Яндекс.Метрика
Главная » Материалы » 930.001.83 ҚЫТАЙ ЖЫЛНАМАЛАРЫНДАҒЫ ТҮРКІЛІК СӨЗДЕРДІ АУДАРУ, РЕКОНСТРУКЦИЯЛАУ, БІРІЗДЕНДІРУ МӘСЕЛЕСІ

ҚАЙРАТ ҒАБИТХАНҰЛЫ, ф.ғ.к, профессор, Алматы

930.001.83 ҚЫТАЙ ЖЫЛНАМАЛАРЫНДАҒЫ ТҮРКІЛІК СӨЗДЕРДІ АУДАРУ, РЕКОНСТРУКЦИЯЛАУ, БІРІЗДЕНДІРУ МӘСЕЛЕСІ

Электронный научный журнал «edu.e-history.kz» № 1(17), 2019

Теги: реконструкция., ономастика, түркі, Қытай жылнамалары
Автор:
Қытай жылнамаларындағы түркілік ономастика бүгінге дейін әр түрлі аударылып, реконструкцияланған, ғылыми әдебиеттер мен оқулықта бірізділік сақталмаған. Зерттеуде қытай тарихнамаларындағы қытай иереоглифтерімен хатқа түскен түркі халықтарына тән ономастикалық атаулардың ерекшеліктері, оларды аудару мен реконструкциялау мәселелері қарсырылған. Сондықтан қарастырылып отырған тақырыпты тарих ғылымындағы өзекті мәселелердің біріне арналған. Кіліт сөздер: қытай жылнамалары, түркі, ономастика, реконструкция.
Содержание:

Кіріспе. Ономастикалық атаулар, яғни ру-тайпа, ел, ұлыс аттары, кісі есімдері, атақ-лауазым атаулары мен жер-су аттары халықтың ежелгі тарихымен тығыз байланысты. Сондықтан да ол тіл ғылымының ғана емес. тарих ғылымынын да зерттеу нысаны болып саналады. Белгілі бір халыққа тән ономастикалық атауларды зерттеуде әдетте сол халықтың тілі мен тарихына көңіл бөлуден тыс оның географиялық қоныстануы мен тарихтағы көші-қон жағдайына, өзге халықтармен мәдени, сауда-саттық т.б. байланыстарына, діни наным-сенімдеріне, өз тілінен тыс өзге де қолданған тілдері мен жазуларына, тілдің фонетикалық өзгерістеріт.б. мәселелерге де жан-жақтылы көңіл бөлінгені жөн.

 Талқылау нәтижесі. Қытай жылнамаларындағы түркілік ономастика бүгінге дейін әр түрлі аударылып, реконструкцияланған, ғылыми әдебиеттер мен оқулықта бірізділік сақталмаған.Қытай тарихнамаларындағы қытай иереоглифтерімен хатқа түскен түркі халықтарына тән ономастикалық атауларды зерттеу, жүйелеу тіл ғылымы үшін ғана емес, тарихғылымы үшінде аса маңызды.

Нәтижесі. Қытай тарихнамаларындағы қытай иереоглифтерімен хатқа түскен түркі халықтарына тән ономастикалық атаулардың ерекшеліктері, оларды аудару мен реконструкциялау мәселелері отандық ғылымда қарастырылмаған тың тақырыптардың бірі. Мұндай зерттеулердің болашақта тіл ғылымы үшін де, тарих ғылымы үшін де берері зор.

Негізгі бөлім. Түркологиялық зерттеулерде ежелгі түркі ономастикасы мәселесі - бірнеше ғасыр бойы ғалымдар назарын аударып келген күрделі тақырыптардың бірі. Оның басты себебі түркі халықтарына байланысты  тарихнамалар мен бастау хаттардың көбісінің византия, армян, араб-парсы, грек, қытай т.б. тарихшыларының тілінде жазылғандығында. Мәселен, бізге белгілі бір ғана “Ғұн ” (бізше күн) атауын қытайлар — хи 胡 /сюңну 匈奴; гректер — хоuvоl; латын — сһunni/ һunnі; батыс елдері — һuns; орыстар — хинну /гунну/ сюньну; түркі халықтары және басқалар да - гұн / гүн / хун / хұн / ғұн т.б. үлгісінде хатқа түсіріп жазып келген. Сол сияқты “Түрік”  атауын VІ-Х ғ. аралығындағы жазба ескерткіштерде қытайша 突厥 tu jue (t,uat kiwbt) ескі қытай тіліндегі оқылуы — turkut деп, арабша — түрк (6 ғасыр); грекше — тобрхос (6 ғасыр соңы); сирияша —turkaje (6 ғасыр соңы);санскритше — turuzka; пракритше — turukka (6 ғасыр); көне түркіше — turk (7-8 ғасырлар); орта ғасырлық парсыша - turk (8 ғасырдың орта шені); соғдыша - turk (9 ғасырдың басы); тибетше –drue, dru-gu, (8-9 ғасырлар); одинша — trruki, tturki (7-10 ғасырлар) т.б. үлгілерде хатқа түсірген. “Ғұн” және “Түрік”атауын басқалар қай үлгіде жазсын, бұл бізге белгілісі ғана, осының өзінен ғана мәселенің күрделігін көреміз. Ал енді осы халықтардың тілінде жазылған бізге белгісіз түркілік ономастикалық атаулар қаншама? Оларды өз тілімізде қалай алуымыз керек? Тіпті бізге белгі дегендердің өзін дұрыс бір жүйеге түсіріп қолдана алып жүрміз бе? Әрине, жоқ.

Енді негізгі тақырыбымызға оралайық. Қытайдың “24 тарихындағы” Орта Азия мен түркілерге қатысты жылнама-шежірелер бірнеше ғасыр бойы әлем түркологтарының назарын өзіне аударып келеді. Сол деректер негізінде тарихтың көптеген ақтаңдақ беттері толықтырылды да. Бірақ десе де бізге белгісіз анықталмай жатқан тұстары да жетерлік. Атап айтқанда, Қытай жылнамаларындағы ономастикалық атауларды қалай оқу, реконструкциялау мәселесі әлі шешімін таппай келе жаткан қиын түйіндердің бірі.

Қытай жылнамаларының Орта Азияға қатысты жерлері ең алғаш орыс миссионері Бичуриннің орысша аудармасымен (1851) және француз ғалымы Э.Шаванның французша аудармасымен (1880-1970) жарық көріп, Европа елдеріне таныс болды. Әрі бұл аудармалар осы уақытқа дейін күллі зерттеушілердің өз тұжырымдарын басқаларға дәлелдейтін басты уәжі болып келеді. Әрине, соған байланысты ондағы ономастикалық атауларда сол күйінде қабылдануда. Өкініштісі, Қытай жылнамаларындағы ономастикалық атаулардың біразының қалай оқылатындығы бүгінде белгілі болса да тарихшыларымыз ғылымның лингвистикалық жағын ескерместен тарихына ғана мән беруде. Ономастикалық атауларды қолдану белгілі бір жүйеге түспеген. Мәселен, ғылыми әдебиеттерде Ғұндардың алғашқы тәңірқұттарының бірінің аты 冒顿 (қазіргі оқылуы — mao dun) оны Бодұн, Мөде, Моде, Маудун, Мете, Модо, Модэ, Мао-дунь т.б. деп; 头曼 (қазіргі оқылуы — tou man) атын Түмен,Тумын, Туман, Тоумэн т.б.деп; Үйсін елінің басшысы 昆莫 (қазіргі оқылуы — Kun mo)  КүнбиКүнмо, Күнми, Күнбек, Гүнмо т.б. түрінде жазылуда. Тарихтан хабары жоқ оқырманды айтпағанда, тарихшы мамандардың өзі шатасуы мүмкін. Басқа емес энциклопедиялық еңбектер мен оқу құралдарында да бірізділік жоқ. Ономастикалық атауларды қолданудағы, міне осындай жүйесіздік пен дұрыс қолданбау мәселесі -  отандық тарих ғылымындағы тарихшы ғалымдар мен тілші ғалымдардың бірлесіп шешуге тиісті мәселелердің бірі.

Қытай иероглифтері ерте ғасыр, орта ғасыр, таяу заман, қазіргі заман болып неше мың жылдық қолданыс барысында фонетикалық жақтан үлкен өзгерістерге ұшыраған. Көбінің жазылуы ұқсағанымен әрдәуірдегі оқылуында да үлкен айырмашылық бар. Оның үстіне қытай тілінің диалектілік парқы да орасанзор. Сонымен бірге қытай жазуы буындық — мағыналық жазу. Яғни бір иероглиф бір буын болып есептелінеді. Қазіргі қытай тілінде буын басында сүзілмелі ұяң дауыссыз “ғ” мен қатаң дауысты “қ” жоқ, ал көне қытайтілінде буын басында бұл дыбыстар болған. Сол сияқты буын соңында “g, k, d, t, p, m” дыбыстары қазіргі тілде болмағанымен, көне тілде буын соңында болған; көне қытай тілінде “г” дыбысы болмаған, оныңорнына көбінде “n” кейде “1” дыбыстары қолданылған; қазіргі қосарлы әріппен таңбаланып жүрген тіл үсті қысаң дыбыстары “zһ, сһ, sһ” болмаған. Олардың орнына “z, t, d” дыбыстары қолданылған; қазіргі “j, q, x”дыбыстары “h, k, g” түрінде дыбысталған т.б. [Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. 1998: 18-22-бб]. Бұл айтылғандар мәселенің бір ғана жағы болса, екінші жағынан ежелгі түркілік этностардың тілінің фонетикалық ерекшеліктері бізге белгісіз, нақтылыемес. Оны қойып, бізге белгілі деген 7-8-ғасырлардағы көне түркі ескерткіштерінің тілі мен қазіргі түркітілдері арасындағы фонетикалық өзгерістердің өзі қаншама. Сондай-ақ 7-8-ғасырларда жазылған Орхон-Енисей ескерткіштері тілінің дыбыстық ерекшеліктері барлық түркілік этностарға ортақ норма болмаса керек. Кең байтақ түркі даласында диалектілік ерекшеліктер болғаны сөзсіз. Бұған және де осыларға әсер ететін өзгеде факторларды (дін, жазу, транскирипция т.б.) қосыңыз. Демек, мұның өзі қытай иероглифтерімен транскрипцияланған ежелгі ономастикалық атауларды келсін-келмесін қазіргі тұлғасындағы оқылуы бойынша алуға келмейтіндігін көрсетеді. Яғни бұдан шығатын қорытынды: қытай жылнамаларындағы ономастикалық атауларды аударып қолдануда оларды жылнамадағы дерек көзі бойынша әр дәуір бойынша сұрыптап, аталған сол дәуірдегі қытай тілінің фонетикалық заңдылығына сай оқып, транскрипция жасау, сонымен бірге оларды соған сәйкес түркі тілдерінің де ежелгі, орта ғасыр және бүгінгі дыбыстық және мағыналык ерекшеліктерімен салыстыра зерттеу, реконструкциялау қажеттілігін көрсетеді. Әрине оны және алтай тілі ұясындағы өзге тілдермен (монғол, манчжур) салыстыру, санскрит, араб-парсы, грек т.б. тілдердегі өзге де көне жазба деректерімен толықтыра түсу қажет.

Қытай жылнамаларындағы түркілік ономастикалық атауларды зерттеп қарастыру барысында қытайлар ономастикалық атаулардың бәрін бірдей дыбысталуы бойынша алмағанын яғни оның кейбірін мағынасы бойынша аударып алғанын, кейбірін жартылай мағыналық жартылай дыбыстық аудармамен бергенін байқаймыз. Мәселен:

1. Дыбыстық транскрипциямен берілгендері:

Аңыздарға қарағанда, қытай тілі сөздіктерінде қолданылатын 反切 fanqie (иероглифтердің дыбысталуын көрсететін әдістердің бір түрі), әдеттебір буынды бір иероглиф арқылы таңбаласа, кейде екі иероглиф арқылы бір буынды таңбалаған, яғни ежелгі санскрит тілінде жазылған будда номдарын қытай тіліне аудару барысында дыбыстық кірме сөздер осы әдіспен транскрипцияланылғаны анықталған. Әрине, кей жағдайда, мұның түркілік ономастикалық атауларды хатқа түсіруде де қолданылғаны анық.

Б.з.д. 2 ғасырдан б.з 3 ғасырға дейінгі аралықтағы қытай тарихнамаларында дыбыстық транскрипциямен хатқа түскен кейбір ғұн сөздері мен 5 ғ. - 10 ғ. аралығында хатқа түскен түркі сөздері:

Ғұн сөздері:

撑犁 қазіргі оқылуы сһeng li, ежелгі оқылуы dang lei. Бұл мағыналық және дыбыстық жағынан “тәңрі” сөзіне жақын. 孤凃 қазіргі оқылуы gu tu бұрын go to немесе gua ta деп оқылған. Бұл сөз дыбысталуы жағынан түркінің құт, құт(т)ы сөзіне жақын болғанымен мағынасы жағынан кейбір түркі тілдерінде “бала, сәби” деген мағынада айтылатын гөдек (көдек) сөзіне жақын, яғни бұл қытайша бастау хаттағы 撑犁孤凃 (dang lei gua tu) тәңір көдегі сөзі тәңірден туған, тәңір ұлы дегенді білдіреді деп түсіндіреді. Біз қалыптасқан дәстүр бойынша бұрынғыша тәңірқұт деп атадық. Сол сияқты 祁连 qi lian Шулен. “Шүлен адам ”, “шүлен беру", “шүлен тарату” дегендегі “шүлен”,“qi lian” яғни “шүлен”. Ғұндарша тәңірдің басқаша аталуы. Қытайдағы ғұндардың ежелгі жерінде “шүлен тауы” деген тау бар. 阎 yan zhi деп оқылып, ғұндар тәңірқұттың әйелін және күйеуге шыққан қыздарын осылай атаған, яғни көне түркідегі “қатұн’' сөзі сияқты ғұн әйелінің мәртебесін білдіретін сөз. Бұл сөз дыбысталуы және әйел деген мағынасы жағынан “абысын-ажын” дегендегі “ажын” сөзіне жақын. Осы сияқты ежелгі оқылуы мен мағынасы жағынан сәйкес келетін қазір белгілі деген Ғұн сөздері: 单于 danyu дарқан; 烟支 yanzhi еңлік (өсімдік шөп); 居次 juci қыз; 当户 danghu тарқан; 经落 jingluo чиңрақ (көне. түркіде қылыштың бір түрі); 逗落 duoluo топырақ, мола; 欧脱 ow to отар (мал отары):薄类 boli бөрі; 头曼 touman түмен: 仆谷 bugu бұғы; 秀支 xiuzhi сүгү, сүг (көне түркіше әскер) т.б. [Ғабитханұлы, 2001: 3-13-бб.] үлгісінде хатқа түскені белгілі болды.

Түркі сөздері:

特勤 Тегін, қазіргі tejin; 设 shi ; 设 shi , шад; 颉利发 jielifa, іртбер; 侔斤 yijinіркіп; 旽吐 tuntu, түртіп; 梅录 meilu, бұйрық; 吐门可汗 tumenkehan, Түмен қаған; 薄类可汗polikehan, Бөрі қаған; 乌介可汗 wujiakehan, Үка қаған: 乌介特勤 wujiatejin, Үкатегін; 可汗 kehan, қаған; 可敦 kedun, қатұн; 叶护 yehu, ябғұ, ябғұ; 阿拨 aba, апа; 莫贺 mohe, баға: 每与难支 meiyunanzhi, байинаншы (инал көне түркі “сенім”); 地略 dilue, тірек; 拽利 zhuaili, ел; елші; 达干 dagan,тарқан; 独呈 tuchi, тұғшы (ту ұстайтын, мәселен 独呈相温 duchi xiangwen, тушы саңғұн) т.б. үлгісінде хатқа түскен. Бұл көрсеткендер көне түркі тіліндегі атақ-лауазымға байланысты қытай жылнамаларындағы ономастикалық атаулардың қазірге салыстырып оқып анықталғандарының бір бөлімі ғана, көріп отырғанымыздай олардың көбінің қазіргі оқылуы ежелгі дыбысталуынан өзгешерек болған. Бұларды біз тек мысал ретінде ғана көрсетіп отырмыз. Ескерте кететін және бір жағдай, қытайлар ономастикалық атауларға дыбыстық транскрипция жасаған кезде бір атауды дыбысталуы жақын ұқсамаған иероглифтермен әр түрлі транскрипциялаған. Мәселен: Түмен дегенді 头曼,土门,土曼;  Юежы дегенді немесе Натшелерді 月氏,禺氏,和氏,牛氏,肉氏; Біліг дегенді 米里,美犁,密里; Бұйрық (Buyruq) дегенді 密禄,密六,媚禄; Тегін дегенді 特励,狄银,地因,焬隐Арғын дегенді 儿浑,阿尔浑,阿鲁虎,阿鲁忽; Бесбалық дегенді 八失巴里,别失巴里; Баласағұн дегенді 巴拉沙滚,别刺撒浑; Байырқу (ру аты) дегенді 拔野古,拔也古 сол сияқты Талас яғни Таразқаласының аты Ханнамада (Ханнама авторы Бангу, б.э. 7-8 жылы жазылып болған) 都赖, түрінде хатқа түссе Таң дәуірінде (618-907 жылдар) 坦罗斯,塔拉寺,塔刺思, үлгісінде хатқа жазылған. Мұндай жағдай қытай иероглифтерімен  хатқа түскен түркілік атауларды реконструциялау жұмысын қиындататыны сөзсіз.

2. Мағыналық аударма арқылы хатқа түскен ономастикалық атаулар.

Қытайлар болсын, көшпенділер болсын қажеттіліктен бір-бірінің тілдерін үйренгені анық. Қытай деректерінде олардың бәрінің өз ордаларында тілмаш яғни аудармашы (тілмаш лауазымы болған) ұстайтындығы жазылған. Деректерде Қытай жихангерлері мен елшілері көшпенділер жеріне келгенде қастарына сол елдің тілін жетік меңгерген тілмаштар ертіп жүрген. Тіпті қытай елшісі Жан Чиян ғұндарға келген бір сапарында онда қолға түсіп, ғұн әйеліне үйленіп он жылдай тұрып қалған. Сондықтан да қытайлар өз көршілерінің тілін жақсы білген деп айта аламыз. Жылнамалардағы көптеген түркілік ономастикалық атаулардың өз мағынасында баламасымен аударылып хатқа түскені де соның дәлелі болса керек. Мәселен. 左贤王 сол білгехан бұндағы 左 сол 贤 білге 王 хан деген сөздердің аудармасы. Сол сияқты 右贤王 оң білгехан; 右大将 оңсардар; 左大将 сол сардар; 左大都尉 сол аға бас жасауыл; 右大都尉оң аға бас жасауыл т.б. Қытай деректерінде бұлардың бәрінің ғұндардың лауазым атақтары екендігі айтылған, сонымен бірге олардың орны қызметі көрсетілген. Өкініштісі, бұлардың кезінде ғұн тілінде қалай аталатындығын біз білмейміз. Сол сияқты қытай жылнамаларында ежелгі Үйсін елінің астанасы 赤谷 (қазіргі оқылуы chí gu) деп хатқа түскен (оның қазіргі орны туралы бірнеше пікір бар, яғни Текес өзенінің бойында; Ыстықкөлдің маңында т.б.). Бұлатауды зерттеушілер Қызыл қорған, Қызыл қамал деп аударып қолданып жүр. Яғни мұндағы 赤 сһі біздің тілімізде қызыл дегенді 谷 қорған, қамал деген мәнді білдіреді. Біздіңше, бұл расында да мағыналық аудармамен жасалған ономастикалық атау. Сол сияқты деректерде Үйсін астанасына жақын жердегі елдімекен 千泉 (қазіргі оқылуы qian quan) мағынасы Мыңбұлақ, яғни қытай тілінде 千 qian мың дегенді білдірсе 泉 quan бұлақ деген мәнді білдіреді. Қытай деректерінде ежелгі түркілердің өсіп-өнген жері: 金山(қазіргі оқылуы jin shan) екендігі айтылады. Яғни бұл кәдімгі Алтай тауы деген сөз. Мұндағы 金 jin алтын мәнін білдірсе 山 shan кәдімгі тау деген сөз. Сол сияқты бізге таныс 天山(Тіаn shan) Тянь-шань тауы. Бұл да түркінің тәңірі сөзін 天 деп, тау сөзін 山 мағынасы бойынша аударып алған. Қазіргілердің қытайша Тянь-шань деп атағаны болмаса, түркілер ежелден Тәңіртауы деп атап келген. Қытайлардың өзі Тянь-шань атауын бертінге дейін өз дыбысталуы бойынша тәңрі дегенді 撑犁 chengli ежелгі оқылуы tengli яғни тәңірі деп дыбысталуы бойынша жазып келген. Кейбір жазбалаларында 腾乞里塔 tengjilita ежелгі оқылуы tenggelitau яғни  Тәңіртау. Қытай деректері бойынша Тянь-шань атауын ғұндар  б.з.д. 3 ғасырда да Тәңіртау деп аталған. Отандық зерттеушілер қазірге дейін өзгеге еліктеп, түркілердің Тәңіртауын қытайша аудармасымен Тянь-шань деп жүргендері ақылға сыймайды.

3. Жартылай дыбыстық жартылай мағыналық аударма арқылы хатқа түскен ономастикалық атаулар.

匈奴城 Ғұн қаласы мұндағы 匈奴 (Xiong nu) Ғұн 城 cheng қала дегенді білдіреді. 白狄,赤狄 сөздері қазір ақтиек, қызыл тиек деп аударылады. Мұндағы白 ақ, 赤қызыл дегенді білдірсе 狄 (қазіргі оқылуы di) ғұндардың ежелгі атауы болып сол кезде tiek дегенге жақын оқылған. Бұл негізінен осы этностың қызыл ‒ оңтүстік, ақ ‒батыс деген ұғымдағы географиялық орналасуына байланысты айтылса керек. Сол сияқты 单于城 тәңірқұт қаласы. 母阏氏 оқылуы m yan zhi мұндағы 母 mu сөзі қытай тілінде ана, шеше деген мәнді білдірсе, 阏氏 yan zhi яғни анжы (абысын-анжы) деп ғұндар тәңірқұт әйелдері мен қыздарын атаған. 三姓乌护 үш оғыз, 九姓乌护 тоғыз оғыз; сол сияқты қытайлар жағынан қойылған 保义可汗 (сенімді ақтайтын қаған),崇德可汗 (әділетті қаған),昭礼可汗 (дәстүрді жалғастырушы қаған),彰信可汗 (сенімді қаған) т.б. атаулар кездеседі. Жоғарыда аталған ономастикалық атаулардың үш түрінен басқа және де негізінде түпнұсқа қытайша, бірақ көне түркілер олардан дыбысталуы бойынша  қабылдап алған атаулар да кездеседі. Мәселен Саңғұн дегенді 相温 (xiang wen) деп жатса, ол әсілінде 将军 (jiang jun) яғни әскери қолбасы, сардар деген сөзден шыққан. Осы тектес құнчүй 公主  gong zhu - қаған қызы; тұтұқ 都督 (dou du) - бас бақылаушы, басқарушы; кочо 高昌 (gao chang)  - тұрфандағы ежелгі қала мемлекетінің аты; тойын 道人(dao ren) - будда жолымен жүрген адам, т.б. 

Қорытынды. Қорыта келгенде, ономастикалық атаулар мен өзгеде тілдік деректер тарихтың куәсі ретінде ежелгі тарихымызды, тілімізді зерттеуде өте маңызды. Оны зерттеу арқылы, бір жағынан, тарихтың терең қойнауына сүңгіп, тегімізді, даламыздың тарихын анықтасақ, енді бір жағынан, яғни лингвистикалық тұрғыдан алғанда, түркі тілдерінің ежелгі дәуірін, тарихын, таралу аумағын анықтауға үлкен септігін тигізері хақ. Сондықтан да Қытай жылнамаларындағы ғана емес, жалпы өзге де тілдерде жазылған тарихымызға қатысты ежелгі мұраларды аудару, оның ішінде ономастикалық, тілдік атауларды дұрыс қалпына келтіру (реконструкциялау), аудару арқылы бір жүйеге түсіріп қолданудың маңызы өте зор деп білеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Қытай тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер. – Пекин: Ұлттар баспасы, 1998. ­ 1-т. ­ -– 18-22-бб.

2. Ғабитханұлы Қ. Ғұн тілі // ҚР ҒА хабарлары. Филология сериясы.  – 2001. ­–- №2. –3-13-бб.

3. 古代汉语,王力著,北京1999年。(Уаңли. Ескі қытай тілі. – Пекин, 1999) .

4. 中亚:马背上的文化,项英杰等著,浙江人民出版社,1994年。(Шияң Иңжие, Орта Азия: Ат жалындағы мәдениет. – Жыжияң халық баспасы, 1994) 

КАЙРАТ ГАБИТХАНУЛЫ,

к. филол.н., профессор,  Алматы

ПРОБЛЕМЫ ПЕРЕВОДА, РЕКОНСТРУКЦИИ, ПОСЛЕДОВАТЕЛЬНОСТИ ТЮРКСКИХ СЛОВ В КИТАЙСКИХ ЛЕТОПИСЯХ

РЕЗЮМЕ

   В языке китайских летописях, тюркская ономастика до сегодняшних дней переводилась и реконструировалась по разному, в научной литературе и учебниках не соблюдалась последовательность. В данном исследовании рассматриваются особенности перевода и реконструкции ономастических названий в китайских источниках, написанные китайскими иероглифами и характерные для тюркского языка. Поэтому данная тематика рассматривается как один из актуальных вопросов в современной исторической науке.

Ключевые слова: китайская летопись, тюркский, ономастика, реконструкция.

KAIRAT GABITKHANULY,

 c.phil.s., professor, Almaty

ISSUES OF TRANSLATION, RECONSTRUCTION, CONSISTENCY

 OF TURKIC WORDS IN CHINESE CHRONICLES

SUMMARY

The Turkic onomastics of Chinese language’s chronicle until today was translated and reconstructed differently, and order in science literature and in textbooks wasn’t kept.  In the given research the features, problems about translation and reconstruction of the onomastic names written with the Chinese hieroglyphs, which are peculiar to Turkic people are examined in the Chinese sources. So this topic is considered as one of the actual problem in the science of history.

Keywords: Chinese chronicle, Turkic, onomastics, reconstruction.


Нет комментариев

Для того, чтобы оставить комментарий войдите или зарегистрируйтесь