Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » Халық сүйген Мақаш Әкім Қайраткер Мұхамбетжан (Мақаш) Бекмұхамбетовтің туғанына 185 жыл толуына орай

ҚОЙШЫБАЕВ Б.

Халық сүйген Мақаш Әкім Қайраткер Мұхамбетжан (Мақаш) Бекмұхамбетовтің туғанына 185 жыл толуына орай

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 3

Автор:
Халық құрметпен Мақаш әкім деп атаған Мұхамбетжан Шолтырұлы Бекмұхамбетов – белгілі қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым. Ол ХІХ ғасырдың екінші жартысында Атырау мен Ақ Жайықтың бойында елу жылдай ел басқарған белгілі тұлға. Бөкей ордасындағы Жәңгір мектебінен кейін Орынбордағы Неплюев атындағы кадет корпусында оқып, кіші унтер-офицер атағын алған, есаул шенінде зейнеткерлікке шыққан. Оның өмір жолы мен халыққа сіңірген еңбегі хақында төмендегі зерттеу мақала сыр шертеді.
Содержание:

Әулет

Қазақстан Кеңестерінің 1925 жылғы сәуірде өткен Ақмешіт съезінде жасаған баяндамасында Қазақ Орталық Атқару Комитететінің (Қазаткомның) төрағасы Сейтқали Меңдешев қазақтың барша ел бірлігін ойлаған атақты адамдары ретінде Шекті Мөңке би, Шеркеш Түрке би, Тана Нұрке би есімдерін атайды[1]. Осы үштіктің ішіндегі  Түрке би – заманында Бөкей Ордасында жарты ғасырдай ел басқару ісіне араласып, Мақаш-правитель (Мақаш әкім) атанып, жұртына қорған бола білген озық ойлы азамат Мұхамбетжан Шолтырұлы Бекмұхамбетовтің жетінші атасы екен[2]. Біздің заманымызға жеткен өлең-жырларда Түрке тек би ғана емес, қол бастаған батыр, айтқаны келер әулие ретінде бағаланады[3].

Билік дарыған Түрке би әулетінің жалғасы болған Мақаш (Мұхамеджан) 1830 жылы Ішкі Орда, қазіргі Атырау облысындагы Құрманғазы ауданының Сасықтау деген жерінде, дәулетті отбасында дүниеге келді. Көзі тірісінде халық құрметтеп «Мақаш-правитель» (әкім, әмірші, басқарушы Мақаш) деп атаған Мұхамеджан Шолтырұлы Бекмұхамбетов ресми анықтамалықтарда қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, этнограф, шешен, би, әкім, күйші делінеді[4]. Әкесі Шолтыр да би болған[5].  Ал атасы Бекпембет (орысша құжаттарда – Бекмұхамбет) кезінде өзінің ұйымдастыру қабілеті, тілі, ақыл-ойы арқасыңда ел ішіндегі әкімшілік-аумақтық мәселелер бойынша әуелі Бөкей ханға, кейін Жәңгір ханға кеңесші болып, сол шақтағы депутациялар құрамында Санкт-Петербургке де барып, туған елінің мүң-мұқтажына орай мәселелер қойғанға ұқсайды. Бекпембеттің әкесі, Түрке бидің шөбересі Тұрымбет есімі ел аузында құрметпен аталады. Ақсақалдар Тұрымбетті де кезінде хан-сұлтандармен иық теңестірген озық ойлы ел зиялысы, өз заманының халық қамын жеген қадірмендісі деп біледі. Оның есімі Кіші жүз қазақтарының Сырым Датұлы бастаған 1783–1797 жылдар аралығындағы ұлт-азаттық көтерілісіне қатысты тарихи құжаттарда жиі кездеседі. Тұрымбет XVIII ғасырдың екінші жартысындағы қарсылық қозғалыстарының, әсіресе 1773—1775 жылдары Ресейде Емельян Пугачевтің басшылығымен болған шаруалар көтерілісінің от-жалынын Сырым батырмен бірге өткеріп, шайқастарда шыныққан. Ол Сырым көтерілісі кезінде Нұралы ханды биліктен кетіруге белсене араласқан[6]. Осы Тұрымбет бидің ұлы, Мақаштың атасы Бекпембет (Бекмұхамбет) бидің мемлекеттік, қоғамдық істерге аралсуы, оның ел арасындағы беделі жөнінен зерттеуші Ө.Әлімгереев «Ғибратты ғұмыр» атты еңбегінде танымды да тағлымды деректер келтіреді[7].

Мақаштың анасы Қамқа жөнінде бір ауыз сөз. Оның әкесі – Жәңгір ханның билерінің бірі болған, өз дәуірінде ауылы аузына қараған, даланың данасы атанған,  Қызылқұртта аты ерекше шыққан Жұбаныш би екен. Бекпембет би Жұбаныш бидің ауылына құда боп баруға Бессары Беріштің белгілі биі Бекейге қолқа салыпты. Жұбаныш бидің қызының бойынан жақсы келіннің қасиеттерінің бәрін көргендей болғанын, Қамқаның «қарсы келген адамына ежірейіп емес, елжіреп, құрметтей» қарайтынын, демек «ата-енесін де, ерін де сыйлайды» деп сенетінін айтыпты. «Асылы,түйсігім алдамас, барып қайт!» – деген екен...

Қызын ұзатарда Жұбаныш би: «Балам, бізге айтар не сыр, назың бар?» – десе керек. Сонда Қамқа: «Әке, бәріне де ризамын, бірақ бір ғана өкінішім бар, бірақ оны айтпаймын», – депті. Бұл сөз сол бойда Бекпембетке жетеді. Бекпембет би жаңа түскен, шай құйып отырған келініне: «Шырағым, туған ауыл құшағынан осы жаққа ұшарыңда «...бір өкінішім бар» деген екенсің, айып болмаса, ол неткен өкініш, мәнісін түсіндірші», – депті.

Сонда келіні имене отырып, атасының сұрағының еш айыбы жоқтығын, ондай сауал қоюының орынды екенін айтып, әкесінен жасырған сөзінің мағынасын түсіндіріпті: «Оның мәні мынау еді. Ата-анамның қасында жүргенде өзімнен кішілер былай тұрсын, үй іші, тіпті үлкендердің өзі бастарына іс түскен қиын сәттердің бәрінде менен ақыл сұрап, кеңесіп отыратын. Бұдан былай, жеті атасынан би, азуы алды қарыс ардақты кісі отырған атақты ауылға келін боп барғанда, – менімен кім ақылдаспақ, «осы қыздың жібі түзу сөзі бар еді» деп кімдер еске ала қояр  деп мұңданғаным ғой. Қайтейін, өз пікірім ішімде, тірі жанға айтылмай өледі-дағы», – десе керек.

Сонда оған қатты риза болған Бекпембет би: «Е, келінім-ай, мен де солай топшылаған едім. Ойымыз бір жерден шыққан екен. Бірақ, қапаланба, біз де ет пен сүйектен жаралған жанбыз. Соған сай кейде өз ақылымыз өзімізге жетпей, өзгеден  көмек күтетін кездеріміз болады. Ондайда өзің сынды ақылгөй келіндеріміз болса, несі айып. Қайта, маңдайымызға осындай келін кезіктірген тағдырымызға мың да бір рахмет!», – депті де, ауылдарғы үйлерді «мынау – өзімдікі, анау – өзгенікі» деп айырмай, бәрін де «біздікі» деуін өтініш ретінде тілеп, ақ батасын беріпті.

Сол Қамқа, болашақ ел ағасы Мақаш-правительдің анасы, көп ұзамай, Бекпембет бидің ауылының би-келіні атанып, жұрттың құрметіне бөленіпті[8].

Оқу-тәрбие

 Мақаш-правитель балалық шағын атасының ауылында өткізіп, сауатын ауыл молдасынан ашса керек[9]. Бұл – Ресей империясындағы титімдей қазақ автономиясы Бөкей Ордасында Жәңгір хан (1801–1845) әмірші болып тұрған шақ болатын. Жәңгір ханның билікке келген бетте үлкен реформалар жүргізуді қолға алғаны белгілі. Ол бөкейліктерді отырықшы өркениетіне бейімдеу жолындағы нақты істердің бірі ретінде, Жасқұс алқабында 1827 жылы хандықтың кіндік қаласын салды. Оның сарайында, ханның қасында қызметте болған Байұлы бірлестігінің Алаша руынан шыққан Байтоқ жырау толғауларының бірінде Ішкі Орда әміршісінің «Сонау тұрған Нарында, Нарынның қызыл құмында Алпыс бөлме, жүз есік Хан ордасын» салдырғанын[10],  асыл тастармен  көмкеріліп-безендірілген мұндай «Алтындалған сарайлар мен әппақ қардай мешіттер – бұрынғы хандар салдырып көрмеген» таңғажайып керемет екенін, бұрынғы хандардан артындағыларға мирас болып «осындай елеулі ғимараттар» мұраға қалмағанын[11] айтады.

Шынында, қазақ мемлекеттігі дүниеге келгелі оның билеушілері арнайы астана салмаған еді, Созақ пен Сарайшық секілді көне қалаларда, тіпті тіршілігі жалғасып келе жатқан Түркістан секілді  шаһардың өзінде тұрақтамай, ордаларын көшпелі өмір салтына сай, даланың ыңғайлы алқаптарына тігіп жүре берген. Күшті, қуатты Ресей империясының протектораты болуға көніп, шарт жасасқанда, Кіші жүздің билеушісі, барлық өзге жүз, ру-тайпалар әміршілері ішіндегі абырой-беделі зор, қазақтың аға ханы ретінде мойындалған Әбілқайыр хан орыс үкіметіне арқа сүйей отырып, біртұтас хандық құрылымды нығайтуды, ел басқару тізгінін бір қолда ұстап тұратындай жағдайға жетуді аңсады.  Сол мақсатпен  өтініш білдіріп, Ор өзені бойына қала салғызды. Алайда сол қаланы бас-басына би болған әр сұлтанның жетегінде пышыраған қазақты біріктіріп билеуіне қызмет  ететін астанасы іспетті пайдаланбақ болған ойы орындалмады, өйткені орыс әкімшілігі оны алдаған да, қаланы іс жүзінде қазақ жерін отарлау мақсатын көздеп салған еді.

Әбілқайыр хан өзінің дегеніне жете алмады, есесіне оның ұрпағы Жәңгір хан Еділ мен Жайық арасында – «Орынбор, Саратов, Самара және Астрахан губерниялары  арасында көшіп жүрген Киргиз-қайсақ ордасын»[12] жаңғыртқан әкесінен тақты мұраға алып,  хандық құрды. Шағын аумақтағы құқтары шектеулі автономияда таққа отырған алғашқы жылдарынан-ақ ол халықты отаршылыққа үндеді. Ұзамай Нарын құмында бой түзеп көз сүйсіндірген «тап-таза және әп-әдемі қалашық салып»[13],  яғни, өркениетке сай астана орнатты да, империяның ішкі аумағындағы шағын ғана мемлекетін жалпақ қазақ даласында хандық билік жойылған уақыттан кейін тағы жиырма шақты жыл  бойы жападан-жалғыз сақтап тұра алды.

Жәңгір хан басқарып тұрған кездегі Бөкей ордасының жөн-жобасын бір шама сол замандағы қалпында елестетіп көру үшін, сол уақыттардағы орыс зерттеушілері мен саяхатшыларының еңбектерінің кейбіріне көз жүгіртелік. Археолог-тарихшы Александр Терещенко «Дешт-Қыпшақ патшалығының астанасы Сарайға археологиялық зерттеу жүргізу кезінде оның іздерін бір Ахтуба (Ақтөбе – АТЗО) алқабы бойымен қарастыруға көптен ниеттенген» болатын. А.Терещенко Алтын Орда мемлекетінің қираған астанасына 1843–1951 жылдары археологиялық зерттеулер жүргізген болатын, ол «Сарай» деп бұл жерде, ыңғайы, қазіргі Волгоград облысыныңң Царев елді мекені маңындағы Сарай-Беркені (Жаңа Сарай) де, орны оған тақау жатқан Сарай-Батуды (Ескі Сарай) біріктіріп айтып тұрса керек[14]. «Бірақ кейін, – деп жазады ол, – зерттеуіме тереңдеген сайын одан әрі еліге түсіп, өзіме өзім қойған шектерден асып кеттім де: Ішкі киргиз-кайсак (қазақ – Б.Қ.) ордасына, Хошоут қалмақ ұлысына және Астраханға бардым, себебі олар да Алтын Орданың игілігін құрайтын». Зерттеуші бұл саяхатын 1851 жылы жасаған. Ол «Дешт-Қыпшақ патшалығының қалдықтары» Ақтөбе өзенінің, «оның Еділден шыққан қайнар көзінен бастап Еділге құйылыс сағасына дейінгі» сол жағалауындағыдай айқын болып еш жерде көрінбейтінін атап айтады[15]. Осы жерде зерттеушінің Ақтөбеге берген түсінігін де келтіре кеткен орынды сияқты: «Ахтуба –  татар атауы, ак белый, тебэ бугор (төбе) деген сөздерден құралған, шамасы, төбе, дөң іспетте құмды еңістіктен... ағып шығатындықтан солай аталған болу керек»[16].

Царев үйезіндегі Батаевка деревнясынан екі шақырым шыққанда Орынбор губерниясының Орал жоталарына дейін созылатын қазақ даласы басталады дей келе, зерттеуші қазақ тарихына шағын шолу жасайды. Оның кейбір қате тұжырымдарын есепке алмай, келтірген негізгі белестерін атайық. «Азия жерлерін солтүстік пен солтүстік-шығысқа қарай – ежелгі заманда гректер мүлдем скифтер, арабтар мен парсылар – Чете немес Жете,  Түркістан, Тұран, Вера-Сейхун және Қыпшақ деп атаған белгісіз халықтар мекендеген, – дейді ол. – Сыр немес Сейхун өзені көшіп-қонып жүрген сан түрлі тайпа шекарасы болған. Осы даладан кейбірейлер түрік тайпасының бір тармағы деп санайтын киргиз-қайсақтар шыққан»[17]. Олар өздерін қытай шекарасы маңын мекен еткен Шыңғыс хан бағындырып алғаннан кейін көбірек белгілі бола бастады.  Олар әлемді сілкіндірушінің үлкен ұлы Жошы ұлысын құрады. Оның ұлы Бату Алтын Орданың негізін салушы және Россияны бағындырушы болды. Алтын Орда ыдырағаннан кейін, ...екі күшті иелік: хан Дадам басқаратын Моғол ұлысы және хан Арслан басқаратын Киргиз-Кайсак (Қазақ – Б.Қ.) болды. Арсланның қуаттылығы сондай, ол 400 мың сарбаз шығара алатын. Ол өлгеннен кейін халық ұзақ уақытқа ұмыт қалғандай болып, Сібірдің солтүстік бөлігінде,  көп елдердің арасында көшіп-қонып жүрді, ондағы соңғы хан Көшім киргиз-қайсақ (қазақ – Б.Қ.) болатын[18].

Қазақтар  ХVII ғасырдың басынан өздерінің хандары тұратын Түркістанды биледі. 1630 жылы Түркістанға Есім хан иелік етті. Оның ұлы Жәңгір мен немересі Тәуке барлық қазақтарға әмірін жүргізді, бірақ, өз астанасында отырып, оларды өздерінің наместниктері (аймақтардағы билеуші-өкілдері) арқылы басқарды. Төле (Тюля) Үлкен орданы қадағалады, Қазыбек (Коз-Бек) Орта, Әйтеке (Айтек) Кіші орданы қарады. Тәуке тұсындағы ішкі алауыздықтар мен шығыстан оларға жасалып жатқан жоңғарлардың шапқыншылығы  Ресей мен Қытайдың назарын аударды. Ұлы Петрдің тапсырмасымен Сібір губернаторы князь Гагарин Тәуке ханмен келіссөз жүргізіп, қазақтарды Ресейге бағындыруға келісімін алады. Бірақ Тәукенің қайтыс болуына байланысты, мәселе аяқсыз қалады. Алайда бір жылдан кейін Қайып (ол бұл кезде аға хан – АТЗО) «Ордасы өз бетімен Қазан губерниясына тереңдеп, ойран салғаннан соң, І Петрдің қаһарына ұшыраудан қорыққандықтан», «государьдан мәңгі тату тұрып, одақ болуды» өтінеді. Бұл кезде қонтайшы Қалдан Сереннің жоғарлары одан астанасы Түркістанды, сондай-ақ Ташкентті, Сайрамды тартып алып, Үлкен және Орта ордалардың біраз бөлігін өз билігіне бағындырып алған болатын. (Бұл «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманының оқиғасы, яғни 1723 жыл болса керек,  ол кезде Қайып хан дүниеде жоқ, 1719 жылдан қазақтардың аға ханы Әбілқайыр болатын[19]). ...Әбілқайыр хан «әмірін Кіші ордаға түгел дерлік жүргізе отырып, халықтың тұрмыс халінің жақсаруын ойлағандықтан», Уфа воеводасы Бутуринге 1730 жылы елші жіберіп, «Россияға бодан болу ұсынысын» білдірді. «Ордаға қорған және қамқор болуға уәде етілді», қазақтар 1732 жылы Ресейге адал болуға ант берді, «күллі Орданың ханы деп танылған Әбілқайырға императрица Аннаның атынан алтындалған қылыш жіберілді...»[20]

Осындай шолу жасап отырған зерттеуші А.Терещенконың айтуынша, «бұл қылыш Ішкі орданың 1845 жылы қайтыс болған соңғы ханы Жәңгірдің Нарын-құмда салған Ставкасындағы үйінде сақтаулы тұр»[21]. Жәңгір ханның сирек қаруларды жинағаны, өз ордасында қару-жарақ мұражайын жасағаны мәлім.  Онда күміспен және алтынмен қарайтылып, бағдар қондырылған, қымбат асыл тастармен безендірілген шығыс тапаншалары мен мылтықтары, қылыштар, алдаспандар, наркескендер, айбалталар, күрзілер, сауыттар, қалқандар мен жез телпектер, шошақ төбелі дулығалар жинастырылған болатын. Олардың бірқатарына араб әріптерімен арнау-жазулар түсірілген. Қару-жарақ ішінде Жәңгірдің ата-бабаларына орыс императрицалары Анна, Елизавета, ІІ Екатерина, сондай-ақ императорлар Павел мен Александр Благословенный (Құдай жарылқаған Александр)  сыйға тартқан  қылыштар да бар. Бір семсерді өз тұсындағы қазақ хандарының біріне Романовтар тұқымынан таққа алғаш отырған Михаил Федорович патша сыйлаған[22].

Хан сарайындағы осынау ерекше көрмені Жәңгірдің әр жақтан келген түрлі құрметті қонақтарымен қатар, хандықтың белгілі адамдары және ханның қамқорлығындағы жас ұрпақ та, сол қатарда жасөспірім Мақаштың да  тамашалағаны анық. Өйткені ол Жәңгір 1841 жылы ашқан мектептің алғашқы шәкірттерінің бірі еді. Мақаш мұнда 1841–1845 жылдары білім алды[23]. Ал хан өз мектебіндегі тәрбиеленушілерге айрықша ықылас аударып отырған. Ол өзінің «аса жоғары дәрежелі қамқоршысы государь императордың» құрметіне Хан ордасында жыл сайын салтанатты мереке өткізіп отыруды және сол күні мектептегі шәкірттерді сынайтын жиналыс өткізуді  дәстүрге айналдырған болатын. Сынақта мұсылман заң ілімінен, азиялық тілдерден, орыс тілі мен грамматикасынан, арифметикадан, тарих пен географиядан сұрақтар қойылатын да, оқушы балалардың жауаптары хан мен оның сырттан келген қадірлі қонақтарын әбден қанағаттандырып, риза ететін[24].

***

Астрахан генерал-губернаторы қолында он жыл тәрбиеленіп, империяның әкімшілік басқару әдісін үйренген, хандықты сол үлгіде билеу жолы хақында едәуір ой түйген, әскери училищеде оқып, орыс, неміс, француз, араб, парсы тілдерін меңгерген[25] Жәңгір мұрагерлік жолмен таққа отырып, Бөкей ордасында жиырма екі жыл хандық құрғанда, елді отырықшыландыру, оқу-ағартумен қамту, денсаулық сақтау және табиғат қорғау істеріне көп еңбек сіңірген мемлекет қайраткері болды. Жоғарыда айтқанымыздай, оның Орданы әмірші ретінде басқаруға кіріскен дәуірінің басы қазақ елінде ұлттық мемлекеттілік  нышандары құртылып жатқан шаққа дөп келген. Жалпақ далада қазақтардың әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігі орыстар салған немесе басқарған қалаларға байланысып-тартылып жатқанда, Жәңгір хан өзінің мәмілегерлігі мен қайраткерлігі арқасында, дербес мемлекет шаңырағын көтергелі бұрын-соңды қазақ хандарының ешқайсысы салмаған Хан ордасын – хандығының астанасын тұрғызды. Ол аз жылда Еділ мен Жайық іспетті екі ұлы су аралығындағы ірі экономикалық, сауда-саттық және мәдениет орталығына айналды. Мұнда екі кластық жоғары бастауыш мектеп, қыздар мектебі, қазақ, татар балалары оқитын дербес бастауыш мектептер, хан мешіті, татар мешіті ашылды. Баспахана, тері илейтін, киім тігетін шеберхана мен ұста дүкендері, наубайхана салынып, жұмыс істеп тұрды. Хан ордасында Жәңгір заманында тұрғызылған Казначейство ғимараты үйі әлі күнге дейін бар. Қазір онда Орда тарихи-өлкетану мұражайы орналасқан[26].

Хан Ордасы Ресей  патшалығының ішкі аймағында орналасқандықтан, оның қалаларымен және орталықтағы қилы зерттеушілердің қазақтармен қарым-қатынас орнатуына қолайлы қала болатын. Сондықтан да, Еділ мен Жайық аралығындағы қазақ халқының тұрмысы мен салтын, жер-суы, табиғаты мен тыныс-тіршілігін зерттеуге ниет еткен зиялылар  алдымен Жәңгір ханға соғып, оның ақыл-кеңесін тындайтын.  Ал Бөкей ордасының картасын жасаған орыстың белгілі ғалымы, саяхатшы және табиғат зерттеушісі Г.С.Карелин (1801–1872) онымен көңіл жықпас дос еді, соның жаркын бір көрінісі шығар, хан ғалымға жұмыс істеуі үшін өз үйінің бір бөлмесін арнайы бөліп беріпті.

Жалпы Бөкей ордасынның жалпақ, жалаңаш, ақкұмды кең даласын эрозиялық тозудан сақтауды Жәңгір билікке келген алғашқы жылы-ақ қолға алған. Осы мақсатта мелиорациялық жүмыстар жүргізуді, жасыл белдеу тартып, қарағай, терек, тал, шілік, жиде, мойыл, итмұрын, тораңғы сияқты шөптер, бұталар мен ағаштар отырғызуды жүзеге асырған. Сол үшін арнаулы орман шаруашылығы техникумын аштырған. Егер оны бітіруші екі жылдық мамандық шыңдау жылдарында Орда өңірінде пайдалы іс-шараларын ұйымдастырып, оң нәтижеге қол жеткізбесе, мамандық куәлігін беруге рұқсат етпеген. 

Жәңгір хан астанасы түбінен жәрмеңке ашты. «Хан жәрмеңкесі» деп аталған бұл орын Ресей мен Азияның кейбір елдерімен Орданың алыс-беріс, сауда-саттық қатынастарын өрістетуіне мүмкіндік туғызды. Хан жәрмеңкесі  жылына екі рет – көктемде (7–25 маусым күндері) және күзде (14–25 қыркүйек аралығында) өтіп тұрды. Онда сауда-саттықпен қатар ашық алаңдарда алтынқабақ ату, балуандардың белдесуі, аударыспақ, ат шабыс, ақындар айтысы, шешендердің сөз жарыстыруы, өнерпаздар сайысы қоса жүріп, түз адамдарының бой жазып, рухани ләззат алуына толық мүмкіншілік жасалды[27].

Хандықтағы мұндай өркениетті өзгерістер Мақаш Бекмұхамбетовтің жастық шағына сәйкес келіп, оның дүниетанымының қалыптасуы кезінде орын алып жатты да, оған, сөз жоқ, болашақ қайраткердің азаматтық тұғырнамасы нық қалануына оң әсерін тигізді.

***

Хан ордасындағы қарағайдан қос қабатты етіп, шатырлап салынған әсем ғимаратта Жәңгір мектебі алғашқы шәкірттеріне 1841 жылғы 6 желтоқсанда есігін айқара ашты[28]. Бұл мектеп шәкірттеріне ана тілімен қатар европалық өркениетті ілім-білімді, орыс тілін оқытқан қазақ топырағындағы алғашқы ізашар мектеп еді. Жәңгір ханның бұл мектепті ашудағы мақсатын өзінің кеңесшісі және ағайыны Шүке Нұралиевке жазған мына сөздерінен айқын аңғаруға болады: «Қазіргі кезде тек оқу мен жаза білу ғана емес, онсыз имандылық заңын жақсы меңгеру мүмкін болмайтыны, түрлі ғылымдарды да меңгеру мүмкін еместігі өзіңізге мәлім», – деген-ді ол. Сондықтан да: «Биылғы жылы мен өз Ордамда училище ашуды ойлап отырмын», – деп, хабарлаған[29].

Шынтуайтқа келгенде, Жәңгір хан қазақ жастары арасындағы оқу-ағарту мәселесін жөнге қоюды, оларды Ресейдің түрлі қалаларындағы оқу орындарына жіберіп оқыту мәселесін, оның алғышарты ретінде өз хандығында европаша білім негіздерін беретін мектеп ашу қажеттігін хандық тізгінін қолға алған бетте-ақ көтере бастаған. Оның осы ақсатпен патша үкіметінің жергілікті азаматтық және әскери әкімшіліктеріне 1726 жылдан әлденеше хат жазғаны белгілі[30].  Біраз созбұйдаға салғанмен, губернаторлар тарапынан аса бір қатты қарсылық білдіріле қойған жоқ. Өйткені Ішкі орда ханының ұсынысы, айналып келгенде, қазақ жастарын орыс мәдениеті мен европа өркениетіне бауырластыру арқылы, солардың қатарынан империяның сенімді азаматтарын тәрбиелеуді көздейтін. Әрі хан мектепті өз қаржысына салдырып, ұстап тұрмақшы. Сондықтан да патша әкімшілігі Жәңгір мектебінің ашылып, жұмыс істеуіне рұқсат берді.

Жәңгір мектебінің жұмыс істеуіне қолдау көрсете келе, патшалық қазақ балаларын орысша оқыту жолымен олардың арасынан орыс империясына адал қызмет ететін сенімді чиновниктер даярлауды, сөйтіп, бұратаналардың өз оқығандарының қолымен олардың туған халқын мығымырақ  ноқталап, отарлау саясатын ұтымды жүзеге асыруға болатынын пайымдаған еді. Ордадағы мектептің жұмыс істеп тұрғанына тоғыз жылдай болғанда, 1850 жылы, Орынбор Шекара комиссиясы жанынан қазақ балаларына арналған жеті жылдық мектеп ашылды.  Мектеп қазақ балаларын орыс мәдениетіне баулуға айрықша назар аударды, орыс тілі мен әдебиетіне ерекше көңіл бөлінді. Оның 1857 жылғы алғашқы бітірушілері қатарында болашақ атақты ағартушы Ыбырай Алтынсарин болған еді[31]. Орынбор облыстық басқармасы 1860 жылы аппараттағы кіші тілмәш Алтынсаринге Орынбор бекінісінде қазақ балалары үшін бастауыш мектеп ашуды тапсырды, оны сол мектептің орыс тілінің мұғалімі етіп бекітті. Ыбырай ауыл-ауылды аралап, халықтан қаржы жиюға, оған мектеп үйін салуға көп күш-қуатын жұмсады. Мектеп 1864 жылы 8 қаңтарда ашылды[32]. Байқағанымыздай, 1841 жылы Жәңгір мектебі бастаған жақсы дәстүрді одан бір мүшел уақыт өткенде Ыбырай Алтынсарин сәтімен жалғастырып, халық игілігіне арнаған  ағартушылық-педагогикалық қызметін дамытты.

Жәңгір мектебі жұмысын бастауыш білім  беру дәрежесінде бастап, 1848  жылы Халық ағарту министрлігінің қаражатына көшірілді де, екі кластық училище деңгейінде кеңейтілді. Ал 1853 жылдан гимназиялық бағдарлама негізінде білім беретін оқу орны болды. Кейін белгілі этнограф, Орыс географиялық қоғамының мүшесі, күміс медалінің иегері болған Мұхамед-Салық Бабажанов (1832–1871) Мақашпен бірге Жәңгір ашқан мектептің алғашқы шәкірттері қатарында оқыған еді.

Ол: «Соңғы кездері, Жәңгір Бөкейұлы хан болып бекітілгеннен бастап, біздің оқып, білім алуымыз едәуір әрі кеңірек көлемде ілгері басты. Осы ханның ықпалымен және жәрдемімен, сондай-ақ басқа жағдайларға байланысты ордадағылар сауатгылықтың кажеттілігін түсіне бастады. Шәкірттер мен окытушыларды қолдап, демеп отыру үшін марқұм көп ақшасын да, өзінің күш-жігерін де аямай, білімнің пайдасы туралы ордалықтардың құлағына құюмен болып еді. Өз ордасында ол мектеп ашып, онда алпыс адамға дейін мұсылманша оқыды, орысша қара танып, бір жағынан орыс тілін үйренді. Бүл мектеп «Жәңгір мектебі» деген атпен Ордада әлі күнге дейін бар», – деп жазған болатын.  Ал белгілі бір мезгіл Жәңгір мектебінің меңгерушісі болған И.Данилевский: «Білімнің пайдасы мен мәнін өзі ғана түсініп қоймай, орайы келген сәттің бәрінде қол астындағы қазақтардың бұған козін жеткізуге тырыскан оқымысты Жәңгір ханның ойы мен жоспары бойынша өмірге келген мектеп өз қызметінің алғашқы кезінде-ақ белгілі дәрежеде орнықты даму деңгейіне жетті», –  дейді[33]

 Жәңгір мектебі алғаш рет есік ашқанда оның партасына жасы да, жағдайы да әртүрлі 12 бала отырды. Ұзамай Жәңгір мектебінің парталары шәкірттерге лық толды. Ал алғашқы 12 шәкірттің ересегі 22 жастағы жігіт болса, кішілері Мақаш Бекмұхамбетов пен Мұхаммед-Салық Бабажанов 10–11-лердегі жеткіншектер еді[34].

Жоғарыда айтқанымыздай, Мақаш осы Жәңгір мектебінен 1841–1845 жылдары білім алды. Оған бұл мектептің әсері мол болды. Онда алғашқы күннен білім беру европалық тілдерді және ежелгі шығыстық діни ілім-білімді де үйретуге негізделген еді. Жаңа үлгіде арифметика, жағырафия, тарих, орыс тілі оқытылды. Сонымен қатар мұнда жастарды адамгершілік пен имандылыққа баулитын Шығыс халықтарының мәдениеті мен өнерін, тарихын үйретуге негіздейтін тағылымды діни оқулар, араб, татар тілдері жүрді. Онда бұл елдердің ерте дамыған жазу, сызу, баспагерлік ісі жәйлі кеңінен әңгімеленді. Аталған пәндерден Орынбор мен Қазан, Астрахан қалаларынан әдейі шақыртылған Константин Ольдекоп, Садриддин Әминов сынды ұстаздар сабақ беретін еді[35].

Зерттеуші Ө.Әлімгереев ел ішіндегі қариялардың әңгімелері мен әртүрлі тарихи кұжаттарға сүйене отырып, Жәңгір ханның мектепті үздік бітірген түлектердің алған білім аясын кеңейтуіне қамқор болып отырғанын жазады. Оның ұлағатты дәстүрі өзінен кейін де жалғастырылып тұрса керек. Хан да, оның ісін жалғастырушылар да бөкейлік жастардың қабілеттілерін Ресейдің Санкт-Петербург, Саратов, Қазан, Орынбор, Омбы сияқты қалаларындағы ірі-ірі оқу орындарына жіберіп оқытқан және оларға арнаулы стипендиялар төлеп тұрған. Мәселен, кейін Ордада Уақытша Кеңес төрағасының кеңесшісі болатын Д.Қосуақов Қазан университетін, Б.Құлманов Санкт-Петербург университетінің Шығыс тілдері факультетін, жеті түлек Стамбулдағы діни семинарияны бітіреді. Ал, Ғабдулғазиз Мұсағалиев Мысыр  университетінің толық курсын, тағы бір оқу орнын бітіріп, Шығыстың сегіз тілін меңгерген[36].

Ал Мақаш Бекмұхамбетов Жәңгір мектебін бітірген соң хандықтағы Тоғым-правительде (әкімде) аз уақыт хатшы болып жұмыс істейді. Сосын ханның біраз жасты келесі бір білім ұясына даярлап жатқанын естіп, соған ілігуге талаптанады. Ақыры ілім-білім жолындағы ізденісті Орынбор қаласындағы Неплюев кадет корпусында жалғастырады. Осы шақ жайындағы М-С.Бабажановтың жазбалары арасында мынандай жолдар бар: «Біз бұрын да, қазір де кадет корпусының дайындық класы тәрізді болып келе жатқан Жәңгір мектебінде тәрбиелендік. Бір күні кешкісін хан шақырып, біз корпусқа оқуға бару жөніндегі пікірімізді сұрайтын шығар деп ойладық. Хан бізге арнап, жасымызға лайық тамақ әзірлепті. Ол бізді өте жылы қабылдап, тілегімізді сұрады. Біз бірімізден соң біріміз өзіміздің келісіміміз бен әзірлігімізді білдірдік. Бұдан соң хан бізге уыстап ұсақ күміс теңгелер үлестіріп, шығарып салды. Бұл 1845 жылғы қыстың басы болатын». Яғни, хан өмірінің соңғы жылында жастарды оқуға сәт сапар тілеп шығарып сала отырып, оларға үлкен үміт артатынын білдірген екен. 

Кадет корпусындағы білім алу кезеңінде бөкейлік жастарға Шекара комиссиясының төрағасы, белгілі шығыстанушы ғалым, кейіннен Ы.Алтынсаринге де ұстаздық еткен В.В.Григорьев дәріс оқиды. Бұл кезде Мақаш курстас досы М.-С.Бабажановпен бірге ұстазының үйінде болып, ғалымның бай кітапханасындағы дүниежүзілік әдебиеттің мол қорынан сусындайды[37].

Мақаштың қысқаша еңбек жолы

Мақаш 1852 жылы Неплюев корпусын зауряд-жүзбасы шенінде бітіріп шығады[38]. Орынбордағы корпусты тәмамдаған соң Орда қаласындағы бөкейлік Уақытша Кеңестің аудармашылық қызметіне орналасады да, осында үш жыл еңбек етеді[39]. Содан соң, атқарып жүрген тілмәштық қызметінен әкімдік қызметке жоғарылатылады. Көп жыл бойы Каспий жағалауындағы Бірінші және Екінші округтердің правителі (басқарушысы, әкімі) болады[40].

Осы жерде ел аузында сақталған мына әңгімені келтірген орынды тәрізді. Мақашпен бірге Орынбор Неплюев корпусында халық ардақтысы Сырым батырдың немересі, Қазы бидің ұлы Ғұмар оқыған екен.  Бірде Қазы би баласының бірге оқитын жолдастарымен танысады. Сонда Мақашты көріп: «Түбінде осы оқу өзіңе абырой әкеледі, халқыңа қадірлі, алыс-жақынға аты шыққан айтулы жан боласың, ол үшін жатпай-түрмай оқы, тіл-көзден аман бол», – деген екен[41]. Бидің айтқаны келеді...

Мақаш Бекмұхамбетов әкімдікке тағайындалған шақта Ішкі орда бес қисымға, яғни бөлікке және екі округке, яғни аймаққа – атап айтқанда, Тарғын, Қалмақ, Нарын, Қамыс-Самар, Талов бөліктері мен Каспий жағалауындағы Бірінші және Екінші округтерге бөлінетін.. Әуелде олардың бәрі де Жәңгір ханға, кейіннен Бөкей ордасын басқару жөніндегі Уақытша Кеңеске бағынған. Бірақ әрқайсысының жеке-жеке правителі, яғни әкімі, басқарушысы болған-ды. Мақаш-правитель болса, теңіз жағалауындағы екі округте түрлі жылдарда жеке-жеке де, қосарлап та басшылық еткен. Оның бұл аймақтардағы басшылық қызметі жарты ғасырға жуық уақытқа созылды. Осы қызметтері кезінде, энциклопедиялық мәліметтер бойынша, 1881 жылы Ресей императорының қабылдауына барған төрт қазақтың бірі болған[42].

Астрахан губерниясының жыл сайынғы жарық көрген статистикалық естелік кітаптарындағы мәліметтерге қарағада,  Мақаш 1868 жылдан 1886 жылға дейін екі округке қатар, ал 1886 жылдан бастап Екінші округке правитель (әкім) болған. Бұл аймақтардың аумағы бүгінгі Исатай ауданының Таскран учаскесінен Астрахан облысының Қызылжар ауданына дейінгі кең алқапты қамтиды. Оған қазіргі Құрманғазы, Исатай, Индер, Ресейдің Қызылжар, Володар аудандарының тұтас және ішінара бөліктері кіреді[43].

Әкімдік қызметтен кейін Мақаш 1892–1897 жылдары Ордадағы Уақытша Кеңесте кеңесші қызметін атқарды[44]. Сосын әкімшілік басқару қызметінен біржола босатылып, жасауыл (есаул) шенінде зейнеткерлікке шықты[45]

***

Бөкей ордасының Теңіз жағалауы  аймақтарындағы әкімшілік басқару ісінде, Хан ордасындағы Уақытша Кеңестің кеңесшісі сияқты жауапты қызметтерде, одан кейінгі зейнетке шыққан шақтың бәрінде де Мақаш Шолтырұлы туған халқына адал болып, ел мүддесі жолында атқарған істері арқасында аты аңызға айналған, қандастары арасында аса жоғары беделге ие болған кісі. Оған  орыстардың да құрметі ерекше-тін. Аса абыройлы, парасатты да әділетті жан еді. Ол патша үкіметінің жергілікті чиновниктеріне өз сөзін өткізе алатын. Олармен еркін сөйлесіп, өте жақсы қарым-қатынаста болған-ды. Мақаштың осындай ерекшеліктері арада жүз жылдан астам уақыт өтсе де әлі күнге дейін ұмытылмаған, ел ішінде жұрт  аңыз қып айтып отырады.

Осындай биік бедел, зор құрметке ие болған тұлға сол кезгі үкімет тарапынан марапаттарға бөленген болатын. Ресейдің Астрахандағы облыстық мемлекеттік мұрағатынан Астрахан губерниялық естелік кітабының әр жылдарғы шығарылымын егжей-тегжейлі қарастырғанда, зерттеуші Ө.Әлімгереев Мақаш Бекмұхамбетовтың 1851 жылы зауряд-сотник, 1859 жылы – сотник (жүзбасы), 1864 жылы есауыл шенін иеленіп, 1855 жылдан – Екінші, 1868–1886 жылдар аралығында Бірінші және Екінші округтерге қатарымен, 1886–1893 жылдар ортасында Екінші округке басқарушы әкім (правитель) болып қызмет атқарғанын анықтаған. Одан әрі Мақаш Шолтырұлы Уақытша Кеңесте 1894 жылдың 23 сәуірінен кеңесші боп істеген. 1904 жылғы наурыздың басында, 74 жасында,  ауыр науқастан қайтыс болды. Аталған мұрағат дереккөздеріде, білімі жөнінен, жоғарыда айтқанымыздай, Мақаштың Орынбордағы Неплюев кадет корпусын бітіргені көрсетілген. 1851 жылдан мемлекеттік қызметте, 1855 жылдан әкімдік лауазымда екені айтылған. Патша үкіметінен үш орден алған.  Бірақ бұлар толық дерек емес, Мақаш өміріне қатысты құжаттар, тіпті өмірбаяндық қағаздарының өзі жоққа тән. Шамасы, кеңес өкіметі тұсындағы дүрбелең кезеңдерде қолды болып, жойылып кетсе керек[46].

Зерттеушінің пайымдауынша, Мақаш Шолтырұлына берілген марапат белгілерінің алғашқыларының бірі  2-дәрежелі «Әулие Станислав» ордені болуға керек, өйткені бұл награда әдетте  қызмет басындағы адамды ынталандырып, жігерін арттыру, болашаққа деген үмітті одан әрі жалғастыру үшін беріледі. Одан кейін Мақаш әкім «Әулие Анна» орденімен марапатталған тәрізді. Өйткені Ұлы князь Петр Федоровичтің қызы Анна Петровна мен патшайым Анна Иоановнаның құрметіне арнап тағайындалған бұл орден негізінен тек шындық үшін қызмет ететін ең сенімді, ізгі ниетті адамға адал еңбегі үшін берілетін болған. Демек осынау награда Мақаш-правительдің басқару ісінде кемелденіп, патша үкіметінің сеніміне ие болған кезінде алған сыйы.  Бұдан соң оған 4-дәрежелі «Әулие Владимир» ордені берілген сияқты. Бұл орденмен әдетте дворяндар ғана марапатталатын болған, ал Мақаштың патшалыққа сіңірген еңбегі арқасында иеленген тұқым қуалайтын дворяндық  (потомственный дворянин) атағы бар еді[47].

Басқа марапаттары беймағлұм болғанмен, осы аталғандардың өзі Мақаш Шолтырұлының патша үкіметіне жағымды адам болғанын аңғартады. Содан барып, демек, бұл кісінің өкіметке «еңбегі сіңгені» – отаршыл биліктің айтқанын істеп, өз халқына қиянат жасауда жатқан жоқ па екен деген күдік көңілге ұялап қалуы ғажап емес. Бірақ, оның өмір жолына көз жүгірткеннен-ақ, ондай күдіктің еш негізсіз екенін көресіз. Ол, керісінше, бүткіл ғұмыры бойы халқына қалтқысыз қызмет етудің үлгісін көрсетіп өткен адам. Енді соның кей деректерін қарастырайық. 

Елге қызмет

Осы орайда Мақаш әкімнің өмір жолын мұрағаттар қорларынан ғана емес, халық арасында сақталған естеліктер негізінде де терең зерттеген қаламгер Өтепберген Әлімгереев: «М.Бекмұхамбетов туралы сөз қозғағанда ескеретін бір ерекшелік – ...ел ішіндегі кешелі-бүгінгі қандай қариямен сөйлессеңіз де, оны қолыңдағы билігін пайдаланып, біреулерге зорлық жасапты, әлеуметтік теңсіздікке жол беріпті демейді, қайта барынша адал, адамгершілік қасиеттері мол болған деп мадақтайды»[48], – деп жазады. Солай дей отырып, дәлел ретінде, зерттеуінде ел ішінде сақталған көп әңгіменің бірқатарын келтіреді[49]. Мақаш әкімнің жарлы-жақыбай, қара халыққа жасаған жақсылығы көп-ақ. Тіпті, қандастары былай түрсын, әйгілі пролетариат көсемі Владимир Лениннің ХІХ ғасырдың екінші жартысында Астрахан қаласында тұрған әкесі Илья мен оның ағасы (өзінің жеке тігіншісі) Василий Ульяновтарға, ғылыми-зерттеушілік мақсатпен  Бөкей Ордасына ат ізін салған көптеген ғалымдарға қол ұшын берген. Білгенін айтып, көлік, азық-түлікпен қамтамасыз еткен. Бұлар жайында көзі қарақты, көңілі ояу ел азаматтары атанған қариялармен бірге, білікті, зиялы қауым өкілдері де әлі күнге дейін айтып, нақты құжаттар негізінде дәлелдеп жүр дейді зерттеуші[50].

***

Мұхамеджан (Мақаш) Бекмұхамедов «творчестволық жұмыспен де ерте шұғылданды» делінеді кеңестік үлкен анықтамалықта[51]. Ол тарихи-этнографиялық мақалаларын, ел аузынан жинаған халық ауыз әдебиеті үлгілерін «Астраханская ведомость» газетінде жариялап тұрды. Олардың бірқатары «Астрахан губерниясында көшіп жүрген қалмақтар мен қазақтар туралы кітап» (орыс тілінде, Астрахан, 1910), «Жақсы үгіт» (Қазан, 1908) жинақтарына енген. Артында 3 томдай қолжазба еңбек қалды, олардың көбі ертегі-аңыздар, өлең-жырлар, шешендік сөздер т.б.  олардың біразы Санкт-Петербургтегі Салтыков-Щедрин атындағы кітапханада, Ресей Ғылым пкпдемиясының Шығыс қолжазбалары қорында сақтаулы тұр. Мақаш Шолтырұлы «публицистикалық еңбектерінде қазақ халқын отырықшылық өмірге, өнер-білімге, орысша оқуға шақырды»[52]. Ел ішінде ол шығарған «Мақаштың Байжұмасы», «Көк жорға», т.б. күйлері сақталған. Атақшы композитор Құрманғазы, Жантұрған шешен, Шығыстану институтының профессоры И.Н.Березин, ғалым Д.Қосуақовпен жақын байланыста болған. Ол «Ганюшкино селосында екі жылдық орысша мектеп ашып, қазақ балаларын оқуға тартты». Жалпы, оқу-ағарту жұмысына, қазақ арасында мектептер ашу ісіне белсене араласқан[53].

 Өзінің жазған еңбектерінде, жалпы күнделікті тыныс-тіршілікте, қоғамдық-саяси жұмыстарда Мақаш Шолтырұлы қазақ халқының қоғамдық және әлеуметтік-экономикалық өмірін, тұрмысын жақсарту мәселелерін айқындап, ғылым-білімде, экономикада артта қалушылық себептерін саралау және келеңсіз себептерді жою, сондай-ақ жұртты өзге өркениетті елдер қатарына жеткізу ісін алдына басты мақсат етіп қойды. Аймақтарды басқарған кездерінде ол  осынау өзекті мәселелерді назардан тыс қалдырмады. Қарапайым шаруалардың өмірін жақсарту, жалпы бақытты да сәулетті болашақ құру үшін ілім-білімді игеру, алдыңғы қатарлы халықтардың, әсіресе жақсылы-жаманды қилы ықпалын күнде сезініп отырған орыс халқының жетістіктері мен табыстарын күнделікті өмірде, тұрмыста кеңінен қолдану керектігін айтып жүрді.

***

Жоғарыда біз «1881 жылы Ресей императорының қабылдауына барған» қазақтардың бірі Мақаш Бекмұхамбетов болғаны жайында ресми анықтамалық дерегін келтірген едік. Кейінгі зерттеушілердің жұмыстарына қарағанда, Мұхамеджан (Мақаш) Шолтырұлы император алдында әлденеше рет болған және қай-қайсысында да белгілі бір мақсат көзделген тәрізді.

Мәселен, ол өзінің естелігінде  Бөкей Ордасындағы прогресшіл бағыт ұстаған белгілі әкім «Өтешқали Атаниязоғылы екеуіміз Орынбор арқылы Петром-пор шаһарына сапар шектік. Халық үшін қылған бір істі тәңір оңғарып, патша ағзамның алдынан өттік...», – деп жазады.

Халқының мұңын шертер сапарға шығар алдында, ақ патшаға сый ретінде, қазақ халқының ғасырлар бойы тұтынып келе жатқан баспанасының макетін алтыннан соқтырады. Сол сый-ескерткішті көтеріп, қылшылдаған қырықтардағы Мақаш Шолтырұлы әріптесі Өтешқали Атаниязұлымен бірге сонау Нарын құмынан  империя астанасына келеді. Олар патшаға қазақ халқы атынан сыйлықты табыстайды. «Сыйымызға ағзам мен маңайындағы хакімдер бек ырза болды...» – дейді Мақаш естелігінде. Ішкі ордадан  келіп патша аудиенциясына кірген қазақ өкілдері тиісті рәсімдерден соң өтініштерін айтады. Бұл жайында Мақаш естелігінде: «Бізді шоқындырып, мұсылмандық үлгіден айырмаңыз деп тілек қылдым», – деген қысқа мәлімет қалдырған.

Жалғыз ауыз сөйлем. Астарында империяның өзге тектілерді орыстандыру және христиандандыру саясаты ауқымында жүргізіліп жатқан шараларға наразылық сезімі жатқан болатын. 

Атқа мініп дүрлігу заманы өткен, бес қаруы сай күшті патшалыққа қарсы ереуілге шығу  ешқандай да оң нәтиже бермейді, ел мүддесін көздеудің, халық қорғаны болудың енді жалғыз ғана мәмілегерлік жолы қалған. Осылай ұйғарғандықтан да, жұрты Мақаш-правитель деп қадірлеген  Мақаш Шолтырұлы арнайы әзірлеген тарту-таралғысымен патша ағзамның алдына барып, халқының өтінішін жеткізген.

Әрине, император бұратаналарды орыстандыру ниетінен айныған жоқ, тек бұл саясатын жіңішкелеп өткізу жолына ауысты.

Ал Мақаш әкім ел мүддесін мәмілегерлік жолмен күйттеу тәсілінен айныған жоқ. Ұлықтарға, ақ патша ағзамға халық мұңы хақында тікелей өтініш білдіріп, әрдайым мәселені  бейбіт жолмен шешуге тырысты.

Жаңа үйленген және империя тағына отырған Екінші Николай патшаға Мақаш Шолтырұлы 1895 жылы қазақ депутациясын бастап барған. Бөкейлік қазақ өкілдерінің (Мақаш Бекмұхамбетовтың екі жағында Орданың Тарғын және Қалмақ бөлімінің қазақтары тұр: сұңғағы – Мұхаметқали Зұлқаров, аласалауы – Мұрат Бажақов) арнайы әзірлеп әкелген (Мақаш ақсақал екі қолында ұстап тұрған күміс табақ, оның үстіндегі күміс тегене, ожау және алтын жалатылған екі стақан) сыйлықтарымен патшаға кіргелі тұрған сәтін фотограф түсіріп үлгерген[54].

Мақаш Шолтырұлы өзінің Бөкей ордасындағы аймақтар әкімі  және Орданы басқару жөніндегі орталық буынның кеңесшісі қызметтерінде жүріп,  туған халқының мұң-мұқтажын жеткізу мақсатымен Ресей императорларының (ІІ Александр, ІІІ  Александр, ІІ Николай) жеке қабылдауларына барғаны анық болғанымен, олардың алдарында қанша рет болғаны белгісіз. Бірақ сегіз мәрте хат жазған. Олар осы күні Мәскәуде, әйгілі Ресей орталық кітапханасында сақтаулы тұр[55].

Мақаш Бекмұхамбетовтың ақ патшаға жазған хаттары, ыңғайы, арнайы зерттеп, түсіндірме жасайтын ізденушісін тосып тұрса керек, дегенмен, олардың өмірге келуіне түрткі болған жәйттерді және Мақаңның көтерген мәселелерінің кейбірінің белгілі бір дәрежеде шешімін  тапқанын ел ішінде сақталған әңгімелерді сараптай келе, зерттеуші Ө.Әлімгереев төмендегіше түсіндіреді: «Қазіргі Астрахан облысының Қызылжар, Володар аудандары, керек десе Астраханның өзі де, территориялық жағынан бір кездегі қазақтың, дәлдеп айтсақ, Дешті Қыпшақтың жері», – дейді ол. Қазақ ауыз әдебиетінің ұлы тұлғалары – «Ноғайлы заманындағы Доспамбет пен Жиембет, Сыпыра жырау, атақты Асан қайғы – осы өңірдің түлектері» екенін атап айтады. Міне осы тарихи өңір «кейіннен, орыстардың жаулап алуы»,  «кей жерлерді қалмақтардың басып алуы» салдарынан, «Ресей патшалығының қол астына өтіп, ата жұрт тізгіні қолдан шығып кетті».

Мақаш хаттарында ақ патшаға осы жайларды түсіндіре келіп, қазақтың ата жұрты боп табылатын  жерлерден тым болмаса жоғары аталған екі аудан аумағын жергілікті халықтың пайдалануында қалдыруын сұрайды. Әуелгіде бекзадалар бұл өтінішке назар аудармай қояды. Ақыры, арнаулы сарап комиссиясы шығып, Мақаш Шолтырұлынан сол жерлердің қазақтікі екенін  дәлелдеуін талап етеді.

Мақаш әкім қазақтың ежелгі атақонысы болып есептелетін мекендер төңірегіндегі ескі шом, шеген қора, үй-жайлардың орны, солардың маңындағы көне қорымдар мен ондағы ру таңбалары қашалған ескерткіш құлпытастарды қолға ұстатқандай етіп көрсетіп, алға тартады. Мұндай бұлтартпас айғақтар алдарынан шығар деп ойламаған арнаулы комиссия, ақыры, Мақаштың дәлелдеріне бас иіп, тілегін орындайды.

Өкініштісі, империя тұсында озбыр патша отаршылдарынан қисынды дәлелдерімен Мақаш Шолтырұлы қорғап қала алған жерлерді Кеңес өкіметі 1920 жылы кайтадан Ресей Федерациясы қарамағына беріп жіберді[56]

***

 Алтын Орданың ыдырауына Ақсақ Темірдің жорығы мен жойқын соққысы, оның Алтын Орда астанасы Ескі және Жаңа Сарайды (Сарай-Бату мен Сарай-Беркені) қиратуы елеулі әсер еткені белгілі. Ұзамай, уақыт өткен сайын күшейе түскен және көрші елдерді жаулап алу жолымен іргесін кеңейтуге көшкен орыс патшалығы Еділ бойын, оның негізгі арнамен жарыса қатар ағып жатқан үлкен саласы Ахтубаны (Ақтөбені) қарамағына алды.  Кешікпей Жайық өзені бойы да назарға ілігіп, 1578—1580 жылдары түгелдей орыс патшалығының қолына көшті.

Жаңа қожайындар жергілікті халықтарды, соның ішінде  қазақтарды да екі өзен бойынан да қуалап, ығыстыра бастады. Олардың жерін Дон бойынан, Кубань жағынан босып келген казачество иеленді. Жайық бойына станицалар салып, өз мекеніне айналдырды. Оларға орыс патшасы 1591 жылы «Патшаны тыңдамағандарға қарсы күресушілер» деген атақ берді. Осыны малданған казактар патшаға Еділ мен Жайық сынды қос өзеннің арасын, Жайықтың жоғары, орта тұсы мен төменгі сағасын мекендейтін халықтар (қалмақгар, башқұрттар, қазақтар) өзен бойына малын жайып, пішен шабады, тоғайды бүлдіреді, оны аз десеңіз өзендерден балық аулайды, «бұған тез арада тосқауыл қоймай болмайтынын» айтып шағым түсірді. Соған сәйкес 1734 жылғы 6 наурызда: «Жайық казактарының балық аулайтын өзен-көлдеріне башқұрттар мен басқа да орыс емес ұлт өкілдерінің жуықтауына, ау салуына, мал суаруына, тоғайларынан отын шабуына, пішен дайындауларына тыйым салынсын. Тіпті теңіз жағасына 40 шақырымға дейін жақындауына мүмкіндік берілмесін» деген пәрмен шығарылады. 

1794 жылы Астрахан генерал-губернаторы «Еділ өзенінің шабындық жерлерін қырғыз-қайсақтардан күзетуді белгілеу туралы» жарлық етті. Бұдан былай орыстан өзге ұлт өкілдерінің өзен, көлдерге 40 шақырымнан бері жақындауына тыйым салынды. Бұл тәртіп XIX ғасырдың басында теңіздің терістік бетіне түгелдей иелік еткен помещиктер князь Юсупов пен граф Безбородко тұсында да өз күшін жойған жоқ. Бөкей сұлтан  1801 жылы император I Павелден рұқсат алып, халқымен қос өзен аралығына қоныс аударғанда, Каспий теңізінің  терістік қолтығындағы сулы, нулы алқапты мекендеуді ойлаған. Бірақ империяның Мемлекеттік кеңесіне мүше орыс помещиктерінің дачалары аталатын теңіз жағалауына жолай алмады. 

Дегенмен, арада ширек ғасыр өткенде, осынау тәртіптің тоңы жібіп, көбесі сөгілді. Бұл үдерісте Ішкі орданың Забурын аймағында қоныстанған Адай руының ағаманы (старшыны) Қарауылқожа Бабажанов елеулі рөл атқарды. Оның Орынбор, Саратов, Астрахан басқару орыңдарымен таныстығы мол еді, қажет кезінде сөзін де өткізе алатын. 1826 жылдың 17 қыркүйегінде І Николай оған Арал мен Каспий жағалауына жасалған экспедицияға қосқан үлесі үшін әскери капитан шеніне сай келетін есаул атағын берген. Ал Шекара комиссиясы сырттан көтерме саудамен астық сатып әкелуі үшін, сөйтіп теңіз өңірінің халкын азық-түлікпен қамтамасыз етуі үшін кәсіпкерлік куәлік беріп, үлкен жауапкершілік жүктеген-ді.

Бабажанов қарауындағы қазақтардың қыстап шығуы үшін помещиктерден жерді жалға алып, ақысын төлеп тұрды. Оны, әрине, қыстауға келген қазақтардан өндіріп алды,  сондай делдалдықпен  кәдімгідей пайда көрді. Оның қарапайым халыққа тізе батыруы салдарынан әйгілі Исатай-Махамбет көтерілісінің ұшқын алғаны да рас, дегенмен, дендеп еніп келе жатқан базар заңы, бәрібір, тоқтаусыз ілгерілеп, қанша айтқанмен, әлдебір ізгілік нышанын да байқатты. Қарауылқожа әр кезгі жұттан жүдеп, мал орнына құрығы мен ноқтасын ғана ұстап қалған қазақтарға Юсупов иелігіндегі аумақтан балық аулау үшін 1832 жылы Ресей үкіметі шешімімен жер алып берді.

Осы дәстүр одан әрі жалғасып, Каспий теңізі жағалауындағы  аймақтарға Мақаш басқарушы болған кезеңге жетті. Ал Мақаш Шолтырұлының  Бірінші және Екінші Теңіз жағалауы округтеріне 1868 жылы әкім болып тағайындалған-ды.

Ол кезге шейін Каспийдің терістік жағалауын тұтасымен балық өндіруші қауымдар жайлаған болатын. Оларды – балықшылар топтарын орыстар әдетте ватага дейді, қазақыланған тілде – батаға. Батағалар, яғни  балық кәсіпшіліктері негізінен басқа жактан келіп, осы өңірдің иен байлығын соруға дәніккендердің  қолында тұрған. Бір қарағанда оны түсінуге болатын, өйткені балық аулау қазақ халқы үшін ата кәсіп емес-тін, сондықтан да бұл іске маманданған адамдар жоқ еді.  Бірақ Мақаш-правитель осы аймақтың басқарушысы ретінде, балық аулау кәсіпшілігінің жай-күйі мен  даму бағытын өз құзырына батыл қаратып алды. Әр жақтан келгендердің қалаған жеріне ау құрып, қармақ салуына жол бермеді. Өзі басқаратын екі округтегі көптен жұмыс істеп келе жатқан, ұзын саны отыздан асатын балықшылар қауымдастықтарынан басқа да батағалар ұйымдастырды. Балық аулаумен шұғылданатын ұлттық жұмысшы табының қалыптасуына негіз салды.

Батағаларда ауланған балықты Ресейдің Еділ өзені бойындағы түрлі-түрлі қалаларына жеткізіп, қажетті өндірістік заттар мен азық-түлік, басқа да бұйымдарға айырбастауды, сөйтіп қажетті тауарларға алмастырып алуды жолға қойды. Мәселен, Астрахан мен Царицын қалаларынан балыққа алмастырылған азық-түлік, өндірістік заттар әкелдіріп, жергілікті жерлердегі дүкендер арқылы халыққа сатқызды. Төменгі Новогород сияқты орманды өлкеде орналасқан шаһарлардан ағаш материалдарын алдырды. Сөйтіп, қималы, өрнекті, қарағай үйлер салдырды, үй жиһаздарын жасатты. Сол бір жылдардағы Мақаш салдырған әсем де қолайлы, жинақы ағаш үйлердің кейбірі Құрманғазы ауданында әлі күнге дейін кездесіп қалады. Жалпы, осындай ағаш, тіпті тас үйлердің өзі Нарын құмындағы қазақтар тұрмысына әуелі Мақаш басқарған округтерде танылғаннан кейін ене бастаған еді. Тарихи құжаттарға қарағанда, Еділ бойыңда шикі саман тастардан үй салу дәстүрі де алғаш рет осы аймақта қолға алынған  көрінеді[57].

Атап айту керек, Мақаш Шолтырұлы Каспийдің өзі басқарған солтүстік өңірінде балық шаруашылығының қазақтардың қатысуымен өркен жаюына ықпал етті. Рас, балықшылық қандастары үшін аса тың тіршілік көзі емес-тін. Қазақ бұрын да балық аулаған, қоғадан ау тоқып, сүйектен қармақ жасаған. Бірақ, аулағанын азық еткенмен, базарға шығарып, сатудан түскен пұлға киім кию, отбасын асырау дегенді ойына алған емес. Сол себепті балықшылықты бұрын түбегейлі кәсіп етпеген еді. Әрі, өзен торыған орыстар да жергілікті жұрттың балық аулауды кәсіп етуіне мүмкіндік бермеген болатын. Бірақ, империяның отарлаушылық саясаты салдарынан жер тарылып, қолда мал ұстап бағу мүмкіндігі азайған сайын қазақтардың отырықшыланып, балықшылар қатарына келуі жиілей берді.

Рас, толыққанды кәсіпкер балықшы болу оңай емес-тін. Бірен-сараны ғана астына қайық мініп, ау салып, ұстаған балығын қалаған базарына апарып өткізетін кәсіпкерлік шеберлікке қол жеткізе алды. Қалғандары орыстың балық өнеркәсібімен айналысатын ірі қожайыңдарына жалданды. Сол кезгі жағдайды көзімен көрген, Екінші Теңіз жағалауы округінде дәрігерлік қызмет атқарған Н.Я.Шмидт өз естелігінде ау тартатын жұмысшылардың еңбегі  өте ауыр екенін, қазақтардың мұндай каторга сияқты азапты жұмысқа «баруларының басты себебі – олардың ішер асы болмағандықтан» деп жазған болатын[58].

Мақаш-правитель батағалардағы мұндай ахуалды білді. Біле тұра, көптеген қандастарын әдейі сол жалдамалы жұмысқа жұмысшы ретінде орналастырды. Өйтпеске амалы жоқ еді. Себебі, қазақ көшпенді халық болғандықтан тек мал соңында жүруі керек деген түсінік бұл кезде әбден ескірген болатын. Малы жоқ халық амалсыздан іргедегі орыс байларына жалданды, олардың сиырын бағып, пішенін шапты, балығын аулап берді. Ал балық шаруашылығындағы қатардағы жалдамалы жұмыскердің жағдайы ауыр болды.  Малы жоқ себепті, отбасын асырау үшін, олар сондай азапқа көнді.  Су жағалай қоныстанған батаға иелеріне, өзіне тікелей бағынышты болмаса да, аймақтың әкімшілік-аумақтық басқарушысы ретінде, жалданушы қазақтардың жанашыры ретінде, Мақаш Шолтырұлы ескертулер жасап тұрды. Алайда, әрине, одан ешқандай оң нәтиже шыққан жоқ. Сонда ол мәселені жазбаша түрде Ішкі орданы басқару жөніндегі Уақытша Кеңестің төрағасы генерал Новицкийге мәлім етеді. Тиісінше, Мақаш-правительдің мәлімдемесі негізінде, Астрахан губернаторына хат жолданады.

Мұндай хабарламалар әлденешеу болса керек, зерттеуші Ө.Әлімгереев соның бірімен танысып, талдауға алады. Онда помещик Юсуповқа қарасты балық аулау кәсіпшіліктерінің иелері қазақтарды жұмысқа жалдауды мердігерлерге тапсыратындығы, ал олардың батаға иесі бөлген ақшаның тең жартысын ғана еңбектің төлемақысы ретінде жалданушыға беріп,  жартысын өз қалтасына басып алатыны және жалдамалы жұмысшыларға төленетін еңбекақының ұлттық белгілеріне қарай (ең жоғары төлем орысқа, одан кейінгі мөлшер калмаққа, төменгі төлем казаққа) берілетіні айтылған. Тағы бір теңсіздік те әшкереленген. Балық аулаушы әр топ құрамында болуға тиіс 12 жалдамалы адамның орнына 8 адам ғана қабылданып, олар 12 адамға жобаланған мөлшердегі жұмыс көлемін орындайтын болған.  Ал ауысым уақыты тәулігіне 8 сағат емес, 14–16 сағатқа дейін созылады екен. Балық батағаларының иелері жүмысшыларға төленетін еңбекақыны ақша күйінде емес, тауар түрінде беруді әдетке айналдырған. 

Астрахан облыстық мемлекеттік мұрағаты қорында сақталған құжаттардың бірінде Мақаш Бекмұхамбетовтің мәлімдемесі негізінде губернаторға Бөкей ордасынан жолданған  мазмұны жоғарыда келтірілген баянхат пен содан туындатылған ұсыныстар бар. Онда ең алдымен, теңіз жағалауындағы аймақтарда орын алып отырған  келеңсіздіктердің анық-қанығына көз жеткізу үшін арнайы комиссия құрылып, жергілікті жерде тексеру жүргізілуі сұралады. Сосын, тексеру қорытындысын негізге ала отырып, балық батағаларына жұмысшылар жалдаудың бірізді тәртібін енгізу қажеттігі айтылады.

Ал жағдайды жақсарту орайында Мақаш Шолтырұлының көтерген мәселелері мынаған саятын: біріншіден, өндірістік,тұрмыстық жағдайлары қарайлас батағалардағы жүмысшыларды ұлттық белгісімен жіктемей, әлдебір сипаттағы басымдықка бөлмей, еңбекақыны бәріне бірдей мөлшерде төлеу; екіншіден,  кәсіпшілік иелері батағаларына жалдамалы жұмысшыларды ара ағайын, делдал арқылы емес, Ішкі орда аймақтары мен қисымдарының әкімдері арқылы қабылдағаны жөн. Келісімшарттар сондай ретпен жасалған жағдайда, әр әкім өз адамдарының жұмыскерлікке қай батағада, кімнің қарамағына, қанша мерзімге барып істеп жатқанын біліп отырады және кәсіпшіліктерге мезгіл-мезгіл өз депутаттарын жіберіп, адамдарының мүддесінің қорғалуын, оларға қатысты еңбек тәртібінің сақталуын қадағалап отыра алады; үшіншіден, жалдамалы қазақтардың жалақысын уақтылы акшалай төлеуді қамтамасыз ету  және оны тауар түрімен беруге тыйым салу; төртіншіден, казақтарға жоғарыдағыдай теңсіздік пен әділетсіздік жасалмас үшін, полиция тарапынан бақылау қою; бесіншіден, балықшылар звеносы құрамындағы адамдар саны тиісті 12-ге жетпеген жағдайда, сол 12 жұмысшыға тиесілі еңбекақыны нақты істеп жүргендерге бөліп беруді жүзеге асыру. 

Бұл ұсыныстардың баршасы қабыл алына қоймағаны да, тиісінше, жалданып істеп жүрген балықшы қазақтардың жағдайы жақсарып кетпегені де түсінікті. Дей тұрғанмен, батағадағы жағдай мүшкіл екен деп, балық аулау кәсібіне барудан бас тартқан қазақ та жоқ. Қайта, балықшылар қатарына кіріп  жұмыс істеуге тілек білдірушілер саны күн сайын арта түсті. Өйткені, Мақаш Шолтырұлының  1894 жылы «Астрахан ведомостарында» атап айтқанындай, «жыл сайын мыңдаған қазақ баю үшін емес, аш кұрсақ отбасыларын асырау үшін Ордадан тысқары жерлерге табыс іздеп кетуге мәжбүр болып жүр». Ол жұрттың отырықшылыққа көшуінің бір себебі ретінде, көшпенді салтпен «... мал өсіруден үлкен дәулет табу мүмкін емес» екенін ескертеді. Өйткені жалпы құны 10 мың сомнан асатын мал жинаған байлар некен-саяқ, ал өнеркәсіппен, егіншілікпен айналысатындардың арасында 100 мың сомдық табысы  барлар едәуір[59]

Зерттеуші Ө.Әлімгереев Мақаш басқарған округ қазақтары өмірінен қызық деректер келтіріп, терістік Каспийдегі адам тұруға қолайлы жекелеген аралдарды түгел Ішкі орданың Уакытша Кеңесі өз қаржысына сатып алғанын, сөйтіп оларға жерсіз қазақ жатақтары орналастырылғанын жазады. «Мәселен, Михайловск аралына – 30, Сухойға – 20, Белужийге – 15, Шемен, Кокаров, Ботахан, т.б. барлығы жиыр-маға тарта аралға 15–20 күннің ішінде үйсіз-күйсіз қазақтарды орналастырып үлгерді. ...Сайып келгенде, осындай қырда мал соңында жүрген қазақтарды жаңа кәсіпке үйретіп, одан нәпақа табуға мәжбүр еткен, әрине, тағдыр, қала берді Мақаш екенін ұмытпауымыз керек. Ол Уақытша Кеңес басшылары, Астрахан губернаторымен достық қарым-қатынасын пайдаланып, көптеген қазақтың балық өнеркәсібіне араласуы, кейіннен бұл саланың нағыз шебері атануына себеп болды».

М.Бекмұхамбетов бұл туралы өзінің «Қазақтардың тұрмысы мен мұқтаждары» деген мақаласында: «Біз балықшы қазақтарды білеміз және олар мұзбалақтеңізші әрі шебер балық аулаушы. Олар орыс балықшыларынан озып кетпесе де, әйтеуір теңіз жұмысында солармен тең түседі деп батыл айтуға болады», – деп жазған-ды. Осы өңірден шыққан белгілі балық өндірушілер Шарапиден, Ибрагим, Өтеғали, Құсайын, Салық Танашевтердің есімдері XIX ғасырдың екінші жартысы, XX ғасырдың ба-сында күллі Ресейдің балық ондіруші кәсіпкерлері арасында кеңінен мәлім болды[60].

Жастарға қамқорлық

Мақаш отар елде өмір сүрді. Бөкей ордасының автономиялық мәртебесі жойылып, империяның қазақ елін шырмаған шеңгелді құрсауы мызғымастай берік қалыптасқан уақытта ол Теңіз жағалауы аймақтарын  билеген-тін. Ол кезде Ресейдің ұстанған саясатын терең біліп, өз жұртының қамын соның ауқымында ойлай білу қажет болатын. Төбеден отаршыл биліктің алдаспаны төніп тұрғанда, оны елемей, туған халқыңның мүддесіне төте де түбегейлі бет бұру  мүмкін емес еді. Сондықтан да ол ел келешегі болмақ білімді, білікті жастар тәрбиесіне мән берді, халықтың жарқын болашағын қамтамасыз ететін солар деп біліп, жас ұрпаққа сенді, оларға үлкен үмітпен қарады. Ол халық мүддесі жолында еңбек етіп, тер төгетін, оқығаны-тоқығаны мол, білікті ұрпақ баулу  мақсатында жанарында оты, бойында ізгіліктің куаты бар ұл-кыздарды қолдап, дер кезінде қамқорлық жасай білді. 

Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері Бақтыгерей Құлманов[61] (1859–1919)  Мақашқа туған жиен, қарындасы Сараның ұлы екен. Анасынан жастай қалған ұлды Мақаш өз тәрбиесіне алып, әуелі Жәңгір мектебіңде оқытады, кейін Санкт-Петербург университетінін шығыс факультетінде түсіп оқуына мүмкіндік туғызады. Аталған кезендерінің бәрінде Макаш оған қаражат жағынан көмектесіп, қол ұшын береді. Профессор Рәбиға Сыздықованың айтуынша, Бақтыгерейді оқып жүрген кезінде Мақаш жеке стипендиямен қамтамасыз етіп отырған[62].

ИСПУ-ді ғылым кандидаты дәрежесімен бітіргеннен  кейін Бақтыгерей Құлманов Баку қаласында түрлі сайланбалы жауапты жұмыстарда болды. Одан еліне оралып, он шақты жыл Ішкі орданың Қамыс-Самар бөлігін басқарды. Ресей Мемлекеттік думасының алғашқы екі шақырылымына депутат болып сайланды. Қазақтарды соғыстың қара жұмыстарына алуды көздеген әйгілі 1916 жылғы 25 маусым  жарлығына наразылық көрсеткені үшін Ішкі орданы басқару жөніндегі Уақытша Кеңес мүшесі лауазымынан алынып, жер аударылған. Ақпан революциясынан кейін Уақытша Үкіеттің Бөкей ордасындағы комиссары болды. 1917 жылғы ІІ жалпықазақ  съезіне төрағалық етті. Алаш-Орда төрағалығына ұсынылған. «Алаш-Орда» Халық кеңесінің мүшесі. 1919 жылы шетелге кеткен.

Мақаш тәрбиесін көп көрген айтулы түлғалардың ішінде белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Сейіткали Мендешевтің[63] (1882–1937) орны бөлек. Ол Нарынның терістігіндегі Қамыс-Самарда, катардағы балықшының отбасында дүниеге келді. Әуелі Жаңақаладағы орысша-қазақша бастауыш мектепте білім алған. Одан кейін Жәңгір мектебінде оқыды. Жасынан зеректік танытып, өзінің білімге деген күштарлығын байқатады. Оның бұл қасиет негізсіз емес еді. Өйткені әкесі Меңдеш орысша сауатты, көзі ашық адам болған, Қамыс-Самар өз алдына, сонау Каспий жағасынан орын тепкен балықты топтарында – батағаларда табысты еңбек еткен жан еді. Байлардың сиырын да баққан.  Оның үстіне оның жұрты ертеден Мақаш ауылымен аралас-құралас болған. Тиісінше,  ардақты адамның ұлағаты олардың ауылына да оң әсерін тигізіп, дарыған-ды. Ал  Сейтқалидың анасы Тамарис өмірден көрген-білгені мол, оның үстіне өз жанынан аздап өлең шығарып, қандай ортада да ойын бүкпесіз айтатын ашық адам болған екен. Міне, осының бәрі болашақ зерделі жасқа жақсы нәр болды. Ауыл маңындағы оқу орындарын тамамдағакннан кейін ол білімін одан әрі Омбы, Орынбор, Қазан секілді қалалардағы оқу орындарында жалғастырғысы келеді. Бірақ бұл жамау шалбар, тесік өкпе балықшы мен бақташының балалары үшін бос қиялға барабар еді. Осы тұста осынау талапты жасқа Мақаш Шолтырұлы алғаш көмекке келіп, ылғи ығай мен сығайдың балалары арасынан жеке-дара бағын жандырды. Қазанға оқуға жіберілетін жастарды іріктеу комиссиясында  әділдік танытып, Сейтқали Меңдешевтің сөзін сөйледі[64]

Сейітқали Қазанда мұғалімдер семинариясында оқыды, сонда демократиялық және ұлт-азаттық қозғалысқа қосылды, саяси үйірмелерге, студенттік қоғами іс-шараларға қатысты. Солары үшін оған полиция тарапынан бақылау қойылып, қуғындауға ұшыратылды. Семинария бітіргеннен кейін туған елінде он үш жыл бойы мектептерге сабақ беріп, бала оқытты. Патшаның 1916 жылғы әйгілі 25 жарлығына байланысты халық наразылығын қолдағаны үшін, ел ішінен әкетіліп, Астрахан түрмесіне қамалды. Қазан төңкерісінен кейін кеңес өкіметін қолдады. Бөкей губерниялық атқару комитетінің төрағалығынан Қазатком төрағасына дейін өскен ірі қайраткер болды[65].

Ол өзіне қамқорлық жасап, қол үшын берген ел ағасы Мақаш Шолтырұлын қатты құрметтеді. Қазаннан каникулдарында елге келген сайын арнайы сәлем бере барып, ақыл-кеңесін тындап жүрді. Мақаңның қазақтар жәйлі жазғандары мен жиған өткен заманғы ақын-жыраулар мұраларын, мақал-мәтел, шешендік сөздерін оқып танысады, олардың Қазандағы Каримовтер баспаханасынан «Жақсы үгіт» деген атпен жеке жинақ ретінде жарық көруіне қамқарлық көрсетеді[66]

Оқу-ағарту ісіндегі нақты жұмыстар

Мақаш Шолтырұлы Қазан, Уфа, Астрахан қалаларынан ондаған татар молдаларын шақыртқан, сөйтіп, ауылдарда сауат ашу мектебін үйымдастырған. Сондай-ақ, Мақаң Атырау аймағында зайырлы білім беретін мектептерді көптен ашқан көрінеді. Сол өзі ашқан мектертердің ғимараттарын салуға  ол Кавказдан күнкөріс үшін келген ағаш шеберлерін ұтымды пайдаланса керек. Олар өз елінде тұрмыс күйі нашарлағандықтан,  Бөкей Ордасына жиірек ат басын тіреп, көтерме жұмыстар сұрап отырған. Сөйтіп, таулықтар өз тұрмыстарын жақсартқанға ұқсайды. Ағартушы Мақаштың 1898 жылы жазған бір мақаласына: «Қисымдарға басқа халықтар мен таулықтардан қайырымдылық тілеген кедей жандар көп келеді. Олар басшылық тарапынан қанша қарсылық болса да қайыр тілеуді қазір де жалғастыруда. Шақырылмаған қонақтар неге осыншалықты Орданы арқа тұтып келе береді? Бұның басты себебі – біздің жабырқаушы қазақтарымыз оларға деген көмегін аяп көрген жоқ», – деп жазды.

Каспий жағалауы өңіріне жиірек келгендердің бірі – дағыстандықтар екен. Мақаштың жасы ұлғайып, әкімшілік жұмыстан босаған шағында әлгіндей топтардың бірі одан көмек сұрайды. Бірақ Мақаш қолында  билік жоқтығын, оларға бұрынғыдай көмектесе алмайтынын ескертеді. Сонда дағыстандық шеберлер: «Бізге ақша керек емес, ағартушылық жағынан, яғни балаларымызды орыс алфавитімен (кириллица) оқытуға арналған әліппе жасап беруге көмектессеңіз көптен-көп рақмет айтар едік», – деп өтініш білдіріпті. Мақаш Шолтырұлы бұл тілекті орындаған, өкініштісі – сол кітап әлі күнге дейін еш жерден кезіккен емес дейді зерттеуші Ө.Әлімгереев[67].

1722 жылы Астрахан қаласына император Ұлы Петрдің келіп қайту сапарын мәңгі есте қалдыру  мақсатында ұйымдастырылған Астрахан өлкесін зерттеу жөніндегі Петр ғылыми қоғамы мүшелерінің қатарында  Мақаш Шолтырұлы тұрды. Бұл қоғамның өз мүражайы, баспаханасы, бай кітапханасы болған. Осы Петр ғылыми қоғамының корреспондент-мүшесі болып бес рет сайланған Қазан университетінің түлегі, ғалым Дінмұхамед Қосуақовпен Мақаш жақсы байланыс жасап тұрған. Онымен, сондай-ақ, Еділ мен Жайық аралығындағы қазақтардың тұрмысын, жерінің географиялық бет-бедерін зерттеген көрнекті венгр ориенталисі Арминиус Вамбери де европаша оқыған-тоқығаны мол жергілікті әкім Бекмұхамедовпен кездесіп, кеңес алып, ақылдасып тұрған тәрізді. Мақаш Шолтырұлының қолда бар әдеби мұраларының өзі оның қазақтың қоғамдық өмірі, тыныстіршілігі, салт-дәстүрі хақында түйген құнды пікірлерімен бағалы.

Озық революциялық ойлармен тікелей танысу

Өмірбаяндық деректерінен көрініп тұрғандай, Мақаш Шолтырұлы  ел басқару ісіне, мемлекеттік қызметке ертерек араласты, тиісінше, ел тұрмысының жәй-күйін жақсы білді. Тіпті оған дейін де, Неплюев атындағы Орынбор кадет корпусында оқып жүрген кезінің өзінде бірге оқитын досы М.-С.Бабажановпен бірге, мерзімдік баспасөзді жіті қадағалап оқып тұрды, екеуі ұстаздары В.В.Григорьевпен жиі пікірлесіп, ақыл-кеңесін тыңдап жүрді. Осының бәрі оның қоғамдық ой-пікірге үн қатып отыруына себеп болды. Содан да ол өмірді қазақ зиялылары Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин, Мұхамед-Салық Бабажанов секілді ішінен көре алды, өз ортасындағы жағдайға саналы, зиялы қауым өкілі ретінде баға беріп, жеке көзқарастарын білдіріп жүрді.

Мақаш әкім А.И.Герцен шетелде шығарып тұрған «Колокол», Н.Г.Чернышевский мен Н.А.Добролюбов тұсындағы «Современник» журналдарын алдырып оқып тұрған. Оған  Герценнің «Колокол» журналының бетінде патша үкіметінің қазақ халқына қатысты ұстанған жендеттік саясатын бүкіл әлем алдында қалай әшкерелегені де, Чернышевскийдің Ресей империясы қарамағындағы халықтардың өмірін зерттеп жазған публицистикалық мақалалары мәлім еді. Көкірегінде сәуле бар сауатты азамат және қайраткер Мақаш Шолтырұлына  Чернышевскийдің «орыстар жаулап алушы және тонаушы болып қалмай, басқа халықтарға азаттық әперуші болады» деген пікірі де әбден таныс еді...

1883 жылдың күзінде сырт көзге аса еленбеген бір оқиға орын алады. Осы жылғы қазан айының 27-ші жұлдызында елу үш жасар Теңіз жағалауы аймағын басқарушы Мақаш Шолтырұлы Астрахан қаласының түрме бастығына келеді де, оғаштау өтініш айтады. Ол түрме бастығынан Сібірден Астраханда тұруы үшін әкелінген саяси тұтқынды өзінің үйіне апарып мейман етуге рұқсат етуін, соған байланысты оны түрмеден бес күнге босатуын сұрайды. Абыройлы, беделді қазақтың өтініші қанағаттандырылады.

Бұл – орыс революционер-демократы, оқымысты, жазушы Николай Гаврилович Чернышевский еді. Азаматтық өлім жазасы шарасын бастан өткеріп, жиырма жыл түрмеде, айдауда болған,  ақыры, Сібір кеніштерінің ауыр жұмыстарын атқарып болғаннан кейін, оның Астраханға бақылауда тұруға жіберілген кезі болатын[68]. Мақаш Шолтырұлы айдалу азабынан қалжыраған, бірақ шығармашылығы тоқырамаған елу бес жасар жазушыны түрмеден сұрап алып, Жанбай (Никольск) жанындағы өз үйіне алып келеді де, өте сыйлы қонақ ретінде күтеді, онымен жан-жақты да терең әңгіме-дүкен құрып сұхбаттасады. Сосын оны уәделі мерзімде Астрахандағы тұруға белгіленген жеріне жеткізіп салады.

Ұзамай Чернышевский өзінің туған қаласы Саратовта тұратын, дәулеті де, лауазымы да бар әйелі Ольга Сократовнаға былай деп хат жазыпты:

«Жақында  қазақ даласында болдым. Мені әлуетті қазақ М.Ш.Бекмұхамбетов түрме басшыларымен келісе отырып, бес күнге сұрап алды. Өзі Астраханның шығысында теңіздің терістік бетіндегі қазақ даласында қарағай үйде тұрады екен. Біз су бойымен бір күн жүріп әзер жеттік.

Мені оның үй тұрмысы, сөйлеу мәдениеті, өмірді танып-білуі, сауаттылығы, білімі ерекше тәнті қылды. Жалпы қазақтар, күллі азиаттар жөніндегі түсінігімді өзгертті. Білмейтін саласы жоқ, қай тақырыпта әңгіме қозғаса да – тым әріден қаужап, себеп пен салдарын қатар жүргізіп отырады екен. Сұрақтары да тым ауыр-ақ. Киім киісі, жүріс-тұрысы өз басыма  ой салды.

Мен сізге сол қазақтың мекен-тұрағы мен аты-жөнін берейін. Сіз оған хат жазыңыз. Және менің ол кісіге неге керек болғанымды, қандай қажеттілікке орай түрме басшысынан сұрап алуға тура келгенін білсеңіз. Екіншіден, оның үйінде бес күн жатып, тамақтанғаным үшін қанша сом жамбасақы төлеуім қажет екен. Қаражат тапшылығына орай соқыр тиын да төлей алмай кеткеніме өкінемін.

Сізден өтінерім, осы қарызды кешіктірмей өтеуіңізді сұраймын». 

Жазушының жұбайы Ольга Сократовна ерінің өтініші бойынша Мақаш Шолтырұлына хат жазып, әлгі жәйттердің бәрін білуге талпынса керек. Сонда Мақаңның жауабы мынандай болыпты:

«Мен ол кісінің (Н.Г.Чернышевскийдің – Б.Қ.) 1836 жылы А.С.Пушкин ұйымдастырған «Современник» журналын алпысыншы жылдары Н.А.Добролюбовпен бірлесіп шығарып тұрғанын білетінмін және әрдайым қызығып оқитынмын. Ондағы ел ішіндегі саяси ахуал, әлеуметтік теңсіздік туралы жазылған материалдарға ерекше назар аударатынмын. Солардың ішіндегі революция деген атауға ешбір түсінбей-ақ қойған едім. Тіпті миым жетпейтін. Сол құмарлық мені сіздің жұбайыңызбен таныстырып, табыстырды. Оған өз басым бек ризамын.

Ал әлгі ішер ас, жамбасақы дегенге келсек, біздің халықта ондай төлем жасалуға тиіс түнемек, түстік, ақылы аялдама деген болмайды. Өйткені көшпенді елде ауылыңа келген адамды қонақ деп, ал қонақтың өзін – құдайы қонақ, арнайы қонақ деп ажыратады. Құдайы қонақ – жолаушылап, алыстан сапарлап келіп жүрген немесе бір жаққа жол жүріп бара жатқан жүргінші. Арнайы қонақ – үй иесінің шақыруымен келген не өзі әдейі ат басын тіреген адам. Олардың қай-қайсысынан да ішер ас, жатар орнына құн алынбайды. Үй иесі, ондағы жандар не ішсе, қонақ та солармен бірдей алқа-қотан отырып тамақтанады, тіпті әдеттегіден өзгешелеу құрмет көрсетіледі. Өйткені қай қазақ та үйлеріндегі ең дәмді тағамын қонаққа деп сақтайды, арнап бөлек қояды. Ол аз десеңіз, қонақтың мініп келген көлігіне сол үйден су беріліп, шөп салынады. Ілестірген тазысы да (егер аңшы болса) тамақтандырылады.

Бұл жолы мен сіздің күйеуіңізді әдейі өзім барып, Астрахан қаласынан алып келгенім бар. Сондықтан ол кісі мен үшін – арнайы қонақ. Ендеше менің сіздерден бірдеңе талап етуімнің еш реті жоқ. Әйтсе де тағы да айтамын. Қазақтар қандай да бір қонағы болсын, одан еш уақытта ішер ас, жатар орын, ат-көлігінің азығы үшін жамбас пұл, өтемақы алып көрген жоқ. Сіз оны айтасыз, менің тұқымдастарым жылына бір рет тұрмысы төмен, асыраушысынан айырылған жоқ-жітік мүскіндерге ақшалай, заттай не тамақ, болмаса, мал түрінде қайырымдылық көмек береді. Көмектің аталу түрі көп – пітір, садақа, зекет, тағысын тағылар. Бірақ, бәрінің түпкі мақсаты әлгі айтқан біреу-ақ. Ол – адамдарға деген қамқорлық. Ал қамқорлық ақшамен өлшенбейді емес пе?»[69] Мақаш-правительдің бұл жүрекжарды хаты оның азаматтық бет-бейнесінен, дүниетаным көкжиегінен, қайраткерлік мақсат-бағдарынан жүрек толқытарлық хабар береді. Ол еш күмәнсіз,  ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамдық өмірінде өркениетті ой биігіне көтерілген, халқына мейлінше пайдалы бола білген санаулы тұлғалар қатарына жатады. 

Мақашты өз деңгейінде тану – болашақ парызы

Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы: «Атырау, Жайық бойында оның атын білмейтін адам жоқ», – дейді Мақаш әкім жайында. Оның аруағын қалың жұрт әйгілі батырлар мен билердей, бес саусағынан күй сорғалаған өнер дүлдүлдері мен семсер тілді акындардай қастерлейтінін еске алады. «Жарты ғасырдай ел билеген атқамінер, бұрынғы Бөкей Ордасының күнгей бетін алып жатқан, Теңіз бойы мен Еділ жағалауындағы ен байтақ өлке кіретін екі округты кезек билеген әкім» болса да, «ханның өзіне қасқая қарсы тұрып, ақ патшаның аламанына ақ сойылын ала ұмтылып, шайқас салған атышулы ереуіл аймағы» оның есімін «ерекше ілтипатпен атайды» дейді ол. Жазушы осы құбылыстың сырын білуге тырысады да, оның себебі «қолына жармаскан қатал заманға қарамастан, халқына еткен қалтқысыз еңбегінде шығар» деп түйеді. Өйткені, «адалдық – қай заманда да адалдық, жаксылық – қай заманда да жаксылық», ал  «тар замандағы жақсылық пен адалдық нарқы тіптен биік болса керек» деп парықтаған әйгілі қаламгеріміз Әбекең Мақаш Шолтырұлы Бекмұхамбетовтың  «аласармас абыройының сыры да, ең алдымен, осында шығар» деген байлам жасайды[70].

Өйткені, заңғар жазушы, ойшыл Кекілбайұлының пайымдауынша, Мақаш «қайта-қайта қанға бөккен өлкесі мен елінің жолында қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да шарапатын аямай өткен аяулы жан» болған. Талай жерден мектеп аштырып, талай ұрпақтың сауабын алған. Қазақтарды отырыкшылыққа, кәсіпке баулу жолына жан-тәнін салған. Елінің көкірегіндегі отты сөндіріп алмауға тырысқан. Зерттеуші Әлімгереев әдемі дәйектегендей[71], Құрманғазыдай асқақ рухты тарпаң талантты өкіметтің зорлығы мен ағайынның тарлығына құрбан етпей, құтқарып қалған. В. Григорьев, В. Ханыков, В. Даль, А. Вамбери, И. Березин сынды әйгілі ғалымдармен сырдесте дос болып, Илья Ульянов, Николай Чернышевский сынды патша қырына алған азаматтарға қол ұшын берген. Жақсының көңілін қалдырмай, сөзі жақсысын төбесіне көтеріп әспеттеп баққан. Ұлттық өнеріміз бен руханиятымыздың басқа жұрттарға танылуына өлшеусіз зор үлес қосқан. Мақаш Шолтырұлының азаматтық бет-бейнесін осылай қысқа да дәл бедерлей отырып, Әбекең «ойы озық, санасы биік, парасаты терең азаматтың» бірнеше том құрайтын «өз тұсындағы қоғамдық пікір, билік орындары мен зерттеушілік орындарға ұсынған жазба мұралары» жайында толғанады, «оларды іздеп, тауып, бас-аяғын жинақтап, бүгінгі ұрпаққа жеткізу – болашақтың ісі» екенін айта отырып, атыраулық зерттеуші Өтепберген Әлімгереевтің осы бағыттағы алғашкы ізденісіне, тындырған еңбегіне, «игі бастаманы өзгеден бұрын іліп кеткен «Арыс»  баспасына жылы лебіз білдіреді[72].

«Арыс»  баспасы шығарған «Мақаш әкім» жинағындағы 4-бөлімге «Мақаштың шешендік сөздері» деген тақырыппен ел ішінде сақталған алпыстан астам мөлтек әңгіме топтастырылған[73]. Сондағы «Салық өлді дегенше...» атты қысқа әңгіме: «Бірде Жанбай түбіндегі Мақаштың көк үйіне Жайық бойынан аузына соргуч құйылған сары хат лаумен жетеді», – деп басталады. Сосын әкімнің хат ішіндегі қаралы хабарды оқып, «үй ішінде әрлі-берлі жүрген күйі: «Ой, жалған-ай, Салық өлді дегенше – халық өлді десейші», – деген сөздермен, ауыр күрсініспен теңселіп кеткені айтылады[74]

Салық (Мұхамед-Салық) Бабажанов – көрнекті қазақ ғалымы, этнограф, қоғам қайраткері, ағартушы. Ол Ордадағы Жәңгір мектебінде, Орынбордағы Неплюев кадет корпусында Мақаштың бірге оқыған досы еді. Оқу бітірген соң Орынбор шекаралық комиссиясы кеңсесінде, Ішкі орданы басқару жөніндегі Уақытша кеңестте қызмет істеген, 1866 жылдан бес жыл бойы Ішкі орданың Қамыс-Самар бөлімшесінің басқарушысы болған. Қазақтың салт-дәстүрі, шаруашылығы, діни иланымы, аңшылық кәсібі жөнінен еңбектер жазып жариялаған. Көне тарихи мұраларды, аңыз-ертегілерді, өлең-жырларды жинап, зерттеген. Қазақ тарихы мен мәдениетіне, тұрмысына қатысты археологиялық, этнографиялық жәдігерліктерді Ресей ғылыми мекемелер мен ғылыми мұражайларына жіберіп тұрған. 1861 жылы Орыс географиялық қоғамына мүше болып сайланған. Этнографиялық бөлім жұмысына елеулі үлес қосқаны үшін 1862 жылы осы қоғамның күміс медалімен марапатталды. Мақаштың Салық досы  ғылыми еңбектері үшін ресми марапатталған тұңғыш қазақ еді. Салық империяның отарлау саясатына наразылық танытқан мақалалар да жазған. 1860 жылы қазақ депутациясы құрамында патшаға барып, Орынбор генерал-губернаторының қызметіне сын айтқан болатын[75]

Осындай ғаламат адамның, халыққа бергені көп, берері одан да көп адамның, әріптес, достың қылшылдаған қырыққа толмай жатып дүниеден өтуі  Мақашты қатты есеңгіретіп кеткені  түсінікті еді, оның сондағы көңіл-күйі мен айтқан сөзі халық аузында ғасырдан астам – жүз қырық жылға тарта уақыт бойы айтылып, біздің заманымызға жетті. Ал досының қазақ тағдырындағы, қоғамдағы орнын  дәл аңдай білген, сондықтан да оның қазасына қабырғасы айрықша қайысқан Мақаш-правитель Мұхамед-Салық өмірден көшкеннен кейін де отыз жылдан астам белсенді еңбек етіп, еліне өлшеусіз көп еңбек сіңірген еді. Жарты ғасыр ел басқарып, тек жақсы аты шыққан «Мақаштың өзі өмірден өткенде де талай адам тап солай ойсыраған шығар» деген бүгінгі ғұлама жазушының тұжырымы сондықтан да көңілге қонымды[76].

Мақашты шындап тану әлі жүзеге аса қоймаған тәрізді. Оның публицистикалық мұраларын толығымен тауып, жинау, қажетті түсіндірмелер жасап, ел игілігіне айналдыру, сондай-ақ жинастырылып, оқырманға ұсынылып үлгерілген «Шешендік сөздерін» де мұқият талдап, зерделеу, қалың көпшілікке түсіндіріп насихаттау да өз орындаушыларын тосып тұрса керек. «Мақашты шешендік сөздеріне» бір сәт көз жүгірткеннің өзінде онда жарқ-жұрқ еткен шешен сөздер өз алдына, солардың ішінде терең де ғибратты даналық сөздердің де тұнып тұрғанын аңғаруға болады. Мақаш Шолтырұлы мұрасын оның шешендігін, фәлсафашылдығын, ақындығын қоса қарастырып, жүйелеп зерттеу – келешектің ісі, ғалымдардың алдында тұрған, әлі  өтелмеген парыз деп білген жөн болады-ау.

Мәселен, адамдардың айырмашылығын сипаттағанда, Мақаш:

– Ханнан артық қара бар, – дей келіп, оны дәлелдеу үшін:

– Қылыштан артық ара бар, – деген теңеу қолданады.  Содан соң:

– Кей қараның сөздері,

Хандікімен де пара-пар, – деп, адамды тек текпен бағалаудың қате болмағын ұғындырады[77].

Немесе, жақсы адам мен жаман адам хақындағы сауалға айтқан жауабына ойлана қарап, ондағы күндегі тыныс-тіршілік көріністерінен  қорытылған мына тұжырымына назар аударыңыз:

– ...Жаман адам мақтанса –

Жақсының «аяғынан шалдым» дер,

Сөйтіп, «онымен де бір теңесіп қалдым» дер[78].

Сондай-ақ, мына нақыл сөздеріне көз тігелік:

Әйеліңмен дос бол –

Отбасыңа береке кіреді.

Азамат ермен дос бол –

Азаматтығыңды біледі.

Білімдімен дос бол –

Ақыл тауып береді[79].

Жалпы, Мақаштың кемел де терең ойға тұнған сөздерінің бірқатары өлеңмен айтылған екен,  ел ішінде әлі де жазып алына қоймаған өлеңдері бар сияқты. Қолдағы бардың өзіне қарағанда, оның кей туындылары философиялық поэзияға жататынын көреміз. Арнайы шұғылданбағанмен, ақындығы тереңдігімен назар аудартады. Мәселен, өзі зейнетке шыққаннан кейін орнына келген әкімге ақыл-кеңесін айта отырып жазған мына өлеңін қараңыз:

Мықтымын деп тасыма,

Осалмын деп жасыма.

Өзімшілдік, озбырлық

Ой келмесін басыңа.

Менменсісең асқақтап,

Жақының келмес қасыңа.

Тәкаббарлық жаман-ды

Түбінде қорлық басыңа.

Нәпсіқұмар зор болсаң,

Былғанарсың насыңа.

Әділ болсаң ақ көңіл,

Қарсы алар халқың асыға[80].

Ал Мақаштың ұлына айтқан өсиеті делінетін мына өлең ойшыл ақынның күллі қазақ баласына арнаған сөзі деуге әбден ылайық:

Бойкүйез болма баптанып,

Сөйлеме артық мақтанып.

Аңдап басып аяқты,

Жаманнан жүр сақтанып.

Асығыс, ағат іс қылсаң,

Өтірік айтпа ақталып.

Халқың үшін қызмет ет,

Әділдікке ат салып.

Біреуге сәл өкпелеп,

Жүрмесін ойда тат қалып.

Ғибрат көрсең біреуден,

Соны үйрен жатқа алып.

Даналық сөз жақсы үлгі,

Жүректе қалсын жаталып.

Өнеге боп соңғыға,

Артыңда жақсы ат қалып[81].

Мақаш Шолтырұлы 1904 жылғы наурызда, жетпіс төрт жасында қылтамақ ауруынан қайтыс болар алдында, ауылының ардақты қарияларының:

– Сен бұл өмірде көпті көрдің, елу жылдай ел басқарып, халық алдындағы беделің жоғары болды. Қазір сырқатың күн өткен сайын меңдеп, хал үстінде жатырсың. Артық кетті деп ренжіме, бірақ өзіңнен мынаны сұрағымыз келеді. Осы өмірде не арманың бар? Әлде армансыз өткен адамның бірі өзіңсің бе? – деген сұрағына, біраз уақыт үнсіз жатып барып, былай депті:

– Өз қатарымның алды едім деу – асығыстық болар. Кейін қалдым десем – тағы да күпірлік сияқты. Ес кіріп, есейген шағымның бәрінде халқымның қасиетті салтын қастерлеп, иманды қалпын дәріптедім. Орыстың білімін меңгеріп, ілімін игергенді ұнаттым. Ағайынның асылын ардақтап, жасығын шабақтадым. Сонда байқағаным – адамның мардымсызы болса да, армансызы болмайды. Өз басым өмір бойы жақын болған орыстың көптен бері әңгіме боп келе жатқан революциясын, жасампаз жаңалығын көргім келді. Бірақ тілекті құдай бермеді. Өкініштісі сол...[82]

Мақаш-правитель армандаған орыс революциясы мен революция әкелмек жасампаз жаңалықты оның тәрбиесін, түрлі көмегін алған бірқатар азамат көріп, шама-шарықтарынша оны қазақ мүддесіне бұруға атсалысты. Солардың қатарында жоғарыда айтылған Мақаштың туған жиені, үш революция тұсында да белсенді қоғамдық қызметте болған Бақтыгерей Құлманов бар. Сондай-ақ ұлы Шафқат Мұхамеджанұлы Бекмұхамедов[83] (1892–1958) пен немере туысы  Уәлитхан Шарафиддинұлы Танашев[84] (1887–1968) та алаш қозғалысына белсене қатысып, кеңес өкіметі тұсында да елі алдында адал еңбек етті. Қамқорлығын көргендер ішінде Сейтқали Меңдешевтің де бар екені жоғарыда айтылды.

Халық сүйіспеншілікпен Мақаш-әкім деп атаған, туғанына биыл 185 жыл толып отырған қайраткер, қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, этнограф, шешен, би, басқарушы, күйші Мұхамеджан Бекмұхамбетовты толық және жан-жақты танып, тарихтағы өз орнына ардақтап қою – келешектің үлесіндегі іс.



[1] Пятый Всеказакский (Всекиргизский) Съезд Советов (15–19 апреля 1925 г.). Стенографический отчет. Кзыл-Орда (Ак-Мечеть), 1925, 16 апреля. Бюллетень № 3.

[2] Мақаш әкім.Жинақ. – Алматы, 2004. -10-б.

[3] Әлімгереев Ө. Ғибратты ғұмыр. Зерттеу//Мақаш әкім. – Алматы: «Арыс», 2004. -10–11-бб.

[4] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2-т. –Алматы, 1999. -257–258-бб.; Қазақ Совет энциклопедиясы. 7-т. –Алматы, 1975. -403-б.

[5] Қалиев Е. Уәлитхан Танашев және Танашевтар әулеті – Валид-хан Танашев и династия Танашевых. – Алматы: «КИЕ» лингвоелтану орталығы, 2009. – 15-б.

[6] Әлімгереев Ө. Ғибратты ғұмыр. Зерттеу//Мақаш әкім. – Алматы: «Арыс», 2004. -14–17-бб.

[7] Сонда, 20–28-бб.

[8] Әлімгереев Ө. Ғибратты ғұмыр. Зерттеу//Мақаш әкім. – Алматы: «Арыс», 2004. -27–29-бб.

[9] Сонда, 29-б.

[10] Мақаш әкім. – Алматы, 2004. -29-б.

[11] Касымбаев Ж. Государственные деятели казахских ханств  XVIII– первой половины XIX вв. Жангир хан (1801–1845). – Алматы, 2001. -127–132-, 319-бб.

[12] История Букеевского ханства. 1801-1852 гг. Алматы, 2002. -853-б.

[13] Сонда.

[14] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 7-т. – Алматы, 2005. -553-б.

[15] Терещенко А. Следы Дешт-Кипчака и Внутренняя киргиз-кайсацкая орда// История Букеевского ханства. 1801-1852 гг. Алматы, 2002. -851–852-бб.

[16]Сонда, - 851-б.

[17] Сонда, - 853-б.

[18] Сонда.

[19] История Казахстана в русских источниках XVI-XXвеков.V том. –Алматы, 2007. -511-б.

[20]История Букеевского ханства. 1801-1852 гг. Алматы, 2002. -853–854-бб.

[21] Сонда, -854-б.

[22] Сонда, -859-б.

[23] Мақаш әкім. – 35-б.

[24] История Букеевского ханства. 1801-1852 гг. Алматы, 2002. -830-б.

[25] Мақаш әкім. – 29-б.

[26] Мақаш әкім. – 30-б.

[27] Сонда.

[28] Сонда, -31-б.

[29]Мақаш әкім. – 32-б.

[30] Сонда.

[31] Қазақ Совет энциклопедиясы. 8-т. –Алматы, 1976. -587-б.

[32] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 1-т. – Алматы, 1998. -318-б.

[33] Мақаш әкім. – 30–33-бб.

[34] Мақаш әкім. – 33–34-бб.

[35] Мақаш әкім. – 35-б.

[36] Сонда.

[37] Сонда, -35–36-бб.

[38] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2-т. -258-б.

[39] Мақаш әкім. – 37-б.

[40] Қазақ Совет энциклопедиясы. 7-т. –Алматы, 1975. -403-б.

[41] Мақаш әкім. – 37-б.

[42] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2-т. -258-б.

[43] Мақаш әкім. – 37-б.

[44] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2-т. -258-б.; Қазақ Совет энциклопедиясы. 7-т. –Алматы, 1975. -403-б.

[45] Мақаш әкім. – 37-б.

[46] Мақаш әкім. – 38-б.

[47] Сонда, -39-б.

[48] Сонда, -40-б.

[49] Әлімгереев Ө. Өмір мен өре//Мақаш әкім. Жинақ. –Адматы: Арыс, 2004. -40–43-бб.

[50] Мақаш әкім. – 43-б.

[51] Қазақ Совет энциклопедиясы. 7-т. –Алматы, 1975. -403-б.

[52] Қазақ Совет энциклопедиясы. 7-т. –Алматы, 1975. -403–404-бб.

[53] Қазақ Совет энциклопедиясы. 7-т. –Алматы, 1975. -403–404-бб.; Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2-т. -258-б.

[54] Әлімгереев Ө. Өмір мен өре//Мақаш әкім. Жинақ. –Адматы: Арыс, 2004. -46–48-бб.

[55] Мақаш әкім. Жинақ. –Алматы: Арыс, 2004. -49-б.

[56] Мақаш әкім. Жинақ. –Алматы: Арыс, 2004. -49-б.

[57] Мақащ әкім. -50-б.

[58] Мақащ әкім. -53-б.

[59] Мақаш әкім. -53–55-бб.

[60] Мақаш әкім. -57-б.

[61] Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. –Алматы: «Арыс», 2002. -368-б.

[62] Мақаш әкім. -66-б.

[63] Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. –Алматы: «Арыс», 2002. -391-б.

[64] Мақаш әкім. -67-б.

[65] Қазақ Совет энциклопедиясы . 7-т. –Алматы, 1975. -613–614-бб.

[66] Мақаш әкім. -67-б.

[67] Әлімгереев Ө. Жері байдың – елі бай//Мақаш әкім. Жинақ. –Алмаы: «Арыс», 2004. -72-б.

[68] Қазақ Совет энциклопедиясы . 12-т. –Алматы, 1978. -112-б.

[69] Әлімгереев Ө. Жері байдың – елі бай//Мақаш әкім. Жинақ. –Алмаы: «Арыс», 2004. -74–76-бб.

[70] Мақаш әкім. -5–6-бб.

[71] Әлімгереев Ө. Мақаш және Құрманғазы//Мақаш әкім. Жинақ. –Алматы: «Арыс», 2004. -82–91-бб.

[72] Кекілбайұлы Ә. Әкім һәм азамат// Мақаш әкім. Жинақ. –Алматы: «Арыс», 2004. -6-б.

[73] Мақаш әкім. Жинақ. –Алматы: «Арыс», 2004. -171–232-бб.

[74] Мақаш әкім. -206-б.

[75] Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. 2-т. – Алматы, 1999. -28-б.; Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. –Алматы, 2002. -168-б.

[76] Кекілбайұлы Ә. Әкім һәм азамат// Мақаш әкім. Жинақ. –Алматы: «Арыс», 2004. - 6-б.

[77] Мақаш әкім. Жинақ. –Алматы: «Арыс», 2004. -206-б.

[78] Мақаш әкім. Жинақ. –Алматы: «Арыс», 2004. -206–207-бб.

[79] Мақаш әкім. Жинақ. –Алматы: «Арыс», 2004. -212-б.

[80] Мақаш әкім. Жинақ. –Алматы: «Арыс», 2004. -184–185-, 234-бб.

[81] Мақаш әкім. Жинақ. –Алматы: «Арыс», 2004. -197-б.

[82] Мақаш әкім. Жинақ. –Алматы: «Арыс», 2004. -186-б.

[83] Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. –Алматы, 2002. -186-б.

[84] Батыс Қазақстан облысы. Энциклопедия. –Алматы, 2002. -481–482-бб.

Суреттерде:

Мұхамеджан (Мақаш) Бекмұхамбетов

Мақаш Бекмұхамбетов пен Өтешқали Атаниязов. Алтыннан соғылған киіз үй макетімен патшаға  кірер алдында.

Мұхамбетқали Зұлқаров, Мақаш Бекмұхамбетов, Мұрат Бажақов. Патшаның үйлену салтанатына орай арнайы сый әкеліп тұр.


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь