Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » СОЗАҚ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ТІРЕК ҚАЛАСЫ

Талеев Д.А.

СОЗАҚ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ТІРЕК ҚАЛАСЫ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 2

СОЗАҚ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ТІРЕК ҚАЛАСЫ
Автор:
Созақ қаласы Қазақ хандығының саяси-экономикалық тарихында маңызды рөль атқарды. Мақалада Созақ қаласында жүргізілген археологиялық зерттеулердің нәтижелері айтылады. Археологиялық қазба жұмыстары Созақта 2010-2011 жылдары жүргізілген. Сонымен қатар мақалада Созақ қаласына қатысты деректер мен қаланың қысқаша тарихы келтірілген. Созақ қаласының орнында жүргізілген археологиялық жұмыстардың нәтижелері, оның топографиясы, мерзімделуі мен қорғаныс құрылыстары жайлы айтылады. Қаланың орнында жүргізілетін зерттеулердің келешегі жайлы сипаттама берілген. Түйін сөздер: Созақ, қала, қалашық, археология, қазба, дерек, зерттеу, олжа, сызба, керамика,
Содержание:

Қазақстан жерінде қалалардың алғашқы үлгісі қола дәуірінің соңғы кезеңінде қалыптаса бастағандығын археологиялық зерттеулерден көреміз. Қола дәуірі кезінде Шығыс Еуразия жерінде жоғары дамыған археологиялық мәдени қауымдастықты ғылымда шартты түрде «андрон» тайпалық одағы деп атаған. Осы мәдени қауымдастықтың орталығы Қазақстан жері болғандығы тарихи шындық. Сол андрондықтардың ірі қоныстары Арқайым, Сынтасты [1, с.40-55] және Кент қоныстарының қалалардың алғашқы үлгісі болғандығы бұл күнде археологиялық зерттеулер барысында анықталып отыр [2, с.85-96]. Осы алғашқы қала үлгілері өзінің дамуын әрі қарай ертетемір дәуірінде жалғастырды. Осы дәуірге қатысты жазба деректерде Қазақстан жерін Орта Азиялық скифтер немесе Сақ массагеттер, шошақбөріктілер және хаомаваргілер, парадарилер т.б. тайпалар мекендегенін айтылады. Антикалық ғалымдардың жазбалары мен парсы деректерінде сақ тайпалық одағының орналасқан жері, олардың шаруашылығы мен салт-дәстүрлері жайлы бірқатар мәліметтер берілген. Бірақ, сақтардың саяси құрылымы, әлеуметтік деңгейі және қалалары жайлы мәлімет жоқтың қасы десек болады. осы жетіспеушілікті археологиялық деректер толықтырады. Бүгінгі кезге дейінгі зерттеулер нәтижесі Сырдарияның төменгі ағысы мен Арал теңізінің солтүстік-шығыс жағалауларында ертетемір дәуіріне жататын Шірікрабад, Бәбішмолда, Боланды секілді қала орындарын анықтады. Оларға көрші жатқан 50 ге жуық асарлардан тұратын Жетіасар мәдениеті ескерткіштері де  сақ және қаңлы дәуіріндегі қалалардың орындары.  Бұл қалашықтардың тарихи аттары бізге жетпеген. Бірақ өз тіршілігін сол заманда тоқтатып, кейіннен бос қалған ол қалалардың орындары осы күнде оңай байқалады. Дәл сол заманға жататын қалалар қазақстанның басқа да өңірлерінде болған. Әсіресе, Оңтүстік Қазақстанда. Солардың бірқатарларының аттары жазба деректерде де кездеседі. Мысалы, қытай деректерінде кездесетін Битян, Юени, Фуму, Сусе, Ги, Юеган  секілді Қаңлы қалалары [3, с.95-97]. Олардың нақты қай жерде болғандығы жайлы мәселе қазіргі кезде үлкен тарихи тартысты тақырып. Себебі, ол қалалар өз тарихы барысында аттарын өзгертіп, бірнеше мыңдаған жыл бойы бір жерде тіршілік жалғастырған.  Тіпті,  олардың бірқатары осы күнде де тіршілік етіп жатуы мүмкін. Ал бір кездері саяси-экономикалық, тарихи-табиғи және шаруашылық жағдайға қатысты әртүрлі факторларға байланысты тіршілігін тоқтатқан қалалардың орындары бұл күнде қалың қатпарлы төбеге айналған.  Олардың көпшілігінің іргетасы қашан қаланғандығын анықтау қиындық туғызады. Себебі, бастапқа тарихын бауырының астыңғы қатпарында сақтаған қалашықтарды қазу көп күшті және уақытты қажет етеді.  

   Қазақ хандығының құрылып, мемлекет ретінде қалыптасуына негіз болған Отырар, Түркістан, Сығанақ, Сауран, Созақ, Сайрам секілді көптеген қалалардың да 2000, тіпті одан да көп жылдық тарихы бар. Олардың бірсыпырасы жазба деректерде VІ-ҮІІ ғасырлардан, енді бірқатары ІХ-Х ғасырлардан бастап белгілі. Бірақ, ол деректер қалалардың тіршілігі сол уақыттан басталғандығын көрсетпейді.  Жоғарыда келтірілген дәйектерге байланысты айтылған қалалардың көпшілігінің тіршілігі қай кезден басталатындығын дөп басып айта алмаймыз. Археологиялық зерттеулер көптеген қалалардың өзінің ұзақ сонар тарихында орнын екі немесе үш рет ауыстырғандығын білдіреді. Мәселен, Түркістан, Сауран, Сүткент, Аркук қалалары орнын екі немесе үш рет ауыстырған. Олардың әр дәуірдегі орындары негізінен бір-біріне жақын орналасқан. Мысалы, ежелгі Сауранның  орны – Қаратөбе, кейінгі Сауранның орны – қазіргі ескі Сауран. Олар бір-бірінен небәрі үш шақырым жерде. Басқа қалаларда да дәл осындай тағдыр кешкен.

  Осы мақалаға негіз болып отырған Созақ қаласының да 2000 жылдық тарихы барлығын археологиялық зерттеулер көрсетіп отыр. Қазақ хандығының қалыптасып, даму тарихында, жалпы Қазақ тарихында елеулі орын алған Созақ қаласының орны Қаратаудың теріскей беткейіндегі қазіргі Созақ аулының жерінде жатыр. Онда екі ортағасырлық қала орны сақталған. Солардың біріншісі Тарсатөбе. Ол ауылдың солтүстік-шығыс шетінде орналасқан. Екіншісі ауылдың орта тұсында орналасқан кейінгі Созақтың орны. Оны жергілікті тұрғындар «Өркешігі» деп атайды. Созақта 1946 жылы археологиялық зерттеу жүргізген Орталық Қазақстан археологиялық экспедициясы (Ә.Х. Марғұлан) қала екі бөліктен тұратындығын алғаш айтқан (Тарсатөбе және кейінгі Созақ).  Сол кездегі зерттеу нәтижелері бойынша Тарсатөбені VІІ-ХІІ ғғ. жатқызып,  кейінгі Созақты ХІІІ-ХVІІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген деп болжаған [4, с.50-53].1947-1948 жылдары Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы (А.Н. Бернштам)  Тарсатөбеге екі жерден стратиграфиялық барлау шұңқырын салған. Қазбадан табылған заттар мен стратиграфиялық зерттеу нәтижелеріне сай қалашықты б.д.д. ІІІ-б.д.ІХ ғасырлар аралығымен мерзімдеген [5, с.227]. Содан кейін Тарсатөбеде ешқандай археологиялық қазба жүрген жоқ. Дегенмен, мамандардың тұжырымын түйіндесек Тарсатөбенің орнында болған мекеннің 1000 жылдан астам тіршілік кешкенін көреміз. Қалашықтың мерзімделуі мен ел ішіндегі айтылып жүрген әңгіменің арасында нанымды байланыс бар секілді. Ол мынадай әңгіме: жергілікті тарихшы Сәді Насрулла ұлы «Тарсатөбеде Ислам діні бұл өңірге тарағанға дейін отқа табынушы шаман дініндегі тарсалар (парсы тілінде отқа табынушы) өмір сүрген.  Қаратаудың жотасынан Созақтың шетіне дейін созылып жатқан таспен өрілген қабірлер осы «Тарсалар» мен «Мықтардың» қабірлері» - дейді [6,11-б.].

  Оңтүстік Қазақстан археологиялық экспедициясы жүргізген зерттеу қорытындылары бойынша кейінгі Созақ ХІV-ХVІ ғасырлар аралығында өмір сүрген деген түйін жасалды. Экспедиция қалаға қатысты жазба деректерді сараптап, мұндағы үш бөліктен тұратын төбенің ортанғы бөлігі едәуір ертте уақытқа жатады және ол қала шаһристанның орны деп тұжырымды [7, с.111]. Ал 1964-1965 жылдары Қаратаудың теріскей бетіндегі ортағасырлық қалалардың стратиграфиясы мен материалдық мәдениетін зерттеген белгілі археолог Л.Б. Ерзакович кейінгі Созақтың орнында стратиграфиялық барлау шұнқырын салған. Ол қазба нәтижесі бойынша қалашықтың Х – ХІХ ғасырлар аралығын қамтитын бес құрылыс қабатынан тұратындығын анықтады [8,с.175]. 1982 – 1983 жылдары аралығында Шымкент педагогика институтының археологиялық отряды (А.Н. Падушкин) ескерткіште қайта бақылау жүргізіп, қалашық Х – ХVІІІ ғасырлар аралығында өмір сүрген деген шешім жасаған. Осы бақылаудың  мәліметтері «Свод памятников истории и культуры Казахстана» деген атпен жарық көрген археологиялық картаның Оңтүстік Қазақстан облысын қамтыған алғашқы топтамасында 542 реттік санмен (248 бетте) жарияланды [9, с.248-249]. Өкінішке орай отряд Созақтаң орнында ешқандай қазба жасамаған, тек жоғарыда айтылған зерттеулердің мәліметтерін қайта берген. Соғыстан кейінгі жылдары жүргізілген зерттеудің сол кездегі техникалық жабдықтаудың төмендігімен байланысты сапалық кемшіліктері болды. Соңғы зерттеулер Созақ қала жұртының Е.И. Агеева мен Г.И. Пацевич түсірген жобасы қазіргі төбеге сәйкес келмейтіндігін көрсетті. Қаланың қаңырап бос қалған орнының жобасы тіпті басқаша. Соңғы жылдары жүргізілген топографиялық зерттеулер қалашықтың осы күнге дейін сақталған бөлігінің цитадел мен шаһристаннан  тұратындығын және қала цитаделі төбенің батыс шеттегі едәуір биік бөлігінде болғандығын анықтады. Олар үлкен қорғаныс қабырғасымен қоршалған. Айнала қоршай салынған қабырғаның іздері мен оның бойында болған қала қақпаларының орындарын қазірдің өзінде қарапайым көзбен аңғаруға болады. Ал қарапайым қала тұрғындары тұрған бөлік рабад, қамал сыртында, қазіргі үйлердің астында қалған.

   2009 жылы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жүргізілген зерттеу барысында қаланың қорғаныс қабырғамен қоршалған орталық бөлігінің жобасы түсіріліп, жалпы көлемі анықталды. Содай-ақ ескерткіштің географиялық координаттары да жасалды. Қалашықтың географиялық координаттары: N 44° 09' 310";  E 68° 28' 112"; теңіз деңгейінен биіктігі 325 м. Қалашықтың қазіргі сақталған бөлігінің жалпы аумағы 9 га шамасында. Цитадел орналасқан батыс бөлігі едәуір биік. Тіршілік ХХ ғ. 50-інші жылдарына дейін жалғасқан Шығы және Солтүстік шеттері де басқа бөліктеріне қарағанда еңселі.

 Созақ қаласың деректері мен қысқаша тарихы

  Созақ қаласының аты жазба деректерде алғаш рет ХІІІ ғасырдың ортасында армян патшасы Гетумның монғолдың ұлы ханы Мөңкеге кездесу үшін жасаған сапарымен байланысты аталады [10, с.222]. Елшілік монғолдың астанасы Қарақорымнан қайтқан сапарында Хутухчин, Пергант, Сухул-хан, Уросо-хан, Кайкант, Хузақ, яғни  Харчух тауы арқылы Сгнах пен Совран, Харчух, Асон, Отрар, Зернух арқылы Дизакқа жеткені  жайлы жолжазбада көрсетілген [15, с.13]. Ортағасыр археологиялының белгілі маманы К.М. Байпаков аталған қалалардың бірқатары басқа жазба деректерден аттары белгілі Сугулкент, Кумкент, Сузах, Карачук, Ясы, Сауран, Отырар, Зернук екендігіне күмән жоқтығын айтады [11, с.103].

  Қаратаудың теріскей беткейінде шығыстан батысқа қарай тізбектеле орналасқан қалалардың ХІ-ХІІІ ғасырлар аралығында ерекше гүлденуі сауда қатынасының осы бағыттағы тармағының жандануымен тікелей байланысты. Түрлі жазба деректердің мәліметтерін саралау сауда жолдары арқылы дипломатиялық елшіліктердің де өткендігін білдіреді. Алдын Плано Карпини (1246-1247 ж.), артынан Гильом де Рубрук (1253-1255 ж.) монғолдың ұлы ханына барғанда осы бағытпен жүріп өткен. Әсіресе Рубрук теріскей арқылы жүруі мүмкін.

  Созақ қаласы осы аймақтағы басты қалалардың бірі болды. Қала көшпелі, жартылай көшпелі тіршілік кешкен малшылар мен ірі өзн-көлдердің жағалауларын мекендеген егіншілік пен сауданы басты кәсіп еткен отырықшы мәдениеттің түйісетін белдеуі саналған Қаратаудың солтүстік беткейіндегі жолақта орналасқан. Ел ішінде сақталған аңыз-әңгімелерде  малдарын сатып, азық-түлік, киім-кешек тұрмысқа қажетті заттар мен бұйымдар алып қайту үшін далалық малшылар Созақтың базарына жиі келетін болған. Керісінше Қаратаудың арғы бетіндегі ірі оазитерді мекендеген егіншілер, қолөнері шеберлері мен зергерлер өз таурыларын мал өнімдеріне айырбастау үшін Созақтағы жәрменкеге келеді екен. Басым көпшілік жағдайда тауары алмастыру үшін нақты теңгенің қажеттілігі де болмаса керек. Көпшілік жағдайда сатушы мен алушы еркін айырбаспен сауда жасаған.

Карта. ХV – ХVІ ғасырлардағы Қазақ мемлекетінің этникалық картасы мен ескерткіштері (К.А. Ақышев бойынша).

  Қаланың монғол шапқыншылығы қарсаңындағы және одан кейінгі жай-күйі туралы жазба мәлімет жоқ. Тіпті, Шыңғысхан әскерлерінің осы өңірдегі қалай бағындырғаны да ешбір деректерде айтылмайды. Жалғыз дерек жоғарыда айтылған Гетум патшаның елшілігі жайлы тарихшы К. Гандаецидің жазбалары.  

  Қаланың сауда-экономикалық орталық ретінде нағыз көркеюі Қазақ хандығының құрылуымен тұспа-тұс келеді. Қазақстан археологиялық мектебін қалыптастырушы белгілі археолог К.А. Ақышовтың межелеуі бойынша Созақ орталасқан аймақ Қазақ хандығының ХV ғасырдағы иелігінің  кіндік тұсында [12, с.136-137] болған (сурет 1). Қаратаудың күнгейі мен Сыр бойында орналасқан ірі қалалық орталықтарға апаратын негізгі асулар (Суындықтың асуы, Ақсүмбедегі асу, т.б.)  Созақтың тұсында.  

  ХV ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасыр аралығындағы жазба деректерде Созақ Дештіқыпшақт даласынан оңтүстіктегі Яссы, Отырар, Сауран,  Сайрам қалаларына, батыста Арал маңындағы қалалардан шығыста Шу-Талас өңіріндегі қалаларға апаратын Қаратаудың теріскей беткейіндегі жолдың түйіскен жерінде орналасқан қала ретінде жиі айтылады. ХV ғасырда жаңа қалыптасқан Қазақ хандығының тірек қаласы Созақ болғандығында сөз жоқ. Сырдария мен Түркістанның ірі қалалары ХV – ХVІ ғасырларда Өзбек хандығы мен Қазақ хандығының қоластына жиі ауысып отырғанын жазба деректерден жақсы білеміз. ХV ғасырдың екінші жартысында Түркістан мен Сырдария қалалары үшін болған соғыстар отыз жылдан астам уақытқа созылып, қалалар екі жақа кезек алмасып отырды. Мысалы, 1470 жылы қыста Керей сұлтан Түркістанға шабуыл жасаса, Жәнібектің үлкен баласы Махмұд сұлтан Созақ қаласын, ал оның інісі Еренжі Сауранды басып алады. Осылайша  Қаратаудың теріскейіндегі  Созақ пен күнгейдегі Сауран қалалары Қазақ хандығының құрамына өтеді. Алайда, екі жылдан соң Мұхаммед Шайбани Ноғай Ордасының әмірі Мұса мырзаның көмегіне сүйену арқылы Аркук бекінісі мен Сығанақ қаласын өзіне қаратты. Бірақ, Бұрындық пен Махмұд сұлтан басқарған қазақтың әскерлері Қаратауда Созақ пен Сығанақтың аралығын жалғастырған Суындық асуында Мұхаммед Шайбани әскерлерін талқандап, Сығанақ қаласын қайтарып алды да, Мұхаммед Шайбаниды Маңғыстауға қашуға мәжбүрледі. Осы оқиғалар туралы мәлімет Шайбани ханның жорықтары жайлы жазылған авторы белгісіз «Таварих-и гузида – Нусрат-наме» мен Камал ад-Дин Бинайдің «Шайбани-наме» атты еңбегінде жазылған [13, с.21; 105-106]  Осындай жағдай келесі ғасырдың соңына дейін жалғасты. Әсіресе Абдаллах хан мен Баба-сұлтанның арасында болған соғыста Созақтың аса маңызды рөль атқарғаны жайлы Хафиз Таныштың еңбектерінде айтылады [13, с.287]. Аталған деректерде Абдаллах хан мен Баба-сұлтан Созақ қаласы үшін соғысқаны жайлы баяндалады. Созақ үшін болған соғыстардың қаланың сол кезде саяси-экономикалық маңызға ие болғандығын білдірсе керек.

  ХVІ ғасырдың соңында Тәуекел ханның тұсында Сырдария мен Түркістаның қалалары толығымен Қазақ хандығының қоластына өтті. Қалалардың осыдан кейінгі тарихы хандықтың тарихымен тығыз байланысты өрбіді. Созақ қаласы да өзінің мемлекеттік орталық қала ретіндегі тіршілігін жалғастыра берді. Жоңғар тарапынан болған шапқыншылық соғыстар кезінде Созақ қазақ әскерлерінің күш жинаған ірі бекініс қаласына айналды. Қаланың жаудың жойқйн күшіне қарсы тұру соғысында жауынгерлерді азық-түлік, қару-жарақпен қамтамасыз етіп отырды.

  Созақтың үздіксіз тіршілігі жайлы мәліметтер орыс жазба дарактерінде жалғасын тапты. Абілмамбет ханның тұсында (1743-1745 жж.) Созақ Отырар, Түркістан, Сауран, Өгізтаумен бірге қазақ хандығының басты орталық қалаларының бірі болғандығы орыс деректерінде айтылады [14, с.386].

 ХІХ ғасырда Оңтүстік Қазақстан Қоқан хандығының билігіне өткен кезде Созақ әскери бекініс қала ретінде тіршілігін жалғастырды.

 

Қала орнында 2012 ж жүргізілген археологиялық қазба жұмысы

  Осы жылы жүргізілген қазба жұмыстары қаланың толық мерзімделуін, қорғаныс құрылыстарының фортификациялық ерекшеліктерін, Созақтың Қазақ хандығы тұсындағы тарихи рөлін анықтауға және басқа да қосымша мәліметтер жинақтауға бағытталды. Осы мақсатта қаланың Солтүстік – Шығыс шетіндегі қорғаныс қабырғасының Қазы қақпаға тірелген жеріне қазба І салынды. Қазба бастапқыда екі бөліктен тұрды. Қазба І қақпадан қалаға кірген көшенің шығыс шетінен түсті. Оның жалпы өлшемі 9,5х13 м. тереңдігі 1-2 м. Осы қазбаның шығыс шетінен 6,5 метр қашықтықтағы жерден стратиграфиялық қима салынды. Қиманың бастапқы өлшемі 6х7 м болатын. Қазу барысында ол 7х11,5 м. дейін кеңейді. Қиманың тереңдігі 2,7 м. дейін түсті. Зерттеу жұмыстарының сипатына қарай екі қазбаның солтүстік-шығыс шеттері 2-3 метрлік жалпақтықтағы стратиграфиялық тазарту қазбасы арқылы бір-бірімен жалғастырылды. Нәнижесінде қаланың қорғаныс қабырғасының Қазы қақпадан басталатын тұсындағы бөлігі 23 м қашықтықта ашылды.

  Қазба ІІбастапқы қазбаның оңтүстік-шығыс шетінен 6,5 м қашықтықта қорғаныс қабырғасының үстінен стратиграфиялық қима ретінде салынды.  Қазбаның бастапқы көлемі 5х7 м болатын.  Жердің бетінен 15-20 см тереңдіктен жеке бір үйдің  орташа өлшемдегі бөлмесінің едені шықты. Бөлменің қабырғалары жойылған, тек шығыс шеткі қабырғаның қам кесектен қаланған бөлігінің біршама жері сақталыпты. Осыған орай қазбаның енін шығыс шетінен 7 метрге дейін кеңейттік. Қабырғаның қалыңдығы 65-70см. Кірпіштерінің өлшемдері 36х18х10; 36х20х 10 см. Күйдірілген кірпіш төселген еденнің бір бөлігі жақсы сақталыпты (сурет 1). Еден кірпіштері ортағасырлық дәстүрлі өлшемдегі 24х24х5 см. кірпіштер. Шамасы осы маңдағы ескі құрылыстарды бұзып алынған болса керек. Арасында 26х13х6 см өлшеміндегі ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басына жататын кірпіштер де кездеседі. Бөлме ішінен мерзімдеуге негіз болатын заттай деректер кездеспеді. Бұл қабаттың мерзімделуі жергілікті ақсақалдардың мәліметі бойынша нақтыланды. Ауыл қарттарының мәлімдеуінше біз қазба салған жерде ХХ ғ. 52-ші  жылына дейін Жақсылық деген жергілікті ауқатты азамат тұрған. Біз сол азаматтың үйінің бір бөлмесіне түссек керек.

   Екінші құрылыс қабаты бастапқысының астында 10-15 см тереңдіктен ашылды. Бұл қабаттан екі бөлменің жартылай бөліктері аршылды. Үйдің күйдірілген кірпіштен қаланған оңтүстік қабырғасынының соңғы қатарлары ғана сақталыпты. Шамасы пундамет ретінде қаланған болса керек. Мұндағы кірпіштер де ортағасырлық дәстүрдегі 24х24х5 см өлшемінде. Қабырға екі шетіне бүтін, ортасына сынық кірпіштер қалау тәсілімен өрілген. Бұл крпіштердің де ескі құрылыстан бұзылып алынып қайта пайдаланылғаны көрініп тұр. Қабырғаның қалыңдығы 75 см. Біздер сындырмай алып, жинап қойған осы кірпіштерді жергілікті тұрғындар құрылысқа одан әрі пайдалануға алып кетті. Яғни ортағасырлық сапалы кірпіштердің (жоқ дегенде 500 жылдық) ХХІ ғ. құрылыс материалы ретінде қайта тіршілігін жалғастыруын көреміз. Солтүсті шеттегі бөлме құлатылған қабырғаның қыштарының сынықтарымен толтырылған. Еден астына қарай отырып, кішкене ойыс пайда болған. Оңтүстік-Шығыс шеттегі негізгі бөлменің табаны ақ алебастыр сылағымен сыланған. Сылағының қалыңдығы 0,5см. Бұл қабаттың мерзімделуі еденнен табылған мыс тиындар бойынша анықталды. Бөлменің бір бұрышынан 1924 және 1929 жылдары соғылған кеңес дәуірінің екі бес тиыны табылды. Оңтүстік қабырғаның ішкі жағынан кәмпит, қанытсекілді дәмдер салуға арналған қою көгілдір түсті шыны ыдыстардың сынықтары да шықты.  Олардың сырттары бедерлі және формасы бокалдарға ұқсас. Демек осы қабаттағы үй ХХ ғасырдың алғашқы жартысында салынғандығы айқын. 

  Үшінші құрылыс қабатын қазу барысында қиманың өлшемі 7х7 метрге дейін кеңейді. Бұл құрылыс қабатынан қабырғалары қам кесектермен тұрғызылған екі бөлме аршылды. Бөлмелердің едені жердің бетінен 1,5 м тереңдікте орналасқан. Ішкі құрылыс ерекшеліктеріне қарағанда бұл бөлмелер шаруашылық мақсатта қолданылса керек. Олардың ішінен ешқандай жылыту жүйелері немесе тандыр, ошақ, ташнау, сыпа секілді адам тұратын бөлмелерге тән құрылыстар кездеспеді. Оңтүстік шеттегі бірінші бөлменің өлшемі 4,4х2,9 м., қабырғаларының қалыңдығы 65, сақталған биіктігі 50-60 см. Қабырғаларының ішкі және сыртқы жақтарында сылақтары қалған. Бөлменің есігі оңтұстік қабырғаның орта тұсында. Оның өлшемі 1,1 м. Осы есіктің батыс шетінен бөлмені кесіп салынған астық сақтайтын қамбаның қалдығы аршылды. Қамба орта тұсынан екіге бөлінген. Кішірек бөлігінің өлшемі 1х1,3 м., үлкенінің өлшемі 1,3х1,7 м. Қабырғалары жалаң қабат (жарты кірпіш) кірпішпен қаланған, сақталған биіктігі 50 см.

  Оның қапталындағы екінші бөлменің ішінде ешқендай құрылыс байқалмады. Бұл бөлменің өлшемі 4,3х2,7 м. Қабырғаларының өлшемдері алғашқысымен бірдей. Қабырғалары 36х18х10 және 30х20х10 см өлшемдегі қам кесектерден тұрғызылған.  Бөлмелердің бірінің еденінен табылған 1891 ж.соғылған бір тиындық осы қабатты ХІХ ғасырмен мерзімдеуге негіз болады. Сонымен қатар түбінде «Кузнецоптың фабрикасы» деген жазуы бар фарфордан жасалған, үш жұқа, ақ тарелкалар мен шыныдан жасалған пілтелі майшамның сынықтары шықты. Майшамның пілте орнатылатын басы ғана темірден жасалған. Ол шіріп кеткен. Қалған май тұратын, қолмен ұстайтын бөліктері толығымен жұқа шыныдан жасалған. Шынының сыртынан көк түспен бояған. Оның бояулары суға тиген кезде еріп, түсіп қалды. 
Төртінші құрылыс қабаты келесі 35 см тереңдіктен аршылды. Бұл қабаттан қабырғалары қам кесектен қаланған екі бөлме шықты оңтүстік шығыс шеттегі бөлменің өлшемі 3,8х3,5 м., оның солтүстік-шығыс қабырғалары анық сақталған. Қалған бөлігіндегі қабырғалардың іздері ғана байқалады. Қабырғаларының сақталған бөлігінің биіктігі 25-30см. Оңтүстік-батыс қабырғаның қазбаның шетіне өтетін жағында болған екі бөлменің нобайы байқалады. Бірақ олар қазбаның сырт жағында қалады. Төртінші құрылыс қабатын қазу барысында бірсыпыра сырлы ыдыстардың сынықтары табылды. Үлкен бөлменің оңтыстық-шығыс бұрышына жақын бөлігінен бұзылып кеткен ташнаудың орны анықталды. Ол жерден ташнауға пайдаланылған ернеуі сынған құмыраның бүтін бөлігі мен оның сыртынан қойылған қос тұтқалы құты шықты. Ыдыстардың екеуі де археологиялық бүтін, қайта қалпына келтіруге болады. Олар жасалу ерекшеліктері мен сыртқы формалары жағынан ХVІІІ ғ. Керамикаларына келеді.

  Бесінші құрылыс қабатының едені қазбаның жоғарғы бетінен 2,5 м тереңдіктен шықты. Бұл қабаттағы бөлмелердің нақты өлшемдерін анықтау мүмкін болмады. Қазбаның оңтүстік-батыс бұрышында ұзындығы 2,5 м, жалпақтығы 65 см, биіктігі 40 см өлшемде сақталған қабырғаны бір бөлігі ғана аршылды. Осы қабырғаға қарсы беттегі солтүстік бұрышта 1х0,8х0,2 м өлшемдегі төрт бұрышты сыпа орналасқан. Сыпаның шеттері қырынан қаланған қам кесектермен шектелген. Осы сыпадан шығысқа қарай 1 м жерде болған ернеуінің дияметрі 50 см болатын жер тандыр жақсы сақталған. Тандыр ернеуінің бір шетіне жалпақ тастар қойылыпты. Тандырдың аузы шығыс шетінен өтетін ені 70 см, тереңдігі 40-45 см. қуыседенге қараған. Қуыс еденнің іші жаппай өртің салдарынан күйген сырлы және сырланбаған ыдыстар мен олардың сынықтары мен толған. Көпшілік ыдыстар кезінде бүтін болып, ыстық өрт пен құланды топырақтардың қысымынан сынғандығы байқалады. Қуыс еден ыдыстар сынығынан тазартылғанда еденің үстіне тастар қаланғандығы анықталды. Ал тандыр аузының қарсы алдында орналасқан кішігірім ташнау аршылды. Көпшілік белгілеріне қарағанда еденнен алынған ыдыстар ХVІ-ХVІІ ғасырларға жатады. 

  Жалпы 2012 жылғы қазба жұмыстары барысында зерттеудің алдына қойылған мақсаттары жартылай нәтижесін берді. Уақыт пен қаржының көлеміне байланысты қазба толық аяқталмай қалды. Дегенмен, қаланың мерзімделуі, оның даму динамикасы, қалыптасу және гүлдену, құлдырау кезеңдеріне қатысты бірсыпыра маңызды мәліметтер алынды. Үлкен көлемдегі (сырлы және сырланбаған қыш ыдыстар, күнделікті тұрмыс бұйымдары, жекелеген моншақ көздері, диірмен тастар, мыс теңгелерден тұратын) археологиялық материалдар жиналды. Олар қазіргі кезде зерханалық өңдеуден өткізіліп, сараптама жұмыстары жасалуда.

 Кейінгі жылыдары қаржыландырудың тоқтатылуына байланысты 2012 жылы басталған стратиграфия, фортификатсиялық қазба жалғастырылмады. Алғашқы жылы қойылған мақсат аяқсыз қалды. Сондықтан біз салған қазбаның астынғы құрылыс қабаттары қандай ғылыми мәліметтер беретіндігі қазірге құпия қалып отыр.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

1. Зданович Г.Б., Батанина И.М. Аркаиым – страна городов. Пространства и образ. –  Челябинск, 2007. - С 40-55.

2.  Ворфоломеев В.В. Кент – город бронзового века // Свидетели тысячелетий: археологическая наука Казахстана за 20 лет (1991-2011) / Сборник научных статей, посвященных 20-летию независимости Казахстана. – Алматы, 2011. - С 85-96.

3. Бичурин Н.Я. (ИАКИНФ). Средняя Азия и Восточный Туркестан. Учебное пособие (Составитель Н.Е. Акбаев). – Алматы: «Санат», 1997. – 352 с.

4.  Маргулан А.Х. Из истории городов и строительного искусства древнего Казахстана. – Алма-Ата,1950. - 122 с.

5. Археологическая карта Казахстана. – Алма-Ата, 1960. – 449 с. ил.

6. Тәбірізұлы С. Созақ өңірі. – Толық. 2-ші бас. – Алматы, 2007. – 432 б.

7. Агеева Е.И., Пацевич Г.И. Из истории оседлых поселении и городов Южного Казахстана // Труды ИИАЭ АН КазССР. - т.5. -1958. - 295 с.

8. Ерзакович Л.Б.  Древные города Казахстана. – Алма-Ата: Наука,1971. – 211 с.

9. Свод памятников истории и культуры Казахстана. Южно-Казахстанская область. – Алматы, 1994. - №542. - С-248-249.

10. Гандакеци К. История Армении. – М.: Наука,1976. – 356 с.

11. Байпаков К.М. Древняя и средневековая урбанизация Казахстана.- Книга ІІІ: Урбанизация Казахского ханства во второй половине ХV-ХVІІІ вв. – Алматы, 2014. – 534 с.

12. Акишев К.А. Древние и средневековые государства на территории Казахстана (Этюды исследования). – Алматы, 2013. – 192 с.

13. Материалы по истории Казахских ханств XV—XVIII  века (извлечения из персидских и тюркских сочинений). – Алма-Ата, 1969. - 652 с.

14. История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ вв. – Алматы, 2007. – Т.VІ. – 516 с.

15. Извлечение из письменных источников о средневековых городах Сауран и Сыганак / автор предисловия и составитель М. Елеуов. – Туркестан: МКТУ им. Х.А. Ясави, 2005. – 96 с.

СУЗАК - ГЛАВНЫЙ ГОРОД КАЗАХСКОГО ХАНСТВА

Резюме

Город Сузак сыграл важную роль в политико-экономической истории Казахского ханства. В статье рассказывается о результатах археологических исследований в городе Сузак. Археологические раскопки в Сузаке проводились отрядом «города Казахского ханства» в период 2010-2011 годов. В статье приводятся письменные источники средневекового города Сузак. Результаты археологических раскопок, топографических, хронологических и фортификационных исследований, проведенных в городе Сузак, характеризуются перспективностью дальнейшего исследования позднесредневекового города.

Ключевые слова:Сузак, город, городище, источники, археология, исследование, раскоп, находка, чертежи, керамика. 

D.A. Taleev, Al-Farabi Kazakh National University

SOZAK AS A MAIN CITY OF THE KAZAKH KHANATE

Summary

City Suzak played an important role in the political and economic history of the Kazakh Khanate. The article describes the results of archaeological research in the city of Suzak. Archaeological excavations were carried out in the Suzak detachment "city of the Kazakh Khanate" in the period of2010-2011. The article presents the written sources of the medieval town of Suzak. The results of archaeological excavations, topographical, historical and fortification studies on the site of Suzak are characterized by the prospect of further research of the late medieval city.

Keywords: Suzak, city, site of ancient settlement, sources, archaeology, research, excavation, find, drafts, ceramics. 


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь