Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » ӘОЖ 913.1/913.8 ЕСМАҒАМБЕТ ИСМАЙЛОВ: МЕН ӘДЕБИЕТТІ БАРЛЫҚ МҮДДЕМНЕН ЖОҒАРЫ ҚОЙДЫМ!

М.Қ. ҚОЙГЕЛДИЕВ, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті, т.ғ.д., проф., ҚР ҰҒА академигі

ӘОЖ 913.1/913.8 ЕСМАҒАМБЕТ ИСМАЙЛОВ: МЕН ӘДЕБИЕТТІ БАРЛЫҚ МҮДДЕМНЕН ЖОҒАРЫ ҚОЙДЫМ!

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 4(20), 2019

Автор:
Есмағамбет Исмайлов, жиырмасыншы ғасырда өмір сүріп, еңбек еткен қазақ зиялыларының үшінші буынының өкілі. Кез-келген шынайы ғалым сияқты оның шығармашылық қызметі де өмір сүрген кезеңі мен сол кезеңге тән қоғамдық мәселелермен тығыз байланысты жүрді. Е. Исмайлов екі мәрте, яғни 1933 жылы және 1951 -1954 жылдары саяси репрессияны басынан кешірді. Біздің зерттеуіміз басым түрде осы аталған жылдардағы сот процесстерінің материалдарына негізделді. Түйін сөздер. Әдебиет, саяси қуғын-сүргін, ұлтшылдық, архив, деректер.
Содержание:

                                                                                     Мен сені қазақ әдебиетінің, әдебиет

                                                                                     ғылымының айнымас, қажымас, жылдар

                                                                                     жүрсе арымас жегіндісі – Еңбек торысы деймін.

                                                                                     Сол үшін сүйемін де бек бағалаймын.

                                                                                                                                             Мұхтар Әуезов 

Кіріспе. Есмағамбет Исмайлов, жиырмасыншы ғасырда өмір сүріп, еңбек еткен қазақ зиялыларының үшінші буынының өкілі. Ғалымның өмір жолы мен қызметін талдауға алғанда бұл жағдайды ескермей тура тұжырымдарға келу қиын болар еді. Кез-келген шынайы ғалым сияқты оның шығармашылық қызметі де өмір сүрген кезеңі мен сол кезеңге тән қоғамдық мәселелермен тығыз байланыста жүрді. Басқаша болуы да мүмкін емес-тін. Е.Исмайлов екі мәрте, яғни 1933 жылы және 1951-1954 жылдары саяси қуғын-сүргінді басынан кешірді. Алғаш рет ол кеңестік билік абақтысының есігін ашқанда 22 жастағы оқудағы жас болса, екінші рет тұтқындалғанда 40-қа енді ғана толған кемел ғалым еді. Міне осы оның өміріне қатысты екі сот процестерінің Е.Исмайловтың дүниетанымы мен ғылыми ұстанымына ықпалының зор болғандығы анық. Соған байланысты біздің зерттеуіміз де басқа дерек көздерімен бірге басым түрде аталған сот процестерінің материалдарына негізделеді. Автор үшін негізгі мәселе Е.Исмайловтың әдебиеттану ғылымындағы жеке тақырыптарға қатысты ұстанымы емес, ол осы саладағы ғалымдардың үлесіндегі мәселе. Тарихшы үшін бұл арада негізгі тақырып, әрине, әдебиет ғылымында жүргізілген репрессия саясаты, осы арнада Е.Исмайловты тұлға және ғалым ретінде сот ісіне тартылуының себебі мен бұл оқиғаның саяси астары, сондай–ақ ұлттық руханиятқа тигізген зардабы еді.

1.  1951 жылы 6 қарашада Алматыдағы Калинин (бүгінгі Қабанбай) көшесінің 75 үйіндегі 38 пәтерде тұратын Е.Исмайлов сол кездегі Республиканың Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі бекіткен қаулымен (№ 91 ордер) тұтқынға алынады. Ғалымға толтырылатын анкетада мынадай мәліметтер берілген: Исмайлов Есмағамбет 1911 жылы Көкшетау облысы (қазіргі Ақмола облысы) Еңбекшілер ауданындағы № 4 ауылда кедей шаруа Самұраттың отбасында өмірге келеді. 1920 жылы анасы өмірден озған соң, ағайындарының қолында жүрген бала алдымен Көкшетау қаласындағы балалар үйіне беріліп, сонан соң Петропавл қаласындағы балалар коммунасына ауыстырылды. Кейінірек ғалым «балалар үйі мені адам етті, білім алуға мүмкіндік туғызды» деп оны зор ризашылықпен есіне алады. 1930 жылы 19 жастағы Есмағамбет Алматыға келіп, Қазақ педагогикалық институтының филология факультетіне түсіп, оны 1934 жылы аяқтайды. 1939 жылға шейін «Коммунист» журналының редакциясында қызмет істеген ол, осы жылы Ғылым академиясы филиалындағы тіл, әдебиет және тарих бөліміне жұмысқа ауысады. Осы кезден бастап Е.Исмайловтың өмірі мен шығармашылық қызметі қазақ әдебиеттану ғылымымен тығыз байланыста жүрді [ҚР ІІМ АҚДА. 674-іс, 1-т., 2-5 об пп.]. 1952 жылы 9-10 мамыр күндері өткен жабық сотта сөйлеген соңғы сөзінде ол «мен көркем әдебиетті соншалықты сүйдім, тіптен оны өзімнің барлық мүдделерімнен жоғары қойдым» [ҚР ІІМ АҚДА. 674-іс,2-т, 383-383об пп.], – деп көрсетті.

  Е.Исмайлов тіл және әдебиет секторына қызметке келгенде өзінің әлі де болса жастығына (28 жас) қарамастан, қоғамдық өмірде талай сыннан өтіп үлгерген, өмірлік ұстанымы қалыптасып қалған зерттеуші-ғалым еді. Ол өмір сүрген тарихи кезең мен ортада зерделі жанның тез пісіп жетілмеске де шарасы жоқ-тын.

  Профессор ғалым Т.Кәкішев «Е.Исмайлов не үшін сотталды» (Т.Кәкішев. Санадағы жаралар. Алматы, 1992. 230-261 бб.) атты мақаласында әдебиеттанушының өмір жолына қатысты фактілерге тоқталып, 1933 жылы қамауға алынғанын, оған не себепші болғандығын зерттей түсу қажеттігін айтқан. Архив құжаттарына сүйеніп осы орынды қойылған тақырыпқа жауап іздеп көрейік. Оқиға былайша өрбиді. 1931-1933 жылдары қазақ халқының жаппай қырғынға ұшырауына ұласқан аштық болғаны мәлім. Трагедияның себебін өз мойнына алудан жалтарған билік орындары бар кінәні оппозициялық ұстанымдағы күштерге аударуға тырысып оларға қарсы репрессиялық шараларды іске асырады. Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ППОГПУ) тек 1933 жылы ғана Қазақстанда 10-нан астам сот процестерін өткізді [ҚР ІІМ АҚДА. 4727-іс, 2-т., 1-3 пп.]. Осы сот істері бойынша жасалған тұжырымда: «Аталған контрреволюциялық құрылымдарды тергеу барысында бірнеше жылдар бойы негізінен Алашорданың бұрынғы мүшелерінен тұрған, сондай-ақ басым түрде жастардан құрылып, қоғамда кең тамыр жайған контрреволюциялық ұлтшыл топтардың белсенді әрекет жүргізгені анықталып отыр. Тергеу бұл контрреволюциялық ұйымдардың бір құпия ұлтшыл орталық арқылы басқарылғанын ашты» [ҚР ІІМ АҚДА. 4727-іс, 2-т., 3 п.], – деп көрсетілген. Міне сол сот процестерінің бірі «Түрік халық партиясының ісі» деп аталды. Қолдан жасалған бұл сот процесін ОГПУ орындары ұйымдастырған еді. Мақсат 1932 жылғы елді жайлаған жаппай қырғын барысында қоғам арасындағы табиғи наразылықты, сондай-ақ бірінші басшы Ф.Голощекин атына айтылған өткір сын-пікірлерді бастау көзінде-ақ басып тастау болатын. Кеңестік билік Қазақстандағы жаппай адам қырғынының себебін тағы да өзінен ысырып, өзіне сын айтушыларға аударуға тырысты.

  ОГПУ жасаған конструкция және оның құрбандары. 1932 жылы 26, 28 және 29 желтоқсан күндері Алматыда Абикеев Дайыр (Алматы облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы сектор меңгерушісі), Мадыгулов Мұқаш, Рамазанов Халық және Дәріқұлов Есберген (Қазақ педагогикалық институтының аспиранттары), Сағатов Толымбек (облпланның экономисті) және Жүсіпов Арын (Шымкенттегі Қазмақтакомның қызметкері), тұтқынға алынады [ҚР ІІМ АҚДА. 04010-іс, 2-т., 3-4 пп.].

2.  ОГПУ тергеушілеріне бұл тұтқындалғандардан алған жауаптан көңілге қонымды іс құрау жеңілге түспейді. Сондықтан да елге танымал оппозициядағы тұлғалардың бірін іске тарту жөнінде ұйғарым жасалынғаны байқалады. Сөйтіп, 1933 жылы 17 қаңтарда Алматыдан берілген телеграмма (№ 2010, 1933 жылғы 4 қаңтар) бойынша ГПУ қызметкерлері Мәскеуде іссапарда жүрген Қазақ геологиялық–барлау институтының директоры, сол тарихи кезеңдегі белгілі саяси тұлға, оппозиционер Ыдырыс Мустамбаевты тұтқынға алып, Алматыға ГПУ-дың тергеуіне жібереді [ҚР ІІМ АҚДА. 606785-іс, 1-т., 291-п.; 04010-іс, 2-т., 3-4 пп.]. Осы жылдың қаңтар және ақпан айларында бұл аталған кісілермен «саяси ортақ мақсатта байланыста болды» деген себеппен Демешев Ғали (мұғалім, Ақтөбе облысынан), Жуанышбаев Сейітжапар (Шымкенттегі «Қазортаазияполиметалл» мекемесінің қызметкері), Жантаев Шабденалы (Түрсиб политехникумының студенті), Хасенов Сүлеймен (Ақмола қаласының тұрғыны), Құсайынов Шахмет (Қарағанды облысы, Айыртау ауданының тұрғыны) және Исмайлов Есмағамбет (ҚазПИ-дің студенті) тұтқындалады [ҚР ІІМ АҚДА. 04010-іс, 2-т., 3-4 пп.].

  Сонымен барлығы 17 адамнан тұрған бұл топқа «буржуазиялық бағыттағы тәуелсіз Қазақстан» үшін күресу мақсатында антисоветтік ұлтшыл ұстанымдағы «Түрік халық партиясын» құруды көздеді деген айып тағылды. Партия құру идеясының авторы Ы.Мұстамбаев, ал тергеу барысында ол идеяны іске асырушы «белсенді топтың» жетекшісі Алматы облыстық партия комитетінің сектор меңгерушісі Әбікеев Дайыр болды деген «тұжырым» жасалынды. Бұл, әрине, мәселені қысқартып айтар болсақ, сол тарихи кезеңдегі ОГПУ тарапынан қолдан жасалынған көптеген жалған конструкциялардың кезекті бірі еді.

  Сонымен бірге бұл арада мынадай бір жағдайды да ескерген жөн. Тергеу материалдарына қарағанда 1932 жылғы елдегі жаппай аштық салдарынан жүріп жатқан қырғын жағдайында Алматыдағы жоғарғы саяси топ қоғам арасында биліктің авантюралық курсына байланысты наразылық хаттар ұйымдастыру әрекетін іске асырған сияқты. Бұл істі жүргізу барысында партия қызметкері Д.Әбікеев пен Қазақ педагогикалық институтының аспиранты Х.Рамазановтардың ОГПУ органдарының назарына ілініп қалғандығын дерек көздерінен аңғаруға болады. Дегенмен, бұл кісілердің кеңестік саяси жүйеге қауіп төндірерліктей әрекетке барғандығына дәлел боларлықтай құжаттық айғақтың іске тіркелмегенін ескерткен артық емес.

  Істің мән–жайы түсінікті болу үшін осы іс бойынша ОГПУ коллегиясының шешімімен қылмыс кодексінің 58–2/11 бабына сәйкес сотталған бұрынғы партия мүшелері Ыдырыс Мұстамбаевтың, Дайыр Әбікеевтің, Мұқаш Мәдіғұловтің және Халық Рамазановтың Мәскеудегі партияның Орталық Комитетіне және оның Өлкелік комитетіне жолдаған арызынан үзінді беруге тура келеді. «БК(б)П ОК-не және БК(б)П Өлкелік комитетіне 1932 жылдың желтоқсанынан бастап ОГПУ мекемелері тарапынан Қазақстандағы Совет билігін құлатып оның орнына буферлік-жартылай феодалдық тәуелсіз қазақ ұлттық мемлекетін құру мақсатында қарулы көтеріліс ұйымдастыруды көздеді деген өте ауыр мемлекеттік қылмыс жасады деген айып тағылып қазақ педагогикалық жоғары оқу орнында оқитын 10 партия және 7-і комсомол мүшелері (аспиранттар мен студенттер) қамауға алынды. Қазіргі уақытта ОГПУ коллегиясының осы жылғы 4 шілдедегі шешімімен бұл құрамдағы адамдардың 9-ы концлагерге, (екеуі (Әбікеев пен Мұстамбаев) 5 жыл мерзімге, қалғандары 3 жылға), ал басқа 8 адам түрлі уақытта босатылды.

  Партияның бұрынғы мүшелері ретінде, партия қатарында 1920 жылдың ақпанынан бергі уақытта, яғни ұзақ мерзім оның құрамында болғандықтан біз мынадай жағдайға сіздердің назарларыңызды аударуды өзімізге парыз санадық:

1)  Бастапқыда жауапқа тартылған 17-і адам, тіптен алдарына жоғарыда айтылғандай мақсат және міндет қойды деп қауіпті мемлекеттік қылмыскер ретінде сотталған 9 адам да шынайы өмірде өзара әрекет және пиғыл бірлігі тұрғысынан да, идеологиялық немесе көзқарас бірлігі тұрғысынан да, сондай–ақ оларды ұйымдық және идеялық тұрғыдан белгілі бір топқа немесе ұйымға біріктіріп тұрған да ештеңе жоқ. 2-3 адамның жай таныстық негіздегі байланысын айтпағанда, бұл адамдардың барлық кездесулері мен өзара сөйлесулері кездейсоқ және белгілі бір мақсатсыз сипатта болған. Тек осы кездейсоқ кездесулер мен сөз алысулар барысында әртүрлі адамдар арасында апатқа ұшыраған шаруашылық, соған байланысты елдегі саяси ахуалдың шиеленісіп кетуі жөнінде антипартиялық және антисоветтік мазмұндағы түрлі сөздердің айтылуы жоғарыда аталған қылмысты жасадың деп айыптауға негіз болды. Ал қалыптасқан шындық сондай, елдегі шаруашылықтың апатты жағдайға ұшырауына Қазақстандағы бұрынғы басшылықтың қате ұстанымы алып келген болатын.

2)  Біздің ісімізбен біршама тереңірек танысқан кісі бізбен бірге жауапқа тартылған кейбір кісілердің, мәселен, А. мен Б.-ның,[1] бұл істегі рөліне күдіктене қарайтындығы анық. Олар алғашында «біздің ұйымның» белсенді мүшелері ретінде жауапқа тартылып, артын-ала ешқандай да жазаланбастан тайып кетісті. Бұл адамдарды жауапкершіліктен босатып жіберген жағдайда Мұстамбаев пен Әбікеевті белгілі бір топтың басшысы ретінде соттаудың өзі де негізсіз, сол сияқты, басқаларды да соттаудың қисыны жоқ болып шығады. А. және Б.-ны жауапкершіліктен шын көңілден берген көрсетулері үшін босатуға заңды негіз жоқ және оның болуы да мүмкін емес-тін...

3)  Қазақстанның ескі басшылығы тұсында басталған біздің тергеу ісіміздің шеңберін жалпықазақстандық ауқымға кеңейтіп, сол арқылы Қазақстандағы қоғамдық–саяи пікір түзіп, еңбекші бұқара алдында барлық ұлтшыл, контрреволюциялық ұстанымдағы күштер оппозициялық көңіл–күйдегі тұлғалардың төңірегіне топтасуда деген ой туғызу әрекеті байқалды. Өкінішке орай біздің тергеу ісімізге қатысты материалдарды біржақты қорыту, сөйтіп оны Қазақстандағы артиялық-советтік және шаруашылық құрылыстағы апатты жағдаймен байланыстыру, яғни осы сәтсіздіктердің бәрі де бір контрреволюциялық ұлтшыл орталықтың жымысқы қызметінің нәтижесі ретінде көрсету әрекеті әлі де жалғасын табуда.

  Тергеу ісінің осындай біржақты бағыт алуының салдарынан қалыптасқан жағдайды объективті зерттеп бағалау болмады, сондай–ақ жалпы Қазақстандағы жағдайдың жылдар бойы ең жоғарғы партиялық және өкіметтік билікке бұрмаланып баяндалғаны сияқты, біздің ісіміз де пролетариат диктатурасының Жоғарғы сот органына бұрмаланып жеткізілді. Кейбір фактілерге қарағанда қазір де жаңа басшылық өзінің сәтсіздіктерін уклонистерден, ұлтшылдардан және басқалардан көргісі келетіндігі байқалды, ОГПУ-дің қайсыбір қызметкерлері де осы ұстанымда, бұлар мұндай теориясымақтың зиянды екендігін, бұл ұстанымның ескі басшылықтың шовинистік біржақты және саяси соқырлығынан туғандағандығын түсіне алмай отыр.

  Арыздың соңында оған қолдарын қойған кісілер өздеріне таңылған кінәнің әділетті емес екендігін, сондықтан да үштіктің шешімімен келісе алмайтындықтарын ашық мәлімдейді [ҚР ІІМ АҚДА.010237-іс, 2-т., 72-82 пп.].

  Арызда баяндалған фактілерге байланысты оқырманның назарын сол тұстағы елдегі мынадай жағдайға аударуға тура келеді.

  Репрессиялық аппараттың еркінсуі. 1929-1932 жж. республика өмірінде бұрын–соңды болмаған трагедиялық жағдай орын алды. Жергілікті халықтың жартысына жуығы (Жоғарғы Кеңес комиссиясының көрсетуі бойынша) аштықтан қырылды. Жергілікті халық – қазақтардың бір миллионға жуығы өлімнен қашып көрші елдерге жаппай қоныс аударуға мәжбүр болды. Ф.Голощекин мен оған жақын республикалық басшылық ел өмірінде қалыптасқан бұл апаттық жағдайға байланысты жанұшыра өздерінің бастарына араша боларлықтай аргумент іздеді. Осы ретте бірінші басшылық орында отырған Ф.Голощекин қолындағы билікті пайдаланып мынадай мазмұнда есеп құрып, оны іске асырды.

1.  Ф.Голощекин өзі Қазақстандағы билікке келген бетте алаштық буынға қарсы бастап кеткен сот процестерін (1926–1932 жж.) [Бұл арада сөз 1925-1926 жж. Ж.Аймауытовқа байланысты «Торғай ісі», 1927-1930 және 1930-1932 жж. жүрген «Алаш ісі» аталған сот процестері туралы болып отыр.] «қазақ ұлтшылдарының», «буржуазиялық-интеллигенцияның» советтік реформаларға «қарсылығын» қоғамдық пікір алдында әшкерелеу бағытында және мазмұнда жүргізді. Осы жылдары советтік тарихтың түрлі кезеңдерінде төбе көрсетуден танбаған «қазақ ұлтшылдығы» деген ұғым өмірге келіп, тарихи ландшафтқа орнықты. Бұл сол кезеңдегі советтік идеологияның негізін қалаған мәскеулік жабық та құпия кабинеттердің жымысқы қызметі арқылы қазақ мүддесін біржола сөндіру мақсатында айналымға қосылған механизмдердің бірі-тін. Бұл тетік әлі де өз өзектілігін жоя қойған жоқ. Дегенмен, алаштықтарға байланысты жүргізілген бұл сот процестері Ф.Голощекин мен оның идеяластары күткендей нәтиже берген жоқ-тын. Өйткені ондай идеяға жем боларлық негіз табыла қойған жоқ еді.

  Алашордалық «ұлтшылдарға» байланысты жүргізілген екінші сот ісі 1930 жылы басталып, 1932 жылы Мәскеуде аяқталды. Мәскеулік тергеушілер Алматыдағы Ф.Голощекинге арнайы хат жазып бұл іс бойынша оған тартылған азаматтарды соттауға негіз боларлық фактілердің жоқ екендігін хабарлайды. Ф.Голощекин сотқа тартылған алашордалықтарды кінәлі еместіктерін мойындап Қазақстанға қайтарған күнде бұл істі бастаған өзі мен басқа да сыбайластарының қоғам алдында абыройсыз болатындығын айтып, қайткенде де оларды белгілі бір мерзімге соттап, Қазақстаннан тыс өңірге жер аударуды талап етеді. Осы арада советтік сот жүйесінің большевиктік диктатура қолындағы ойыншық екендігі анық байқалады. Алашордалық екінші топтың қылмысты деп табылған он бесі бес жылға Воронеж қаласына жер аударылды. Айтуға лайық факті: бұл шешімді тағы да сол құрамында Ф.Голощекин (одан басқа Сольц және Фельдман) бар ОГПУ-дің көшпелі (выездная Сессия Коллегии ОГПУ) үштігі қабылдайды [Осы ретте мынадай бір жағдайға көңіл аударуға тура келеді....]. Қазақ тарихының жаңа кезеңдегі кезекті сорақы фарс осылай аяқталды.

  Большевиктер диктатурасы қалыптастырған Қазақстандағы жағдайды қазақ емес, осы «көк атты»  үштік жақсы «білетін» болып шықты. Осылайша советтік аталған билік жүйесі орныққан соң қазақ халқы мен оның саяси бастаушы тобының тағдырын, А.Байтұрсынұлы айтқандай, «қазақтың ісіне қатыспақ түгіл қарасын көрмеген, атын есітпеген жат жұрттың адамдары» [Байтұрсынұлы А, 2013: 183] шешті. Бұл жағдай, біріншіден, советтік мемлекеттік жүйенің бұрынғы патша өкіметінің қазақ қоғамына байланысты отарлаушы күш ұстанымынан арыла алмағандығының, бұл ұстанымының тіптен күшейе түскендігінің нақты көрінісі-тін. Екіншіден, бұл факті сондай-ақ совет өкіметінің ішкі және сыртқы саясатта өз дегеніне жету үшін қазақ сияқты халықты құрбандыққа шалуға даяр тұрғандығының айғағы болды. Үшіншіден, А.Байтұрсынұлы 1920 жылы В.И. Ленинге жазған хатында советтік басшылық үшін қазақ қоғамын басқаруға байланысты екі-ақ жол бар. Оның бірі қазақ елін сол бұрынғы патшалық билік тұсындағыдай «жарым патша» – генерал–губернаторлар арқылы басқару да, екіншісі, елді басқару ісін ұлттың оқыған зиялыларына сеніп тапсыру еді. Советтік басшылық қазақ қоғамын басқару ісінде бірінші жолды таңдады. Голощекиндік билік совет өкіметінің осы ұстанымды басшылыққа алғандығының нақты көрінісі болды.

1.  Ф.Голощекин қазақ жерінде билік құрған жылдары партиялық аппарат пен ОГПУ арасындағы өзара түсінушілік толық «үйлесімді» деңгейде жүрді. Республикадағы ОГПУ басшысының қатынасуынсыз Өлкелік партия комитеті бюросының бірде-бір отырысы өтпейтіндей жағдайға жетті. Алаш ісі бойынша сот процестерінен елдегі қырғынға негіз боларлық дәлел шығара алмаған Ф.Голощекин ендігі уақытта ондай дәлелді қалай болғанда да қоғам ішінен табуға ОГПУ басшылығына тапсырма береді. Өз кезегінде ОГПУ органдары «Алаш ісі» аяқтала салысымен, келесі 1933 жылы № 4727-«Қазақ контрреволюциялық ұлтшылдар орталығы» аталатын сот процесін ұйымдастырып, репрессиялық шараларды бастап кетті. Республикадағы ОГПУ басшылығы тарапынан, Мәскеудегі орталық мекемесіне осы іс бойынша он контрреволюциялық қазақ ұлтшылдарының ұйымын ашып, жойғандығы туралы есеп беріледі [ҚР ІІМ АҚДА. 04693-іс,2-т., 1-3 пп.].

  Бұл арада Қазақстандағы ОГПУ органдарының соншалықты еркінсіп, елді басынғандығын көрсететін сол жылы «ашылды» деген қазақ ұлтшылдарының ұйымдары туралы мәліметті келтірейік.

  1. Қазақ АССР Байланыс басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары Мұстамбаев басқарған «Түрік халық партиясы» аталатын ұлтшылдар тобы (ОГПУ коллегиясы қараған № 1292 тергеу ісі. Іс бойынша 12 адам сотталды).

  2. Оңтүстік Қазақстан облысы Қармақшы ауданындағы Қара-Кеткін МТС мен «Қызыл кедей» колхозында өрт ұйымдастырып шаруашылықты құлатқан контрреволюциялық ұйым (№ 4728 тергеу ісі бойынша ПП ОГПУ-дің үштігінің шешімімен 53 адам сотқа тартылып, олардың 5-і атылып, 48-і түрлі мерзімге концлагерге айдалған).

  3. Кадр бөлімінің бастығы Кадаленко басқарған «Қарағанды–көмір» тресіндегі контрреволюциялық ұйым (№ 2033 тергеу ісі бойынша ОГПУ үштігі қарап, 12 адам сотталды).

  4. Әулиеата ауданындағы контрреволюциялық ұлтшылдар тобы. Бұл топ қолдан қиындықтар туғызып, соның салдарынан жергілікті жұрт жаппай қырғынға ұшыраған. (№ 16/4638 тергеу ісі бойынша ОГПУ үштігінің шешімімен 21 адам түрлі мерзімге концлагерге айдалды).

  5. Құрамында Қаржаубаев, Сауғабаев және басқалар бар Орынборлық контрреволюциялық ұлтшылдар тобы Ақтөбе және Оңтүстік Қазақстан облыстарынан Қазақстаннан тыс өңірлерге қазақ қожалықтарының қоныс аударуын ұйымдастырған (№ 4727 тергеу ісі бойынша ОГПУ үштігінің шешімімен 2 адам, бірі 10 жылға, ал екіншісі 5 жылға концлагерге айдалған).

  6. Жалнин басқаратын орыс интеллигенттер тобы қазақ ұлтшылдарымен бірлікте қарулы көтеріліс ұйымдастырып интеллигенцияның диктатурасы арқылы басқарылатын буржуазиялық мемлекетті қалпына келтіруді көздеген (№ 2727 тергеу ісі бойынша ОГПУ үштігі 4 адамды түрлі мерзімге концлагерге кескен).

  7. Утеулиев, Бірімжанов ж.б. басқарған қазақ студенттерінің контрреволюциялық тобы «Тәуелсіз Тұран мемлекетін» құрамыз деген ұранмен шет елдерге қазақ қожалықтарының қоныс аударуын ұйымдастырған (№ 4727 тергеу ісі бойынша ОГПУ үштігі кінәлілерді концлагерге кескен).

  8. Қызылордадағы Қазақ ағарту институтының студенттері оқу ісінің меңгерушісі Исиннің басқаруымен ұлтшыл көзқарастағы кадрларды контрреволюциялық жұмысқа тартқан (№ 4727 тергеу ісі бойынша ОГПУ үштігі Исинді 5 жылға концлагерге кескен).

  9. Тоқтыбаев Иса басқарған Ленинградтық қазақ студенттерінің тобы ұлтшыл ұстанымдағы кадрларды даярлау ісін міндетіне алған (контрреволюциялық топты Ленинградтағы ОГПУ органдары жойған).

10. Мәскеуде қызмет атқаратын қазақ ұлтшылдары Тоғжанов және Есқараевтың басшылығымен қазақ студенттерінің мәскеулік тобы Қазақстанда контрреволюциялық ұлтшылдық жұмыстар жүргізу үшін кадр даярлау ісін көздеген (Бұл топтағылар Қазақстанға келген соң түрлі контрреволюциялық құрылымдарға сіңісіп кеткен) [ҚР ІІМ АҚДА. 04693-іс,2-т., 1-3 пп.].

  Осы тергеу істері бойынша даярланған айыптау қорытындысында Қазақстанда «ұзақ жылдар бойы басым түрде бұрынғы алашордалықтардан тұратын, сондай–ақ қатарына ұлтшыл элементтерді, әсіресе, жастарды тартып, кең тамыр жайған және белсенді қызмет жүргізетін контрреволюциялық ұлтшылдар ұйымының болғандығы», бұл астыртын құпия өзара байланыстағы құрылымдардың бір орталықтан басқарылатындығы туралы айтылады.

3.  ОГПУ тергеушілері Қазақстан көлемінде тамыр жайған мұндай контрреволюциялық ұлтшылдар ұйымының құрылғанын тамсана баяндай отырып, ондай ұйым бар екендігін куәландыратын бірде-бір құжаттық материал келтірмейді. Өйткені ондай құжаттар жоқ-тын. Тек «бұл контрреволюциялық ұйымның саяси платформасы бүтіндей алашордадан» [ҚР ІІМ АҚДА.010237-іс, 2-т., 358 п.] алынған еді деген сөзбен шектеледі. Басқаша айтқанда, ОГПУ тергеушілерінің қаламынан туған осы сияқты тұжырымсымақтарды оқи отырып қазақ қоғамында ерекше адам төзгісіз ұстанымдағы ұлтшылдықтың орын тепкендігі туралы тұжырымға оп-оңай келуге болатын еді. Мұндай аңызға (мифке) жақын тұжырымдардың астарында билік тарапынан жалпы қазақ ұлтына сенбеушіліктің табын байқауға болатын еді. Большевиктер партиясы, оның идеологиялық штабы 1917 жылы Алаш партиясының құрылып, белсенді қызметке көшуін, оның артын ала Алашорда үкіметінің өмірге келіп, антибольшевиктік лагерь құрамында советтік билікке ашық қарсылық танытуын жалпы қазақ ұлты тарапынан өзіне көрсетілген жақтырмаушылық ретінде қабылдап, бұл жағдайды ешуақытта да есінен шығарған емес. Осы кезден бастап «алашорда» сөзі жағымсыз мағынадағы қазақ ұлтшылдығы сөзінің синонимі есебінде айтылып, осы мазмұнда қабылданатын болды.

  Құрылды деген жоғарыда аталған он контрреволюциялық қазақ ұлтшылдарының ұйымы туралы мәлімет Қазақстан қоғамы үшін ғана емес, әуелде Мәскеудегі орталық басшылық үшін даярланды. Мақсат қазақ қоғамында социалистік құрылысқа, советтік реформаларға қарсылықтың зор екендігін, оны алашордалық элементтердің басшылығымен ұлтшылдық ұстанымдағы күштердің жүргізіп отырғандығын, републиканы жайлаған аштық солардың қолымен жасалғандығы туралы мәскеулік орталықта сенім қалыптастыру еді.

  Осы ойдың тұзағына түскен Ф.Голощекин дегеніне жету үшін мұнда билікке келген бетте үлкен шумен басшылықтан кетірген екі саяси тұлға Сұлтанбек Қожанов пен Смағұл Сәдуақасовтың жақын деген жақтастарын нысанаға алды. Ол ОГПУ басшылығына аталған екі қайраткерге жақын, сондай-ақ республикалық советтік-партиялық актив арасында аты мәлім қызметкерлерді қамауға алып солардың тергеу ісін негізге алып нанымды тұжырымдар жасауды тапсырды. Қазақ педагогикалық институтының филология мамандығы бойынша студенті Есмағамбет Смайылов, жоғарыда айтылғандай, Ыдырыс Мұстамбаев пен Дайыр Әбикеев құрды деген № 4727 «Қазақ контрреволюциялық ұлтшылдар орталығының ісі» бойынша жауапқа тартылған еді.

  Бұл іске байланысты 1975 жылы сәуірде Қазақ ССР Прокурорының орынбасары Н.Я. Манаев Қазақ ССР Жоғарғы сотының коллегиясына мынадай мазмұндағы наразылық хатын түсіреді: «ОГПУ коллегиясының 1933 ж. 4 шілдедегі қаулысымен Жантаев Шабденалы, Хасанов Сүлеймен және Исмайлов Есмағамбетке байланысты қозғалған қылмыс істері, яғни Жантаев Ш.-ға қатысты қылмыс құрамы болмауына, ал Хасенов пен Исмайловқа қатысты қылмыс жасағандықтары дәлелденбегендіктен тоқтатылсын» [ҚР ІІМ АҚДА.06785-іс, 3-т. 4 п.].

  Бұл арада біз осы тарихи кезеңдегі елдегі ауыр жағдайға байланысты Есмағамбет Исмайловтың көңіл–күйінен хабар беретін оның 1933 жылы 8 ақпанда тергеушіге берген жауабынан үзінді келтірумен шектелеміз.

  «Исмайлов Есмағамбет, 1911 ж. туған, Қарағанды облысы, Көкшетау ауданы № 15 ауылдан, Қазақ, ата-анасы – батрақ, РСФСР азаматы, ҚазПИ-дің қоғамдық-әдебиет факультетінің 3-курс студенті, бойдақ, әкесі – Самрат 65 жаста, анасы – Жәмила 50 жаста, інісі – Мұрат 17 жаста, інісі – Сауыт 13 жаста, қарындасы – Жамал 12 жаста, тұрып жатқан жері: № 5 ауылда тұрады, колхоз мүшелері, Сауыт інісі Петропавловскіде темір жол техникумында оқиды [ҚР ІІМ АҚДА.010237-іс, 1-т., 316-317 пп.].

  Қозғалған іске байланысты көрсеткені: Рамазанов Халықпен жақынырақ танысқаным 1932 жылдың қыркүйегінде. Демалысқа шығып Қарағанды облысына бару үшін пойызға отырдым. Мен отырған вагонда Рамазанов және ҚазПИ-дің даярлау бөлімінің студенті Қасымова Ғазия да бар екен. Әңгімелесіп отырдық. Рамазанов елдегі жағдайға тоқталып, жетістіктер де жоқ емес әрине, дегенмен партия мен Совет өкіметінің ауылда жүргізіп отырған шаралары қазақ халқына тиімсіз болып шықты, мәселен, ұжымдастыру, астық даярлау сияқты ж.б. шаралары, осы шаралардың нәтижесінде қазақ халқы аштыққа, қайыршылыққа және қырғынға ұшырады. Рамазановтың айтқан ойынан қазақ елі мұндай жағдай сақталса жойылып кетуден құтыла алмайды деген қортынды шығаруға болатын еді.

  ...Бір жолы Рамазанов маған мынадай сұрау қойды: ойпыр-ай, қазақ халқы осылай қырылып біткенше шыдамдылық танытып, отыра береміз ба? Жоқ, – деді ол, ең болмаса Жуанышевтың (Қуанышев болып оқылғаны жөн – авт.) тобындай топ құрып әрекетке көшкеніміз жөн болар.

  1932 жылдың желтоқсан айының бір күні ҚазПИ-дің ғимаратында, Рамазанов екеуіміздің көз алдымызда, бір өрімдей қазақ аштықтан көз жұмды. Осы жағдайға байланысты Рамазанов маған: «Көрдің бе не болып жатқанын, мұндай тағдыр барлық қазаққа жететін болады. Кезек ертең екеумізге де жетеді», – деді.

  ...Рамазанов маған қандай да бір ұйымдасқан топ бар екендігін айтқан емес» [ҚР ІІМ АҚДА.010237-іс, 1-т., 316-317 пп.].

4.  Е.Исмайлов өзіне тән қайсарлықпен советтік биліктің осы кезеңінде жүргізген саясатына деген ымырасыз наразылығын кейінгі, яғни 1951-1952 жж. тергеу тұсында да қайталайды. Мәселен ол 1951-1952 жылдары жүрген тергеу барысында берген көрсетуінде: «1930 жылдың басында комсомолға өттім, белсенді болдым. 1932 жылы аудандық комсомол комитеті мені үгіт-насихат тобымен бірге мәдени-тәрбие жұмысын жүргізу үшін Шығыс Қазақстан облысына жіберді. Мен Өскемен мен Семей қалаларында болдым, барлық жерді аштық жайлаған еді, қазақтар қырылып жатты. Көргенім маған қатты әсер етті. «Халық неге қырылды» деген ой мазамды алды». Қайтып келген соң енді туыстарым тұратын Көкшетау облысына жолға шықтым. Жол-жөнекей «менің де туыстарым әлгі Шығыс Қазақстандықтар сияқты күйде ме екен?» деген ой санамнан кетпеді. ...Жолда Рамазановпен арамыздағы әңгіме аштық жөнінде болды, ол совет үкіметінің Қазақстанда жүргізіп отырған саясатының дұрыс еместігін, соның нәтижесінде елді аштық жайлап, халықтың біраз бөлігінің басқа жаққа көшуге мәжбүр болып отырғанын айтты. Мен оның бұл пікірімен келістім және ол жөнінде 1933 жылғы тергеу барысында айтқанмын...» [ҚР ІІМ АҚДА.04010-іс, 2-т., 383-384 пп.], – дейді.

5.  1933 жылы, сонан соң араға жиырма жыл уақыт салып 1951 жылы тергеу орындарына советтік биліктің реформаларына қатысты жауабында өзінің жағымсыз көзқарасын ашық білдіруінен ғалымның өз елінің тағдырына қатысты мәселеде азаматтық ұстанымын мүмкін болғанша ашық айтқаны анық байқалады. Сондай-ақ Е.Исмайловтың бұл ұстанымы сол тұстағы советтік реформаларға қатысты оппозициядағы топтың ұстанымымен бір арнадан шыққандығын айтқан жөн. Соған байланысты оның 1933 жылы осы ұстанымдағы топпен бірге тұтқынға алынуын, әрине, кездейсоқ оқиға ретінде қарастыру қате болар еді. Осы ретте арасында Е.Исмайлов бар топтың жетекші ретінде жауапқа тартылған Ы.Мұстамбаевтың тергеуші сұрағына берген жауабындағы мына жолдарға назар аударайық: «Жіберген асыра сілтеушіліктер нәтижесінде Қазақстанның саяси-экономикалық жағдайының ауырлап кетуіне байланысты мен 1931-1932 жылдары идеологиялық тұрғыдан терең дағдарыста жүрдім және көңіл-күйім кеңестік билік жағында емес-тін. Мұндай күй жеке өз басымдағы жағдаймен де байланысты болды. Осы кезде жасаған тұжырымдарым да, әрине, жағымды мазмұнда болған жоқ. Міне осындай көңіл-күйде жүргенде менің Әбікеевпен арада болған пікір алысуларым тікелей антисоветтік, яғни көтеріліс ұйымдастыру, совет билігін құлату және буржуазиялық-демократиялық республика орнату сияқты тақырыптарға ойыса берді. Осы мазмұндағы пікір алысулар барысында Әбікеев менің алдыма құпия жастар тобын жасақтап, сонан соң жасырын ұйым құру қажеттігін қойып, іске көшуді ұсынды. Бұл тақырыптағы әңгімені тиып тастай алмадым, өйткені менің өзімнің көңіл-күйімнің Әбікеевтің тілегінен өзгешелігі шамалы еді. Әбікеевпен арамызда болған Қазақстандағы Совет билігін құлату жөніндегі әңгімемізді Сұлтанбековке* айтқанымда, ол тіптен мұндай тақырыпта сөз болмайтындығын, ал Әбікеевпен байланысты күрт үзуді талап етіп, «мүмкін ол ОГПУ-дің агенті болып жүрмесін» [ҚР ІІМ АҚДА.010237-іс, 1-т., 385 п.], – деген қаупін білдірді.

  Сонымен, 1932–1933 жылдардағы аштық жағдайында Е.Исмайлов және басқа да жастардың арасында кеңестік биліктің қырғынға алып келген саяси курсына қарсы жай наразылық қана емес, өзара бір құпия ұйымға бірігіп, саяси әрекетке көшу ойларында болуы да әбден ықтимал еді. Қалай болғанда да құжаттық материалдарда ара-кідік осындай тұжырым жасауға жетелейтін фактілердің аз да болса кездесіп қалатындығын айтқан жөн. Е.Исмайловтың бір институтта оқитын Х.Рамазанов арқылы осы мазмұндағы көңіл-күйдегі жүрген жастармен аралас-құралас жүргендігі анық. Соның нәтижесінде ол 1933 жылы алғаш рет абақты есігін көрді. Бес ай отырып тергеу тозағынан өтудің не екенін біледі. Бір ғажабы сол бұл оқиғадан кейінгі өмір жолынан оның беті қайтып, тауының шағылғаны байқалмайды. Қайта 1933 жылғы сот ісі оның шығармашылықтағы ұстанымының тез кемелдене түсуіне жағымды ықпал жасағандығын аңғару қиынға түспейді.

  Сонымен бірге осы тарихи мезгілге қатысты мынадай бір жағдайды атап айтқан жөн. Саяси билік жүйесімен тығыз үйлесімдікте жұмыс жасаған, Қазақстандағы Біріккен мемлекеттік саяси басқарма (ОГПУ) бұл мезгілде қазақ ұлт-азаттық қозғалысын басып-жаншу ісінде біраз тәжірибе жинап ысылған, сондай-ақ бұл ретте, белгілі дәрежеде, «үй ішінде үй тіккен» яғни ешкімге де жалтақтамай алаңсыз жұмыс істейтін және ешқандай да бақылаусыз мекемеге айналып үлгерген еді. Әсіресе алаш зиялыларын оның басшыларын түгелдей репрессиялаумен аяқталған екі сот процесінен соң (1927–1930, 1930–1932) бұл мекеме «ұлтшылдарды әшкерелеп» жазалау ісінде әбден еркінсіп алды және бұл істі өз қызметінің басты бір мазмұнына айналдырды. Оған бас көтерер кез-келген қазақты «ұлтшыл» ретінде айыптап, оның үстінен іс қозғау және құрастыру түкке де тұрмайтын еді. «Түрік халық партиясы ісі» және басқа толып жатқан тергеу істері бұл тұжырымға толық негіз бола алады.

  Әдебиеттанушының 30-жылдардағы саяси репрессия және соғыс (1941-1945) жылдарындағы қызметі. Қазақ педагогикалық институтын 1934 жылы аяқтаған Е.Исмайлов осы жылы Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің органы «Коммунист» журналының редакциясына қызметке тұрып, осы ұжымда 1939 жылға дейін жұмыс істейді. Ғалымның 1937–1938 жж. саяси репрессиядан аман қалуы да, мүмкін, осы қызметіне байланысты шығар.

6.  Осы уақытқа шейін үш өлеңдер жинағын шығарып үлгерген ақын Есмағамбет 1936 жылдан бастап өлең жазуын қойып, біржола әдебиеттану ғылымына бет бұрады. Өзінің мұндай шешімге келу себебін ол былай түсіндіреді: «Мен 1936 жылы ақындық талантымның кемшін екендігін түсіндім. Шығарған үш өлеңдер жинағымнан соң мен өлең жазуды тоқтаттым. Сөйтіп көркем шығармаларға сын пікір жазу ісіне ден қойдым» [ҚР ІІМ АҚДА.04010-іс, 2-т., 384-384обпп.][2].

Е.Исмайловтың мұндай шешімге келуімен қазақ әдебиеті ұтты. Ғылымға әдебиеттану ісімен кәсіби деңгейде айналысатын зерттеуші маман келді. Ол осы арнада өндірімді жұмыс жасаған санаулы ғалымдардың бірі болды.

  Е.Исмайлов әдебиеттану ғылымы саласына келген мезгілде ғасыр басындағы әдебиеттегі ұлтшылдық ұстанымы жеңіліс тауып, социалистік реализм ұстанымы басымдық алған мезгіл еді. Дегенмен, әлгінде ғана бүкіл қоғамның санасын билеген ұлтшылдық ұраны, оның туын көтерген тұлғалар ұлттың жадында, олардың есімі мен ісі жүріп өткен жаңбырдан соңғы ауадай әлі де әсерлі еді. Социалистік реализм ұстанымын өнердің ең соңғы жетістігі әрі басты құндылығы ретінде жариялаған советтік идеология ұлттық әдебиеттануда өткен ғасырларда өмірге келген әдеби үлгілерге (эпос, батырлар жыры т.б.), сондай-ақ «буржуазиялық-ұлтшылдықтың» көрінісі ретінде бағаланған ХІХ ғ. соңы және ХХ ғасырдың бас кезіндегі ақын-жазушылардың шығармашылығына нигилистік қатынас орнықтыруға күш салды. Бұл іс жүзінде қазақ халқының дүниетанымын, жалпы мәдениетті өзінің табиғи арнасынан шығарып, мүлдем басқа, жат арнаға салу әрекетінің көрінісі болатын. Ұлттың болашағына төнген қауіптің бірі осы еді. Е.Исмайлов және онымен замандас әрі тағдырлас ғалымдардың зерттеушілік еңбегін талдау ісіне келгенде, олардың кеңестік биліктің міне осы мазмұндағы мақсатты әрекетіне байланысты ұстанған ұстанымын анықтаудан бастаған, меніңше, әділетті болмақ.

  Осы ретте Е.Исмайлов шығармашылығындағы мынадай екі іргелі ерекшеліктерді байқамау мүмкін емес. Ғалым түсінігінде, біріншіден, кез–келген көркем туынды белгілі бір тарихи мезгіл мен этникалық ортаға байлаулы, яғни көркем шығарма белгілі бір топыраққа тамыр жайған ұлттық құбылыс. Екіншіден, түрлі тарихи кезеңдердегі көркем туындылар ұлттық көркем ойдың біртұтас қорын құрайды. Сондай-ақ олар өзара табиғи сабақтастық арқылы жалғасып отырмақ.

  Е.Исмайловтың әдебиеттанушы ғалым ретінде ұстанымы мен талғамының қалыптасуына игі ықпалы болған жағдай оның кабинеттік зерттеуші емес, көркем ойдың қайнар көзі – халық өмірімен тығыз байланыс орнатуында еді. Ақындар шығармашылығындағы эпикалық дәстүрге арналған еңбегінде ол 30-жылдардың екінші жартысында Солтүстік Қазақстан облысының Көкшетау және Еңбекшілдер, Омбы облысының Есілкөл аудандарына арнайы шыққан ғылыми экспедицияларға жетекшілік жасап, жергілікті халықтан ауыз әдебиеті үлгілерін, салт-дәстүрге қатысты деректік материалдар жинауға атсалысқанын баяндайды. Ақындық өнердің ерекшеліктерін, өмірлік негіздерін түсіну үшін 60-қа жуық ақындардан өз сұрауларына жауап алып, социологиялық зерттеу жүргізеді.

  Олардың арасында Ж.Жабаев, Н.Байғанин сияқты ірі шығармашылық иелері де бар еді. Ел арасындағы зиялылармен хат арқылы байланыс жасап, фольклор үлгілерін жинауға қозғау салып, ұйытқылық міндет атқарады.

  1934 жылы 4 мамырда ақын, «Айқап» журналын шығарушылардың бірі Мұхаммед – Сәлім Кәшімовқа жазған хатында одан халық ауыз әдебиеті үлгілеріне баса назар аударуын өтіне келіп, «өзіңізге мәлім Есілкөлдің төңірегінде Олжабай мен Барлыбай ақындардың шығармашылығынан хабардар, ескі аңыз – әңгімелерді көп білетін сондай-ақ өздері де әрнәрсе шығаруға бейім кісілер аз емес. Солармен сөйлесіп, айтқандарын жазып алған абзал болар еді» [ҚР ІІМ АҚДА.04010-іс, 2-т., 203 п.], – деген өтінішін білдіреді. Сөз ретіне қарай айта кетелік хаттағы Олжабай мен Барлыбай Нұралиндер Ақмола уезінің Қоржынкөл болысының тұрғындары, кезінде алаш қозғалысына ықылас танытқандары үшін Есілкөл өңіріне жер аударыла барған еді. Ал М.С. Кәшімов болса «Айқап» журналын шығару ісіндегі еңбегіне байланысты патшалық биліктің бақылауына ілігіп, кейіннен сол қызметі үшін советтік билік тарапынан да сенімсіз адам ретінде болып қалған еді.

7.  Е.Исмайловтың Жамбыл шығармашылығына зерттеуге ден қоюы да, әрине, көзі тірі жыраумен жақын араласып, ақындық өнердің тылсым сырларын түсінуге ұмтылысынан туындағаны анық. Ақын заманының дәстүрлі мәдениеті мен ортасының перзенті. «Жамбыл өскен орта, оның тайпасының арғы тегі кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай ерлік істерімен аты шыққан. Ал Қарасай мен Наурызбай батырлар Жамбылдың тікелей түпкі аталары болып келеді. Тіптен әкесі Жабайдың өзі де Сыпатай сияқты ірі батыр болған. Жалпы батырлық айбын шапырашты тайпасына тән қасиет» [ҚР ІІМ АҚДА.04010-іс, 2-т., 199-200 пп.]. Бұл ғалымның 1938-1939 жылдары жасаған тұжырымы.

  Е.Исмайловтың зерттеулері тарихи контекстпен астасып жатады. Әдеби шығармаларды, әсіресе, эпикалық дәстүрді талдау ісінде ол міндетті түрде хронологиялық принципті негізге алады да, батырлық эпосты бірнеше тарихи кезеңдерге жіктеп, «Едіге», «Қобыланды батыр», «Ер Тарғын» жырларын 14–15 ғасырларға, ал Бөгенбай, Жәнібек, Қабанбай, Ағыбай, Сыздық батырларға арналған тарихи жырларды 18–19 ғасырлардың үлесіне жатқызады. Нақты тарихи материалдармен байланыстыра қараған күнде де бұл толық негізді тұжырым еді.

  Ғалым зерттеуінде қазақ эпикалық өнерінің өзекті жібі, басты тақырыбы да батырлық, батырдың қоғам алдындағы қызметі. Бұл ғажап дәстүр қазақ қоғамы өмірінің өзіндік ерекшелігі ретінде 18 – 19 ғасырларда да байқалды. Төңірегіне сайып қыран батырларды жинаған Абылай ханның кеңесшісі Бұқар жырау, Кенесары ханның қасында Досқожа мен Нысанбай, Исатай батырдың үзеңгілес серіктері Махамбет пен Шернияз.

Е.Исмайловтың 1941 жылға дейінгі шығармашылығында орта мектепке арнап қазақ әдебиетінен оқу – бағдарламасын, оқулық және хрестоматия даярлау үлкен орын алғандығы байқалады. Ол «1939-1940 жж. Халық ағарту комиссариаты маған 2 оқулық даярлауды тапсырды» деп көрсетіп, 9 сыныпқа арналған оқулыққа Ғұмар Қараштың шығармашылығы туралы бөлім енгізгенін, онда Ғ.Қарашты патриот, советтік шындықты жырлаған ақын ретінде баяндағанын айтады. 1939 жылы Т.Ақшолақовпен бірлікте баспадан шығарған 9 сыныпқа арналған әдебиет хрестоматиясында (2 басылымы) Ғ.Қараштың шығармашылығына кеңінен тоқталып, ақынның «Қазақтың атқа мінген адамдарына», «Замананың адамы», «Замана жайынан» сияқты барлығы он екі шығармасын (өлеңдерін) береді.

  Хрестоматия авторы Ғ.Қараш қызметі мен шығармашылығында негізгі бағыт ағартушылық екендігіне баса назар аударып, оның Уфа қаласынан 1911 жылы жарық көрген «Өрнек» атты кітабындағы мына жолдарды келтіреді: «...Бұдан 50-60 жыл бұрын біздің мұсылман халықтар бек надандықтары себепті ауруларын тиісті дарулармен ем жасатпаған, бақсыларға бақтырған; һәм ішінде қашып-пысып жүрген молда, надан ишандарға үшкіртіп, түкіртіп әурелеткен. Қайсыбір ауруларды далада өскен бәйтерек ағашқа апарып, неше күн сонда түнетіп, жансыз ағаштан медет-жәрдем талап еткен. Мұны ағашқа табыну демей не дейміз?» [Смайлов Е., Ақшолақов Т.1939: 88-89; Қараш Ғ, 2018:  68].

Ғ.Қараш шығармашылығын баяндауда авторлар, әрине, идеологиялық талаптарға бейімделуге тырысты. Басқаша болуы да мүмкін емес–тін. Ал, Ғ.Қараштың Заманасына, қоғамдағы саяси өзгерістерге айтқан сыны ауыр болатын. Мәселен, «Бұл заман» аталатын өлеңінде «жауыздық өрлеп жоғары аспанменен таласып, ізгіліктің шырағы сөне қалған бұ заман, ... заман түрін ескеріп, қайғы етпек біз жаман», – деп жазған ақынның 1917 жылғы революциялық өзгерістерге байланысты:

Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам,

Жауынсыз құр желдеткен шаңнан қорқам.

«Таң туда, мезгіл жетті» деп адасып,

Құрылған қараңғыда заңнан қорқам.

Теңгеріп жарлы, байды, құрып жұмақ,

Теп–тегіс жұртқа жеткен тойдан қорқам [Қараш Ғ, 2018:284], – деген өлең жолдарының бар екендігін Е.Исмайловтың білмеуі әрине, мүмкін емес-тін. Соған қарамастан бұл авторды мектеп оқулығы мен оқу құралына ірі шығармашылық иесі ретінде енгізуі бұл, әрине, үлкен ерлік еді.

Осы ретте мынандай жағдайға көңіл аударған артық емес. Ғұмар Қарашшығармашылықта әдебиеттегі басқа да отандастары сияқты ағартушылық және ұлтшылдық ұстанымда болды. А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы және басқа ұлттық ақын-жазушылар шығармаларындағы тақырып және идеялар Қараштың өлеңдері мен публицистикасынан да жоғары деңгейде көрініс тапты. Әдебиеттегі бұл жағдай сонау батыстағы Орда мен шығыстағы Омбы– Семей арасындағы кеңістікті өзіне атамекен еткен қазақ деген халықтың біртұтас ұлт екендігінің көрінісі еді. Әдебиетші – ғалым Е.Исмайловтың Ғ.Қараш шығармашылығын жат пиғылдан қорғап, мектеп оқулығына енгізудегі мақсаты осы ойды қазақ шәкіртіне жеткізу болғандығы күмән тудырмаса керек.

Е.Исмайлов пен Т.Ақшолақовтың 1939 жылы жарық көрген әдебиет оқулығы мен хрестоматиясына енгізген ақындардың бірі Орманбетұлы Нарманбет. Нарманбет ақынның шығармашылығы да биліктегі партияның талап-тілегіне сәйкес келе бермейтін еді. Кітапқа енген «Кер заман», «Сақараға қарасақ», «Толғауы тоқсан қызыл тіл» және басқа өлеңдерінен қазақ қоғамының осы тарихи кезеңіне тән ортақ белгілерін көрсету және оларды қорыту бар. Бұл ретте ақын жасаған тұжырым және сурет шындықтан алыс емес. Мәселен, ақын «Сақараға қарасақ» атты шығармасында «сақараға қарасақ жайылған қойдай халайық. Бейғамына қарасақ – қасқыр жеуге ылайық», – деген ойды айтып, бұл көріп, білгенін «көңіл сезді, көз көріп, айтпай қайтіп шыдайық. ...Қаршыға аңдып қоянды, о да шошып оянды, кел ұйқыдан тұрайық!» [Смайлов Е., Ақшолақов Т.1939: 41-42; Орманбетұлы Н.2004: 77], – деген оймен түйіндейді. Ал осы шындықты мектептегі шәкірттің білгені жөн бе? Әрине, жөн. Неғұрлым ерте біліп, түсінсе, соғұрлым оған да, қоғамға да пайдалы.

Жалпы, ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіне тән бір ерекшелік – оның ағартушылық ұстанымының беріктігі. Бұл ұстанымның негізінде қазақ ақын–жазушыларының халықшылдық сезімі жатты.

Ғ.Қараш, Н.Орманбетұлы және басқа олармен замандас ақын жазушыларға ортақ белгі – қасиет, оларды қазақ руханиятының өзекті діңгегі етіп тұрған жағдай – олардың атамекен жеріне деген ыстық ықыласы, басылмаған өксігі, шынайы сүйіспеншілігі өкініші.

Нарманбет ақынның «Сарыарқа сайран жерім-ай!» шығармасындағы мына жолдар соның айғағы болса керек:

Сарыарқа сайран жерім-ай,

Салқын да самал белім-ай!

Сандалдай тауы тізілген,

Өлкелі өзен, көлім-ай!

Мал асырап, мекен қып,

Ел өсірген кенім-й!

Қасірет жоқ, қайғы жоқ,

Уайымсыз елім-ай!

Сарыарқадан сән кетті,

Қазақтан қуат, әл кетті.

Ойын-күлкі, сауықты

Бозбаладан ән кетті [Орманбетұлы Н.2004:101].

1939 жылы Е.Исмайловтың құрастыруымен Нарманбет ақынның шығармалар жинағы жарық көреді. Бұл әрине, әдебиетші ғалымның Нарманбет ақынның шығармашылығы арқылы жалғасын тапқан өзекті идея – дербес ел болу, елдікті сақтау идеясына берген басымдығы, құрметі еді.

Қазақ қаламгерлерінің осындай терең де ойлы шығармашылығына деген ынта Е.Исмайловты өз ретінде түрлі кезеңдерде қазақ жері үшін күрестің басында тұрған Абылай хан мен оның немерелері Кене ханның қызметі туралы көркем туындыларды зерттеп, олардың ұлт руханиятында алатын орны туралы қалам тартуға жетеледі.

Осы арада мынадай бір жағдайға тоқтала кетейік. 30-жылдардың екінші жартысында және 40-50 жылдары әуелде КСРО Ғылым академиясының қазақ филиалындағы, сонан соң жаңадан құрылған Қазақ КСР Ғылым академиясының гуманитарлық профильдегі ғылыми-зерттеу институттарында ұлт тарихы мен мәдениетін ғылыми тұрғыдан қорыту процесі басталып кетті. Бұл бір қайталанбайтын жалқы кезең еді. Оның қайталанбайтындығы мынада. Ұлт жиырмасыншы ғасырдың басында үлкен сілкіністі басынан кешірді. Болашаққа деген ұмтылыс пен үмітке империялық өзімшіл күш пен идеология қарсы келді.

Осы уақытқа дейін орыс билік жүйесінің құзырында келе жатқан жұрт әлі де болса бір жақсылықтың болатынына, елге еркіндіктің келетініне сенді. Ғасыр басындағы ұлт оқығандары жігерлі қызметі арқылы ондай өмірге жету мүмкін екендігіне, оған қажырлы еңбек пен күрес жеткізетіндігіне халықты иландыруға бар күшін салды.

Бірақ жақсылыққа ұмтылған жігер мен тілек жеңіліс тауып, абдырды. Ұлттың алдынан «Енді не болады?» деген сауал қайта шықты. Міне, осындай жағдайда ғылым ел өміріндегі әлгінде ғана орын алған жағдайға жауап іздеуге, оны түсіндіруге тиіс болды. Басқаша айтқанда, ел өмірінде болып өткен осы құбылыстарды қорытуға деген сұраныс үлкен және өзекті еді. Дәл осы жылдары бұл сауалға жауап та бардай көрінді. Биліктегі коммунистік партия кешегі «патшалық Ресей халықтар түрмесі болды» деген ойды өзінің көсемі В.И. Лениннің аузымен айтты емес пе? Яғни империялық зорлыққа қарсы күрес осы контесте жүрсе ғалымның жасаған ізденістері мен тұжырымдары нәтижелі болуға тиіс еді ғой!. Міне осы арнада белгілі тарихи қайраткерлер Едіге, Абылай, Кенесарыға арналған эпикалық шығармалар бірінен соң бірі жарық көре бастайды. Әдебиеттанушы және тарихшы ғалымдар бұл қайраткерлердің қызметіне жағымды көзқарас тұрғысынан түсінік береді. Бұл толық табиғи құбылыс еді. Басқаша болуы да мүмкін емес–тін. Оның мынадай екі себебін бөліп атаған жөн. Біріншіден, ұлт тарихы мен мәдениетін танып білу процесі әрқашанда алдымен жалпыұлттық құндылықтарды анықтау және түгендеу тұрғысынан жүрмек. Әлемдік тәжірибе басқа үлгіні білмейді. Екіншіден, біз қарап отырған мезгілде әдебиеттанушы және тарихшы ғалымдардың көзқарастық ұстанымында жалпыұлттық мүдде басым түсіп жатты. Бұл отарлық тәуелділіктен құтылуға ұмтылыс жасаған кез-келген қоғам өміріне тән ерекшелік болатын.

Е.Исмайловтың да шығармашылық қызметі міне осы біз баяндаған бағыт және мазмұнда жүрді.

8.  Ол 1943 жылы майдандағы Бауыржан Момышұлына хат жолдап, сол хатында өзінің ғылымдағы ұстанымы туралы ойын білдіреді: «Қазақты жақсы көрген адам оның өткен күні мен бүгінгі күнін түгел айырып, жақсы білуіне тиісті, екеуінен де жақсыны, сүйсінерлік қасиетті де табады, сынайтын, жек көретін мінді де табады. Қазақты жақсы көру үшін алдымен оның ерте күннен мемлекет, мәдениетті ел, жауынгерлік салты мықты халық болған тарихын, мәдениетін жақсы білуі керек. Өзінің ата-бабасының тарихын білмеген адам еш уақытта өзінің халқын толық жақсы көре алмайды» [Момышұлы Б.20-т., (1-кітап), 2010: 84].

Жалпы бұл хатта айтылған ой, жасалған тұжырымдар осы бір ел басына түскен төнген сын сәтте әдебиетші ғалым қаламынан туған гуманитарлық саладағы ғылымдардың ортақ бағдарламасы ретінде оқылатын еді.

Әдебиеттанушы Есмағамбет батыр Бауыржан тұлғасынан әлгінде ғана жеңіліс тапқан алаштықтардың, репрессия құрбаны болған ұлт қайраткерлерінің рухының қайта жаңғырып, бас көтеруін көргендей күй кешеді.

Ғалым осы хатында «қатал қайрат» деген ұғымды он шақты рет қайталайды. Бұл сөз тіркесін ол Абылай мен Кенесары тұлғаларына байланысты айтады. «...қатал қайрат иесі адамдар, – деп жазды ол, – тек өжет, мықты, батырлар емес, ақылы, айласы қайратына сүйеу болып отыратын, қиын-қыстау күндерде, қырғын соғыс үстінде ел-жұртын, әскерін тас қамау, тар құрсаулардан абыржымай алып шыққан қолбасы, мемлекет қайраткерлерін айтамын. Мұндай қасиеттерге қазақта Абылай мен Кенесары ие болды» – деген ойын білдіріп, Кенесарыдан соң, Октябрь төңкерісінен соң халықтың рухы жасып, жалтақ болып қалғанын, ендігі уақытта «жақсы, адам жолдастар көп болғанымен, қатал қайратымен жарқ етіп әлеумет майданында көрініп, бүкіл қазақ елін» соңына ертіп, жаңа белестерге бастайтын «Кенесарыдай ұлы адамдарымызды бүгінгі біздің тарихымыз күтіп» отырғанын жазды. Азаттық үшін күрестің жалғасатынына сенді.

Бұл арада әдебиетші ғалымға сол заманның идеологиялық ұстанымы айтқызбай отырған бір ақиқат бар. Ол, әрине, Алаш ақиқаты. Өзі көзімен көріп, дәрісін тыңдаған Ахмет Байтұрсынұлының, Халел Досмұхамедұлының ақиқаты, шығармаларын оқып есейіп, солардың жолымен әдебиетке, ғылымға келген Міржақыптың, Мағжанның, Ғұмардың ақиқаты болатын. Азамат ретінде, әдебиетші ғалым ретінде ұлт өмірінде болған және бар осы дәстүрді қайта өрістетуді армандайтынын астарлап жеткізумен болды.

Ғалым қазаққа «қатал қайрат иесі адам керек» екендігін және оның не үшін керектігін түсіндіріп «біздің халқымыздың ерлік, адалдық, намыскерлік қасиетімен қатар алтыбақан алауыздық, бірін-бірі күндеушілік, өскенін күндеп, өшкенін жерлеу сияқты теріс сыяпаты да бар... Осыған күйініп, қандайлық ауыр сынды Абайдың айтқаны» [Момышұлы Б.20-т., (1-кітап), 2010: 82]. ұмытылмай қойғанын, Абайдан соң қатал қайрат танытқан алаштық буын болғанын, олардың тура жол тауып», осы жолда өткенін еппен ескертіп, жеткізеді. 

Ғалым осы хатында Б.Момышұлының майданнан үкімет төрағасы Н.Оңдасыновқа қазақтың озық құндылықтарын сақтауға қатысты хат жолдағанына ризашылық білдіріп, мұндай мазмұндағы хат жолдау Баукең сияқты қатал қайрат иесінің ғана қолынан келетінін, «мұнда елінің келешегі, бүгінгі игілігі үшін шын жаны ашыған адамның сөзі айтылған. Қуанып, сүйсініп қабыл алмасқа шара бар ма, мұндай батыл, әділ тура сөздерді. Бұл жалтақ емес, жағымпаздықты білмейтін қайрат иесі адамының сөзі ғой» – деп, ақтарыла сөйледі. Осы буынның өзара жазысқан жүрекжарды хаттарын оқып отырып, бүгін қайран ағаларым-ай демеске шараң жоқ!

  Ғалымның бұл ұстанымы, қазақ көркем ойындағы ұлттық идеяның көрінісін баяндауға арналған еңбектерінде анық та үйлесімді шешімін табады. 1939 жылы Е.Исмайлов пен Т.Ақшолақовтың даярлаған «Әдебиет хрестоматиясы» (орта мектептің 9 класына арналған), 1942 жылы «Қазақ совет әдебиеті» оқулығы жарық көреді. Міне осы екі кітаппен және ғалымның қаламынан туған мақалаларымен таныса отырып, оның ғылыми ұстанымынан біршама толық түсінік алуға болады. Е.Исмайловтың баяндауында 19 ғасырдағы қазақ көркем ойына, оның ең талантты өкілдерінің шығармаларына арқау болған негізгі тақырып – ол ұлт бостандығы, өз елдігін сақтау жолындағы әлеуметтік теңсіздікке қарсы күрес. Махамбет, Нысанбай, Досқожа, Шернияз өз шығармаларында ұлт-азаттық қозғалыстың кең панорамасын беріп, оның көсемдері Кенесарының, Наурызбайдың, Исатайдың, Жоламанның, Ағыбайдың, Жанқожаның көркем бейнесін сомдаған. Сондай-ақ бұл ақындардың шығармалары арқылы біз халықтың өз отанына деген шексіз сүйіспеншілігін, ал оның жауларына деген жек көрушілігін көреміз. Ғалым қазақ көркем ойының бұл кезеңін әдебиеттегі ерлік дәуірі ретінде атайды. Бұл кезеңдегі әдебиеттің жауһарларында ерлікті, биік азаматтық пен парасатты дәріптеумен қатар еліші алауыздыққа сатқындыққа байланысты болашақтан түңілу де барлығын айтады.

  ХІХ ғасырдың 50-60 жылдары әдебиеттегі ерлік дәуірін зар-заман мектебі ауыстырады. Бұл кезеңдегі ақындардың шығармашылығындағы басты ерекшелік патшалық Ресейдің жаулап алу саясатына көрсетілген қарсылықта жеңіліс тапқан қазақ қоғамындағы басыңқы көңіл-күйді, яғни өмір шындығын дәл бере білгендіктерінде болатын. Шортанбай, Мұрат, Дулат, Әбубәкір, Базар жырау ақындар өмір шындығын қорытуда қазақ әдебиетін жаңа сапаға көтерді.

  ХХ ғасырдың басындағы Нұржан Наушабайұлы, Албан-Асан, Нарманбет Орманбетұлы және басқа ақындар отарлық тәуелділіктегі қазақ халқының ауыр халін суреттеу ісінде зар-заман мектебінің қоғамдық шындықты жеткізу тәржірибесіне сүйенді.

  Қазақ азаттық қозғалысының шарықтау биігі алаш қозғалысы. Советтік билік 1928-1932 жылдары жүргізілген сот процестерінен соң бұл қозғалыс саясат кеңістігінен біржола кетті деп түсінді. Ендігі уақытта алаш қаламгерлерінің мұрасы жөнінде қалам тарту кез-келген зерттеушіні ауыр жағдайға қоятын еді. Идеологиялық аппараттың ондай ғалымды «буржуазиялық ұлтшыл» жариялай салуы таңданыс тудырмайтын. Е.Исмайлов өз шығармашылығы арқылы ресми биліктің мұндай ұстанымына мүмкін болғанша қарсылық көрсетіп бақты.

9.  Міне осы билік тарапынан байқалған жаппай идеологиялық террор жағдайында шығармашылықтағы зиялылар арасында ұстанымдық жарылыс анық байқалды. Оларды негізінен екі топқа бөлуге болады. Бірінші топтағылар ашық түрде билік жағына шығып шығармашылықтағы советтік пролетарлық интернационализмді және социалистік-реализмді орнықтыру жолына түсті. Еңбектерін осы ұстаным тұрғысынан жазуға көшіп, реті келгенде «байшыл» және «буржуазиялық ұлтшыл» көзқарастағы қаламгерлерді әшкерелеуді ұмытпады. Екінші топтағылар ресми идеологияға ашық қарсылық таныту мүмкін еместігін түсіне отырып, сонымен бірге түрлі әдіс-құралдар арқылы көркем ойдағы ұлттық құндылықтарды еппен өткізу жолын таңдады. Осы мақсатта өз шығармашылықтарында түрлі тәсілдерді игере бастайды. Е.Исмайлов соңғы ұстанымдағы ғалымдар қатарында болды. Ол өзінің «Абылай туралы» аталатын қолжазбасында «Егер біз кейбір жеке бастың қамын жақсы ойлайтын және оны шығармашылығымен қабыстыра білген сақ зерттеушілердің пікірін басшылыққа алсақ, онда қазақ тарихынан сөз етуге тұрарлық ұлы тұлғаларды тауып, олар жөнінде ештеңе де айта алмас едік... Олардың көбісі тарихқа зерттеушінің көзімен қарай алмағандар, тек ескі шпаргалкаларына қарап ғайбат сөз айтушылар. Мұндай дерт біздің қазақ жазушыларының, мәдениет пен әдебиеттің төңірегінде жүргендердің арасында кездеседі. Олар Кенесары мен Абылайдың кім болғандығын білмесе де, әйтеуір бірдеңе айтып қалуды өздеріне міндет санайды, көбінесе қалқада қалып, мәселенің тура шешілуіне кедергі жасайды» [Е.Исмайловтың «Абылай туралы» аталатын мақаласы].

  Осындай методологиялық ұстанымда тұрған Е.Исмайлов қазақ қоғамдық ойындағы алаш қаламгерлерінің шығармашылық мұрасын айналып өтуі, әрине, мүмкін емес еді.

  1942 жылы жарық көрген «Қазақ совет әдебиеті» аталатын еңбекте алашордалықтарға байланысты «оларда реакциялық элемент басым еді» деген үйреншікті «дежурный» сөз тіркесіне орын бергенімен, алашордалықтар да «халықты мәдениетке, білімге және ұлттық тәуелсіздікке шақырады... Бұл ағымның ең көрнекті өкілдері Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев және басқалар болды» [Қазақ совет әдебиеті, 1942: 19], – деген астарлы тұжырым жасайды.

  Ғалымның зерттеу еңбектерінде 20 ғасырдағы ұлттық көркем ойдың мазмұндық бағыты мен бағдарын, эстетикалық талғамын анықтауда шешуші орын алаш қаламгерлерінің үлесіне тиесілі. Ал әдебиеттегі бұл ағымның табиғи жалғасы ретінде Ж.Аймауытовтың, М.Әуезовтің көркем туындылары С.Сәдуақасовтың публицистикасы мен сын жанрындағы еңбектері аталады.

10.  Әдебиеттанудағы белсенді ғалымының қазақ әдебиеті тарихына байланысты ресми идеологияның ұстанымына үйлесе бермейтін бұл талдаулары мен тұжырымдары елеусіз қалған жоқ-тын. 1938 жылы 2 шілде және 8 тамыз күндері жарық көрген «Ленинская смена» газетінің сандарында «Националистическая контрабанда» [Ш.Б. «Ленинская смена», № 89, 1938: 2 июля.] және «Кто возглавляет секцию критиков» [Шаруатов.«Ленинская смена», № 107. 1938: 8 августа] атты мақалалар жарияланып, олардың екеуі де Е.Исмайловтың шығармашылықтағы ұстанымын талдауға арналды. Бұл материалдар арнайы тапсырыс бойынша жазылған еді. Олардың алғашқысында сөз «Көркем әдебиет» баспасынан жарық көрген «Қазақ мақал-мәтелдері» кітабы, ал екіншісінде Жазушылар одағының сын секциясының қызметі жөнінде болғанымен, авторлардың көздегені енді ғана қаламы күш алып келе жатқан Е.Исмайловқа ОГПУ қызметкерлерінің назарын аудару еді. Алғашқы мақалада автор Е.Исмайловқа «алаяқ және кезеп» деген айып тағып, оның 1933 жылы контрреволюциялық ұйымының жұмысына қатынасқаны үшін комсомолдан қуылғандығын еске алып, ал ендігі уақытта «әдебиет сыны саласындағы қызметін контрреволюциялық бандиттер Сейфуллинді, Жансүгіровты және басқаларды дәріптеуге арнап отырғандығын» көлденең тартады. Екінші мақала авторы елде жүріп жатқан халық жауларын әшкерелеу науқаны жағдайында жазушылар одағы жанындағы сын секциясының өз міндетін тиесілі дәрежеде орындай алмай отырғандығын мәселе етіп көтеріп, оның себебін секция жұмысын басқарып отырған Есмағамбет Исмайловтың ұлтшылдық контрреволюциялық көзқарасымен байланыстырады.

  Елде жүріп жатқан жаппай репрессиялау жағдайында жоғарыда аталған мақалалар авторының көздеген мақсатын дәл түсінген Е.Исмайлов қорғануға мәжбүр болды. Коммунистік жастар одағы Орталық Комитеттің хатшысы Мұқановқа жолдаған арызында ол «Ленинская смена» газетінің осы жылғы (1938) 2 шілде және 8 тамыздағы нөмірлерінде Б.Шалабаевтың маған жала жабу тұрғысынан жазған мақалалары жарық көрді. Газет арқылы Шалабаев маған біріншіден, кезеп, алаяқ, екіншіден, контрреволюциялық шығармалардың авторы үшіншіден, жариялаған сыни мақалаларымның бәрі де бухариндік және ұлтшыл-фашистік көзқарас тұрғысынан жазылған, төртіншіден, комсомолдан контрреволюциялық ұйымдардың жұмысына қатысқандығы үшін шығарылған, бесіншіден, сын секциясының жұмысын құлатты деген айыптар тағады.

  Өзім туралы қысқа ғана айтайын. Мен 1927 жылдан комсомол мүшесімен, 1926-дан 1930 жылға шейін балалар үйінде тәрбиелендім. 1930 жылы ҚазПИ-ге түсіп, оны 1934 жылы аяқтағаннан соң, осы жылғы 20 желтоқсаннан бері Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің аппаратында, оның партиялық-көпшілік органы «Коммунист» журналында жауапты хатшы және редколлегия мүшесі қызметінде жұмыс істеп келемін.

Менің негізгі жұмысым бүгінгі күнге шейін ҚазПИ-де, Ғылым академиясында да, Жазушылар одағында да емес, «Коммунист журналында».

  ...Міне сондықтан ж.Шалабаев та «Ленинская смена» газетінің ештеңені көрмес редакторының маған баукеспе ұры, алаяқ, карьерист ж.б. о.с. айыптар тағуына ешқандай да негіз жоқ. Қазіргі уақытта мен ҚК (б)П ОК–нің, партиялық жетекші басылымында жауапты қызметтемін» [ҚР ІІМ АҚДА.04010-іс, Е.Исмайловтың тергеу ісі. 2-т., 300-305 пп.], – деп көрсетеді. Міне осындай толық дәлелді жауаптан соң Е.Исмайловтың жаулары біраз аяқтарын тартқандай сыңай танытады. Бірақ, бұл уақытша алдамшы құбылыс еді.

  1937-38 жж. жаппай репрессиялау саясаты тұсында басқа ұлттық республикалардағыдай Қазақстанда басты нысанаға ұлттық сана мен ұлттық идея алынды, шабуыл соларға, оларды білдіруші күштерге, жеке тұлғаларға жасалынды.

  Осы арада соғыс жылдары (1941–1945) Е.Исмайлов және басқа қазақ әдебиетшілері мен тарихшыларының ұлт тарихымыздағы қаһарман тұлғалардың қызметі мен бейнесіне қалам тартуы олардың өмір жолында трагедиялы із қалдырғаны мәлім. Ал осы тарих неден басталды? Е.Исмайловтың шығармашылық жолына байланысты осы тақырыпқа тоқталайық.

Совет өкіметінің алғашқы күндерінен бастап қоғам өмірінде идеологияның рөлі өте жоғары болды. Ал 1941–1945 жж. соғыс кезеңінде бұл жағдай күшейе түспесе, бәсеңсіген жоқ. Сонымен бірге бұл істе советтік басшылық алғашқы сәтте мынадай қайшылыққа тап болды. Осы уақытқа дейін тап жаулары ретінде аталып келген патшалық кезеңдегі тарихи тұлғалар көрсеткен отаншылдық үлгілерге ендігі жағдайда қатынас қандай болмақ? И.Сталин 1941 жылы 7 қарашада Октябрь революциясының 24 жылдығына байланысты сөйлеген сөзінде бұл дүдәмал жағдайға нүкте қойды. Ол «бұл соғыста сіздерді біздің ұлы ата-бабаларымыздың қаһарман бейнесі қолдасын» деген ойды айтып, үлгі ретінде Александр Невский, Дмитрий Донской, Кузьма Микин, Дмитрий Пожарский, Александр Суворов, Михаил Кутузов есімі аталды. Бұл аталған тұлғалар дерлік түгел ескі тәртіптің қорғаушылары еді [Речь Председателя Государственного комитета обороны и Народного комиссара обороны тов. И.В. Сталина, 1941: 8 ноября].

И.Сталин сөзінде айтылған бұл пікірді, Қазақстан басшылығы да, әрине, сол күйінде қабылдады. Е.Исмайловпен бір мезгілде, яғни 1952 ж. сотқа тартылған тарихшы Б.Сүлейменов өзіне байланысты қозғалған істің құқықтық негізі жоқ екендігін баяндап, сол кездегі Қазақстан Компартиясы орталық комитетінің бірінші хатшысы П.К. Пономаренкоға жолдаған хатында мынадай фактілерді келтіреді: «Соңғы уақытқа дейін Қазақстанның партиялық ұйымы... тарихшыларға, әдебиеттанушыларға, шығармашылықтағы қызметкерлерге, халық ақындарына, мұғалімдерге және гуманитарлық саланың басқа да өкілдеріне... Қазақстан тарихы мен қазақ әдебиетіне байланысты» еліміздің өткен тарихындағы ерлік істерді насихаттауға тапсырма берді, бұл ретте партиялық басшылықтың өзі де үлгі көрсетті, «мәселен, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бұрынғы хатшысы Н.А. Скворцов «Правда» газетінде жарияланған Қазақ ССР-ның жиырма жылдығына байланысты мақаласында, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Ж.Шаяхметов 1940-1944 жылдары республикалық «Казахстанская правда»,  «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жариялаған мақалаларында» Кенесары сұлтанның және басқа өткен заманның реакциялық қайраткерлерін дәріптеді, Қазақстанның Ресейге қосылуының прогрессивтік маңызын жоққа шығарды. Қазақстан Компартиясы ОК-нің үгіт және насихат бойынша бұрынғы хатшылары Важник, Бузурбаев, Әбдіхалықов, Омаров, сондай-ақ Қазақ ССР министрлер Кеңесінің бұрынғы төрағасы Н.Оңдасынов, Қазақ ССР Жоғары Кеңесі Президиумының бұрынғы төрағалары Ә.Қазақбаев пен Д.Керімбаев және басқа республика басшылары да жариялаған мақалалары мен сөйлеген сөздерінде осы ұстанымда болды.

Қазақстан Компартиясы ОК-нің хатшылары Шаяхметов, Бузурбаев, Әбдіхалықов, Омаров көптеген шағын кеңестерде және жеке қабылдауларында республиканың идеологиялық майданы қызметкерлеріне Абылай, Кенесары хандардың, сұлтандардың, Бұқар, Шортанбай, Дулат, Мұрат және басқа реакцияшыл, феодалдық жыраулардың қызметі мен шығармашылығын «ұлт қаһармандары», «халық жыршылары» тұрғысынан кең түрде насихаттауды тапсырыс ретінде берді.

1947 жылы Қазақстан Компартиясы ОК-нің хатшылары Шаяхметов пен Әбдіхалықовтың нұсқауларымен «Социалистік Қазақстан» газетінің бір саны Кенесары Қасымұлының «қаһармандықпен» қаза тапқанына жүз жыл толуына арналды. «Социалистік Қазақстанның» осы санында Бекмахановтың және басқа авторлардың Кенесары, Наурызбай Қасымұлдарының «ерлік істерін», сондай-ақ Кенесарының феодалдық сарай жыраулары Нысанбай мен Досқожаны дәріптеген мақалалары [ҚР ІІМ АҚДА.04032-іс, 4-т., 177-187 пп.] жарық көрді.

Б.Сүлейменов осы аталған хатында Қазақстан Компартиясы басшылары тарапынан жүргізілген осы идеологиялық жұмыстың түгелдей кейін қазақ ұлтшылдығының көрінісі ретінде бағаланғанына таңданыс танытып, бұл жетімсіз болса дегендей тағы да бір мынадай факті келтіреді: «1940 жылы Қазақстан Компартиясы ОК-нің хатшысы Ж.Шаяхметовтың тапсырмасымен – деп жазды ол, – «Большевик Казахстана» (Қазақстан Компартиясы ОК-нің органы) журналында Қазақстан Компартиясы ОК–і жанындағы партия тарихы институтының директоры Н.Тимофеев пен тарихшы Е.Федоровтың Кенесарының феодалдық-монорхиялық қозғалысының тарихына арналған партиялық бағыт сілтейтін мақаласы жарық көрді. Міне осы Қазақстан КП ОК-нің хатшылары тарапынан мақұлданған, нұсқау ретіндегі мақалада Кенесары, Наурызбай Қасымұлдарының және басқа сұлтандардың, билердің, феодалдық жыраулар Нысанбайдың, Досқожаның және басқалардың тұлғалық қасиеттері «ұлт қаһарманы», «халық жыраулары» дәрежесіне жеткізіліп, ал Кенесарының реакциялық қозғалысы «прогрессшіл ұлт-азаттық көтеріліс» [ҚР ІІМ АҚДА.04032-іс, 4-т.,187 п.] есебінде түсіндірілді.

Қазақстандағы партиялық басшылықтың ұлт тарихындағы тарихи тұлғалардың қызметіне берген бағасы жалпы алғанда халықтың түсінік, талғамына қайшы келмейтін, белгілі дәрежеде содан бастау алатын еді. Бұл жағдай әдебиетші ғалымдардың шығармашылық мүмкіндігіне біраз жол ашып тіпті оны кеңейте түскендей еді.

Осы ұстанымды негізге алған Е.Исмайлов соғыс жылдары жазған «Абылай туралы» (датасы көрсетілмеген) аталатын мақаласында «Қазақ хандарынан Абылайдың сіңірген еңбегі ерекше. Ол қазақ халқының тәуелсіз, тұтас ұлт болуын армандады», өмірін осы іске арнады, бұл тұрғыдан Абылай елге қызметі сіңген ұлы тұлға болды деп жазды.

Ғалым 1940 жылы «Кенесары Қасымов» аталатын мақаласын жазды. Ол жөнінде «мен 1940 жылы Кенесары Қасымов туралы еңбегімді жаздым, бұл тақырып бойынша ұзақ еңбектендім» деп көрсетіп, жазуға даярлық барысында «Кенесарыға байланысты Мұқанов пен Әуезовтан кеңес сұрадым. Әуезов маған Кенесарыны түсінуге көмектесетін бірнеше мақалаларды оқып шығып, өзіңнің бір тұжырымға келгенің жөн деді. Әуезов Кенесары туралы жағымды пікірде болды. Мұқанов та 1940 жылдан Кенесарыны мақтай бастады. Жалпы 1940 жылдан Кенесары қозғалысы прогресшіл, жағымды, халықтық қозғалыс ретінде сипатталды. Мен Кенесарыға екі жұмыс арнадым, екеуі де ұлтшылдық ұстанымда жазылды» [ҚР ІІМ АҚДА.04010-іс, 1-т., 386-386об пп.], – деп көрсетеді.

Осы еңбегінде Е.Исмайлов Кенесарының атасы Абылайдың тұсында үш жүздің қазақтары ынтымақты болып, сыртқы жауға тойтарыс бере алатындай қуат көрсеткен, ал Абылай өлген соң оның ұлдары татулығынан айырылып, бұл жағдай қоғамда берекесіздік тудырғандығын айтып, жүріп жатқан соғыс жағдайында Абылайдың қызметін көпке жеткізу маңызды екендігіне тоқталады.

Ғалым Абылаймен бірге оның үзеңгілес батырлары Бұқарбай, Қабанбай және Бөгенбайды да атап, бұл тарихи тұлғаларға байланысты мәлімет бергенде Бұқар жыраудың, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының, Жүсіпбек қожаның, Шәкәрім Құдайбердіұлының көрсетулеріне сүйенді.

11.  Е.Исмайлов осы ретте тергеушіге берген көрсетулерін 1948 жылы Б.Момышұлына жазған хатында мынадай фактілермен толықтырады: «1933-40-шы жылдардағы Кенесарының басын аршып алу жөніндегі біздің жалпыласқан айтыстарымыз болды. 1939 жылы «Қазақстан большевигі» журналының 8-санында Якунин[3] дегеннің Кенесары туралы мақаласы басылды. Онда Кенесарыны ұры, қанішер, қазақ тарихындағы барып тұрған оңбаған адам деп жазды. Мұны қазақтың кейбір басты жазушылары да мақұлдады. Міне, осы тарихқа лас, кір жұқтырушылармен қатты айтысты ұйымдастыруды қолға алып, филиалда, Орталық Комитетте бірнеше рет баяндама жасадым, мұны Мәлік, Мұхтар, Әбділда, Әділгереев, Сәрсен Аманжолов, тағы басқа жолдастар мақұлдап, ақыры жеңіп шықтық. Міне, сол айтыстың кезінде екі-үш ай бойы ұйқы-күлкі көрмей, азып-тозып, архивтің арасында отырып, барлық нервіні тоздырып жүрген кездер болды. Сол не үшін еді? Ата-бабаның жақсы қасиетіне кір жұқтырмау үшін ғой. Мансаптың, өңештің, мақтанның құлы болсаң, жүз жыл бұрын өліп қалған Кенесарыда не жұмысымыз болар еді. Сұлтанмахмұттың, Қарашевтың, Шернияздың бастарын аршып алу жолындағы айтыс-тартыстың шегі жоқ, оның көбінің шет жағасын Құрманбек жақсы біледі. Қысқасы біздің мәдениет, тарих майданымыз да күрес-тартыссыз емес» [Момышұлы Б. 2010:83-84 бб.].

12.  Е.Исмайловтың шығармашылықтағы кемелдікке жетуі соғыс жылдарына тұс келді. Ғалым өзінің ғылымдағы жетілуін ұлт тарихына қатысты көзқарасының қалыптасуымен байланыстырады. Тергеушінің «ұлтшылдық ұстанымыңыз қашан және қандай жағдайда орнықты деген сұрауына ол «Ғылым академиясына жұмысқа ауысқан соң» деген жауап береді. «Мен – деп көрсетті ол тергеушінің сұрауына берген жауабында – жер үшін жүргізілген кез-келген ұлттық қозғалысты прогресшіл қозғалыс деп санаймын. Ал Кенесары жер үшін күрес жүргізді... Менің «Алынбаған кек» аталатын жарық көрмеген шығармам бар. 1940 жылға дейін ұлт мәселесінде толқуларым болды, ал 1940 жылдан соң ұлтшылдық көзқарасым берік сипат алды. Оған мынадай жағдайлар себепші болды: біріншіден, Қазақ ССР Ғылым академиясына қызметке ауысқан бетте мен өте көп архив материалдарының ортасынан бір-ақ шықтым да, буржуазиялық ұстанымдағы ғалымдардың, мәселен, Қарашевтың шығармаларын оқып, оларды сын көзбен қорыта алмадым. Екіншіден, қызметтегі әдебиетші әріптестерім менімен бір пікірде болды, үшіншіден, қазақ әдебиетшілерінде большевиктік сын болған жоқ, олар жеке есеп айырысумен әуестенді. Менің ұлтшылдық жолға түсуіме ықпал жасаған осы жағдайлар еді» [ҚР ІІМ АҚДА.04010-іс, 1-т., 389 п.].

Бұл арада ғалымның ұлтшылдық көзқарасының қалыптасуына байланысты берген жауабындағы «архив материалдарын» сын көзбен қорыта алмадым» немесе «әдебиетшілерде «большевиктік сын болған жоқ, олар жеке есеп айырысумен әуестенді» деген уәждері, әрине, тергеушілер тарапынан жасалынған қыспақтың салдары ретінде қабылданғаны тура болмақ.

  1941-1945 жж. Қазақстандық жауынгерлер майдан даласында, тылдағы халық еңбекте адам таңғаларлық ғаламат ерліктің үлгісін көрсетті. Сарқылмас рухани күш-жігер түрінде көрінген бұл құбылыстың түп-төркінін ғалымдар ең алдымен ұлт тарихынан, ұлттық болмыстан іздеді, солар арқылы түсіндіруді қисынды көрді. Сондай-ақ бұл тек қазақ ғалымдарына ғана тән көрініс емес, жалпы одақ ғалымдары тарапынан, қолдау тапқан ғылыми ұстаным болатын. Алматыға қоныс аудара келген Мәскеулік тарихшы ғалымдар мен қазақ ғалымдарының бас біріктіре отырып даярлап, 1943 жылы жарық көрген «История Казахской ССР» аталатын еңбек осы ортақ ұстанымның дәлелді көрінісі еді. Е.Исмайлов бұл кітаптың «Литература и музыка в первой половине XIX века» аталатын 16-тарауын жазды [История Казахстана ССР с древнейших времен до наших дней. 1943: 258-267]. Қазақ халқының ХІХ ғасырдың алғашқы жартысындағы әдебиеті мен өнеріне арналған бұл тарауда автор басым түрде ұлт-азаттық қозғалыс тудырған шығармаларға тоқталып «баяндалған оқиғалардың негізінде тарихи шындық жатыр», ал оларды сол оқиғаларға қатынасқан Досқожа, Күдері, Нысанбай, Махамбет, Шернияз сияқты құдыретті талант иелері халық ақындары шығарып, ең биік те мәңгі рухани құндылық-азаттықты дәріптеп, жырлағандығын айтты. «Исатай-Махамбет», «Жанқожа», «Бекет батыр», «Кенесары-Наурызбай» сияқты тарихи шындыққа құрылған көркем шығармаларды талдауға алған ғалым өзін қазақ әдебиетіндегі ерлік тақырыбының нәзік те білгір зерттеушісі ретінде танытады.

  Осы мезгілде Е.Исмайловтың негізгі зерттеу бағыттары да айқындалып қалған еді. Олар біріншіден, отан үшін, ел үшін ерлік, азаттық күрестің ұлттық көркем ойдағы көрінісін талдауға алу болса, екіншіден, осы тақырыпқа қалам тартқан немесе оларды ауыз әдебиеті дәстүрі арнасында жыр арқауы еткен ақын-жыраулардың шығармашылық тәжірибесін жан-жақты зерттеу еді. Осы тақырыптарға арналған зерттеу еңбектері оны 40-жылдары-ақ әдебиеттану ғылымындағы белді тұлғалардың қатарына қосты. 1946 жылы әлгінде ғана дербес ғылыми орталық ретінде құрылған Тіл және әдебиет институтының директоры болып бекітілуі соның айғағы-тын. Е.Исмайловтың ғылыми мекемеге басшы болып бекітілуі Академия президенті Қ.Сәтбаев пен аталған институттың ғылыми қызметкері М.Әуезовтің қолдауымен болған іс екендігін аңғару, әрине, қиын емес. Бірақ Е.Исмайловтың директорлығы бар болғаны бес-ақ айға созылды.

  Ол ғылымдағы ұлтшылдық ұстанымдағы әдебиетші ретінде институт жұмысын одан ары басқаруға лайық тұлға болмай шықты. Мұндай шешімнің төркінін, әрине, партияның идеологиялық курсынан іздеген жөн. Соғыс жылдарында ұлт тарихындағы тәуелсіздік үшін күрескен тұлғаларды дәріптеу міндетке айналған болса, сырттан төнген қауіп сейілген ендігі жағдайда мұндай ұстаным түбегейлі өзгеруге тиіс болды.

13.  1946 жылы тамыздың ортасында партияның Орталық Комитетінің әдеби–көркем «Звезда» және «Ленинград» журналдарын идеологиялық ұстанымын әлсіретіп алған басылымдар ретінде сынға алған қаулысы шықты [Из постоновления ЦК ВК(б); 1946: 20 августа.]. Бұл құжат барлық ұлттық республикаларда «буржуазиялық ұлтшылдықпен» күрес науқанын жүргізуді бастап берген еді. 1946 жылы 16 қарашада партияның ОК-нің аталған қаулысына байланысты Қазақстан Ғылым академиясы жанындағы партия ұйымы мен Қазақ ССР Ғылым академиясының президиумы тарапынан арнайы құрылған комиссияның мәжілісі өткізіледі. Оған тіл және әдебиет, тарих және этнография институттарының жетекші қызметкерлері және Қазақстан совет жазушылары ұйымының мүшелері (барлығы 70 адам) қатынасып, мәжілісте негізгі тақырып ретінде ағартушы, ақын Ғұмар Қараштың шығармашылық мұрасы туралы мәселе талқыға түсті [ҚР ҰҒАА, 80-қ., 1-т., 11-іс.].

  Бұл арада, әрине, Ғ.Қараштың шығармашылығы неге дискуссия тақырыбына айналды? деген сұрау туындайды. Бұл идеологиялық аппарат тарапынан 20-30 жылдары жүргізілген әдебиет ландшафтын большевизм ұстанымына үйлеспейтін тұлғалармен олардың идеяларынан тазалау шараларының жалғасы болатын. Ал Ғ.Қараш шығармашылықтағы ұстанымы тұрғысынан ХХ ғасыр басындағы қазақ ақын – жазушыларымен заман сұранысына лайық бір арнада тұрған ақын болатын, яғни басқа қазақ жазушыларына тән ағартушылық және ұлтшылдық көзқарас Ғұмар Қарашқа да тән еді. Ойшыл ақынның бұл ұстанымы оны «Айқап» және «Қазақ» сияқты басылымдардың аса беделді авторлары қатарына қосты. Әсіресе, «Қазақ» газеті Ғ.Қараштың жарық көрген кітаптары туралы хабар беріп, оған ұлттың, «Қазақ» газетінің жанашыры ретінде құрметін көрсетіп отырудан айнымады. Ал «Қазақ» газеті жарық көрген бетте Ғ.Қараш «Сүйінші» аталатын өлеңімен шашу шашты [«Қазақ» газеті, 2018: 141].

  Советтік идеологиялық аппаратқа Ғ.Қараштың ұнамай қалғаны әсіресе мынадай жағдайға байланысты болды. 1918 жылы, яғни большевиктер билікке келген сәттің ізін ала Уфа қаласындағы «Шарқ» баспасынан Ғ.Қараштың «Тұрымтай» аталатын өлеңдер жинағы жарық көреді. Бұл жинақ арқылы жарық көрген ақын шығармаларына тән бір ерекшелік, оның қоғамдағы өзгерістерге түксіне, қазақ қоғамы үшін түсініксіз салдарына күмәндана қарауында еді. Ақын, мәселен, «Саған не болды?» деген  ұзақ өлеңін бүкіл елді құшағына алған өзгерістерге даяр емес халқына арнап «Дүние толды өсек-аяң, жар салды, елемесең, елім, байқап оң-солды. Өтер жолың тайғақ кешу, тар жол-ды, байқамастай, елім, саған не болды?» деген жолдармен бастап, ауызбірлігі жоқ ортақ мүдде төңірегіне жұдырықтай жұмыла алмаған халқына сын айтып «үрім-бұтақ ұрпағыңды құл етер, әлпештеген аруыңды күң етер, жарық сәуле бостандыққа мұң етер, ойламастай, жұртын, саған не болды?» деген ой тастайды.

  Большевиктер билігіне ұнамағаны осы кітаптағы «Неден қорқам?» аталатын өлеңдегі мына жолдар еді:

  Мезгілсіз ерте туған таңнан қорқам,

  Жауынсыз құр желдеткен шаңнан қорқам.

  «Таң туды, мезгіл жетті» деп адасып,

  Құрылған қараңғыда заңнан қорқам.

  .............................................................

  Теңгеріп жарлы, байды, құрып жұмақ,

  Теп–тегіс жұртқа жеткен тойдан қорқам [Қараш Ғ. 2018: 283-286].

  Бұл берілген өлең жолдары елдегі революциялық өзгерістердің нәтижесіне ашық түрде күмән келтірумен бірдей еді.

  Сонымен, 1946 жылғы 16 қарашада өткізілген мәжілісте Тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері Қалижан Бекхожин мен осы институттың директоры Есмағамбет Исмайлов Ғұмар Қараштың шығармашылық мұрасына қатысты ұстанымдарын баяндайды. Бұл арада Қ.Бекхожиннің ресми идеология ұстанымын білдіруші рөлін атқарғандығын айтқан теріс емес. Яғни, оның айтуында қазақ әдебиеті тарихында Абылай ханның сұрқылтай кеңесшісі Бұқар жырау, зар заман ақындары Дулат, Мұрат, Шортанбай мұрасына, одан бергі кезеңдегі ұлтшылдық ұстанымдағы әдебиетке орын берілуге тиіс емес. Өйткені бұл арнадағы ақын–жазушылар, олардың соңында қалдырған мұрасы отарлық тәуелділікке қарсы, ұлтты азат өмірге шақырады, адам санасын еркін, азат ойлау құдіретіне сендіреді.

  Бұған дейін әдебиет тарихына Ғ.Қараш шығармашылығын енгізген Е.Исмайлов пен Қ.Жұмалиевтің ұстанымында жоғарыда аты аталған ақындарды әдебиет тарихынан алып тастап, тек Абай, Алтынсарин, Жамбыл – үш ақын мұрасымен ұлт әдебиетінің тарихын жасау ешқандай қисынға келмейді. Абай өзінің алдымен, соңымен Абай (Қ.Жұмалиев). Яғни буынаралық сабақтастық көркем ойдың өзегі, күш–қуаты.

  Дискуссия барысында сөз алған Қажым Жұмалиев тек ХIХ ғасырда ғана өмір сүріп, артында мұра қалдырған қазақ ақын-жазушыларының саны 212-і, ал олардың арасынан орта мектеп оқулығы мен оқу құралдарына таңдалынып алынғаны 14-15 ақын-жазушылар ғана екендігіне назар аударды.

  Пікір алысуда сөз алған Әлкей Марғұлан Ғ.Қараш «1905 жылы Россияда болған буржуазиялық революция кезі мен реакция кезінде қазақ жерінде бірінші оянған кісі» деген ойын білдіріп, ақын шығармашылығы мен қызметіндегі үш кезеңді, яғни «а) 1905-1913 жылдар арасындағы Қараштың өмірі, ісі, шығармасы; б) Қарашев 1914-1917 жылдар арасында; в) октябрь революциясы кезіндегі Қарашев (1917-1921)» [ҚР ҰҒАА, 80-қ., 1-т, 11-іс, 35-37, 54-56, 68-70, 84-87], - деп көрсетті.

  Дегенмен, пікір алысуға қатынасқан ғалымдардың басым бөлігі Ғ.Қараш шығармашылығын әдебиет тарихына енгізу жағында болғанымен, партиялық басшылық ұстанымы басымдылық алды. Ғ.Қараш мұрасын ендігі уақытта мектеп оқулықтарына енгізу дұрыс емес деген шешім қабылданды. Бұл ұстаным өз ретінде Бұқар жырау, зар заман ақындарына, сондай–ақ әрине, алаштық ақын-жазушылар мұрасына да байланысты білдірілді.

  1947 жылы 21 қаңтарда қабылданған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің «Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысында әдебиеттану ғылымы саласында институт басшылығы тарапынан жіберіліп отырған идеялық саяси қателіктер, әсіресе, ұлтшылдық ағым қатаң сынға алынды.

  Қаулының ізін ала Алматыда ғылым, әдебиет және өнер қызметкерлерінің жиналысы өткізіліп, онда Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Ж.Шаяхметовтың идеологиялық қызметінің негізгі міндеттері туралы баяндамасы тыңдалды. Орталық Комитет хатшысы баяндамасында Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институты ғылыми қызметкерлерінің еңбектерінде орын алған «кемшіліктерге» арнайы тоқталды.

  Мәселен, осыдан бұрын А.Мәметованың сынға ұшыраған «Қазақ билерінің шешендік өнері» аталатын диссертациялық зерттеуіне байланысты институт директоры Е.Исмайлов «Мәметованың диссертациялық зерттеуі байлардың қоғамдағы рөлін анықтауды көздемейді. Қазақ ССР тарихында би, батырлардың әлеуметтік қызметіне арналған еңбектер жоқ, сол сияқты байлардың қоғамдағы орнына байланысты әдебиеттануда зерттеулер жазылмаған. Ал фольклорлық шығармаларда кейбір байлар әсерлі бейнеленеді, соған байланысты жұмыста бұл мәселе әдеби тұрғыдан қойылған...» деген уәжін айтқан. Ж.Шаяхметов осы тақырыпқа тоқталып біз «мәселе әдеби тұрғыдан қойылған» деп большевизм рухына жауап бере алмайтын не болса соны жазып, халқымыздың санасын улауға жол беріп отыра алмаймыз, «сонда қалай Исмайлов жолдастың біздің әдебиет– партиялық әдебиет, ол бүтіндей және толығымен большевиктер партиясының саяси ұстанымын білдіруге тиіс екендігін білмегені ма?» деген ренішін білдіреді.

  Республикалық партия ұйымының басшысы осы ретте жиырмасыншы жылдардағы қазақ қоғамындағы тапаралық қатынас туралы дискуссияға қайта оралып «мәселен, ж. Кенжебаев өзінің» «С.Торайғыровтың поэтикалық шығармашылығы» аталатын диссертациялық жұмысында біздің қазақ халқы тап–тапқа бөлініп ұйымдасу емес, тіптен таптық негізде белгілі бір жіктелуге де жеткен жоқ, соған байланысты біздің сол кездегі әдебиетте таптық көзқарас, таптық ұстаным болған емес, яғни бізде таза тап ақыны, тап жазушысы жоқ деп айтуға болады деген тұжырымға келді.

  Міне осындай қате және ғылыми емес ұстанымның нәтижесінде – деп жалғастырды сөзін хатшы – қазақ халқының бүкіл әдеби мұрасы біржақты, тек жағымды тұрғыдан ғана қарастырылып, әдебиеттің өткен кезеңдердегі өкілдері түгелдей жалпыұлттық, жалпыхалықтық қайраткерлер ретінде көрсетіледі.

  Мұндай ұстаным өткенді дәріптеуге, хандарды, байларды, билерді асыра мақтауға, қазақ ауылындағы феодалдық-таптық құрылысты әсірелеп бейнелеуге алып келді.

14.  ...Қазақ бұқарасының ойы озық өкілдері, қазақ халқының өзі де ешуақытта ескірмейтін әндер, поэмалар, мақал-мәтелдер жаратқаны бәрімізге мәлім. Осы ретте мынадай сұрау туындайды: ән,мақал-мәтел шығарып өткенге және халықты қанаған байларға, феодалдарға қарғыс айтқан қазақ халқының ісі дұрыс па? Жоқ әлде бай және феодалдардың өкілдерін дәріптейтін Исмайлов басқаратын Тіл және әдебиет институтының әрекеті дұрыс па?» [Шаяхметов Ж. 1947:8-18].

  Бұл келтірілген үзіндіден Орталық Комитет хатшысының қазақ әдебиеттануындағы ғалымдардың ұстанымын бұрмалап көрсетуге ұрынып отырғанын аңғаруға болады. Дегенмен, бұл арада сөз ол жөнінде емес. Сөз Орталық Комитет қызметкерлерінің хатшы сынына ұшыраған әдебиеттанудағы ұстанымының неге байланысты туындағандығын түсіне алмағандығында, немесе түсінгісі келмегендігі туралы болғаны жөн. Мұндай ұлт өміріне қатысты ерекшеліктерді түсіне алмай, асыра сілтеушілікке ұрынып, соның нәтижесінде қиянатқа жол ашу жалпы большевиктер партиясына тән ұстаным болды.

  Ұлт өмірін зорлықпен болса да тап күресі арнасына салуға күш салған большевизм әдебиетті, жалпы ұлттық руханиятты да осы арнаға бұруға тырысты. Қазақ әдебиеті, оның ойлы және белсенді өкілдері 1917 жылғы революциялық өзгерістер қарсаңында және оның ізін ала келген жылдары ұлт азаттық үшін күрес жолында тұрды. Қазақ қаламгерлері үшін ұлт өміріндегі күн тәртібінде тұрған негізгі нәрсе тапаралық күрес емес, ұлттық бостандыққа жетіп, ұлттың өз ішіндегі саяси-әлеуметтік мәселелерді шешу мүмкіндігін өз қолына алуы болды.

15.    18 ғасырдағы Ресей мен Қытай арасындағы арпалысты замандағы ұлт еркіндігі үшін арпалысты күресте өмірін өткізген Абылай ханды мемлекетшіл тұлға ретінде, 19 ғасырдағы қазақ жерінің бүтіндігіне ең асыл және ең биік рухани құндылық ретінде жырлаған Мұрат, Дулат және Шортанбайды ұлт тарихындағы ерекше тұлғалар ретінде жас ұрпақ, жалпы ел жадында жаңғырту бұл әдебиеттанудың бірден-бір міндеті еді. Осы тарихи кезеңдегі белсенді және беделді әдебиетшілер – Е.Исмайлов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Қ.Мұқаметқанов т.б. өздерінің азаматтық борышын осы тұрғыдан түсінді. Әдебиеттанудың ғылым саласы және рухани күрес құралы ретінде де қажеттілігі оның осы қырынан туындайтын. Әдебиет пен әдебиеттанудың осы ерекшеліктерін терең де дәл түсіндірген Мағжан ақын: «Еуропа отаршылдығының бір қасиеті – «құлды көп қуып батыр қылуы», өлімге бұйыруы мен өмірді сүйгізуі, езілген елдің ұлттық сезімін оятуы» – деп бір шындықтың бетін ашып, бірақ осы жолда бізде қалыптасқан жағдайды мына жолдар арқылы білдіреді: «Ояна бастаған ел – кешегі ел болған күнін есіне түсірмек. Адабиятымыз да мынау «Оян!» деген зармен бірге елдің өткен күнін есіне сала бастап еді, өткен тағы болып жүрген дәуірді қайта орнату үшін емес, елдің жанына үміт салу үшін өткенді жырлай бастап еді. Жырлап үлгерген жоқ еді, жырлай бастап еді. Адабиятымыз осы күйде тұрғанда, біз үстіміздегі зор төңкеріске кіріп кеттік» [Жұмабаев М. 2011: 50], – деп советтік билікпен бірге ұлт қаламгерлері басына түскен қайшылықты күйге түсінік береді. Ақынның «өткен күн ертегімен таласқандай, уа, дүние, ол күндерде алаш қандай?!» деген жыр жолдары да белгілі бір тап ұстанымындағы емес, жалпы ел, ұлт ұстанымындағы шығармашылық иесінің осы тарихи кезеңдегі шынайы көңіл-күйін білдіретін еді.

  Орталық Комитет хатшысының сынына Е.Исмайлов пен Қ.Жұмалиевтің қазақ мектептерінің тоғызыншы сыныбына арналған қазақ әдебиетінің оқулығы да ұшырады. Оқулықтарға енгізілген «Зарзаман» ағымындағы ақындардың шығармалары күні өткен феодалдық-рулық өмірді аңсау Шәңгерей Бөкеев өлеңдері «өнер өнер үшін» ұстанымындағы, шірік мещандықтың үлгісі, ал алашордалық Омар Қараштың шығармалары діни сопылық, буржуазиялық-ұлтшылдықтың көрінісі ретінде бағаланды.

  Қорыта айтқанда, 1947 жылы Орталық Комитет тарапынан Тіл және әдебиет институтындағы жағдайға байланысты қабылданған қаулы арқылы аталған ақын-жазушылардың шығармашылығы туралы мәліметті әдебиет оқулықтарынан алып тастау, ал Е.Исмайлов пен Қ.Жұмалиевке байланысты сот ісіне қозғау салу шешілген мәселе еді.

  Институт директоры Е.Исмайлов, әрине, ұлтшылдық ұстанымы үшін қызметінен босатылды. Кейінірек ол өзінің саяси бақылаушы аппараттың назарына іліккен жағдайынан мынадай хабар береді: «Осы институтта (әдебиет және тіл институты – авт.) 1950 жылдың желтоқсанына дейін мен аға ғылыми қызметкер, сектор және бөлім меңгерушісі қызметінде, ал 1946 жылы 5 ай бойы институттың директоры болдым», деп көрсетіп, ал директорлық қызметтен бостылуына байланысты «1946–1947 жылдары партия мүшесі болдым, Қазақстан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің ҰҒА Тіл және әдебиет институты қызметіндегі кемшіліктерге байланысты қаулысы шыққан соң партиядан шығарылдым. Институт директоры қызметінен «Зерттеу жұмыстарында тұрақты түрде буржуазиялық-ұлтшылдық идеяларын жүргізіп отырғандығы үшін» деген анықтамамен босатылдым...

  1950 жылдың 1-желтоқсанында мені Қазақ мемлекеттік университетіне ауыстырды, онда қазақ әдебиеті кафедрасында оқытушылық, доцент қызметін атқардым. 1951 жылы маусымда Қазақ мемлекеттік университетіндегі жұмысымнан босатылып, бүгінгі күнге дейін жұмыссыз жүрмін» [ҚР ІІМ АҚДА. 04010-іс, 1-т., 31 п.].

  1951 жылы Қазақстанда саяси репрессияның жаңа кезеңі басталды. Алдымен 1951 жылы 6 қараша күні әдебиеттанушы ғалым Есмағамбет Исмайлов қамауға алынды. Келесі 1952 жылы 17 шілдеде тарихшы Бекежан Сүлейменов, 5 қыркүйекте тарихшы Ермұхан Бекмаханов абақтыға жабылды. Осымен бір мезгілде әдебиетші Ғабдулқайым Мұхамедханов, ақындар Шәкір Әбенов пен Нұрлыбек Баймұратов тұтқындалды. Сөйтіп ғасыр көлемінде «қазақ ұлтшылдығы» үстінен жүргізілген төртінші сот процесі (бұдан бұрын 1908-1912; 1920-30; 1937-38 жж.) басталып кеткен еді.

  Архив құжаттарының көрсетуіне қарағанда репрессия ауқымы аталған тұлғалармен шектелмеуі әбден мүмкін еді. Осы ретте 1952 жылы 20 наурызда Қазақ ССР Мемлекеттік Қауіпсіздік Министрлігінің тергеу бөлімінің бастығы тарапынан бекітілген мынадай құжатқа назар аударған артық емес: «Көрсетулер бойынша Қазақстандағы идеологиялық майданның түрлі салаларында антисоветтік ұлтшылдық жұмыс жүргізгендер: Әуезов Мұқтар, Сәтбаев Қаныш, Мұқанов Сәбит, Жұмалиев Қажым, Мүсірепов Ғабит, Бекмаханов Ермұқан, Тәжібаев Әбділда, Марғұлан Әлкей, Бекхожин Қалижан және Кенжебаев Бейсембай» [ҚР ІІМ АҚДА. 04010-іс, 2-т., 327 п.]. Көрсетулер қосымша тексеруге мұқтаж болғандықтан аталған тұлғаларға қатысты материалдар № 674 істен ерекше өндіріске бөлінсін деген қаулы қабылданады.

  Бізге белгісіз себептермен республикадағы қауіпсіздік министрлігі аталған тұлғаларға байланысты репрессиялық шараларды іске асыра алмады. Олардың «ұлтшылдық» қызметін баспасөз бетінде ашық талқылаумен шектелді. Дегенмен, қоғамдағы ауыр атмосфера 1951-1952 жылдары шарықтау шегіне жеткен еді.

  Бұл процестіЕ.Исмайловты қамауға алуға байланысты Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі тарапынан шығарылған қаулыда «ескі ұлтшылдық ұстанымда» төңірегіне пікір таратқандығы үшін деген мәлімет берілген. Ғалым 1933 жылы ОГПУ тарапынан РСФСР қылмыс кодексінің 58-10 бабына сәйкес 4-ай бойы тергеуде болса, 1951 жылы да осы бап бойынша, «ұлтшылдық» көзқарасы үшін жауақа тартылды.

  1951 жылы 13-15 маусым күндері Қазақ ССР Ғылым академиясында Тіл және әдебиет институты және Қазақстан жазушылар одағының бірлескен мәжілісінде «Абайдың әдеби мектебі және шәкірттері» деген тақырыпта дискуссия өткізіліп, онда М.Әуезов пен оның «ұлтшылдық» ұстанымындағы әдебиетші ғалымдар большевизм дәстүрінде қатал сынға алынды. Тура осы маусым күндері Қазақ университетінде доценттік қызметте жүрген Е.Исмайловтың қызметінен босатылып, 6 қазанда қамауға алынғанға дейін жұмыссыз қалуы, осы екі шараның өзара тұс келуі, әрине, жәйдан-жәй емес-тін. Кең ауқымда ойластырылған істің көрінісі еді.

  Мына құжатта баяндалған фактілерді де осы арнада белгіленген шаралар қатарына жатқызуға болады.

                                                              «Справка

  Все печатные произведения врагов народа – Жансугурова Ильяса, Майлина Беимбета, Сейфуллина Сакена, Тогжанова Габбаса, Давлетова Мажита, Мирзояна Леона Исаевича, Шонакова Тельжана, Каипназарова Мустафы, Байтурсынова Ахмета, Турманжанова Утебая, Кабулова Ильяса и Асфендиарова Санжара изъяты из обращения приказами Главлита Казахской ССР за № 16, 56 и 93, изданными в 1938-1939 г.г.

  По приказу № 137 от 1939 года изъяты из обращения отдельные произведения авторов – Жубанова Кудайбергена и Альжанова Шарафи.

  На изъятие печатных произведений Гатаулина Мансура и Шашкина Зеина приказов не имеется, так как последние не выступали на страницах печати.

                                                                                                      Начальник Главлита

                                                                                                    Казахской ССР   А.Шалабаев

                                                                                    14.02.1952г.» [ҚР ІІМ АҚДА. 04010-іс, 2-т., 318 п.].

  Бұл процесті бастаған саяси полиция өзінің көздеген мақсатын қалай жақсы түсінсе, тергеу ісіне тартылған ғалым және қаламгерлер де не үшін жазаланып отырғандықтарын жақсы білді. Тек олардың арасында мынадай принциптік айырмашылық болды: билік, оның еркін білдіруші Мемлекеттік Қауіпсіздік Министрлігі сот процесін өзі қалағандай бағытта жүргізіп және өзі қалағандай нәтижемен аяқтай алатындығына сенімді еді. Сондықтан да тергеу жұмысын заңдық негізде жүргізуді қаперіне де алған жоқ. Діттеген мақсатына жету үшін сол бұрынғыдай заңсыз әдіс-құралдарды өзі қалағандай ауқым және деңгейде еркін қолданды. Тиесілі жауап алу мақсатында тұтқынды ұрып-соғу, есінен тандыру, үрей туғызу сияқты шаралар толығымен іске қосылды.

  Керісінше, тергеу ісіне тартылған шығармашылықтағы зиялылардың ұстанған бағытымен жасаған тұжырымдарының негізді екендігін қарсы жаққа жеткізу мүмкіндігі өте төмен еді. Тұтқыннан жауап алу процедурасы тура сол 1937-38 жылдары қалыптасқан тәртіп бойынша жүрді. Белгілі бір мерзімге шейін түрлі әдістер қолдану арқылы тұтқынның қарсылығын сындыру, оны психологиялық тұрғыдан илеу процесі жүрді. Біраз мерзім өткен соң, өзінің қорғану мүмкіндігінің жоқ екендігіне көзі жеткен тұтқын ендігі уақытта шарасыздан алдын-ала тергеуші даярлаған қолхаттарға (протоколдарға) қол қоюға мәжбүр болды. Бұл арада, әрине, тұтқынның ерік-жігеріне байланысты тергеу процесінің басқа да сипат алуы әбден ықтимал. Жалпы алғанда, тергеу ісі жоғарыда баяндалғандай арнада жүрді.

  Е.Исмайлов денсаулығының соншалықты мықты болмағандығына қарамастан (ғалымның туа біткен құныстығы бар-тын – авт.) тергеу барысында басына түскен адам төзгісіз ауыртпалықты шыдап көтере білді. Сынған жоқ. Рухани күйзеліске де түспеді. Оның бұл күйін тергеу материалдарынан анық байқауға болады.

  Менің саяси ұстанымымда кішкене де дақ жоқ! Е.Исмайловтың тергеу ісіндегі маңызды құжат – эксперттік комиссияның (төрағасы Ф.Р. Жизневский) даярлаған қортынды актісі. Бұл құжат сол тарихи кезеңдегі советтік Мемлекеттік қауіпсіздік министірлігі ғимаратында қазақ руханиятына жасалынған қиянаттан хабар беретіндігімен маңызды. Эксперттік комиссия құрамында оның төрағасы Ф.Р. Жизневскийден (қазақ «ұлтшылдары» ісіне байланысты эксперттік акті даярлау ісіне машықтанған–авт.) басқа Е.Бекмаханов еңбектеріне қарсы әрекеттерімен аты шыққан Х.Айдарова және әлгінде ғана кандидаттық диссертациясын қорғаған 24 жастағы әдебиеттанушы З.Ахметов болды. 1952 жылдың 10 қаңтарынан 29 ақпанына дейін Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігі ғимаратында тапжылмай отырып жұмыс жасаған бұл топтың алдына Е.Исмайловтың үйінде жүргізілген тінту нәтижесінде тәркіленген 168 дана кітап, 101 дана журналдар, Е.Исмайловтың қаламынан туған 33 мақала, 19 папкадан тұрған қолжазба материалдар, сондай-ақ тергеушілер тарапынан берілген Исмайловтың «Алынбаған кек» аталатын кітабының қолжазбасы және Байтұрсыновтың «Кенесары - Наурызбай» аталатын поэмасы қойылған еді. Бұдан тыс комиссияға тергеу ісіне байланысты Е.Исмайловқа сұрау қойып, оған жауап алу құқы беріледі [ҚР ІІМ АҚДА. 04010-іс, 2-т., 179 п.]. Бұл арада біз эксперттік комиссия даярлаған қортындыдағы Есмағамбет Самұратұлы шығармашылығында ұлтшылдық ұстаным тұрғысынан бұрмалауға ұшыраған деген түйінді мәселелерге ғана тоқталуды жөн көрдік.

1.Талдауға алынған материалдар (кітаптар, мақалалар, қолжазбалар ж.б,) – деп бастайды эксперттік комиссия қортындысын – Исмайлов тарапынан Қазақстанның революцияға дейінгі тарихына қатысты мәселелерді, Едіге, Қасым хан – авт., Әбілқайыр, Абылай, Кенесары, Наурызбай сияқты тұлғаларды сипаттау, Қазақстандағы ұлттық қозғалыстарды түсіндіру және Қазақстанның Ресейге қосылу фактісін Исмайлов тарапынан ұлтшылдық ұстаным тұрғысынан баяндалады.

  Е.Исмайлов өткен тарихтан тек Қазақстанның Ресейге қосылуына қарсы бағытталған фактілер мен оқиғаларды ғана көтереді. Қазақ қоғамындағы тап күресін айналып өтіп, ал феодалдық-монорхиялық реакциялық қозғалыстарды асыра мақтап, оларды әділ ұлт-азаттық, тіптен революциялық халық көтерілістері ретінде көрсетуге ықыласты.

  Е.Исмайлов еңбектерінде «Едіге», «Қобыланды», «Қорқыт ата» сияқты реакциялық мазмұндағы эпостарды халық эпосы қатарына жатқызып, оларды «қазақ ауыз әдебиетінің інжу-маржаны» санайды [ҚР ІІМ АҚДА. 04010-іс, 2-т., 180-196 пп.].

  Әдебиетші зерттеулерінде Абылай ханды Әбілқайыр ханға қарсы койып, Абылайды қазақ халқының тәуелсіздігі үшін күрескен тұлға ретінде баяндайды. Ал шын мәнінде қортынды авторларының пікірінде Абылай прогресшіл ұстанымдағы емес, қазақ қоғамында ортағасырлық тәртіпті сақтау үшін күрескен тұлға екен. Ол сыртқы саясатта қоғамдық дамуға артта қалған Қытайға бағыт ұстаған. Зерттеуші Абылаймен бірге оның батырлары Бұқарбайды, Қабанбайды және Бөгембайды дәріптеп, өз тұжырымдарын сарай ақыны, реакциялық ұстанымдағы Бұқар жыраудың, клерикал ақын және публицист Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің, панисламист ақын Жүсіпбек қожаның, халық жауы Шәкәрім Құдайбердіұлының айтқандығына сүйене отырып жасаған.

Е.Исмайлов көптеген мақалалары мен зерттеулерінде әсіресе Кенесары Қасымұлының қозғалысына ерекше көңіл аударған К.Қасымұлының қазақ халқын Ресейден бөліп әкетуді көздейтін реакциялық феодалдық-монархиялық қозғалысын халықтық, прогрессивті, ұлт-азаттық қозғалыс ретінде көрсетіп, ал қазақ халқының қанын ішкен Кенесары Қасымұлын халықтың көсемі, аса көрнекті қолбасшы, кемел мемлекет қайраткері ретінде баяндап, қателікке ұрынады.

Е.Исмайловтың міне осы сияқты тұжырымдары, эксперттік комиссияның қорытындысында, тарихты бұрмалау ретінде бағаланады. Өйткені Кенесары қозғалысы ешқашан да халықтық, бұқаралық қозғалыс болған емес, ал халық, керісінше, орыс өкіметінен Кенесарының тонауынан құтқаруды өтініпті. Кенесарының әскері нағыз патриоттық ұстанымдағы азаматтардан емес, құрама баскесер шайкілерден тұрған.

Бұл арада, әрине,эксперттік комиссияның Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалысқа байланысты бағасы патша шенеуніктерінің берген бағасынан айырмасы жоқ-тын тіптен қаралау тұрғысынан асып түседі. Қорытынды авторлары патриотизм тақырыбына тоқталып, Исмайлов советтік патриотизмді советтік қоғамдық құрылыспен, социалистік өндірістік қатынастарымен емес, қазақ халқының тарих қойнауынан бері үзілмей келе жатқан дәстүрмен, Едіге, Кенесары, Наурызбай және басқа тарихи тұлғалардың ерлік істерімен байланыстырып қателікке ұрынды деген тұжырымға келеді [ҚР ІІМ АҚДА. 04010-іс, 2-т., 180-182 пп.].

Эксперттік комиссияға ұнамағаны Е.Исмайловтың ұлт тарихындағы тұлғаларды таптық-партиялық ұстанымға сүйеніп қаралаудан гөрі оларды қорғау ісінде белсенділік танытуы еді. Осы мазмұндағы пікірлерге дәлел ретінде қорытындыда әдебиетшінің «Абылай туралы» аталатын мақаласынан мынадай үзінді келтіреді: «Егер, біз өз басын қорғап, өзін сақ санайтын зерттеушілерді ғана тыңдайдын болсақ, онда қазақ тарихынан ұлы тұлғаларды таба алмас едік. Біз қазақ тарихындағы Абылай, Сырым батыр, Кенесары, Наурызбай, Исатай, Махамбет, Жанқожа, Бекет, Сыздық және Ағыбай сияқты қазақ тарихындағы батыр тұлғаларды дәріптеп еңбек жазуға көңіл аударуға тиістіміз. Осы арқылы біз, біріншіден, төл тарихымызды тура түсінуге жол ашамыз, сондай-ақ, екіншіден, Ұлы Отан соғысы тұсында халқымыздың санасында отанға деген сүйіспеншілік отын жағып, ерлікке шақырып, тәрбиелейтін боламыз. Жалпы біздің ғалымдардың бірден бір міндеті отанымыздың тарихындағы оның адал ұлдарын лас және ғайбат пікірлерден аршып, тазалап отыру болмақ. Мәселен, Кенесары тек хан тұқымы болғандықтан ғана неге жағымсыз тұлға атануға тиіс?» [ҚР ІІМ АҚДА. 04010-іс, 2-т., 196-197 пп.].

Қорыта айтқанда, Е.Исмайлов осы мазмұндағы еңбектері арқылы советтік жас ұрпақты ұлт тарихындағы шынайы патриоттық ұстанымдағы бейнесі арқылы емес, реакциялық феодалдық – монорхиялық көзқарастағы адамдардың үлгісі арқылы тәрбиелеуді мақсат тұтқан екен.

2. Е.Исмайлов шығармашылығындағы эксперттік комиссия сынына ұшыраған келесі мәселе «реакциялық, феодалдық» эпос және «феодалдық» кезеңнің ақындары еді. Қорытындыда мұндай реакциялық-феодалдық эпостардың қатарына «Едіге», «Қорқыт», «Орақ Мамай», «Қарасай-Қазы», сондай-ақ Бөкенбай, Қабанбай, Ағыбай, Сыздық және басқа батырлар туралы эпикалық шығармалар жатқызылады. Е.Исмайлов қазақ ақындарының, жырауларының шығармашылығындағы ұлттық еркіндік үшін күрес, шетелдік басқыншыларға қарсы ерлік тақырыбын халық ауыз әдебиетіндегі басты тақырып ретінде қарастырады.

Бұл қате ұстаным екен. Өйткені халық шығармашылығындағы басты тақырып тап күресі, бұқара халықтың әлеуметтік теңдік үшін күресі болуға тиіс еді [ҚР ІІМ АҚДА. 04010-іс, 2-т., 198-202 пп.].

Е.Исмайлов қазақ қоғамындағы үстем, қанаушы тап өкілдері билердің шешендік сөздерін халық ауыз әдебиетінің ең үздік үлгісі ретінде қарастырады. Ал Қаз дауысты Қазыбек би, Төле би, Алшын Қаражігіт би, Тіленші би, Ақтайлақ би, Досбол би, Бала би сияқты ірі феодалдарды шешендік өнерді жасаушылар ретінде бағалайды.

Осы сияқты феодалдық эпостағы, ертегілердегі батырлар Е.Исмайлов зерттеулерінде түгелдей отанын қорғаған патриоттар. Оларды таптық көзқарас негізінде жіктеп жатпай-ақ, хронологиялық тұрғыдан үш кезеңге бөліп қарастырады: 14-15 ғғ. тән бірінші кезеңге Едіге, Қобыланды, Тарғын батырлар, екінші кезеңге Аламан, Жоламан, Желім, Қоқыр мерген ж.б. батырлар, үшінші кезеңге Бөгенбай, Жәнібек, Қабанбай, Ағыбай, Сыздық ж.б. жатқызылады. Аталған тұлғалардың бәрі де, Исмайлов түсіндіруінде, халық қаһармандары.

Әдебиетші зерттеулерінде ақындар қазақ қоғамындағы ақиқатты айтушылар. Олар шындықты ханнан, бай мен биден жасқанбай бетіне айта білген. Соған байланысты қоғамда «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген сөз мақалға айналған. Әрбір ханның қолында сұрқылтайы. Абылай ханның осындай кеңесші кемеңгері Бұқар жырау. Кенесары ханның серіктері, қоғамға ұстанымын жеткізушілері – Досқожа мен Нысанбай, Исатай батырдың дос серіктері – Махамбет пен Шернияз осы қатардағы ірі тұлғалар, заманының болмыс – бейнесін шығармашылықтары арқылы кейінгіге жеткізгендер.

Жамбыл ақынның шығармашылығы да осы арнада қарастырылғанда ғана түсінікті болмақ. Ақынның шыққан ортасы ірі болған, арғы аталары ел мен жер қорғау ісінде аты шыққан, соңына жақсы үлгі қалдырған. Ақынның арғы тегі саналатын Қарасай мен Наурызбай батырлар ел басқару ісінде кемеңгерлігімен де көзге түсіп, ел жадында сақталған.

Басқаша айтқанда, Е.Исмайлов ақындар мен батырлардың шыққан ортасын, атқарған қызметін таптық негізде жіктеп, саралап жатпай бәрін бірдей бұқара халықтың өкілі ретінде баяндап ұлтшылдық ұстанымға басымдық берген.

Сондай-ақ Е.Исмайлов еларалық экспедициялар ұйымдастырып ел арасындағы алпысқа жуық ақынмен социологиялық сұрау өткізіп ақындықтың табиғатын зерттеген. Осы мақсатта совет өкіметіне қарсы байлардың жер аударылып барған Есіл көл өңірінде болып, олардан феодалдық – байлар тобына тиесілі фольклор үлгілерін жинаған. Осы мақсатта Исмайлов, мәселен, «контрреволюционер» ақын, Алаш партиясының мүшесі болған Мұхаммед-Сәлім Кәшімовпен хат арқылы байланыс орнатып Есіл көл өңіріне совет өкіметінің жаулары ретінде жер аударылып барған Олжабай мен Барлыбай Нұралиндердің шығармашылығына байланысты мәлімет жинастыруды өтінген. Басқаша айтқанда, Е.Исмайловтың осы аталған өңірден ауыз әдебиеті «үлгілерін» жинастыруға ерекше көңіл аударуы жәйдан-жәй емес, бұл факті оның совет өкіметіне қарсы көңіл-күйдегі ғалым екендігін білдіреді екен.

3. Халық ауыз әдебиеті сияқты қазақ әдебиетінің революцияға дейінгі тарихында Е.Исмайлов буржуазиялық ұлтшылдар ұстанымы тұрғысынан қарастырады екен. Ол әдебиеттің таптық сипатын саналы түрде елеусіз қалдырып, қазақ әдебиетінің тарихын бүтін күйінде қазақ халқының ұлт азаттық, антиколониалдық күресінің айнасы іспетті қарастырады [ҚР ІІМ АҚДА. 04010-іс, 2-т., 204-214 пп.]. Осы концепцияға сүйеніп ол «Қазақ совет әдебиеті» (1942) атты кітапта 18-19 ғғ. қазақ әдебиетінің тарихына мынадай кезеңдерге бөлді: бірінші кезең әдебиеттегі ерлік кезеңі. Бұл кезеңде Махамбет, Шернияз, Нысанбай, Досқожа ақындар Исатай мен Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілістерді, халықтың осы мезгілде патшалық өкіметінің басқыншылық саясатына көрсеткен қарсылығын шығармаларына арқау етті. Осы және басқа ақын жыраулардың туындылары азаттық үшін арпалыстың кең панорамасын береді. Олардан біз көтеріліс көсемдерінің, халық батырларының  – Кенесарының, Исатайдың, Жоламанның, Ағыбайдың, Жанқожаның бейнесін көреміз. Осы кезеңдегі әдебиетте халықтың отанына деген махаббаты, ал оның жауларына деген жек көрушілігі бар. Сонымен бірге бұл шығармалар өкінішке, мұңға, кекке толы.

Екінші кезең XIX ғасырдың 50-60 жылдарынан бастау алып Октябрь (1917) революциясына дейінгі уақытта қамтиды. Бұл кезеңдегі әдебиет – зар заман әдебиеті аталады. Неге зар заман? XIX ғасырдың 60-жылдары қазақ даласын патшалық самодержавия тарапынан басып алу аяқталды. Қазақ жері мен елі патшалық Ресейдің отарына айналды. Қазақ халқының қарсылығы қолға боялып басылды. Осы кезеңдегі ұлттың басыңқы көңіл-күйі оның әдебиетінде көрініс тапты. Әдебиеттегі осы кезеңдегі Дулат (1802–1847), Шортанбай (1808–1871), Мұрат (1843–1906) ақындар бастап берген болса, осы әуенді ХХ ғасырдың басындағы шығармашылық иелері Нұржан Наушабайұлы,

Албан-Асан, Нарманбет және басқалар одан әрі жалғастырды [ҚР ІІМ АҚДА. 04010-іс, 2-т., 203-205 пп.].

Эксперттік комиссия Е.Исмайловтың бұл берген кезеңдеуі мен оларға сипаттамасынан тарихи фактілерді бұрмалаушылықты, феодалдық, реакциялық көзқарастағы Нысанбай, Досқожа ақындардың шығармашылығынан қазақ халқының қас жаулары Кенесары және Наурызбай сұлтандарды негізсіз мақтау, мадақтауды көреді. Ал «Зар заман» мектебінің ақындары Шортанбай, Мұрат, Әбубәкір, Базар жыраулар болса орыстан келген барлық нәрсеге қарсылық танытып, ескі ортағасырлық феодалдық тәртіпті дәріптеуді дәстүрге айналдырған. Комиссия осы ағымдағы шығармашылық иелерінің мұрасын насихаттау арқылы Е.Исмайлов іс жүзінде Қазақстанның Ресей құрамына қосылуының прогрессивтік маңызын жоққа шығарып отыр деген тұжырымға келеді.

Эксперттік комиссияның пікірінше Е.Исмайловтың қазақ әдебиеті пәні бойынша 9 сыныпқа арналған хрестоматияға (1939, 1940) Шәңгерей Бөкеев, Ақмолда, Омар Қарашев, Нұржан Наушабаев, Нарманбет Орманбетов сияқты ақындардың шығармашылығын енгізуі оның буржуазиялық ұлтшылдық ұстанымда тұрғандығының нақты көрінісі.

Мәселен, Е.Исмайлов Нарманбет ақынды 1905 жылғы революция тұсында «халықтың атынан сөйледі», ал оның шығармалары халық өмірінің айнасындай болды, өзін Абайдың шәкірті ретінде танытты деген ойды айтты.

Е.Исмайлов ұзақ жылдар бойы буржуазиялық-ұлтшыл ұстанымдағы ақын Омар Қараштың шығармашылығын ерекше қорғап, құлшына насихаттады. Бұл ретте комиссия әдебиетшінің 1946 жылы 16 қарашада Омар ақынның шығармашылықтағы азаматтық ұстанымына байланысты жасаған баяндамасын бөліп атайды. Аталған баяндама Е.Исмайловтың тәуелсіз, шынайы ғылыми ұстанымын танытатын еңбектерінің бірі. Оның пікірінде Омар өз заманының ең озық идеяларын білдірген, жаңашыл, прогресшіл, қазақ қоғамдық ойын ілгері сүйреген шығармашылық иесі. Яғни, Е.Исмайлов «буржуазиялық-ұлтшылдық ұстанымындағы» ақынды соншама дәріптеген.

Қорыта айтқанда, әдебиетші Е.Исмайлов қазақ зиялылары арасындағы буржуазиялық ұлтшылдық ағымды демократиялық ағымнан ажырата алмайды, оның түсінігінде 1919 жылға дейін қазақ зиялылары бүтіндей прогресшіл ұстанымда болып, жалпыұлтық мүддені қорғау жолында тұрған.

Эксперттік комиссия тарапынан ерекше наразылық тудырған әсіресе Е.Исмайловтың ХХ ғасыр басындағы әдебиеттегі Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев бастаған ағымға деген ыстық ықыласы болды.

Эксперттік қорытынды авторлары бұл ретте ХХ ғасыр басындағы ағартушылық, антиимпериялистік және антиколониалдық ұстанымда тұрған ұлттық патриоттық күштерге байланысты большевизмнің негізсіз, екіжүзді концепциясымағын қайталайды. Уақыт өте, большевиктердің империядағы өздеріне тәуелді ұлттық азшылықтарды теориялық тұрғыдан алдау-арбау жолына түсіп, құйтырқы әдіс құралдар арқылы уақыт ұтуға тырысқандықтарының да ашылатындығын болжай алмады.

  Большевиктік басшылық осы тарихи кезеңде (ХХ ғ. 20–30 жж.) басымдылықты «Революция қазақ елі үшін» ұстанымына емес, керісінше «қазақ елі революция үшін» ұстанымына берді. Саясат ісіндегі гений Смағұл Сәдуақасұлының советтердің Мәскеудегі ең жоғарғы билігіне жолдаған хатында айтылған мына жолдар большевиктік басшылықтың сол кезеңдегі қазақ сияқты халыққа байланысты ұстанымын тура әрі дәл беретін еді «Қанаудағы ұлттардың өмірін деп жазды ол – құрбандыққа шалу арқылы өркениетті халықтардың жұмысшы табы коммунизмнің салтанатты жеңісіне жетуге тиіс деген пікір ешқандай да марксистік әдебиетте айтылмаған» [ҚРПА. 140-қ., 1-т., 121-іс, 1-14 пп.].

Е.Исмайловта (шығармашылық иесіне тән) сирек кездесетін сезім болды. Сыншысын қасиеті әсіресе ұлт өміріндегі күрескер тарихи тұлғалардың қызметіне баға беруде анық байқалады. Е.Исмайловтың еңбектерінде үлкен құрметпен және ләззатпен еске алып, шығармаларына зор ықыласпен талдау жасайтын авторы осы Смағұл Сәдуақасұлы. Советтік идеологияның Қазақстандағы ымырасыз оппоненті болған С.Сәдуақасұлын 40-50 жылдары ауызға алудың өзі мүмкін емес-тін. Өйткені, С.Сәдуақасұлы модернизацияға мұқтаж қазақ шындығына не қажет екендігін мәскеулік орталық пен оның қазақ жеріне жіберген эмиссарларынан жақсы білді және оны тайсалмай айтты да.

Міне осы С.Сәдуақасұлының пікірнше ХХ ғасыр басындағы жас буын қазақ жазушыларының арасында ұлттық әдебиеттің мазмұндық тұрғыдан бағыт-бағдарын анықтау мүмкіндігі Мағжан Жұмабаевқа, Жүсіпбек Аймауытұлына және Мұхтар Әуезовке тиесілі болды. Бұл жазушылардың жарық көрген шығармалары арқылы көтерген әлеуметтік жүгі және оған қарым-қабілеті мен талантының сәйкес келуі осындай тұжырымға негіз болатын еді. Басқаша айтқанда, жаңа қазақ әдебиетінің даму тенденциясын анықтау құқы осы шоғырдың үлесінде болуға тиіс еді [Сәдуақасұлы С, 2003: 251-263].

Қорыта айтқанда, эксперттік комиссия Е.Исмайловтың 1932-1951 жылдар аралығындағы ұстанымы мен жазған еңбектеріне талдау жасап ол өзгермейтін көзқарастағы ұлтшыл деген тұжырымға келеді. Мұндай тұжырымға оның тарихи оқиғаларға берген бағасы, советтік шындыққа қатынасы, қазақ әдебиетінің советтік кезеңге дейінгі және советтік кезеңдегі тарихына көзқарасы негіз болады екен. Буржуазиялық ұлтшылдық көзқарас ол жазған кітаптардың, жариялаған мақалаларының, сөйлеген сөздерінің өзекті жібі екен.

16.  Әдебиетшінің еңбектеріне жасалған талдауларға сүйене отырып эксперттік комиссия жауапқа тартылған әдебиеттанушы ғалым Е.Исмайлов біраз жылдар бойы өзінің шынайы бетін жасырып келген, қазақ әдебиеттану ғылымында тұрақты түрде ұлтшылдық көзқарасына насихаттап келген екіжүзді адам деген қорытынды жасап, сот органдары тарапынан тиесілі шешім шығаруға идеологиялық негіз жасап береді [ҚР ІІМ АҚДА.04010-іс, 2-т.,179-250 пп.].

Жоғарыда біз Е.Исмайловтың ісіне қатысты тергеу барысында құрылған эксперттік комиссияның қортындысына тоқталдық. Осы ретте бұл іске байланысты архив құжаттарымен жақын танысқан зерттеуші ретінде бірлі-жарым бақылауымызбен бөлісуді жөн көрдік.

ХХ ғасырдың 30-жылдарының алғашқы жартысында Мәскеулік орталық қазақ ұлт-азаттық қозғалысы басшыларын (алаш қайраткерлерін) жою шараларын іске асырды. Ал 1937-1938 жылдары алаштың көзі тірі қалғандарын, сондай-ақ екінші буын ұлттық басшылық репрессия құрбаны болды. Қазақ халқы кезекті рет ұлттық саяси басқарусыз қалды. Елдің еңсесі түсті.

1941-1945 жж. қарапайым қазақтың ұлдары мен қыздары майдан даласында, тылдағы жұмыста қайрат-жігерінің әлі де мұқалмағанын, бар екендігін, сын сәтте ортақ мүдде алдында адалдығын тағы да танытты. Қазақ жері жеңіске баға жеткісіз үлесін қосты.

Соғыс жылдары (1941-1945) қалыптасқан осы жағдай 20-30 жылдардағы қырғынмен репрессиядан тауы шағылған халықтың еңсесіне демеу берді, көңілінде сенім отын қайта жақты, ұлттық намысына қозғау салды. Ұлт санасындағы осы жағымды өзгерістер ұлт зиялыларының шығармашылығы арқылы әсіресе әдебиеттану мен тарихтануда көрініс тапты.

Ғылымға келген жас та тегеурінді буын Е.Исмайловтың, Қ.Жұмалиевтің, Қ.Мұқаметхановтың, Б.Кенжебаевтың, Е.Бекмахановтың және Б.Сүлейменовтың шығармашылықтағы жемісті кезеңі осы жылдарға тұс келді. Бұл аталған ғылымдағы тұлғалардың біразы алаштық буынның алдын көрді, ал көріп үлгірмегендері ел арасындағы әлі ұмытыла қоймаған сөздерін естіп, шығармаларын оқып, жаттап өсті. Әдебиеттану мен тарихнамадағы сілкініс осы сабақтастықтың нәтижесі еді. Аталған саладағы ғалымдар ұлт тарихындағы ерлік дәуірге, тарихи тұлғаларға, ерлік дәуір мен тарихи тұлғаларды шығармашылығына арқау еткен ақын жазушылардың мұрасына бет бұрды. Сол арқылы ұлт руханиятында жаңа ситуация қалыптастырудан үміттенді.

Шығармашылықтағы ұлт зиялыларының бұл әрекетін тура таныған идеологиялық аппарат кезекті рет ашықтан-ашық шабуылға көшті. 1951-1952 жылдары Алматыда әдебиеттанушы және тарихшы ғалымдарға байланысты өткізілген сот процестері осы ұлт руханиятына жасалған кезекті шабуылдың және қиянаттың көрінісі еді.

Осы ретте әдебиеттанушылар Е.Исмайлов, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұхамедханов шығармашылығы арқылы қазақ ғылымында, әдебиеттануда жасалған ситуация өзінің ұлт руханиятына, кейінгі буын зиялыларға әсері, көрсеткен азаматтық үлгісі тұрғысынан ешуақытта ұмытылмақ емес. Қазақ әдебиеті мен әдебиеттану ғылымы осы тарихи кезеңде де қазақ қоғамдық ойындағы өзінің жетекшілік міндетін жоғары дәрежеде атқарды.

Әдебиеттанушы Е.Исмайловтың шығармашылығына қатысты талдаулар бізге мынадай қортынды жасауға мүмкіндік береді.

Әдебиеттанудағы Е.Исмайлов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, Қ.Мұхамедханов сияқты тұлғалар 50-жылдардың алғашқы жартысында жүрген репрессиялық шаралардан соң биліктің отарлық саясаты мен практикасына қатысты мәселелер төңірегінде еңбектер жазу мүмкін еместігін іштей түсіне отырып, ендігі жағдайда өз тұжырымдары мен пікірлерін кейінгі буынға ауызекі жеткізу ұстанымына көшті. Әдебиеттанудағы аға буынның бұл еңбегі ізсіз кеткен жоқ. Олардан сабақ алған Қ.Өмірәлиев, А.Сүлейменов, Р.Нұрғалиев ж.б. аға буынға тиесілі ұстанымды кейінгі буынға жеткізді. Осылайша қоғамдық ойдағы сабақтастық әдебиет және әдебиеттану арқылы жалғасып жатты. Өкінішке орай, мұндай ұрпақ аралық сабақтастық ұлттық гуманитарлық ғылымның басқа салаларында байқалмады.

Қазақ ССР жоғарғы сотының қылмыстық істер коллегиясының Е.Исмайловтың ісін қарауға арналған жабық мәжілісі 1952 жылдың 9-10 мамыр күндері Алматы қаласында өтті. Е.Исмайлов адвокат қызметінен бас тартты және сот мүшелерінің танысуы үшін «Гүлфар жыры» (1933ж.), «Жігер жыры» (1934ж.), «Жаз еркесі» (1935 ж.), сондай–ақ жеке жазған кітаптары мен оқулықтарын алдыруды өтінді. Кітаптары ғалымның шығармашылықтағы портреті еді. Әділ сот алдындағы ғалымға олардан артық қандай адвокаттың болуы мүмкін?!

Есмағамбет Самұратұлы сот алдында сөйлеген ақтық сөзінде кедей отбасында туып, ата-анасынан ерте айрылған панасыз өзі сияқты жасөспірімге балалар үйінен орын беріп, тәрбиелеп, білім алуға мүмкіндік тудырған қоғамға разы екендігін білдіріп, енді ғана ес жиып қызметке ілінген шағында ел басына төнген алапат қауіпті, аштықтан қырылған елді көзімен көріп, жанымен сезініп, бұл жағдай оны халық неге мұндай алапат аштыққа тап болды деген сұрауға жауап іздеуге мәжбүр екенін айтып өтті. 1934 жылы институт бітірген соң «Коммунист» журналына қызметке тұрып репрессиядан аман қалғанын жасырмады. Сот алдында сөйлеген көлемді де ақтық сөзінде ол шығармашылықтағы жолы ауыр болғандығын, мұндай жолдан жалпы қоғамның да өткенін, ал өзі атсалысқан ұлттық әдебиеттану ғылымындағы еңбегінің бұл саланың қалыптасу кезеңіне тұс келгендігін, ал ұлтшылдық көзқарасының қалыптасуына объективті жағдайлардың ықпалы болғандығын ескертіп, мәселен, «менің түсінігімде кез-келген ұлттық қозғалыс егер ол жерге байланысты болса прогрессивті болып табылады, ал Кенесары жер үшін күресті, «Айтылған кек» аталатын шығармам жарық көрмеген, осы туралы...» деген мазмұндағы пікірін білдіріп өтті...

Қорытынды. Сөзінің соңында Е.Исмайлов өзін буржуазиялық-ұлтшылдық идеяларын насихаттағаны, үйінде тиым салынған әдебиеттерді сақтағаны, қайсыбір жерлерде саясатқа қарсы ұлтшылдық мазмұндағы сөздер айтқаны үшін ғана айыпты санауға болатындығын мойындап, басқа таңылған кінәларды қабылдамайтындығын мәлімдеді.

«Менің Совет өкіметіне әдейі зиян келтірейін деген ешқандай да есебім болған емес. Ескі мемлекеттік жүйеде менің ата-анам, – деп көрсетті ол, – өте кедей жағдайда өмір сүрді, сол жүйеге оралсам деген ой болған емес менде. Әдебиетті мен жанымдай сүйдім, оны басқа мүдделерімнен жоғары қойдым. Әдебиетке деген ықыласым жаңылыс та бастырған шығар... Соттан өтінер жалғыз тілегім денсаулығыма көңіл аударса болғаны».

Сот үкімі

...Е.Исмайлов Қазақ пединститутында студент кезінде Алматы қаласында 1930-1932 жж. әрекет жасаған антисоветтік ұлтшылдар тобы құрамында болып, сол үшін жауапқа тартылып, сотталған. Жазасын өтеген.

Өзінің осы ССРО-дағы саяси құрылысқа деген өшпенділік ұстанымын кейін де сақтап, осы мақсатта әдебиеттанушы қызметін пайдаланып көптеген жылдар бойы Ресейге, орыс халқына қарсы күрескен реакционер хандарды, сұлтандарды, билерді, ақындарды дәріптеп, Совет өкіметіне қарсы шыққан алашорда қайраткерлерінің халық жауларының Қазақстанды ССРО-дан бөліп әкететін буржуазиялық тәртіп орнату әрекетін жақтап, осы мақсатта Қазақстан тарихы мен әдебиетін бұрмалап антисоветтік жұмыс жүргізген...».

Осы мазмұндағы негіздемеге сүйенген сот Е.Исмайловты РСФСР Қылмыс кодексінің 58-10 бабының 2-тармағына сәйкес қамауға алып, жазасын 25 жылға еңбекпен түзету лагерінде өтеуге, РСФСР Қылмыс кодексінің 31 бабының «А, Б, В» тармақтарына сәйкес 5 жылға дауыс беру құқынан айыруға, сондай-ақ оған тиесілі жеке мүлкін мемлекет пайдасына тәркілеуге үкім шығарады [ҚР ІІМ АҚДА.04010-іс, 2-т., 179-250 пп.].

ССРО Жоғары сотының қылмыстық істер бойынша сот коллегиясы 1954 жылы 12 июньдегі мәжілісінде Қазақ ССР Жоғарғы сотының 1952 жылғы 9-10 мамырда Исмайлов Есмағамбетке байланысты шешімін қайта қарап, оған таңылған қылмыстың дәлелсіз екендігін мойындап, қабылданған шешімінің күшін жойды. Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы 1993 жылы 4 ақпандағы шешімімен Е.Исмайловтың ісінде қылмыс құрамы болмағандықтан оның ақталғанын жария етті [ҚР ІІМ АҚДА. 04010-іс, 2-т., 421-422 пп.].

Пайдаланылған әдебиет:

1.  ҚР Ішкі істер министрлігінің Алматы қаласы бойынша департаменті (бұдан былай ҚР ІІМ АҚДА). № 674 2 томнан тұратын Исмайлов Есмағамбеттің тергеу ісі. 1-т., 2, 5 об пп.

2.  Сонда, 2-т, 383-383об пп.

3.  Сонда, № 4727. 17 томнан тұратын Қазақ контрреволюциялық ұлтшылдар орталығының ісі. 2-т., 1-3 пп.

4.  Сонда, 3 п.

5.  Сонда, № 04010 Е.Исмайловтың тергеу ісі, 2-т., 3-4 пп.

6.  Сонда, № 06785 Мұстамбаев Ыдырыс Мұстамбайұлының тергеу ісі. 1-т., 291-п.; Сонда, № 04010 Е.Исмайловтың тергеу ісі, 2-т., 3, 4 пп.

7.  Сонда, № 04010 Е.Исмайлов. тергеу ісі. 2 т., 3, 4 пп.

8.  Сонда, № 010237. Ы.Мұстамбаевтың ісі, 2-т., 72-82 пп.

9.  Бұл арада сөз 1925-1926 жж. Ж.Аймауытовқа байланысты «Торғай ісі», 1927-1930 және 1930-1932 жж. жүрген «Алаш ісі» аталған сот процестері туралы болып отыр.

10.  Осы ретте мынадай бір жағдайға көңіл аударуға тура келеді. Ф.Голощекин Қазақстандағы билікке келген соң алаштық буынмен есеп айырысу барысында өзінің мүдделестеріне қандастарына сүйенуді ұмытпағанын байқауға болады. Мәселен, ол алаш қозғалысын ұлт-азаттық қозғалыс емес, буржуазиялық-ұлтшылдықтың көрінісі ретінде айғақтап, оған идеялық «соққы» беру үшін Қазақстанға «Поалей Цион» аталатын еврейлер жұмысшы партиясының белсенді мүшелері Соломон Хаймович Брайнин (1931) мен Шолом Яковлевич Шафироны (1932) шақырып, «Очерки по истории Алаш-Орды» (А.–М., 1935) аталатын кітапты жаздырды. Ал алаштықтарға байланысты соңғы шешімді (1932) Ф.Голощекиннің талабы бойынша құрамында өзінен басқа Сольц және Фельдман бар ОГПУ-дің үштігі қабылдайды.

11.  Байтұрсынұлы А. Шығармалары. 5-т., Алматы. 2013, - 183 б.

12.  ҚР ІІМ АҚДА., № 04693 Қазақ контрреволюциялық ұлтшылдар орталығының ісі. 17 томдық. 2-т., 1-3 пп.

13.  Сонда, 1-3 пп.

14.  Сонда, № 010237 Ы.Мұстамбаевтың тергеу ісі, 2-т., 358 п.

15.  Сонда, № 06785 Ы.Мұстамбаевтың ісі, 3-т. 4 п.

16.  Сонда, № 010237 Сағатов Толымбек ж.б. ісі, 1-т., 316, 317 пп.

17.  Сонда. 316, 317 пп.

18.  Сонда, № 04010 Е.Исмайловтың тергеу ісі (арх. № 04010) 2 томдық. 2-т., 383-384 пп.

19.  Сонда, № 010237 Т.Сағатаевтың ж.б. тергеу ісі. 1-т., 385 п.

20.  Сонда, арх. № 04010 Е.Исмайловтың тергеу ісі. 2-т. 384-384обпп.

21.  Сонда, 203 п.

22.  Сонда, 2-т., 199-200 пп.

23.  Смайлов Е., Ақшолақов Т. Әдебиет хрестоматиясы. Орта мектептің 9-класына арналған. А., 1939. – 88-89 бб., Қараш Ғ. Шығармалары. II т. Орал, 2018. - 68 б.

24.  Қараш Ғ. Шығармалары. 1-т. - 284 б.

25.  Смайлов Е., Ақшолақов Т. Әдебиет хрестоматиясы, 41-42 б.б., Орманбетұлы Н. Өлеңдер. Алматы, 2004. - 77 б.

26.   Орманбетұлы Н. Өлеңдер, - 101 б.

27.  Момышұлы Б. Алыстан сәлем жолдаймын. Көп томдық шығармалар жинағы 20-том (1-кітап). Алматы, 2010. - 84 б. / Е.Исмайловтың Бауыржан Момышұлына жолдаған бұл хатына байланысты мынадай жағдайды айтқан жөн. Хаттың Бауыржан Момышұлының көптомдық шығармалар жинағында (20 - т., 1-кітап, Алматы: «Өнер», 2010. Жауапты редактор М.Мырзахметов 19-89 бб.) және «Түркістан» газетінде (2015, 12 қараша) жазушы М.Рәшев жариялаған екі нұсқасы бар. Көптомдықта жазылған датасы ретінде 12.07.1998 ж. көрсетілсе, газеттік нұсқасында 1943 жыл көрсетілген. Болашақта бұл екі датаның қайсысы дұрыс екендігін анықтау тура келетін сияқты.

28.  Сонда, 82 б.

29.  Сілтеме Е.Исмайловтың «Абылай туралы» аталатын мақаласының орыс тіліне аударылған үзіндісінен алынды.

30.  Қазақ совет әдебиеті. Алматы, 1942. - 19 б.

31.  Ш.Б. Националистическая контрабанда // «Ленинская смена». № 89, 1938 г., 2 июля.

32.  Шаруатов. Кто возглавляет секцию критиков? // «Ленинская смена». № 107. 1938 г., 8 августа

33.  Сонда, № 04010 Е.Исмайловтың тергеу ісі. 2-т., 300-305 пп.

34.  Речь Председателя Государственного комитета обороны и Народного комиссара обороны тов. И.В. Сталина // Правда. 1941, 8 ноября. – 1 с.

35.  ҚР ІІМ Алматы қаласы бойынша департаментінің архиві. № 04032 Сүлейменов Бекежанның тергеу ісі. 4-т. 177-187 пп.

36.  Сонда,187 п.

37.  Сонда, № 04010 Е.Исмайловтың тергеу ісі. 1-т., 386-386об пп.

38.  Момышұлы Б. Алыстан сәлем жолдамаймын, 83-84 бб.

39.  Сонда, № 04010 Е.Исмайловтың тергеу ісі. 1-т., 389 п.

40.  История Казахстана ССР с древнейших времен до наших дней. Под редакцией М.Абдыкалыкова и А.Панкратовой. КазОГИЗ, 1943. – 258-267 с.

41.  О журналах «Звезда» и «Ленинград». Из постоновления ЦК ВК(б) от 14 августа 1946 г.// Культура и жизнь. 1946, 20 августа. -.1 с.

42.  Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының архиві (бұдан былай ҚР ҰҒАА), 80-қ., 1-т., 11-іс.

43.  «Қазақ» газеті. 1913, № 01–44. Алматы, 2018. - 141 б.

44.  Қараш Ғ. Шығармалары. 1-том. Орал, 2018. – 283-286 бб.

45.  ҚР ҰҒАА, 80-қ., 1-т, 11-іс, 35-37, 54-56, 68-70, 84-87 бб.

46.  Шаяхметов Ж. Боевые задачи работников идеологического фронта // Большевик Казахстана. 1947, № 2, - 8-18 бб.

47.  Жұмабаев М. Табалдырық. Манифест. Алматы, 2011. - 50 б.

48.  ҚР ІІМ АҚДА. № 04010 Е.Исмайловтың тергеу ісі. 1-т., 31 п.

49.  Сонда. 2-т., 327 п.

50.  Сонда, № 04010 Е.Исмайловтың тергеу ісі. 2-т., 318 п.

51.  Сонда,179 п.

52.  Сонда,180-196 пп.

53.  Сонда, 180-182 пп.

54.  Сонда,196-197 пп.

55.  Сонда, 198-202 пп.

56.  Сонда, 204-214 пп.

57.  Сонда, 203-205 пп.

58.  ҚРПА. 140-қ., 1-т., 121-іс, 1-14 пп.

59.  Сәдуақасұлы С. Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы. 1-т. 2003. –251-263 бб.

60.  Сонда, № 04010 Е.Исмайловтың тергеу ісі. 2-т.,179-250 пп.

61.  Сонда, 398-399об пп.

627 Сонда, 421-422 пп.

References

1. QR Ishki ister ministrliginin Almatı qalası boyınsha departamenti (budan bılay QR IIM AQDA). № 674 2 tomnan turatın Ismaylov Esmagambettin tergew isi. 1-t., 2, 5 ob pp.

2. Sonda, 2-t, 383-383ob pp.

3. Sonda, № 4727. 17 tomnan turatın Qazaq kontrrevolyuciyalıq ultşıldar ortalıgının isi. 2-t., 1-3 pp.

4. Sonda, 3 p.

5. Sonda, № 04010 E.Ismaylovtın tergew isi, 2-t., 3-4 pp.

6. Sonda, № 06785 Mustambaev Idırıs Mustambayulının tergew isi. 1-t., 291-p.; Sonda, № 04010 E.Ismaylovtın tergew isi, 2-t., 3, 4 pp.

7. Sonda, № 04010 E.Ismaylov. tergew isi. 2 t., 3, 4 pp.

8. Sonda, № 010237. I.Mustambaevtın isi, 2-t., 72-82 pp.

9. Bul arada soz 1925-1926 jj. J.Aymauıtovka baylanıstı «Torgay isi», 1927-1930 jane 1930-1932 jj. Jurgen «Alash isi» atalgan sot procesteri turalı bolıp otır.

10. Osı rette mınaday bir jagdayga köñil awdarwga twra keledi. F.Goloşçekïn Qazaqstandagı bïlikke kelgen soñ alaştıq bwınmen esep ayırısw barısında öziniñ müddelesterine qandastarına süyenwdi umıtpaganın bayqawga boladı. Mäselen, ol alaş qozgalısın ult-azattıq qozgalıs emes, bwrjwazïyalıq-ultşıldıqtıñ körinisi retinde aygaqtap, ogan ïdeyalıq «soqqı» berw üşin Qazaqstanga «Poaley Cïon» atalatın evreyler jumısşı partïyasınıñ belsendi müşeleri Solomon Xaymovïç Braynïn (1931) men Şolom Yakovlevïç Şafïronı (1932) şaqırıp, «Oçerkï po ïstorïï Alaş-Ordı» (A.–M., 1935) atalatın kitaptı jazdırdı. Al alaştıqtarga baylanıstı soñgı şeşimdi (1932) F.Goloşçekïnniñ talabı boyınşa quramında özinen basqa Solc jäne Feldman bar OGPW-diñ üştigi qabıldaydı.

11. Baytursınulı A. Şıgarmaları. 5-t., Almatı. 2013, - 183 b.

12. QR IIM AQDA., № 04693 Qazaq kontrrevolyucïyalıq ultşıldar ortalığınıñ isi. 17 tomdıq. 2-t., 1-3 pp.

13. Sonda, 1-3 pp.

14. Sonda, № 010237 I.Mustambaevtıñ tergew isi, 2-t., 358 p.

15. Sonda, № 06785 I.Mustambaevtıñ isi, 3-t. 4 p.

16. Sonda, № 010237 Sağatov Tolımbek j.b. isi, 1-t., 316, 317 pp.

17. Sonda. 316, 317 pp.

18. Sonda, № 04010 E.Ïsmaylovtıñ tergew isi (arx. № 04010) 2 tomdıq. 2-t., 383-384 pp.

19. Sonda, № 010237 T.Sağataevtıñ j.b. tergew isi. 1-t., 385 p.

20. Sonda, arx. № 04010 E.Ïsmaylovtıñ tergew isi. 2-t. 384-384obpp.

21. Sonda, 203 p.

22. Sonda, 2-t., 199-200 pp.

23. Smaylov E., Aqşolaqov T. Adebïet xrestomatïyası. Orta mekteptiñ 9-klasına arnalğan. A., 1939. – 88-89 bb., Qaraş Ğ. Şığarmaları. II t. Oral, 2018. - 68 b.

24. Qaraş Ğ. Şığarmaları. 1-t. - 284 b.

25. Smaylov E., Aqşolaqov T. Adebïet xrestomatïyası, 41-42 b.b., Ormanbetulı N. Öleñder. Almatı, 2004. - 77 b.

26. Ormanbetulı N. Öleñder, - 101 b.

27. Momışulı B. Alıstan salem joldaymın. Köp tomdıq şığarmalar jïnağı 20-tom (1-kitap). Almatı, 2010. - 84 b. / E.Ïsmaylovtıñ Bawırjan Momışulına joldağan bul xatına baylanıstı mınaday jağdaydı aytqan jön. Xattıñ Bawırjan Momışulınıñ köptomdıq şığarmalar jïnağında (20 - t., 1-kitap, Almatı: «Öner», 2010. Jawaptı redaktor M.Mırzaxmetov 19-89 bb.) jäne «Türkistan» gazetinde (2015, 12 qaraşa) jazwşı M.Räşev jarïyalağan eki nusqası bar. Köptomdıqta jazılğan datası retinde 12.07.1998 j. körsetilse, gazettik nusqasında 1943 jıl körsetilgen. Bolaşaqta bul eki datanıñ qaysısı durıs ekendigin anıqtaw twra keletin sïyaqtı.

28. Sonda, 82 b.

29. Silteme E.Ïsmaylovtıñ «Abılay twralı» atalatın maqalasınıñ orıs tiline awdarılğan üzindisinen alındı.

30. Qazaq sovet ädebïeti. Almatı, 1942. - 19 b.

31. Ş.B. Nacïonalïstïçeskaya kontrabanda // «Lenïnskaya smena». № 89, 1938 g., 2 ïyulya.

32. Şarwatov. Kto vozglavlyaet sekcïyu krïtïkov? // «Lenïnskaya smena». № 107. 1938 g., 8 avgwsta

33. Sonda, № 04010 E.Ïsmaylovtıñ tergew isi. 2-t., 300-305 pp.

34. Reç Predsedatelya Goswdarstvennogo komïteta oboronı ï Narodnogo komïssara oboronı tov. Ï.V. Stalïna // Pravda. 1941, 8 noyabrya. – 1 s.

35. QR IIM Almatı qalası boyınşa departamentiniñ arxïvi. № 04032 Süleymenov Bekejannıñ tergew isi. 4-t. 177-187 pp.

36. Sonda,187 p.

37. Sonda, № 04010 E.Ïsmaylovtıñ tergew isi. 1-t., 386-386ob pp.

38. Momışulı B. Alıstan sälem joldamaymın, 83-84 bb.

39. Sonda, № 04010 E.Ïsmaylovtıñ tergew isi. 1-t., 389 p.

40. Ïstorïya Kazaxstana SSR s drevneyşïx vremen do naşïx dney. Pod redakcïey M.Abdıkalıkova ï A.Pankratovoy. KazOGIZ, 1943. – 258-267 s.

41. O jwrnalax «Zvezda»  «Lenïngrad». Ïz postonovlenïya CK VK(b) ot 14 avgwsta 1946 g.// Kwltwra ï jïzn. 1946, 20 avgwsta. -.1 s.

42. Qazaqstan Respwblïkası Ulttıq gılım akademïyasınıñ arxïvi (budan bılay QR UĞAA), 80-q., 1-t., 11-is.

43.«Qazaq» gazeti. 1913, № 01–44. Almatı, 2018. - 141 b.

44. Qaraş Ğ. Şığarmaları. 1-tom. Oral, 2018. – 283-286 bb.

45. QR UĞAA, 80-q., 1-t, 11-is, 35-37, 54-56, 68-70, 84-87 bb.

46. Şayaxmetov J. Boevıe zadagï rabotnïkov ïdeologïçeskogo fronta // Bolşevïk Kazaxstana. 1947, № 2, - 8-18 bb.

47. Jumabaev M. Tabaldırıq. Manifest. Almatı, 2011. - 50 b.

48. QR IIM AQDA. № 04010 E.Ïsmaylovtıñ tergew isi. 1-t., 31 p.

49. Sonda. 2-t., 327 p.

50. Sonda, № 04010 E.Ismaylovtıñ tergew isi. 2-t., 318 p.

51. Sonda,179 p.

52. Sonda,180-196 pp.

53. Sonda, 180-182 pp.

54. Sonda,196-197 pp.

55. Sonda, 198-202 pp.

56. Sonda, 204-214 pp.

57. Sonda, 203-205 pp.

58. QRPA. 140-q., 1-t., 121-is, 1-14 pp.

59. Sädwaqasulı S. Eki tomdıq şığarmalar jïnağı. Almatı. 1-t. 2003. –251-263 bb.

60. Sonda, № 04010 E.Ïsmaylovtıñ tergew isi. 2-t.,179-250 pp.

61. Sonda, 398-399ob pp.

62. Sonda, 421-422 pp.

М. КОЙГЕЛДИЕВ,

доктор исторических наук, професор, академик НАН РК, КазНУ им. Абая

ЕСМАГАМБЕТ ИСМАИЛОВ: Я ЛИТЕРАТУРУ СТАВИЛ ВЫШЕ ВСЕХ СВОИХ ИНТЕРЕСОВ!


Резюме

Есмагамбет Исмаилов относится к поколению казахской интеллигенции, которая испытала на себе все тяготы политических репрессий первой половины и середины XXстолетия. В статье на материалах следственных дел показаны преследования и издевательства, которым подвергался известный ученый-литературовед за свою национально-патриотическую позицию в освещении литературного процесса в казахском обществе.

Ключевые слова. Литература, политическая репрессия, национализм, архив, источники.

M. KOIGELDIYEV,

Doctor of Historical Sciences, Professor, Full Member of the Kazakhstan National Academy of Sciences, Abai Kazakh National Pedagogical University, Almaty, Kazakhstan

SUMMARU
  Esmagambet Ismailov belongs to the generation of the Kazakh intelligentsia, which has experienced all the hardships of political repression in the first half and mid-twentieth Century. The article based on the materials of investigative cases shows the persecution and bullying that a well-known literary scholar was subjected to for his national-Patriotic position in covering the literary process in the Kazakh society.

Keywords. Literature, political repression, nationalism, archive, sources.



2 автор жабық қордағы тергеу істеріне байланысты берген қолхатындағы міндеттемесіне сәйкес кейбір кісілердің аты-жөнін атай алмады.

*Бұл арада сөз белгілі мемлекет қайраткері Жағыпар Сұлтанбеков жөнінде болып отыр.

[2] Е.Исмайловтың жарық көрген өлеңдер жинағы: «Тұлпар жыры», «Еңбек жемісі», «Жаз еркесі».

[3] А.Ф. Якунин «Правда» газетінде«1950, 26 декабрь) жарияланған «Марксистко-ленинское освещение вопросов истории Казахстана» аталатын шулы мақаланың авторларының (қалған екеуі: Х.Г. Айдарова және Т.Шойынбаев) бірі. Ол К.Қасымов бастаған қозғалысты ұлт-азаттық емес, феодалдық-монорхиялық ұстанымдағы қозғалыс ретінде қарастыруды жақтады.



Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь