Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » ҒТАМР 17.71.01 КЕЙКІ МЕРГЕН: ХАЛЫҚТЫҚ БАЯНДАУЛАР ЖӘНЕ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕР

А.А. Әбсадық¹. ¹Фил. ғыл. док., А. Байтұрсынұлы ат. ҚМУ профессоры. Қазақстан, Қостанай қ.

ҒТАМР 17.71.01 КЕЙКІ МЕРГЕН: ХАЛЫҚТЫҚ БАЯНДАУЛАР ЖӘНЕ ЖАЗБА ДЕРЕКТЕР

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 4(24), 2020

Теги: Ахмет, Кейкі, батыр, халықтық, көтеріліс, азаматтық, ишан, соғыс, Амангелді, Иманов, Жыланшық, Жалаулы.
Автор:
Аңдатпа. Кейкі (Нұрмағамбет) Көкімбайұлы – 1916 жылы Торғай даласында орын алған ұлт-азаттық көтеріліс қаһармандарының бірі, көтеріліс жетекшілері Амангелді Иманов, Әліби Жанкелдиннің сенімді серігі. Көтеріліс кезінде ол мергендер тобын басқарады. Халық жадында ол даңқты мерген, қаһарман күрескер ретінде терең сақталды. 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін азаматтық соғыс кезінде Кейкі Көкембайұлы кеңес үкіметінің саясатына қарулы қарсылық көрсетті. Сондықтан үкімет тарапынан қудалауға ұшырап, қуғынға түсті: жазалаушы отряд қолынан қаза тапты. Кеңес билігі тұсында Кейкі батырдың есімін атауға, оның ғұмырнамасы мен ерлік істерін зерттеуге тыйым салынды. Кеңестік идеология халық қаһарманын «қарақшы», «бандит», «қанішер жауыз» деп айыптады. Таптық идеологияның жазасына ұшыраған Кейкі батырдың бейнесі ел жадындағы аңыз әңгімелерде, өлең-жырларда және көркем шығармаларда сақталды. Даңқты қаһарманның есімін ақтау кеңес үкіметі құлап, Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жүзеге аса бастады. Кейкі Көкембайұлы туралы естеліктер, деректі зерттеу жұмыстары жүргізілді. Мақала Қостанай облысы Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асырылған «Ұлы Дала тұлғалары: Кейкі батыр ізімен» ғылыми-ағартушылық экспедициясының материалдары негізінде дайындалып, көп жылдар бойы зерттеу нысанасынан тасада қалған Кейкі батырдың ғұмырнамасы мен ерлік істерін ел жадындағы естеліктер мен архивтік деректер арқылы талдауға бағытталады.
Содержание:

Кіріспе. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің қаһарманы, даңқты мерген Кейкі Көкембайұлының есімі сол кезден-ақ аңызға айналғанмен, кеңес үкіметі оның атын шығармауға тырысты. Амангелді Имановтың қандыкөйлек досы, Торғайда большевиктік билікті орнатуға ерекше күш салған «Дала комиссары» Әліби Жангелдинмен аралас-құралас болған Кейкі батырды «бандит», «қарақшы», «шайка» деп қаралап, оның ерлігін елдің жадынан өшіруге ұмтылды. Оған басты себеп – 1917 жылғы «большевиктер бүлігінен» (Алаш зиялылары большевиктер бастаған Қазан көтерілісін «бүлік» деп атады) кейін басталған азаматтық соғыс кезінде Кейкі батырдың жаңа үкіметтің саясатына мойынұсынбай қарсы қару көтеріп қарсы шыққандығы еді. Сол себепті оның есімін ел жадынан өшіруге, оны қаралауға бағытталған жұмыстар жүргізілді.. Кеңестік Қазақстандағы атақты әдебиеттанушы ғалым М. Қаратаев 1962 жылы Торғай даласымен шектесіп жатқан кенді Жезқазған өңірінде кеңес үкіметінің қалай орнағандығын құжаттарған негізделген деректік сипаттағы «Даладағы дабыл» атты публицистикалық роман жазады. Онда ол Кейкі Көкембайұлының көркем образын «елді тонған қарақшы», «бандит» ретінде суреттейді (Қаратаев, 1981: 400).Кейкі Көкембайұлына  қатысты архивтік құжаттар да ұзақ уақыт «жабық» болды.

Кеңестік идеология Кейкі Көкембайұлының қаһармандық ерлік істерін дәріптеуге қанша тыйым салғанымен, халық жадында ол елдің азаттығы үшін күрескен тұлға ретінде сақталды. Оның ерлік істері халық аңыздарына,  астарлап суреттелген көркем шығармаларға арқау болды. Кеңес дәуірінде Кейкінің  ғұмырнамасы мен ерлік істері астарлап дәріптелген шығарманың бірі ретінде А.Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты повесін атауға болады (Нұрманов, 2005: 224). Повестің атуы да астарлап берілген. Мұндағы «құлан» бірнеше мағына береді. Біріншіден ол – Кейкінің руы, екіншіден, қазақ танымында құлан жануар – кең далада еркін жайлаған түз тағысы. Жазушы осындай символдық атау арқылы Кейкінің еркін, азатшыл рухын бейнелеуге ұмтылады.

Елдің азаттығы, еркіндігі жолында құрбан болған Кейкі Көкембайұлының ғұмырнамасы мен қаһармандық істерін зерттеу жұмыстары Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін жекелеген зерттеушілер мен өлкетанушылар тарапынан қозғау салына бастады. Ал 2016 жылы Торғайдағы ұлт-азааттық көтерілістің 100 жылдығына орай және 2017 жылы Кейкі Көкембайұлының денесінің елге оралуына байланысты аталмыш тақырып зерттеушілер тарапынан үлкен қызығушылыққа ие болды.

Материалдар мен әдістер. Мақалаға 1917 жылы Қостанай облысы Ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен жүзеге асқан«Ұлы Дала тұлғалары: Кейкі батыр ізімен» ғылыми-ағартушылық экспедициясы барысындағы жиналған ел естеліктері, мерзімдік басылымдарда, ғылыми конференцияларда жарияланған баяндама-мақалалар (Кейкі батыр (Нұрмағамбет Көкембайұлы): өмірі мен өлімінің тарихы,  2017:47; Кейкі батыр: елдік пен ерлік тағылымы, 2017:94), Кейкі Көкембайұлының ғұмырнамасы мен ерлік істерін баяндаған Ә. Қылышбайұлының «Құлан Қыпшақ Кейкі батырдан соң» (Қылышбайұлы, 1997: 193), Б.Әлмағамбеттің «Торғайдағы азаттық көтеріліс. Тарихи очерк, зерттеулер» (Әлмағамбет, 2000: 180 бет), М.Сүлейменнің «Кейкі Көкембайұлы»  (Сүлеймен, 2017: 404 б.) сынды өлкетанушы зерттеушілердің еңбектері, Қазақстан Республикасы  Президентінің архиві, Қостанай облыстық мемлекеттік архив, Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік архивтерінің мұрағаттық деректері пайдаланылды. Зерттеу әдіс тәсілдерінетарих пен фольклортануда қалыптасқан негізгі қағидаттар басшылыққа алынды. Олардың қатарында тарихи-салыстырмалы әдіс, объективтілік, дәйектілік және нақтылық сынды әдіс-тәсілдер бар. Бұл зерттеу тұлғатану бағытында жүргізілді. Зерттеуде қарапайымнан күрделіге және жалқыдан жалпығы қарай саралау үйлесімділігі, зерттеу барысында үнемі туындайтын сұрақтар негізгі сұрақтарға жауап беру мәселелері қаперге алынды. Кейкі батыр туралы халықтық таным мен нақты тарихи фактілердің өзара байланысының негіздемесі микротарихтан макротарих кеңістігіне өту тұрғысынан қарастыру міндеті қойылып, ол зерттеу барысында жүзеге асты.

Талдау. Ұлы Далаға Торғайдағы 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс қаһармандарының бірі, азаматтық соғыстың құрбаны Кейкі мергеннің рухы қайта оралды. 1922 жылы Кеңес үкіметінің қолынан қаза тапқан Кейкі Көкембайұлының Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласындағы Кунскамерада сақталған бас сүйегі 2017 жылдың қыркүйек айында Торғай даласына жеткізіліп, батырдың туған жері Тасты елді мекенінің жанында арнайы соғылған жаңа мазарға, Отан үшін шейіт кеткен жауынгерлерге көрсетілетін құрметпен, сән-салтанатпен жерленді.

Құлан қыпшақ Кейкі мергеннің ерлік, батырлық ғұмыры басталғанға дейінгі балалық, жастық шағы Амантоғай елді мекенінен аса алыс емес Тасты өзенінің бойында өткен. Торғайлық ақсақалдардың айтуынша, ол сол маңдағы Байтума деген жерде дүниеге келген. Тастыға жақын жерде Найман тайпасының Бағаналы атасынан тарайтын Құтан әулиенің бейіті орналасқан. Бағаналы Наймандардың ата қонысы – Ұлытау. Халық жады батырдың жары Ақжан Найман руының қызы болған деседі. Кейкі батыр қаза болатын оқиғаны көзімен көріп, құлағымен естіген Жәкенқызы Бижамалдың естелігінде Жыланшық өзеніне құятын Жалаулы өзекшесінің бойында Сүтемгеннің Жәкенінің үйінде жазалаушы отрядтың қолынан қаза табар соңғы түнінде Кейкі батыр Ақжанды Ұлытаудағы аста кездестіріп, үйленгендігін әңгіме етті деген дерек сақталған (Әлмағамбет, 2000: 111). Қуғынға ұшыраған Кейкі мерген өмірінің соңғы кезеңінде Ұлытау аймағында  күрес жүргізгенін ескерсек, аталмыш деректің шындыққа сай келетінін бағамдауға болады. Басына қиын іс түскен қысылтаяң уақытта ол өзінің қайын жұртын паналаған сынды.

Тасты өзенінің жанында Кейкі батырға салынған қос мазар бар. Бірі – ертеректе кеңес дәуірі тұсында Кейкінің ағайын ұрпақтары қорланған денесі жерге бөлек тапсырылып, бас сүйегі Ресей асып кеткен есіл ерге мұсылмандық нығмет негізіне сүйене отырып асарлатып тұрғызған, ішінде мәйіт жоқ, мүрдесіз көне мазар (1-сурет). Екіншісі – жаңа мавзолей (2-сурет).

 

1-сурет. Кейкінің  көне мазары

2-сурет. Кейкінің жаңа мазары

Көне мазарды көтергендер – Кейкі мергеннің ұрпақтары. Оның қысқаша тарихы мынадай: еліміз тәуелсіздік алған 90-жылдары Кейкінің Санк-Петербургде сақталған бас сүйегі туралы әңгіме шығысымен оның ұрпақтары батырдың түбінде елге оралатынын үміт етіп, Құлан Қыпшақтардың қыстаулық ата-мекені Тастыға кесене соғады. Мұны Кейкінің ұрпағы Арқалық қаласында журналистік қызмет атқарған марқұм Әбубәкір Қылышбайұлы атты азамат туған-туыстарының көмегімен жүзеге асырады. Өлкетанушы қаламгер бабасы Кейкі батыр туралы «Құлан Қыпшақ Кейкі батырдан соң» атты танымдық кітап та шығарады (Қылышбайұлы, 1997: 193). 

Мазардың ішіне Жыланшық-Жалаулыдағы «Кейкінің қаны төгілген» жерден әкелінген топырақ пен батырдың ескерткіш-бюсті қойылып, ал мазардың сыртқы қабырғаларына батырдың қилы, ауыр тағдырынан хабар беретін мазмұнды, мағыналы жыр шумақтары жазылған белгітастар орнатылған. Онда Кейкінің еліне салауат (қоштасу) айтқан жыр жолдары қашалған. Салауатта батыр ел үшін бел буып күрескендігін, бірақ елдің өз ішінен шыққан жаудың  кесірінен жапа шеккендігін, елдің болашағына алаңдайтындығын, қуғын-сүргінмен өткен өзінің ауыр тағдырын айтып налиды.

Атқа салдым терімді,

Бермедім жауға елімді.

Мұсылманнан жау шығып,

Сындырдың Алла белімді.

 Айхай, аллай, аллаһу

Атқа салдым терлікті,

Дұшпанға қылдым ерлікті.

Мен кеткен соң жұртым – ай,

Көрерсің жаудан қорлықты.

Айхай, аллай, аллаһу

Атқа салдым сталды,

Көтердің Алла дұшпанды.

Естіген халқым дұға қыл,

Кейкі батыр ұсталды.

Айхай, аллай, аллаһу,

Аққу ұшар көліне,

Мекен еткен жеріне.

Ен далаға сыймастай,

Мен не қылдым, еліме?

Айхай, аллай, аллаһу,

Үйдің іші мүкәммал,

Мүкәммалға көзің сал.

Аңдамай түстім алдауға,

 Не болады біздің хал.

Айхай, аллай, аллаһу,

Атқа салдым құйысқан,

Судай ақты қызыл қан,

Іс насырға айналды,

Не болады шыбын жан?

Айхай, аллай, аллаһу.

Ал Мазардың алдыңғы қабырғасындағы мәрмәр тасқа: «Сұлтан қайда сүйегін қорлатпайтын //Өлі-тірі аруақты сорлатпайтын// Халқы үшін қор болған қайран// Кейкі, көрі де жоқ, соны ойлап жай таппаймын»,- деп аяқталатын Әубәкір Қылышбайұлы Кейкі батырдың тарихи тағдырына налып шығарған екі ауыз өлеңі жазылған (Әбсадық, 2017: 34).

Кейкі батыр ұрпақтарының айтуынша, Ә.Қылышбайұлы мазар соғу мақсатын жүзеге асыру үшін Арқалықтан Тастыға көшіп келіп, «Кейкі батыр» атты жеке шаруашылық құрады. Әубәкір ағамыз марқұм болып кеткенімен, оның кенже ұлы Ерназар Әубәкірұлы мазардың маңындағы елді мекенде шаруашылық істерін жалғастырып отыр екен. Экспедиция мүшелері Ерназармен бір-екі ауыз тілдестік. «Әкемнің арманы орындалды, бабамыз Кейкінің бас сүйегі Тастыға оралып, мына соғылып жатқан жаңа мазарға қойылады. «Шүкіршілік» дейміз. Жаңа мазарға батырдың денесі берілгеннен кейін, балаларымның оқуы үшін Арқалыққа қайта көшемін», - дейді Ерназар.

Екінші мазар – Кейкінің елге оралған бас сүйегін жерлеу мақсатында салынған сәулетті кешен. Қызыл әскердің жазалаушылар отряды қолынан қаза тапқан Кейкінің сүйегі кезінде жерге арулап берілмесе де, кіндік қаны тамған Тасты өңірінде бас сүйек жерленетін мазар қалың әлеуметтің қолдауы, елдің ықыласы арқылы іске асты. Кеңес дәуіріндегі көне кесене жекелеген тұлғалардың бастамасымен және Кейкі батырдың ағайын-туғандарының көмегімен салынса, жаңа кесенені Қазақ елі тұтас бірігіп, көтерді. Жаңа кесененің биіктігі 15 метрге жуықтайды. 16 бағанадан тұратын, алды төрт бұрышты, артқы жағы дөңгелек пішінді күмбезі батырлардың дулығысын бейнелейтін ғимарат. Он алты бағана – көтеріліс болған 1916 жылдың рəмізі. Кешеннің архитекторы – белгілі сәулетші Бек Ыбыраев.

Нәтижелері. 1916 жылғы Торғай көтерілісінің даңқты қаһарманы Кейкі мерген - тағдыры трагедиялық хәлде аяқталған тұлға. Ол патша заманында отаршылдық саясаттың зорлық-зомбылығына қарсы күресіп, Амангелді батырмен бірге халықты көтеріліске шақырып, оны ұйымдастырады. Әділеттің ақ туын, халықтың мұң-зарын арқалаған, азаттықтың арман-аңсарын мұрат еткен көтерілістің жеңісті де, қиын-қыстау сәттерін де, азабы мен ауыртпалығын да, бейнетін де тартады. Патша құлап, билікке большевиктер келгенде Кейкінің бағы Амангелді батырдың абыройындай артуы тиіс еді. Өкінішке қарай, бұйымыс пен адами факторға жіпсіз байланатын тағдыр тәлкегі керісінше қалыптасты. Кешегі батыр Кейкі, даңқты мерген Кейкі «қарақшы», «бандит» атанып, қуғын-сүргінге ұшырайды.  Бұл – бір.

Екіншіден, қаза тапқаннан кейін мүрдесі қорланып, басы шабылып, туған жерінен тыс өлкеге жөнелтіледі. Басы бөлек мүрденнің қай жерге де жерленгені бүгінгі күнге дейін белгісіз.

Үшіншіден, бір кісіге арақашықтығы әрі кеткенде 500 метр болатын жерде екі кесене соғылды. Бұл - күні кешеге дейін Кеңес үкіметінің құрылу кезінде орын алған азаматтық соғыстың жарасы ел санасында әлі де болса орын алып келгендігін бейнелейтін рәміз.

Ел ақсақалдары Кейкі батырдың ерлікке һәм трагедиялық өкінішке  толы тағдырын былайша пайымдайды:

1. Амангелді мен Кейкі – көтерілістің басшылары. Оларды бөліп-жармай, о бастан бірге дәріптеу қажет еді. Өкінішке қарай, кеңестік солақай саясат бірін дәріптеп асқақтатты, екіншісін қор етіп қаралады;

2. Кейкі батыр қазақ ауылдарына зорлық еткен, тізесін батырғандарға оларды «ақ» немесе «қызыл» демей, қаруын кезеген, жазаға тартқан. Сол үшін «бандит», «қарақшы», «басбұзар» атанып, елден жырақ жүрген;

3. 1916 жылға көтерілістің алғашқы ұшқыны арғын рулары жайлайтын Тосын болысынан басталып, содан кейін Батпаққара қыпшақтарының қолдауына ие болған.

4. Кейкі – көзі тірісінде аңызға айналған тұлға. Оның ел-жұртына деген жанқиярлығы халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, түрлі нұсқадағы көптеген аңыз әңгімелер туындаған. Тіпті, көне көз қариялар аузынан айтылған кейбір аңыздарда «Кейкі өлмеген, жазалаушы отрядтың өлтіргені батырдың інісі екен, иншалла, батыр елге оралады» деп те айтылып келіпті.

5. Мерген ұрпақтарының күшімен соғылған Тастыдағы бос мазар - Кейкі іздеген жұрттың  аңсары. Халықтық наным-сенім таным бойынша, шаһид кеткен кісінің кіндік қаны тамған туған жері – оның қаза болып рухқа айналғаннан кейінгі қайта оралатын кеңістігі. Сондықтан оның туған жерінде кесене бой көтерілуі тиіс еді. Кейкі ұрпақтары сол парызды атқарды.

Кейкі Көкембайұлының есімін кеңес дәуірі тұсында атауға болмайтын еді. Мылтықсыз майдан-идеология саласындағы қиын-қыстау кезеңде батырдың есімін есте қалдыру мақсатында Торғай өңірінен шыққан қазақ зиялылары Кейкінің есімін көркем шығармалар арқылы сақтауға ұмтылады. Сондай көркем туындының бірі әрі бірегейі – жазушы Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты романы (Нұрманов, 2005:224). Жерлестері жазушының кеңес заманындағы Кейкі есімін ардақтауға қоқан үлесін бағалап, авторға Амангелді кентінде арнайы ескерткіш, ал роман-кітапқа белгі қойған. Белгілі бір туынды кітапқа белгі қою әлемде бар үрдіс болғанымен, Қазақстанда сирек кездесетін құбылыс. Амангелді кентіндегі белгі Қазақстанда тәуелсіздіктен кейін орын ала бастаған дәстүрдің ең алғашқысы болса керек.

Патша құлап, билікке большевиктер келгенде Кейкінің бағы Амангелді батырдың абыройындай артуы тиіс еді. Өкінішке қарай, тағдыр тәлкегі керісінше қалыптасты. Кейкі батыр аумалы төкпелі заманда қазақ даласындағы зорлық зомбылықпен күреседі. 1917 жылғы қазан төңкерісі арқылы билікке келген большевиктер Торғай даласына «еркіндік», «азаттық», «халық билігі» деген сынды ұрандармен келіп, жаңа кеңестік билікті орната бастайды. Ұлт-азаттық көтеріліс кезінде осындай ниетпен қару алған Кейкі Көкембайұлына алғашқыда кеңестік биліктің аталмыш мақсаты ұнайды. Бірақ көп ұзамай кеңестік үкімет Кейкі күткен үмітті ақтамайтыны белгілі болады. Қарулы күшпен, зорлық-зомбылықпен орнаған жаңа үкімет бай мен кедейді бір-біріне қарсы қойып, тап күресін күшейтті. Экономика күйреп, елдің әлеуметтік жағдайы күрт төмендеді, алым-салық күшейді. 1920-21 жылдары Қостанай-Торғай өңіріне аштық ауыз салды. Айталық, 1922 жылдың 15-28 ақпан аралығындағы Қостанай губерниялық төтенше комиссиясының екіапталық ақпараттық мәліметінде аштық туралы мынадай жазбалар орын алған. «Состояние населения Костанайской губернии, как указывалось в предедущих сводках, кошмарное, поддавленное и высшей степени смутное. Царь голод, разгуливающей во всей губернии, охватывающий своей костлявой рукой и уносящий в могилу все большее и большее количество населения, отнимающий инициативу и желение к жизни и работе, является всему причиной» (Қостанай облыстық мемлекеттік архиві (ҚОМА). 24-қ., 1-т., 112-іс, 34-п. )

Азаматтық соғыс, оның артынша шыққан ашаршылық жаңа құрылған кеңес үкіметіне, большевиктер партиясына деген халықтың сенімі жойыла бастайды. Сол кездегі мұрағат деректері мұны айғақтайды. Мысалы, Қостанай облыстық архивінің 1921-1922 жылдардағы мұрағаттық деректерінде, атап айтқанда, Қостанай губерниялық төтенше комиссиясының екіапталық  ақпараттық мәліметтерінің құрылымдық мазмұнында арнайы айшық беріліп, онда жергілікті жер тұрғындарының кеңес үкіметіне, компартияға көзқарасы туралы міндетті түрде ақпар беріп отырылған. Сонда Қостанай губерниясының аудандарының солтүстігінде тұрғындардың билікке көзқарасы көбіне «бей-жай» деген сипатта болса, оңтүстікке қарай «жақтырмайды» деген сипаттамалар орын алады. Ал Торғай ауданына қатысты ақпараттарда кеңестік билікке «көзқарастары жаман, қарсы (враждебно)» деген мәліметтер жиі кездеседі.

Елдің ауыр жағдайы Кейкі мергенді тағы бей-жай қалдырмайды. Ол жаңа үкіметке қарсы қару алып, қарсылық көрсетуге бел буады. Оның «Ақ орыс, сары орыс – бәрі бір орыс» деп, қару кезенетін тұсы да осы кез болса керек. Себебі елге келген қиыншылықты ол большевиктер билігінен (сары орыс) туындаған нәубет деп түсінеді.

Атбасар уезінің Төтенше жағдай бойынша комиссия төрағасы Ф.Калюта  1967 жылы Қазақ ССР милициясының құрылғанына 50 жыл толуына орай шығарылған «Синие шинели» атты жинақтағы өз естелігінде былай деп жазады: «Весной 1920 года на юге уезда появилась вооруженная банда Кийке, организованная баями и алаш-ордынцами. Основная цель ее была — сорвать продовольственные мероприятия Советской власти. Бандиты нападали на продотряды, убивали советских работников, терроризовали крестьян. Рабочие Карсакпайского завода и крестьяне сообщили о местонахождении банды, ее численности, вооружении. Для уничтожения банды был послан отряд атбасарской милиции под командованием Мазутова. Отряд успешно справился со своей задачей» (Калюта, 1967)

1921 жылдың жаз айында Сарытоғай өзенінің бойында Кейкі батырдың қызыл әскер отрядымен үлкен қанды қақтығысы орын алады. Қақтығыстан жеңілген Кейкі бастаған қарулы топ көршілес Атбасар уезіне қарасты Ұлытау-Сарысу бойына қарай ығысады.Кеңес саясатынан күдерін үзген Кейкі Көкембайұлы Ұлытауда бой тасалай жүріп, жаңа үкіметке қарсылықты 1916 жылғы көтерілістегі тәжірибесіне және қазақтың елдігінің белгісі ретіндегі хан сайлау дәстүрін сүйене жүргізбек болады. Ол өз әскеріне хан сайлап, кеңес үкіметіне қарсы ашық майданға шығады. Кейкі батыр туралы зерттеу жазған тарихшылардың ел аузындағы деректерге сүйеніп түйіндеген пайымдарында Ұлытауды жайлайтын «төрт босаға Бағаналылардың» бірі атанған атақты Бабырдың немересі Құлсейітті өз әскеріне хан сайлайды (Бекмағамбетов 2016: 6 ).

Атбасар уезіне қарайтын Ұлытау өңірінде де кеңес саясатына қарсы елдің наразылығы өршіп тұрғандықтан, Кейкінің осы жаққа өтуі кеңес үкіметінің үрейін тудырады. Оның әрекеті ел арасында толқу тудыру мүмкіндігін пайымдаған кеңестік үкімет Атбасар уездік парткомитетінің мәжілісінде қалыптасқан жағдайды арнайы көтеріп, дабыл қағады (Қазақстан Республикасы Президентінің архиві (ҚРПА). 139-қ., 1-т., 80-іс, 34-п. ).

Кейкі мерген халықтың танымында хан ордасы болып орныққан Ұлытауда күш, қол жинап, Торғайды кеңестік үкіметтен азат етуді мақсат етеді. Бұл ойымыздың ұзын сонарына арқау болып отырған деректі Торғайдағы әскери бөлімнің 1922 жылдың қаңтар айының ортасында Қостанай губкомына жіберген ақпарат мазмұнынан бағамдай аламыз. Онда былай делінген: «Басбұзар бұзық Кейкі Кәкімбайұлы көктемде Торғайға шабуыл жасап, қаланы біздерден тартып алмақшы. Желтоқсан айында (1921ж. -автор) біздің 3 милиционерден тұратын барлаушы тобын тұтқындап, қару-жарақтарын, ат-әбзелдерін өздерімен алып кетіп, Перовский (Ақмешіт) оязында жасырынып жүр» (ҚОМА. 24-қ., 1-т., 112-іс, 5-п.)

Атбасарлық кеңес үкіметі Кейкінің халық жасағымен күресу үшін уездік ревкомның бар күшін жұмылдырады. Сол уақытта, яғни 1921 жылдың шілде айының басында Кейкі бастаған қарулы топ Қарсақпай милициясының кеңсесіне шабуыл жасайды, онда орын алған қарулы қақтығыстан бірнеше кеңестік милиционерлер қаза табады. Көтерісшілер уақытша Қарсақпай маңындағы кен орындарына бақылау орнатады. Кеңес үкіметінің қаһарына іліккен Кейкіні жою үшін  1921 жылы 28 шілдеде Атбасарда құрамында 438 адамы бар үлкен әскери отряд жасақталады. Ол әскер Атбасар уездік милиция басшысы И.Плескачтың басшылығымен Кейкімен күресуге аттанады.

И.Плескач басқарған қызылдардың қалың әскерімен Ұлытау маңында кездескен Кейкі жасағы жеңіліп, оңтүстікке қарай шегінеді. Шегінген жасақты інделетіп отырып соғысу үшін сол жылдың күз айында, яғни 1921 жылдың  20 қазанында Атбасардан И.Исайкин деген кісінің басшылығымен қалың әскер шығып, көтерілісшілердің соңынан қуады. Бірақ күздің қара суығы түсуіне байланысты олар кері қайтуға мәжбүр болады  (ҚРПА. 811-қ., 1-т., 26-іс, 16-17 пп.).

Кейкі енді Сарысудың бойын жағалап, Телікөлге қарай бет алады. Бұл турасында сол кездегі деректер былай деп көрсетеді:«После разгрома отряда Кейки скрылся и оказался в районе озера Телегуль, около Кызыл-Орды, где опять собрал отряд до 350 человек. Расположивщая по дороге Карсакпай-Кызыл-Орды Кейки начал грабить всех проезжающих». Бұдан әрі жазба дерек көздері Кейкінің бағаналы Найман руының сыйлы адамы Ахмет ишан Оразаевтың ауылына жақын маңдағы Шұбартөбе деген жерге барып паналағанын жазады (ҚРПА. 811-қ., 1-т., 26-іс, 108-п.)

Кейкіге Торғайға оралуға мүмкіндік жоқ болатын. Себебі 1921 жылы Торғай шаһарында кеңес үкіметін құруға көмектесетін, яғни төтенше жағдайлармен күресетін арнайы отряд (ЧОН) құрылып, ол сол өңірді тікелей әскери бақылауға алады. Бағаналы Наймандар өзінің қайын жұрты болғандықтан, мерген сол маңда болып кеңестік билікке қарсы күресуді ойлайды.

Ахмет ишанның ауылының маңында жүрген Кейкіні қолға түсіру үшін әскерилер құпия тұзақ құрады. Ахмет ишанның беделін пайдалана отырып, оған Ә.Жангелдин атынан хат дайындалады. Онда батырдың кеңес үкіметіне жасаған бар күнәсі кешіріліп, оған Торғайда қызмет берілетіндігі жазылады. Батырға хатты Ахмет ишан тапсыратын болады. Тұзақты құру мерзімі ретінде 1922 жылдың наурыз айы жоспарланады (ҚРПА. 811-қ., 1-т., 26-іс, 124-п.)

Қызылдардың әрекеті батыр тарапынан күдік тудырмасы үшін дін жолындағы тақуа, адал кісі Ахмет ишанның үйі таңдалады. Бұл тұста Кейкінің діндарлығы да ескерілсе керек. Алаш жұртында үлкен беделге ие Ахмет ишан келіссөз жүргізген тараптардың адалдығына куә болатын үшінші тарап ретінде таңдалған болуы да ғажап емес.

М.Қаратаевтың «Даладағы дабыл» атты құжаттық деректемелерге сүйеніп жазылған публицистикалық романында Кейкіні ұстауға Ахмет ишан мен оның баласы Мұстафа қатысқаны көркем мазмұнда жазылған. Онда Кейкіге хат жазушы кісі - Ахмет ишан. Көркем роман бұл оқиғаны былайша суреттейді: «Кейкі Көкембаевты оп-оңай ұстай алмаймыз. Оны орға алдап әкеліп түсіру керек, тез қоршап, торауылмен алу жөн, - деді Мұстафа әрбір сөзін салмақтай сөйлеп.

- Торауыл дейсіз бе, ол қалайша болмақ?- деді бірнеше кісі қайталап сұрап.

- Кейкінің қазіргі алған әйелі, - деді Мұстафа, - біздің Телікөлдің қызы. Сол қайын жұртын меже етіп, менің әкем шақырса ғана келуі мүмкін. Басқа лаж жоқ. Ол бүгінде мылтық дауысын естіген көкжал секілді – оңай алдырмайды... Түскі тамақ кезінде Шахметтің (Ахмет ишан - автор) үйінде құпия мәжіліс болды. Ұзақ таласып, қызу талқыланған мәселе ақыры Шахметтің жоспарын қабылдаумен тынды. Ғажабы сол: ақыры осы жоспар дұрысқа шықты. Телікөлде Қиқым ауылында жиын болады. Шахмет Кейкіге хат жазып кісі жібереді, Кейкіге үлкен әскери қызмет беруге Торғай мен Атбасар үкіметі өкілдерінің келгенін айтып, оның да келуін сұрайды. Егер аңғалду Кейкі осы айлаға сенсе болды, онда ол сөзсіз қолға түседі» (Қаратаев, 1981: 230-231).

1922 жылдың 6 наурызында Торғайдан Қостанай оязының праткомына шағын анықтама ақпарат жіберіледі. Оны Қостанай оязының праткомы 16 наурызда талқылайды. Анықтама мазмұны мынадай: «Басбұзар Кейкі Кәкімбаев біздерге келді (Торғай өңіріндегі сол кездегі Кеңес үкіметін құруға көмектесіп жүрген арнайы әскери бөлімге - автор). Біздер оған рақымшылық жасадық, болған істің бәрін кешірдік. Сондықтан сіз біздің әскери бөлімге қосылып бірге Торғай қаласына барайық дедік» (Жақып, 2017: 31).Бұл ақпарат, шамасы, А.Токаревтің шағын отрядының Кейкімен келіссөздер жүргізіп жатқан кезеңінен хабар беретін секілді. Ақпарат әскери құрылымға емес, партия комитетіне берілгендіктен, онда Кейкіге қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстардың жалпы нобайымен хабардар ету көзделгені байқалады.

Торғайдан арнайы келген А.Токаревтің 11 адамдық шағын бөлімшесіне (ҚОМА. 24-қ., 1-т., 112-іс, 75-п. (айн)) Қарсақпайдан С.Мазғұтов бастаған қызыл әскер қосылады. Қызыл әскерлер тобы  ишан ауылының маңына жасырылады. А.Токарев және С.Мағзұтовтармен келіссөз жүргізу үшін Ахмет ишан үйіне келген жерінде Кейкі батыр қапыда қолға түседі. «Операция прошла удачно. На месте расстреляны основные виновники его отряда, а остальные распущены по домам. Товарищи Токарев и Магсутов решили Кейку и его брата доставить в Тургай» (ҚР ПА. 811-қ., 1-т., 26-іс, 124-п.), - деп жазылған куәгерлер деректерінің бірінде.

Тұтқынға түскен батырды, оның жары Ақжанды және інісі Түскенді Торғайға жеткізуді А.Токарев мойына алып, Мағзұтов Қарсақпайға қайтады. А.Токарев Торғайға Арал Қарақұмы, Ырғыз даласы арқылы жетуді көздейді. Бұған бірнеше жағдай себеп болған секілді:

Біріншіден, Арал, Ырғыз үстімен Торғайға бару – төте жол;

Екіншіден, наурыз айында қыс ызғары қайта қоймаған Ұлытау жақпен Торғайға қарай асу қиындық тудыратыны анық еді;

Үшіншіден, Арал, Ырғыз өлкесінде қалыптасқан көш жолы бар және ол өлкелер қазақ руларының қыстауы. Әскерилер тұтқын Кейкіні сол қыстаулар арқылы алып өтіп, үкіметке қарсы шыққандардың күні осындай болады деген сес көрсеткісі келген болуы да мүмкін.

Кейкінің аман қалған (Кейкі Ахмет үйіне аз жасақпен барған болса керек) сарбаздары батырды құтқарып алу үшін А.Токаревтің артынан жасырын еріп отырады. Ұзақ жолдың ыңғайы келген тұсында Кейкі сарбаздары А.Токарев отрядына тұтқиылдан шабуыл жасап, қызыләскер басшысын тұтқындап, Кейкіні босатып алады.

Бұл оқиғаның негізгі нобайы Қостанай губштабының бастығы Чернышевтің Орынборға 1922 жылдың 18 наурызында жөнелткен жеделхатында былайша баяндалған: «18.03.22 г. начальник отряда Токарев, следовавший впереди отряда вместе сопровождающим его милиционером района ауле Муршибай …наскочил засаду бандита Кукумбаева числ. 14 чел., который был обезоружен и увезен в неизвестном направлении. Банда Кукумбаева имела целью захватить отряд Токарева и освободить банду Кейка» (Қазақстан Республикасы орталық мемлекеттік мұрағаты (ҚР ОМА. 66-қ., 1-т., 53-іс, 116-п.)

Кейкіні ұстау операциясына тікелей қатысы бар Торғайдағы ЧОН взводының командирі Стуканның 1922 жылдың 19-наурызында Қостанайға жолдаған №056 жеделхатында көтерілісшілердің Кейкіні босатып алып кеткенін растайды(ҚР ОМА. 66-қ., 1-т., 53-іс, 203-п.) Осы оқиғадан соң ол өзі «Сарыжапалақ» (Сүлеймен, 2017: 209). деп атаған, көзі таныс А.Токаревтің ісін сатқындыққа бағалап, оны атып өлтіреді.

Кейкіні ұстауға қатысты қимыл-әрекеттің құпия болғандығы әскерилердің Қостанай губерниясының мемлекеттік саяси басқармасына жіберіліп отырған ақпараттардың мазмұнынан байқалады. Мұнда Кейкіге қарсы әскери қимыл-әрекеттің барысы баяндалмай, болған оқиғаның жалпы мазмұны ғана айтылады. Аталмыш ақпарат туралы мұндай қорытынды жасау оның мазмұнындағы Ахмет ишанның аты, Ә.Жангелдиннің хаты, Қарсақпайдан шыққан Мағзұтов отряды туралы деректердің берілмеуі және Кейкі туралы бұрыннан белгілі жағдайды қайталау сияқты көріністермен түсіндіруге болады.

Ақпараттың мазмұны мынадай: «Торғай өңірінде 21 адамнан топтасқан басбұзар бұзық Кейкі Кәкімбаев бар. Торғайдан 11 адамнан тұратын арнайы қарулы жасақты басқарып Токарев «басбұзарларға» қарсы шығып оларға күш көрсетпей «Беріліңдер, сонда сіздерге бостандық беріледі», - дейді. Сәл кідірістен кейін «басбұзарлар» алғашында келісім беріп, кейін ол уәделерінен тайып тұрады. Сол уақытта Атбасарға бара жатқан бір қарулы жасақ Токаревтерге қосылып, Кейкі тобына лап қояды. Кейкі сол жерде қолға түседі. Кейкіні Токарев тұтқындап, жанына бір милиционерін ертіп, жасақтар бара жатқан жолдан алшақ ізбен Торғай жаққа бет алады. Жолда түн мезгілінде ұйқыға жайласқан соң Кейкі есебін тауып, Токаревті өлтіріп, милиционерді тұтқындап, өзімен бірге алып қашады» (ҚОМА. 24-қ., 1-т., 112-іс, 85-85 пп. (айн)).

Қостанай губштабының бастығы Чернышевтің жеделхатындағы «ауыл Муршибай» деген дерекТорғай оязының әскери комиссары қызметін атқарған Мұхамедияровтың 1922 жылдың 9 мамыр айында, яғни Кейкі өлімінен кейін 1,5 ай өткеннен кейін жазылған «Қостанай губерниясы Торғай оязының бүгінгі жағдайы» деген баяндамасында айқындалады. Онда былай делінген: «Тұтқынға алынған Токарев Александр Перовск (Ақ мешіті) оязының Қарақоға болысының Доңыз деген жерінде Нұршабаев Абдулхалықтың үйінде Кейкінің қолынан қаза тапты» (Жақып, 2017: 32).

Бұл жерде Қарақоға болысы Торғай уезінде болғанын, сонымен қатар Ырғызда осындай жер атауы барын мұқият ескеруіміз қажет. Торғай өңірінің тарихынан жазба және ауызша деректер арқылы терең хабары бар, өлкетанушы, журналист Қабылахат Сейдахметтің айтуынша, Нұршабайдың Әбдіхалыққы Ақкөл жақтағы Аралбай мен Шуақбай маңын жайлаған. Кейін Ақтөбе жағына көшіп кеткен. Ұрпақтарының бар-жоғы белгісіз.

А. Токаревтің Кейкі батыр қолынан қаза табуы туралы хабар жан-жаққа таратылып, Торғайдағы ЧОН әскерінің взвод командирі Стуканның өзі бастап, көтерілісшілердің соңына түседі. Стукан взводты бірнеше бөлімшеге бөліп, батырдың бас сауғалап қашатын бағыттарына қарай аттандырады.

Ал Кейкі Жыланшық өзеніне қарай қашқан еді. 1922 жылдың наурыз айының соңына таман Жыланшық өзеніне құятын Жалаулы атты өзекшенің бойында Стукан взводының бөлім командирі М.Дудиннің жазалаушы отряды Кейкінің өз ағайыны Сүтемгеннің Жәкені деген кісінің үйіне отбасымен қонып жатқан жерінде қоршап алып, оған шабуыл жасайды. Кейкі жалғыз өзі жаумен атысып, жанталаса қарсылық көрсетеді. Атыс-шабыстың кезінде Кейкіге оқ тиіп, қайтыс болады. Жазалаушы отряд Кейкінің жары Ақжанның ішін жарып, інісі Түскенді айуандықпен өлтіреді.

Торғай уезінің әскери комиссары міндетін атқарған Мұхамедияров Дудин отряды Кейкіні Перовск қаласынан 170-190 шақырым жерде өлтірілді деген хабарды жазады (Жақып, 2017: 32).Қазіргі зерттеушілерге таныс тағы бір құжат ЧОН командирі Стуканның Кейкінің өлтірілгені туралы Қостанай губштабына жіберген № 084 жеделхаты: «29.03.22 г. бандит Кейка пойман отрядом под командированием отд. командиром тов. Дудина 200 верст от Тургая, растрелен на месте и с ним человек бандитов пять».

Кейкінің өлгендігінің дәлелі ретінде батырдың басы кесіліп, жазалаушы отрядпен Торғайға жеткізіледі. «…в доказательство, что Кейка был убит, отрублена голова и доставлена в Тургай» деп жазады сол кездегі жазба дерек көздері. Осы оқиғаның куәгерлерінің бірі С Искаков деген кісінің естелігінде қанды оқиға былайша суреттеледі: «Кейкінің басын қанжығасына байлап М.Сафарғалиев қалаға кіргенде жұрт таңырқап көруге барды. Бас көше шамына байлаулы тұрды кешке дейін. Оны ілу себебі кеңес үкіметіне қарсы шыққандарға осындай өлім деп айбар етілді» (ҚРПА. 811-қ., 1-т., 26-іс, 27-п.)

Жоғарыда әскери қимыл-әрекеттің барысын баяндайтын архивтік деректер мен Қостанай губерниясының мемлекеттік саяси басқармасына жолданған ақпараттың мазмұнын салыстырғанда мынадай ерекшеліктер бар екені аңғарылады:

Саяси басқармаға жіберілген хабарламаның бірінде: «Торғай өңірінде он бір, енді бірде 21 адамнан топтасқан басбұзар бұзық Кейкі Кәкімбаев бар» десе, әскерилер оның: «350 адамнан құралған жасағы бар және Телікөл маңында дейді»;

Қостанай губерниясына жіберілген енді бір ақпарда Кейкіні ұстауға 11 адамнан тұратын Токарев отряды аттанғаны айтылады да, Атбасардан 400 астам адамы бар отрядтың аттанғаны, Қарсақпайдан шыққан С.Мазғұтовтың 30 адамнан тұратын арнайы отряды туралы ақпараттар жоқ;

Саяси басқармаға әскерилер Кейкіні тұтқындап, Торғайға бет алған А.Токаревке Кейкі мерген жақтастарының жасаған шабуылы туралы айтпайды, керісінше, Кейкі амалын тауып Токаревті өлтірді деп хабарлайды;

А.Токаревтің Кейкі қолынан қаза тапқаны туралы хабардан кейін Торғайдан іле-шала шыққан М.Дудин әскері Кейкіні Перовск қаласынан 170-190 шақырым қашықтағы жерде мергенді өлтірді дейді. Бұл ақпаратты әлі де  мұқият зерделеу қажет.

Біріншіден, Перовскіден (Ақмешіттен) мұндай ара қашық шамамын қазіргі Жосалы станциясының маңы. Екіншіден, Кейкі Жыланшыққа қарай қашқан. Әккі, жырынды Кейкі жықпыл-жықпыл Жыланшыққа жасырынып, Ұлытау асып кетпек болған секілді. Жыланшық пен Торғай арасы төтелеп салғанда, осыншама жер. Үшіншіден, Жыланшық Кейкінің өте жақсы білетін өңірі және оның бойында батырдың аталас туғандары тұратын. Кейкі соларды паналап, бой жасырмақ болған. Бұл орайда оның өз жақыны Асқар Қарабайұлын А. Денисовке елшілікке жібергенін еске алайық (Сүлеймен, 2017: 201).

Кейкінің соңғы күндерінің хонологиясын жазба деректер арқылы қалпына келтіргенде мынадай көріністерге тап болдық. Кеңес үкіметі Кейкіні үш жақтан қысқан. Бірі – Торғай, екіншісі – Атбасар, үшіншісі  - Қарсақпай.

1922 жылдың наурыз айында басталған әскери операция бір айға созылып, наурыз айының соңында Кейкінің қазасымен аяқталады. Осы аралықта, яғни Кейкі батыр шын мәнінде Телікөлде тұтқындалған болса, онда ол шамамен 1000 шақырымдай жерді ат үстінде өткізген (4- сурет).

3-сурет.  Кейкі батырдың қазасы: хронологиялық деректемелерге сүйенген карта

А.Токаревтің Кейкі қолынан қаза табуы Торғайдың іргесінде емес (30 шақырым), бұрынғы Торғай уезінің Қарақоға болысындағы Нұршабайдың Әбдіхалқының қыстауында болса керек. Бай кісі Әбдіхалық Торғайды «жазда - жайлауы», Ырғызды «қыста - қыстауы» етуі әбден мүмкін.

Кейкіні ұстау үшін А.Токаревтің әскеріне Қайдауыл мен Қызылжыңғыл болысының шекарасында қосылған чекист А.Денисовтің естелігінде «азғырғанға көніп», қапыда қолға түскен Кейкімен төрт күн бірге болғанын, бесінші күні, Торғайға 100 шақырымдай жер қалғанда А. Токарев қасына Кейкі мен оның әйелін және інісін алып ең жақсы аттармен аттанып кеткені баяндалған (Сүлеймен, 2017: 208-209 ).

Біздіңше, олартөрт күн аралығыда Телікөл мен Ырғыз даласының арасын жүріп өтсе керек. Ал Ырғыз бен Торғай бекінісі арасында патша заманынан телеграф байланысының орнатылғанын ескерсек, Токаревтің қайтыс болуы Торғайға сол күні жеткен деп есептеуге болады. Сондықтан Торғайдағы ЧОН-ның взвод командирі Стукан жедел жазалаушы отрядты ұйымдастырып, Кейкіні көп ұзатпай Жыланшықта болған шайқаста атып өлтіріп, мергеннің басын ежелгі дәуірлерде соғыста жеңген жеңімпаздардың мақтанышы, белгісі ретінде саналатын сыйлық-трофей етіп шауып алады.

Өлкетанушы Ә. Бөгетбайдың Бибіжамал Жәкенқызынан Кейкінің қазасы туралы баяндалатын естелігінде айтылатын мергеннің жанында «әйелі Ақжан, інісі Шәукен, Қарақұмнан бірге келген үш жігіт: Уәли, Жақыбай, Жақып – Сазан руынан, тұтқынға алынған екі орыс жігіті. Барлығы 8 адам, қос ат, қос қоржыннан» (Әлмағамбет, 2000: 111) деген мәліметтегі «Қарақұмнан бірге келген үш жігіт» . деген ақпар – Кейкінің оқиға алдында Қарақұм (Ырғыз-Арал) жақта болғанынан хабар береді.

Қорытынды. Көп жылдар бойы бас сүйегі жат елде болған, кеңестік идеологияның кесірінен атын атауға тыйым салынған халық батырының туған елімен қайта қауышуы – ұлт рухының қайта жаңғыруы. Тәуелсіз еліміздің мұраты мен ұлт тарихы үшін де маңызы зор болған аталмыш келелі оқиғаның жүзеге асуына «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламаның шапағаты тигені анық.

Кейкі Көкембайұлы патша заманында отаршылдық саясаттың зорлық-зомбылығына қарсы Амангелді батырмен бірге қолына  қару алып күреседі, от-су кешіп бейнет тартады. Патша құлап, халық армандаған азаттық таңы атты деп қуанған тұста большевиктер билікке қарудың күшімен келіп, оның ақырында Ресей империясының астаң-кестеңі шығады, бір-біріне қару кезеген азаматтық соғыс өрті тұтанады. Ол өрт империяның бір бөлігі Қазақ даласын да шарпиды. Большевиктер сынды патшаны қарсы болған Кейкі Көкембайұлы енді солардың қаһарына ұшырап, қуғындалады. Ал тарихи әділет қисынына келсек, патша құлап, билікке большевиктер келгенде Кейкінің бағы Амангелді және Жангелдин сынды күрескерлердің атақ-абыройындай артуы тиіс еді. Бірақ тағдыр тәлкегі Кейкі үшін керісінше қалыптасты. Күрестің бейнетін тарқанмен зейнетін көре алмады, қаһармандық танытқанмен тағдыры трагедиялық күйде аяқталды. Батырдың есімінің елге оралуы да ұзақ жолдан өтті. Кейкі тағдырына қатысты бұл көрініс халық таныған қаһарманның атақ-абыройы ел ішіне кеш оралатынына тағы бір мысал.

Түйіндей келгенде, Кейкі мергеннің өмір сүрген заманы, батырдың ғұмырнамасы мен ерлік істеріне қатысты ғылыми зерттеулер енді толық мәнінде басталып жатыр. Алдағы уақытта тағы тың мәселелер ашылатыны сөзсіз.

Әдебиеттер мен деректер тізімі

Әбсадық А. Ер Кейкі елінде («Ұлы дала тұлғалары: Кейкі батыр ізімен» ғылыми ағартушылық экспедициясының материалдары бойынша) // «Кейкі батыр: ерлік пен елдік тағылымы» атты дөңгелек үстелдің материалдары. – Қостанай, 2017 ж. – 94 бет.

Әлмағамбет Бөгетбай. Торғайдағы азаттық көтеріліс. Тарихи очерк, зерттеулер. –  Астана, «Әлем», 2000 ж. –  180 бет.

Бекмағанбетов Ө. Қолмерген Кейкі батыр туралы не білеміз? //«Егемен Қазақстан» газеті. –  2016. –  1 сәуір.

Жақып Қ. Кейкі батыр туралы кейбір деректер мен дәйектер. // Кейкі батыр: ерлік пен елдік тағылымы. Дөңгелек үстел материалдары. Қостанай, 2017.-94 б.

Нұрманов,  2005 - Нұрманов А. Құланның ажалы: Роман. –  Алматы: Раритет, 2005. –  224 б.

Сүлеймен Мақсұтбек Кейкі Көкембайұлы.  –  Павлодар: ЖК «Сытина Н.И.» баспаханасы, 2017. –  404 б.

Калюта Ф.И. Этих дней не смолкнет слава (Из воспоминаний Ф. И. Калюты, члена КПСС с 1920 г.) //  Синие шинели. Издательство «Казахстан, Алма-ата, 1967 (http://maxima-library.org/mob/b/309779?format=read)

Кейкі батыр (Нұрмағамбет Көкембайұлы): өмірі мен өліміінің тарихы. Республикалық ғылыми-тәжірбиелік конференцияның материалдар жинағы.  Қостанай-Арқалық, 2017. –  47 б.

«Кейкі батыр: ерлік пен елдік тағылымы» атты дөңгелек үстелдің материалдары. –  Қостанай, 2017 ж. – 94 бет.

Қазақстан Республикасы Президентінің архиві (ҚРПА). 139-қ., 1-т., 80-іс, 34-п.

Қазақстан Республикасының Орталық мемлекеттік архиві (ҚР ОМА) 66-қ., 1-т., іс-53, 203-п.

Қостанай облыстық мемлекеттік архиві (ҚОМА) 24-қ., 1-т., 112-іс, 5-п.

Қаратаев М. Даладағы дабыл: Документтерге негізделген публицистикалық роман. – Алматы: Жазушы, 1981. –  400 б.

Қылышбайұлы Ә. Құлан Қыпшақ Кейкі батырдан соң. – Арқалық, 1997.-193 б.

References

Absadyk A. Er Keiki elinde ("Uly dala tulgalary: Keiki batyr izimen" by Gylym akartushylyk expeditions sons materialsdary boyinsha) // Keiki batyr: country and heroic readings. Round table materials. –  Kostanay, 2017. –  94 p. [In Kazakh].

Bekmaganbetov O. Holmergen Keiki batyr turaly not bilemiz? // "Egemen Kazakhstan" newspaper. – 2016. – 1 sauir.[In Kazakh].

Zhaqyp Q. Keykі batyr turaly keibir derekter men deyekter // Keykі batyr: erlik pen eldik taғylymy. Dongelek үstel materialdary. // Keiki batyr: country and heroic readings. Round table materials. – Kostanay, 2017. –94 p. [In Kazakh].

AlmagambetBogetbay. Torgaydagy azattyq koterilisi (tarixi oçherk - zertteuler) [Liberation uprising in Turgai (historical essay - research)]. – Astana: World. 2000. – 180 p. [In Kazakh].

Nurmanov A. Qulannıñ ajalı: Roman. [Death of Kulan: Novel]. – Almaty: Raritet, 2005. – 224 p. [In Kazakh].

Suleimen M. Keikі Kukembayuly. – Pavlodar: ZhK "Sytina N.I." baspahanasy, 2017. –404p.[In Kazakh].

Kalyuta F.I. These days will not cease glory (From the memoirs of F. I. Kalyuta, a member of the CPSU since 1920) // Blue overcoats. Publishing house "Kazakhstan, Alma-ata, 1967 (http://maxima-library.org/mob/b/309779?format=read)

Keykі batyr (Nurmaғambet Kukembayuly): omіrі men olіmіinіn tarikhy. Respublikalyk Gylymy-tәzhirbielik conference materialsdar zhinay. – Kostanay-Argalyk, 2017. –47 p.[In Kazakh].

Keykі batyr: erlik pen eldik taulymy. Dөңgelek үstel materialdary. //Keiki batyr: country and heroic readings. Round table materials. Kostanay, 2017. – 94 p. [In Kazakh].

Karataev M. Daladaғy dabyl: Dokumentterge neizdelgen publicisticст novel. –Almaty: Zhazushy, 1981. –400 p.[In Kazakh].

Қylyshbaiuly A. Qulan Qypshak Keiki batyrdan son. – Argalyk, 1997. –193 p.[In Kazakh].

МРНТИ 17.71.01

КЕЙКИ МЕРГЕН: НАРОДНЫЕ ПРЕДАНИЙ И ПИСЬМЕННЫЕ ИСТОЧНИКИ

А.А. Абсадык¹

¹Доктор филологических наук, профессор КГУ им. А. Байтурсынова. Казахстан, г. Костанай.

Аннотация. Кейки (Нурмагамбет) Кокимбайулы – один из героев национально-освободительного восстания 1916 года в Тургайской степи. Он был ближайшим соратником Амангелды Иманова, а также тесно общался со степным комиссаром Алиби Джангильдиным, внесшим особый вклад в установление советской власти в Тургае. Народная память помнят его глубоко как легендарного мергена, командовавший во время восстаний отряд снайперов. После Октябрьской революции 1917 года на территории Российской империи вспыхнула гражданская война. Кейки Кокембайулы выступил против политики новой власти. Власть преследовала его. Он героический  погиб от руки карательного отряда советской власти. Советская власть стремилась стереть это имя из памяти народа. Объявив его «бандитом», «грабителем», участником (главой) «шайки», она стремилась очернить имя и героизм Кейки батыра. Главной причиной тому стало то, что Кейки батыр во время начавшейся после большевистского переворота 1917 гогда гражданской войны выступил против нового правительства. Образ Кейки батыра, несмотря на припятствия классовой идеологией, сохранился в народных легендах, стихах и художественных произведениях. Прославление славного героя началось после падения советской власти и обретения Казахстаном независимости. Опубликованы воспоминания очивидцев того времени и проведены документальные исследования о Кейки Кокембайулы. Статья подготовлена в рамках научно-просветительской экспедиции «Личности Великой степи: по следам Кейки батыра», организованной Управлением внутренней политики Костанайской области.Она направлена на анализ биографии и героических подвигов Кейки батыра, которые долгие годы в памяти народа и архивных источниках.

Ключевые слова: Кейки батыр, народное восстание, гражданская война, Аманкелди Иманов, Ахмет ишан, Жыланшык, Жалаулы.

IRSTI 17.71.01

KEIKI MERGEN: FOLK TRADITIONS AND WRITTEN SOURCES

Absadyk¹ А.А.

¹Doctor of Philology, Professor of A. Baitursynov KSU.

Kazakhstan,Qostanai.

Аnnotation. Keiki (Nurmagambet) Kokimbayuly is one of the heroes of the 1916 national liberation uprising in the Turgai steppe. He was the closest associate of Amangeldy Imanov, and also closely communicated with the steppe commissar Alibi Dzhangildin, who made a special contribution to the establishment of Soviet power in Turgai.People's memory remembers him deeply as the legendary mergen, who commanded a detachment of snipers during the uprisings. After the October Revolution of 1917, a civil war broke out on the territory of the Russian Empire. Keiki Kokembayuly opposed the policy of the new government. Power pursued him. He died heroically at the hands of a punitive detachment of Soviet power. The Soviet government tried to erase this name from the memory of the people. Declaring him a «bandit», «robber», a member (head) of the «gang», she sought to denigrate the name and heroism of Keiki batyr. The main reason for this was that Keiki Batyr, during the civil war that began after the Bolshevik coup of 1917, opposed the new government. The image of Keiki batyr, despite the obstacles of class ideology, has been preserved in folk legends, poems and works of art. The glorification of the glorious hero began after the fall of Soviet power and Kazakhstan's independence. The memoirs of the people of that time were published and documentary research about Keiki Kokembayuly was carried out. The article was prepared within the framework of the scientific and educational expedition «Personalities of the Great Steppe: in the footsteps of Keiki batyr», organized by the Department of Internal Policy of the Kostanay region. It is aimed at analyzing the biography and heroic deeds of Keiki batyr, which have been in the memory of the people and archival sources for many years.

Keywords: Keiki batyr, popular uprising, civil war, Amankeldi Imanov, Akhmet Ishan, Zhylanshyk, Zhalauly.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь