Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » ҒТАМР 03.20.00 ЖЕТІСУ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ 1916 ЖЫЛЫ БОСҚЫНШЫЛЫҒЫ: СЕБЕПТЕРІ МЕН САЛДАРЫ

С.Н. Апашева¹. ¹Т.ғ.к., «Сырдария» университетінің доценті. Қазақстан, Жетісай қ.

ҒТАМР 03.20.00 ЖЕТІСУ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ 1916 ЖЫЛЫ БОСҚЫНШЫЛЫҒЫ: СЕБЕПТЕРІ МЕН САЛДАРЫ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 1(25), 2021

Автор:
Аталмыш мақалада 1916 жылы қазақтардың Қытай жеріне босып баруы талданып, олардың Шығыс Түркістандағы жағдайы баяндалып, 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін босқындардың оралу себептері ашылып көрсетіледі. 1916 жылы Жетісуда орын алған көтерілісті басу үшін патша өкіметі жазалаушы отрядтарды атандырды. Облыс аумағында бірнеше ондаған қазақ және қырғыз ауылдары жермен-жексен етілді. Бейбіт тұрғындар аяусыз қуғын-сүргінге ұшырады. Жетісудың жергілікті 300 мыңға жуық қазақтары мен қырғыздары патша өкіметінің қысымымен Қытай аумағына өтіп кетуге мәжбүр болды. 1916 жылғы көтерілісті басуды отарлық билік өңірде жер мәселесін түпкілікті шешудің мүмкіндігі ретінде қарады. Түркістан өлкесінің мұсылман тұрғындарының билікке ізгі ниетте болмауы жергілікті қазақтар мен қырғыздардың босқыншылықа түсуі империялық пиғылға тиімді болды. Мұндай жағдай отарлық билікке мол мүмкіндік беретін. Сондықтан да қазақ зиялылары сол кезде қарулы қарсылыққа бармай, билікпен ымыраға келуге халықты үндеген болатын. Оның себебі, ресейлік әкімшілікке қазақтарды өз жерінен ығыстырып шығып, орыс қоныс аударушыларына кең жол ашып беруге болмайды дегенге келетін. Мақалада Шығыс Түркістанға өтіп кеткен қазақ босқындарының 1917 жылғы революциядан кейін Жетісуға қайта оралу жайы баяндалып, нақтылы деректермен негізделеді. Дерек көзі ретінде мақалада Қазақстан Республикасының орталық мемлекетік архивінің және Өзбекстан Республикасының орталық мемлекеттік архиві қорларының мәліметтері пайдаланылды. Түйін сөздер: Ұлт-азаттық көтеріліс, революция, аштық, босқыншылық, репатриация.
Содержание:

Кіріспе. 1916 жылы 25 маусым күнгі «бұратана» ер азаматтарды тыл жұмысына «реквизициялау туралы» патшаның  25 маусым күнгі жарлығының түрткі болуымен шілде айында басталған толқулар тамызда Орталық Азияның басым бөлігін қамтыған қарулы көтеріліске ұласты. Патшалық Ресей бірінші дүниежүзілік соғыс майдандарында әскери қимылдар жүргізіп жатқанына қарамастан көтерілісті басуға қаруланған жазалаушы отрядтар шығарып, Түркістан өлкесінде әскери жағдай жариялады.

Көтеріліске қатысушылар мен оған қолдау көрсетушілерді жазалау қанды қырғынға ұласып, жергілікті халық өкілдерін көршілес елдерге өтіп кетуге мәжбүр етті. Мұндай жағдай басқа өңірлерге қарағанда Жетісуда айқын аңғарылды.

Патша өкіметінің жазалау шаралары Жетісудың жергілікті халқының, соның ішінде қазақтардың біраз бөлігін Қытайдың батыс бөлігіне, яни Шығыс Түркістанға көшуге итермеледі. Көшушілер босқыншылық тақсіретін тартты.

Қытай жеріне өткен жетісулық қазақтардың әлеуметтік жағдайы ауыр болып, оларға жеткілікті деңгейде көмек көрсетілмеді. Олар туған жеріне 1917 жылғы реводюциядан кейін ғана оралу мүмкіндігіне ие болды. Осы босқындардың жағдайын, елге оралуын нақтылы дерек көздері негізінде зерттеу өзіндік маңызға ие. Сондықтан мақала тақырыбы өзекті мәселеге арналған деуге негіз бар.

Материалдар мен әдістер. Жетісу қазақтарының 1916 жылғы босқыншылығы зерттеуде Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік архивінің және Өзбекстан Республикасы орталық мемлекеттік архивінің қорларындағы материалдар тартылды. Ғылыми еңбектердің мәліметтері қолданыс тапты. Деректік мәліметтер сұрыптаудан өткізіліп барып пайдаланылды.

Зерттеу жұмысында анализ бен синтез, ретроспективалық, салыстырмалы-тарихи және сипаттап баяндау әдістері қолданылды. 1916 жылы қазақтар арасында орын алған босқыншылық мәселесін қарастыруда өркениеттілік пен тарихилық (историзм) принциптері басшылыққа алынды. Тарихилық принципі 1916 жылғы босқыншылық жайлы тарихи білім деңгейін айқындауға септігін тигізеді. Өркениеттілік ұстаным  көшпелі тұрмыс кешкен қазақтар мен қырғыздардың 1916 жылғы босқыншылығының астарында отаршылдық саяста жатқанын, осы босқыншылықтың себептері мен салдары соңғы жылдарға дейін еуроцентристік тұрғыда бағаланып келуінің астарын  аңғаруға септігін тигізеді.

Талқылау. Тарих ғылымында 1916 жылғы Жетісу қазақтарының босқыншылығы арнайы зерттелмей келуде. Кеңестік дәуірдегі Х. Турсуновтың (Турсунов, 1966: 55), Г.С. Сапаргалиевтің (Сапаргалиев, 1966: 70) еңбектерінде бұл мәселе аз да болса қамтылып, патша өкіметінің жазалау шарасының нәтижесі ретінде бағаланды. Қазіргі кезде ресейлік ғалымдар, атап айтқанда, В.С. Дякин (Дякин,1998: 58), Т.В. Котюкова (Котюкова, 2016: 88) және А.Ю. Бахтурина (Бахтурина, 2004: 303) секілді ғалымдардың еңбектерінде босқыншылықтың себептері 1916 жылғы көтеріліс кезінде жергілікті халықтың қоныс аударушыларға қысым жасауына қарсы әрекеттің көрінісі деген пікірге келеді.

Жетісудағы босқыншылықтың себептері мен салдарын зерттеуде М.Қ. Қойгелдиевтің (Қойгелдиев, 2005, 197)еңбегі ерекше орынға ие. Онда босқыншылықтың себептері патшалық Ресейдің ХХ ғасыр басындағы аграрлық саясатында жатқандығы негізделіп, жетісулық босқындарға Алаш қайракерлерінің көрсеткен көмегі жан-жақты талданған.

Ғылыми әдебиеттерде 1916 жылы жетісулық қазақтардың босқыншылыққа түсу себептері мен салдарына баға беруде біркелкі пікір жоқ. Сондықтан да осы мәселені нақтылы зерттей түсу қажет.

Зерттеу нәтижелері. Жетісу жерінде жергілікті халық, қазақтар мен қырғыздардың 1916 жылғы көтеріліс басталған кейін патша өкіметі көтерілісті басуға жазалаушы отрядтар жіберді. 95 рота, 24 казак жүздігінен тұратын, 16 зеңбірегі мен 47 пулеметі бар жазалаушы отрядтар Жетісудағы қазақтар мен қырғыздардың 94 ауылын ойрандап, 5377 үйін өртеп, 1905 адамын өлтіріп, 684-ін жаралап, 1105 адамын тұтқынға алды. Мұнымен қоса патша өкіметі шенеуніктері тарапынан қолдау мен қорғауға ие болған орыс қоныс аударушылары қарулы топтар құрып, қазақ пен қырғызды қырып жатты. Кінәлі ме, жоқ па деп қарап жатпай атып кету, өлтіріп тастау, тіпті, бала-шағасымен қырып жіберу жиі орын алуына орай бас сауғалаған 300 мыңға жуық адамды құрайтын жетісулық қазақтар мен қырғыздар Қытай жеріне асты. Соның нәтижесінде 1916 жылдың соңына қарай қазақтардың үлес салмағы Жаркент уезінде 73%-ға, Лепсі уезінде 47%-ға, Верный уезінде 45%-ға азайды (Қасымбаев, 2010: 162). Кейбір болыстықтарда қазақ түтіндерінің саны бірнеше есеге кеміп кетті. Мәселен, Верный уезіне қарасты Қызылбөрік болыстығындағы 1129 түтіннен 263 ғана қалып, түтін саны 4 еседен астамға қысқарды (ҚРОМА. 13-қ., 1-т., 1-іс, 52-п.).

Орталық Азияда көтерілістің орын алуы Ресейдің халықаралық беделіне белгілі дәрежеде өз нұқсанын тигізді. Көтеріліс басталған кезде Үрімжідегі қытайлық азаматтар арасында Ресей бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліс тауып жатқандықтан қазақтарды мобилизациялауда деген пікір қалыптасып, Ресейдің консулдығы қызметкерлеріне менсінбей қараушылық белең алды (Галиев, 2003: 265). Бұл жағдайды Жетісудан ағылған босқындардың Қытай жеріне келуі күрделендіре түсті.

Қытайға қазақтар мен қырғыздар ғана емес, майданның қара жұмысына шақырылған дүнгендер де өтіп кетті. 1916 жылғы шілденің ортасына қарай тыл жұмысына шақырылған дүнгендердің біразы өз туыстарымен бірге Ақсу мен Құлжа жаққа өтіп, қытайлық дүнгендер арасына қосылған еді. Соған орай Құлжадағы Ресей консулы Л.Г. Бродянский Жетісу облысының әскери губернаторы М.А. Фольбаумға дүнгендердің Қытайға қашуы қазақтар мен қырғыздарға үлгі болады деп дабыл қаққан еді.

Ресей консулының хабарлауынша, Құлжа өңірінде алғашқы қазақ босқындары 1916 жылғы тамыз айының ортасында пайда болған. 3 мың түтінді құрайтын бұл босқындарды бастапқыда жергілікті қытайлық әкімшілік елдің ішкі тыныштығына теріс әсер етуі мүмкін деп, оларды кері көшіріп жібергісі келді (ҚРОМА. 44-қ., 1-т., 38239-іс, 19-п.).

Қытай билігі Шыңжаңға Ресей иелігі аумағынан бас сауғалап барғандарды «босқындар» деп емес, «қашқындар» ретінде қабылдап, оларға қайырымдылық көмек жасаудан құтылуды көздеді. Шекарадан өтіп кеткендерді қуып шығуға әрекеттенді. Бірақ мұндай шараны шекара әскері күшінің әлсіздігіне байланысты атқара алмайтынын және оны қарумен шешудің тиімсіздігін Қытай билігі ескерді (Мұхаметханұлы, 2000: 213). Сонымен қатар босқындарды қайтаруды шұғыл түрде жүзеге асыру Шыңжаңдағы мұсылман халықтарының наразылығын туғызатындығын, оның соңы көтеріліске ұласып кетуі де ықтимал екенін назардан тыс қалдырмады (Галиев, 2003: 270).

Өз кезегінде Жетісу облысының әскери губернаторы Құлжадағы Ресей консулдығы арқылы қазақ босқындарын кері қайтуға шақырды. Ол өз мәлімдемесінде қайта оралған қазақтарға жаза қолданылмайтындығы жөнінде кепілдік беретінін де айтқан-ды. Бірақ әскери губернатордың мұндай ұсынысын қазақ босқындары Жетісуда қанды қырғын жалғасып жатқанына байланысты қабылдамады.

Қазақ босқындары патша өкіметінің жазалаушы отрядтары мен қарулы орыс қоныс аударушыларының халықты қыруды күшейе түскені жөнінде жаңа босқындар легі арқылы хабардар болып отырды. Мұндай қорқынышты хабарлардан шошынған босқындар Қытай азаматтығын алу жөнінде Шыңжаңдағы билік орындарына өтініштер білдіре бастады.

Жазалаушы отрядтардың қысымымен қазақ-қырғыз босқындары көп жағдайда Қытай шекарасын бұзып өткен. Сондай-ақ қытайлықтардың шекара маңына шоғырланған қазақтар мен қырғыздарды өткізіп жіберу үшін төлем ретінде 9 жорға, 9 арғымақ, 10 мың сом және 12 жамбы алған кездері де болған (Мендикулова, 1997: 86).

Қытай жеріне қашып келген босқындардың өзін орыс әскерлері шекарадан өтіп барып жазалауға ұмтылды. Сондай сәтте Тарбағатай өңіріне босып барған қазақтарды қытайлық қазақтар өз арасына қосып алып, орыс жазалаушы отрядтары жете алмайтындай, шекарадан қашықтау жерлерге көшіп кетіп отырды. Тарбағатайдағы қытайлық қазақтар жергілікті әкімшілікке өздерінің бұл әрекеттерін бүркемелеп, жиі көшу себептерін жердің жұтаңдығымен байланыстырды (Мұхаметханұлы, 2000, 210). Мұның астарын аңғарған Қытай билігі Бейжіңдегі ресейлік елшілікке патша өкіметінің жазалаушы отрядтары «бүлікшілердің» соңына түсіп, Шыңжаңға өтіп кетпеуі керек деген шарт қойды (Моисеев,2003: 307).

Қазақ-қырғыз босқындарының Шыңжаңдағы қандастары тарапынан қолдауға ие болуынан сескенген патша өкіметі Қытай билігінен «бүлікшілердің» басшыларын ұстап беруді талап етуін және орыс жазалаушы отрядының Шыңжаңға енуіне рұқсат сұрауын үдете түсті.

Шыңжаңдағы Қытай әкімшілігін ондағы әскердің санынан босқындар санының артып кетуі толғандырмай қоймады. Осыған қарамастан Қытай билігі орыс әскерлерінің Шыңжаңға еніп, босқындар арасында жазалау шараларын жалғастыруына қарсылық білдірді. Мұндай шараның жүзеге асырылуынан қытайлықтар да жапа шегеді деп, босқындар мәселесін бейбіт түрде шешуге кірісті (Мендикулова, 1997: 88). Осы мәселе бойынша Іле аймағының әкімі Яң Фичян Құлжадағы Ресей консулына жолығып, оған бас сауғалап келген қазақ босқындарын адамгершілік принциптері тұрғысынан орыс әскерлерінің қолына тапсыра алмайтынын ашық мәлімдей отырып, патша өкіметінің Жетісудағы отарлық әкімшілігінің қазақ босқындарын қуғындуын, жазалауын доғаруы керектігін талап етті.

Қазақ және қырғыз босқындарының Шыңжаңға барып орналасуын патша өкіметі Қытайдың «арандатушылық бағыттағы жымысқы әрекетімен» байланыстырып, Қытай азаматтарының Ресейге келуіне уақытша тыйым салды. Бұл шарадан Ресей иеліктеріне келіп сауда жасайтын қытайлық көпестер зиян көре бастады. Қытай өкіметі осыған қарамастан босқындарды Ресейге кері қайтару ісін қолға алуға асығыстық танытпады. Шығыс Түркістандағы Қытай әкімшілігі шенеуніктерінің арасында босқындармен жақсы қарым-қатынас орнатуға тырысқандар да болды. Ондай шенеунітер босқындарға белгі дәрежеде көмек ұйымдастырды және оларға қарақшылық жасап жүргендерден қорғану үшін біраз қару таратып та берді.

Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғаннан кейін Шыңжаңдағы мұсылман тұрғындар арасында Түркияға ілтипат танытушылық белең алып, Қашқардағы мешіттерде оқылған намаздар кезінде түрік каруының жеңіске жетуі тіленетін. Қалыптасқан осындай жағдайда Шыңжаңдағы елді мекендерде Осман империясы түріктерінің бой көрсетуі патша өкіметін бей-жай қалдырмады. Ресей консулдықтарының хабарлауына қарағанда, түрік азаматтары Қашғарда, Құлжада, Кучарда, Үрімжіде, Жаркентте және Хотанда байқалған. Патша өкіметі Шыңжаңға келген түрік азаматтары «Иттихад вә тәррәки» ұйымының мүшелері ретінде қазақ-қырғыз босқындарын жергілікті түркі-мұсылман халықтарымен бірге Ресейге және оның оның соғыстағы одақтастарына қарсы үгіттеуі мүмкін деп сезіктенді. Түрік азаматтарының әрбір қадамын, іс-әрекетінің астарын айқындауды патша өкіметі Шыңжаңдағы консулдықтарына тапсырды. Осыған байланысты Ресей консулдығының кызметкерлері Англияның консулдығы қызметкерлерімен бірлесіп, Қытай билік орындарына шағым түсіру арқылы, түрік азаматтарының бірқатарын германдық тыңшылар ретінде Шыңжаңнан кетіруге қол жеткізді. 

Османдық түріктердің қазақ-қырғыз босқындарына ықпалы болуы мүмкін деген патша өкіметінің күдігі негізсіз емес тұғын. Өйткені 1916 жылдың тамыз айының соңына қарай Мұзарт арқылы Қытай шекарасынан өтпек болған босқындар шоғырын казактар жүздігінің қоршауынан Шыңжаңда жүрген 4 түрік азаматының құрған жасағы аман алып шыққаны отарлық билік орындарына мәлім еді (Солтонаев, 1993:126). Бұл түрік азаматтары 1915 жылы Кавказдағы соғыс майданында әскери тұтқын ретінде қолға түсіріліп, Қапалға жіберілген болатын (ҚРОМА. 44-қ., 18274-іс, 1-п.). Олар кейіннен, көтеріліс кезінде Қапалдан қашып шығып, Құлжаға өтіп, ондағы Мұсабаев деген ұйғырдың көмегімен босқындарға қолдау көрсетуге ниет танытқан.

Жетісудан эмиграцияға кетушілер легінің жуық арада бәсеңдей қоймайтындығын ескерген қытайлық билік 1916 жылдың қыркүйек айынан Шыңжаңға босқындардың енуіне тосқауыл қою шараларына кірісті. Мұны жүзеге асыра алмаған әскери шенеуніктер жазаланатын да болды. Мәселен, Файзабад гарнизонының бастығы Жетісу қазақтарының шекарадан өтіп кетуіне жол бергені үшін Қашғар титайы тарапынан қатаң сөгіс алды.

Қытай билігінің мұндай шараларына қарамастан, Жетісудан қазан- қараша айларында шекарадан өтуге талапынған қазақтар мен қырғыздардың саны арта түсті. Қытайлық әскерилердің тосқауыл қойғанын аңғарған босқындар, шекараның тау шатқалдарындағы осал тұстары арқылы Шыңжаңға өтіп кетіп жатты. Мұндай босқындарды кері қуып шығуға Шыңжаңдағы қытайлық қазақтар мен қырғыздардың өз қандастарының тағдырына алаңдаушылық танытуы кедергі келтірді.

Қазан-қараша айларында тау шатқалдары арқылы Қытайға өтіп жатқан босқындарға жазалаушы отрядтардың қуғындауының екпін алуымен қатар, ауа райының суып кетуі өзіндік қиындықтар туғызды. Босқындар үсікке шалдықты. Олар айдап шыққан малдың біразы тау шатқалдарын қар басып қалуынан, шөптің тапшылығынан қырылды.

«Бүлікшілердің» Шыңжаңға өтуіне жол бермеу үшін патша өкіметі шекара маңына тосқауыл отрядтарын қоюды да жүзеге асырды. Мұндай тосқауыл отрядтары пулеметпен және зеңбірекпен атқылап, көптеген босқындар легінің жолын кесті. Соған орай Мұзарт арқылы шекарадан өтуге талпынған босқындардың біразы Қытай жеріне жете алмай қалды. Бұл босқындар кері қайтуға жазалаушы отрядтың қырғынынан үрейленіп, қысты тау шатқалдарында өткерді. Мұзартта қалған босқындардың 2 мыңға жуық адамы аштықтан және суықтан өлді (Солтонаев, 1993, 125).

Қазақ-қырғыз босқындары жазалаушы отрядтардың тонауынан және жолда қырылған малының аман қалғанын Қытай жеріне айдап барғанда сондағы қалмақтардан құрылған қарақшылар тобына тағы тоналды (ҚРОМА. 9-қ., 1-т., 98-іс, 2-п.).

Қытайға бас сауғалап барған босқындар Шыңжаңның алты аймағына – Іле, Тарбағатай, Алтай, Қашқар, Ақсу және Байынғұлын аймақтарына шашырай орналасты. Оның ішінде босқындар ең көп барған аймақтар Іле мен Тарбағатай болды. Шамамен 200 мыңдай босқын Іле аймағын паналады.

Босқындардың қатарында мал-мүлкінен айырылғандардың саны тым көп еді. Ондай босқындарға Қытай жерінде босқыншылықтың тақсіретін тартуға тура келді. Өз жерінде жазалаушы отрядтардың ойранын бастан өткеріп, Шыңжаға жеткен қазақ-қырғыз босқындарының ауыр жағдайға душар болғаны жайлы М. Дулатов былай деп жазған-ды: «Жаяу, үй-күйсіз Қытай жеріне жеткенде қар жауды, қыс түсті. Онда жаны ашитын жан таба алмай, қара басты. Аштан өліп бара жатқан соң қалмақ, қытайларға бала-шағаларын сата бастады. Адам базары ашылып, баланың құны бір шелек бидайға шықты. Бой жеткен қыздарын, жас келіншектерін қаны қара қалмақтар алып кетті. Аш-жалаңаш, аузына не түссе, соны жеп, қайда болса, сонда жатып, неше түрлі дертке ұшырап тағы қырылды. Бақытсыз сорлылардың мұң-зарын, көз жасын естір құлақ, көрер көз болмады. Туған жер, өскен ел, кешегі бастан кешкен қызық дәурен көздерінен бұл-бұл ұшты. Мыңды айдап, жүзді сапырып шалқыған байлар бір үзім нанға зар болды. Әлпештеп өсірген балалары телміріп, көрінгеннің көзіне қарап, мойнына дорба салып қайыршы болып кетті. Бай-кедей, жас-кәрі, жақсы-жаман айырмасы бітіп, бәрі бірдей сорлы болды. Бәрі бірдей мұңлы болды. Атадан ұл, анадан қыз, жардан жар айырылды. Жүрек қанға, көз жасқа толды» (Дулатов, 1918: 4).

1916 жылы желтоқсанда «бүлікшілердің басшыларын» ұстау мақсатында Шыңжаңның аумағына енуге қол жеткізген жазалаушы отряд қазақ-қырғыз босқындарының мүшкіл хәліне куә болды. Казак жүздігінен тұратын бұл отрядтың басшысы, старшина Бычков аптасына екі күн – дүйсенбі және бейсенбі күндері болатын базарда аштық қырсауына іліккен босқындардың қыздарын ғана емес, ұл балаларын да сатып жатқанын өз көзімен көрді. Ол Жетісу облыстық әскери губернаторына берген мәлімдемесінде: «Үштұрпандағы біздің қазақ, қырғыздардың кедейлігіне таң қалмасқа шара жоқ. Мұндай жағдайда олар көктемге қарай барлық малынан ажырап, өздері де сүзек пен қарқұлақ ауруларынан өліп бітеді» (Махаева, 2007: 291) – деп жазды.

Ашыққан босқындарға қытайлық қандастары мен діндестері қамқорлық танытып, оларға азық-түлік таратып беріп тұрды. Бірақ мұндай қамқорлық саны жағынан тым көп босқындардың жағдайын түзете алмағандықтан елді мекендерде қайыр сұраушылар малайлыққа жалданушылар қаптап жүрді (Солтоноев, 1993:127).

Тамақ іздеп төңіректі шарлап кетуші босқындардың көбеюі Шыңжаңдағы билік орындарын әбігерлікке түсірді. Үштұрпандағы әскери мекеме тарапынан босқындарды Ресей иелігі аумағына қайтару керек немесе оларға үкіметтік деңгейде көмек көрсету қажет деген мазмұндағы пікір білдіріле бастады.

Тарбағатайдағы шекара күзетінің басшылығы қазақ «қашқындарын» тамақтандыру «бүлікшілерді» қамқорлыққа алумен бірдей, ал оларды қырып тастау дипломатиялық дауға қалдыратынын айтып, үкіметтен бұл мәселе бойынша нақтылы нұсқау сұраған еді. Бұған қайтарылған үкіметтің жауабында былай делініп көрсетілді: «Ресей қазақтарының Қытай жеріне қашып келуі – орыстардың оларды қырғындауынан бой тасалау екен. Егер оларға әскер жұмсап шабуыл жұмсайтын болсақ, онда олар барар жер таппай тәуекелшілікке басып, жеріміздің тас-талқанын шығаруы сөзсіз. ... Оның үстіне Ресейге келген қазақтар көп, біздің Тарбағатайдағы әскеріміз аз, оларға шабуыл жасалған күннің өзінде, олардан басым түсіп жеңіске жете қоюымыз неғайбыл. Онда мемлекетіміздің абыройына нұқсан келтіреміз, сондай-ақ соғыстың соңын тоқтату қиынға соғады. Сондықтан бейбіт жолмен Ресей қазақтарын кері қайтарып жіберу – ұтымды саясат болады деп ойлаймыз. Қысқасы, Ресей қазақтарын бағуға да, қыруға да болмайды. Оларды кері қайтарудан басқа шара жоқ. Жағдайға қарап жұмыс істеңдер»  (Мұхаметханұлы, 2000: 214).

Қытай билігі босқындарға Ресей үкіметі кешірім жарияламайынша, оларды кері қайтару мүмкін емес екенін ескеріп, бұл мәселе бойынша 1917 жылдың бас кезінен бастап, Ресей елшілігімен келіссөздер жүргізуді қолға алды. Сонымен бірге босқындардың толық тізімін алу бағытындаы шараларды жүргізіп, босқындардың қандай шарттар бойынша Ресей иелігіне қайта оралғысы келетіндіктерін айқындауға тырысты (Галиев, 2003: 270).

Түркістан генерал-губернаторы А.Н. Куропаткин босқындарды елге қайтару үшін олардың біріншіден, өздерімен бірге алып кеткен орыс тұтқындарын қайтаруы тиістігін, екіншіден, қолдарындағы қаруларды жасырмай, түгелдей тапсыруы керектігін, үшіншіден, «бүлікке» бастаған басшыларын ұстап беруі қажеттігін, төртіншіден, жасаған «бүліктері» үшін өкініштерін білдіріп, тыл жұмысына «реквизициялау туралы» патша жарлығының барлық талаптарын орындауға міндеттенуін, бесіншіден, бұрын пайдалануында болған жерлердің «орыс қаны төгілгені үшін» қазыналық қорға алынып қойылатындығына көнуін қалады. Ресей үкіметі бұл шарттарды орындатуға мәжбүрлеу істі асқындыратынын ескеріп, алдымен қайтуға ниет танытқан босқындардың қолдарындағы қаруларды жинап, «бүлікшілердің» басшыларын тұтқындап алу керектігі жөнінде ұйғарым жасады. Қытай билігі Ресей тарапынан «бүлікшілердің» басшысы ретінде ұсынылған тізімдегі 54 адамды ұстап беру босқындардың кері оралуына кедергі келтіреді және мұны жүзеге асыру қақтығыс тудыруы мүмкін деген пікірде болды. Бірақ Ресей шенеуніктерінің талап етуімен Қытай билігі 54 адамның бәрін емес, оның 12-сін ұстауға келісім берді. Сөйтіп, 1917 жылдың 7 ақпан күні старшина Бычковтың жазалаушы отряды Ақсудағы босқындар арасынан қазақтардан Б. Исабековті, қырғыздардан Ә. Әлібековті, А. Мусинді, Б. Боранбаевты тұтқынға алды.

Осындай шаралардың жүзеге асырылуымен патша өкіметі Шыңжаңдағы босқындардың кері оралуына Ресей шекарасының ашық екенін мәлімдеді. Бірақ патша өкіметі Қытай билігі талап еткендей «қашқындарға» кешірім жариялап, оларға елге оралғанда жаза қолданбайтындығына кепілдік бермеді. Бұл өз кезегінде босқындардың кері оралуға құлшыныс таныта қоймауына алып келді. Соған байланысты Шыңжаңдағы Қытай билік орындары «қашқындар» арасында Ресейге оралуды насихаттаған жұмыстар жүргізе бастады. Мәселен, Ақсудағы 2 мыңдай адамды құрайтын қазақ босқындары Ресей иелігіне оралудан бас тартқанда, олардың арасында жергілікті әкімшілік өкілдері насихат жұмыстарын жүргізді.

Насихат жұмыстарының жүргізілгеніне қарамастан, Ақсудағы «қашқындар» өздерінің кедейленгеніне байланысты кері орала алмайтындығын, әрі патша өкіметінің жазалау шараларынан сескенетіндітерін айтып, әлі де Қытай жерінде қала беруді қалайтындықтарын білдірген.

Қазақ босқындары бұрын сатып жіберген ұл-қыздарының тағдырына алаңдап, кері оралуға құлық танытпады. Олар өздерінің саудаға түскен ұл-қыздарын билік орындары қайтарып әперсе, оралуға даяр екенін білдіріп жатты. Бұл талапты орындауға Шыңжаңдағы билік орындары шартты түрде уәде берді.

Қытай билігі бейбіт түрде Шыңжаңды босқындардан тазартуды мақсат етіп қойып, оған қол жеткізу үшін барлық амалды қолданды. Жергілікті әкімшілік орындар аш босқындарға шамалы болса да азық-түлік беріп, оларды шекараға дейін шығарып салып тұрды. Ресейден келген босқындарды шығарып салу ісін жақсы атқарған аудан әкімдеріне үкімет сыйлық беріп марапаттады.

Тамақ беріп, шығарып салудың жолға қойылуы босқындардың шегараға жетуін едәуір жеңілдетті. Бірақ босқындарды кері қайтару қыстың күні жүргізілуі көп қиындықтар туғызды. Суықтан босқындардың жас өспірімдері арасында өлім-жітім көбейді, егде тартқан және ауру босқындар жол-жөнекей көз жұмып, көмусіз қалып жатты (Солтоноев, 1993:130).

Босқындардың алғашқы легінің атамекенге оралуы аса қайғылы жүрді. Бұл кезде патша өкіметінің Жетісудағы отарлық әкімшілігі Жер шаруашылығы министрлігімен бірлесіп босқыншылыққа ұшыраған қазақтар мен қырғыздардың жерінің бәрі қоныс аударушылар пайдасына алынуы тиіс деген шешім қабылдап, Жетісуда таза орыс ауданын құруды ойластырып қойған еді (Абдиров, 2000: 275). Сондықтан да қоныс аударушылар босқындардың Жетісуға оралуын қаламай, оларды шекарадан өткен сәтте қарумен «қарсы алып», қанды қырғынды қайта жалғастырды. Мұндай жағдай босқындардың оралуына зор кедергі келтірді.

Шыңжаңдағы босқындардың өз жеріне оралу үдерісі тежеліп  қалғалы тұрған шақта оған 1917 жылғы Ақпан революциясының нәтижесінде патша өкіметінің құлауы және Уақытша үкіметтің 1916 жылғы көтеріліске қатысушыларға 7 наурыз күні кешірім жариялауы серпін берді (ӨРОМА. И-1-қ., 31-т., 1136-іс, 11-п.).

1917 жылдың көктемінен бастап босқындардың елге оралуы жиілей түсті. Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті мүшесі М. Тынышбаевтың мағлұматынша, шілдеге дейін өз жеріне шұбырып жеткен босқындардың саны 69 мың адамды құраған. Сол мерзімге шейін Қытай жеріндегі аштықтан, түрлі аурулардан және оралған кезінде қоныс аударушы орыс шаруалары құрған қарулы топтың қолынан 83 мың босқын қаза тапты..

Небір қиындықтарды бастан кешкен босқындар атамекенге жеткеннен кейін жаңа тауқыметке тап болды. Босқындар бұрындары өздері орналасқан жердің қоныс аударушылар қолына өтіп кеткенін аңғарумен қатар, азық-түлік тапшылығынан қайтадан аштыққа ұрына бастады. Оның үстіне қоныс аударушылардан құралған қарулы топтардың қырғынға ұшыратуды доғара қоймауы жағдайды аурлатып жіберді. Осыған орай Жаркент уезінен Уақытша үкіметтің Түркістан комитетіне жолданған жеделхатта Шыңжаңнан оралған албандар мен суандар қару-жарағы жиналып алынбаған орыс қоныс аударушылары тарапынан қырғынға ұшырап, ашығып, жемтік жеп жатқандығы, олардың үкіметтік көмекке зәру екені айтылған еді (ӨРОМА. И-1044-қ., 1-т., 5-іс, 6 п.).  

Қытай жерінен қайтқан босқындарға бірінші қол созып, жанашырлық танытқан Жетісу облыстық Қазақ комитеті болды. Бұл қоғамдық-саяси ұйым тек жанашырлық танытып қоймай, босқындарды орналастыруға ыңғайлы жерлерді белгілеп, қоныс аударушы орыстар төндірген қауіптен қорғап, жұмыс тауып беру, аштарға тамақ беретін пункттер ашу сияқты нақты көмектер ұйымдастырды.

Екі бағыт бойынша, Ақсу мен Құлжа жақтан арып-ашып қайтқан босқындарды қоныс аударушылардың қарулы тобының қолынан қырылып кетпеуі үшін қауіпсіздеу жерге орналастыру ісі аса маңызды болды. Сондықтан Жетісу облыстық Қазақ комитеті 1917 жылы 12-13 сәуір күндері өткен облыстық қазақ съезінде қабылданған босқындарды орналастыру шешімді жүзеге асыруды қолға алды. Съездің шешімі бойынша Қашқар, Ақсу аймақтары жақтан қайтқан босқындарды Пржевальск жақтағы қауіпсіздеу жерлер Ұлар, Семізбел, Тоң өңірлеріне, Пішпек уезінің Қошқар, Сусамыр, Жұмғайт аңғарларына, Нарын жақтағы Тоғызтарау, Құланақ, Аңдалы өңірлеріне, Құлжадан қайтқандарды – Верный уезінің шығыс жағына және Жаркент уезінің Шонжа, Шөлтатыр аңғарларына, Бесқарағай мен Қарқара өңірлеріне орналастыру қарастырылған болатын. Бірнеше мың десятина аумақты алып жатқан бұл жерлер қазыналық жерлер болып саналатын. Жетісу облыстық Қазақ комитетінің төрағасы И. Жайнақов 26 сәуірде Түркістан комитетінің төрағасы Н.Н. Щепкинге съездің бұл шешімін жолдай отырып, оны іске асыруда қақтығыстар, түсінбеушіліктер тумауына және босқындарға арнап тамақтандыру пункттерін ұйымдастыруға билік орындарының кепілдік бергені жөн екенін мәлімдеді.

Жетісуға оралған босқындар жағдайы Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов секілді қазақ қайраткерлерін шет қалдырмады. Олар «Қазақ» газеті арқылы қазақ жұртын  босқындық тауқыметін тартқандарға көмек көрсетуге шақырды. Олар жақсы істі өздері бастап, елге үлгі бола білді. Мысалы, М. Дулатов бұрын патша өкіметі қолына түспей, сақталып қалған мың дана «Оян, қазақ!» шығармасының ақшасын босқындарға арнадым деп мәлімдеді. Мұқтаждықтың мол шырмауына қалған босқындардың  бұл азаптан тезірек шығуына беріліп жатқан жәрдемдер әлі де аздық ететінін түсінген Ә. Бөкейханов Түркістан комитетінің мүшесі М. Тынышбаевқа қазынадан қаражат бөлдіру керек деген кеңес берді.

Түркістан комитеті 13 мамырда  елге оралған босқын қазақ-қырғыздың қайыршылық жағдайын ескеріп, Жетісу облыстық Қазақ комитетіне 100 мың сом бөлді. Бұл қаражатқа Қазақ комитеті Қытайдан оралған босқындарға жәрдемақы, азық-түлік беруді ұйымдастырды.

Елге оралған босқындарға көмек көрсетуде Пішпек уезіне қарасты Қарақоңыз қыстағындағы Бұлар Магуев бастаған дүнгендер де тартылды. Олар екі айдан аса уақыт 1700-дей аш босқындарды асырап тұрды. Сонымен қатар босқындарға күрке жасап алу үшін 20 мың бау қамыс және отын мен суын тасуға деп 7 арба бөлді.

Ресейдегі 1917 жылғы ақпан революциясынан кейін де Қытай жерінде қалып қойған босқындар да көмеккке зәру еді. Осындай қиын жағдайдағы қазақ-қырғыз босқындарына Ресейдегі және Шыңжаңдағы өзге түркі-мұсылман халықтары қол ұшын соза білді. Мұның жарқын үлгісі ретінде Құлжада С. Ювашев төрағалық ететін, 38 адамнан тұратын «Босқын қырғыздарға жәрдем комитетінің» құрылуын айтуға болады. Бұл комитет құрылған бетте босқындарға жәрдем есебінде Құлжа мұсылмандарынан З. Алдияров 1000 сом, «Тяньшан» серіктігінен Низамалдин 1000 сом, М. Қабылбаев 500 сом, ағайынды Ювашевтар 400 сом, М. Сабыров 200 сом, С. Хасенов, Х. Барақов, М. Абулқасымбаев, Қ. Мұқтаров, Инғалжан ахун, Р. Ахунбабаев 100 сомнан және басқа кісілер өз үлестерін қосты. Бір көңіл аударарлық жағдай, Құлжа тұрғыны Хасен қажы Мұсабаев мыңға жуық босқындарды бағып, осы мақсатта 35 мың сом өз қаржысын жұмсайды. Ал босқындарға жәрдем комитеті ашылғанда тағы да 1 мың сом ақша қосады.

Құлжадағы жәрдем комитеті атына мамыр айында Жетісу облыстық Қазақ комитетінен 10 мың сом, Орынборда шығып тұрған татар тіліндегі «Вакыт» газеті басқармасынан 598 сом, Ырғыз уезіндегі қазақтардан 251 сом, Павлодар мұсылмандары комитетінен  275 сом, Ақтөбе мұсылмандары бюросынан 300 сом, Семей мұсылмандары комитетінен 1 мың сом, Түркістандағы Нәсіровтен 100 сом, Омбы имамынан 117 сом, Троицкідегі Яушевтан 835 сом, Құлжа мұсылмандарынан 1240 сом, барлығы 14716 сом қаржы жиналады (Қойгелдиев, 1995: 282).

Қытай жерінде қалып қойған босқындарға көмек көрсетуді мақсат тұтқан Құлжадағы комитет Текес маңындағы босқындар туралы мәлімет жинап, сол төңіректегі қытайларға және дүнгендерге сатылып  кеткен босқындардың әйелдері мен қыздарын босатып алу үшін төрт адамнан тұратын комиссия құрды. Ондай босқындарды босатып алуға, яғни қайтадан сатып алуға комиссия комитеттің есебіндегі халықтан жиналған қаражатты пайдалатын болды.

Жетісулық босықындарға көмек ұйымдастыру барысында қазақ және қырғыз халықтарының өзара туыстық қатынасы жаңа қырынан көріне білді. Қазақ жұрты жетісулық босқындарға жәрдем көрсеткенде оларды қазақ, қырғыз деп бөліп жармады. Босқындарға жәрдем берушілердің арасында 46 сом жинап жіберген Петропавл уезіндегі Пресногорков мектебінде оқитын шәкірттер, 312 сом жинаған шалқарлық мұғалімдер, 745 сом жинаған Басқұншақтағы «Игілік қауымы», халықтан 1 мың сом ақша жинап жіберген Омбыдағы «Бірлік» қауымы бар еді. Жәрдем қорына жалақысының 5%-ын бергендердің арасында Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Есболв, Ә. Бірімжанов, Р. Мақатов және басқалар болды. Босқындарға көмек ұйымдастыру барысында орын алған елеулі оқиғаның бірі қырғыз халқының ағартушы ғалымы И. Арабаевтың қазақ халқына үндеуінің жариялануы еді. Ол өз үндеуінде босқын қырғыздарға белсене қамқорлық танытқан Жетісу облыстық қазақ комитетінің төрағасы И. Жайнақовқа алғысын білдіре отырып, қырғыздардың әлі де жәрдемге мұқтаж екенін білдірген еді (Қойгелдиев, 1995:285).

Босқындарға елдің түпкір-түпкірінен түрлі көмек көрсету ұйымдастырылып жатқанда қоныс аударушы орыс шаруаларының қарулы тобы қоқан-лоқы көрсетуін үдете түсті. Олар босқындар арасында тұтқын орыстар бар, соларды құтқару керек деп тінтулер жүргізе бастады. Сондай топтың бірін басқарған Зимин Уақытша үкіметтің Жетісу облыстық комиссарының атына: «Босқын қазақ-қырғыздың арасында әлі күнге тұтқын орыстар бар көрінеді, бірақ оларды қайтарар ойлары жоқ. Босқындар орыс делегаттарын оқпен қарсы алды. 9 шілде күні екі адамды ғана құтқару мүмкін болды. Бүлікшілерге ықпалы жүретін комиссар Тынышбаевты Қытай маңына орыс тұтқындарын қайтаруға үгіттеу үшін жіберуді сұраймыз. Егер босқын қазақтар мен қырғыздар тұтқындарды босатпаса немесе өлгендердің көмілген жерін көрсетпесе, тамақтандыру пункттерін ашуға, елге оралғандардың онда тамақтануына жол бермейміз» (ҚРОМА. 9-қ., 1-т., 68-іс, 1-п.), – деген мазмұнда жеделхаттар жіберіп, аштан бұралған, ауру-сырқау босқындарға азық-түлік комитеттерінен тамақ беру секілді істерге барынша қарсылық көрсетіп бақты.

Жетісуға Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті мүшелері ретінде 1916 жылғы көтерілістің ауыр салдарын жою, облыста ұлтаралық келісім орнату және жаңа биліктің органдарын құру істеріне көмектесу үшін арнайы іссапарға жіберілген М. Тынышбаев пен О. Шкапский Шыңжаңнан оралған босқындар мәселесіне ерекше мән беріп, оған орталық билік орындарының назарын аудартуға күш салды. Мәселен, О. Шкапский  Министрлер Кеңесінің төрағасы князь Г. Е. Львовқа, Уақытша үкіметтің бірқатар министрліктеріне, Түркістан комитетінің төрағасы Н.Н. Щепкинге, Мемлекеттік думаның Мұсылман фракциясына және «Речь», «Дело народа» секілді т.б. газеттердің редакцияларына жеделхаттар жолдап, өз көзімен көрген Жетісудағы қайғылы жағдайды мынандай мазмұнда жеткерді: «Бірінші маусымда уездік комитеттің, комиссияның басқа мүшелерімен бірге Жырғалаң және Түп өзендерінің жоғарғы сағасына келіп жеткен Қытайдан оралған босқындардың үш қосынында болып қайттым. Олардың ауыр тұрмысы адамды есеңгіретіп тастағандай. Адамдардың үстіне киген киімдері алба-жұлба, әбден тозған, балалар өте аз, барларының көпшілігі тамақтың жетіспеуінен рахит ауруына шалдыққан. Бой жеткен қыздар мен жас келіншектер жоқтың қасы, олар қытайлық Түркістанда нанға сатылған. Киіз үй дегеніміз таяққа қыстырылған ескі киіздің қиындылары, мал басы өте аз, оны да Қытай жерінде тонап алған. Таудағы керемет жайлаулар өмірсіз. Ең жаманы сол – босқындар аштықтан қырыла бастады. Қарқараға бара жатқан жолда көмусіз қалған жиырма адам тәнін кездестірдік, олардың арасында бірнешеуі балалрдікі. Орыстардың қырғыздарға қатынасы адамгершілікке жатпайды. Олардан шыққан қарақшылар қарғадай тап беріп, қырғыздардың Қытай Түркістанынан аман алып келе жатқан малдарын тартып алуда. Мен келер қарсаңда Түпке демалысқа келген солдаттардан құрылған бандылар шабуыл жасап, жұмыс істету үшін малымен үш отбасын ала кеткен. Жолда оларға малдарын сойғызып, астырып, тамақ ішіп болған соң ақшаларын алып, өздерін атып кеткен. Аман қалған бір әйел маған келіп, болған істі түсіндіріп, шалажансар жас сәбилердің өлген ата-аналарының үстімен қалай еңбектеп жүргенін көргенін айтты. Қарақшыларды іздеу басталды. Бұл жалқы көрініс емес» (Қойгелдиев,1995: 277).

Жергілікті халқының біраз бөлігі босқыншылыққа ұшыраған Жетісу облысында қалыптасқан ауыр жағдайды жан-жақты талдап, қорыта келіп М. Тынышбаев пен О. Шкапский Петроградтағы үкімет орындарына, Ташкенттегі Түркістан комитетіне дағдарыстан шығудың өздері ұсынған жолдарын баяндаған бірнеше мәлімдемелер жолдайды. Оларда мынандай ұсыныстар жасалған еді: 1. Ең алдымен Қытайдан оралып жатқан босқындарды жерге орналастырып, оларға үй-жай, азық-түлік және ақшалай қаржы түрінде көмек көмек көрсету. 2. Құрылыс материалдары мен ақшалай көмек көтеріліс нәтижесінде күйзеліске ұшыраған қоныс аударушылардың 9989 қожалықтарына да берілмейінше облыста ұлтаралық жарасымдылық орнамайды. 3. Облыстағы ашаршылықпен тиімді күрес жүргізу үшін астық монополиясын енгізу. Ол басы артық астықты жиып алып, мұқтаж болып отырғандарға тең бөліп беру мүмкіншілігін туғызады. 4. Күн өткен сайын панасыз қырғыз бен қазақ ауылдарын тонаушылықтың, оларға қарсы жасаған түрлі зорлық-зомбылықтың кең қанат жаюына байланысты мемлекеттік билік жүйесін петроградтан, Ташкенттен интеллигент-кадрлар жіберу арқылы күшейте түсу, әсіресе сот ісін жүргізе алатын мамандар жіберу. 5. Қазақ пен қырғызды осындай ауыртпалыққа алып келген 1916 жылғы көтерілістің негізгі себебі – әділетсіз қоныс аудару саясаты. Сондықтан да үкімет осы жағдайды ескере отырып, бір жағынан, ішкі Ресейге қайтадан қоныс аударуды қалайтын отбасыларына қаржылай көмек көрсетіп, екінші жағынан, керісінше ішкі Ресейден қазақ және қырғыз жерлеріне шұбырған қоныс аударушылар легін тоқтатуды көздейтін шаралар белгілеу керек. Қоныс аударушылар құрған қарулы топтарға 1917 жылдың ортасына қарай соғыстан қашқан солдаттар мен ақ билеттілер (әскер қатарынан босап шыққандар) келіп қосылуымен босқыншылыққа түскен жергілікті халықтың мал-мүлкін тонап алу үйрешікті әдетке айналды (ҚРОМА. 9-қ., 1-т., 68-іс. 2-п.].

Покровский селосындағы шаруалар құрған 30 адамдық қарақшы топ 6 маусым күні Үштұрпаннан оралған босқындардың 59 жылқысын, 32 ірі қара малын, 400 қойын тартып әкетті. Пішпек уезінде осындай қарулы топ бір түнде Геогриевка селосында 3 қазақ пен 8 қырғызды өлтіріп, жергілікті халықтың мүлкін тартып алған.  Босқындар орналастырылған Тоң өңірінде 20 адамнан тұратын қарулы топ 42 адамды өлтіріп, 15-ін жаралап, қолдарына түскен мал-мүлікті алып кеткен. Жүгенсіз кеткен қарулы топ босқындарға ойран салғаны соншалықты, қазақ босқындарының тартып алар мал-мүлкі болмаған жағдайда, олардың қыздары мен әйелдерін масқаралап кететіп отырды.   

Мұндай қарақшы топ мүшелерін Жетісу облыстық Қазақ комитетінің төрағасы И. Жайнақов бастаған жергілікті ұлттық зиялы қауым өкілдері жазаға тартылуын талап етіп, облыстық билік орындарына, одан қалды Түркістан комитетіне сұраулар салды. Қазақ комитеті жанынан қылмыскерлердің ісін қарайтын халыққа жайлы сот құру керек деген ұсыныс та білдірді. М. Тынышбаев пен О. Шкапский де қарақшыларды тезірек соттауды жүзеге асыру үшін уақытша сот құруға Әділет министрлігінен рұқсат сұрады. Бірақ бұл шаралардың бәрі жоғары билік тарапынан қолдауға ие бола қоймады.

Түркістан өлкесі қазақтары мен қырғыздарының 1917 жылы 2-5 тамыз аралығында Ташкентте өткен жалпы жиналысында Жетісуда қалыптасқан жағдай арнайы қаралып, Соғыс министріне, Ішкі істер министріне, Пероградтағы жұмысшы және солдат дептутаттары кеңесіне орыс шаруларының қолынан қару жиналып алынсын деген жеделхат жіберілді. Сонымен бірге қабылданған қаулыда  босқын қазақтар мен қырғыздардан 1916 жылы тартылып алынған малдың құны қазақ-қырғыз ұйымдарына берілуі керектігі талап етіліп, Сырдария, Самарқан және Ферғана облыстарындағы ұлттық ұйымдардың «Бірлік туы» газеті арқылы қазақ-қырғыз босқындарына жәрдем пұл жинауға атсалысуы қажеттігі аталып көрсетілді.

Жетісу өңіріндегі босқыншылықты бастан кешкен қазақтар мен қырғыздардың Уақытша үкімет жағдайында қоныс аударушылар тарапынан қысымшылық көріп жатқаны өзге өңірлердегі жұртшылықтың қынжылысын тудырды. Жетісудағы қанды оқиғаларға тыйым салуға билік орындарының назарын аударту мақсатында 1917 жылдың 15 тамызы күні Ташкент қаласының мұсылман тұрғындары демонстрацияға шықты. Осы демонстрация жөнінде «Бірлік туы» газетінде былайша мәлімделді: «Ташкентте мұсылмандар Жетісу оқиғалары тақырыпты демонстрация (қыр көрсету) жасады. Бұған шаһардағы сарт, ноғай, қазақтан көп адам қосылды. Демонстрация күндіз сағат 1-2 шамасында басталып, кешкі 9 шамасында тарқады. Демонстрацияшылар 3-4 ту көтеріп, өлең айтып көшелерді аралады. Туларда «Бітсін зорлық, жасасын туысқандық» һәм «Бітсін Жетісу қырылысы» деп жазылған».

Түркістан өлкесіндегі жетісулық қазақтар мен қырғыздардың басына түскен ауыр жағдай 1917 жылдың 12-15 тамызы аралығында Уақытша үкіметтің ұйымдастыруымен Москвада өткен Мемлекеттік мәжілісте әзірбайжан халқының көрнекті қайраткері Ә. Топчибашев тарапынан көтерілген-ді. Ол елдегі қоғамдық-саяси ұйымдардан, армиядан, кооперативтерден және түрлі мекемелерден 2414 өкіл қатысқан осы мәжілісте жетісулық босқындардың Қытайда, сондай-ақ елге оралған кезінде 83 мыңының аштықтан, түрлі аурулардан әрі қуғын-сүргіннен көз жұмуын мұсылман халықтары мүддесінің ескерілмеуінің айқын көрінісі ретінде бағалады (Топчибашев, 1999: 80).

Семей өңіріндегі қазақтар арасында да Жетісудағы қанды оқиғалар айыпталды. Соған орай Р. Мәрсеков төрағалық ететін Семей облыстық Қазақ комитеті жетісулықтарға мынандай ұсыныс та білдірді: «Жетісудағы қазақ, қырғыз өзіңді-өзің сақтамасаң, сендерді қорғайтын өкімет жоқ деп біліңдер. Жақсылықты аспанға қарап, жоғары ауылдар өзі әкеліп етегіме салар деген үміттен безу керек. Ұлт қазынасына пұл жинап, жігіттерден милиция құру керек» (Махаева, 2008: 308).

Түрлі күштердің талап етуімен Уақытша үкіметтің Түркістан комитеті 1917 жылдың қыркүйек айында Жетісу облысында әскери жағдай жариялап, қарақшылық істерді тексеру үшін тергеу бригадасын жіберді. Сонымен бірге мұның артынша, яғни 6 қазанда Уақытша үкімет 1916 жылғы көтерілістің Жетісудағы зардаптарын жою үшін қазынадан 11 млн. 150 мың сом бөлді. Бұл қаржының 6 млн. 150 мың сомы орыс қоныс аударушыларына, 5 млн. сомы жергілікті халыққа берілуі тиіс болды. Жергілікті халыққа бөлінген қаржыдан әр түтінге 100 сом көлемінде беру көзделді.

Босқындардың жағдайын жақсарту үшін тек қаржылай көмек ғана емес, 1916 жылғы көтерілістен кейін шиеленісе түскен ұлтаралық қатынасты реттеу керек еді. Өйткені Жетісудағы орыс жұртының арасында қазақтар мен қырғыздар тағы да көтеріліс жасағалы жатыр екен деген өсек құйындай кезіп жүрді. Мұны естіген орыс жұрты үрейленіп, билік орындарынан әскер гарнизондарын үлкейтуді, олардың құрамына демалысқа келген солдаттарды, әскер қатарынан босап келгендерді алуды талап етті. Мұндай өсектер шындық есебінде Петроградтағы үкімет орындарына да жетіп жатты. Ал үкімет орындары, өз ретінде, жергілікті басқару орындарынан орыс жұртын «бұратаналардың» шабуылынан қорғау мақсатында нақты шараларды іске асыру жолдарын қарастыруды тапсырды.

Жергілікті халық босқыншылықтан қажып, қайтадан көтеріліске шығайын деп жатыр деген қауесеттің  негізсіз екенін әшкерелеуге және қоныс аударушы орыс шаруаларын тату көршілік қатынасқа шақыруға Жетісудағы ұлттық қоғамдық-саяси ұйымдар баса мән беріп, орыс тілінде үндеулер таратуды қолға алды. Сондай үндеулердің бірінде: «Егер достық қолдарыңды уақытында созбасаңдар, онда өздеріңе-өздерің жау болғандарың. Зорлық, ұрлық жасаушылар және күш көрсетушілер халықтың жаулары», - делініп көрсетілді.

1917 жылы тамыздың соңында Жетісу облысындағы барлық қоғамдық ұйымдардың біріккен жиналысында халықтың бір бөлігін екіншісіне айдап салып, ұлттық араздықты тудырушы арандатушыларды ауыздықтап, тізгіндеу үшін, сондай-ақ елдегі бейберкеттікпен күресу мақсатында қоғамдық қауіпсіздік комитеті құрылған болатын (ҚРОМА. 9-қ., 1-т.,28-іс, 233-п.). Мұндай шаралар 1916 жылғы дүрбелең кезінде босқыншылыққа ұшыраған жергілікті халықтың және орыс қоныс аударушыларының тұрмыс-тіршілігінің бір қалыпқа түсуіне оң ықпал етуге бағытталған еді. Бірақ араға көп уақыт салмай, 1917 жылдың 25 қазанында Уақытша үкіметтің құлап, кеңестік билік орнықты. Соған байланысты кеңестік билікті Қытай жерінде қалып қойған босқындардың елге оралуын қамтамасыз ету және Жетісуда орын алған ұлтаралық қырқысты тоқтатып, бейбіт өмір орнату жолындағы зор жұмыс күтіп тұрды.

Қорытынды. 1916 жылыЖетісу өңірінде орын алған босқыншылық патшалық Ресейдің отарлық саясатының тікелей салдары болды. Отарлық билік жергілікті халықтың иелігіндегі жерлерді қоныс аударушыларға тартып әперуді көздеді. Соған орай 1916 жылғы көтерілісті басып-жаншуда жергілікті халықтың Шығыс Түркістанға босып кетуіне мүдделілік танытты. Қазақ босқындарына көмек патша өкіметі құлағаннан кейін ұйымдастырыла бастады. Мұндай көмекті ұйымдастырушылардың қатарында Алаш қозғалысы қайракерлері тұрды. Олардың қажырлы еңбегіне сәйкес босқындар 1917 жылдың көктеміне қарай елге орала бастады.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Абдиров М. Завоевание Казахстана царской Россией (из истории военно-казачьей колонизации края в конце ХVІ – начале ХХ века). – Астана: Елорда, 2000. – 299 с.

Бахтурина А.Ю. Окраины Российской империи: государственное управление и национальная политика в годы Первой мировой войны. – М.: «Наука», 2004. – 309 с.

Галиев В.В. Отношение китайских властей к откочевке казахского населения в Китай в 1916-1917 гг. // Кенесары Қасымұлы. Туғанына 200 жыл толуына арналған ғылыми-теориялық конференция материалдары. – Алматы: Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, 2003. – 312 с.

Дулатов М. Алашқа // Абай. – 1918. – №3. – 3-4 б.

Дякин В.С. Национальный вопрос во внутренней политике царизма. – М.: «Наука», 1998. – 402 с.

Касымбаев Ж. Теоретические, историографические и источниковедческие аспекты антиколониальных восстаний в Казахстане. – Алматы: КазНПУ им. Абая, 2010. – 202 с.

Котюкова Т.В. Окраина на особом положении. Туркестан в преддверии драмы. – М.: РОСПЭН, 2016. – 442 с.

Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы. – Алматы: «Санат», 1995. – 368 б.

Махаева А.Ш. Қазақ-қырғыз саяси байланыстарының тарихы (ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы – ХХ ғасырдың бас кезі). – Алматы: «Ценные бумаги», 2007. – 357 б.

Мендикулова Г.М. Исторические судьбы казахской диаспоры. Происхождение и развитие. – Алматы: Ғылым, 1997. – 264 с.

Моисеев В.А. Россия и Китай в Центральной Азии (вторая половина ХІХ в. – 1917 гг.). – Барнаул: АзБука, 2003. – 346 с.

Мұқаметханұлы Н. Қытайдағы қазақтардың қоғамдық тарихы (1860-1920 жж.). – Алматы: ҚАЗақпарат, 2000. – 336 б.

Сапаргалиев Г.С. Карательная политика царизма в Казахстане (1905 – 1917). – Алма-Ата: «Ғылым», 1966. – 324 с.

Солтоноев Б. Кызыл кыргыз тарыхы. – Бишкек: «Учкун», 1993. – 224 б.

Топчибашеа А. «В основание форм государства мусульмане кладут лозунг самоопределение народов» // Гасырлар авазы – Эхо веков. – 1999. – №1/2. – С. 78-81.

Турсунов Х. Восстание 1916 года в Средней Азии и Казахстане. – М.: «Наука», 1966. – 462 с.

ҚР ОМА. (Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік архиві). 9-қ., 1-т., 28-іс, 122- п.

ҚР ОМА. 9-қ., 1-т., 90-іс, 202 -п.

ҚР ОМА. 9-қ., 1-т., 98-іс, 109-п.

ҚР ОМА. 13-қ., 1-т., 1-іс, 59-п.

ҚР ОМА. 44-қ., 1-т., 38239-іс, 165-п.

ӨР ОМА. (Өзбекстан Республикасының орталық мемлекеттік архиві). И-1-қ., 31-т., 1136-іс, 264-п.

ӨР ОМА. И-1044-қ., 1-т., 5-іс, 122-п.

References:

Abdirov M. Zavoevanie Kazahstana tcarskoi Rossiei (iz istorii voenno-kazachei kolonizacii kraya v konce XVІ – nachale XX veka) [The conquest of Kazakhstan by tsarist Russia (from the history of the military-Cossack colonization of the region at the end of the 16th - beginning of the 20th century)] – Astana: Elorda, 2000. – 299 s.

Baxturina A.Yu. Okrainy Rossiiskoi imperii: gosudarstvennoe upravlenie i nacionalnaya politika v gody Pervoi mirovoi voiny [Outskirts of the Russian Empire: State Administration and National Policy during the First World War]. – M.: «Nauka», 2004. – 309 s.

Galiev V.V. Otnoshenie kitaiskih vlastei k otkochevke kazakhskogo naseleniya v Kitai v 1916-1917 gg. [The attitude of the Chinese authorities to the migration of the Kazakh population to China in 1916-1917]// Kenesary Kasymuly. Tuganyna 200 zhyl toluyna arnalgan gylymi-teoriyalyk konferenciya materialdary. – Almaty: Sh.Sh. Uаlihanov atyndagy Tarih zhane etnologiya instituty, 2003. – 312 s.

Dulatov M. Alashka [To Alash]// Abai. – 1918. – №3. – 3-4 b.

Dyakin V.S. Nacionalnyi vopros vo vnutrennei politike tcarizma [The national question in the internal politics of tsarism] – M.: «Nauka», 1998. – 402 s.

Kasymbaev Zh. Teoreticheskie, istoriograficheskie i istochnikovedcheskie aspekty antikolonialnyh vosstanii v Kazakhstane [Theoretical, historiographic and source study aspects of anti-colonial uprisings in Kazakhstan]. – Almaty: KazNPU im. Abaya, 2010. – 202 s.

Kotyukova T.V. Okraina na osobom polozhenii. Turkestan v preddveri dramy [The outskirts are in a special position. Turkestan on the eve of the drama]. – M.: ROSPEN, 2016. – 442 s.

Qojgeldiev M. Alash qozgalysy [Alash movement]. – Almaty: «Sanat», 1995. – 368 b.

Mahaeva A.Sh. Qazaq-qyrgyz sayasi bajlanystarynyn tarihy (XVІІІ gasyrdyn ekіnshі zhartysy – XX gasyrdyn bas kezі) [History of Kazakh-Kyrgyz relations (2nd half of XVIII – early XX centuries]. – Almaty: «Tcennye bumagi», 2007. – 357 b.

Mendikulova G.M. Istoricheskie sudby kazakhskoi diaspory. Proisxozhdenie i razvitie [Historical destinies of the Kazakh diaspora. Origin and development]. – Almaty: Gylym, 1997. – 264 s.

Moiseev V.A. Rossiya i Kitaj v Centralnoi Azii (vtoraya polovina XІX v. – 1917 gg.) [Russia and China in Central Asia (second half of the 19th century - 1917)]. – Barnaul: AzBuka, 2003. – 346 s.

Muqamethanuly N. Qytaidagy qazaqtardyng kogamdyk tarihy (1860-1920 zhzh.) [Social history of China’s Kazakhs (1860-1920)]. – Almaty: KAZakparat, 2000. – 336 b.

Sapargaliev G.S. Karatelnaya politika czarizma v Kazahstane (1905 – 1917). – Alma-Ata: «Gylym», 1966. – 324 s.

Soltonoev B. Kyzyl kyrgyz taryhy. – Bishkek: «Uchkun», 1993. – 224 b.

Topchibashea A. «V osnovanie form gosudarstva musulmane kladut lozung samoopredelenie narodov» [Muslims put the slogan of self-determination of peoples at the basis of the forms of the state]// Gasyrlar avazy – Eho vekov. – 1999. – №1/2. – S. 78-81.

Tursunov X. Vosstanie 1916 goda v Srednej Azii i Qazaqstane [Uprising of 1916 in Central Asia and Kazakhstan]. – M.: «Nauka», 1966. – 462 s.

KR OMA. (Kazakstan Respublikasy Ortalykˌ memlekettík arkhiví) [Central State Archive of the Republic of Kazakhstan]. 9-q., 1-t., 28-іs, 122- p.

KR OMA. 9-k., 1-t., 90-іs, 202 -p.

KR OMА. 9-k., 1-t., 98-іs, 109-p.

KR OMА. 13-k., 1-t., 1-іs, 59-p.

KROMА. 44-k., 1-t., 38239-іs, 165-p.

Uzbekstan Respublikasi ortalyq memlekettik arhivy(UR OMА). I-1-q., 31-t., 1136-іs, 264-p.

UR OMА. I-1044-q., 1-t., 5-іs, 122-p.

МРНТИ: 03.20.00

БЕЖЕНСТВО КАЗАХОВ ЖЕТЫСУ В 1916 ГОДУ:

ПРИЧИНЫ И ПОСЛЕДСТВИЯ

С.Н. Апашева¹

¹К.и.н.,доцент университета «Сырдария». Казахстан, г. Жетысай.

Аннотация.В данной статье описывается переселение казахов в Китай в 1916 г., анализируются обстоятельства их проживания в Восточном Туркестане, а также раскрываются основные причины возвращения казахов после февральской революции 1917 г.

Для подавления восстания в Жетысу царскими властями были направлены карательные отряды. В области были уничтожены десятки казахских и кыргызских аулов, жестоким преследованиям подвергались мирные жители. Преследуемые царскими властями, 300 тысяч казахов и кыргызов (четвертая часть коренных жителей Жетысу) были вынуждены бежать в Китай.

По сути, восстание 1916 года как раз и могло предоставить властям повод для окончательного решения земельного вопроса. Проявление нелояльности мусульманского населения Туркестана было достаточным основанием для этого. Очевидно, что именно так данные события расценивались с имперской точки зрения. Поэтому собственно казахские интеллектуалы в свое время и призывали не идти на воорруженное сопротивление. Потому что это предостовляло российской администрации лишний повод ускорить процесс изъятия земель в пользу русского переселенческого движения.

В статье рассказывается о возвращении казахских беженцев из Восточного Туркестана в Семиречье после революции 1917 года (с приведением конкретных данных). В качестве источников использовались сведения из фондов Центрального государственного архива Республики Казахстан и Центрального государственного архива Республики Узбекистан.

Ключевые слова:национально-освободительное восстание, революция, голод, беженство, репатриация.

IRSTI: 03.20.00

THE REFUGEE OF ZHETYSU KAZAKHS IN 1916:

CAUSES AND CONSEQUENCES

S. N. Apasheva¹

¹Candidate of Historical Sciences, Associate Professor,

«Syrdariya»University.Kazakhstan,Zhetysay.

Abstract. This article describes the migration of Kazakhs to China in 1916, analyzes the circumstances of their residence in East Turkestan, and reveals the main reasons for the return of Kazakhs after the February revolution of 1917.

To suppress the uprising in Zhetysu, the tsarist authorities sent punitive detachments. Dozens of Kazakh and Kyrgyz villages were destroyed in the region, and civilians were severely persecuted. 300 thousand Kazakhs and Kyrgyz (a quarter of the indigenous inhabitants of Zhetysu) being persecuted by the tsarist authorities, were forced to flee to China.

In fact, the uprising of 1916 could just provide the authorities with a reason to finally resolve the land issue. The disloyalty of the Muslim population of Turkestan was a sufficient reason for this. It is obvious that this is how these events were regarded from the imperial point of view. Therefore, the Kazakh intellectuals in their time called not to go to the armed resistance. Because it gave the Russian administration an extra reason to speed up the process of land withdrawal in favor of the Russian resettlement movement.

The article describes the return of Kazakh refugees from East Turkestan to Semirechye after the revolution of 1917 and is based on concrete data. The sources used is information from the funds of the Central State Archive of the Republic of Kazakhstan and the Central State Archive of the Republic of Uzbekistan.

Key words: national liberation uprising,revolution,famine,refugee, repatriation.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь