Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » УДК 94(574) "1920-50":070.13 ГЛАВЛИТ НҰСҚАУЛАРЫ – КЕҢЕСТІК ҚОҒАМДА ЖҮРГІЗІЛГЕН ЦЕНЗУРАЛЫҚ БАҚЫЛАУДЫҢ ДЕРЕК КӨЗІ РЕТІНДЕ

Рустем К., Сарыбаев М.

УДК 94(574) "1920-50":070.13 ГЛАВЛИТ НҰСҚАУЛАРЫ – КЕҢЕСТІК ҚОҒАМДА ЖҮРГІЗІЛГЕН ЦЕНЗУРАЛЫҚ БАҚЫЛАУДЫҢ ДЕРЕК КӨЗІ РЕТІНДЕ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 2

Теги: цензура, нұсқау., Главлит, Кеңестік қоғам
Автор:
Мақалада Кеңестік қоғамда орнығып, баспа өніміне саяси-идеологиялық қадағалау жүргізген кеңестік цензура органы Главлиттің шығарған нұсқауларының қоғамда бақылау жүргізуде маңызды рөл ойнағаны қарастырылған. Түйін сөздер: Кеңестік қоғам, Главлит, цензура, нұсқау.
Содержание:

Кеңестік қоғамда билік мүддесінің қалтықсыз жүзеге асуын қадағалаған цензура органы Главлиттің нұсқауларының дерек ретінде берер мағұлматтары өте көп. Себебі, баспа ісіне қадағалау жүргізген Главлит (Әдебиет пен баспа ісі жөніндегі Жоғарғы Басқарма – авт.) атты мекеме – өзі құрылған алғашқы күннен бастап, қатаң тәртіпке бағына отырып, партияның шешімдеріне орай, арнайы бұйрықтармен, циркулярлармен, өкімдермен, нұсқауларды тікелей басшылаққа алып жұмыс жасаған мемлекеттік мекеме болған. Алайда бұл мекеме тек баспа ісін ғана емес, сонымен қатар қоғамдық сананы қалыптастыруда әсер ететін мәдениет ошақтары: театр, кино, музыка мен қатар телерадио мен почта саласында да қатаң идеологиялық қадағалау жүргізген.

Цензорлар өз қызметтерінде – мемлекеттік құпия болып саналатын мәліметтер тізімі белгіленген «А» және «Б», «В» сынды литерлермен [1, 2-п.], арнайы циркулярлармен, сонымен қатар мемлекеттік және әскери құпияны сақтауға бағытталған арнайы тізімдермен, сондай-ақ, екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде, елде орын алған соғыс жағдайына байланысты осы тізімдерге қосымша енгізілген толықтырулар негізінде – саяси-идеологиялық қадағалауды жүзеге асырып отырған. Бұл құжаттар негізінен партия шешімдеріне орай Главлиттің арнайы нұсқаулары негізінде жүргізілген.

Главлит бекіткен мұндай нұсқау алғаш рет «Өте құпия» белгісімен – 1925 жылы жарияланған «КСРО-ның саяси-экономикалық мүддесін сақтау мақсатында және әскери құпия болып табылатын ақпараттардың тізімі» болып табылады. Алғашқы текст 16 беттен, 96-баптан тұрған. Аталған тізімнен бөлек тиым салынған тақырыптар атауы көрсетілген циркулярлар шығарылып отырған. Ал КСРО-ның «өмір сүруінің» соңғы жылдарында цензорлар жұмыс істеген құжаттардың саны 213 бапқа жетіп, олардың әрбіреуі 5-6, тіптен, 12 бапты құраған [2].

