Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » КСРО АУМАҒЫНДА ПАСПОРТТЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ЕНГІЗІЛУ КЕЗЕҢДЕРІ (1918-1945 ЖЖ.): АЛҒЫШАРТТАРЫ, ЖҮРУ БАРЫСЫ

ОМАРБАЕВ Ы.Қ.

КСРО АУМАҒЫНДА ПАСПОРТТЫҚ ЖҮЙЕНІҢ ЕНГІЗІЛУ КЕЗЕҢДЕРІ (1918-1945 ЖЖ.): АЛҒЫШАРТТАРЫ, ЖҮРУ БАРЫСЫ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 2

Автор:
Аннотация Мақалада КСРО аталатын бұрынғы отанымызда 1918-1959 жылдар аралығында жүргізілген паспорттық жүйенің кезеңдеріне талдау жасалынады. Паспорттық жүйенің туындауына алғышарт болған саяси-әлеуметтік ахуалдарға жан-жақты авторлық баға беріліп, әміршіл-әкімшіл басқару жүйесіндегі қызмет ету міндеттеріне ой жүгіртіледі. Сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы уақытындағы әскери-төтенше ахуалдарға орай, паспорттық жүйе аппаратының ұйымдасушылық міндеттеріне жіті тоқталынады. 1950-шы жылдардағы қылмыстық жағдайлардың алдын-алу мен социалистік идеологияны насихаттауды нығайту барысындағы паспорттық жүйенің құрал ретіндегі маңызына пайымдар түзілінеді. Түйін сөздер: паспорт, жүйе, декрет, ведомство, орган, азамат
Содержание:

ӘОЖ 94 (100)

ОМАРБАЕВ Ы.Қ.

Ресей мен оған қарасты халықтар тарихындағы паспорттық жүйе дамуының тарихы кеңестер билігімен тығыз байланысты. Патшалық Ресейдің артта қалушылық салдарларын жою жолында шамадан тыс қоғамдық күшті жұмылдыру талап етілді. Бұған қол жеткізу үшін, мобилизациялық әдістерді, әміршіл-әкімшіл басқару тәсілі мен орталықтандыру деңгейін арттыру ескерілді. Төңкеріске дейінгі папсорттармен қатар, кәсіподақ билеттері мен қызмет куәліктері қолданысқа енгізілді. Кезеңнің басталуы жеке куәлікті білдіретін түрлі құжаттарды жобалаумен айқындалды. Кеңес үкіметінің құрылуына орай, тұрғындарды есепке алуды реттейтін жаңа жүйе қажет облды. Кеңестік паспорттық жүйесінің түзілуіне бірінші қадамды РКФСР ХКК-нің 1918 жылғы 5 қазандағы «Еңбек етпейтіндер үшін еңбек кітапшасы туралы» Декреті және РКСФСР ЖОАК-ның 1919 жылғы 25 маусымдағы «Мәскеу мен Петроград қалаларында еңбек кітапшаларын енгізу туралы» Декреті бағдарлады [1, 118- б.]. КСРО аталатын мемлекетте жетекші орынды РКФСР иеленгендіктен де паспорттық жүйенің енгізілуінің 1920-шы жылдардағы жүргізілу сатылары басқа да одақтас немесе автономды республикалар аумағындағы тұрғындарға аса қатысы болмады. Паспорттық жүйені ресми Мәскеудің құзырлы органдары орталықтан бастауды дұрыс деп тапты.

 Ішкі паспорттар мен куәліктердің орнына нормативті құқықтық актілерді еңбек кітапшалары алмастырды. Еңбек кітапшалары 16 жасқа толған барлық тұлғаларды өндірістік қызметте еңбек етуі жөнінде куәландырды. Еңбек кітапшалары жеке куәлік және еңбек міндеткерлігін орындау, әлеуметтік қамсыздандыруды жеткізу, мемлекеттің ішкі ауқымында көшіп-қону үдерістерінде қызмет етті. Бұл жүйеге белгілі бір аймақтарда азаматтардың еспке алуының алғышарттарын қалыпастаруға мүмкіндік ашты. Жаңа экономикалық саясатқа көшу паспорттық жүйені жетілдіруді талапқа алды. Жаңа экономикалық саясат құрылымы шарттарында паспорттық жүйе алдында жаңа міндеттер тұрды; бір тарапынан тұрғындардың көшіп-қонуын ықтималдандыру және көшіп-қонуды бақылауды қамтамасыз ету. 1922 жылғы 24 қаңтардағы РКФСР ЖОАК-ның «РКФСР-ның шекара маңы нысандарына дейінгі барлық аумағында азаматтардың кедергісіз көшіп-қону құқығы туралы» Декреті тұрғындардың ішкі қозғалысына еркіндік берд і[1, 119- б.].

Шекара маңы аймақтарына шұғыл жағдайда ІІХК-ның рұқсаттамасымен немесе тікелей шекара нысандарына губерниялық атқару комитетінің рұқсатымен жіберіліп отырды. Осыған байланысты жеке куәлікті куәландыратын мемлекеттік құжатты енгізу ахуалы туындады. 1922 жылы 19 желтоқсанда РКФСР ХКК-ның «мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелер қызметкерлеріне куәліктер беру туралы» Декреті барлық ведомствалар үшін, Жұмысшы-шаруа инспекциясымен келісіле отырып жеке куәліктердің тұрақты бірыңғай формасын жасап шығаруды міндеттеді.

Іс-сапарларға барушы қызметкерлерге аты-жөні, іс-сапарының мәні мен өзінің тұрақты мекен-жайы туралы мәліметтер жазылған арнайы куәліктер әзірленді. РКФСР ЖОАК және ХКК-нің 1923 жылғы 20 маусымдағы «Жеке куәліктер туралы» Декреті бойынша жеке куәліктер енгізілді. Олар 16 жасқа толған азаматтарға беріліп, онда иеленушінің келесідегідей мәліметтері берілді: аты-жөні, тегі; туылған жылы; тұрақты мекен-жайы; қызмет түрі (мамандығы); әскери міндеткерлігін өтеуге қатынасы; отбасы жағдай және кәмелеттік жасқа толмаған балалары жөнінде мәліметтер. Жеке куәліктер бырыңғай формада болып, туылу туралы акті, үй басқармасы тарапынан мекен-жайы, қызмет орнынан қызметі туралы анықтамалар негізінде 3 жылға дейінгі мерзіммен беріліп отырды. Жеке куәліктерді қала немесе поселкелерде милиция, ауылдық аймақтарда болыстық атқару комитеттері жүзеге асырып отырды [2, 201- б.].

КСРО бойынша паспорттық жүйенің келесі бір кезеңі 1932-33 жылдардағы үрдістермен байланысты. 1932 жылы 27 желтоқсанда Мәскеу қаласында ОАК төрағасы М.И. Калинин мен КСРО Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы В.М. Молотовтың және ОАК хатшысы А.С. Енукидзенің басшылығымен өткен жиналыста «КСР Одағы бойынша бірыңғай паспорт жүйесінің енгізілуі мен паспорттарды міндетті тіркеу» туралы № 57/1917 қаулысына бірлескен қол қойылды. Уақыт кездейсоқ таңдалынбаған болатын. Ауыл халқы өз топырақтарынан түгелдей айырылып, бүкіл ел аумағында шашылған болатын [1, 69-б.]. Олардың барлығының тұрғылықты жері бойынша паспорт беріліп, тіркелу қажеттігі туындаған болатын.

Миллиондаған тәркіленген, кулаксыздандырылған адамдар өз деревняларынан немесе ауылдарынан қашып босып жүрді. Осы адамдардың барлығын тіркеп, азаматтық құқығын қалыптастырып, мемлекеттік жұмыстарға салу керек болды. Оларды әлеуметтік жағдайына қарай жіктеуде ескерілді. Оның үстіне, үкіметке бірнеше жылдың жүзінде жүргізілген науқанды саяси бағдарларының жемісінде қолданудың сәті түсті. КСРО қоғамында қатаң тәртіпке сай жүргізілген ұжымдастыру, кулактардан арылу науқандары адамдарды «тазалар» және «кінәлілер» деп екіге бөліп жіберді [1, 71-б.].

Енді әрбір адам БМСБ (ОГПУ) аясында жіті бақылауда болуға тиісті еді. Паспорт туралы қаулыда «КСРО қалаларында, жұмысшы поселкелерінде, транспортта жұмыс атқарушылар, халық шаруашылықтарында, жаңа құрылыстарда еңбек етуші 16 жастан бастап барлық азаматтары паспортқа ие болуы тиіс» деп белгіленді. Осы уақыттан елдің барлық аумағы екіге бөлінді: бір тарапы паспорт жүйесі енгізілген, екіншісі енгізілмеген [2, 124-б.].

Паспорттандырылған жерлерде паспорт ие болушының жеке куәлігі болып табылды. Яғни, кімде паспорт болса оған мемлекет куәлік ететін және міндеттеме алатын мәртебеде болды. Бірақ, осы аталған жүйе Орталық Азиядағы КСРО қарамағындағы мемлекеттерге, оның ішінде Қазақстанға да енгізілмеді. Бұрынғы уақыттары тұрғылықты мекен жайға қатысты берілетін құжаттардың барлығы істен шығарылып, паспорттарды милиция органдарына міндетті тіркеу тәртібі жолға қойылып, ол бойынша 24 сағаттан кешікпей жаңа тұрғылықты мекенжайына кешікпей келуге тиісті қаулы тағайындалды. Сонымен қатар, кім өзінің тұрғылықты мекенінен мүлдем немесе екі айдан астам уақытқа кетіп қалса, тұрғылықты мекен жайын ауыстырушыларға, паспортын ауыстырушыларға, тұтқындалғандарға, қамауға алынушыларға, милиция органдарында екі айдан астам тергеуде болушыларға немесе қайтыс болғандар үшін паспорттан шығарылу жүйесі енгізілді [2, 126-б.].

Паспорт иесінің қысқаша мәліметтеріне орай (аты, әкесінің аты, тегі, уақыты және туған жері, ұлты), паспортта міндетті түрде әлеуметтік жағдайы да көрсетілген (Ресей империясының шендері мен атақтарын алмастырып, Кеңес Үкіметі келесідегідей тіркестерді орнатты – «жұмысшы», «колхозшы», «шаруа-жекебасы», «әскери міндетін өтеуші», «білім алушы», «жазушы», «суретші», «әртіс», «мүсінші», «зейнеткер», «қолөнерші», «иждивенец», «белгісіз қызмет» және т.б.), тұрақты мекенжайы мен жұмыс мекені, міндетті әскери өтілін өтеу құжаттар тізімі ретіндегі анықтамалар негізінде паспорт берілді [3, 201 б.]. Кәсіпорын болмаса мекеме барлық жұмысқа қабылданушылардан (уақытша жеке куәлік) қабылдану күні көрсетілуі тиіс болды. Паспорттар тек азаматтардың мемлекеттің есебіндегі еңбек міндеткерлігін орындау бойынша куәландыратын құжат емес, өзінің жеке басы қасиеттерін түзетуші ереже жиынтығының да рөлін атқарды. Оған мысалды, 1936 жылғы КСРО-да енгізілген паспорттардың артық жауапкершілікті жүктеу құзырымен түсіндіруге болады [3, 95-б.].

КСРО ОАК мен ХКК бірлескен 1936 жылғы 27 маусымдағы қаулысымен азаматтардың өз отбасыларына жеңіл қарым-қатынас жасау және жауапкершілікпен қарамау әрекеттерімен күрес мақсатында паспорттарда некеге кіру және ажырасу сәттерінде АХАЖ тарапынан арнайы ескерту белгісі қойылды. 1937 жылы паспорттау науқаны бірқатар аймақтарда аяқатылып, үкіметтің бағалауы бойынша оған жүктелген тапсырмалар өзін ақтады.

1936 жылдың желтоқсанында ІІХК (НКВД) ЖШББМ (ГУ РКМ)  қарасты паспорт бөлімі сыртқы қызмет бөліміне қосылынды. 1937 жылдың шілдесінде паспорт аппараттары аймақтарда да жұмысшы-шаруа милиция басқарасы бөлімдерінің құрамына енгізілді. Аталған бөлімдердегі қызметкерлерге күнделікті паспорттық режимді бақылау тапсырылды.

30-жылдардың соңына таман паспорттық жүйеге айтарлықтай өзгерістер енгізіледі. Паспорттық режим ережелері әкімшілік және қылмыстық тұрғыдан қатайтылады. КСРО Жоғарғы Кеңесі 1939 жылы 1 қыркүйекте «Жалпыға ортақ әскери міндеткерлік туралы» заң қабылдады. Ал, 1940 жылы 5 маусымда КСРО Қорғаныс халық комиссарларының бұйрығымен милициялардың әскери тіркеу жүргізу саласындағы жетекші ережелері мен анықтаушы негізгі тапсырмалары жарияланды.

Милиция бөлімдерінің әскери-тіркеу үстелдерінде (кеңестердің атқару комитеттеріне тиісті ауыл және поселкелерінде) әскерге тиістілер мен шақырымдағылардың барлығына алғышқы тіркеу жүргізілсе, қатардағы және қосалқы құрамдағы кіші бастаушыларға жекелеу тіркеу жүргізілді.

Әскери-тіркеу үстелдері өз жұмыстарын аудандық әскери комиссариттармен тығыз түрде жүргізді. Бұл жұмыстар Ұлы Отан соғысы басталғанға дейін (1941 жылдың 22 маусымы) жалғасты.

1932 жылғы қабылданған паспорттық жүйенің бірқатар ережелері 1940 жылдары әлемдік шиеленісті ахуалға орай қалыптасқан жағдайларға байланысты қосымша нақтылаулар мен толықтыруларды қажет етті. Аталған мәселелер біршама деңгейде ХКК-нің 1940 жылғы 10 қыркүйектегі паспорттар туралы ережесінің жаңа қаулысымен шешімін тапты [4, 158-б.].

Бұл нормативтік акті паспорттар туралы ереженің қолданылу ауқымын кеңейтіп оны шекаралас аймақтарға, халық шаруашылығының қызметкерлері мен жұмысшылары ортасына таралды. Соғыстың алғашқы күндерінен-ақ, милиция қызметі тұтастай өзгерістерге ұшырап, оның бөлімшелеріне жауапкершілік артып, әскери режімнің шарттарына орайластырылды.

Соғысқа байланысты паспорттық аппараттардың міндеттерінің кеңейтілуі өмірде оларды орындауда жаңа ұйымдастырушылық формаларды талап етті. КСРО ІІХК 1942 жылғы 5 маусымдағы бұйрығына сәйкес милиция басқармасындағы паспорттық бөлімшелерге инпектор-сарапшы қызметтері енгізіліп оларға келесідегідей міндеттер жүктелді:

а) милициялардан түсуші жасанды паспорттарды зерттеу мен айғақталған фактілерге сәйкес қорытындысын шығару;

б) аса маңызды  мемлекеттік құжаттарға жататын тұлғалардың паспорттарын тексеру сондай-ақ, қорғаныс мәні бар кәсіпорындар мен мекемекелер жұмыстарын да қадағалау жатты.

Соғыс уақытысында маңызды жайттардың біріне ата-аналарынан айырылған балаларды іздестіру мәселесі де ие болды. 1942 жылдың 23 қаңтарында КСРО ХКК «Ата-аналарынсыз қалған балаларды орналастыру туралы» қаулы қабылдады.

КСРО ІІХК (НКВД) жанындағы ММБ  (ГУМ) тиісті қаулыға орай Орталық бала мекен-жайы үстелі жер-жерлерде ұйымдастырылып іске аса бастады. Орталық бала анықтамасы үстелі Бугу-руслан Чкалов қаласында (қазіргі Орынбор облысы) орналасты [4, 98-б.].

Алғашында бала мекен-жайы үстелдері милиция органдарын даярлау бөлімдері мен әскери қызметтері құрамына кірсе, 1944 жылы КСРО ІІХК бұйрығына байланысты паспорт үстелдерінің бөліміне енгізілді.

1942 жылдың 1 маусымына қарай мекен-жай бала үстелдеріне балаларды іздеу туралы мәлімдеме жолдануы нәтижесінде 13.414 балалардың тұрған жері анықталып жалпы іздеудегі балалардың 32,6% құрады[5, 41-42 б.]. Соғыс уақытысында барлығы жиырма мыңға жуық балалар іздестірілді. Үлкен жұмыстар қатары эфакуацяға ұшыраған азаматтардың тұрғылықты жерін айқындау бойынша жүргізілді. 1942 жылдың наурызында КСРО ІІХК (НКВД) ММБ  (ГУМ) жанындағы паспорт бөлімінде Орталық анықтама бюросы құрылды.

Осыған ұқсас бюролар республика, өлке және облыстардағы милиция басқармаларындағы паспорт бөлімдерінде құрылды. Күн сайын Орталық анықтама бюросына 10-11 мың эвакуацияға ұшыраушылардың тұрғылықты мекен-жайының анықталғаны туралы мәлімделер түсіп отырды. Аталған бюро жұмысшыларының күшімен екі миллионнан астам іздеудегілердің саны анықталды. Паспорттарды тіркеу материалдарын қолдана отырып (толтырылған мекен-жай парақшалары) қалалардың шоғырланған мекан-жай бюролары да ел тұрғындарына олардың туыстары мен жақындарын тұрғылықты орындарға орналастыруға септіктерін тигізді [6, 173 б.].

Соғыстан кейінгі жылдары паспорттық жұмыс үлкен ауқымға ие болды. Паспорт аппараттарының қызметкерлері қала тұрғындары мен жұмысшы поселкелері тұрғындарының есепке тұруын ретке келтіріп, туыстарымен байланыста хабар-ошарсыз жоғалушылар туралы сауаланамаларға жауап берушілерге түрлі анықтамалар берумен де айналысты.
  Соғыстан кейінгі уақыттағы тұрғындарды есепке алуда құқықтық негізді 1945 жылғы 4 қазандағы КСРО ХКК «Тұрғындарды паспорттау туралы» қаулысы құрай алады. Ол бойынша қаулының күші елдің барлық территориясындағы санды қамтып, ауыл мен қала тұрғындарының ара салмағын орнату керек болды. Қаулы қабылдағаннан соң КСРО елді мекендері мен ірі қалаларында паспорттық режимді қолдау мақсатында арнайы топтар мен штаттан тыс қызметкерлер пайда болды. Паспорт аппараттарына үлкен көмекті үйлердің, көшелердің және кавартал комитеттері және олармен біріккен аталған аймақтағы үйлерді басқару жұмысшылары енген белсенді топтар жасады. Жалпы 1918-1945 жылдар аралығында жүзеге асырылған паспорттық жүйе саясаты КСРО мемлекетіне қоғамның барлық еңбек ету және өндіруші нысандарын жаппай мобилизацияға келтіріп, әкімшіл-әміршіл басқару құралының қадағалау тетігін күшейтуге мүмкіндік берді.

Әдебиеттер

1. Корзан В.Ф. Советская паспортная система. - Минск, 1975. - 203 с.

2. Савицкий С., Худяков А. Новая паспортная система СССР. - Алма-Ата, 1976. -  222 с.

3. Рыбальченко Р.К. Паспортная система в СССР. - Киев, 1977. - 306 с.

4. Рябов Ю.С. Советская паспортная система. - М., 1978. - 251 с.

5. Рассказов Л.П. Карательные органы в процессе формирования и функционирования административно-командной системы в Советском государстве (1917-1941 гг.). - Уфа. 1994. - 311 с.

6. Прокофьев А. Граница это учет и контроль // Гудок. - М. 2003. - 236 с.

References

1. Korzan V. F. Sovetskaja pasportnaja sistema. - Minsk. 1975. - 203 p.

2. Savickij S., Hudjakov A. Novaja pasportnaja sistema SSSR. - Alma-Ata, 1976. - 222 p.

3. Rybal'chenko R. K. Pasportnaja sistema v SSSR. - Kiev. 1977. - 306 p.

4. Rjabov JU. S. Sovetskaja pasportnaja sistema. - M., 1978. - 251 p.

5. Rasskazov L.P. Karatel'nye organy v processe formirovanija i funkcionirovanija administrativno-komandnoj sistemy v Sovetskom gosudarstve (1917-1941 gg.). - Ufa. 1994. - 311 p.

6. Prokop'ev A. Granica jeto uchet i kontrol' // Gudok. - M. 2003. - 236 p.

ОМАРБАЕВ Ы.К.

PhD докторант І курса Института истории и этнологии имени

Ч.Ч. Валиханова

ЭТАПЫ ВНЕДРЕНИЯ ПАСПОРТНОЙ СИСТЕМЫ НА ТЕРРИТОРИИ СССР (1918-1945 ГГ.): ПРЕДПОСЫЛКИ, ХОД РАЗВИТИЯ

Резюме

В статье рассматриваются этапы проведения паспортной системы на территории СССР с 1918 по 1945 годы. А так же автором проанализировано причины возникновения советской паспортной системы как один из инструментов формирования тоталитарного режима.

Ключевые слова: паспорт, система, декрет, ведомство, орган, граждан

OMARBAEV Y.K.

PhD І course of Institute of history and ethnology after named

Ch.Ch. Valikhanov

STAGES OF INTRODUCTION OF THE PASSPORT SYSTEM ON TERRITORY OF THE USSR (1918-1945): PRE-CONDITIONS, PROCESS

Summary

In the article the stages of realization of the passport systemare examined on territory of the USSR from 1918 to 1945.And similarly an author is analyse reasons of origin of thesoviet passport system as one of instruments of forming ofthe totalitarian mode.

Keywords: passport, system, decree, department,organ, citizens


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь