Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » ӘОЖ94(574) ҰЛТ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫНЫҢ ҚУҒЫНДАЛУ ТАРИХЫ (ХХ ҒАСЫРДЫҢ 20 ЖЫЛДЫҢ СОҢЫ-30 ЖЫЛДЫҢ БАСЫ)

Г.Т. Жораева, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Түркістан, Қазақстан.

ӘОЖ94(574) ҰЛТ ИНТЕЛЛИГЕНЦИЯСЫНЫҢ ҚУҒЫНДАЛУ ТАРИХЫ (ХХ ҒАСЫРДЫҢ 20 ЖЫЛДЫҢ СОҢЫ-30 ЖЫЛДЫҢ БАСЫ)

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 2(18), 2019

Теги: большевиктік билік, буржуазиялық-ұлтшылдар, жікшілдік, ұлтшылдық, қуғын-сүргін, отаршылдық саясат, патша үкіметі, ұлт интеллигенциясы
Автор:
Бұл мақалада ұлттың тағдырын ойлаған қазақ зиялылары қауымының ХХ ғасырдың 20 жылдың соңы мен 30 жылдың басында патша үкіметі тұсындағы орыс үкіметінің отаршылдық саясатына, кеңестік жүйе кезіндегі большевиктік биліктің қыспағына қарсы шығып қуғын-сүргінге ұшырау тарихы зерттелген. Қазақ азаматтарын қуғындау 30 жылдары қатты өршіп, мерзімді баспасөзде кеңестік жүйеге қарсы шығушылардың қатарын жұртшылыққа жариялауға белсене кіріскендігі, тұтқындалып, істі болғандар, мерзімдерін өтеп келгеннен кейін де үкімет тарапынан мұқият бақылауға алынып, олардың үстінен 1937-1938 жылы қайтадан іс қозғалып, ақыры қуғын-сүргін құрбанына айналғаны мәлім. Қазақстандағы бұл кездердегі қуғындау барысына қазақтың ұлт зиялыларымен қатар қарапайым жұмысшы да, шаруа да ілініп кетті. Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының анықтамасында бұрынғы алашордашылар мен қазақ ұлтшылдарының революцияға қарсы әрекеттері келтірілген. Халық жауы ретінде айыпталғандарға қателіктерін жариялы түрде мойындауларын талап еткен. Қысым көрсету, қорқыту нәтижесінде көпшілігі өзіне жабылған жала айыпты мойындауғамәжбүр болды. 1937-1938 жылдары «халық жауы» ретінде қамауға алынған азаматтардың арасында 30-жылдары жаламен сотталып келгендер, ату жазасына кесілгендердің тағдыры қарастырылған. Түйін сөздер: ұлт интеллигенциясы, патша үкіметі, отаршылдық саясат, большевиктік билік, буржуазиялық-ұлтшылдар, қуғын-сүргін, ұлтшылдық, жікшілдік.
Содержание:

Кіріспе. Патша үкіметі тұсында орыс үкіметінің отаршылдық саясатына да, кеңестік жүйе кезінде де большевиктік биліктің қыспағына қарсы шығып, ұлттың тағдырын ойлаған қазақ зиялылары ХХ ғасырдың 20 жылдың соңы мен 30 жылдың басында және 30 жылдың соңында қуғын-сүргінге ұшырады. Бұл қуғынға барлық оқыған қазақ азаматтары іліккен екен. Бұған дейін де «ұлтшылдықпен», «жікшілдікпен», «оншылдықпен» айыптаулар жүргізіліп, соның нәтижесінде қазақтың азаматтарын бір-біріне айдап салу кең етек алған еді.

Мақсаты. ХХ ғасырдың 20 жылдың соңы мен 30 жылдың басында патша үкіметі тұсындағы орыс үкіметінің отаршылдық саясатына, кеңестік жүйе кезіндегі большевиктік биліктің қыспағына қарсы шығып қуғын-сүргінге ұшырағаналаш зиялыларының тарихын зерттеу.

Зерттелу деңгейі мен әдістері. 1929-1930 жылдардағы ұлт интеллигенциясын қуғындау 1929 жылы Қазақ  Өлкелік комитетінің V пленумынан кейін басталды. Бұл пленумда  буржуазиялық-ұлтшылдарға қарсы күрес жүргізу мәселесі айырықша көтерілген болатын [1, 25-б.].

Осы пленумнан кейін қазақ зиялыларының еңбектері, әсіресе Алаш қайраткерлерінің шығармалары ығыстырылып, олардың еңбектерінде «буржуазиялық өмірді көксеу басым» деп тұжырымдалды. Барлық басылымдар жіті тексеріске алынды. Үкімет саясатын сынға алған қазақ қызметкерлерге «ұлтшыл» ретінде айыптар тағылып, бірсыпырасы жұмыстарынан қуылды. Мәселен, 1929 жылы 20 мамырда Ж. Аймауытов  Қазақстандағы «ұлтшыл ұйыммен байланысы бар»деген сылтаумен тұтқынға алынып, үстінен іс қозғалынған екен [2,  22-б.].

1929 жылы 11-16 желтоқсан аралығында болған БК(б)П қазақ өлкелік комитеті мен өлкелік бақылау комиссиясының біріккен пленумында  оңшылдар кұлақтардың мүдделерін қорғап, социализм ісіне кедергі келтіріп, кедейдер мен орташаларды үгіттеу арқылы кеңестік жүйеге қарсы қоюға бар күштерін салып отырғандығы, оңшылдардың пайымдауларына қарамастан, партия ішіндегі оңшыл уклонға және келісімпаздарға қарсы батыл күрес жүргізіліп жатқандығы айтылды. Дегенмен, әлі де болса, оңшыл уклон мен келісімпаздықтың орын алуына партия ұялары батыл күрес жүргізбей, керісінше ауытқушыларды жасырып отырғандығы баса келтірілді.  Пленум алдағы уақытта осындай партия қатарына кіріп алып, іріткі салушыларды аз уақыт арасында біржола жоюды міндеттеді [3,  46-47-б.].

Кеңес үкіметі бұл арандату, іріткі салудың басы-қасында сөзсіз алашордашылар бар деген тұжырымды ұстанды.  Тарихшы М. Қойгелдиевтің жазуынша, советтік идеологиялық аппарат Алаш идеясын өшіруге көп күш салды [4, 5-б. ].

Жіті бақылау, аңдудың ақыры 1930 жылдың басында Алаш қозғалысының көптеген азаматтарының үстінен іс қозғалды. Ұлт зиялыларынан А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Х. Ғаббасов, Ж. Аймауытов, М. Жұмабаев, М. Тынышбаев, Ж. Досмұхамедов, Х. Досмұхамедов, Ж. Ақбаев, Ы. Мұстамбаев, барлығы 44 азамат қуғындалды. Олар тұтқындалып, тергеу жұмыстары жүргізілді. Кейбір азаматтарды бастапқы кезде ату жазасына кесіп, кейіннен он жыл мерзімге ауыстырылды. Тек осы қайраткерлердің арасында Х. Ғаббасов ғана 1930 жылдың 4 сәуірінде ОГПУ сот коллегиясының шешімімен  Қылмыстық Ережесінің 58 бабының 2 тармағына сәйкес «кеңес территориясында қарулы көтеріліс жасап, үкіметті басып алуды көздеді» деген айыппен  ату жазасына кесіліп бұл үкім 1931 жылғы сәуірінде орындалды [5,  218-219-б.].

Қазақ азаматтарын қуғындау 30 жылдары қатты өрши түсті. Мерзімді баспасөзде кеңестік жүйеге қарсы шығушылардың қатарын жұртшылыққа жариялауға белсене кірісті. 1929-1930 жылдары тұтқындалып, істі болғандар, мерзімдерін өтеп келгеннен кейін де үкімет тарапынан мұқият бақылауға алынып,  олардың үстінен 1937-1938 жылы қайтадан іс қозғалып, ақыры  қуғын-сүргін құрбанына айналды. Қазақстандағы бұл кездердегі қуғындау барысына қазақтың ұлт зиялыларымен қатар қарапайым жұмысшы да, шаруа да ілініп кетті.

1936 жылы 5 тамызда құпия түрде Қазақ өлкелік комитетінің бюро жиылысы болып, 29 шілдедегі БК (б)П-ның жабық хаты талқыға алынып, соның негізінде барлық облыстық, аудандық, қалалық комитеттерде  үкіметке қарсы террористік жұмыс жүргізіп жүрген белсенділерді анықтау жөнінде қаулы қабылданды [6]. Осы қаулыдан кейін «халық жауларын» анықтау ісі қарқын алды. 1936 жылғы 1 қарашадағы мәлімет бойынша 29 шілдеден бергі аралықта партия қатарынан фашистік-троцкисшілдік-зиновьевшілдік бағытты қуаттаушы 43 контрреволюционерлердің әшкереленген [7, 15-17-б.].

БК(б)П Қазақстан өлкелік комитетінің VI пленумында партия қатарына кіріп кеткен троцкис-зиновьевшіл бандиттер, контрреволюцияшыл ұлтшылдар мен ұлт арасына іріткі салып отырған азғын топтардан  тазарту жұмысының қарқынды жүріп жатқандығын айтқан С. Нұрпейісов 1936 ж. 1 тамызға дейін партия қатарынан лайықсыз деп 432 коммунист шығарылғандығын, алайда бұлардың 269-ы қайтадан партия қатарына қабылданғандығын, бұндай қателіктерге жол берілуінің себебі, партия идеологиясының дұрыс жүргізілмеуі, үгіт-насихат жұмыстарының ақсауы деп атап өткен [8, 343-б.].

Мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының анықтамасында бұрынғы алашордашылар мен қазақ ұлтшылдарының революцияға қарсы әрекеттері белсенді түрде өсіп келе жатқандығы баса келтірілді. Олар Кеңес өкіметіне қарсы шығып, Батыс Қытайға кеткен қазақ эмигранттарымен тығыз байланыс орнатып, «Түрік халық партиясын» құру идеясын насихаттап, кеңестік Қазақстанды КСРО-дан бөліп әкетуді көксеп, троцкишілер-зиновьевшілермен бірлесіп, солардың айтқанын іліп әкетіп отырғандығы айтылды. Тіпті бұл анықтамада мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Шаян ауданында революцияға қарсы троцкишілдік топ құрылып, оны троцкист Прудько басқарып, оның құрамында партия мүшелеріаудандық қаржыландыру бөлімінің меңгерушісі Нұрыш Әлімбетов, аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі Жирен Малтабаров, бұрынғы аудандық газеттің редакторы Әби Құлбаев мүше болған делінді. Осы анықтамаға сүйенсек, Прудько өзінің әрекеттерін Әлімбетов арқылы жүзеге асыруды ойлаған.

Осындай топ Мирзоян атындағы қызылша совхозында да құрылғандығы хабарланды. Бұл топты троцкисшілер Нестеров пен Коваленко басқарып, оған бұрынғы бай тұқымынан шыққан Қырғыз республикасының Жоғарғы сотының бұрынғы мүшесі, 1931 жылы революцияға қарсы пиғылы үшін істі болған ұлтшыл Сәуірбек Төленов пен бұрынғы комсомол мүшесі, аграном Рахымбай Қазыбаев мүше болғандығын анықтаған. Р. Қазыбаев Нестеровтың ықпалымен комсомол қатарынан шыққан делінді.

Осы анықтамада көрсетілгендей, Қостанай облысының Торғай аудандық атқару комитетінің хатшысы Кәрім Жапанов, атқару комитетінің қызметкерлері Зайнолла Зарипов пен Зәкір Шұбатбаевтар да троцкистермен байланыста болған. Осы аталған топтағылар социалистік жүйені жамандап,  Троцкийдің ұстанымдарына бас шұлғып, қолдау көрсетіп отырғандығын баса келтірді [9,  205-210-б.]. Осы хаттың өзінен-ақ аз уақыттың ішінде 29 шілдедегі троцкишілді-зиновьевшіл блоктың қызметін әшкерелеу барысының қазақ жерінде  қарқынды түрде жүргізілгенін байқау қиын емес.

1936 жылдың аяғына дейін жауапты, басшылық қызметтегілердің арасынан 2212 «жат пиғылдылар» әшкереленіпті. Олардың арасында өлкелік, облыстық, қалалық аппараттардан – 177, сауда-шаруашылық саласынан – 317, сот-тергеу аппаратынан – 102,  аудандық атқару комитеті мен оның бөлімдерінен – 219, МТС пен совхоз директорлары – 102, колхоз басшысы – 629, ауылкеңес төрағасы – 249 қызметкерлер «халық жауы» ретінде айыпталып, қамауға алынған [10].

Жалпы, халық жауы ретінде айыпталғандарға қателіктерін жариялы түрде мойындауларын талап еткен. Қысым көрсету, қорқыту нәтижесінде көпшілігі өзіне жабылған жала айыпты мойындауға мәжбүр болды. Бұлардың арасында алашшыл ұлт зиялылары да болды. Мәселен, 1930 жылы 4 сәуірде 10 жылға лагерге қара жұмысқа кесілген Мағжан Жұмабаев Е.П. Пешкованың көмегімен 1936 жылдың 2 маусымында айдаудан босап үйіне оралған еді [11, 219-б. ]. Алайда, ұлт зиялыларын қуғындау басталған кезде Мағжанның да үстінен іс қозғалды.

1937 жылы 21 мамырда Мағжан Жұмабаев Қазақ КСР Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы Ораз Исаевқа жіберген ашық хатында өзінің кезінде кеңестік жүйеге қарсы шыққандығынан түзету-еңбек мекемесінде болып келгендігін, бұрынғы ұлтшыл-алашордашыл қателіктерінің  қайталамайтындығына сендірді [12]. Бұл амалсыздан жазылған хат еді. Алайда бұл хат оны аман алып қалмады. 1937 жылдың 30 желтоқсанында ол тұтқындалып, 1938 жылдың 11 ақпанында атылды.

1937-1938 жылдары «халық жауы» ретінде қамауға алынған азаматтардың арасында 30-жылдары жаламен сотталып келгендер болды. Солардың арасында бұрынғы партия мүшесі, Ақсу ауданының хатшысы болған Мақсұт Жылысбаев 1933 жылдың 21 қазанында тұтқындалып, ОГПУ үштігінің шешімімен басында 5 жылға, кейіннен 3 жылға Батыс Сібірге, Томск қаласына  айдауға жіберіледі. Қазақстанға қайтып оралғаннан кейін  1937 жылдың 14 тамызында қайтадан тұтқындалып, ату жазасына кесілген [13, 109-б.].

Қазақтың азаматтарын қуғындау үдерісі 1937 жылдың жаз айында үдеген. Бұл әсіресе Қазақстан К(б)П-ның І-съезінің шешімінен кейін жандана түсті. Ленин идеясын қарсы ұлтшылдармен аяусыз күрес жүргізуге шақырған осы съезд ұлт азаматтарын бір-біріне қарсы қойды. Нәтижесінде бірін-бірі қаралаған домалақ арыздардың қатары көбейді. Баспасөз беттеріне жариялаған мақалалардың басымы  осы сарында  болды.

Сол кездерде «Социалистік Қазақстан», «Казахстанская правда», «Лениншіл жас», «Ауыл коммунисі» және тағы басқа газеттер мен журналдарда жарияланған мақалалар барлық саладағы азаматтардың «халық жауы» деп қуғындалуына себепші болды. Мәселен, «Социалистік Қазақстан» газетіне жарияланған «Қалдықтардың бет пердесі ашылсын» атты домалақ хат өнер саласындағы азаматтарды қаралады. Биші, Қазақстанның халық әртісі Шара Жандарбекова –Жиенқұлованың шыққан тегі бай тұқымынан екендігі келтірілген бұл мақалада: «Колхозшының қызы» болып, ата-тегін жасырып,  Жандарбековтың атымен, ұлтшыл-фашист, халық жауы Жүргенов, Тоғжанов, театрдың директоры болып келген Қадырбаевтың қолтықтауларымен Кремльге еніп, ұлы данышпан, халық көсемі Лениннің шәкірті – Сталиннің қолын ұстап, «еңбек орденін» алған жоқ па? Алды. Шара Алматының алдыңғы қатардағы бай, 1928 ж. конфескеленіп кеткен Байбұлан Жиенқұловтың қызы..., ЖандарбековҚұрманбек 15 жыл болыстық управитель болғанның баласы... көпшілік болып Жүргеновтің қалдықтарын бет-ажарына қарамай аластатуымыз керек» делінді [7,  119-121-б.].

Қорытынды. Ұлт зиялыларының, үкімет қызметіндегі қазақ қызметкерлерінің, тіпті қарапайым жұмысшы, шаруалардың арасынан «халық  жауын» іздеу ірі науқанға айналды. Мұрағат құжаттарына, тәуелсіздігімізді алғаннан кейін зерттелініп жарық көрген еңбектерге сүйенсек, халықтың басына төнген қара бұлт 1937-1938 жылдары сейілмей, керісінше қоюлана түскен екен. Ұлтына адал қызмет етіп, елдің іргесін көтеріп, саяси, экономикалық, мәдени дамуына бар үлесін қосқан қайраткерлердің басымы қуғын-сүргін құрбанына айналған.  Ұлт азаматтарының өткен өмірлерін жіпке тізгендей тексеріп, ілік тапқан үкіметтің «шаш ал десе, бас алатын» қолшоқпарлары партия жиналыстарында, бюроларында, съездерде қанша жауды әшкерелегендіктерін жарыса айтып, үкімет пен партияның тапсырмасын бұлжытпай орындағандарына мәз болды. Ауылдағы қарапайым шаруалардың «жапон тыңшысы» деп қуғындалуы бұл арнайы жоспардың бір тармағы еді.

1938 жылдың 15 қыркүйегінде БК(б)П ОК Саяси бюросының шешімімен «ұлтшылдыққа» қарсы операция тоқтатылды. 1938 жылдың 1 тамызынан кейін қамауға алынғандардың ісін  жергілікті сот органдары мен Арнайы кеңестер қарап, шешетін болды. Украина, Қазақстан, Қиыр Шығыс өлкелеріндегі облыстарыда арнайы үштіктер құрылды.

Үштіктердің қызметі екі айға ғана созылып, 15 қарашадағы Сталин мен Молотовтың қол қойған Жарлығымен осы үштікке жіберілген істерді қарау тоқтатылды [13, 323-324-б. ]. Бір өкініштісі сол, екі ай ішінде нақақтан-нақақ тұтқындалғандардың көпшілігі ақ, қарасы анықталмай, «үштіктердің» шешімімен атылып кете баруы.

ХХ ғасырдың 30 жылдағы қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтардың басымы әлі де болса ашылмай жатыр. Олардың отбасылары да кеңес үкіметі тұсында «халық жауының жанұясы» деген қара дақтан арыла алмай келді. Кейбірінің артында іздеушілері болмаған соң жабулы күйінде қалды.

Әдебиеттер тізімі:

1 БК(б)П Қазкрайкомының V пленумының қаулылары мен қарарлары. – Алматы, 1929.

2 Дүйсенова Н. Алаштың қилы жолдары. -Алматы: «Асыл кітап», 2009.  – 192 б.

3 Қазақстан Коммунистік партиясы съездерінің, конференцияларының және пленумдарының қарарлары мен шешімдері (1928-1937). – Алматы: Қазақстан, 1988. – Т.2.– 412 б.

4 Қойгелдиев М. Алаш қозғалысы: Монография. Екінші кітап. - Алматы: Мектеп, 2017. –  656 б.

5 Смағұлова С. Алаш деп ғұмыр кешкен //  Мир Большого Алтая. - 2017. - №3.

6 ҚР ПА. 141-қ., 1-т., 10592-іс. 430-п.

7 Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938 гг. Сборник документов . – Алматы: Қазақстан, 1998. 336 с.

8 Смағұлова С. Қазақ мерзімді баспасөзі: шығу тарихы мен деректік маңызы (ХХ ғ. 20-30 жж.).  -Алматы: «Елтаным баспасы», 2011.  – 432 б.

9 Алаш қозғалысы. Құжаттар мен материалдар жинағы. Қаңтар 1929-шілде 1938 жж. -Алматы, Ел-шежіре, 2007. 3-том. – 344 б.

10  ҚР ПА. 141-қ., 1-т., 11459-іс. 39-40-п.

11 Жангуттин Б. Магжан Жумабаев «Мой қазақ, ненaстья час настал». Страницы биографии /под общей редакцией М.К. Койгельдиева. -Алматы,ТОО «Каратау КБ» Дастур, 2016.– 220 с.

12  ҚР ОМА. 5-қ., 21 с-т., 200-іс. 19-21-пп.

13 Красный террор: Политическая история Казахстана (Сборник документальных матеpиалов политических репрессий 20-50-х годов ХХ века). -Алматы: ТОО «Типография оперативной печати», 2008. –  307 с.

  14 Хаустов В., Самуэльсон Л. Сталин, НКВД и репрессии 1936-1938 гг.  – М.: Российская политическая энциклопедия (РОССПЭН), 2010.  – 432 c.

References

1.  BK(b)P Kazraikominin V plenuminin kaulilari men kararlary. - Almaty, 1929.

2.  Duisenova N. Alashtin kily zholdary - Almaty2009.  - 192 b.

3.  Kazakstan Kommynistik partyiasi siezderinin, konferensialarinin jane plenumdarinin kararlari men sheshimderi (1928-1937). - Almaty: Kazakstan, 1988. -T.2. - 412 b.

4.  Koigelgiev M. Alashkozgalisi: Monografia. Ekinshi kitap. - Almaty 2017. – 656 b.)

5.  Smagulova S. Alash dep gumir keshken // Mir Bolshogo Altaia. -2017. - №3.

6.  KR PA. 141-k., 1-t., 10592-is. 430-p.

7.  Politicheskie repressii v Kazakstane v 1937-1938 gg. Sbornik dokumentov. - Almaty, Kazakstan, 1998. 336 s.

8.  Smagulova S. Kazak merzimdi baspasozi shigy tarixi men derektik manizi (ХХ g. 20-30 jj.). -Almaty 2011.  - 432 b.

9.  Alash kozgalisi. Kyzhattar men materialdarjinagi [Collection of articles and materials]Kantar 1929-shilde 1938 jj. - Almaty, 2007. 3-t. – 344 b. 

10.  KR PA. 141-k., 1-t., 11459-is. 39-40-p.

11.  Jangutin B. Magjan Jumabaev«Moi kazak, nenastia chas nastal». Stranisi biografii / pod obshei redaksiei M.K. Koigeldieva. - Almaty 2016. – 220 s.

12.  KR OMA. 5-k., 21 s-t., 200-is. 19-21-pp.

13.  Krasni terror: Politicheskaia istoria Kazakstana (Sbornik dokumentalnix materialov politicheskix represii 20-50-h godov ХХ veka). - Almaty 2008. – 307 s.

14.  Haustov V., Samuelson L. Stalin, NKVD i repressii 1936-1938 gg. Moskva, Rossiskaya politicheskaia ensiklopedia  (ROSSPEN), 2010.  – 432 s.

Г.Т. Жораева1кандидат исторических наук

1Международный казахско-турецкий университет имени Х.А. Ясави,

г. Туркестан, Казахстан.

ИСТОРИЯ РЕПРЕССИЙ КАЗАХСКОЙ ИНТЕЛЛИГЕНЦИИ (КОНЕЦ 20-Х-НАЧАЛО 30-Х ГГ. ХХ ВЕКА)

Аннотация

В данной статьерассматривается история репрессий казахской интеллигенции в конце 20-х – начале 30-х гг. ХХ века, боровшейся за судьбу своего народа против колониальной политики, начавшейся в период царизма и получившей свое продолжение в эпоху Советской власти.

Репрессии в отношении национальной интеллигенции 1929-1930 гг. начались в 1929 г. после V пленума Казахского краевого комитета. В течении этого периода многие интеллигенты были арестованы, сосланы, а после возвращения из ссылки попали под строгий контроль, более того, в период 1937-1938 гг. против них были опять возбуждены дела и многие из них были расстреляны, став жертвой непрекращающихся политических репрессий.

Ключевые слова: национальная интеллигенция, царское правительство, колониальная политика, большевистская власть, буржуазные националисты, репрессии, национализм, групповщина.

G.T. Zhorayeva1, Candidate of Historical Sciences

1Ahmet YassawiInternational Kazakh-Turkish University.

Turkestan, Kazakhstan

HISTORY OF THE NATIONAL INTELLIGENTSI APERSECUTION

Summary

This article examines the history of the repression of the Kazakh intelligentsia, who opposed the colonial policy of Russian government at the end of the 1920s and early 1930s. The persecution of the  repression of the intelligentsia in 1920-1930 began after the Plenum of the Kazakh Territorial Committee of 1929. Many representatives  of the intelligentsia were arrested in 1929-1930, and after the end of their prison terms they were carefully monitored by the government. Furthermore, in 1937-1938, the persecutions were started again.

Keywords: national intelligentsia, royal government, colonial policy, Bolshevik power, bourgeois-nationalists, persecution, nationalism, separatism.

Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь