Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » ҒТАМР 03.01.09 АБУ-Л-ҒАЗИ БАҺАДҮР ХАН: ӨМІРІ МЕН ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ

Ә.М. Ташқараева, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, «Тарих» мамандығының докторанты. Астана қ., Қазақстан.

ҒТАМР 03.01.09 АБУ-Л-ҒАЗИ БАҺАДҮР ХАН: ӨМІРІ МЕН ҚОҒАМДЫҚ ҚЫЗМЕТІ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 4(20), 2019

Автор:
Өмірінің соңында «Шежіре-и-түрк» (Түрік шежіресі) және «Шежире-и-таракиме» (Түрікмен шежіресі) атты өшпес тарихи шығармаларын қалдырған Абу-л-ғази Баһадүр ханның өмірі мен атқарған қоғамдық қызметін зерттеу жалғасын таба түсуі керек. Мақалада ХVІІ ғасырдағы Хиуа ханы, әйгілі тарихшы-шежіреші, Абу-л-ғазидің жүріп өткен жолы қалай болды, қандай қызметтер атқарды деген сұрақтарға жауап алуға талпыныс жасалады. Жастайынан қайнаған саяси оқиғалардың куәсі болып өскен Абу-л-ғазидің билікке араласуын, шапқыншылықтарға қастысуын, Хиуа ханы атануына тоқталып өту осы мақаланың мақсаты болып табылады. Аталған мақсатқа жету барысында бұған дейін осы тақырып төңірегіндегі зерттеулерге шолу жасалып, ой түйінделеді (зерттеу тәсілі). Ол кемеңгер саясаткер, әскери өнерді жетік меңгерген қолбасшы және білімді адам ретінде бар әрекетін алдына қойған мақсатын орындауға арнады деген қорытынды жасалады. Кілт сөздер: Абу-л-ғази, түрікмендер, шабуылдар, Хиуа, Қоқан, Бұқара, Үргеніш, Маңғышлақ, наймандар, ұйғырлар, қалмақтар, хан.
Содержание:

Кіріспе. ХVІІ ғасырдағы Орта Азия аумағындағы мемлекеттер мен халықтар арасындағы саяси қатынастар тарихында Хиуаның ханы Абу-л-ғазидің (Әбілғазы) орны ерекше. Жалпы, Адамзат тарихында, әсіресе орта ғасырларда билік пен білімді қатар алып жүрген қайраткерлер көп емес. Абу-л-ғазиді сондай қайраткерлердің қатарына жатқызуға болады. Ол тек Хиуаның әйгілі ханы ғана емес, сонымен қоса белгілі тарихшы-шежіреші, ақын, өз заманының білімді адамдарының бірі, «Шежіре-и-түрк» (Түрік шежіресі) және «Шежире-и-таракиме» (Түрікмен шежіресі) шығармаларының авторы. Оның қайнаған саяси оқиғалардың ішінде жүріп, артынан маңызды деректемелік шығармалар қалдыруы атап өтуге тұрарлық.

Материалдар мен әдістер. Мақалада тұлғаның тарихи кезеңіне сәйкес, оның тарихын шынайы қарастыруға мүмкіндік беретін тарихилық және объективтілік ғылыми принциптері қолданылды. Аталған методологиялық қағидалардан проблемалық-хронологиялық және тарихи-салыстыру әдістері туындады. Әсіресе, негізгі назар тарихижүйелілік әдісіне аударылды. Автордың өзінің еңбегіндегі автобиографиясын басқа зерттеулермен салыстыру әдісі де қолданылды.

Бұл зерттеудің ақпарат көздерінің негізгі тобына Абу-л-ғазидің «Шежіре-и-түрік» шығармасының аудармалары, сондай-ақ, автордың өміріне қатысты ғалымдардың еңбектері жатады.

Талқылау (зерттеуді тарихнамалық саралау). Осы күнге дейін Орта Азия өңірі халықтарының, соның ішінде түрікмендер тарихын зерттеуде Абу-л-ғазидің шығармалары басты деректемелік еңбектердің қатарында. Дегенмен, оның қызметіне баға беруде қарама-қайшылықтар орын алып келе жатқаны белгілі. Абу-л-ғазидің саясаткерлігі, көрегенділігі, қолбасшылық қабілеті, орын алған саяси шиеленісті оңтайлы шеше білуі, көрші мемлекеттермен қарым-қатынасы ХVІІ ғасырдағы Хиуа хандығының тарихында барынша көрініс тапқан.

Негізінен, Абу-л-ғазидің өмірі мен қызметіне арнайы жазылған еңбек жоқ. Көп жағдайда Орталық Азияның билеушісі ретінде деректік материалдарға негізделген авторлардың зерттеулерінде кездеседі.

Абу-л-ғазидің өмірі мен қызметіне қатысты ең алғашқы жазба оның «Шежіре-и-түрік» шығармасында орын алған. Абу-л-ғази онда өзінің өмірге келуін, ағаларымен болған билікке талас, хандық билікке келуін, шапқыншылықтары туралы жан-жақты жазған.  ХІХ ғасырда Мунис және Агахи «Фирдаус әл-икбал» жазбаларында Абу-л-ғазидің өмірі мен қызметіне тоқталып өтеді. 

Абу-л-ғазидің шығармаларын зерттеуде бірқатар орыс ғалымдары да оның өмірі мен қызметіне тоқталған. Олардың қатарына А. Туманский, Г.С. Саблуков, А.Н. Кононов, В.В. Бартольд т.б. жатады. А.Н. Кононов Абу-л-ғазидің «Шежіре-и-таракиме» шығармасын аударғанда оның өмірі мен қызметі саралау, талдау түрінде жазған.

Нәтиже. Абу-л-ғази 1603 жылы Үргеніш қаласында туған («Қазақстан» ҰЭ, 1998:621), Шыңғыс ханның Жошыдан тараған тікелей ұрпағы, өзінің «Шежіре-и-түрк» шығармасында Шыңғыс ханға дейінгі аталарын атап шығады: Араб-Мұхаммед хан → Хаджы-Мұхаммед хан → Акатай хан → Амен-хан →Ядигер хан (Йадгар хан) → Тимур-шейх → Хаджы-толы → Араб-шах → Болад → Менгу-темір-хан → Бадақұл → Жошы-Бұқа → Баһадүр → Шибан хан → Жошы хан → Шыңғыс хан (Саблуков Г.С., 1906: 262). Абу-л-ғазидің шығармасында келтірілген бұл деректер мен қазіргі ғылыми айналымдағы әдебиеттерде біршама айырмашылықтар бар. Мәселен, Абу-л-ғазидің «Шежіре-и-түрк» шығармасын көне түркі тілінен аударған Б. Әбілқасымұлының кітабында автордың аталарын тізбектеу реті былай берілген: «Араб-Мұхаммед хан, оның әкесі – Хаджы-Мұхаммед хан, оның әкесі – Әмін-хан, оның әкесі – Йадгар хан, оның әкесі – Теміршейх, оның әкесі – Хажытолы, оның әкесі – Арабшах, оның әкесі – Полад, оның әкесі – Менкутемір хан, оның әкесі – Бадақұл, оның әкесі – Жошы хан, оның әкесі – Шыңғыс хан» (Әбілғазы, 2006: 175). Бұл жерде Амен ханның бесінші ұлы Акатай хан қалып кеткен, сәйкесінше, Амен хан Хаджы-Мұхаммед ханның әкесі деп жазылған. Алайда, осы әдебиетте «Абулек хан мен Әмін ханның балаларының Үргенішке келіп Хиұқ, Һазарасып, Хорасанды алғаны» баянында: «Әмін ханның алты ұлы бар еді, үлкені Сафиян, екіншісі – Божыға, үшіншісі – Уаныш, төртіншісі – Қал, бесіншісі – Ақатай, алтыншысы – Ағанай», – деп көрсетілген (Әбілғазы, 2006: 130). Сондай-ақ, Абу-л-ғазидің он бірінші атасы Бадағұлдан кейін Жошы-Бұқа→Баһадүр→Шибан хан жазылмаған, бірден Бадағұлдан кейін Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан көрсетілген, яғни ортада үш ата қалып қойған. Бұл жердегі Бадағұл Жошы ханның ұлы емес, төртінші ұрпағы, яғни шөпшегі. Сәйкесінше, Жошы хан Бадағұлға төртінші атасы, моңғолша «бұдатұр» болар.  Сондай-ақ, Г.Ж. Табулдиннің «Чингизиды» еңбегінде Абу-л-ғази мен оның інісі Шериф-Мұхаммед хан Араб Мұхаммед ханның үлкен ұлы, яғни Абу-л-ғазидің үлкен ағасы Исфандияр ханның балалары деп көрсетілген (Табулдин Г.Ж., 2016: 241). Алайда, Абу-л-ғази Аспандиярдың ұлы емес, өзінен кейінгі үшінші бауыры. 

Абу-л-ғазидің әкесі Араб Мұхаммед-хан – 1603 жылы хан тағына отырған Хорезм мемлекетіндегі Шайбан әулетінен шыққан он бірінші хан, билік құрған жылдары мемлекетті басқару ісінде үлкен жетістіктерге жетіп, Хиуа хандығына тонаушылық шапқыншылықтар жасаған казактарға біржола тойтарыс берген. Абу-л-ғази Араб-Мұхаммедтің төртінші ұлы, ханның Абу-л-ғазиден басқа 6 ұлы болды: Аспандияр, Хабаш, Жолбарыс, Шәріп Мұхаммед, Хорезм Шах, Ауған. Аспандиярдың анасы өз жамағатының қызы, Хабаш пен Жолбарыстың аналары бір, найман қызы, Шәріп Мұхаммедпен Хорезмшахтың да аналары бір, қожа тұқымынан, Ауғанның анасы Әбілхайыр әулетінен шыққан. А.Н. Кононов Аспандияр мен Абу-л-ғазидің аналары бір деп есептейді, Араб Мұхаммедтің алғашқы төрт ұлы бір-бірімен жауласып, одақтасқанда да аналарынан туылуына қарай бөлінген дейді (Кононов А.Н., 1958: 9). Ал, Г.С. Саблуковтың аудармасында Аспандияр ханның анасы өз жамағатынан, ал, Абу-л-ғазидің анасы Жанғазы сұлтанның қызы Михрибану ханым  дейді (Саблуков Г.С., 1906: 248).  Бұл дерек еңбектің француз тіліне аударылған нұсқасында да Аспандияр ханның анасы Араб Мұхаммед ханның жақын туыстарының бірі деп көрсетілген (Абулгази Бахадурхан, 1768: 265). Яғни, Абу-л-ғази мен Аспандияр екеуін Хабаш пен Жолбарыс, Шәріп Мұхаммедпен Хорезмшах сияқты бір анадан туған деп атап көрсетпеген.

Абу-л-ғазидің анасы Михрибану-ханым Шыңғыс ұрпағынан тараған Арал теңізі маңындағы билеуші Жанғазы сұлтанның қызы, Абу-л-ғазидің бесінші атасы Иадгар ханнан бастап анасының аталары қосылады. Туылғанда есіміне қоса берілген «ғази» титулы Араб Мұхаммед ханның жайық казактарын жеңгеннен кейін қырық күн өткен соң туылуы себебімен қатар, анасының «ғази» титулы бар отбасынан шығуы да әсер еткен (Саблуков Г.С., 1906: 262). Алты жасында анасынан айырылған Абу-л-ғази әкесінің жанында тәрбиеленіп, медреседе оқып, білім мен ғылымды, әскери өнерді, ел билеу әдістерін жете меңгереді (История Казахстана. Энцикл. справочник, 2010:15). Он алты жасқа келгенде әкесі оның билігіне Үргеніштің бір бөлігін берді, осы кезден бастап билікке араласып, үлкен ағаларымен бірге саяси күреске қатысты.

Абу-л-ғазидің ағалары Хабаш пен Жолбарыс наймандар мен ұйғырлардың қолдауымен халықтың едәуір бөлігін өзіне қаратып, хан тағында отырған әкелеріне қарсы шығып, ел ішінде бүлік шығарды. Олардың билікке қарсы ең алғашқы қарсылығы 1616 жылы Хиуада, әкелері Үргенішке кеткен кезінде болған еді. Араб-Мұхаммед-хан Хабаш пен Жолбарыстың артында маңызды күштер тұруы мүмкін деген қауіппен олардың билігіне Вазирді берген соң, біраз тынышталған еді. Араға бірнеше жылдарды салып, 1621/1622 жылы Жолбарыс Абивердке шапқыншылық жасаймын деген сылтаумен Вазирден шығып, Сагча құдығының жанында Араб-Мұхаммедтің кеткенін күтіп, Хиуаға басып кірді. Әкесінің қазынасын және оған қызмет етуші бектердің мүлкін түгелдей тонады (Кононов А.Н., 1958:10).

Жолбарыстың бұл бүлігін естіген Аспандияр, Хабаш, Абу-л-ғази және Шәріп Мұхаммед әкелеріне көмектесуге бел буды. Алайда, ақсақалдар Жолбарыс тығырыққа тіреліп, әкесін өлтіруі мүмкін деген қауіптен сескеніп, оларды бұл райынан қайтарады. Жолбарыс Хиуадан кетіп, ханның өміріне төнген  қауіп сейілген соң, Абу-л-ғази Аспандиярмен бірге Жолбарысқа  қарсы шықты, бірақ Жолбарыстың соғысуға шамасы болмай қашып кетті. Бұдан кейін Араб-Мұхаммед хан Хиуаға оралды, ал Аспандияр сұлтан Хазараспеге кетті. Абу-л-ғази әкесіне Хабаш және Жолбарыс сұлтандардан келер қауіп әлі алда екенін ескертіп, олардан құтылуға кеңес берген еді, алайда Араб-Мұхаммед хан оған құлақ аспады. Абу-л-ғазидің бұл сөзі туралы Аспандияр сұлтанның нөкерлерінің бірі естіп қалып, Хабашқа жеткізеді, осы кезден бастап Хабаш пен Абу-л-ғазидің ара-қатынасы бұзылады (Саблуков Г.С., 1906: 254).

Енді Хабаш Жолбарыс жағына шығып, оған әкесі мен үлкен ағасының кеткенін және Вазирге мүмкіндігінше тезірек келуі туралы хабар жіберді. Абу-л-ғази  жауына айналған бауырларының арасында қала алмайтынын  біліп, әкесінің артынан кетті, Араб-Мұхаммед хан оған Кят уәлаятын берді. Осы оқиғалар өткеннен кейін бес айдан соң Араб-Мұхаммед хан Абу-л-ғазидің кеңесіне құлақ аспағанына өкініп, Аспандияр мен Абу-л-ғазиге әскерімен Хиуаға келулерін бұйырды. Араб-Мұхаммед хан, Аспандияр және Абу-л-ғази сұлтандар бір жақтан, Хабаш пен Жолбарыс сұлтандар екінші жақтан кескілескен ұрысқа түсіп, алғашқылары ойсырай жеңіледі. Нәтижесінде, Араб-Мұхаммед хан Хабаш пен Жолбарыс сұлтандардың қолына тұтқынға түсті, оның көзін ойып, Хиуада өз бақылауларында ұстады.  Абу-л-ғази Қиятқа, одан әрі Бұхараға қашты. Аспандияр сұлтан,  Шәріп Мұхаммед және Хорезм Шах сұлтандар Хазараспенің цитаделіне қамалды. Хабаш сұлтан қырық күндік қамаудан кейін бауырларымен достасуды жөн көріп, Аспандиярға Меккеге барып ғибадат етіп келуіне рұқсат берді. Ал, Шәріп Мұхаммедке Қиятты берді, 12 жасар Хорезм Шах пен 10 жасар Ауғанды әкесіне жіберді. Шәріп Мұхаммедхан 4 айдан сон ағасы Абу-л-ғазидің жанына, Бұхараға қашты. Аспандияр Меккеге барудың орнына Иранға, І Аббас шахқа (1587-1628) кетті (Кононов А.Н., 1958: 10-11).

Хабаш Үргеніш пен Вазирде, Жолбарыс Хиуа мен Хазараспеде өз биліктерін жүргізді. Араб-Мұхаммед хан үш әйелі және екі кіші ұлымен бірге Вазирден шығысқа қарай 6-7 шақырым жерде орналасқан Құм бекінісіне қамалды. Бір жыл уақыт өткеннен кейін Жолбарыс Хабашқа айтпай әкесі мен екі кіші інісін Хиуаға ауыстырды. Аспандияр сұлтанның екі ұлы да Хиуада, Жолбарыстың қолында болатын. Осы жерде Жолбарыс өзінің әкесін, інісі Хорезм шах сұлтанды және Аспандиярдың екі ұлын өлтіруге бұйрық берді. Кіші інілері Ауғанды өлтіру үшін ағасы Хабаш сұлтанға жібереді. Хабаш Ауғанның болып жатқан оқиғаларға еш кінәсі жоқ екенін ескеріп, бір жағынан өзінің қасында қалдырғысы келмей 1622 жылдың соңында  мәскеулік елші И.Д. Хохловқа қосып жіберді. Бұл туралы Шоқан Уәлиханов: «1622 жылы өз туысқандарынан қуғын көрген Хиуалық Ауған хан Михаил (Романов) патшаның қамқорлығын іздейді де, егер ол оған бұрынғы дәрежесін қайтаруға көмектесетін болса, Ресейге бағынуға мойынұсынатынын білдірді», – деп жазды Уалиханов Ш.Ш., 2010: 193). Бірақ, Ауған бұл өтінішін 1622 жылы емес, сәл кейінірек айтқан болуы керек, себебі бұл кезде ханзада небәрі 11-12 жаста еді. Ауған сұлтан Мәскеулік патша Михаил Федоровичтің ордасында 1648 жылға дейін қызмет етіп, қайтыс болған. 

Иранда бой тасалап жүрген Аспандиярды І Аббас шах өзіне тиесілі билікті бауырларынан соғыспен қайтарып алуға үгіттеді. Аспандияр І Аббас шах жинап берген үш жүз адамдық әскермен 1622 жылы Дурунге, ол жерден әрі Балқан тауларына жол тартты. Одан әрі санаулы әскерімен Әмударияның оң жақ бетінде, Түк қорғанына қарама-қарсы жердегі Хабаш сұлтанға аттанды. Аспандияр сұлтан Хабаш сұлтанның тұрағына шабуылдап тонады, Хабаш ордасында болмағандықтан оны ұстай алмады. Хабаш ағасының келгенін біліп, Жолбарысқа қашты. Екеуі қосылып Аспандияр сұлтанға қарсы шабуылға шықты. Күш біріктірген інілерімен соғыста ол алғашқы шабуылда-ақ жеңіліске ұшырап, Маңғышлаққа шегінді. Осы жерден үш мың түрікменді жинап, Үргенішке қайта аттанды. Хабаш пен Жолбарысқа наразы көптеген халық Аспандияр жағына шығып, Хабаш пен Жолбарыс жеңіліс тапты. Жолбарыс тұтқындалып, өлтірілді, ал Хабаш Сырдарияның жағасындағы қарақалпақтарға қашты, бірақ ол жерде өзін қауіпсіз сезінбегендіктен, Жем өзеніндегі маңғыттарға кетті. Маңғыттар Хабаш сұлтанды ұстап алып,  Аспандиярға жіберді, ол Хабашты өлтіруге бұйрық берді. (Саблуков Г.С., 1906: 260).

Екі жылдай Бұхар ханы Имамқұлдың жанында болған Абу-л-ғази мен Шәріп Мұхаммед Аспандиярдың бүлікшіл інілерін жеңгенін естіп, тез арада Үргенішке аттанды. 1623 жылы Аспандияр Хорезм ханы болып жарияланды. Аспандияр өзі Хиуада, Хазараспе мен Қиятта отырды, Абу-л-ғазиге Үргенішті, Шәріп Мұхаммедке Вазирді берді (Веселовский И., 1877: 133).

Аспандияр хандық таққа отырысымен-ақ, Хабаш пен Жолбарысқа қолдау көрсеткен ұйғырлар мен наймандарды ығыстырып, хан болғанға дейін барлық істерінде арқа сүйеген түрікмендерге үлкен қолдау көрсетті. Аспандиярдың түрікмендерді қолдауынан қауіптеніп, Абу-л-ғази мен Шәріп Мұхаммед 1624 жылы Аспандиярға соққы беруге тырысты. Алайда оның бәрі сәтсіздікпен аяқталды, себебі, Маңғышлақ және Балқан түрікмендері ханға үнемі қосымша күш жіберіп отырды. А.Н. Кононов мәліметі бойынша, 1627 жыл шамасында Абу-л-ғази күшінен айырылып, қазақтарға қашады, оны Түркістанда Есім хан қабыл алады (Кононов А.Н., 1958: 13). Алайда, Шоқан Уалиханов: «Тәуекел ханның інісі әрі мұрагері Есім ханға өз ағасы Хиуа ханының ығыстыруынан атақты шығыс тарихшысы Әбілғазы 1625 жылы қашып келді», – деп жазды (Уалиханов Ш.Ш., 2010: 211). Абу-л-ғазидің өзі бұл оқиға туралы «Үргеніш өзбегінің бұзылғанының баянында»: «Қыркүйек айының соңында, қазан айының басында хан жұртынан безген ел үш топ болды: біріншілері – Бұқарға, екіншілері – қазақтарға, үшіншілері маңғыттарға көшті. Мен қазақтарға кеттім. Түркістанда Есім ханның қасында үш ай тұрдым. Ол кезде қазақтардың ханы Тұрсын хан еді, ол Ташкентте тұратын еді, Есім хан Тұрсын ханға кездесуге барғанда мені бірге ала барды. Ол ханға менің Иадгар ханның ұрпағы екенімді, біздің жамағаттан әлі ешкім бұл елге қонақ болмағанын және менің ханның қызметінде болуымның дұрыстығын айтты. Осы кезден бастап, мен Тұрсын ханның жанында екі жыл паналадым», – дейді.  (Саблуков Г.С., 1906: 275).  Сондай-ақ, Абу-л-ғази Тұрсын ханды Есім хан өлтіргеннен кейін одан рұқсат сұрап, Имамқұл ханға кеткенін жазады (Саблуков Г.С., 1906: 275). Тұрсын хан 1627 жылы қайтыс болғаны белгілі, демек, Абу-л-ғазидің Есім ханға келуі 1625 жыл шамасында болған. Одан әрі Шәріп Мұхаммедхан екеуі Бұхарадағы Имамқұл ханнан пана тапты. Біраз уақыт өткен соң араларында толық ауызбіршілік болмаған хиуалық түрікмендер Абу-л-ғазиге шақырту жібереді. Аспандияр хан түрікмендердің бір бөлігімен келіспеушілігі себебінен Хазараспеге көшіп кеткен еді. Екі айдан кейін Шәріп Мұхаммед Хазараспеге көшіп кетеді де Аспандияр ханға қосылады. Енді Абу-л-ғазиге ағасы мен інісі қарсы болды. Керісінше, өзінің жауы ретінде көріп келген Абу-л-ғазиді енді хиуалық түрікмендер қолдап, Аспандиярға қарсы соғыста жеңіске жетеді. Аспандияр Хиуаны Абу-л-ғазиге беріп, арада өзара келісім жасалады.

Бір кездері бүлікшіл бауырларына қарсы күш біріктірген Аспандияр мен Абу-л-ғазидің осы оқиғадан кейін ара-қатынасы қатты бұзылады. Аспандияр енді оны тағына бақталас көріп, тұтқындап Иран шахына жіберуді жөн көрді. 1629 жылы Абу-л-ғазиді күзетпен  елдің астанасы Хамаданға жеткізеді. Хан тағында отырған І Аббастың мұрагері Сефи Абу-л-ғазиді Исфахандағы Табарек қамалына орналастырады. Абу-л-ғази бұл қамалда білімін жетілдірумен айналысады, араб, парсы тілдерін үйренеді (Абражеев А., 1946: 69). В.В. Бартольдтің пікірінше, Абу-л-ғазидің осы қамалда он жыл тұруы өзінің білімін жетілдірумен қатар, әулетінің тарихын жазуына әсер еткен (Бартольд В.В., 1963: 164).

Абу-л-ғазидің жазуынша, ол Ирандағы қамалда он жыл тұрып, он бірінші жылы қасындағы үш кісімен бірге қашқан (Саблуков Г.С., 1906: 279). Сәйкесінше, бекіністен қашу 1639 жылы болып, күзде хорасандық Мехин деген ауылға жетеді. Бұл жердегі түрікмендер – бастапқыда Маңғышлақта өмір сүрген, кейіннен қалмақтар оларды ығыстырып, осында келген ерсары тайпасының қызылаяқ деп аталатын түрікмендері еді. Бүкіл ауыл жиналып, Абу-л-ғазиге Мехинде қыстап шығуын, көктем шығысымен бір амалын табатынын айтады. Көктем шығысымен ауыл тұрғындары Абу-л-ғази үшін бұл жерде қалудың қауіптілігін ескертіп, Балқандағы теке  Маңғышлаққа бет алады. Бұл кезде Маңғышлақта қалған түрікмендер қалмақтардың қол астында еді. Абу-л-ғазидің келгенін естіп, қалмақтардың басшысы оны жанына алдырып, бір жылдан кейін Үргенішке шығарып салады (Саблуков Г.С., 1906:  283). Мунис және Агахидің «Фирдаус әл-икбал» шығармасында 1051 жылы Арал өзбектерінің қалмақ ханына қырық қап сый әкеліп, Абу-л-ғазиді өздерімен бірге алып кеткендігі жазылған (Материалы по истории казахских ханств XV-XVIII веков, 1969: 451).

Абу-л-ғази өзінің еліне оралу уақытын былай сипаттайды: «Хижра жыл санауының 1052 жылан жылында өз жұртыма, өз халқыма оралдым. Алты ай өткенде, жылқы жылының басында Аспандияр хан  қайтыс болды» (Саблуков Г.С., 1906: 284). Хижра жыл санауындағы 1052 жыл қазіргі жыл санаудың 1642/1643 жылына сәйкес келеді, алты ай өткеннен кейінгі Аспандиярдың (1643 жылы қайтыс болған) қайтыс болу уақыты да сәйкес келіп тұр. Алайда, Н.И. Веселевский жылан жылы 1052 жылға емес, 1050 және 1051 жылға сәйкес келеді деп есептейді (Веселовский И., 1877: 134). А.Н. Кононов Абу-л-ғазидің  Исфаханнан шығуы 1639 жылдың ортасында деп есептесек, оның текелердің арасында және Маңғышлақтағы қалмақтардың арасында үш жыл емес, екі жылын өткізген болуы керек және 1641 жылдың ортасында өзінің жұртына оралған дейді Кононов А.Н., 1958: 15). 1641 жыл хижра жыл санауының 1050/1051 жылына сәйкес келеді. Абу-л-ғази ары қарай жазады: «Аспандияр хан қайтыс болғаннан кейін бір жылдан соң, атап айтқанда 1054 жылы қой жылының басында Арал өзбектері мені хан көтерді» [1. 284 б.]. Н.И. Веселевский мәтінде көрсетілген жылды қате екенін, дұрысы 1053болуы керек деп санайды (Веселовский И., 1877: 135). Себебі қой жылы 1054 жылға емес, 1052/1053 жылға сәйкес келеді. Егер бұл оқиғаны Абу-л-ғазидің екі жылдан кейін, 1645 жылы Хиуаға хан болуымен сәйкестендірсек, еліне  келуі 1053 немесе 1643 жыл.

Абу-л-ғази өзі жазғандай, Үргенішке емес, Аспандияр ханның билігін мойындамаған Арал маңындағы өзбектерге келген (Бартольд В.В., 1963:  610). Алты айдан соң, Аспандияр хан қайтыс болғаннан кейін Абу-л-ғази түрікмендерден өзін ағасының мұрагері ретінде танып, оның екі баласын беруін талап етеді. Алайда, түрікмендер Абу-л-ғазиге емес, Бұхар хандығына бағынуды жөн көрді. Бұқар ханы Надир-Мұхаммед елді басқару үшін немересі Қасым сұлтанды жібереді, бірақ, билік іс жүзінде түрікмендердің өздерінде қалған еді. Аралда отырған Абу-л-ғази Хиуаға басып кіруге әрекеттенуі еш нәтиже бермеді. Тек 1645 жылы Надир-Мұхаммед биліктен кетіп,  орнына ұлы Абду-л-Азиз отырғанда жағдай өзгерді. Барлық Хиуадағы бұқарлық әскер Бұқарға оралды. Абу-л-ғази 1645 жылы көктемде еш қарсылықсыз Хиуаға басып кірді. Енді Абу-л-ғази түрікмендерді ырықтандыруда айласы мен күшін тиімді пайдаланды. Түрікмендер Абу-л-ғазиге 5-6 ақсақалды жіберіп, енді одан басқа билеушінің жоқ екенін және өздерінің  басқа барар жерлері қалмағанын айтып, Абу-л-ғази өз билігін мойындатады. (Бартольд В.В., 1963: 610). Ол өзінің иелігінен қашқан түрікмендерге қайта оралуға рұқсат берді. Хазараспенің арғы жағындағы құмды далада көшіп жүрген түрікмендер Бұхар ханының қолдауынсыз қалып, Абу-л-ғазидің ұсынысын қабыл алды. Абу-л-ғази бітімгершіліктің белгісі ретінде барлық түрікмендерді ақсақалдарымен бірге Хазараспеде арнайы өтетін асқа шақырды. Ас беріліп жатқанда,  Абу-л-ғазидің бұйрығымен өзбектер барлық екі мыңға жуық түрікмендерді қырып салды. Түрікмендердің тұрақтары мен мүліктерін тонап, отбасыларын тұтқынға алып, жеңіс және салтанатпен Хиуаға оралады (Саблуков Г.С., 1906: 288-289).

ХVІІ ғасырдың басындағы Хиуадағы қалың бұқара – өзбектер мен түрікмендердің арасындағы қатыгездікпен болған  осы феодалдық күрес хақында В.В. Бартольд былай дейді: «Араб-Мұхаммед хан 1623 жылы түрікмендердің көмегімен өзбектерді жаппай қырып-жойса, кек алу ретінде 1645 жылы Абу-л-ғазидің билікке келуінің алғашқы кезеңінде түрікмендерді қырып-жою әрекеті болған» (Бартольд В.В., 1963: 274).

Абу-л-ғази ендігі кезекте Хиуадан қашқан түрікмендерге шапқыншылықтар жасады. 1646 жылы қыста Теджендегі (Тышран) түрікмендеріне шабуыл жасап, жеңіспен оралады. Екі жылдан кейін, 1648 жылы Тедженнен, Хиуадан, Балхтан қашып, Бами-Беурма өңіріне тұрақтаған түрікмендерге жеңіспен аяқталған шапқыншылық жасады (Бартольд В.В., 1963: 289).

1651 жылы Атрек пен Гүрген жағалауындағы түрікмендерін жеңді, бұл түрікмендер Хиуа үшін күреске қатыспаған болатын, бірақ өзінің атауын тайпасына берген Байрадж хан бастаған түрікмендер Абу-л-ғазиге бағынудан бас  тартып, оған қарсы болған (Веселевский И., 1877: 136). 1653 жылы Абу-л-ғазидің түрікмендерге бағытталған соңғы жорығы болды. Бұл жолы ол әмір түрікмендерін бағындырып, қайтар жолда, Динар құдығының жанында сарык тайпасын талқандады (Саблуков Г.С., 1906: 292).

Түрікмендермен болған шапқыншылықтар кезінде, Абу-л-ғази өзін Иран жағынан қауіпсіздендіру мақсатында, 1648 жылы  парсы шахына елші жібереді. Кейінірек, Бұқар хандығымен болған соғыс кезінде Бұқар ханы Абд ал-Азиз Абу-л-ғазидің Хорезмдегі жағдайын қиындату үшін шахқа ирандағы хорезмдік ханзаданы жіберуін өтінеді, алайда Абу-л-ғазидің ұзақ уақыт осы елдегі қамалда тұрғанына қарамастан, Хорезмге оралғаннан кейін Иранмен жақсы қарым-қатынаста болуын ескеріп, шах келісім бермейді.

Түрікмендерге бағытталған шапқыншылықтармен қатар, Хиуаға қауіп төндірген қалмақтармен де шайқастар болды. «Шежіре-и-түрік» шығармасын аяқтаған Абу-л-ғазидің баласы және мұрагері Ануша хан қалмақтармен болған 1649 жылғы және 1653 жылдағы  екі ірі шайқасы туралы жазған. Осыдан кейін, 1653 жылы Абу-л-ғази қалмақтармен бейбіт келісім орнатты (Бартольд В.В., 1963: 612).

Енді барлық түрікмендерді қоластына бағындырып, қалмақтармен бейбіт келісім орнатылғаннан кейін, Абу-л-ғазидің Бұхар әмірлігіне шабуылы басталды. Ол Балх билеушісі Субхан-Кулидің өзінің ағасы, Бұхар ханы Абд-ул-Азизге қарсы күресте көмектесуге шақыруын тиімді пайдаланды. Субхан-Кули Абу-л-ғазидің кіші інісі Шериф-Мұхаммед сұлтанның қызын алған еді, онымен қоса,  XVI ғасырдың соңында  Бұхар ханы Абдолланың Хорезмге шабуылы мен оның туыстарына жасаған қатыгездігі туралы білетін еді. Ендігі жерде соғыс ашудың сылтауы да табылды: өзінің туысына көмектесіп, басқа туыстары үшін кек алу керек болды.  1655 жылы Абу-л-ғази Бұхар ханының иелігіне кіріп, Каракөлді қиратып, бай қазынаны иемденді, осы жылы Қаракөлге шабуылын қайталап, еліне біраз тұтқынмен оралды.

Келесі 1656 жылы Абу-л-ғази Чарджуйді қиратты, 1657 жылы Яйчиге шабуыл жасады. Наразима арқылы Қаркөлге барып, біраз қазына, тұтқындармен Хиуаға қайтты. Осы жылы Абу-л-ғази Карминеге шапқыншылық жасап, тонады, тұтқындарды қолға түсірді. Қайтар жолда оған күтпеген жерден Бұхар ханы Абдул-Азиз шабуыл жасады. Абу-л-ғазидің әскері біраз алға ұзап кеткендіктен, қиын жағдайға қалды. Алайда ұлы Ануша-Мұхаммед хан тез арада әскерді кейін қайтарып, көмекті дер кезінде жеткізуінің арқасында Бұқар әскерін жеңіп, аман-есен Хиуаға оралды. Абу-л-ғази Хиуаға оралу құрметіне үлкен той жасады, ұлының еңбегін халық алдында бағалап, әскерін сеніп тапсырды және Хазараспені берді. (Саблуков Г.С., 1906: 294-295).

1658 жылы Абу-л-ғази Варданзиді шабуылдады, 1662 жылы Бұхарға соңғы шапқыншылығын жасады, осыдан кейін Абд-ул-Азизбен бейбіт келісім орнатты. Бұл соңғы жорығынан кейін, Абу-л-ғази хандық таққа ұлы Ануша Мұхаммед ханды отырғызып, өзі тақуалықпен және құлшылық жасаумен айналысты («Қазақстан» ҰЭ, 1998:621), осы кезде Орталық Азия аймағының көптеген өңірлерінің саяси, әлеуметтік-экономикалық тарихы, этнографиясы мен тарихи географиясы туралы маңызды деректер беретін және өз әулетінің тарихы көрініс тапқан «Шежіре-и-түрік» еңбегін жазды. Абу-л-ғази бұл ісімен мұсылман әлемінің билеушісі ретінде тек ұрыс алаңында және мемлекеттік қызметте ғана емес, сондай-ақ ғылым жолында да жанқиярлыққа бара алатынының айқын үлгісін көрсетті (Сыздыкова Ж.С., Кадырбаев А.Ш., 2017: 75). Бұл еңбегінен бұрын «Шежіре-и-таракиме» еңбегін жазған. Профессор М.Алпысбес «Қазақ шежіресі: тарихнамалық-деректанулық зерттеу» монографиясын жазуда: «Орта Азияда хан тұқымдарынан алғашқы болып шежірені жазба түрде таратқан адам Хиуа хандығының бас әкімі – Әбілғазы Баһадүр хан. Оның «Түрікмен шежіресі» аталатын көлемді еңбегі Азияда, әсіресе Орта азияда өмір сүрген ақсүйектердің ата-тегін талдауға арналған», – деп жазады (Алпысбес, 2013: 163 б).

Абу-л-ғази «Шежіре-и-түрік» еңбегінің басында үш нәрсені жетік меңгергенін жазады: біріншісі – әскери өнерді толығымен меңгергені мен заңдарды білуі, сонымен қатар шабуылға қалай дайындалу керек, шабуылда не істеу керек, жауға қарсы қалай сап түзеу керек, көпсанды әскерге қарсы шыққанда не істеу керек, және аз санды әскермен кездескенде не істеу керек, достармен және жаулармен қалай келіссөз жүргізу керек деген сияқты мәселелер; екіншісі -  поэтикалық шығармалардың барлық түрін шығара алуы: месневи, касыды, газели, мукатта, рубаи және араб, парсы, түркі тілдерін білуі; үшіншісі – Арабстан, Иран, Тұран, Монғолстанның Адам атадан бастап өз заманына дейінгі падишахтарының атын, өмірі мен билік ету кезеңдерін білуі (Саблуков Г.С., 1906: 2). В.В. Бартольдтың пікірінше, ХVІІ ғасырда Хорезмде ешқандай әдеби қызмет болмаған. Абу-л-ғази өзінің әулетінің тарихшысы болуға мәжбүр болды, себебі қоластындағы адамдардың арасында бұл жауапты істі тапсыратын лайықты адам болмады. Абу-л-ғазидің жоғарғы білімділігін Иранда 10 жыл тұрып, білім мен ғылымды меңгеруімен түсіндіруге болады. Авторға парсы мәдениетінің әсер еткені сонша, ол таза түркі тілінде жазылған еңбегін парсы тіліне аударуды да ойлаған (Бартольд В.В., 1963: 274).

Қорытынды. Абу-л-ғази саяси ортада қалыптасқан жағдайды өзіне тиімді пайдаланып, көрегенділігі мен саясаткерлігінің арқасында біраз жеңістерге жетіп отырды. Бастапқыда Абу-л-ғази билік пен салық жинауды қолына алған түрікмендердің билігін жою үшін Арал өзбектеріне арқа сүйеді, түрікмендердің билігін жоюды мұқият ойластырылған жоспар бойынша іске асырды. Кейіннен биліктен айырылып, мойынұсынған түрікмендер өздері келіп қоластына кірді. Оның түрікмендермен, қалмақтармен және Бұхарамен соғыста Иранмен бейтараптылық ұстауы атап өтуге лайықты.

Абу-л-ғази қайнаған шапқыншылықтар мен саяси оқиғалардың ортасында жүріп, маңызды деректемелік еңбектер жазып қалдыруы бүгінгі ғылым үшін таптырмас қазына. Бір бойына билеушілік, жауынгерлік, білімділілікті ұштастыра білген Абу-л-ғази баһадүр ханның рөлінің орта ғасырлардағы Орта Азия тарихы үшін маңызы зор. 

Әдебиеттер:

Абражеев А. «Родословное древо тюрков и его автор» // Звезда Востока. - Ташкент, 1946. - №12. - С. 68-76.

Абулгази Бахадурхан. Родословная история о татарах.  / Перевод с французского В.К. Треднаковского. Т. II. - СПб., 1768. - 480 с.

Алпысбес М.А. Қазақ шежіресі: тарихнамалық-деректанулық зерттеу: монография. - Астана: «ВG-Print» Жк, 2013. - 380 б.

Әбілғазы. Түрік шежіресі. / Көне түркі тілінен аударған Б.Әбілқасымұлы. - Алматы: Ана тілі, 2006. -  200 б.

Бартольд В.В. Сочинения том ІІ часть 1. Общие работы по истории Средней Азии. Работы по истории Кавказа и Восточной Европы. - Москва, 1963. - 1020 с.

Веселовский И. Очерк историко-географических сведении о Хивинском ханстве от древнейших времен до настоящего. - Санкт-Петербург, 1877. - 364 с.

История Казахстана. Энциклопедический справочник. - Алматы: ТОО «Аруна Ltd.», 2010. - 632 с.

Кононов А.Н. Родословная туркмен/Сочинение Абу-л-Гази хана Хивинского. Москва-Ленинград: Издательство АН СССР , 1958. - 285 с.

Қазақстан. Ұлттық энциклопедия. / бас ред. Ә. Нысанбаев. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998. - 720 б.

Материалы по истории казахских ханств XV—XVIII веков (извлечения из персидских и тюркских сочинений). / Составители: С.К. Ибрагимов, Я.Я. Мингулов, К.А. Пищулина, В.Я. Юдин. - Алма-Ата: «Наука» Казахской ССР, 1969. - 651 с.

Саблуков Г.С. Родословное древо тюрков. Сочинение Абуль-Гази, Хивинского хана // Перевод и предисловие Г.С. Саблукова. - Казань, Типография Императорского университета, 1906. -223 с.

Сыздыкова Ж.С., Кадырбаев А.Ш. Ученые «Во власти» на мусульманском востоке. Эпоха Чингизидов // ИСОМ. - 2017. - №3-2. URL: https://cyberleninka.ru/article/n/uchenye-vo-vlasti-na-musulmanskom-vostoke-epoha-chingizidov (дата обращения: 19.03.2019).

Табулдин Г.Ж. Чингизиды. Монография. Г.Ж. Табулдин, М.А. Набиев. - Кокшетау: Мир печати, ИП Устюгова Н.Ф., 2016. - 496 с.

Уәлиханов Ш.Ш. Көп томдық шығармалар жинағы. / Ш. Уәлиханов. - Алматы: «Толағай групп», 2010. - Т. 4. - 496 б.

References:

Аbražeev А. «Rodoslovnoe drevo tûrkov i ego avtor» // Zvezda Vostoka. - Taškent, 1946. - №12. - S. 68-76.

Аbulgazi Bahadurhan. Rodoslovnaâ istoriâ o tatarah. / Perevod s francuzskogo V.K. Trednakovskogo. T. II. - SPb., 1768. - 480 s.

Аlpysbes M.А. Kazak šežіresі: tarihnamalyk-derektanulyk zertteu: monografiâ. - Аstana: «VG-Print» Žk, 2013. - 380 b.

Abіlgazy. Tүrіk šežіresі. / Kone tүrkі tіlіnen audargan B.Abіlkasymuly. - Аlmaty: Аna tіlі, 2006. - 200 b.

Bartol'd V.V. Sočineniâ tom ІІ čast' 1. Obŝie raboty po istorii Srednej Аzii. Raboty po istorii Kavkaza i Vostočnoj Evropy. - Moskva, 1963. - 1020 s.

Veselovskij I. Očerk istoriko-geografičeskih svedenii o Hivinskom hanstve ot drevnejših vremen do nastoâŝego. - Sankt-Peterburg, 1877. - 364 s.

Istoriâ Kazahstana. Ènciklopedičeskij spravočnik. - Аlmaty: TOO «Аruna Ltd.», 2010. - 632 s.

Kononov А.N. Rodoslovnaâ turkmen/Sočinenie Аbu-l-Gazi hana Hivinskogo. - Moskva-Leningrad: Izdatel'stvo АN SSSR , 1958. - 285 s.

Qazaqstan. Ulttyq ènciklopediâ. / bas red. A. Nysanbaev. - Аlmaty: «Qazaq ènciklopediâsy» Bas redakciâsy, 1998. - 720 b.

Materialy po istorii kazahskih hanstv XV—XVIII vekov (izvlečeniâ iz persidskih i tûrkskih sočinenij). / Sostaviteli: S.K. Ibragimov, Â.Â. Mingulov, K.А. Piŝulina, V.Â. Ûdin. - Аlma-Аta: «Nauka» Kazahskoj SSR, 1969. - 651 s.

Sablukov G.S. Rodoslovnoe drevo tûrkov. Sočinenie Аbul'-Gazi, Hivinskogo hana // Perevod i predislovie G.S. Sablukova. - Kazan', Tipografiâ Imperatorskogo universiteta, 1906. -223 s.

Syzdykova Ž.S., Kadyrbaev А.Š. Učenye «Vo vlasti» na musul'manskom vostoke. Èpoha Čingizidov // ISOM. - 2017. - №3-2. URL: https://cyberleninka.ru/article/n/uchenye-vo-vlasti-na-musulmanskom-vostoke-epoha-chingizidov (data obraŝeniâ: 19.03.2019).
Tabuldin G.Ž. Čingizidy. Monografiâ. G.Ž. Tabuldin, M.А. Nabiev. - Kokšetau: Mir pečati, IP Ustûgova N.F., 2016. - 496 s.

Uәlihanov Š.Š. Kop tomdyq šygarmalar žinagy. / Š. Uәlihanov. - Аlmaty: «Tolagaj grupp», 2010. - T. 4. - 496 b.

А. ТАШКАРАЕВA, 

1Евразийский национальный университет им. Л.Н. Гумилева, докторант специальности "История"

 г. Астана, Казахстан.

АБУ-Л-ГАЗИ БАХАДУР ХАН: ЖИЗНЬ И ОБЩЕСТВЕННАЯ  ДЕЯТЕЛЬНОСТЬ

Резюме

Необходимо продолжить изучение жизни и общественной деятельности Абу-л-Гази Бахадур–хана, оставившего неизгладимые исторические произведения как: «Шежире-и-турк «(Родословная турок) и «Шежире-и-таракиме " (Родословная Туркмен). В данной статье делается попытка получить ответ на вопросы каким была жизнь и общественная деятельность Хивинского хана XVII века, известного историка-летописца Абу-л-гази.

Целью данной статьи является разъяснение вмешательства Абу-л-гази во  власть, участие в войнах, признанием хивинским ханом. В ходе достижения данной цели проведен обзор исследований по данной теме и обощен мысль (метод исследования). В конце делается вывод, что он, как мудрый политик, полководец, в совершенстве владеющий военным искусством и образованный человек, направил все действия на выполнение поставленной цели.

Ключевые слова: Абу-л-Гази, туркмены, войны, Хиуа, Коканд, Бухара, Ургениш, Мангышлак, найманы, уйгуры, калмыки, хан.

IRSTI 03.01.09

A. TASHKARAEVA,

1L. N. Gumilyov Eurasian National University PhD Student on “History” specialty,

Astana, Kazakhstan.

ABU-L-GHAZI BAHADUR KHAN: LIFE AND PUBLIC ACTIVITIES

Summary

It is necessary to continue the study of the life and social activities of Abu al-Ghazi Bahadur Khan, who left indelible historical works as: "Shezhire-I–Turk "(Turkish Ancestry) and "Shezhire-I-tarakim" (Turkmen Ancestry). This article is an attempt to get an answer to the questions what was the life and social activities of the Khiva Khan of the XVII century, the famous historian-chronicler Abu al-Ghazi.

The purpose of this article is to explain the interference of Abu al-Ghazi in power, participation in wars, recognition of Khiva Khan. In furtherance of this goal, a review of studies on this topic and obasan idea (research method). In the end, it is concluded that he as a wise politician, commander, fluent in the art of war and educated man, directed all actions to achieve this goal.

Keywords: Abu-l-Gazi, Turkmens, wars, Khiva, Kokand, Bukhara, Urgench, Mangyshlak, Naimans, Uighurs, Kalmyks, Khan.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь