Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » ӘОЖ 930.2:94(574) ТӘУЕКЕЛ ХАННЫҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ МЕН ОРЫС ЕЛІ АРАСЫНДАҒЫ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫ НЫҒАЙТУДАҒЫ РӨЛІ

Н.А. ТАСИЛОВА, ЖАППАСОВ Ж.Е., Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессорлары, т.ғ.к. Қазақстан, қ. Алматы.

ӘОЖ 930.2:94(574) ТӘУЕКЕЛ ХАННЫҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ МЕН ОРЫС ЕЛІ АРАСЫНДАҒЫ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫ НЫҒАЙТУДАҒЫ РӨЛІ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 3(19), 2019

Теги: саяси, дипломатия., байланыстар, халықаралық, хандық, мемлекеттілік
Автор:
Бұл мақалада ортағасырларда тарих сахнасына көтерілген Қазақ хандығының билеушісі әйгілі Шығай ханның баласы - Тәуекел ханның тұсындағы мемлекеттің ішкі саяси жағдайының өзгеруі мен көрші жатқан орыс елімен байланысы, сонымен қатар Мәуреннахрдағы Шайбанилер, Ирандағы Сефевилер әулеті арасындағы саяси-дипломатиялық, әскери, сауда-экономикалық байланыстарының тарихы ортағасырлық жазба деректер мен тарихнамалық еңбектердің негізінде зерделенген. Әсіресе, Мәскеу мемлекетімен болған алғашқы ресми дипломатиялық байланыстардың тарихы, маңызы көрсетіліп, ХVI ғасырдың екінші жартысындағы орыс мемлекетімен дипломатиялық ресми қатынастарды шебер орнатқан, қазақ мемлекеттілігінің пайдасына шеше білген Тәуекел ханның ішкі және сыртқы саясаты талданған.
Содержание:

Кіріспе. Қазақ хандығының тарихында күшті мемлекет басшысы болып, сыртқы саясатын асқан шеберлікпен өз елінің мүддесі үшін жүзеге асыра білген хандар аз болмады. Атақты Қасым ханның ұлы Хақназар ханнан кейін билікке келген Шығайдың ұлы Тәуекел ханның тарихта алатын орны ерекше [Вельяминов-Зернов В.В., 1864 : 42].

Тарихи деректерде, зерттеушілердің ғылыми еңбектерінде Тәуекел ханның атақ-дәрежесі, ақыл-парасаты туралы, оның билікке келуімен Қазақ хандығының саяси және экономикалық жағдайының жаңа сатыға көтерілгендігі туралы өткен мақаламызда талдап көрсеткенбіз. Бұл мақалада Тәуекел ханның тұсындағы алғашқы, ресми Орыс мемлекетімен болған дипломатиялық байланыстарға тоқталамыз.

Материалдар мен әдістер. Қазақ-орыс байланыстарын талдауда «Полное собрание законов Российской империй», «Свод законов Российской империй», «Сборник узаконений о киргизах степных областей», «Казахско-русские отношения XVI-XVIII веках» 2 томы [Казахско-русские отношения в XVІ-XVІІІ веках., 1961 :743], «Материалы по истории политического строя Казахстана», «Материалы по истории Казахского ханство XV-XVIIIвв.», «Прошлое Казахстана в источниках и материалах», «Мәдени мұра» бағдарламасының аясында жарық көрген «История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков» сериясымен 2005-2007 жж. шығарылған 10 томдық құжаттар жинағының маңызы зор.

Мақаланың әдістемелік негізіне қоғамдық құбылыстардың дамуы мен өзгеруін нақты зерттеуді талап ететін сыни және тарихилық қағида негізге алынып отыр. Еңбекті жазуда қазіргі деректану саласы мамандары мен тарих бағытында зерттеулер жүргізіп жатқан ғалымдардың тарихи дәуірді кешенді зерттеу қажеттілігі туралы  ғылыми тұжырымдарына баса көңіл аударылды. Зерттеу барысында ғылыми ізденістің жалпы даму-танымдық әдістерімен бірге тарих ғылымындағы нысандылық, жүйелілік, талдау, салыстырмалы-тарихи талдау, тарихи оқиғалардың дамуын хронологиямен қабыстыру тәсілдері басшылыққа алынды.

Кез келген екі елдің сыртқы саясатын қалыптастыруда ішкі және сыртқы обьективтік, субьективтік факторлар шешуші және тұрақты роль атқарады, олардың арасындағы мүдделер тоғысуы немесе қайшы келу сипатын айқындау да шешуші маңызға ие. Бұл факторларды талдау арқылы мемлекеттердің арасындағы олардың мүдделерінің сақталу немесе бұзылу жолдары айқындалып, елдердің жеке-жеке мақсат-міндеттері анықталады. 

Сонымен қатар, қазақ-орыс қатынастарына қатысты зерттеулерді талдау барысында тарих ғылымына тән және жалпы ғылыми методтар мен теориялар, тұрғылар мен қағидалар, концепциялар мен тәсілдер мүмкіндігінше кеңінен пайдаланылды.

  Әдістері: Зерттеу жұмысында тарихи тұлғаны тарихи кезең шеңберінде кешенді түрде сипаттау, тарихи-салыстырмалы, деректанулық талдау, жинақтау, жүйелеу, тарихи-географиялық т.б. әдістер қолданылды.

Талқылау. Қазақ хандарының ХҮІ ғасырлардағы сыртқы саясатында халықаралық даулы мәселелерді шешу үшін түрлі келісім шарт жасап, сондай-ақ елшілер, арнайы өкілдер, жаушылар мен тәржімешілерді өкілеттілік тұрғысында жіберіп, оларға үлкен жауапкершілік жүктеген. Қазақстан дипломатиясының тарихына үңілер болсақ, бұлар алуан түрлі болды.

Мемлекеттер арасындағы мүдделердің бір-бірімен қайшылыққа келуі халықаралық қатынастар теориясындағы сыртқы саясатта әрекет етуші обьективті жағдай мен субьектілердің де атқаратын роліне байланысты болады. Қазақ хандығы да, Орыс елі де халықаралық қатынастарда әрқайсысы жеке дербес субьектілер болғандықтан, олардың сыртқы саясаттағы ұлттық-мемлекеттік мүдделерінің өзіне тән ерекшеліктері мен айырмашылықтары болады.

Ұлттық-мемлекеттік мүдделердің сыртқы саясатта түрліше көрініс табуы, оларды іске асырушы мемлекеттік тұлғаларға да байланысты болады. Мысалы жеке тұлғалар мемлекеттер арасындағы саясатта ерекше роль атқарып, мемлекеттік мүдделерді қалыптастыруды өз қолдарына алатындықтан, тұлғалар арасындағы келіспеушілік немесе өзара татулық мүдделердің де өзгеруіне әкеліп отырады [Алдабек Н., 2003 : 40].

Қазақ-орыс қарым-қатынастары ХҮІ ғасырдың басында, яғни, Қасым, Хақназар хандар тұсында басталғанымен, ресми елшіліктер ХҮІ ғасырдың соңында Тәуекел хан тұсында жанданды. Дегенмен де Қазақ ханы Қасым хан (1511-1521 жж.) тұсында қазақ-орыс елі арасында байланыстар ХҮІ ғасырдың басында басталғаны туралы болжамдар бар. Зерттеуші В. Басин қазақ этно-саяси одақтың құрылуымен-ақ екі ел арасында саяси және шаруашылық, дипломатиялық байланыстар орнады дей келе: «Жәнібектің ұлы Қасым ханның (1511-1523 жж.) тұсында, Қазақ хандығының бірінші рет гүлдену кезеңінде, Қазақстан мен Ресей арасында дипломатиялық байланыстар орныққан еді. Оның дәлелі патша мұрағатының (1575-1584 жж.) құжаттарында сақталған 38-ші жәшікте «Қасым хан тұсындағы қазақтардың кітабы мен тізімі» деген жазудың болуы», – дейді. Сондай-ақ, автор Қасым ханнан кейін де орыстардың Қазақстанға деген қызығушылығы жойылмағанын жазады [Басин В.Я., 1975: 524].

Қазақ-орыс қатынастарына байланысты академик М.Қ. Қозыбаев «Ата тарихы туралы сыр» атты мақаласында «Орыс елі Қазақ елін 1731 жылдан емес, 1580-ші жылдардан бастап шапты. Өйткені, Жармақ жаулап алған Ібір-Сібір жұртының халқы негізінен қыпшақ, арғын, найман, жалайырлардан тұратын. Осы кезде этнос болып қалыптасқан башқұрт, бұлғар, татар, өзбек, қарақалпақ, қазақ халықтарының құрамына, ғалым Р. Күзеевтің деректері бойынша, 100-ден аса біртекті ру-тайпалар енгенді. Олардың бір шеті Ібір-Сібір жұртынан басталатын. Ендеше Қазақ елінің Ресейлік отарлық бұғауға іліге бастағанына 400 жыл болды»,- деп тың пікір білдірген еді [Қозыбаев М.Қ., 1992: 2].

Қазақ жерлерін отарлау сонау ХҮІ ғасырдың соңында әскери казактардан бастау алатынын дәлелдеген тарихшы М. Әбдіровтің ғылыми еңбегі бізге қазақ–орыс байланыстарынан құнды мәліметтер береді. «Ресей империясының отарлауы, Қазақстанның Ресейге қосылу процесінің алғышарты ХҮІ ғасырдың 80-ші жылдарынан – ХҮІІІ ғ. алғашқы онжылдықтары аралығында», - деп пікір айтқан. М. Әбдіровтың Сібір хандығының билеушісі Көшім хан туралы, оның өмірі мен орыс мемлекеті арасындағы байланыстары, әртүрлі дипломатиялық әрекеттері туралы құнды еңбегі жарық көрген. Бұл еңбек орыс елі мен Сібір хандығы арасындағы қарым–қатынастар жайында мәліметтерді көп береді және түсіндіру барысында Қазақ ханы Тәуекелдің немере інісі Ораз Мұхаммедтің Мәскеудегі қызметіне тоқталады [Абдиров М., 1996 : 176].

Сондай–ақ Т.И. Сұлтанов [Султанов Т.И., 1996 : 163], М.Қ. Әбусейтованың [Абусейтова М.Х., 1998 :268] еңбектерінде қазақ-орыс қарым–қатынастарының кейбір қырлары егжей-тегжейлі қарастырылған.

Қазақстан мен Ресей арасындағы ең алғашқы саяси байланыстар Тәуекел ханның тұсында басталған. Орыс елі Орта Азия және шығыс мемлекеттерімен сауда-саттық жасайтын керуен жолдарының қауіп-қатерсіз болуына көп көңіл бөлетін. Шығыс елдеріне бағытталған бұл керуен жолдарының көпшілігі Қазақстан территориясы арқылы өтетін. Сондықтан да орыс мемлекетінің Қазақстанмен достық қарым – қатынаста болуға тырысушылығы табиғи құбылыс еді. Оның үстіне патша үкіметі шығыс елдеріне жіберілген өз елшілеріне Қазақ хандығының Орта Азия хандықтарымен қарым-қатынасын, оның ішкі жағдайын тексеруді арнайы түрде талап ететін. Мұның өзі орыс елшілерінің өз миссиялары жөніндегі күнделіктерінде, Қазақ хандығының көршілес елдерімен байланысы, әскери жағдай туралы жазылған мәліметтерінен көрінеді. Мәселен, А. Сабырханов: «1534 жылы ноғайларға жіберілген орыс елшісі Данилл Губин қазақ жасақтарының күштілігі, олардың Ташкент қаласы үшін соғысып, жеңіске жеткендігі туралы патша ІV Иванға хабарлаған. Сол елшінің мәліметіне қарағанда, Қазақ хандығының Сібір хандығы тарапынан болып жатқан шабуылдарды қару күшімен болса да тоқтатуға әзір екендігін атап көрсеткен»[Сабырханов А., 1965 : 205]. Ал зерттеуші В. Басин орыс елінің Ноғай мырзаларынан, өз көпестері мен елшілерінен жинаған мәліметтерінің негізінде XVI ғ. 50 ж. Қазақ хандығының  күшейгендігін көрсете отырып, оның көрші елдер тарапынан үнемі шапқыншылыққа ұшырап отырғанын атап өтеді. Бұл жағдай қазақтардың күшті әрі сенімді одақтас іздеуге мәжбүр етті. Даладағы оқиғалар қазақтарға сондай одақтас солтүстік-батысындағы көршісі – Ресей ғана бола алатынына көздерін жеткізді деп көрсетеді. Мұнда, біріншіден, Қазақ хандығы XVI ғ. ІІ - жартысында қайта өрлеп, көршілес Ноғай, Сібірдегі Көшім хандығына қорқыныш пен үрей тудыртып, Бұхара ханымен одақтасып отырса, ол неге одақтасты солтүстік-батыстағы Ресейден іздеуі керек. Екіншіден, мұнда Ресейдің мемлекет ретінде тарихтағы алаты рөлін тым жоғарылатып жібереді де, IV Иванның тұсында ғана Ресей саяси бірігуін аяқтайды дейді.

Қазақ хандығының Ноғай ордасымен қарым-қатынастары туралы, осы екі елдің арасында болған соғыстар, қақтығысулар жөнінде орыс елшілері Семен Мальцев, Борис Доможировтар өз үкіметіне, орыс еліне тәптіштеп жеткізген.

Орыс мемлекетінің Қазақ мемлекетінің сыртқы саяси жағдайына соншалықты назар аударуының мәні мынада болатын:

-  Біріншіден, сауда жүргізетін керуен жолдарының тыныштығын көздесе;

-  Екіншіден, Қазақ хандығының Сібір хандығымен наразылығын пайдаланып, оларды бір-біріне айдап салу болатын.

Бұл ретте орыс үкіметінің ойынша, Қазақ хандығымен әскери одақ құрып, Сібір хандығына екі жақтан соққы беру – сол тарихи кезең үшін таптырмас амал болатын.

Қазақ хандығы мен орыс елі арасындағы елшілік қатынастар ХҮІ ғасырдың екінші жартысынан бастап жандана бастады. Осы кезде орыс мемлекеті Қазан хандығы мен Астрахан хандығын жаулап алып, Сібір патшалығын өз қол астына қаратқан болатын. Екінші жағынан, Хақназар билеген Қазақ хандығының да территориясы ұлғайып, Ресей мен Қазақстанның шекарасы жақындай түсіп, екі мемлекеттің экономикалық және саяси байланыстарының күшеюіне жағдай жасала бастағанды. Хақназар тұсындағы Қазақ хандығының территориясының батысқа қарай ұлғаюына Ноғай Ордасының іштей әлсіреуі, Астрахань хандығының құлауы себеп болды. ХҮІ ғасырдың 50-ші жылдарында  қатты күйзелушілікке ұшыраған Ноғай Ордасы ағылшын көпесі, әрі Москва үкіметінің агенті Дженкинсонға қаңыраған елсіз дала сияқты көрінген. Ноғайлардың мұндай шаруашылық және саяси жағынан күйреуін 1558 жылы Ноғай ордасына жіберілген орыс елшісі де растайды. Ноғай елшісін билеушілер, бір-бірімен өзара жауласқан екі партияға бөлінген болатын. Ысмайыл бастаған бір ноғай ұлықтарының Москваға қосылуын жақтаса, Ысмайылдың туған інісі Жүсіп бастаған екінші партия қазақтарға, өзбектерге қосылуға ұмтылды. Сөйтіп 1557 жылы Астрахан  құлағаннан кейін Жүсіп мырза Ысмайылмен байланысын біржолата үзеді де, көп ұзамай ол өз ағасымен болған күресте қаза болады. Осыдан соң оның қарамағындағы ауылдар Жайықтан өтіп, қазақтарға келіп қосылады. Нәтижесінде Қазақ хандығының шекарасы батысқа қарай созыла түседі.

1573 жылы орыс патшасы Иван Грозный Қазақ ханы Хақназарға өзінің Третьяк Чебуков бастаған елшілігін жібереді. Орыс елшісінің алдына Қазақ хандығымен тығыз байланыс жасау міндеті ғана емес, сонымен бірге Қазақ ханы Хақназарды Сібір хандығының ханы Көшімге қарсы әскери одақ жасауға көндіру мақсаты да қойылған болатын. Бірақ бұл елшілік сәтсіз аяқталды. Себебі, орыс елшісі Третьяк Чебуковты  Көшім ханның туысқаны Мәметқұл тұтқынға алып, Қазақ хандығына өткізбей қояды. Өйткені, Сібір ханы Көшім Хақназардың орыс мемлекетімен одақ құрып, күшейіп кетуінен қауіптенетін. Бұл туралы В. Басин: «Өкінішке орай, Третьяк Чебуков бастаған елшілік көздеген мақсатына жетпеді. Қазақтар мен орыстардың одақтасуынан қорыққан Көшім бұл елшілікті қазақ жеріне жібермеді. Оның інісі Мәметқұл 1573 ж. шілдеде Тобольск маңында елшілікті ұстап алып, жойды», - дейді.

Сөйтіп, Қазақстан мен Ресейдің әскери одақ құрудағы бірінші дипломатиялық  қадамы ешбір нәтижесіз аяқталады. Алайда, ХҮІ ғасырдағы алғашқы орыс елшілігінің бірінші сәтсіздігі Қазақстан мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастарды тоқтата алмайды.

Жоғарыда  Орта Азия хандықтары және шығыс мемлекеттерімен сауда-саттық жасауда Қазақстан территориясының патша үкіметі үшін тиімді екенін айтқан едік. Орта Азиямен сауда жасау туралы мәселе  Москва үкіметінің саясатында елеулі орын алды. ХҮІ ғасырдың 50-ші жылдарында бұл мәселе англияның сауда компаниясының артықшылықтарын келіссөзде де  атап өткен  болатын.

XVI-XVIII ғғ. Қазақ хандығы мен Ресей  империясы арасындағы байланыстар профессор Ж.Қ. Қасымбаевтың еңбектерінде кең түрде қарастырылған мәселелердің бірі. Автор 1986 жылы жарыққа шыққан еңбегінде: «XVIII ғ. Ямышевск, Железнинск, Семей, Өскемен және т.б. бекіністердің салыну тарихын көптеген жылдарға созылған орыс-қазақ қарым-қатынасының дамуы мен Қазақстанның Ресейге қосылу тарихымен бөлшектеусіз байланысты. Орыс мемлекеті XV ғасырдың өзінде көрші Қазақстанға үлкен қызығушылықпен қараған. Оның өзі  Ресей мемлекетінің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуымен байланысты терең себептерге негізделді», - дейді. Ж.Қ. Қасымбаев одан әрі: «Көшім хандығының жойылуы және Ресейге батыс Сібірдің, Қазан, Астраханның қосылуы, Сібір және қазақ даласына баратын Кам сауда жолының құрылуы қазақ-орыс қарым-қатынасының дамуына қолайлы жағдайлар туғызды. Орыс мемлекетінің Қазақстанға қызығушылығы әсіресе, XVI ғасырда ұлғаяды. Өйткені, Ресей ортаазиялық хандықтарымен сауда және дипломатиялық қарым-қатынастарды орнатқаннан кейін қазақ даласы арқылы Хиуа мен Бұхара орталықтарындағы қала қолөнершілерімен транзиттік сауда жүргізді. XVI ғ. соңы -  XVII ғ. қазақ даласы арқылы Бұхара мен Хиуадан Ресейге 44 елшілік және Ресейден 9 елшілік ортаазиялық хандықтарға өтеді. Оларда көп тауар мен адамдар болды. Орта Азиядан шыққан сауда керуендері қазақ даласы арқылы Астрахан, Еділдің жоғарғы ағысымен Саратов, Самара, Қазан және т.б.  орыс қалаларына бағыт алады. Сонымен қатар, ол сауда керуендері қазақ даласы арқылы  Сібірге де – Бұхарадан Сырдария, Түркістан, Сарысу, Ұлытау, Есілдің жоғарғы ағысымен Ертіске, одан Тобылға дейін барды. Орыс мемлекеті бұл транзиттік сауданың дамуына қатты қызықты және ортаазиялық хандықтардың сауда керуендеріне, көпестерге қазақ даласы арқылы өткенде қауіпсіздікті қамтамассыз етуі үшін қазақ хандығының саяси жағдайымен және олардың көрші елдермен қарым-қатынасына терең үңіле бастады», - дейді.

Орыс мемлекетінің Қазақстанмен берік байланыс жасауы Орта Азия мен шығыс елдеріне әрі төте, әрі қауіпсіз жолды ашты. Мұның өзі Россияның Қазақ хандығымен де тікелей екіжаққа тиімді сауда жүргізуіне қолайлы жағдай туғызды. Мәселен, 1574 жылы орыс патшасы ІҮ Иван Кама бойының біраз жерлерін билеген Строгоновтар дейтін ағалы-інілі ірі феодалдарына қазақтармен емін-еркін сауда жасауға грамота береді. Бұл құжаттың мәліметтеріне қарағанда қазақ саудасының басты саласы жылқы болған. Строгоновтарға берілген грамотада Қазақ жерінен, Бұқарадан келген саудагерлермен олардың баж салығынсыз сауда жасалуына патшаның ризалығы мен рұқсаты берілген. Ресей мен Қазақстанның  сауда-саттық байланысы түзелгеннен кейін екі елдің арасындаға саяси байланыстары да жақсара бастаған. ХҮІ ғасырдың 70-жылдардың аяғында Қазақ ханы Хақназар өзінің «патшамен, ұлы князьбен тату екенін» айтқан[i].

Бірақ осы сауда және саяси қарым-қатынастардың одан әрі өркендеуіне Сібір  хандығы көп тосқауыл жасады. ХҮІ  ғасырдың 70 - жылдарында Россия мен Сібір хандығының өзара қатынастары шиеленісе түскен кезең болатын. Сондықтан да орыс үкіметі Сібір хадығына қарсы күресте сенімді одақтас іздей бастады. Дәл осындай одақтас, орыс үкіметінің ойлауынша, Қазақ хандығы болатын. В. Басиннің айтуынша: «Ресейге батыстағы Сібірдің қосылуы қазақ-орыс дипломатиялық байланыстарының нығаюы мен дамуы үшін маңызды роль атқарды. Өйткені, XVII ғ. басында Қазақстанның батысында алғаш орыс мемлекеті пайда болған еді», - дейді. Әрине, бұл тұста Сібірдің Ресейге өз еркімен қосылмағанын оның Көшім ханмен қаншама жылдар бойы соғыстары  дәлел бола алады [Жаппасов Ж.Е., 2014: 200].

Кеңестік зерттеу еңбектерінде Қазақ ханы Тәуекел де (1582 – 1598 жж.) Мәскеу үкіметімен достық қарым-қатынаста болуды жақтады деп көрсетеді. ХҮІ ғасырдың 90-жылдарында, патша Федор Ивановичтің тұсында орыс мемлекетімен Қазақ хандығының  бұрынғыдан да гөрі саяси жақындаса түсуіне қолайлы жағдай туды. 1588 жылы Сібірде Тәукел ханның немере інісі Ораз-Мұхаммед сұлтан тұтқынға алынып, Мәскеуге жөнелтілді. Мәскеу үкіметі Қазақстанмен жақындасуда Ораз-Мұхаммедтің  бұл жағдайынан ұтатындығын жақсы түсінген. Ресей патшасы Ораз Мұхамметке сый-құрмет көрсетеді. Ол кейінірек ХҮ ғасырдың орта шенінде  құрылған орталығы Ока өзені бойындағы Қасым патшалығының (Хан Керман) билеушісі, ханзадасы етіп тағайындалды. Бұл туралы М. Вяткин 1588 жылы Қазақ ханы Тәуекелдің інісі Ораз Мұхамметті орыстардың тұтқындағаны туралы және сол үшін 1594 жылы орыс патшасына Тәуекел ханның елші жібергендігін жазады. Автордың айтқанындай: «Шын мәнінде Құл Мұхамметтің келуінің себебі сұлтан Ораз Мұхамметті  тұтқыннан босату еді»,- деп, екі ел арасындағы дипломатиялық байланыстың сыртқы саясаттағы ірі оқиға екендігін атап өтеді. Сондай-ақ автордың пайымдауынша Тәуке хан тұсында қазақ-орыс байланыстары жандана түседі. Автор бұл еңбекте қазақ-орыс байланыстары Қазақ елінің қажеттілігі дей келе, мұндағы орыс елінің қазақ жерін  шығысқа кілт пен қақпа  ретінде қарағандығын ескермейді. 

«Мәскеу үкіметінің қазақ сұлтаны Ораз-Мұхаммедке артқан үміті ақталады. 1594 жылы Мәскеуге Тәуекелдің елшілері де келеді. Оған Қазақ хандығының  Бұқарамен күресінің шиеленісіп, екі мемлекеттің ортасындағы саяси қарым-қатынастардың нашарлай бастауы себеп болды. Сондықтан қазақтың ханы Тәуекел Мәскеуге өз елшісі Құл Мұхаммедті жіберіп, Бұхар ханы Абдолла және Сібір патшасы Көшіммен күресте орыс мемлекетінің әскери көмек беруін сұрады. Оның үстіне Тәуекел өз елшісі арқылы Мәскеу үкіметінен Қазақ хандығын Ресейдің қол астына алуын өтінген. Бірақ қазақ елшісі Құл Мұхаммедтің Мәскеуде жүргізген келіссөздеріне қарағанда, Қазақ ханы Тәуекел Ресей қол астына алуды өтінгенде, Қазақ хандығының саяси тәуелсіздігін мүлдем жою деп түсінбеген. Ресейдің қол астына алуын сұрағандағы оның негізгі мақсаты - Бұқар және Сібір хандықтарына қарсы күресте Қазақстан мен Ресей арасындағы одағын құру мақсаты болған», - деп атап өтеді А. Сабырханов.

Зерттеуші Г.К. Сатыбекова Айқап журналын зерттей келіп, Айқаптың 1913 жылдың 13- нөмірінде «Қазақтардың жағдайы туралы» деп аталатын мақалада 1594 жылы Қазақ ханы Тәуекел бұхар ханы Абдолламен күресу үшін әскери көмек сұрап, өзінің орыс мемлекетінің боданы болуға ынтасы бар екенін білдіріп Мәскеуге өз елшілерін жібереді делінген. Мұнда Айқап журналы Қазақ ханы Тәуекелдің інісі Ораз Мұхаммет туралы, оның орыс елінде Қасым хандығында өмірінің соңын өткізгені жайлы және бұл жағдайдың қазақ-орыс байланыстарына әсері туралы бір ауыз сөз айтпайды. Одан әрі қарай Тәуекел хан бұл бодандықты Бұхарамен күрестегі әскери одақ ретінде қарастырғанын атап өтеді де, алыстағы Ресей Қазақ ханына реалды көмекті көрсете алмады дейді. Тарихымызға, деректерге үңілсек, біріншіден, Қазақ хандығы әскери одақ жасасқан елдердің боданы болыпты деген мәліметтер жоқ. Екіншіден, 1594 жылғы елшіліктен кейін 4 жылдан кейін Қазақ ханы Тәуекел Бұхаралық ІІ Абдолла ханды өз күшімен жеңеді. Егерде 1594 жылы Тәуекелдің күші жетпеген болса 4 жылдан соң ол қалайша Мауреннахр билеушісін өз күшімен жеңе алды. Үшіншіден, бұл кезде орыс елі Сібірді бағындырып, Қазақстан шекарасынан алшақ емес еді, Ресейді алыста жатып Қазақ хандығына көмектесе алмады деп ақтау да орынсыз. Оның саяси астарын аңғаруымыз қажет-ақ.

Құжаттарға қарағанда Мәскеу мемлекеті Қазақ хандығының Ресей қол астына қарау туралы өтінішіне ризашылықпен қарап, оған әскери көмек көрсетуге әзір екендігін білдірген. Дегенмен Ресей ол уақытта Қазақ хандығына әскери көмек көрсетпеді.

Нәтижесі. Тәуекел ханның немере інісі Ораз Мұхаммет туралы алғаш Қадырғали Жалайыр өзінің "Шежірелер жинағында", Сібір тарихын зерттеген Миллер, А.Левшин, Қасым хандығын зерттеген В.Вельяминов-Зернов өз зерттеулерінде жазған болатын. Ондан сұлтанның баласы Ораз Мұхамедтің тұтқынға түсіп, кейінгі өмірі орыс патшалығында өтіп, жақсы қызметі мен ерекше дарыны үшін Хан Керманда хан етіп тағайындалғаны баяндалады.

Тәуекелдің елшілері сол Мәскеуде жүрген кезінде, онда Иран шахының елшілері де келіп жатқанын естиді. Қазақтар мен Ирандықтардың сол кездегі ортақ жауы Бұқар ханы Абдолла болатын. Сондықтан қазақ елшісі Құл Мұхаммед орыс патшасынан Иран елшілерін орыс елшілерімен бірге Тәуекелге жіберілуін сұраған. Қазақ елшілерінің бұл өтініші қабылданған. Ол туралы №6 құжатта: «Да как пришел к нашему царьскому величеству посол твой Кулмагмет, а в то ж время прислал к нашему царьскому величеству кизылбашской Аббас-шах посла своего Гадибека  о дружбе и о любви и о ссылке для доброго дела, и бил челом нашего царьского величества шурину слуге и конюшему боярину и воеводе дворовому и содержателю великих государствы царства Казанского и Астраханского Борису Федоровичу Годунову посол твой Кулмагмет о том, чтоб ему позволить видеться с кизылбашским послом. И нашего царьского величества шурин Борис Федорович Годунов до нашего царьского величества доносил и нам о том печаловался, и мы, великий государь, царь и великий князь Федор Иванович всеа Русии самодержец, позволили послу твоему Кулмагметю с кизылбашским послом видетца и людьми сослатца. Кизылбашской посол послал человека своего с твоим послом к тебе, к Тевкелю-царю, и к царевичем, а твой посол Кулмагмет послал своего товарыща с кизылбашским послом к кизылбашскому Аббас-шаху. И как у тебя Аббасшахов человек будет и тебе б тово шахова человека отпустить к шаху и сам бы еси с шахом сослался о всяком добре», - делінген.

1595 жылы 14  наурызда бояр думасының шешімі бойынша Қазақ хандығына Вельямин Степанов бастаған орыс елшілігі жіберілетін болып белгіленді. Бұл шешім туралы патша Федор Иванович 18 наурыз күні Ораз Мұхаммедтен  Тәуекел ханға:

-  Біріншіден, орыс елшілігінің басшысы В. Степанов барлық келісілетін мәселелер бойынша орыс өкіметінің атынан сөйлейді, сондықтан да оның айтқанына сенімсіздік тудырмауы керек;

-  Екіншіден, орыс елшілігіне ешқандай қысым көрсетілмей, өз миссиясын атқарғаннан кейін Мәскеуге жедел қайтарылуы қажеттігін айтқан болатын.

Елшілік пен дипломатиялық миссиының қыр-сырын жақсы меңгерген орыс мемлекеті, елшіліктің алдына нақты мақсат қойып, міндеттерін айқындап береді. Елшілерге нақты нұсқаулық құрастырылып, ол бойынша елшілердің жүру маршруты, барған елдің саяси, әскери, экономикалық әл-ауқатын нақты біліп, жеткізу тапсырылатын. Онда билеушіге берілетін сый-сияпат пен қойылатын сұрақтардың мәтіні нақты белгіленген болатын.

Сонымен, 1595 жылы 28 наурыз күні патша Федор Иванович елшілік басшысы В. Степанов үшін жазылған грамотаға қол қойған. Бұл грамотада елшінің қайсы жолдармен және қандай көліктермен жүруі туралы да айтылған. Елшілік құрамында В. Степановтан басқа Тәуекелдің елшісі Құл Мұхаммед, Иран шахы Аббастың өкілі Дервиш-Мұхамед, бұларға ерген үш татар және елшілікке қызмет ететін тілмаш Гриша Мельников жолға шығады.

Әдеттегідей, елшілікке берілген нұсқау егжей-тегжейлі болатын. Мұнда елшінің өзін-өзі қалай ұстау керектігі, Тәуекел ханға айтатын жауабы, тіпті ханға деген сыйлықтарын қашан және қалай тапсыру керектігіне дейін көрсетілген. Нұсқау бойынша орыс елшісі келіссөздерді тілмаш арқылы Тәуекел ханмен жеке отырып жүргізуі керек. Сол кездегі  дипломатиялық салт жоралары бойынша патша жіберген грамотаны хан өз қолымен қабылдайтын болған.

Орыс елшісі В. Степановтың Тәуекел ханмен жүргізген келіссөздері, негізінен, екі мәселенің төңірегінде болды. Бірінші - қазақ-орыс әскери одағын құру, екінші - Қазақ хандығының Ресей қол астына қарауы туралы. Орыс патшасының жіберген грамотасында: «егер Тәуекел хан мен сұлтандар орыс мемлекетінің қол астына қараса, орыс патшасы олардың өз жауларына қарсы күресінде әскери көмек беруден бас тартпайды» деп көрсетілген.

Қазақ ханымен  келіссөздер жүргізуден басқа орыс елшісі В. Степанов қазақтардың санын, олардың негізгі кәсібін, әскерінің құрамы мен қару-жарақтарын, қалмақтар және басқа да көршілес мемлекеттермен қарым-қатынастарын біліп, осылар жөнінде патша үкіметіне түгелдей мәлімет беруге тиісті болатын. Бұл секілді мәліметтер Ресейдің басқа елдермен ара қатынастарын орнатуда аса қажетті деп есептелінетін.

Әрі ұзақ, әрі қиын жолдармен сапар шеккен орыс елшілері, Тәуекел ханның ордасына жетіп, мұнда екі ай аялдады. 1595 жылы 30 мамырынан 30 шілдеге дейін  қазақ жерінде болған В. Степанов бастаған орыс елшілігі сол жылдың қыркүйек айында Самараға, ал қазанның бас кезінде Мәскеуге қайта оралады.

Бұл елшілік келіссөздер нәтижесінде Қазақ хандығы мен орыс мемлекетінің арасында берік әскери одақ құрылмаса да, екі елдің ара қатынастарын жақындастырып, олардың достық, тату жағдайда тұруларына өз әсерін тигізбей қойған жоқ.

Ал, Тәуекелдің немере інісі Ораз-Мұхаммед сұлтанды елге қайтаруды өтінген тілегіне патша оның орнына Тәуекел өз баласын аманатқа жіберген жағдайда ғана босата алатынын білдірген. Сонымен, патша үкіметі Ораз-Мұхаммед сұлтанды Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастарды нығайтуға жәрдем етеді деп санаған.

Тәуекел хан орыс елінен Бұхараны бағындыру үшін от қару сұрайды, ал орыс елі қазақ елін өз боданына айналдыруға дайын тұрды. Олар қазақтарға Ораз Мұхаммедті де, от қаруды да бермеді. Өйткені, қазақтардың күшті халық екендігінен хабарлары болды және қазақтарға сұрағанын беру өздеріне қауіпті екенін түсінді. Ораз Мұхаммет орыс елінде бірнеше жылдан бері тұрып, ішкі және сыртқы саясатынан толық хабардар боладын. Кейбір мағлұматтар бойынша, ол орыс-швед соғысына қатысып, от қару жасау технологиясын, әскери тактиканы жақсы меңгерген болатын. Осы ерліктері мен Ресейдегі қызметі үшін оған Хан Керманда хан тағы бұйырады. Сондықтан Мәскеу үшін Ораз Мұхаммедті жіберу өте қауіпті еді.

Осы елшілікке байланысты материалдармен танысу Қазақ хандығы мен орыс мемлекетінің арасындағы қажетті саяси қарым-қатынастардың  үздіксіз болып тұрғанын аңғартады. В. Степанов елшілігінің маршруты бұл қатынастардың қай пункттер арқылы болғанын да көрсетеді. Осы елшілікке қатысты 11 құжатты "Казахско-русские отношения XVI-XVIIIвв." кітабында берілген. Оны өздеріңіз оқып, танысып шығуларыңызға болады.

Қазақ хандығы мен Ресей арасын байланыстырып тұрған жол Қазаннан басталатын. Содан әрі Кама өзеніне жетіп Башкирия өлкесі арқылы Жайық өзенінің жоғарғы салаларына тіреліп, бұл өзенді қазіргі Орынбор қаласының маңынан кесіп өтетін. Бұдан әрі ол Ырғыз өзеніне шығып, қазақ даласымен Сарысу өзенінің басталар жерінен Талас Алатауына келіп тірелетін. Осы қашықтық В. Степановтың айтуына қарағанда 9 аптаға жуық уақыт алған. Бұл жолдың көпшілігі сусыз даланың өң бойымен өтетін.

Әрине, бұл жол Қазақ хандығы мен  Ресейді байланыстырып тұрған ХҮІ ғасырдағы негізгі жолдардың бірі болатын. Бұдан басқа қазақ даласын Сібір қалалары Тары, Түмен, Тобольскімен  байланыстыратын  жолдың болғаны да мәлім.

Орыс елшісі В. Степановпен бірге Тәуекел хан өз баласы Мұрат сұлтанды, елшісі Құл Мұхаммедті және оларға  қосып  үш адамды Ресейге жіберген. Қазақ ханының бұл елшілігі туралы мәліметтер сақталмағандықтан, оның қандай мәселелер жөнінде  Мәскеуде келіссөздер жүргізіп, нендей нәтижелерге қол жеткенін айту қиын.

Зерттеуші А. Сабырханов Тәуекелдің орыс елшісін жақсы қабылдап, оған сый-құрмет көрсетуі және орыс мемлекетіне тағы да елшісін жіберуі оның Ресеймен  саяси қатынастарды жақсартуға, екі ел ортасында бұрыннан келе жатқан  дәстүрлі  достықты  одан әрі жалғастыра беруге  ұмтылғанын  көрсетеді деп қорытындылаған.

1594 жылы орыс  мемлекеті  Қазақстан арқылы  Сібірмен байланыс жасау әрекеттеріне кірісе бастады. Осы мезгілде Ертістің саласы Тары өзенінің бойында оңтүстікке көшіп кеткен Көшім ханның Тобольск бекінісіне жасаған шабуылдарын тоқтату мақсатымен Тары қаласы салынған болатын. Бұл уақыттан әлдеқайда бұрын орыстар Ертіс өзенін бойлап едәуір алға жылжыған-ды. Олардың Ямыш көліне дейін келіп, кішкене кемелермен  тұз алып кететіні кәдуілгі іске айналғанды. Тарихи зерттеулерге қарағанда, орыстардың кішкене қайықтардан құралған керуендері Ертіспен жоғары  өрлеп Қазақстанға, ал Орта Азия елдерінің сауда керуендері  қазақ далалары арқылы Ресейдің Астрахань, Самара т.б. қалаларына қатынап тұрған. Бұқардан шыққан сауда керуендері Ертіс бойын жағалап Сібірге барып, бұл жерде олар өздерімен бірге алып келген мата, кептірілген жеміс т.б. тауарларын астыққа, аң терілеріне айырбастап кейін қайтатын болған. Ал, Тобольскіден шығатын сауда жолы Орта Азияға қарай Ертіс, Есіл өзендері арқылы өтіп, одан әрі Ұлытаудан Сарысу өзенін бойлап Түркістан қаласына дейін баратын. Бұл жерден Сырдария өзені арқылы Бұқараға барып тірелетін. Орта Азия  хандықтарымен  тиімді сауда байланыстарын одан әрі кеңейтуде, сауда керуендерінің қауіп-қатерсіз қатынап тұруында Қазақстанның шешуші роль атқаратынын жақсы түсінетін орыс  үкіметі Қазақстанмен тату тұруға тырысатын.

Бұл ретте Қазақстан мен орыс мемлекетінің саяси-экономикалық және шаруашылық қатынастарын зерттеушілер үшін өте қынжыларлық мына бір жайды айта кеткіміз келеді. ХҮІ ғасырдың 90-жылдарынан ХҮІІ  ғасырдың 60-жылдарына дейінгі мерзім ішінде болған қазақ-орыс саяси қатынастарын жалпы сипаттайтын, соның ішінде елшілік қатынастары туралы мәліметтер алатын ресми құжаттар өте аз немесе сақталмаған. Ә.Марғұланның ортағасырлық Қазақстан қалаларын зерттеген еңбегінде жазғандай, археологиялық экспедициялардың нәтижесінде ХҮІІ  ғасырға жататын орыс елінің тиын ақшалары қалалардан көптеп табылған екен. Демек, қазақ-орыс сауда-экономикалық, саяси байланыстар ешқашан үзілген емес. Ол тек қана зерттеуді қажет етеді.

Қорытынды. Қорыта келгенде, Тәуекел хан Қазақ хандығы мен Орыс елі арасында дипломатиялық байланыстардың бастапқы қадамын жасаған билеуші. Ол саяси жағдайды дұрыс шешудің жолдарын қарастыра отырып, өзінің мәмілегерлік шеберлігін, саяси көрегендігін көрсете білді. Әсіресе, Қазақ хандығы үшін ауыр кезеңді еңсеріп, мемлекеттілігі мен күш-қуатын сақтап қалуға зор ықпал етті. Тәуекел хан күшті дипломат, мықты мемлекет басшысы болғанын тарихи құжаттар да дәлелдейді.

ХҮІІ ғасырдың бастапқы кезіне дейін болған қазақ-орыс елшілік қатынастар тарихын зерттеудің қажеттілігі, кезек күттірмейтін мәселе екендігі тек жоғарыда айтылғандармен шектелмейді. Осы қарым-қатынастардың нәтижесінде Қазақстан Ресейге ғана емес, басқа Европа елдеріне де мәлім болып, тарих беттерінде мәңгі із қалдырды.

Әдебиеттер:

Вельяминов-Зернов В.В. Исследование о Касимовских царях и царевичах. /Труды Восточного Отделения Императорского Археологического Общества/. – Санк-Петербург, 1864. ч. 2.

Алдабек Н. Тарихы талқыға толы Шыңжаң. – Алматы: Қазақ университеті, 2003. – 432 б.

Казахско-русские отношения в XVІ-XVІІІ веках (Сборник документов и материалов). / Состав.:Ф.Н.Киреев, А.К.Алейникова, Г.И.Семенюк, Т.Ж.Шойнбаев. - Алма-Ата: АН КазССР, 1961. - Т. 1. - С. 743.

Басин В.Я. Русско-казахские отношения в XVI-XVIII вв.: автореф. дис. д-ра. ист. наук. – Алма–Ата, 1975. – С. 524.

Сабырханов А. Казахско-русские отношения в 50-х–90-х годах XVIII в.: дис. канд. ист. наук. – Алма-Ата, 1965. – С. 205.

Қозыбаев М.Қ. Ата тарихы туралы сыр // Егемен Қазақстан. - 1992. - 3 қазан.

Абдиров М. Хан Кучум: известный и неизвестный. – Алматы: Жалын, 1996. -  С. 176.

Султанов Т.И. Россия и Казахстан: история и проблемы взаимодействия (XVI–начало XX века) // Россия, Запад и мусульманский Восток в колониальную эпоху. - СПб, 1996. – С. 163.

Абусейтова М.Х. Казахстан и Центральная Азия в XV-XVII вв. (история, политика, дипломатия). – Алматы: Дайк-Пресс, 1998. - С. 268.

Жаппасов Ж.Е. XVI-XVIII ғғ. қазақ-орыс қарым-қатынастары тарихының тарихнамасы. - Алматы: Қазақ университеті баспасы, 2014. - 200 б.

References:

Velıamınov-Zernov V.V. Issledovanıe o Kasımovskıh tsarıah ı tsarevıchah. /Trýdy Vostochnogo Otdelenııa Imperatorskogo Arheologıcheskogo Obestva/. – Sank-Peterbýrg, 1864. ch. 2.

Aldabek N. Tarıhy talqyǵa toly Shyńjań. – Almaty: Qazaq ýnıversıtetі, 2003. – 432 b.

Kazahsko-rýsskıe otnoshenııa v XVI-XVIII vekah (Sbornık dokýmentov ı materıalov). / Sostav.: F.N. Kıreev, A.K. Aleınıkova, G.I. Semenıýk,  T.J. Shoınbaev. - Alma-Ata: AN KazSSR, 1961. - T. 1. - S. 743.

Basın V.Ia. Rýssko-kazahskıe otnoshenııa v XVI-XVIII vv.: avtoref. dıs. d-ra. ıst. naýk. – Alma–Ata, 1975. – S. 524.

Sabyrhanov A. Kazahsko-rýsskıe otnoshenııa v 50-h–90-h godah XVIII v.: dıs. kand. ıst. naýk. – Alma-Ata, 1965. – S. 205.

Qozybaev M.Q. Ata tarıhy týraly syr // Egemen Qazaqstan. - 1992. - 3 qazan.

Abdırov M. Han Kýchým: ızvestnyı ı neızvestnyı. – Almaty: Jalyn, 1996. -  S. 176.

Sýltanov T.I. Rossııa ı Kazahstan: ıstorııa ı problemy vzaımodeıstvııa (XVI – nachalo XX veka) // Rossııa, Zapad ı mýsýlmanskıı Vostok v kolonıalnýıý epohý. - SPb, 1996. – S. 163.

Abýseıtova M.H. Kazahstan ı Tsentralnaıa Azııa v XV-XVII vv. (ıstorııa, polıtıka, dıplomatııa). – Almaty: Daık-Press, 1998. - S. 268.

Jappasov J.E. XVI-XVIII ǵǵ. qazaq-orys qarym-qatynastary tarıhynyń tarıhnamasy. - Almaty: Qazaq ýnıversıtetі baspasy, 2014. - 200 b.

Н.А. ТАСИЛОВА, ЖАППАСОВ Ж.Е.

КазНУ имени Аль-Фараби, к.и.н., асс. профессор

Алматы г., Казахстан

РОЛЬ ТАУЕКЕЛ ХАНА В УКРЕПЛЕНИЙ ДИПЛОМАТИЧЕСКИХ ОТНОШЕНИЙ МЕЖДУ КАЗАХСКИМ ХАНСТВОМ И РУССКИМ ГОСУДАРСТВОМ

Аннотация. В статье автор рассматривает проблемы взаимоотношений между Казахским ханством и Русским государством, династией Шайбанидов, Сефевидами Ирана в конце XVI в. Автор опираясь на источники, рассматривает историю дипломатических связей и военных сражений, исследует факты о Тауекел хане, о личных качествахкак правителя, дипломата, единство казахского общества.

В сложных внешнеполитических ситуациях он показал выдающиеся дипломатические способности. Он воссоединил Казахское ханство, которое было разделено его предшественниками. Во время правления Тауекел хана Казахское ханство активно развивалось, в исторических документах того времени Тауекел хана называли «царем казахов и калмаков».

Он выдающийся государственный деятель Казахстана конца XVI в. В годы его царствования в пользу казахов завершилась многолетняя война с Бухарским ханством из-за Присырдарьинских городов. Именно при хане Тауекеле впервые была установлена официальная посольская связь с московским государством. Одной из главных причин тому была попытка освободить Ураз-Мухаммеда, удерживаемого в Москве. Тауекель сыграл в истории Казахстана выдающуюся роль, стоя у истоков зарождения дипломатических отношений между Казахским ханством и Русским государством.

  Ключевые слова: ханства, государственность, истоки, политические, международные, связи, дипломатия.

N.A. TASILOVA, ZHAPPASOV ZH.E.

Al-Farabi Kazakh National University,

Candidate of Historical Sciences,Associate professors

Almaty, Kazakhstan

THE ROLE OF KHAN'S TOWEKEL IN STRENGTHENING DIPLOMATIC RELATIONS BETWEEN THE KAZAKH KHANISM AND THE RUSSIAN STATE

<b>Annotation</b><b>: </b>In the article, the author examines the problems of the relationship between the Kazakh Khanate and the Shaibanid dynasty of Mauerennakhr, the Iranian Safavids and the Russian state at the end of the 16th century. The author, relying on sources, considers the history of diplomatic relations and military battles, explores the facts about Tauekel Khan, about personal qualities as a ruler, diplomat, and unity of the Kazakh society.
In difficult foreign policy situations, he showed outstanding diplomatic skills. He reunited the Kazakh Khanate, which was divided by his predecessors. During the reign of Tauekel Khan, the Kazakh Khanate actively developed, in historical documents of that time Tauekel Khan was called "the king of the Kazakhs and Kalmaks".
During the reign of Tauekel Khan, historical changes occurred in the foreign policy of the Kazakh Khanate: the Kazakh Khanate established diplomatic and political relations with Moscow. Tauekel Khan managed to unite the fragmented Kazakh Khanate, Tashkent was included in the Kazakh Khanate for two hundred years, Fergana and the whole of Turkestan for some time, that is, settled agricultural areas on both banks of the Syr Darya, which previously belonged to the Shaibanids. He united the Kazakh people and made a great contribution to strengthening its statehood.
<b>Keywords:</b> khanates, statehood, sources, political, international, ties, diplomacy.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь

Просмотров: 7283

Нет рецензий

Скачать файлы

Категория

Междисциплинарные исследования Методологические труды Макро- и Микроистория История Отечества. Новые методы исследования Исследования молодых ученых Рецензия. Отзыв

Статьи по теме

ҚР МЕН ҚХР АРАСЫНДАҒЫ МӘДЕНИ ҚАРЫМ -ҚАТЫНАСТАРДЫҢ ДАМУЫ МӘДЕНИ БАЙЛАНЫСТАР – ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАСТАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУДІҢ ТИІМДІ ҚҰРАЛЫ Жетісу сақтарының дүниетанымындағы ірі обалардың алар орны ӘОЖ 94(5-191.2+560)«1991/2016»:327 Тәуелсіздік жылдарында қазақ-түрік мәдени байланыстарының жаңаруы. ҒТАМР 03.20 ЕЛБАСЫ Н.Ә. НАЗАРБАЕВТЫҢ «ТӘУЕЛСІЗДІК ДӘУІРІ» АТТЫ КІТАБЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ШЕКАРА МӘСЕЛЕСІ ХАҚНАЗАР ХАННЫҢ БИЛІГІ ТҰСЫНДА ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІНІҢ ҚАЙТА ӨРЛЕУІ ӘОЖ 94 (930) ЕҢБЕКПЕН ТҮЗЕТУ ЛАГЕРЬЛЕРІ МЕН ТҮРМЕЛЕРДЕГІ ӘЙЕЛДЕР ЖАҒДАЙЫ (Сталиндік саяси қуғын-сүргін жылдарындағы) ӘОЖ 930.2:94(574) ТӘУЕКЕЛ ХАННЫҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТТІЛІГІН НЫҒАЙТУДАҒЫ РӨЛІ МЕН СЫРТҚЫ САЯСАТТАҒЫ ҰСТАНЫМЫ ӘОЖ 930.2:94(574) ТӘУЕКЕЛ ХАННЫҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ МЕН ОРЫС ЕЛІ АРАСЫНДАҒЫ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫ НЫҒАЙТУДАҒЫ РӨЛІ

Статьи автора

ӘОЖ 930.2:94(574) ТӘУЕКЕЛ ХАННЫҢ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІ МЕН ОРЫС ЕЛІ АРАСЫНДАҒЫ ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАРДЫ НЫҒАЙТУДАҒЫ РӨЛІ