1926 жылдың 24 сәуірінде Халық комиссарлар кеңесі «Мазмұны жағынан мемлекеттік құпия болып саналатын ақпарттарды арнайы қорғау тізіміне сай, бүкіл ақпараттарды үш топқа бөліп қарастырған: әскери сипаттағы, экономикалық сипаттағы және басқа сипаттағы. Және құпиялықтың үш санаты белгіленген: «өте құпия», «құпия», «жариялауға тыйым салынған». Ал 1926 жылдың маусымында Біріккен Мемлекеттік Саяси басқарма жанындағы арнайы бөлім «Өте құпия, құпия және жариялауға тыйым салынған мәселелер жөніндегі тізімді» басып шығарған. Бұл тізімнің мазмұны Халық Комиссарлар Кеңесінің 24-сәуірдегі тізімін жете толықтырып, құпия ақпараттарды: әскери сипатта, қаржы-экономикалық сипатта, саяси (оның ішінде партиялық та) және жалпы сипатта [3], – деп 4-ке бөліп қарастырады. Сондай-ақ әскери, экономикалық және т.б. сипаттағы ақпараттар түрі қоғамда орын алып отырған өзгерістерге орай арнайы мемлекеттік құпия болып табылатын тізімдер қатарына қосылып немесе алынып отырған [4]. Сонымен бірге, «КСР мүддесіне орай саяси және экономикалық (ішкі және сыртқы) және мемлекеттік құпияларды сақтау жөніндегі тізімдерді» уақыт талабына сай жаңартып, толықтырып отыруда: Главлит, Ішкі істер халық комиссариаты, Жұмысшы-шаруа қызыл әскерінің Бас Штабы, Мемлекеттік жоспарлау мекемелерінің өкілдерінен құрылған комиссия жүргізіп, оны КСРО ХКК бекітетін болған [3, 94-п.]. Алайда 30-жылдардың ортасына дейін, жоғарыда аталған тізімді жасау ісі тікелей Главлиттің міндеті болған [5]. Сонымен қатар цензор қарауынан өткен кез-келген баспа өнімі, тіптен, Главлит басшыларының нұсқаулары, бұйрықтары, т.б. құжаттарына да, олардың маңызын көрсететін арнайы мөр белгілері қойылып отырған [6-7].

Негізінен кеңестік кезеңде «өте құпия», «құпия» деген құпиялық белгілерімен қатар, «қызметтік қолданысқа арналған» деген тағы бір құпиялық белгісі болған. Бұл белгімен шығарылған барлық баспа өнімдерінің құпиялығы «жариялауға тыйым салынған» деген белгімен тең болған еді. Мұндай баспа өнімдері арнайы құпия мәліметтерді басатын баспаханаларда басылып, олар цензура мекемелерінің қадағалауынан босатылған [8].

Осындай арнайы белгілермен белгіленген бұйрықтар мен нұсқаулар Орталық Главлиттен Қазглавлитке, ал Қазглавиттен аймақтық Обллиттер мен Райлиттерге жіберіліп, нәтижесінде «ЛИТО-лар» алдын-ала және кейіннен жүзеге асырылатын қадағалау арқылы мемлекеттік идеологияға «кері әсер» ететін ой-пікірлерден қоғамды «тазарту ісін» атқарғанынан байқаймыз.

Өйткені Главлиттің басты міндеттеріне: антикеңестік идеологиямен күрес, кітап рыногын және оның бағыт-бағдарын қадағалайтын барлық цензуралық органдарды бір мекеменің астына топтастырумен қатар, негізгі қызметінің қатарына - құпия цензура саясатын жүргізу жатады. Цензура органы өзінің тәжірбиесінде - әкімшілік және сот арқылы қуғындау, екіншісі - тиімді идеологиялық қысым ету арқылы әсер ету [9, 3-п.] ісін жиі қолданып отырған. Яғни цензураның міндеті билік қылмысты деп тапқан ақпараттар мен ойлардың кең таралып кетуіне жол бермеу болды [10]. Бұл жөнінде  А.И. Рейтблат: «цензура – бұл жай ғана қадағалау емес, ол биліктің баспадан жарыққа шығарылатын бүкіл өнімдерінің мазмұнына қадағалау орнату болып табылады» [11], – деп орынды атап өтеді.

Жоғарыда тоқталып өткеніміздей, цензорлар саяси-идеологиялық бақылау жүргізуде партия шешімдеріне орай өңделіп, толықтырыплып отыратын нұсқаулар мен бұйрықтарды және литерлерді басшылыққа алып отырған.

Мысалға, цензура мекемелерінің қызметкерлері кітапханалар мен кітап сауда дүкендеріндегі тексерісті әр жылдары әртүрлі нөмірмен шыққан бұйрықтар негізінде жүргізіп отырған [12, 177-п.]. Мысалы, 1940 жылдың өзінде кітапханалар мен кітап дүкендерін саяси зиянды және ескірген әдебиеттерден тазалау ісінде орталық Главлиттің өзі 75 бұйрық шығарып, оған 362 автордың шығармалары мен одан бөлек 3700 кітап атауы тіркелген. Соған қарамай, кейбір аймақтарда осы бұйрықтарға еңбеген кітаптар да қолданыстан алынып кетіп отырған [13, 87, 91-пп.]. Қазақстан аумағында зиянды деп табылған әдебиеттерді қолданыстан алу ісі РКФСР Главлиті мен ҚазКСР Главлитінің бұйрықтарына сай жүргізіліп отырған [14, 319-п.]. Тек 1939 жылдың өзінде КСРО Главлиті мен ҚазГлавлиттің баспа ісінде жариялауға болмайтын құпия мәліметтерге қатысты 197 беттен тұратын бұйрықтар мен циркулярлары болған [15, 2-п.].

Мұрағаттарда сақталған Главлиттің құжаттарымен танысу барысында, тізімдер, циркуляр, бұйрықтар бойынша саяси-идеологиялық бұрмалау, саяси бұрмалау, әскери және мемлекеттік құпияның жариялану жөнінде жасалған есептердің негізі газет-журналдар мен радио хабарларда жасалған жөндеулер мен жіберілген қателіктер жөніндегі мәліметтерге байланысты көп жүргізілгенін көруге болады [14, 311-315-пп.]. Мұнан біз мерзімді баспасөздің қатаң қадағалауда болғанын байқаймыз.

Негізінен ҚазГлавлиттің жылдық жоспарының өзін КСРО Главлиті бекітіп отырғандығы. Себебі цензура органдарының өздеріне де арнайы цензорлық нұсқаулармен қатар, соғыс жағдайын сай немесе бейбіт өмірге арналған тізімдермен жұмыстар жасаған [14, 319-п.]. 

Өйткені уақыты өткен тізімдер мен нұсқауларды араға жылдар салып қайта өңдеп, толықтырып, қажетті мекемелердің айтқан ұсыныстарын назарға алып қайта жариялап отырған. Мысалға: 1948 жылы қабылданған «Шетел әдебиеттерін сақтау мен қолдану жөніндегі нұсқау», «Кеңес Одағының кітапханаларындағы арнайы қорлардағы кітаптар жөніндегі нұсқаулар» 1951 жылы КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің 5-басқармасымен келісе отырып, қайта басып шығарылған [16]. Және «Правда» газетінде жарияланған «Қазақстан тарихы сұрақтарын макрстік-лениндік тұрғыдан баяндау» деген мақалада аталып өткен дөрекі саяси қателіктердің орнын толтыру үшін ҚК(б)П ОК бюросының қаулысына сай, баспа бетінен шығатын шығармаларда саяси және идеологиялық қадағалауды күшейту мақсатында №12/Қ (14/ІV.51 ж.) және №28/Қ бұйрықтары шыққан. № 12/Қ бұйрығы бойынша белгілі ғалым Е. Бекмахановтың «ХІХ ғ. 20-40 жж. Қазақстан» деген монографиясы саяси жағынан зиянды және буржуазиялық-ұлтшылдық идеясын насихаттау деп қолданыстан алынып, тарихқа қатысты бүкіл әдебиеттер мұқият тексеріске түседі. Ал №28/Қ бұйрығы негізінен цензорлардың жіберген қателіктерін алдағы уақытта болдырмау мақсатында, жарияланатын әрбір әдебиетке сын-пікір, тұжырым, Ғылыми кеңестің ұсынысы т.б. құжаттар топтамасын ұсынған жағдайда ғана, цензорлар жариялауға рұқсат беретінін атап өткен [17, 178-п.]. Негізінен осы ҚК(б)П ОК-ның 1951 ж. 10 сәуірде «Қазақстан тарихы сұрақтарын маркстік-лениндік тұрғыдан баяндау» және «Республиканың партия органдарында идеологиялық жұмыстың жағдайын жақсартуға» арналған пленум шешімдеріне орай ҚазГлавлит 10 бұйрық шығарып, 70-тен астам кітап атауын қолданыстан алған [17, 210-п.].

Кітапханалар мен кітап сауда дүкендерін тексеретін «Алфавиттік тізім» болған. Осындай тізім КСРО бойынша орталық Главлитте жасалып, олардың қай елден, қандай бұйрық бойынша алынғаны жөнінде мәліметтермен қатар, егер ақталған болса, жоғарғы жағына «ақталған» деп жазып қойып отырған. Осындай бір тізімде қазақ зиялыларының есімдері тіркелген [18]. Сондай-ақ кітаптар каталогын өңдеуде Главлиттің нұсқаулары бойынша контрреволюциялық авторлардың есімдері аталатын кітаптардың карточкалары алынып тасталып, ал кітаптардың өздерін арнайы сақтау қоймасына жіберіп отырған [19].

Негізінен зиянды деп табылған авторлар анықталғаннан кейін, олардың еңбектері «Тізімдер жинағына» (Сводный список – авт.) енгізіледі. Кей жағдайда, мұндай тізімге әдебиетке қатысы жоқ, жергілікті авторлардың кітапшалары да еніп кетіп отырған [20]. Мұрағатта сақталған Қазглавлиттің қорындағы [21] бұйрықтар мен циркулярлармен танысу барасында, 1930 жылдардан бастау алған «Кітапханалар мен кітап сауда жүйелерінен алынып тасталуы тиіс тізімдердің» жиі кездесуі, кітапхана ісінің толықтай мемлекет қадағалауында болып, әсіресе, жаппай қуғын-сүргін жылдарында жаппай «библиоцидке» ұласқаныын анық байқаға болады. Бұл жөнінде Кеңестік цензура тарихын зерттеген ғалым А.В. Блюм өз зерттеуінде: «библиоцид» терминині геноцид терминінің ұқасатығына қарай құрылған дейді [22, с. 94].

Жалпы 1938 жылдан бастап зиянды деп танылған, қолданыстан алынатын әрбір әдебиетке арналған бұйрықтар мен өкімдерге қоса, олардың авторлары жөнінде толық мәлімет берілу керек болған. Тыйым салынған әдебиеттер көрсеткішін құрайтын мұндай тізімде кеңес билігінің уақытында 300-400 бетті құрап, 10 000-дай атауды топтастыратын болған [23, 2, 5-бб.].

Оның себебі, 1937-1938 жылдары цензура қатаң сипат алып, қандайда болмасын еркін ой білдіргендер қуғын-сүргінге түсіп, тоталитарлы сипат алады. Цензураны басынан өткізген редакторлар, журналистер, жазушылардың барлығы қуғын-сүргінге тап болады. Көптеген танымал публицистер тұтқындалып, ал редакциялық алқалар тобы саяси тазартуға ұшыраған.

ҚК(б)П ОК-нің 1938 жылдың 28 мамырындағы «Жаулық сипаттағы әдебиеттерді қолданыстан алу» жөніндегі қаулысына орай, кітапханалардың кітап сақтау қорлары мен кітап сауда жүйелерінен 97 әдебиет атауы қолданыстан алынады. Жау авторлар қатарында – Асфендияров, Әлібаев, Қоңыратбаев, Жансүгіров, Тоғжанов, Жүргенов, Құлымбетов, Нұрмақов, Майлин, Сейфуллин, Шанонов және т.б. болған» [24, 7-б].

Сталин дүниеден қайтқаннан кейін, қоғамдық-саяси салада орын алған өзгерістерге байланысты, кезінде «Тізімдер жинағына» еніп, зиянды деп табылған бірқатар авторлардың еңбектері қайтадан көпшілік қолданысана беріле бастаған [25, 5-7-пп.]. Алайда, осы «ақталған» кітаптардың мазмұнынан саяси қуғынға ұшыраған, 50-жылдары әлі ақталмаған зиялылардың шығармалары мен хандық дәуірге қатысты мәліметтерді қамтыған беттерді жойып, содан кейін ғана көпшілік қолданысына берген [25, 8-13-пп.].

«Ескірген басылымдардың библиографиялық көрсеткіші» деген атпен бекітілген бұйрықтар бойынша да әдебиеттерді қолданыстан алып отырған. Осындай тізімдердің ішінде: Х. Айдаровтың «Шоқан Уәлиханов», Омаров пен Панкратовалардың редакциялығымен жарияланған «ҚазКСР тарихы» сынды т.б. еңбектері болған [6, 183-п.].

Қорыта айтқанда, мемлекеттік идеологияны жүзеге асырушы, яғни цензуралық қадағалауды жүзеге асырған – Главлит атты мекеме, қоғамда жарияланатын барлық қоғамдық-саяси және әлеуметтік саладағы бүкіл әдебиеттерді партияның шешімдеріне орай қабылданған нұсқаулар негізінен шығара отырып, баспа ісін, кітапханалар мен сауда орындарын қадағалауды жүзеге асыруда, «құпия» және «өте құпия» деген арнайы белгілері бар нұсқаулары мен бұйрықтары негізінде қоғамда орын алатын «жат ойлардан» тазартып отырған арнайы мекем болған.

Пайдаланылған әдебиеттер

1. ҚР ОММ. 1740-қ., 3-т., 10-іс, 36-п.

2. Создание Главлита // http://analizators.ru – 20.09.2013.

3. Охрана государственной тайны //http://analizators.ru – 19.09.2013

4. Об утверждения перечня сведений, являющихся по своему содержанию специально охраняемой государственной тайной // Основные дерективы и законодательство о Печати. Систематически сборник. / Сост.: Л.Г. Фогелевич. 6-изд. – М.: ОГИЗ, 1937. – 308 с.

5. РФ ММ. 9425-қ., 1-т., 6-іс, 94-п.

6. РФ ММ. 9425-қ., 1-т., 850-іс, 199-п.

7. РФ ММ. 9425-қ., 1-т., 513-іс, 52-п.

8. РФ ММ. 9425-қ., 1-т., 2-іс, 54-п.

9. ҚР ОММ. 81-қ., 1-т., 557-іс, 112-п.

10. Якимович Ю. Мир печати: популярный иллюстрированный словарь – справочник. – М.: Аспект Пресс, 2001. – 195 с.

11. Андреев Г.П. Цензура в царской России и Советском Союзе //Материалы конференции 24-27 мая 1993г. Москва /под ред. Т.В. Громова. –М., 1995. – С. 28-36.

12. РФ ММ. 9425-қ., 1-т., 634-іс, 177-п.

13. РФ ММ. 9425-қ., 1-т., 5-іс, 91-п.

14. РФ ММ. 9425-қ., 1-т., 526-іс, 360-п.

15. ҚР ОММ. 1740-қ., 3-т., 26-іс, 42-п.

16. РФ ММ. 9425-қ., 1-т., 789-іс, 31-п.

17. РФ ММ. 9425-қ., 1-т., 794-іс, 210-п.

18. РФ ММ. 9425-қ., 1-т., 31-іс, 81-п.

19. ҚР ОММ. 1781-қ., 1-т., 78-іс, 32-п.

20. Постановление Оргбюро ЦК ВКП (б) № 65. от 9 декабря 1937 г «О ликвидации вредительской системы изъятия Главлитом литературы» // Власть и художественная интеллигенция. Документы ЦК РКП(б)-ВКП (б), ВЧК-ОГПУ-НКВД о культурной политике. 1917-1953 гг. / Сост.: А. Артизов и О. Наумов. – М., 2002. – 872 с.

21. ҚР ОММ. 1740-қ., 1-2-3-тт.

22. Блюм А.В. Советская цензура в эпоху тотального террора 1929-1953. - С.-Петербург: «Академический проект», 2000. – 312 с.

23.Блюм А.В. Запрещенные книги русских писателей и литературоведов. 1917-1991. Индекс Советской цензуры с комментариями. – СПб, 2003. – 404 с.

24. Гали А. О цензуре, самоцензуре и главным образом о ней // Казахская правда. – 2002. – 10 апрель. № 4. – С. 7.

25. ҚР ОММ. 1740-қ., 1-т., 26-іс, 34-п.

РҮСТЕМ К.М.

КазАТИСО, PhD 

САРЫБАЕВ М.С.

КазНУ им. аль-Фараби, PhD

ИНСТРУКЦИИ ГЛАВЛИТ – КАК ИСТОЧНИК КОНТРОЛЯ НАД ЦЕНЗУРОЙ В СОВЕТСКОМ ОБЩЕСТВЕ

В статье рассматриваетсяважная роль изданных инструкций советского цензурного органа Главлита в проведении в обществе политико-идеологического контроля над печатными продукциями.

Ключевые слова: советское общество, Главлит, цензура, инструкции.

RUSTEM K.

KazALSR, PhD

SARYBAYEV M.

Al-Farabi KazNU, PhD

GLAVLIT GUIDELINES  - AS A BASIC SOURCE FOR THE CONTROL OF CENSORSHIP IN THE SOVIET SOCIETY

The article discusses the importance of the instructions issued by the Soviet censorship agency Glavlit in conducting social political and ideological control of printed materials.

Key words: Soviet society, Glavlit, censorship, guidelines.


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь