лениннің 100 жылдығына арналған медальмен марапатталған. Қазір Жамбыл ауылында өзі тұрған көшеге аты берілген. Соғыстың салған жарасы көп қой. Мен 1940 жылы Сейдуалы Сыпатаев деген азаматқа тұрмысқа шықтым. Қосылғанымызға 6 ай болғанда, 1941 жылы август айында ол кісі соғысқа алынды. Одан кейін күйеуімнің інісі Сейтқали да алынды. Екеуі де соғыстан қайтпады, не өлгені туралы қара қағаз да келмеді. Содан 1947 жылға дейін келер деген үмітпен күтіп, келмеген соң төркініне кетпекші болдым. Жолдасымен бірге туған әпкесі Нұрпия – «Бауырларымыз болса жоқ болды, енді солардың көзі Райхан көз алдымызда жүрсін», - деп мені немере ағасы Тілешке қосты. Содан 1948 жылы мен қызым Күләш дүниеге келді. Соғыс кезінде басымыздан небір қиыншылықтар өтті ғой. Баласы жоқ жесір әйелдерді кез-келген қиын жұмыстарға айдайтын. Шудың тұсындағы 112 разъезде бірнеше әйел сексеуіл жинап, оны вагонға тиейміз. Арасында құмның арасында өсетін шүкір деген тамыржемісті өсімдіктің тамырын қазып, жинап үкіметке өткізіп отырдық. Жаздың ыстық күнінде қол кетпенмен канал қазып, топырақ шығарып жатқанда, кетпен аяғымның үстіндегі тамырға тиіп, қан шапшып аққанда қасымдағы абысындарым шошып «Райхан өлді» деп айқайлағаны әлі есімде. Қан тоқтататын дәрі жоқ, киізді күйдіріп басып әрең дегенде тоқтатты. Киіз әрі күйдірді, әрі қанды тоқтатты. Қазір содан үлкен тыртық қалды. Соғыстағыларға киім-кешек жинағанда аяғымдағы қырым етігімді, үстімдегі пальтомды шешіп беріп, өткіздік. Ал өзіміздің үстімізге тоқылған алашадан юбка тігіп кидік». Міне осылайша қаншама ана баласынан, әйел жарынан айырылып, тіпті кейбірі өзі өмірден өткенше майданға кеткен жары мен ұлын күтіп өтті. Ал сол соғыста хабарсыз кетті дегендердің де кейінгі жылдары Ресей әскери мұрағаттарынан дерегі шығып, қайда, қашан жерленгені туралы анықтама алуда. Мысалға, Сарысу ауданының тұрғыны К. Амалбекова 68 жылдан кейін хабарсыз кеткен әкесі Сертекиев Аманбектің жерленген дерегін Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласындағы мұрағаты арқылы тауып, әке қабірінің басына тағзым етіп, туған жердің бір уыс топырағын апарып келген. Хабарсыз кеткен солдаттардың, тіпті қара қағаз келіп, кейінгі жылдары іздеу салу барысында қай майданда, қай қала, село маңында жерленгені туралы мынандай мәлімет табуға болатындығын айта кеткіміз келіп отыр: Соңғы жылдары мұндай игі істерге іздеу топтарының мүшелері барынша үлес қосуда. Осы орайда жамбылдық қарт ұстаз Бекқұлы Әлидің атқарып отырған ісі көпшілікке үлгі боларлық шапағаты мол, қайырымды іс болып, облыс әкімдігінің қолдауын тауып отыр. Сонау 1980 жылдары қолға алған ісін, зейнеткерлікке шыққаннан кейін де жалғастырып отырған қарт ұстаз облыстық «Парыз» қоғамдық бірлестігін құрып, облыстың барлық аудандарынан майданға шақырылғандар, оралғандар, жаралылар, хабарсыз кеткендер, қара қағаз келгендер, Түркістан легионында болғандар, тұтқынға түскендер, т.б. туралы аудан, облыс және Ресей қорғаныс департаменттерінің мұрағаттары бойынша нақтылы тізім дайындауда. Сондай-ақ кешегі майдан далалары мен қалаларды аралап, ондағы туысбауырластар зираттарында жерленген жерлестерінің аты-жөнін анықтап, ұрпақтарына хабарын әкеліп, елдің алғысын алып отыр. Бекқұлы Әли жинақтаған мәліметтері негізінде Брест қамалында, Москва, Сталинград, Курск және т.б. майдандандарға қатысқан жерлестерінің тізімін дайындаған. Міне, биыл оты сөнгенмен, салған жарасы әлі жазылмаған Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске – 70 жыл. Арада жылдар өткен сайын қайта сол соғыстағы Ұлы Жеңістің айбыны алмастай жарқырай түсуде. Ерлігімен ел даңқын асырған бабаларымыз бен аталарымыз, аналарымыздың «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» қағидасымен еңбек еткен ауыр жылдарының, даласындай дархандығы мен кеңдігі ұланғайыр халқымыздың даңқты шежіресі, еліміздің тағылымды тарихы. 

 ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР МЕН ДЕРЕКТЕР 1. Козыбаев М.К. Социализм: опыт и горькие уроки. // Казахстан на рубеже веков: рашмышления и поиски. - Кн.2. - Алматы: Ғылым, 2000. – 388 с. 2 Жамбыл облыстық мемлекеттiк мұрағаты `(ЖОММ). 282-қ., 1-т., 259-iс, 17 бума, 10-п.; 453-iс, 29-бума. 3 ЖОММ. 282-қ., 1-т., 339-iс, 22-бума, 32-п. 4 ЖОММ. 282-қ., 1-т., 339-iс, 22-бума, 3-п. 5 ЖОММ. 282-қ., 1-т., 258-іс, 17-бума, 79-п. 6 ЖОММ. 282-қ., 1-т., 252-iс, 17-бума, 25-п. 7 ЖОММ. 342-қ., 1-т., 332-іс, 11-п. 8 ЖОММ. 282-қ., 252-iс, 3-п.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь