Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАН-ӘЗЕРБАЙЖАН: ӨЗАРА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ

М.О. Иембекова¹, Б.З. Божеева². ¹Т.ғ.к., доцент. «Нархоз» Университеті. ² Т.ғ.к., доцент. Әл- Фараби атандағы ҚазҰУ.

ҒТАХР 03.20.00 ҚАЗАҚСТАН-ӘЗЕРБАЙЖАН: ӨЗАРА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚТЫҢ ӘЛЕУЕТІ ЖӘНЕ ҚАЗІРГІ ЖАҒДАЙЫ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 2(22), 2020

Теги: ТРАСЕКА, Баку-Ақтау., Баку-Тбилиси-Жейхан, Қазақстан және Әзербайжан
Автор:
Аңдатпа. Мақалада Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қатынастардың сауда-тауар айналымы мен көлік қатынастары саласындағы даму деңгейі және қазіргі жеткен жетістіктері қарастырылған. Өзара ынтымақтастық қатынастардағы екі жақтың мүдделері анықталып, екі елдің де халықаралық қатынастардағы ұстанымдары мен Каспий теңізін ортақ пайдаланудағы мүдделерінің ұқсастығы негізделген. Екі мемлекеттің де түбі бір туыс түркі елдері екендігінің өзі өзара ынтымақтастықтың қажеттілігін көрсететіні туралы пайымдаулар жасаған. Зерттеу барысында авторлар екі мемлекеттің арасындағы ынтымақтастықтың дипломатиялық қатынастар пайда болғаннан осы уақытқа дейінгі даму үрдісін үш кезеңге бөліп зерттеуге болатынын көрсетіп, екі жақты байланыстарды осы кезеңдер арқылы қарастыруға болатыны туралы пайымдаулар жасаған. Осы тақырыптағы іргелі зерттеулердің аздығына қарамастан авторлар статистикалық көрсеткіштер мен деректер негізінде екі жақты қатынастардың осы уақытқа дейінгі табыстарына салыстырмалы түрде талдау жасап, жетістіктері мен осал тұстарын көрсетуге талпыныс жасаған. Бүгінгі күні Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қатынастарда аса күрделі мәселелердің жоқтығы және екі елдің арасындағы қатынастардың стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткендігі, бұдан былай да екі жақты қатынастарды одан әрі жетілдірудің қажеттігі негізделіп, одан әрі ынтымақтастықты белгілі бір салаларда дамыту қажеттігі қорытындыланған.
Содержание:

Кіріспе. Қазақстанның сыртқы саясатында көршілес, бір аймақта жатқан елдермен ынтымақтастықты дамыту алдыңғы орында тұрғаны сөзсіз. Өйткені жақын орналасқан елдермен өзара ынтымақтастықтың барлық салаларын дамытуға табиғи, саяси, экономикалық және мәдени мүмкіндіктер өте мол. Көрші жатқан елдермен көлік, тасымал қатынастары ыңғайлы, әрі тиімді болып келеді. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстанның Каспий теңізі бойынша көрші орналасқан Әзербайжанмен қатынасы еліміздің сыртқы саясатын зерттеумен айналысатын зерттеушілердің назарына ілінетіні сөзсіз. Қазақстан Кавказ аймағы елдері ішінде әсіресе осы Әзербайжанмен қатынасы өте тығыз қалыптасқан және ынтымақтастықтың жоғары деңгейінде дамуда.

Жалпы халықаралық қатынастардың өзекті мәселелерін, өз елінің сыртқы саясатының барысын, нәтижесін зерттеп, тиімді, пайдалы ұсыныстар жасап отыру осы бағытта еңбек ететін зерттеушілердің міндеті.

Әзербайжан мемлекеті Кавказ аймағының оңтүстік-шығысында, Каспий теңізінің жағасында орналасқан мемлекет. Былайша айтқанда Ұлы Жібек жолының шетінде батыс пен шығысты жалғастыратын көпір реттес орналасқан. Табиғаты бай, минералды ресурстары мол, соның ішінде мұнай мен газ ресурстары жағынан алдыңғы орындағы мемлекет. Халқының саны кейінгі санақ бойынша 9 миллионнан асады, негізінен ислам дінін ұстанған мұсылман ел болап саналады. Сонымен қатар әзербайжан халқы түркі тектес тайпалардан шыққан түркі тілі, дәстүрі сақталған мемлекет.

Қазақстан сияқты Әзербайжан да КСРО құрамында болып 1991 жылы тәуелсіздігін алған мемлекет. Осы кезден бастап бұл ел де тәуелсіз сыртқы саясат жүргізіп, әлемдік қауымдастыққа белсене еніп, Кавказ аймағында да, ТМД аумағында да өзіндік орны бар мемлекет. Көптеген халықаралық ұйымдарға мүше.

Әзербайжан қазіргі кезде үлкен қарқынмен дамып келе жатқан индустриалды-аграрлы ел. Ел мұнай және оның өнімдерін экспорттап қана қоймай, Азия елдері мен Еуропа елдері арасында транспорттық қатынастарды дамытуда бірқатар жобаларды ұсынып, осы бағытта тұрақты түрде жұмыстар жасап келеді.

Бүкіл әлемдік банктің 2018 жылғы қазан айында жарияланған «Doing Business» есебі бойынша Әзербайжан әлемдегі ең реформатор ел ретінде 10 елдің қатарына қосылған. Себебі осы уақытқа дейін елде экономикалық және институттық қайта құрулар нәтижелі жүргізілгендігі есепке алынған. Сонымен бірге есепте мемлекет 190 елдің ішінде 25-ші орынды иеленгендігі туралы мәлімет берілген (Аррахман, 2015: 16).

Дегенмен қазіргі Әзербайжанның дамуына кедергі келтіретін саяси жағдайлар да жоқ емес. Әсіресе елді қатты алаңдататын жағдай Таулы Қарабах автономиялы ауданның (ТҚАА) тағдыры. Өзімізге белгілі бұл аудан бұрыннан бері Әзербайжанның құрамында болғанмен, халқының 90% армяндар. Елдегі жағдай 80-жылдардың соңында ТҚАА-да армян диаспорасы өкілдері ауданды Арменияға қосу мәселесі бойынша ұлттық қозғалыстар бастаған кезден бастап өзгерді. Осы кезден басталған қақтығыс тоқтаған жоқ, оның соңы 1991-1994 жылдары Армения мен Әзербайжан арасында қырғын соғыс әрекеттеріне ұласты. Халықаралық күштердің араласуымен екі елдің арасындағы соғыс әрекеттері тоқтатылғанмен, Таулы Қарабах ауданы мен соған іргелес Армениямен екі ортада жатқан жерлер бүгінгі күнге дейін Арменияның бақылауында қалып отыр. Мұның өзі екі елдің арасында әлі де болса бұл қақтығыстың толық шешілмегенін және болашақта қайта туындауы мүмкін екендігін көрсетеді.

Екі елдің арасындағы осы жағдай халықаралық көпшілікті ғана емес, аймақ елдерін де қатты алаңдатады. Қазақстан болса бұл қақтығыстың халықаралық құқық нормалары негізінде екі жаққа тиімді жағдайда шешілуін қолдайды.

Бүгінгі күні Қазақстан мен Әзербайжан арасында екі ел де тәуелсіздігін алысымен дипломатиялық қатынастар орнап, біртіндеп дамып, қазіргі кезде стратегиялық серіктестік деңгейіне дейін көтеріліп отыр. Екі мемлекет те бір бірімен өзара ынтымақтастық қатынастарды дамытуға мүдделі.

Қазақстан мен Әзербайжанды жақындастыратын себептер аз емес. Біріншіден, екі ел құрлық ортасындағы Каспий теңізі жағалауында орналасқан мемлекеттер, сондықтан теңізді бірігіп игеруге деген ұмтылыс оларды жақындатпай қоймайтындығы анық. Осының дәлелі кейінгі кезде қабылданған Каспий теңізі Конвенциясында екі елдің де ұстанымдары ұқсас болғандығы болып табылады.

Екіншіден, екі ел де түбі түркі тілдес, туыс, бауырлас елдер. Сондықтан болар екі мемлекет те түркі тілдес елдердің өзара ынтымақтастығын дамытуға белсене қатысуда. Сонымен бірге Қазақстан территориясында 130 мыңдай әзербайжандық диаспора өкілдері өмір сүріп жатыр.

Үшіншіден, екі мемлекет те ТМД кеңістігінде де, жалпы әлемдік деңгейде де мұнайға бай елдер, содықтан екі ел үшін де мұнай өндіру, өңдеу саласы экономикада маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты бұл салада бір бірімен тәжірибе алмасып, мұнайды әлемдік нарыққа шығаруда бірлесе отырып әрекет етуге екі мемлекет те мүдделі.

Төртіншіден, Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қатынастарды екі елдің аймақтық және халықаралық қатынастардың өзекті, күрделі мәселелері бойынша ұстанымдарының ұқсастығы ерекшелендіреді.

Бесіншіден, Әзербайжан жағы Қазақстанға транспорттық қатынас пен тауар тасуда көліктік әлеуетті кешендер жобасы арқылы (ТРАСЕКА, Баку- Тбилиси- Карс т.б.) Еуропамен жалғастыруда сенімді серік болып табылады.

Осы ретте екі жақты қатынастардың даму барысын зерттей отырып, осы қатынастардың біздің елімізге қандай пайдасы болды, бұл ынтымақтастықты жалғастыра беру қажеттігі бар ма, қандай салалар бойынша екі жақты қатынастарды дамытқан тиімді деген сұрақтарға жауап іздеп, зерделеу, тиімді ұсыныстар жасау зерттеушілер үшін өзекті, әрі маңызды болып табылатыны сөзсіз.

Материалдар мен әдістер. Жалпы қазақстандық ғылымда еліміздің сыртқы саясаты кеңінен зерттеліп жатқанымен, Қазақстанның Азербайжанмен ынтымақтастығын зерттеуде көлемді еңбектер жоқтың қасы. 2008 жылы Қазақстан стратегиялық зерттеу институтының ғалымдары Әзербайжандық ғалымдармен бірігіп өткізген дөңгелек үстелдің материалдарының жинағы осы бағытта жарық көрген алғашқы жүйелі зерттеулердің бірі болып табылады. Мұның себебі ұзақ уақыт Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қатынастардың белсенді дамымауына да байланысты екендігін атап өту керек.

Екі жақты қатынастардың дамуының негізгі барысы мен қазіргі кезеңге дейін даму үрдісін талдауда екі мемлекет арасында қол қойылған декларация, келісім шарттар мен келісімдердің деректік негіз ретінде, құқықтық база ретінде маңызы ерекше болды. Сонымен бірге екі елдің елшілері мен мемлекет қайраткерлерінің де тілшілерге берген жауаптарындағы негізгі фактілер екі жақты қатынастардың жыл сайынғы даму көрсеткіштерін белгілеуге мүмкіндік жасады.

Әрине, осы уақытқа дейін Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қатынастардың даму үрдісі жекелеген зерттеушілердің назарынан тыс қалмағаны анық. Бүгінгі күнге дейін осы бағытта бірқатар авторлар зерттеу жүргізгендігі белгілі. Мақалаға арқау болған осы бағыттағы еңбектер Х.А. Аррахман, А. Гасанов, Д. Смагулова, А. Сулейменова сияқты зерттеушілердің еңбектері екі елдің арасындағы қатынастардың сауда-тауар айналымы, көлік-тасымал қатынастарын, саяси ынтымақтастық мәселелерін кеңірек зерттеуге мүмкіндік берді.

Зерттеу жұмысының әдістемелік негізін эмпирикалық зерттеу әдістері құрайды. Жұмыста қолданылған әдістемелік зерттеу тәсілдеріне келетін болсақ, екі елдің арасындағы саяси, экономикалық қатынастардың қалыптасып дамуын саралауда қажетті материалдарды жинау, жүйелеу және аналитикалық талдау жасау әдістері негізге алынды. Екі жақты сауда-экономикалық қатынастардың дамуын зерттеуде статистикалық мәліметтерге талдау жасалынды. Мемлекет қайраткерлерінің сөздеріндегі мәліметтерді пайдалануда баспасөз материалдарына контент-талдау, инвент-талдау әдістері қолданылды. Сонымен қатар екі жақты қатынастардың барлық салалары бойынша деректерді салыстыру, аналитикалық талдау жасау, қорытындылау, болжау әдістері кеңінен пайдаланылды.

Талқылау. Жалпы Қазақстанның сыртқы саясатын зерттеу, халықаралық қатынастардың өзекті мәселелерін талдау ғылымында мемлекет аралық қатынастардың қалыптасуы, даму тенденциясы, екі ел арасындағы қатынастардың тиімді тұстары мен күрделі мәселелерін анықтау бағытында, қажетті ұсыныстар жасау мәселелсінде көптеген зерттеулердің жүргізіліп жатқаны белгілі.

Біз осы зерттеуде әлі де болса көп талданып, зерделене қоймаған тақырыпты сараптап, деректерді жүйелеп, жалпы Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қатынастар қазіргі күнге дейін қандай салалаларда тиімді дамып отырғанын анықтап, сол салаларды кеңінен ашып көрсетіп, болашақта екі елдің арасында тағы да қандай бағыттар бойынша ынтымақтастықты дамытуға болады деген мақсатта зерттеу, зерделеу жұмыстарын жүргіздік.

Қазақстан ғылымында дәл осы бағытта өткір жүргізіліп жатқан пікірталас жоқтың қасы, себебі екі мемлекеттің арасындағы қатынастар 2000 жылдан былайғы уақытта ғана тұрақтанып, белгілі бір даму бағытына түсіп бүгінгі күні екі ел үшін де тиімді, әрі одан әрі дамыта беруді қажет ететін қатынастарға айналғанын көріп отырмыз.

Зерттеу барысында біз екі мемлекеттің арасында басты дамып отырған бағыт көлік қатынастары, жүк тасымалы екендігі және сауда-тауар қатынастары екендігін анықтадық және осы салаллардағы қатынастар қаншалықты деңгейде дамып отырғандығына және біздің еліміз үшін оның қандай тиімділігі бар деген сұрақтар төңірегінде талдаулар жасалып, зерттеулер жүргізілді.

Нәтижелері. Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қатынастар КСРО ыдырап, елдер тәуелсіздігін алысымен басталды. Бір ерекшелігі түркі тілдес елдер болғандықтан, екі елдің арасындағы қатынастар бірден достық ниетте басталып, бүгінгі күні стратегиялық серіктестік деңгейінде одан әрі жалғасын табуда. Әзербайжан мен Қазақстанның ресми өкілдерінің жүйелі және тұрақты кездесулері екі ел арасында саяси, сауда экономикалық және мәдени салада ынтымақтастықты жалғастырудың берік құқықтық негізін қалыптастыруға тірек болғаны сөзсіз.

Екі елдің арасындағы саяси қатынастардың қалыптасуының өзіндік ерекшелігі бар. Кеңестер Одағы кезеңінің өзінде екі мемлекет бір бірімен ынтымақтасуға алғаш қадам жасаған кез 1991жылы 30 қыркүйек-2 қазан аралығында Әзербайжан КСР-нің уәкілетті органының өкілдерінің Қазақстанға ресми сапары кезінде басталды. Әзербайжан жағының мақсаты өзгерген тарихи жағдайда екі елдің арасындағы ынтымақтастықты жалғастыру болып табылды. Сол жолғы сапар барысында екі мемлекет арасында 1-қазан кезінде екі құжатқа қол қойылды, оның біріншісі «Қазақстан мен Әзербайжан арасында достық ынтымақтастық пен өзара тату көршілік туралы» және екіншісі екі ел арасындағы сауда экономикалық қатынастардың принциптері туралы келісім болды. Әзербайжан Республикасы екі келісімді де бекіткенмен, Қазақстан жағы бірінші келісімді жойды, сондықтан екі елдің арасындағы қатынастар біраз уақыт бойы екінші келісімнің арқасында жүзеге асырылды.

Мұның себебі екі құжатқа қол қойылғанмен, әлі КСРО толықтай ыдыраған жоқ еді. Сол жылдың аяғында КСРО-ның ресми түрде ыдырауы, одан соң бұл елдердің өздерінің толыққанды тәуелсіздігін алуы екі елдің де сыртқы саяси бағыттарын қалыптастырып, тәуелсіздіктерін бекіту бағытында біраз жұмыстар жүргізуіне тура келді. Сол кезеңдердегі саяси, экономикалық қиыншылықтар бұл елдердің басты назарын ең алдымен өздерінің ішкі жағдайларын реттеп, сыртқы саясаттағы мақсаттары мен бағыт бағдарларын анықтаумен айналысуына біраз уақыттарын алды. Осыған байланысты 90-шы жылдардың ортасына дейін екі мемлекет арасындаға өзара қатынастарды дамытуға нақты жағдайлар болмады. Тек екі мемлекет 1991 жылдың соңында бір бірінің тәуелсіздіктерін ресми мойындады және 1992 жылы дипломатиялық қатынастар орнады. Сонымен бірге 1993 жылы Әзербайжанда Қазақстанның елшілігі ашылды. Ал Әзербайжанның Қазақстандағы елшілігі тек 2004 жылы ғана ашылды, сонымен бірге 2008 жылдан бастап Ақтау қаласында Әзербайжанның Бас консулдығы жұмыс жасайды.

Екі елдің арасындағы достық қатынастардың басталуының алғашқы қадамы Әзербайжан Президенті Г. Әлиевтің 1994 жылы Қытайға барып келе жатып, Алматыға соққан сапарынан басталды десе болады. Осы кезде екі елдің президенттері кездесіп өз араларында ынтымақтастық қатынастарды дамыту мәселесі талқыланды. Осы кездесуде экономикалық ынтымақтастық мәселесі, әсіресе ауыл шаруашылығы мен мұнай өндіру саласына қажетті машина жасау саласындағы қатынастарды дамыту мәселесіне ерекеше көңіл бөлінді. Әзербайжанда Кеңестер Одағы кезінен мұнай өнідіріске қажетті машиналарды жасау ісі кеңінен дамығандықтан, екі жақ соны бірігіп дамыту мәселесін қарастырып, Қазақстан жағы сол өндіріске қажетті металлды жеткізуге келісті. Сонымен бірге Қазақстан жағы астық дақылдарын және өңделмеген мұнай шикізатын жеткізу мәселесі қарастырылды. Екі елдің арасында теңіздегі паром арқылы сауда қатынастарын дамыту мәселесі туралы да сөз болды.

Кейін 1995 жылы Әзербайжан президенті Г. Әлиев 1995 жылы Қазақстан жағының шақыруымен А. Құнанбаевтың 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде тойлану мерекесіне келіп қатысты. Осы сапар барысында да екі президенттің арасында саяси, экономикалық және басқа да салалардағы қатынастарды дамыту мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілді.

Екі елдің арасындағы өзара достық қатынастардың нақты басталуы 1996 жылы қыркүйек айында Әзербайжанға Қазақстан Республикасының президенті Н. Назарбаевтың алғашқы ресми сапарынан басталды. Осы сапардың барысында екі мемлекеттің арасындағы қатынастарды барлық салаларда дамыту мәселесі бойынша келіссөздер жүргізілді. Осы келіссөздердің нәтижесінде бірқатар құжаттарға қол қойылды: мемлекетаралық қатынастардың негізі туралы келісім, Каспий теңізі бойынша бірлескен декларация, қосарланған салықты болдырмау туралы мемлекет аралық конвенция, спорт және жастар ісі бойынша ынтымақтастық туралы, өндірістік мұнай және газ саласында ынтымақтасу туралы, әуе көлігі туралы, автомобиль көлігі туралы келісімдер және осы сияқты тағы да 12 келісімге қол қойылды (Султанов, 2008: 17).

Осы кезеңнен бастап Қазақстан мен Әзербайжан арасында өзара достық қатынастар нақты басталды десе болады және осы уақытқа дейін дамыған бұл ынтымақтастықты үш кезеңге бөліп қарастыруға болады.

Бірінші кезең 1996-2004 жылдар бұл кезең екі мемлекет арасындағы қатынастардың біртіндеп басталып, құқықтық негіздерінің қалыптасу кезеңі болып саналады.

Екінші кезең 2005-2016 жылдар екі жақты қатынастардың кезеңдермен дамып, стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілуімен сипатталады.

Үшінші кезең 2017 жылдан басталады. Осы жылы Қазақстан және Әзербайжан президенттері кездесіп, екі елдің арасындағы қатынастарды бұдан былай жаңа сипатта дамыту қажеттігіне келісті. Осы кездесуде экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға арналған 2018-2020 жылдарға арналған «Жол картасы» қабылданды.

Екі мемлекет арасындағы қатынастардың құқықтық-келісімдік базасын екі жақты келісімдердің негізінде қалыптасқан 100-ден астам құжат құрайды. Оның ішіндегі маңыздылары 1997 жылы қол қойлыған «Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы қатынастарды одан әрі тереңдету және дамыту Декларациясы», 2004 жылғы «Қазақстан мен Әзербайжан арасында достық қатынастар мен стратегиялық әріптестік туралы Декларация», 2005 жылы «Қазақстан мен Әзербайжан арасында стратегиялық әріптестік және одақтық қатынастар туралы» Келісім шарт және 2017 жылы қол қойылған «Әзербайжан мен Қазақстан Президенттерінің бірлескен Декларациясы».

Қазіргі кезде Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы қатынастардың негізін 2005 жылы мамыр айында Н.Назарбаевтың Бакуге барған ресми сапары кезінде қол қойылған «Стратегиялық әріптестік және одақтық қатынастар туралы» Келісім шарт құрайды.

Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық бүгінгі күні өзінің дамуының нәтижелі деңгейіне жеткен.

Қазақстан мен Әзербайжан бір-бірімен Каспий теңізі арқылы жалғасып жатқандықтан екі жақты сауда-экономикалық қатынастардың дамуының өзіндік ерекшелігі бар. Бастапқы кезде құрылықта ортақ шекараның жоқтығы, теңіз арқылы сауданың төмендігі екі мемлекеттің сауда-экономикалық қатынастарды бірден дамытуына кедергі болғаны анық. Егемендігін бекітіп, әлемдік экономикалық қатынастарға біртіндеп тартыла бастаған екі ел көп ұзамай өз араларында мұндай қатынастарды дамытудың қажеттігін түсіністі. Осыдан бастап екі жақ бір-бірінің экономикалық мүмкіндігін өзара көмектесе отырып пайдалануға тырысып келеді.

Екі елдің арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты нәтижелі дамыту үшін 1999 жылы арнайы Үкімет аралық комиссия құрылып, бүгінгі күнге дейін жұмыс жасап келеді. 2016 жылы 21-22 қыркүйек аралығында Комиссияның 13 мәжілісі Астанада өтті. Мәжілісте екі мемлекеттің мұнай өндірісі саласында, Каспий теңізі бойынша халықаралық кеме қатынасын дамытуға, бірлескен көлік-логистикалық компаниялар құруға, әскери өндіріс саласында, ауыл шаруашылық өнімдерін өндіру және оны өңдеуден өткізу саласында, ауыл шаруашылығында ғылыми-техникалық қатынастарды және оқу орындарын дамыту мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар 2017 жылдың желтоқсан айында өткен Үкімет аралық комиссияның 14 мәжілісінде екі жақтың өкілдері 2018-2020 жылдарға арналған сауда экономикалық қатынастарды дамытудың «жол картасын» қабылдады. Қабылданған құжат екі елдің арасындағы қатынастардың барлық салаларын қамтиды, онда сауда-экономикалық қатынастардан басқа, транспорт, ауыл шаруашылығы, машина жасау және туризм т.с.с. кеңінен қамтылған.

2019 жылы 9-қазанда Баку қаласында үкіметаралық комиссияның 16-шы мәжілісі болып өтті. Онда негізінен екі ел арасындағы энергетика саласындағы қатынастар мен көлік қатынастары, халықаралық жүк тасымалдайтын көлік жолдарын бірігіп пайдалану мәселелері қарастырылды. Екі жақ қазірге дейін пайдаланып келген көлік жолдарын одан әрі бірігіп пайдалануды және Баку- Тбилиси- Жейхан (БТЖ) құбыр жолы арқылы тасымалданатын мұнай көлемін одан әрі ұлғайтуды келісті.

Екі жақты қатынастарды зерттей келе ынтымақтастық қатынастардағы басым бағыттар сауда-тауар айналымы және көлік қатынастары, жүк тасымалы саласындағы қатынастар екендігі анықталды.

Көлік-коммуникциялық қатынастар. Екі ел әсіресе көлік қатынастары, жүк тасымалдау дәлізін дамытуға баса мән береді. Қазақстан үшін Каспий теңізінің екінші шетінде орналасқан Әзербайжанның Еуропа елдерімен байланыстыратын мүмкіндігі, қазақстандық тауарларды әлемдік нарыққа шығаруда үлкен көмек болары сөзсіз. Сондықтан екі жақты қатынастарда біздің еліміз осы мәселеге аса маңыз беріп келеді және көптеген жұмыстар атқарылуда. 2018 жылы ақпан айында Қазақстан парламентінің Сенаты пленарлық мәжілісте «ҚР үкіметі мен Әзербайжан республикасы үкіметі арасында халықаралық автомобиль қатынастары туралы» келісімді бекітті. Осының өзі бұдан былайғы уақытта екі мемлекет те өзара көлік қатынастарына маңыз беретіндігін айғақтады.

Қазақстан Әзербайжан арқылы құбыр жолдарын да, темір жолдар мен автокөлік, теңіз жолдары арқылы да өз тауарларын әлемдік нарыққа шығарудың барлық мүмкіндіктерін қарастырып, пайдаланып келеді. Ендігі жерде осы бағытта атқарылып келе жатқан шаралар негізіне талдау жасап кетсек.

Қазіргі кезде Қазақстан жағы Транскаспий халықаралық транспорттық бағытты (ТКТБ) дамытуға баса маңыз беріп отыр. Бұл жобаны мақсатты түрде дамыту үшін 2014 жылы Транскаспий халықаралық транспорттық бағыттың (ТКТБ) Координациялық комитеті құрылды. Ол комитеттің құрамына «Қазақстан темір жолы» ҰК, Түрік мемлекеттік темір жолы, ЗАО «Әзербайжан темір жолы», «Грузин темір жолы» АҚ кірді. Бүгінгі күні комитетте Қазақстан, Әзербайжан, Қытай, Грузия, Түркия, Украина, Польша және Румынияның өкілдері жұмыс жасайды.

2016 жылы қаңтар айында Қазақстан, Әзербайжан Украина және Грузия Транскаспий халықаралық транспорттық бағытты (ТКТБ) бойынша жүк тасымалдауда сол жылдың 1 маусымынан бастап күшіне енгізілген бәсекеге қабілетті жеңілдік тарифтерді орнату туралы хаттамаға қол қойды. Мұның өзі осы бағыттағы жүк тасымалын жүйелендіруге жағдай жасады десек болады.

Координациялық комитет жұмыс жасағаннан бастап, яғни 2014жылдың ақпан айынан бастап тиімді тарифтік саясат енгізілді, жүк тасымалдаудың бірыңғай технологиясы қалыптасты, Nomad Exprss атты бірлескен логистикалық жоба енгізілді, алғашқы транзиттік контейнерлік поездар жүре бастады.

2016 жыл бойы Қазақстан мен Әзербайжан арқылы Еуропаға осы жол арқылы 50 контейнерлік поездар жөнелтілді. Сонымен бірге 2016 жылы 10 маусымда осы бағыт бойынша жүк тасымалының бәсеке қабілетті тарифы белгіленді және осы бағыт бойынша 6-7 күн ішінде Еуропаға жүктерді жеткізу қамтамасыз етілді. Осының өзі осы бағыттағы жұмыстың тиімді екекндігін көрсетті.

2016 жылы қараша айында «Қазақстан темір жолы» ҰК және «Каспий теңізі кеме қатынасы» АҚ арасында «Стратегиялық ынтымақтастық туралы» Келісімге қол қойылды, сонымен бірге «KTZ Express Shipping» АҚ мен «ACSC logistics» ООО арасында «бірлескен кәсіпорын құрудың негізгі принциптері туралы» Келісімге қол қойылуының өзі мүдделі ұйымдардың осы бағытты барынша дамытып, пайда көруге ұмтылып отырғандығының айғағы.

2016 жылы 30 желтоқсанда Астанада Қазақстан, Әзербайжан және Грузияның темір жол ведостволарының басшыларының мәжілісі өткізіліп, онда «Транскаспий халықаралық көлік бағытының Халықаралық ассоциациясын» құру туралы келісілді және сол Ассоциацияның Жарғысына, келісім шартына қол қойылды, Ассоциацияның кеңсесі Астанада орналасатын болды.

Қарап отырсақ, екі мемлекет үшін де ТКТБ бағытының жүк тасымалдаудағы маңызы зор екендігін байқауға болады және оның бар мүмкіндіктерін пайдалану елдердің экономикалық дамуына елеулі ықпал жасайтыны сөзсіз.

Сонымен бірге көлік қатынасы саласында екі елдің арасында жүзеге асырылған тағы бір жұмыс Қазақстаннан Әзербайжанға электр поездарды жеткізу болып табылады. 2014 жылы 12 мамырда екі елдің арасында қазақстандық «Электровоз құрастыру зауыты» Әзербайжан темір жолдарына жарайтын 50 электровоз құрастырып беруге міндеттеме қабылдады және осы ірі тапсырыс бойынша электровоздар құрастырылып 2017 жылдың қаңтарынан бастап Әзербайжанға жеткізіле бастады (Гасанов, 2017). Бұл әрине, Қазақстан жағы үшін пайда әкелетін жұмыс екені сөзсіз.

Екі ел арасында қазіргі кезде Баку мен Ақтау қаласы арасында теңіз жолымен кеме қатынасы жақсы жолға қойылған. Осы жол арқылы да кеңінен тауарлар тасымалдануда. 2018 жылы тамыз айында Каспий теңізі жағалауында орналасқан мемлекеттер басшылары Ақтау қаласында кездесіп, Каспий теңізі Конвенциясына қол қоюы, екі мемлекеттің арасында теңіз арқылы сауда жолының, кеме қатынастарының дамуына кеңінен жол ашып, тың серпін бергені сөзсіз. «Нурлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы бойынша Қазақстанда 4400 км. автокөлік жолдары қайта жөнделіп және жаңадан салынуда. 2016 жылдың қорытындысы бойынша Ақтау- Баку- Ақтау бағыты бойынша 23 211 контейнерлер мен жүк көлігі тасымалданған.

Сонымен бірге Әзербайжан мен Қазақстан арасында сауда қатынастарын дамытуға жақында ғана іске қосылған Баку- Тбилиси- Карс темір жолының да қосар үлесі мол екендігі сөзсіз. Қазақстан жағы бұл жобаның да тиімділігін есептеп, мүмкіндігінше пайдаланғаны дұрыс.

Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастық қатынастардың тағы бір маңызды саласы мұнай өнімдерін өндіріп транскаспий бағыты бойынша әлемдік нарыққа шығару болып келеді. Бұл ретте Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құыбырының мүмкіндігін пайдалану мәселесі тұр. 2008 жылы Баку- Тбилиси-Жейхан (БТЖ) құбыр жолы арқылы бірінші рет Теңіз кенішінен қазақстандық мұнай жөнелтілді. Негізінен Қазақстаннан мұнай танкерелер арқылы Әзербайжанға жеткізіліп, одан әрі мұнай құбыры жолымен жөнелтілуде. Бүгінгі күні осы Баку-Тбилиси-Жейхан құбыр жолы арқылы Қазақстанның Қашаған мұнай кенінен шикізат аз көлемде тасымалдануда. Сонымен бірге Әзербайжан жағы өзіндегі Оңтүстік газ дәлізі арқылы Қазақстанның газын еуропа нарығына шығаруына қарсы емес. Дегенмен бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру қажет деп пайымдаймыз.

Тағы бір назар аударатын бағыт екі ел Еуропалық Одақ ұсынған ТРАСЕКА жобасының да қатысушалыры болып табылады. 1993 жылы Брюссельде Кавказ, Орталық Азия, Оңтүстік шығыс азия елдерін Батыс Еуропамен жалғастыратын транспорттық дәліз салу жобасы бірінші рет ұсынылды. «Еуропа-Кавказ- Азия» (ТРАСЕКА) жобасы Еуропалық Одақ тарапынан ұсынылып, басқа аймақ елдерінің қызығушылығын тудырды. Бұл жобаның мақсаты аталған аймақтар арасында энергоресурстар мен тауар алмасуға қолайлы жағдай жасау болды. Ұсыныс жақсы басталып, арнайы эксперттер тобы құрылғанымен бастапқы кезде жұмыс жандана қойған жоқ. Дегенмен бұл жоба Қазақстан мен Әзербайжан арасында транспорттық тасымалды тиімді жүзеге асыруда өзара ортақ жобалардың пайда болуына алып келді.

Осы жоба аясында Еуропалық қайта құру банкісінің көмегімен Қазақстан Ақтау портын қайта құрып, жаңадан Құрық портын салып алуы кейінгі жылдары Әзербайжан мен екі ортада теңіз саудасы мен теңіз арқылы тасымалдауды трақты түрде жолға қойды және дамуына жағдай жасалды.

Сонымен қатар екі елдің арасында газды тасымалдауда Баку-Тбилиси-Эрзурум құбыр жолының да маңызы зор. Қазақстан газын әлемдік нарыққа шығаруда бұл құбыр жолының үлесі маңызды екендігі сөзсіз. Сондықтан осы жоба назардан тыс қаламуы керек. Өйткені Қазақстан жағы Әзербайжанның Қара теңіз бен Жерорта теңізге шығу мүмкіндігін толық пайдаланғысы келеді.

Қазіргі кезде екі елдің арасындағы жүк тасымалы негізінен темір жолдары мен теңіз жолдары арқылы жүзеге асырылуда. Қазақстан жағының тауарлары Ақтау қаласына шоғырландырылып одан әрі темір жол арқылы Ресей территориясын басып өтіп, Бакуге жеткізіледі. Бұл жолмен көбіне дәнді дақылдар тасымалданады.  Екінші жолы Ақтау және Құрық порттары арқылы теңізде жүк тасымалдайтын кемелерге тиеліп Бакуге дейін жеткізіліп, одан әрі автокөлік және темір жолдары арқылы тиісті жерлерге тасымалданады. Қазіргі кезеңде осы жолдар барынша Қазақстан жағының мүмкіндігін қанағаттандырып келеді. Сондықтан осы жолдардың қабілетін барынша пайдалану қажет.

Қорыта келе, екі мемлекет арасында тауар тасымалы бойынша қазіргі қалыптасқан келісімдер мен жүк тасымалының жоғарыда атап өткен бағыттары тиімді жағдай жасап отырғанын көруге болады. Қазақстан үшін Әзербайжан арқылы өз тауарларын Еуропа аймағына кедергісіз жеткізу мүмкіндігі әбден қажет. Біраз уақыт қазақстан жағы мұнайды Баку-Тбилиси-Жейхан бағытыман экспорттауды кешіктірді, әрі осы уақытқа дейін бұл құбырдың мүмкіндігін толық пайдаланып отырған жоқ. Себебі Қазақстан өз мұнайын Еуропа елдеріне осы кезге дейін негізінен Теңіз-Новороссийск бағыты бойынша шығарып келген болатын. Осыған байланысты Ресей Түркияның ұсынған бұл жобасына қарсы болды. Өйткені Қазақстанның мұнайы өз территориясынан тасымалдануы оған саяси жағынан да, экономикалық жағынан да тиімді екендігі сөзсіз. Осыған қарамастан Қазақстан жағы БТЖ арқылы мұнайды әлемдік нарыққа шығарудың тиімділігін ескеріп, оның көлемін ұлғайтуды қарастырып отыр.

Сауда- тауар айналымы. Жоғарыда атап өткен осындай көлік қатынастарының мүмкіндіктері екі елдің арасында сауда қатынастарын дамытуға кеңінен жағдай жасауда.

Бүгінгі күні Әзербайжан Қазақстанға машиналар, құралдар, майлар, ауыл шаруашылық өнімдерін және басқа да заттарды экспорттайды. Сонымен бірге Әзербайжаннан біздің елге кемелер, қайықтар, басқа де теңізде жүзетін құралдар жеткізіледі. Ал Қазақстан болса химиялық шикізат, қара металл, электр құралдары және басқаларын тасымалдайды. Сонымен қатар дәнді дақылдар, ауыл шаруашылық өнімдері тасымалданады. Қазіргі кезде Ақтау портының қайта салынуы және жаңадан Құрық порттарының ашылуы екі елдің арасындағы сауда қатынастарының дамуына қолайлы жағдай жасап отыр.

Ендігі жерде екі ел арасындағы сауда тауар айналымының ауқымына тоқтала кетсек. Негізгі сандық көрсеткіштерді пайдалана отырып, бұл саланың қаншалықты өркендегеніне көз жеткізуге болады.

Кейінгі жылдардағы сауда айналымының көлемі 2016 жылы 124,38 млн. долларды құрады, бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 7,9% жоғары. Қазақстанның экспорты 98,11 млн. доллар, ал импорт 26,27 млн. долларды құрады (Экономика Азербайджана , 2019). Сонымен бірге 2017 жылы екі жақты сауда айналымының мөлшері 142 млн.долларды құрады, ал қазақстандық экспорттың көлемі 108 млн. долларды көрсетті (Смагулова, 2017).

Жыл сайын екі елдің арасындағы тауар айналымының көлемі артқанымен әлі де болса екі жақтың сауда экономикалық мүмкіндіктері толық пайдаланылмай отыр деген пайымдаулар бар. Төменде кейінгі үш жыл ішінде екі ел арасындағы тауар айналыиының жалпы көлемі салыстырылған кесте беріліп отыр.

жылдар

2017 жыл

2018 жыл

2019 жыл

Жалпы көлемі, млн.доллар

142,1

221

229,6

Импорт, млн.доллар

-

46,4

205

Экспорт, млн.долар

-

174,14

24

 Кесте автормен құрастырылған, дереккөз (Садыхова 16.01.2020, Посол Исабаев 04.04.2019)

Кестеге қарап отырып, екі жақты сауда-тауар айналымының жалпы көлемінің соңғы кезеңде жыл сайын өскенін байқауға болады. Оның себебі оның алдыңғы жылдары  Әзербайжан  жағы негізінен Еуропа бағытында жұмыс жасап, көбіне еуропалық елдермен және Түркиямен ынтымақтасуға басымдық берген болатын. Осыған байланысты Әзербайжанның сыртқы саудасында ТМД елдерінің үлесі аздау болып келді. Кейіннен мұнай кендерінен көмірсутегі шикізатының көп мөлшерде өндіріле бастауы, әлемдік нарыққа көптеп шығарылуы, елдің әл ауқатының жақсаруына әсер еткенін, мұның өзі Әзербайжанның Каспий маңы елдерімен де сауда қатынастарының дамуына ықпал еткенін көруге болады.

Кестені сараптай отырып, 2018 жылы  2017 жылға қарағанда екі ел арасындағы сауда көлемі  62,6% артқанын көруге болады. Бұл жерде негізінен екі жақты сауда қатынастарының көрсеткішінің  2018 жылы  артуына астық дақылдарының көбірек сатылуы себеп болғанын деректерден көруге болады, атап айтқанда, әсіресе 2017 жылы Әзербайжан Қазақстаннан небәрі 76,5 тонна бидай сатып алса, 2018 жылы  бұл көрсеткіш 288 тоннаға дейін жеткен. Қарап отырсақ, бұл мәліметтер Әзербайжан жағының қазақстанның астық дақылдарына деген сұранысының артқанын көрсетеді (Посол Б.Исабаев 4 апреля 2019).

  Сауда қатынастарын дамытуға екі жақ та мүдделі болғандықтан екі ел де барлық мүмкіндіктерді пайдалануға тырысуда. Сауда саласындағы көрсеткіштер екі мемлекеттің де бір бірімен тауар алмасуға мүдделі екендігін көрсетеді. Өйткені деректер бойынша көріп отырғандай, 2018 жылы екі елдің арасындағы тауар айналымының көрсеткіші 221 млн. долларды құраса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 229,6  млн. долларға жеткен (Казахстан и Азербайджан 09.02.2019).

Жоғарыда айтылғандарға пайымдау жасай келе,  кейінгі уақытта жыл сайын екі мемлекет арасындағы сауда айналымының көлемінің артып келе жатқандығына тағы бір себеп бір жағынан екі ел жоғарыда атап өткен бірнеше көлік жолдары бағыттарын (құрылық жолдары, құбыр желісі, теңіз жолы) жандандыра дамытуы үлкен мүмкіндіктер тудырып отыр деп білеміз. Әсіресе кейінгі кезде теңіз жолы арқылы сауда қатынастарының жақсарғанынының пайдасы десек артық емес. Бұл ретте жаңадан Құрық портының салынып, іске қосылуы сауда қатынастарының жандана дамуына ықпал жасағанын атап өту керек.

Қазақстаннан Әзербайжанға мұнай шикізаты, мұнай өнімдері, дәнді дақылдар, кондитерлік тағамдар және өндірістік тауарлар тасымалданса, Әзербайжаннан Қазақстанға металл өнімдері, су жолы транспорты мен оларға қажетті құрал-жабдықтар, дәрі-дәрмек, сусындар, жеміс-жидектер, қара шәй т.б. жеткізіледі. Екі мемлекет те сауда айналымын таяу арада 300 миллион долларға жеткізуді көздейді. Мұның өзі келешекте Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы экономикалық ынтымақтастық одан әрі жетілдіре береді деген пайымдауды тудырады.

Инвестиция

Екі елдің арасындағы экономикалық қатынастар тек саудамен шектелмей, екі жақты инвестиция салу ісі де дамуда. Әзербайжан бизнес өкілдерінің Қазақстан экономикасына салып отырған инвестициясының көлемі бүгінгі күні шамамен 200 миллионан астам тенге болады. Қазақстанда Әзербайжан капиталының қатысуымен 800 ден аса компания жұмыс жасайды. Әзербайжанда қазақстандықтардың қатысуымен 70-тей фирма жұмыс жасайды (Отношения Азербайджана и Казахстана 07.11.2018).

Осы кезеңге дейін екі жақты ынтымақтастықты нығайтуда «КазАзери», «Лауман», «Хатаи тахжизат», «Азизополи», «Рамзи», «Актау нефтемаш» сияқты компаниялар және басқалары да белсенді жұмыс жасауда. Екі жақты компаниялардың көмегімен кейінгі кезде біздің елге құрылыс заттары, тракторларға қосымша бөлшектер, металл бұйымдары көптеп жеткізілуде.

 Мәдіметтер бойынша Әзербайжан бизнес өкілдері Қазақстанда инфрақұрылымдардық жобалар бойынша және өндірістік нысандарды құру саласында қызмет жасайды. Олардың көпшілігі құрылыс саласында, кеме жасау ісінде, логистикалық орталықтарды қалыптастыруда, полиэтилен өнімдерін және пластикалық трубаларды шығаратын  зауыт, трансформатор зауыты т.б. салаларды жұмыс жасайды.

Қазақстан жағы да Әзербайжан экономикасына өз инвестициясын салып келеді. Оның дәлелі ретінде Баку астық терминалын айтуға болады. Бұл жылына 500 тонна астық өндіретін терминалда екі жақ тең көлемде бірігіп жұмыс жасауда. Әзербайжан өзінің астыққа деген сұранымының 2/3 өзі қанағаттандырса, қалған жетпейтін бөлігін импорттауға мәжбүр. Екі жақты келісім бойынша осы  астық терминалын Қазақстан жағы өзінің дәнді дақылдарын қара теңіз жағалауы және кавказ елдері нарығына шағаруға пайдалануда. 2010 жылдан бастап терминалдың жанынан жеке астық өнімдерін өндіретін кешен ашылған.  Бүгінгі күні қазақстан ұны «Байтерек» деген атаумен аталған елдер нарығына шығарылуда (Сулейменов 09.01.2018).

Екі елдің энергетика саласындағы ынтымақтастығы ортақ мүдделерге негізделген. Өйткені екі елдің де экономикасында мұнай өндіру саласы басым бағыт болып саналады. Сондықтан екі елдің энергетикалық саясаты ұзақ мерзімді міндеттерді жүзеге асыруды көздейді: халықаралық энергетика жүйесіне интеграциялану, энергияның тиімділігі қамтамасыз ету мен энергияны үнемдеу, энергетикалық қауіпсіздікті күшейту, энергетиканың экологиялық қауіпсіздігіні қамтамасыз ету, жаңа қуатты энергияны қалыптастыру, энергия көздерін тасымалдаудың күшті инфрақұрылымын қамтамасыз ету, көмірсутегі шикізатын барлау, қайта өңдеу және тасымалдау саласында жаңа технологиялар мен техникаларды енгізу.

Қазіргі кездің өзінде Қазақстанның сыртқы саудасының 60-70% пайызын мұнай өнімдері құрайды. Сондықтан әзербайжанның мұнай саласындағы тасымалдау мүмкіндігі біздің еліміз үшін қажетті жағдай.

  Екі ел арасындағы бұдан басқа да ірі жобалар жүзеге асырылуда. «Аккорд» компаниясымен Оңтүстік Қазақстан территориясында «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» ынтымақтастық халықаралық транспорттық автомагистральін салу ісі жалғасуда. Бұл бағыттың да біздің еліміздің тауарларын экспорттауға үлесі үлкен болады деген ойдамыз.

  Сондай-ақ Ақтау қаласында көппрофильді медициналық орталықтың құрылысы аяқталуға жақын. Орталық кейінгі медициналық жетістіктердің құралдарымен жабдықталады және орталықта отандық, шетелдік жоғарғы санатты медицина қызметкерлері жұмыс жасайтын болады деген деректер бар.

  Ең маңызды жүзеге асырылған жобалардың бірі «Ақтау теңіз порты» еркін экономикалық зонасында  Әзербайжаннан келетін ауыл шаруашылығы өнімдерін қабылдап, өңдеп, сақтайтын логистикалық орталықтың ашылуы болды. Мұның өзі тасымалданып келетін тауарларды бұзбай, сапасын кемітпей сақтап, тұтынушыларға жеткізуде маңызды рөл атқаруда.

  Тағы бір маңызды жоба 2013 жылы 14 тамызда қол қойылып «Ақтау теңіз порты» еркін экономикалық зонасында Әзербайжанның бау- бақша өнімдерін қабылдап, өңдеп, сақтайтын логистикалық орталықтың ашу туралы «Azersun Holding» компаниясымен келісімге қол қойылды және осы жоба бойынша орталық 2016 жылы ашылып, жұмыс жасауда.

Әзербайжан мен Қазақстан БҰҰ-ның арнайы SPECA бағдарламасы аясында да біріге ынтымақтасады. Бұл жоба Орталық Азия елдерінің экономикасының Азия және Еуропа елдерінің экономикасына интеграциялануын қарастырады (Казахстан и Азербайжан 09.02.2007).

Осы жоба негізінде және басқа жобалар негізінде Қазақстан территориясында «Жібек Жолы аймағын дамыту» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы жоба жүзеге толық асырылса екі ел өздерінің арасында мұнай құбыр жолдарының барлық салалары мен мүмкіндіктерін пайдалануға, азаматтар үшін, тауарлар алмасу үшін шекарадан өтуге қолайлы жағдай жасауға, Каспий теңізінің энергетикалық және биологиялық ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік болар еді.

 Қорытынды. Қорытындылай келе екі мемлекеттің арасындағы сауда-экономикалық  байланыстар, көлік- жүк тасымалы қатынастары стратегиялық әріптестікке сай даму бағытында қарқынды өсіп келеді деген пайымдау жасауға болады. Болашақта екі жақты сауда айналымын 300 миллион доллардан асыру көзделіп отыруының өзі екі мемлекет те бұдан былай экономикалық қатынастарды одан әрі дамытып, жоғарғы деңгейге жеткізуді көздеп отырғанының айғағы. Сонымен бірге Қазақстан да Әзербайжан да Азия мен Еуропаның тоғысқан жерінде орналасқандықтан екеуінің де аймақтарды жалғастыратын көпір сияқты екі жақты  транспорттық әлеуетті біріге отырып одан әрі дамытуға мүдделері сайкес келіп отырғанын көруге болады.

Қазақстан мен Әзербайжан елдері арасындағы ынтымақтастықты зерттей отырып, бүгінгі күні екі елдің арасында толыққанды өзара түсіністік пен достыққа негізделген қатынастардың қалыптасып, жоғары деңгейде дамып келе жатқандығын көреміз.

Екі жақты қатынастарды зерттей келе, екі елдің арасында тұрақты саяси қатынастардың орнағанын мемелкет басшылары, парламент депудаттары мен ведомство басшыларының өзара сапарлары мен олардың нәтижелерінен көруге болады. Мемлекеттер арасында Каспий теңізінің порттарын және темір жол желісін пайдалану арқылы сауда-экономикалық саланы дамыту ісі қолға алынған, сонымен бірге бірлескен кәсіпорындар құрып жұмыс жасау мен өзара инвестиция алмасу ісі де жолға қойылғаны екі ел арасындағы қатынастарды дамытудың болашағы зор екендігінің айғағы. Сонымен бірге көлік қатынастар бойынша ірі жобалардың жүзеге асырылуы екі ел үшін де, аймақ елдері үшін де үлкен нәтиже.

Болашақта екі елдің арасында талантты жастарды бірге қолдау, білім беру ісінде тәжірибе алмасу және бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру мәселесі бойынша ынтымақтастықты дамыту өте қажет екендігі сөзсіз.

Екі жақты қатынастарды саралай келе ынтымақтастықты болашақта мына салалар бойынша дамыту тиімді болары сөзсіз деген ұсыныстар жасағымыз келеді:

Біріншіден, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықты жандандыру, жоғарғы деңгейге жеткізу, атап айтқанда екі жақтың ғалымдарының әр түрлі саладағы бірлескен ғылыми зерттеу жобаларына қолдау көрсету, студенттер алмасу, бірлескен ғылыми форумдар өткізу т.б.

Екіншіден, туризмді дамыту, екі елдің де табиғатының ерекшелігі, тарихи ескерткіштерінің молдығы, түбі бір түркі халқы ретінде мәдени, рухани қорларының, мұраларының ортақтығы осы саладағы ынтымақтастықты жандандыруға жақсы көрсеткіш болып табылады.

Үшіншіден, Каспий теңізінің мүмкіндігін тиімді ғылыми, экономикалық жобалар негізінде бірігіп пайдалануды ұйымдастыру жақсы нәтиже берер еді.

Қорытындылай келе екі елдің арасындағы тұрақты саяси диалог орнап қана қоймай, экономика, транспорт және мәдениет салаларында тиімді, әрі нәтижелі қатынастардың стратегиялық негізде тұрақты дамып келе жатқандығы екі елдің де арасындағы ынтымақтастықтың болашағы зор екендігін көрсетеді деп ойлаймыз.

Әдебиеттер мен деректер тізімі:

Аррахман Х.А. Азербайджан-Казахстан: из истории возникновения политических отношений (90-е гг. ХХ века)// Вестник КазНУ. № 2. – 2015. – С.15-24.

Али Гасанов об Азербайджанско-казахстанских отношениях 29 ноября 2017// http:// vzglyad. az/news/98353.

Казахстан и Азербайджан: перспективы сотрудничества и взаимодействия. Материалы международного круглого стола. Отв.ред. Б.К. Султанов. – Алматы.: КИСИ при Президенте РК. –2013. – 46 с.

Казахстан и Азербайджан усиливают экономические связи 09.02.2018. – [Электронный ресурс] – URL://Kazakh-tv./ru/view/business/page_kazakhstan-i-azerbaidzhan-usilivayut ekonomicheskie-svyaz.

Казахстан и Азербайджан развивают сотрудничество во всех сферах. 07.12.2019. – [Электронный ресурс] – URL:https://24.kz/ru/news/policy/item/359678-kazakhstan-i-azerbajdzhan-razvivayut-sotrudnichestvo-vo-vsekh-sferakh

Казахстан и Азербайжан: больше хороших проектов от 09.02.2007. – [Электронный ресурс] – URL:http:// www. investkz. com/ journals/50/466.html.

Отношения Азербайджана и Казахстана: нет предела совершенству. 07.11.2018. – [Электронный ресурс] – URL:http://stanradar.com/news/full/31735-otnoshenija-azerbajdzhana-i-kazahstana-net-predela-sovershenstvu.htmlили mfa.gov.kz.

Посол Бейбит Исабаев: товарооборот между Казахстаном и Азербайджаном вырос на 62 процента. 4 апреля 2019. – [Электронный ресурс] – URL: https:// azertag.az/ru/ xeber/Posol_Beibit_Isabaev_ Tovarooborot_ mezhdu_Kazahstanom_i_Azerbaidzhanom_vyros_na_62_procenta-1265402

Смагулова Д. Казахстан-Азербайджан: новые возможности для сотрудничества. 3 апреля 2017. – [Электронный ресурс] – URL: https:// www.kazpravda. kz/ interviews/view/kazahstan//.

Сулейменов А. Глубокие корни дружбы 09.01.2018. – [Электронный ресурс] – URL: https: //e-history. kz/ru/ publications/view/3775© e-history.kz.

Экономика Азербайджана по итогам 2018 года продемонстрировала небольшой рост. Новости Туран от 12.01.2019. – [Электронный ресурс] – URL: http:// www.turan.az/ext/news/ 2019/1/free/ analytics/ ru/ 120 25 4. html.

References:

Arrahman H.A. Azerbaidzhan-Kazakhstan: iz istory vozniknovenia politycheskih otnoshenii (90-e gg. XX veka) // Vestnik KazNU № 2. 2015. – S.15-25

Ali Gasanov ob azerbaidjansco-kazakhstanskih otnosheniah 29 noyabria 2017. – [Electron resource]–http://vzglyad. az/news/98353.[in Russian].

Kazakhstan i Azerbaidjan: perspektyvi sotrudnychestva i vzaimodeistvia. Materiali mezhdunarodnogo kruglogo stola. Otv.red. B.K.Sultanov. – Almaty.: CISI pri Presidente RK. – 2013.–46s.[in Russian].

Kazakhstan i Azerbaidjan usilivayut economicheskie svyazi 09.02.2018. – [Electron resource]–//Kazakh-tv./ru/view/business/page_kazakhstan-i-azerbaidzhan-usilivayut-ekonomicheskie-svyaz. [in Russian].

Kazakhstan i Azerbaidjan razvivayut sotrudnichestvo vo vseh sferah. 07.12.2019. – [Electron resource]–https://24.kz/ru/news/policy/item/359678-kazakhstan-i-azerbajdzhan-razvivayut-sotrudnichestvo-vo-vsekh-sferakh [in Russian].

Kazakhstan i Azerbaidjan: bolshe horoshih proektov ot 09.02.2007. – [Electron resource]–http:// www. investkz. com/ journals/50/466.html.[in Russian].

Otnoshenia Azerbaidjan i Kazakhstan: net predela sovershenstvu. 07.11.2018. – [Electron resource]–//http://stanradar.com/news/full/31735-otnoshenija-azerbajdzhana-i-kazahstana-net-predela-sovershenstvu.htmlили mfa.gov.kz.[in Russian].

Posol Beibit Isabaev: tovarooborot mezhdu Kazakhstanom i Azerbaidzhanom vyros na 64 procenta. 4 aprelia 2019. – [Electron resource]–https:// azertag.az/ru/ xeber/Posol_Beibit_Isabaev_Tovarooborot_mezhdu_Kazahstanom_i_Azerbaidzhanom_vyros_na_62_procenta-1265402 [in Russian].

Smagulova D. Kazakhstan-Azerbaidzhan: novie vozmozhnosti dlia sotrudnichestva. 3 aprelia 2017. – [Electron resource]–https:// www.kazpravda. kz/ interviews/view/kazahstan//. [in Russian].

Suleimenov A. Glubokie korni druzhby 09.01.2018. – [Electron resource]–https://e-history. kz/ru/ publications/view/3775© e-history.kz. [in Russian].

Economica Azerbaidzhana po itogam 2018 goda prodemonstrirovala nebolshoy rost. Novosty Tura not 12.01.2019. – [Electron resource]–http:// www.turan.az/ext/news/ 2019/1/free/ analytics/ ru/ 120 25 4. html. [in Russian].

МРНТИ 03.20.00

КАЗАХСТАН-АЗЕРБАЙДЖАН: ПОТЕНЦИАЛ И СОВРЕМЕННОЕ СОСТОЯНИЕ ВЗАИМНОГО СОТРУДНИЧЕСТВА

Иембекова Майра Ораковна¹, Бюжеева Бакыт Задиевна²

¹Кандидат исторических наук, доцент. Университет «Нархоз». Казахстан.  г. Алматы.

²Кандидат исторических наук, доцент. КазНУ имени аль-Фараби. Казахстан. г. Алматы.

Аннотация: В статье рассматривается уровень развития и современные достижения в отношениях Казахстана и Азербайджана в сфере взаимной торговли и транспортных перевозок. Были выявлены интересы обеих сторон в отношениях взаимного сотрудничества, обосновано сходство позиций обеих стран в международных отношениях и в общем использовании Каспийского моря. Тот факт, что обе страны являются братскими тюркскими республиками, указывает на необходимость взаимного сотрудничества. В ходе исследования авторы показали, что развитие сотрудничества между двумя странами от установления дипломатических отношений до настоящего времени можно разделить на три этапа, и пришли к выводу, что двусторонние отношения следует рассматривать на этих этапах. Несмотря на отсутствие фундаментальных исследований по этой теме, авторы на основе статистических данных и материалов провели сравнительный анализ успехов двусторонних отношений, пытаясь показать их сильные и слабые стороны.Сделан вывод, что сегодня отношения между Казахстаном и Азербайджаном не имеют серьезных проблем, сотрудничество между двумя странами достигло уровня стратегического партнерства, необходимо дальнейшеее развитие двусторонних отношений по определенным направлениям сотрудничества.

Ключевые слова: Казахстан и Азербайджан, ТРАСЕКА, Баку-Тбилиси-Джейхан, Баку-Актау.

IRSTI 03.20.00

KAZAKHSTAN-AZERBAIJAN: POTENTIAL AND CURRENT STATE

OF MUTUAL COOPERATION

Iyembekova Maira Orakovna¹, Buzheeva Bakyt Zadievna²

¹Candidate of Historical Sciences, Associate Professor, Narhoz University. Kazakhstan. Almaty.

²Candidate of historical sciences, Associate professor. KazNU named after al-Farabi. Kazakhstan. Almaty.

Abstract. The article discusses the level of development and modern achievements in relations between Kazakhstan and Azerbaijan in the field of mutual trade and transportation. The interests of both parties in mutual cooperation relations were identified, and the similarity of both countries’ positions in international relations as well as in the common use of the Caspian Sea has been substantiated. The fact that both countries are fraternal Turkic republics indicates the need for mutual cooperation. During the study, the authors showed that the development of cooperation between the two countries starting from the establishment of diplomatic relations to the present can be divided into three stages. Thus, bilateral relations should be considered at these stages.

Despite the lack of fundamental research on this topic, the authors based on statistical data and materials conducted a comparative analysis of the success of bilateral relations, trying to show their strengths and weaknesses. It is concluded that today relations between Kazakhstan and Azerbaijan do not have serious problems, cooperation between the two countries has reached the level of strategic partnership; further development of bilateral relations in certain areas of cooperation is necessary.

The authors emphasized the need for further development of bilateral relations in certain areas of cooperation.

Keywords: Kazakhstan and Azerbaijan, TRACECA, Baku-Tbilisi-Ceyhan, Baku-Aktau.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь